Б. даулетбекова



Дата03.05.2016
өлшемі66.83 Kb.
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011

Б.ДАУЛЕТБЕКОВА

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аға оқытушысы


БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫН АУЫЗША ЕСЕПТЕУГЕ ҮЙРЕТУ
В статье всесторонне рассмотрены проблемы обучения школьников начальных классов устному счету.
The article deals with some problems of teaching pupils of primary school counting in their heads.
Қазір техниканың дамыған заманы. Бұрынғы есепшот, басу мәшинкесі секілді техникалық құралдардың орнына қазір калькуляторды, компьютерді пайдаланып жүр. Мәселен, осы калькулятордың көмегімен кез келген есепті жылдам, әрі оңай шешеді. Оқушылар осы құралға үйір болып алды. Негізінде калькулятордың ешқандай пайдасы жоқ. Технологиялық жетістік деп кейде мұғалімдерге оны оқытуды жүктейді. Соңғы кездері осы жөнінде ғалымдар «калькулятор оқушылардың ойлау жүйесін шектеп жатыр» деп дабыл қағуда. Калькулятор - оқушылардың есеп шығарудағы ой-өрісіне, санасына, жалпы психологиясына қаншалықты кері әсерін тигізетіндігі белгілі. Мектеп қабырғасында оқушылардың оны қолданбағаны дұрыс.

XXI ғасырдың қазіргі балалары бөлу, көбейту, қосу, азайту амалдарынан түзілген жай есептерін тек қаламның көмегімен қағаз бетіне түсіріп отырады, олар ауызша есептеп шығару әдісін ұмыта бастағандай.

Сондықтан, бастауыш сынып математикасын оқыту үдерісінде есеп шығара білу шеберлігін қалыптастыру, жетілдіру және дамытудың бірден-бір бағыты – оқушыларды есеп шығаруға үйрету.

Оқушыларды есеп шығаруға үйрету математиканы оқытудағы ең қиын, әрі күрделі мәселелердің бірі. Оқушыларға бір ғана математикалық есепті шығаруда оның неғұрлым тиімді, үнемді шығару жолдарын табу мақсатында бірнеше тәсілдерді қолдану ұсынылуы мүмкін. Бұл мақсатқа жету үшін теориялық қағидаларды, сол сияқты есеп шығарудың әдіс пен тәсілдерін еске түсіру керек, бұл құралдардың бәрін есепте баяндалған ситуацияларға пайдалануға мүмкіндігі тұрғысынан талдау жасалуы керек. Осылай оқушыларды есепті шығарудың тиімді тәсілін іздестіру үрдісімен қаруландыру керек.

Оқушыларды есеп шығаруға үйрету алғашқы сабақтардың өзінде-ақ басталып, сынып жоғарылаған сайын бірте-бірте сәйкес шеберлік қалыптаса бастайды. Ауызша есептеуге үйрету бастауыш сыныптан басталатыны бәрімізге мәлім.

Оқу үдерісінде дайын білімді жай ғана беру оқушының ой-өрісінің дамуына теріс әсер ететіндігін Е.В.Ильенков атап көрсеткендей, «ми мен ақыл ой-өрісті кеміс етудің ең бір дұрыс тәсілі - білімді формалды жаттау» [1]. Ешкімге құпия емес, математика күрделі де қиын пән. Математиканы



А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011
Даулетбекова Б. Бастауыш сынып оқушыларын ауызша есептеуге үйрету

жаттауға болмайды, оны түсіну керек. Ал, егер математика оқушыға түсініксіз және сабақ бірыңғай жүргізілсе, онда пәнді қалай түсінуге болады? Міне, осы жерде педагогикалық тапқырлық керек, бір ғана мақсат оқушыны пәнге қызықтыру. Математиканы оқыту үдерісінде бастауыш сынып оқушыларының пәнге деген қызығушылығын арттыруда және олардың математикалық қабілеттерін дамытуға септігін тигізетін жұмыстың әртүрін пайдалану керек. Осының негізінде математика сабақтарында тапқырлыққа берілетін материалдардың негізгі мақсаты оқушылардың қызығушылығын ояту, ойлау әрекетін белсендіру, ой-өрісін кеңейту болып табылады. Олардың түрлері әртүрлі болып келуі мүмкін: ребустар, қазақ халқының ауызша есептері, өлең-есептер, викториналар, т.б.

Бастауыш сынып оқушыларын ауызша есептеуге үйрету уақыт үнемдеу тұрғысынан да тиімді. Бір ғана мысалдың нәтижесін бірнеше тәсілмен есептегенде берілетін түсіндірмелер, аралық нәтижелердің қалай шығатыны, ақтық нәтижеде не болатыны ауызша айтылады да, оларды жазуға уақыт жұмсалмайды. Оған қоса қай тәсілді қолдану оқушының өз еркінде болғанымен, олардың барынша тиімдісін іріктеп алуды үйретуге де мүмкіндік мол [2].

Математика сабағында ауызша есептеу дағдыларын қалыптастыру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Сабақта оқушылардың ойлау қабілетін дамыту үшін есеп шығарғанда орындайтын амалдарды ойша шешіп алуды дағдыландырған жөн.

Мысалы, оқулықта көрсетілмеген ауызша есептеудің жолдарын көрсетсе, мысалы, екі таңбалы «5»-пен аяқталатын (15, 25,...,95) сандарының квадраттарын немесе өзін-өзіне көбейтуді қалай есептеуге болатынын түсіндіру және оны есеп шығаруда қолдана білуге машықтандыру:

15х15=225

Мұнда бірліктері 5-пен аяқталғандықтан 5х5 көбейтіндісі 25, ал алдыңғы сандары, яғни ондықтары 1 және 1, оның біреуіне 1-ді қосып, қосындыны екінші 1-ге көбейтеміз (1+1)х1=2 шығады, сонда 225 болады.

25х25=625

Мұнда бірліктері 5х5 көбейтеміз 25, алдыңғы сандары ондықтары 2 және 2, оның біреуіне 1-ді қосамыз, 3 болады, оны екінші екіге көбейтіп жазамыз 6, сонда 625 болады.

Сонымен, беспен аяқталатын екі таңбалы сандардың квадратын тапқанда ондықтардың біреуіне 1-ді қосып екінші ондықтың цифрына көбейтеміз де артына 25-ті тіркеп жазамыз.

15 х15 = 225

25 х 25 = 625

35 х 35 = 1225, ((3+1)х3=12 осыған 25 тіркеп жазамыз)

45 х 45 =2025 т.с.с.



А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011
Даулетбекова Б. Бастауыш сынып оқушыларын ауызша есептеуге үйрету

95 х 95 =9025, ((9+1)х9=90 соңына 25 тіркеп жазамыз).

Міне, осындай ауызша есептеулерді үйретсек, оқушының математикаға деген қызығушылығы оянады.

Ауызша есептеу тәсілдері оқушылардың жан-жақты дамуына, олардың математикалық тілінің жетіле түсуіне, сондай-ақ уақыт үнемдеу тұрғысынан тиімді болып табылады.

Ауызша есептеулер әдетте, екі таңбалы сандарға жүргізіледі, ал жазбаша есептеулер ауызша есептеу қиын болған жағдайда ғана көп таңбалы сандарға жүргізіледі.

Бастауыш сыныптарда ауызша есептеу дағдыларын қалыптастыру бойынша орындалатын жұмыс ерекше орын алады, өйткені бастауыш сыныптарда төрт жыл бойы оқығанда оқушылар ауызша есептеу тәсілдерін саналы түрде игеріп қана қоймай, сонымен қатар берік есептеу дағдыларына ие болуы тиіс. Ауызша есептеу дағдыларын меңгерудің білім берерлік, тәрбиелік және тәжірибелік мәні бар. Олар арифметикалық амалдар теориясының көптеген мәселелерін игеруге көмектеседі. Ауызша есептеулер жазбаша есептеу әдістерін жақсы игеруге көмектеседі, өйткені жазбаша есептеулер ауызша есептеулердің элементтерін қамтиды. Олардың тәжірибелік мәні - есептеудің тездігі мен дұрыстығымен әсіресе, амалдарды жазбаша есептеу мүмкін болмаған жағдайларда [3].

Ауызша есептеу дағдылары үнемі жетілдіріп отыру үшін есептеудің ауызша және жазбаша әдістерін, қолданудың дұрыс қатысын тағайындау қажет. Ауызша есептеулерде жаттығулар бүкіл сабақ бойында жүргізілуі тиіс. Оларды үй тапсырмаларын тексерумен, оқып-үйренген материалды пысықтаумен қосып қарастыруға да болады.

Осымен қатар мұғалімдердің тәжірибесінде мынадай жақсы дәстүр қалыптасқан, әрбір сабақтың басында ауызша есептеулерге 5-7 минут арнайы уақыт бөліп, ауызша санаулар жүргізіледі. Егер ауызша есептеулер қызықты өтсе, онда сабақ ары қарайда қызықты және табысты өтеді.

Ауызша есептеулер оқушылардың ойлауының дамуына, олардың зеректігінің, математикалық көрегендігінің және байқағыштығының дамуына көмектеседі.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі М.Өтелбаев - «Қазақ ілім мен білімнің кез келген саласына бейім халық. Оның бір себебі, біздің ұлтымыздың өз тарихында көп сұрыпталғанынан. Небір алапатқа ұшырады. Мұндай құбылыс адам бойында ширығуды, өмірге, қоғамға икемделе өмір сүруге деген ішкі түйсікті оятады. Ішкі түйсік логикаға, ал логика есепке жетелейді»- деген бір сұхбатында.

Қазақта логикаға бағынған ішкі динамика қатты дамыған. Ертеде жылқышылар алдынан ағын судай жөңкіліп өтіп жатқан үйір-үйір жылқыны көзбен «іліп» санап үлгерген. Бұған зердесі ояу адам болмаса, қисынын

А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2011
Даулетбекова Б. Бастауыш сынып оқушыларын ауызша есептеуге үйрету

келтіре алмайды. «Теңге алу», «жамбы атуды» алатын болсақ, бүгінгі өлшеммен алғанда, сағатына пәлен километр шауып келе жатып жерде жатқан теңгені қапысыз іліп алу үшін арақашықты және ат бауырына қырындай аунайтын қас-қағым сәтте асқан дәлдікпен есептей алған. Әрі тепе-теңдікті сақтап, бойды ілезде тіктеп үлгеру секундтың бөлшегіндей қас-қағым сәт. Осы аралықты есептесе, арифметкиалық дәлме-дәлдік шығар еді.

Ағызып келе жатқан аттың жылдамдығын, жебені не ерте емес, не кеш емес, жамбыны қағып түсіретін шамаға жеткенде ғана жұмсау уақытын және садақты шірей тартқандағы қолдың қатысының шамасын, сондай-ақ жебенің ұшу жылдамдығын өлшем бірліктеріне салып есептеп жіберсе, ертедегі қазақтың асқан математикалық интуицияға, қабілетке ие болғанын дәлелдейді. Міне, осының бәрі қазақтың математикалық интуициясын дамытуға себеп болған сияқты. Ендеше, қанына осындай қасиет сіңген балада, әсіресе, ауыл баласының есепке жүйрік болып келуіне таңқалатын ештеңе жоқ.

Қандай зәулім үй салсаң да, оның іргетасы дұрыс қаланбаса, күндердің күнінде құлап қалатыны белгілі. Дәл сол секілді баланы тәрбиелеу мен білім беруде мықты іргетас қаланбаса, жас ұрпақтан болашақта білімді, көргенді және кез келген ортада өзін еркін сезінетін азамат шықпайтыны хақ.



Сондықтан, математиканың қиындығына, күрделілігіне қарамастан, болашақ ұрпақты осы пәнге қызықтыру, білім деңгейін көтеру біз үшін орасан зор жауапкершілікті қажет ететін оқыту әдісі болуы тиіс.
ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Нұғысова А. Болашақ математика мұғалімдерін оқушылардың есеп шығару іскерліктерін қалыптастыру жұмысына дайындау. –Алматы, 2002.

  2. Бантова М.А. Бастауыш кластарда математиканы оқыту методикасы. -Алматы, 1978.

  3. Бидосов Ә. Математиканы оқыту методикасы. -Алматы, 1981.



Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет