Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»



бет14/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   34

Григорий Васильевич

ДИНАВЕЦКИЙ

ЕЛІМ ДЕП СОҚҚАН ЕР ЖҮРЕК
Біз ол кезде Одесса қаласының маңындағы Грослибенталь селосында тұратын едік. Бір жолы әке-шешеме еріп Белая Церковь қаласына келдім. Мұнда атақты палуан Иван Поддубный циркте өнер көрсетіп жүр екен. Біз оның өнерін тамашалауға бардық. Сондай сәттердің бірінде Поддубный мені көріп қалып, өзіне шәкірт болуға шақырды. Сірә, менің түр-тұлғам оған ұнаса керек. Әке-шешем қарсы болған. Сөйтіп мен есімдері бұрыннан жақсы таныс, ғаламат күш иелері И.Поддубный, Қажымұқан, И.Заикин, И.Шемякин сынды палуандардың тобына қосылдым. Бірнеше жылдан соң олардың қатарында менің де есімім атала бастады.

Палуандар тобы жиі-жиі ел аралап, күш өнерін көрсетіп, кілемге шығып күресіп жүрдік. Сол бір жылдары естен кетпес сәттер көп болған еді.

1927 жылы Поддубный Америка Құрама Штаттарына барып келді. «Елу жасар орыс аюы» атанған (газеттерде оны осылай деп жазды) Иван Поддубный бұл сапарда екі құрылықтан жиналған күшті палуандардың бәрін жығып оралған болатын. Келген бетте ол мемлекеттік цирктің бір топ палуанымен бірге еліміздің қалаларына өнер көсету сапарына шықты. Осы сапарда онымен бірге қазақ алыбы Қажымұқан да болған еді. Осы сапардың ескерткіші ретінде Поддубный, Қажымұқан үшеуміз суретке түстік.

Біздің палуандар ол кезде кілем үстінде күшін асырып, әдемі әдіс-айла қолданып ұтатын. Ал шетелдік палуандар болса жеңіске жету үшін адам өміріне қауіпті небір сұмдық тәсілдерді қолданудан тайынбайтын. Соның бір мысалы мынадай. 1916 жылдың 31 тамызы. Харбин қаласындағы әлемдік чемионатқа дүние жүзінің бар күшті палуандары жиналған. Россиядан барған командаға Иван Поддубный жетекшілік етті. Команда құрамында Қажымұқан, И.Зайкин, Станислав Збышко-Цыганович және мен болдым. Ортаға Жапонияның жауырыны жер иіскемеген палуаны Саракики шықты. Жекпе-жектің алдында үстіне май жағып алған палуан қола мүсіндей жылт-жылт етеді. Джиу-джитсу күресінің заңы бойынша аяқ-қолды сындыруға, кез-келген жерден ұруға, тебуге, тіпті өлтіріп жіберуге рұқсат етілетін. Палуандардың бәрі салмағы 2 центнерге таяу дөңкиген палуаннан қорқақтап, шыға қоймады. Бір кезде ортаға Қажымұқан шықты. Қажымұқанның батырлығын бәрі білетін. Дегенмен мынадай күрес шарты бойынша күресуге шыққанына таңданбаған адам жоқ...

Күрес Қажымұқан үшін сәтсіз басталды. Үстіне май жағып алған жапондық палуанды ұстау мүмкін болмады. Ал Саракики ойына келгенін істеп бақты. Ол Қажымұқанның әуелі ернін жырып жіберді. Бір кезде тісімен тістеп, құлағының жартысын жұлып кетті. Енді бір сәт Қажымұқанның кеңірдегіне тісімен, жармассын... Қажымұқан әлсіреген секілді. Бірақ соңғы күшін жинап, оң қолымен қарсыласының жоғарғы жақ сүйегінен итерді. Бір кезде жоғарғы жақ сүйегі опырылып кетті. Жапондық палуан қайта тұрған жоқ. Көрермендер арасынан Қажымұқанға оқ атқандар да болды. Бірақ төрешілердің бірі залға хабарлады: күрестің ережесі осындай екенін, адам өліміне де ешкімнің жауап бермейтіндігін қайталады. Жараланған Қажымұқан тез жазылып, бір айға жетпей-ақ қатарға қосылды.

Қажымұқанның күші телегей-теңіз еді. Бірде Францияның бір қаласында келе жатқанбыз. Біздің алдымыздан шыққан бір-екі адам үйіне кіруімізді сұрады. Кірдік. Олар бізден ауыр сейфті үшінші қабатқа шығарып беруімізді өтінді. Қажымұқан мықты арқан сұратып алдырды. Сөйтті де сейфті арқанмен шандып байлап, арқасына салды да керекті қабатқа апарып берді. Көздері атыздай болған кісілерді көріп біз таңданғанымыз жоқ. Ал, олар бұл оқиғаға әлі сенбей тұрған сияқты. «Сейфтің ауырлығы 450 килограмм болатын!» - дейді олар жүректерін ұстап.


Жазып алған Адам Вотчель

Зейтін АҚЫШЕВ

ҚАЖЫМҰҚАН КӨТЕРГЕН ТАС
Қажымұқан 1922 жылы Павлодар уезінің Ақкелін, Далба болыстарын (бұлардың орнында қазір Баянауыл ауданының Қ.Сәтбаев, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы совхоздары бар) аралап күшін көрсеткен екен.

- Жуандығы білектей темірді ноқтаның сабағындай бұрап тастағанын талай көрдім;

- Өзі қалың тақтайдың астында жатып, үстінен түйе жүргізетін еді;

- Ұзын бөрененің екі басына он жігіттен отырғызатын да, иығына салып, алып жүре беретін;

- Жүген, құрық тимеген бесті асаудың төрт аяғын екі қолымен қысып алып көтеріп кеткенде асау бүлк ете алмайтын;

- Табанын тіреп тұра қалғанда екі атан түйе орнынан қозғай алмады, ол түгіл, жуан арқан іліп алған екі қолы жазылған жоқ...

Бізге мұны айтқан Баянның байырғы тұрғыны Субек ұста еді. Субектің бар күн көрісі көрігі мен балғасы болатын. Тамағы аш, иіні жалаңаш болмаса болды, онан басқаны ойламайтын, дүниеге қызықпайтын адам еді. Өзі кәріқұлақ әңгімешіл, жайдары, ақ жүрек адам-ды.

1935-1936 жылдары мен Баянның жеті жылдық мектебінің директоры едім. Сүкеңнің Хайрулла дейтін жалғыз баласы біздің мектепте оқыды. (Хайрулла Ұлы Отан соғысында қаза болды). Бір күні Сүкең баласының ұстаздары деген шығар, екі-үш мұғалімді қонаққа шақырды. Дастарқаны мол, пейілі кең Сүкең тамаққа да, әңгімеге де жарытты. Шай мен ет арасында есік алдына шықтық. Далада, үйінің бұрышынан құрық бойындай жерде бір тас тұр екен. Баянның кәдімгі қызғылт сұр граниті төрт қырлы, ағаш жәшік сияқты. Биіктігі кісі бойына таяу, жуандығына кейбіреуіміздің құшағымыз жетті, кейбіреуіміздікі жетпеді.

- Осы тастың жайын айтайын, тыңдайсыңдар ма? - деді Сүкең.

- Тыңдаймыз, әрине, айтыңыз.

Қажымұқан Баянға келіп-кетіп жүргенде түсетіні осы Субек үйі болады екен. Сол жолында палуанға Ақкелін, Далба елінің халқы сыйлыққа екі үйір жылқы айдатыпты. Шығарып салғандар бар, соңына ерген өз жолдастары бар, бір топ адам отызға тарта жылқыны айдап Сукең үйінің алдына келіп тұра қалады. Екі-үш күн жатып, дәл жүрерде палуан Субек досына:

- Олжамның жартысын алып қал, - дейді.

Субек алмайды.

- Ең болмаса екі-үш құлынды бие алып қал.

Субек алмайды.

- Неге алмайсың, маған өкпең бар ма? - дейді палуан.

- Ол не дегенің, Қажеке, сізге не деп өкпем болады.

- Ендеше ойыңдағыңды айт.

- Дүние, шіркін, қолдың кірі емес пе. Мына аяғын жаңа ғана апыл-тапыл басып жүрген жалғызыма тартқан сыйлығыңыз болсын, кейінгілер айтып Жүрсін, ренжімесеңіз ана таудың беткейінен өзіңіз лайық деген бір тасты көтеріп әкеп осы араға қойып беріңіз, - дейді Субек.

Қажекең киімін жұлып тастайды да, үстіне жалғыз қабат шекпен киіп, есік алдындағы тауға қарай тайраңдай басып жөнеледі.

- Барды да, осы тасты «әуп!» деп көтеріп кеп осы араға қойып берді, - деді Субек бізге. - Содан осы тас Қажымұқан тасы аталып кетіп еді.

Кейінірек дәм жазып Баянға бара қалдық.

- Жүр, Қажымұқанның көтерген тасын көрсетейін - дедім мен бір күні қасымдағы Ісләм Жарылғаповқа. Тас әлі бар екен. Бірақ неге екені, кім екені белгісіз, бұрынғы орнынан қозғап, арқан бойы жерге сүйреп апарып жығып қойыпты. Зады, әңгіме соққандар отырғыш жасаған болу керек.

Таразыға салып өлшегеміз жоқ, салмағы шамамен, тоннадай барсың-ау дедік.

- Мұндай да күш болады екен! - деп тастың жанында таңданып көп тұрдық.

Бекетай СӘРСЕНБИЕВ

ҚАЛИЖАН АЛҒАН ҚЫМБАТ СЫЙ
Содан бері табаны күректей елу сегіз жыл өтсе де, «Қазақ даласының Батырын» көріп, ғаламат күш өнерін тамашалаған мәңгі естен кетпес сол бір қимас сәт дәл бүгінгідей көз алдымда. Онда мен өрімдей он сегіз жасар жігіт едім.

Дәлірек айтсам, мың тоғыз жүз жиырма алтыншы жылдың жаз айы. Қашаннан қырғыз, қазаққа тел қоныс болған ата жайлауымыз - Суықтөбенің төрінде отырғанбыз. Бір күні Шелекте тұратын жиен ағайым Әбілбай келе қалды. Қасында қақпақ жауырын, сом денелі, қызыл шырайлы жас жігіт бар. Өзіммен салыстырғанда оның дене-бітімі маған алып адамдай көрінді.

Осы ойымды сезе қойған Әбекем аман-саулықтан соң:

- Бекетай, Қалижан жиын-тойларда сайыс пен күреске түсіп жүрген палуан жігіт, - деп серігін таныстырды. - Сенімен түйдей құрдас, он сегізде. Барар бағыты - Тоқпақ шаһары.

Сөзге аталас ағайым Қасен араласты.

- Тоқпаққа баратын адамның алдында айдаған кемінде бес-алты тоқтысы, қалтасында жүз сом ақшасы болуы керек. Әйтпесе, атақты базарға барудың қажеті жоқ. Әлде, туысшылап жүр ме?

Қасекеңнің сөзінен екі бетінің ұшына қан үйіріле қалған Қалижан қысылып сөйлеп:

- Онда ешқандай туысым жоқ. Сәудегерлік кәсіппен де шұғылданған емеспін, - деп қысқа жауап қайырды.

- Ендеше, неменеге бара жатырсың? Бұл сұраққа Әбекем жауап қайтарды.

- Осыдан бір апта бұрын Тоқпақтан дүнген жігіті келіп, бізбен көрші тұратын ағасын ертіп кетті. Айтуынша, Ташкенттегі циркте жиырма үш палуанды сыпыра жыққан Қажымұқанды қаланың игі-жақсылары құрметті қонаққа шақырса керек. Батыр ағамыз бұл шақыруды шын пейілімен қарсы алыпты. Қалижан Қажекеңді көруге құмар. Менің де ойым сол. Өзің бұған қалай қарайсың?

Қасен қуанып кетті. - Шай-тұз, киім-кешек жасалық деп бес-алты түтіннің басы артық уақ малдарын бүрсігүні базарға апармақ болып отыр едім, жақсы болды, бірге барамыз!

Манадан үнсіз отырған атам Сәрсенбі кіндігіне дейінгі өңірді жауып тұрған ақұлпа сақалын салалы саусақтарымен бір тарамдап қойып, маған бұрылды.

- Бекетай, сен де бар. Нағашыларыңа сәлем бере қайт.

Шешем - Кішікей қырғыз қызы болатын. Төркіндері - Сарыбоз хажының ұрпақтары, Тоқпақтың түбінде тұратын. Төртеуіміз сол күннің ертесінде-ақ аттанып кеттік.

Араға бір түнеп, қонаға қаланың іргесіне жеттік. Қасекең түні бойы сататын малын жайып, ұйықтамады. Күн шыға базардың қақпасынан кіруіміз мұң екен, жалаңдаған алыпсатарлар қаптады-ай дерсіз. Әп-сәтте ешкіні екі, қойды үш сомнан талап алды да кетті. Сөйтсек, біз апарған Қозыбастың («Дегерес») құйрығын зорға тартатын қойларындай қой базарда жоқ екен.

Мінсең аяғың жерге әзер жететін, тегенедей құйрығы қос тілерсегін соғатын ең соңғы екі құнан қойға бірі - мойны мен иығы бітісіп кеткен, бойы екі метрге жуық, оң көзі соқыр, зор денелі, екіншісі - сығыр көзді, тайпақ келген қос жігіт таласып қалды.

- Қой менікі! - деді тайпақ. - Құнын төлеп қойдым.

Шындығында, Қасекең оның ақшасын алып үлгерген.

- Қанша төледің? - деді дәу.

- Алты сом елу тиын.

- Онда қой сенікі емес! Саудада сатылатын заттың иесі - ақшаны артық төлеген адам.

Ол қалтасынан жеті сом алып, Қасекеңе ұсынды.

- Тоқта! - деді тайпақ дәудің ақша ұсынған қолын қағып. - Мынандай тұнып тұрған қойды саған қор қылғанша, тайдың құнын төлесем де қасиетті Қажымұқан палуанға қонақасы етейін.

Тайпақ тағы да бір сом елу тиынды Қасекеңнің қолындағы ақшаға қосты. Екі қойдың құны сегіз сом болғанын көрген дәу көтеріле сөйледі.

- Егер, палуанға мынандай қонақасы бергіш болсаң, алдымен маған бер. Мен тайдай осы екі қойыңды екі қолтығыма қысып кетемін. Сенбесең, көр.

- Ол шындығында әрқайсысы алпыс килограмнан асатын құнан қойларды қолтығына қысып, он метрдей жерге апарып келді.

- Егер, екеуін қоссаң бір ақ қолыммен көтеремін. Бұл өңірде менімен теңесетін жалғыз-ақ палуан бар. Ол «бел күрестің» атасы - марғұландық Озар палуан ғана.

- Сол Озарың Ташкентте Қажымұқанға қырық секунд қарсы тұра алмады. Ал сен екі қойды көтергеніңе мәз болып тұрсың. Қажымұқанның тоқсан пұт жүк тиелген бір жарым тонналық машинаны кеудесіне тақтай төсеп, үстінен өткізгенін өз көзімен көрген бәрімізге ардақты Юлдаш Ахунбабаев (Өзбекстан Орталық Атқару Комитетінің председателі) ағамыз оған өз қолымен сыйлық беріп, газеттерге «Қазақ палуаны, әлемдік күрестің чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов» деп суретін бастырды. Сенбесең, мә, оқып көр!

Тайпақ төсқалтасындағы бүктеулі газетті дәуге ұстатты. Ол суретке көз жүгіртіп шықты да:

- Мына түрінде менің бір қармағаныма жарамас. Газеттер де не болса, соны жаза береді екен. Осыны да палуан деп. Егер, осында болса, қазір-ақ күресер едім! - деп даурықты.

Қасекеңнің қандай шешімге келгенін білмей қалдық, Тайпақтың әуелі төрт сомын қайтарып берді.

- Ағайын, Батыр ағамызды сыйлағаның үшін саған мың рақмет! Біріншіден, Қажымұқан ағамыздың бүгінгі қонақасы бізден болсын. Құнан қойдың біреуін балаларың сыйлады дегейсің. Екіншіден, базар нарқын бұзатын әккі саудагер біз емес. Мына бір теңгеңді де өзіңе қайтарамын. Маған кесімді үш сом да жетеді.

- Өзіңе де рақмет! Асықпасаң, осында бол. Бір-екі сағаттан соң Қажымұқанды базарға ертіп келемін. Ойынын көресіңдер. Бетпе-бет, қол беріп сәлемдесесіңдер.

Тайпақ қос құнан қойды қуып кете барды. Ал әлгі дәу қақпаға жақын орналасқан оны-мұны сататын өз ләпкесіне қарай беттеді. Қасындағы төрт қырлы тақия киген жігітке әлденені айтып, қолын оңды-солды сермеп қояды. Біз самса, палау сататын шайханаға бұрыла беріп едік, артымыздан:

- Қажымұқан Бұлардың үйіне қайдан келсін!

- Ташматтың Озар палуанмен белдескенін естісем, құлағым таскерең болсын!

- Екі қу ашық ауыз қазақтарды алдап соқты! - деп даурыққан дауыстар естілді. Бірақ, оған Қасекең назар аударған жоқ.

Біз тамақтанып бола бергенімізде шайханада отырғандар «Қажымұқан келді» деп орындарынан үдере көтерілді. Қарасақ, базардың қақпасынан жиырмаға жуық адам кіріп келе жатыр. Ортасында Қажымұқан. Палуанның бойы қасына ерушілерден ерекше, зорайып көрінеді екен. Ташматтың ләпкесінің алдына тоқтаған топты әп-сәтте-ақ жұрт қаумалап қоршап алды. Біз мүлдем алыстап, сырттап қалдық. Енді палуанды көре алмайтын болған соң Әбекеңнің ақылымен төртеуміз де атқа міндік.

Қажекеңнің қасына ерушілер кілең инабатты адамдар екен. Тек, манағы өзімізден қой алған тайпақ Бұлар ғана көзімізге қораш көрінді. Бірақ, қошаметшілердің бәрінен палуанға жақын жүрген сол. Әлденелерді айтып, түсіндіріп қояды. Қажекең де оны инабатпен тыңдап, сөздеріне мән бергендей. Басқаларында үн жоқ.

Атпен келгеніміз ерсілеу көрінді ме, әлде, сымбатты көркі мен сом денесі әсер етті ме, қайдам, Қажекең Қалижанға көз қиығымен бір қарап қойды. Бұлар Қасен мен бізді иегімен нұсқап, бірдеме деді. Бірақ біз не айтқанын естіген жоқпыз. Өзінің иығынан ғана келетін манағы тақиялы жігітін ертіп, Ташмат дәу де Қажекеңмен қатарласа қалыпты. Шындығында, оның дене-бітімі өзі айтқандай палуаннан әлде қайда зор екен. Бойы да сүйем қарыс биік.

- Екі қойды қолтықтаған «батыр» сенбісің? - деді Қажекең оған сүзіле қарап.

- Иә, менмін!

- Менімен күресетін де сенсің ғой?

- Дәл солай!

Қажекең тағы да артына бұрылып, Қалижанға көз қиығын салды. Сонан соң Бұларға көзін қысты.

- Мен бүкіл ғұмырымда қанша палуанмен кездессем де, сендей дәуді көрген жоқпын.

Ташмат Қажекеңнің «марапатын» өзінше ұқты білем:

- Қазірше өзбек, қырғыз, дүнгендер арасында жауырыным жерге тиіп көрген жоқ! - деп мақтанды.

- Мына пошымыңмен саған сенбеске болмас. Салмағың он пұтқа жуық екен. Оны көтеру оңай бола қоймас, сірә. Дегенмен, белдесіп көрелік. Бәске не қоясың?

- Жүз сом.

- Мұның отыз үш-ақ қойдың құны. Ал мен ешқашанда үш жүз сомнан төмен күресіп көрген емеспін. Жықсам, сен сияқты ерекше дәуден төрт жүз сом аламын. Жығылсам, бес жүз сом беремін. Осыған келісесің бе?

Ташмат Қажекең мен қасындағы тақиялы жолдасына алма-кезек қарап біраз тұрды да, бес жүз сом - жүз алпыс сегіз қойдың құны дәл бір уысында тұрғандай сезінді білем:

- Келістім, қай жерде күресеміз? - деп дүңк ете түсті.

- Әуелі базарды аралап, көпшілік-қауымға біраз ойын көрсетейік. Сонан соң кездесетін жерді белгілейміз.

- Жарайды, ол да болсын.

Қажымұқан мен Ташмат қатарласып ілгері аттап еді, қаумалаған жұрт ілесе жүрді. Екеуі шеткеріде байлаулы тұрған қоңыр құнан өгіздің қасына келіп тоқтады.

- Қанша сұрайсыз? - деді Қажекең мал иесінен.

- Жиырма бес сом.

- Салмағы қанша шығады?

- Екі жүз елу килограмнан асады.

Қажекең Бұларға, Ташмат өзінің тақиялы жолдасына ым қақты. Бұлар өгіздің бас жібін шешті. Ал тақиялы жігіт дереу тақиясын қолына алып, «Қазір қызық болады. Қөргілерің келсе, он тиыннан күміс беріңдер» деп дереу «жарна» жинауға кірісті. Ат үстінде тұрған Қалижан қалтасынан бір сомдық күміс ақша алып, «Төртеуіміз үшін» деп оған ұстата беріп еді, Қажекең жақтырмай, жалт қарады.

Қажекең сыртқы ұзын шапанын шешіп, қасындағылардың біреуіне берді де, құнан өгіздің шоқтығынан бүре ұстап, оң қолымен тік көтеріп еді, өкіріп жіберді. Ташмат Қажекеңе, ал қаумалаған жұрт оның шаранасынан шығып кетердей бадырайған көзіне таңырқай қарасты. Қаумалаған жұрт тым-тырыс.

Өгізді жерге түсірген Қажекең мал иесіне тіл қатты.

- Қария, менің оң қолым жүз жетпіс килограмнан артық көтере алмайды. Өгізіңіздің құны он жеті сом.

Манадан бері саудаласып тұрған шоқша сақалды қырғыз шал жалма-жан ақшасын бере қойды. Мал иесі үн-түнсіз өгіздің бас жібін оның қолына ұстата берді. Шал:

- Болмысыңа болайын! Қажымұқан қарағым, Саған нұр жаусын! Көп-көп рақмет! - деп қуана-қуана қоңыр өгізді жетектей жөнелді.

Базардың оң жақ бұрышында темір-терсек, таға соғатын ұста дүкені бар екен. Қажекең сонда келіп тоқтады да, жуандығы өзінің басбармағындай, ұзындығы үш метрдей екі сом темірді ұстадан сұрап алды. Сол кезде топ арасынан «Нағыз қызық енді болады. Көргісі келетіндер жиырма тиыннан жинаңдар!» деп жар салған тақиялы жігіттің дауысы тағы естілді.

Қажекең темірдің біреуін Ташматқа ұстатты.

- Екі қойды екі қолтығыңа «қыстырған» дәусің ғой, қолыңмен иіп көрші.

Ташмат темірдің екі ұшынан ұстап, шыбықша бүктей салмақ болып еді, әзер дегенде доға жасады.

Қажекең екінші темірді беліне белдікше орады да, ұштарын айқастырып, бұрап жіберді.

- Ал енді мынаны шеш!

Игеннен гөрі темірдің бұрауын шешу Ташматқа қиынға түсті. Ары-бері тырмысып-ақ көрді. Бірақ ешнәрсе істей алмады. Бет-әлпеті көнектей болып қызарып, ағынан қарасы көп көздері мүлдем бадырайып кетті. Қажекең:

- Әй, сені де палуан деп! - деді де, Ташматтың қолын қағып жіберді. Сонан соң бір ышқынып, темірдің бұрауын оп-оңай жаза салды.

Осы кезде базарға қорабы жүкке толы «Полуторка» автомобилі келіп кірді. Қажекеңді қаумалаған жұрт енді солай қарай жөңкілді. Автомобильдің жүргізушісі қартаң тартқан орыс екен. Қажекеңнің өтінішімен руліне қайта отырды. Топ арасынан тақиялының даусы тағы да шықты. Бұл жолы жарқын, өктемдеу.

- Қазір таңғажайып тамаша болады. Көрген де, көрмеген де арманда. Отыз тиыннан жинаңыздар!

Сол қолымен бүйірін таянып, табандап тұра қалған Қажекең «Полуторканың» қорабынан шірене кері тартты да, жүргізушіге «Айда, кеттік» деді. Бірақ шофер моторын қаншалықты іске қосса да, машина орнынан қозғалмай, артқы дөңгелектері шыр айналып, тұрып алды. Дөңгелектен ұшқан шаң көпшілікті көміп кетті.

Әлден уақытта Қажекеңнің қолын босатуы мұң екен, моторы бар күшімен істеп тұрған машина тордан шыққан торғайдай зу етіп, екпіндеген қалпы жиырма метрдей жерде тұрған Ташматтың ләпкесін қақты да кетті.

Шофер қатты састы. Бір шеті опырылған ләпке мен Қажекеңе жәутең-жәутең қарай береді. Ал Ташматта тіл жоқ. Дәл бір арыстанды көрген аңдай ығып қаумалаған топтың арасымен ләпкесіне қарай шегіншектей берді. Балпаңдай басып, жайбарақат жанына жетіп барған Қажекең оның иығынан ұстап:

- Ал енді күресеміз бе? - деді миығынан күліп. - Ләпкеңе қайғырмай-ақ қой, құнын толық төлеймін.

- Күресеміз, - деп міңгірледі Ташмат дәу. - Қашан?

- Қазір. Сөз берген соң қалдыруға болмайды. Ал күресетін жерімізді айт. Қайда белдесеміз?

Ол иығын қиқаң еткізді.

- Жарайды. Күресетін жерді өзім белгілеймін. Егер, сен қазір менің анау ат үстінде отырған баламды жықсаң, - Қажекең Қалижанды иегімен нұсқады, менен алатын бес жүз сом мен ләпкеңнің құнын қоса аласың. Сонан соң мені жықтым деп айтуыңа болады.

Дәл осыны күтіп тұрғандай Қалижан аттан қарғып түсті де, «Күресемін, ата» деп алып-ұшып Қажекеңнің алдына жетіп барды. Ташмат оны қомсынғандай одырая бір қарады да:

- Жарайды, осында күресеміз бе? - деп келіскен болды.

- Әрине, осында! - деді Қалижан да тайсалмай. Қажекең Қалижанның бешпетін шешіп, беліне белбеу байлады. Етігін шештіріп, бір шалдың мәсісін кидірді. Ташматқа да солай еткізді. Топ арасында жүрген тақиялы жігіттің дауысы енді бұрынғыдан бетер даурығып шықты.

- Жарандар, екі жолбарыстың айқасын көресіздер, қырық тиыннан жинаңыздар!

Қалижан мен Ташмат тақыр жерде айқаса кетті. Дәл бір сүзіскен бұқадай бірін-бірі итерісіп біраз жүрді. Қажекең екеуіне кезек-кезек дем беріп, «Оң жамбасқа! Сол жамбасқа! Іштен шал! Тобықтан қақ!» деп қояды.

Бір сәт екеуі белдесе кетті. «Ал, қимылда» деген палуан атасының дауысын естіген Қалижан Ташмат дәуді екі бүктеп, оң қолымен тақымынан, сол қолымен желкесінен ұстап, басынан асыра лақтырып жіберді. Тақыр жерге шалқасынан гүрс ете түскен ол тасбақадай тарбиды да қалды. Бұтында жарғақ шалбары бар еді, ішкиімімен қоса құйрығы қақ айрылып, таңы жарқырады да қалды. Қажекең Қалижанды көтеріп алып, Ташматтың басынан өзі аттап кетті. Сонан соң алдына келе қалған тақиялы жігіттің қолындағы тиын толы тақиясын жұлып алып, Қалижанның басынан төмен қарай төңкере салды.

- Теріңдер, халайық! Палуан балаларыңның шашуын алыңдар!

Жұрт жамырады да кетті. Әп-сәтте өзінше пайда таппақ болған тақиялы аңырайды да қалды. Бұлар жерден терген бір уыс тиынын жүгіріп келіп Қасекеңе ұстатты.

- Қасиетті Қажымұқан аталарыңның теберігі болсын, балаларыңызға естелік зат сатып ала барыңыздар. Олар да палуан болсын! Сіздерге, Ташматты жеңген ініме нұр жаусын!

Қасекең уысы толы тиынды санамастан үшке бөліп, біреуін Әбекеме, екіншісін маған ұстатты. Мен қолымда күміс тиын емес, әлемде теңдесі жоқ ең асыл зат тұрғандай сезіндім. Жұдырықтай жүрегім тайша тулап, өнебойым от болып бара жатқандай шым-шым етеді.

Қасекең Бұларға бұрылды.

- Қажекемнің қасиетін асырып, қонаққа шақырған өзің мен Тоқпақ шаһарының азаматтарына - қырғыз, дүнген, өзбек бауырларымызға нұр жаусын? Ел мен жерлеріңіздің даңқы арта берсін!

Сәлден соң орнынан көтерілген Ташмат борбайын басып, ләпкесіне қарай тұра жүгірді. Жұрттың бәрі әп-сәтте жалған палуан бола қалған пайдакүнем сәудегерге қыран-топан болып күліп жатыр. Қажекең Қалижанды бауырына басып, бетінен сүйді.

- Ал, қарағым, таудай талабың, қайтпас жүрегің бар бала екенсің. Алдыңда арыстан тұрса да, жасқанушы болма. Өйтсең, намысыңды қолдан бересің. Түбінде сен еліңнің намысын қорғайтын ер боласың!

- Айтқаныңыз келсін, Батыр ата! Жебеушім сіз болыңыз!

- Мен батыр емеспін, балам, палуанмын.

- Балаңыз дұрыс айтып тұр. Сіз хас батырдың өзісіз! - деп қостады қаумалаған жұрт. Айнала айқай-шу.

- Ниеттеріңізге рақмет!

Қажекең қалтасынан кестелі бет орамалын алып:

- Бетіңді сүртіп жүр, - деп Қалижанға ұстатты.

- Бұл сыйлығыңызды ғұмыр бойы сақтармын. Біздің қуанышымызда шек жоқ. Үйге жетуге асығып, қонаға аттанып кеттік. Күнгейдің асуынан асқанда барып, атамның «Нағашыларыңа сәлем беріп қайт» дегені есімізге түсті. Бірақ бұрылмастан суыт жүріп кеттік.

Бала Қалижан мен дана халықтың ақ ниетті айтқандары келді. Арада бір жыл өткен соң Орынборда классикалық күрестен бүкілодақтық чемпионат өтіп, Қажымұқан бірінші орынға ие болды. Сол 1927 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті арнаулы қаулы шығарып, қасиетті атамызға «Қазақ даласының Батыры» деген құрметті атақ берді. Сол күні атам Сәрсенбі ақсарыбасын сойып, бүкіл Қозыбастың тұрғындары халқымыздың ардагер ұлына бұдан да зор атақ, ұзақ ғұмыр ақ тілеу тілесті.

Ал өзіміз көрген кездегі елу бес жасар қасиетті Қажекеңнің бала Қалижан жайлы айтқаны да тура келді.

...1948 жылы он екінші август күні Қалижан екеуміз Сүйдін қаласындағы базарға бара қалдық. Халық дегеніңіз қарақұрым. Атқа мінген біреу оңды-солды шапқылап, жар салып жүр.

- Уә, халайық, халайық! Сөзіме құлақ түріңіздер! Туып-тумысында жауырыны жерге тимеген қалмақтың «Өгіз», қазақтың «Қаранар», сібенің «Жолбарыс», ұйғырдың «Төбе» палуандарымен сайысқа шыққан азаматқа жеңсе де, жеңілсе де бәйге беріледі. Жеңілгендердің алар бәйгесі - он метр асыл кездеме мен бір қойдың құны!

Қалмақ пен Сібенің жеке меншік цирк иелері Шың-жанның Іле, Алтай, Бұратала, Жың деп аталатын Төрт аймағынан жүзге жуық палуанын жинап, Сүйдін қаласының шығыс жағындағы Тайланза деген алаңында жаз бойы күрестіріп, кәсіпкерлік жасап жатқан. Мына жариялап тұрған төрт палуан солардың жеңімпазы, әрі Шыңжанды мекендейтін негізгі төрт ұлттың өкілі. Біз кәсіпкерлер үшін ең пайдалы осы соңғы сәтке арнайы келгенбіз. Аттың басын солай бұрдық.

Пайдакүнем кәсіпкерлер әбден тіс қаққан әккі болғандықтан, жеңіс үшін ойларына келгеннің барлығын істейді. Төртеуінің бітім-болмыстары мен қимыл-қасиеттері адам шошырлық. Әрқайсысының қасында бір теңнен асыл кездеме, тағы басқа бірталай асыл заттар тұр. Ең ішінде жайбарақаты «Қаранар» ғана. Ол ұзын шапанының етегін артына қайыра ұстап, нардай оңды-солды теңселе басуда.

- Қане, сайысқа шығатын кім бар? - деп қайталады жаршы.

- Егер, жеңсе, жығылған палуанның жанында тұрған заттарды түгелдей сыйлыққа алады.

- Ал бәрін де жықса ше? - деп дауыстады топ арасынан біреу.

- Ол мүмкін емес. Ондай азамат табылса, сыйлықтың барлығын алады. Бірақ, өлсе - құнсыз.

- Өлтірсе де құнсыз ғой?

- Дәл солай. Дегенмен, сақтанғаны дұрыс. Қалижан қалтасынан жиырма екі жылдан бері көзінің қарашығындай сақтап жүрген, баяғы Қажекең берген кестелі орамалды алып, бетін сүртті. Сонан соң «Өзің жар болагөр, қасиетті Батыр бабам!» деп күбірлеп, маңдайына басты да аттан қарғып түсті.

- Өлсе - құнсыз болса, мен шығамын! Жаршы жалт қарады.

- Қай палуанмен күресесің?

- «Қаранардан» басқасының бәріменен.

- Алдымен қайсысымен сайыспақсың?

- «Төбе» палуанмен. Сонан соң «Жолбарыс» палуанмен.

- Қалауың білсін.

Жаршы енді қарақұрым халыққа қарап дауыстады.

- Уа, халайық, қазір бұрны-соңды болмаған кереметті көресіздер!

Қолына қалбыр ұстаған төрт қалмақ жігіті қалың топтың арасына сіңіп кете барды...

Қалижан қырықта, қайратының әбден толысқан шағы болатын. Ай-шайға келтірмей «Төбе» палуанның жауырынын жерге тигізді. Төреші - бүкіл сүйдіндіктердің қадірменді адамы Сайыт ақсақал «Жолбарыс» палуанды әкелуді бұйырды. Ол денесін әлем-жәлем бояп тастапты. Кәдімгі жолбарысша ытқып, Қалижанның бірде оңынан, бірде солынан шығады. Денесіне май жағып тастаған екен, күнге шағылысып жылт-жылт етеді.

«Жолбарыс» палуан алдырмай, әбден әуреледі. Қалижан ұстауын ұстайды-ақ, бірақ майлы денесі сусып қолынан шығып кете береді. Ақырында аяқ-қолын қайыра бұрап, басынан асыра лақтырып жіберді де, оң жақ бүйірін басып, отырып қалды. Мен органда істейтіндіктен қару ұстайтынмын. Тапаншамды жұлып алдым. Себебі, көшпелі цирктің иелері қулық-сұмдығы көп айлакер болғандықтан, жеңіс үшін ойына келгеннің барлығын істейтінін жұрт біледі. Бірақ, бұл жолы ондай бейбастық болған жоқ. Жараланған палуанын төрт жігіт көтеріп кетті де, төреші соңғы «Өгіз» палуанды алып келді. Бұл да Ташмат сияқты зор, әрі оң көзі соқыр екен. Қалижан оны оң жамбасқа салып үлгерді. «Қаранар» жүгіріп келіп, Қажекеңше Қалижанды көтеріп алып, жерде жатқан «Өгіз» палуанның үстінен аттап кетті. «Аруағымыз асты, бауырым!» деп қайталай береді.

Сөйтіп жетеуін де жеңіп, үйге келдік. Жолшыбай Қалижан теберік беторамалын түсіріп алыпты. Артынан білсек, дәл сол күні қасиетті Батыр атамыз Қажымұқан Мұңайтпасов дүниеден қайтқан екен.

Қалижан Құлжабаев туып-өскен жері – Алматы облысы Шелек ауданы, Масақ селосында осыдан бес-алты жыл бұрын дүние салды. Әділбай Бекбаев Шелек селосында қайтыс болды. Ал Қасен Нұртазаев қазір Жамбыл ауданының Үшбұлақ селосында тұрады...

Сонау 1926 жылы Тоқпақ базарында Қажекең Қалижан мен Ташмат дәуді күрестіргенде, Қалижан берген шашу-тиынға бүктемелі былғары әмиян сатып алған едім, сол күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. Өйткені, ол қасиетті Қажымұқанның көзі ғой.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет