Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 6.78 Mb.
бет4/33
Дата02.04.2016
өлшемі6.78 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
: repository -> history
history -> Методика диагностики основных параметров психического состояния тестом люшера
history -> Тұрсын Жұртбай: Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді
history -> Ііі том: талқЫ Үшін пайдаланылған әдебиеттер тізімі
history -> Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор
history -> Байғали Досымжанов
history -> Қазақстанды қуатты мемлекет ету барысында бүгінгі қазақ зиялысының да арқасында ауыр жүк тұрғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі интеллигенция өзінің мойнына жүктелген ұлт сенімін қаншалықты ақтай алып отыр?
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Абай мектетебі
history -> Файл: Абай жолы «Абай жолына» 70 жыл
history -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»

«1883 жылы айтқан Вс.Миллердің көзқарасын қостап, дамыта отырып, мен өзімнің бұл пікірімді бірден-бір дұрыс тұжырым, бұдан басқа пайымдаулардың бәрі жалған деп, оқырмандарды иландырғым келмейді. Алайда, Геродот пен Лукианның жазбаларындағы скифтердің дәстүрі туралы мәселеге осетиндердің сақтап қалған салттары тың әсер беретіні сөзсіз, сонымен қатар, дала патшалықтарының – гүндардың, түркілердің, монғолдардың дәстүр-салттарына жүгініп түсініктеме беру арқылы да өте сәтті жетістіктерге жеткізетін жол бар, өйткені олардың тұрмыс-тіршілігі скифтермен, сарматтармен, аландармен өте ұқсас еді әрі олармен Шығыс Буропа елі үнемі қарым-қатынас жасап тұрды – өзара қақтығысты, бітім жасасты, одақ, құрды... Мен өзіме үйреншікті мәселелердің шеңберінде ғана айналып жүргеніммен, мен елу жыл бойы тек скифтердің «индоеуропалық мұраларына» ғана баса көңіл бөлдім», – деп (Сонда. 10-б.) ашық ескертеді.

Әділдік үшін және осы екі аңыздың ұқсастығын біз тағы да қайталап жатпас үшін Ж.Дюмезильдің тұжырымын толық келтіреміз. Сонда біраз жайдың беті ашылады:



«Скифтер мен батыс және орталық Сібірді мекендеген түркі мен монғол халықтарының үлкен тобының арасындағы ұқсастықтар туралы Хазанов дұрыс талдап кеткендіктен де, Тарғытай мен оның ұлдары туралы аңыз бен түріктердің ата-бабалары жөніндегі аңыздың арасындағы сабақтастықты зерттеген ілгерідегі еңбектердің нәтижесіне тереңірек үңілейік.

Оғыздардың арғы атасы Оғыз-қаған екі қызбен некеге отырады: біріншісі, Көктен түскен көгілдір сәуледен жаратылған, Көк Тәңірінің құдіретін бейнелейтін құбылыс; екінші қызды көлдің ортасындағы ағаштың қуысынан кезіктіреді, бұл судың, жердің, аспанның құдіретін мег-зейді. Әрқайсысы үш-үштен ұл табады, алғашқы үшеуінің аты – Күн, Ай, Жұлдыз, екінші әйелден туғандарының аты – Көк, Тау, Теңіз. Осы құдіретті құбылыстың қасиетін білдіретін алты ұлдан 24 ұрпақ – оғыз тайпаларының ата-бабалары тарайды.

Бұдан кейін аңызда былай баяндалады: Оғыз қаған айдалаға үш алтын садақты және үш алтын (күміс) жебені жасырып қойып, ұлдарын аң аулауға жібереді. Үлкен үш ұлы алтын садақты тауып әкеледі, әкесі оны үшке бөліп, үшеуіне береді, кіші ұлдары жебені табады. Ұйғыр нұсқасында: «Ай, інілер! Оқты ататын – садақ, сендер де оқтай зулаңдар», - дейді. Басқа нұсқада Оғыз қаған; «Бізден бұрынғы өмір сүрген хандар садақты – хан, жебені – елші деп түсінетін... Сол сияқты, мен өлген соң Бұзоқтардың (садақты тапқандардың) ішінен хан сайландар, қашан ақырзаман болғанша сендер (жебені тапқандар) оларға мойынсұныңдар.

Шындығында да, бұл аңыз бен скифтердің аңыздарының шығу тегі бір болуы әбден мүмкін... Бірақ та, олардың арасындағы айырмашылық та көп, соның бірі біз көтеріп отырған мәселеге байланысты. Алтын бұйымдар, садақ пен жебе, біздің индоеуропалық түсінігімізде, әскери билікті мегзейді, ал бұл заттар өзінің міндеттері жағынан индоеуропалықтардың сеніміне сәйкес дін құдіретін, әскери күшті және құтты, тоқшылықты білдірмейді, тек билеушілер мен бағыныштылардың ара жігін айқындайды. ...Тұжырым: түркі аңызында скифтермен орайласатын индоеуропалық нышандар байқалмайды – олар түркі ұғымымен ауыстырылған. Бұл екі нұсқаның арасында қандай да бір байланыс болмасын байланысты не байланыссыз болсын, бәрі бір, жоғарыдаты үш міндеттің жойылып кетуі не мүлдем болмауы бір-біріне қарама-қарсы екі көзқарасты білдіреді, қарама-қарсы түсініктер араласып кеткен», – деп (Сонда. 160-б.) жазады Ж. Дюмезиль.

Біз бұл аңыздық әфсананы таратпай, «Оғыз қаған» эпосының өзін берумен шектелдік. Академик Б. Н. Граков жоғарыдағы пікірін дамыта келіп:



«Скифтердің шығу тегі мен Қолақсайдан тарайтын патша тұқымдары туралы өздері шығарған аңыздарында және Дарийдің шапқыншылығы жөніндегі әңгімелерінде скифтер патшалығының үшке бөлінгендігі туралы айтылады: бәріне ортақ бір бас патша және өз алдына дербес билікке ие екі кіші патша бар. Гректер бұл патшаны және оның иелігін «басилэйя» (Геродот) немесе «архэ» (Геродот пен Фукидид) деп атады. Бұдан басқа тағы да үш дербес патшалықты атайды. Олардың әрқайсысы жеке-жеке би мен бектікке бөлінді. Міне, осы билер мен бектер (номы с номархом») бірігіп, халықтық кеңес немесе әскери кеңес шықырып, соғыс тәңірінің мінәжатханасына жиналды», – деген (Сонда, 34-б.) уәж айтады.

Скифтердін қолы жиналып, мінәжат ететін жері – қарауындағы әскердің санын білу үшін әрбір жауынгердің жебесінің темір ұшын жиып, қазан құйдырған Ариант қақындағы аңыз бойынша Аксампей – Ақсай деп аталады. Сонда Қол – патшаның аты болса, сай – патшалықтың аты болса, олар Ақсайда – ақ тілеу тілейтін қасиетті ақ сайда – ант берсе, онда скифтердің әміршісінің Қолақсай атануы – Алаштың – алаш, қазақтың – қазақ, өзбектің – өзі бек, башқұрттың – башқұр аталуы сияқты түркі халықтарына ортақ тілдік заңдылық емес пе? Қол – қол, жасақ, әскер. Сай – қасиетгі жер, қойнау, бұлақ басы, өзен жағасы. Сусыз жерге көп адам шоғырланбайды. Б. Н. Граков:



«Басилевс бидің (судья) және абыздың (жрец) міндетін атқарады, ол билікке мұрагерлік жолмен ие болады, алайда, ең бірінші, ол – қолбасы», – дейді (Граков. Скифтер, 34-б.).

Демек; «басилей» мен «басилевс» сөзі – басшы, елбасы, қолбасы деген мағынаны береді. Ендеше, Қолақсайдың аты да затына қарай түркі сөзінен шыққан деуге толық негіз бар. Әзірше, Дюмезильдің сөзі-сөз боп тұр:



«Жоғарыдағының бәрі де қәдімгі елес. Осыдан ... бұрын мәселе калай қойылып келсе, сол күйінде калады: біздің бәріміз сүйенетін, сусындайтын жалғыз бұлақ бар, ол – Геродот» (Дюмезиль).

Валери Флактың «Аргонавтар» атты ежелгі дәуірде жазған енбегінде Қолақсай туралы аңыз бар. Ж.Дюземильдің баяндауынша, көне дастанның қысқаша мазмүны былай: аңыздағы Персей өзінің дұшпаны Аэтес пен Ясонға қарсы. Дунай мен Индияның арасындағы ел-жұртқа сауын айтып, қол жинайды. Бұл өзі «Қобыланды» жырындағы Қамбар батырдың Қобыландыға келген сапарын еске салады.



«Персейге ең бірінші Анаусис «өзінің өжет аландары мен жаугер хениоктарын» ертіп келеді. Екінші боп «оның қасына бойында қүдайлардың қаны бар көсемі Қолақсай бастатқан бизальттардың жасағы қосылды. Мирасэнің жасыл жағасы мен Тибисистің аңғарында Юпитер жартылай жылан денелі әйелмен қосылыпты, егер айтушыларға сенсек, онда жаңағы әйелдің иесі – екі жылан қарап тұрыпты, одан да қорықпапты. Бүкіл әскердің қалқанына жанып тұрған Юпитердің үш найзасы бейнеленген, найзағайдан жаралған жасынды жаққан сен емессің, римдік әскерлер. Осы белгіге Қолақс өзінің таңбасын, анасы Хоренің белгісі – бір-біріне қарап тұрған жыланның екі басы салынған таңбасын қосты. Үшінші боп өзі сияқты бір-біріне сайма-сай мыңдаған қолды бастап – кемерліктердің әскерін бастап Авх келді. Оның шашы туғаннан күмістей жылтырап тұратын, жасы ұлғайғанда шашы түсіп, маңдайы қасқиып шыға келіп еді. Ол басына үш жиекті шыт орап шықты, екі ұшы салбырап тұрды» (Дюмезиль, 143-бет).

«Аргонавтардағы» бұл деректерді тарихи негізге түсірсек, аталған үш батыр да – скифтерден тараған тайпаның көсемдері. Тарғытайдың үш ұлының елі. Авх – авхаттар, Қолаксай – Қолақсайдың өзі, Анауси, Сияуыш, Лиаус — алаңдар мен хеониктер.

Скифтердің аңыз бен әфсанаға жаны құмар екенін тарихшылардың барлығы да ерекше атап өтеді. Соның ішінде Қолақсайдың да есімі кездеседі. Соның бірі – скифтерді көзімен көрген Алкман атты ақынның дастаны. Папирос қағазына жазылған бұл дастан 1355-жылы Египеттегі бір табыттан табылған. Ғалым М.В.Скржинскаяның грек әфсаналарындағы скиф аңыздары жөніндегі еңбегінде Қолақсайдың дүлдүлі туралы жырға ерекше ден қояды. Мұнда дүлдүл мен әйел сұлулыктың үлгісі ретінде, үш сұлу қыз үш патшаның (Бірі Қолақсайдың, бірі Ибеннің (Лидия), бірі Енеттіқ (пафлагонидің) дүлдүліне теңестіріле суреттеледі... Соның ішіндегі «жағал жалды Агесихора Азия дүлдүліне» (Қолақсайдың – Т. Ж.) шендестіріледі. Айта кететін жай, жазу бедерінің өшіп қалуына байланысты, мұнда байтал жарысы туралы ма әлде қыздардың сұлулық бәсекесі туралы сөз боп отыр ма, ол арасын ғалымдар нақты ажыратып бере алмай отыр. Ибен қызы Агида – жаннан асқан сұлу, одан кейінгі көзайым – скиф қызы Агесихора... Несі бар, сұлуды – дүлдүлге, дүлдүлді – сұлуға теңеу Шалкиізден Шәкірге дейінгі қазақ ақындарынын дәстүрінде бар салт. Ақан сері Құлагерді «баспа-бас қызға бермес сандал керім» деп те жырлаған.

Мәди патшаның тұсында скифтердің ішінде өмір сүрген лидиялық Алкман ақын бұл аңызды скифтерден алып отыр. Ал, Қолақсайдың дүлдүлі туралы аңыздар скифтердің әрбір ертегісінде жиі кездеседі екен. Үш сұлу – үш дүлдүл... Алайда М. В. Скржинская:



«Дегенмен де, бұл арада Алкман ақын нақты бәйге аттарын суреттеп отыр деп ойлауға да болады. Өйткені скифтердің жағал жалды аттарының тұқымын қыздардың алтын шашына теңеу жиі ұшырасады. Мысалы; скифтердің жатаған бойлы, аса төзімді жылқыларының ішінен шыққан, бектер ғана мінетін асыл тұқымды, тұрықты, жирен жалды аттар ерекше бағаланған. Мүмкін, скифтер осынау жағал жалды аттарды Қолақсайдың күн сәулелі күміс жалды дүлдүлінің тұқымы деп санап, айрықша құрметтеген шығар», деген ой тастайды.

Ал, осы шумақтағы Алкманның суреттеп отырғаны «Қыз қуу» емес пе екен? Жырды оқып отырғанда Олжас Сүлейменовтың «Қуып жет мені, жігітім» атты өлеңі ойға оралады. Әрине, бұл долбар ғана. Бірақ та осы қыз қуудың өзі күні кеше ғана пайда болған жоқ қой. Мүмкін, сонау скиф заманынан бері бар шығар?

Қиялдай білгеннен адам қиянат шекпейді. Ал қиял болмай шықса ше? Мысалы; Алкман жыл қайыруымыздан бұрынғы ҮІІ ғасырда өмір сүрді. Оның папирос қағазына жазған жырын б.д.д. ІІІ ғасырда сонау Қытай елінің патшасы болған У-дидің біле қоюы екіталай. Алайда «терлегенде терісінен қан тамшылайтын атты» іздетіп, әскер жібереді. «Тұлпарлар келе жатыр» дегенді естіп, жүрегі өрекпіп:

Тұлпар келді ағылып,

Шөл даладан сабылып.

Сонау қиыр батыстан

Жатыр жат ел бағынып.

Тұлпар келді тебінмен,

Тері – бұлақ төгілген.

Жүні – бейне жолбарыс,

Сиқыр дерсің тегіннен.

Тұлпар келді қиырдан,

Тандыр дала қиыннан.

Сапар шегіп шалғайдан,

Иесіне бұйырған.

...Тұлпар келді ағылып,

Айдаһар – арқан тағынып, –

деп (Уаң-Миң-Жи, Уаң-Биң-Хуа. «Үйсін туралы зерттеулер». Үрімжі, 1989) үсті-үстіне тепелеп жыр жазғанда, өзінен бес ғасыр бұрын өмір сүрген Алкманды еске алды дейсіз бе? Аттың қазақ жерінде тұңғыш рет ауыздықталып, киелі жануарға айналғанын, әлемдік өркениет тарихындағы шындық ретінде мойындалғанына он жыл ғана болды.

Қасиетті көмбе – қатакөмбе туралы алғашқы емеурінде Геродот:

«Аспаннан түскен төрт асыл затты: ...скиф патшалары көзінің қарашығындай сақтады, жыл сайын соның құрметіне ұлан-асыр құрбандық шалып, ұлан-асыр тасаттық береді. Егерде салтанат кезінде кім де кім әлгі алтын затты күзетіп тұрып ұйықтап кетсе, онда бұл адамның бір жылдық қана өмірі қалады екен. Сондықтан да ол адамға бір күннің ішінде салтатпен қанша жерді жүріп өтсе, соның барлығын әлгі кісіге береді екен. Олардың жері ұшы-қиыры жоқ кең болғандықтан, Қолақсай оны үшке бөліп, үшеуіне үш ұлын патша етіп қояды. Скифтердің айтуынша, әлгі асыл бұйымдар сақталған патшалыққа ең көп жер беріліпті», дейді (IV. б-бап).

Демек, Тарғытайдың денесі сол патшалықтың ішіне жерленген. Себебі, бір жұртта екі қасиетті көмбе болмайды және алтын бұйымдарды тәңірдің өзі Тарғытайға сыйлаған. Ал көшпелілердің салты бойынша, өлген кісінің бұйымдары өзінің қабіріне бірге көміледі. Жыл сайынғы өткізілетін салтанат – тек асыл заттарға көрсетілген құрмет емес, Тарғытайдың әруағына да тәжім ету және тәңірге тасаттық беру рәсімі екені анық. Ойша болжасақ, Тарғытайдың қабірінің қасына кейін Қолақсай, одан кейін оның ұлы, үрім-бұтағы жерленген. Жыл сайынғы тәнірге арнап шалынатын құрбандық та сонда өтеді. Оған дәлел:



«Скифтердің салтына келетін болсақ, ол былай: скиф тек төмендегі мына құдайларға ғана табынады: ең әуелі – Гестия, содан кейін – Зевс пен Гея (Геяны істің әйелі деп есептейді), содан кейін – Аполлон мен Аспан текті Афродита және Геракл мен Арес. Патшалық Скифпіз деп аталатындар Посейдонға табынады. Бұл құдайларға барлық скифтер табынады. Соның ішінде Гестияның скифтер өздерінше Табити, Зевсті Папай деп, менің ойымша, өте дұрыс атаған, Геяны – Апи, Аполлонды – Гойтосир, Афродита Уранияны – Аргимпаса, Пасейдонды – Фагимасад деп атайды. Скифтер Арестен басқаларын мінәжатхана, храм, сарай салмайды», – деген Геродотты (ІҮ. 50-бап) мәліметі.

Бұл үзіктен мынаны аңғарамыз: Табити-тәңір. Барлығынын жаратушысы. Папай-баба, скифтердің әке тегі, Апи-апа, ана тегі. Көшпелілер үшін ең қасиетті есім осы үшеуі. Гайтосир, Қойтосар – түбірі – Гойтас, қойтас – «малдың киелі иесі, ол малға пәле әкелетін құбыжықты, садақшы барымташы, сиқыршыны жеңген... Аргампас – түбірі – арг – әруақ-өлім мен өмірдің белгісі, әруақтардың белгісі... Арес – соғыс құдайы». М. В. Агбуновтын түсіндіруінше осылай. Тек – тәңірді тәңір демейді және сөздің түбірлік мағынасын ашпайды. Оның есесіне, Ж. Дюмезиль тереңірек талдаған. Бұл пікірді түбегейлі тұжырымдай түсу үшін, негізгі мақсатымызға жатпаса да, шағын сөздік жасай кетейік. Атаулардың түсініктемесі Б.Н.Граковтың пайымдауы бойынша берілді.



1. «Папай – гректердің Зевсімен парапар құдай. Демек, ол, ең алдымен, ашық аспанның құдайы, жай ойнатушы, сонымен қатар, жаратушының өзі. Ол – тек құдайлардың ғана бабасы емес, патшалардан бастап, қарапайым скифтердің атасы. Оның ұлы Тарғытай – Геракл, батыр – ел атасы – (Граков, 82-б.).

Осындағы Зевс атын Көк Тәңірімен ауыстырсаңыз болды, қалған түсініктердің барлығы исі түркі қауымына түсінікті. Папи – баба, ата-баба, аспан құдайы – Көк Тәңірі, Тарғытай – Тарғын. Ал, Тарбағатай тауын ескі кезде Тарғыбатай деп атаған, Ертістің бір тармағы Тарғын деп аталады.

2. «Апи – Жер –- Папидің жұбайы» (Граков, 82-б.), мұндағы Апи – апа, апай, ана.

«Жер ана» ұғымы көшпелі қауымда ежелден бар. Әйгілі Алшынбай бір үлкен дауды шешуге келіп, күтушілерге мініп келген атын дұрыстап күтуін өтінгенде, Отыншы би: «Жер – анасы, мал – баласы. Жүгенін сыпыр да, қоя бер»,- деп сөзден тосылдырыпты деген әңгіме соған толық дәлел. Аспан ата – Көк Тәңірі; Жер ана – бүкіл түркілік ұғым.

3. «Гойтосир – Аполлон, күн құдайы болуы мүмкін және жылқының киесі» (Граков, 82-83-б.).

Көшпелі қауымда әр малдың өз иесі бар. Жылқының иесі – Қамбар-баба. Гойтосир мен Қамбар атауы өзара ұқсас та болмағанмен, баламасы бір. Ол кезде қойдың иесі – Шопан атаның орнына да осы сөз қолданылуы мүмкін. Пәлені тосу үшін киесіне сиынған. «Гойтосирді – қойтосар деп те құбылтуға болар еді, бірақ.... сөз теруден бас тарттық.

4. «Табити – гректердің Гестиясына ұқсас, яғни, патшаның ошақ иесі» (Граков, 83-б.), демек, Табити – табыну отқа табынуды, от тәңірін білдіреді. Отпен аластау, оттан секіру, жеті шырақ жағу, отты су құйып өшірмеу туралы дәстүрлік салтты біз әлі де ұмытқамыз жоқ. Табити – табыну.

5. «Аргимаспа – аспан Афродитасы... Таман мүйісіндеп меоттар Афродита – Апатур атты құдай анаға табынған» – (Граков, 83-б.).

Демек, Аргимаспа – Апатура ғой, ал Апи – апа, апа тәңір, ару аспан дегенді білдіреді. Айсұлу, Күнсұлу дегеннің бір түрі. «Шахнамада» Тұр – Тұран, ендеше, Апатұр – Тұрана, түркілердің анасы дегенді де білдіруі ғажап емес.

6. «Фатимасад – Посейдон бізге бимәлім ұғым. Олар теңізші болған жоқ. Грек ұғымында Посейдон – теңіз тәңірісі және жылқының, жылқы шаруашылыңының құдайы» (Граков, 84-б.), Пырақ, Қамбар ата сияқты кие. Су тәңірісі болуы мүмкін.

7. «Борисфена – өзеннің қызы – жыланқұйрықты су перісі, жартылай әйел, жартылай еркек» (Граков, 84-б.).

Бұл туралы аңыз хұн, оғыз, қыпшақ, қимақ арасында кең тараған. Ертіс, Қатын өзендерінің шығу тарихы соған дәлел. Әрине, скифтер оны Борисфен деп емес, басқаша атаған.

8. «Неврлер туралы әңгімелегенде, оларды сиқыршылар екен деп айтады, себебі, олардың әрқайсысы жыл сайын екі-үш күн бөріге айналып кетіп, қайта қалпына түседі екен-міс» (Граков, 121-6.).

Бұл арада тарихтан хабардар адамға қосымша түсінік беріп жату артық. Неврлердің Бөріге, Көкбөріге сенетіні анық. Бөрі – исі түркі жұртының киесі. Геродот мұны б.д.д. Ү-ғасырда сонау Афиныда отырып жазса, Сыма-Цянь мен Бань-Гу қытай жерінде жүріп тарихқа алдырды. Үйсіннің күнбиі Елжау, б.д.д. ІҮ ғасырда, гунн көсемі Еділ (Аттила) III-V ғасырларда, Бунақ X ғасырда, Қоншақ пен Гызак ХІ ғасырда түн ішінде айдалаға барып, бөрі боп ұлығанын Баян абызға дейінгі жылнамашылардың бәрі жазған. Оғыз қағанның хикаясы өз алдына.

«Тавры – таулықтар. Энарей – әйел киімді еркек, ене киімді, ерене деген (Граков, 78, 82-б.) сөз екен. Эорпата – амазонка, зор – ер, ер мінезді әйел деген сөз, яғни, Ер апа.

Осының барлығын кездейсоқтық деп қараудың өзі ғылымға қиянат болар. Ал, бізге салсаңыз, шындық және тарихи негізі бар шындық. Реті келгенде айта кетейік. Құрбандықта қасиетті шарап құятын үлкен ыдыстың аты скиф тілінде – саба, сыра құятын ағаш-шана, яғни, шан, ашар-шана, араның балы – ал, бал екен (Дюмезиль. 174-б). Скифтердің танымы туралы ілгеріде айтылғандықтан да, бұл арада оған тоқталып жатпаймыз. Онсыз да бәрі түсінікті. Ал енді осы тәңірге және қалған құдайларға құрбандықты қалай береді екен, соған келейік:



«Барлық құдайларға арнап берілетін құрбандықтар мен соған қатысты өтетін салтанаттардың рәсімі бірдей және былай өтеді: құрбандыққа арналған малдың алдыңғы екі аяғын байлайды. Құрбан шалатын адам малдың арт жағына таман тұрып арқанды тартып, оны жерге жығады. Мал жығылып бара жатқан кезде әлгі адам құрбандықты арнаған құдайының атын атайды. Содан кейін малдың мойнына тұзақ салады да, оны қылқындырып өлтіреді. Бұл кезде олар от жақпайды және ешқандай артық-ауыс жасамайды. Құрбандық мал өлген соң оның терісін сыпырып алады да, етті аруға кіріседі. Скиф даласыңда ағаш өспейтіндіктен де, олар етті пісіру үшін мынадай қулықты ойлап тапқан: құрбандық малдың терісін сыпырып алған соң, сүйектің етінен түк қалдырмай сылып алады да, өздеріңің ыдыстарына (егер дайын тұрса) салады, ол лесбостықтардың құтысына ұқсайды, бірақ одан әлдеқайда үлкен. Етті қазанға салған соң жаңағы малдың сүйегін отқа жағып, ет пісіруге кіріседі. Егерде дайын қазан болмай қалса, онда барлық етті құрбандыққа шалынған малдың қарнына нығыздап тығады да, су құйып, астынан сүйекті жағады. Сүйектер отқа сондай жақсы жанады, ал сүйексіз ет қарынға емін-еркін сиып кетеді. Сөйтіп, құрбандық шалған өгіз де және басқа жануарлар да өзінің етін өзі пісіреді. Ет піскен соң құрбандық шалған адам сұрпы еттің және ішек-қарынның бір бөлігін кесіп алады да, алдына қояды. Құрбандыққа бұдан басқа да (өгізден – Т. Ж.) үй жануарларын, әсіресе жылқыны көбірек шалады» (Геродот. IV. 60-61-бап).

Осыдан 2000 жыл бұрын Геродоттың өзі куә болған құрбандық шалудың дәл қазіргі күндегі қазақ, қырғыз, өзбек, түркіменнің құрбан айтынан қандай айырмашылығы бар? Тек Көк Тәңірге емес, Аллатағалаға бағыштайды. Малды бауыздайды. Құдайға шүкір, отын жетерлік. Ал «Қу сүйегіңді жағамысың» деген тіркес әлі де қолданылады. Сұрпы етті малдың өз қарнына салып жасаған жаужұмыр – кәнігі аңшының ең сүйікті асы. Өзіміз екі-үш рет дәмін татқамыз. Алып жүруге оңай болу үшін, ауылдан келген ағайындар қойдың етін қарнына тығып әкелуі қала жұрты үшін дс онша таңсық емес. Соғымның төресі – жылқы, еттің көкесі – қазы. Тіпті: «Скифтердің дәстүр- салттары осындай. Олар шошқаны құрбандыққа шалмайды және бұл хайуанды өз елінде ешқашан ұстағысы келмейді» – деп жазады Геродот (IV. 63). Көшпелі қауым қорсылдатып алдына сап қуып жүруге көнбейтін жануардың етін сол кезде де, қазір де аузына салмайды. Ол дәстүр исламнан бұрын қалыптасқан. Қытай жылнамалары да теріске шығармайды.



Естірту – қазақ жұртындағы ең жауапты рәсімнің бірі. Кісіліктің, ақылдылыктың, ағайыншылықтың сыналатын тұсы. Өлікті жөнелту де үлкен сын. Ал жерлейтін орынды таңдау бәрінен де жауапты жұмыс. Скифтер де көсемдерін жау қорламайтын әрі барлығына қолайлы жерге жерлеуді ойластырған. Олар мәйітті бальзамдауды білген. Марқұммен қоштасу, оны жерлеу рәсімі үйсіндердің рәсімімен бірдей. Ал олар мұны хұндардың салтымен үйлестіргені тарихтан белгілі. Үйсін күнбиін жерлеу жайын еске алсақ та жеткілікті. Геродоттың өзімен ғана шектелеміз.

«Патшаның қабірі Герра жерінде, оған дейін Борисфен өлгенде өзені арқылы кеме жүзе алады. Скифтер патшасы өлгенде де төрт бұрышты ор қазады Қабір дайын болған соң мәйітті көтеріп арбаға салады да, денесін майлайды, содан кейін, марқұмның қарнын жарып, ішек-қарнын алады да, оны орнына шайқурайдың сабағын ұнтақтап толтырады және әтір шөп пен селдірдің тұқымдарын себеді де, қайтадан жауып, арбамен басқа тайпаларға апарады. Олар мәйітті дәл жаңағыдай тәсілмен қайтадан тазалап, келесі тайпаға жібереді. Құлақтарын ұстарамен шертеді, шаштарын дөңгелектеп қияды, қолдарын тіледі, бетін, маңдайын, мұрнын тырнайды, сол білегін жебемен жаралайды. Содан кейін арбамен келесі тайпаға апарады, мәйіттің соңынан алдыңғы тайпа еріп отырады. Сөйтіп, бір тайпадан екінші тайпаға ауысқан мәйіт патшаларды жерлейтін қабірге келеді. Қабірдің астына сабан төсейді де, мәйітті соның үстіне қояды, дененің екі жағынан екі найзаны тіктеп қадайды да, бетіне екі бөренені көлденең содан кейін қамыстан жасалған бойрамен бетін жабады. Қабірдің бос қалған жеріне қызметшілердің тұншықтырып өлтіріп қасына көмеді, шараптың шертпегін қояды және аспазды, атшыны, қызметшісін, шабарманын, қорғаушысын, өзінің мінген атын, тағы басқа да үй жануарларын бірге жерлейді, сонымен қатар алтын тостаған қояды, ал күміс пен жезді олар пайдаланбайды. Бұл рәсімді бітірген соң, олардың барлығы бір-бірімен таласа-тармысып, бетіне топырақ салады, топырақты неғұрлым көп үйіп, төбеге айналдыруға тырысады» (Геродот. IV. 71-бап).
Бұл рәсімдердің барлығы тура сол қалпында сақталмағанымен, жаңғырықтары әлі де қазақ арасында бар, ал мұсылман дініне кірмеген Сібір түркілерінде бұл көбірек сақталған. Скиф патшалары жерленген Күлтөбелердің дені расталып отыр. Алтын оба, Күлтөбе, Солоха, Шертомлық, Қобан, Теміртау, Ольви қазбаларынан аса бай айғақтар табылды. Аталған қорғандардың арасы көшпелілердің өлшемімен салыстырғанда онша қашық емес, қанаттас жатқан қасиетті төбелер. Мәйітті арбаға салып, ел ішін аралату рәсімі мұсылман дінін қабылдаған көшпелілердің ішінде сақталмаған. Таным, дәстүр, тіршілік салты өзгерді. Ал тура осы көрініс Уаң-Миң-Жи мен Уаң-Биң-Хуаның «Үйсін туралы зерттеуінд»:

«Құмылдан батысқа қарай бет алып, Тянь-Шань тауын қабырғалай көшудің өзі 100 мың жан саны бар көшпенді ұлтқа өте қолайлы болмақ. Мейлі Тянь-Шаньның терістік баурайы немесе тау іші болсын, бұл екеуінің де суы мол, шөбі шүйгін. Археологиялық тексеру материалдарына қарағанда, Үрімжінің оңтүстік маңынан, Мичуан жайылымынан және Шиху ауланының батысынан Жыңға дейінгі аралықтардан сүйір түстіктен терістікке қаратып қойылған қабірлер табылған. Олардың қатар-қатар тізілуі Іле бойындағы үйсін зираттарына ұқсайды. Бұлар үйсіндердің батысқа қоныс аударған кезінен қалған із болуы мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Жыңнан батыс қарай беттегенде, Тянь-Шань тауынан асып түсіп, өзенінің басы Жұлдыз өзені мен Текес өзеніне баратын төте жол бар. Үйсіндер жүрген негізгі орталықтың бірі осы ара», – деп жазылған.

Елжау бидің «ескі жолы» – осы соңғы жол деген топшылауға қосыламыз. Көшпелілердің ежелгі тау мен даланы қатар тізгіндеп, тең пайдаланылған ескерсек, жайлау мен қыстақтың арасын алжырату қиынға соқапайды. Сол көштің жер бетіндегі таңбалары әлі кездеседі екен.



«Әсіресе Мұзарт жайлауында, таң патшалығы кезінде Бедел тауы деп аталған Мұзтау шоқысының терістік баурайында үлкен-үлкен қабірлер тау сағалап қаз-қатар тұр. Олардың таған аумағы – 200-300 метр. Биіктігі 7-8 метр келеді. Ол шалғынды жасыл алқапта әр алуан бейнемен шоқтықтанып, тұлғаланып, көз тартады. Бұлар үйсіннің қаракөк текті ақсүйектерінің қабірі екендігі қақ».

Ариант патшаның алып қазаны туралы Геродотта аңызға бергісіз тамаша дерек бар. Ол қазанды Ақсай (Ақсампей) деген жерден көзімен көргендігін «тарихтың атасы» айтады.



«Бұл арада Клеомброттың ұлы Павсанийдің құдайға арнап шарап ашыту үшін жасатып, Понттың кіре берісіне қойған шертпегінен алты есе үлкен жез қазан тұр. Ол қазанды көрмесеңіздер, мен суреттеп берейін: оған 600 құмған су еркін сияды, ал сқифтердің бұл ыдысының қалыңдығы алты елі. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, ол жебенің ұшындағы жезден құйылған. Ариант деген скифтің бір патшасы скифтердің санын білмек болыпты. Сол үшін әрбір скиф бір-бір жебенің ұшын әкелсін, әкелмегендер өлім жазасына кесіледі деп жарлық шығарыпты. Жиналған жебе ұшының көптігі сондай, патша жебенің ұшынан ескерткіш жасау туралы шешім қабылдайды да, осы жезді балқытып, қазан құйып, оны Ақсайға (Ақсампейге) орнатыңдар деп әмір береді. Міне, скифтердің жалпы саны туралы алған мәліметім осындай» – деп (Геродот. ІҮ, 81-бап) куәлік береді.

Ғұламаның бұл сөзінің растығын қазба мұралары дәлелдеп отыр. Археологтар мұндай қазанның бірнешеуін тапты. Көлемі әр түрлі. Алайда «қазылған қорғаннан» табылған қазан өзінің көлемі, түрі жағынан Түркістандағы қазаннан еш айырмашылығы жоқ. Асты соған пісіріп, кейін сол араға қалдырып кеткен. О дүниеде сол қазаннан дәм татады деген наным болған. Міне, Тарғытай мен Қолақсайға да берілген асқа дәл сондай тайқазан асылған. Бұған қоса, Тоқтамысқа қарсы шабуылға бара жатқанда Ұлытаудың басына әскерінің санын білу үшін Ақсақ Темір үйдірген Тасоба әлі де сақтаулы. Мысшана немесе тайқазан туралы бұл аңызды қытай ғалымдары да растайды:




1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет