Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 6.78 Mb.
бет5/33
Дата02.04.2016
өлшемі6.78 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
: repository -> history
history -> Методика диагностики основных параметров психического состояния тестом люшера
history -> Тұрсын Жұртбай: Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді
history -> Ііі том: талқЫ Үшін пайдаланылған әдебиеттер тізімі
history -> Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор
history -> Байғали Досымжанов
history -> Қазақстанды қуатты мемлекет ету барысында бүгінгі қазақ зиялысының да арқасында ауыр жүк тұрғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі интеллигенция өзінің мойнына жүктелген ұлт сенімін қаншалықты ақтай алып отыр?
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Абай мектетебі
history -> Файл: Абай жолы «Абай жолына» 70 жыл
history -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»

«Металл қорыту – үйсіндердің негізгі қолөнер кәсібі. Археологиялық материалдарға негізделгенде, батысқа қоныс аударып барудың алғашқы мезгіліндегі үйсін қабірінен пышақ, кездік, біз секілді металл жабдықтар табылғанымен де, бұлар тым аз, бәрінде кездеспейді, ішінара қабірлерден ұшырасады. Оның үстіне, металл жабдықтары сапасы жағынан да тұрпайы. Орта мезгілден кейінгі қабірлердегі ахуал едәуір басқаша. Бұл кездегіден күнделікті тұрмысқа керекті пышақ, біз сияқты заттар жаппай табылады. Мұнан тыс жұмыр пышақ, семсер, соқа сықылды заттар да шықты. Осы қатарда қола біз, ұсақ әшекей бұйымдар, қола ыдыс, тағы басқалар бар. Қабірдің төрт қабығасын және ақым ағаштарын мәнерлеу іздерінде балта, күрек, бұрғы секілді жабдықтарды пайдаланғаны анық байқалады. Сонымен бірге, әр түрлі үлгідегі алтын жалатқан зейнет бұйымдары, алтын сақина, алтын сырға, тағы басқалар табылды. Алтын жалатқан зейнет бұйымдарына қарап көрсеңіз, әсілі, қола бұйымдарға қапталған, оның жасыл дағы анық көрінеді... Үйсіндер қорытуда кен байлығын пайдаланған. Тянь-Шаньның батыс сілемінде қола, мыс, темір рудалары байлығы мол. Бұл туралы тарихи материалдарда жазба деректер бар. Таяу жылдардан бері біз Нылқы ауданының Нұрасай тауынан бұдан 2600 жыл бұрынғы мыс, қола қорытылған байырғы ескі жұртты таптық. Бұл жағдай Іле өзені аңғарында кемінде «Жылнама» заманынан (біздің заманымыздан бұрынғы 722 - 482-жылдар шамасы) бастап мыс, қола қорытылғанын даусыз дәлелдейді. Әрине, темір көбірек қорытылған болса керек» (Уаң-Мың-Жи, Уаң-Биң-Хуа).

Скифтердің тіршілік-тұрмысы қақында арнайы кітап жазған Д.Б.Щеловтың «Осыдан 2000 жыл бұрынғы Қара теңіздің солтүстік жағалауы» атты еңбегінен үзінді келтірумен өз ойымызды тұжырымдаймыз. Біздіңше, ғалымның осында айтқан пікірін салыстырып, дәлелдеудің қажеті жоқ. Бәрі де сіз бен бізге үйреншікті, таныс жайлар:



«Скифтердің арасында патшалық скифтер деп аталатын топ өзгелеріне өз ықпалын жүргізіп отырған. Бұлар, негізінен, жылқы мен қой ұстайтын, өздерінің табындарымен Азов жағалауындағы жазықты өрістей көшіп жүрген көшпелі малшылар еді. Тумысынам атбегі, олар өмірінің көбін ат үстінде өткізеді. Жылқы олардың мінер көлігі ғана емес, ең басты тіршілік көзі еді; жылқының етін үлкен тайқазанға асып, тамақ етті, биенің сүтінен қымыз ашытты және басқа да тағамдар жасады. Патшалық скифтердің чертомлық (Днепрдің жағасындагы Никопольдың маңында) қорғанынан грек шебері (?-Т. Ж.) жасаған үлкен күміс табақта скифтердің асау атты бұғалықтап, үйретіп жатқан бейнесі табылды. Осы табақтан және басқа да заттай айғақтардан скифтердің сыртқы кейпін анық елестете аламыз. Олар ұзын шаш жіберіп, сақал қойған, теріден, аң терісінен, зығырдан есілген ұзын шалбар мен қысқа жеңді шапан киген, аяғына теріден етік, басына киіз қалпақ киген. Өзінің бала-шағасы мен жүктерін төрт дөңгелекті, үсті жабық арбамен алып жүрген. Бұл олардың баспанасының да міндетін атқарады. Мұндай арбаның сұлбасы жасалған ойыншық үлгі табылды» (17-б).
Міне, осының барлығы бізді жалпы скиф (скунһа, скит), хұн (гүн, гунн, ғұн), сақ (саке) атты көшпелі өрениет иелері туралы әсіреәфсаналар (мифтер) мен аңыздарды, тарихи деректерді бір арнаға түсіріп, жылнамалық тұрғыдан жүйелеп, Ұлы Дала туралы батыс пен шығыс деректеріндегі көркем ойды жұптастыра, жарыстыра беруге негіз қалады. Сол арқылы өркениеттер тарихын қазіргі алаш идеясына негіз тартқан көзқарас тұрғысында таным сүзгісінен өткізуді мақсат еттік. Әрине, батылдау көрінген бұл ғылыми жоба туралы пікірлердің бір жерден тоғысуы екіталай. Алайда салыстырмалы әдебиеттану мен салыстырмалы тарих ілімі үшін таңсық талпыныс емес. Тарғытай мен Оғыз қаған, Ишпақай мен Алып Ер Тоңа, Су құдайы мен Қара Ертіс, Амазонка мен «Тұлпарлар» жырының қатарласып берілуі де сондықтан. Дала өркениеті туралы көне грек, тим, қытай, араб, парсы, көне түркі әфсаналарынан алынған салыстырма мысалдарды жалғастыра беруге болар еді. Алайда олардың әр қайсысы жеке-жеке ғылыми зерттеу жұмыстары мен жобалар арқылы жүзеге асатын дербес жинақтрдың міндеті деп санаймыз. Біз тек, әфсаналардың аңсарлық аңысын аңғарту үшін ғана жекелеген дәйектерге жүгіндік. Мысалы, Бейжіңнің «Ұлттар баспасынан» басылып шығып жатқан Ж.Мырзаханұлының жетекшілігімен жарық көріп жатқан «Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты көп томдықтың ішіндегі аңыздар мен әфсаналарды, деректік құжаттарды тақырып бойынша жүйелеп берсек, соның өзі де бір жинақтың жүгін көтерер еді. Алайда оны келешектің еншісіне қалдырдық. Ежелгі грек тарихаттарындағы деректер қақында да осыны айтуға болады. Ал араб, парсы жазбаларындағы аңыз, әфсаналар алдағы томдықтардың еншісіне тиесілі екенін ескерте кетеміз.

Әдебиеттің міндеті – үкім емес, ой салу. Мифтер мен аңыздар да, дәстүр, салт туралы баяндаулар да сол тұрғыдан сарапталып, талданады. Біз сол мақсатты көздедік. Егерде, осы салыстырмалы жинақтау көшпелілердің көркем ойлау жүйесі мен көркем ойының дамуынан хабардар етіп, «далалықтарды тағы, сауатсыз, жауыздар» деп кемсіте жазған грек, рим, қытай тілдерінде олардың өздерімен тең дәрежеде ойлау қабілеті барлығын мойынсындырса, бұл жобаның діттеген жерден шыққаны деп ойлаймыз.

ІІІ.
Көркем ойдың түйсігі тек қуалайды деген мойындалып, мойындалмай жүрген тәмсіл бар. Мұның өзі таусылмайтын, дәлелдеуі оңай әрі мүмкін емес пікірталастардың еншісі. Оны өзге орайға қалдыра отырып, тікелей діттеген тақырыпқа ауысамыз. Бір шындық бар, ол кез-келген мәдени үдерістің жеті атаға дейін үзілмейтіндігі. Қазақтың: «Елу жылда – ел жаңа», яғни, ұрпақ ауысады, «жүз жылда – қазан», яғни, дәстүр ауысады. «Ақыл ауыс» – деген мәтелдері бар. Алайда тектік түйсік аңсары жеті атаға дейін тек қуалайтынынын нейорлингвистика ілімі дәлелдеп шықанына да бес-алты жылдың жүзі болды. Яғни, жаңа туған баланың ми жүйкесіндегі талшықтар тура жетінші атасының «көшірмесі» ретінде қалыптасып, сол жетінші атасы қай тілде сөйлесе, сәбидің де тілдік жүйкелері сол тілде шүйкеленіп туады екен. Ол өте қиыншылықпен жаңа тілге бейімделіп алған соң, оның жетінші тұқымының ана тіліне айналатын көрінеді. Мұны неге суыртпақтап отырмыз?

Мәселе мынада, көшпелілер үнемі қозғалыста болды, олар Арғы Алтайдан бастап Альпіге дейінгі ұланғайыр кеңістікте тоқтаусыз көшіп жүрді. Отырықшы жұртқа жылқыларды жүгендеуден бастап үзеңгі, шалбарға дейінгі мәдени жетістіктерін енші етті. Өздері де олардың мәдениетінің дала жағдайына үйлесімділерін сіңірді, сіңіп те кетті. Қазан жаңарды, ақыл ауысты –. дегеніміз осы. Жыл қайыруымызға дейінгі дәуірдің өзінде, батыста – Анақарыстан (б.д.д. 620 жыл) пен Лаушаң Қызайдан (б.д.д. 174 жыл) бастаған «ақыл алмасу» үрдісі, батыста – Еділ патшаға, құба қыпшық ханы Қоншаққа ұласқан, шығыста – көк түріктер қағанаты тұсындағы Тоныкөк абызға, Шыңғыс хан кезеңіндегі жалайыр Мұқылайға ұласып, ақыры сол елге сіңіп тынды. Шыңғыс ханның әскерінің денін түркі текті тайпалар жасақтағаны белгілі. Ал ол ұлыстардың құрамы негізінен керей, найман, қаңлы, қарлұқ, арғын, қыпшақ, оңғыт (уақ) тайпалары екені тарихи шындық. Сонау Алтайдан қотарылған көш те, әскерге алынған жасауыл да: «Балқан, Балқан, Балқан тау, О да біздің барған тау» – деп, шығыстағысы – ішкі Қытайда, батыстағысы – Балқанда» қалып қойды. Олар үш ұрпаққа, яғни, немереге дейін өздерінің әдет-ғұрпын, тілін, дінін сақтады. Одан кейін сол елдің тілін, ілімін, дәстүрін меңгеріп, будандасып кетті.

Алайда сарай мен орда мырзалары өзінің туған тілі мен дәстүрін қатты ұстанды, өзінің боданындағы елдің тілінде ел билігін жүргізу намыс саналды. Олар 1368 жылғы монғол ордасы құлағаннан кейін қашан үрімі үзіліп біткенше сол дәстүрді ұстанды. Шыңғыс ханның әскерінің құрамында болған жалайыр Мұқылай сияқты тегі түркі, нақты рулық тектерін сақтаған қолбасылар мен орда кеңесшілері, хатшылар мен түрлі мәнсап иелерінің жырлары қытай жазуымен хатқа түсті. Олар өздерінің аттарына қаңлы Байхуа, оңғыт (уақ) Ма зучаң, найман Найжән (З.Сәніктің пайымдауы), керей Нығыбай, қыпшақ Садулла (Сағдолла) деп хаттаған. Қытай жазба деректеріндегі тегі түркі ақындардың шығармалары Лю жиңмин мен Шиң ханьшүй құрастырып бастырған «Батыс өңірінен шыққан ақындардың таңдамалы өлеңдері» (Үрімжі, Шыңжаң халық баспасы, 1987) атты жинаққа топастырылып берілген. Ескерте кететін бір жайт, батыс пен шығыс ғалымдары, оның ішінде Л.Н.Гумилев та найман мен қоңырат, керек тайпаларын түріктенген монғол тайпаларының қатарына жатқызады. Сондықтан да кейбір ақындардың тегі монғол деп көрсетіліп, тегі монғол ретінде көрсетіліп жүргені де байқалады. Әрине, бұл арнайы зерттеп, тиянақтауды қажет ететін мәселе.
Міне, осы жинаққа еніп отырған үшінші бөлімдегі «Қытай жазбаларындағы түркі тектес (батыс өңірі) ақындардың әдеби үлгілері», негізінен, сондай тағдырлы ұрпақтың шығармаларын қамтиды. Мұнда, жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырда қытай бекзадасы Му тяньзы хатқа түсірген Батыстағы хан анасының толғауынан бастап ХІІІ ғасырдан өлеңі хатталған, ХІХ ғасырға дейін үрімінен 17 ақын шыққан Садуланың соңғы үрімі Са дазыға дейінгі ақындардың өмірбаяндары, тегі, шығармашылығы, сақталған мұрасы туралы деректер қамтылған. Ол туралы құрастырулардың өздері «Кіріспеде»:

Еліміз ежелден тартып көп ұлтты мемлекет болып ірге бекітті. Үзілмей жалғасып келе жатқан тарихтың ұзақ көшінде ұлттардың өзара жауласуы, отарлауы, билік жүргізуі орын алды. Сонымен қатар осы ұлттардың арасында өзара түсінісу, ынтымақтасу, сіңісіп кету үдерімі де жүзеге асты. Міне, осындай екі түрлі қарым-қатынастың барысында бүгінгі Жұңхуа ұлттары (бүгінгі таңдағы қытай мемлекетіндегі барлық ұлттарды меңзейді – ауд.) қалыптасты. Көп ұлтты қытай елінің гүлденіп-көркеюіне әр ұлттың халқы өз үлесін қосты, мәдени көркем өнері өзара ынтымақтастық жағдайында дамыды. Осындай аса мол мәдени-көркемөнер мұралардың ішінде азсанды ұлттардың (қытай елінде қытай ұлтынан басқа ұлттарды азсанды ұлт деп атайды – ауд.) өз ана тілінде хатталған әдеби мұраларынан тыс, қытай тілінде жазылған мәдени жадігерлер де сақталып қалған. Қытай тілінде жазылған бұл шығармашылық еңбектер сол ұлттың шығармашылық әдеби үлгісінің бастау көзі болып табылады. Өйткені аз ұлттардың өз жазуы қалыптаспай тұрғанда олар қытай жазуын қолданған. Сондықтан да, аз ұлттардың ежелгі әбебиетін зерттегенде, осы қытай тіліндегі шығармашылық еңбектерге жеңіл қарауға болмайтындығын естен шығармаған жөн»,– деп ашық жазған.

Жинақтағы ақындардың шыққан тегі түркі екеніне ешкім де күдік келтірген емес. Тек олардың бүгінгі түркі халықтарының қайсысына жататыны туралы екіұшты пікірлер бар. Мысалы, осы басылымның ұйғыр тіліндегі аудармасында олардың денін ұйғыр деп көрсетеді. Ал қытай тарихы мен көне жазуын түбірімен қотара оқитын Н.Мыңжан, С.Жанболат, Ж.Мырзахан сияқты ғұлама бастатқан Ш.Ахмет, Б.Еженхан, С.Сұңғатай, Ж.Ошан, М.Оразбай, Н.Мұхамедханұлы, З.Сәнік, Т.Зәкенұлы, И.Нұрахмет, Н.Кәмелханұлы іспетті қытайтанушы ғалымдар қаңлы, қарлұқ, теле-телеуіт, қыпшақ, арғын, найман, керей, уақ, жалайыр, қоңырат, дулат руынан шыққандығын дәлелдей пікір білдіреді. Біз, нақты дәлелді, иероглифтік мазмұны ажыратылған ру аттарын ғана көрсеттік. Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Оразбайдың «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» атты екі томдық еңбектегі «Аталар жырының айғағы» атты мақаласын ұсыну арқылы бұл тақырыпты тиянақтадық. Ал «Теле жыры» мен «Идіқұт жыры» сияқты халықтық сыпаттағы жырлардың жалпы түркі жұртына ортақ екені, оны ешкімнің де меншіктеп алуға құқы жоқтығы анық. Саясатқа бойлап кірмей-ақ, мына мәселені ашық айтуға болады. Жалпы қытай қауымы үшін түркі, Түркістан деген сөздер жабық, тиым салынған ұғымның қатарына жатады. Сондықтан да түркітану, түркология деген ілім оларда жоқ, тек ұйғыртану деген сала ғана бар. Соның салдарынан түркология ғылымына қиянат жасалып, ортақ мұраның бір ұлттың еншісіне телініп кетіп бара жатқанын «қытай түркологиясының атасы», академик Гың шымин мен профессор Су бихай бізге қынжыла отырып айтып беріп еді. Бұл, пікір алысу тұрғысындағы мақала болмағандықтан да, біз ойымызды орайы келгенде арнайы айтармыз деген желеумен, осы емеуірінмен шектелеміз.

Тек мынадай түйткілді үш мәселеге тоқтала кетеміз. Бірінші, мұндағы жырлар қытай тілінде хатқа түскен. Сондықтан да олар қытай ақындары. Ендеше, жинаққа неге кіргізілген? – деген қойылуы мүмкін сауалға берер уәжіміз мынадай. Иә, бұл жазбалардың барлығы да көне қытай тілінде хатқа түскен. Бірақ, жинақты құрастырушылардың анық және сенімді дәлелмен көрсетіп отырғанындай, олар ешқашанда қытай ақындары ретінде танылмаған, қытай әдебиетінің өкілі болып есептелмеген, тек ғылыми мүдде тұрғысынан зерттеу тақырыбы есебінде жарияланған. Сонда олар қай халықтың өкілі ретінде қатарға қосылуы тиіс? Бір ғана жұрттың аясына симайды. Мысалы:

Ойқастап оңды-солды бастым қамшы,

Сорғалап тебінгіден ақты тамшы.

Семсердей болмаса да өткір жүзі,

Үш құлаш өрімінің ұзындығы –

Дойырды жібергенде бір иіріп,

Түменді бір кісідей тұрды үйіріп, –

деп «Қамшы» атты өлең жазған Баянды (Баян) ішке тартпай, сыртқа тебетіндей себеп жоқ.

Шу өңірінде туып, ер жетіп, Құбылай ханның ордасына шақырылып, сыпай болған Хатудың (Хы ту) егде тартқан шағында алыс ауылынан хат әкелген «Ылаушыға» арнап жазған:

Қақпа алдында арбакеш тұр, хабар айтып қуанышты мархабат,

Айтуынша: келіпті ол ата жұрттың аманатын арқалап.

Туған жерден хат әкепті, қымбат одан бар ма асқан,

Айқыш-ұйқыш таңбаланып, тексеріліп, мөр басқан.
Хатты ашып, көз жүгірттім, жазуына қарадым да қиылып,

Ал ылаушы көз алмайды, танысындай өзімсіне жымиып.

Ағайынның амандығын білген кезде көтеріліп оң қабақ,

Көзімнен жас аға берді, мөлдір моншақ сорғалап.


Деп жазыпты: «Кеттің алыс үміт іздеп, бауырым,

Есің барда еліңе қайт, күтіп отыр ауылың...».

Сол бір сәтте құс – жүрегім бұлқынды да кеуде қысып,

Ұмтылды алға, кететіндей бозторғай боп елге ұшып, –

деген өлеңіндегі ұлы далаға деген сартап сағынышты мойындамауға, немес, осынау бір сезімді ішке тартпауға бола ма? Біздің қазіргі жамыраса жазып жүрген ауыл туралы өлеңдерімізбен тақырыптас болғанымен де, ішкі аңсардың қуаты нағыз поэзияның арынын байқатады. Ал «Теле жырындағы»:

Маң жазығы Шұғайдың қоныс болған телеге,

Көк күмбезі – шаңырақ, көкжиегі – кереге.

Самал желмен жайқалып, қақ жарылса шалғындар,

Арасынан қылаңдар отарлы қой, табын мал, –

деген көркем сурет әр қазақтың жанына қормал, жадына ұйытқы болса керек.

Бұл өлеңдерді олар қытай тілінде жазды ма (соның ішінде, Шыңғыс ордасы күйрегенге дейінгі ақындардың шығармасы), жоқ, аударылды ма? (Кейінгі толқындарға бұл уәж жүрмейді). Бұл мәселе деректанушылар тарапынан әзірше көтерілген жоқ. Себебі, Құбылай ханның да бір шумақ өлеңі сақталған. Шындығына көшсек, Құбылайдың көне қытай жазуын меңгеріп, сол тілде өлең жазуға еш мүмкіндігі болмағаны анық. Демек, бұл шумақ аударма болуы ақиқатқа жақындайды. Сондықтан да мұндай төлжанды туындыларды түркі жұртының, соның ішінде қазақ елінің де көркем ойлау жүйесінің жемісі ретінде қарастырдық. Егерде, тілдік белгіге қарап бауырға тартсақ, онда Шоқан Уәлихановтан да, Салық Бабажановтан да, саяси-экономикалық еңбектерінің денін орыс тілінде жазған Әнуәр Әлімжановтан да, Олжас Сүлейменовтен де, Алтыншаш Жағановадан да, Бақыт Ғафудан да, Орынбай Жанайдардан да, бірде бір зерттеу монографияларын қазақ тілінде жазып көрмеген академиктер мен ғылым докторларынан да, қытайдың маңдайалды жазушылары, шығармаларын қытай тілінде жазатын Әкпар Мәжит пен Еркештен де, Ғайша Тәбәрәк пен Әбдуәлиден де, Еркін Ауғали мен Нұрбақан Кәмелханнан да, және сол қатарлы жүздеген қандастарымыздан бас тартуымыз керек пе? Біз олардан бас тарта алмаймыз. Ендеше, сондай ділдік будандасуға ұшыраған тағдыр иелерінің қатарына «Батыс өңірінің» ақындарын да жатқызу – намысты тәуекел емес. Керісінше, оларды ұлттық текті сақтап қалған тектілердің қатарына қосқан сауап.

Екіншіден, біздің басты мақсатымыздың бірі – көшпелілер мен түркі тектестердің көркем ойын жинақтап, салыстырмалы түрде олардың көркем ойлау жүйесінің қалыптасуы мен даму жолын бүгінгі көзқараспен бағамдау. Ежелгі грек, көне қытай, және ескі араб, ескі парсы, соғды, тот монғол (будда ілімінің уағыздары) жазуларындағы (бұларға кейінгі томда орын беріледі) аңыздар мен әфсаналарды қазақ ұлты қалыптасқан кезеңдегі әдеби мұралармен салыстыра отырып, олардың тектес тамырларын тану, сөйтіп, алаш жұртының да тарихи көркем ойлау қабілетінің патшалықтар мен империялардың ақыл-ой парасатының тең екендігін бүгінгі тілі жаппай жаттанып бара жатқан ұрпаққа аңдату әрі сақтандыру. Егерде ұлттық тілден жаппай ажырау үрдісі тоқталмаса, онда бүкіл ұлтымызды «батыс өңірі» ақындарының тағдыр тәлкегі күтіп тұрмасына кім кепіл? Әрине, бұл үмітсіздік, шарасыздық емес. Тәлім тағылымы. Қандай да бір ылаж айтылғанымен де күндердің күнінде күн тіртібіне қойылып, зерттелетін мәселе. «Ой, барлық тарихымыз қытай жазбаларында хаттаулы тұр. Шіркін!..», – деп тамсана бергенше, бір тәуекел жасағанды лайық көрдік.

Үшінші, жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап ХІХ ғасырға дейінгі аралықты қамтитын туындылардың осы томға енгізілуінің басты себебі, тақырыптың бір ыңғайлығы болды. Елананың жырын, Теле мен Идықұт жырын алдыңғы бөлімдерге қосып, қалған ақындарды уақыттық межемен беруге де болатын еді, әрине. Онда көркем ойлау жүйесінің жүлгесі шашыраңқы тартып кету қаупі тұрды. Қытай жазуындағы өлеңдерді тиянақты жинақтаған «Батыс өңірінен шыққан аз ұлт ақындары» басылымының тұтастығын сақтау да басты назарда болды. Біздің ойымызша, көшпелілердің ежелгі жазбалардағы аңыздар мен әфсаналарының, өлең, толғауларының дербес жинақталып берілуі табиғи әрі жүйелі сияқты көрінді.

Басылымға енген дүниелерді жинақтау, құрастыру, аудару жұмыстарына «Отыра кітапханасы» ғылыми орталығының жеткші ғылыми қызметкерлері, академик, марқұм Р.Нұрғали, марқұм А.Сейдімбек көзі тірісінде ақыл қосқан еді. Сондай-ақ, «Отыра кітапханасы» ғылыми орталығының ғылыми жобасы аясында іске тартылған ғылым докторлары, профессорлар Қ.Алпысбаев, Р.Тұрысбек, Т.Зәкенұлы, В.Кәріпжанова, Ж.Әскербекқызы, Д.Махат, ғылым кандидаты И.Нұрахмет, ғылыми қызметкерлер Қ.Қамзина, Қ.Ынтықанұлы, І.Құрманғалиев, Ж.Төрежан қатысты. Тақырыпты қолға алуға жазушы Ертеректе жарық көрген З.Сәнк пен М.Оразбайдың еңбектерінің ой салғанын да айта кету парызымыз. Ал «Батыс өңірінен шыққан ақындардың таңдамалы өлеңдері» жинағындағы көне қытай иероглифіндегі жазуын хатқа түсірген, жолма жол аударған – орталықтың жетекші ғылыми қызметкері, магистр Еркінжан Сыламханұлы. Оған ғылыми қызметкер Анаргүл Әбділхамитқызы септесті. Жинаққа енген аңыздар мен әфсаналар ішінара Қ.Өмірәлиевтің («Оғуз қаған» эпосының тілі», А. 1988), М.Оразханның («Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы»ғ А. 2001), И.Нұрахметтің (Ұлыстық әдебиеттен – ұлттық әдебиетке», Астана,2005), Т.Жұртбайдың (Дулыға, І том, А. 1994, 2007) еңбектерінен алынды, сондай-ақ Геродоттың «Тарихынан» алынған үзінділер С.Ф.Мәжитов пен Л.Л.Батурина құрастырған «Тарих: адамзат ақыл-ойының қазынасы» (І том, ауд. С.Иманбердиева, Ә.Ф.Мәжитова. Фолиант, 2005), А.Н.Гаркавец құрастырған «Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі ұлы дала тарихы» (І том, ауд. М.Ілес пен Ә.Шашаев. Фолиант, 2007) атты басылымдардағы мәтіндермен сәйкестендіріле берілді. Ал қытай деректері ежелгі қытай тарихының жиынтығы «24 тарихтан», Сыма Сианьнің «Тарихи жылнамасы» мен Бань Гудің « Ханнамасынан», ғылыми оталықта аударылып басылған Гай шаньлиннің «Оңғыттар туралы зерттеуінен» және өзге де дереккөздерден алынды. Олардың атауы сол еңбектер пайдаланылған тиісті тұстардағы сілтемелер мен түсініктерде көрсетілді. Қазақ ұғымы үшін қиындық тудыратын қытайдың дәстүрлі жыл қайырымы туралы қысқаша түсінік беруге де тура келіп тұр. Қытайлар әр патшалық әулетті бір дәуірге есептейді. Соның ішінде таққа отырған кезекті мұрагер өзінің патшалығына ат береді. Мысалы, Шыңғыс хан империясын Құбылай қаған 1271 жылы «Юань патшалығы дәуірі» деп жариялады. Ал ол таққа отырған 1260 – 1264 жылдарды «Жұң тұң жылнамасы», ал 1264-1294 жылдарды «Жы юән жылнамасы» деп атады. Сонда, «Жұң тұң жылнамасының 1-жылы десе – 1260 жыл, «Жы юән жылнамасының» соңғы жылы десе – 1294 жыл болғаны. Сондықтан да тарихи жазбадағы юән патшалығын монғол ұлысы немесе монғол қағанаты деп өзгертпедік. Бұл ретте, қытайда болған алты айлық іссапар кезінде сирек басылымдарды табуға көмектескен Сұлтан Жанболатов, Әлімжан Нұрғазыұлы, Мұхтар Әбілқақұлы, Жан дин жиң, Еркін Ауғалиұлы, Мұнай Әбілбайұлы, Нұрбақан Кәмелханұлы сияқты азаматтарға ризашылық білдіреміз.

Ғылыми тұрғыдан алғанда барынша ықтияттылықты сақтау мақсатында әуелі ақынның өмірбаяны, содан кейін шығарманың көне қытай жазуындағы түпнұсқасы, содан кейін жолма жол аудармасы, содан кейін әдеби аудармасы берілді. Түпнұсқалық мәтінге қатысты сілтемелер әр беттің аяғына, ал жалпы түсініктер рет саны бойынша жинақтың соңына берілді. Әдеби аударманы жарыстыра беру арқылы шығарманың көпшілік қауымға барынша бояуы қанық күйінде жеткізу мақсаты көзделді. Емеуірін мен нышандауға, тек иреоглифтер ғана мағынасын ашатын ишараларға құрылған түпнұсқалық мәтіндердің көркемдік қуаты жолма жол тәржімада жер бауырлап қалатыны аңғарылды. Ал әдеби аударманың өзін жеке берілмеуінің себебі, негізінен бір буыннан тұратын қытай тілінің ұғымдары мен сөздері қазақ тілінің заңдылығына мүлдем сәйкеспейтіндіктен де, кейде сілтемедегі түсініктерге сүйене отырып мағынасын ашуға тура келгендіктен де, түпнұсқаның мазмұн, мағынасынан ауытқып кету қаупі тумас үшін үш нұсқаны бірдей пайдалануға тура келді. Әрі түпнұсқаны беру арқылы қытайтанушылардың мәтінді емін-еркін талдауына мүмкіндік жасау мақсаты да көзделді. Әдеби аудармалардың иесі – осы жолдардың авторы. Ішінара тәржімалауға И.Нұрахмет, Б.Жылқыбекұлы, О.Тұржан қатысты. Олардың аты-жөні аударған өлеңдерінің соңында көрсетілді.

Жолма жол және әдеби аударма барысында кездескен үлкен ділгірліктің бірі – қытай тіліндегі термидер мен жағырафиялық атаулардың, кісі аттарының қазақ тілінде қалыптасқан тұрақты жазылу үлгісінің болмауы. Бұрынғы орыс транскрипциясымен түскен терминдер мен атаулар қазақ тілінде, әсіресе, көркем аудармада тілді тұтқырландырып, өлеңнің ырғағы мен буын санын сақтауға кедергі келтіреді. Мысалы, монғол ұлысының қытайша дыбысталып, аталуы – юән, орысша – юань деп жазылады. Мұндағы дыбысты жұмсартып жеткізетін «ь» белгісінің міндетін қазақтың «ә» дыбысы атқарып тұрғандықтан да, шань – шән, ань – ән, юань – юән деп алынды. Бұл ретте қытайдың көне тілінің бірден бір білгірлері, оқымыстылар Б.Еженхан мен Ж.Ошанның, С.Сұңғатайдың аудармашылық тәжірибелеріне («Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері, І-Ү том», «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының саяси-дипломатиялық қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары», І-ІІ том) сүйендік. Ал ажыратылуы анық Тай бу хуа – Тайбұқа, Не гу бай – Нығыбай, Са ду ла – Сағдолла сияқты кісі аттарының қытайша, латынша жазылулары «Өмірбаянның» алдына дербес көрсетілді. Шығарманың өзіне қатысты сілтемелер сол бетке, ғылыми түсініктер жақша ішіндегі рет саны бойынша жинақтың соңына берілді.

Ал қытайдың таңба жазуы мен көркем емеуріндерінің аударылу барысындағы әттегенайы мен бөгенайын жеткізу мақсатында алғашқы бір-екі өлеңнің тәржімалау тәжірибесіне тоқтала кетеміз. Аударма барысында ұшырасқан күрмеулер мен ұстанған қағидаттарды білмей, қытай таңба жазуымен бедерленген өлеңдердің мазмұнын түсіну де қиынға соғатыны мамандарға мәлім жай.
ІҮ.
Тиянақ: біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы шамамен Х ғасырда өмір сүрген қытай саяхатшысы Му Тияньзы туралы “Му Тияньзының өмірбаяны” атты көне қытай жазбасында көшпелілер елінің Еланасының (түпнұсқадағы таңба әліптегі (иреоглифтегі) мағынасы – батыс патшалығының киелі ел анасы, хан анасы, әз ана мағынасында) сақталып қалған “Ақша бұлт” және “Батыстағы Елана ханым” – деп аталатын бұл екі өлеңнің ақындық көңіл-күйді сақтай отырып жасаған қытайтанушы маман Қалбан Ынтыханұлының мағыналық жолма-жол аудармасы мынадай:

Аспанда ақша бұлт қалықтаған, Жерде таулар асқақтаған. Жол, шіркін, жеткізбейді ұшы-қиыры жоқ, Арамызды бөліп тұр тау мен өзен.

Саған және ұзақ ғұмыр тілеймін, Келсе, шіркін, тағы бір орай...

Өлең бірінші жақтан баяндалған, қос буынды (Бай-юнь, зай-тянь), алты жол. Осы алты жолдың мағынасын нақты жеткізу – көне қытай иероглифінің мамандарының түпнұсқаны бүгінгі ортақ әдеби таңбаға аударып түсіруіне қарамастан, зерттеушілер мен аудармашылар үшін өте қиын және аса шетін мәселеге айналып отыр. Кейде бір таңбаның өзін әр ғалым әр түрлі мағынада тәпсірлеп, түсіндіреді. Мұның басты себебі, қытайдың таңбалы әлібі (иреоглифі) дыбыстық жүйеге емес, сол таңбаланған әріптің бейнелік кескініндегі әрбір белгі арқылы білдірілген мағынаның басын қоса отырып, жалғаусыз, жұрнақсыз оқылатын, ауқымды әрі күрделі ұғымдық мәтінге құрылғандығында. Сондықтан да көне жазуды қазіргі қытайдың ортақ иероглифіне қотару немесе басқа тілге аудару аса көп қиындықтар тудырады. Мысалы, «шинь, синь» деген дыбыстық бір түбір сөз – дыбыстық, буындық, және екпін ырғағына, созылыңқы және тез айтылуына байланысты төрт түрлі дауыстық деңгейде дыбысталады. Соған орай сөздің мағынасы ашылады. Соның өзінде ауызекі түсінісу қиын болғандықтан да зиялы қауым иероглиф арқылы тез тіл табысады. Себебі, шинь, синь деген дыбыстық атаудың таңбалық белгісіне байланысты жүрек, көңіл, хат, жазу деген сияқты елуге тарта ауыспалы мағынасы бар. Түбір таңбаға жалғаусыз, тек «жазу», не «хат» дегендегі әліптік қосымша белгіні (кескінді) қосқанда ғана оның мағынасы толық ашылады. Ал оның жүрек, не көңіл-күйге қатысын білдіру үшін тағы да қосымша бегілер қойылады. Қарабайырлар түсіндіргенде, менің атым ойылған мөрді жазу үшін, «түрік» пен «Тұрсын» дегендегі «т» әрпі бірдей дыбысталғанымен, әуелі халықтың атын белгілейтін таңбаны (иреоглифті) табасың, одан көшпелі елдің таңбасын іздеп, түрік дегендегі иероглифке енді адам атына қатысты белгіні, оның ішінде «т» әрпінің таңбасын тауып, осының барлығын қазақтың таңбасына қиыстырғанда ғана «түрік тілдес қазақ ұлтының өкілі Тұрсын» деген ұғым береді.

Міне, осындай күрделі ұғымдық және мәтіндік, мазмұндық қиындықтар мен қазақ тілінде жалғау мен жұрнақ арқылы шешілетін тілдік ерекшеліктердің нәтижесінде көне мәтіндерді мағыналастырып аудару барысында әр түрлі ырғақтық, буындық, баламалық, кейде мағыналық, жақтық (лирикалық бейне тұрғысынан), шақтық (өткен шақ, осы шақ) тұрғыдан алшақтықтар жиі орын алады. Бұған дәйек ретінде, бір тұпнұсқадан аударылған үш тәржіманы назарға ұсынамыз. «Батыс өңірі ақындары» туралы алғаш мақала жазған Зейнолла Санктің мақаласында «Ақша бұлшт жыры» былай аударылған.

Жер бетінен көрінер тау сілемі,

Ақша бұлттар көк жүзінде қалықтап.

Аралықты талай таулар бөліп тұр,

Алыс-ақ жол білсек егер парықтап.

Сізге мәңгі ұзақ ғұмыр тілеймін,

Қайта айналсақ абзал еді-ау шарықтап.

Ал осы мәтінді «Ұлыстық әдебиеттен ұлттық әдебиетке» атты зерттеудің иесі, ақын Иманғазы Нұрахмет:

Тым шалғайдан көрінер тау сілемі,

Ақша бұлттар басына жүрген қонып.

Ортамызда талай тау жатыр шөгіп,

Қоныс шалғай, білгенге іргем берік,

Ғұмыр тілеп дұғамды айтам анық,

Қауышарға күн болсын қайта оралып, –

деп қырнаған.

Айта кетеріміз, бұл екі қаламгер де қытай тілін меңгерген майталмандар. Екі аударманың өлеңдік ырғақ пен ұйқасынан, бейнелелеп жеткізу мәнерінен басқа айырмашылық тым аз. Көркем тәржімә үшін заңды құбылыс. Жырдың мазмұнына қарағанда өлеңге «Ақша бұлт жыры» деген ат қазіргі тақырыпсыз өлеңдердің мазмұнына қойылатын шартты тақырыптың үлгісімен қойыла салған сияқты. Оның еш жаңсақтығы жоқ. Алайда сөздікпен сегіз рет салыстырылып, он рет өлшенген көне қытай мәтінінің маманы Қалбан Ынтыханұлының мағыналық жолма-жол аудармасындағы астар мен емеуірін мынадай::

«Аспанда ақ бұлт бар қалықтаған, Жерде таулар бар асқақтаған. Жол, шіркін, жеткізбейді ұшы-қиыры жоқ, Арамызды бөліп тұр тау мен өзен.

Саған және ұзақ ғұмыр тілеймін, Келсе, шіркін, тағы бір орай...».

Алдыңғы көркем аудармамен үндес. Бірақ ең басты мәселеде айырмашылық бар. Бірінші, бұл өлең – ақша бұлттың атынан баяндалған. Көшпелілердің көркем қабылдау, көркем ойлау, көркем бейнелеу жүйесінде нышаны бар, көне түркі әсіреәфсаналары мен жырларында ұшқыны кездесетін, кейін дами келе «тау өлең», «су өлең», «шәй өлең» сияқты тарамдарға бөлінген қара өлеңнің жаңғырығы бар. Сонда Елана, яғни, жыр иесі: қаншама биік ұшсам да алдымда тосқауыл қоятын асқар тау бар, асудан асқан шексіз жолмен иен кеңістікке кетер едім, әттең бөгет жасайтын өзен мен тау бар. Осынау еркін сәт мәңгілікке созылса ғой, шіркін (жел қуып әкетеді)», – деген бұлттың арманын жеткізіп тұр. Демек бұл қазақтың: «Аулым көшіп барады таудан асып, таудан асқан бұлтпен араласып...» – деген қара өлеңінің «арғы тегі» болып шығады. Сонда жолма-жол аударма мен көркем қисынның арасында бір сәйкессіздік бары анық аңғарылады.

Сынақ үшін осы мәтінді «өлең сөздің әбілһаят суын ішкен», өлең табиғатын түсінетін ақын Несіпбек Айтұлына ұсындық. Ол: өлеңнің бүкіл табиғаты мен бейнелеу түйсігі: менің көңілім ақша бұлт сияқты әлемді шарлағысы келеді, бірақ бұлттың өзіне асқар таулар тосқауыл қояды. Шіркін, жалғанның жолының ұшына жете алмаймын. Қайта айналып осы дәурен келмейді, тек сендерге амандық тілеймін – деген мағынаны білдіреді», – деген уәж айтты. Сонда да жолма –жол тәржіманы өлең жолына былай түсірді:

Ақша бұлттар көк жүзінде көлбейді,

Асқар таулар жерде асу бермейді.

Ұзақ жолдың шыға алмайсың ұшына,

Сағым буып көк жиекті тербейді.

Тау мен өзен арамызды бөліп тұр,

Жете алмаймын, жүрек соған шөлдейді.

... Қайта айналып қауышатын күндердің,

Неге, шіркін, орайы бір келмейді.

Үш аударманың да өлеңдік аңсары бір, алдыңғы екеуінде жыр лирикалық кейіпкердің атынан баяндалғандықтан да, Еланалық өкініш басым. Анығы, үш қаламгер де «бұлттың жырынан» көрі Елананың ақша бұлтпен, ақша бұлт арқылы пәнимен аманаттасуына қарай бейімдей жырлаған. Мейлі, әр ақынның көркем түйсігіне шек қоя алмайсың. Алайда біздің орайымызда таңбалық әліптегі астарлы ұғымнан алшақ кетуге болмайды. Үш мың жыл бұрынғы көшпелілердің Ел анасының аңсары барынша қарапайым әрі жатық, әрі бейнелі, әрі астарлы, әрі табиғи тұрғыда жеткені лазым. Таңбалы әліптің тілін білмесек те, таңбалық мағынаның заңдылықтарына, қытай поэзиясының ерекшеліктеріне, Ли бай мен Ду фудың көркем әлеміне құмартқан жастық кешуіндегі ақынсұрей кездегі тәжірибені еске алып, әкәрі жынды шақырып», бір өлеңнің тарихы туралы дәрістің қисынына жүгініп және бұл пікір алмасудың орайы екенін ескеріп, ой тәпсірлеуге тәуекел еттік. Сонымен...

Таңбалық әліптің қисыны бойынша: ақша бұлтты бейнелеу үшін әуелі аспан, содан кейін бұлт, содан кейін оның ақ бұлт екені, ол бұлттың аспанда қалықтап тұрғаны қосымша штрихтар арқылы таңбаланады. Асқар тауды бейнелеу үшін әуелі жердің, одан кейін таудың, ол таудың биіктігі және көлденең тұрғандығы белгіленеді. Содан барып тау (асу), жол, ол жолдың бел асып жатқан таңбасы түседі, оған жете алмайтыны – арасында тау және өзен бар екендігі қайталана таңбаланады. Қайтадан аспан және бұлт, оның қалықтағаны, ол бұлттың қайтып оралмайтыны, амандық тілегені белгіленеді. Қазақшалағанда көп сөз көрінген осы тіркестер бір таңбаның ішіне сиып тұр. Енді, көне қытай, тіпті, жалпы қытай мәтіндерін аударушылардың мәнеріне және олармен тәжірибелес болғандағы түйсінуге жүгініп, мәтінді былай тәпсірлеуге болады. Таңбадағы түпкі түбірден туындайтын барлық тізбелі мағынаның «мұртын басып», соңғы шешуші мағынаның өзін ғана оқшаулап көрейік. Бұлттың, оның ішінде ақша бұлттың ашық аспанда қалықтап тұратыны анық. Сондықтан да «Ақша бұлт» десе бәрі де түсінікті. Таудың жерде болатыны, оның биік екені, алдыңда көлденең тұрғанын «Асқар тау» деген тіркес толық жеткізеді. Өзендерді орағытып, белден асып жатқан жол – тау жолы. Таудан асып кеткен бұлт қайырылып келмейді, қош, аман бол – дегенді енді қазақы өлшемге салайық.

Ақша бұлт (Бай-юнь). Асқар тау (Зай-тянь), Асу жолы. Өзен аңғары. Қош, аман бол, көргенше, қайта айналып келгенше.

Біз әдейі қарабайырландырып, ұғымды жалаңаштап, соңына қара өлеңніңі жолдарын қосақтай баяндап отырмыз. Мәтіннің мазмұнына қарағанда, бұл пейзаж. Осынау қайталанбайтын ғажайып көріністі Елана (мейлі бұлттың өзі болсын) биіктен, яғни, асуға шығып тамашалап тұрғаны аңғарылады. Жырдың көңіл-күйі – өкінішті білдіреді, ал сөздік, бейнелік деңгейі, ақындық рухы өте асқақ. Қытай поэзиясына тән нақылдық, мәтелдік, қысқа да нұсқа тәмсілдік сыпат бар. Көшкен бұлт пен алыс сапарға аттанып бара жатқан жолаушыны ұғымдарды шендестіріп, жарыстыру арқылы үшінші бір мағынаны –сол бұлт сияқты сен де асу-асу бел асып, өзен бойлап, шөлден өтесің дегенді тұспалдайды. Сондықтан да жырды аудару барысында оған қазақ поэзиясына тән жалғаулар мен теңеулерді қосу шеберлік пен нақтылыққа жол ашпайды.

Қытай пейзажына лайықты осынау құбылысты әсем мағынасына сай өлең етіп жасандыру ақындық қуатқа байланысты. Ендігі басты нәрсе – таңбалық ұғымдарды тірілту. Салыстырайық, аударушылар:

Ақша бұлтты: Аспанда бұлт бар қалықтаған (жолма жол) // Ақша бұлттар көк жүзінде қалықтап// Ақша бұлттар басына жүрген қонып// Ақша бұлттар көк жүзінде көлбейді; ұйғырша: Ақ бұлт аспан аясында жөңкілген сондай тамаша (жолма жол аударма);

Асқар тауды: Жерде таулар бар асқақтаған (жолма жол) //. Жер бетінен көрінер тау сілемі// Тым шалғайдан көрінер тау сілемі// Асқар таулар жерде асу бермейді; ұйғырша: Тау адырлар шоқысы бойын созған сол кезде (жолма жол аударма);

Шұбатылған асу жолын: Жол, шіркін, жеткізбейді ұшы-қиыры жоқ (жолма жол) // Алыс-ақ жол білсек егер парықтап // Қоныс шалғай, білгенге іргем берік // Ұзақ жолдың шыға алмайсың ұшына; ұйғырша: Жол алыс, мұңдас болуға, қозғалу (аттану – Т.Ж.) қиын сондай (жолма жол аударма);

Өзен аңғарын: Арамызды бөліп тұр тау мен өзен (жолма жол) //Аралықты талай таулар бөліп тұр//Ортамызда талай тау жатыр шөгіп// Тау мен өзен арамызды бөліп тұр; ұйғырша: Арамызда шөл жазира, қат-қабат, дария су (жолма жол аударма);

Қош, аман бол, көргеншені: Саған және ұзақ ғұмыр тілеймін (жолма жол)// Келсе, шіркін, тағы бір орай // Ғұмыр тілеп дұғамды айтам анық // Қайта айналып қауышатын күндердің; ұйғырша: Бар ма орай қайта бір рет бұл жаққа келуге (жолма жол аударма);

Қайта айналып келгеншені: Келсе, шіркін, тағы бір орайы (жолма жол) // Қайта айналсақ абзал еді-ау шарықтап //Қауышарға күн болсын қайта оралып // Неге, шіркін, орайы бір келмейді, ұйғырша: Көрісерміз бір уақытта, кеудеде жан аман болса... (жолма жол аударма) – деп қырнаған.

Өлеңнің бұл мәтінінен оның аударма екені бірден білініп тұр. Ал біз ғой, қытай тіліне аударылған көшпелілердің көркем сөзін қайта өзінің табиғи танымы мен қалпына жақындатуды мақсат етіп отырмыз ғой. Ендеше, жапондардың жеті атасынан бергі ұрпағы таңдайын қағып келе жатқан Ба сенің: Шайтанкөлге құрбақа шалп етті – деген мағынаны білдіретін таңбалы әліптің құдіретін жеткізу. Қазақы қара өлең өлшеміне салып:

Ақша бұлт көз ұшында бұлаң қағып,

Асқар тау көрінеді мұнарланып.

Өзен бойлап, жартаспен жағаласып,

Тау жолы көкжиектен барады асып.

Ақша бұлт болсам егер, айтам анық,

Келер ем осы араға қайта айналып, –

деп те әдіптеуге болар еді.

Сонда өлеңнің тақырыбының неге «Ақша бұлт жыры» деп аталғаны да негізделер еді. Бірақ, бәрібір, алдыңғы үш тәржіме сияқты, өлең – ақша бұлттың да, Елананың да толғауы екені, кімге арналып отырғаны нақтыланбайды. Тіпті жолма жол аудармадан да оны аңғару қиын. Осындағы кілтипан, жолма жол аудармадағы: «Саған және (тағы) ұзақ ғұмыр тілеймін, Келсе, шіркін, тағы бір орайы» – деген жолдарда жатқан сияқты. Толғау иесі мұны: «қош аман бол, туған жер» деген емеуірінді білдіретін ақша бұлт, асқар тау, аңғар жолына айтып отыр ма, әлде – әлде бір сыйлы адамды асуда шығарып салып тұрып аманаттасу ма? Егер арнау адамға қаратылып айтылып отырса, онда мұндағы астарлы емеуіріннің бәрі жолаушыға қаратылып, «ұшы-қиырсыз ұзақ жол» лирикалық көңіл-күйдің басты пернесіне айналады. Ақша бұлт болып асқар тауды асып келген жолаушы, енді «өзен аңғарын бойлап, таудан асқан бұлтпен араласқан жол арқылы» ұзақ сапарға кетіп барады. Ең маңыздысы, осы аспан мен бұлттың арасына сіңіп жоғалған жол мен жолаушы арқылы бүкіл қытай танымының «тәңірге апаратын аспан жолы» (дао) туралы дәстүрлі де киелі философиясы беріледі. Бұл қытай поэзиясындағы «зар заман аңсары» десе де болады. Сондықтан да:жырдың ұзына сарыны: тәңірижолаушыға ұзақ ғұмыр тілеп, амандықпен көрісейік деп қимай қоштасып тұр – деуге ырық береді. Көркем қисын да, жырдың көңіл-күйі де, аудармашыға оңтайлысы да осылай амалдауды тілейді. Сонда өзін ақша бұлттың орынына сезінген Елананың шендестіруінің орынын жолаушы алмастырады. Қимас мейманын (бұл арада саяхатшы Му Тияньзының өзін) асуда шығарып салып тұрған Елана: «Талқының кезеңіне шығып тұрып, Сондағы Таңжарықтың айтқан сөзіне» орайлас:

Ақша бұлт көз ұшында бұлаң қағып,

Асқар тау шақырады мұнарланып.

Өзен бойлап, жартаспен жағаласып,

Көш жолы көкжиектен барады асып.

Болғанда ауылың алыс, ара қашық,

Таудан асқан бұлтпен араласып:


Келерсің, аман болса, қауырсының,

Тағы да қандырып бір көз сусынын!, –

деп қоштасуы да мүмкін.

Мүмкін. Өйткені қимас көңіл қыраны ақша бұлтпен араласып, алыс сапарға аттанып барады емес пе! Қауырсыны түспесе, топшысының үзілмегені, демек, аман болғаны. Бұл жолма-жол аудармадағы: Саған және ұзақ ғұмыр тілеймін, Келсе, шіркін, тағы да бір орайы...» –.дегеннің мағынасын толық жеткізсе керек. Еркін аудармадағы осы ойды санада тербете отырып, түпнұсқадағы таңбалы әріптің «ақ бұлт», «зеңгір аспан», «сеңгір тау», «ұзақ жол», «өзен, шөл, жапан дала» деген кескінде белгіленгенін және алыс сапарға шығар жолаушыны бұлтпен нысаналы түрде шендестіре емеуірін танытқанын қаперге ала отырып бұл жырды жолма-жол тәржімаға барынша жақындатып:

Ақ бұлттар зеңгір көкпен араласып,

Сеңгір-сеңгір таулардан барады асып.

Соңынан сол бұлттардың сен кетерсің,

Су кешіп, құмды кесіп, жапан басып.

Дариға-ай, тағы да бір күн туарма,

Өзіңмен тұратұғын амандасып.

Әрине, мұны да қабылдау, қабылдамау талғамның ісі. Ал талғамда шек болмайды. Сондықтан да біз осы жолдарды қанағат тұттық.

Ал «Ақ бұлт» деп аталған бұл жырдың тарихи шындығы, біз шартты түрде Елана деп алған осы ел анасына тиесілі «Батыстағы патша анасының толғауы» деп аталатын екінші өлеңде өзінің астарлы әдібін ашады. Бұл толғау да Му тяньзы саяхатшыны аттандырып салу рәсіміне орай шығарылған екен. Қытай жағырапиясы бойынша – батыс өлке, біз үшін Шығыс ғұн қағанаты, Шығыс түркі қағанаты, Шығыс Түркістан болып есептелетін, Сарыөзен мен Ордос жазығынан батысқа қарай созыла орналасқан көшпелілер қауымын «батыс өлке» деп жиынтықтай атау рәсімі тұрақты түрде орныққан. Ал Боғда тауындағы – Тәңіртаудағы көшпелілердің хан ордасына қонаққа (мүмкін елшілікке, не кепілдікке) келген Му тяньзы еліне қайта аттанар шақта, өзін шығарып салған хан анасының жырын қағазға түсірген. Жыр қысқа да нұсқа, әрі астарлы емеуірінге құрылған. Мұны үйғырлар «Құрыхан ана жыры», З.Сәнк пен И.Нұрахметұлы «Сақ анасының үні», кей зерттеушілер «Ұмай ана үні» деп аударған. Му тяньзы «Батыстағы ханының анасы» деп нақты көрсетеді және оған барлық хандардың батагөй абыстай анасы ретінде баға береді. Шындығында да, солай ма? Анығы – оның бәрінен жасы үлкен Елана екендігі. Бұл, кәдімгі жолаушыға ақ жол тілеген ұйқасты бата болуы да мүмкін. Сондықтан да Құрыхан анадан да, Ұмайдан да, Сақ анасынан да саналы түрде бас тартып, батагөй ана, Елана деп шартты түрде алдық. Тым көне жыр болғандықтан да мұнда да мәтіндік, тәржімалық емеуірінді алшақтықтар ұшырасады.

Бірінші жолма жол аударма: Мен батыстан келгенмін, Қалдым осында тұрақтап. Жолдасым болды – барыс пенен қабылан, Және сауысқан мен қарға да досым болды.

Өйткені мен Тәңірдің қызымын, Осында тұрамын, Ешқайда кетпеймін. Тәңірдің атын атауға болмас, Халыққа мейірім тілеймін.

Сыбызғы тартылды (үрленді), күй шертілді, Шалқыған күй менің көңілімді шарықтатты (Қалбан Ынтыханұлының жолма жол аудармасы).

Екінші жолма жол аударма: Келіп батыс топырағына, Ірге көмдім осында. Жолбарыс пен қабыланның үйірі еріп келді және сауысқан мен қарға да келді.

Жазмышқа көніп, Көшпедім еш жаққа, Болғандықтан да Тәңірдің қызы. (Ал сіз мына халықты, бізді тастап) Аттанбақсыз қайтадан еліңізге.

Тартылған сыбызғы, Көңілді шалқытты. Уа, арыс ер, біздің сиынатын үмітіміз бір Тәңір емес пе?! (Еркінжан Сіләмханұлының жолма жол мағыналық тәржімәсі).



Кей сөздердің қолданысы өзгешелеу болғанымен де, мазмұны жағынан қарайлас. Му тяньзы үшін, қытай жұрты үшін Елана – батыс қағанатының адамы, хан анасы. Сондықтан да жырдағы: «Мен – батыстықпын, осында қалдым, ешқайда кетпеймін. Барыс, қабылан, қарға мен сауысқан достарым. Тәңірдің қызымын. Топырағым осы. Ал сіз еліңізге аттанып барасыз. Сол үшін сыбызғы үрлетіп, күй ойнатып, көңіліңізді көтердім. Өйткені сиынған Тәңіріміз бір» дегенді – сол кездегі тарихи шындыққа сәйкестендіріп – «Мен ғұн (сақ) қызымын, қағанаттың батагөй Еланасымын. Атажұрттан ешқайда кетпеймін. Ата жұрттың барысы мен қабыланы да, қарғасы мен сауысқаны да көзге ыстық. Сіз де біздің елімізді тастап, отаныңызға аттанып барасыз. Сол үшін салтанатпен шығарып салып, сыбызғы үрлетіп, күй тартып, көңіліңізді көтеріп тұрмыз. Алыс сапарыңыз оң болсын, Сізге Тәңіріміз жар болсын» – деп күрделі таңбалы ұғымдардың тігісін жатқызып, жатық баяндап берудің еш алшақтығы жоқ. Барыс пен қабыланды дос тұта киелендіруі ежелгі көшпелілерге ғана емес, қазіргі қазақтарға да түсірікті. Абылайдың киесі – жолбарыс, Қабанбайдың киесі – қабан, Кемпірбайдың киесі – көк қаршыға мен көкала үйрек, Мұқағалидың киесі – қара бура. Қағандар қабылан ұстап, шайқас кезінде қас дұшпанының ханына (қарашыға емес) қарсы жіберген. «Мен – қабыланмын» деген тіркес жыраулар поэзиясында да бар. Ал, «қарға мен сауысқан» неғып дос болып жүр? Бұл ұғымдар бізге қазір жағымсыз кейіпте көрінгенімен, көне Тәңірлік таным мен наным тұсында киелі саналған құстар. Қазіргі қолданымдағы: «Қарға тамырлы қазақ» дегеннің түп төркіні сол нанымда жатыр. Тәңірі бір, «киіз туырлықты, ағаш керегелі», шаңырақты, төрді, «ақ сарбас қошқарды»,. «ала жылқыны», ата зиратын кие тұтатын түрік, монғол, манжүр, шүршіттің ежелгі әсіреәфсаналарында (мифтерінде) қарғаны – түбі бір туыстықтың, тектік тамырдың бір екендігін мекзейді. Шала туған, әлі сүйегі бітпеген нысаналы нәрестеден (Алаша хан туралы аңызды еске алыңыз) үрейленген ата-анасы оны ағаштың басындағы қарғаның ұясына салып кетеді. Біраз уақыттан соң әлгі арадан өтіп бара жатқанда әлгі адам «Әке!» – деген дауысты естиді. Қарғаның ұясындағы алаша баласын алып, тәрбиелейді. Оған «Хуан ұя», «Қарғаның ұясы» деп ат қояды. Ол бала ер жетіп, «қарға тамырлыларды» жиып, әскер жасақтайды. Таң қағанатының құлауына себепші болады. Ол түсінде алып қарға өзін іліп бара жатқанын көреді. «Әскері қара киім киіп жүретін түркілерді» қытай таңбалы ірпінде «қара қарғалар» деп атайды. Түсі дәл келіп, жеңіледі. Бұл – Геродоттың жазуындағы грифон, көне түркілердің елтаңбасындағы – тұйғынды (Шыңғыс ханның туында ақ тұйғынның, ақ сұңқардың бедер болғаны сияқты) еске салады, Тұйғынның кескіні Орхон жазба ескерткіштерінің керегетасының дерлігінде бедерленген. Демек, Елана «барыс пен қабылан, қарғалар мен сауысқандар досым» дегенде, тегі бір «киіз туырлықты, керегесі ағаш, Тәңірі ортақ, қабылан ұстаған хан ордасымен, қарға тамырлы жасақтарының бар екенін мекзеп отыр деуге негіз бар. Ал Му тяньзы да «түркі әскері» деген мағынаны беретін қалыптасан таңбалы әліпті қолдануы мүмкін. Өйткені иероглифтің таңбалық мағынасысақ еш өзгермейді. Ал түркілер сауысқанды – сақтықтың, хабаршының белгісі ретінде нысаналайды. Шолғыншы жасақты солай атауы да ұғымға сияды. Сонымен қатар қарға ұзақ жасайды және тобын жазбайды. Рулық, ұлыстық сіңір үзілмейді. Үйренген жерін тастап, күзде жылы жаққа жер ауып кетпейді. Міне, сондықтан да ата-бабаларымыз өзін «қарға тамырлы қазақпыз» деген. Ал осыдан үш мың жылғы бұрынғы тәңірлік наным бойынша Еланан «қарға баласын аппағым» деп отыруы табиғи. Демек, мына жырдағы қарға мен сауысқан да нышанды құс қатарына жатқызып, Елана аң мен құсты емес, өзінің ордалы қағанатын мекзеп отыр деп түсінудің әбестігі жоқ. «Арыстаным, қабыланым, жолбарысым, қарағым» деген тіркестер қазір де сүйсіністі мәнерде айтылатынын да еске ала кету орынды.

Бұл жыр И.Нұрахметұлының «Ұлыстан – ұлттық әдебиетке» атты зерттеуінде З.Сәніктің тәржімасымен жарыстыра «Сақ анасының үні» деп былай берген:

Бірінші нұсқа:

Батыстамын мен,

Орнықтым осы араға.

Бықыған аң менен құс,

Жүр әне босағада.

Құдайдың ханшасымын,

Жаратқан жар болар.

Жылжыман бұл топырақтан,

Мен емес қар болар.

Тартылды сырнай,

Көңілге шаттық құйып,

Үмітім көкке өрледі,

Патшам перзент сүйіп .

Екінші нұсқа:

Батысыңдамын мен,

Жаралғам осы топырақтан.

Аң мен құс және өсімдік,

Жерімнің төсін жапқан.

Тәңірдің ханшасымын,

Жар болар жасаған.

Жайым жоқ қар болар,

Мызғымас босағам.

Тартылып асқақ күй,

Оятты арманды.

Падишам сүйді ұл,

Үмітім жалғанды.

Иманғазы Нұрахметұлы ұсынған екі аударма да егіз аударма. Тек екпін мен ырғақ қана басқа. Ал түпнұсқалық жолма жол тәржімадағы «барыс пен қабылан, қарға мен сауысқан» «аң мен құс» деп жалпылама алынған, сондай-ақ «патшам ұл сүйді, үмітім жалғанды» деген ұғым мүлде жоқ. Әлде «Арыс ер! Сиынатын Тәңіріміз бір// ұйғыршадағы: Біз – ежелден Тәңір перзенті, Сағынбаймыз көктен басқаны» – деген жолдардағы бұлыңғыр мағынаның баламасы ма? Нағында, тарихи жазбаға жүгінсек, қоштасу жыры саяхатшының еліне аттануына орай бата түрінде айтылған. «Батыс ханының анасымын» дегенді «сақ анасы» деп алудың пәлендей тарихи мағыналық ауытқуы жоқ. Ал біз қайсы нұсқаны ұстануға тиіспіз? Алдын-ала озып барып айтарымыз, біз Елананың бұл толғауының тарихи негізіне Узы тяньзының:

«Мен Шығысқа барып, Орта жазықтың билігін қолыма алып, Қалың бұқараны тыныштандырған соң, Араға үш жыл салып барып осы жерде сенімен қайтадан кездесемін» (жолма жол аудармасы Е.Сіләмханұлыныкі) – деген жауабын желі етіп алдық.

Демек, салтанат жыры нәресте ханзаданың шілдеханасына емес, жолаушыға арналған. Сондықтан да жыр Елананың өзінің жері мен елін таныстыруға желі тартқан.

Ата жұртын мекен еткен,

Батысыңда ірге тепкен,

Арыстандай айбатты,

Қабыландай қайратты,

Ертауылы қарға тамырлы,

Жортуылшысы сауысқандай аңғарлы,

Тәңір текті тәңірқұттың анасымын адуын.


Тәңірім мәңгі сыйға тартқан,

Айбынымен жұрт қаратқан,

Тәңірқұттың артқа тастап ордасын,

Қамын ойлап қайырымы мол халқыңның,

Құтты қонақ аттанып сен барасың.

Жолаушымыз көңілденіп аттансын,

Сыбызғының сазыменен шаттансын,

Ұмытпассың ордадағы ән үнін,

Елге – амандық, денге – саулық

Берсін бізге, Тәңірім!

Елананың бұл жырына Му тяньзы:

«Мен Шығысқа барып, Орта жазықтың билігін қолыма алып, Қалың бұқараны тыныштандырған соң, Араға үш жыл салып барып осы жерде сенімен қайтадан кездесемін» (жолма жол аудармасы Е.Сіләмханұлыныкі) – деп жауап қайырыпты.

Шығыстағы елге қайтып барғасын,

Қатаң тәртіп орнатып,

Ортажазық бұқарасын жайластырып алғасын.

Аттандырған құрметтеп, өлең айтып,

Өзіңе үш жылдан соң келем қайтып.

Өлеңнен дәмелі жас шағымызда (осы арада өлең-сөзден хабарымыздың бар-жоқтығы туралы күдікті сейілту үшін ертеде екі жыр жинағымыздың жарық көргенін қаперге іле кетуді жөн көрдік) жапонның танкасын, Цао чжидің «Жеті жоқтауын», Ли Бай мен Ду фудың жырларын екі-үш жыл «жаңқалағанымыз» да, кейінгі он бес жылда көне жазбалардың тарихи мағынасын ажыратуға мойынса болуымыз да септігін тигізсе керек. Дегенмен де, орыс әдебиетіндегі үлгіге жүгінсек, қытай ақындарының абстрактілі, емеуірінді поэзиясын ырғақты ақ өлең түрінде аудару тәжірибесі өзін-өзі ақтайтын сияқты. Мұны көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Қара терімді төктім, қызыл қанымды ағыздым», «Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым», «Ер ұлдарың – құл болды, пәк қыздарың күң болды», немес жыраулық, шешендік дәстүрдегі: «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады», «Еменнің иір тамыры, қарағайдың қарсы біткен бұтағы», «Үйеңкенің түбінен – үйіріп алған қобызым, қарағайдың түбінен қайырып алған қобызым» – деген тәмсілдік салыстырмалы шешендік сөздер растайды. Қысқа, нұсқа, астарлы, емеуірінді, шендестіре айтуға бейім ондай тәжірибеден біз де бас тартпадық. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, теп-тегіс жұмыр келген» (Абай) жырға сусындап өскен қазақ қауымының таңбалы әліп пен емеуірінді, тәмсіл ұғымға құрылған қытай поэзиясының құрылымын жатырқамай қабылдауы үшін және кей тұстарда неге түпнұсқадан ауытқып кетуге мәжбүр болғандығының себебін аңғарту мақсатында ғана осы жолдар жазылды. Әйтпесе, миллиардтардың өзінің тісі бата бермейтін тақырыпқа қалам тарту – парықсыздық екенін түсінетіндей саңлауымыз болса керек-ті. Мұның барлығы, өлеңді өлтірмеудің қамынан туғанын ескерте кетеміз.

Осыған бір тәмсіл Каң сың юаньнің төмендегі нақыл сөзі. Лаң-иа аймағының бегі Каң сың юаньнің түрін көріп, оны: «Қоңқақ мұрын, шүңірек көзсің», – деп мұқатыпты. Сонда Каң сың:

Мұрыным – тау, көзім – терең ирім. Тау биік болмаса – айбатсыз, Су терең болмаса – мөлдір емес (Е.Сіләмханұлының жолма жол аудармасы), – деп жауап беріпті.

Осы жолдарды ұйғыр аудармашысы: Жүзім – жазық, шоқтау мұрыным – аспан еді, Көзім шұңқыр – қайнам еді. Су таяз болса – мөлдір суды ауызға ала алмайсың, Тау – биік, мұрыным – сол биік таудағы емен – деп тәржімалапты.

Жалпы мазмұны түсінікті. Каң сың неге сонша намыстанып отыр және ғасырлар бойы тапқыр сөз ретінде неге жоғары бағаланып келеді? Өйткені, көне қытай иероглифі.




1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет