Қазақтың арқар-мериносын алға сүйреген Жолсейіт Молдасанов 75 жаста



Дата02.10.2019
өлшемі105.58 Kb.
Қазақтың арқар-мериносын алға сүйреген Жолсейіт Молдасанов 75 жаста
Ескі танысым Қанат жолыққан сайын:

- Қақа, біздің ауылға жүр, мен экономист едім, қойшы боп кеттім, өзің осы қойдың мықты мамандарының бірі екеніңді білем, бізге де көмектес, малымызды көріп, бағыт-бағдар беріп дегендей – деп жүрген еді. Бұл жолы тартынуға немесе кейінге қалдыруға мүмкін болмады. Мамыр айының 6-, 7-, 8-, 9-ы күндері мен қызмет істейтін аграрлық университетте сабақ жоқ, соны біліп, бала-шағасын мәшинесіне салып алып үйге келген Қанат қолды-аяққа тұрғызбай мені алып шықты.

Соңғы шыққан маркалы “Волгамен” Кегенге жып-жылдам алып келді. Жолсейіт ақсақал мен Ұлтуар шешемізге амандасып, тамақтан соң Құмтөкейге келіп қондық. Ертесіне Қанат мені қора-жайы, қонысымен, мал-жанымен тіршіліктерімен таныстырып шаруаға кірісіп кеттік. Бүгінгі шаруасына ие болып отырған бауырларымен бірге 3 күн бойы қой өлшеп, сұрыптап, таңбалап, бөліп, бұдан әрі қалай жұмыс жасайтынымызды бірігіп ақылдасып, жоспарлап болдық-ау дегеннен кейінгі, жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде Жөкең ақсақал ақырын ғана әңгіме бастап еді.

- Ерте кезде біздің бабаларымыз қоян жотасындай болып бұлтиып жатқан шағын қырқалы Өңешті қыстайды екен. Көктемде Ағанас жазығында мал төлдетіп, жаз жайлауы Құр Қарқара болған. Ақтоғай қабағындағы күзектен ел қыстауға көшіп келе жатқанда, шылбырын сүйрете қашқан шу асаудай керіле созылып жатқан Торайғыр тауының бурайында, жол үстінде дүниеге келген маған ауыл қариялары азан шақырып Жолсейіт деп ат қойыпты.

Біз жұмыс жасаған 3 күн бойы бұл кісі Қанат екеуміздің тірлігімізді сырттай ғана бақылап, араласпай, бірақ қасымызда жүрген еді. Атағы жер жарған алтын жұлдызды ақсақалды мен де көп мазаламай, тек кешкі астан кейінгі дамыл тапқан бір сәттерде оның өмір жолы жөнінде өз аузынан естігенімді қалайтынымды астарлап қана білдіріп қойып жүргем-ді. “Жөкеңнің бізге мейірі түсіп, аз да болса бір ауыз әңгіме айтып берейін деген екен.” Осындай ой көңіліме қуаныш ұялатып бар болмысыммен ақсақалдың аузына қарап, құштарлана құлағымды тосып отырмын. Тыңдаушының құлқына разы болды ма, Жөкең біраздан соң әңгімесін қайта жалғастырды.

- Менің әкем Молдасан мен үлкен шешемнен – Мамырай, Мамырқұл, Молдағұл, Асаубай ал менің шешем Нұрбаладан – Бағашар, Ажар және мен дүниеге келіппін. Әкем Нұрбалаға 40 жасында үйленген екен, - деп бір қойды. Немерелерін кезек-кезек алдына салып еркелетіп қойып, менің әңгімесін қалай тыңдап отырғанымды байқағысы келді ме ақсақал маған бір қарап барып, сөзін әріден салды.

- 1931-1939 жылдары ауқатты, яғни пысық, ақылды адамдарды мұнда да “байсың”, “бағылансың” деп кінә тағып, көз көрмес, құлақ естімес өңірлерге жер аударған екен. Менің бұғанам бекімей жатып әкемді, онымен бірге біздің елден жеті адамды Орал өңіріне айдап әкетеді. Олар сол кеткеннен мол кеткен. Дүрліккен елдің біразы арғы бетке қашып кетіп аман қалған. Отыз жасқа толар толмаста шешем Нұрбала шиеттей үш баламен (Бағашар – 8 жаста, Ажар әпкем – 6 жаста және мен – 3 жаста, осылай шамада болуы керек) жесір қалып, өлместің күні, қошан тіршілікпен жүріп біз әжетке жарағанша көп қиналған.

Ашаршылықтан ауылды ауру меңдеген. Шешеміз бізді аман алып қалудың қамымен Шет Меркіге, кейін Жалаңашқа, ел қалың жерге алып келген. Әуелде 1929-30 жылдары Жалаңаш етегіндегі Ағанас жазығында құрылған жылқы зауыты кейін Қарқара жеріне көшірілген екен. Ұмытпасам, біз осы өңірге көшіп келерде, мен сонау бір қиырдағы Меркі жайлауынан жаяу келгенмін. Осы зауытта біздің Стамғазы (әйгілі әнші Рамазанның атасы) деген туысымыз ферма меңгерушісі болып жұмыс атқарған. Ол кісі бар, басқа да әкемнің достары мен қайырымды қариялардың сыртқа теппей жебеп жүргенінің арқасында өлім-жітімнен аман қалып, біз (балалар) шаруаға да жарап қалған кезде, 1941 жылдың жазында, соғыс басталады. Әскерге жарайтын ер азаматтарды түгел майданға аттандырып жатты. Елді үрей билеп, жылау, жоқтаулар көбейді. 1942 жылдың жазында осы біздің ауданнан ғана ұзын саны екі жарым мыңдай адамды соғысқа алып кетіпті. Оның ішінде Стамғазы аға да бар ді. Ол кісінің үйіндегі Әйімқан жеңгем мен менің шешем Нұрбаланың мұңы да бір, айтар сөзі де бір, атқаратын жұмыстары бір, иіретін жүні де бір еді, жарықтықтардың.

Осы кезде, бүгінгі 75 тен асқан қарияның көзіне мұң ұялап үнсіз қалды. Өзінің шешесін, Рамазанның әжесін айта отырып басқа да бір қиыншылықтарды немесе олардың жүздерін есіне түсіріп отырды ма, тек біраз уақыттан соң маған бұрылып “әлі тыңдап отырсың ба” дегендей сұрақты жүзбен бір қарады.

- 1942 жылдың қарашасында әскерге Бағашарды алып кетті. Бұрынғыдан бетер қиын күндер туды. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін елдің ұйқысы бұзылды. Бала балбыраған ұйқыдан, “көкелеген” жылаудан қалды. Тас түйін елдің берік бірлігі, ынтымақшыл қарекеттері түгел еңбекке жұмылдырылды. Бағашар ағадан келген алғашқы хатта Сталинград үшін болған қырғын шайқаста жамбасынан оқ тиіп, жараланғаны айтылған еді. Содан кейін-ақ хабарсыз қалдық, - деп барып Жөкең тағы да ойға шомды.

Сол соғыстан аман келгендердің ішінде қазір қайсысы бар екенін ойлап отырғандай болды. Қазіргі бейбіт заманда өмір сүріп жатқан, соғыстың зардабын көрмеген адамдардың, өзінің ұрпағының, елінің бақытты өміріне тәу етті ме “я алла, тәубә” деп барып жан-жағына бір-бір қарады да құшағында отырған немересін қысып-қысып, еміреніп, басынан иіскеп қойды.

- Менің еңбек жолым сол кездерде осы Қарқарада басталды. Қай жылы дегенге жауап беру де қиын, өйткені біздің ес білгені бос жүргеніміз есімде қалмапты. Әйтеуір бір шаруаға көмекші болып жүретінбіз. 1943 жылы ма екен осы Қарқараның шүйгін жайлауында, әтір иісті қалың шалғынында жылқышыға қосылып шаруа жасап жүргеніме қуанатыным, мақтанатыным есімде.

Келе-келе бойымыз, жасымыз өскен сайын көтеретін жүк те ауырлай түсті. Осындай кезеңдерде өмір сүрген балалар ерте есейді ғой.

- Соғыс халқымыздың жеңісімен аяқталды. Елдің еңсесі көтеріле бастады. 1947 жылдың наурыз мерекесі қарсаңында Ұлтуар екеуіміз шаңырақ көтеріп, жеке отау тіктік. “Қарқара” кеңшарының ферма меңгерушісі Мырзаш Солтанбаев бізге жеке отар қой бөліп берді. Сол жылы тапқан табысымызға бір дағар арпа алып үлкен қуанышқа ие болғанымыз есімде: жанұя болып істеген еңбегіміздің дәмін татуға қолымыз жетіп, төгілген тердің ащы дәмімен бірге тәтті дәмі болатынын түсінген едік. Еңбекке араласқаннан бергі жылдарым осыған көз жеткізіп келеді.

Иә, Жөкеңнің еңбегі еңбек-ақ қой! Ес білгелі еңбек еткен және сол еңбегінің нәтижесін де көрген қария! Қазақ Совет Энциклопедиясында (8-том 103-104 беттер) бұл кісі жөнінде арнайы мынадай ақпар берілген:

“Молдасанов Жолсейіт (3.01.1930 ж.т., Алматы обл., Кеген ауд., Тоғызбұлақ к-зы) – атақты шопан. Социалистік Еңбек Ері (1973), ҚазКСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері (1965), 1955 жылдан КПСС мүшесі. 1947 жылдан Алматы облысы Кеген ауданы “Қарқара” совхозында шопан. Молдасанов Ж. әр жүз саулықтан 141 қозы алып, әр қойдан 4 кг жоғары сапалы жүн қырықты. Оның есімі 1968 жылы ҚазақКСР-інің Құрметті Алтын кітабына жазылды. Молдасанов Ж. КПСС 24-, 25- съездерінің делегаты. КПСС Орталық Комитетінің тексеру комиссиясының мүшесі (1971, 1976), 8-сайланған ҚазКСР Жоғарғы Советінің депутаты. Кеген ауданында мал шаруашылығы саласында үздік көрсеткіштерге жеткендерге берілетін Ж.Молдасанов атындағы жүлде бар. Екі мәрте Ленин орденімен, Октябрь Революциясы орденімен наградталған”.

Ә.Есенжолов пен Қ.Бөкенов жазған “Қазақтың арқар мериносы” атты кітабында (1984) арқар-меринос қойының тұқымдық сапасын жақсартып, өнімділігін арттыруда озат тәжірибенің, қой өсірушілердің үлесі үлкен екенін айта келіп, авторлар мысал ретінде 1981 жылы Социалистік Еңбек Ері Жолсейіт Молдасановтың отарындағы 700 саулықтың әр 100-нен 170 қозы алып, 5 кг жүн өндіргенін айтқан.

Жөкең 70 жасқа келгенде жазушы бауыры Төлен Қаупынбайұлының көмегімен өзінің өмірі жөнінде кейбір естеліктерін “Дүние-дәурен” деген атпен кітап қып шығарған екен, Сондағы кейбір деректерді келтіре кетуді жөн көрдік.

- 1979 жылғы 29 маусым. Қарқара ауылында мектеп бітіруші жастардың слеті болды. Бұған қатысқан осы кеңшарда құрылған “Жас түлек” жастар бригадасы ұйымының хатшысы Тұрсынбай Келдібаев менің оныншы бесжылдыққа алған міндеттемемді үш жылда орындап, 2848 қозы алудың орнына 4228 қозы өсіріп, сөйтіп он бірінші бесжылдықтың есебіне 1380 қозы қосқанымды үлгі ете сөйледі. Бұл оңай келген табыс емес, ілгерілеу, жаңаша еңбек ету нәтижесіндегі жеңіс – міне осы бір нәрсе бәрімізді қатты ойландыруы тиіс;

- 1980 жылдың 12 мамыры. Аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінің Қарқара кеңшарының шопандарының төл алуы жөніндегі бесжылдық жоспарын орындау нәтижелерін саралаған жиынында менің оныншы бесжылдыққа қосқан үлесім бәрінен жоғары болғаны, жоспардан тыс 2300-ден астам қозы өсіргенім айтылды;

- 1980 жылдың 20 қарашасы. Жыл қорытындысы шығарылды. Мен бағымымдағы 600 саулықтан 1056 қозы алдым. Яғни әрбір 100 саулықтан 176-дан қозы ертіп, әр қойдан 4,6 кг жібек жүн қырқуды қамтамасыз еттім.

Жөкең ақсақалдың жаңаға жаны жақын, мемлекеттік саясатты дұрыс түсініп, оған сәйкес іс қимылды уақытында жасайтындығына мына бір сөздері дәл дерек береді.

1989 жылы, жанұялық, мердігерлік әдістер өмірге жаңалық болып ене бастаған кезде, меншігімізге бір отар қой алдық. Оның барлық құны 30 мың рубльге есептелді. Ал сол жылғы тек қырыққан жүннен 47 мың теңге алдық. Жүннің бағасы ол кезде де жоғары екен-ау!

Кейін тағы өзгеріс болды. 1991 жылы шаруа қожалығын құрып 564 қойдың әр қайсысын 85 рубльден сатып алдық. Мұның сыртында қора-қопсы, шопан отыратын үй-жай 285 мың рубльге бағаланды. Қарызымызды екі жылда қайтардық. Жас келіп, қайрат та азая бастаған соң ендігі үмітті ұлым Қанатқа арттым да қожалықты түгел өткізіп бердім. Қанат осы істі атқарып отыр. Заманмен бірге бұлардың іс қимылдары да өзгерген. Міндеті де, еңбек нәтижесін көру де басқаша. Өмірді түрлендірген ұл көңілді көркейтер.

Жәкеңнің мерейтойына арнаған құттықтаулардың барлығы дерлік бұл кісінің ерекше тұлға екенін көрсетеді.

“... Адамды биікке көтеретін маңдай тері, адал еңбегі. Ендеше бүкіл ғұмырында адал еңбегін қадір тұтқан, пір тұтқан, мәртебе биігіне көтерілген Жолсейіт Молдасанұлының бар өмірі, тіршілігі - бүгінгі ұрпаққа мол ғибрат, үлкен сабақ. Өмір көрген, талайды басынан өткерген, кешегінің көзіндей, бабалардың сөзіндей Жолсейіт секілді әкелер мен аталардың ортамызда алшаң басып жүргені – біздер үшін мақтаныш, үлкен мәртебе. Жас ұрпақ соларға қарап, бой түзеп, соларға қарап тірлігін жасаса, аталар айтқан асыл сөздердің құры кетпегені...” (Тәңірберген Қасымберкебаев).

“ ... Жөкең қашан көрсең де бәйгеге жаратылған аттай бабында жүреді. Ол кісінің қарапайымдылығы, мінезінің сынықтығы, ойының тереңдігі, сөзінің сабырлығы мен салмақтылығы сияқты қасиеттері кімді болса да тәнті етеді...” (Нүсіпбек Әлімбаев).

Бұл сөздерге ешнәрсе қоспай-ақ, Жөкеңнің өмірінің мәнділігін анық бағалауға болар деп ойлаймын.

- Ақсақал, өміріңіздегі осы жетістіктерге жетудің басты кілті неде? – деген сұраққа Жөкең әрқашан:

- Еңбек! – деп қана, қысқа, бірақ көтеріңкі дауыспен жауап береді. Өз өмірінде жиған-терген, көрген-білгендерінен түйген “еңбек” туралы ақсақалдың философиясын төмендегі сөздері анық сипаттайтын сияқты.



  • Адам ажары – еңбек;

  • Еңбек – ердің көркі, жаңбыр – жердің көркі;

  • Еңбекті сүйген ерді елі де сүйеді;

  • Еңбегің дәулетті болса, өмірің сәулетті болар;

- Еңбек болмаса дүниенің сұлулығына, адамның құрметті күшіне көз жеткізу де мүмкін емес;

- Табысқа жетем десең – ең әуелі ықылас-ынтаң болсын. Бұл болған жерде қардың қаһары, аяздың айбары сынық. Қаңтардың қытымыр күнін жылытар күш өз бойыңда. Сол күшті тот бастырып, мұқалтып алма. Бұл күш – алтыннан ардақты, күмістен салмақты;

- Еңбек еткен екенсің, ешкімге міндет етпе: еңбегің өз жемісің, көбірек жеміске жетсең – елге сыйыңның артқаны. Жеміс беру, өнімін көбейту – жеміс ағаштарына да тән. Бұл – табиғат сыйы. Адамның жемісі – нәтижелі еңбегі, үлгілі білімі, ғылыми жетістіктері, өнері мен рухани қазыналары. Бұл өшпес, өркенді игілік. Сондықтан да біз бұл жемістің неғұрлым таза, неғұрлым тәтті, дәмді болуын тілейміз. Өйткені бұл жеміс – бәріміздің қажетіміз. Өз қажетіңді, өзгенің қажетін, өсіріп отыруға міндеттіміз. Демек, ерінбей еңбек ету – кім-кімнің де бірінші кезектегі қажеттілігі.

Қанаттың қойын сұрыптауға байланысты шаруалармен тағы бір барғанымда:

- Менің кенже балам Нұрсейіт жас кезінде маған бір күні “мектепке бармаған шығарсыз. Мектепте оқысаңыз Қарқарада қой соңында жүре бермей, Алматыда шоң бастық болып отырар едіңіз ғой” деп күлкілі сұрақ қойғаны бар, - деп барып өз кәсібі – ата кәсібінің маңызы жөнінде мынадай ерекше ойлар айтып еді.

Ата кәсіп. Бұл кең мағынада айтыла беретін ұғым. Ата-баба тарихын білгіміз келсе, олардың кәсібін, яғни қандай шаруамен шұғылданғанын, шаруасының ұтымды-ұтымсыз жақтарын да жақсы білуіміз керек.

Ата кәсіп туралы сөз - ата-бабаларымыздың өмірі туралы, тарихы туралы сөз. Ата кәсіптің әрі байырғы түрі, әрі мақтанышқа бөлейтіні – жылқы шаруашылығы мен қой шаруашылығы екені белгілі. Қазір кәсіп қуу, байлық көзін іздеу жолдары өзгерген. Сөйтсе де, мен үшін қазақтың ежелгі кәсібі - бүгінгі жаңалықтардың бастау – арналары болады да тұрады. “Біз кешегіден келгенбіз бүгінге”, - деп ақын айпақшы, біздің бүгінгі күніміздің о бастағы арқау негіздері - өз бабаларымыздың айналысып, жетілдіріп келген ата кәсіп. Оның нақты аты: жылқы, қой, ірі қара, түйе өсіру, егін егіп, жеміс теру, бір сөзбен айтқанда – даланың да, тау-тастың да, орман-тоғайдың да, өзен-көлдің де табиғатын жақсы біліп, оның игіліктерін іске жарата білу.

Райымбек ауданынан шыққан әлді бизнесмен жігіттердің бірі Қаһарман Құдияров осы өңірде өсірілетін қой тұқымдарының, олардан алынатын өнім, әсіресе жүн өнімінің ерекшеліктерін жақсы білетін, әрі осы малдың өнімінің сандық көрсеткіштерін бірде-бір түсірмей, ал сапасын, әсіресе жүннінің жіңішкелігін жоғарылату жолдарын іздеп жүрген елін сүйген азаматтардың бірі. Біз онымен бірге біраз жобалар, жұмыстар жасадық. Осы Қаһарманмен бірге жүріп Қытай елінен шақырылған қой жүнімен айналысатын бір топ ғалымдарға еліміздің оңтүстік өңірінде өсірілетін және меринос жүн беретін асыл тұқымды жақсы деген отарлардан қазақтың биязы жүнді қойын - Жаркент өңірінен, оңтүстік қазақ мериносын - Тараз өңірінен, қазақтың арқар мериносын - Райымбек ауданынан көрсеткеніміз бар. Сонда Қытай ғалымдарына Жөкеңнің қой отарларын ең соңында көрсеттік. Олар малдың ірілігіне, жүрдектігіне, ширақтығына, мінез-құлқының ерекшелігіне, жүнінің жіңішкелігі, ұзындығы, тығыздығына сүйсініп, мал иесі боп біздің қасымызда болған Жөкеңе бірнеше мәрте бастарын иіп тағзым етіп, құрметін білдірді.

Соның бәрін түсіндіріп қытай тілінен қазақшаға аударып жатқан аудармашыға Жөкең:

- Қазіргі қолда бағылып жүрген арқар меринос қойының сапасы мен 1960 жылдары бағылған осы тектес қойдың, меніңше, айтарлықтай айырмашылығы бар тәрізді. Бұрынғы қойлар өте сезімтал болатын. Қай жерде соны шөп бар, қай жер сулы – оны тез сезінетін. Таулы-тасты, қиялы жерден де қаймықпай өте шығатын. Ал қазіргі қойлар төлді, жүнді көп бергенімен, мұндай сезімталдық қасиеттерін байқата бермейді, - деп, кезінде өзі баққан қойының бұдан да жақсы болғанын байқатып қалды.

Әрине ғылыми әдебиеттегі бұл қойдың бұрынғы (1980 жылдардың басындағы) көрсеткіштері мен бүгінгі көрсеткіштерінде көп айырмашылық бар. Бүгінгі Қанаттың шаруашылығындағы қазақтың арқар мериносының ерекшеліктерінің қысқаша сипаттамасы төмендегідей.

Ең алдымен айтылатын нәрсе - бұл қойлардың бойшаңдығы: шоқтығынан биіктігі 75-76 см, тұрқының қиғаш ұзындығы 79-80 см, кеудесінің тереңдігі 36-37 см, кеудесінің орамы 101-102 см, кеудесінің ені 23-24 см, сербегі аралық ені 22-23 см. Сирақтары ұзын, тұяқтары берік, аяқтары түзу, мықты. Отардағы еркек және ұрғашы жас малдың өзі негізгі бой өлшемдері жөнінен ересек малдың көрсеткіштерінің 91-98% на дейін өсіп жетіліп, мынадай көрсеткіштерге ие болған: шоқтығынан биіктігі, тиісінше 67 және 62 см, тұрқының қиғаш ұзындығы – 68 және 63 см, кеудесінің тереңдігі – 31 және 28 см, кеудесінің орамы – 89 және 77 см, кеудесінің ені – 20 және 19 см, сербегі аралық ені – 16 және 18 см.

Бұл қойдың терісінде қатпар өте сирек кездеседі. Тек кейбір (1-2%) қойларда ғана мойын терісінде бірлі-жарым ғана тері қатпары болады. Асыл тұқымды қошқарының салмағы 98-110 кг, жүн түсімі 6-9 кг, жүн талшықтарының жіңішкелігі 64-сапада, ұзындығы 8-10 см, жүнінің шығымы 53-57 %. Саулықтарының осындай көрсеткіштері, тиісінше – 60-65 кг, 4-5 кг, 64-сапада, 8-9 см 50-55%. Өсімталдығы - 130-150%, кейде 170 %- ға жетеді. Сәуірде туған қозы қырқүйекте 35 кг тартса, қаңтарда туған қозы қазан айының аяғында 45 кг тартып, күйекке түсіп кетуге әбден жарамды жағдайға жетеді.

18 айлық ұрғашы малдың бой өлшемдерінің көрсеткіштері олардың енелерінің көрсеткіштерімен салыстырғанда, тиісінше (жоғарыда келтірілген тәптіппен) 97%, 98%, 96%, 91%, 93%, 93% болған. Яғни бұл мал - өте тез жетілгіш.

Жоғарыда берілген көрсеткіштер бойынша Молдасанов Қанаттың Құмтөкей шаруа қожалығындағы қойлары қазақтың арқар мериносы тұқымының стандартынан кем емес, тіпті біршама артық екенін көрсетеді.

- Шіркін, ақиық ақын Мұқағали “тау баласы тауға қарап өседі” деп өте дәл айтқан ғой. Далада өсіп, дала мінезін бағып өскендіктен де болар, мен жылдың қай мезгілі болсын, әдеттегідей, ерте тұрып сыртқа шыққан мезетте, ең әуелі тауға қараймын. Бірінен-бірі биік, бірінен-бірі өркешті, қошақандай қойындасып, бірімен-бірі өте әдемі келісіммен ұштасып жатқан таулар - өз жаратылысы бар бір дүн-дүние. Менің өмірім де осы тауларыма ұқсап баққан сияқты ма, - дейді Жөкең, артта қалған өмірін саралап тұрғандай.



Қырғызбай Бегімбеков,ауыл шаруашылығы

ғылымының кандидаты, доцент

Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет