Қазақстандағы пайдалы қазбаларды игерудің негізгі кезеңдері



жүктеу 386.74 Kb.
Дата25.04.2016
өлшемі386.74 Kb.
Қазақстандағы пайдалы қазбаларды игерудің негізгі кезеңдері
Мұнай мен табиғи туындылардың Жердің бетіне шығатыны туралы жергілікті халыққа ежелгі кезден белгілі болды. Бұған Майтөбе (масляный холм), Қараарна (черное русло), Майкөмген (место захоронения масла), Қарашүңгіл (черная впадина), Жақсымай (хорошее масло), Қарамай (черное масло), Қаратоң (черный затвердевший грунт), Мұнайлы (нефтяное) және басқалары сияқты көптеген орографиялық және гидрографиялық объектілер: шатқалдардың, бұлақтардың, құдықтардың және т.с.с. қазақша атаулары соған айғақ..
Бастапқы кезең. Халықта Әукетай-Шағыл ауданындағы (Орал-Жайық өзен аралығында) «Киелі от туралы» аңыз сақталды, кейін белгілі болғандай, ол жанатын газдың шығуына арналыпты. ХІХ ғасырда атақты діни қызметкер және емші Мәтенқожа малдың қотыры мен адамдардың тері ауруларын Ойыл өзенінің төменгі ағымындағы құмның астынан шығатын қара маймен емдепті. Жібек жолымен Қытайдан Үндістанға жүрген сауда керуендері арбаларының дөңгелектерін жағу үшін Зайсан ойысындағы Қарамай шатқалында жиналып қалған қара майды пайдаланғаны туралы саяхатшылардың естеліктері де сақталды.
XVI ғасырдың аяғында Патшалық Ресей Қазақстанның байтақ еліне назар аудара бастады және XVIІ ғасырда империяның шығыс шекараларын нығайту, оңтүстік елдерге сауда жолдарын іздеу мақсатында көпестер отрядын, әскери типографтар мен табиғат зерттеушілерді оқтын-оқтын жіберіп тұрды. Атырау облысының аймағындағы мұнай туралы алғашқы мәліметтер 1717 жылы І Петрдың Жарлығымен Ембі өзенінің төменгі ағыны арқылы Хиуаға әскери-топографиялық экспедицияны ұйымдастырған Бекович-Черкасскийдің жазуларында, одан кейін 1869 жылы географ Н. Северцевтің жарияланған есебінде (Ш.Есенов және басқалары, 1968) анықталды.
1768 жылы ұйымдастырылған ғылыми экспедицияның (С. Гмелин, И. Лепехин, П. Паллас) есептерінде Батыс Қазақстанның геологиясы мен пайдалы қазбалары – көмір, мұнай, жанғыш жіктастар мен минералдық заттар туралы кейбір мәліметтер бар. 1874 жылы Қарашүңгілдегі, Доссор мен Иманқарадағы мұнайдың шығуын зерттеген Ресейдің Геологиялық комитетінің тау-кен инженері Д.Кирпичников: «Мұнайдың қорлары бар екені сөзсіз, алайда, ауызсу, елді мекендермен қатынасу жолдары, пішендікке ыңғайлы шабындықтар мен дала болмағандықтан, бұл байлақты пайдалану өту қиын» деп жазған.
Сол кездегі білімді адамдардың бірі Григорий Силыч Карелин 1827 жылы Қазақ даласының батыс аймағына барып, топографиялық түсіруді жүргізді, өңірдің флорасы мен фаунасын зерттеді. Осы жерде Бөкей ханның баласы Жәңгір ханмен кездесті. Г.С. Карелин Жәңгір ханға қатты әсер қалдырды және Жәңгір хан оған кеңесші болып жұмыс істеуді ұсынды. 1832 жылы Карелин Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігін зерттеу бойынша ірі экспедицияның жетекшісі болып тағайындалды. Экспедиция журналының кіріспесінде ол: «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауларына географиялық тұрғыдан лайық назар аударылған жоқ. Бұл елсіз далаға жолшыбай болмаса, теңізшілер де сирек келетін. Кемінде 900 шақырым жердегі Гурьев пен ескі Маңғышлақ арасындағы жерге бірде-бір табиғат зерттеуші де келген жоқ. Жері байтақ болғандықтан, Орта Азиямен болашақта сауда жасауға және саяси қатынастарымызға негіз болатын жерге қатыстылығының біз үшін маңызы зор» деп жазды (Орыс географиялық қоғамының жалпы география жөніндегі жазулары, 1883, 10-т., 5-бет).
Батыс Қазақстанды зерттеушілер Маңғыстау түбегіне қатты назар аударды. Зерттеулер 1864 жылы М.И.Ивановтың экспедициясы Маңғыстау түбегінде мұнайдың алғашқы белгілерін тапқанда басталды. 1887 жылы Н.И.Андрусов, М.В.Баярунас геологтары маршруттық түсіруге кірісті (М.А.Мирзоев «Маңғыстау: ғасырлар үні», Алма-Ата, «Қазақстан» баспасы, 1994ж.).
1851-1853 жылдары Бозащы түбегін зерттеу жалғастырылды. Экспедицияның материалдары 1855 жылы Орыс географиялық қоғамының Жаршысында жарияланды. Осы жұмыстарда Үстірттің, Маңғыстау мен Бозащы түбектерінің рельефі, гидрографиясы, өсімдік жамылғысы, егжей-тегжейлі сипатталды, геологиялық шолу жүргізілді, жерасты суының, топырағы мен климатының сипаттамасы берілді.
Түркістанға жүргізу көзделген темір жол трассасын зерттеу және өңірдің табиғи байлығын зерттеу мақсатында 1892 жылы Батыс Қазақстанға жіберілген С.Никитин геологы бастаған арнайы экспедицияның зерттеулері аймақтың мұнай байлығын геологиялық тұрғыдан мақсатты зерттеу және ашу үшін өте маңызды болды. Мұнайдың шығуын зерттеу кезінде экспедиция қолмен бұрғылау станоктарын алғаш рет пайдаланды. Бір мезгілде ауыз су, кейінірек – фосфориттер мен көмір белсенді түрде зерттелді.
С.Никитиннің экспедициясы Қарашүңгілде, Доссор мен Ескенеде анықтаған және оң бағаланған мұнайдың белгілері сол кездегі мұнай қоғамының назарын аударды. 1892 жылдың аяғында кәсіпкерлердің Доссордың жекелеген учаскелерін барлауға алғашқы өтінімдері пайда болды. одан кейін Орал-Ембі және Батыс Қазақстанның басқа да аймақтарында мұнайды іздеуге және барлауға арналған көптеген қоғамдар, серіктестіктер мен фирмалар пайда болды. Оның ішінде Орал-Каспий мұнай қоғамы (ОКМҚ), «Ембі-Каспий», «Ағайынды Нобельдердің серіктестігі», «Ембі», «Орал мұнайы» және басқалары ең ірілері болды. 1894 ж. петербургтық кәсіпкерлер тобы мұнай кен орындарын іздеуге және барлауға концессия алды. Алғашқы мұнай барлау объектілері Доссор, Қаратоң, Қарашүңгіл және Ескене болды. Өз иелігіне «Ембі-Каспий» қоғамының концессиясын алған С.Леманның компаниясы Қарашүңгілде тереңдігі 38-ден бастап 275 метрге дейін 21 ұңғы бұрғылады. 1899 жылдың қарашасында, осында, №7 ұңғымада, 40 метр тереңдіктегі карст қуысының гипстелген жынысынан жеңіл мұнай атқылады. Бұл оқиға қазақтардың ежелгі жерінде мұнайдың ашылуы деп әділ саналады. 1906-1909 жылдары Қаратонның жоғарғы мелдік шөгінділеріндегі 3-4 ұңғымасында мұнай-кәсіпшілік мұнайдың ағындары байқалды. 1910 ж. С.Леманның компаниясы «Орал-Каспий» қоғамына ағылшын кәсіпкерлерінің қаражатын тарта отырып, Доссорда терең бұрғылауды ұйымдастырды. 1911 жылдың 29 сәуірінде Доссордағы 225-226 метр тереңдігінде орташа юра шөгінділерін ашқан №3 ұңғымада мұнай фонтаны қатты атқылады. Ұңғыма 30 сағат бойы атқылады және 16 700 пұт мұнай берді.
Орал облысының 1913 жылғы Шолуында (әскери губернатордың есебіне қосымша) «Орал облысының Гурьев уезінде баяғыда басталған барлау табысты болды. Орал-Каспий мұнай қоғамына Доссорда әрбіреуі 10 ондықтан 5 учаске, Мақат жерінде 10 ондықтан 1 учаске және Ескенеде 10 ондықтан 1 учаске берілді. 1914 жылдың 1 қаңтарына қарай Гурьев уезінің әр жерінде мұнай өндіруге бөлінген 29 учаске пайда болды. 1913 ж. Орал-Каспий Мұнай Қоғамы Доссорда 4 450 615 пұт мұнай өндірді» (Әскери губернатордың бүкіл бодандық есебіне қосымша Орал облысының 1913 жылғы шолуы, Батыс Қазақстан облысының Мемлекеттік мұрағаты, Мұрағаттық мұражай).
1900-1917 жылдары Ембі ауданын есептемегенде, Орал-Жайық өзендерінің арасында (Новобогатинск, Черная Речка), батыс Мұғажар етегінде (Мәртөк, Итассай), Каспий маңының орталық бөлігінде (Мәтенқожа) және Ақтөбелік Орал өңірінде (Жуса) іздеу-барлау жұмыстары жүргізілді. Барлауға 20 құрылым тартылды, оларда 166 барлау және 177 пайдалану ұңғымасы бұрғыланды. Мақатта, Солтүстік Ескене мен бірқатар басқа да алаңдарда барлау жұмыстары жүргізілді. Солтүстік Ескенеде 7 ұңғыма, Қарашүңгілде 19 ұңғыма бұрғыланды. Доссорда жиынтық өтпе жолы 30 мың қ.м. 32 барлау және 100 пайдалану ұңғымасы, ал Мақатта – 12 ұңғыма (5800 қ.м.) бұрғыланды. 1915 жылы Мақатты сынамалы бұрғылау басталды. Өнеркәсіптік мұнай юра шөгінділерінен алынды, бір ұңғымада мұнай 18,5 сағат бойы атқылап, 250 тонна мұнай берді. Н.Леманның компаниясы Қаратоңда 20 барлау ұңғымасын бұрғылады. Барлық дерлік ұңғымада мұнай анықталды, олардан тәулігіне 8-ден 160 тоннаға дейін мұнай айдады. 1912 жылы Новобогатинск кен орнында барлау жұмыстары басталды, онда 32 ұңғыма бұрғыланды (6 195 қ.м.). 1913 жылы Черная Речка, Білеулі, Жыңғылды, 1917 жылы – Иманқара, Дөңгелексор, жалтыр алаңдарын бұрғылаумен игеру басталды. Ең басында мұнайды фонтандық әдіспен өндірді, ал одан кейін, өзінен-өзі атқылау сарқылғандықтан, мұнайды қауғамен тарту арқылы ұңғыманың сағасында салынған тереңдіктен айдады. Осы қарапайым әдіс Ембіде 20 жылдан астам қолданылды.
Мұнай өндіру тарихында 1912 жылғы 10 сәуірдегі үкіметтік актімен құрылған «Ембі» мұнай-кәсіпшілік және сауда акционерлік қоғамы (1911-1919 жж.) ерекше орын алады. Оның құрылтайшылары толық стат кеңесшісі Э.Л.Нобель, стат кеңесшісі Т.В.Белозерский және текті құрметті азамат И.И.Стахеев (ҚР ОММ, 681-қор, 1-тізімдеме, 13-іс) болды. Мұнай-кәсіпшілік акционерлік қоғамының барлық қаржы операциялары Орыс-Азия банкі арқылы жүргізілді.
1924 жылы ВСНХ отырысында «Орал-Ембі ауданы және оны дамыту перспективалары» деген баяндамада былай делінді: «Доссор мен Мақат кәсіпшіліктері – ауданның бүкіл мұнай өнеркәсібінің алғышарты болып табылады. Кен орындарын мақсатты барлау 1924-1927 жылдары жүзеге асырылды. Нәтижесінде алты перспективалық аймақ болып мыналар айқындалды: 1. Сағыз дельтасындағы барлық кен орындар қосылған «Доссор», осы топтан солтүстік жақтағы газ кен орындары, ең солтүстік кен орны Мәтен-қожа, сондай-ақ өнеркәсіптік атауы – Доссор және Мақат екі кен орны; 2. «Оңтүстік Өңір» - Ембі өзенінен оңтүстік жақтағы барлық кен орындары, сондай-ақ өзеннің төменгі ағыны бойындағы кен орындар. Бұл – Қаратоң, Қарашүңгіл, Стар-Төбе, Мұнайлы, Қосшағыл, Жылан-Баста және басқалары; 3. «Новобогат өңірі» - Орал өзенінен батыс жақтағы, Каспий теңізінің жағалауы бойындағы кен орындары (Новобогат пен Черная речка кен орындары). Бұл ретте, революцияға дейін ағайынды Нобельдер барлап бұрғылаумен 60 000 пұт жеңіл мұнай фонтанын шығарды; 4. «Иманқара өңірі» - Иманқара ауданындағы кен орындар тобы. Мұнда Иманқара, Қойқара, Қызылкөл, Жусалысай мен Күлжан, сондай-ақ Жыланқабақ, Қарамұрат, Ұшақ күмбездері мен Чубан-Таме кен орындары орналасқан. 5. «Терісқаққан өңірі» - Сағыз өзенінің жоғарғы ағынының және Ембі өзенінің орта ағынының жанындағы кен орындары. Шамамен 15 кен орны бар. Бұл аудан аз зерттелген. 6. «Темір өңірі», оған Жанағаш, Кейқабас, Исатай, Мәртөк, Құрсай және басқа да кен орындары жатады. Орал-Ембі ауданында орасан мүмкіндіктер бар және болашақта өте көп мұнай беруі ықтимал.».
1915 ж. шөгу жағдайын және шөгінділер мен жыныс-коллекторларының құрылымы секілді мұнай-кәсіпшілік сипатындағы зерттеулер үшін полигон сияқты болған Мақат кен орнында 105 ұңғымасынан өндіру жүргізіліп жатты. 1916 ж. «Ағайынды Нобель» серіктестігі Жуса құрылымында тереңдігі 238 м. және 132 м. екі ұңғыма бұрғылады. Осында ашылған тұз Жусалық мұнай белгілерін Орал-Ембі аймағының кен орындарымен салыстыруға мүмкіндік берді.
Орал-Ембі аймағы ақгвардияшылардан босатылғаннан кейін осы аймақты өнеркәсіптік тұрғыдан кеңінен игеру проблемасын 1920 ж. В.И.Ленин көтерді. Алыс орналасқан және елсіз Ембі өңірін елдің орталығымен біріктіру мақсатында, оның бастамашылығымен Александров Гай-Ембі темір жолы салына бастады. Темір жолын салу күшті мұнай өнеркәсібін құру және кеңейту үшін қажетті шарт болды (Б. Сағынғалиев, «Үлкен Ембі» тарихы, Алматы, «Өлке», 2002 ж.).
ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында Орал аймағының индустриясын дамыту негізгі бағыт болған жоқ. «Орал губерниялық жер отрядының 1922-23 операциялық жылға арналған қысқа жоспары кіріспесінің» «Пайдалы қазбалар» деген бөлігінде, атап айтқанда, былай деп жазылды: «Орал губерниясының пайдалы қазбалары көп емес. Қазіргі уақытта тек мұнайы мен тұзының өнеркәсіптік маңызы зор. Мұнай жері Каспий теңізінің қасындағы губернияның шығысында және бір бөлігі оңтүстік-батысында ғана бар. 1914 жылы, біздің мұнай өнеркәсібі үшін ең сәтті жылда, Орал губерниясында 16 654 700 пұт мұнай өндірілді, бұл Ресейдегі өндірудің 34-бөлігін және әлемдік мұнай өндірудің 224-бөлігін құрайды (Батыс Қазақстан облысының Мемлекеттік мұрағаты, 24-қор, 101-іс).
Іздеу жұмыстарын кеңейту қайта ұйымдастыру қажеттілігін тудырды. Кеңес кезеңінде мұнай саласы мемлекет меншігіне алынды, барлық отандық және шетелдік ұсақ серіктестер, кәсіпорындар мен фирмалар таратылды. Олардың орнына іздеу мен барлау құқықтары берілген әр түрлі тресттер ұйымдастырылды. 1920 жылы мұнай кен орындарын өнеркәсіптік игеру үшін өз қолына пайдалану және іздеу бұрғылауды шоғырландырған 1922 жылы «Ембімұнай» тресті болып құрылған Мәскеу қаласындағы Орал-Ембі ауданының мұнай кәсіпшіліктерін басқару құрылды. Доссор мен Мақатты игерумен қатар 1930 жылы Байшонаста, 1931 және 1932 жылдары Сағыз бен Ескенеде тиісінше мұнай иірімдерінің ашылуына әкелген күмбездерде бұрын іздеу жүргізді. Мұнайды жинау, тазалау және тасымалдауға дайындау Доссор мен Мақатта жүргізілді, онда конструкциясы қазіргі инженер-конструкторларды таң қалдыратын үлкен сыйымдылықтар (2-3 мың (3) метрге дейін) жиналды. 20-шы жылдары мұнай сыйымдылықтарының көлемдері Доссорда 37 482 т, Мақатта – 16 142 т. болды. Ракушаның мұнай айдау зауыттарында 141 717 т. мұнай, 5 528 т. дистиллят, ал Ескенің резервуарларында – 1394 т мұнай болды.
1926-27 жж. «Ембімұнай» тресінің кәсіпшіліктері мұнайды тереңдік насостармен және компрессорлармен өндіре бастады. Бір мезгілде, қазандықтар мен тұрмыстық мұқтаждар үшін табиғи газды пайдалана бастады. Доссорда пайдалану ұңғымалары қосылған газ магистралі салынды.
Батыс Қазақстанның геологиялық құрылымын зерттеудің және мұнайлылығын бағалаудың бастапқы кезеңінде С.Никитиннің, П.Православцевтің, А.Замятиннің, С.Миронов пен Н.Тихоновичтің Каспий өңірі бойынша, Н.Андрусов пен Баярунастың Маңғыстау бойынша зерттеулері өте маңызды болды. Осы кезеңдегі зерттеулердің геологиялық қорытындыларынан юралық, мелдік және кайнозой шөгінділердің стратиграфиясын игеру, Каспий маңында кеңінен тараған құрылымдардың тұз күмбезін табиғатын анықтау, оның тектоникалық схемасын жасау, Н.Андрусовтың Маңғыстаудың күрделі мегаантикдиналиін бөліп шығаруы, бірқатар кен орындарының мұнайлылық жағдайын жалпылама түрінде жариялауы және ірі ауқымды карталарын жасауы, негізгі мұнайлы қабаттар (мелдік С. Никитин бойынша, юралық А.Замятин мен Н.Тихонович бойынша) туралы түсініктерді әзірлеу ең маңызды болып табылады.
Қалыптасу кезеңі. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының екінші бөлігінде Ембінің мұнайшылары бұрғылау жұмыстарының дамуына, ұңғыма тереңдігінің ұлғаюына, мұнай иірімдерін ашуға және барлауға әсерін тигізген роторлық айналмалы бұрғылауды қолдана бастады. Ембідегі айналмалы бұрғылау КСРО бойынша алғаш рет қолданылды. Осының нәтижесінде ұңғымалардың орташа тереңдігі 1927 жылдағы 196,7 метрден 1932 жылы 637,7 метрге дейін өсті. Ембінің мұнайшылары сол кезде КСРО мен Еуропа бойынша бірінші болып 2500-2800 метр тереңдікке дейін қатты бұрғылауды игерді.
1927 ж. И.М.Губкин ВСНХ-ның Мұнай өнеркәсіпшілігі кеңесінің отырысында жасаған «Орал-Ембі ауданының даму перспективалары» атты баяндамасында былай деген: «Анағұрлым ерте барлау жұмыстары өткен ғасырдың аяғында – 1889 жылы болды. Алғашқы жұмыстарды Леман Каспий теңізінің жағалауындағы Қаратоңнан шамамен 35-40 километр қашықтықта орналасқан Қарашүңгіл шатқалында жүргізді. Осы Қарашүңгілде Леман 17 ұсақ бұрғылау ұңғымаларын жүргізді, ал 1899 жылдың қарашасында бір ұңғыма 40 метр тереңдіктен мұнай ағыны тәулігіне 90 000 пұтқа дейін болған мұнай фонтаны атқылады». Осындай нәтиже осы ауданға және басқа да мұнай кәсіпкерлеріне назар аудартты және 1916-1917 жылдары «Ембі-Каспий» осында орташа алғанда тереңдігі 150 метр бұрғылау ұңғымаларын салды. Одан кейін Ембі ауданын дамытуға өте мұқият назар аудару қажеттілігі туралы айта келіп, И.М.Губкин былай деді: «…Осы тұрғыдан Ембімұнайға мемлекет көмектессе, әділ болады деп ойлаймын. Көмекті әр түрлі жолмен көрсетуге болады: мысалы, Ембімұнайды барлық салық және борышқорлық міндеттемелерден босатып, түсетін бүкіл табысты барлау жұмыстарын одан әрі дамытуға түгелімен жұмсауға болады» (ҚР ОММ, 196-қор, 1-тізімдеме, 234-іс).
КСРО ВСНХ-ның Бас тау-кен отынын басқарудың геологиялық комитеті Ембідегі геологиялық-іздеу жұмыстарына тікелей басшылық етті. 1931 ж. М.И.Губкин Орал-Ембі ауданының дамуына ерекше назар аударды. КСРО Ғылым академиясының төтенше сессиясында М.И.Губкин өз баяндамасында: «Белсенді әрі батыл барлау Орал-Ембі ауданынан көптеген ондаған миллион тонна өндірілетін орасан ауданға айналдыруы мүмкін. Мұнда барынша көп қаражат жіберіп, осы ауданға үздіксіз бақылау жүргізу керек» деп атап өтті.
1925-1926 жылдары Батыс Қазақстанның аумағында геологиялық-барлау жұмыстарын дамытуға жаңа импульс берілді. 1925 ж. «Ембімұнай» тресінің жұмысын тексеру қорытындылары бойынша мұнайшылардың алдында 5-7 жылдың ішінде Ақтөбе облысының солтүстік аудандарының (Темір ауданының) аумағында алаңы 3500 шаршы шақырым, мұнайлылық белгілері бар құрылым барлансын деген нақты міндет қойылды. Осы міндеттерге сәйкес 30-шы жылдардың басында іздеу жұмыстары Оңтүстік Ембінің шегінен шығып, Ақтөбе облысының аумағында жүргізіле бастады. Осыған байланысты Гурьев (Атырау) қаласында «Ақтөбемұнайбарлау» аумақтық трестін, ал кейінірек «Қазмұнайбарлау» трестін құру қажеттілігі туындады. Осындай қайта құру кен орындарын саланы іздеумен және барлаумен ғана айналысатын өндіру кәсіпорындары мен ұйымдарға функционалдық тұрғыдан бөлу қажеттілігіне байланысты болды, себебі аталған екі функцияның бір қолда болуы саланы мұнай-газ кен орындарын іздеумен және барлаумен байланысты шұғыл жұмыстарды жүргізудегі кейбір қиындықтарды тудыратын дағарадай құрылымға айналдырды.
1931 ж. құрылған «Ақтөбемұнайбарлау» трестінің №10 ұңғыманы бұрғылаумен Ақтөбе облысында Шұбарқұдық кен орнын ашты. Екі жылдан кейін Жақсымай кен орны ашылды. Екі кен орны да Гурьевтен алыс боды. Көп ұзамай, өндірілген мұнайды тасымалдау проблемасы туындады, ол Шұбарқұдық пен Жақсымай кен орындарын Доссормен және Мақатпен біріктірген Гурьев-Қандағаш темір жолын салумен шешілді.
Осылайша, 20-шы жылдардың аяғына қарай геологиялық-барлау жұмыстары кеңейді, оған Ақтөбе облысының бірталай бөлігін геологиялық-барлау жұмыстарымен қамту ықпал етті. 5 жыл ішінде Батыс Қазақстаннынң мұнай байлықтарын зерттеумен 135 геологиялық және геофизикалық партия айналысты. Бұл жұмыс көлемінің едәуір өсуіне әкелді. Мысалы, егер өңірдің мұнай байлықтарын мемлекеттің меншігіне бергенге дейін 42328 қ.м. ұңғыма (орташа есеппен жылына 5300 м.) бұрғыланса, онда 1920 жылдан кейін 284 мың қ.м. (орташа есеппен жылына 20600 қ.м.) бұрғыланды. 1920-1929 жж. Орал-Ембі ауданының кәсіпшіліктерінде 1630 мың т немесе бүкіл революцияға дейінгі кезеңде алынған көлеммен салыстырғанда 19% артық мұнай өндірілді. Өндірілген мұнайдың ең үлкен көлемі – 1931 жылы болды, онда 417536 т өндірілді.
ҚАССР-дің Халық Комиссарлары кеңесі «Ембімұнайды» Қосшағыл және Ескене кен орындарын іске қосуға, сондай-ақ сонда электр станцияларын салуға, мұнай қоймалары мен су құбырын салуға міндеттеген «Ембі-Мұнайды дамыту жөніндегі іс-шаралар туралы» 1934 жылғы 29 қаңтардағы №86 арнайы қаулыны қабылдады. Қаулыда Мақат-Қосшағыл темір жолын салу және Ескенеге тармақ жіберу қажеттілігіне үлкен назар бөлінді. Мұнайшылардың дұрыс жағдай жасау мәселелері де назарсыз қалған жоқ, мұнай кәсіпшіліктерінде және Гурьев қаласында тұрғын үй салу, сондай-ақ осы секілді шаруашылықтарды (бақша, сүт фермалары, мал өсіру шаруашылықтары) құру ұсынылды. Бұдан басқа, тиісті органдарға мұнай кәсіпшіліктерінде жұмыс істеу үшін 200 жұмысшы мен құрылыс мамандығы бар 100 білікті маманды жалдау туралы мәселені шешу де ұсынылды (Атырау облысының мемлекеттік мұрағаты, 7-қор, 38тізімдеме, 1, 2-бет.)
1925 жылдан бастап, Еуропадағы алғашқы геофизикалық тәжірибелерден кейін (1912-1916 ж., Этвеш) Ембі мұнайлы ауданында зерттеулердің геофизикалық әдістері қолданыла бастады, атап айтқанда, Б.Нумеровтың басшылығымен Z-40 гравитациялық вариометрлермен түсіру сыналды. Айналатын таразылардың көмегімен салмақты өлшеу тиімділігі карталау және Каспий ойпаңының жағдайында күмбездердің тұз ядроларының шөгу тереңдігін айқындау кезінде бірден расталды. 1930 ж. «Ембімұнай» тресінде геологиялық-барлау конторасы құрылған кезде болашақ совет академигі Э.Фотадидің басшылығымен дербес гравиметрлік сектор ұйымдастырылды. 1932 ж. жұмыс көлемдерінің өсу салдарынан геологиялық-барлау конторасы трестен бөлініп, кейін «Қазмұнайгеогеофизика» тресі болып қайта құрылды.
1940 жылға қарай 1:100000-1:200000 масштабында 92 түсіру орындалды. 1932 жылдан бастап, түз күмбезді құрылымдарды нақтылау кезінде 1:25000-1:50000 масштабын түсіру пайдаланылды. 1939-1937 жж. Үстірт аумағының беті маятниктік зерттеудің сирек желісімен жабылды. 1940 жылы айтарлықтай қымбат Z-40, S-20 және басқа да түрдегі вариометрлердің орнына өнімділігі жоғары және анағұрлым үнемді әр түрлі гравиметрлер қолданыла бастады.
Сынған толқындар әдісі (СТӘ) қолданылған алғашқы тәжірибелі сейсмикалық-барлау жұмыстары түз күмбездерін зерттеу мақсатында Ембі мұнайлы ауданында 1929 жылы жүргізілді. СТӘ-ні қолдану арқасында конфигурацияны және тұз күмбездері ядроларының шөгу тереңдігін айқындау дұрыстығын арттыру мүмкіндігі пайда болды. Тұз үстіндегі шөгінділерді бөлшектеу мүмкіндігін анықтау мақсатында 1934 жылдан бастап шағылысқан толқындар әдісімен (ШТӘ) тәжірибелі жұмыстар жүргізіле бастады. 1931-1935 ж. СТӘ сейсмикалық жұмыстар орындалды, атап айтқанда, Торғай ойпаңындағы ШТӘ, онда палеозой фундаментінің шөгу тереңдігі айқындалды. 1935-1936 ж. палеозой фундаментіндегі депрессияларды іздеу мақсатында Шымкент қаласынан оңтүстікке қарай СТӘ сейсмикалық-барлау орындалды. 1938-1948 жж. ШТӘ, ал 1940 ж. СТӘ Орталық Қазақстан палеозой массивінің солтүстік батпасындағы мезозой-кайнозой қабатын Петропавл қаласының ауданындағы Батыс Сібір плитасының тұнба шөгінділеріне бөлшектеуге мүмкіндік берді. 1934 ж. бастап «Ембімұнай» мен «Ақтөбемұнай» тресттері, ал 1939 жылдан бастап «Қазақстанмұнайкомбинат» сейсмикалық барлауды үлкен көлемдерде жүргізді. Сейсмикалық-барлау жұмыстарының көлемдері ұдайы өсіп жатты, бұл ретте 35 құрылымда орындалған сейсмикалық-барлау бейніндегі 5331 км-ого ішіндегі 4620 км Батыс Қазақстанда болды. Сейсмикалық-барлау қалыптасқан кезең нақты геологиялық міндеттерді шешу үшін оны сынаумен сипатталады.
Профильдеудің электр-барлау әдісін 1929 жылы бірінші рет Мемгеоком партиясы Каспий маңындағы тұз күмбезді құрылымдарда сынады. 1930 жылдан бастап Шлюмберже фирмасы бірлесе отырып, вертикалдық электр зондтау әдісін (ВЭЗ) мұнайлы Ембі ауданында 1934 жылға дейін жүргізді, алайда ВЭЗ деректерін сандық интепретациялау мүмкіндігі болмағандықтан, осы әдіспен жұмыс істеу көпке дейін тоқтатылды. 1936 жылы Каспий маңында теллурлық зондтау әдісі бірінші рет сыналды.
1929 жылдан бастап Доссор, Ескене, Новобогатинск, Жаманкейкебас күмбездерінде жүргізілген тәжірибелі магнитометрлік зерттеулер тұз күмбезді құрылымдарды зерттеу кезінде магнит-барлау тиімсіз екенін көрсетті, сондықтан да 1931-1937 ж. бас мемлекеттік магниттік түсіру өте сирек байқау желісімен ғана жүргізілді.
Доссор, Мақат («Ембімұнай» тресті) және Мортық, Жуса («Ақтөбемұнайбарлау» тресті) мен басқа да кәсіпшіліктерде Ұңғымалардағы кәсіпшілік (каротаждық) геофизикалық зерттеулер 1932-1934 жж. бастап жүргізіле бастады. Шлюмберже фирмасымен бірлесіп, ұңғыма каротажы көрінетін кедергілер (КК) және өздігінен пайда болатын поляризация (ӨП) әдістерімен жүргізілді. Барлық құрылымдық-іздеу ұңғымаларындағы электрлік каротаж 1938 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Осы кезде Гурьев қаласында «Ембімұнай» тресінің кәсіпшіліктеріне қызмет көрсеткен дербес электр-барлау конторасы (бастығы М.Қадысов) құрылды. Жекелеген партия каротажды Ақтөбе облысының кәсіпшіліктерінде де жүргізді.
ВКП(б) 17 және 18-съездерінде Ембі мұнай ауданын дамытуға үлкен назар аударылды. Онда қабылданған құжаттар мұнай байлақтарын іздеудің негізгі бағыттарын айқындады. Оңтүстік Ембінің мұнай кәсіпшіліктерін басқаруды жақсарту және Солтүстік Ембінің жаңа аудандарын игеру мақсатында 1936 жылдың 22-23 желтоқсанында Халық комиссарларының кеңесі «Ембімұнай» тресінің құрамынан кәсіпшіліктердің Солтүстік (Темір) ауданын бөліп шығарып, оның негізінде «Ақтөбемұнай» тресін құруды ұйғарды. Жаңадан құрылған трест басқарушысының лауазымына ірі маман, дарынды өндіріс ұйымдастырушысы, белгілі совет ғалым-геолог И.М.Губкиннің оқушыларының бірі, бұрын бірнеше жыл «Ембімұнай» трест басқарушысы болып жұмыс істеген Я.В.Лаврентьев тағайындалды (З.Б.Байдосов, Ж.С.Сейітпағамбетов, Г.С.Сұлтанғалиева, Р.Н.Нұржанов «Ақтөбелік мұнай: тарихы және қазіргі заманғы». Ақтөбе, 2000ж.).
Тұтастай алғанда, осы кезеңнің іздеу-барлау жұмыстары тұз күмбездерін зерттеу үшін қажетті, оған ең алдымен гравиметрия мен сейсмикалық-барлау кірген зерттеулердің ұтымды кешенін айқындауға мүмкіндік берді. Іздеу және барлау геологиялық-геофизикалық жұмыстарды жандандыру қажеттілігін мойындау 1940 жылы республикалық ауқымда алғашқы геофизикалық қызметті ұйымдастыруға әкелді. Сонда Қазақ геологиялық басқарманың жанында М.Морозов басқарған геофизикалық топ құрылды.
1935 жылдың қарашасында Ембінің мұнай және химия өнеркәсібін дамыту мәселелеріне арналған КСРО ҒА-ның арнайы сессиясы өтті, онда академик И. Губкин нақты міндетті: елдің шығысында өнімділік қуаты Кавказдықтан кем болмайтын мұнай базасын құру туралы баяндады. Екінші мұнай базасының ірі бөліктері Батыс Орал және Орал-Ембі мұнай аудандары болады. Сессияда осы аудандарға ғылыми экспедицияны жіберу шешімі қабылданды. 1936 жылы Ембі ауданына В.Батурин басқарған ғылыми экспедиция шықты. Экпедицияға қатысқан Ю.Косыгин, И.Юркевич, А.Яншин кунгур ярусының әр түрлі нысандары егжей-тегжейлі сипаттады, хемоген қабатының кунгурлық жасын дәлелдеді, орта юра шөгінділерін егжей-тегжей бөлшектеді. Мұнайлы Орал-Ембі ауданы Хобдин және Аралсор гравитациялық максимумдарының шекарасында екі бөлікке бөлінді, астынан мұнай миграциясы туралы ой айтылды, осыған орай жыныстардың коллекторлық қасиеттері ескеріліп, тасталындылардың қасындағы мұнай белгілеріне ерекше назар аудару ұсынылды («Үлкен Ембі», 1937).
Мұнай саласын дамыту Гурьев облысының аумағымен ғана шектелмейді. 1930 ж. Шұбарқұдық тұз күмбезіндегі мұнайды ашқан алғашқы барлау ұңғымасы бұрғыланды, бұл туралы 1933 ж. академик И.М. Губкин Ғылым академиясының сессиясында баяндады. Алты жылдан кейін осында мұнай кәсіпшілігі іске қосылып, «Ақтөбемұнай» тресі құрылды, одан кейін оның атауы «Ақтөбемұнайбарлау» деп өзгерді. Ұлы Отан соғысы жылдарында жұмыс істеп тұрған Жақсымай кен орны іске қосылды.
1930-1947 жж. Ақтөбе облысында шамамен 90 ұңғыма бұрғыланды, ал 1958 жылы сол кезде алғашқы анықталған тұз күмбезі Кеңқияқта крелисутық ұңғыма бұрғыланды. Осылайша өте ірі Кеңқияқ мұнай кен орны ашылды, барлау бірнеше жыл жүрді және 1962 жылы аяқталды. 1967 жылы Кеңқияқ кен орны мұнай бере бастады.
1959 жылдан бастап жұмыс істеп жатқандардың қатарына 1967 ж. кірген бірнеше мұнай және екі газ кен орны (Бостағай мен Қызылой), ал одан кейін – Құмсай, Көкжиде, Мортық және Ембі өзені бассейнінің солтүстік бөлігіндегі басқа да кен орындар ашылды.
60-шы жылдары айтарлықтай тереңдіктегі тұзасты шөгінділердегі мұнай мен газды іздеуге қатысты үлкен перспективалар ашылды. Бірінші рет тұзасты шөгінділер Жаңажолдың, ал 1967 ж. Құмсайдың іздеу алаңдарында зерттелді. 1978 жылы Жаңажол мұнай-газ конденсатты кен орнында 3000 метр тереңдіктен жоғары дебиттік мұнай ағыны бірінші рет алынды. Ол 1983 жылдан бастап игеріліп жатыр. 1983 жылы Қожасай мен Өріктау, ал Синельник кен орындары ашылды, оларда шамамен 115 миллион текше метр газдың баланстық қорлары қамтылған.
1996 жылдан бастап Лақтыбай, Жаңатаң, Шығыс Ақжар, Әлібекмола мен Қожасай мұнай кен орындарында барлау жұмыстары жүргізілді. Оңтүстік Әлібекмола кен орнында мұнай фонтаны атқылады. 1997 жылдың аяғына қарай Ақтөбе облысының шегінде тұзүсті кешенде 7 мұнай кен орны белгілі болды, ал тұзасты кешенде – 6 мұнай және 4 мұнай-газ конденсатты кен орны белгілі болды.
2000 ж. Лақтыбай кен орнын барлау аяқталды, ондағы мұнай 4500 метр тереңдіктегі тұзасты шөгінділерде орналасқан. Өткен ғасырдың аяғына қарай Ақтөбе облысы өнеркәсіптік қорлар бойынша Қазақстанда үшінші орында (900 млн. тонна), ал газдың қорлары бойынша – төртінші орында (200 млн. текше метрден астам) болды.
Әскери бесжылдықтарда Батыс Қазақстанда, негізінде Ембі ауданында, 53-ке дейін геологиялық-барлау және 60-қа дейін геофизикалық партия жұмыс істеді. Геологиялық зерттеулердің қорытындылары 1939-1941 жылдары шығарылған L-38, M-38, L-39 парақтарының 1:1 000 000 масштабының масштабындағы Мемлекеттік геологиялық картасында көрсетілген.
«Ембімұнай» комбинаты өзінің негізгі қызметі – мұнай мен газды өндіруден басқа, қасындағы жұмыс істеп тұрған мұнай кәсіпшіліктерінің қорларын өсіру мақсатында іздеу мен барлаудың шағын көлемде жүргізді. Осы жұмыстар, негізінде, кемінде 10 кен орны жұмы істеп жатқан Оңтүстік Ембі аумағында орындалды. Осылайша, 1935 ж. «Ембімұнай» комбинаты №6 ұңғыманы бұрғыланғанда Қосшағыл күмбезінде мұнай фонтаны атқылады, бір жыл ішінде кен орны игеріле бастады.
Мұнай өндіру көлемдері өсе келе, мұнайды темір жолмен және су көлігімен тасымалдау уақыт өте келе қиындай түсті. 30-шы жылдары салынған Доссор-Гурьев мұнай құбырларының, әсіресе, Ақтөбе облысының кәсіпшілігінен өтетін Каспий-Орск мұнай магистралінің халық шаруашылық маңызы зор болды. Каспий-Орск мұнай құбыры 3 жылда салынды, 1935 жылдың қазанында ол іске қосылды. Осы мұнай құбырымен Ембінің 65%-і Орскіге айдалды.
30-шы жылдары іздеу-барлау жұмыстарын тездету және бірқатар кен орындарын ашу әскери қимылдарының басталу ықтималдығы жыл сайын өткір сезіле бастаған елдің шығысындағы мұнай-газ өндіруші өнеркәсібінің мықты шикізат базасын құруға байланысты болды. 1937 жылы «Қазмұнайбарлау» тресі Құлсары кен орнын ашты. «Қазақстанмұнай» комбинаты белсенді жүргізген мұнай іздеу жұмыстары («Ембімұнай» комбинаты таратылғаннан кейін) 1941-1942 жылдары Нармонданақ, Бекбике мен Жолдыбай кен орындарын аз уақытта іске қосумен аяқталды. Осылайша, 30-шы жылдары және 40-шы жылдардың басында Оңтүстік Ембі негізгі мұнай-газ кен орындары ашылды және бұрынғы КСРО-ның шығысында мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардың мықты шикізат базасы құрылды. 1940 жылы бір жылда мұнай өндіру көлемі 750 мың тоннаға жетті.
Алайда, Каспий маңы аумағын зерттеу деңгейі өте қалыпсыз болды, Елтон, Басқыншақ, Індер аудандары мен Ембі ауданының жекелеген мұнай кен орындарында шоғырланды, ал Орталық Каспий өңірінің байтақ аумақтарында барлаушылық маршруттық түсіру де болған жоқ. Сол кезде белгілі болған 400 перспективалық құрылымның 88 құрылымында ғана барлау бұрғылау жүргізілді.
Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жж.) ел үшін үлкен ауыр кезең болды. Майкөп және Грозный мұнай аудандарының өз қызметін уақытша тоқтатқан өндірістерді өтеу мақсатында Қазақстанда мұнай өндіруді жан-жақты белсендету өте маңызды әскери-шаруашылық міндет болды, ол табысты шешілген жағдайда елдің халық шаруашылығының бірінші кезектегі мұқтаждарын және Совет Армиясының әскери қабілетін қанағаттандыруға байланысты болды.
Қазақстанның КП Орталық комитеті 1942 жылдың желтоқсанында Доссор мұнай кәсіпшілігінде партиялық-шаруашылық активті жүргізді, онда мұнай кәсіпшіліктерінің жұмыстарын жақсарту жөніндегі нақты іс-шаралар және мұнай өндіруді ұлғайту үшін қажетті қосымша ресурстарды тарту кешені әзірленді.
Соғыс жылдары Орал-Ембі ауданының мұнайшылары тәулігіне 12-13 сағаттан, демалыссыз, қызу қарқынмен жұмыс істеді, барлық мұнай кәсіпшіліктерінде фронттық бригадалар ұйымдастырылды. Осы кезеңде сұйықтықты белсенді түрде іріктеу, тесіктерді қосымша ату, пайдалану әдістері торпедалау секілді прогрессивті әдістер қолданылды. Ұңғымалардың жедел өтуіне материалдық-техникалық құралдары анағұрлым аз жұмсалды. Көп материалдар мен цементті үнемдейтін кондукторсыз бұрғылау игерілді. Барлаушылар Ембіде Отан соғысы кезеңінде өнеркәсіптік игеруге енгізілген және он мың тонна жоғары сапалы мұнай берген жаңа үш кен орнын ашты. Жаңа кәсіпорындар іске қосылды, Гурьев қаласында ірі мұнай өңдеу зауыты құрылды (Т. Шәукенбаев «Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің экономикасы». «Қазақстан» баспасы, Алма-Ата, 1974 ж.).
1941-1945 жж. жылына орташа есеппен 800 мың тонна мұнай өндірілді. Ұлы Отан соғысы жылдары Орал-Ембі мұнайлы облысында геологиялық зерттеулер шоғырландырылды. Іздеу-түсіру және сейсмикалық-барлау жұмыстарының, картировка мен құрылымдық-іздеу бұрғылаудың елеулі көлемдері Нармонданақ, Күзбақ, Қызылжар, Мұнайлы, Қошқар, Дүйсеке және басқа да тұз күмбездерінде шоғырланды. Күмбездердің бір бөлігі терең бұрғылаумен өнеркәсіптік барлауға тартылды. Бұл ретте мұнайдың өнеркәсіптік мұнай иірімдері Мұнайлыда, Жолдыбайда, Нармонданақта және Құлсарыда анықталды, кейін олар 60-шы жылдарға дейін негізгі пайдалану объектілері болды. Маңғыстауды зерттеле берді. Маңғыстау геологиялық-барлау экспедициясының аға геологы Чувелев жасаған Маңғышлақтағы пайдалы қазбалар туралы мәселеге қысқаша түсіндірме жазбада», атап айтқанда, былай деп жазылды: «Маңғышлақтағы жыныстар құрылымының антиклиналдық сипаты, ал кейде диапиризмнің сипаты (Орал-Ембі ауданының түрі бойынша өтетін өзек) Маңғышлақтың жер қойнауында мұнайдың жиналу ықтималдығын көрсетеді. Төбежік даласында Форт-Шевченкодан 50 километр қашықтықта Ханга-баба антиклиналінің төменгі мелдық шөгінділерінде анық мұнайлылық белгілері бар жаныстар табылды» (Маңғыстау облысының мемлекеттік мұрағаты, 17-қор, 1-тізімдеме, 626-іс). Барлық осы мәліметтер Маңғыстауды одан әрі зерттеу үшін негіз болды. Мұнайға перспективалы құрылымдарды анықтау үшін геофизикалық әдістерді тиімді қолдану 1943 жылы Мемлекеттік геофизикалық трестің Қазақ бөлімін, одан кейін – мамандандырылған «Қазақстанмүнайгеофизика» тресін ұйымдастыруға байланысты болды. Трестің құрамына 5 геофизикалық партия кірді. Бұрғылау станоктар паркінің шектеулі техникалық мүмкіндіктері мұнайдың барланған қорларын көп мәрте ұлғайтуды қамтамасыз ете алмады, барлық іздеу жұмыстары Оңтүстік Қошқар (1943 ж.) және Тектексор (1944 ж.) кен орындары соғыс жылдары ашылды. Гурьев (Атырау) қаласында мұнай құбыры мен мұнай өңдеу зауытын салу жаңа кен орындарын іздеу бойынша жұмыстарды анағұрлым белсенді жүргізу қажеттілігіне байланысты болды.
КСРО Үкіметі соғыстан кейінгі кезеңде республикасының бұрғылау және құрылыс жұмыстарын арттыруға әрі мұнай өнеркәсібін арттыруға жіберілген бірқатар арнайы шешімдерді қабылдады. Құрылыс және барлау жұмыстарын күшейту үшін «Қазақстанмұнайқұрылыс», «Қазақстанмұнайбарлау», «Ақтөбемұнайбарлау» арнайы тресттері мен Мемлекеттік геофизикалық трестің Қазақстандық бөлімшесі ұйымдастырылды. Кәсіпшіліктерде күшті бұрғылау станоктары, қалыпты қатардағы тербелмелі станоктар, тракторлық көтергіштер кеңінен енгізілетін болды. Отан соғысы кезеңінде барлау бұрғылау, негізінде, қазіргі материалдық-техникалық базалардың айналасында орналасқандықтан, жаңа кен орындарын анықтау үшін Ембінің анағұрлым перспективалық оңтүстік-шығыс аудандарына көшірілді. Ал «Ақтөбемұнайбарлау» тресі Ақтөбе ауданында жұмыстарды бастады. 1945 жылы «Қазақстанмұнай» өндірістік бірлестігі ұйымдастырылды, құрамына Қазақстанда барлық барлау, өндіру және өңдеу кәсіпорындары кірді. Құлсарыда мұнайдың үлкен иірімдерінің ашылуы және Толес өнеркәсіптік мұнайлылықтың анықталуы маңызды оқиға болды (Қазақстанның 40 жылдағы өнеркәсібі, Қазақ мемлекеттік баспа, Алма-Ата, 1957 ж.).
Соғыстан кейінгі жылдарда бірінші бірқатар кен орны: 1947 жылы Мұнайлы мен Оңтүстік Толес, 1948 жылы Қаратон, 1958 жылы Толес, 1951 жылы Қарсақ ашылды. Аталған кен орындарының ашылуы, 1,5 млн. тоннаға дейін мұнайдың жылдық өндірілуінің күрт ұлғаюына және барланған қорлардың көп мәрте өсуіне әкеп соқты.
1946 жылдан бастап Каспий маңындағы геологиялық-барлау жұмыстарының көлемі үрт өсті, геофизикалық зерттеулер жүргізілді, тіреу және параметрлік ұңғымалар бұрғыланды. Батыс Қазақстанның байтақ аумақтарындағы іздеу-түсіру, аэрологиялық жұмыстар картировтық бұрғылаумен, геофизикалық, геохимиялық, геоботаникалық және басқа да зерттеулермен ілесті. Каспий маңын зерттеу процесінде гравиметрикалық түсіруді, картировтық бұрғылауды, сейсмикалық-барлауды және құрылымдық-барлау бұрғылауды қамтитын мұнай іздеу жұмыстарының ұтымды кешені қалыптасты.
1946 ж. M-40 және L-40 парақтардағы 1:1 000000 маршруттағы карталар шығарылды. Бір мезгілде 1:200000 масштабтағы геологиялық түсіру жүргізілді. Каспий маңы ойпаңының Батыс бөлігіндегі жұмыстарды ВНИГНИ оңтүстік-шығыс экспедициясы, ал оның солтүстік бортының шегінде – «Одақмұнайбарлау» тресінің Геологиялық-барлау конторасы одағының (ГБКО) Батыс Қазақстан экспедициясы жүргізді. 1948 жылдан бастап бүкіл Каспий маңының аумағында Аэрогеологиялық экспедиция жұмыс істей бастады. Әр түрлі мұнайлы аудандарда барлау жұмыстары белсенді жүргізілді. Олар Ембіде мұнай кен орындарының ашылуына әкелді: Тереңөзек (1951ж.), Тәжіғали (1956ж.), Қараарна (1957 ж.). Жылан құрылымында да (Ақтөбенің Орал маңы) мұнайлы өнеркәсіп ашылды. Батыс Қазақстанның геологиясына, тектоникасына, мұнайлығына арналған көптеген әскери жарияланымдардың ішінде А.Яншиннің, Ю.Никитинаның, Ю.Косыгиннің, П.Авровтың, Г.Айзенштадттың, Н.Неволиннің, В.Вахромеевтың және басқаларының еңбектері өте маңызды.
Әскери кезеңнен кейін сейсмикалық-барлау, далалық және камералық жұмыстардың әдістері мен техникасын белсенді жетілдіру басталды, социолографиялық жазатын көпарналы сейсмикалық станциялар құрылды. Солтүстік Үстірт, Ақтөбе, Орал маңы, Орал-Жайық өзен аралығы, сондай-ақ Торғай, Теңіз ойпаңдары мен Батыс Сібір плитасының оңтүстік бөлігі аудандары зерттелді. 1948 жылдан бастап өзгерісті толқындардың корреляциялық әдісі (ӨТКӘ) кеңінен қолданыла бастады.1947-1948 жылдары Каспий маңы ойпаңында аймақтық сейсмикалық жұмыстар орындала бастады. Торғай ойпаңында және Ертіс маңында бірінші бастау әдісімен жұмыс істеу басталды. 1955 жылдан бастап Оңтүстік Маңғыстау аумағындағы сейсмикалық жұмыстар жүргізілді, Жаркент ойысындағы алғашқы КМПВ профильдерін өңдеу басталды. Гравиметрлермен (35-ке лейін) және вариометрлермен (22-ге дейін) түсірудің саны өсуде. Ембі ауданында және Ақтөбелің Орал маңында 1:100000 және 1:200000 масштабтарын түсірумен тұз штоктары анықталды, галогендік құрылымдардың таралуының шығыс шекарасы айқындалды. Мұнай-газ перспективалы аудандарды зерттеу үшін Солтүстік Қазақстанда және Іле ойпаңында түсіру жүргізілді. 1950 жылдан бастап күрт азая бастаған вариометрлік түсірудің орнына гравиметрмен түсіру басталды. 1953-1954 жылдары Зайсан мен Алакөл ойпаңдарының 2 мгл-дан қимасы бар 1:200000 масштабындағы түсіру аяқталды. 1953 жылдан бастап Үстіртте, солтүстік Арал маңында 1:200000 масштабында түсіру жүргізілді. Шу-Сарысу ойпаңының шегінде 1:200000-1:500000 масштабында түсіру жүргізілді. Батыс Қазақстанның мұнай-газ перспективалы аудандарда 4мгл-дан изожелілермен 1:200000 масштабындағы негізгі түсіру дамыды.
Осы кезеңдегі электр-барлау жұмыстары кеңінен пайдаланылған жоқ, мұнай-газ перспективалы аудандардағы әр түрлі модификациялар мүмкіндіктерін зерттеу бойынша тәжірибелі зерттеулер ғана жүргізілді. 1:100000-1:500000 масштабтағы аймақтық аэромагниттік түсіру Батыс Қазақстанның аумағында 1959 жылдан бастап жүргізіле бастады, олардың көлемі 956,5 мың км. болды. АЭМ-49 приборымен аэромагниттік нақтылығын (+20 гаммадан +5 гаммаға дейін) шөгінді бассейнде фундамент құрылымының ерекшеліктерін арттыруға мүмкіндік берді.
1946 жылы кәсіпшілік (каротаждық) қызмет Гурьев мұнай кәсіпшілігі конторасына бөлінді. Осы кезден бастап КС пен ПС өлшеуден басқа, каротаждық жұмыстар кешеніне инклинометрия, қырлы каротаждық зондтау (ҚКЗ), кавернометрия, термометрия енгізілді.
Батыс Қазақстанның жер қойнауын кешенді зерттеу бойынша республикалық ғылыми зерттеулердің қалыптасуында академик Қ.И.Сәтбаевтың бастамашылығымен 1949 жылы Гурьев қаласында жүргізілген ҚазКСР ҒА-ның көшпелі сессиясының маңызы зор болды. Сол кезде оның басшылығымен, мұнай геологиясы, игеру, бұрғылау техникасы мен технологиясы саласындағы белгілі ғалымдар мен мамандардың қатысуымен көмірсутегіні іздеу мен барлаудың, өндіру мен тасымалдаудың негізгі проблемалары қаралды. Мұнда В.Федынскийдің, Н.Байбақовтың, П.Авровтың, Б.Дьяковтың, П.Неволиннің, Ю.Васильевтің, Н.Чарыгинның, С.Оруджевтың, П.Еникеевтің, С.Өтебаевтың, Н.Калининнің, Ж.Досмұхамбетовтың, Н.Имашевтың, Г.Хәкімовтың және басқаларының еңбектерін атап өткен жөн.
1956 жылы, тұтастай алғанда, республиканың минералдық-шикізат ресурстарын, оның ішінде көмірсутегі шикізатын одан әрі өсіруге бағытталған геологиялық-барлау жұмыстарының бүкіл кешенін орталықтандырылған жоспарлау және мақсатты жүргізу бойынша Қазақ КСР Геология министрлігі ұйымдастырылды.
1958 жылдың аяғында ҚазКСР-дің Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі Гурьев қаласында Батыс Қазақстанның барлық мұнай өңдейтін бұрғылау кәсіпорындарын біріктірген Батыс Қазақстан геологиялық басқармасын құрды. БҚГБ өз қызметінің уақытында Каспий ойпаңындағы (Теңізден басқа), Маңғыстауда және Бозащы түбегіндегі ең маңызды мұнай-газ кен орындарын ашуға тікелей қатысты.
1959-1960 жылдары Кеңқияқта (Ақтөбе облысы) және Прорвада үлкен мұнай кен орны анықталды. 1960 жылдың 11 тамызында Прорвадағы алғашқы терең ұңғымадан мұнай мен газ фонтаны атқылады. Орал-Ембі өзен аралығында геологиялық-барлау жұмыстарын күшейту нәтижесінде Мартыши (1962), Оңтүстік Батыс Қамысты (1962), Жаңаталап (1964), Гран және Октябрьское (1969) жаңа кен орындары ашылды. Ембіде мұнай өндіру 1968 жылы 2 млн. тонна, ал 1972 жылы – 3 млн. тонна болды.
60-шы жылдардың басында роторлық бұрғылаудың орнына анағұрлым жылдам турбиналық бұрғылау енгізіле басталды, бұрғылау станоктардың паркі ұлғайды, 3,0-4,0 мың метрге дейінгі тереңдікті игеруге мүмкіндік берген олардың техникалық мүмкіндіктері айтарлықтай өсті, бұл, ең алдымен, терең, тіреу және параметрлік ұңғымаларды бұрғылау, кешенді зерттеудің барлық кезеңдерінде барлаудың геофизикалық әдістерді (сейсмикалық-барлау, гравибарлау, ГЗС пен каротаждың барлық түрлері) қолдану арқылы Каспий маңы ойпаңын аймақтық зерттеуден көрінді.
Бір мезгілде сала техникалық тұрғыдан түбегейлі жетілдіру және мұнай өндіруді белсендіру жүргізілді: алаңдық су айдау, қойнауқаттың гидравликалық айырылуы, забойдың жанындағы аймақтарды өңдеу, сұйықтықты тездетіп іріктеу, перфорацияның әр түрлі нысандары мен басқалары.
Сондай-ақ 50-ші жылдардың аяғы және 60-шы жылдардың басы жаңа аймақтарды, атап айтқанда, Оңтүстік Маңғыстауды іздеу жұмыстарының саласына тартылумен сипатталады. 1957 жылы осы ауданда мұнай мен газ кен орындарын анағұрлым егжей-тегжейлі зерттеу үшін «Қазақстанмұнай» бірлестігінің құрамында «Маңғышлақмұнайбарлау» тресі ұйымдастырылды, кейін ол Қазақ КСР Геология министрлігінің Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының қарауына көшті.
Елсіз және шөлді даланың жағдайында, ел қоныстанбаған және аймақтың ірі қалаларынан, темір және су жолдарынан алыс аймақта өте қысқа мерзімде Оңтүстік Маңғыстау деген жаңа ірі мұнай-газды бассейн ашылды.
1961 жылы Өзен құрылымындағы №18 құрылымдық ұңғыманы бұрғылау кезінде 367,5 метр тереңдіктен газ фонтаны атқылады, одан кейін Өзен алаңындағы барлау бұрғылау қарқынды жүргізілді.
Сынау кезінде №1 барлау ұңғымасында 1248-1261 метр тереңдіктен штуцер 10 мм. болғанда дебиті тәулігіне 80 текше метр фонтан атқылады. Өзен алаңындағы мұнайдың одан арғы өнеркәсіптік иірімдерін №2 және №22 ұңғымалардағы сол қабаттан алынған мұнай фонтандары растады.
1959 жылы Жетібай құрылымында іздеу бұрғылау басталды. 1961 жылы Жетібай кен орнындағы №6 барлау ұңғымасынан мұнай фонтаны шықты. Осылайша, 1961 жылы Оңтүстік Маңғыстауда Өзен және Жетібай екі мұнай кен орны бір мезгілде ашылды деуге болады. Маңғыстаудағы мұнай-газ кен орындарын игеруге үлкен назар аудара отырып, Қазақ КСР-дің Министрлер кеңесі 1962 жылғы 19 қаңтардағы «Маңғышлақ түбегінде және Каспий маңы ойпаңының оңтүстік-шығыс бөлігінің аумағында мұнай мен газға арналған геологиялық-барлау жұмыстарын күшейту туралы және осы аудандарда анықталған мұнай кен орындарын пайдалануға дайындау туралы» №41 қаулы қабылдады. Оңтүстік Маңғышлақтың байлықтарын өнеркәсіптік игеру үшін 1964 жылдың қаңтарында «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігі құрылды. Мұнай тыңын игеруге Әзербайжаннан, Татариядан, Башкириядан, Краснодар және Ставрополь өлкелерінен мыңдаған білікті жұмысшылар мен тәжірибелі инженерлік-техникалық қызметкерлер келді. Ералы, Жетібай кенттері, Жаңа Өзен (Жаңаөзен) қаласы салынды. Қазақстан Компартиясының ОК-нің 1964 жылғы 13 ақпандағы №123 қаулысына сәйкес «Маңғышлақмұнай» бірлестігі бойынша 1964 жылғы 3 шілдеде «Өзен мұнай кәсіпшілік басқармасын ұйымдастыру туралы» №27 бұйрық шығарылды.
1965 жылғы 10 маусымда Гурьев мұнай өңдеуші зауытына теміржолмен алғашқы Маңғыстау мұнай эшелоны жіберілді (Т.Шәукенбаев «Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің экономикасы», «Қазақстан» баспасы, Алма-Ата, 1974 ж.). Оңтүстік маңғыстау мұнай-газды аймақ Өзен және Жетібай ірі кен орындарымен бірге ашылғаннан кейін өнеркәсіптік санаттар бойынша барланған мұнай қорлары 20 есе, ал жылдық өндіру 14 есе ұлғайды. Кейінгі 10 жыл ішінде Теңге, Тасболат, Қарамандыбас, Шығыс Жетібай және басқа да жаңа кен орындары анықталды, барланды және іске қосылды.
Мұнай өндіру күрт өскеннен кейін оны Гурьев мұнай өңдеуші зауыттарына, сондай-ақ КСРО-ның басқа да зауыттарына тасымалдау үшін мұнай құбырын салу қажеттілігі пайда болды. Бұл мұнай құбыры қысқа мерзімде, 2 жыл ішінде салынды және Маңғыстау мұнайын тасымалдау проблемасы шешілді. 1969 жылы Өзен-Гурьев-Куйбышев (Самара) мұнай құбырының бірінші кезегі іске қосылды. Жоғары парафинді мұнайды «ыстық мұнай құбырымен» тасымалдау алғашқы рет Маңғыстауда пайдаланылды. Маңғыстау мұнайы 700 километрлік жерасты магистралі бойынша Гурьевке келе бастады. Ұзындығы 150 километр Өзен-Шевченко темржол желісі салынды (В.Кольцов, «Қазақстан өнеркәсібінің даму қарқыны мен пропорциясы», «Қазақстан» баспасы, Алма-Ата, 1970 ж.). Мұнай өндірудің жоғары қарқындылығын сақтау мақсатында ұңғымаларды пайдаланудың компрессорсыз газлифт әдісі енгізілді, әлемде бірінші рет ыстық суды қабатқа айдау жөніндегі өнеркәсіптік қондырғы пайдаланылды.
Маңғыстау мұнайын ашу және тездетіп игеру барланған қорларды көп есе ұлғайтуда шешуші роль ойнады және Қазақстанның бұрынғы КСРО-ның мұнай өндіруші республикаларының қатарына шығуына ықпал етті. 70-ші жылдарда іздеу және барлау жұмыстары Бозащы түбегінде өрістеді, Қаражамбас, Солтүстік Бозащы, Қаламқас ірі кен орындарын ашумен және барлаумен аяқталды.
ҚазКСР ҒА-ның Орал-Ембі ғылыми-зерттеушілік базасының ғылыми қызметкерлері Батыс Қазақстанды соғыстан кейін зерттеу тарихына, оның көмірсутегі шикізатына деген перспективаларды ғылыми тұрғыдан негіздеуге және іздеу мен барлау тиімділігін арттыруға қомақты үлес қосты. Өте терең (7000 метрге дейін) Аралсор, Биікжал ұңғымаларын бұрғылау және жыныстарды тұзасты кешенінің мұнайлылығы негіздемесі Батыс Қазақстанның мұнай барлау өндірісіндегі ірі оқиға болды. 1972 жылы Гурьев қаласында «Қазмұнайбарлау» басқармасы тұзасты шөгінділердегі мұнай-газ иірімдерін ашу мақсатында терең ұңғымаларды бұрғылауға кірісті. Көп ұзамай Жаңажол тұзасты кен орындары және орасан Қарашығанақ мұнай-конденсатты иірімдері ашылды. Тұзасты кешенді ашу бойынша 70-ші жылдардың басында басталған бұрғылау жұмыстары жаңа 1980 жылдың қарсаңында әлемнің 5 ең ірі кен орындарының қатарына кірген ең ірі Теңіз мұнай кен орнының ашылуына әкелді. Іздеу жұмыстарының нәтижелілігін арттыруда техникалық жабдықтауды кеңейту, көлемді өсіру, геофизикалық әдістерге жаңа әдістемелерді енгізу үлкен роль ойнады. 1958 жылы Қазақстандық геофизикалық трестің құрамына 1960 жылы «Қазақстанмұнайгеофизика» дербес тресіне (басқарушы Г.Хәкімов) бөлінген Гурьев мұнай кәсіпшілік конторасына берілді. 1960 жылы Алматы қаласында Бүкілодақтық барлау геофизикасы институтының (ББГИ) Қазақ филиалы ұйымдастырылды. 1962 жылы «Қазгеофизтрес» жжөндеу шеберханаларының базасында «Қазфизприбор» эксперименталдық зауыты құрылды. 60-шы жылдардың ортасына қарай Қазақстанның геофизикалық қызметінде 6 экспедициясы бар Қазақ геофизикалық тресі мен «Қазгеоприбор» зауыты, 4 экспедициясы бар «Қазақстанмұнайгеофизика» тресі, сондай-ақ 7 жеке геофизикалық экспедициясы мен аумақтық геологиялық басқармалардың құрамындағы бірқатар партиялары болды. Осы жылдары геофизикалық жұмыстардың мұнай-газ іздеудің негізгі көлемі Гурьев, Орал, Ақтөбе, Тұрлан (Шымкент қ.), Іле (Алматы қ.) геофизикалық экспедицияларында, сондай-ақ Қазақ КСР-дің Геология министрлігінің құрамындағы Батыс Қазақстан (Гурьев қ.) және Маңғыстау (Шевченко қ.) кәсіпшілік-геофизикалық экспедицияларда шоғырланды. Мұнай кәсіпшілік аудандарында сейсмикалық, кәсіпшілік және гравиметрлік жұмыстарды жүргізу қажеттілігіне байланысты белгілі кен орындарының қорларын өсіру және жете барлау мақсатында Мұнай өнеркәсібі министрлігі 2 тресті құрды: 1966 ж. Шевченко қаласында – «Маңғышлақмұнайгеофизика» және 1974 ж. Гурьев қаласында – «Ембімұнайгеофизика».1972 жылы Геология министрлігінің геофизикалық трестері таратылды, ал экспедициялар аумақтық геологиялық басқармаларға бағынысты болды. Алайда, жекелеген ұйымдар бойынша геофизикалық жабдық пен кадрлардың шоғырлануы геофизикалық аппаратурамен жарақтаудың нашарлануына, геофизикалық зерттеулердің назарсыз қалуына, жұмыстардың сапасы мен көлемдерінің азаюына әкеп соқты. Осы тенденцияларға реакция ретінде «Қазгеофизика» бірлестігі құрылды, оның құрамына Геология министрлігінің барлық геофизикалық экспедициялары, сондай-ақ жаңадан құрылған Маңғыстау және Алматы геофизикалық экспедициялар кірді.
Осы кезеңдегі сейсмикалық зерттеулер қарқынды дамыды. Реттелген бағытталған қабылдау (РБҚ) әдісі мен ұңғымалық сейсмикалық-барлау қолданыла бастады. РБҚ әдісі кейін пайда болған толқындар селекциясы мен жиынтықтаудың бірқатар әдістеріне алғышарт болды деуге болады, алайда, аппаратура жетік болмағандықтан, ол тым үлкен әрі технологиялық тұрғыдан жетік болған жоқ. 1962 жылы «Қазгеофизтрес» мұнай мен газды тікелей іздеу проблемасы бойынша шағын жұмыстарды жүргізді. Іздеу геофизикалық жұмыстарға Шығыс Қазақстанның шөгінді бассейндері кеңінен тартыла бастады. 1956-1961 жылдары Жаркент ойысында, Балқаш, Алакөл және Қарқара ойпаңдарында гравиметриямен және электр барлаумен бір кешенде сейсмикалық зерттеулер жүргізілді. Шу-Сарысу және Сырдария депрессиялары шегіндегі мұнай-газ іздеу жұмыстары 1958 жылы басталды.
1971 жылдан бастап, МОВ бір мәртелік профильдеудің орнына ортақ тереңдік орын (ОТО) әдісімен байқаудың көп мәртелік әдістері қолданыла бастады. Мақсатты бағытталған профильдеу, ұңғымалық сейсмикалық-барлау әдістері (2D) сыналып, енгізілді. 70-ші жылдардың аяғында: «кең профильден» бастап үш өлшемді (3D) сейсмикалық-барлауға дейінгі кеңістік байқау жүйесі дами бастады. Анағұрлым ірі (3D) түсіру Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында 70-ші жылдардың екінші жартысында, 80-ші жылдардың басында жүргізілді. Осы кезеңде 200 мың метрге дейінгі аумақтағы гравиметрлік түсіру жыл сайын жүргізілді. Қазақстанның аумағында 2 мгл арқылы изожелі қимасымен 1:200000 масштабтағы түсіру жүргізілді, Каспий теңізінің су айдынында 1:100000 масштабындағы түсіру орындалды. Мұнай-газ перспективалық бассейндер шегінде 10%-ке дейін аумақ 1:50000 масштабында түсіру жүргізілді, жекелеген учаскелерде егжей-тегжейлендіру кезінде 1:25000-1:10000 масштабында жұмыстар жүзеге асырылды. І, ІІ және ІІІ сыныптардағы нақтылығы жоғары мемлекеттік тіреу гравиметрлік желі құрылды. Әр түрлі масштабтағы мемлекеттік гравиметрлік карталар шығаруға дайындалуда.
Электр-барлауда әр түрлі модификациялар мен әдістер сыналды: вертикалдық электр зондтау (ВЭЗ), диполдық электр зондтау (ДЭЗ), туындалған потенциалдар (ТП), алаңның түзелуімен зондтау (АТЗ), табиғи алаң (ТА), теллургия токтарының әдісі (ТТӘ), магниттік-теллургиялық профильдеу (МТП) және басқалары. аэромагниттік – шөгінді бассейндерде 1:1000000-нан 1:50000-ға дейінгі масштабтарда орындалды. Республиканың барлық аумағы 1:20000 масштабындағы магниттік алаңның карталарымен қамтамасыз етілді. Мұнай-газ перспективалық алаңдардың 90%-інде 1:50000 масштабтағы түсіру жүргізілді. Кәсіпшілік-геофизикалық (каротаждық) зерттеулер әрбір ұңғымадағы бұрғылаумен және барлық деңгейдегі геологиялық-барлау процесімен ілеседі. Міндетті зерттеулердің кешеніне микрозондтармен, радиометрлік және акустикалық каротаждармен жұмыстар кірді. Қазақстанның мұнай байлықтарын ашуға қомақты үлесін қосқан далада жұмыс істейтін геофизиктердің, интерпретаторлардың және басқа да мамандардың, сондай-ақ ірі мұнай-іздеу және кәсіпшілік-геофизикалық экспедициялар басшыларының саны өсті.
Алдында айтылғандай, 70-90-шы жылдар, тұтастай алғанда, Қазақстан үшін нәтижелі болды, бірқатар жаңадан кен орындары ашылды. Каспий маңының әр түрлі аудандарында, Үстіртте, Бозащы мен Оңтүстік Торғай ойпаңының Арысқұм ойысында қарқынды іздеу жалғасуда. Каспий маңының солтүстік бортында қорлары бойынша ойпаңның солтүстік борты қалыптасқан дәуірдегі тас-көмір кезеңінде пайда болған тектоникалық кемерлерге байланысты: Тепловское, Токаревское, Чинаревское, Каменское, Дарьинское және басқа да бірқатар шағын мұнай-газ конденсатты кен орындары анықталды. Осы объектілер Каспий маңы ойпаңында іздеудің бастапқы кезеңінде ғалымдар айтқан болжамдарды іс жүзінде растап, тұзасты палеозой шөгінділерінде ірі Қарашығанақ мұнай-газ конденсатты кен орнының ашылуына алғышарт болды. Қарашығанақ кен орнының ашылуы жер қойнауын барлаушылардың үлкен ұжымы жасаған еңбектің жемісі болды. Бір айта кететін жәйт, Маңғыстауда триас шөгінділері өнімді болып, Оңтүстік және Шығыс Жетібайда мұнай ағындарының фонтандары атқылады, бұл стратиграфиялық қиманың терең жатқан бөліктерін игеру есебінен өндіруді арттыру перспективаларын айтарлықтай кеңейтті. Сонымен қатар, осы жылдары Қансу, Қарақұдық, Оңтүстік Аламұрын, Ракушечное, Оңтүстік Маңғыстаудағы Бектұрлы, Кенбай, Орысқазған, Кісімбай, Ровное және Каспий маңы ойпаңындағы басқа да кен орындары ашылды. Жоғарыда аталған кен орындарын ашу, олардың қорлары үлкен болмаса да Қазақстанның мұнай өндіруші өнеркәсібінің шикізат базасын айтарлықтай күшейтті.
Алдында айтылғандай, 70-ші жылдары ірі кен орындар Бозащы түбегінде ашылды, онда қысқа уақыт ішінде Қаражамбас, Солтүстік Бозащы, Қаламқас, Жалғызтөбе және басқа да мұнай-газ кен орындары ашылып, игеру үшін дайындалды. Өнімді қабаттары айтарлықтай терең болмауы және Бозащы күмбезіне қарай мелдік және юралық шөгінділердің айтарлықтай қысқаруына байланысты олардың стратиграфиялық тұтқырлармен ұштасуы – Бозащы кен орындарына тән ерекшелік. Аталған кен орындарының мұнайы үлкен үлестік салмақпен ерекшеленеді және құрамында 250мг/тоннаға дейін баратын ваннадийі бар. Қорлары, әсіресе Қаламқастың, ірі деп саналатын осы кен орындарын ашу есебінен Маңғыстаудың шикізат базасы айтарлықтай кеңейіп, нығайып қалды. Каспий маңы ойпаңында, оның шығыс бортында тұзүсті мұнайды іздеу тұзасты шөгінділерді зерттеуге ауысты. Зерттеудің нәтижесінде Жаңажол, тұзасты Кеңқияқ, ал одан кейін, 80-90-шы жылдары – Әлібекмола, Өріктау мен басқа да кен орындары ашылды. Тұзасты мұнайдың ашылуы нәтижесінде Ақтөбе облысының шикізат ресурстары бірнеше есе өсіп, жылдық өндірудің күрт өсуіне қажетті жағдай жасады.
70-ші жылдардың басында Оңтүстік Қазақстанда Шу-Сарысу газды бассейні ашылды. Ашылған газ кен орындарында (Придорожное, Амангелді, Айрақты, Анабай, Үшарал-Кемпіртөбе, Орталық және басқалары) табиғи газ қорлары көп емес. Барланған газ кен орындарының едәуір өсуін назарға ала отырып, Қазақ КСР-дің Министрлер Кабинеті 1991 жылдың 11 қазанында «Табиғи газ бен газ конденсатын барлау, тасымалдау және өңдеу бойынша «Қазақгазөнеркәсіп» Қазақ мемлекеттік концерні туралы» №601 қаулыны қабылдады. Е.Р.Әзербаев Мемлекеттік концерн басқармасының төрағасы болып тағайындалды. Концернге табиғи газды өндіру, игеру, тасымалдау және сату жөніндегі кәсіпорындар кірді. Газ саласында, сондай-ақ мұнай ішкі саласында жобалау, салу, жабдықтау жөніндегі кәсіпорындар кірді. «Қазақгаз» Мемлекеттік холдингтік компанияның мәртебесіне ауысуы нәтижесінде оның құрамында оннан астам акционерлік қоғам құрылды, олардың ең ірілері «Қарашығанақгазөнеркәсіп» және «Батыстрансгаз» болды (Әзербаев Е.Р. «Қазақстанның газ өнеркәсібінің стратегиясы және дамуының әлеуметтік-экономикалық тиімділігі», Орал, 1999 ж.).
Осы жылдары мұнай мен газды іздеу және барлау аясына Қазақстанның оңтүстік шөгінді бассейндері – Арал, Сырдария, Оңтүстік Торғай және басқалары тартылды. 1984 жылы Торғай ойысының оңтүстігінде Құмкөл деген ірі газ-мұнай кен орны, сондай-ақ мұнай мен газдың бірқатар кен орындары – Майбұлақ, Ақшабұлақ, Оңтүстік Құмкөл, Арысқұм, Қоныс, Оңтүстік және Солтүстік-Батыс Қоныс, Қызылқия, Нұралы, Ащысай, Ақсай, Ақшабұлақ, Бектас және басқа да кен орындары ашылды. «Қазгеофизика» бірлестігі мен оның экспедицияларының (Тұрлан, Іле, Алматы, Аэрогеологиялықгеофизикалық) мақсатты бағытталған өндірістік геофизикалық жұмыстары осы ауданның перспективаларын іске асыруда үлкен роль атқарды.
70-ші жылдардың аяғында және 80-ші жылдардың басында Каспий маңы ойпаңының оңтүстік бортында қорлары орасан зор, сондай-ақ тұзасты шөгінділермен байланысты Теңіз ашылды. Теңіз, Қарашығанақ, Кеңқияқ, Әлібекмола, Королевское мен басқа да кен орындарында тұзасты мұнайдың ашылуы, тұтастай алғанда, республикада барланған мұнайдың қорларын көп есе өсірді.
Геологиялық-барлау ішкі саланың қалыптасу кезеңі.
Геологиялық-барлау ішкі саланы түбегейлі қайта реформалау кезеңі 1985 жылы басталып, әлі күнге дейін жалғасуда. 1986 жылы орталықтандырылған басқарудың артық буындарын тарату мақсатында Қазақ КСР-дің Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі таратылды. Оның орнына КСРО-ның Геология министрлігіне тікелей бағынысты Орал қаласында «Каспиймаңыгеология» бас аумақтық басқармасы (БАБ) (Т.Әкішев, Г.Семенычев, Э. Воцалевский) және Алматы қаласында «Қазгеология» бас үйлестірушілік геологиялық басқармасы (Е.Овчинников, Х.Өзбекғалиев) құрылды. «Каспиймаңыгеология» БАБ құрамына «Оралмұнайгазгеология», «Ақтөбемұнайгазгеология», «Қазгеофизика» қазақстандық геологиялық-барлау және геофизикалық бірлестіктерінен басқа, «Маңғышлақмұнайгазбарлау» кешенді экспедиция, сондай-ақ Каспий маңы ойпаңының ресейлік бөлігінде және Калмыкия, Астрахан, Волгоград, Саратов пен Пенза облыстарымен шектес аудандарда мұнай мен газ бойынша іздеу-барлау және геофизикалық жұмыстармен айналысатын Ресей Федерациясының геологиялық-барлау және геофизикалық ұйымдар кірді.Торғай бассейніндегі мұнай мен газ бойынша іздеу-барлау жұмыстарымен «Қазгеология» ГКГУ айналысты. Аталған екі Бас басқарма республикада 1991 жылдың ортасына дейін, кейін Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі болып құрылған Геология және жер қойнауын қорғау комитеті құрылғанға дейін жұмыс істеді. Одан кейін осы геологиялық құрылым бірнеше рет қайта құрылды және қазіргі уақытта ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің құрамындағы Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті болды. Саланы қайта құрудың осы кезеңінде барлық өндірістік бірлестіктер бастапқы кезде холдингтер, ал одан кейін акционерлік қоғамдар (АҚ), бірлескен кәсіпорындар (БК) және жауапкершілігі шектеулі серіктестер (ЖШС) болып қайта құрылды. Геологиялық-барлау жұмыстарын мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылды, ал жер қойнауын пайдалану жаңа республикалық заңнамаға сәйкес келісім-шарттық негізде жүргізіле бастады. Мұнай мен газ бойынша геологиялық-барлау жұмыстар саласындағы анағұрлым ірі жобаларды халықаралық консорциумдар мен интеграцияланған ұйымдар жүзеге асырды.Геологиялық-барлау жұмыстардың қалыптасқан жүйесі қазіргі уақытта да қолданылады.
Тәуелсіз Қазақстанның мұнайы
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында республикадағы мұнай мен газдың дайындалған қорлар көлемін ұлғайта алатын ірі кен орындарын ашуды Каспий теңізінің су айдынын игеру есебінен ғана жүзеге асыру мүмкін екені анық болды. Кеңес кезеңінде теңіздің осы аумағында екі рет геофизикалық зерттеулер жүргізілді. Теңіз су деңгейінің түсуіне байланысты оның беті қысқарғанда, теңіз суынан босатылған кеңістікте де іздеу және егжей-тегжей геофизикалық жұмыстар орындалды. Теңіздің суы таяз аумағының едәуір бөлігінде жерүсті геофизикалық зерттеулер жүргізілді. Осы зерттеулердің қорытындыларын кешенді интерпретациялау арқылы қазіргі Қашаған, Центральная, Құрманғазы, Оңтүстік Жамбай құрылымдар тобының контурларына сәйкес келетін ірі құрылымдар белгіленді. Олар ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында «Қазгеофизика» бірлестігінде салынған 2П шағылдыратын бет бойынша Каспий маңы ойпаңының жиынтық құрылымдық картасында бірінші рет көрсетілді. 1993 жылы осы карталар CGG француз компаниясымен бірлесіп, жете әзірленді және Атлас түрінде шығарылды. Атласқа түсіндірме жазбада аталған құрылымдардың үлкен перспективалары болжанды. Карталардың атласын сол кездегі ҚР Геология министрлігі мақұлдады, одан кейін ол таратылып, шетелдік мұнай компанияларына, оның ішінде Қазақстанда жұмыс істеуге ниет білдірген «Қазақстанкаспийшельф» ААҚ-қа да берілді. 1988-1989 жылдары осы материалдар КСРО-ның Мемлекеттік жоспарында қаралды және бүкіл аудан КСРО-ның стратегиялық резервтерінің аймағына жатқызылды. 1992 жылдың желтоқсанында Қазақстан Каспийде іздеу жұмыстарын бастау ниеті туралы бүкіл әлемге жариялады. Осы жылдың екінші жартысында қазақстандық мамандар тобы «Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игерудің мемлекеттік бағдарламасын» әзірледі. Каспийдің су айдынындағы мұнай-газ кен орындарын геологиялық-геофизикалық зерттеу және игеру жөніндегі бағдарламаны іске асыру үшін ҚР Үкіметінің 1993 жылғы 13 ақпандағы №97 қаулысымен «Қазақстанкаспийшельф» мемлекеттік компаниясы құрылды.
1993 жылдың 3 желтоқсанында ҚР Үкіметі SHELL (Голландия), STATOIL (Норвегия), MOBIL (АҚШ), BP (Англия), TOTAL (Франция), AGIP (Италия) шетелдік компанияларымен операторы «Қазақстанкаспийшельф» МК, ал консорциумның директоры Ж.Н.Марабаев болған халықаралық консорциумды құру туралы халықаралық келісімге қол қойды.1994-1996 жылдары кемінде 100 тыс. км2 алаңындағы су айдынында сейсмикалық, экологиялық, инфрақұрылымдық және басқа да зерттеулер жүргізілді. Сейсмикалық жұмыстармен Каспийдің қазақстандық секторының аймақтық құрылымы зерттелді, өте көп локалдық тұтқыштар, оның ішінде Қашаған, Құрманғазы, Қаламқас-теңіз және басқалары анықталды, олардың үлкен бөлігі іздеу бұрғылауды орнату үшін нақтыланды. 1997 жылы Қаазсқтанның Үкіметі ОКИОК консорциумымен өнімді бөлу туралы келісімге (ӨБК) қол қойды және 1999 жылы іздеу бұрғылау басталды. 20 жылдың шілдесінде Консорциум Шығыс Қашағандағы №1 ұңғымада мұнайдың табылғаны туралы жариялады. Сол кезде, ұңғымадан алынған мұнайы бар капсуланы қолында ұстап тұрып, Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгін Қазақстан халықы үшін бақытты күн. Қашағанда мұнайдың ашылуы - біздің тәуелсіздігіміз, болашақта гүлденуіміз, халқымыздың өмірін жақсарту үшін үлкен көмек. Қазақстандықтардың үміттері ақталды» деді.
Шығыс Қашағаннан кейін Батыс Қашаған, Қаламқас-теңіз, Қайраң, Ақтоты мен Оңтүстік-Батыс Қашаған, ал ресейлік секторда Широтное және Хвалынское кен орындары ашылды. Ашылған Қашаған кен орны республикадағы мұнай қорын 35%-ке өсіруге мүмкіндік берді. Қашаған кен орнында алғашқы мұнай 2008 жылы шығуы керек. Қазір Қашағанда және Каспийдің бірқатар басқа да кен орындарында дайындық және барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазақстанның мұнай энциклопедиясы»
: download -> version
version -> Оқушылардың орта буынға бейімделуі барысында жүргізген жұмыстар туралы анықтама. қазан 2014ж
version -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
version -> Дома на окне пылился светильник со сломанным абажуром
version -> Қыс Қыстың ақ бояуы Көрпеге жер оранды Балалар ойнап далада Сырғанаққа тояды Ақ мамық қарды жер Балалар ойнап күлуде Мұзайдында сырғанап Астана
version -> Абай Құнанбайұлы
version -> Mұхтар Омарханұлы Әуезов
version -> Сабақ Қазақтың ұлттық ою түрімен құрлық суын бейнелеу
version -> Қазақ әдебиеті пәнінің негізгі мектепте оқытылу нысаны қазақ әдебиетінің үлгілері Басқа ұлт өкілдерінің қазақ халқының мәдениетін, әдебиетін, өнерін, тілін т б




©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет