Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі



жүктеу 7.3 Mb.
бет7/37
Дата03.04.2016
өлшемі7.3 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   37
: repository -> repository2014
repository2014 -> Сақ Қайрат Өмірбайұлы
repository2014 -> Мірдің ОҒындай публицист алғашқы нөмірінен бастап соңғы санына шейін
repository2014 -> Н. У. Шаяхметов, тарих ғылымдарының докторы
repository2014 -> Мырзантай жақып баспасөз тарихын зерттеудiң Ғылыми-методологиялық негiздерi
repository2014 -> «ҚАзақ» газетіндегі қОҒамдық Әлеуметтік кейбір мәселелер «Айқап» пен «Қазақ» неге айтысқан?
repository2014 -> Бас редактор Қаржаубаев Е.Қ
repository2014 -> Н. О. Байғабылов Әлемдегі қазақ қауымдастығының даму көкжиектері
repository2014 -> Қазақ тіліндегі қос қызметті тұлғалардың тілдік табиғаты

Әдебиеттер тізімі


  1. Зәки Ахметов. Ана тілі баспасы. Таңдамалы, 1 том, 2008.

  2. Қазақ әдебиетінің тарихы. 9 том. –А., 2005.

  3. С.Қирабаев. Талантқа құрмет. -А., 1988.

  4. З.Қабдолов. Арна. –А., 1988.


Алтайдан ұшқан ғұлама

А.М.Қартаева,

ф.ғ.д., доцент

Қазақстан, Өскемен
Ежелден ата-бабаларымыз мекендеген Кенді Алтай төңірегі өзінің қазына байлығымен, әсем табиғатымен, сұлу көркімен әлемге аян. Ғажайып сырға толы бұл өңірден қаншама дарынды адамдар шықты. Тылсым табиғат талай қаламгерлерді, ақын, жазушы, ғалым, сыншыларды өмірге әкелген. Сол топырақта туып-өскен есімі кешегі бүкіл Одаққа танымал аса көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, іргелі зерттеулердің авторы академик Зәки Ахметовтің есімі бүгінде үлкен құрметпен аталады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, әйгілі әдебиеттанушы ғалым Зәки Ахметовтің мол ғылыми мұрасы мен құнды зерттеу еңбектері бүгінгі ұрпақтың рухани игілігіне айналып отыр.

Зәки Ахметов (4.05.1928–17.12.2002) Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Ұзынбұлақ ауылында туған. 1943–1948 жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін үздік бітірген. 1948-1951 ж.ж. КСРО ҒА-ның Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқып, 1951 жылы «Лермонтов және Абай» атты тақырыпта кандидаттық диссертация, 1965 жылы «Қазақ өлеңінің құрылысы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. 1951-1975 ж.ж. Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, 1975 ж. Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі, 1975-1981 ж.ж. Қазақстан ҒА қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, 1983 ж. Қазақстан ҒА академигі, 1984-1986 ж.ж. Қазақстан ҰҒА-ның вице-президенті, 1986 жылдан ғұмырының соңына дейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. З.Ахметов Шығыс Қазақстан облысы аумағында ең бірінші болып академик деген жоғарғы ғылыми атақты иеленген еді.

Ғалымның өнер, сөз өнері, өлең, жыр, поэзия, тіл кестесі жайлы ғылыми еңбектері әрбір адамның көкірек көзін ашып, санасын оятады, білімін тереңдетеді. Әдебиет әлеміне дұрыс жөн сілтеп, адастырмас бағдаршамындай бағыт береді. «Өнер алды – қызыл тіл» деп білген дана халқымыздың өнерін құрметтеп өскен Алтайдан ұшқан ғұлама ғалым Зәки Ахметов туралы ақын Әйгерім Уәлиева мынадай жыр жолдарын төгеді:



Бұл күнге де жеттік-ау халқым аман,

Таланты Бұқтырмадай арқыраған.

Зәкеңнің ғылымдағы сара жолы,

Алтайдың алтынындай жарқыраған.
Ертістің тұнығы еді майланбаған,

Жүйрік ед қызығына байланбаған.

Ал қане, көзкөргендер еске түсір

Жан еді-ау жаны жібек жайраңдаған.

Жасынан сөз өнерін қастерлеп тал бесікте ананың тілі мен оның құдіретін бар бойына сіңіріп өскен Зәки Ахметов өзінің барлық саналы ғұмырын өлең өрнегі мен тіл кестесіне, әдебиет әлемі мен даналар шығармашылығын зерттеуге арнады. Қазақ, орыс тілдеріне жүйрік екі тілде көсілте жаза білетін, алқалы топтарда, үлкен мінбелерде шешен сөйлеп алдына жан салмайтын ғалымның үлкен дарындылығын өзінің әріптестері мен шәкірттері үнемі айтып тауыса алмайтын. Осы орайда академик С.Қирабаевтың мына сөзі еске түседі: «Қазақ әдебиеті тарихының басқа да мәселелеріне көп араласқан Зәки жалпы әдебиеттің жан-жақты білгірі есебінде аса биік беделге ие ғалым еді. Орыс, қазақ тілдерінде бірдей жазатын, екі тілде де шешен, алғыр Зәкиді орыс ғалымдары да, туысқан халықтар әдебиеті мен ғылымның өкілдері қатты сыйлап, құрметтейтін еді» [1, 22].

Жерлесіміз – З.Ахметов бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнаған адам. Ғылым мен білім ол кісінің жанының қуатындай, жүрегінің ыстық қызуындай төгіліп жататын. Энциклопедиялық терең білімді, өте мәдениетті зиялы адам еді. Ғылым мен ұстаздықты ұштастырып, артында ұрпағына мол мұра қалдырған, қазақ интеллигенциясына үлгі болатын тұлға. Аудиторияда дәріс оқып тұрғанда, әр уақытта тыңнан мәселе қозғап, үзінділерді жатқа айтып, тыңдаушыларын үйіріп әкететін. Алғаш ғылымға келгеннен ұлы Абай даналығымен сусындап, өзінің ғұмыр бойы зерттеген тақырыбы Абай мен Әуезов тілінен өрнек салып, сөз кестесін соларша тізбектеген ғалым даналар шығармаларынан үзінділерді жатқа оқитын. Зәки ағаның жүзінен үнемі айналасына шуақ шашылып, жылылық беретін ізгілік нұрының сәулесі тарап тұратын. Қай уақытта көрсең де ақ жарқын көңілмен, байсалды мінезбен, кең ақыл парасатпен көрінетін.

«Зәки Ахметов ғылымға өзін бірден таныта келді, әрі өте жас келді. Ол Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқып, 1951 жылы небәрі 23 жасында «Лермонтов и Абай» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. «Ғылым кандидаты атанған ол әдебиеттану саласында талмай жарты ғасырдан астам еңбек етіп, оннан астам жеке монография, 20 шақты ұжымдық кітап, 400-ге жуық мақала жазыпты. Оларды сала-саламен айтар болсақ, фольклор, әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдеби байланыстар, текстология және аударма болып бөлінеді», - дейді академик С.Қасқабасов [2, 14].

Ғылымдағы жолын ұлы Абайды зерттеуден бастап, өмірінің соңына дейін кемеңгер ақынмен бірге бүкіл өмірін де, өнерін де, өзі де рухани тұтасып кеткен ғалымның әрбір ілімі – жастар үшін өшпес үлгі-өнеге. Жетпіс бес жасқа сәл ғана жетіңкіремей қалған ғұмырында ол көп іс тындырып үлгерген, құдай берген табиғи талантын тынымсыз еңбегі арқылы жетілдіріп, халық игілігіне қызмет етуге бағыттай білген адам.

Жарты ғасыр ғұмырын арнаған Абай тақырыбы – ғалымның жүрегінің қызуы, жігерінің қуаты болды. Академик С.Қасқабасовтың сөзіне ден қойсақ: «Сонау 1951 жылы жазылған «Лермонтов и Абай» атты еңбегінен басталған Абайға деген құштарлық 1995 жылы «Абайдың ақындық әлемі» атты монографияны дүниеге әкелді. Сол жылы жарық көрген «Абай» энциклопедиясына да басты-басты мақалаларды Зәки Ахметов жазды. Ұзақ жылғы абайтануға арналған еңбегі үлкен абырой әперді, Зәкең Мемлекеттік сыйлыққа ие болды», - дейді [3, 5].

З.Ахметов Абай шығармашылығын тұтас қарастырып, толық әрі жан-жақты зерттеп жұртшылыққа ұлағат етті. Ақынның өлеңдері, қарасөздері, поэмалары мен аудармаларына ғылыми сипаттама жасап, оқырманды Абайдың ақындық әлеміне үңілтті. Абай шығармаларының қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өрісі аса биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемі екенін түсіндірді. «Абайдың ақындық әлемі» атты еңбегінде ақын лирикасын тақырып-тақырыпқа қарай бөліп, өлеңдерінің ішкі мазмұнын ашып жіктеді. Зәки Ахметов өзінің көп жылғы ғылыми-шығармашылық қажырлы еңбек жолында Абай даналығын оқырман жүрегіне жеткізіп, зерттеп жазумен қатар, Абай мұрасын талмай оқытып, шәкірттерінің санасына сіңіріп, ақын тағылымын жас ұрпаққа үлгі етті және сол сара жолды нұсқады.

Абайтану саласында Зәки Ахметов текстологиялық та, теориялық та жұмыстар жазып, Мұхтар Әуезовпен бірлесіп, ұлы ақын шығармаларының канондық мәтінін 2 том етіп 1957 жылы жарыққа шығарды. Содан бері қарай ғалым әр жылдары шыққан Абай мұрасының академиялық басылымдарын даярлауға қатысып, тікелей басшылық жасады. Абай шығармаларының жинақтарын құрастырып, ғылыми түсініктерін жазды. Еліміздегі тұлғалық ірі еңбек «Абай энциклопедиясының» редакциялық алқасын басқарды. Ол «Абай» энциклопедиясының ең белсенді авторы болып, осы еңбектің көптеген мақаласын жазды. Ұзақ жылғы абайтануға арналған еңбегі үшін ғалым 1996 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

З.Ахметовтің Абай мұрасы мен Әуезовтің шығармашылығына арналған зерттеулері – ұлттық әдебиеттанудағы теңдесі жоқ іргелі ғылыми еңбектер болып табылады. Себебі, Абайдың ақындық, ойшылдық дарынымен Әуезовтің жазушылық шеберлігін зерттеу барысында ғалым екі ғұламаның қазақ әдебиетіндегі орнын жан-жақты дәлелдеп берді. Әсіресе Абайдың Әуезовке тигізген әсері, рухани сабақтастыққа байланысты келелі ойлары Абай мен Әуезов үндестігі мәселесіне негізгі тірек болды. Бұл ретте З.Ахметов «М.Әуезов және абайтану проблемалары» арнайы да кең түрде зерттеуге тұрарлық, өйткені Абай тақырыбы Әуезов шығармашылығында басты орын алғаны белгілі ғой», - деп арнайы атап көрсеткен болатын [4].

Әдебиеттану ғылымында ғалымның ұшқыр қаламы тимеген мәселе кемде-кем. Әдебиет тарихы, абайтану, әуезовтану, әдебиет теориясы мен аударма туралы өзекті мәселелерді қамтыған салиқалы зерттеу еңбектері арқылы ғалым ұлттық әдебиеттану ғылымын республикадан тыс жерлерге де паш етті.

Сонау 1951 жылы жазған «Лермонтов и Абай» атты кандидаттық диссертациясынан бастап, 2002 жылғы «Поэзия шыңы – даналық» деп аталатын соңғы еңбегіне дейін әдебиет тарихына иек артып, оның әр алуан мәселелерін әр аспектіде қарастырды. Тағы бір ерекше көңіл бөле айтар жай – З.Ахметов қазақ поэзиясын ұзақ жылдар бойы үзбей зерттеді. Мұның өзі ғалымның ұстанған бағытына тұрақтылығын танытады.

Академик Зәки Ахметов әдебиет теориясы мен тарихы саласында іргелі зерттеулер жазып қалдырған. «Лермонтов және Абай» (1951), «Казахское стихосложение» (1964), «О языке казахской поэзий» (1970), «Өлең сөздің теориясы» (1973), «Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы және дәстүрі» (1978), «Поэтика эпопеи “Путь Абая” в свете истории ее создания» (1984), «Абайдың ақындық әлемі» (1995), «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» (1996), «Роман-эпопея Мухтара Ауэзова» (1997) «Поэзия шыңы – даналық» (2002), т.б зерттеулері әдебиет пен ғылым үшін құнды еңбектер болып саналады. Өйткені бұл бағалы еңбектерден қаншама ұрпақ өзіне теориялық терең білім мен ғылыми бағыт, рухани нәр алары сөзсіз.

Өнегелі өмір жолында академик З.Ахметовті шәкірт тәрбиелеп, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған ұстаз ретінде білеміз. Атап айтсақ, облысымыздағы іргелі қарашаңырақ С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде 1993 жылы алғаш қазақ әдебиеті кафедрасының ашылуына ұйытқы болды. Осының негізінде 1996-1997 оқу жылында «Әдебиеттану» мамандығы бойынша магистратура және аспирантура ашылды. З.Ахметов университетте ашылған қазақ әдебиеті кафедрасына мамандар даярлауға зор үлес қосты. Академиктің ғылыми жетекшілігімен Ә.Молдаханов докторлық диссертация, С.Қасенов пен Р.Мұқышева кандидаттық диссертация қорғады. 1993-1997 жылдар аралығында ғалым студенттер мен магистранттарға дәріс оқып, ғылыми кеңестер беріп тұрды. 1993 жылы ғалымға Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атағы берілді.

Ғұлама ғалымның артында өшпес мол ғылыми мұрасы қалды. Сол асыл мұрасы болашақ ұрпақ пен жас ғалым-зерттеушілер үшін баға жетпес құндылық болып табылады.

Әдебиеттер тізімі


  1. Қирабаев С. З.Ахметов туралы сөз. – Академик З.Ахметов және руханият мәселелері. – А.: Үш Қиян, 2003. – Б. 22.

  2. Қасқабасов С. Зәки Ахметов – аса көрнекті әдебиетанушы-ғалым / Академик Зәки Ахметов және руханият мәселелері: «Академик З.Ахметовтің ғылыми мұрасы және қазақ әдебиетану мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – А.: Үш Қиян, 2003. Б.14-19.

  3. Қасқабасов С. Алғы сөз / Академик Зәки Ахметов және руханият мәселелері: «Академик З.Ахметовтің ғылыми мұрасы және қазақ әдеиетану мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – А.: Үш Қиян, 2003.

  4. Ахметов З. Абай және Әуезов. // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1995, № 4.


З.Ахметов және қазіргі өлеңтанудың өзекті мәселелері
А.Ә.Үсен,

ф.ғ.д., доцент

Қазақстан, Астана
Қазақ өлең құрылысы бойынша іргелі еңбек – З.Ахметовтің «Өлең сөздің теориясы» мен «Казахское стихосложение» атты зерттеулері екендігінде дау жоқ. Бұл еңбектер ұлт өлеңінің құрылымдық жүйесі жан-жақты зерттелген теориялық тұжырымы нық, айқын монографиялар. Қазақ өлең құрылысы ғылымының негізін салушы академик З.Ахметов өзіне дейінгі қазақ өлеңінің ырғақ жүйесі бойынша жазылған азды-көпті ғылыми жұмыстарды зерделеп, солардың негізінде қазақ өлеңінің тарихы мен қазіргі үдерісін тереңінен, жан-жақты тексерген ғалымның концептуалды еңбектері әдебиеттанудың маңызды, іргелі бағдары ретінде ғасырдан-ғасырға көше берері хақ.

Өлең құрылысы дамымай, бірқалыпта өзгермей қалатын сала емес. Жаратылыс пен қоғам сияқты поэзия да даму эволюциясынан өтетіндіктен оның мазмұны мен түрі де дәуір тынысына сай түрленеді. Қазақ поэзиясының бастауында тұрған халық өлеңдері әуендік сипатына сай екі түрлі өлшемге жеті-сегіз буынды жыр үлгісі мен он бір буынды қара өлеңмен шектелсе, дана Абай реформасының арқасында өлең жүйесі сан түрлі интонациялық мәнер тауып, ауызекі, шешендік және аралық сияқты мәнер үлгісінің дамуына жол ашты. Уақыт өте келе өлшемдердің жаңа түрлері қолданысқа еніп, поэзияда тамыр жайып, әбден бекінгені белгілі. Олар бес, алты, жеті буынды өлшемнің 3+4 кестесі, сегіз буынды өлшемнің 3+3+2 және 4+4 өрнектері, тоғыз буынды және он, он екіден басталып, жиырма бес буынға жетіп жығылатын өлшемдер еніп, қазақ өлеңінің тақырыптық-мағыналық жүгін лайықты көтеріп жүр. Еркін өлеңдердегі өлшемдердің сан алуан сабақтастығы әр ақынның шығармашылығында жеке сипат алып келеді. Бұл дәстүрлі ырғақтық-интонациялық құрылымдардан өзге талантты ақындардың жеке ізденісі ретінде танылып, жалпылық сипат ала алмай келе жатқан жаңа жүйелер: ақ өлең, прозалық өлеңдер, верлибрлер өлең жүйесінің ерекше мүмкіндіктерін танытып келеді. Өлең құрылысының теориялық тұжырымдарының өз еңбектерімен бітпейтіндігін, қазақ поэзиясы қаншалықты жасаса, соншалық жалғасатынын академик зерттеу еңбектерінде аңғартып кеткен-ді. Қазақ өлеңтануы оның поэзиясымен бірге даму, түрлену жолынан өтеді. Сондықтан өлеңтанушылар өлең өрісіндегі жаңа құбылыстарды дер кезінде байқап, теориялық байыптаулары ұсынылып отыруы тиіс.

Өлең теориясы – әдебиет салаларының ішінде ең дамыған түрі. Әдебиеттану ғылымында да оның зерттелуі оның өзге салаларынан озық тұрды. Бір кемшілігі қазақ поэзиясы тақырыптық-идеялық, көркемдік-бейнелілік тұрғыдан аса мұқият зерттелгенмен, құрылымдық жағын зерттеуде мазмұнның пішіні ретіндегі оның орнын анықтауда жеткіліксіз сараланғаны жасырын емес. Сондықтан қазақтың ақындары өлеңнің техникасына екі түрлі көзқараста. Бірқатары мазмұн мен көркемдігі күшті өлеңге техниканың қажеті шамалы деп, өлең архитектоникасының мәнін бағаламағанмен, бірқатары өлеңінің өзгеше өрісін өрнектерді түрлендіру арқылы тауып жүрді. Өлеңінің ырғақтық-интонациялық жүйесін мазмұнға сай түрлендіру Абай шығармашылығында ерекше мәнге ие болып, мақсатты түрде жасалған үрдіс еді.

Қазір өлеңнің құрылымдық жүйесі өз деңгейінде бағаланып, ақындардың шығармашылығын зерттеуде көңіл бөлініп, ден қойылып жүр. Өлеңнің құрылымдық саласындағы жемісті ізденістері ақындардың қалтқысыз шеберлігі ретінде танылып, шығармаларының ішкі болмысын ашуда үлкен маңызға ие болып келеді. Қазіргі өлеңдердің ырғақтық жүйесін зерттеуде бірқатар кандидаттық диссертациялар жазылды, докторлық жұмыстардың жекелеген тарауларында талданды.

С.Елікбаев «60-80 жылдардағы өлең құрылысы» атты кандидаттық диссертациясында осы кезеңдердегі ақындардың шығармаларына тән ерекшеліктерді іздейді. Зерттеушінің өлең құрылымын талдаудағы ізденістерін айта отырып, өлең теориясының ұғымдарына қатысты мәселерді айқындап алған дұрыс. Ізденуші өз жұмысында өлеңдегі ұғымдарды атауда еркіндікке жол берген. Зерттеу жұмысында «құлдима тармақты шумақ» «бағанды тармақ», «60-80 жылдар арасындағы ақындарда бағанды тармақ қана емес, сырғалы тармақтар да жасалды», «Мағына үшін бөлген сынған тармақтар пайда болды, үстеме жамылған сырғалы тармақтар, сүйретпе тармақтар, сөйлем немесе сөз тіркестері қосылған, аралары нүктемен бөлінген құрама тармақтар, қайталанып келіп отыратын балдақты тармақтар шықты. Шумақ басында басқамен ұйқаспайтын буыны бөлек «ерке тармақтар», ортасынан ажыратылған «топтама тармақтар» дүниеге келді. Тек бас әріптерден тұратын «ерекше тармақтар», ортасынан бөлінген «буындалған тармақтар» жасалады.» деген ұғымдар қазақ өлең теориясында бұрын кездеспеген. Қазақ өлеңі бойынша келелі ойлар айтқан зерттеушілер С.Мұқанов, Е.Ысмаилов, Б.Кенжебаев, З.Ахметов, С.Негимовтардың еңбектерінде жоғарыдағы ұғымдар ұшыраспайды. Олар зерттеуші сияқты тармақтарды түрлерге де жіктемейді. Себебі қазақ өлеңінде әр ақында түрліше көрінетін тармақтардың түрінің барлығына ат беру мүмкін де емес, және ол өлеңтанушылардың өзін де жаңылыстырары сөзсіз. Бұл тармақтардың сыртқы кескіндері оның ырғақтық жүйесіне ықпал етпейтіндіктен оларды жіктеп, термин жасау артықтық етеді. «Бұрынғы салттық ұйқастар сақталып қалды» Қазақ өлеңінің құрылысы бойынша жазылған жұмыстарда салттық сөзінің орнына ұғым ретінде қалыптасқан дәстүрлі ұйқастар деген нақты атау бола тұра, зерттеушінің осындай сөз қолданысын түсіну қиын.

«Біз де өз тарапымыздан тіліміздің мағыналық реңктерді жіктеп, бейнелеуге икемділігін пайдаланып, толымсыз ұйқастың жоғарыда сөз болған соңғы түрін бұрынғы толымсыз ұйқас түрінен айырмалауды, сөйтіп Т.Шапаевтың бейнелі түрде айтқан сөзін нақтылы терминдік атауға айналдырып, шартты түрде кетік ұйқас деп атауды ұсынамыз. Өйткені, соңғы ұйқас үлгілері – тек қана Темірхан Медетбековтің жеке ұйқас ерекшелігі емес, қазақ поэзиясына 1960-70 жылдары келген Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов сияқты ақындардың шығармашылықтарында жеке элемент – нышандардың бой көрсетуімен басталып, қазіргі поэзиямызда орнығып келе жатқан тұтас бір тенденция деуге тұрарлық белгі». Қабош Батырболаттың қазіргі қазақ өлеңінің бейнелілік және түрлік мәселелерін зерттеуге арналған кандидаттық диссертациясында ұсынылып отырған кетік ұйқас ұғымына қатысты пікіріміз де жоғарыда айтқан ұғымдарды ұсынуда сөз талғамына ерекше қарау қажеттігі байқалады. «Кетік, ақсақ, балдақты» деген ұғымдарға телінген поэзияда сымбат бола ма?

Екі зерттеушінің жаңа ұғымдары өлең құрылысының жаңа ізденіс нәтижелерінен туындап отырғаны анық. Қазіргі қазақ өлеңінде ақын дәуірлеріндегі құрылымдық жаңа үрдістердің пайда болуымен жаңа ұғымдар еніп жатады. Мұндай мәселелерді зерттеушілер өздігінше шешуге тырысатындықтан ондағы тұрақты ұғымдарға әртүрлі атау беріліп, кей жұмыстарда еркіндікке жол беріліп жатады. С.Елікбаев атаған тармақтар олардың ырғақтық-интонациялық жүйесіне қатысты емес, сыртқы графикалық суретіне қатысты болғандықтан, зерттеуші «еркіндігін» түсінуге болады дегенмен қазақ өлең құрылысының соңғы, яғни, 70-жылдардан кейінгі қазақ өлең құрылысының теориясында шешілмеген мәселелердің барлығы анықталады.

Оның алғашқысы қазақ өлең құрылысын зерттеуге қатысты. Орыс өлең құрылысын зерттеуде екі түрлі бағыт бар: оның бірі – статистикалық, яғни есептік, екіншісі – ырғақтық-интонациялық. Қазақ өлең құрылысының негізін салушы академик З. Ахметов өз еңбектерінде екі зерттеу түрін қоса алып жүрді. Қазақ өлең өлшемдерінің буындық, бунақтық және ырғақтық сипатын, сабақтасу мүмкіндіктерін айта келіп, оның интонациялық ерекшелігіне, өлең мазмұнын ашудағы айтылу мәнеріне зор көңіл бөлді. Қазақ өлеңін интонациялық тұрғыдан әуендік, ауыз екі сөйлеу және декламативті деп бөлді. «Өлең теориясы саласында қордаланған тәжірибелер бір аса маңызды қорытындыға алып келеді. Өлең құрылысын зерттеуде статистикалық, ырғақтық өрнектерді схемалау, суреттеу мәселесі игеріліп болуы тиіс. Біржақты құрылымды өрнектермен шектелу өлең өрнектерінің терең зерттеу ырғақтардың алуан түрлі комбинацияларын санамалап берумен шектеледі. Бұл бағыт аса өнімді емес, сондай-ақ өлеңнің құрылымдық негіздерінің өзара сабақтастығының күрделі қырлары, өлеңнің ырғақ өрнектерінің көркемдік бай мүмкіндіктері толық ашылмайды» [1, 273]. Ғалымның бұл пікірі орыс өлеңтанушысы Б. Гончаровтың «К проблеме интонации в стиховедении» деген еңбегінде де көрініс табады. «Әдебиеттану ғылымының алдында көркем интонацияны көркем тілде туындайтын ерекше құбылыс ретінде зерттеу міндеті тұр. Интонациялық категорияларға жүгінбей, көркем тілді, оның ішінде өлеңді зерттеу мүмкін емес» деген пікір статистикалық зерттеулердің өлеңнің құрылымынан толық сипаттап бергенмен, шығарманың ішкі логикалық жүйесімен байланыспай, өлең құрылымының көркемдік мәні ашылмай қалатынын алға тартады [2, 48].

«Статистикалық есептеулер өлең шынайы дыбысталуын қалыптандырып, қарабайырландырып жіберетіні сонша, негізінен тілдің өлең жасаушылық ерекшелігін ғана сипаттайды» [3, 7]. Осындай үрдіс кей зерттеушілердің ғылыми жұмыстарында бой көрсетіп қалатыны жасырын емес. Қазіргі қазақ поэзиясы өлеңнің ырғақтық-интонациялық құрылымын жай өлең өрнегі деп қана қарамай, көркемдік ерекшелігі ретінде бағалайтындай деңгейге өскендігі байқалады. Қазіргі қазақ поэзиясының интонациясы құнарланып кеткендігі сондай ырғақтық өлшемдер ғана емес, тыныс белгілері, тасымал, синтаксистік ерекше құрылым сияқты алуан түрлі көркемдегіш құралдар белсенді түрде өлең әлеміне енді. Олар ақындарда әртүрлі дәрежеде қолданылады.

Бірқатар зертеушілердің жұмыстарында көрінетін цезура деген терминнің қазақ өлеңінің құрылымына тән еместігін академик З.Ахметов көп айтқан-ды. «Мысалы бiрталай халықтардың поэзиясында оның iшiнде орыс поэзиясында, кейбiр өлшемдерде қолданылатын цензура да – тұрақты сөз жiгi. Кейбiр ғалымдардың (Радловтан бастап) қазақ өлеңiне де цензура терминiн қолданып келгенi сондықтан. Бiрақ мұны дұрыс тауып қолданған деуге болмайды. Өйткенi цензура деп өлең теориясында екi қысқа тармақтан (полустишие) құралған ұзын тармақтың арасын белгiлейтiн кiдiрiстi (паузаны) айтады. Ал қазақ поэзиясында тұрақты сөз жiгi бунақтың шегiн белгiлейдi, сол себептi оның сипаты, атқаратын қызметi өзiнше бөлек» [4, 152]. «Барлық стилдегі мәтіндердің барлығында тұрақты позицияны иеленетін сөз жігі цезура деп аталады; әдетте ол тармақтың орта тұсына орналасады және тармақты екі жартылай тармаққа бөледі» [2, 15].

З.Ахметовтің «Поэзия шыңы – даналық» атты кітабындағы цензура мен М.Гаспаровтың еңбегіндегі цезура бір термин. Академиктің өзі өзге еңбектерінде цезура деп берілетін термин аталмыш кітапта цензура болып берілуі кімнің тарпынан кеткен қателік? Цензура ұғымының мәні мүлдем өзгеше екендігі белгілі. Бұл кітапты пайдаланған ғылыми еңбектерде осы терминнің кітаптағыдай қате берілуін қалай түсінуге болады? Егер осылай қате түзелмей кете барса, ертең цензура ұғымы жаппай еніп, өзге мәнге ие болып кетпей ме? Сондықтан зерттеушілер жаңа терминдер пайдаланғанда мұқият болуы қажет.

Қазақ өлеңiндегi тұрақты сөз жiгi, яғни бунақаралық үзілістер түрлерге жiктелмейдi. Қазақ өлеңінің ең алғашқы теоретигі Ахмет Байтұрсынұлы бунақаралық жіктер туралы құнды ойлар айтады: «Жоғарыда бунақтардың арасындағы дауыс толќынының жiктерi кезек деп аталады. Кезек екi түрлi болады: 1. Ұлы кезек. 2. Кiшi кезек» [5, 201]. Тармақ соңында ғана қолданылатын терең жік немесе үлкен тыныс қазіргі қазақ поэзиясында кең жайылып, үлкен орын алған. Өлеңнің ырғақтық-интонациялық жүйесін түрлендіру үшін қазіргі ақындар көбінесе үзіліске жүгінеді. Ол үзіліс тармақ басында да, ортасында да, соңында да келе береді. Поэзиядағы үзілістің психологиялық, эмоционалдық мәні үлкен. «Маяковскийдің үзіліс жүйесі – ақынның енгізген жаңалығы. Оның көркемдік-мәнерлілік мәні үлкен» [1, 205]. Шынында қазір үзіліссіз өлең жазатын ақын кемде-кем. Және үзіліс өлеңнің көркемдік сапасын арттырып, эмоционалдық мазмұнын байыта түседі. Үлкен тыныс, Ахметше айтқанда, ұлы кезек тармақтың, ырғақтық өрнектің кез-келген тұсына, орын талғамай, ақын логикалық немесе эмоционалдық екпін қойған қажетті тұсқа қойылады. Қазiргi қазақ поэзиясында өлеңнің ырғақтық-интонациялық құрылымын түрлендiру үшiн ақындар бiр тармақ iшiнде, бiр дәстүрлi өлшем iшiнде тыныс белгiлер, сөздердiң өзгеше орын тәртiбi т.б. көптеген құбылыстарды қолданады. Ол өлең ырғағында айқын сезiлгенмен, ерекше толқын мен серпiлiс туатын тұстарда бунақаралық кідірістен терең үзілісті қажет етеді.

Сағынамын. Жабығамын. Бағынамын жүрекке.

Не қыламын. Бәрі мәлім: сезім осы – дір етпе!

Сүйеп қалдым. Тұйықталдым. Ұйып – қандым сырына

Биік таудың шығып та алдым барса келмес шыңына.


Қазіргі қазақ өлеңінде эмоционалдық-экспрессивтік тұрғыдан пісіп жетілген мұндай өлеңдерде осы терминге қажеттілік байқалады. Ақын бунақтардың арасын әдеттегі үтірлермен ажыратпай нүктемен бөліп, айқындауының эмоционалдық мәні бар. Ақын өлеңіне арқау еткен сезімдердің тереңдігін сездіру үшін бунақаралық кідірістен көрі нүкте арқылы көрінетін эмоционалдық, психолгиялық ұзақтау үзілісті дұрыс көрген. Қазіргі поэзияда бунақаралық үзілістен көрі ұзақтау кідірісті талап етіп, жай ырғақтық тұрғыдан бағалау жетіспейтін эмоционалдық мәні бар үзілістер жиі көрінеді. Сондықтан қазiргi өлең құрылысына қатысты бунақаралық кідіріс пен логикалық, эмоционалдық кідірістің арасын айқындап, белгілі бір ұғыммен атаған жөн. Бунақаралық жік қысқа болғандықтан кідіріс деп аталып жүр, ол дұрыс та. Ал енді тыныс белгісі мен синтаксистік біртұтас құрылым ішіндегі сөздердің инверсиялануы, тармақтардың тасымал арқылы бөлшектену нәтижесінде пайда болған тармақішілік жіктерге үзіліс деген ұғымды бекіткен дұрыс. З.Ахметов бұл терминнің жалпы өлең құрылысында осы түсінікке сай келмейтіндігін келтіреді аталмыш мақалада.

Цезура – бунақаралық жіктен ұзақтау кідіріс деген негізгі мәнінің шеңберінен шығып, орыс өлеңі теориясында эмоционалдық-интонациялық мәнге ие болған. Зерттеушінің Блок өлеңіне қатысты мына пікірі оған дәлел: «Скиф» өлеңіндегі цезураның рөлі – тек қана интонациялық-ырғақтық қана емес, мағыналық та» [6, 279].



Өлеңнің ырғақ негіздерінің ішінде көп адамға түсінікті, әрі жасау тұрғысынан жеңіл саналатын ырғақтық негіз – ұйқас. Сондықтан өлең құрылысында оған жеңіл қарау белең алып барады. Өлеңді зерттеушілердің біразы осы салада жаңалық жасауға жақын. Өлең теориясында термин жағынан келгенде ұйқас түрлерін атауда еркіндік көп байқалады. Олардың көптігінен зерттеушілердің өзі де жаңсақтық жіберіп алып жатады. Бір ғана абаб шалыс ұйқасы айқас деп берілсе, абәб кезектес ұйқас кей еңбектерде шалыс ұйқас деп беріліп жүр. Ұйқас мәселесінде егер жанында әріппен таңбаланбаса, түсініп, айқындау қиындық тудыратын жайлар кездесетіні жасырын емес. Қазақ өлеңінде дәстүрлі мынадай ұйқас түрлері белгілі: шалыс, кезектес, аралас, шұбыртпалы, қара өлең және егіз ұйқас. З.Ахметов оған мынадай жаңа ұйқас түрлерін қосады: «Ең көп кездесетін ұйқастар: (аа) егіз, шалыс ұйқас немесе кезектес ұйқас, қаусырмалы немесе орама ұйқас (абба). Соңғысы орыс поэзиясында жиі қолданылады, ал қазақ поэзиясында өте сирек. Қазақ поэзиясында аса мол кездесетін ұйқас әдетте қара өлең ұйқасы деп аталатын ақсақ ұйқас (ааба)... Абай қолданған ұйқастың жаңаша түрлері: алты тармақты қамтитын ұйқас – аабввб («Бай секілді») және «Сегіз аяқтың» ұйқасы – (аабввбгг) тағы басқалар» [7, 360]. Бұл үзінді де (абвб...кб) тақ тармақтар ұйқаспай, жұп тармақтардың ұйқасына негізделген кезектес ұйқас қазақ өлеңінде аса кең тараған ұйқас түрінің аталмай қалуы түсініксіз. Абайдың жаңа ұйқастары да зерттеуші еңбегінде басы ашық қалған. Алты аяқ ұйқасын жасауға егіз және қаусырма ұйқас түрлері қатысады. 1-2 және 4-5 тармақтар егіз ұйқасса, 3-6 тармақтар қаусырма ұйқас арқылы байланысады. Сондықтан бұл ұйқастардың кей зерттеушілерде аралас ұйқас деп көрсетіліп жүргені белгілі. Бірақ қазіргі қазақ өлеңінде тармақтары ретсіз ұйқасатын өлеңдер аракідік байқалып қалатындықтан бұл атау сол өлеңдердің ұйқасын дәл айқындайды. Абай ұйқастарындай ұйқас түрлері анық көрінетін ұйқас түріне құрама ұйқас деп атау жөн . Ал Абай мен Шәкәрім өлеңдерінде жиі көрінетін ааабвввб ...б...б болып өлшеусіз созыла беретін, ұйқасқа жанама және негізгі ұйқас егіз болғандықтан, бір ұйқас негізі бірнеше тармақта немесе тұтас өлеңге желі болып тартылатындықтан желілі ұйқас деп атау орынды. Ал Б.Кенжебаев осы аталған негізгі ұйқастар үстіне «бес тармақты тақ (ааббв) ұйқасты, алты тармақты жұп (ааббвв яки абабвв) ұйқасты, көп тармақты шұбыртпалы (ааааааааб), кезек (абабабабаб) ұйқасты болып келеді» [8, 95]. Кезектес ұйқас кестесі зерттеушіде тақ және жұп тармақтардың өзара үндестігі ретінде көрсетілген. Ал барлық әдебиетте мұндай үндестік шалыс ұйқас өрнегі болса, кезектес ұйқас өрнегі – абвбгб...сб, яғни ол тақ тармақтың ұйқассыз қалып, жұп тармақтың үндестігіне негізделетін ұйқас. Міне, өлеңтанудағы ұйқас негіздерінің үндесу ретіне байланысты басы ашылмаған мәселелер осындай болса, оларды бір дені оның дыбыстық сапасына қатысты.

Зерттеуші Б. Қабош ұсынған толымсыз ұйқас түрі, яғни Т.Шапайдың «Ой түбінде жатқан сөз» еңбегінде қолданған кетік ұйқас түрі тармақтардың ұйқасу ретіне, ырғақ жүйесіне қатысты емес. Ол қазақ поэзиясында кең тарап, тамыр жаймаған соң және ұйқастың дыбыстық сапасына қатысты болғандықтан, оған белгілі атау беру қажеттілігі жоқ. Ұйқастарды дыбыстық сапасына сай толымды - толымсыз, бай - жұтаң, тайыз - терең деген жіктерге ажыратады. Бірақ бұл үшеуі үш түрлі ұғымды білдірмейді, бір ғана құбылыстың үш түрлі атауы. Оны толымсыз ұйқастар аясында қарастырған дұрыс. Ұйқастың дыбыстық сапасына келгенде зерттеушілер жаңылатын мәселе – бір буынды, екі буынды, үш, төрт, бес буынды ұйқастарға қатысты. Бір ғана буыны ұйқасып, өзгелері ұйқаспайтын бес буынды сөздерді бес буынды ұйқас деп жүрген зерттеушілер де бар.

Бір баритон - осы хордың солисі

қайталайды найзағайдың күркірін.

Қолқа қауып қүңірсіген қан иісі,

Содан қайтып ілінбейді кірпігім.

Өлең шумағының 1-3 және 2-4 тармақтары өзара шалыс ұйқас ретімен байланысады және солисіқан иісі деген сөздердің соңғы екі буыны ғана ұйқасқандықтан екі буынды ұйқас болса, күркірін- кірпігім екі сөздің үш буыны да ұйқасқандықтан олар үш буынды ұйқас негізі болады.

Шумақ – ырғақтық бірліктердің ішіндегі аса күрделісі. Өйткені оны жасауға ырғақтық жүйенің ең кіші бөлшегі буындар мен бунақтардан күрделі бірліктері тармақтарға дейін, тіпті оларды сабақтастыратын ұйқастар, тармақтардағы сөйлемдердің өзара синтаксистік байланысы қатысады. Көп еңбектердегідей тармақ сандарын санап, ұйқас түрі мен дыбыстық сапасын айқындаудан аспайтын санақтық (статистикалық) үрдіспен шектелсе, ақынның сөздерді орналастыру арқылы білдіргісі келетін мазмұндық жүк ойсырап қалады.

«Әдебиет жанрларының арасында тілдің дыбыстық жүйесіне дәл өлең- жырдай жақын жанрды таба алмайсыз» [9, 237] деген ғалым С.Абдрахманов пікіріне сай поэзия тіл білімінің фонетика, морфология, синтаксис сияқты барлық салаларына жақын жанр. Фонетикаға өлеңнің ұйқас, жалпы дыбыстық сапасы, аллитерация, анафора, ассонанс, диссонанс сияқты құбылыстар. морфологияға ұйқастың жасалуы мен құрамы, ал синтаксиске шумақ құрамындағы тармақтардың өзара байланысу ерекшеліктері тікелей сабақтас. Сондықтан Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысын зерттеген тілші-академик Р.Сыздықованың «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» атты еңбегіне әдебиетші ғалымдар көп жүгінеді. Өйткені ақын өлеңдегі ойды дәл жеткізу үшін сөздерді белгілі мақсатпен орналастырады, ұйқасушы негіздердің тармақ соңына келуі де сөздердің орын тәртібі мен байланысу түрлеріне тәуелді. Сондықтан тіл білімінің синтаксис саласын айналып өту мүмкін емес. Академик З.Ахметов өз еңбектерінде өлеңнің құрылымдық ерекшелігін қарастыруда синтаксистік инверсия, сөздердің синтаксистік байланысу тәсілдерін ескеріп отырады. Орыс өлеңінің білгірі М.Гаспаровтың «Ритм и синтаксис. Происхождение «лесенки» Маяковского», С.Матяштың «Стихотворный перенос: к проблеме взаимодействия ритма и синтаксиса», Ж.Дозорецтің «Некоторые аспекты взоимодействия ритма и синтаксиса», И.Ковтунованың «Поэтический синтаксис» атты еңбектері синтаксистік құрылымның өлеңнің ырғақтық-интонациялық жүйесіндегі маңызын бағамдайды.

Бүгінгі поэзияда тіл білімінің пунктуация саласына қатысты мәселер көріне бастады. Қазіргі ақындардың поэзиясында тыныс белгілер жүйесінің мән-маңызы жекелеген сөздерден кем емес. Ақындар сөздердің орнына тыныс белгілер қою арқылы мәтіннің эмоционалдық мазмұнының тереңін танытуды мақсат етеді. Ф.Оңғарсынова, Е.Раушанов, Т.Әбдікәкімов, Ұ.Есдәулет, Г.Салықбай сияқты көрнекті ақындармен қатар поэзияның жаңа кезең өкілдерінің шығармашылығында тыныс белгілер жүйесі белсенді қолданысқа енген. Қазіргі поэзиядағы тыныс белгілердің мән-маңызы жоғарыда аталған диссертацияларда айқындалады.

Қазіргі өлеңтану жаңа мәдени-әдеби үрдістердің ықпалымен еніп жатқан жаңа ырғақтық жүйелерді жатырқамай оларды қазақ әдебиет теориясына енгізіп, мәнін толық ашу, поэзияны өсірмесе, кемітпейді. Қазіргі поэзияда ақ өлеңдер, прозалық өлеңдер, верлибрлер сияқты дәстүрден тыс ырғақтық жүйелер талантты ақындардың шығармашылығынан бой көрсетіп жатады. Осы жаңалықты бірді-екілі өлеңдерде көрінгендіктен елеп-ескермей кетпей, қайта ақын ізденісінің бір сипаты ретінде бағалап, сол соны ырғақтық жүйелердің теориялық тұжырымдамасы жасалғаны орынды. Өлеңнің тың түрлерінде дәстүрлі өлшемдерден қол үзбей, жаңалықты жатырқамаған жағдайда ғана әлемдік мәдениеттің көшінен қалмаймыз. Оған М.Жұмабаевтың поэзиясы, жалпы шығармашылық жолы дәлел. Ақынның Батыс-Шығыс мәдениетін жатырқамай үйреніп, ұғынып, жаңашыл әдебиет қалыптаса бастаған тұсында поэзияны биік сатыға көтеріп кеткендігі көркемөнердің үлкен олжасы еді. «Бір ақын көп еліктесе, сол көп еліктеуші Мағжан деуге болады. Мағжан еліктегенде орыс, татар, араб деп талғамайды. Кімнің сөзі көңілге жақса, соған еліктеп жазады. Сондықтан Мағжанның алғашқы кездегі өлеңдерінде неше түрлі рух бар» [10, 415], – деп жазушы Ж.Аймауытов Мағжан поэзиясының қайнарларын дөп таниды.

Әдебиеттің өзге әдебиетке әсер етуі көбінесе аударма жолымен іске асады. Ғалым С.Абдрахманов: «Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ аудармасы, оның ішінде поэзия тәржімасы ұлттық өнерімізді барынша байыта түсті» [9, 267] – деп Абай мен Шәкәрімнен бері қалыптасқан аударма ісінің әдебиеттегі жаңа өріс ашу мүмкіндігінің молдығын бағамдайды.

Орыс поэзиясында верлибрлер мен прозалық өлеңдер жалпылық үрдіс алып келсе, бізде поэзияның бұл түрлері тәжірибелік деңгейде санаулы ақындар шығармашылығында ғана кездеседі. «Қазір орыс поэзиясының алдында екі түрлі мүмкіндік ашылып отыр: әрине, екеуі де қиындықпен берілуде. Біріншісі, өлшемдер аясын кеңейту – бұл, верлибрлердің алуан түрлерін кеңінен меңгеру... Екіншісі – ескі өлшемдерді жаңғырту» [11, 306] – деп ғалым М.Гаспаров қазаіргі орыс өлеңінің даму үрдісіндегі негізгі мәселені дұрыс айқындайды. Бұл байлам орыс өлеңіне қатысты айтылса да, бұл мәселе қазақ өлеңін сырт айналып кетпесі анық. Қазақ ақындары екінші жолды абыроймен атқарып келе жатыр. Ал бірінші жол санаулы ақындардың ғана көтере алар жүгі болып отыр. Бұл жол әрине, жеңіл емес. Өзге жұрттың өлеңі қазақ өлеңінде тереңнен тамыр тартып, орнығатынына сенім болмаған соң ба, ақындар тарапынан белсенді ізденіс байқалмайды. Кей зерттеушілер еркін өлеңді верлибр деп атап жатады. Бірақ бұл ұғымды еркін өлең түріне академик З.Ахметов ешқашан пайдаланған емес. Орыс өлеңтанушылары да оны еркін өлеңнің ерекше түрі екенін атап көрсетеді. «Бұл күндері vers libre үлкен жеңістерге жетті. Оның біздің дәуірге тән өлең екендігін айтатын уақыт келді. Оған деген проза шегіндегі проза ретінде көрінетін өлең сияқты көзқарас тарихи да, тероиялық та шындық емес» [12, 38].

Мұндай қазақ өлеңіне тән емес үлгілер ақын А. Нұрғазыұлының «Ұйқысұраған біреудің жыр парағы» деген атпен «Шетел әдебиеті» газетінде жарық көрген топтамасында көрінеді. Ақын өлеңдерінде өлеңге тән ырғақтық негіздерден қалғаны шумақ қана. Ұйқас та, бунақтар сабақтастығы да, белгілі бір ырғақтық-интонациялық бірліктердің жүйемен дәл немесе ерікті қайталануы да көрінбейді.

Осындай жаңа үрдіспен жазылған жырлар елеусіз өтіп кеткені, ақындар мен зерттеушілер арасынан оны жақтаушылар мен терістеушілердің болмауы әдебиетті жасаушылардың жаңалықты жатырқауы немесе оған немқұрайдылығын байқатады. «Қазіргі поэзияның жетістік, кемшілігін айта алмай жатқандығы сынымыздың сыңар езулі екендігі рас, ал оны қауым болып, қаумалап тану, оқу да азаматтыққа сын» [13, 183] деген көрнекті сыншы С.Әшімбаевтың бұл пікірі осыдан біраз жыл бұрын айталса да, қазір өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жалпы ұлт поэзиясына соны леппен келген жаңашыл ақындардың шығармашылығына шынайы баға беріліп, терең талданса, ол әдеби үдерістің ширауына қызмет етеді.

Орыс әдебиетінде бұл өлең түрінің арнайы өкілдері, олардың тұрақты өтетін фестивальдері бар. Бұлардың өлеңдерін сынаушы, бағалаушы зерттеушілер де көп. М.Гаспаров: «Әрине, верлибристер тең құқық үшін күресіп жатыр, фестивальдер ұйымдастырып, антологиялар шығаруда. Бірақ осы күрестен орыс оқырманының өлең сезінуі әлемдік стандартқа жете алмай жатқаны көрінді: кеңес мәдениетінің талғамдық инерциясы оншақты жылдарды игеру қажет», – дейді. Ақын М.Шаханов Түркияға барған сапарында осы елдің қазіргі поэзиясынан дәстүрлі ырғақтық- интонациялық жүйені, өлшемдерді таппай, дүдәмал күй кешуі де қазақ поэзиясы артқа қарайламай, алға ұмтылыс жасау қажеттігін айқындап бергендей.

Қазіргі поэзияның бунақталуының да дәстүрлі жүйелерден өзгеше тұстары кездеседі. «Кейде ақындар өз өлеңдерінде буын саны төрттен көп бірлі жарым сөзді қолдануға ұмтылғанымен, жалпы алғанда бұл қазақ өлең құрылысына тән нәрсе дап санауға болмайды» [14, 153] деген академик З.Ахметов пікірі бұрынғы дәстүрлі поэзияға қатысты алынса, қазіргі қазақ өлеңінде жеті, алты, бес буынды бунақтардың пайда болғаны байқалады. Ол әсіресе көп буынды өлеңдерде молынан ұшырайды.

Қазіргі поэзияда аса көп буынды, күрделі құрылымдардың, оның ішінде жиырма буынды өлшемнің белгілі бір айқындалған өрнегі жоқ. Жиырма буынды өлшем әр түрлі кестемен өзге ырғақтық-интонациялық құрылымдармен сабақтастықта ғана өте сирек ұшырасады. Қазақ ақындарының арасында Ф.Оңғарсынованың бірқатар өлеңдерінде бұл өлшемнің мынадай әртүрлі өрнектері табылады: 5+6+4+5, 5+7+5+3, 6+6+5+3.

Қазақ өлеңінде аса ұзын ырғақтық құрылымдар ақын Ф.Оңғарсынова шығармаларында көп. Ақын өлеңіндегі жиырмадан аса буыннан тұратын құрылымдар өзге өрнектермен шебер қиыстырылып, өлең интонациясын түрлендіреді.

6 8 7


Мен жұрт айтып жүрген // хор қызы сынды болсам да, // сұлулығыңнан сенің // аса алман. -3 .

Немесе:


7 5 5 6

Менің өмірбаяным // – басталған деп жүр // бағзы біреулер // жабайы тірлік пен // бақ-малдан. -3 .

Ал бес буынды бунақтар қазіргі қазақ өлеңінің дәстүрлі өлшемдік бірлігі ретінде өлеңнің құрылымдық жүйесіне әбден бекінді. Ақын Қ.Мырзалиев өзінің өмірден түйгендерін 5+3+5+3 өрнегімен жеткізеді.

Өмірдің өзі // жұмбақ бір, // өмірдің өзі // қызық-ақ,

Жап-жақсы жырды // кейде біз // түзеумен жүрміз // бұзып ап.

Ақын Т.Айбергеновтың қазақ поэзиясының аса көрнекті үлгілерінің бірі «Сағыныш» өлеңі он сегіз буынды өлшемдерге негізделгенмен, ырғақ ауырлығы байқалмайды, қайта өлең интонациясы ширақ, жеңіл.

5 5 5 3

...Сағынбай барсаң, // теңіз де сенің // тебіренбес жастық // шағыңдай



Бұлбұлдың даусын // есіте алмайсың // бауларға кірсең // сағынбай

Сағынбай барсаң, // таулар да сенің // алдыңнан шықпас // асқақтап,

Ойлауың мүмкін // дүниені мынау // кеткен екен деп// тас қаптап...

Қазақ өлеңіндегі тармақтардың буын саны артып, күрделенген сайын, ондағы ырғақтық бірліктер – бунақтардың да буын сандары көбеюде. Солай болуы заңды да, күрделі, көп буынды тармақтарда буын сандары емес, сөз тіркестері, синтаксистік құрылымдар маңызды болатынын қазақ өлеңіндегі Ф.Оңғарсынова өлеңдерінің құрылымдық жүйесінен көрінеді. Қазақ өлеңіндегі осындай көп тармақты күрделі құрылымдардың синтаксистік құрылысына, сөздердің өзара байланысына негізделіп, ырғақ түзетіндіктен өлең синтаксисіне маңыз берілуі керек. Ал әзірше тіл білімінің синтаксис саласымен тығыз байланыста ғана мәні ашылатын қазақ өлеңінің бұл мәселесімен тілшілер ғана айналысуда. Осы салаға қазақ өлеңтанушыларының назары аударылуы қажет. Қазіргі өлеңдердің құрылымдық сапасының теориялық мәселерінде поэзияның эволюциялық дамуы туғызған бірқатар шешілмеген мәселелер тұр және оларды айналып өту мүмкін де емес. Қазіргі өлеңнің ырғақ жүйесін зерттеп жүрген ізденушілердің еңбектерінде олардың шешімін табуға талпынысы жиі байқалады. Осындай ізденістердің нәтижесінде өлеңтанудың өзі ұсынған түйіткілдер мен қайшылықтардың шешімі табылары даусыз. Сондықтан бұл бағыттағы ізденістер жалғасуы тиіс.




1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   37


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет