Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы



Дата01.05.2016
өлшемі202.29 Kb.


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы

2013 жылғы 4 шілде №258Астана қаласы

Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы

білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын

бекіту туралы
«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 44-5)-тармақшасына, «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» 2002 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына, «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» 2013 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 499 қаулысына сәйкес бұйырамын:

1. Қоса беріліп отырған Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің үлгілік қағидалары бекітілсін.

2. Осы бұйрыққа 6-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

3. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ж.А. Жонтаева):

1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.

4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Білім және ғылым вице-министрі М.А. Әбеновке жүктелсін.

5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Министр Б.ЖҰМАҒҰЛОВ.
«Келісілді»

Қазақстан Республикасының

Денсаулық сақтау министрі

___________________ С. Қайырбекова

«___» ____________ 2013 жыл
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің

2013 жылғы «4» маусымдағы № 258 бұйрығымен бекітілген
Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары түрлері қызметің үлгілік қағидалары
1. Жалпы ережелер

1. Осы Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі және «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» 2002 жылғы 11 шілдедегі заңдарына сәйкес әзірленді және «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымын қоспағанда, меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.

2.Осы Үлгілік қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

арнайы білім беру ұйымы – бұл мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы жағдайлар жасауды, техникалық құралдармен, сондай-ақ медициналық, әлеуметтік қызмет көрсетулерді, оқыту мен тәрбиелеудің арнайы бағдарламалары мен әдістерін, диагностикалау мен консультация беруді қамтамасыз ететін білім беру ұйымы;

даму мүмкіндігі шектеулі бала – бұл Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген тәртіпте тұқымқуалаушылығына, туылғанына, жүре пайда болуына байланысты өмір әрекетінде белгілі бір шектеулігі бар психикалық және дене дамуында ауытқушылығы бар балалар.

арнайы мектепке дейінгі ұйымдар Мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту стандартына, арнайы бағдарламаға сәйкес бір жастан бастап мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуді, оқытуды, дамытуды, қарауды, күту мен сауықтыруды қамтамасыз етеді.

арнайы бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру ұйымдары (бұдан әрі – арнайы мектеп) Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру бағдарламаларының негізінде әзірлеген арнайы бағдарламаларын іске асырады.

Үлгілік қағидалар мектепке дейінгі ұйымдардағы арнайы топтарға және жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарға таратылады.

3.Арнайы ұйымдардың негізгі міндеті:

1) баланың денсаулығы мен өмірін сақтау;

2) баланың психикалық ерекшеліктерін есепке ала отырып кешенді емдеу, түзету мен әлеуметтік бейімдеу, тәрбиелеу мен оқыту үшін жағдайлармен қамтамасыз ету;

3) мүмкіндігі шектеулі балаларға жеке кешенді түзете қолдау көрсету;

4) баланың психикалық және дене дамуын түзету;

5) әлеуметтік бейімдеу мен кіріктіруге ықпал ететін қызметтің компенсаторлық амалдарын қалыптастыру;

6) мектеп алды даярлықтың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету;

7) тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, денсаулығын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ету;

8) балаларды тәрбиелеу, оқыту дамыту және денсаулықтарын сақтау мәселелері бойынша ата-аналарға консультациялық және әдістемелік көмек көрсету болып табылады.

Арнайы білім беру түрлеріне:

1) көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепке дейінгі арнайы ұйым;

2) есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепке дейінгі арнайы ұйым;

3) сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепке дейінгі арнайы ұйым;

4) тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балаларға арналған мектепке дейінгі арнайы ұйым;

5) зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектепке дейінгі арнайы ұйым;

6) психикалық дамуы тежелген балаларға арналған мектепке дейінгі арнайы ұйым;

7) көру қабілеті бұзылған балаларға арнайы мектеп;

8) есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы мектеп;

9) сөйлеу тілі бұзылған балаларға арнайы мектеп;

10) тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнайы мектеп;

11) зерде бұзылыстары бар балаларға арнайы мектеп;

12) психикалық дамуы тежелген балаларға арнайы мектеп;

13) арнайы кешенді «мектеп – балабақша»;

14) психологиялық-медициналық-педагогтік консультация;

15) оңалту орталығы;

16) психологиялық-педагогтік түзету кабинеті жатады.

5. Арнайы мектепке дейінгі және бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беретін арнайы ұйымдарда топтар мен сыныптардың толымдылығы балалардың санаты мен олардың жасына қарай «Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және білім беру объектілеріне санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» Санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1684 қаулысымен бекітілген «Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және білім беру объектілеріне санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» Санитариялық қағидаларына сәйкес жүзеге асады.

Топтар мен сыныптардың толымдылығы мыналарды қарастырады:

10-12 адамға дейін - сөйлеу тілі бұзылған, нашар еститін, тірек-қимыл аппаратында зақымдылығы бар балалар;

10-15 адамнан көп емес - нашар көретіндер;

12 адамнан көп емес - нашар көретіндер; жалпы сөйлеу тілінде күрделі кемістігі бар (алалия, дизартрия, ринолалия, афазия) сөйлеу тілі зақымдалған және жалпы сөйлеу тілі жеңіл түрде зақымдалған, жеңіл түрдегі ақыл-ойы кенжелеген, психикалық дамуы тежелген балалар жатады;

10 адамнан көп емес - көрмейтіндер, жеңіл түрдегі сөйлеу қабілеті зақымдалған, жүре пайда болған есту қабілеті зақымдалған, сөйлеу тілінің зақымдалуымен бірге (сөйлеу тілінің қалыпты деңгейде дамуымен қатар тұтықпасы бар балалар) негізгі есту қабілеті зақымдалған;

8 адамнан көп емес - естімейтіндер, есту қабілетінің зақымдалуымен қатар (естімейтіндер) үш жастан жоғары ақыл-ойы терең зақымдалған, жүре пайда болған есту қабілеті зақымдалған, сөйлеу тілі терең зақымдалуымен қатар нашар еститіндер, жеңіл түрдегі ақыл-ойы кенжелеп қалғандығымен қатар негізгі есту қабілетінің зақымдалуы;

6-8 адамнан көп емес - үш жастан жоғары (жеңіл түрдегі ақыл-ой кенжелеген, ақыл-ойы терең кенжелеген) зерде бұзылыстары бар балалар;

10-12 адамнан көп емес - зерде бұзылыстары (жеңіл ақыл-ойы кенжелеген) бар, психикалық дамуы тежелген;

6 адамнан көп емес - еркі жағынан және мінез -құлқы бұзылған, аутизм, екі немесе одан да көп ауытқушылығы бар балалар.
2. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған

арнайы білім беру ұйымдары түрлері қызметінің тәртібі
6. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарының (үлгі, түрлері) мәртебесі осы Үлгілік қағидаларға сәйкес жарғыда қарастырылады.

7. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген тәртіпте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарына мемлекеттік аттестаттау жүргізіледі.

8. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы мектепке дейінгі ұйымдарға және мектепке қабылдау психологиялық–медициналық-педагогтік консультацияның қорытындысы бойынша және ата-аналарының (заңды өкілдерінің) өтініштері негізінде қабылданады.

9. Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың жеке ерекшеліктерін есепке ала отырып, арнайы білім беру ұйымдарды құралдармен жабдықтауды, қажетті жағдай жасауды, материалды-техникалық қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

10. Көру, есту, сөйлеу қабілеті, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары мынадай білім беру деңгейлерінің жалпы білім беру бағдарламасына сәйкес жүзеге асырады:

1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту;

2) бастауыш сынып;

3) негізгі орта білім;

4) жалпы орта білім.

11. Зерде бұзылыстары бар, күрделі бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары арнайы бағдарламаларға сәйкес білім беру процесін жүзеге асырады.

12. Оқу жоспарының вариативті бөлігінің құрамына кіретін және бағыттың ерекшелігін көрсететін жұмыс оқу жоспары мен оқу пәндері бойынша бағдарламалар әзірлеуді арнайы мектептер мен арнайы сыныптар жеке жүзеге асырады.

13. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары олардың жарғысында анықталған оқыту нысанын, құралдары мен әдістерін дербес таңдайды.

14. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары өз қызметтерінде бейіне сәйкес жоғары оқу орындарымен, басқа да ғылыми мекемелерімен ынтымақтастықты жүзеге асырады.

15. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу, материалдық ынталандыру Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген тәртіпте анықталады.

16. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлерінің ғылыми дәрежесінің болуына байланысты мынадай қосымша ақы белгіленеді:

1) ғылым кандидаттары үшін – ең төменгі бір айлық жалақы көлемінде;

2) PhD және ғылым доктарлары үшін - екі айлық жалақы көлемінде.

17. Көру қабілеті бұзылған (көрмейтіндер; нашар көретіндер, амблиопия және қылыйлық) балаларға арналған арнайы мектепке дейінгі ұйымның қызметтері үш жастан алты (жеті) жасқа дейінгі балаларға арналған мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің арнайы оқу бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

Зерде бұзылыстары бар көру қабілеті бұзылған, (жеңіл түрде ақыл-ойы кенжелеген), тірек-қозғалыс аппараты, есту қабілеті бұзылған балаларға мектепке дейінгі ұйымның медициналық-психологиялық-педагогтік консилиумының жеке түзете-дамыту бағдарламасы бойынша дефектологпен, тифлопедагогпен, логопедпен, психологпен топтық және жеке түзеу сабақтары (кеңістікте бейімделуді дамыту, қоршаған ортамен таныстыру, ауызша сөйлеуді дамыту, ауызша сөйлеуді қалыптастыру) жүргізіледі.

18. Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы білім беру ұйымының қызметі мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың арнайы бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

Топ жас ерекшелігігі мен сөйлеу тілінің дамуына қарай жинақталады. Топтық және жеке түзету сабақтарын (есту қабілетінің дамуы, дұрыс сөйлеуді және айтуды қалыптастыру мен ауызша сөйлеу тілін дамыту) дефектолог, сурдопедагог, психолог жүргізеді.

Зерде бұзылыстары бар (ақыл-ой кенжеленудің жеңіл түрі), сонымен қатар тірек-қимыл аппараты, көру қабілетімен қоса есту қабілеті зақымдалған балалар мектепке дейінгі ұйымның медициналық-психологиялық-педагогтік консилиумның жеке түзете-дамытушылық бағдарламасы бойынша оқытылады.

19. Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектепке дейінгі ұйымның қызметі есту қабілеті мен зердесі қалыпты деңгейде дамыған екі жастан алты жасқа (жеті) дейінгі балалар, сөйлеу тілі кеш шыққан екі жастан үш жасқа дейін, жалпы сөйлеу тілі толық дамымаған, соның ішінде алалия, афазия, дизартрия, ринолалия, тұтықпа және сөйлеу тілінде ауытқушылығы бар балалар, сонымен қатар 1 жастан 4 жасқа дейінгі ең кемінде 6 ай кохлеарлық импланты бар, аутизмдік ауытқушылығы бар балаларға арналған мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың арнайы білім беру бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

Түзете-дамытушылық жұмыс дефектолог, логопед, психологтардың топтық және жеке түзету сабақтарының түрі ретінде көмек көрсетіледі.

20. Тірек–қимыл аппараты зақымдалған балаларға арналған мектепке дейінгі арнайы мекеменің қызметі емдік сауықтыру және емдік тәрбиелік міндетті көмек көрсету негізінде жүзеге асырылады.

Жеке көмекті қажет етпейтін өзбетінше қозғала алатын, балабақшаға баруға мүмкіндік беретін арнайы жағдайлармен (пандус, кең есік, мүгедек колясканы көтеретін көтерме, баспалдақ жанындағы көтерме, автоматты түрде ашылатын есіктер) қамтамасыз еткен жағдайда дербес қозғала алмайтын, қимыл қозғалыстың арнайы құралдарының немесе техникалық компенсаторлық (көмекші) құралдардың көмегімен жүре алатын балалар қабылданады.

Тірек–қимыл аппараты зақымдалуымен қатар қосалқы зердесінде жеңіл ауытқушылығы бар (жеңіл, орташа, ауыр) балалар мектепке дейінгі медициналық-психологиялық-педагогтік консилиум құрған жеке түзете-дамытушылық бағдарламасы бойынша оқытылады.

Түзету дефектолог, логопед, психологтардың топтық және жеке түзету сабақтарының түрінде жүзеге асырылады.

Емдік сауықтыру және емдік тәрбиелеу невропатолог дәрігер, физиотерапия, ортопед және емдік дене шынықтыру, физиоемдеу, массаж, жүзу бойынша жеке және топтық түрдегі емдік денешынықтыру бойынша дәрігердің басшылығымен жүргізіледі.

21. Мектепке дейінгі зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарының қызметі жеңіл, орта және психикалық дамуы тежелген, ақыл-ойы кенжелеп қалған немесе психикалық дамуы тежелумен ұштасқан аутизмі бар балалар үшін қарастырылады.

Ақыл-ойы кенжелеп қалған балалардың дамуындағы ауытқушылықты түзеу жеке және топтық түзету сабақтары түрінде логопед пен олигофренпедагогтердің көмегімен жүзеге асырылады.

22. Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы мектепке дейінгі мекеменің қызметі церебральды-органикалық, психогенді, самотогенді, конститутционалды шығу тегі бар псхикалық дамуы тежелген, сонымен қатар эмоционалды ерік-жігер сферасы мен психикалық дамуы тежелумен қатар ұштасқан аутизмі бар балалар үшін қарастырылады.

Бала дамуындағы ауытқушылықты түзету танымдық қызметті дамыту бойынша жеке және топтық түзету сабақтары түрінде психолог, логопед, олигофренопедагог, дефектологтар жүзеге асырады.

23. Күрделі кемістігі бар балаларға арналған мектепке дейінгі мекеменің қызметі психикалық және дене дамуында (көру, есту, ақыл ой дамуы және т.б.) екі немесе одан көп ауытқушылығы бар балаларға арналған.

24. Арнайы мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиелеу мен оқыту үрдісін психологиялық-педагогтік қолдау көрсетумен қамтамасыз ету үшін логопед, олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог, психолог, әлеуметтік педагог, емдік дене шынықтыру мәдениеті, ырғақ, Монтессори, сенсорлық кабинет, жұмсақ бөлме, жатын бөлме қажет.

Түзету жұмыстарында ауытқушылықтың түріне сәйкес дамуында ауытқушылығы бар балаларды оқытуды жүзеге асыратын арнайы білім беру мекемені қамтамасыз ететін және оқу-әдістемелік жабдықталу мен материалды-техникалық талаптардың ережелеріне сай компенсаторлық арнайы көмекші техникалық құралдар қолданылады.

25. Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған ұйымдар қызметі оқытудың арнайы түрі мен нысаны, оқулықтарды қолдану, көрнекі оқу құралдарын (көрмейтіндерге арналған рельефті-графиктер, нашар көретіндер үшін ірі шрифтер), тифлотехникалық құралдар, арнайы кабинеттер, жабдықтаудың санитарлық-гигиеналық талаптары және емдік тәрбиелеу жұмыстары негізінде жүзеге асырылады.

Оқу мен жазу тактильді-қимылды сезу негізінде Брайль жүйесімен қамтамасыз етіледі.

26. Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектептің қызметі көру-есту негізінде сөйлеу тілін қалыптастыруды дамытуды, психикалық және дене дамуындағы ауытқушылықты түзету және орынын толықтыруды, жалпы білім беру, еңбек және өзбетінше өмір сүруге әлеуметтік даярлауды қарастырады.

Естімейтін балалар дыбысты қатайтатын аппараттарды қолданумен есту және есту көру арқылы сөйлеу тілін қабылдау үшін сақталған есту қабілеттерін қолдануға үйренеді.

Есту қабылдауды дамыту және ауызша сөйлеуді қалыптастыру бойынша топтық және жеке сабақтар жүргізіледі.

Жүре пайда болған, нашар еститін балаларды оқыту үшін дифференциалды амалдармен қамтамасыз ету үшін арнайы бөлімшелер құрылады:

есту қабілетінің ауытқушылығына негізделген жеңіл түрде сөйлеу тілі толық дамымаған 10 адамнан көп емес;

есту қабілетінің ауытқушылығына негізделген сөйлеу тілі терең зақымдалған 8 адамнан көп емес.

Есту және есту-көруді қабылдауды дамыту және дыбыстап сөйлеуді қалыптастыру мен түзету жеке есту аппараттарды, дыбысты қатайтушы аппаратты ұжыммен қолдану негізінде жеке және топтық сабақтар жүргізіледі.

Есту арқылы қабылдауды дамыту және айту дағдыларын автоматизациялауда фонетикалық ырғақ сабақтары жүргізіледі.

27. Сөйлеу тілінде ауытқушылығы бар балаларға арналған арнайы мектептің қызметі сөйлеу тіліндегі ауытқушылықты жеңе білу мақсатында жүзеге асырылады және психикалық ерекшеліктеріне негізделе отырып бөлімшелер құрылады:

сөйлеу тілінде ауыр түрдегі бұзылыстары бар балалар үшін (алалия, дизартрия, ринолалия, афазия), сонымен қатар жалпы сөйлеу тілі зақымдалған, тұтықпасы бар балаларға арналған;

сөйлеу тілі толық дамыған, бірақ ауыр түрде тұтықпасы бар балаларға арналған.

Кохлеарлық импланты бар, 1 жастан 4 жасқа дейін кохлеарлық импланты қойылған балалар, имплантацияға дейін есту аппаратын 6 ай қолданған, аутизм мен сөйлеу тілінде ауыр түрдегі бұзылыстары бар балалар қабылданады.

Барлық сабақтарды оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде сөйлеу тілінің талаптарын сақтау негізінде сабақтан тыс арнайы логопедиялық және түзету-педагогикалық қолдау көрсетіледі.

28. Тірек-қимыл аппараты зақымдалған балаларға арналған арнайы мекеменің қызметі арнайы бағдарламаға сәйкес қимыл функцияларын қалыптастыру және дамыту, қалпына келтіруді, баланың сөйлеу тілін психикалық тежелуін түзетуді, әлеуметтік еңбекке бейімдеу, қоғамға ықпалдастыру қимыл тәртібі мен пәндік-тәжірибелік қызметтерді арнайы ұйымдастыру негізінде қоғамға кіріктіруді қарастырады.

Психологиялық-медициналық-педагогтік кеңестің ұсынысы негізінде ата-аналардың (қамқоршыларының) келісімімен тірек-қимыл аппараты ауыр түрде зақымдалған, қозғала алмайтын және өзіне қызмет көрсете алмайтын балалар үйде оқытылады.

29. Зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектептің қызметі ақыл-ойы кенжелеп қалған жеңіл және орташа түрдегі ауытқушылығы бар балаларды түзету оқыту мен еңбекке даярлаудың құралдарымен, сонымен қатар қоғамға біріктіру үшін әлеуметтік психологиялық оңалту арқылы жүзеге асырылады.

Балалар зердесінің зақымдалу деңгейлеріне қарай зерде бұзылыстары бар балаларды саралап оқыту үшін екі бөлім құрылады:

бірінші бөлімде жеңіл түрде зақымдалған балаларды оқыту бірінші үлгідегі оқу жоспары бойынша;

екінші бөлімде орташа түрде зақымдалған балаларды оқыту екінші үлгідегі оқу жоспары бойынша жүзеге асырылады. Орташа түрде зақымдалған балаларды оқыту жеке білім беру бағдарламасы негізінде жүргізіледі.

Арнайы мектепке дейінгі тәрбие мен білім алмаған балалар мектеп алды даярлықпен, оқытудың бастапқы деңгейімен және негізгі деңгейімен, сондай-ақ кәсіби еңбекке баулумен қамтамасыз етіледі.

Педагогтік кеңес шешімі бойынша жеңіл және орташа ақыл-ойы кенжелеп қалған оқушыларды біріктіріп оқытуға рұқсат етіледі.

Жағдайлардың болуына қарай тереңдетілген кәсіби дайындық сыныптары ашылады.

Бірінші бөлімнің оқушылары арнайы оқу бағдарламасын меңгерумен қоса бір мезгілде еңбек әрекетіне бағытталған кәсіби дайындық біліктілігін алады. Оқу аяқталған соң еңбекке баулудан оқушыларға қорытынды аттестация жүргізіліп, белгіленген үлгіде куәлік беріледі.

30. Психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы мектептің қызметі түзету және қалпына келтіру бойынша арнайы бағдарламаға сәйкес жүзеге асырылады. Оқушылардың бойындағы ауытқушылықтарды түзету деңгейі мен білім алуындағы жағымсыз мәселелерді жою негізінде жалпы білім беру мектебіне ауысуға мүмкіндігі сақталады.

31. Балалардың денсаулығының нашарлауына байланысты ұзақ мерзім үйінде оқытылған жағдайда станционарлық көмек, қалпына келтіру емдік шаралары мен медициналық оңалту дәрігерлік кеңес беру комиссиясының қорытындысы мен психологиялық-медициналық-педагогтік кеңестің ұсыныстары бойынша баланың денсаулық күйін есепке ала отырып бастауыш, негізгі, жалпы орта білім беру бағдарламасы немесе арнайы бағдарламасы негізінде оқытылады.

32. Мектепке дейінгі арнайы ұйымдар мен бастауыш, негізгі, орта арнайы білім беру ұйымдары 5 күндік немесе 6 күндік жұмыс аптасы бойынша білім беруді жүзеге асырады:

1) толық болу;

2) жарты күн болу;

3) тәулік бойы.

Ата-аналардың (заңды өкілдерінің) сұрауы бойынша демалыс және мейрам күндері жұмыс ұйымдастырылады, интернатта тұру, ерекшелігін есепке алғандағы тұрақты орналасуын қамтамасыз етіледі.

33. Психологиялық-педагогтік түзеу кабинеттеріне, оңалту орталықтарына, арнайы мектептер мен мектепке дейінгі арнайы ұйымдарға психологиялық-медициналық-педагогтік комиссияның шешімімен қабылданады.

34. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру ұйымының педагогтік кеңесі оқуында қиындығы бар балаларға арналған оқытудың жеке бағдарламасын бекітеді.

35. Психологиялық-медициналық-педагогтік кеңес қызметі (бұдан әрі - ПМПК) мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтауға, 0 жастан 18 жасқа дейін мүмкіндігі шектеулі балаларды есепке алу, диагноз қою, балалардың медициналық, арнайы білім беруді алу, арнайы әлеуметтік жағдайлармен қамтамасыз етуді, олардың дамуындағы ерекшеліктерін психологиялық-медициналық-педагогтік зерттеуге бағытталған.

Балаларды зерттеу және медицина бағытындағы қызметкерлерге кеңес беруді жүзеге асырады: бала психиатр-дәрігері, бала невропатолог-дәрігері, бала офтальмолог-дәрігері, педагогтік қызметкер: психолог, логопед, дефектолог (олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог), әлеуметтік педагог.

Жоғарыдағы көрсетілген мамандардың зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ортақ қорытынды мен ұсыныстар жасалынады.

ПМПК мамандардың жұмыс мерзімі аптасына 24 сағат, ал меңгеруші, тіркеу жасаушы, статистика жүргізетін мамандардың жұмыс мерзімі 30 сағатты құрайды.

36. Оңалту орталығының қызметі тууылған сәттен 18 жасқа дейін даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мен психологиялық-педагогтік түзету түрінде және кешенді психологиялық-медициналық-педагогтік көмек көрсетуге бағытталған.

Оқытудың мақсаты баланың мүмкіндігі мен қажеттіліктерін есепке ала отырып, жеке дамыту бағдарламасы құрастырылады, дефектолог, логопед, тифлопедагог, сурдопедагог, олигофренопедагог, психолог, әлеуметтік педагогтердің топтық жеке, ұжымдық сабақ түрінде жүзеге асырылады.

Ата-аналарға (заңды қамқоршы) арналған кеңес беру пункті, кіріктіру топтары, балалардың топта уақытша болуына мүмкіндік беретін дамуында әртүрлі ауытқушылығы бар мектепке дейінгі және ерте жастағы балаларға арналған топтар құрылады.

Медицинамен қамтамасыз ету дәрігер қызметкерлерімен жүзеге асырылады: емдік дене шынықтыру инструкторы, дәрігерлер (физиотерапевт, педиатр, невропатолог, психиатр, психотерапевт), медбике, массажистер және т.б.

37. Психологиялық-педагогтік түзету кабинеттерінің қызметі арнайы мектепке дейінгі мекемеге бармайтын 0 жастан 8 жасқа дейінгі балаларға, 3 жастан 6 (7) жасқа дейінгі дамуында ауытқушылығы бар балаларға түзете қолдау көрсетуге бағытталған.

Түзете-дамытушылық оқыту баланың жеке мүмкіндіктері мен психикалық және дене дамуының мүмкіндіктерін есепке ала отырып жеке дамытушы бағдарламалар анықталады.

Жеке және топтық сабақтарды дефектолог, логопед, тифлопедагог, сурдопедагог, олигофренопедагог, психолог, әлеуметтік педагог жүргізеді.

Ескерту. Бастауыш, негізгі және орта білім беру ұйымдарында 14-16 жинақталған сынып, ал арнайы мектепке дейінгі ұйымдарда сөйлеу қабілеті бұзылған 15-20 бала болған жағдайда ауызша және жазбаша сөйлеу тілінде ауытқушылықты түзету және алдын алу мақсатында логопедиялық пункттер құрылады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 4 шілдедегі № 258 бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

1. Арнайы білім беру ұйымдарының үлгiлерi мен түрлерiнің тiзбесiн, арнайы білім алуға мұқтаж адамдарға арналған білім беру ұйымдарындағы қажеттi орын санын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2003 жылғы 29 қарашадағы № 787 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 13 желтоқсанда № 2619 тіркелді, жариялануы: ҚР нормативтік құқықтық актілер Бюллетені, 2003 ж. № 37-42 , (883);

2) «Арнайы білім беру ұйымдарының үлгілері мен түрлерінің тізбесін, арнайы білім алуға мұқтаж адамдарға арналған білім беру ұйымдарындағы қажетті орын сандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2003 жылғы 29 қарашадағы № 787 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 202 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2006 жылғы 2 мамырда № 4219 тіркелді, жариялануы: "Заң газеті" 2006 жылғы 2 маусым № 99-100 (906), "Ресми газет" 2006 жылғы 17 маусым № 25 (286);

3) «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметiн ұйымдастыру тәртібі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі № 744 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2004 жылғы 19 қазанда № 3162 тіркелді, жариялануы: Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілер Бюллетені, 2005 ж., № 15, 94-құжат);


4) «Арнайы білім беру ұйымдары түрлерінің қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 3 қыркүйектегі № 712 бұйрығы. (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тізіміндегі актілері № 21538 тіркелді, жариялануы: "Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері Бюллетені", 2005 ж., № 15, 93 құжат.);

5) «Стационарлық емдеу-алдын алу, оңалту және басқа денсаулық сақтау ұйымдарында емдеу курсынан өтіп жатқан мүгедек балалар үшін оқу сабақтарын ұйымдастыру, оқу-тәрбие ұйымдарының мүгедек балаларды үйде оқытуда ата-аналарға көмек көрсету тәртібі туралы ережелерді бекіту туралы»


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 26 қарашадағы № 974 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 23 желтоқсанда № 3303 тіркелді, жарияланды: Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілер Бюллетені, 2005 ж., № 9-13);

6) «Білім саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 18 қарашадағы № 526 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2009 жылғы 9 желтоқсан № 5965 тіркелді, жариялануы: Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағы, 2010 жыл 20 сәуір);

7) Білім беру саласындағы әлеуметтік қызметкерлердің біліктілік талаптарын және оларды аттестаттау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірінің 2009 жылғы 30 наурыздағы № 145 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2009 жылғы 27 сәуірде № 5647 тіркелді, жариялануы: Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағы, 2009 жыл № 7; «Заң газеті» 2009 ж. 9 қазан № 154 (1577).

Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылғы 19 тамызда Нормативтік құқықтық келісімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №8629 болып енгізілді.




Каталог: demo -> wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> 2012 жылғы 29 қазан №413-ө-м Астана қаласы Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын (21-шығарылым) бекіту туралы
2013 -> Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2013 жылғы 19 маусым №627 Астана, Үкімет Үйі
2013 -> Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2013 жылғы 23 қыркүйек №993 Астана, Үкімет Үйі
2013 -> Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің бұйрығы 2012 жылғы 20 желтоқсан №897 Астана қаласы
2013 -> Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығы 2012 жылғы 29 қазанда №412-ө-м Астана қаласы
2013 -> Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы
2013 -> Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2013 жылғы 13 наурыз №234 Астана, Үкімет Үйі
2013 -> Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2013 жылғы 30 сәуір №445 Астана, Үкімет Үйі
2013 -> Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2013 жылғы 6 тамыз №800 Астана, Үкімет Үйі


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет