Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі



бет8/26
Дата17.05.2020
өлшемі4.52 Mb.
түріКодекс
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   26

Несие алушы - заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның құқықтары мен мiндеттерi шарт бойынша оның құқық мирасқоры болып табылатын заңды тұлғаға көшедi.

615-бап. Шартты тоқтату

Тегiн пайдалану шарты, егер шартта өзгеше көзделмесе, несие алушы азамат қайтыс болған немесе несие алушы заңды тұлға таратылған жағдайда тоқтатылады.

32-тарау. Мердігерлік



1. Мердiгерлiк туралы жалпы ережелер

616-бап. Мердiгерлiк шарты

1. Мердiгерлiк шарты бойынша бiр тарап (мердiгер) екiншi тараптың (тапсырысшының) тапсырмасы бойынша белгiлi бiр жұмысты атқаруға және белгiленген мерзiмде оның нәтижесiн тапсырысшыға өткізуге мiндеттенедi, ал тапсырысшы жұмыс нәтижесiн қабылдап алуға және оған ақы төлеуге (жұмыстың бағасын төлеуге) мiндеттенедi. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс мердiгердiң тәуекелiмен орындалады.

2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер тапсырысшының тапсырмасын орындау әдiстерiн дербес айқындайды.

3. Мердiгерлiк шартының жекелеген түрлерiне (тұрмыстық мердiгерлiк, құрылыс мердiгерлiгi, жобалау немесе iздестiру жұмыстарына мердiгерлiк, ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға мердiгерлiк), егер осы Кодекстiң бұл түрлер туралы ережелерінде өзгеше белгіленбесе, осы параграфта көзделген ережелер қолданылады.

4. Мердiгерлiк шартының жекелеген түрлерi бойынша қатынастар осы Кодекспен қатар мердiгерлiк шартының жекелеген түрлерi туралы заң актілерімен де реттеледi.

617-бап. Жұмысты мердiгердiң қарамағында орындау

1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс мердiгердiң қарамағында: соның материалдарымен, күштерiмен және қаражатымен орындалады.

2. Мердiгер өзi берген материалдар мен жабдықтардың сапасы лайықсыз болғаны үшiн, сондай-ақ үшiншi тұлғалардың құқықтары қосылған материалдар мен құралдарды бергенi үшiн жауапты болады.

618-бап. Материалдардың кездейсоқ жойылу қаупi

Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер шартта белгiленген жұмысты тапсыру мерзiмi басталғанға дейiн материалдардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупiн материалдарды берген тарап мойнына алады.

Жұмыс нәтижесiн беру немесе қабылдау уақытын өткiзiп алған кездегi тәуекелдi, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, уақытты өткiзiп алған тарап мойнына алады.

619-бап. Бас мердiгер және қосалқы мердiгер

1. Егер заң актілерінен немесе шарттан өзгеше туындамаса, мердiгер шартты орындауға басқа тұлғаларды (қосалқы мердiгерлердi) тартуға құқылы. Мұндай жағдайда мердiгер - тапсырысшының алдында бас мердiгер, ал қосалқы мердiгердiң алдында тапсырысшы болады.

2. Бас мердiгер қосалқы мердiгердiң алдында тапсырысшының мiндеттеменi орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауапты, ал тапсырысшының алдында қосалқы мердiгердiң мiндеттеменi орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауапты болады.

3. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы мен қосалқы мердiгер бiр-бiрiншi өздерiнiң бас мердiгермен арадағы шарттарды бұзуына байланысты талаптар қоюға құқығы жоқ.

4. Бас мердiгердiң келісімiмен тапсырысшы жекелеген жұмыстарды орындауға үшiншi тұлғалармен шарт жасасуға құқылы. Мұндай жағдайда үшiншi тұлға жұмысты орындамағаны немесе тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн тiкелей тапсырысшының алдында жауапты болады.

5. Егер шарт бiр мезгiлде екi немесе одан да көп мердiгермен жасалса және мiндеттеме нысанасы бөлiнбейтiн болса, мердiгерлер тапсырысшыға қатысты ортақтасқан борышқорлар және тиiсiнше ортақтасқан кредит берушiлер болып танылады. Мiндеттеме нысанасы бөлiнетiн жағдайда, сондай-ақ заң актілерінде немесе тараптардың келісімiнде көзделген басқа да жағдайларда мердiгерлердiң әрқайсысы құқықтарға ие болып, тапсырысшыға қатысты өз үлесiнiң шегiнде мiндеттемелердi мойнына алады.

620-бап. Жұмыстың орындалу мерзiмдерi

1. Мердiгерлiк шартта жұмысты орындаудың бастапқы және түпкi мерзiмi көрсетiледi. Тараптардың арасындағы келісім бойынша шартта жұмыстың жекелеген кезеңдерiнiң аяқталу мерзiмдерi (аралық мерзiмдерi) де көзделуi мүмкiн.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер жұмысты орындаудың бастапқы және түпкi, сонымен қатар аралық мерзiмдерiнiң бұзылғаны үшiн жауапты болады.

2. Жұмыс орындаудың мердiгерлiк шартта көрсетiлген бастапқы, түпкi және аралық мерзiмдерi шартта көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша өзгертілуі мүмкін.

621-бап. Жұмыстың бағасы

1. Мердiгерлiк шартта орындалуға жататын жұмыстың бағасы немесе оны анықтау әдiстерi көрсетiледi. Шартта мұндай нұсқаулар болмаған және тараптар келісімге келмеген жағдайда бағаны тараптарға келтiрiлген қажеттi шығындарды ескере отырып, әдетте осыған ұқсас жұмыстарға қолданылатын бағаларды негiзге алу арқылы сот белгiлейдi.

2. Жұмыстың бағасы смета жасау жолымен белгiленуi мүмкiн.

Жұмыс мердiгер жасаған сметаға сәйкес орындалған жағдайларда смета күшке ие болып, тапсырысшы оны растаған кезден бастап шарттың бiр бөлiгiне айналады.

Жұмыстың бағасы (смета) шамамен алынған немесе тұрлаулы болуы мүмкiн. Шартта басқа нұсқаулар болмаған кезде жұмыстың бағасы (смета) тұрлаулы деп есептеледi.

3. Егер қосымша жұмыс жүргiзу және осы себептен жұмыстың шамамен белгiленген бағасын (шамамен алынған сметаны) елеулi түрде өсiру қажет бола қалса, мердiгер бұл туралы тапсырысшыға уақытылы ескертуге және жұмысты тоқтата тұруға мiндеттi. Жұмыстың бағасын (сметаны) өсiруге келiспеген тапсырысшы шарттан бас тартуға құқылы. Мұндай жағдайда мердiгер өзiне тапсырысшыдан жұмыстың орындалған бөлiгiнiң бағасын төлеудi талап ете алады.

4. Шартта көрсетiлген бағаны (сметаны) өсiру қажеттiгi туралы тапсырысшыға уақытылы ескертпеген мердiгер жұмысқа шартта белгiленген баға бойынша ақы төлеу құқығын сақтай отырып, шартты орындауға мiндеттi.

5. Мердiгер тұрлаулы бағаны (тұрлаулы сметаны) көбейтудi, ал тапсырысшы оны азайтуды, оның iшiнде шартты жасау кезiнде орындалуға тиiс жұмыстардың толық көлемiн немесе бұл үшiн қажеттi шығындарды қарастыру мүмкiндiгi болмаған жағдайда да талап етуге құқығы жоқ.

Шарт жасасқаннан кейiн мердiгер беруге тиiстi материалдар мен жабдықтардың, сондай-ақ оған үшiншi тұлғалар көрсететiн қызметтердің құны едәуiр өскен кезде мердiгердiң белгiленген бағаны (сметаны) көбейтудi, ал тапсырысшы бұл талапты орындаудан бас тартқан жағдайда шартты бұзуды талап етуге құқығы бар.

622-бап. Мердiгердiң үнемi

1. Мердiгердiң нақты шығыны бағаны белгiлеу (сметаны жасау) кезiнде есептелгеннен кем болып шыққан жағдайда, егер тапсырысшы мердiгер алған үнем орындалған жұмыстың сапасына терiс әсер еткенiн дәлелдей алмаса, мердiгер шартта (сметада) көзделген баға бойынша жұмысқа ақы алу құқығын сақтайды.

2. Мердiгерлiк шартта мердiгер алған үнемдi тараптар арасында бөлу көзделуi мүмкiн.

623-бап. Жұмысқа ақы төлеу тәртібі

1. Егер мердiгерлiк шартта орындалған жұмысқа немесе оның жекелеген кезеңдерiне алдын ала ақы төлеу көзделмесе, тапсырысшы мердiгерге жұмыс тиiстi түрде және келісілген мерзiмде, не тапсырысшының келісімiмен - мерзiмiнен бұрын орындалған жағдайда жұмыстың нәтижесiн түпкiлiктi тапсырғаннан кейiн келісілген бағаны төлеуге мiндеттi.

2. Мердiгер заң актілерінде немесе шартта көрсетiлген жағдайлар мен мөлшерде ғана аванс не кепiлпұл төлеудi талап етуге құқылы.

624-бап. Ұстап қалу құқығы

1. Шарттың орындалуына байланысты мердiгерге тиесiлi белгiленген бағаны не өзге соманы төлеу мiндетiн тапсырысшы орындамаған жағдайда мердiгердiң жұмыс нәтижесiн ұстап қалуға, сондай-ақ затты өңдеуге берiлген тапсырысшыға тиесiлi жабдықтарды, қолданылмаған материалдардың қалдықтарын және өзiнде тапсырысшының басқа да қалып қойған мүлкін тапсырысшы тиісті сомасын төлегенше ұстап қалуға құқығы бар.

2. Тапсырысшының осы кодекстiң 630-бабында көзделген мерзiм шегiнде байқаған кемшiлiктердi жою жөніндегі шығындарды жабу үшiн мердiгерге тиесiлi сыйақының бiр бөлiгiн ұстап қалуы шартта көзделуi мүмкiн.

625-бап. Жұмысты тапсырысшының материалдарын пайдалана отырып орындау

1. Мердiгер тапсырысшы берген материалды үнемдеп және есеппен пайдалануға, жұмыс аяқталғаннан кейiн тапсырысшыға жұмсалған материалдар туралы есеп беруге, сондай-ақ олардың қалдықтарын қайтарып беруге не тапсырысшының келісімiмен, мердiгерде қалған пайдаланылмаған материалдың құнын ескере отырып, жұмыстың бағасын кемiтуге мiндеттi.

2. Мердiгер тапсырысшы берген материалдардың кемшiлiктерi себептi тиістi дәрежеде орындалмаған жұмыс үшiн, егер ол осы материалдарды тиiстi қабылдау кезiнде оның кемшiлiктердi анықтауы мүмкiн болмағанын дәлелдей алмаса, жауапты болады.

626-бап. Тапсырысшы берген мүлiктiң сақталмағаны үшiн мердiгердiң жауаптылығы

Мердiгерлiк шартты орындауға байланысты мердiгердiң иелiгiне өткен заттарды немесе өзге де мүлiктi өңдеу үшiн тапсырысшы берген материалдардың, жабдықтардың сақталмағаны үшiн мердiгер жауапты болады.

627-бап. Тапсырысшының жұмыстарды орындау кезіндегі құқықтары

1. Тапсырысшы мердiгердiң қызметiне араласпай, кез келген уақытта жұмыстың барысы мен сапасын тексеруге құқылы.

2. Егер мердiгер шартты орындауға уақытылы кiрiспесе немесе жұмысты соншалықты баяу орындап, оны мерзiмiнде аяқтау көрiнеу мүмкiн болмаса, тапсырысшы шарттан бас тартуға және шеккен залалдарын өтеудi талап етуге құқылы.

3. Егер жұмыстың орындалу барысында оның тиiстi дәрежеде орындалмайтыны анық болса, тапсырысшы мердiгерге кемшiлiктердi жою үшiн қисынды мерзiм белгiлеуге және мердiгер белгiленген мерзiмде ол талапты орындамаған жағдайда шарттан бас тартуға не жұмысты түзетудi мердiгердiң есебiнен үшiншi тұлғаға тапсыруға, сондай-ақ залалдарын өтеудi талап етуге құқылы.

4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы жұмысты өзiне өткiзгенге дейiн кез келген уақытта мердiгерге тапсырысшының шарттан бас тартқаны туралы хабарлама алғанға дейін орындаған жұмысы үшiн ақы төлеп, мердiгерлiк шарттан бас тарта алады. Тапсырысшы мердiгерге орындалған жұмыс үшiн төленген бағаның бөлiгi мен барлық жұмыс үшiн белгiленген бағаның арасындағы айырма шегiнде шарттың тоқтатылуынан келтiрiлген залалды өтеуге де мiндеттi.

628-бап. Мердiгер тапсырысшыға ескертуге мiндеттi мән-жайлар

1. Мердiгер:

1) тапсырысшы берген материалдардың, жабдықтардың, техникалық құжаттаманың немесе өңдеуге берiлген заттың жарамсыздығы немесе сапасыздығы;

2) оның жұмысты атқару әдiсi туралы нұсқауларын орындаудан тапсырысшы үшiн болуы ықтимал қолайсыз салдарлар;

3) орындалатын жұмыс нәтижелерiнiң жарамдылығына немесе берiктiгiне қауiп туғызатын не оны мерзiмiнде аяқтауға мүмкiндiк бермейтiн мердiгерге қатысты емес өзге де мән-жайлар анықталған жағдайда тапсырысшыға дереу ескертiп, одан нұсқау алғанға дейiн жұмысты тоқтата тұруға мiндеттi.

2. Осы баптың 1-тармағында аталған мән-жайлар туралы тапсырысшыға ескертпеген, не ескертуге жауап алу үшiн қисынды мерзiмнiң аяқталуын күтпестен немесе жұмысты тоқтата тұру туралы тапсырысшының уақытылы нұсқауына қарамастан жұмысты жалғастырған мердiгердiң өзiне немесе өзi тапсырысшыға тиiстi талаптар қойған кезде аталған мән-жайларға сiлтеме жасауға құқығы жоқ.

3. Егер тапсырысшы осы баптың 1-тармағында аталған мән-жайлар туралы мердiгер тарапынан уақытылы және негiзделген ескерту алғанына қарамастан, қисынды мерзiмде жарамсыз және сапасыз материалды ауыстырмаса, жұмысты орындау әдiсi туралы нұсқауды өзгертпесе немесе жұмыстың жарамдылығына немесе берiктiгiне қауiп төндiретiн мән-жайларды жою үшiн басқа да қажеттi шаралар қолданбаса, мердiгер шарттан бас тартуға және оның тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.

629-бап. Тапсырысшының жәрдем көрсетуi

1. Тапсырысшы мердігерлiк шартта көзделген көлем мен тәртiп бойынша мердiгерге жұмыстың орындалуына жәрдем көрсетуге мiндеттi.

Тапсырысшы бұл мiндеттi орындамаған жағдайда мердiгер бос тұрыс не жұмыстың орындалу мерзiмiн ауыстыру не жұмыстың бағасын көтеру туғызған қосымша шығындарды қоса алғанда, келтiрiлген зиянды өтеудi талап етуге құқылы.

2. Мердiгерлiк шарт бойынша жұмысты орындау тапсырысшының iс-әрекетiнiң немесе қателiктерiнiң салдарынан мүмкiн болмаған жағдайларда мердiгер жұмыстың орындалған бөлiгiн ескере отырып, өзiне белгiленген бағаны төлетiп алу құқығын сақтайды.

630-бап. Тапсырысшының орындалған жұмысты қабылдауы

1. Тапсырысшы мердігерлiк шартта көзделген мерзiмде және тәртiппен орындалған жұмыстың нәтижесiн мердігердiң қатысуымен қарауға және қабылдауға, ал шарттан жұмысты нашарлататын ауытқулар немесе жұмыста өзге де кемшiлiктер анықталған жағдайда бұл туралы мердiгерге дереу мәлiмдеуге мiндеттi.

2. Жұмысты қабылдау кезiнде ондағы кемшiлiктердi анықтаған тапсырысшы, егер актiде не қабылдауды куәландыратын өзге де құжатта ол кемшiлiктер не оларды жою туралы кейiн талап қойылу мүмкiндiктерi айтылған жағдайда ғана оларға сiлтеме жасауға құқылы.

3. Жұмыстың нәтижесiн тексерусiз қабылдаған тапсырысшы оны қабылдаудың әдеттегi әдiсi кезiнде анықталуы мүмкiн жұмыс кемшiлiктерiне (көрiнеу кемшiлiктер) сiлтеме жасау құқығынан айрылады.

4. Жұмыс нәтижесiн қабылдағаннан кейiн әдеттегi қабылдау әдiсi кезiнде анықталуы мүмкiн емес (жасырын кемшiлiктер), оның iшiнде мердiгер қасақана жасырған шарттан ауытқуды немесе өзге де кемшiлiктердi анықтаған тапсырысшы олар анықталғаннан кейін қисынды мерзiмде бұл туралы мердiгерге хабарлауға мiндеттi.

5. Тапсырысшы анықтаған жасырын кемшiлiктер туралы мердiгерге хабарлау үшiн шектi мерзiм - бiр жыл, ал үйлер мен ғимараттарға байланысты жұмыстарға қатысты, сондай-ақ жұмыс түрiне тәуелсiз мердiгердiң қасақана жасырған кемшiлiктерiне қатысты - жұмысты қабылдаған күннен бастап үш жыл болып табылады.

Заң актілерінде немесе шартта неғұрлым ұзақ мерзiмдер (кепiлдiк мерзiмдер) белгiленуi мүмкiн.

Егер шартқа сәйкес тапсырысшы жұмысты бөлiп-бөлiп қабылдаса, осы тармақта белгiленген мерзiм жұмыстың нәтижелерiн тұтасымен қабылдаған күннен басталады.

6. Тапсырысшы мен мердігердің арасында орындалған жұмыстың кемшіліктері немесе олардың себептерi жөнiнде дау туған кезде тараптардың кез келгенiнiң талап етуi бойынша сараптама тағайындалуға тиiс. Сараптама шартты бұзушылық немесе мердiгердiң iс-әрекетi мен анықталған кемшiлiктердiң арасында себептi байланыстар жоқ екенiн анықтаған жағдайларды қоспағанда, сараптаманы өткізу жөніндегі шығындарды мердiгер көтередi. Бұл жағдайларда сараптама жөніндегі шығындарды оны тағайындауды талап еткен тарап, ал егер сараптама тараптардың арасындағы келісім бойынша тағайындалса - екi тарап тең көтередi.

7. Тапсырысшы орындалған жұмыстың нәтижелерiн қабылдаудан жалтарған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер шартқа сәйкес жұмыс тапсырысшыға өткізуге тиiстi күннен бастап бiр ай өткен соң және тапсырысшыға бұдан кейiн екi мәрте ескерткеннен кейiн жұмыстың нәтижесiн сатуға, ал алынған соманы мердiгерге тиесiлi барлық төлемдердi шегерiп, нотариус депозитiне тапсырысшының атына салуға құқылы.

8. Егер тапсырысшының орындалған жұмыс нәтижелерiн қабылдаудан жалтаруы жұмысты тапсыруды кешiктiруге әкеп соқса, дайындалған (өңделген) затқа меншiк құқығы өткiзiлген кезден тапсырысшыға көштi деп танылады.

631-бап. Мердiгерлiк нысанасы жойылған немесе жұмысты аяқтау мүмкiн болмаған жағдайдағы тараптар арасындағы есеп айырысу

Егер мердiгерлiк нысанасы оны тапсырғанға дейiн кездейсоқ жойылса немесе жұмысты аяқтаудың мүмкiн болмауы тараптардың кiнәсiнен болмаса, мердiгердiң жұмыс үшiн сыйақы талап етуге құқығы жоқ.

Егер мердiгерлiк нысанасының жойылуы немесе жұмысты аяқтаудың мүмкiн болмауы тапсырысшы жеткiзген материал кемшiлiктерiнiң немесе оның жұмысты орындау әдiсi туралы өкiмдерiнiң салдарынан болса, не тапсырысшы орындалған жұмысты қабылдаудың мерзiмiн өткiзiп алғаннан кейiн болса, оның үстiне мердiгер осы Кодекстiң 628-бабы ережелерiн сақтаған болса, мердiгер жұмыс үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.

632-бап. Жұмыстың сапасы

1. Мердiгер орындаған жұмыс шарт ережелерiне, ал олар болмаған немесе толық болмаған жағдайда - әдетте тиiстi тектес жұмысқа қойылатын талаптарға сай болуы тиiс.

2. Егер заң актілерінде немесе оларда белгiленген тәртiпте мердiгерлiк шарты бойынша орындалатын жұмысқа мiндеттi талаптар көзделсе, кәсiпкер ретiнде iс-әрекет етушi мердiгер жұмысты осы мiндеттi талаптарды сақтай отырып орындауға мiндеттi.

Мердiгер белгiленген мiндеттi талаптармен салыстырғанда, сапаға қойылатын неғұрлым жоғары талаптарға сай келетiн жұмысты орындау мiндетiн шарт бойынша өзiне алуы мүмкiн.

633-бап. Жұмыс сапасына кепiлдiк

1. Заң актілерінде немесе шартта мердiгердiң тапсырысшыға жұмыс сапасына кепiлдiк беруi көзделген жағдайда мердiгер тапсырысшыға бүкiл кепiлдiк мерзiмiнiң iшiнде осы Кодекстiң 632-бабының талаптарына сай болуға тиiс жұмыс нәтижесiн беруге мiндеттi.

2. Жұмыс нәтижесiнiң сапасына кепiлдiк, егер шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс нәтижесiн құрайтын барлық элементтерге қолданылады.

634-бап. Кепiлдiк мерзiмiн есептеу тәртібі

Егер мердiгерлiк шартта өзгеше көзделмесе, кепiлдiк мерзімі орындалған жұмыс нәтижесiн тапсырысшы қабылдаған немесе қабылдауға тиiс болған кезден басталады.

635-бап. Мердiгердiң жұмыс сапасының тиiстi дәрежеде болмауы үшiн жауапкершiлiгi

1. Егер жұмысты мердiгер шарттан жұмысты нашарлататын ауытқулармен немесе оны шартта көзделген не шартта тиiстi ережелер болмаған кезде - әдеттегi пайдалану үшiн оларды жарамсыз ететiн өзге де кемшiлiктермен орындаса, заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбегендiктен, тапсырысшы өз таңдауы бойынша мердiгерден:

1) қисынды мерзiмде жұмыстың кемшiлiктерiн өтемсiз жоюды;

2) жұмыс үшiн белгiленген бағаны мөлшерлес азайтуды;

3) тапсырысшының кемшiлiктердi жою құқығы шартта көзделсе, өзiнiң оларды жоюға шыққан шығыстарын өтеудi талап етуге құқылы.

2. Мердiгер өзi жауап беретiн жұмыстың кемшiлiктерiн жоюдың орнына, тапсырысшыға орындаудың мерзiмiн өткiзiп алу арқылы келтiрген зиянды өтей отырып, жұмысты тегiн қайта орындауға құқылы. Бұл жағдайда тапсырысшы, егер жұмыс сипаты бойынша ондай қайтарып беру мүмкiн болса, оған бұрын тапсырылған жұмыс нәтижесiн мердiгерге қайтарып беруге мiндеттi.

3. Егер жұмыста шарттың талаптарынан ауытқу немесе жұмыстың өзге де кемшiлiктерi елеулi және жоюға келмейтiн болса не анықталған кемшiлiктер тапсырысшы белгiлеген қисынды мерзiмде жойылмаса, тапсырысшы шарттан бас тартуға және келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.

4. Шартта белгiлi бiр кемшiлiктерi үшiн мердiгердi жауаптылықтан босату көзделуi мүмкiн. Егер тапсырысшы кемшiлiктер мердiгердiң кiнәлi iс-әрекетiнiң немесе әрекетсiздiгiнiң салдарынан пайда болғандығын дәлелдесе, аталған ереже қолданылмайды.

5. Жұмысты орындау үшiн материалдар берген мердiгер олардың сапасы үшiн сатушының сапасы лайықсыз тауарлар үшiн жауаптылығы туралы ережелер бойынша жауап бередi (осы Кодекстiң 428-бабы 1-тармағының 1) 3) және 5) тармақшалары).

636-бап. Жұмыс сапасының лайықсыздығы туралы талап арыздар жөніндегі мерзiмнiң ескiруi

Мердiгерлiк шарт бойынша орындалған жұмыс сапасының лайықсыз болуынан туындаған талаптар үшiн талап арыз қою мерзiмiнiң өтуi тапсырысшы осы Кодекстiң 630-бабында көзделген мерзiм шегiнде мәлiмдеген кемшiлiктер анықталған күннен басталады.

637-бап. Мердiгердiң тапсырысшыға ақпарат беру мiндетi

Мердiгер тапсырысшыға жұмыстың нәтижесiмен бiрге, егер бұл шартта көзделсе немесе ақпараттың сипаты, онысыз жұмыстың нәтижелерiн шартта көрсетiлген мақсаттар үшiн пайдалану мүмкiн болмаса, шарттың нысанасын пайдалануға немесе өзгеше iске асыруға қатысты ақпаратты беруге мiндеттi.

638-бап. Тараптар алған ақпараттың құпиялылығы

Егер бiр тарап шарт бойынша өзiнiң мiндеттемесiн атқарудың арқасында басқа тараптан жаңа шешімдер мен техникалық білiмдер туралы ақпарат, оның iшiнде құқықтық қорғауды пайдаланбайтын ақпарат, сондай-ақ коммерциялық құпия ретiнде қаралуы мүмкiн мәлiметтер алса, оны екiншi тараптың келісімiнсiз үшiншi тұлғаларға хабарлауға құқығы жоқ.

Мұндай ақпаратты пайдаланудың тәртібі мен талаптары тараптардың келісімiмен белгiленедi.

639-бап. Тапсырысшыға материалдар мен жабдықтарды қайтарып беру

Осы Кодекстiң 627-бабының 4-тармағының немесе 635-бабының 3-тармағының негiзiнде тапсырысшы мердiгерлiк шарттан бас тартқан жағдайда мердiгер тапсырысшы берген материалдарды, жабдықтарды, өңдеуге берiлген затты және өзге де мүлiктi қайтаруға не оларды тапсырысшы атаған тұлғаға беруге, ал егер бұл мүмкiн болмаса, материалдар, жабдықтар және тапсырысшыдан алынған өзге де мүлiк құнының орнын толтыруға мiндеттi.

2. Тұрмыстық мердiгерлiктiң ерекшелiктерi



640-бап. Тұрмыстық мердiгерлiк шарты

Тұрмыстық мердiгерлiк шарты бойынша кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырушы мердiгер тапсырысшы азаматтың тапсырмасы бойынша тапсырысшының тұрмыстық немесе басқа да жеке қажеттерiн қанағаттандыруға арналған белгiлi бiр жұмысты орындауға мiндеттенедi, ал тапсырысшы жұмыстың нәтижесiн қабылдап алуға және оған ақы төлеуге мiндеттенедi.

Тұрмыстық мердiгерлiк шарты жария шарттарға жатады (осы Кодекстiң 387-бабы).

641-бап. Тапсырысшы құқықтарының кепiлдiктерi

1. Мердiгердiң тапсырысшыны тұрмыстық мердiгерлiк шартқа қосымша ақылы жұмыстарды немесе қызмет көрсетулердi енгізуге мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Бұл талап бұзылған жағдайда тапсырысшы мұндай жұмыстар мен қызмет көрсетулерге ақы төлеуден бас тартуға құқылы.

2. Тапсырысшы өзiне жұмыс нәтижелерiн өткiзгенге дейiн кез келген уақытта мердiгерге тапсырысшының шарттан бас тартуы туралы хабарлама алғанға дейiн орындалған жұмыс үшiн мердiгерге белгiленген бағаның бiр бөлiгiн төлеп, тұрмыстық мердiгерлiк шарттан бас тартуға құқылы және тапсырысшы мердiгердiң сол кезге дейiн жасаған шығындарын өтеуге мiндеттi. Тапсырысшыны бұл құқықтан айыратын шарт ережелерi жарамсыз болады.

642-бап. Шарттың нысаны

Егер заң актілерінде немесе шартта, оның iшiнде формулярлар ережелерiнде немесе тапсырысшы қосылатын өзге де стандартты нысандарда (осы Кодекстiң 339-бабы) өзгеше көзделмесе, тұрмыстық мердiгерлiк шарты мердiгердiң тапсырысшыға түбiртек немесе шарттың жасалғандығын растайтын өзге құжат берген кезден бастап тиiстi нысанда жасалған болып есептеледi.

Тапсырысшыда аталған құжаттардың болмауы оны шарттың жасалу фактiсiн немесе оның ережелерiн растауда куәгерлiк айғақтарға сiлтеме жасау құқығынан айырмайды.

643-бап. Тапсырысшыға жұмыстың нәтижелерi туралы ақпарат беру

Тапсырысшыға жұмыстардың нәтижелерiн өткiзген кезде мердiгер оған дайындалған немесе қайта жасалған затты не орындалған жұмыстың өзге нәтижесiн тиiмдi және қауiпсiз пайдалану үшiн сақталуы қажет талаптар туралы, сондай-ақ тиісті талаптардан сақтамауын тапсырыс берушiнiң өзiне және басқа адамдарға келтiрiлуi мүмкiн зардаптары туралы хабарлауға мiндеттi.

644-бап. Тапсырысшыға жұмыс туралы ақпарат беру

1. Мердiгер тұрмыстық мердiгерлiк шарт жасалғанға дейiн тапсырысшыға ұсынылатын жұмыстар, олардың түрлерi мен ерекшелiктерi туралы, жұмыстың бағасы мен оған ақы төлеудiң нысаны туралы қажеттi және сенімдi ақпарат беруге, сондай-ақ тапсырысшыға оның өтiнiшi бойынша шартқа және тиiстi жұмысқа сәйкес басқа да мәлiметтердi хабарлап отыруға мiндеттi. Егер жұмыстың сипаты бойынша мұның маңызы болса, тапсырысшыға мердiгер оны орындайтын нақты тұлғаны көрсетуге тиiс.

2. Тапсырысшы мердiгерден алынған ақпараттың толық немесе сенімдi болмауының салдарынан тапсырысшы көздеген қасиеттерi жоқ жұмыстарды орындауға шарт жасалған жағдайларда тапсырысшы тұрмыстық мердiгерлiк шартты бұзуды және зиянды өтеудi талап етуге құқылы.

645-бап. Жұмысты мердiгердiң материалынан орындау

1. Егер тұрмыстық мердiгерлiк шарты бойынша жұмыс мердiгердiң материалынан орындалатын болса, шартты жасау кезiнде тапсырысшы материал үшiн толық немесе тапсырысшы мердiгер орындаған жұмыстың нәтижесiн алған кезде түпкiлiктi есеп айырыса отырып, шартта көрсетiлген бөлiгi үшiн ақы төлейдi.

Шартқа сәйкес материалды мердiгер кредитке, оның iшiнде тапсырысшының материалға ақыны бөлiп-бөлiп төлеуi талабымен беруi мүмкiн.

2. Мердiгер берген материал бағасының шарт жасалғаннан кейiн өзгеруi қайта есептеуге әкеп соқпайды.

646-бап. Жұмысты тапсырысшының материалынан орындау

Егер тұрмыстық мердiгерлiк шарты бойынша жұмыс тапсырысшының материалынан орындалатын болса, түбiртекте немесе шарт жасасу кезiнде мердiгер тапсырысшыға беретiн өзге де құжатта материалдың дәл атауы, саны, сипаты мен тараптардың келісімi бойынша белгiленетiн бағасы көрсетiлуге тиiс. Түбiртектегi немесе сол сияқты өзге де құжаттағы материалды бағалауға тапсырысшы жазбаша дәлелдемелер ұсыну арқылы кейiн сотта дау айтуы мүмкiн.

647-бап. Жұмыстың бағасы және оған ақы төлеу

Тұрмыстық мердiгерлiк шартында жұмыстың бағасы тараптардың келісімiмен белгiленедi және ол мердiгер жарияланған прейскурантта көрсетiлгеннен жоғары болмауы керек. Тапсырысшы жұмысқа ақыны мердiгер оның нәтижесiн түпкiлiктi тапсырғаннан кейiн төлейдi.

Тараптардың келісімi бойынша жұмысқа тапсырысшы шарт жасасу кезiнде толық немесе аванс беру арқылы ақы төлеуi мүмкiн.

648-бап. Орындалған жұмыстан кемшiлiктер табудың зардабы

1. Тапсырысшы жұмыстың нәтижелерiн қабылдаған кезде немесе мердiгерлiк нысанасын пайдалану кезiнде кемшiлiктер тапқан жағдайда осы Кодекстiң 630-бабында көзделген жалпы мерзiмдердiң iшiнде, ал кепiлдi мерзiмдер болған кезде - сол мерзiмдердiң iшiнде осы Кодекстiң 635-бабында көзделген құқықтардың бiрiн жүзеге асыра алады.

2. Тұрмыстық мердiгерлiк шарт бойынша орындалған жұмыстың кемшіліктерін тегін жою туралы талап, егер заң актілерінде белгіленген тәртiпте өзге мерзiм (қызмет мерзiмi) көзделмесе, ол кемшiлiктер тапсырысшының өзiнiң және басқа да адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi болған жағдайда тапсырысшы немесе оның құқық мирасқоры жұмысты қабылдаған кезден бастап үш жыл iшiнде қойылуы мүмкiн. Мұндай талап бұл кемшiлiктердiң қай уақытта анықталғанына қарамастан, оның iшiнде кепiлдiк мерзiмi аяқталғаннан кейiн анықталған кезде де қойылуы мүмкiн.

Мердiгер аталған талапты орындамаған жағдайда тапсырысшы нақ сол мерзiм iшiнде не жұмыс үшiн төленген бағаның бiр бөлiгiн қайтаруды, не кемшiлiктердi өз күшiмен немесе үшiншi тұлғалардың көмегiмен жоюға кеткен шығындарды өтеудi талап етуге құқылы.

649-бап. Тапсырысшының орындалған жұмыс нәтижесiн алуға келмеуiнiң зардабы

1. Тапсырысшы орындалған жұмыс нәтижесiн алуға келмеген немесе тапсырысшы оларды қабылдаудан өзгедей жалтарған жағдайда мердiгер тапсырысшыға жазбаша түрде ескерте отырып, сол ескерткен күннен бастап екi ай өткен соң мердiгерлiк нысанасын қисынды бағаға сатуға, ал одан түскен соманы, мердiгерге тиесiлi барлық төлемдi шегерiп, осы Кодекстiң 291-бабына сәйкес тапсырысшының атына нотариустың депозитіне салуға құқылы.

2. Осы баптың 1-тармағында аталған жағдайларда мердiгер мердiгерлiк нысанасына сатудың орнына оны ұстап қалу (осы Кодекстiң 624-бабы) немесе тапсырысшыдан келтiрiлген залалды өндiрiп алу құқығын пайдалана алады.

650-бап. Шарттағы тараптардың бiрiнiң қайтыс болуының зардабы

Тұрмыстық мердiгерлiк шарт тараптардың бiрiнiң қайтыс болуы негiзiнде тоқтатылған жағдайда (осы Кодекстiң 376-бабы) шарттың тоқтатылу зардабы тиiстi тараптың құқықтық мирасқоры мен оның келісім-шарт жасасушы агентiнiң арасындағы келісім бойынша, ал олар келісімге келмеген кезде орындалған жұмыстың мөлшерi мен оның бағасы, жұмсалған және сақталған материалдың құны, сондай-ақ басқа да елеулi жағдайлар ескерiле отырып сот арқылы айқындалады.

3. Құрылыс мердiгерлiгiнiң ерекшелiктерi




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   26


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет