Қазақстан Республикасындағы кассациялық сот тәртібімен қаралатын қылмыстық істердің өндірісі



жүктеу 95.77 Kb.
Дата24.04.2016
өлшемі95.77 Kb.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары
Қазақстан Республикасындағы кассациялық сот тәртібімен қаралатын қылмыстық істердің өндірісі

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы

Мемлекеттік Басқару Академиясының

"Сот төрелігі институтының" 1 курс магистранты



А.Қ. Орақбаева
ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі.

(Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың

Қазақстан Республикасы судьяларының

VI съезінде сөйлеген сөзінен)




Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сотпен қорғалуына конституциялық құқығының жүзеге асыруына неғұрлым қолайлы жағдай жасау қажеттілігі жергілікті соттардың іс жүргізушілік өкілеттіктерін кеңейтуді, сот сатыларын жүгіну субъектілерінің тұратын жерлеріне жуықтатуды талап етті.

Мемлекет басшысы 2011 жылы Парламенттің сессиясын ашқанда осы мәселелерге баса көңіл бөліп, жергілікті соттардың рөлін арттыратын, Жоғарғы Соттың қадағалау функцияларын ұлғайтатын, қадағалау сот процесін қарапайымдандыру мен әділ сот тәжірибесіндегі негізсіз әуре-сарсаңдарды жоюды көздейтін сот жүйесін нығайту жөніндегі бірқатар заң жобаларын қарастыру қажеттігіне баса назар аударған болатын. [1]

Заңға қатысты нақ осы талаптар ескерілгенін, сот құрылысы мен сот ісін жүргізуді реттейтін мәселелер ерекше нысанаға алынғанын айтуға болады.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 17 ақпандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сот төрелігіне сенім деңгейін арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аталған заң қолданысқа 2012 жылы 1 шілдеден бастап енгізіліп, қолданылатын заң бойынша кассациялық сот алқасы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларының заңдылығын тексеретін соттың қызметін атқара бастады.

Осы өзгерістерге байланысты облыстық соттарда азаматтық және әкімшілік істер, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша алқалар құрылып, сондай-ақ қылмыстық іс жүргізу заңына енгізілген өзгерістердің басты жаңалығы - кассациялық сот алқасы тек заңды күшіне енген сот актілерін қарайтын болды.

Бұл өзгерістер азаматтардың уақыттарын үнемдеп, істердің жергілікті соттарда түбегейлі шешімін табуына ықпал ету мақсатында заңға енгізілген деп айтсақ та болады.

Бірінші сатыдағы соты қабылдаған заңды күшіне енбеген үкімдер облыстық соттың апелляциялық сот алқасында қаралады, ал кассациялық тәртіппен заңды күшіне енген бірінші сатыдағы сот үкімдері және апелляциялық сот алқасымен қабылдаған қаулылары мен үкімдері қаралады. Сондай-ақ, кассациялық тәртіппен қаралмаған күшіне енген сот актілеріне келтірілген өтініштер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында қаралмайды, яғни тек кассациялық тәртіпте қаралған істер ғана қаралады.

Бұл өзгерістерге сәйкес:

1. Заңды күшіне енген сот актілері кассациялық тәртіппен қайта қаралатын болды.

2. Кассациялық тәртіппен заңды күшіне енген сот актілеріне шағым немесе наразылық келтіру тәртібі бекітілді.

3. Кассациялық тәртіппен келтірілген шағымдар мен наразылықтарды осы сатыда қараудың тәртібі анықталды.

4. Заңды күшіне енген сот актілеріне шағым немесе наразылық келтірудің мерзімдері айқындалды.

5. Кассациялық тәртіппен сот актілерін қараудың нысаны анықталды.

Қабылданған қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген өзгерістер мен сот қаулыларының заңды күшіне енетін мерзімі және кассациялық тәртіппен қандай сот қаулылары қайта қаралатыны анықталған.

Кассациялық сот алқасында істер үш судьядан кем емес құрамда және облыстық соттың төрағасының төрағалық етуімен қаралады.

Қабылданған заңның жаңа нормаларына сәйкес, назар аударарлық тағы бір мәселе: кассациялық сот алқасына келтірілген барлық кассациялық шағымдар мен наразылық шағымдарды міндетті түрде қарап, оған дейін қабылданған сот актілерінің материалдық және іс жүргізу нормаларына сәйкестігін тексеретін болады.

Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген сот актілеріне кассациялық тәртіппен шағымдану және наразылық келтіру құқығы:

1. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларына кассациялық шағымдану және наразылық келтіру құқығы тараптарға және іске қатысушы басқа тұлғаларға тиесілі (сотталған адамға, олардың қорғаушыларына, өкілдеріне және заңды өкілдеріне, жәбірленушіге, олардың өкілдері мен заңды өкілдеріне).

2. Азаматтық талап қоюшы, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері мен заңды өкілдері үкімнің азаматтық талап қоюға қатысты бөлігіне шағым келтіре алады.

3. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ соттар олардың құқықтары не міндеттеріне қатысты үкім немесе қаулы шығарған тұлғалар да кассациялық шағым беруге құқылы.

4. Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларына кассациялық наразылық келтіру құқығы істі осы сатыларда қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Заңды күшіне енген үкімге және қаулыға кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылықты мемлекеттік айыптаушы ретінде істі қарауға қатысқан прокурормен қатар, істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан Бас прокурор және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары келтіре алады.

Айыптаушының (мемлекеттік, жеке) айыптаудан бас тартуына байланысты, қамауға алу бұлтартпау шарасына санкция беру, оның мерзімін ұзарту мәселелері, анықтау мен алдын ала тергеу кезіндегі анықтаушы, тергеуші және прокурордың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдарды шешу бойынша шығарылған соттың үкімі мен қаулылары кассациялық тәртіппен қаралуға жатпайды.

Аудандық, қалалық сот актілеріне олар заңды күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде кассациялық шағым келтіруіне болады. Апелляциялық сот актілері жария етілген күннен бастап алты ай ішінде, ал күзетпен қамауда отырған сотталған адам үкімнің көшірмесі тапсырылған кезден бастап сол мерзімде кассациялық шағым береді.

Сотталғанның жағдайын жеңілдетуге бағытталған кассациялық наразылық пен шағым беру мерзімдері заңмен шектелмейді.

Қылмыстық істер бойынша жәбірленушілердің, тараптардың құқықтарын одан әрі арттыру мақсатында, жәбірленушілерге бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімін алуға, кассациялық және бақылау сатыларында қатысуға құқық берілген, сондай-ақ аталған заңға өзгеріс енгізілуіне байланысты, егерде тараптар, оның ішінде жәбірленушілер басты сот талқылау хаттамасымен таныспаған, сот шешімін алмаған, сот актісі дұрыс аударылып берілмеген жағдайда, сот шағым, наразылық беру мерзімін міндетті түрде қалпына келтіру қажет.

Кассациялық шағымды немесе наразылықты берген тұлғалардың қолы қойылмаған, шағым жасалып немесе наразылық келтіріліп отырған қаулы, шешім және ұйғарым көрсетілмеген немесе барлық қажетті көшірмелер қоса тіркелмеген кассациялық шағым немесе наразылық берілген кезде облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы шағымды және наразылықты қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады және шағым немесе наразылық берген тұлғаға кемшіліктерді жою үшін мерзім тағайындайды.

Бұл қылмыстық іс қарау заңына енгізілген өзгерістердің ең басты ерекшеліктерінің бірі - Қазақстан Республикасында заңды күшіне енген сот қаулыларын екі сот сатысында: кассациялық және қадағалау сот сатыларында қайта қаралуы болып табылады.

Шағым мен наразылықта көрсетілген уәждердің негізділігі міндетті түрде істі сұратып алу арқылы тексеріледі және облыстық соттың төрағасы кассациялық сот отырысына төрағалық етеді.

Облыстық сот төрағаларына кассациялық сот алқасын басқаруды жүктеу облыстағы сот тәжірибесінің дұрыс қалыптасуына тікелей міндеттеп, кассацияда қаралған әрбір заңсыз сот актісіне оның жауапкершілігін арттырады.

Сот отырысына қатысушы тараптар, шағым мен наразылықты қолдау немесе оларды теріске шығару үшін сотқа қосымша материалдар тапсыруына болады. Олар қосымша материалдардың қандай жолмен алынғанын және оларды табыс ету қажеттігі неге байланысты туындағанын хабарлауы тиіс. Қосымша материалдарды тергеу жүргізу жолымен алуға болмайды. Қосымша материалдарды қабылдау немесе қабылдамау туралы сот шешім қабылдайды.

Кассациялық сатыдағы сот істі қарау нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылдайды. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысы жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді. Үкім әділетсіз болған жағдайда, оны өзгертеді немесе күшін жояды. Үкімнің заңдылығына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылғанын анықтаған жағдайда үкімнің күшін жойып, істі жаңадан апелляциялық қарауға немесе іс апелляциялық тәртіппен қаралмаса бірінші сатыдағы сотқа қарауға жібереді.

Кассациялық тәртіппен үкімнің, қаулының күшін жоюға немесе оларды өзгертуге:

- қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;

- қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуы;

- үкімнің әділетсіздігі негіз болып табылады. [2]

Қылмыстық заңда қылмыс жасауға айыпты деп танылған адамға қылмыстық кодекстің ерекше бөлімінің тиісті бабында белгіленген шегінде және қылмыстық кодекстің жалпы бөлімінің талаптары ескеріле отырып, әділ жаза тағайындалатыны көрсетілген.

Қылмыс жасаған адамға оның түзелуі мен жаңа қылмыстардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуы тиіс. Сондай-ақ, жаза тағайындаған кезде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі айыпкердің жеке басы, оның қылмыс жасағанға дейін және одан кейінгі мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаны сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы ескеріледі. [3]

Қылмыстық кодекстің осы талаптары ескерілмей тағайындалған үкім әділетсіз болып танылады. Сондай-ақ, егер үкім негізсіз ақтау, онша ауыр емес қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдану салаларынан немесе жазаның шамадан тыс жеңілдігіне байланысты әділетсіз деп танылуы мүмкін. Сонымен қатар, сот қылмыстық заңды дұрыс қолданған жағдайда жазаны төмендете де алады.

Мұндай жағдайларда, кассациялық сатыдағы сот осы негіздер бойынша келтірілген прокурордың наразылығы немесе жәбірленушінің, оның өкілінің шағымы болған кезде жазаны күшейтуге не неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы.

Кассациялық сатыда ақтау үкімінің күші тек прокурордың наразылығы бойынша не жәбірленушінің немесе оның өкілінің шағымы бойынша, сондай-ақ, сот арқылы ақталған адамның ақталу негіздерімен келіспеген шағымы бойынша ғана жойылуы мүмкін.

Сотты болған адам заңсыз ақталған немесе оның әрекеті негізсіз жеңіл баппен сараланған немесе негізсіз жеңіл жаза тағайындалған жағдайларда үкімнің күші жойылып, жаңадан соттың қарауына жолданады. Сот үкімінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін кассациялық сатыдағы сот толық көлемде тексереді.

Қазіргі таңда сот тәжірибесіне қарайтын болсақ, кассациялық тәртіппен қаралып, өзгертілген сот актілеріне қарағанда, облыстардағы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттары сот актілерін шығару барысында қылмыстық істер бойынша материалдық және процессуалдық заң нормаларын бұлжытпай орындауға назар аудармайтындығы, сот актілерін шығаруда асығыстыққа салынатындығы байқалады.

Алдағы уақытта, қылмыстық істер бойынша судьялар істерді қарау, сот актілерін шығару барысында, заң бұзушылықтарды жібермеу мақсатында әрбір судьяның жауапкершілігін одан әрі арттыру қажет деп санаймыз.

Қылмыстық іс жүргізудің жаңа жобасының 464-бабының 3-тармағында «Кассациялық қаулының мазмұны» бөлігінде «егер шағым немесе наразылық қанағаттандырылмаса, шағымдардың немесе наразылықтың дәлелдерін негізсіз немесе елеулі емес деп танудың негіздері көрсетіледі» делінген. Құқық қолдану тәжірибесінде заң шығарушының кассациялық қаулының дәлелдеу бөлігіндегі соттар шағымның әр уәжінің негізсіз немесе заңсыз екендігіне баға бермей, сот актісін жалпы нысандармен шектеліп шығарады.

Бұдан бөлек, Қылмыстық іс жүргізудің жаңа жобасы бойынша соттың үкімдеріне, қаулыларына кассациялық тәртіппен шағымданудың, наразылық білдірудің жалпы шарттары бойынша кассациялық шағымдану міндетті түрде тек қана олардың апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін ғана мүмкін болады. Яғни, қылмыстық істердің қайта қаралуы үшін міндетті түрде апелляциялық сатысын өту қажет.

Қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі – қылмыстық іс жүргізуді жеңілдету және нәтижелігінің жоғарлауы болып табылады. Бұнымен қоса, сот өндірісін жеңілдету мәселесін қарау барысында адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған іс жүргізу нормаларына ерекше көңіл аудару қажет.

Жаңа жобаның бұл бөлігі адамдардың конституциялық құқықтарын шектейді деп ойлаймыз. Осы орайда, заң шығарушы адамдардың бірінші кезекте құқықтарын ескеру қажет.

Кассациялық саты сот қаулыларын шығаратын соттың қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заң нормаларын сақталуын және соның негізінде бірінші және апелляциялық сатылы соттарда шығарылған сот актілерінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін тексере отырып шешім қабылдайды.

Кассациялық сатыдағы сот өз құқықтарын сотта қорғаудың міндетті сатысы ретінде танылады. Сондай-ақ, азаматтарға Жоғарғы Сотқа өтініштерін жолдамай-ақ, облыстық соттардың кассациялық сот алқаларына жүгінуге жағдай жасалған деп айтуға болады.

Қорыта келе, кассациялық сот тәртібімен сот актілерінің заңдылығын тексеру тәртібі азаматтардың конституциялық негізгі құқықтарының бірі болып табылатын сотта қорғану құқығы одан әрі күшейіп, кассациялық сатыдағы соттардың жұмысы одан әрі тиімділігін артып, сот әділдігін атқарудың сапасының көрсеткіші болады деп ойлаймыз.



Әдебиеттер тізімі:


  1. http://www.inform.kz/.

  2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі /2013 жылғы 21 мамырдағы №95-V өзгерістері мен толықтыруларымен/

  3. Қазақстан Республикасының Қылмысты кодексі /2013 жылғы 4 шілдедегі №127-V өзгерістері мен толықтыруларымен /




©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет