Қазақстан республикасының денсаулық сақтау министрлігі қр медициналық жоғары оқу орындарының ОҚУ-Әдістемелік бірлестігі



жүктеу 0.58 Mb.
бет1/3
Дата25.04.2016
өлшемі0.58 Mb.
  1   2   3
: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сабақтың тақырыбы: Спорттық ойын волейбол ойынға қосылған допты жоғарыдан немесе төменнен қабылдау
2014 -> Эй бир боорум! Менден бир нече насыйкат сурадың. Сен бир жоокер болгонуң үчүн, аскердик мисалдар менен айтылган сегиз чакан аңгеме аркылуу бир нече акыйкатты напсим менен бирге уккун
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> ЖҰмыс бағдарламасы пән: «Қоғамтану» Мамандығы: : 0301000
2014 -> Ұлт тарихы толқынындағЫ Ұлы тұЛҒалар
2014 -> Конкурс ережесі «Астана Опера»
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК БІРЛЕСТІГІ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы

Орынбасарова К.К.

ҚҰРАМЫНДА ЖҮРЕК-ҚАН ТАМЫРЛАРЫНА ӘСЕР ЕТЕТІН ЖӘНЕ

Р-ВИТАМИНДІ БЕЛСЕНДІЛІК КӨРСЕТЕТІН ФЛАВОНОИДТАРЫ БАР КЕЙБІР ДӘРІЛІК ӨСІМДІКТЕР
Оқу-әдістемелік құрал

Шымкент, 2009

ӘОЖ 615.32:615.224

ББК 52.821:52.817.13

О-74



Пікір дайындағандар:

Т. Байзолданов – С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ фармацияны ұйымдастыру және экономикасы мен дәрілер технологиясы кафедрасының меңгерушісі, фарм. ғ. докторы, профессор

М.С. Кадеева – ОҚММА клиникалық фармакология курсымен фармакология және фармакотерапия кафедрасының доценті, фарм. ғ. кандидаты

Е.Қ. Сәлім – ОҚММА мемлекеттік тілде терминдердің қолданылуын қарастыру комиссиясының төраға орынбасары


О-74 Орынбасарова К.К.

Құрамында жүрек-қан тамырларына әсер ететін және Р-витаминді белсенділік көрсететін флавоноидтары бар кейбір дәрілік өсімдіктер. Оқу-әдістемелік құрал. – Шымкент, 2009. – 57 бет.

ISBN 9965-15-728-6
Кк

Оқу-әдістемелік құрал медициналық жоғары оқу орындарының фармацевтикалық факультеті 3-5 курс студенттері мен колледж оқушыларына арналған

ББК 52.812:52.817.13

ҚР медициналық жоғары оқу орындарының оқу-әдістемелік бірлестігі жұмыс комиссия мүшелерінің шешімімен бекітілді және басылымға рұқсат берілді. № 1 Хаттама 05.01.2009 ж.



ISBN 9965-15-728-6
(С) Орынбасарова К.К., 2009

МАЗМҰНЫ
1. Кіріспе 4

2. Флавоноидтардың жалпы сипаттамасы, физика-химиялық қасиеттері және жіктелуі 4

3. Құрамында флавоноидтары бар дәрілік өсімдік шикізатын талдау 10

4. Шикізатты жинау, кептіру және сақтау 15

5. Флавоноидтардың медицинада қолданылуы және олардың

препараттары 16

6. Құрамында жүрек-қан тамырларына әсер ететін және Р-витаминді белсенділік көрсететін флавоноидтары бар кейбір дәрілік өсімдіктер 22

7. Қорытынды 38

8. Өз бетінше бақылауға арналған сұрақтар 39

9. Өз бетінше бақылауға арналған тест тапсырмалары 41

Әдебиеттер тізімі 56



КІРІСПЕ

Фенолды қосылыстар көптеген өсімдік құрамының міндетті бөлігі бола отырып, зерттеушілердің назарына ерекше ілініп отыр. Флавоноидтар фенолды қосылыстардың табиғатта едәуір кең таралған тобына жатады. Флавоноидты қосылыстар құрамындағы негізгі ядроның құрылыс ерекшелігіне әсер етуші топтар және де флавоноидтар қосылыс түзетін заттар мен элементтер жиынтығына байланысты құрылысының өте кең құрылымдық ерекшелігімен сипатталады.

Флавоноидтар – қазіргі таңда өзінің құрамына шамамен алғанда бес мың қосылысты жинақтаған табиғи полифенолдар, оларды капиллярлардың қабырғасын нығайту тәріздей жалпы қабілетіне (Р-витаминді белсенділігіне) байланысты бір топқа біріктіреді.

Р-витаминдік қасиет көрсететіндер флаванондар (гесперидин), флавонолдар (рутин, кверцетин, кверцитрин, изокверцитрин, мирицетин), халкондар (гесперидинметилхалкон), дигидрохалкондар (флоридин), катехиндер (L-эпикатехин, L-эпигалокатехин, L-эпигалокатехингпллат), антоцианидиндер, лейкоантоцианидиндер.

Қазіргі кезде адамдар Р-авитаминозы белгілері баяндалған, олар әсіресе, қозғалыс барысында күшейтетін иық пен аяқ маңы ауырсынуларын, жылдам шаршап-шалдығуын жатқызады. Аурудың едәуір ерекше көріністеріне кенеттен пайда болатын, әсіресе қысым көбірек түсетін бөліктерде және де флавоноидтарды қабылдағанда жойылатын ұсақ тері асты қан ағулары (петехия) жатады. Физиологиялық қысым факторларының әсеріне кенеттен тап болған адамдар ағзасы Р-витаминін қосымша қабылдап отыруды қажет етеді.

Қиын анықталатын экзогенді (біріншілік) Р-витаминді жетіспеушілікке қарағанда эндогенді (екіншілік) жетіспеушілік өте жиі кездеседі. Мысалы, ол капилляр қабырғаларының улы зақымдануларында байқалады. Осы кезде аурудың флавоноидтар әрекет етуінің тоқтауынан, я болмаса олардың фармакодинамикалық әсерінің бұзылуынан болғанын яғни әрдайым нақты себебін анықтау мүмкіндігі бола бермейтінін атау қажет. Капиллярлардың жарылғыштығының жоғарылауы гипертонияда, жүкті әйелдердің жерік кезінде, алиментарлы ісінуде, диабетте, мырыш пен висмут препараттарын қабылдағанда, дикумаринтерапия салдарынан, аллергиялық жағдайда, сәулелі ауруларда, қорғасынмен, хлороформмен және басқа да химиялық заттармен улану кезінде кездеседі.


ФЛАВОНОИДТАРДЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ, ФИЗИКА-ХИМИЯЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ ЖӘНЕ ЖІКТЕЛУІ

Флавоноидтар деп С6-С3-С6 көміртекті бірліктерден тұратын фенилпропанды қаңқасының негізінде түзілген бензо-γ-пирон туындыларының табиғи биологиялық белсенді қосылыстарының тобын айтамыз. Бұлар сақинасында оттегі атомы бар гетероциклдық қосылыстар.



Хромонда α жағдайындағы сутегі атомын фенил тобына алмастырғанда А және В екі ароматтық қалдықтан және үшкөміртекті тізбектен тұратын (пропандық қаңқа) 2-фенил-(а)-бензо-γ-пирон немесе флавон түзіледі. Флавоноидтар атауы арқылы (лат. flavus – сары, себебі алғаш рет өсімдіктен алынған флавоноидтар сары түсті болған, кейіннен олардың көпшілігі түссіз болатындығы анықталған) бір-бірімен генетикалық байланысты, бірақ әр түрлі фармакологиялық әсерге ие түрлі қосылыстар біріктірілген.


Таралуы
Флавоноидтар өсімдік әлемінде кеңінен таралған. Флавоноидтарға әсіресе раушангүлділер (долана түрлері, қара жемісті арония), бұршақтар (жапон софорасы, егістік қуаңдәрі, мия), тарандар (таран түрлері – бұрыш, айланшөп, құс таран, қарақұмық), астерлер (құмдық салаубас, батпақ ақшайыр, түймешетен), тауқалақайлар (өзекті сасықшөп) және басқа тұқымдастарына жататын жоғарғы сатыдағы өсімдіктер бай. Флавоноидтарды, әсіресе, тропикалық және альпалық өсімдіктерден жиірек кездестіруге болады. Флавоноидтар төменгі сатыдағы өсімдіктерден жасыл балдырлар (балдыршөп), спора түзетіндер (мүктер, усасыр), қырықбуындар (дала қырықбуыны) және кейбір жәндіктерден (мәрмәрдай-ақ көбелек) де айқындалған. Флавоноидтар өсімдіктердің түрлі бөліктерінде, көбінесе жер үсті бөліктерінде: гүлдерінде, жапырақтарында, жемістерінде жиі кездеседі, ал жер асты бөліктерінде және өсімдік сабақтарында (мия, байкал томағашөбі, егістік қуаңдәрі) біршама аз кездеседі. Әсіресе, оларға жас гүлдер мен піспеген жемістер өте бай. Жасуша сөлінде еріген күйінде таралған. Флавоноидтардың өсімдіктегі мөлшері әр түрлі, орташа есеппен 0,5-5%, кейде 20%-ға дейін (жапон софорасының гүлінде) жетеді. Өсімдіктерде флавоноидтар гликозидтер түрінде және бос күйінде кездеседі. Ферменттердің әсерінен олар агликондар мен қанттарға дейін ыдырайды. Қанттардан D-глюкоза, D-галактоза, D-ксилоза, L-рамноза және L-арабиноза, D-глюкурол қышқылын кездестіруге болады. Барлық флавоноидты гликозидтер үш топқа бөлінеді, олар O-гликозидтер, С-гликозидтер және кешенді қосылыстар.
Флавоноидтардың жинақталуына әсер етуші факторлар
Негізгі факторларға өсімдіктің жасы мен даму сатысы жатады. Жас өсімдіктерде бұлар көп, кәрі өсімдіктерде олардың мөлшері азая түседі. Шанақтану және гүлдеу кезеңінде өсімдіктің гүлінде, жапырағы мен шөбінде флавоноидтардың едәуір жоғары мөлшері байқалады, ал жеміс беру кезеңінде олардың мөлшері төмендейді. Жемісі мен тұқымында толық пісу кезеңінде, тамырында – күзде, жер үсті бөлігі солған кезеңде флавоноидтар мөлшері жоғарылайды. Қоршаған ортаның факторлары (жарық, топырақ, ылғал, теңіз деңгейінің биіктігі және т.б.) да флавоноидтардың жинақталуына едәуір әсер етеді. Оңтүстік және биік таулы аудандарда жарықтың әсерінен және микроэлементтерге бай топырақта флавоноидтар мөлшері жоғарылайды.
Флавоноидтардың биологиялық маңызы
Өсімдік тіршілігіндегі флавоноидтардың биологиялық ролі әлі жеткіліксіз зерттелмеген. Кейбір авторлардың пікірінше флавоноидтар төмендегі келтірілген маңызды процесстерге қатысады:

– өсімдіктегі тотығу-тотықсыздану процесстеріне;

– иммунитеттің пайда болуына;

– өсімдікті ультракүлгін сәулелер мен төмен температураның қолайсыз әсерінен сақтауда.

Болжам бойынша флавоноидтар ультракүлгінді сәулені (330-350 нм) және көрінетін сәуленің белгілі бір бөлігін (520-560 нм) жұту қабілетінің арқасында өсімдік ұлпаларын артық радиациядан сақтай алады. Мұны флавоноидтардың өсімдіктің эпидермальды (жоғары бетке жақын) жасушаларында орналасуымен дәйектейді, әсіресе жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің ұрықтану және көбею процесінде. Флавоноидтар өсімдіктердің жемістері мен гүлдеріне әр түрлі түс бере отырып, жәндіктердің назарын аудара отырып өсімдіктердің тозаңдануына белгілі әсер көрсетеді. Кейбір флавоноидтар аскорбин қышқылын тотығудан сақтайды, яғни антиоксиданттар қызметін атқарады. Өзектің экстрактивті заттар құрамына ене отырып флавоноидтар оған ерекше беріктілік береді және оның патогенді саңырауқұлақтардың зақымдауына төзімділігін күшейтеді.
Жіктелуі

С6-С3-С6 пропан қаңқасының тотығу және гидроксилдену дәрежесіне және фенилды радикалдың орналасуына тәуелді флавоноидтар бірнеше топқа бөлінеді. В сақинасының орналасу жағдайына қарай оларды меншікті флавоноидтарға (эуфлавоноидтар), изо- және неофлавоноидтарға жіктейді.



Флавондар – түссіз немесе аздаған сары түсті заттар, олардың гидроксилденген формалары (флавон апигенин) түймешетен мен түймедақтың гүлдерінің құрамына кіреді. Фенил тобы екінші жағдайда орналасқан.



Изофлавондарда (дала қуаңдәрісінің тамырлары) фенил тобы үшінші жағдайда орналасқан.

Флавонолдар – күңгірт-сары түсті заттар. Флавондардан үшінші жағдайдағы ОН тобының болуымен ажыратылады.

Гидроксил топтар санының көбеюіне және олардың орналасу жағдайына тәуелді олардың түсі қоюлана түседі. Жиі, 4-5 гидроксил тобы бар қосылыстар кездеседі, мысалы кверцетин – 3,5,7,3΄,4΄ – пентагидрооксифлавонол.

Медицинада рутин гликозидінің – 5,7, 3΄,4΄– тетрагидрооксифлавонолдың үлкен маңызы бар. Рутин қарақұмықтың, тарандардың (бұрыш, айланшөп, құс тарандарда) құрамына кіреді. Жеті гидроксил тобы бар қосылыстар да кездеседі. Гидроксилдерді метилдеу негізгі бояудың түрлі түстерін көбейтеді.


Флавонондарда (флавонның гидрирленген туындысы) флавонмен салыстырғанда 2-ші және 3-ші көміртегі арасында қос байланыс болмайды. Бұлардың өкілдері гесперетин (гликозид күйінде цитрус жемістерінде болады), гликозид ликвиритин (мия тамырында болады және оған сары түс береді).

Флавонондардың флавонолдан айырмашылығы оларда 2-ші және 3-ші жағдайдағы көміртектер арасында қос байланыс болмауы. ОН-тобы флавонолдағыдай 3-ші көміртегінде орналасқан. Флавонолдың қаңқасын аромадендрин гликозиді құрайды, ол эукалипт жапырағында кездеседі.

Флавоноидтарға халкон туындылары, катехиндер, антоцианидиндер, аурондар жатады. Катехиндер полифенолға жатады, олар конденсирленген илік заттар құрамына кіреді. Катехиндер едәуір тотықсызданған флавоноидты қосылыстар болып келеді. Гүлдердің түсінің қызыл және көк түсті болуы оның құрамындағы антоцианидиннің болуына байланысты. Ортаның рН мәніне тәуелді гүлдердің түсі өзгеріп отырады. Қышқылдық ортада олар қызғылт, қызыл түс түзеді, ал сілтілі ортада әртүрлі реңдерімен көгілдірден көкшілге дейін өзгереді. Аурондардың құрылымы әр түрлі болады. Олар астерлер тұқымдасының өсімдіктерінде кездеседі. Өсімдікте гликозид күйінде болады.



Изофлавоноидтар өсімдікте изофлавон туындылары ретінде кездеседі.

Генистеин – 5,7,4 – үшокси-изофлавон және даидзеин – 5,7,3,4 – тетраокси-изофлавон фасоль және бұршақтар тұқымдасына жататын басқа өсімдіктерінің бұршақ қырларында кездеседі.

Формононетин – 7,4 – метокси-изофлавон және оның 7-глюкозид-ононин қуаңдәрінің тамырында кездеседі.



формононетин

Флавоноидтардың басқа класстары

1. Ксантондар.

Алпизарин және оның 6-С-гликозиды – мангиферин толғақшөп және альпа тиынтақ шөптерінің құрамына кіреді.

2. Флаволигнандар – силибин, силимарин шұбар алатікен жемістерінің құрамында анықталды.


Физикалық қасиеттері

Катехиндер, лейкоантоцианидиндер, флаванонолдар, изофлавондар – түссіз; флаванондар, флавондар, флавонолдар – сары түсті; халкондар мен аурондар – қызғылт түсті; антоцианидиндер ортаның реакциясына тәуелді қызыл, көк немесе күлгін аморфты немесе қиыршықты заттар, иіссіз, ащы дәмді, белгілі бір балқу температураға ие (гликозидтер – 100-1800С, агликондар 3000С-ге дейін).



Ерігіштігі. Гликозидтер, катехиндер және лейкоантоцианидиндер суда, этанолда және түрлі концентрациядағы метанолда жақсы ериді, органикалық еріткіштерде (диэтил эфиры, хлороформ, ацетон) ерімейді. Катехиндер мен лейкоантоцианидиндерден басқа бос агликондар суда ерімейді, бірақ этанолда, метанолда және басқа органикалық еріткіштерде (диэтил эфиры, хлороформ, ацетон) жақсы ериді. Барлық флавоноидтар пиридинде, диметилформамидте және сілтілерде жақсы ериді.

Барлық флавоноидтар оптикалық белсенді, УК-сәуледе флюоресценцияға қабілетті, жұтылудың екі максимумы бар өзіне тән УК (ультра күлгін) және ИҚ (инфра қызыл)-спектрлерге ие.


Химиялық қасиеттері

Химиялық қасиеттері флавоноидтардың құрылыс ерекшелігімен ондағы ароматтық және пиранды сақиналардың, функционалды топтың болуымен сипатталады.

1. Гликозидтер ферментативті және қышқылдық гидролизге ұшырап агликондар мен қанттарға дейін ыдырайды. О-гликозидтер гидролизге оңай ұшырайды, С-гликозидтер – тек қатаң жағдайда Килиани қоспасы (концентрлі хлорсутек және сірке қышқылдарының қоспасы) әсерінен.

2. А және В сақиналарының болуына байланысты флавоноидтар төменде көрсетілген қабілеттерге ие:

– металдар (темір, алюминий, цирконий) тұздарымен кешенді қосылыстарды түзу. Мысалы, темір тұздарымен гидроксил тобының санына қарай жасыл, көк және қоңыр түсті, ал алюминий тұздарымен – сары, сарғыш-жасыл флюоресценциямен тұздар түзіледі;

– диазоний тұздарымен азобояғышты түзіп азобайланыстар реакциясына түседі.

3. Құрамында пиронды цикл бар флавоноидтар (флавондар және флавонолдар) келесі қасиеттерге ие:

– металды магний немесе мырыш және қышқылдың әрекеттесу реакция нәтижесінде алынған атомдық (бос) сутекпен қышқылды ортада антоцианидиндерге дейін тотықсыздану (Синод сынамасы немесе цианидинді сынама);

– сілтіде ери отырып суда еритін феноляттар түзеді.

4. Құрамында пиранды циклы бар флавоноидтар (катехиндер, лейкоантоцианидиндер) флавон және флавонол туындыларына дейін жеңіл тотығуға қабілетті.

5. Флавоноидтар қатаң жағдайда сілтімен балқытқанда құрылымдық бөліктерге ыдырайды, бұл оның құрылысын анықтау үшін қолданылады.

Физикалық және химиялық қасиеттерін шикізаттың өзі екендігін және сапасын анықтауда пайдаланады.


ҚҰРАМЫНДА ФЛАВОНОИДТАРЫ БАР ДӘРІЛІК ӨСІМДІК ШИКІЗАТЫН ТАЛДАУ
Флавоноидтардың агликондары мен гликозидтерінің спиртте ерігіштігін ескере отырып флавоноидтарды шикізаттан метанол немесе этанолмен экстракциялау арқылы бөліп алады. Спиртті сығындыны буландырып су қосады. Салқындатқаннан кейін бейполярлы заттар (ақуыздар, майлы майлар, стериндер, хлорофилл) тұнбаға түседі, оларды бөліп алады. Жиі жағдайда іліспелі заттарды аластату үшін шикізатты алдын ала хлороформмен өңдейді, яғни “майсыздандырады”, содан соң түрлі концентрациядағы спиртпен экстракциялайды. Спиртті сығындыны зерттейді. Сапалық және сандық талдаулар жүргізеді.

Сапалық талдау

Шикізаттың өзі екендігін анықтау үшін талдауда сапалық реакциялар мен хроматографиялық зерттеулер жүргізеді.


Сапалық реакциялар

1. Синод сынамасы (цианидинді сынама). Реакция флавоноидтардың тотыққан түрлерінің антоцианидинге дейін бөліну сәтіндегі сутегімен тотықсыздануға қабілеттілігіне негізделген. Қышқылдық ортада оксони тұздары түзіледі, олардың түсі флавоноидтың құрылысына байланысты болады (Музычкина Р.А., 2002).

Флавондар қызғылт-сары-қызыл түсті, ал флавонолдар қызғылт түстен қызыл күреңге дейін боялған тұздар түзеді.


Антоцианидиндер, халкондар және аурондар қышқыл ортада боялған оксони тұздарын бірден береді.

Бұл реакция Мемлекеттік фармакопеяның (МФ) ХІ басылымында (2 том, 1990) құмдық салаубас гүлдерінің өзі екендігін анықтау үшін берілген.

2. Бриант сынамасы. Бұл сынаманы цианидинді сынама оң нәтиже

бергенде жүргізеді.

Бұл реакция шикізатта гликозидтер мен агликондардың бар екендігін қорытындылауға мүмкіндік береді.

Синода сынамасы жүргізілген шыны пробиркаға октанол қосады да шайқайды, егер:

– бояу октанолға ауысса, онда шикізатта тек октанолда еритін агликондар ғана бар;

– бояу сулы фазада қалса – шикізатта тек гликозидтер бар;

– екі қабаты да боялса – онда шикізатта флавоноидтар гликозид күйінде де агликон күйінде де болғаны.

3. Темір тұздарымен (тотыққан темір хлоридімен) реакция, мұнда егер флавоноидтар – үшокси туындылары болса, онда қара-көк түсті, егер диокси туындылары болса, онда жасыл түсті кешенді қосылыстар түзіледі.

4. Алюминий хлоридінің 2-5% спиртті ерітіндісімен реакция. Мұнда карбонильді және окситобының арасында сары-жасыл флюоресценция беретін сутекті байланыстардың пайда болу нәтижесінде хелатты кешендер түзіледі.

Бұл реакция МФ ХІ басылымында (2 том, 1990) шайқурайдың, бұрыш және құс тарандардың өзі екендігін анықтау үшін берілген. Цирконий тұздарымен осыған ұқсас кешендер түзіледі.

5. Қорғасын негізгі ацетатының 1%-қ ерітіндісімен реакция. Антоцианидиндер көк түсті аморфты тұнба түзеді. Флавондар, халкондар және аурондар ашық-сары түсті тұнба түзеді.

6. Флавондар мен флавонолдар 10% спиртті ерітіндісімен әсер ету арқылы сары түсті феноляттар түзу реакциясы. Антоцианидиндер сілтілермен көк түстен зәйтүн-жасыл түске дейінгі тұздар түзеді.

7. Диазоқосылыстармен азобайланыстар түзу реакциясы. Мұнда қызғылт-сары, қызыл немесе шие түстес қызыл азобояғыштар пайда болады.

8. Вильсон реактивімен (0,5 грамнан бор және лимон қышқылдарының метанолдағы ерітіндісі) борлы-лимон реакциясы.

Флавоноидтардың фуранохромондардан айырмашылық реакциясы. Флавоноидтар бор қышқылымен ашық-сары флюоресценциялы сары түсті кешен түзеді, ол лимон қышқылының әсерінен ыдырамайды.

Хроматографиялық зерттеулер

Флавоноидтарды ұқсастыру және бөлу үшін қағазды хроматография (ҚХ), колонкалы хроматография және сорбенттің жұқа қабатындағы хроматография (ЖҚХ) әдістері қолданылады. Флавоноидтар олардың әртүрлі ерігіштігі, сорбциялық қабілеті, сонымен бірге көрінетін және фильтрленген ультракүлгін сәуледе түрлі хромогенді реагенттермен айқындау алдында және айқындаудан соң заттардың ерекше өзіне тән бояуларының арқасында хроматографиялық талдауға өте ыңғайлы.

Бұл үшін еріткіштердің әртүрлі жүйелерін пайдаланады:

– ҚХ жиі жағдайда БСС (бутанол-сірке қышқылы-су) 4:1:5; 4:1:2;

– ЖҚХ – хлороформ-метанол 8:3; 8:2.

Флавоноидтарды хроматограммадағы УК-сәулесіндегі ерекше сәуле таратуына, жарқырауына және хромогенді реактивтермен анықтағаннан кейін ұқсастырады.

Катехиндер мен лейкоантоцианидиндер флюоресценция бермейді. Флавондар және изофлавондардың гликозидтері көгілдір немесе көк түсті сәуле береді, флавонолдардың гликозидтері – күңгірт қоңыр немесе қара, флавондардың агликондары – қоңыр, флавонолдардың агликондары – сары, халкондар мен аурондар сары немесе қызғылт-сары сәуле береді.

Флавоноидтарды хроматограммада айқындау үшін төмендегілерді пайдаланады:

1. 25%-дық аммиак буы. УК-жарық әсерінен дақтың бояуы күшейе түседі немесе бояу түсі сарыға дейін өзгереді.

2. Алюминий хлоридінің 2-5% спиртті ерітіндісі УК-жарықта сары-жасыл флюоресценция, көрінетін жарықта – сары түсті сәуле береді.

3. Катехиндерді концентрленген хлорсутекті қышқылындағы ванилиннің 1% ерітіндісінде анықтайды, көрінетін сәуледе – қызыл түске боялуы байқалады.

Кейде, сирек жағдайда Вильсон реактивін, цирконий хлорокисінің 2%-дық метанолды ерітіндісін, бесхлорлы сурьманың хлороформдағы ерітіндісін, диазореактивті пайдаланады.

МФ ХІ басылымында (2 том, 1990) ҚХ әдісімен итошаған шөбінің құрамындағы халкондар мен аурондарды, қуаңдәрі тамырындағы изофлавондарды; долана жемістері мен гүлдеріндегі флавоноидтарды “Силуфол”-да ЖҚХ дала қырықбуынының шөбіндегі флавон-5-гликозидтерді зерттеу әдістемелері көрсетілген.

Сандық анықтау

Дәрілік өсімдік шикізатының құрамындағы флавоноидтарды сандық анықтау үшін талдаудың физика-химиялық әдістерін қолданады. Көбінесе фотоэлектроколориметриялық және спектрофотометриялық әдістер қолданылады.



Фотоэлектроколориметриялық (ФЭК) әдіс

ФЭК әдіс флавоноидтардың металл тұздарымен және диазони тұздарымен азобайланыстар түзу реакциялары арқылы алынған боялған ерітінділерінің оптикалық тығыздығын өлшеуге негізделген.

МФ ХІ басылымында (2 том, 1990) ФЭК әдісін үшжапырақты субеденің құрамындағы флавоноидтар суммасын анықтау үшін ұсынады. Бұл үшін алдымен шикізатты хлорофилден хлороформмен тазартып алады, флавоноидтардың спиртті сіріндісін алып, бұдан соң диазотталған стрептоцидпен азобояғыш түзу реакциясын жүргізеді де ФЭК-дің көмегімен боялған ерітіндісінің оптикалық тығыздығын өлшейді. Флавоноидтар суммасының мөлшерін рутиннің стандартты үлгісі бойынша құрастырылған калибрлі график бойынша есептейді.

Спектрофотометриялық әдіс (СФӘ)

СФ әдіс флавоноидтардың немесе олардың боялған кешенді ерітінділерінің белгілі бір толқын ұзындығында монохромды жарықты жұту қабілетіне негізделген.

1. Төмендегі өсімдіктерден спиртті сіріндіні бөліп алып, меншікті жұтылуды анықтайды:

– құмдық салаубас гүлдері үшін 315 нм толқын ұзындығындағы жұтылуын өлшеп, мемлекетті стандартты үлгісінің (МСҮ) – изосалипурпозидтің оптикалық тығыздығын пайдалана отырып изосалипурпозидке шаққанда флавоноидтардың мөлшерін есептейді;

– қуаңдәрі тамырларындағы ононинге шаққанда изофлавоноидтардың мөлшерін анықтау үшін 260 нм толқын ұзындығында МСҮ – онониннің оптикалық тығыздығын есепке алады;

– түймешетен гүлдері үшін буфер ерітіндісіндегі флавоноидтар мен фенолкарбон қышқылдарының оптикалық тығыздығын өлшейді және МСҮ – лютеолиннің оптикалық тығыздығын пайдалана отырып лютеолинге шаққанда флавоноидтар мен фенолкарбон қышқылдарының мөлшерін есептейді.

2. Келесі өсімдіктерден спиртті сығындысын алып, алюминий хлоридінің 2%-дық спиртті ерітіндісімен кешенді қосылыс түзу реакциясын жүргізіп, оптикалық тығыздықты өлшейді:

– шайқурай шөбінің рутинге шаққанда рутиннің МСҮ-нің оптикалық тығыздығын есепке алады;

– бұрыш таран шөбінің кверцетинге шаққанда кверцетиннің алюминий хлоридімен кешенді қосылысының жұтылу меншікті көрсеткішін есепке алады;

– құс таранның авикуларинге шаққанда авикулариннің алюминий хлоридімен кешенді қосылысының жұтылу меншікті көрсеткішін есепке алады.

3. Көк гүлкекіренің гүлдерінен 1%-дық хлорсутекті қышқылы ерітіндісімен антоциандардың сығындысын алады, бұл кезде боялған оксони тұздары түзіледі. Олардың оптикалық тығыздығын өлшеп цианидиннің 3,5 дигликозидіне (цианинге) шаққанда цианиннің хлорсутек қышқылының 1% ерітіндісіндегі жұтылу меншікті көрсеткішін есепке алып, антоциандардың мөлшерін анықтайды.

Хроматоспектрофотометриялық әдіс

Хроматоспектрофотометриялық әдіс – флавоноидтарды сандық анықтауда қолданылатын едәуір жетілдірілген әдіс. Ол хроматография әдісімен бірге жүргізіледі, әрі заттар жиынтығын тазартуға және оларды жеке бөліп алуға мүмкіндік береді.

1. Флавоноидтарды сорбенттің жұқа қабатында алдын-ала бөлу (долана

гүлдері үшін). Анықтау сатылары:

– спирт сығындысын алады;

– сығындыны тазартады;

– флавоноидтарды “Силуфол” тақтасында хлороформ-метанол (8:2) еріткіштер жүйесінде гиперозидтің МСҮ куәгермен бірге хроматографиялық әдіспен бөледі;

– тақтадағы гиперозид пен куәгерді УК-жарықта ұқсастырады;

– гиперозидті және МСҮ-ні диоксан мен су (1:1) қоспасымен жеке элюациялайды;

– зерттелетін ерітіндінің және МСҮ ерітіндінің 365 нм толқын ұзындығында оптикалық тығыздықтарын өлшейді;

– гиперозид мөлшерін есептейді.

2. Флавоноидтарды полиамидті колонкада алдын ала бөлу (долана жемістері үшін). Анықтау сатылары:

– спирт сығындысын алады;

– спиртті аластатып қалдықты натрий хлоридінің 10%-дық ерітіндісімен өңдейді;

– алынған ерітіндіні полиамидті колонкаға енгізеді;

– колонкадағы флавоноидтарды 95% этанолмен элюациялайды, сары түске боялған элюатты 25 мл өлшеуіш колбаға жинайды;

– элюаттың оптикалық тығыздығын 365 нм толқын ұзындығында өлшейді;

– салыстыру үшін флавоноидтардың элюаттарына ұқсас алынған гиперозидтің МСҮ элюатының оптикалық тығыздығын өлшейді;

– флавоноидтардың мөлшерін гиперозидке шаққанда гиперозидтің МСҮ элюатының оптикалық тығыздығын есепке алып анықтайды.

3. Батпақты ақшайыр шөбін сандық анықтау жүргізудің келесі сатылары

белгіленген:

– спирт сығындысын алады;

– спиртті аластатып қалдықты натрий хлоридінің 10%-дық ерітіндісімен өңдейді;

– алынған ерітіндіні полиамидті колонкаға енгізеді;

– колонкадағы флавоноидтарды 95% этанолмен элюациялайды, күңгірт-сарғыш түске боялған элюатты 50 мл өлшеуіш колбаға жинайды;

– элюаттың оптикалық тығыздығын 338 нм толқын ұзындығында өлшейді;

– салыстыру үшін флавоноидтардың элюаттарына ұқсас алынған калий бихроматының стандартты үлгісі ерітіндісінің оптикалық тығыздығын өлшейді;

– флавоноидтардың мөлшерін А гнафалозидке шаққанда калий бихроматының стандартты үлгісі ерітіндісінің оптикалық тығыздығын және А гнафалозидке шаққанда калий бихроматының есептеу коэффициентін, сонымен бірге полиамидті сорбенттегі А гнафалозидінің толық емес элюациялау түзету коэффициентін есепке алып анықтайды.

4. Толғақшөп шөбінің құрамындағы ксантондарды сандық анықтау сатылары:

– қышқылданған 60%-дық этанолмен сығындыны алады;

– 2 мл сығындыны полиамидті сорбент колонкасына енгізеді;

– ксантондарды 95%-дық этанолмен элюациялап, сары түске боялған элюатты 50 мл-лік өлшеуіш колбаға жинайды;

– алюминий хлоридінің боялған кешенді ерітіндісін алады;

– боялған кешеннің оптикалық тығыздығын өлшейді;

– салыстыру үшін алпизарин мен алюминий хлориді боялған кешені МСҮ-ң оптикалық тығыздығын өлшейді;

– ксантондардың мөлшерін алпизаринге шаққанда алпизарин мен алюминий хлориді боялған кешені МСҮ-ң оптикалық тығыздығын есепке алып анықтайды.



  1   2   3


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет