Қазақстан республикасы мемлекеттік және қарағанды облысының аймақТЫҚ "МӘдени мұРА"БАҒдарламасы бойынша дайындалды



жүктеу 1.15 Mb.
бет1/6
Дата28.04.2016
өлшемі1.15 Mb.
  1   2   3   4   5   6
Аршабеков Т.Т.,Ісләмов І.І
Ақтау бекінісі






ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ

"МӘДЕНИ МҰРА"БАҒДАРЛАМАСЫ

БОЙЫНША ДАЙЫНДАЛДЫ

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ


Е.А. БӨКЕТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

Облыстық тарихи-мәдени ескерткішерді қорғау инспекциясы


«Этномәдени зерттеулер» лабораториясы

Ақтау бекінісі


Аршабеков Т.Т.

Ісләмов І.І.

Қарағанды 2007

ББК 63.3


ISBN 999-32-115

Аршабеков Т.Т., Ісләмов І.І. Ақтау бекінісі. Қарағанды: Гласир баспасы, 2007. – 100 б.


Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінің Ғылыми кеңесі бекіткен
Редколлегия алқасы:

Омарбекова Р.О., облыстық мәдениет департаментінің директоры

Төлеуов Т. С, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясының бастығы

Жакин М.С., «Этномәдени зерттеулер» лабораториясының меңгерушісі


Пікір білдірушілер: т.ғ.д., профессор Х.Әбжанов

ф.ғ.д., профессор Ж.Жақыпов


Бұл ғылыми зерттеуде Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан Ақтау бекінісінің тарихы этнографиялық экспедиция материалдары, мұрағаттық құжаттар, тарихи зерттеулердің негізінде беріліп отыр. Еңбекте Кенесары ханның бекіністі шабуылдауы жан-жақты ашып көрсетілген.

Еңбек тарихшыларға, өлкетанушыларға, гуманитарлық саладағы барлық ізденушілерге және жалпы оқырман қауымға арналады.

ISBN 999-32-11 © Аршабеков Т.Т., Ісләмов І.І.




Бұл еңбек қазақ елінің

тәуелсіздік туын көтерген

Кенесары ханның рухына арналады.
Kipicпe

Республикамыз тәуелсіздік алғаннан бері, бұрынғы кереғар идеология -ның қыспағынан арылған қоғамдық санадағы еркіндік лебі Ресей патша үкіметінің қазақ даласын отарлау саясатын жаңа талаптар мен сұраныстар түрғысынан зерттеуге мүмкіндік туғызды.

Бұл ретте, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, 1837-1847 жылдары дала төсін дүр сілкіндірген бүкілқазақтық көтерілістің көсемі, үш жүздің жерінде ат ойнатып, атой салған Кенесары сұлтан бастаған бодандыққа қарсы күрес тарихының ақтаңдақ тұстарын анықтаудың маңызы өте зор. Қазіргідей жаһанданудың бел алған заманында мақтан етуге тұрарлық қазақи қадыр - қасиеттерімізді айқындайтын, еркіндік аңсаған халқымыздың азаттық жолындағы арпалысын, жаужүрек бабаларымыздың ерлігін әлемге паш етіп, ұлттық намысымызды жани түсетін рухани құндылықтар мен тың ізденістер айрықша қажет. Назарларыңызға ұсынылып отырған туынды Кенесары көтерілісі тарихында маңызды орын алған, бірақ жете зерттелмеген атышулы Ақтау бекінісі туралы баян. Дербес елдің алға қарыштап дамуы тарихи шындықты мейлінше тереңдетіп зерттеуді, халқымыздың өзіндік жолы бар тарихын жаңа табылған деректерге сүйеніп айқындауды талап етеді. Ұсынылып отырған кітаптың мақсаты да Кенесары көтерілісінің қалың оқырманға белгісіз көмескі жақтарын айқындау.

XIX ғасырдың 20-шы жылдарының ішінде орыс патшалығы тұрғызған бұл қамал Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына территориясында Манақа өзеніне таяу, аудан орталығынан 60 км жерде орналасқан. Заманында саяси маңызы Ақмола, Аягөз, Қарқаралы бекіністерінен ешбір кем түспеген, комендантына аталған үш округтың әскері бағынған Ақтау бекінісінің орнында бүл күндері жермен-жексен болып кеткен үйлердің жүрнағы ғана бар. Қамалды айнала түйе бойы терең қазылған ор мен құм - топырақтан үйілген жал ғана жатыр.

Еңбек жаңадан табылған архив құжаттарына және XIX— XX ғасыр басында жарық көрген мәліметтерге негізделген.

«Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде дайындалған аталмыш зерттеу ұлт-азаттық көтерілістің 160 жылдығына арналады.


Облыстық мәдениет департаментінің директоры Р.К. Омарбекова

Орта жүздегі саяси ахуал және бекіністі құрудың алғышарты

XIX ғасырдың бас кезеңінде саяси билігі қазақ даласының Жайық, Есіл, Ертіс өзендерінің бойынан асып үлгермеген Ресей империясы Орта жүздің қаймағы бұзылмай, әдет-ғұрпын сақтап көшіп-қонып жүрген елі мен мал шаруашылығына ыңғайлы жерлерін отарлап, үстемдігін жүргізуге асықты.

XIX ғасырдың бірінші ширегі Ресей империясы ұлт-азаттық қозғалыстарды аяусыз жаншып, саяси қысым жасап, күш қолдануының нәтижесінде ірі отарлық мемлекетке айналған кезі. Кіші және Орта жүздердің басты аймақтарын отарлап алғаннан кейін патша үкіметі Ұлы жүзді басып алуды, оңтүстік Қазақстан аймағы арқылы әлі де дербестіктерін сақтаған Орта Азияға шығуға, сөйтіп осы стратегиялық аймақта үстемдігін орнатуды ойластырды. Бұл мақсатқа жетуге кедергі - Орта жүздің басты өңірлерінің әлі де болса тәуелсіздіктерін сақтағаны еді.

Ресей мемлекетінің кең байтақ қазақ жеріне көз тігуінің тағы да бір себебі осы елдің экономикалық мүддесінің шет аймақты отарлаумен байланыстылығы болды. Өсіп келе жатқан Ресейдің өнеркәсіп тауарларын сіңіретін жаңа да арзан, кең нарық қажет еді. Завод, фабрика бұйымдары-мен күнделікті өмірге, шаруашылық мұқтажына қажетті өнімдері қазақ аулының өзінде өндірілмеуі қазақ руларының шекаралас өңірдегі Ресей жәрмеңкелеріне, Хиуа, Бұхара, әсіресе, Қоқан хандықтарына тәуелділігін күшейтті. Патша үкіметінің Қазақстанды жаулап алу жоспарын әсіресе мүдделендірген - саудадан түсетін мемлекеттік қазынаның үнемді көзі - баж салығы еді. Баж салығын төлеуден қашқақтаған көптеген керуендер талауға түсетін. Орыс үкіметі осы керуендерден түсетін баж салығын өз қазынасына ғана жинаттыру үшін Ресейдің билігін әлі де мойындамаған сұлтан, билердің ауылдарына қарулы қол жіберіп, қыр көрсетіп отыратын. Керуендердің жанында тұрақты қарулы казак отрядтарын ұстау үкімет үшін қымбатқа түсті және барлық керуендерді шығатын қонысынан баратын жеріне дейін апарып салу көп қаражатты қажет етті. Мәселені шешудің оңтайлы жолы — осындай стратегиялық маңызды өлкені Ресей империясының құрамына қосу еді.

XIX ғасырдың бірінші ширегінде отарлаудың тірегіне айнала бастаған бекіністер, олардың төңірегіне орналасқан Сібірден, Алтайдан, алыстағы Оралдан келген орыс-казак шаруалары қазақ ақсүйектерінің қарсылығына қарамай, біртіндеп рулардың қауымдық меншігі — жайылымдық жердің табиғи түрде пайдаланылуына қысым жасай бастады. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бойынша көшпелі ауылдар арасындагы жерге байланысты дау ру ақсақалдарының, көпшілігінде - билердің араласуымен шешілетін. Жазғы көш кезінде жүздеген шақырым, тіпті онан да аумақты жерді малымен, отбасыларымен көшіп өтетін ауылдардың жағдайы тіпті ауырлады. Енді қайда барса да орыс бекіністері алдынан шығып отырды, бұрынғы емін-еркін жайлайтын жерлері тарылып, патшаның отаршылдық шеңгелі барған сайын алқымынан сығымдап бара жатты.

Қазақ ауылдарының көш жолдары жөнінде зерттеуші С.М.Броневский былай жазады: «Пути летних кочевок и цель, какой они положили достигнуть и возвратиться на прежние зимовки, бывают разнообразны: одни волости кочуют к Северу и на реку Иртыш, другие на юго-запад к Нур (и к линии Петроп.), иные же к границам Китая, Кокании и Бухарии. Волости Кокчетавского внешнего округа разделяются на три части: к реке Ишиму, Нур, и к линии Петропавловского округа. – Каркаралинского, все вместе следуют далее, нежели за триста верст».1

Патша үкіметінің Орта және Орталық Азиядағы стратегиялық саясаты, осы өңірге көз тіккен Британиямен бақталастығы, қазақ жері арқылы өнеркәсіп тауарларын сіңіретін шығыс рыногына шығу қажеттігі, керуен саудасынан түсетін баж салығының қүндылығы сияқты көпсалалы саяси және экономикалық себептер қазақ өлкесін жаулап алу үрдісін тездете түсті.

1819 жылы Орта жүздің ханы Уәли дүниеден қайтты. Бұл оқиға хандық жүйені біржолата жойып, қазақ елін басқаруды Ресейдің губерниялық басқару жүйесіне жақындатуға, сөйтіп бар билікті орыс әкімшілігінің қолына ұстатуға жол ашты.

Осы жылы Сібір губернаторлығына тағайындалған граф М.М. Сперанскийдің басшылығымен жарық көрген жаңа басқару жүйесі «Сібір қырғыздарының Жарғысы» хандық билікті таратып, дала халқын болыстықтарға жіктеді. 70-80 шаңырақтан ауылдың, 10-12 ауылдан бір болыстың құрылуы, 15-20 болыстың бір округке бірігу жүйесі рулық басқару тәсілінің тамырына балта шапты.

Қазақ этносын ғасырлар бойы тұтастандырып келген рулық құрылымның шырқы бұзылып, берекесі кетті. Қазақ ауылдарының көш жолдары шектеліп, қоныстары белгіленді. Шаңырақ салығына косымша салықтың жаңа түрі «жасақ» тағайындалып, әрбір 100 малдан (түйені қоспағанда) 1 бас төлеу керек болды. Қазақ ауылына тиімсіз мол саудаға жол ашылды. Ру аралық дау-дамай бұрынғыдай ата жолымен бітіспейтін заман туды. Билердің үкімі ояздың шешімінсіз іске аспай, беделден айырылды. Қазақ жерінде округтер ашылып, бекіністер салына басталуы жаз бойы жүздеген шақырым жерді малымен көшіп өтетін қазақ ауылдарының өрісін тарылтып, күнкөрісін ауырлатып жіберді. Империя жергілікті халықтың құнарлы жайылымдары мен шабындықтарын, суы мол, шөбі шүйгін жерлерін тартып ала бастады. Мұнымен қатар, мал салығы ене бастады. «Многие из верноподданных киргизцев (қазақтар- Т.А.) имеют до 1000 лошадей, столько же рогатого скота, а баранов бесчисленное множество. Они по сие время не несут ни каких податей и повинностей. По учреждению же о сибирских губерниях 1822 года, приписаны к казачьим станицам и по миновании льготных лет, т.е. в 1826 году будут платить ясак, наравне с теми киргизцами, кои вошли в состав внешних округов Омской области, т.е. с каждой сотни лошадей, рогатого скота и баранов, по одной штуке».2

Қазақ ауылдарында басталған адам және мал санағының басты мақсаты да алым-салықтың көлемін анықтау еді. Абылай хан тұсында ешкімге салық төлемеген басы бос көшпенділер әрі патша үкіметінің қазынасын молайтып, әрі шенеуніктердің пайдасына түсетін салыққа қатты наразылық білдірді.

Жарғы сауда саласын да қамтыды. Үкіметтің тез арада шешуге тырысқан мәселесі - қазақ руларын саудаға тартқан болып ақшаның құнын терең түсінбеген, әлбетте айырбас тауар алыс-берісіне машықтанбаған аңқау ауыл қазақтарын жер соқтырып, алдау еді. Жарғыға сай мемлекеттің қамқорлығына өткен сауда қазынаны молайтатын көзге айналып қана қоймай, іштей отарлаудың да құралы болды. Сөз жүзінде барлық бұратаналарға бекіністерде, жәрмеңкелерде мол саудаласуға жол ашу құқы жарияланса да, сауданың қазақ ауылы үшін тиімсіздігі көп ұзамай-ақ байқалды.

Патша әскерінің ішке кіруін С.Броневский былай деп жазады: «Вооруженный конвой, следовавший при караванах, и строгая взыскания за грабительство, умаляли время от времени охоту к хищению. Купечество заводило знакомство в волостях, а казаки без боязни начали ездить в Орду для мены, и доставляя предметы необходимости, породили в киргизцах признание пользы торговли. Теперь они с радостью принимают к себе торговцев, дают им верблюдов, лошадей и работников под своз товаров, - получая от того значущия выгоды. Таким образом, увлекаясь в дальние страны, привыкли видеть мену и постепенно склоняются к сему занятию».3

Жарғы Орта жүздегі хандық басқаруды жойып, оны Ресейдің губерниялық басқару жүйесіне жақындатты. Орта және Ұлы жүздің солтүстік-шығысы Сібір қазақтарының облысына біріктіріліп жаңадан ұйымдастырылған орталығы 1839 жылға дейін Томскіде, 1839 жылдан Омбы қаласындағы Батыс Сібір генерал-губернаторлығына бағындырылды.

1824 жылы Көкшетау және Қарқаралы округтері ашылды. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру үшін Көкшетауға Омбыдан полковник Григоровский, Қарқаралыға - полковник Броневский жіберілді. Олар басқарған экспедициялардың бейбіт ауылдарға қысым көрсетуі халықтың мейлінше наразылығын туғызды.

Міне, осындай жағдайда Ресей реформаларының қазақ елінің дербестігін жоятынын бірден аңғарған Қасым ханның балалары атқа қонды. Орта жүзде Кенесарының ағасы Саржан төре бастаған көтеріліс бұрқ ете түсті. Ағайынды Саржан мен Есенгелді сұлтандар 1826 жылы Бұғылы-Тағылыдағы ордасына әскер жиып, Қарқаралы бекінісіне шабуыл жасады.

Кенесары 1802 жылы Көкшетауда дүниеге келді (туған кезінде тұрқы шағын болғандықтан Шоқай би оның атын Кенесары қойыпты деген аңыз бар). Жас сұлтан бабасы Абылайды мақтан тұтатын және оның ісін жалғастырушы мұрагері екендігін атап отыратын. Кенесары патша өкіметіне жазған хаттарында атасы Абылайға қатысты жерлер үшін күресетіндігін ашық жариялап отырды. Абылай есімі Кенесары әскерінің ұраны болды. Қарулы күреске жас кезінен қатыстқан Кенесары әкесінің қол астында шайқасты, ал кейіннен ағасы Саржан бастаған көтеріліске белсене қатысты. Кенесарының қасында оның туыстары-інілері Құшақ пен Мұса, немере інілері: Саржанның балалары Ержан, Құдайменді, Иса, Қошқарбай, сұлтан Дайыровтар-Тайшы, Сатыпалды және т.б. болды. Осылардың арасында ерекше көзге түскендері - Наурызбай, апасы Бопай және Әбілғазы еді. Батыр жасөспірім кезінде-ақ құрдастарына: «Мен ешқашан өзімнің батырлығымды тастамаймын және керемет ерлік көрсетіп барып өлемін»- деп айтқан екен. Көтерілісшілердің өздері Кенесарыны ерекше ерлігі үшін «ержүрек батыр» деп атады.

Көтерілістің басталуына қазақ даласына патша үкіметінің қарулы топтар жіберуі, олардың бейбіт ауылдарға қысым көрсетуі тікелей әсер етті. Ғұбайдолла Сібірге жер аударылғаннан кейін көтерілісті жалғастырған сұлтан Саржан болды. 1822—1836 жылдар арасындағы көтеріліс негізінен Орта жүздің солтүстік-шығыс өңірін қамтыды. Алғашында әскерінің қатары 1000 адамға жеткен Саржан жасақтарының құрамында көбінесе Қаракесек, Жағалбайлы рулары болды. Сібір губернаторлығының шенеунегі, қазақтардың отырықшылыққа көшуі жөнінде бірнеше құнды еңбектердің авторы, 1824 жылы Қарқаралы округін ұйымдастырушы полковник Б.Броневский 1825 жылғы рапорттарының бірінде Саржан туының астына «қарақшылардың» топтасуы Ордадағы (Орта жүздегі-І.І.) тыныштықты шайқалтқанын, Ресей үкіметінің шараларын іске асыруға кедергі болғанын және көтерілісшілердің округқа шабуыл жасағанын хабарлаған.4

Бірақ, нашар қаруланған сарбаздар зеңбірек пен мылтық оғына төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырады. Көтерілісті басуға қатысқан жазалаушы қосындар бейбіт елге зорлық-зомбылық көрсетіп, мал-мүлкін тонады. Әсіресе, И.С.Карбышевтің экспедициясы асқан қаталдықпен аты шықты. Оның жендеттерінің 500 адамдық жазалау тобы 1837 жылы Алтай, Қалқаман, Төртуыл болыстарын, Жаманқара бидің ауылын шауып, 350 адамын өлтіріп кетті. Броневский қазақ жасақтары жөнінде: «Вооружение киргизцев состоит: из ружья с фитилем, сабли, лук со стрелами и айбалты, или топор длинной рукояти, особого устроения с железным лезвием на оной; есть у некоторых кольчуги со шлемами и наручниками (панцыри), но все это в крайнем небрежении и неисправно, десятой разве из киргизцев имеет одно что либо, из показанного здесь оружия. Большая часть довольствуется длинными палками, с конца заостренными и обожженными, и плетями. В нападении иногда бывают отважны, и при малейшем успехе, наглы до неограниченности, но увидев убитых своих товарищей, удобно обращаются в бегство, и уже никакая власть остановить и устроить их не может. Они по примеру других народов возят знамена (Ту) или значки. Вступают в дело перестрелкою с неприступных мест метанием стрел, и наконец стремительным нападением толпою с криком ги!».5

1831 жылы Көкшетаудан шыққан орыс әскері Алтай, Қаракесек, Алшын, Жағалбайлы руларының 450 адамын өлтіріп, Саржан төренің баласын Сарысу өзенінің төңірегінде қолға түсіріп, байлап алып кетті.

1832 жылы Кулаков басқарған 250 адамдан құрылған жазалау тобы Есенкелді, Құшақ сұлтандардың ауылдарын шауып, Жанайдар, Тұрыс, Үйсін болыстарының 60 адамын өлтірді.1836 жылы Ақтау бекінісінен аттанған "тентек" майор басқарған 300 казак әскері Білеуті-Сарысу бойында Алшын, Жағалбайлы руларын талап, 250 адамын өлтірді.6

Нәтижесінде, орта жүздің көптеген ру-тайпалары бірсыпырасы жан-жаққа бытырап, бастарын сауғалап қашты. Тарақты және Қарпық болыстары, мәселен, 1426 шаңырақпен Ақтау тауларының сыртына қоныс аударды. Оларды кайтаруға әрекеттенген Ф.Шубиннің жорығы нәтижесіз аяқталды. Ілезде-ақ, көтеріліс өрті бүкіл Ақмола округін қамтыды. Саржан төре Ресей әскерлеріне карсы тұру үшін Ташкент құшбегісімен келіссөз жүргізе бастады, бірақ құшбегі 1836 жылы опасыздық жасап, сұлтанды серіктерімен коса өлтіріп жіберді.



«Солтан Саржан Касимов 1825 года, питая ненависть к солтанам Каркаралинского округа, Турсуну Чингисову и другим, за покорность их России, отвадился даже собрать многочисленную толпу вооруженную и напасть на округ, но казаки стражу там составляющие, нанесли им жестокое поражение; это на долго останется в их памяти. При всем том партия недовольных предвидимая Саржаном, не престает разсеевать плевелы в народе и подущать к мятежам, которые иногда к совершенному прискорбию оказываются в волостях.»7

Өзінің әскери ерліктерімен Кенесарының апасы Бопайдың да аты шықты. Көтерілістің алғашқы күндерінен бастап, оған белсенді қатысушылардың бірі болды. Бопай 600 адамдық зекет жинайтын және көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін өз қарамағына алатын ерекше топты басқарды. Бопайдың арғын руына зекет жинауға келгені туралы тыңшы Самрат Мамаев былай деп хабарлайды: «Кенесары төлеңгіттерінің арасында оның ісіне қатысуымен қырға кең танылған оның әпкесі Бопай да бар». Бопай сонымен қатар Кенесарының әскери кеңестеріне қатысып, жау тылына жорық жасап отырды. Осы күнге дейін Қарқаралы тауының ең биік асуларының бірі «Бопай асуы» деп аталады.

Міне, осындай күрделі жағдайдан қатты мазасызданған патша үкіметі көтеріліс оты лаулаған Қарқаралы мен Ұлытау аралығындағы 800 шақырымдай жерді қатаң бақылауға алу үшін бекініс салуға мүдделі болды.
Ақтау бекінісін тұрғызудың мақсаты мен басты міндеттері

1832 жылы ашылған Ақмола дуанымен қатар тұрғызыла бастаған Ақтау қамалының алдына екі түрлі мақсат қойылды. Біріншісі — отарландыру саясатына наразы жергілікті ру-тайпалардың үнін тұншықтырып, тырп еткізбей ұстау болса, екіншісі - Троицк, Петропавлдан шығатын керуендерді Ташкент пен Бұқараға дейін алып жүрудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету еді. Керуендер қамалдарды байланыстырып тұрған бекеттерде тынығып, ал бекіністерде қорғаушы қосындарын алмастырып отырды.

1837 жылы 15 сәуірде орыс патшалығынан Ақтау комендантына төмендегідей мазмұнда нұсқаулар берілді : «Омбы облысына жататын сырт округтердің Ақтау деген жерінде бекініс салынған. Оның басқаруы полковник немесе подполковник шеніндегі комендантқа жүктелсін және ол мынадай міндеттер атқарсын :

1. Ақмола, Қарқаралы, Аягөз шекаралық округтерінің ішкі тыныштығын бақыласын.

2. Патша үкіметіне берілген, сенімді қырғыздардың (қазақтардың — І.І.) көшіп- қонуын қорғасын.

3. Шекараны үнемі бақылап тұрсын, одан әрі- бері ешкімді өткізбесін.

4. Сауда керуендерін қорғау міндеттерін орындау үшін аталған 3 округтың әскері Ақтау комендантына бағынатын болсын және оған бекіністерге немесе үкіметке берілген қазақ ауылдарына шабуыл жасайтын қастар болса, оларды Шу өзеніне дейін қуып, қару қолдануға рұқсат берілсін».

Осы 1837 жылы 10 қарашада Дербес Сібір корпусының командиріне жолданған патша жарлығында Ақтау бекінісінде салынатын шіркеуде 1 поп, 2 дьякон, 1 күзетші ұстау белгіленді. Попқа жылына 1000 сом, дьякондарға 60 сомнан, күзетшіге 6 сом 50 тиын жалақы тағайындалды. Попқа Ақмола, Қарқаралы, Аягөз шекаралық приказдарын аралау үшін жалақы төленіп, оның үстіне посфорлар, шарап секілді баска да қажет заттарын сатып алу үшін жылына 250 сом берілсін, деп жазылды.

Бекіністің Манақа өзенінің жағасына, Қуандық және Тама - Тарақты руларының көш жолдарының бойына орналасуы да стратегиялық мақсатты көздеді. Өйткені, Түрік қағанаты заманында жібек тасылып, кейінірек - Абылай жолы аталған ("Хан жолы", "Тарақты жолы" деп те аталады) бұл керуен жолы солтүстіктен Бетпақ дала арқылы Шуға құлайтын Қоқан, Хиуа, Бұқара иеліктерімен шектесіп жатқан оңтүстік өлкеге апаратын бірден-бір қолайлы жол болатын.

Міне осы жол торабын сипаттаған Ш. Уәлиханов жазбасынды: «19 сентября 1860г. Отряд в 2 часа пополудни двинулся с речки Чу, от озера Бегер-Кулъ, по караванному тракту через Голодную степь на Актауское укрепление по закату солнца перейдя на двадцатой версте два мыса по обеим сторонам дороги Тогускен»8

Қорытып айтқанда, Ресей империясы Ақтау бекінісін қазақ даласының шұрайлы жерлеріне орыс-казак шаруаларын қоныстандыру үшін және болашақта Орта Азия хандықтарын жаулап алу мақсатында саяси және әскери тірек орталығына айналдыруға тырысты. Қамалға жүктелген міндеттердің саяси маңыздылығы өте жоғары бағаланды.
Бекіністің тұрғызылу тарихы, қызметі және құрамы

Қазақ Совет энциклопедиясында ( I том, 223 бет) былай деп жазылған: «Ақтау қорғаны - Кенесары көтерілісі кезінде (1839 - 1947) патша үкіметі тұрғызған қамал...». Ал, Шоқан Уәлихановтың еңбектері жинағынан төмендегідей жолдарды оқуға болады: «Актавское укрепление. Для того времени это было одно из самых отдаленных мощных военных сооружений в связи с восстанием Кенесары Касымова...».9

Алайда, тарихи құжаттар Ақтау бекінісін бұл мерзімнен ертерек, Кене ханның көтерілісінен (1837ж.) бұрын салынғанын дәлелдейді.

Мысалы, 1835 жылы Ақмола округін Саржан мен Сартай төрелердің Қоқан құшбегісімен біріккен 8 мың әскері шабуылдайды деген қауіппен Батыс Сібірдің генерал-губернаторы, Дербес Сібір корпусының командирі генерал-лейтенант Сулима Омбы облысының бастығы, 23-ші жаяу әскер дивизиясының командирі генерал-лейтенант Де Сентлоранға Ақтау және ¥лытау бекіністеріне әрқайсы 500 казактан тұратын 2 атты полк, 8 зеңбірек, 2 рота жаяу әскер, Қарағашқа (Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты жер атауы - І.І.) 200 казакты және 2 зеңбірегімен жаяу әскер взводын орналастыруды тапсырған.10

Және бір дерек: інісі Көшек сұлтанмен бірігіп, Кенесарының Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы генерал-майор Генске жолдаған хатында 1836 жылы Ақтаудан жазалаушы отряд шығып, Алшын, Жағалбайлы, Тоқа және Найман елінің 200 адамын өлтіріп кеткендігі баяндалады.

Сондай-ақ, 1837 жылы көктемде ( 15 сәуір ) шыққан №№ 10142, 10143 патша жарлықтарымен танысқанда, Ақтау бекінісі сол уакытта қызмет атқарып тұрған қамал екенін түсінуге болады.11

Тағы бір дерек: 1837 жылы Кенесары Рытовтың отрядын талқандағанда, аман қалғандары Ақтау бекінісіне барып тығылған. Қамалдан жазалаушы қосын шығып, Кенесары әскерінің соңына түскен.

Демек, Кенесарының ұлт - азаттық көтерілісі басталған 1837 жылы Ақтау қамалы отарлау ісін толығымен жүзеге асырып тұрған патша үкіметі саясатының алдыңғы шептерінің бірі болған.

Қамалды салар алдында Омбы облысының басқарушысы полковник Талызин жергілікті халықтың мүддесін қорғайтынын, әдет-ғұрыпқа, қазақтардың тұрмыс - салтына тиіспейтінін айтып, үндеу жазды. Бекініс Манақа өзенінің бойына, жан - жақты бақылап тұруға ыңғайлы дөң үстіндегі тегістікке тұрғызылды. Құрылысқа қажетті көлік пен адам күші жергілікті халықтан алынды, бірақ полковник Талызин уәдесінен тайып, аттар мен түйелерді қайтармады.12

1922 жылы Омбы қаласында дүние салған Сібір казак әскерінің тарихшысы, Сібір жағрапиялық қоғамының тарих және археология бөлімінің меңгерушісі генерал - лейтенант Г.Е.Катанаевтың Ақтау бекінісі туралы сұранысына Қарқаралы приказынан төмендегідей жауап келген:



«Ақтау бекінісі төртбұрышты үлгіде тұрғызылган. Тереңдігі қалыптағыдай ор қазылып, топырақ үйілген. Қамалдың шет жағындағы казактар мен солдаттардың казармалары, атқоралар мен қоймалар тастан қаланған. Офицерлердің үйлері балшықтан жасалған кірпіштерден тұрғызылып, сазбен сыланған».

Белгілі автор М.Красовскийдің жинаған деректері бойынша Ақтау бекінісі Ақмоладан оңтүстікке карай 315 км жерде, Манақа өзенінің сол жағасына ылдилай орналасқан биіктікте тұрғызылған. Бекініс шығыс (түзу) жағында қоршауы бар шағын штерн - шанц ретінде салынған.

Үкімет үйлері бекіністің ішінде орналасқан. Олардың бір бөлігі шикі (саздан құйылған) кірпіштен, қалғандарының қабырғасы талдан тоқылған шарбақтардың арасына тығыздалып толтырылған балшықтан жасалған және ішкі қабырғасы, ал бірсыпырасының сырты да сазбен сыланған.

Бекіністе саз кірпіштен тұрғызылған лазарет, гауптвахта, обер — офицерлердің 4 үйі, оқ – дәрі қоймасы және асүйлерімен 4 казарма болған. Құрылыстың ішінде тағы да сазбен толтырылған шарбақтан тұрғызылған 3 казарма, 2 азық - түлік пен мал жемі дүкені, атқора және карауыл бөлмесі орналасқан. Қамалдан 300 құлаштай жерде өзеннің жағасына форштадт орналасқан, онда 1863 жылы шарбақтан тоқылған солдаттардың, казактар- дың, саудагер татарлар мен ташкенттіктердің 53 баспаналары болған.13

1847 жылы Ақтау қамалының коменданты полковник Бухарин шекаралық Сібір қырғыздарының ( қазақтарының - I.I.) бастығы генерал -майор Вишневскийге хат жолдап, бекініс ішіне кіші шіркеу (часовня) салғызуды өтінді.

Тобыл және Сібір архиепископы Георгий Ақмола бекінісінің попы Андрей Магскийге Ақтау қамалында салынатын шіркеуге басшылық жасап, шырағдан, перде, иконалар және діни кітаптармен қамтамасыз етуді тапсырды. Алайда, Кенесары көтерілісі басылғаннан кейін, 50 - ші жылдардан бастап бекіністің маңызы күрт төмендеп кетті де, шіркеу құрылысы толық аяқталмай қалды.

1840-1844 жылдары Ақтау бекінісінде 1 штаб-офицер, 6 обер-офицерлер басқарған Сібірлік №2 -ші линиялық батальонының 473 солдаттан құралған жаяу әскері, 3 обер-офицерлер басқарған 176 казактар, 1 обер-офицердің қарамағындағы 44 әскерден құралған атты-артиллериялық жартылай взвод және 1 обер-офицер, 14 зеңбірекшіден құралған гарнизон артиллериясының құрамы қызмет етті.

Сонымен қатар, бекіністе Ақтау коменданттық басқармасының жеке құрамы, инженерлер, емшілер, дін өкілдері т.б. қызметшілер болды.14

Ақтау қамалының әскербасылары, коменданттары немесе комендантының міндетін атқарушылары болып төмендегідей орыс офицерлері қызмет істеді:

1835ж. - 6-шы Сібір казак полкының командирі есаул Карбышев.

1836-1837 жылдары - әскери старшина Симанов.

1838 жылы- капитан Кастюрин.

1840 жылы - штабс-капитан Зыков. Қыркүйек айынан - капитан Тамилов, оны подполковник Камаев алмастырды. Шіркеу попы болып Александр Тутохмин қызмет атқарды.

1841 жылы — подполковник Иванов.

1842 жылы — полковник Макен ( шілде айынан бастап ).

1846 жылы - майор Маценко. Казактар отрядын Баранов баскарды.

1847 жылы — полковник Бухарин.

1848 жылы - қамалдың басшылығы майор Урвановқа, ал наурыз айынан - майор Кастюринге ауысты.

1854 жылы Ақтау отрядын әскери старшина Ребров басқарды.

Ақтау қамалындағы әскери қызмет атқарған орыс офицерлерінің көбісі ірі помещиктер болды. Ағайынды жүзбасылар А.И.Карбышевтың -279, И.С.Карбышевтың - 263, Н.Ф.Карбышевтың - 501, әскери старшина А.А.Карбышевтың жесірінің - 251, ал кейіннен генерал-майор шенін алған Ребровтың иелігінде - 8953 десятина жерлері болды (ҚРОМА қор №486, тізім 2, істер 2,15,19,24а, 93 т. б.).

Бекініс патша үкіметінің қанқұйлы саясатын мүлтіксіз орындап отырды. 1836 жылы қамалдан шыққан 400 қарулы әскер жергілікті халықты қанға тұншықтырып, 250 адамды өлтіріп кетті. 1840 жылы 24 мамырда Қарқаралы приказының заседателі Шушерин және жүзбасы Ребров бастаған әскер Ақтаудан шығып, Саржан, Ержан, Құдайменде балаларының ауылдарын шапты. Құрамында 300 адам, 278 мылтык, 108 пистолет, 7 зеңбірегі бар жүзбасы Кудрявцев, хорунжий Бутаков басқарған жазалаушы топ Сарысудың бойымен Шуға дейінгі қазақ ауылдарын талап, Ақтауға мол олжамен оралды.

Кенесары да патша үкіметіне жолдаған хаттарында үнемі Ақтау бекінісін жоюды талап етіп отырды. Көтеріліс қарсаңында ол қазақ даласына бекіністер жүйесін салуға наразылығын білдіріп, бірнеше хаттар жолдады.



«Аталарымыз мұра еткен, - деп ашынып жазды ол, - Есіл, Нұра, Ақтау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Оқият, Тоғызақ, Оралға дейінгі жер қазіргі патша тұсында бізден тартып алынып, ол жерлерде бекіністер салынды. Қазір күн сайын біздің жерлерімізді тартып ала отырып, ол жерлерге бекіністер салып, сонысымен халықты өте қиын жағдайға жеткізуде. Бұл тек біздің болашағымыз ғана емес, бүгінгі өмір сүруімізге де қауіпті».

Бірақ, патша ағзамға, кінәз Горчаковқа, граф Перовскийге жазған хаттары жауапсыз қалды. Әкесі Уәлидің орнына хан сайланған ағасы Ғұбайдолла қол-аяғына кісен салынып, Березовскийге айдалып кетті. Ағалары Саржан мен Есенгелді қоқандықтардың колынан қаза тапты. Сөйтіп, «мұсылман хандықтарынан» әбден түңілген Кенесары ата қонысына көшіп келіп, көтеріліс туын көтерді.

Ілезде-ақ, Кенесарының қоластына Ақмола округінің қазақтары жаппай көшіп, топталып жинала бастады. Тінәлі-Қарпық, Қойлыбай-Шағырай, Байдалы-Алтай, Әлке, Темеш, Қалқаман-Малай, Алсай, Тама, Тарақты, Енең-Тұңғатар, Сайдалы-Алтай, Мойын-Қареке, Айтқожа-Қарпық болыстары түгел дерлік Кене ханды қолдап, көтеріліске косылды.15

Полковник Талызин өзінің бір хабарламасында былай деп жазды: «Тамыз айында (1837ж.-І.І.) Ақмола округінің алты болысы Кіші жүзге, орыстар билігінен азат етуге уәде берген Абылайхановтар шаңырағына қосылуға көшіп кетті».

Жоғарыда аталған болыстардың ру-тайпалары, әсіресе Қуандық руының қазақтары Ақтау бекінісінің төңірегінде көшіп-қонып жүрген болатын. Олардың біртұтас көтеріліп, қоныстарын тастап, Балқаш көліне қарай көшу мақсаты: біріншіден, Кенесарыға қосылу болса, екіншіден, бекініс маңына ел қалдырмай, қамалдағы әскердің жағдайын қиындату еді. Алтай, Қарпық, Темеш, Бөріші руларының кейбір аталары Торғай арқылы Кіші жүз еліне өтіп кетті. Көптеген рулар Қарақұм мен Аққұмның бойына, Кенесарыға таяу Торғайдың сағасына орналасты. Бір бөлігі Алшын-Жағалбайлы еліне барып қосылды. Оларды райдан қайтаруға патша әкімшілігі жіберген сүлтан Күшік Айшуақовқа көтерілісшілер Ақтау бекінісі жойылып, тартып алынған жерлері қайтарылмайынша, кейін оралмайтындықтарын айтқан: «Болысқа тілмашы бар казактар келгенде, олар қасына жас келіншектер мен қыздарды алып ұйықтай бастады. Рұқсатсыз құрт пен майды жей бастады. Мінуге бәйге аттарымызды алып, кейіннен қайтармай қойды. Егер осынша жәбірленбесек, онда біз туған жерімізден көшпес едік. Егер патша бізге көңілі түсіп, Ақтау бекінісін жоятын болса, онда біз оралар едік».

Кенесарыға қосылуға ынтыққан ел дүрбелеңі туралы мынадай архивтік деректер келтіруге болады. 1838 жылы 6 қазанда Ақтау бекінісінде саудагер татар Ғизатолла Нығматуллиннен, Тоқа-Қарпық болысының казағы Байқара Тиесовтан, Атығай Тауасаровтан алынған жауаптар бойынша, сол жылы мамыр айында Сайдалы болысын би Қаңтарбай Меңдекин, болыс билеушілері Бектас Асыров, Баймағанбет Тәменовтер бастап, Кене ханның қоластына көшуге бет алады. Қаракеңгір өзеніне жете бере Карбышевтың косыны келе жатқанын естіп, кейін қайтып, Сарысу өзенінің бойында 10 күн аялдайды. Карбышевтің әскері қайтып кеткенінен хабар алып, қайтадан жолға шығады. Алайда, қарсы бағытта Симановтың отряды бар екенін естіп, Теректі арқылы Сарысуға оралуға мәжбүр болады.16

1838 жылы 9 тамызда штабс-капитан Спиридоновке хорунжий Решетниковтің жолдаған мәліметінде 2 қазақты (әйел мен еркекті) тұтқындап, жауап алғанын хабарлайды. Қарқаралы округі Тобықты болысының қазағы Жүзмәмбет Татанов Қаракесек болысының жігіттерімен бірігіп, Кенесарыға қосылу мақсатымен қол жинағандарын мойындаған. Сарысу және Ескене бекеттерінің аралығында 200-дей сарбаз бас қосып, Көнек-Толағай, Теректі, Жамантау, Мұңлы-Қулы, Ақтау тауларының аралығында жортуылда жүреді. Сарысу бекетін шабуылдап, жылқысын айдап әкетеді. Қарағаш арқылы Көкпектіге жетіп, Кенесары әскеріне барып қосылады. Ал, тұтқын әйел Байжан Киікпаева әскери старшина Симановтың қосыны Алтай болысын шапқаны туралы айтқан.17

Ақтау маңының қазақтарын кейін қайтарып, Кенесары сарбаздарына жолатпауды патша әкімшілігі титулды кеңесші (советник) Менковичке және Ақмола приказының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендинге міндеттеді. Алайда, олардың келіссөздерінен еш нәтиже шықпай, 1837 жылы 4 қазанда Менкович дәрменсіздігін мойындап, Омбыға хабарлама берді. Сол жылы 31 қазанда Менкович Омбы облыстық басқарушысы полковник Талызинге көтерілісті басу үшін қатал шараларды колдануды сұрап, хат жазды. Менковичтің талабы бойынша елшілікке жіберілген Қоңырқұлжаның балалары Жанәлі мен Шыңғыс Кенесары ауылдарына жете алмай, қорқып кейін қайтты. Сол сияқты, 1837 жылдың аяғында үгіт-насихат жүргізуге жіберілген Омбы мешітінің имамы Мұхамбетшәріп Әбдірахмановты Тоқа руының Сапақ Тәңірбергенов бастаған билері жылы лебіз білдірмей, кейін қайтарды.

Қуандық елінің капитан шеніндегі беделді биі, 18 мың айдаған (орыс архивтік құжаттарында—10 мың) бай рубасы Сапақ Тәңірбергенұлы Кенесары көтерілісін белсене жақтады. Оған төмендегідей архивтік деректер куә:

«...Кенесары и соучастник его старшина Сапак еще перед истреблением отряда Рытова ( Ақтау бекінісіндегі орыс әскерінің командирі — І.І. ) сделали заговор, чтобы напасть на Акмолинский приказ, истребить его и весь тамошний казачий отряд и потом атаковать самое укрепление Актау, лишенное таким образом помощи из Акмоллов».

« ...сын Сапак набежал с шайкой киргиз на наш казачий пикет 3-й по линии от Акмоллов к Актау, где три казака ранены, но спаслись бегством ...» (Сібір кеден округі бастығының 1838 жылы 20 наурыздағы құпия хаты).18

Сапақ жөнінде С.М.Броневский мынандай мінездеме береді: «В Средней Орде есть весьма богатые киргизцы: на примере в Карпытской волости Бай Сапак имеет до 10 т. лошадей, множество верблюдов и скота; когда он кочует с одного места на другое, то обовьючивает более 150 верблюдов своим имением, и около 100 работников пасут его стада. Лошади завода Сапака отличаются большим ростом, добротою и статями. Он человек добродетельной, в барантах никогда не замешивался и от того живет покойно».

1838 жылдың басында Актаудан көшіп кеткен қазақтар патша үкіметіне 7 рет хат жазды. Онда: «Бізге жер мен суды бұрынғыдай біздің пайдалануымызға болады деп, сөз беріп еді, бірақ осыған қарамастан, қамал салған соң, аталған жер мен суды біздің қарамағымызға берген жоқ » - деп, полковник Талызинның үстінен шағымдар түсірді.

Ақтау маңынан қазақтардың үдере көшуі Омбы әкімшілігін қатты абыржытып, істің мән-жайын зерттеуге мәжбүр етті. Ақырында, көшу себептері деп мынадай іс-әрекеттер танылды:

1. Ақтау бекінісінің, онымен Ақмола аралығындағы және Аягөз бен Қарқаралы арасындағы бекеттердің салынуы. Осындай бекеттерді Қарқаралы мен Ақтау аралығына салу жоспары.

2. Ақтау бекінісіне және Аягөзге баратын жол бойына салынатын бекеттер құрылысына аттар мен түйелердің алынуы. Оларды азық-түлік және ағаш тасуға деген сылтаумен алып, қайтармауы.



3. Заседатель Тихоновичтың қырға қазақтардың малын санауға шығуы. Салықтың көп салынуын көздеп, Тихонович мал санын өсіріп жазып, жергілікті халықтың наразылығын туғызған.19
: irbis64r 01 -> Kraeved
Kraeved -> Тоқырауды тудырған толқу
Kraeved -> Шәйір атындағы шаһардың тойы
Kraeved -> Аталып өтілетін даталар
Kraeved -> Балажан ақын
Kraeved -> Алаштың арда туған Әлімханы Халқымызда «Жақсы адам – қазына»
Kraeved -> Аталып өтілетін даталар
Kraeved -> Қасым поэзиясындағы балладалар
Kraeved -> Қарқаралы арқадағы Гүлстан Облысымыздың атаулары
Kraeved -> Зобалаң жылдарында Қазыналы қарашаңырақ
Kraeved -> 1815 Композитор, күйші, шертпе күй орындау шебері Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына 190 жыл


  1   2   3   4   5   6


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет