Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі



бет3/26
Дата17.05.2020
өлшемі4.52 Mb.
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26

445-бап. Бөлшектеп сатып алу-сату шарты

Тауар сату жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын сатушы бөлшектеп сатып алу-сату шарты бойынша сатып алушыға кәсiпкерлiк қызметке байланысты емес, әдетте жеке өзiне, отбасында, үйiнде немесе өзге де пайдалануға арналған тауарларды беруге мiндеттенедi.

Бөлшектеп сатып алу-сату шарты жария болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).

446-бап. Бөлшектеп сатып алу-сату шартының нысаны

Егер заң актілерінде немесе бөлшектеп сатып алу-сату шартында, соның iшiнде сатып алушы қосылатын (осы Кодекстiң 389-бабы) формулярлардың немесе өзге де стандарттық нысандардың талаптарында өзгеше белгiленбесе, сатушы сатып алушыға касса немесе тауар шегiн немесе тауарға ақы төленгенiн растайтын өзге де құжатты берген кезден бастап бөлшектеп сатып алу-сату шарты тиiстi нысанда жасалған болып есептеледi. Аталған құжаттардың сатып алушыда болмауы оны шарттың жасалғандығын және оның талаптарын растайтын куәлiк айғақтарға сүйену мүмкiндiгiнен айырмайды.

447-бап. Тауардың көпшiлiкке арналған офертасы

1. Тауарларды көруге қою, олардың үлгiлерiн көрсету немесе тауарлар сатылатын жерде сатылатын тауарлар туралы мәлiметтер (сипаттамалар, каталогтар, фотосуреттер және т.б.) беру, сатушы тиістi тауарлардың сатуға арналмағандығын айқын көрсеткен жағдайларды қоспағанда, бағаның және сатып алу-сату шартының басқа да елеулі талаптарының көрсетілгенiне қарамастан, көпшiлiкке арнаған оферта болып танылады.

2. Тауардың оның жарнамасында, каталогтарында, сондай-ақ тауар сатылмайтын жерлерде тауардың беймәлім адамдар тобына арналған және тауардың сатып алу-сату шартының елеулi талаптары болмаған басқа да сипаттамаларында көрсетiлген ұсынымы көпшiлiкке арналған оферта деп танылмайды.

448-бап. Сатып алушыға тауар туралы ақпарат беру

1. Сатушы сатуға ұсынылатын тауар туралы сатып алушыға қажетті және анық ақпарат беруге мiндеттi. Бұл ақпарат заң актілерінде белгiленген талаптарға және әдетте бөлшек саудада осындай ақпарат берудiң мазмұны мен әдiсiне қойылатын талаптарға сәйкес болуға тиiс.

2. Сатып алушы шарт жасалғанға дейiн, егер бұған тауардың сипатына байланысты тыйым салынбаса және бөлшек саудада қабылданған ережелерге қайшы келмесе, тауарды көруге, өзiнiң қатысуымен тауардың қасиеттерiн тексерудi немесе оның пайдаланылуын көрсетудi талап етуге құқылы.

3. Сатып алушыға тауар туралы тиісті ақпарат алуға мүмкіндік бермеген сатушы тауардың оны сатып алушыға бергеннен кейін пайда болған, сатып алушы өзiнде ақпараттың болжауына байланысты туындағанын дәлелдеген кемшiлiктерi үшiн де жауап бередi.

449-бап. Сатып алушының тауарды белгiлi бiр мерзiмде қабылдап алуы туралы талап қойылған шарт

1. Тараптар сатып алушының тауарды шартты белгiленген мерзiмде қабылдап алуы туралы талап қойылған шарт жасасуы мүмкiн, осы мерзiм iшiнде тауарды басқа сатып алушыға сатуға болмайды.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушының келмей қалуын немесе шартта белгiленген мерзiмде тауарды қабылдап алу үшiн өзге де қажеттi әрекеттер жасалмауын сатушы сатып алушының шартты орындаудан бас тартуы ретiнде қарастыруы мүмкiн.

3. Шартта белгiленген мерзiмде сатып алушыға тауар берудi қамтамасыз ету жөніндегі сатушының қосымша шығындары, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тауардың бағасына енгiзiледi.

450-бап. Тауарларды үлгiлерi бойынша сату

1. Бөлшектеп сатып алу-сату шарты сатып алушының сатушы ұсынған тауар үлгiсімен (оның сипаттамасымен, тауарлар каталогымен және т.б.) танысуы негiзiнде жасалуы мүмкiн.

2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, шартта көрсетiлген жерге тауар жеткiзiлген кезден бастап, ал егер шартта тауар беретін орын белгіленбесе, азаматтың тұрғылықты жері немесе заңды тұлғаның орналасқан жерi бойынша сатып алушыға тауар жеткiзiлген кезден бастап шарт орындалған болып есептеледi.

3. Сатушы шартты орындау жөнiнде әрекет жасалуына байланысты қисынды шығындарды өтеген жағдайда сатып алушы тауар берiлгенге дейiн шартты орындаудан бас тартуға құқылы.

451-бап. Автоматтарды пайдалана отырып тауар сату

1. Тауар сату автоматтарды пайдалана отырып жүргiзiлген жағдайларда автоматтардың иесi сатып алушыларға тауар туралы (атауы, саны, бір тауардың бағасы және т.б.) автоматқа орналастыру арқылы тауардың сатушысы туралы ақпарат жеткізуге немесе сатып алушыларға сатушының атауы (фирмалық атауы), оның орналасқан жерi, жұмыс режимi, сондай-ақ сатып алушының тауар алу үшiн жасайтын қажеттi әрекеттерi туралы өзге де әдiстермен мәлiметтер беруге мiндеттi.

2. Сатып алушы тауар алуға қажеттi әрекеттер жасаған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледi.

3. Егер сатып алушыға ақысы төленген тауар берiлмесе, сатушы тауардың сатып алушыға дереу берiлуiн немесе оның сатып алушының сол тауар үшiн төлеген ақша сомасының қайтарылуын қамтамасыз етуге міндетті.

452-бап. Сатып алушыға тауар жеткiзiп беру туралы талап қойылатын шарт

1. Сатып алушыға тауар жеткiзiп беру туралы талап қойылып шарт жасалған жағдайларда сатушы тауарды сатып алушы көрсеткен жерге шартта белгіленген мерзімде жеткізіп беруге міндетті.

2. Егер заң актілерінде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнінен туындамаса, сатып алушыға, ал ол болмаған кезде шарттың жасалғандығын немесе тауарды жеткізіп берудің ресімделуін куәландыратын түбіртекті немесе өзге бір құжатты көрсеткен кез келген адамға тауар табыс етілген кезден бастап сатушы шартты орындады деп есептеледі.

453-бап. Тауардың бағасы және оған ақы төлеу

1. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнінен туындама, сатып алушы шарт жасасу кезінде сатушы жариялаған баға бойынша тауарға ақы төлеуге міндетті.

2. Шартта тауарға алдын ала ақы төлеу (осы Кодекстің 440-бабы) көзделген жағдайларда сатып алушының шартта белгіленген мерзімде тауарға ақы төлемеуі, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, сатып алушының шартты орындаудан бас тартқаны деп танылады.

3. Тауарларды кредитке бөлшектеп сатып алу-сату, соның ішінде сатып алушының тауарларға төлемді бөліп-бөліп төлеу талабы қойылған шартына осы Кодекстің 441-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген ережелер қолданылмауға тиіс.

4. Сатып алушы тауарға ақыны бөліп-бөліп төлеудің шартта белгіленген кезеңі шегінде тауарға кез келген уақытта толық төлем жасауға құқылы.

454-бап. Сапасы лайықты тауарды алмастыру

1. Сатып алушы азық-түлікке жатпайтын тауар өзіне берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаған болса, сатып алынған тауарды сату орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, мөлшері, нысаны, ауқымы, пішіні, түсі, жинақтылығы және т.б. бойынша соған ұқсас тауармен алмастырып алуға құқылы.

2. Сатушыдан алмастыруға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға қайтарып беруге және оған төленген ақша сомасын алуға құқылы.

3. Егер тауар пайдаланылмай, оның тұтыну қасиеттері сақталса және оның сол сатушыдан сатып алынғандығына дәлелдер болса, сатып алушының тауарды алмастыру немесе оны қайтару туралы талаптары қанағаттандырылуға тиіс.

4. Осы бапта аталған негiздемелер бойынша алмастырылуға немесе қайтарылуға жатпайтын тауарлардың тiзбесi заңдарда белгiленген тәртiппен айқындалады.

455-бап. Сатып алушының оған сапасы лайықсыз тауар сатылған жағдайдағы құқықтары

1. Сапасы лайықсыз тауар сатылған сатып алушы, егер сатушы оның кемшiлiктерiн айтпаған болса, осы Кодекстiң 428-бабының 1-тармағында көзделген әрекеттердi жүзеге асыруға құқылы, бұл орайда сатып алушы сатушының талап етуi бойынша және оның есебiнен алынған сапасы лайықсыз тауарды қайтарып беруге тиiс.

2. Тауар үшiн төленген ақша сомасын сатып алушыға қайтарған кезде сатушының одан тауарды толық немесе iшiнара пайдаланудан, оның тауар түрiн жоғалтудан және т.б. болған тауар құнының төмендеген сомасын ұстап қалуға құқығы жоқ.

456-бап. Тауарды алмастыру, сатып алу бағасын кеміту және сапасы лайықсыз тауарды қайтару кезiнде баға айырмасының орнын толтыру

1. Сапасы лайықсыз тауарды шартқа сәйкес сапасы лайықты тауарға алмастыру кезiнде сатушының шартта белгiленген тауар бағасы мен тауарды алмастыратын немесе тауарды алмастыру туралы сот шешім шығарған кезде қолданылатын тауар бағасы арасындағы айырманың орны толтырылуын талап етуге құқығы жоқ.

2. Сапасы лайықсыз тауарды соған ұқсас, бiрақ көлемi, пiшiнi, сорты және т.б. жағынан өзгеше сапасы лайықты тауарға алмастырған кезде алмастырылатын тауардың айырбастаған кездегі бағасы мен сапасы лайықсыз тауардың орнына берілетін тауар бағасының арасындағы айырманың орны толтырылуға тиiс.

Егер сатушы сатып алушының талабын қанағаттандырмаса, бұл баға тауарды алмастыру туралы сот шешiм шығарған кезде белгiленедi.

3. Тауардың сатып алу бағасын соған орай кемiту туралы талап қойылған жағдайда бағасын арзандату жөнiнде талап қойылған кездегi, ал егер сатып алушының талаптары ерiктi түрде қанағаттандырылмаса, бағаны соған орай кемiту туралы сот шешiм шығарған кездегi тауар бағасы есепке алынады.

4. Сапасы лайықсыз тауарды сатушыға қайтарған кезде сатып алушы шартта белгiленген тауар бағасы мен сатып алушының талабын ерiктi түрде қанағаттандырған кездегi, ал егер талап ерiктi түрде қанағаттандырылмаса, сот шешiм шығарған кездегi тиістi тауар бағасы арасындағы айырманың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

457-бап. Сатушының жауапкершілігі және мiндеттеменi заттай орындау

Сатушы бөлшектеп сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемесiн орындамаған жағдайда залалдарды өтеу мен тұрақсыздық айыбын төлеу сатушыны мiндеттемесiн заттай орындаудан босатпайды.

3. Тауар жеткiзiлiмi

458-бап. Тауар жеткiзiлiмiнiң шарты

Кәсiпкер болып табылатын сатушы (тауар берушi) сатып алушыға өзі өндіретін немесе сатып алатын тауарларды кәсіпкерлік қызметке немесе жеке өзіне, отбасына, үй ішіне және сол сияқты өзге де пайдалануға байланысты емес өзге мақсаттарға пайдалану үшін келісілген мерзімде немесе мерзімдерде беруге міндеттенеді.

459-бап. Тауар жеткiзiлiмi шартын жасасу кезіндегі келiспеушiлiктердi реттеу

1. Тауар жеткiзілiмi шартын жасасу кезiнде тараптар арасында шарттың жекелеген талаптары бойынша келіспеушіліктер пайда болған жағдайда шарт жасасуды ұсынған және басқа тараптан осы талаптарды келісу туралы ұсыныс алған тарап осы ұсынысты алған күннен бастап отыз күн iшiнде, егер өзге мерзiм тараптармен келісілмеген болса, шарттың тиiстi талаптарын келiсу жөнiнде шаралар қолдануға не басқа тарапты оны жасасудан бас тарту туралы жазбаша түрде хабарландыруға тиiс.

2. Шарттың тиiстi талаптары бойынша ұсыныс алған, бiрақ тауар беру шартының талаптардың келiсу жөнiнде шара қолданбаған және осы баптың 1-тармағында көзделген мерзiмде шарт жасасудан бас тарту туралы екінші тарапқа хабарламаған тарап шарт талаптарын келісуден жалтару туғызған залалдарды өтеуге міндетті.

460-бап. Тауар жеткiзiлiмi шартының қолданылу мерзiмi

1. Тауар жеткiзiлiмi шарты бiр жылға, бiр жылдан астам мерзiмге (ұзақ мерзiмдi шарт) немесе тараптардың келісімiнде көзделген өзге де мерзiмге жасалуы мүмкiн.

Егер шартта оның қолданылу мерзiмi белгiленбесе және ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, шарт бiр жылға жасалған деп танылады.

2. Егер ұзақ мерзiмдi шартта берiлуге тиiс тауардың саны немесе өзге де шарт талаптары бiр жылға немесе неғұрлым ұзақ мерзiмге белгiленсе, шарттың қолданылу мерзiмi бiткенге дейiн кейiнгі кезеңдерге арналған тиiстi талаптар тараптардың келiсу тәртібімен белгiленуге тиiс. Шартта келiсу тәртібі болмаған жағдайда шарт тиiсiнше бiр жылға немесе шарт талаптары келісілген мерзiмге жасалған болып танылады.

461-бап. Тауар жеткiзiлiмi кезеңдерi

1. Егер тараптар шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде тауарлардың жекелеген топтармен жеткiзiлiмiн көздеген болса және онда жекелеген топтардың жеткізілімі мерзімдері (жеткізілім кезеңдерi) белгiленбесе, заң актілерінен, iскерлiк айналым дағдыларынан немесе міндеттеменің мәнінен өзгеше туындамаса, тауарлар ай сайын бiркелкi топтармен жеткiзiлiп отыруға тиiс.

2. Шартта тауар жеткiзiлiмi кезеңдерiн айқындаумен қатар, тауарлар жеткiзiлiмi (онкүндiк, тәулiктiк, сағаттық және т.б.) кестесi белгіленуі мүмкін.

3. Тауарлардың мерзiмiнен бұрын жеткiзiлiмi сатып алушының келiсуiмен жүргiзiлуi мүмкiн.

4. Мерзiмiнен бұрын берiлген және сатып алушы қабылдап алған тауарлар келесi кезеңде берiлуге тиiс тауарлар санының есебiне енгiзiледi.

462-бап. Тауарлар жеткiзiлiмiнiң тәртібі

1. Тауар беруші сатып алушыға немесе шартта сатып алушы ретінде көрсетілген адамға шарт бойынша тауарды тиеп-жөнелту (беру) жолымен тауарлар жеткiзiлiмiн жүзеге асырады.

2. Шартта тауар берушіге тауарларды алушыларға тиеп-жөнелтуi туралы сатып алушының нұсқау (тиеп-жөнелтуге рұқсат қағаз) беру құқығы көзделген жағдайларда тауар берушi тауарларды тиеп-жөнелтуге рұқсат қағазда көрсетiлген алушыларға тиеп-жөнелтудi (берудi) жүзеге асырады.

3. Тиеп-жөнелтуге рұқсат қағаздың мазмұны және оны сатып алушының тауар берушiге жiберу мерзiмi шартта белгiленедi. Егер шартта тиеп-жөнелтуге рұқсат қағаз жiберу мерзiмi көзделмесе, ол жеткiзiлiм кезеңi басталғанға дейiн отыз күннен кешiктiрiлмей тауар берушiге жiберiлуге тиiс.

4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушының тиеп-жөнелтуге рұқсат қағазының белгiленген мерзiмде табыс етiлмеуi тауар берушiге шартты орындаудан бас тартуға құқық бередi.

463-бап. Тауарларды жеткiзiп беру

1. Тауар берушi тауарларды жеткiзiп берудi оларды шартта көзделген көлiкке тиеп және шартта белгiленген жағдайларда жөнелту жолымен жүзеге асырады.

2. Егер шартта тауарды жеткiзiп берудiң қандай көлiк түрiмен немесе қандай жағдайларда жүзеге асырылатындығы белгiленбесе, көлiк түрiн таңдау немесе тауарды жеткiзiп беру жағдайларын белгiлеу құқығын заң актілерінен, iскерлiк айналым дағдыларынан немесе міндеттеменің мәнінен өзгеше туындамайтындықтан тауар беруші иеленеді.

464-бап. Жетiспеген тауардың орнын толтыру

1. Тауар жеткiзiлiмiнiң жекелеген кезеңiнде тауардың жетiспеуiне жол берген тауар берушi жетiспейтiн тауарлар санының, егер шартта өзгеше көзделмесе, шарттың қолданылу мерзiмi шегіндегі келесi кезеңде (кезеңдерде) орнын толтыруға мiндеттi.

2. Ұзақ мерзiмдi шарт бойынша тауар берушiнiң жекелеген тауар жеткiзiлімi кезеңiнде кем берген тауарлар санының, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарлардың жетiспеуiне жол берiлген жыл iшіндегі келесi кезеңде (кезеңдерде) орны толтырылуға тиiс.

3. Тауар берушi шартта немесе сатып алушының тиеп-жөнелтуге рұқсат қағазында аталған бiрнеше алушыға тауарларды тиеп-жөнелткен жағдайда алушының біреуіне шартта немесе тиеп-жөнелтуге рұқсат қағазында көзделген санынан артық жіберілген тауарлар, егер шартта өзгеше көзделмесе, басқа алушылардағы жетiспеушiлiктердi өтеуге есептелмейдi және тауар берушi оның орнын толтыруға тиiс.

4. Сатып алушы, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауар берушіге хабарлай отырып, жеткiзiлiм мерзімi өткен тауарды қабылдаудан бас тартуға құқылы. Тауар беруші хабар алғанға дейін берілген тауарды сатып алушы қабылдауға және оған ақы төлеуге мiндеттi.

465-бап. Жетiспеушiлiктердiң орнын толтыру кезіндегі тауарлардың түр түрі

1. Жеткіліксіз беріліп, орны толтырылуға тиісті тауарлардың түр-түрi тараптардың келісімi бойынша айқындалады. Келісім болмаған жағдайда тауар берушi жетiспеушiлiкке жол берiлген кезеңге арнап белгiленген түр-түрi бойынша жеткiлiксiз берiлген тауарлар санының орнын толтыруға мiндеттi.

2. Бiр атаудағы тауарлардың шартта көзделгенiнен көбiрек мөлшердегі жеткізілімі нақ сол түр-түріне кіретін басқа атаудағы тауарлардың жетпегенiн толтыруға есептелмейдi және сатып алушының алдын ала берген жазбаша келісімiмен жасалатын жағдайларды қоспағанда, оның орны толтырылуға тиiс.

466-бап. Сатып алушының тауарды қабылдауы

1. Сатып алушы (алушы) тауар жеткiзiлiмi шартына сәйкес берілген тауар қабылдауда қамтамасыз ететiн барлық қажеттi іс-әрекеттi жасауға мiндеттi.

2. Сатып алушы (алушы) қабылдаған тауар заң актілерінде, тауар жеткiзiлiмi шартында немесе iскерлiк айналым дағдыларында белгiленген мерзiмде қаралуға тиiс.

Сатып алушы (алушы) сол мерзiмде заң актілерінде, шартта немесе iскерлiк айналым дағдыларында белгiленген тәртiппен қабылданған тауардың саны мен сапасын тексеруге және тауардың байқалған сәйкессiздiктерi немесе кемшiлiктерi туралы тауар берушiге жазбаша түрде дереу хабарлауға мiндеттi.

3. Сатып алушы (алушы) көлiк ұйымынан жеткiзiлген тауарды алған жағдайда тауардың көлiк және жолдама құжаттарында көрсетiлген мәлiметтерге сәйкестiгiн тексеруге, сондай-ақ көлiк ұйымынан осы тауарды көлiк қызметiн реттейтiн заң актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде кез келген ережелердi сақтай отырып, қабылдауға мiндеттi.

467-бап. Сатып алушы қабылдамаған тауарды жауапкершiлiкпен сақтау

1. Сатып алушы (алушы) заң актілеріне немесе тауар жеткiзiлiмi шартына сәйкес тауар берушi жiберген тауардан бас тартса, ол бұл тауардың сақталуын (жауапкершiлiкпен сақтауды) қамтамасыз етуге және тауар берушiге дереу хабарлауға мiндеттi.

2. Тауар берушi сатып алушы (алушы) жауапкершiлiкпен сақтауға қабылдаған тауарды әкетуге немесе қисынды мерзiмде оған билiк етуге мiндеттi.

Егер тауар берушi осы мерзiмде тауарға билiк етпесе, сатып алушы тауарды сатуға немесе оны тауар берушiге қайтаруға құқылы.

3. Тауарды жауапкершiлiкпен сақтауға қабылдауға, тауарды сатуға немесе оны сатушыға қайтаруға байланысты сатып алушы (алушы) шеккен қажеттi шығындарды тауар берушi өтеуге тиiс.

Бұл орайда тауарды сатудан түскен сома сатып алушыға тиесілі сома шегеріле отырып тауар берушiге берiледi.

4. Сатып алушы заң актілерiнде немесе шартта белгiленбеген негiздерсiз тауар берушiден тауар қабылдамаған немесе оны қабылдаудан бас тартқан жағдайларда тауар берушi сатып алушыдан тауарға ақы төлеудi талап етуге құқылы.

468-бап. Тауарларды таңдау

1. Тауар жеткiзiлiмi шартында сатып алушының (алушының) тауарларды тауар берушiнiң орналасқан жерiнен алуы (тауарлар таңдауы) көзделуi мүмкiн.

2. Егер шартта таңдау мерзiмi көзделмесе сатып алушының (алушының) тауарлар таңдауы тауар берушiнiң тауарлар дайын деген хабарын алғаннан кейін қисынды мерзімде жүргізілуге тиіс.

3. Тауар жеткiзiлiмi шартында сатып алушының (алушының) тауар берушi орналасқан жерде тауар таңдауы көзделген кезде, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, сатып алушы берiлетiн тауарларды қарап-көрудi олар берiлетiн жерде жүзеге асыруға мiндеттi.

4. Сатып алушының (алушының) шартта белгiленген тауар жеткізілімі мерзімінде, ал ол болмаған кезде - тауар берушінің тауарлардың дайын екендігі туралы хабарын алғаннан кейін қисынды мерзiмде тауарларды таңдамалы тауар берушiге шартты орындаудан бас тартуға немесе сатып алушыдан тауарларға ақы төлеудi талап етуге құқық бередi.

469-бап. Жеткiзiлетiн тауарлар үшiн есеп айырысу

1. Сатып алушы жеткiзiлетiн тауарларға шартта көзделген есеп айырысу тәртібі мен нысандарын сақтай отырып ақы төлейдi. Егер тараптардың келісімiнде есеп айырысудың тәртібі мен нысаны белгiленбесе, есеп айырысу төлем тапсырмалары арқылы жүзеге асырылады.

2. Егер шартта тауардың жиынтыққа енетiн жекелеген бөлiктерiмен жеткiзiлiмi көзделген болса, шартта өзгеше белгiленбегендiктен, сатып алушы тауарға ақы төлеудi жиынтыққа енетiн соңғы бөлiктi тиеп-жөнелткеннен (таңдап алғаннан) кейiн жүзеге асырады.

3. Егер шартта алушының (төлеушiнiң) тауарға ақы төлеудi жүзеге асыратыны көзделсе және соңғысы ақы төлеуден негізсіз бас тартса не шартта белгiленген мерзiмде тауарға ақы төлемесе, тауар берушi сатып алушыдан жеткiзiлген тауарға ақы төлеудi талап етуге құқылы.

470-бап. Ыдыс және буып-түю

1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушы (алушы) тауар берушiге заң актілерінде белгiленген тәртiп пен мерзiмде тауар келiп түскен көп айналымды ыдысты және буып-түю құралдарын қайтаруға мiндеттi.

2. Басқа да ыдыс пен буып-түю заттары тауар берушіге шартта көзделген жағдайларда ғана қайтарылуға тиiс.

471-бап. Сапасы лайықсыз тауар жеткiзiлімінiң салдары

1. Өзiне сапасы лайықсыз тауар жеткiзiлген сатып алушы (алушы) тауар берушiге осы Кодекстiң 428-бабында көзделген талаптарды қоюға құқылы, бұған жеткiзiлген тауардың кемшiлiктерi туралы сатып алушының хабарын алған тауар берушi жеткiзiлген тауарды кешiктiрмей сапасы лайықты тауармен алмастырған жағдайлар қосылмайды.

2. Өзiне берiлген тауарды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын сатып алушы (алушы), егер тауар жеткiзiлiмi шартында өзгеше көзделмесе, тұтынушы қайтарған сапасы лайықсыз тауарды қисынды мерзiмде алмастыруды талап етуге құқылы.

472-бап. Жиынтықталмаған тауарлар жеткізілімінің салдары

1. Тауар жеткiзiлiмі шартының жағдайларын, заң актілерінiң талаптарын не әдетте жиынтықтауға қойылатын талаптарды бұза отырып, тауарлар берiлген сатып алушы (алушы) тауар берушiге осы Кодекстiң 433-бабында көзделген талаптарды қоюға құқылы, бұған жеткiзiлген тауарлардың жиынтықталмағандығы туралы сатып алушының хабарын алған тауар берушi тауарларды кешiктiрмей толықтырған не оларды жиынтықталған тауарлармен алмастырған жағдай қосылмайды.

2. Тауарларды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын сатып алушы (алушы), егер тауар беру шартында өзгеше көзделмесе, тұтынушы қайтарған жиынтықталмаған тауарларды қисынды мерзімде жиынтықталған тауарлармен алмастыруды талап етуге құқылы.

473-бап. Тауар жеткiлiксiз берiлiп, тауардың кемшiлiктерiн жою туралы немесе тауарды толық жиынтықтау туралы талаптар орындалмаған жағдайдағы сатып алушының құқықтары

1. Егер тауар берушi тауарларды шартта көзделген мөлшерде бермесе не сатып алушының сапасы лайықсыз тауарды алмастыру туралы немесе белгiленген мерзiмде тауарды толық жиынтықтау туралы талаптарын орындамаса, сатып алушы оларды сатып алу жөніндегі барлық қажеттi және қисынды шығындарды тауар берушiге жатқыза отырып, берiлмеген тауарларды басқа адамдардан сатып алуға құқылы.

Сатып алушының басқа адамдардың тауарлар сатып алуға жұмсаған шығындарын есептеу, тауар берушi оларды толық бермеген немесе тауарлардың кемшiлiктерiн жою туралы не тауарларды толық жиынтықтау туралы талаптар орындалмаған жағдайда, осы Кодекстiң 411-бабының 1-тармағында көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.

2. Сатып алушы (алушы) сапасы лайықсыз тауарларға және жиынтықталмаған тауарларға ақы төлеуден бас тартуға, ал егер мұндай тауарларға ақы төленiп қойған болса, төленген соманы тауарлардағы кемшiлiктер жойылғанға және тауарлар толық жиынтықталғанға дейін не олар алмастырылғанға дейін қайтаруды талап етуге құқылы.

474-бап. Тауарды жеткiлiксiз бергенi немесе тауар берудi кешiктiргенi үшiн тұрақсыздық айыбы

Тауарды жеткiлiксiз бергенi немесе берудi кешiктiргенi үшiн заң актілерінде немесе шартта белгiленген тұрақсыздық айыбы, егер заң актілерінде немесе шартта тұрақсыздық айыбын өндiрiп алудың өзгеше тәртібі белгіленбесе, шартта белгіленген күннен бастап, міндеттеменің нақты орындалған күніне дейін өндіріп алынуы мүмкін.

475-бап. Тауар берудiң бiрнеше шарттары бойынша бiртектес мiндеттемелердi өтеу

1. Тауар берушi сатып алушыға аттас тауарлар жеткізудi тауар жеткiзiлiмiнiң бiрнеше шарттары бойынша жүзеге асыратын және жеткiзген тауарлар саны тауар берушiнiң барлық шарттар бойынша мiндеттемелерiн өтеуге жетпейтін жағдайларда жеткiзiлген тауарлар тауар жеткiзiлiмiн жүзеге асыру кезiнде не жеткiзiлгеннен кейiн кешiктiрiлмей тауар берушi көрсеткен шарттың орындалу есебiне есептелуге тиiс.

2. Егер сатып алушы тауар жеткiзiлiмiнiң бiрнеше шарттары бойынша алған аттас тауарлар үшiн тауар берушіге ақы төлеген болса және төленген сома сатып алушының барлық шарттар бойынша міндеттемелерін өтеуге жетпесе, төленген сома тауарларға ақы төлеудi жүзеге асыру кезiнде не ақы төленгеннен кейiн кешiктiрiлмей сатып алушы көрсеткен шарттың орындалу есебiне есептелуге тиiс.

3. Егер тауар берушi немесе сатып алушы өздерiне осы баптың және 1 және 2-тармақтарына сәйкес берiлген құқықтарды пайдаланбаса, міндеттеменiң орындалуы орындау мерзiмi ертерек басталған шарт бойынша міндеттемелерді өтеуге есептеледі. Егер бірнеше шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі бір мезгілде басталса, орындауға берілген мерзім барлық шарттар бойынша міндеттемелердің өтелуіне бара-бар түрде есептеледі.

476-бап. Шартты орындаудан бiржақты бас тарту

1. Тараптардың бiреуi (осы Кодекстiң 401-бабы 2-тармағының екiншi бөлiгi) шартты елеулi түрде бұзған жағдайда шартты (толық немесе iшiнара) орындаудан бiржақты бас тартуға немесе оны бiржақты өзгертуге жол берiледi.

2. Тауар берушiмен шарттың бұзылуы мына жағдайларда:

1) кемшiлiгi бар, сапасы лайықсыз тауар берiлiп, ол кемшiлiктердi сатып алушы үшiн қолайлы мерзiмде жою мүмкiн болмағанда;

2) тауар беру мерзiмдерi бiрнеше рет бұзылғанда елеулi деп ұйғарылады.

3. Сатып алушымен шарттың бұзылуы мына жағдайларда:

1) тауарларға ақы төлеу мерзімдері бірнеше рет бұзылғанда;

2) бiрнеше рет тауарлар таңдалып алынбағанда елеулi деп ұйғарылады.

4. Тараптардың келісімiмен шартты орындаудан немесе оны бiржақты өзгертуден бiржақты бас тартудың өзге де негiздерi көзделуi мүмкiн.

5. Бiр тарап шартты өзгерту немесе оны орындаудан бiржақты бас тарту туралы екінші тараптан хабар алған кезден бастап, егер хабарда шартты бұзудың немесе өзгертудiң өзге мерзiмi көзделмесе не тараптардың келісімiнде белгiленбесе, тауар жеткiзiлiмi шарты бұзылған немесе өзгертiлген деп есептеледi.

477-бап. Шарт бұзылған жағдайда залалды есептеу

1. Егер сатушының мiндеттеменi бұзуы салдарынан шарт бұзылғаннан кейiн сатып алушы тауарды қисынды мерзiмде шартта көрсетілгенінің орнына басқа адамнан неғұрлым жоғары, бірақ қисынды бағамен сатып алса, ол сатушыға шартта белгіленген баға мен орнына жасалған мәміле бойынша белгіленген баға арасындағы айырма түрінде залалды өтеу туралы талап қоя алады.

2. Егер сатып алушының мiндеттеменi бұзуы салдарынан шарт бұзылғаннан кейiн сатушы тауарды қисынды мерзiмде басқа адамға шартта көзделгенiнен неғұрлым төмен, бiрақ қисынды бағамен сатса, сатушы сатып алушыға шартта белгіленген баға мен орнына жасалған мәміле бойынша белгіленген баға арасындағы айырма түрінде залалды өтеу туралы талап қоя алады.

3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген негiздер бойынша шарт бұзылғаннан кейiн бұзылған шарттың орнына мәмiле жасалмаса және осы тауардың ағымдағы бағасы болса, тарап шартта белгiленген баға мен шарт бұзылған кездегi ағымдағы баға арасындағы айырма түрiнде залалды өтеу туралы талап қоя алады.

Әдетте салыстырмалы мән-жайларда ұқсас тауарлар үшiн тауар беру жүзеге асырылуға тиiстi жерде алынатын баға ағымдағы баға деп танылады. Егер бұл жерде ағымдағы баға болмаса, басқа жерде қолданылған ағымдағы баға пайдаланылуы мүмкiн, ол тауарды тасымалдау жөніндегі шығындар айырмасы ескерiлетiн қисынды айырбас бола алады.

4. Осы баптың 1 және 3-тармақтарында көзделген талаптарды қанағаттандыру мiндеттемесiн орындамаған тарапты, осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы негiзiнде, екiншi тарапқа келтiрiлген өзге залалды өтеуден босатпайды.

4. Келісім-шарт жасасу




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет