Қазақстан республикасы жоғАРҒы сотының кітапханасы судья кітабы астана 2005 Сот жүйесінің қызметкерлеріне арналған тәжірибелік оқу құралы ретінде Қазақстан Республикасының


Істі сотта талқылауға дайындау мерзімдері



жүктеу 5.27 Mb.
бет4/29
Дата24.04.2016
өлшемі5.27 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

Істі сотта талқылауға дайындау мерзімдері

Сотқа дейінгі дайындық егер заң актілерімен басқаша белгіленбеген болса, арыз қабылданғаннан кейін жеті күн ішінде іске асырылады. Мерзімдерді есептеу кезінде судьялар істердің жекелеген санаттары бойынша мерзімдерге қатысты АІЖК-нің мына ережелерін назарға алуға тиіс:



  • жалпы мерзім – арыз сотқа қабылданған күннен бастап 7 күн (АІЖК-нің 167-бабы);

  • азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе азаматты қайтыс болған деп жариялау туралы істер бойынша – осындай істі қозғау туралы судьяның ұйғарымы жергілікті газетте жарияланғаннан кейін үш ай (АІЖК-нің 298-бабы);

  • көрсетушіге арналған жоғалған бағалы қағаздарға және ордерлік бағалы қағазға деген құқықты қалпына келтіру туралы істер бойынша (шақырту ісін жүргізу) – іс қозғау туралы хабарлама газетте жарияланған күннен бастап үш ай;

  • азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің, сайлау комиссиясы мүшелерінің АІЖК-нің 273-бабының бірінші бөліміне сәйкес сайлау құқықтарының бұзылғаны туралы дауыс беруге дейін бес күн бұрын және сайлау күні түскен арыздары бойынша істі сот арыз берілген күні дайындап қана қоймай, сонымен бірге мәні бойынша қарауға да тиіс. Даулардың осы санаты бойынша істі сотта талқылауға дайындау мерзімі ұзартуға жатпайды.

Істі сотта қарауға дайындаудың АІЖК-нің 167-бабында көрсетілген мерзімі төмендегілер жөніндегі талаптар бойынша ұзартылуға жатпайды:

  • алименттер өндіріп алу туралы;

  • жәбірленушінің мертігуінен немесе денсаулығын басқаша зақымдаудан келтірілген, сондай-ақ асырушысынан айырылуға байланысты зиянды өтеу туралы;

  • еңбектегі құқықтық қатынастардан туындайтын барлық талаптар бойынша;

  • ерекше күрделі істер бойынша, істердің басқа санаттары бойынша айрықша жағдайларда бұл мерзімді судья бір айға дейін ұзарта алады.

Айрықша жағдайлар ретінде істі сотта қарауға дайындау бойынша судья көздеген іс-әрекеттердің жеті күндік мерзімнің немесе істердің кейбір санаттары үшін заң актілерімен көзделген мерзімнің шегінде аяқталмауына мына мән-жайлар себеп болады деп түсіну керек:

  • сот тапсырмасын орындау;

  • сараптама тағайындау;

  • азаматтардан немесе ұйымдардан дәлелдемелер сұратып алу.

Бұл тізімді түпкілікті деп тануға болмайды, сондықтан негіздемелер болған жағдайда судья осындай іс жүргізу құжатын шығару істі қараудың жалпы мерзімін ұзартпайтынына қарамастан бұл мерзімді ұзартуға міндетті. Істі сотта қарауға тағайындау туралы ұйғарым өзінің мақсатына шын мәнінде сәйкес болып, судьяның қаралған талаптардың мәні бойынша түпкілікті шешім шығара отырып, сот ісін қарауды іске асыруына ештеңе кедергі келтірмеуіне ұмтылу керек.

Хаттамалар

АІЖК-нің 225-бабының талаптарына сәйкес, әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс іске асырылған әрбір жекелеген іс жүргізу әрекеті туралы хаттама жасалады. Істі сотта талқылауға дайындау кезеңінде де хаттамалар жасау қажет. Мысалы, заттай дәлелдемелерді қарап шығу (АІЖК-нің 88-бабы), сараптама тағайындау (91-бабы), бітімгершілік келісімнің шарттарын бекіту, куәлардан жауап алу хаттамаға түсірілуі керек. Басқа жекелеген іс жүргізу әрекетін жасаған кезде сот отырысының хаттамасын жасау талап етілмейді (нормативтік қаулыны қараңыз).


Істі сотта қарауға дайындау барысында шығарылатын кейбір сот қаулыларының тізбесі:

іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарым;

арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым;

іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым;

дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы ұйғарым;

талапты қамтамасыз ету туралы ұйғарым;

жауапкерді ауыстыру, іске қатысуға үшінші тұлғаларды тарту туралы ұйғарым;

қуыным талаптарды біріктіру мен бөлу туралы;

талапкердің талап етуі бойынша берілген арызды қайтару туралы.

АІЖК-нің 172-бабына сәйкес, осы Кодекстің 242, 243-баптарымен, 247-бабының 1)-5) тармақшаларымен және 249-бабының 1)-5), 8), 9) тармақшаларымен көзделген мән-жайлар болған жағдайда, істі сотта қарауға дайындау кезінде ол бойынша іс жүргізу тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы не арыз қараусыз қалдырылуы мүмкін. Тараптарға осындай іс жүргізу әрекетінің салдары түсіндіріледі.

Тараптар мен басқа тұлғаларға судья істі тоқтата тұру, тоқтату, арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап бес күннен кешіктірмей ұйғарымның көшірмесін жолдауға міндетті.

Істің одан арғы қозғалысына кедергі келтіретін сот ұйғарымына 10 күн ішінде шағым беруге болады, ол шағым берілген ұйғарымды шығарған сот арқылы жоғары сатыдағы сотқа беріледі. Сонымен қатар дәлелдемені қамтамасыз ету, талапты қамтамасыз ету туралы ұйғарымдарға шағым беруге болады.

Сотқа қарауға дайындықтың міндеттерін АІЖК-нің 16-бабының талаптарына және Жоғарғы Соттың жоғарыда көрсетілген қаулыларына сәйкес орындап, судья істі дайындалған деп танып, оны сот отырысында қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады, процестің тараптары мен басқа қатысушыларын істің қаралатын орны мен уақыты туралы хабардар етеді. Іске қатысатын тұлғаларға хабар беру – сот отырысын өткізудің қажетті шарты, ол АІЖК-нің 11-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Сот отырысының орны мен уақыты туралы хабар алмаған іске қатысушы тұлғалардың қандай да біреуі болмаған жағдайда істі қарау сот шешімінің күшін жоюға әкеп соғуы мүмкін.

Егер судья арызды қабылдау туралы мәселені шешу кезінде талап беру құқығын іске асыруға арналған алғышарттарды анықтау кезінде заңмен көзделген барлық іс жүргізу әрекеттерін орындаса, істі сотта қараудың міндеттеріне сәйкес оны дайындауды іске асырса, онда іс бойынша заңды әрі негізделген шешім шығарылуы, азаматтық сот ісін жүргізудің қағидаларын сақтай отырып, сотта азаматтық құқықтарды уақтылы қорғаудың тіисті кепілдігі қамтамасыз етіледі.


1-3-тарауларды дайындау кезінде пайдаланылған әдебиет:

1. Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі (1999 жылғы 13 шілдедегі өзгертулері мен толықтырулармен бірге №412-1 Заңмен күшіне енгізілген);

2. Қ.Ә.Мәмидің жалпы редакциясымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары, «Бико» баспа үйі», ЖАҚ баспасы, Алматы, 2004 жыл;

3. Қ.Ә.Мәмидің жалпы редакциясымен, Зиянды өтеу туралы даулар, «Би-Логистик» баспа үйі», ЖАҚ баспасы, Астана, 2004 жыл;

4. В.И. Радченконың жалпы редакциясымен, Ресей Федерациясының Азаматтық іс жүргізу кодексіне түсініктеме, «Норма» баспасы, Мәскеу, 2003 жыл;

5. Г.А. Жилин, Ресей Федерациясының Азаматтық іс жүргізу кодексіне түсініктеме, «ТК «Велби» ЖШҚ, 2003 жыл;

6. М.С.Шакарян және басқалар. Ресейдің Азаматтық іс жүргізу құқығы, оқулық, «Былина» баспасы, 1999 жыл.

4-тарау. Азаматтық істерді сотта қарау.
Сотта іс қарау.

Азаматтық сот ісін жүргізуде бірінші сатыдағы соттың азаматтық істі қарау және шешу міндеті жүзеге асырылатын, сот процесінің бір бөлігі сотта істі қарау деп аталады.

Сотта іс қарау – бұл азаматтық сот ісін жүргізудің өз алдына бөлек іс жүргізу функциясы.

Бұл функцияның дербестігі өзіндік міндеттерімен, ерекше азаматтық іс жүргізу бойынша құқықтық қатынастармен, қатысушыларының құрамымен және іс жүргізу қызметінің мазмұнымен айқындалады. Әрбір функция ерекше азаматтық іс жүргізу нормаларымен реттеледі.

Сотта істі қарау бұзылған немесе дауланатын құқықтардың сотта қорғалуына қол жеткізу мүмкіндігімен, құқық туралы дауды оның қатысушыларының сотта ерікті түрде реттеу мүмкіндігімен, сот ісін жүргізудің жылдамдығымен және істің ұтымды жүргізілуімен, мүдделі тұлғалардың құқықтарын нақты анықтау үшін жағдай жасауымен сипатталады.

Сондықтан сотта істі қараудың іс жүргізу міндеттері сот төрелігінің мақсатымен тығыз байланысты, сотта істі қарау кезінде азаматтық процестің міндеттері мен мақсаттары барынша кеңінен іске асырылады.

Сот талқылауының функциясы көлемі жағынан үлкен және әр түрлі іс жүргізу қызметін қамтиды, істі қарау және оны шешу кезінде осы қызметтің ара жігі ажыратылады.

Істі қарау:


  • -азаматтық сот ісін жүргізудің қозғалысына;

  • -іске қатысатын тұлғалардың субъективтік құқықтарын жүзеге асыруына қажетті заңгерлік көмек көрсетуге;

  • -істің материалдарын, тараптардың айқындамасын, істің шынайы мән-жайын және ұсынылған дәлелдемелерді зерттеуге бағытталған іс-әрекеттерді қамтиды.

Сот істерді қараған кезде АІЖК-нің 5-бабымен айқындалған азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері орындалады.

Азаматтық істі қарай отырып, сот:

  • азаматтардың, ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін және мемлекеттік мүдделерін қорғауды жүзеге асырады;

  • тараптардың құқықтары мен міндеттерінің немесе заңдық фактінің барын немесе жоғын анықтай отырып, істі мәні бойынша шешеді;

  • тараптардың құқықтары мен міндеттеріндегі айқындылықты анықтау арқылы олардың арасындағы құқық туралы дауды жояды;

  • құқықтың бұзылуын немесе бұзылу қаупін жоя отырып, заңдылықтың нығаюына жәрдемдеседі;

  • азаматтық құқықтың және материалдық құқықтық басқа салаларының бұзылуының алдын алады.

Істі шешу істерді заңды әрі негізді түрде қарау мен шешуге арналған тиісті құқықтық нормаларды қолданудан тұрады және шешімді немесе ұйғарымды шешуге, оны жариялауға және түсіндіруге саяды (АІЖК-нің 219-бабы).

Іс жүргізу функциясы және іс жүргізу сатысы ретінде сотта істі қараудың түрлі шектері бар. Мысалы, сотта істі қараудың іс жүргізу функциясы сот ісін жүргізуді қозғаудан басталады және шешім қабылдаумен аяқталады.

Сотта іс қараудың іс жүргізу сатысы сот отырысынан басталып (АІЖК-нің 185-бабы), сот хаттамасы жасалғанға (АІЖК-нің 257-бабы) және оған қатысты ескертпелер қаралғанға (АІЖК-нің 259-бабы), уәжделген шешім әзірленіп, іске қатысатын, бірақ сот отырысына қатыспаған тұлғаларға сот шешімінің көшірмесі жіберілгенге (АІЖК-нің 229, 241-баптары), шешімнің сыртқы кемшіліктері жойылғанға (АІЖК-нің 230-232-баптары) дейін жалғасады.

Сотта іс қарауда тікелей сот төрелігі жүзеге асырылады.

Сотта іс қарау бірінші сатыдағы соттың және процеске қатысушылардың істі қарау мен оны мәні бойынша шешу бойынша іс жүргізу жөніндегі әрекеттерінің жиынтығы болып табылады.

Істерді дұрыс әрі уақтылы қарау мен шешу тек заңдылық және азаматтық сот ісін жүргізу қағидалары қатаң сақталғанда ғана мүмкін болады. АІЖК-нің 174-бабымен және басқа да заң актілерімен белгіленген азаматтық істерді қарау мерзімдерінің сақталуы сот төрелігін жүзеге асырудың, іске қатысушы тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін уақтылы қорғаудың қажетті шарты болып табылады. Бұл орайда істерді қарау қандай да болсын себеп бойынша (іске қатысушы тұлғалардың келмеуі, жаңа тұлғаларды тарту немесе олардан жауап алу, сараптама тағайындау туралы өтінімнің қанағаттандырылуы, қарсы талап қойылуы және т.с.с.) кейінге қалдырылған кезде, істің заңмен белгіленген мерзімдерде қаралуға және шешілуге тиіс екенін, ол мерзімдердің тек іс бойынша іс жүргізудің тоқтатыла тұруына байланысты ғана тоқтатыла тұратынын (АІЖК-нің ст.127-бабы) есте ұстау керек.


Сот отырысы.

АІЖК-нің 175-бабына сәйкес, азаматтық істі талқылау сот отырысында іске асырылады.



Азаматтық процестегі сот отырысы АІЖК-мен белгіленген сотта іс қараудың іс жүргізу нысаны болып табылады.

Осы екі іс жүргізу ұғымдарының арасында тығыз байланыс бар. Сонымен қатар олар бір бірінен едәуір ерекшеленеді, себебі арақатынасы мазмұн (сот талқылауы) және нысан (сот отырысы) ретінде айқындалады.

Азаматтық істі қарау бір емес, бірнеше сот отырыстарында (істі қарау кейінге қалдырылған жағдайда) іске асырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, сот отырысы тек азаматтық істі қарау үшін ғана емес, түрлі іс жүргізу мәселелерін, мысалы, сот шығындарына, салынған айыппұлды ұлғайтуға немесе азайтуға байланысты мәселелерді шешу, талапты қамтамасыз ету үшін және т.б. байланысты да өткізіледі.

Сот отырысы регламенттелген, бұл азаматтық процесте белгілі бір артықшылықтар жасайды, ол мынадай қызметтерді атқарады:


  • істің мән-жайларының толық анықталу, құқықтық нормалардың дұрыс қолданылу және әділ шешім шығару кепілдіктерінің бірі ретінде жүреді;

  • істі қарауға мүдделі тұлғалардың белсенді түрде қатысуын қамтамасыз етеді;

  • процеске қатысушылардың құқықтарының және азаматтық іс жүргізу принциптерінің іске асырылуына кепілдік береді;

  • нақты іс бойынша іс жүргізуге жариялылық сипат береді;

  • түрлі талаптарды қарау кезінде біркелкі іс жүргізу әрекеттерін орнықтырады.

Айқын көрінетін оң сипатына қарамастан, сот отырысының дамыған іс жүргізу нысанының кемшіліктері де бар, себебі ол сот отырысын тым қолапайсыз етеді, бұл белгілі бір дәрежеде судьялардың жұмысын күрделілендіре түседі, тараптарды өкілдердің қымбат құқықтық көмегін іздеуге мәжбүр етеді. Сондықтан заң шығарушы АІЖК-ге сот бұйрығын енгізу жолымен бірқатар арыздарды сотта талқылаудан ішінара бас тартты және істерді сырттай қараудың жеңілдетілген тәртібін орнатты.

Азаматтық іс мәні бойынша талқыланатын сот отырысының тәртібі азаматтық процестің басқа мәселелерін шешетін, мысалы, сот шешімін түзету туралы (АІЖК-нің 230-232-баптары), іс жүргізу мерзімдерін қалпына келтіру туралы (АІЖК-нің 128-бабы), жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша сот қаулыларын қайта қарау туралы (АІЖК-нің 408-бабы), сот тапсырмасын орындау туралы (АІЖК-нің 73-бабы) арыздарды қарайтын сот отырыстарының рәсімінен өзгешеленеді.

Азаматтық істі талқылау шешім немесе ұйғарым (іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы немесе арызды қараусыз қалдыру туралы) шығарумен аяқталады, ал сот отырысы істі қарауды кейінге қалдыру немесе іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарыммен аяқталуы мүмкін. Бұл сотта іс қарау сот отырысына қарағанда ұзағырақ уақыт алады дегенді білдіреді.

Сотта іс қарау заңмен белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады және сот отырысы нысанында бейнеленеді.

Сот азаматтық істерді азаматтық сот ісін жүргізудің принциптерін ұстана отырып қарайды және шешеді.

Азаматтық істерді бірінші сатыдағы соттарда судья жеке дара қарайды (АІЖК-нің 37-бабының 1-бөлігі).

Істі бірінші сатыдағы сотта қарау тәртібі АІЖК-нің «Сотта іс қарау» деп аталатын 17-тарауында егжей-тегжейлі реттелген. Жекелеген санаттардағы істерді қарау мен шешудің арнайы ережелері АІЖК-нің 25-39-баптарында көзделеді.

Сотта іс қараудың тәртібі – бұл соттың, іске қатысушы тұлғалардың және процестің басқа қатысушыларының заңмен көзделген нысандарда істі мәні бойынша шешуге бағытталған іс-әрекеттер жасауының реттілігі, сондай-ақ азаматтық істерді қарау кезіндегі заңмен белгіленген тәртіп.

АІЖК-нің 176-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот отырысын басқаруды төрағалық етуші жүзеге асырады. Төрағалық етушінің міндеттерін судья атқарады.

Соттың беделі мен оның тәрбиелік ықпалы төрағалық етушінің мінез-құлқына байланысты болады. Сотқа және заңға деген құрмет басқалармен қатар судьяның мәселелерді шешудегі байсалды әрі салмақты іс-әрекеті; судья қолданатын құқықтық терминологияның дәлдігі; сұрақтарды қысқаша тұжырымдау, күмәнді және жетектеуші сұрақтар қойылуына жол бермеу; судьяның біркелкі, байсалды дауыс ырғағы; тараптарға бірдей қарауы; процеске қатысушыларға қатысты салмақты, кішіпейіл әрі ізгі қарым-қатынасы; киімі мен сыртқы пішінінің ресмилігі әрі ұқыптылығы сияқты факторлар ықпалымен де қалыптасады.

Төрағалық етушінің сот отырысына жетекшілік етуде өзінің құқығын асыра пайдалануға құқығы жоқ.

Сот отырысына жетекшілік ету отырыстың бүкіл барысын басқару дегенді білдіреді. Төрағалық етуші отырыс барысында төмендегілерді қамтамасыз етуге міндетті:



  • істің барлық мән-жайларын толық, жан-жақты әрі әділ анықтау;

  • іс жүргізу әрекеттерін жасаудың кезектілігі мен тәртібін сақтау;

  • процеске қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыруы және олардың іс жүргізу міндеттерін орындауы;

  • процестің тәрбиелік ықпалы.

Сонымен қатар төрағалық етушіге қаралып жатқан іске қатысы жоқтың барлығын сот талқылауынан шығарып тастау (АІЖК-нің 176-бабының 1-бөлігі), және сот отырысында тиісті тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдау (АІЖК-нің 176-бабының 3-бөлігі) міндеті жүктеледі.

Төрағалық етушінің өкімдері процеске қатысушылардың барлығы (прокурор, адвокат – іс жөніндегі өкіл және т.с.с.) үшін, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшін міндетті болып табылады (АІЖК-нің 176-бабының 3-бөлігі).

Процеске қатысушылардың қайсыбірі төрағалық етушінің іс-әрекетіне қарсылық білдірген жағдайда бұл қарсылықтар сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Төрағалық етуші өзінің іс-әрекеттеріне қатысты түсініктеме береді (АІЖК-нің 176-бабының 3-бөлігі).

Сот іс қарау рәсімі заңмен көзделген, ол сот отырысындағы қатаң тәртіп орнатылуын, сот отырысының арнайы жабдықталған үй-жайда – сот отырысы залында өткізілуін қамтиды. Бұл орайда судья отырысты үстіне мантия киіп өткізеді (Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының судьяларына арналған арнаулы киім нысаны – мантия үлгісін, сипаттамасын және тиесілілік нормасын бекіту туралы» 11.07.1998 жылғы №4009 Жарлығы).



АІЖК-нің 178-бабына сәйкес сот отырысындағы тәртіп төмендегіні білдіреді:

  • судья сот отырысы залына кірген кезде залдағы барлық қатысушылар орындарынан тұрады.

Өз кезегінде төрағалық етуші сот отырысы залына үнсіз және тыныш кіреді де, судья үстеліне өтеді және оның қасында тұрып сот отырысы залында отырған адамдармен сәлемдеседі, содан соң олардың барлығының отыруына ұсыныс жасайды да барлығымен бірге өзі де отырады.

Үстел басында төрағалық етуші өзіне ыңғайлы, сот отырысы залында отырған адамдарды сыйламайтындай түр көрсетпейтін қалыпта (шалқаймау, ауа-райына және басқа жағдайларға көңілі толмайтынын айтпау, таранбау, айнаға қаранбау және сағатқа қарамау және т.б.) отыруға тиіс.

Егер отырған адамдардың біреуі судьяға орнынан тұрмастан сөйлесе, оған ақыл айтпастан сотқа түрегеп тұрып сөйлеуге міндетті екенін кішіпейілдікпен есіне салу керек. Мысалы, «Кешіріңіз, сот отырысында сотқа түрегеп тұрып сөйлейді».

Төрағалық етуші іске қатысушы тұлғалардың барлығына «Сіз» деп сөйлейді, бұл орайда тұлғаларды аты мен әкесінің аты бойынша атау міндетті емес, тегі бойынша атаған жеткілікті және сұрақ қойған кезде немесе белгілі жайттар туралы айтып беруді ұсынған кезде «рахым етіңіз» деген сөздерді қолданбау керек. Жауап алған және сұрақ қойған кезде ақыл үйрететін дауыс ырғағына және кінә қою мен ақыл айтуға жол бермеу қажет. Өз тәжірибесінен мысалдар келтіруге және талқыланып отырған даудың мәнінен ауытқуға болмайды.



  • Іс шешім шығарусыз аяқталатын сот шешімін немесе сот ұйғарымын сот отырысы залында отырған жұрттың барлығы түрегеп тұрып тыңдайды (1-бөлім);

  • процеске қатысушылар судьяға жүгінгенде және өздерінің айғақтары мен түсініктемелерін айтқанда түрегеп тұрады. Осы ережеден ауытқуға тек төрағалық етушінің рұқсатымен ғана жол беріледі (2-бөлім).

Процеске қатысушылар, сондай-ақ сот отырысы залында отырған барлық азаматтар белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті (АІЖК-нің 178-бабының 3-бөлігі).
АІЖК-нің 176-бабымен сот отырысындағы тәртіпті бұзушыларға қолданылатын шаралар көзделген.

Істі талқылау кезінде тәртіп бұзған адамға төрағалық етуші соттың атынан ескерту жасайды.

Тәртіпті екінші рет бұзған кезде іске қатысушы адам сот ұйғарымы бойынша сотта істі талқылаудың барлық уақытына немесе оның бір бөлігіне сот отырысы залынан шығарылып жіберілуі мүмкін. Соңғы жағдайда төрағалық етуші отырыс залына қайта жіберілген адамды ол жоқ кезде жасалған іс жүргізу әрекеттерімен таныстырады.

Іске қатыспайтын және істі талқылау кезінде қатысып отырған азаматтар тәртіпті екінші рет бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарылып жіберіледі.

Сот отырысында тәртіп бұзғаны үшін кінәлі тұлғаларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 513-бабының 1-тармағына сәйкес, тікелей істі сотта талқылау барысында әкімшілік жаза белгілеуге соттың құқығы бар.

Егер сот отырысында тәртіп бұзушының іс-әрекетінде қылмыс белгілері болса, сот тәртіп бұзушыға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін, бұл туралы прокурорға хабарлай отырып, материалдарды тиісті анықтау немесе алдын ала тергеу органына жібереді.

Істі талқылау барысында оған қатысушы азаматтар жаппай тәртіп бұзған кезде сот іске қатыспайтын азаматтардың барлығын сот отырысы залынан шығарып жіберіп, істі жабық отырыста қарауы немесе істі қарауды кейінге қалдыруы мүмкін.

Сот отырысы залындағы тәртіп бұзушыларға қатысты шаралар қолдану жөніндегі судьяның іс-әрекеттері сот отырысының хаттамасында бейнеленуге тиіс. Бұл талап АІЖК-нің 256-бабының 2-бөлігінің 7-тармақшасынан туындайды, оған сәйкес сот отырысының хаттамасында төрағалық етушінің өкімдері және сот отырысы залында сот шығарған ұйғарымдар көрсетіледі. Сот отырысының хаттамасында сонымен бір мезгілде тәртіп бұзудың сипаты, тәртіп бұзылған уақыт және тәртіпті бұзған адам туралы мәлімет көрсетіледі.

ӘҚБтК-нің 578-бабының 2-тармағына сәйкес, азаматтық істі қарау барысында соттың әкімшілік жаза белгілеу тәртібі АІЖК-нің ережелерімен айқындалады.

АІЖК-нің талаптарына сәйкес, мәжбүрлеу мен жауаптылық шараларын сот төрелігі міндеттерін іске асыру мақсатында сот іске қатысушы адамдарға, процестің басқа да қатысушыларына, жеке азаматтарға және заңды тұлғалардың лауазымды адамдарына сот ісін шешуге араласқаны, судьяға қатысты қоқан-лоққы жасағаны, судьяны қорлағаны, сот қаулыларын орындамағаны, сотты құрметтемегені, сот отырысында тәртіп бұзғаны үшін, судьяның, соттың жеке ұйғарымы (қаулысы, ұсынысы) бойынша шаралар қолданбағаны және басқа да құқыққа қарсы іс-әрекеттері үшін қолданады. АІЖК-нің (179-бабы) ережелері бойынша тәртіп бұзушыларға ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу және басқа да шаралар қолданылуы мүмкін, бірақ бұл орайда АІЖК-нің 179-бабының 4-бөлігіне сәйкес, соттың сот отырысы залында тәртіп бұзғаны үшін кінәлі тұлғаларға ӘҚБтК-мен белгіленген тәртіпте әкімшілік жаза қолдануға құқығы бар.

Іске қатысушы адамдар мен ашық сот отырысына қатысушы азаматтардың сотта істі талқылау барысын залда отырған орындарынан жазып алуға немесе дыбыс жазуды пайдаланып жазып алуға құқығы бар. Сотта істі талқылау барысында киноға және суретке түсіруге, бейнетаспаға жазуға, тікелей радио және телехабар жүргізуге соттың іске қатысушы адамдардың пікірін ескере отырып берген рұқсаты бойынша ғана жол беріледі. Бұл іс-әрекет сот отырысының қалыпты жүруіне бөгет жасамауға тиіс және оның уақытын сот шектеуі мүмкін (АІЖК-нің 19-бабының 8-бөлігі).

Судьяның және сот отырысы залында отырған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төрағалық етуші істі талқылау кезінде қатысқысы келетін адамдарды тексеруді іске асыру, соның ішінде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке өздерін тексеру және олар алып келген заттарды тексеру туралы өкім ете алады (АІЖК-нің 20-бабы).

Сот отырысы басталғанға дейін сот істі талқылауды жүзеге асыруға байланысты ұйымдастыру мәселелерін шешеді: сот құрамын белгілейді; сот отырысы залын айқындайды; қажетті жабдықты тексереді және орнатады; сот отырысы хатшысының, сот приставының орнында бар-жоғын нақтылайды; процеске қатысушылардың келгенін алдын ала тексеру жүзеге асырылады.

Сот отырысы әдетте дайындық бөлімінен; істі мәні бойынша қарау; сот жарыссөздері және басталған процеске араласқан прокурордың істің тұтас мәні бойынша қорытындысы; шешімді (ұйғарымды) қабылдау және жариялау бөлімдерінен тұрады.


Сот отырысының дайындық бөлімі.

Сот отырысының дайындық бөлімі АІЖК-нің 180-191-баптарымен реттеледі. Сот отырысының бас кезінде судья істі мәні бойынша:

- соттың сол құрамында;


  • ашық немесе жабық сот отырысында;

  • қолда бар дәлелдемелермен;

  • тұлғалар отырысқа келгенде немесе келмегенде;

  • процеске қатысушылардың қайсыбірі келмеген жағдайда;

  • мәлімденген өтінімдерді ескере отырып қарауға болатын-болмайтынын шешеді.
    Судья сот отырысының осы бөлімінде:

  • сот отырысын ашады;

  • процеска қатысушылардың келгенін тексереді;

  • аудармашыға оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;

  • келген куәларды сот отырысы залынан шығарады;

  • сот құрамын жария етеді және қарсылық білдіру құқығын түсіндіреді;

  • іске қатысушы адамдарға олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;

  • іске қатысушы тұлғалардың мәлімденген өтінімдерін шешеді;

  • іске қатысушы қандай да бір тұлғаның, олардың өкілдерінің, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келмеуіне байланысты қандай салдарлар орын алуға тиіс екенін шешеді;

  • істі осы сот отырысында қарау мүмкін болмаған жағдайда (процеске қатысушылардың келмеуі, қарсы талап қойылуы, дәлелдемелер сұратып алынуы және т.с.с.) істі кейінге қалдыру туралы мәселені шешеді және іс кейінге қалдырылған және тараптар болған жағдайда, келген куәлардан жауап алады;

  • сарапшы мен маманға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.

Отырыстың дайындық бөлімінде сот шешетін ең күрделі мәселелердің бірі – бұл процеске қатысушылардың келмеуінің салдарлары.

Осы орайда сот басшылыққа алуға тиіс ережелер бар, атап айтқанда:



  • іске қатысушы барлық адамдарға сотта істі талқылау уақыты мен орны туралы хабарлануға тиіс;

  • егер іске қатысушы адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабарланбаса немесе тиісінше хабарланса (оларға хабарланғаны туралы мәлімет жоқ болса, істі талқылауға дайындалу үшін мүмкіндік бермейтін мерзімде хабарланса) және оларға тиісінше хабарланғаны туралы күмән болса, сот істі талқылауды кейінге қалдыруға тиіс (АІЖК-нің 187-бабының 2-бөлігі);

  • егер сот ісін жүргізуге қатысушыларға тиісінше хабарланған болса, бірақ солай бола тұра олар сотқа келмесе, олардың келмеуінің дәлелділігі немесе дәлелсіздігі шешуші маңызға ие болады. Сотқа келмеуінің себебі дәлелді болған жағдайда сот істі талқылауды кейінге қалдырады. Бұл орайда тараптар келмеу себептері туралы сотқа хабарлауға және өздерінің келмеу себептерінің тиісті дәлелдемелерін көрсетуге міндетті;

Сот отырысын ашу (АІЖК-нің 180-бабы). Істі қарау үшін белгіленген уақытта төрағалық етуші сот отырысын ашады және қандай азаматтық іс қаралуға тиіс екенін жария етеді. Бұл әрекетті сот тараптардың және процеске басқа қатысушылардың келгеніне қарамастан тәуелсіз іске асырады. Мысалы, «Сот отырысы ашық деп жарияланады. «Береке» акционерлік қоғамының кәмелетке толмаған балаларымен бірге пәтерден шығару туралы азаматша Иванова Ульяна Викторовнаға талабы бойынша азаматтық іс тыңдалады».
Процеске қатысушылардың келуін тексеру (АІЖК-нің 181-бабы). Сот отырысының хатшысы отырыс басталғанға дейін процеске қатысушылардан кімнің келгенін, келмеу себептерін анықтайды. Сот отырысында төрағалық етуші хатшымен сөйлесіп, процеске қатысушылардың келуі туралы мәселені баяндауын өтінеді. Хатшы іс бойынша шақырылған адамдардан кімнің келгенін, келмеген адамдарға хабар берілген-берілмегенін және олардың келмеу себептері туралы мәліметтердің бар-жоғын сотқа баяндайды. Мысалы: «Сот отырысына тараптар мен олардың өкілдері келді. Сотта істі талқылаудың уақыты мен орны туралы телефонограммамен және хабарламамен хабарланса да прокурор келген жоқ». Судьяның төменде мазмұндалған барлық іс-әрекеттері дәл осылай бірінші жақтан жүзеге асырылады.

Процеске қатысушылардың келгені туралы мәселені анықтағаннан кейін төрағалық етуші келгендердің жеке басын анықтайды, лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін және өкілдердің өкілеттіктерін ресімдеуге қойылатын АІЖК-нің 59-62-баптарының талаптарына сәйкес тиісті құжаттар (жеке бас куәліктері немесе төлқұжаттар, сондай-ақ қызметтік куәліктер, сенімхаттар және т.б.) бойынша өкілдердің өкілеттіктерін тексереді. Бұл орайда сотта іс жүргізуге деген өкілеттіктер өкілге өкілдік берген тұлғаның атынан талап арызға қол қоюдан, істі аралық сотқа беруден, талаптан толық немесе ішінара бас тарту мен оны танудан, талаптың нысанасын немесе негіздемесін өзгертуден, бітімгершілік келісім жасаудан, өкілеттіктерін басқа тұлғаға беруден (сенім ауыстыру), соттың қаулысына шағым беруден, сот қаулысының мәжбүрлеп орындатылуын талап етуден, алып берілген мүлікті немесе ақшаны алудан басқа барлық іс жүргізу әрекеттерін жасауға құқық беретінін есте ұстау керек. Өкілдің көрсетілген іс-әрекеттердің әрқайсысын жасауға өкілеттіктері өкілдік беруші тұлға берген сенімхатта көзделген болуға тиіс. Өкілдің өкілеттіктері заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта бейнеленуге тиіс. Кәсіподақтардың, басқа ұйымдардың уәкілдері сотқа өздері қай тұлғалардың мүддесі үшін әрекет етсе, сол тұлғалардан іс бойынша өкілдікті жүзеге асыруға берілген тапсырманы куәландыратын құжаттарды (сенімхат, өзінің мүддесі үшін әрекет ететін тұлғалардан арыздар, бастамашы топтың хаттамалары және т.с.с.) көрсетуге тиіс.

Адвокаттың өкілеттіктері заңгерлік кеңес немесе адвокаттық кеңсе берген ордермен, ал олар қызметін жеке-дара жүргізген жағдайда – адвокаттың клиентпен жасаған шартымен куәландырылады. Практикада өкілдің көрсеткен қызметтерінің ақысын төлеу бойынша сот шығыстарын істі қарау нәтижелері бойынша өтеу мүмкіндігі туралы мәселелер туындайды. Осыған байланысты, клиентпен жасалған шарттың негізінде өкілдік етілген кезде, жеке-дара қызмет жүргізілген кезде өкілдің осындай қызметке лицензиясы бар-жоғын тексеруге кеңес береміз. Соттарда мұндай практика көрсетілген тәсілмен өкілдік етілетін кездерде қалыптасқан.

Заңды тұлғаның атынан сенімхатты оның басшысы немесе басқа уәкілетті тұлға береді.

Тең қатысушының өкілінің немесе іске қатысушы тұлғалардың өтінімі бойынша сот рұқсат берген тұлғаның өкілеттіктері сенімхатта немесе сенім білдірушінің сот отырысының хаттамасына жазылған соттағы ауызша арызында бейнеленуі мүмкін.
Аудармашыға оның міндеттерін түсіндіру (АІЖК-нің 182-бабы). Бұл іс жүргізу әрекеті сот ісі жүргізіліп отырған тілді білмейтін тұлға істі талқылау барысында жасалатын барлық іс-әрекеттер туралы білу мүмкіндігіне ие болуы үшін сот отырысының ең басында іске асырылады. Аудармашысыз оның мұндай мүмкіндігі болмайды, себебі аудармашы өзіне жүктелген міндеттерді орындауға тек сот АІЖК-нің 182-бабында көзделген әрекеттерді іске асырғаннан кейін ғана кіріседі. Төрағалық етуші аудармашыға оның төмендегі міндеттерін түсіндіреді:


  • сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін тұлғалардың түсіндірмелерін, айғақтарын, мәлімдемелерін аудару;

  • тілді білмейтін тұлғаларға іске қатысушы тұлғалар мен куәлардың түсіндірмелерінің, айғақтарының, мәлімдемелерінің, жария етілетін және істе бар құжаттардың, дыбыстық жазбалардың, сарапшылардың қорытындыларының, мамандардың кеңестерінің (түсініктемелерінің), сондай-ақ төрағалық етушінің өкімдерінің, соттың қаулылары мен шешімдерінің мазмұнын аудару.

Төрағалық етуші аудармашыға көрінеу қате аударма жасағаны үшін АІЖК-нің 352 және 353-баптарымен көзделген жауапкершілік жөнінде ескертеді. Аудармашының бұл туралы қолхаты сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі. Аудармашы сотқа келуден немесе өз міндеттерін орындаудан жалтарған жағдайда оған әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жаза белгіленуі мүмкін.

АІЖК-нің 182-бабының ережелері сурдоаудармашыларға да, яғни, өзара қарым-қатынаста саңырау, мылқау, керең адамдар пайдаланатын белгілердің аудармашысы ретінде әрекет ететін тұлғаларға да қолданылады.


Куәларды сот отырысы залынан шығару (АІЖК-нің 183-бабы). Келген куәлар сот отырысы залынан процеске қатысушылардың келгені тексерілгеннен кейін, ал іске аудармашы қатысатын кезде – аудармашының міндеттері түсіндірілгеннен кейін шығарылады. Куәларды шығару үшін олардың сот отырысы залына айғақ беру үшін бір-бірден шақырылатыны оларға түсіндіріледі. Куәларды шығару куәгерлік айғақтарға «қол жетпеуін» қамтамасыз ету, іске қатысушы тұлғалардың түсіндірмелерінің және іс бойынша басқа ақпараттың куәларға ықпал етуі салдарынан олардың айғақтарының мазмұнының «бұрмалануына» жол бермеу үшін жүзеге асырылады.

Төрағалық етуші сот жауап алған куәлардың жауап алынбаған куәлармен сөйлеспеуі үшін шаралар қолданады.


Сот құрамын жария ету және қарсылық білдіру құқығын түсіндіру (АІЖК-нің 184-бабы). Сот құрамын жариялаған кезде төрағалық етуші өзінің тегін атайды. Мысалы: «Іс төрағалық етуші судья Жәмішев қатысқан құрамда тыңдалады ….»

Содан кейін төрағалық етуші прокурор, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы, сот приставы ретінде кімдердің қатысатынын хабарлайды, бұл орайда процеске қатысушылардың әрқайсысының лауазымын көрсетеді.

Осыдан кейін төрағалық етуші іске қатысушы тұлғаларға олардың қарсылық білдіру құқығын түсіндіреді. Іске қатысушы тұлғаларға қарсылық білдіру құқығының түсіндірілгені туралы сот отырысының хаттамасына жазылады.

Қарсылық білдірудің негіздемелері, мәлімделген қарсылықты шешу тәртібі және осындай арыздарды қанағаттандырудың салдарлары АІЖК-нің 40-43-баптарымен көзделеді.

Қарсылық судьяға, прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, сот отырысының хатшысына және сот при­ставына қатысты білдірілуі мүмкін.

Судьяға қарсылық білдірудің негіздемелері АІЖК-нің 40-бабында көрсетілген. Судья төмендегі жағдайларда істі қарауға қатыса алмайды және қарсылық білдірілуге жатады:



  • егер ол аталған істі осының алдында қарау кезінде куә, сарапшы, маман, аудармашы, өкіл, сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы, сот приставы ретінде қатысқан болса;

  • тараптардың, іске қатысушы басқа тұлғалардың немесе олардың өкілдерінің туысы болып табылса;

  • жеке, тікелей немесе жанама түрде істің нәтижесіне мүдделі болса немесе оның бейтараптығы жөнінде күмән тудыратын басқа мән-жайлар болса.

Соттың құрамына өзара туыс болып табылатын тұлғалар кіре алмайды.

АІЖК-де судьяның істі екінші қайтара қарауға қатысуына жол берілмейтіні туралы ереже бекітілген (АІЖК-нің 39-бабы). Сондықтан судьяға қарсылық білдірудің тағы бір негіздемесін – оның осы істі осының алдында қарауға қатысқанын назарға алу керек.

АІЖК-нің 40-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қарсылық үшін негіздемелер сондай-ақ прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, сот отырысының хатшысы мен сот приставына да білдіріледі.

АІЖК-нің 41-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сарапшы немесе маман сонымен қатар төмендегі жағдайларда істі қарауға қатыса алмайды:



  • егер ол іске қатысушы тұлғаларға немесе олардың өкілдеріне қызметтік немесе басқа жағынан тәуелді болса;

  • егер ол тексеру жүргізіп, оның материалдары сотқа жүгінуге негіз болса не осы азаматтық істі қарау кезінде пайдаланылса.

Прокурордың, сарапшының, маманның, аудармашының, сот отырысы хатшысының, сот приставының осы істі мұның алдында қараған кезде тиісінше прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, сот отырысының хатшысы, сот приставы ретінде қатысуы оларға қарсылық білдіруге негіз болып табылмайды (АІЖК-нің 41-бабының 3-бөлігі).

Аталған негіздер болған жағдайда тізімделген тұлғалар өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті. Сол негіздер бойынша іске қатысатын адамдар қарсылық білдіретінін мәлімдеуі мүмкін.

Өздігінен бас тарту мен қарсылық білдіру істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін дәлелденіп, мәлімделуге тиіс. Істі қарау барысында өздігінен бас тарту (қарсылық білдіру) туралы мәлімдеме жасауға қарсы болу (қарсылық білдіру) негіздері сотқа немесе өздігінен бас тартуды (қарсылық білдіруді) мәлімдеуші адамға істі қарау басталғаннан кейін белгілі болған жағдайда ғана жол беріледі.

Істі жеке-дара қараушы судьяға мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) сол соттың төрағасы немесе сол соттың басқа судьясы, олар болмаған жағдайда - жоғары тұрған сот судьясы қарайды.

Қарсылық білдіруді қабылдамай тастау немесе қанағаттандыру туралы ұйғарым шағым беруге, наразылық келтіруге жатпайды. Ұйғарымға келіспеушілік туралы дәлелдер апелляциялық немесе қадағалау шағымдарына, наразылық келтіруге енгізілуі мүмкін (АІЖК-нің 42-бабының 5-бөлігі).

Прокурордың, сарапшының, маманның, аудармашының, сот отырысы хатшысының, сот орындаушысының, сот приставының өздігінен бас тартуы (қарсылық білдіруі) туралы мәселені істі қарайтын сот шешеді.

Өздігінен бас тарту (қарсылық білдіру) туралы мәселені сот бөлек бөлмеде шешеді және ол соттың ұйғарымымен ресімделеді.

Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы мәлімдемені қанағаттандырудың салдарлары АІЖК-нің 43-бабында көрсетілген:



  • аудандық немесе оған теңестірілген сотта судьяға қарсылық білдірген (өздігінен бас тартқан) жағдайда бұл істі сол сотта басқа судья қарайды;

  • егер іс қаралатын сотта судьяны ауыстыру мүмкін болмаса, жоғары тұрған сот арқылы іс басқа аудандық немесе оған теңестірілген сотқа беріледі.

  • облыстық немесе оған теңестірілген сотта, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында істі қарау кезінде судья өздігінен бас тартқан не оған қарсылық білдірілген не соттың барлық құрамына қарсылық білдірілген жағдайда, істі сол соттағы басқа судья қарайды.

  • іс қаралатын сотты айқындау үшін ол Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына төмендегі жағдайларда берілуге тиіс:

  • егер облыстық немесе оған теңестірілген сотта өздігінен бас тарту немесе қарсылықтар білдіру қанағаттандырылғаннан кейін не АІЖК-нің 39-бабында аталған себептермен осы істі қарау үшін соттың жаңа құрамын құру мүмкін болмаса;

  • облыстық немесе оған теңестірілген сот іс бойынша тараптар болса.


Іске қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру (АІЖК-нің 185-бабы). Төрағалық етуші іске қатысушы адамдарға олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін, соның ішінде іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; қарсылықтарын мәлімдеуге; дәлелдеме табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысушы басқа адамдарға, куәларға, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға; өтінім жасауға, соның ішінде қосымша дәлелдеме талап ету туралы өтінім жасауға; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысушы басқа тұлғалардың өтінімдері мен дәлелдеріне қарсылық білдіруге; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімі мен ұйғарымына шағымдануға; АІЖК-мен берілген басқа да іс жүргізу құқықтарын пайдалану құқықтарын түсіндіреді.

Іске қатысушы адамдар өздеріне берілген барлық іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануға тиіс. Олар міндеттерін орындамаған жағдайда азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдармен көзделген салдарлар туындайды.

Төрағалық етуші талап қоюшының талаптың негіздемесін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талабының мөлшерін ұлғайтуға не азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы екенін, жауапкердің талап қоюды тануға, қарсы талап мәлімдеуге құқылы екенін, тараптардың істі бітімгершілік келісіммен аяқтай алатынын, дауды шешу үшін аралық сотқа жүгіне алатынын түсіндіреді; сондай-ақ ол осындай іс-әрекеттердің іс жүргізу салдарларын да түсіндіреді.

Төрағалық етуші іске қатысушы тұлғалардың өкілдеріне АІЖК-нің 61-бабымен көзделген өкілеттіктерін түсіндіреді.

Іске қатысушы тұлғаларға және олардың өкілдеріне олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндірген кезде төрағалық етуші істің нақты мән-жайларын назарға алуға тиіс. Ол, мысалы, егер ол сотқа ұсынған қарсылықтарынан қарсы талап қою мүмкіндігі көзделетін болса, осындай талапты қою құқығын, егер тараптардың біреуі материалдық шығындардың ауыртпалығына байланысты заңгерлік құқықты пайдаланбайтынын көрсетсе, өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығындарды өтеу құқығын және т.с.с. егжей-тегжейлі түсіндіруге міндетті.

Қарсы талап қою өзінің мүдделерін қорғау мақсатында бастапқы талаппен бірге қарау үшін пайда болған процесте мәлімденген, жауапкердің талапкерге қойған дербес материалдық құқықтық талабы болып табылады.

Қарсы талапқа төмендегі сипаттар тән:

- бұл жауапкердің талабы;

- талап бұрыннан пайда болған процесте мәлімделген;

- талап бастапқы талаппен бірге қарау үшін мәлімденген.

Материалдық-құқықтық қарсылық сияқты азаматтық процесте қарсы талап та даудың мәні бойынша талапкердің талабына қарсы бағытталған. Алайда олардың арасында елеулі айырмашылық та бар, ол айырмашылық сол, қарсы талапта қойылған материалдық-құқықтық талап тек бастапқы талаппен бірге ғана емес, сонымен қатар одан бөлек дербес азаматтық іс жүргізуде де қарала алады.

Жауапкердің материалдық-құқықтық қарсылығы бастапқы талапқа тәуелді болады да бөлек сот процесіндегі сот талқылауының мәні бола алмайды.

Сот пен тараптар үшін қарсы талаптың қолайлылығы сол, ол бір процесте бір ғана шешіммен тараптардың өзара талаптарын шешуге мүмкіндік береді. Айталық, бір процесте, мысалы, біреуі тұрғын үй-жайдың меншік иесі болып табылатын және пәтер жалдаушыдан пәтерақы бойынша берешегін өндіртіп алуды соттан өтініп отырған, ал екіншісі, осы тұрғын үй-жайды жалдаушы, үй-жайды жөндеуге байланысты өзі көтерген шығындарын меншік иесінен өндіріп алуды өтініп отырған екі азаматтың өзара ақшалай талаптарын бір процесте қарап, шешу ыңғайлы әрі мақсатқа сай болады.

Сонымен қатар, баланың анасының оның әкесіне алименттер өндіртіп алу туралы талабы мен жауапкердің әкелікті анықтау туралы қарсы талабын бірге қарау мақсатқа сай әрі ыңғайлы болады, себебі бұл талаптарды бөлек қарау алименттердің баланың әкесі болып табылмайтын адамнан өндіріліп алуына әкеліп соғуы мүмкін.

Қарсы талап қуыным талапты есепке алу, сіңіру немесе өтеу мақсатында қойылады.

Қарсы талапты қарауға қабылдау іс жүзінде ыңғайлылық тұрғысынан іске асырылатындықтан бастапқы және қарсы талаптар бойынша талаптар не біртекті болуға немесе бір даулы мәселеге қатысты мәлімделген болуға тиіс.

Қарсы талапты қоюдың және оны бірге қарауға қабылдаудың тәртібі мен шарттары АІЖК-нің 156,157-баптарымен реттеледі.

АІЖК-нің 156-бабына сәйкес, қарсы талап талап қоюдың жалпы ережелері бойынша қойылады. Бұл қарсы талапты қарауға қабылдай отырып, судья талап қою құқығының заңмен көзделген барлық алғышарттарын назарға алуға тиіс дегенді білдіреді. Қарсы талап бойынша талап арыз АІЖК-нің 150-151-баптарының талаптарына сай болуға және ол үшін мемлекеттік баж төленген болуға тиіс. Қарсы талапты сот шешімі шығарылғанға дейін қоюға болады.

Сот қарсы талапты қарауға төмендегі шарттар орындалған жағдайда қабылдайды:


  • егер қарсы талап алғашқы талапты есепке алуға бағытталса. Есепке алу мүмкіндігі азаматтық құқық нормаларымен реттеледі (АК-нің 370-бабы);

  • егер қарсы талап қоюды қанағаттандыру алғашқы талап қоюды толық немесе ішінара қанағаттандыруды жоққа шығарса. Бұл шартқа мысал ретінде жоғарыда келтірілген, әкелікті даулау туралы қарсы талап алименттерді өндіртіп алу туралы талапты қанағаттандыру мүмкіндігін болдырмау мақсатында қойылатын жағдай жүре алады;

  • егер қарсы және алғашқы талаптар арасында өзара байланыс болса және оларды бірлесіп қарау дауларды неғұрлым жылдам және дұрыс қарауға әкелсе (АІЖК-нің 157-бабы).

Некені бұзу туралы істер бойынша сот практикасында ерлі-зайыптылардың бірлесіп жинаған мүлкін бөлу туралы қарсы талаптар жиі кездеседі.

Азаматтық процесте қарсы талапты қараудың нәтижесі ол бойынша шешім қабылдау болып табылады. Бастапқы және қарсы талаптар бойынша сот бір шешім қабылдайды, алайда онда екі талапқа да бөлек негізделген жауап беріледі.

Егер қарсы талап процесті қиындататын болса, соттың оны бірге қарауға қабылдаудан бас тартуға, ал егер ол қабылданып қойған болса, қарсы талапты бөлек іс жүргізуге бөліп шығару туралы ұйғарым қабылдауға құқығы бар.

Төрағалық етушінің іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіру бойынша әрекеттері сот отырысының хаттамасына енгізілуге тиіс.


Іске қатысушы тұлғалардың өтінімдерін соттың шешуі (АІЖК-нің 186-бабы). Төрағалық етуші іске қатысушы тұлғалардың және өкілдердің істі қарауға байланысты мәселелер бойынша арыздары мен өтінімдерінің бар-жоғын анықтайды. Арыздар мен өтінімдер әр түрлі болуы мүмкін:

  • қосымша дәлелдемелерді сұратып алдыру немесе қоса тіркеу туралы;

  • сараптама тағайындау туралы;

  • қандай да бір адамды іске қатысуға тарту туралы;

  • талапты қамтамасыз ету туралы;

  • түрлі мән-жайлар бойынша дәлелдемені жою туралы;

  • екінші тараптың дәлелдемелерді жасырғаны туралы;

  • тараптың тұрақты емдеуде жатқаны немесе ұзақ мерзімді қызметтік іс-сапарда жүргені туралы;

  • істі талқылауды кейінге қалдыру немесе іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру және т.б.

Арыздар мен өтінімдер ауызша немесе жазбаша нысанда берілуі мүмкін. Ауызша арыздар мен өтінімдер сот отырысының хаттамасына жазылады, ал жазбашалары іс материалдарына қоса тіркеледі.

Арыздар мен өтінімдер болған жағдайда сот іске қатысушы адамдардың пікірлерін тыңдайды, содан соң оларды қанағаттандыру туралы немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Соттың ұйғарымдары әдетте тікелей сот отырысы залында шығарылады және сот отырысының хаттамасына жазылады. Мәлімделген өтінімдер бойынша сот шығарған ұйғарымдар дереу жария етіледі.



  • Сот талқылауы кезінде талапкер:

  • талаптың нысанасын немесе негіздемесін өзгерту туралы;

  • тиісті емес жауапкерді ауыстыру туралы;

  • іске қатысуға тең жауапкер ретінде заңды тұлғаны немесе заңды тұлға құрмастан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматты тарту туралы арыз берген жағдайда, соттардың мүліктік дауды сотқа дейін реттеудің сақталмағанын дәлел етіп, осындай арыздарды қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.

Мұндай жағдайларда сот дауды сотқа дейінгі тәртіпте реттеу мүмкіндігі болған кезде АІЖК-нің 249-бабының 1) тармақшасына сәйкес, арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығаруға құқылы (Жоғарғы Соттың 30.06.2000 жылғы Пленумының «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» №9 қаулысының 9-тармағы, 30.10.2000 жылғы №15 қаулымен енгізілген өзгертулерімен және толықтыруларымен бірге).

Істі осы сот отырысында мәні бойынша қараудың мүмкін болмауына әкелетін өтінімді қанағаттандырған кезде сот істі талқылауды кейінге қалдырады немесе ұйғарым шығару жолымен іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрады. Сол арқылы сот отырысы аяқталады, бірақ істі талқылау оны тоқтата тұруға негіз болған мән-жай жойылғаннан кейін жалғастырылатын болады немесе басқа сот отырысында талқылау іске асырылады.

Егер арыздар мен өтінімдер түспесе немесе сот оларды қанағаттандырмаса, немесе арыздар мен өтінімдерді қанағаттандыру процесті одан әрі жалғастыруға кедергі болмаса, сот талқылауы әрі қарай жалғастырылады.
Іске қатысушы тұлғалар және өкілдер келмеген жағдайда істі талқылау мүмкіндігі туралы мәселені шешу (АІЖК-нің 187-бабы).

Бұл мәселені сот анықтауға тиіс, себебі іске қатысушы тұлғаның сот отырысына келмеуі келмеу себебінің және басқа мән-жайлардың қандай болғанына қарай іс жүргізудің түрлі салдарларына әкеледі.

Азаматтық істі талқылау іске қатысушы тұлғаларға сот отырысының уақыты мен орны туралы міндетті түрде хабарлана отырып іске асырылады. Хабарлаулар хабарландырылған адамдардың сотқа уақтылы келуі және іске даярлануы үшін жеткілікті мерзімі болуы есептеле отырып жолдануға тиіс (АІЖК-нің 129-бабының 3-бөлігі).

Сот отырысына іске қатысушы тұлғалардың қандай да біреуі келмеген жағдайда және оларға хабарланғаны туралы мәлімет болмаса, сот істі талқылауды кейінге қалдырады.

Іске қатысушы тұлғалар келмеуінің себептері туралы сотқа хабарлауға және келмеу себептерінің дәлелдемелерін көрсетуге міндетті. Егер істі қарауға сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған адамдар келмеген болса, сот төмендегі іс жүргізу шешімдерінің біреуін қабылдау үшін олардың келмеу себептері туралы мәселені зерттейді:


  • олардың келмеу себебі дәлелді деп танылған жағдайда, сот істі талқылауды басқа сот отырысына кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады;

  • егер сот келмеу себептерін дәлелді емес деп таныса, онда оның істі олар жоқта қарауға құқығы бар.

Яғни, сот отырысы туралы тиісті түрде хабарланған іске қатысушы адамдар дәлелді себептерсіз келмеген әр жағдайда, сот істің нақты мән-жайларына сүйене отырып, істі талқылауды кейінге қалдыру немесе істі мәні бойынша қарау туралы шешім қабылдайды.

Жауапкер сот отырысына келмеген жағдайда, соттың төмендегі шарттар болған кезде істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға құқығы бар:



  • егер жауапкерге сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған болса;

  • егер жауапкер келмеуінің дәлелді себептері туралы сотқа хабарламаса (мысалы, келмеу себептері туралы мәліметтер мүлде жоқ болса не сот оның келмеу себептерін дәлелсіз деп тапса не жауапкер іс бойынша іс жүргізуді қасақана созып отыр деп таныса);

  • егер жауапкерден істі ол жоқта қарау туралы арыз түспеген болса;

  • егер талапкер істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға қарсы болмаса. Аталған шарттар АІЖК-нің 160-бабының 1-бөлігімен көзделген.

Тараптардың соттан істі өздері жоқта қарап, өздеріне шешімнің көшірмесін жіберу туралы жазбаша нысанда өтінуге құқығы бар.

Сот егер істің мән-жайлары бойынша бұл қажет болса, тараптардың сот отырысына қатысуын міндетті деп тануы мүмкін.

Сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланған іске қатысушы адам өкілінің келмеуі істі қарауға кедергі болып табылмайды. Іске қатысатын адамның өтінімі бойынша сот оның өкілі дәлелді себептермен келмеуіне байланысты істі қарауды кейінге қалдыра алады.
Куә, сарапшы, маман, аудармашы келмеген жағдайда істі талқылау мүмкіндігі туралы мәселені шешу (АІЖК-нің 188-бабы).

Сот отырысына аталған тұлғалардың қандай да біреуі келмеген жағдайда сот іске қатысушы адамдардың істі олар жоқта қарау мүмкіндігі туралы пікірін тыңдап, сотта іс қарауды жалғастыру немесе оны кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.

Істі талқылау куәнің келмеуіне байланысты кейінге қалдырылған кезде азаматтық істің куә білетін мән-жайлары туралы мәліметтің маңыздылығы назарға алынады.

Сарапшының келмеуі істі талқылауды кейінге қалдыру үшін, мысалы, мынадай жағдайларда негіз бола алады: сарапшының қорытындыларының дұрыстығына соттың күмәндануы, сарапшының жазбаша қорытындысы бойынша оның өзінің түсініктеме беруінің қажеттігі, сарапшының қорытындысы мен басқа дәлелдемелердің арасында қарама-қайшылық болуы және т.б.

Аудармашы келмеген жағдайда, егер аудармашыны ауыстыру мүмкін болмаса, сот істі талқылауды кейінге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.

Егер куәлар, сарапшы, маман немесе аудармашы сот отырысына сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша келмеген болса, олар АІЖК-нің 120-бабына сәйкес сотқа мәжбүрлеп әкелінуі, ал куәлар ӘҚБтК-нің 513-бабына сәйкес әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Куәгерлік айғақ беру міндетінен босатылатын жағдайларды қоспағанда, сотта айғақ беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшін куә ҚК-нің 353-бабында көзделген жауапкершілік көтереді. Заңға сәйкес ешкім де өзіне, жұбайына (зайыбына) және өзінің жақын туыстарына, сондай-ақ діни қызметшілер - тәубаға келіп, өздеріне сенім білдірген адамға қарсы куәлік беруге міндетті емес (АІЖК-нің 17-бабы).
Істі қарау кейінге қалдырылған кезде куәлардан жауап алу (АІЖК-нің 190-бабы). Істі талқылау кейінге қалдырылған кезде соттың келген куәлардан жауап алуына жол берілуінің нормалары куәлар ретінде шақырылатын азаматтардың уақытын үнемдеуге және осы куәлардың өздерінің келмей қалуына байланысты істі талқылаудың ықтимал кейінге қалдырылуының алдын алуға бағытталған.

Істі қарау кейінге қалдырылған кезде куәлардан жауап алу соттың міндеті емес құқығы. Мұндай жауап алу тек сот отырысында тараптар болған жағдайда ғана мүмкін болады және АІЖК-нің 196-199-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.


Сарапшы мен маманға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру (АІЖК-нің 191-бабы). Төрағалық етуші сарапшы мен маманға АІЖК-нің 92-бабымен және 99-бабының 3 және 4-бөлімдерімен көзделген олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.

Төрағалық етуші сарапшыға көрінеу жалған қорытынды бергені үшін ҚК-нің 352-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді. Бұл туралы сарапшыдан қолхат алынады да ол сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.

Маманға көрінеу теріс кеңес (түсініктеме) бергені үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілмейді.

Жазбаша немесе заттай дәлелдемелерді қарау, дыбыс жазбаларды немесе бейне жазбаларды тыңдау, сараптама тағайындау, куәлерден жауап алу, дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау кезінде кеңес, түсініктеме алу үшін және тікелей техникалық көмек (фотосуретке түсіру, жоспарлар мен схемалар жасау, сараптама үшін үлгілер іріктеу, мүлікті бағалау) көрсетілуі үшін қажет болған жағдайда сот мамандарды тарта алады. Сарапшыдан өзгеше маман сотқа тек өзінің кәсіби біліміне сүйене отырып, арнайы зерттеулер жүргізбестен ауызша немесе жазбаша нысанда кеңес береді, осыған байланысты оған сарапшы сияқты көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілмейді.




: site -> SupCourtKaz.NSF -> 36b782079737d452c6256d89002456d9
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Германияға бару сапары туралы есеп 2007 жылғы 9-16 желтоқсан аралығында «Орта Азия елдерінде құқықтық және сот реформасын қолдау»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаған, тәртiптiк жауаптылыққа тартылған тұлғалардың есебiн жүргiзу жөнiндегi Нұсқаулықты бекiту туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қылмыстар туралы өтініштер мен хабарларды, қылмыстық істерді, олардың тергелуі және сотта қарастырылу нәтижелерін бірыңғай кәртішкелік есепке алу негізінде жүргізу туралы Нұсқаулықтың бекітілуі жөнінде
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Кеден заңнамасы нормаларын бұзуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау практикасынашол у о
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қамауға алу, үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасы конституциялық кеңесінің Қосымша қаулысы астана қаласы 25-тамыз, 2004-жыл Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының «Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының жергілікті соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қылмыстық іс алдын ала тергеу орындарына негізсіз қайтарылғандықтан сот қаулысы бұзылды
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Егемен Қазақстан №108 2008-04-12 Алимент әке болмайды, бірақ
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының Заңы «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы»


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет