Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының №6 нормативтік қаулысы



жүктеу 169.53 Kb.
Дата01.05.2016
өлшемі169.53 Kb.
: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жіберілгендіктен жаңа шешім шығарылды ( үзінді)
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының

6 НОРМАТИВТІК ҚАУЛЫСЫ


28 қазан 2005 жыл Астана қаласы

Әскери қылмыстар жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы
Әскери қылмыстар туралы істерді қарау кезінде заңнаманы сот тәжірибесінде дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда әскери қызметті өткеруді белгілейтін тәртібі әскери қылмыстар объектісі болып табылатыны соттарға түсіндірілсін.

2. Әскерге шақыру бойынша не келісім-шарт бойынша Қарулы Күштерде, бас-қа да әскерлер мен әскери құрылымдарда әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер ғана, сондай-ақ запастағы азаматтар әскери жиындардан өту кезінде әскери қылмыс субъектілері болып табылады.

Егер қылмыстық әрекеттер әскери қызметті өткеру кезінде жасалса және қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтпеген болса, адам әскери қылмысы үшін әскери қызмет аяқталған соң да қылмыстық жауапқа тартылуға жатады.

3. Әскерге шақырудың, келісімшарт бойынша әскери қызметке, оның ішінде әскери жиындарға шақырудың және өтудің, әскери қызметтен босатудың және жиындарды аяқтаудың тәртібі Заңдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен анықталады.

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңының 6-бабының 2-тармағының талаптарына сәйкес әскери қызметті өткеруді және онымен байланысты өзге мәселелерді реттейтін Қазақстан Республикасы Заңдарының нормалары арасында қарама-қайшылық туындаған кезде кейінгі қабылданған заңның нормалары қолданылады.

4. Жедел қызмет бойынша әскери қызметшілер, келісімшарт және шақыру бойынша әскери қызметшілер, әскери жиындардан өту кезіндегі запастағы азаматтар үшін әскери қызметті өткерудің басталуы әскери қызмет туралы заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерде мазмұндалған ережелерге сәйкес анықталады.

Әскери бөлімнің жеке құрамының тізімдерінен шығарылған күн әскери қызметшілердің барлық санаттары үшін әскери қызметті өткерудің аяқталған уақыты болып табылады.

Әскери қызметшінің нақты әскери қызметтің лауазымдық міндеттерін орындағаны туралы мәселені шешу кезінде әскери қызмет туралы нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алу қажет.

5. Қылмыстық іс жүргізуші орган Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 16-тарауының бірқатар баптарының диспозициясы бланкеттік (сілтемелік) болып келетінін ескеріп, әрбір нақты жағдайдағы әскери қылмыстар үшін адамды жауапқа тартқанда әскери қызметті өтеудің жалпы тәртібіне, сондай-ақ тәуліктік наряд қызметін атқаруға, қарауылға, мемлекеттік шекараны күзету бойынша нарядқа, жауынгерлік кезекшілікке және әскери жарғыларда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша нарядтың әскерлер құрамына қатысты бұзылған ережелердің мазмұнын анықтау қажет.

ҚК-нің 12-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, қылмыстық заңның жалпы және арнаулы нормаларының бәсекелестігі кезінде қандай норма жалпы, ал қандай норма арнаулы екенін анықтау қылмыстық іс жүргізуші органға жүктеледі. Осы орайда әскери қылмыстарды дәрежелеу кезінде арнаулы норма қолданылуы тиіс.

6. Әскери қылмысты өзге қылмыстан ажырату кінәлінің ниетінің бағытталуына қарай жүзеге асырылуы тиіс, сондықтан бір әскери қызметшінің басқаларға күш көрсету әрекеттері әрқашан ҚК-нің 370-бабы бойынша дәрежеленбейді.

Бір-біріне бағынышты емес әскери қызметшілердің өзара қарым-қатынастарын реттейтін жарғылық ережелерді бұзу деп, бір әскери қызметшінің басқаларға қызметке байланысты немесе олардың ең болмағанда біреуінің қызметтік міндеттерін орындауы кезінде, сондай-ақ басқа да жағдайлар кезінде, бірақ әскери ұжым-ға көрінеу құрмет көрсетпеуге, бөлімшенің ішкі тәртібін өрескел бұзуға ұласқан ҚК-нің 370-бабының диспозициясында көрсетілген күш көрсету түсініледі. Күш қолдану - әскери қызметшіні ұрып-соғу және денесін ауырту, сондай-ақ масқаралау, ар-ождан мен қадір-қасиетін кемсіту, азық-түлікті, арнайы киім бұйымдарын, сондай-ақ әскери қызметшіге берілген заттар және өзге де қажеттілік мүліктерін алып қою немесе айырбас жасау түрінде болуы мүмкін.

Мүліктік, некелік-отбасылық және басқа да азаматтық құқықтық қатынастар-ға немесе міндеттемелерге байланысты күш қолданушылық, әскери-құқықтық тәртіпке қатысы жоқ жеке адамға, бөтеннің мүлкіне қарсы қылмыстар және әскери қызметке қатыссыз қылмыстар үшін жауапкершілік көзделген ҚК-нің баптары бойынша дәрежеленуі тиіс.

7. ҚК-нің 370-бабы екінші бөлігінің а) тармағында көзделген қылмыстың бірнеше рет жасалу белгісі бойынша, егер адам бұрын жасаған әрекеті үшін жауаптылықтан босатылмаса не ол үшін соттылығы алынбаса, не жойылмаса және қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімі өтпесе, әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық ережелерін екі немесе одан да көп бұзу деп дәрежелеу қажет.

Қылмыстың жалғаспалы белгісі болмаған кезде әр түрлі уақытта белгілі бір адамға қатысты жасалған әрекеттер бірнеше рет жасалған әрекеттер деп дәрежелеуге жатады.

Екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған қылмыстық қимылдар бір ниетпен қамтылып жалғасқан болса, бірақ әр түрлі себептермен бір мезгілде жүзеге аспаса, бір уақытта, сол секілді әр мезгілде бірнеше адамдарға қатысты жасалған әрекет деп танылып, ҚК-нің 370-бабы екінші бөлігінің б) тармағы бойынша дәрежелеуге жатады. Осы орайда соттар кінәлінің ниетінің бағытталуын, жасалған қылмыстың нақты мән-жайын және оның себептерін, әр түрлі жәбірленушілерге қатысты жасалған әрекеттердің арасындағы уақыт шегінің ұзақтығын және т.б. зерттеуі тиіс.

8. Әскери қылмыстарды адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының немесе ұйымдасқан топтың жасау белгісі бойынша дәрежелеген кезде ҚК-нің 31-бабының ережелерін ескеру қажет.

Қылмыс жасауға бір-біріне бағыныштылық қатынастарының маңызы жоқ екі және одан да көп әскери қызметші қатысқан жағдайлардағы әрекеттер аталған саралаушы белгілер бойынша дәрежеленуі тиіс, сондай-ақ олармен бірге қылмыс жасауға қатысқан әскери қызметші болып табылмайтын адамдардың әрекеттері ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші ретінде әскери қылмыс жасауға қатысу деп дәрежелеуге жатады.

9. Егер бастық қызметтік жағдайы бойынша өзіне тең әскери қызметшіге жарғыдан тыс әрекет жасаған кезде оның қылмыстық іс-әрекетіне оған да, сондай-ақ жәбірленушіге де бағынышты адам қосылған жағдайда, бастықтың әрекетін ҚК-нің 370-бабымен, ал бағыныштының әрекеті олардың қайсысының қылмыс жасауға бастамашы болғанына және қылмыс жасауды бастағанына қарамастан, бастыққа күш қолдану әрекеті ретінде ҚК-нің 369-бабының тиісті бөлігімен дәрежеленуі керек.

Егер бастық бағынышты адамға жарғыдан тыс іс-әрекеттер жасаса және оған қызметтік жағдайы бойынша жәбірленушіге тең әскери қызметші қосылса, соң-ғының іс-әрекеті лауазымдық қылмысқа қатысу ретінде дәрежеленеді.

10. ҚК-нің 368-бабы екінші бөлігінің б) тармағында, ҚК-нің 369-бабының екінші бөлігінің б) тармағында және ҚК-нің 370-бабы екінші бөлігінің г) тармағында көзделген қылмыс құрамында қолданылатын қару деп «Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес конструкциялық жағынан алғанда тірі нысананы жоюға арналған құрылғылар мен заттар: атыс қаруы, суық қару, газды-қару, электрлі қару, пневматикалық қару, лақтырылатын қару түсінілуі тиіс. Оларға соғыс қол атыс қаруы мен суық қару (автомат, пулемёт, пистолет, карабин, винтовка, қанжар, шолақ қанжар) және қолдан дайындалған (шолақ мылтық, фин пышағы, кастет, стилет және т.б.) өзге атыс және суық қарулар жатуы мүмкін.

Шаруашылыққа немесе басқа да мақсатқа арналған заттардың өзге де түрлерін (бәкі, шаппа, ас үй пышақтары, балта, таяқ және т.б.) пайдалану қылмыстың жасалу белгілері бойынша қару қолданып жасалынған деп дәрежелеуге негіз бола алмайды.

11. ҚК-нің 368-бабының екінші бөлігінде, ҚК-нің 369-бабының екінші бөлігінде, ҚК-нің 370-бабының үшінші бөлігінде және ҚК-нің 380-бабының екінші бөлігінде көрсетілген ауыр зардаптарға жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру, оның ішінде абайсызда кісі өліміне соқтыру, адамды өзін-өзі өлтіруге дейін немесе өзін-өзі өлтіруге оқталуға дейін жеткізу, әскери тапсырманы орындауды болдырмау, апат немесе аварияның болуы, әскери техниканы істен шығару, ірі материалдық залал келтіру және т.б. жатады.

Мұндай салдарлар ҚК-нің осы баптарының диспозицияларымен қамтылады және өзге қылмыстар құрамымен қосымша дәрежелеуді талап етпейді.

Егер кінәлінің әрекеттері осы әскери қылмыстарды жасаған кезде кісі өлтірумен ұштасса, онда олар ҚК-нің 96-бабы бойынша қосымша дәрежеленуге жатады.

Жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына ауыр зардап келтірген бастықтың немесе лауазымды адамның билікті асыра сілтеуі немесе қызмет өкілеттігін теріс пайдалануы осы ереже бойынша дәрежеленуі тиіс.

12. Бір-біріне бағынышты емес әскерилердің өзара қарым-қатынастарын реттейтін жарғының ережелерінің бұзылуы (ҚК-нің 370-бабы), бастықтың, лауазымды адамның билікті теріс пайдалануы, асыра сілтеуі немесе әрекетсіздігі (ҚК-нің 380-бабы), жәбірленушінің жеке меншігіндегі бұйымдары мен заттарын алып қоюға ұласса, онда бұл әрекеттер әскери қылмыстар мен жеке меншікке қарсы қылмыстардың жиынтығы бойынша дәрежеленуге жатады.

Егер күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту қызметті өтеу кезеңін-де әскери қызметшіге берілетін заттарды немесе әскери киім бұйымдарын алып қоюға ұласса, онда мұндай іс-әрекеттер ұрлау ниеті болмаған жағдайда әскери қылмыс үшін жауаптылық көздейтін қылмыстық заңның баптарының диспозициясымен қамтылады.

13. Айналасындағы адамдардың көзінше жәбірлеушінің беделін түсіру, оның адамгершілік қадір-қасиеті мен әскери шенін кемсіту деп әскери қызмет міндеттерін орындау үстінде немесе орындаумен байланысты бір әскери қызметшінің басқа әскери қызметшіні қорлауы болып танылады. Кемсіту жасалу әдісі бойынша ауызша, жазбаша немесе іс-әрекет түрінде болуы мүмкін.

Егер қорлау жәбірленушінің әскери қызмет міндеттерін орындауымен байланысты болмай, әскери қызметшілердің өзара жеке қарым-қатынастарының негізінде орын алса, онда әскери қылмыс деп танылуға тиіс емес және ҚК-нің 130-бабы бойынша дәрежеленеді.

14. Кінәлінің бөлімді немесе қызмет орнын уақытша қалдыру ниетінің болуы немесе оның шегінен тыс жерлерде болуы және бөлімге немесе қызмет орнына оны жалғастыру үшін қайта оралу ниетінің бар болуы ҚК-нің 372-бабымен көзделген қылмыс құрамының субъективтік жағының міндетті белгісі болып танылады.

Әскери бөлім немесе қызмет орнын әскери қызметшінің тастап кету сәті, сондай-ақ оның қызмет орнына белгіленген мерзімде келмеуі - бөлімді өз бетімен қалдырудың басталуы деп, әскери қызметшінің әскери орган басқармасына немесе әскери бөлімге келген сәті, не оны ұстаған уақыт - аяқталуы деп танылады.

Әскери қызмет міндеттерін өтеуден жалтарған адамның қандай да бір жеке және қызметті өткеру бойынша міндеттерін орындаумен байланысы жоқ өзге де себептермен әскери бөлімге уақытша келуі, өз бетімен болмау кезеңінің тоқтағанын білдірмейді.

15. Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кетуден қашқындықты ажырата білу қажет. Өйткені қашқындықтың мақсаты әскери қызметтен мүлдем жалтару болып табылатынын, ал бөлімді өз бетімен тастап кетудегі мақсат әскери қызметтен уақытша жалтару болып табылатынын назарда ұстаған жөн.

Қашқындықтың аяқталуы деп - субъектінің әскери қызметтен іс жүзінде жалтарып, әскери бөлімді немесе қызмет орнын тастап кеткен, не бөлімге белгіленген мерзімде келмеген сәттен бастап танылады. Қашқындық кезіндегі әскери қызметтен жалтарудың себептері мен ұзақтығы оны дәрежелеуге әсерін тигізбейді.

Қашқындық ұзаққа созылатын қылмыс ретінде, әскери қызметші қызмет орнына өз еркімен оралған, кінәсін мойындап келген, оны ұстаған сәттен бастап тоқтады деп есептеледі.

Қызмет орнына өз еркімен оралу, кінәсін мойындап келу, ҚК-нің 373-бабына жасалған ескертпеде көрсетілген жағдайлардан басқа, қашқындықтың аяқталған құрамы мен қылмыстық жауапкершілікті жоққа шығармайды, бірақ жаза тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін.

16. ҚК-нің 373-бабының екінші бөлігінде көзделген қызмет бойынша сеніп тапсырылған қару деп, Қарулы Күштер мен басқа әскери құрылымдарда қарулануға қабылданған, әскери қызметшінің әскери қызмет бойынша оған жүктелген міндеттерге сәйкес иеленуге құқығы бар, табельді атыс қаруын және өзге де қаруды түсіну керек.

Әскери қызметшінің оған бекітілген суық қаруды (атылатын қарудың қанжар-пышағын, басқа да арнайы армия мен флот пышағын) алып қашқындық жасауы да ҚК-нің 373-бабының екінші бөлігі бойынша дәрежелеуге жатады.

Қызмет бойынша әскери қызметшіге сеніп тапсырылмаған қаруды алып қашқындық жасауда жоғарыда көрсетілген дәрежеленуші әрекет белгісі болмайды. Мұндай жағдайларда адамның әрекетін, оның қаруды иемдену жағдайына қарай, ҚК-нің 373-бабының тиісті бөлігі бойынша және атыс қаруын немесе суық қаруды заңсыз ұрлау, иемдену, сақтау, алып жүру үшін жауаптылық көздейтін қылмыстық заңның тиісті баптары бойынша дәрежелеу керек.

17. ҚК-нің 372 және ҚК-нің 373-баптарындағы ескертуде бекітілген ережелер негізінде қылмыстық жауаптылықтан босату туралы мәселені сот істің барлық мән-жайына және кінәлінің жеке басына байланысты әрбір жағдайда жеке шешеді.

Әскери қызметті өту үшін абсолютті кедергі болып табылмайтын, бірақ әскери қызметшінің қызметте болуын айтарлықтай қиындататын тұрмыстық жағдайлар: әскери қызметшінің өзінің ауыр науқасқа шалдығуы, оның тікелей туыстарының ауыруы немесе қайтыс болуы, стихиялық бақытсыздық, сондай-ақ қызметтестер тарапынан орын алған жарғыдан тыс әрекеттер, командирлер мен бастықтардың заңсыз әрекеттері, әскери қызметшінің өмірі мен денсаулығына шынайы қатер төндіретін немесе оның ар-ожданы және қадір-қасиетіне немесе өзге де құқықтарына қол сұғатын әрекеттер (әрекетсіздіктер) ауыр жағдайдың туындауы деп танылуы мүмкін.

ҚК-нің 34 және ҚК-нің 36-баптарына сәйкес, ең соңғы қажеттілік ретінде бағаланатын жағдайлардың - күштеу немесе психикалық мәжбүрлеудің болуы - адамды бөлімді өз бетімен тастап кеткені немесе қашқындық жасағаны үшін қылмыс-тық жауапкершіліктен босатады.

18. ҚК-нің 374-бабы бойынша жауаптылық дене мүшесіне зақым келтіру тәсіліне, өз денсаулығына келтірілген зиянның ауырлығына, сондай-ақ қолданылған алдау тәсіліне қарамастан туындайды.

Дене мүшесіне зақым келтіру жолымен немесе өзге де тәсілмен әскери қызмет міндеттерін орындаудан жалтару, қылмыстардың шынайы жиынтығынан бас-қа жағдайларда, ҚК-нің 372 және ҚК-нің 373-баптары бойынша қосымша дәрежелеуді қажет етпейді.

Әскери қызметшінің өзінің әдейі жалған құжат жасап әскери қызмет міндеттерін орындаудан жалтаруы ҚК-нің 374 және ҚК-нің 325-баптарының жиынтығы бойынша дәрежелеуге жатады.

19. Егер кінәлі қылмыстық заңның Ерекше бөлімінің бір бабының әр түрлі бөліктерімен жауаптылық көзделген әскери қылмыс жасаса, онда әрекет ҚК-нің 12-бабының екінші бөлігінің талаптары сақтала отырып, Қылмыстық Кодекстің осы бабының қылмыстың жасалғаны үшін әлдеқайда қатаң жаза көздейтін бөлігі бойынша дәрежеленеді.

20. Тәуліктік нарядтың (қарауыл мен вахтадан басқа), патрульдік немесе қоғамдық тәртіпті қорғайтын және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әскери нарядтың құрамына енетін әскери қызметшілердің жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеліп соққан, ішкі және патрульдік қызмет атқару жарғысының ережесін бұзуы, ҚК-нің 378- бабының бірінші бөлігі немесе ҚК-нің 379-бабының бірінші бөлігі бойынша дәрежеленеді.

Орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан осындай әрекеттерді аталған баптардың екінші бөлігі бойынша дәрежелеген дұрыс. Осы орайда жасалған әрекетті қылмыстық заңның жеке адамға қарсы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін баптары бойынша қосымша дәрежелеу талап етілмейді.

Егер осы көрсетілген жағдайларда кінәлі басқа әскери қызметшілердің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірсе немесе оларды өлтірсе, онда жасалған әрекет ҚК-нің 96-бабы, ҚК-нің 368-370-баптары немесе ҚК-нің 380-бабы бойынша қосымша дәрежеленеді.

Аталған субъектілердің әскери қызметшілер болып табылмайтын жәбірленушілердің денсаулығына ауыр зиян келтіруі немесе оларды өлтіруі ҚК-нің 96-бабы немесе ҚК-нің 103-бабы бойынша қосымша дәрежеленуі тиіс.

21. Тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша өкімет өкілінің қызметін жүзеге асырушы не Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, бас-қа да әскерлері мен әскери құрылымдарында ұйымдық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар ҚК-нің 380 және ҚК-нің 381-баптарында көзделген әскери лауазымдық қылмыстар субъектілері болып танылады.

22. Барлық әскери бастықтар, сондай-ақ бастықтар болып табылмаса да ұйымдық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық міндеттерді орындаумен байланысты лауазымдарды тұрақты, уақытша немесе командованиенің ауызша, жазбаша не техникалық байланыс арналары арқылы берген арнайы тапсырмасы бойынша иеленген өзге де әскери қызметшілер, әскери қылмыстар субъектілері болып табылатын лауазымды адамдарға жатады.

Әскери лауазымды адамдардың тізбесі Ішкі қызмет, гарнизондық және қарауылдық қызмет Жарғыларында, Тәртіптік жарғыда және басқа да нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген.

23. Лауазымды адамның өзінің өкілеттіктерін бұзу фактісін анықтау үшін сот осы лауазым иесінің әскери қызметті өткеру жағдайындағы құқықтары мен міндеттерін реттейтін нормативтік актілерді (жарғыларды, насихаттамаларды, нұсқаулықтарды, бұйрықтар мен өзге де нормативтік құқықтық құжаттарды) зерт-теуі қажет.

Әрекет пайдакүнемдік немесе жеке бастың өзге де мүддесі тұрғысынан жасалған жағдайларда ғана ҚК-нің 380-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.

Әскери лауазымды адамның ұрлау белгілерінсіз материалдық пайда табуға ұмтылуын пайдакүнемдік деп, ал мансапқұмарлықты, өзінің әрекетсіздігін бүркемелеуге ұмтылуды, жазадан қашуды, туыстарына қызмет көрсетуді, сынағаны үшін кек алуды, қызғаншақтықты және өзге де зұлымдық ниетті жеке бастың өзге де мүддесін көздеу деп түсіну қажет.

Әскери қызметшілердің (азаматтардың) немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің едәуір бұзылуы әскери қызметшілердің және азаматтардың денсаулықтарына зиян, олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіру түрінде болуы мүмкін.

24. Бастықтың немесе әскери лауазымды адамның өзінің қызмет бабын әскери мүддеге қарсы пайдаланып, құқыққа қайшы әрекет жасауын ҚК-нің 380-бабында көрсетілген билікті немесе қызмет бабын теріс пайдалану деп түсіну қажет. Бастықтың немесе әскери лауазымды адамның өзінің қызметтік міндеттерін қасақана орындамауы әрекетсіздік деп танылады.

25. Бастықтың немесе лауазымды адамның оған заңдар, жарғылар мен бұйрықтар арқылы берілген құқықтар мен өкілеттіктерді көрінеу асыра пайдаланып, әрекет жасауын билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра сілтеу деп түсінген жөн.

Лауазымды адамның қызметтік жағдайына және оған жүктелген міндеттердің орындалуына қатыссыз жасаған қоғамға қауіпті әрекеті (әрекетсіздігі) әскери лауазымдық қылмыс деп танылмайды.

Егер лауазымдық қылмыстардың жекелеген түрлері үшін жауаптылық арнайы нормалармен көзделсе (мысалы, пара алу, қызмет бабын пайдаланып ұрлау және т.б.), онда әскери лауазым иесінің осындай әрекеттерді жасауы ҚК-нің 380-бабының жиынтығынсыз қылмыстық заңның тиісті баптары бойынша дәрежеленеді.

26. Бастықтың немесе өзге де әскери лауазымды адамның қызметке адал қарамаудың немесе ұқыпсыз қараудың салдарынан өзінің міндеттерін орындамауын немесе тиісінше орындамауын қызметке салқын қарау деп түсіну керек, бұл үшін ҚК-нің 381-бабымен жауаптылық көзделген. Осындай әрекеттер елеулі зиян келтірген немесе ауыр зардаптарға соқтырған жағдайда ғана қылмыстық жауаптылық туындайды.

27. ҚК-нің 380-381-баптарымен көзделген зиянды елеулі деп тану істің нақтылы мән-жайына және істегі барлық материалдарға, атап айтқанда, жағдайға, уақытқа, орынға және қылмысты жасау тәсіліне, мемлекеттің бұзылған мүдделерінің немесе азаматтардың немесе ұйымдардың заңды құқықтары мен мүдделерінің маңыздылығына, қаншалықты және қанша уақыт бойы бұзылуына, материалдық залалдың мөлшеріне, жойылған немесе зақымдалған мүліктің маңыздылығына және т.б. талдау жасаудың негізінде шешіледі.

Елеулі зиян деп - өзінің сипаты мен мөлшері жағынан едәуір шығын болып табылатын мемлекет мүдделеріне, нақты әскери бөлімге, заңды және жеке тұлғаларға келтірілген зиянды түсіну қажет.

Бөлімнің, бөлімшенің Жарғыға, жоғары тұрған командованиенің ескертпесіне сәйкес маңызды әскери шараларының өтпей қалуы, сондай-ақ әскери қызметшілердің, азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне зиян келтіру, жеке құрамды әскери қызмет бойынша міндеттерін өткеруден алаңдатып, өзінің немесе үшінші тұлғалардың пайдасына әр түрлі жұмысты орындауға ұдайы қатыстыру, ұрып-соғу, жәбірленушінің денсаулығына жеңіл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру елеулі зиян болып танылады.

Денсаулыққа жеңіл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілген кезде жеке адамға қарсы қылмыстар туралы баптар бойынша дәрежелеу талап етілмейді.

28. ҚК-нің 381-бабының екінші бөлігімен көзделген ауыр зардаптар деп маңызды тапсырмалардың орындалмай қалуын, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіруді, апаттар мен аварияларды, адамдардың шығын болуын, әскери техниканың жойылуын немесе зақымдануын, ірі материалдық залалды, адамдардың денсаулығына келтірілген зиянды есептеуге болады.

29. Қарауыл бастығы, егер оның жасаған әрекеті арнайы қызметті өткеру бойынша міндеттердің шегінен шықса, немесе оған тікелей қатысы болмаған жағдайларда, командир-бастықтың жалпы лауазымдық міндеттері (мысалы, қарауыл бастығының күзетілетін объектіге қандай да бір зардаптар немесе өзге де зияндар келтірмей қарауыл құрамына кіретін адамға күш көрсету әрекеттері) бұзылса, ҚК-нің 380-бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

30. Қарауыл құрамына қатысы бойынша лауазымды тұлға ретінде қарауыл бастығының өз қызмет бабын асыра пайдаланып, арнайы қызмет ережесін бұзуы ҚК-нің 375-379-баптарының диспозициясында көрсетілген зардаптар туындаған жағдайда қызметті атқару тәртібін бұзғаны үшін жауаптылық көздейтін баптар бойынша дәрежеленуге тиіс.

31. ҚК-нің 387-389-баптары бойынша әскери мүлікті қасақана не абайсызда жойғаны немесе зақымдағаны не жоғалтқаны үшін жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешкенде “ҚР Қорғаныс және Қарулы Күштері туралы” Қазақстан Республикасы заңында көрсетілген әскери мүлік пен әскери техника ұғымын назарға алу қажет. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының әскери дайындығы мен ұрыс қабілетінің материалдық негізін құрайтын әскери мүлікке билік етудің және пайдаланудың белгіленген тәртібі қылмыстық қол сұғушылықтың тікелей объектісі болып табылатынын ескерген жөн.

Егер көрсетілген әрекеттер әскери мүлік немесе әскери техника заттары болып табылмайтын, бірақ әскери бөлімшелердің есебінде тұрған, екі мақсатта қолданылатын объектілерге (көлік құралдары, радиостанциялар, телефон аппараттары, компьютерлер және т.б.) қатысты жасалса, онда бөтеннің мүлкінің қасақана немесе абайсызда бүлінгені немесе жойылғаны үшін ҚК-нің 187 және ҚК-нің 188-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

32. ҚК-нің 380-бабымен көзделген әрекеттер, егер әскери қызметші қызмет өкілеттігін өзі не өзге адамдар не ұйым үшін мүліктік игілік табу мақсатында қызмет мүддесіне қайшы пайдаланса, сыбайлас жемқорлық қылмыстар деп танылады.

33. Бастықтың (командирдің) орындалуы міндетті бұйрығын дәл орындаған бағынышты, оның заңсыздығын түсінбей орындаған жағдайда, бұйрық бойынша жасаған әрекет және орындалғаннан туындаған зардап үшін жауапкершіліктен босатылады.

Бағынышты көрінеу заңсыз бұйрықты орындап қылмыс жасағанда, ол заңсыз бұйрық берген бастықпен (командирмен) бірге қылмыстық жауапқа тартылады.

Бастықтың (командирдің) көрінеу заңсыз бұйрығын орындамаған бағынышты қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Араларында бағыныштылық қарым-қатынас туындамаған және қылмыстық ниеттерін бірге жүзеге асыру үшін алдын ала сөз байласқан жағдайда, бастықтың (командирдің) қатысуымен бағыныштының қылмыс жасауын, бастықтың (командирдің) көрінеу заңсыз бұйрығын орындап қасақана қылмыс жасауынан ажырата білу керек. Мұндай жағдайларда бастықтың (командирдің) және бағыныштының жауаптылығы ҚК-нің 28-бабында көзделген қылмысқа қатысу түрлерінің жалпы ережесі бойынша туындайды.

34. Әскери қылмыстар бойынша ҚК-нің 67-бабын қолдану кезінде соттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 67-бабын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы» 2001 жылғы 21 маусымдағы №4 нормативтік қаулысының түсіндірмелерін (2003 жылғы 11 шілдедегі №6 нормативтік қаулымен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге) басшылыққа алғандары жөн.

35. ҚК-нің 44-бабына сәйкес, әскери қызмет бойынша шектеу жазасы осы Кодекстің тиісті бабының санкциясы бойынша, келісім-шарт бойынша әскери қызметті өткеріп жүрген сотталған әскери қызметшілерге, сондай-ақ шақыру бойынша әскери қызметті өткеріп жүрген офицерлерге әскери қызметке қарсы қылмыстар жасағаны үшін тағайындалуы мүмкін екені соттарға түсіндірілсін.

Осы жаза әскери қызметке қарсы қылмыстармен байланыссыз дәрежеленген әрекет бойынша қылмыстық заңның Ерекше бөлімінің баптарында көзделген түзеу жұмыстары түріндегі жазаның орнына келісімшарт бойынша әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілерге де тағайындалуы мүмкін. Мұндай жағдайларда сот үкімде ҚК-нің 44-бабына сілтеме жасауы тиіс.

Тәртіптік әскери бөлімде ұстау шақыру бойынша әскери қызметті өтеп жүрген әскери қызметшілерге, сондай-ақ келісімшарт бойынша қатардағы және сержант құрамының лауазымдарында әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілерге тағайындалуы мүмкін.

Бұл жаза аталған әскери қызметшілер үкім шыққан сәтте шақыру бойынша заңмен белгіленген қызмет мерзімін өтемеген жағдайда ғана қолдануға жатады.



36. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол ресми жарияланған күнiнен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ. Мәми
Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының судьясы,

жалпы отырыс хатшысы Ж. Бәйішев



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет