Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі



жүктеу 7.3 Mb.
бет33/37
Дата03.04.2016
өлшемі7.3 Mb.
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37
: repository -> repository2014
repository2014 -> Сақ Қайрат Өмірбайұлы
repository2014 -> Мірдің ОҒындай публицист алғашқы нөмірінен бастап соңғы санына шейін
repository2014 -> Н. У. Шаяхметов, тарих ғылымдарының докторы
repository2014 -> Мырзантай жақып баспасөз тарихын зерттеудiң Ғылыми-методологиялық негiздерi
repository2014 -> «ҚАзақ» газетіндегі қОҒамдық Әлеуметтік кейбір мәселелер «Айқап» пен «Қазақ» неге айтысқан?
repository2014 -> Бас редактор Қаржаубаев Е.Қ
repository2014 -> Н. О. Байғабылов Әлемдегі қазақ қауымдастығының даму көкжиектері
repository2014 -> Қазақ тіліндегі қос қызметті тұлғалардың тілдік табиғаты

Әдебиеттер тізімі
1. Есенқұлов А. Қазақ тілінің грамматикалық терминдері жөнінде. –Аст., 2006.

2. Терминология және тіл мәдениетінің мәселелері: Респ.ғыл. - практ. конф.материалдары / ҚР мәдениет ми. тілдерді дамыту департаменті. –Аст., 2004.

3. Терминология мәселелері (1930-1990 жылдар). 2 том / Тіл комитеті. –Аст., 2006.

.


Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» еңбегіндегі дүниетаным
А.Е.Алимбаев,

магистрант

Қазақстан, Астана
Қараханид дәуіріне қатысты әдеби ескерткіш – Ахмет Йүгнекидің «Һибат-ул хақайиқ» («Ақиқат сыйы») атты еңбегі. Зерттеуші-ғалымдардың жобалауынша, ХІІ ғасырдың аяғы – ХІІІ ғасырдың бас кезінде жарық көрген туынды. Бұл еңбек негізінен мораль, этика, адамгершілік тақырыбына арналған. Мақсаты – ақыл-кеңес беру, үлгі-насихат айту.

Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» еңбегі адам баласын тәрбиелеуде таптырмайтын туныдылардың бірі. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне көп мән берген. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал бар. Осы мақал отбасындағы әке мен шешенің орнын айқындап тұрғандай. Ал, ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие сөзінің мағынасы қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мынадай мағына береді:

Тәлім - үлгі, өнеге, тәрбие. Тәлім алды, үлгі алды, дәріс алды, білім алды .

Тәрбие - отбасы, мектеп, қоршаған ортада қалыптасқан адамның қоғамдық және жеке өмірде байқалатын тәртіп пен мінез-құлық дағдысы. Сол дәуірдегі әдеби дәстүр бойынша әуелі Алла дәріптеліп, Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт досына мақтау сөз айтылған. Бұл орайда туындының бүгінгі қоғамдағы ислам дінінің құндылығын жас ұрпақ бойына сіңіруге септігі мол.

«Уа, Жаратушы, сені шексіз дәріптеймін.

Алдымен сенің мейірім-шапағатыңнан үміт етемін.

Саған лайық мақтау айтуға тілім жете ме?

Шамам келгенше аянбаймын, маған жәрдем бер!» [1,346].

Жаратушыға шамасы келгенше мадақ айтатын пенде, жақсылықтан кенде қалмайсын дегенді меңзеп, туындының кіріспесін осылай бастайды. Бұл да бір Жаратушыға құрмет көрсете алған адам баласы адамзатты құрметтеуді үйренетіні шындық. Жаратушыны сүйіп, адамзатты құрметтеуді адам баласы дүние есігін ашқан күннен бастап үйрену қажет. Әр ана баласы бойына біткеннен күнен бастап, оған деген махаббаты оянса, ол бала болашақта мейірімді, қайырымды азамат болары анық.

Ахмет Йүгнеки бұл туындының жазылу себебін баяндайды. Ол Тат Ыспаһсалар Бектің есімін мәңгі тарихта қалдырып және оның адамгершілігін келер ұрпаққа үлгі ету жайын баяндайды.

Адам бойына тәрбиені әлбетте ата-анасы дарытады. Уақыт өте келе, жасы өскен сайын өзін қоршаған ортасы яғни, балабақша, мектеп, колледж, ЖОО және тағы да басқа әлеуметтік институттар адамды тәрбиелеуге ықпал жасайды. Ал, сол көптеген жақсылы, жаманды әсер етуші факторлардан дұрысын таңдап бойыңа сіңіруді үйрену үшін, әрине, білімнің алатын орны орасан зор. Алып жатқан білімнің дұрыс-бұрысын анықтап беретін ұстаз.

Ұстаз рөлін атқарып, бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған «Ақиқат сыйы» туындысында білім-ғылым жайлы мәселе өте ұтымды қозғалған.

«Уа, дос, өзіңді білімдіге жақын тұт.

Бақыт жолы білім арқылы білінеді.

Білім ал. Бақыт жолын ізде» [1.348].

Бақытқа жетудің жолы білімде,- деп айтуының себебі, көзі ашық, көкірегі ояу адамның жақсы мен жаманды ажырата білуінде. Бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қоғамдағы адамдарды білімсіз деп айтуымыз мүлдем қате болар еді. Өйткені елімізде сауатсыз адамдар жоқтың қасы. Әрине, сауатты мен білімді адамды салыстыруға болмайтын шығар. Сауатын ашқан адам, әрине, білім жолына бет бұратыны да ақиқат. Бұл жердегі мәселе сауат ашуға дейін алған тәрбиесіне байланысты болып тұр. Тәрбиесіз де білімді меңгере беруге болады, бірақ, ол адам бақытқа жете алмайды. Білімсіз де тәлім-тәрбиені бойына сіңіре беруге болады. Ал, бұл жағдайда бақытқа жетуге мүмкіндік бар. Бірінші жағдайда бақытқа жеттім деп өз-өзін алдауы және шын бақытты түсінбеуі мүмкін. Қанша дегенмен де, білім мен тәрбиені егіз деп қарастырған тұста қоғам ізгіленеді. Бұл екеуінің бір-бірінсіз күні жоқ десе де болады. Жеке тәрбиенің өмір сүруі мүмкін бірақ, тәрбиесіз алған білім құр тәрбиені жұтып жіберері хақ.

«Білім сияқты пайдалы өзге нәрсе бар ма?

Білімнің арқасында ғылым жоғары көтерілді.

Білім жоқ адам төмен құлдырады.

Білім ал, салғыртсынбай үйрен, Алланың елшісі:

«Білім кімде болса – соны ізде», - дейді [1.348].

Әрине білім жолын қуған адам, түбі ғылымға тіреледі. Ғылым да, дін сықылды, тазалықты сүйеді. Бүгінгі Қазақстан қоғамындағы ғылым мәселесі сын көтермейтін жағдайда. Сын көтермеуінің себебі тәрбиесіз білімде деп білеміз.

«Ғылымды шында болса да іздеп тап» деп бұйырып отырған Ахмет Йүгнеки білімді адамның артықшылығын төмендегідей суреттейді: Білімді адам бақытты; білімді адам қымбат динар сияқты; білімді әйел – ер; білім алған ер халыққа белгілі болады; білімді адамның өзі өлгенмен аты өлмейді; білімді бір кісіге білімсіз мың; білімді кісі білімнің парқын айырады; білімнің пайдасын, білімді біледі; білім қадірін адамға білімді білдіреді; білімді кісі істің жөнін біледі; білімді керек сөзді айтады; білімдінің сөзі үгіт, насихат, үлгі-өнеге [1].

Білімсіз адамды автор: білімсіз надан – құны жоқ бақыр; надан еркек – әйел; білімсіз кісінің жайы майы жоқ сүйек сияқты; білімсіз тірісінде көрде жатқан өлік сияқты; надан – тірі дегені болмаса, аты өлік; білімі жоқ адам төмен құлдырады; білімсіз ноқай білімді не қылсын; білімсізге шын сөз ащы тиеді, оған үгіт, насихат пайдасыз; қандай кір-қоныс, жуса тазарады, надан – жуғанмен тазармайтын лас; қандай іс істесе де, білімсіздің еншісі Өкініш. Оған одан басқа енші жоқ; білімсіз не айтса да ұқпай, түсінбей айтады; білімі болмағандықтан бір қауым халық Өз қолынан пұт жасап: «Құдайым бұл», - деді[1].

Бұл жерде білмді мен білімсіздің айырмашылығын айқын көре аламыз. Білімді адам бағындырған асуды, бүгінгі таңда білімсіздер де бағындырып жатқаны шындық. Дегенмен, түбі опық жеп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да әр істі көкірек көзімен көріп, оймен пайымдап, көңілге кестелі, көркем қылып тоқу әр адамның өз еншісіндегі шаруа.

Ахмет Йүгнекидің сөзімен айтатын болсақ:

«Малы жоққа – білім түгесілмейтін мал,

Қаржысы жоққа білім таусылмайтын қаржы» [1.349].

Жалпы білім мен ғылым мал табудың көзі болмауы керек. Ғылым тұрмысты түзетуге арналған қызметке айналған тұста ғылымда даму болмайды деген ойды шегелеп айтып отырған Ахмет Йүгнекидің бұл ойы бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі.

Тәрбиелі, білімді адам еш уақытта қиянат жасамайтыны ақиқат. Тәрбиелі адам – әдепті адам. Ал, әдептілік жайында «Ақиқат сыйы» еңбегінде былай баяндалады. «Әдептіліктің басы – аузын бағу» яғни, он күнәнің тоғызы тілден дегендей, сөйлеп отырған адам өз сөзін өзі бағып отыруды насихаттайды. Қазақта «Айтылған сөз, атылған оқ» деген мақал бар, сол айтқандай, атылған оқтың қайтып келмесі ақиқат болса, айтылған сөздің салмағы атылған оқтан бірде кем емес. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» дейді қазақ. Сөз қадірін түсінген қазақтай халыққа қатты сөйлеп, сөгіс алу қазақ баласына үлкен сын болуы керек.

Жоғарыда қазақ халқының екі мақалын келтірдік, бұл мақалдармен үндесіп жатқан туындыдағы мына жолдар дәлел.

«Беталды сөйлей берме, тіліңді тый.

Тіліңнің жүгенсіздігі бір күні басыңа жетеді.

Тілін тартпаған кісіні ақылды деуге бола ма?

Тіл мен сөздің бостығы талай басты жеді.

Адамды тіліңмен өшіктірме. Біліп қой.

Тіл жарасы жазылмайды, оқ жарасы жазылады» [1.350].

Ахмет Йүгнекидің тіл жайлы жазған ойлары ұрпақ тәрбиесінде таптырмайтын әдістеме. Адам баласы тілді тыю арқылы екі дүниеде де шапағатқа бөленері хақ.

Жұмыр басты пенде үшін бұл дүние – жалған дүние, бұл өмірде біз қонақпыз, бәріміз уақытша жүрген адамдармыз деп айтатын қазақ үшін жоғарыдағы барлық қозғалған мәслелердің мәңгі еместігін түсінген. Бұл дүниенің есігін ашқан адам баласы бұл өмірден о дүниеге аттанғанда, қонаққа барғанда қандай дайындықпен барған болса, дәл сондай дайындықты бақи әлемде пендеден соны күтеді яғни, рухани дайындықпен барған абзал. Рухани дайындық дегеніміз - адамның ішкі жан дүниесінің баюы.

«Бұл дүние керуен түсетін сарай сияқты,

Керуен-сарайға түскен көш одан әрі сапар шегу үшін түседі.

Әдепкі керуен қозғалып, жолға шығып ұзап кетті,

Тағы да жол тартып көшетін керуен қаншама» [1.351].

Бұл дүниенің уақытша екендігі туындыда осылай көрініс табады. Сол кетіп бара жатқан керуеннің артынан қуып, дүниені жинау адамға бақ емес, сор әкеледі дейді. Дүние қолдың кірі жуғанда кетіп қалатын деп уағыздайды. Мал да сол сықылды, таңертен келсе, кешке қайтадан кетеді. Бұдан мынадай қорытынды жасаса болатын сияқты. Адам да бұл өмірде мәңгі тұрақтамайды.

«Байлық пен кедейлік Алланың ісі

Азық жоқтығын «кедейлік» - деп айтпа.

Бұл дүние мүлкінен тамақ пен киімді

Артық тілеме. Обал жүктейсің,

Пайғамбар дүниені егінжай деп айтты,

Егінжайға жаныңды салып игілі ет» [1. 351].

Адам баласы бұл дүниеге келгеннен кейін, кәдімгі диқаншы егін еккендей жан-жағына шапағат нұрын шашып жүруі қажет. Сол шапағат нұрын шашуды үйрену үшін тәлім-тәрбие беретін отбасы институтының негізі мықты қаланған қоғам бақытты қоғам. Отбасы институтының құлдырауы бұл біздің қоғамның кемшін тұсы.

Тәлім-тәрбиенің қатып қалған механизмі жоқ, білім ол болса кестеге түскен күнтізбедей белгілі бір жолмен жүрген адам білім-ғылымды игеріп кетеді. Тәрбиеде ондай болмаған соң адам өмірінде ең қиыны өзінің ұрпағын тәрбиелеу. Әрине, білім мен тәрбие еңбектенсең ғана шарықтап даму шегіне жететін дүние. Сондықтан бала тәрбиесіне ала-құла, үстіртін қарауға болмайды.

Адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі – жомарттың қайырымдылығы. Жомарттық дегеніміз не? Жалпы жомарт сөзі қазақ танымына өте жақын сөз. М.Мырзахметов Абайдың 38-қара сөзіндегі жәуанмәртлік сөзінің мағынасы осы жомарт сөзімен үндеседі деп жазады [2]. Бұған дәлел ретінде қазақ ауыз әдебиетінде жиі ұшырасатын Атымтай жомарт немесе Қорқыт жайлы деректер мен Ыбырай Алтынсарин хрестоматиясындағы «Жомарт» әңгімесінде сөз болатын мырзалық, әділеттілік, қанағат, ізгілік, ақылдылық сияқты адамгершілікке тән ұғымдардың шығар көзі де жәуанмәртлікпен сабақтас, үндес келуі кездейсоқ құбылыстар болмаса керек. Ал, жәуанмәртлік дегеніміз Абайдың «толық адам» дәрежесіне жетудің бір сатысы болып есептеледі. Яғни, жомарттылықты бойына сіңіре білген адам баласы «толық адам» дәрежесіне бір саты жақындамақ.

Ал, осы жомарттық жайлы Ахмет Йүгнеки былай деп жазады: Егер мақтағың келсе жомарт ерді мақта; барлық ер жомарттың жақсылығын айтады; жомарттық барлық айыптың кірін жуады; жомарт бол. Саған сөз де, сөгіс те келмейді; сөз келетін жолды жомарттық тыяды; жібімейтін көңіліңді жомарт кісі жібітеді; қол жетпейтін мұратқа жомарттың қолы жетеді; жомарттықты әрі зиялы, әрі қарапайым халық мақтайды; жомарт білімді жете меңгереді; жомарттың арқасында қорғансыздар жақсы өмір кешті; жомарт ер – халықтың құрметтісі; жомарттық абырой-атағыңды, ажар-көркіңді арттырады; жомарттық сені сүйіспеншілікке бөлейді [1].

Жомарттық – сараңның айнасы деп ақын жомарттыққа қарама-қарсы сараңның неден құр қалатындығы жайлы: сараңға бөрі сияқтандырып оғыңды кезе; сараңдықты мақтайтын тіл бар ма?; сараң арам жолмен көп алтын, күміс жинады; байлықты жинап бермеген кісі – жек көрінішті әрі жаман атты; сараңдық – емдегенмен жазылмайтын ауру; біреуге келгенде сараңның қолы тастай берік; сараңның көзінің сұқы, көңілі толмайды; сараң – нағыз ұятсыз; сараң жияды, ішпейді, жемейді, тістеп ұстайды [1].

Ахмет Йүгнеки жомарт адам мен сараң адам нені ұтады, неден ұтылатының оқырман қауымға ұғынықты, қарапайым түрде жеткізе білген.

«Ақиқат сыйы» дастанында сондай-ақ тәкаппар, паң, өр көкірек жандарды жер-жебіріне жеткізе сынайды. Автор оқушысын қарапайым, момын болуға үндейді. Шығармада ақын тәкаппарлықты қарапайымдылыққа қарсы қойып суреттейді. Менмендік, өр көкіректік жақсы адамның табиғатына, мінез-құлқына мүлдем жат, адамды адамгершіліктен жұрдай қылатын қасиет деп көрсетеді. Ал қарапайымдылық – кез келген адамға жарасатын, оның бедел-мәртебесін асыра түсетін киелі қасиет ретінде бейнеленеді.

Ақын дастанда дүниеқорлық, адалдық, арамдық жайлы жырлайды. Ол жақсы мен жаман қасиеттерді салыстыра отырып көркем тілмен әсерлі суреттейді. «Дүниеқор ақырында мақрұм қалады», «Адам баласы егер екі уысы толы алтын болса, үшіншісі тағы болса дейді», «Жақсының игі қылығы, дүниеқоңыздың жарамсыз қылығы» деп автор дастаның тәрбиелік мәнін арттыра түседі [1].

Дастанда мынадай тамаша бір ой айтылады «Тікен ексең, жүзім шықпайды». Бұл жерде ақын адам баласына қандай қастандық жасасаң да арты жақсылыққа апармайды деген ойды астарлы түрде жеткізеді. Ұрпақ тәрбиесіне ұтымды пайдалануға таптырмайтын сөздің асылы.

Ақын әрбір іс Алланың бұйрығымен болатынын да ескертеді. Жоғарыдағы айтылған барлық жаман қасиеттері үшін адам баласы жауапсыз қалмайтындығын, жақсы қасиеттері үшін екі дүние нығметіне бөленетіндігін айтады. «Аяққа тікен де бұйырықпенен кіреді» деген жолдардан опасыз бұл жалғанда себепсіз ештеңе болмайтындығын және ол іс-әрекет Алланың қалауымен болатынына бізге дәлел ретінде ұсынып отыр.

Бұл туындыны насихаттау арқылы біз айналамыздағы жамандық пен жақсылықты, пайда мен зиянды, халал мен харамды (Алла Тағала рұқсат берген және тиым салған нәрселер) ажырата білу. Бұл білімді үйренбей өмір сүруге болмайды. Себебі, рухани  құндылықтар қай заман болса да ескірмейді, жоғалмайды. Дүниеде материалдық құндылықтар ғана жаңарып, өзгеріске түседі. Ал адамгершілік пен жауыздық, жомарттық пен сараңдық, кеңпейілділік пен қызғаншақтық, байлық пен кедейлік, аманатқа қиянат, ата анаға құрмет т.б. адамның сипаттары қай уақытта болсын пендемен бірге.

Егер адам баласы өздігінен, еш қиындықсыз жақсы нәрселерді ажыратып, істеп кете беремін десе әлбетте, ол қателеседі. Себебі адамда нәпсі бар және оны азғырушы шәйтән ражим бар. Ислам ғалымдары айтады: «Адам асылында (негізінде)  жақсы, бірақ оны нәпсі жамандыққа итермелейді. Ал, нәпсіні Пайғамбарымыздың сүннетімен тәрбиелеу керек».

Дастанды қорытындылай келе ақын «Сөздің аяқталғанына кешірім сұраймын», - деп оқырмандарына дастанның өлмейтіндігін ескертіп, болашаққа рухани азық боларын сөз етеді. Дегенменде, ақын болашақ ұрпақтың дастанды қажет, не жарамсыз етуін өз таңдауына қалдырады. Яғни күштеп адам санасына ештене қондыра алмайсын дегенді меңзегендей. Бұған дәлел ақынның мына бір шумақтары:

«Атым – шайыр Ахмет, сөзім – өнеге, өсиет,

Сөзім дүниеде қалады, өзім өлемін.

Күз келеді, жаз кетеді, бұл өмір өтеді.

Бұл өмірде жазым көзім түгесіді.

Сондықтан осы түркіше кітапты шығардым.

Қажет ет мейлің, ей, дос, мейлің сөк» [1,359].

Жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқан мына біздер үшін бұл еңбек ұрпақ тәрбиесіне және адам баласы өз-өзін тәрбиелеуге таптырмайтын құрал. Бұл шығармада педагогиканың, психологияның, философияның және әдебиеттану ғылымдарының үндестігін көре аламыз. Бұл ғылым салалары адамды зерттейтіні анық, сондықтан Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастаны мәңгі өлмейтін тарихи туынды. Адамзат баласына ізгіліктің, туралықтың жолын сілтеуші компастың ролін атқарып тұрған шығарма.


Әдебиеттер тізімі


  1. Әдеби жәдігерлер. Жиырма томдық. Т.6.; Қожа Ахмет Иассауи. Даналық кітабы. Ахмет Йүгнеки. Ақиқат сыйы/ құраст.:А.Әлібекұлы, С.Дәуітұлы, Б.Сағындықұлы. –А.: Таймас, 2008. – 488 б.

2. Мырзахметұлы М. Абай және Шығыс. –А.: Қазақстан, 1994. –208 б.

«Айқын» газеті және тәуелсіздік
Қ.Махамбет,

магистрант

Қазақстан, Астана
«Айқын» газетінің шыға бастағанына 10 жылға жуық уақыт болыпты. Осы уақыттың ішінде Қазақстанның ақпарат кеңістігінде өзіндік бет-бейнесі мен кескін-келбетін, өрнекті үнін айшықтай білген «Айқын» бұл күнде талай оқырманның сүйікті газетіне айналды. Қазақстанда күнделікті шығатын газеттер көп емес, соның ішінде «Айқынның» алар орны алабөтен. Газет осы он жылдың бедерінде бірнеше қайта құрылымдаудан өтті. Қандай жағдайда да ақпарат майданының бел ортасында болды.

Бұл газеттің ғұмыры ту­ралы көп те, аз да айтуға болады. Бәрі ел-жұрттың көз алдында. Өсу жо­лы, өркендеу кезеңі халықпен бірге. Осы жылдары «Айқын» ең алдымен Тәуелсіздіктің шежіресін жазып көрсетуге ден қойды. Туған тіл, қазақ мемлекеті, тұғырлы Тәуелсіздік, ел мен елдік мәселелер қашанда «Ай­қынның» назарында болды. Бұл күнде шығармашылық ұжым әбден қалыптасып, газет редакциясы үнемі жаңғыру үдерісінен өтіп, ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасын ай­шықтады. «Айқынның» айтары да, жазары да айқын басылым.



Газеттің тағдыры да адамның тағдырына ұқсас, жарыққа шығуы, қаз-қаз басуы, үлкен өмірге араласуы, өзіндік құпиясы, бірде құлдырау, бірде шарықтау кезеңі бар дегендей. «Айқын» республикалық-қоғамдық саяси газетінің алғашқы саны 2004 жылы 6 наурызда жарық көрген. Әлі бір мүшеліне толмаса да тоғыз жылда «Айқын» алған асулары аз емес.
Ең алдымен «Айқынның» қазақ баспасөзінде бұрын-соңды болмаған жаңа жобамен, яғни апталық газеттерден өзгеше, күнделікті ақпаратқа негізделіп шыққанын ауызға алған жөн. Ал бұл бүгінгі әлемдік өркениеттің талабы екені даусыз. «Айқынға» дейін аптасына бес рет шығатын қазақ тілді газет тек «Егемен Қазақстан» ғана еді. Соған орай жаңа идея, жаңа дизайн туындады. Аптасына бес рет шығатын газеттің әрбір саны әуел баста алынған бір-бір асумен тең болғаны да шындық. Бір қызығы, нөмір сайын алға жылжыған «Айқын» еңбектеген жоқ, «туа сала» бірден аяғынан тік тұрып, қоғам өміріне белсене араласып кетті десек, ол да асыра айтқандық емес. Бұл біздің емес, сол кездегі кәнігі оқырмандардың, тіс қаққан әріптестеріміздің берген бағасы болатын. Туа сала азу тісін көрсеткен сол «сәби» қаз-қаз басқан қадамынан жаңылған да, жығылған да жоқ. Қайта күннен-күнге көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөлене берді. Тоғыз жыл бұрын жарық дүние есігін ашқалы бері ел өмірінің «Айқын» араласпаған саласы жоқ. Қысылған талай жанға көмекке ұмтылды, олқылықтарды сын тезіне алды, тұрлаусыз тағдырларға араша түсті. Әлеуметтік әділдік туын көтерді, ұлттық мүддені ұран етті. Семсердей өткір сөзімен мүлгіген министрлерді мүйіздеді, енжар шенеуніктерді шырт ұйқысынан түртіп оятты. Мәселен, газеттің алғашқы санынан бастап қалай шабуылдағанымыз еске түседі. «Көктөбе» «көшкелі» тұр» деген «Айқынның» ащы айғайынан кейін араға екі күн салып, қалалық әкімшіліктің төтенше жағдай жариялағаны әлі есте. Астанада тұғырына қона алмай қор болған Бөгенбай батыр жайлы газет көтерген мәселеден кейін Президент Әкімшілігінің сол кездегі басшысы Иманғали Тасмағамбетовтің Астана қаласының сол кездегі әкімі мен Мәдениет министріне жазбаша тапсырма бергені де күні бүгінгідей жадымызда. «Айқынның» арқасында бірталай танымал азамат баспаналы болғанын өздері айтып та жүр. Бұл - мыңнан бір-екі мысал ғана. Не керек, «Айқын» аз уақытта-ақ өзіндік арналы ағысына салмақты қанат қағысын сайлап, еңсесін ерекшелеп, бағытын бөлекшелеп, жалыны мен шалымын өзгешелеп үлгерді. Қаптаған басылымдардың ішінен өз бет-бейнесі мен нақты орнын иеленді. Соның бәрін көкірек көзі ояу елгезек қауым бағалай білді. 2005 жылы президенттік сыйлықты иемденген «Айқын» 2006 жылы «Қазақ тіліндегі ең үздік республикалық газет» атанды. Қазақстан журналистика академиясының мәртебелі «Алтын Жұлдыз» сыйлығын иемденді. «Айқын» бар қазақтың үніне айналса, әрине, ол - ең алдымен ұжымның, көптің еңбегі. «Айқынның» күн санап көркеюіне күнбе-күн үлес қосқан, қоғам өмірінің бар қырына мүмкіндігінше қалам қуатын жұмсаған журналистердің жемісі. Әрине, жеке адамның, басшының еңбегін айтпауға болмайды. «Айқынның» алғашқы бас редакторы Серік Жанболат газет шықпастан бір-бір жарым ай бұрын-ақ маңайына әр саланың қаламы жүйрік сақа журналистерін жинап үлгерді. Сол ұжым бірлігі мен ірілігін сақтады. Басшылық олардың маңдай терін ақтады. «Айқын» да бір кездегі «Жас Алаш» сияқты қазақ журналистерінің ұстаханасына айналды. «Айқыннан» енші алып шыққан бүгіндегі белді басылым - «Алаш айнасы» соның бір мысалындай.

«Айқын» газетінің бас редакторлығына белгілі журналист, ғалым-профессор Бауыржан Омаров келген соң, газеттің екінші тынысы ашылғаны анық. Жаңаша мазмұнға, тың сапаға ие болды. Көптеген жаңа, тұрақты айдарлар пайда болды. Кадр жағынан тың күштер қосылды. Бас редактор президенттік грантқа ие болды. 2009 жылы «Айқын» газеті «Нұр-медиа» холдингінің құрамына кірді. Партиялық газетке айналса да бұқараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтауда мүлт кеткен жері жоқ. Тек қана «Мінбер» (бұрынғы «Ақ сөйле») айдары бойынша қаншама мәдениет, әдебиет, қоғам қайраткерлері, әр саланың билік бұтағында отырған түрлі деңгейдегі үлкенді-кішілі басшы-қосшылар нөмір сайын сөз алып келеді. Мұның бәрі «Айқынның» шын мәніндегі халықтық газетке айналғанын айғақтайды.

Президенттен бастап үлкен де, кіші де оқитын басылым екенін дәлелдейді. Бейсенбі күні шығатын 32 беттік «Айқын апта» қосымшасы қызықты материалдарымен қалың оқырман сұранысын қамтамасыз етуде алдыңғы лекті бермей келеді. Мұның бәрі қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, Президент сыйлығының иегері, білімді де білікті басшы Нұртөре Жүсіптің ерен еңбегінің жемісі екенін тілге тиек ете кеткен ләзім.
«Айқынның» тоғыз жылда бағындырған биігін айтып тауысу қиын. «Айқын» газетінде жарық көрген қызғылықты материалдар оқырман қолына кітап болып тиіп жатқанын қуанышпен айтқан жөн. «Аққудың сыңары» мен «Әріптес әлемі», «Сана мен Саясат» және таяуда жарық көргелі отырған «Танымал әннің тарихы» - соның жарқын дәлелі. «Айқын» кітапханасы мұнымен тоқтамай, әлі жалғаса беретініне сенімдіміз. Тоғыз жылда биік белестерге көтерілген «Айқынның» Президент Әкімшілігі, Парламент депутаттары мен басқа да билік құрылымдары және бейресми ұйымдар арасында беделі зор.

Ал саяси, экономикалық, мәдени және спорт пен әлеуметтік өмірдің жүгін көтерген «Айқын» басылымының журналистері - түрлі республикалық, халықаралық байқауларда, фестивальдерде топ жарып жүр. Олар иемденген Сенат пен Мәжілістің, түрлі министрліктің, құзырлы мекемелердің Құрмет грамоталарын санап тауысу қиын. Басқасын айтпағанда, «Қазақстанның Мәдениет қайраткері» атағын «Айқынның» төрт журналисі иемденіпті. Әріптестеріміздің біразы «Астанаға - 10 жыл», «Қазақстанның тәуелсіздігіне - 20 жыл» төсбелгісін иемденген. Бүгінде «Айқынның» құрамында жоқ, басқа басылымдарда жұмыс істеп жүрген Ә.Қабаның, М.Дүйсенбаевтың, Р.Қараеваның, А.Тұрғанбаевтың, Қ.Қаридың, Қ.Меңдіғалиевтің, Н.Сасаевтың, А.Аханбайқызының, С.Әбединованың, Н.Аманжолдың газетке сіңірген еңбегі зор.



Тәуелсіздік жылдар аралығындағы қазақ публицистикасының ішіндегі сұхбат жанрының өсу, өркендеу жолдары бар. Тәуелсіздік кезеңде газет-журналдардың көбеюімен бірге қазақ публицистикасының ішіндегі сұхбат жанрының өрісі кеңейіп, дамудың жаңа сатысына көшті. Бұл кезеңдегі сұхбат жанрына тәуелсіздік саясаты, жаһандану үрдісінің дамуы ерекше әсер етті. Соның нәтижесінде сұхбаттағы пішіндік, жанрлық жаңашылдық белгілер айқын көрініс берді. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ публицистикасы, оның ішінде сұхбат жанры жаңа даму жолына түсті. Бұл кезеңде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы саяси өзгерістер, экономикалық мәселелер, рухани жайттар шығарма өзегіне айналды. Жетістіктер де, кемшіліктер де сұхбат жанрынан ақиқат керініс тапты.

Тәуелсіздік кезеңде қазақ жұртын – елдің бүкіл сана-сезім, күш-жігерін ортақ мәселелерге жұмылдырды. Қазіргі кездегі публицистикалық шығармалар авторлары жоғары патетикалык, пафосты, шешен тілді, халық даналығын өз ойларына өзек етіп қолданады. Бай рухани мұраларымызды деректі фактілермен, ақиқат окиғалармен, баяндаудың қуатты мәнерімен астасып жатты. Соның нәтижесінде өткір тіл, ойды қысқа және дәл жеткізуге кұрылған ғажайып публицистикалық сұхбаттар туды. 1990 жылдардағы қазақ публицистикасы шұрайлы тілмен көркейе түсті. Бұл әсіресе сол кездері мол жазылған публицистикалық лепті сұхбаттарда көрініс тапты. Осы кезең туралы сөз еткенде, академик С.Қирабаев: «Қазақтың көркем әңгімелерімен жалғас, көсемсөз, очерк, ой толғанысы, өмірді бейнелі жолмен тануға ұмтылған публицистика да бұл дәуірде едәуір өркендеді» [1, 166], - деп атап көрсетті.

Тәуелсіздік кезеңде қазақ публицистикасы тектік, түрлік, жанрлық, стильдік тұрғыдан қалыптасып, дамыды. Публицистиканың өз алдына дербес теориясы да жасалды. Осы өзгерістерге орыс публицистикасының теориясы мен тәжірибесі орасан зор ықпал етті. «Айқын» басылымының бетінде талдамалы жанрдағы публицистика қалыптасты. Тәуелсіздік кезеңде публицистиканың бай жанрлық палитрасы көрініс тауып, өркендеді.
Қазақ публицистикасының оның ішінде сұхбат жанрының Тәуелсіздік жылдардағы даму жолындағы негізгі бағыттарын біз талдап-таразылаған жарияланымдардың мазмұндық және түрлік жағынан біртұтас бірлікте қарастыра отырып айқындау негізгі міндетіміз. Олар: қоғамдық-саяси бағыт, көркемдік бағыт, сыншылдық-сатиралық бағыт, поэтикалық-философиялық бағыт, ұлттық психологиялық-көркемдік бағыт, проблемалық-сараптамалық бағыт, зерттеушілік, тарихи-танымдық бағыт болып табылады. Бұл мерзімдегі публицистика ерекшеліктері оның ішінде «Айқын» басылымының бетінде жарияланған сұхбаттар С.Жанболат, Б.Омаров, Ә.Қаба, Қ.Қонысбай, Н.Аманжол, С.Әбединова, Ж.Дуанабай, Г.Айтжанбай, Қ.Байдәулетова, К.Тасболат, Қ.Махамбет т.б. шығармашылықтары арқылы ашылды.

Демократия мен жариялылықтың нәтижесінде тарихтағы көптеген актандақтардың беті ашыла бастады, ұлт тағдыры, ұлттық сананың қалыптасуы, мемлекеттіктің қалыптасуы сияқты өзекті мәселелерге баспасөз бетінен кеңінен орын беріле бастады. Публицистер халықтың тарихта кеткен есесін қайтарып беру жолында қалам қайратын жұмсады, ел намысын оятуға, жұрт санасын сілкіндіруге бағытталған рухани серпіліс жасауға көшті. Бұл әсіресе тәуелсіздік жылдардағы қазақ баспасөзінен, онда жарық көрген публицистикалық шығармалардан айқын көрініс тапты.

«Айқын» газетінің бетінде «Ақ сөйле!», «Мінбер» деген айдарлар аясында еліміздің танымал тарихшылары да сөз алды. Қазақ тарихының беймәлім қатпарларын ашқан, мәселеге тәуелсіздік тұғырынан қараған академик Манаш Қозыбаевтан алынған «Ел – ебелек емес, ер – кебенек емес», профессор Талас Омарбековтен алынған «Қазақтардың Қытай асуы: дақпырт пен шындық» сұхбат-мақалалары ұлттық сананы қалыптастыруға қызмет етті.

Бұрын мүлдем ауызға алынбай келген, қазақтың арғы тарихы да публицистика объектісіне, сұхбат алушы журналистердің нысанына айнала бастады. «Айқын» басылымының беттерінде қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты полемикалық мақала-сұхбаттар, қазақ хандары, билері, батырлары хақында ақиқатты қалпына келтіру бағытындағы ғылыми дәйектерге жүгінген материалдар бірінен соң бірі жарияланды. Мұның өзі уақыт талабынан туған қажеттілік болатын.

Дәл осы үрдіс әрі қарай жалғасып, газет бетінде қазақ билері, батырлары туралы белгілі тарихшыдардан алынған тұщымды сұхбат-мақалалар, тарихи-танымдық әңгімелер жарияланып тұрды.

Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ публицистикасында «Айқын» газеті қоғам өмірінде алып отырған сан алуан шешімін таппаған мәселелері негізгі тақырыптарына өзек етті. Ол мақалаларда өмірден орын алып отырған проблемалар тек айтылып қана қойған жоқ, ол терең талданып, ақырында сол түйіткілдің шешімін табудың жолдары іздестірілгеніне көзіміз жетті.



1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   37


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет