Қазіргі қазақстан ақпарат кеңістігінің МӘселелері в статье рассматриваются вопросы казахстанского информационного пространства, программы государства в усилении конкурентоспособности и медиапространства Казахстана



Дата03.05.2016
өлшемі80.48 Kb.
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010

Ә.Б.Тәшімова

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы


ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
В статье рассматриваются вопросы казахстанского информационного пространства, программы государства в усилении конкурентоспособности и медиапространства Казахстана, проблемы медиарынка страны.
This article deals with some problems of information space of Kazakhstan, state programmes in strengthening competetiveness and mediaspacе and problems of mediamarket of the country.
Баспасөз бостандығы болмаған қоғамда даму болмайтындығын өмір өзі дәлелдеді. Қазақстанда баспасөз бостандығы бар ма? Бар болса, ол қай деңгейде? Жалпы қазіргі Қазақстан ақпарат кеңістігінің хал-күйі қалай?

Қазақ халқы – әуел бастан еркіндік сүйгіш, азат пікірлі далалық демократиясы қалыптасқан халық. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген, айтарын бүкпесіз айтқан, әділ сөз, тура пікірге тоқтай білген ата-бабамыздың мінез-құлқы, менталитеті – көшпелі жұрттың жариялылығының айғағы. Бұдан шығатын түйін – сөз бостандығы тек тәуелсіздіктің, әкімшіл-әміршіл жүйенің ыдырау процесімен ғана түсіндірілмейді. Яғни, оның түп-тамыры көшпелі қазақ халқының далалық демократиясында, ежелден берік қалыптасқан менталитетінде жатыр деуге болады.

Соңғы уақытта қоғамда журналистиканы әркім өз дегеніне қарай пайдаланғысы келетін теріс тенденция бел алып келеді. Яғни, қоғамда ақпараттық қолдау тапқандардың тәуір имиджі қалыптасып, қолдау таппағандарға қара күйе жаға салу да әп-сәтте. Еліміздегі БАҚ-тардың, оның ішінде қазақ тілді ақпарат құралдарына тән ортақ сипат: мәселені бетінен қалқып, ашық емес, бұлыңғырлау жеткізу тән. Бұл әлбетте, біздің БАҚ-тардың көбіне құрылтайшыға, белгілі бір қаржы-өнеркәсіп топтарға тәуелділігінен болса керек. Сөз бостандығының ондаған критерийлерінің бірі және ең негізгісі – экономикалық дербестік емес пе? Қазақстан ақпарат кеңістігінде әсіресе қазақ тілді БАҚ-тардың таза өз қаражатымен күн көріп отарғандары өкінішке орай көп емес. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда ақпараттың монополиялануы байқалып қалғандай. Егер БАҚ тек биліктің немесе белгілі бір мүдделі күштің сойылын соғып, оның қолшоқпарына айналса – адасқаны. Ақпарат монополияланған жерде сөз бостандығы, пікір еркіндігі сақталмайды.

Қазіргі кезде журналистиканың теориясын зерттеп жүрген ғалымдардың БАҚ-тың жұмысының жүйесі туралы пікірі екі түрлі:

1.БАҚ қоғамдық процестерден алшақ тұрып, яғни оған баға бермей, тек шұғыл ақпарат таратумен айналысу керек.

2.БАҚ-тың идеологиялық функциясына көбірек мән берілуі керек. Яғни, БАҚ қоғамдағы процестерге талдау жасап, баға беріп, қоғамдық пікірді қалыптастыруға, қоғамды тәрбиелеуге атсалысуы керек. Осы орайда профессор Н.Омашұлы: «Өркениетті елдерде, дамыған мемлекеттерде – мемлекеттік тұтастық, ұлттық қауіпсіздік, бірлік секілді ауқымды мәселелерге мән берілмейді, көбіне шұғыл ақпарат сенсациялы т.б. материалдарға мән беріледі. Ал, бізде қалай? Біздегі жағдай мүлде бөлек. Себебі, жас мемлекетіміздің аяқтан тұру процесі жүріп жатыр. Геосаяси жағдай, ішкі тұрақтылық, ұлтаралық татулық сияқты нәзік мәселелер тағы бар. Демек, біздің қоғамда БАҚ-тың идеологиялық сипатына да мән берілуі керек» [1] - дейді. Бұл пікір осыдан біраз жыл бұрын айтылса да мәнін жойған жоқ. Меніңше, бұл пікірді қолдау қажет. Себебі, қазақ журналистикасы Тәуелсіз еліміздің саясатын жүргізуге, елдік мұраттарымыздың жүзеге асуына қызмет етуі тиіс.

Қазіргі таңда әлемнің дамыған елдерінің барлығы дерлік ақпараттық қоғам құру және оны дамыту жөнінде өз саясатын айқындаған. Мәселен, 1993 жылы қабылданған «АҚШ әкімшілігінің Ұлттық инфрақұрылым саласындағы іс жоспары» – Б.Клинтон-А.Гор әкімшілігінің маңызды бастамасы болды.

1994 жылы Еуроодақтың атқарушы органы Еуропалық комиссия бірнеше тұғырлы құжаттар қабылдады. Солардың бірі және маңыздысы «Бангаменн баянадамасы» деп аталды. Осы құжаттың негізінде бірқатар Еуропа елдері Ақпараттық қоғамға өту жоспарын бекітті. Ұзамай Еуропа елдері ақпараттық қоғам құру жөнінде бағдарлама жасауға кірісті. 1995 жылы Финляндия «Ақпараттық қоғамға бастайтын фин жол» деп аталатын ұлттық бағдарламасын жасады. 1995 жылы Ұлыбританияда «Білім берудің супер магистралі – алға бастайтын жол», 1997 жылы ГФР «Ақпараттық қоғамдағы Германия жолы» атты бағдарламаларын бекітті. Осылайша өткен ғасырдың 90-жылдарында мұндай бағдарламалар барлық дамыған және дамушы елдерде қабылданды.

Осы бастамаларды кең ауқымда жалғастыру мақсатында «Үлкен сегіздік» елдері 2000 жылы 22 шілдеде Әлемдік ақпараттық қоғам орнатудың «Окинава хартиясын» бекітті.

Өз кезегінде Қазақстан да замануи ақпараттық қоғам құруды көздеп отыр.

2004 жылғы 10 қаршадағы ҚР Президенті №1471 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында Электронды үкімет» қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Ал, 2006 жылы ел Президентінің Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін дамытудың 2006-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді [2].

Қоғамда «ақпараттық қоғам», «ақпараттық кеңістік» деген ұғымдар зор мәнге ие болып отыр. Ақпарат кеңістігі: өңірлік (өңірлік – ішкі, өңірлік –сыртқы), ұлттық, ғаламдық нарық өлшемдерімен айқындалады.



Өңірлік ішкі нарық - онда бір-біріне іргелес және жақын (халқының құрамы, тарихи өткені, дүниетанымы жағынан) аумақтардағы аудиториялардың көрермендері үшін ақпарат тарататын БАҚ-тар жұмыс істейді. Қазақстанда осы нарықта «КТК», «31-арна», «Рахат ТД», «Астана қаласының теледидары» және басқалар жұмыс істейді.

 Жалпыұлттық нарық - жалпыұлттық аудитория үшін ақпарат таратушы БАҚ-тар жұмыс істейді. АҚШ-та ол «US NEWS and World Report» газеті, «CNN» телекомпаниясы, Ұлыбританияда – «Independent», «Guardian» газеттері, «SKY», «BBC» компаниялары т.б. Осы нарықта Қазақстанда «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан», «Панорама» сияқты газеттер, «Континент», «Ақиқат», «Мысль» сияқты журналдар, «Қазақстан», «Хабар», «Ел арна» сияқты телеарналар жұмыс істейді.



Өңірлік сыртқы нарық - екі және одан да көп мемлекеттермен іргелес аумақтардың аудиториялары үшін ақпарат тарататын БАҚ-тар жұмыс істейді. БАҚ-тың осындай бағдары Батыс Еуропада таралған. Мысалы, неміс телеарналары, газеттері мен журналдары өзінің ұлттық аудиториясына ғана емес, сонымен бірге неміс тілінде сөйлейтін іргелес мемлекеттердің аудиторияларына да бағдарланған. Осы нарықта ішінара алғанда «Қазақстан», «Хабар», «Ел арна» телеарналары сияқты отандық БАҚ-тар жұмыс істейді деп айтуға болады (көрші Орталық Азия мемлекеттеріне, Қытай, Монғолия т.б. хабар таратады), «Мир» ХТРА Қазақстан Республикасының оңды бет-бейнесін жасауда 10 жылдан астам уақыт жемісті  жұмыс істеп келеді.

Елімізде осы нарықта Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Солтүстік Африка елдерінің аумақтарында хабар тарататын жалғыз ғана арна «Caspionet» спутниктік арнасы жұмыс істейді.  

Елімізде БАҚ-ты кең тұрғыда тақырыптық саралау орын алып отыр. Қазіргі уақытта баспалық БАҚ-тың үлесі масс-медианың жалпы санының 50 пайызын, қоғамдық-саяси – 16 пайызды , ғылыми – 9 пайызды, жарнамалық – 10,5 пайызды, балалар, жастар, әйелдер және діни басылымдар  шамамен әрқайсысы 2 пайызды құрайды. Қазақстан Республикасында 212 электрондық БАҚ жұмыс істейді. Аса ірі жалпыұлттық  электрондық БАҚ-тар Қазақстан Республикасы аумағының: «Хабар» телеарнасы – 95,70 пайызын, «Қазақстан» - 96,25 процентін, «Ел арна» - 75,50 процентін, «Еуразия – бірінші арна» - 78,60 процентін, Қазақ радиосы – 86,99 пайызын қамтиды.

Қазақстанда кабельдік және эфирлі-кабельдік телевидение желілерінің 80-нен астам операторы іске  қосылған, ол отандық және шетелдік электрондық БАҚ арқылы хабар тарату қызметін көрсетеді. Олардың ішінен ең ірісі «Алма-ТВ» (еліміздің 13 қаласына хабар таратады), «Қазақпараттелеком», «Секател» және «Қазорталық-ТД» (5 қала бойынша), «КВК» (4 қала) болып табылады.  Қазақстанның ішкі ақпарат нарығында 2309 газет пен журналды, 83 телерадио бағдарламасын қоса алғанда, 2392 шетелдік бұқаралық ақпарат құралы таратылады.

Қазақстан Республикасында шетелдік бұқаралық ақпарат құралының 80-нен астам өкілі аккредиттелген.  Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары атауларының жалпы санының 90 пайызға жуығы  орыс тілінде, 5 пайызы – ағылшын тілінде, 5 пайызы әлемнің  басқа тілдерінде таратылады [3].

Зерттеушілердің пікірінше: қазақстандық ақпарат нарығын оның бүгінгі таңдағы болмысы жағынан бәсекеге қабілетсіз деп тануға болады, өйткені онда нарықтық экономика қағидаттары таза және толық көлемде сақталмайды. Осыған байланысты ақпарат нарығында мынадай теріс сипаттағы құбылыстарды айта кету парыз:

1.Қазіргі заманғы ақпарат нарығының талаптарына сәйкес келетін кәсіби мамандардың жеткіліксіздігі;

2. БАҚ-тың техникалық жағынан нашар жабдықталуы, ол ақпарат өнімдерін өндіру мен тарату жөніндегі материалдық-техникалық базаның әлсіздігінен, ақпараттарды тарататын телекоммуникациялар мен арналарға, әсіресе өңірлерде, қолжетімділіктің шектеулі болуынан туындап отыр;


3. Қазақстан ақпарат нарығындағы БАҚ өте төменгі табыспен жұмыс істейді.Көп жағдайларда мемлекетке және қаржы-өнеркәсіп топтарға  тікелей қаржылай тәуелділікте болады және көбіне өз қызметінде олардың  мүдделерін білдіреді;

4. Нарықтың ақпарат сыйымдылығының, соның ішінде жарнаманың аздығы; халықтың едәуір бөлігінің  төлем қабілетінің аса төмендігі, ол жеке және заңды тұлғалардың ақпарат өнімдерін аз тұтынуымен  түсіндіріледі;


5. Жергілікті, өңірлік және жалпыұлттық телекоммуникация инфрақұрылымының және ақпараттар беру мен тарату инфрақұрылымының дамымауы, соның ішінде ақпаратты беру мен таратудың монополиялы түріне жақын жай-күйіне байланысты туындап отыр [3].

Ақпараттық қоғам құру мәселелері саяси себептермен қатар, нарық заңдарына сәйкес анықталады. Бұл жөнінде зерттеуші Қ.Мысаева былай дейді: «Қазақстандық-ресейлік ақпарат кеңістігі КСРО кезінде қалыптасты. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ресейлік ақпарат көздеріне шығатын қаржылық мүмкіндігі болмады. Бұл ресейлік-қазақстандық ақпарат кеңістікке өзгерістер әкелді. Экономикалық қиыншылықтардан кейін саяси себептер туындады» [4]. Ақпараттық қоғамның талабына сай Ресейден келетін ақпарат легі сол секілді Ресейге де толық таратылуы қажет еді. Өкінішке орай, бізде ақпараттық кеңістікті айтарлықтай ұлттық белгілермен толықтыруға қаржылай, технологиялық және шығармашылық мүмкіндігіміз әлі де әлсіз болып тұр. Сол себепті бұл фактілердің барлығы екі ел арасындағы ақпарат кеңістігінде теңсіздікті туындатып отыр. Қазақстанның ішкі ақпарат нарығында 2309 газет пен журналды, 83 телерадио бағдарламасын қоса алғанда, 2392 шетелдік бұқаралық ақпарат құралы таратылады. Оның 90 пайызы орыс тілінде таратылады. Бұл аз ба көп пе? Әрине, 150 миллион Ресей аудиториясы мен 15 миллиондық қазақстандық ақпарат аудиториясын салыстырудың өзі қисынсыздау болар. Бұл орайда зерттеуші Ж.Кенжалиннің «БАҚ-тың мемлекетшілдік сананы қалыптастыру, мемлекеттік мүддеге қызмет ету өлшеміне көп мән беру керек» деген пікірін толық құптаймыз. «Өзіміздің ақпараттық кеңістігіміз айқын да мықты болуы үшін ірі-ірі құрылтайшысы бар БАҚ-тар мемлекет саясатымен ортақ мүддеге жұмылдырылса ғана ақпараттық саясатты табысты жүргізуге қол жеткізуі мүмкін» [5]. Бірақ, бұл сөз етіп отырғандарымыз – мәселенің бір ғана жағы. Қазақстан өзінің медиакеңістігінде ұлттық мүдде тұрғысынан бекемдеу саяси-экономикалық себептерден ғана емес, нарық заңдарына байланысты екенін жоғарыда айтқанбыз. Сондықтан, бірінші кезекте Қазақстан медиакеңістігінде жұмыс істейтін БАҚ-тардың (әсіресе қазақ тілді) шығармашылық та, технологиялық және материалдық жағынан нығайтып, бәсекеге қабілетті деңгейге көтеру қажет деп санаймыз.


Әдебиеттер


  1. Омашұлы Н. Журналист елжанды болса дейміз // Егемен Қазақстан. 2002, 1 ақпан.

  2. www.government.kz - Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми сайты.

  3. www.stat.kz – Қазақстан Республикасы Статистикалық агенттігінің сайты.

  4. Мысаева Қ. «Қазақстан имиджін қалыптастырудағы отандық және шетелдік БАҚ-тың рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Алматы, 2009.

  5. Кенжалин Ж. «Қазіргі кездегі Журналистика және журналистік білім беру: идеялар, тұжырымдамалар, жаңа технологиялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Алматы, 2008.



Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет