Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат зайырлы білім – рухани даму кепілі



жүктеу 102.94 Kb.
Дата26.04.2016
өлшемі102.94 Kb.
: uploads
uploads -> Қазақстан республикасы төтенше жағдайлар министрлігі көкшетау техникалық институты
uploads -> Қазақ тіліндегі ресми іс-қағаздары Басқару, ұйымдастыру, өкім шығару қызметіне қатысты құжаттар
uploads -> А. С. Макаренконың өмірі мен педагогикалық қызметі
uploads -> Ян Амос Коменскийдің педагогикалық қызметі мен теориясы. (1592-1670жж)
uploads -> Приложение к части а1
uploads -> Рабочий проект
uploads -> Кирилл Куренда: двухлетний вундеркинд Не иначе как вундеркиндом можно назвать Кирилла Куренда из крымского села Владиславовки. В свои два с половиной года он уже знает все буквы алфавита умеет считать и освоил азы компьютерной грамотности
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат

ЗАЙЫРЛЫ БІЛІМ – РУХАНИ ДАМУ КЕПІЛІ
Айнұр Әбдірәсілқызы, өзіңізге белгілі, күн тәртібінен түспейтін тақырыптардың бірі – білім беру жүйесі. Сондықтан әңгімемізді білім беру жүйесіндегі зайырлылық қағидаттарын айқындаудан бастасақ. Дін саласындағы ғылыми-зерттеу мекемесінің басшысы ретінде осы қағидаттарды қалай түсіндірер едіңіз?

– Зайырлылық қағидаттары заңнамалық нормалар арқылы бекітілетіндіктен, бұл орайда алдымен заң тілімен сөйлеуге тура келеді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағы бойынша діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады.

Ал Қазақстан Республикасының 2007 жылы 27 шілдеде қабылданған «Білім туралы» заңына сəйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты болып табылады. Сонымен қатар аталмыш заңға сәйкес білім беру ұйымдарында саяси партиялар мен діни ұйымдардың, бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметін жүргізуге, білім беру ұйымдарында нәсілдік, этностық, діни, әлеуметтік ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, педагог қызметкерлердің білім беру үдерісін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында пайдалануына тыйым салынады.

Аталған ұстанымдар біріге отырып, еліміздегі білім беру жүйесінің зайырлылық қағидаттарын құрайды. Бұл қағидаттар білім алушылардың бостандықтары мен құқықтарын, қауіпсіздігі мен заң аясында әрекет етуін қамтамасыз ету мақсатында жасақталған.

Бұл орайда ең басты назарда ұстайтын нәрсе – зайырлылық дегеніміз дінсіздік емес, ол – гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және діни сенім бостандығын жүзеге асыруды қолдайтын, дүниетанымдық еркіндікті, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігін мойындайтын, адамгершілік-өнегелілік және құқықтық құндылықтарға негізделген әмбебап жүйе. Сондықтан діни таным да зайырлы дүниетанымның бір бөлігі болып табылады.

Демек, білім беру жүйесінің зайырлылығы діни білімге жол берілмейді дегенді білдірмейді ғой?

– Әрине, солай. Зайырлы жүйеде діни білімге де, дінтанулық білімге де тыйым салынбайды. Керісінше, еліміздің заңнамалары аясында діни және дінтанулық білім берудің өзіндік мүмкіндіктері жасақталған.

Әңгімемізді мектеп қабырғасынан бастап өрбітсек. Білім жүйесінің зайырлы сипатына сәйкес орта мектепте діни білім емес, дінтанулық білім беріледі. Ал діни білімді мектеп оқушысы өз қалауына сәйкес және ата-анасының келісімі бойынша діни бірлестіктер жанындағы сауат ашу курстарынан ала алады.

Дін – ұлт дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі болғандықтан ел азаматтарының дін туралы түсінігінің дұрыс қалыптасуы орта мектептен басталуы тиіс. Сондықтан, бірінші кезекте дін туралы түсініктер мен діндер тарихы туралы мәліметтер, соның ішінде Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын діндерге қатысты мағлұматтар, олардың пайда болуы, дамуы, қоғам өміріндегі орны туралы дінтанулық ақпараттар орта мектептен бастап, білім беру мекемелеріндегі «Тарих», «Алаштану», «Адам. Қоғам. Құқық», «Этносаралық келісімнің даму тарихы» секілді қоғамдық пәндер аясында оқытылып келеді.

Екіншіден, 2004 жылдан бастап еліміздегі орта мектептердің 10-сыныбында «Дінтану негіздері» пәні таңдамалы арнайы курс ретінде оқытыла бастағаны баршаға белгілі. 2009 жылдан бастап бұл пән 9-сыныпта оқытылатын міндетті факультатив пән ретінде бекітілді. Осы пән аясында оқушыларға діндер тарихы мен тәжірибесі, дәстүрлі діндер мен жаңа діни қозғалыстар, Қазақстандағы негізгі діндер, олардың қасиетті кітаптары және діни мейрамдары туралы мол мәлімет берілуде. Сонымен қатар ислам дінінің қазақ жеріне таралуы, ұлт ғұламаларының рухани-діни мұрасы, туған топырағымыздағы исламдық мәдениет туындылары, Қазақстан мұсылмандарының діни танымындағы ханафи мазхабының орны секілді рухани тарихымызбен тамырлас өзекті дінтанулық мәселелер де ғылыми тұрғыдан оқытылады.

Сөзіңіз аузыңызда, орта мектептерге аталмыш «Дінтану негіздері» пәні енгізілгелі бері де біршама уақыт өтіпті. Қандай өзгерістер күтілуде?

– Бұл бағыт назардан тыс қалып отырған жоқ. Қазіргі таңда Дін істері агенттігі және Білім және ғылым министрлігі тарапынан аталмыш пәнді заман талабына сай жетілдіру мақсатында кешенді шаралар атқарылуда. Пәннің қоғамтанулық мазмұнын күшейте отырып, білім алушыларға зайырлы мемлекет қағидаттары мен қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарын таныту мақсатында «Дінтану негіздері» пәнінің атын «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп өзгертуге шешім қабылданды. Жаңа бағдарлама жасақталып, мазмұнына өзекті толықтырулар енгізілді, бұл бағдарлама ҚР Білім және ғылым министрінің арнайы бұйрығымен бекітілді.

Қазір авторлық ұжымдар тарапынан жасақталған аталмыш пәннің оқулықтан, хрестоматия мен мұғалімге арналған құралдан тұратын оқу-әдістемелік кешеніне дінтану сараптамасы жүргізіліп, қайта толықтыруға жолданды.

«Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатындағы білім жетілдіру курсының жүйелі, толыққанды бағдарламасын жасау және жүзеге асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастар» атты арнайы көлемді әдістемелік құрал қазақ және орыс тілдерінде жасақталып, электрондық нұсқасы барлық өңірлерге жіберілді. Бұл жинақ қазіргі «Дінтану негіздері» пәнінің де, болашақ «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің де бағдарламасын толық қамтуымен ерекшеленеді.

Сонымен қатар жалпыға бірдей білім беретін орта мектептерді білікті маманмен толық қамтамасыз ету мақсатында жоғарғы оқу орындарында «Тарихшы-дінтанушы» мамандығымен педагог кадрлар даярлау мүмкіндіктері қарастырылуда.

Ал дінтанулық білімнің жоғары оқу орындарындағы жай-күйі қандай?

– «Дінтану» пәні таңдамалы курс ретінде еліміздің 1400-ден астам жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілген. Білім алушылар өздерінің қызығушылықтары мен таңдауларына сәйкес осы пән арқылы дін туралы білімдерін кеңейте алады.

Ал еліміздің 6 жоғары оқу орнының арнайы кафедраларында діндер тарихы мен теориясын, мемлекеттік-діни қатынастарды, жаңа діни қозғалыстар мен діни ахуал мәселелерін зерттеп-зерделейтін дінтанушы мамандар даярланады. Атап айтсақ, олар: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Дінтану кафедрасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Философия және мәдениет теориясы кафедрасы, «Нұр-Мүбарак» мысыр ислам мәдениеті университетінің Дінтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің Дінтану кафедрасы.

Қарағанды мемлекеттік университетінен өзге аталған оқу орындарында дінтану мамандығы бойынша магистратура ашылған. Қазақ Ұлттық университеті мен «Нұр-Мүбарак» университеті дінтану мамандығы бойынша PhD докторларын даярлайды.

Білім және ғылым министрлігі тарапынан «дінтану» мамандығына бөлінетін грант саны жыл сайын ұлғайтылуда. 2012-2013 оқу жылында оның көлемі – 65, 2013-2014 оқу жылында – 77 болса, 2014-2015 оқу жылында 88-ге көбейтілді. Жекелеген оқу орындары өз гранттары арқылы дінтанушылардың белгілі бір бөлігінің ақысыз білім алуын қамтамасыз етуде.

Ендігі кезекте еліміздегі діни білімнің ахуалына тоқталсақ. Діни білім алуға да толық мүмкіндіктер бар екенін жоғарыда атап өттіңіз. Ол қалай заңдастырылған?

– Қолданыстағы заңнамалар аясында діни білім берудің нақты тетіктері жасақталған. Еліміздегі ресми тіркелген діни бірлестіктер өздерінің жанынан діни сауат ашу курстарын ұйымдастыра алады. Қазір елімізде 334 исламдық сауат ашу курстары, 66 христиандық (православтық, католиктік және протестанттық) жексенбілік мектептер қызмет атқарады. Өз қалауына сәйкес аталған курстарда бастауыш діни білім алуға кез келген азаматтың мүмкіндігі бар. Кәмелетке толмаған балалар жоғарыда айтылғандай діни курстарға ата-анасының келісімімен бара алады.

Сонымен қатар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның нормаларына сәйкес республикалық және өңірлік діни бірлестіктер дін қызметшілерін даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құра алады. Осы негізде қазір елімізде исламдық бағыттағы – 13 (2 қарилар дайындау орталығы, 9 медресе, Имамдардың білім жетілдіру институты, «Нұр-Мүбарак» университеті), христиандық бағыттағы 2 (православтық училище мен католиктік семинария) діни оқу орны құрылып, қызмет атқаруда.

Бұл орайда медреселер мен православтық училищенің техникалық-кәсіптік оқу орындарына теңестірілгенін, арнайы бекітілген стандартқа сәйкес жұмыс істейтінін және мемлекеттік үлгідегі диплом беретінін атап айту қажет. Ал «Нұр-Мүбарак» университетінде исламтану мамандығы бойынша жоғары діни және жоғары білімнен кейінгі діни білім беріледі. «Мария ана шіркеуі» епархияаралық діни семинариясы католик діні бойынша жоғары білімді мамандар даярлайды.

Ал осы діни және дінтанулық білімді қатар алып шығатын мүмкіндіктер бізде қарастырылған ба?

– Білімі жөніндегі ресми құжаттарда ара-жігі ажыратылып көрсетілмегенімен, біздегі «Нұр-Мүбарак» университетінде оқытылатын «исламтану» мамандығы мен Халықаралық қазақ-түрік университетінде даярланатын «теология» мамандығы дінді діни тұрғыдан да, ғылыми жағынан да зерттеп-зерделеп оқуға мүмкіндік беретін бейіндік бағыттар болып табылады. Аталған мамандықтардың арнаулы стандарттары бекітілген, кәсіптік бағдарламалары қалыптасқан, оларға мемлекет тарапынан тиісті деңгейде грант бөлінген.

«Исламтану» мамандығының дербес қалыптасуын, осы мамандық бойынша бакалавриатпен қатар магистратура және докторантура бөлімдерінің ашылуын Қазақстандағы діни және дінтанулық білімнің өзіндік жетістігі деуге болады. Сонымен қатар 2014 жылы «теология» мамандығының алғашқы түлектері оқу бітіріп, өндіріске араласа бастады. Бұл да еліміздің рухани өміріндегі игі нәтижелердің бірі.

Атап айту қажет, кезінде атеистік саясатты ұстанған кеңестерден кейінгі кеңістікте діни және дінтанулық білімді мемлекет тарапынан құқықтық тұрғыдан реттеу, білім беру тұрғысынан жүйелеу, қызметіне мүмкіндік туғызу және қадағалау жағынан Қазақстан өзге елдерден оқ бойы озық тұр.

Осы орайда шетелдермен байланыстар жөнінде бірер сөз қоссаңыз. Бұл жағынан да ілгерілеулер бар болар?

– Әрине. Елімізде діни және дінтанулық бағыттағы шетелдік жетекші оқу орындарымен тәжірибе алмасу, бірлесе мамандар даярлау тетіктері біршама уақыттан бері қалыптасқан. Дінтану, исламтану және теология кафедралары бар жоғарғы оқу орындарына алдыңғы қатарлы шетелдік университеттердің білікті мамандары арнайы бағдарламалар бойынша дәріс оқуға тұрақты түрде шақырылып отырады.

«Нұр-Мүбарак» университетінің деңгейін халықаралық стандарттарға сай дәрежеге көтеру мақсатында мұсылман елдеріндегі ең ежелгі және алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі – Мысырдағы «әл-Азхар» университетімен тығыз байланыс орнатылған. Біздің университет студенттері 3 курста «әл-Азхар» университетінде 6 айлық оқу курсынан өтеді. «Нұр-Мүбарак» университетінде «әл-Азхардың» жоғары білікті 14 оқытушысы дәріс береді. Университет сонымен қатар Малайзия ислам университетімен тәжірибе алмасу бағытында ынтымақтастық орнатуда. Өткен жылы қол жеткізілген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Мысыр Пәтуа беру орталығымен және әл-Азһар университетімен арасындағы келісімдерге сәйкес жоғары білімді исламтанушылардың Мысыр елінде бірнеше бағытта білімін жетілдіруіне жол ашылып отыр.

Исламдық орта оқу орны болып табылатын медреселердің таңдаулы түлектерін Түркия Республикасындағы атақты «Хасеки» институтына оқуға жіберу дәстүрге айналды. Мәскеу ислам университетімен, Қазан қаласындағы Ресей ислам университетімен және Өзбекстандағы ислами оқу орындарымен де бірлесе мамандар даярлау бағытында келісімдер жасалуда.

Сонымен қатар 2013 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «дінтану» және «теология» мамандықтарына грант бөліне бастағанын да атап айту қажет.

Демек, осы айтылғандардың негізінде «зайырлылық қағидаттары рухани дамуға септеседі» деп тұжырымдасақ, артық айтқанымыз емес қой?

– Септесіп қана қоймайды, тікелей кепілдік те береді. Өйткені зайырлылық – руханиятсыз, ал руханият дінсіз болмайды.

Зайырлы мемлекеттегі діни және дінтанулық білім жүйесі біріншіден, мемлекеттік саясаттың жалпы қағидаттарына, екіншіден, қоғам сұранысына, үшіншіден заманауи бағдарлар мен білім жүйесінің даму болашағын ескере отырып жасалатын талдауларға сүйенеді. Соның негізінде қоғам өмірін құқықтық тұрғыдан реттей отырып, оның дүниетанымдық көзқарастарын ғылыми тұрғыдан байытады, рухани-мәдени құндылықтарының сақталуы мен дамуына жағдай жасайды. Сондықтан зайырлы білім жүйесі – мемлекеттің рухани дамуының кепілі деуге толық негіз бар.

Дәл осы орайда соңғы әрі қорытынды сұрақтың сәті келіп тұрған тәрізді. Орта мектептерде ішінара бой көрсетіп отырған діни себептермен сабаққа қатыспау немесе мектеп формасын сақтамау секілді іс-әрекеттер қаншалықты заңды?

– Бірден атап айту қажет: Зайырлы мемлекеттің қоғамдық қатынастарды реттеу саласы жекелеген топтардың немесе діни бірлестіктердің ұстанымдарына емес, жалпы қоғамның мүддесіне негізделеді. ҚР Конституциясының 22-бабына сәйкес әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Бірақ дәл осы бапта жазылғандай, ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс. ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 5-тармағына назар салсақ, ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.

Сондықтан осы аталған конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып құрастырылған ҚР «Білім туралы» заңының білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау (оның ішінде мектепте бірыңғай киім кию үлгісін кию, сабаққа қатысу тәртібі де бар) туралы талаптары азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандықтарын бұзбайды, керісінше олардың заңнамалық нормаларға кең түсінікпен, ашық азаматтық тұрғыдан қарауын міндеттейді. Яғни дәл сол бостандыққа қатысты құқықтық нормаларда оның шет-шегі де айқын көрсетілгенін түсіну керек.

Сол секілді ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 8-тармағында ата-аналардың балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне мемлекеттің араласпайтыны айтылған нормада да ескерту ретінде: «мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда» деген қағидаттың тұрғанын да естен шығармау қажет. Бұл жерде де араласпау әрекетінің заңдық шектері айқын көрсетілген.



Сонымен қатар ата-аналар ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 70-бабына сәйкес баласының міндетті орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті екенін және ҚР «Білім туралы» Заңының 49-бабының нормалары бойынша білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға, балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті екендіктерін ұмытпауға тиіс. Қорыта айтқанда, заң қағидалары азаматтарға ар-ождан және діни сенім бостандығын берумен қатар мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте тұтқан абзал. Қарапайым құқықтық сауаттылықтың шарты осындай.

- Әңгімеңізге рахмет!





©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет