Қазыбай бозымов



жүктеу 163.67 Kb.
Дата28.04.2016
өлшемі163.67 Kb.
: 2014
2014 -> Сабақтың тақырыбы: Спорттық ойын волейбол ойынға қосылған допты жоғарыдан немесе төменнен қабылдау
2014 -> Ауыл шаруашылық ғылымдары
2014 -> Марина Мелексетян мюмзик и сварог
2014 -> Эй бир боорум! Менден бир нече насыйкат сурадың. Сен бир жоокер болгонуң үчүн, аскердик мисалдар менен айтылган сегиз чакан аңгеме аркылуу бир нече акыйкатты напсим менен бирге уккун
2014 -> Отчет о выполнении мероприятий по повышению эффективности
2014 -> Сабақтың тақырыбы : Абай Құнанбайұлы "Әсемпаз болма әрнеге"өлеңі
2014 -> ӘӨЖ 821. 0 Абайтану тарихына қЫСҚаша шолу өнербаева А. А.
2014 -> Сабақ : «Абайды білмек парыз ойлы жасқа»
Үш ғасыр тізгіні өзгенің қолында болып келген Қазақ елі осыдан жиырма жыл бұрын Тәуелсіз ел атанды. Елдігіміздің еңсесін әйгілеген осы жиырма жылда Қазақ елін әлем таныды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында ұлттық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор алпауыт мемлекет құрылды. Ең бастысы, тұғырлы Тәуелсіздіктің, Мемлекет Басшысының табанды ұстанымының арқасында сонау тоқсаныншы жылдардың өзінде-ақ Қазақстан әлемдік қауымдастық мойындаған шекарасын бекітті, алпауыт елдердің кепілдігін ала отырып, әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартты, көпвекторлы саясатты ұстанған болашағы зор жас мемлекетке әлемнің барлық елдерінен инвестициялар құйыла бастады.

Қазыбай БОЗЫМОВ,

Тәуелсіздік алған тұста республикадағы қазақтың саны небәрі қырық пайыз ғана болатын. Сондықтан да өзге ұлттың даусы басымдау шығып жататын. Елбасы қиын кездің өзінде-ақ шетелдердегі қазақтарды көшіріп алу мәселесіне ден қойды. Соның арқасында, өткен жиырма жыл ішінде үш жүз мыңға жуық отбасы Атажұртқа оралып, бұрыннан керегесі кең, бүгінде өзгелермен терезесі тең тәуелсіз еліміздің халқы бір миллионнан астам қандас­та­рымызбен толықты. «Елге ел қосылса – құт» дейтін қазақ даналығын бір сәтке де естен шығармайтын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2008 жылдан бастап, алыс-жақын шетелдердегі қандас­тарымыздың көшіп келу квотасы жиырма мың отбасыға дейін көтерілді. Бұл – жыл сайын шетелдерде тұратын 90-100 мың қазақ мемлекет көмегімен атамекенге оралып, емін-еркін қоныстануына мүмкіндік алып отыр деген сөз.

Ал Қазақстанның ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауымдастық алдындағы зор беделі мен саясаткерлік тұлғасының арқасы. Бұл ешкім шек келтірмейтін бұлтартпас шындық. Әлемдегі Тәуелсіздігін жаңадан алған ел­дердің еш біреуінің осындай жаһандық ауқымдағы басқосуды өткізуге мүмкіндігі болмағандығын мәлім еткен Мемлекет Басшысының ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – маңызды, әрі біз үшін мәртебе дегені жадымызда. Еуроатлантика және Еуразия ау­мағындағы баршаға ортақ ұжымдық қауіп­сіздікке арналған маңызды мәселе­лерді талқылау үшін ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет пен 12 серіктес елдің басшылары мен үкімет жетекшілері, 70 халықаралық ұйымның, 1500-ге тарта БАҚ өкілдерінің келуі Қазақстанның халықаралық беделі мен Мемлекет Басшысының бейбітшілікті нығайту жолындағы орасан зор еңбегін мойындау деп бағалаймын. Жаһандық деңгейдегі аталмыш Саммит Қазақстанның әлемдегі беделін арттырып, еліміздің дамуына қарқын берді. Қазақстандықтардың бірлігі мен патриотизмін одан әрі нығайта түсіп, жер-жаһанға қазақ халқының қо­нақжайлығы мен ашықтығын танытты. Сонымен қатар, Қазақ елі дүниежүзіне сан-алуан ұлттар мен ұлыстар мекендеген достық пен туысқандықтың, ынтымақ пен ырыстың ордасы ретінде де кеңінен танымал.

Осы орайда Президентіміз Н. Ә. Назар­баевтың бастамасымен құрылып, ұлттық-мемлекеттік саясаттың орталық институты ретінде қалыптасқан Қазақстан халқы Ассамблеясына әлемде балама жоқ. Тіпті, Қа­зақ Мемлекеті Басшысының бұл саяси «ноу-хауы» бүгінде жаһан саясаткерлерінің үлкен қызығушылығын тудырып отыр.
Елбасымыз Елорданы Астанаға көшіру бастамасымен миллиондардың тарихи миссиясына арна ашты, жаңа Астана ұлттық идеяның ұйытқысына айналды. Оның негізгі мақсат-міндеттері – бірлігі жарасқан қазақ елінің азаттығын қамтамасыз ету жә­не осы мұрат-мүддеге қызмет ету болып табылады. Бүгінде Есілдің жағасында, Са­рыарқаның төсінде, інжу-маржан іспетті Ақ Орда мен Бәйтеректі ұлықтаған Астана «Әлем қаласы» атанып, көркімен де, көле­мімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты.
Осы бір маңызды оқиғалар аясындағы мемлекеттің жетістігін немен байланыстырамыз? Әрине, бұл ең алдымен – Елбасының еңбегі. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» дейді қазақ. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің кемел тәжірибесі мен мызғымас абырой-беделінің арқасында Қазақстанды әлемдік саясаттың жоғары легіне алып шықты, Астананы жаһандық проблемаларды тал­қылау мен шешудің орталығына айналдыра білді.

Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі Жолдаулары болса, нақты атқарылар бағдар­ламалардың темірқазығы іспетті. Қай ха­лық болмасын алдағы өміріне жақсылық ті­лейді. Сондықтан да қазақстандықтар Ел­басының жыл сайынғы халыққа Жолдауларын асыға күтеді. Өркениеттің жаңа бас­­­пал­дақтарына көтерілу үшін жаңа биіктерді бағындыруды тілейтін, әлі де күрмеулі болып отырған мәселелердің түйіні тарқатылғанын қалайтын қалың ел биылғы Жолдауды да әдеттегідей көтеріңкі көңіл-күймен қабыл алды. Өйткені, жа­һандық экономикалық кеңістікте күннен-күнге қанатын жайып келе жатқан қаржы дағдарысының кезекті толқыны жағдайында «еліміз қандай бағыт ұстанады?», «әлеу­меттің әлеуеті әлсіреп кетпей ме?» деген сұрақ талайдың көңілін күпті етіп келген болатын. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы бұл кү­дікті бірден сейілтіп, кейінгіні көрегендікпен болжай білетін сұңғыла саясаткер екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында әлемдік қаржы дағдарысын еңсерудің Қазақстандық жолын айқындаған Мемлекет Басшысы он басым бағытты тарата келе, ел экономикасын және әлеуметтік саланы дамыту арқылы халықтың бақуатты тұр­мысын қамтамасыз етуді басты назарға алды. Осыған орай Қазақстан халқы Жол­даудың басым бағыттарын жылы қабылдап, Елбасының бастамаларына іс жүзінде қол­дау көрсетіп келеді.

Жолдауда адам жанын сүйсінтетін, ек­пінді еңбек етуге жігерлендіретін жайттар көп-ақ

Әсіресе, қамтылған мәселелер іші­нен мені алабөтен толғандырғаны, ерекше ой салғаны – дағдарысқа байланысты Еуро­паның дамыған елдерінің өзі қаржылық шығындарын, әлеуметтік жобаларын қыс­қартып жатқанда, Қазақстанның батыл түрде әлеуметтік-экономикалық жаңғырту шараларын қолға алып отырғандығы. Бұл туған еліміздің экономикалық тұрғыдан қуаттылығының зор екендігін көрсетеді. Балқаш жылу электр стансасын іске қосу, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолын аяқтау, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысына кірісу, Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл темір жолдарын салу, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндірісі кешенін құру сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалардың бәрі біздің экономикамыздың, бүкіл елі­міздің бет-бейнесін тұтастай өзгертетініне сенімім мол.

Еліміздің батыс аймағына аса қажетті аграрлық және техникалық мамандар даярлайтын жарты ғасырлық тарихы бар іргелі білім ордасы – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық универ­ситетінің студенттері, магистранттары және PhD докторанттары үшін бастау алатын жаңа ғаламат жобалардың мән-маңызы ерекше. Өңірдің қуаттылығын арттыруға бағытталған Қарашығанақтағы қуаты жылына 5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт пен Орал қаласында трансформаторлар өндіретін зауыт құрылы­сы­ның қолға алынатыны студент-жастардың жігерін жанып, болашақ мамандықтарына деген қызығушылықтарын арттыруда. Қос жобаның іске асуы біздің түлектеріміз, яғни – болашақ құрылысшылар, инженерлер, энергетиктер, химиктер, технологтар үшін жүздеген жаңа жұмыс орны, сондай-ақ өндірістік тәжірибе алаңдары екені сөзсіз.
Президент Жолдауында қойылған барлық міндеттердің жас буынға тікелей қатысы бар. Әсіресе, сөз басын жұмыспен қамтудан өрбіткені көңілге қонымды болды. Жасыратыны жоқ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында өңірлердегі кадрлық қажеттілік толық ескерілмей келеді. Оқу бітірген жас маман жұмыссыз қалмас үшін облыстағы, аймақтағы еңбек нарығы бүге-шігесіне дейін тыңғылықты зерттелуі керек. Бұл тұрғыда университет жанынан құрылған Кәсіптік практика және студенттік мансап департаменті жергілікті және көршілес облыстардағы жұмыс берушілермен жиі-жиі кездесулер өткізіп, сұранысқа ие ма­мандықтардың тізімін алып, өндіріс орын­дарындағы кафедра филиалдарының жұ­мысын жандандырып отырады. Соңғы жылдары жұмыс берушілердің оқу үрдісіне белсенді араласып, өздеріне қажетті мамандар даярлау ісіне ден қоя бастағаны қуан­тады.

Екіжақты ықпалдастықтың арқасында елуден астам жұмыс берушінің тапсырысымен оқу үрдісіне 28 қосымша пән енгізілді. Студенттеріміз отандық компанияларға қоса, 22 шетелдік компанияда тәжірибеден өтеді. Соның ішінде, аграрлық маман­дық­тарды меңгеріп жүрген студенттер жақын және алыс шетелдердегі (Ресей, Украина, Белоруссия, Латвия, Дания және Германия) фермерлік шаруашылықтарда ауылша­руашылық тәжірибеден өтуде. Өткен жылы білім ордасын тәмамдаған 1382 түлектің 80,4 пайызы жұмысқа орналасты.


Ірі ауылшаруашылық тауар өндіру­шілері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақтан аграрлық-техникалық университетін қол­дауға әркез ынталы. Өздеріне қажетті бо­ла­шақ маманды мақсатты оқытып немесе студенттерді ең алғашқы курстардан бастап өндірістік тәжірибеден өткізіп, кейін жұ­мысқа шақырады. Біздің облысты айтпа­ғанда Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облысындағы жұмыс берушілердің сұра­нысымен жыл сайын біз мал дәрігерлерін, агрономдарды, зоотехниктер мен инже­нерлерді көршілес облыстарға жұмысқа бағыттаймыз

Мәселен, күндізгі бөлімде кәсіпорын қаражаты есебінен оқитын студенттер саны – 41 болса, сырттай бөлімде – 9 студент. Олар­дың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қа­ра­­шығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «Маерск Ойл Казахстан», «Таушык», «Жайық­мұнай», «Интергаз Орталық Азия», «Конденсат», «Тобеарал-Ойл», «Арна-ойл», «Тенгизшевройл» сынды ірі компаниялар бар.


Биылғы оқу жылында бес студент «Қа­рашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының білім грантын жеңіп алса, алты студент «Аджип ККО» компаниясының білім грантына ие болды. Тағы екі студен­тіміз «Ветеринарлық медицина» маман­дығы бойынша Маңғыстау облысы әкімінің гранты есебінен білім алуда.

Ендігі міндет – Жолдауда айтылған бі­лімнің қолжетімділігін арттыру, жұмыс жасайтын жастардың өндірістен қол үзбей мамандық алуына жағдай туғызу және ең бастысы – жастардың заман талабына сай әлеуметтік бейімделуі болып отыр. Бүгінде білімсіз, ғылымсыз экономиканы да, өн­дірісті де өркендету мүмкін емес. Жа­һандану дәуірінің талабы осындай. Өз ұлтының бақытты болашағын, кемел келешегін ойлаған, төрт құбыласы түгел, қуатты мемлекет құруды мақсат еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев ең алдымен елге терең білім керек екенін жұрттан бұ­рын аңғарып, ерте түсінген тұғырлы тұлға болды. Елбасының президенттік қызметінің алғашқы күнінен-ақ елдің назарын аударып, қолдауына ие болған маңызды мәсе­ленің бірі – Қазақстандағы білімді білікті ету саясаты. Біле-білгенге бұл асқан бол­жампаздықтың көрінісі. Ел егемендігін баянды етуде оқу-білімнің маңыздылығын жете түсінген Елбасы экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, осы салаға тиянақты түрде қолдау көрсетіп ке­леді. 1993 жылы мемлекеттік маңызы зор жоба «Болашақ» халықаралық бағдар­ламасы дүниеге келді. Бұл бағдарламаның әлі күнге жемісті түрде жүзеге асып келе жат­қандығы көңілге ерекше қуаныш ұя­латады. Бүгінде еліміз «Болашақ» бағдар­ламасы бойынша жылына үш мыңнан астам жас жеткіншекке әлемнің ең беделді оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасап отыр. Бұл – ел жастарының ертеңіне сенімін арттырады. Расында, білімнің негізінде болашаққа деген шынайы сенім мен үкілі үміт, өз халқына деген ізет-құрмет пен қадір-қасиет жатқанын Елбасы жақсы түсінді. Ол тәрбие мен оқу-білімді егіз дүние ретінде қарастырып, тәрбие арқылы берілетін білімнің болашағы әрқашан баянды болатынын назарынан ешқашан тыс қалдырмады. Бұл ретте «Қазақстан – 2030» Стратегиясында Елбасы: «Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты», – деп айрықша атап айтса, биылғы жылғы Қа­зақстан халқына Жолдауында: «Қазақ­станда адами капиталдың сапалы өсуі – ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау» – деп білім беру саласын дамытудың қан­шалықты маңызды екендігіне жұртшы­лықтың назарын аударды. Қазір отандық білім беру жүйесінде «Назарбаев Уни­верситетінің» беделі де, шоқтығы да биік. Енді оның айналасында жаңа техно­логияларға бастайтын зияткерлік кластер ұйымдастыру міндеттері тұр. «Болашақ» жоғары оқу орнынан кейінгі білімге бет бұрғандықтан, біз де студенттеріміздің магистратураға дайындығын күшейтуге баса көңіл бөліп отырмыз.

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 2008 жылы ең алдымен Тараз декларациясы атанып кеткен Қазақстан университеттерінің меморандумына, ал кейіннен, яғни 2010 жылы Болон Декларациясының негізі болып саналатын Университеттердің Ұлы хартиясына қол қоюы білім ордасы тари­хындағы аса маңызды оқиғалардың бірі.
Университет 2010 жылдың 21 желтоқ­санында институционалды аккредиттеу бағдарламасына сәйкес кешенді іс-шара­ларды жүзеге асырып, Қазақстан Респуб­ликасының Білім және ғылым министр­лігінің Ұлттық аккредиттеу орталығының аккредиттеуінен өтті және он төрт білім беру бағдарламасы бойынша білім беру саласын қоғамдық бақылау және мансапты дамыту жөніндегі халықаралық агенттіктің (АККОРК) сертификаттарын алды.

Біздің университет білім беруде мүлдем жаңа бағыт – қашықтықтан оқыту технологиясын елімізде ең алғашқы болып қолға алған жоғары оқу орындарының бірі. Университет дәуір талабына сай қарқынды да­му үстінде. Тек соңғы жиырма жылдың ішінде ынтымақтастыққа ынталылық танытып, «Темпус» және «Эрасмус Мундус» сияқты халықаралық білім жобаларына белсенді қатысып жүр. Университет жа­нындағы аймақаралық техникалық және кәсіби білім беру жүйесіндегі педагог-кадрлардың бі­ліктігін арттыру орталығында осымен үшін­ші жыл қатарынан колледждер мен кәсіптік лицейлердің инженерлік-педа­гогикалық кадрларының біліктілігін арттыру курстары табысты жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрімен бекітілген 2011 жылға арналған кредиттік оқу технологиясын же­тілдіру жоспарында Болон үдерісін іске асыру аясында жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерінің акаде­миялық ұтқырлығын дамытуға үлкен рөл жүктелген. Біз қазір республиканың он екі жоғары оқу орындарымен ішкі акаде­миялық ұтқырлық туралы келісімшартқа қол қойдық. Академиялық әріптестікті жетілдіруге мүдделі отандық универ­си­теттердің қатары артып келеді. Сондай-ақ Ресей, Германия, Израиль, Украина, Латвия, Литва, Қырғызстан, Эстония, Чехия және т.б. мемлекеттермен жоғары, қо­сымша және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру шеңберінде әріптестік туралы қырықтан астам құжатқа қол қойылды.
Академиялық ұтқырлық туралы айт­қанда, Елбасы Жолдауындағы жастарды әлеуметтік бейімдеу жайлы да айта кету керек. Өйткені академиялық ұтқырлық аясында ел аумағындағы немесе шетелдегі оқу орнында білімін жалғастыратын студент жаңа ортаға, жаңа бағдарламаға, жаңа талапқа бейімделеді. Мәселен, өзге ұлттың мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен танысып, дүниетанымын кеңейтеді. Тіл үйреніп қана қоймай, өзге ұлт өкілдеріне тәуелсіз Қазақ елін танытады, қазақ халқының ұлт­тық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттап, тілін, дінін, пайым-парасатын паш етеді. Жаңа достар тауып, қарым-қатынас аясы кеңейеді.

Қазіргі уақытта 24 студентіміз Астана, Алматы, Павлодар, Семей, Қостанай, Тараз, Шымкент қалаларындағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатса, біздің университетке Астана қаласының С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінен, Қарағанды мемлекеттік индустриялды университетінен, Дос­мұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен студенттер келіп оқып жүр. 6 студентіміз Еуропаның Латвия, Чехия, Словакия сияқты елдерінде білімдерін жалғастыруда.


Біздің академиялық ұтқырлық бағ­дарламасына студенттерді көбірек тартуға мүмкіндігіміз жетеді. Әйткенмен, көпшілігі шет тілдерін жақсы дәрежеде меңгермеуі салдарынан, шетелдік оқу орнына барып оқуын жалғастыра алмай жатады.
Төрт жылдан бері машина жасау фа­культетіндегі көптеген мамандықтар бойынша арнаулы пәндер ағылшын тілдерінде оқытылады. Былтырдан бері экономика факультетінде сабақтар ағылшын тілінде жүргізіле бастады. Оған қоса, базалық пәндер циклына кәсіптік-бағдар бойынша шетел тілі енгізіліп, IELTS и TOEFL емтихандарына дайындайтын лингвистикалық орталық ашылмақ.

2011 жылғы 1 желтоқсан күні Тәуел­сіздіктің 20 жылдығына орай өткен ға­лымдар форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «әрбір ғылыми жаңалық еліміздің тұғырын бекіте түсуге арналуы керек» деген сөздері отандық ғылымның келешегін, еліміздің ғылыми-техникалық және инновациялық даму болашағын жаңаша ұғынуға ықпал етті. Мемлекет Басшысының бастамасымен қабылданған ғылым саласын басқарудың жаңа үлгісі мен «Ғылым туралы» жаңа заң, зерттеулерді бұрын-соңды болмаған қаржыландыру көлемі және олардың жаңа нысандарын енгізу – ғылымды экономикаға тиімді ендірудің және Қазақстанның иннова­циялық жаңаруының негізгі факторы болды. Егер биыл ғылымға 42 миллиард теңге бөлінсе, алдағы екі-үш жылда 118 миллиард теңгеге жетпек. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.


Президентіміздің ұсынысымен дайын­далған ҚР «Ғылым туралы» жаңа заң ұлт­тық ғылым жүйесін дамыту, ғылым салалары алдындағы міндеттерді шешуге ба­ғыт­талған ұстанымды айқындайды. Бүгінде жаңа заң ғалымдарға үлкен мүм­кіндік беріп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлының ғылым-білімге нақты қолдау көрсетуінің арқасында ауылшаруашылығы өндірісін қарқындату жұмысына біздің университет те өз үлесін қосуда.

Жаңа заңға сәйкес, аймақтық инновация ғылыми-зерттеу саясатын жүргізу үшін біздің университетке үлкен жүк артылып отыр. Бізде шоғырланған ғалымдардың интеллектуалдық әлеуеті жоғары, ғылыми-техникалық білім тарату, жоғары білікті кадр дайындау – университетіміздің мәр­тебелі миссиясы.


Елбасымыз өз Жолдауында агроөнер­кәсіп кешенін дамыту – ел экономикасын диверсификациялаудың негізгі тұтқасы деген болатын. Ең басты мәселе еңбек өнім­ділігін көтеру болып табылады. Осыған орай, университеттегі ғылыми-зерттеу жұ­мыстары ғылым дамуының басты не­гіз­деріне сай келеді. Кафедра ұжымдары мен ғылыми-зерттеу институты, инже­нерлік бағыттағы биотехнологиялық зертханамыз салалық ғылыми-зерттеу жобаларын жү­зеге асыруда.
Біздің университет – біртұтас ғылыми және білім беру кешені саналады. Өте қиын болған тоқсаныншы жылдардың өзінде университетте ғылыми ізденістерге, зерт­теулерге көңіл бөлінді. 1992 жылы институтта 12 мамандық бойынша аспирантура, ал 1997 жылы кандидаттық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес ашылды. Қазақстанның батыс аймағында бұл бірінші кеңес.

1991-1993 жылдары институттың ғы­лыми бөлімінің мәртебесі едәуір жоға­рылады. 1992 жылы қайта құрылған ғы­лыми-зерттеу бөліміне аспирантура, па­тентті-лицензиялық және факуль­те­таралық ғылыми-зерттеу зертханасы кірді. Факультеттерде ғылыми-әдістемелік ке­ңестер құрылды. Оған қоса 1993 жылы «Зерде» ғылыми-өндірістік орталығы құ­рылды. Оның негізгі мақсаты – кеңшар­лармен, шаруа қожалықтарымен, басқа да мекемелермен арада келісімшарт, ғылыми жұмыс жүргізу болатын. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын шаруашылыққа енгізу үшін 13 уақытша шығармашылық ұжым құ­рылды. Ал 2007 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бойынша, қоршаған ортаны қорғау шеңберінде жұмыстар жасау мен қызметтер көрсетуге арналған Мемлекеттік лицензияны дәлелдеді. Университетте өсім­­дік, топырақ, су, жұмыс аймағы ауа­сының химиялық құрамын, пести­цид­тердегі ауыр металдардың болуын, дән, ұн, ет және сүт өнімдерін зерттеу бойынша мамандандырылған зертханасы бар жеке Сынау орталығы жұмыс істейді. Сынау орталығы ИСО 9001:2000, 14001:2000 Халық­аралық сертификатына қол жеткізді. Университет базасында ИСО 9001:2000, 14001-2000 Халықаралық стандарт талаптарына сәйкес сертификатталған физика-химия­лық, агрохимиялық және ветерина­риялық үш мамандандырылған зертхана бар.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланған кездесуде ҚР Білім және Ғылым министрі Ба­қытжан Жұмағұлов «Елбасы адам капиталын дамытуды басты назарда ұстап отыр. Ол ең алдымен, жастардың білім деңгейін көтеріп, бәсекелестікке төтеп беретін сапалы мамандар дайындауға кең жол ашады. Сондықтан, оқыту үдерісіне заманауи технология мен әдістемелерді енгізу қажет. Сонымен қатар, педагогтар құрамының сапасын арттырып, олардың біліктілігін анықтайтын тәуелсіз жүйе құрылады. Ол өз кезегінде отандық білім жүйесінің іс жүзінде дамуына ықпал етеді», – деп атап өтті. Біз білім саласында кадрларды даяр­лаудың жаңа сатысына көшу, ғылыми-зерттеулерді әлемдік деңгейге шығару және ғылымды инновациялық процеске тікелей қосу бағытындағы жұмыстарды да жалғастыра беретін боламыз. Оған ғылыми әлеует те, материал базалық мүмкіндік те жеткілікті. Асылтұқымды шаруашылық мәртебесін алған «Ізденіс» ЖШС жанынан құрылған университеттің оқу-ғылыми-өндірістік кешені ақжайық етті-жүнді қойларын өсіруде жоғары көрсеткіштерге ие. Қазіргі таңда 3500 бас биязы жүнді ақжайық етті-жүнді қойымыз, 5000 гектарға жуық жеріміз бар. Республика көлеміндегі ірі қара шаруашылығы бойынша ірі кө­лемді селекцияны енгізу негізінде жүр­гізіліп жатқан жұмыстарға біздің ға­лым­дарымыз белсенді түрде атсалысуда. Облыста етті ірі қараның дамуын, қой ша­­руа­­шылығы, жылқы және түйе шаруашылығындағы селекциялық-асыл­дандыру жұмыстарын да ғылыми жағынан қамтамасыз етеміз. Жоғары оқу орны жанында Ғылыми зерттеу институты мен инженерлік бағыттағы биотехнологиялық зертхана жұмыс жасайды. Жуырда біздің университет ғалымдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым Комитеті жариялаған «2012-2014 жылдары ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды грантты қаржыландыру» байқауына 45 ғылыми жоба жолдап, соның отызы жалпы сомасы 123 млн. 450 мың теңге көлеміндегі қаржыландыруға ие болды. Бұл біз үшін үлкен жетістік.

Ауылшаруашылығына қатысты мә­селелер қай-қайсымызды да ойлантатыны анық. Облыста құс етін өндіретін соңғы үлгідегі фабриканы, ешкі сүтін өңдейтін ферманы, шошқа бордақылау кешенін іске қосу көзделіп отырған тұста біз ауылша­руашылығы мамандарын даярлауда аграр­лық саланың заманауи даму тенденцияларын елеп-екшеп отырмыз. Диплом алған жас маманның мемлекеттің қолдауына сүйене отырып, кәсіпкерлікті бастап кетуі үшін қажетті білімді ұсынамыз. Болашақ агроинженерлерді ішкі және сыртқы акаде­миялық ұтқырлық аясында келісімшарт арқылы Минск, Челябинск, Қостанай трактор зауыттарына өндірістік практикаға жолдап отырамыз.


Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде аграрлық мамандықтарға бөлінетін квотаны көбейту мәселесін қозғады. Осы тұста Елбасы бастамасымен егемен еліміздің болашағы үшін қолға алынған «Дипломмен – ауылға!» жобасының қаймана қазақ ауылы мен жастарымыз үшін аса маңызды екеніне тоқталғым келеді. Тәуелсіз елдің білімді ұланының ауылға бет бұруы сер­пінділікті талап етіп отырған бір ғана ауыл үшін емес, ұлтымыздың болашағы үшін де ұтымды. Биылдан бастап мемлекет ұсынған әлеуметтік қолдауға ие болған вете­ринар­лық медицина және ветеринарлық санитария мамандығын бітіруші түлектердің 75 пайызы ауылға барып, еңбекке араласуды қалайды.

Ауылдан бiлiм қуып, арман арқалап, қалаға жеткен жастардың көбiнiң жанына бататын жалғыз мәселе бар. Ол – жатақхана. Жайлы жатар орны болмаса, студенттің бар назары сабаққа емес, жалдамалы пәтер іздеу, ол пәтердің ақысын төлеу деген мә­селелерге ауады. Таң алакеуімнен тұрып, қоғамдық көлікпен сағаттап университетке келетін студенттің ұйқысы да шала, көңіл-күйі де бұзылады. Сөйтіп, сабаққа зауқы соқпайды. Оның үстіне біздің студент­теріміздің қатарында көршілес Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда облыс­тарының жастары өте көп. Сондықтан, оларға өз үйлеріндегідей жағдай туғы­зуымыз қажет.


Біз өз студенттерін жатақханамен жүз пайыз қамтып отырған республикадағы санаулы университеттің бірі екенімізді зор мақтанышпен айта аламын. Тоғыз қабатты және бес қабатты студенттер жатақха­насының қатары 2011 жылы су жаңа, тоғыз қабатты, сән-салтанаты келіскен, заманауи Студенттер үйімен толықты. Аталмыш Студенттер үйінде оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда белсенді, бетке ұстар қыз-жігіттеріміз тұрады. Екі адамдық бөлмелер жылы әрі жарық, ыстық, суық суы, жуынатын бөлмесі, ас үйі және жатын бөлмесі бар. Оған қоса әр қабатта бірнеше теледидар бөлмелері, кітапхана, компьютер залдары, кір жуатын орындары бар. Бірінші қабаттағы асхана таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, ыстық тамақ түрлерін ұсы­нады. Бағасы студенттер үшін қолжетімді.

Қысқаша айтқанда, біздің студент­теріміз бен магистранттарымыз қазір кә­дімгі кішігірім пәтерде тұрып жатыр. Жа­тақханада тұру ақысы да ауыл балала­рының қалтасына салмақ салмайды. Жылына 21 мың теңге. Оған қоса, білім ордасында оқитын жетім, мүгедек және әлеуметтік аз қамтылған жанұядан шыққан студент-жастарға жан-жақты қолдау жасалады. Олар жатақханаларда тегін тұрады, та­мақтануына жәрдемақы тағайындалады, ақылы негізде оқитындарға 50 пайыз жеңілдік беріледі. Биыл тоғыз қабатты №3 жатақханаға күрделі жөндеу жүргізбекпіз.


Ал енді оқытушы-ғалымдарды баспанамен қамту мәселесіне тоқталар болсам, соңғы бес жылдың ішінде 116 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес, биылдан бастап «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында елімізде жарты миллионнан астам жас отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отырса, биыл университет жанынан жас отба­сыларға арналған елу пәтерлік тұрғын үй құрылысына кірісуді жоспарлап отырмыз.

Болашақта ел боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?!» деген сауал таразыға түскенде қармайтын негізгі тал – білім мен ғылым болмақ. Республиканың батыс өңірінде бүгінгі заманғы өндіріске қажетті кадрлар әзірлеудің жетекші жоғарғы оқу орнына айналып отырған университетте студент­тердің болашақ мамандығының қыр-сырын жетік меңгеріп, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы үшін барлық жағдай туғызылған. «Келешекте біздің басымызға түспек бар оқиға осы күнде қылып жүрген ісіміздің нәтижесі болмақшы», – деп Алаш ардақтысы Міржақып Дулатов айтпақшы, тәуелсіз Қазақстанның болашақ тарихын қалыптастырушылар ретінде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессор-оқы­тушылар ұжымы мен студенттеріне жүк­телер міндет ұшан-теңіз.


Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы: – «…Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бер­гідегі қазақ баласының бірде-бірінің пе­шенесіне бұйырмаған бақыты – толық­қанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабі­летімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…», – деп үнемі халқына сеніп, халқына арқа сүйеп отырғанда, дәуір талабымен үндесіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан жоғары мектептің аянып қалуы мүмкін емес.

«Дала мен Қаланың» анықтамасы



Қазыбай Бозымов,
«Құрмет» орденінің иегері,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Батыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» кеуде белгісімен марапатталған.

Авторы: admin, 21.04.2012  



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет