Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»



бет2/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34

БАТЫРДЫҢ ТЕГІ
Қажымұқанның айтуынша, оның аталары шетінен батыр болыпты. Төртінші атасы Сәді Абылай тұсында өмір сүрген үлкен батыр, асқан найзагер адам екен. Сәді батыр тұқымының ішінен алып туғаны Ернақы көрінеді. Шын аты – Ержан. Ол жайында ел аузында көптеген аңыздар да сақталған. Қандай да болсын ұрыс-қағыстарда Ернақы қайтпай соғысатын болған. Қажекеңнің айтуынша, ол 1795-жылы туып, 1847-жылы 52 жасында дүниеден қайтқан.

Ернақы батыр өлген соң, оның айналасы жұтай бастайды. 1847-жылы оның үй-іші Қараөткел жағына көшіп, жалшылықпен күн кешеді. Қажымұқанның өз әкесі Мұңайтпас бар өмірін осындай жалшылықта өткізген. Ауыл арасындағы той-думандарда күреске түсетін болған. Жаурыны жер иіскеп көрмепті. Сол себепті жұрт оны Жуанаяқ атап кеткен. Бір жағынан бұл сөздің шығуына оның үлкен де жуан аяқтары себеп болса керек. Аяқ киім шақ келмеген соң, ол қыстыгүндері киіз, не көннен етік тіктіріп киетін болған. Оның өзін қонышынан басады екен.

Қараөткелдегі Ғаббас дейтін байға жалданған ол бірде қыс айларында ауласын сыпырып жүріп, сырты мұз боп қатқан жұмыр тасты көреді де, қора сыртына лақтырып жібереді. Көктем түспей жатып, бай өзінің кіртасын іздеп, таба алмаған соң, оны Мұңайтпастан көреді. Сатып жібердің деп дау да салады. Кейін күн жылып, қар ерігенде, байдың тасы қора сыртынан шығады. Бірақ, Ғаббаспен тұзы жараспаған Жуанаяқ одан шығып, жақын маңдағы бір орыс байына жалданады. Ол диірменші екен. Бірде диірмен бұзылып қалып, жұрт оны қозғалта алмай жатады. Сонда Жуанаяқ арқанның бір ұшын тас тетігінен өткізіп, келесі үшын беліне байлаған күйі сүйрей жөнеліпті. Таң қалған бай:

- Бақытым бар екен. Дүлей күштің иесі қасымнан табылды, - деп таңдай қағыпты.

Бір күні диірменшінің жалғыз биесі құдыққа түсіп кетіп, екі бүктеліп қалады. Жуанаяқ көрші ауылға кетсе керек. Бай ауыл адамдарын жинап, биені шығармақ болғанмен, ол әрекетінен ештеңе шықпапты. Сол екі арада Жуанаяқ та келіп қалады. Қуанған бай:

- Жақсы келдің күштім, біз не істерімізді білмей, әбден сасып отыр едік. Әлгі жалғыз бие құдыққа түсіп кетіп, өлім аузында тұр. Соны құтқара гөр, - деп жалынады.

Мұңайтпас екі-үш қабат арқанды күрмеп байлап, тереңдігі төрт құлаш құдықтан биені қауға тартқандай суарып алады.

Сол Мұңайтпас 1914-жылы әбден қартайып, кедейлік босағасында дүние салған. «Жылым жылқы деп отырушы еді», - дейді Қажымұқан әкесін еске алып.

Мұңайтпастың Бейсеу деген наңашысы да атақты батыр екен. Бейсеудің Айсары деген қызын Ернақы алған.

Жігіт кезінде Ернақы серілеу болып өседі. Бейсеудің ауылына барғыштап жүріп, Айсарыға көңілі кетеді. Жасында Айсары да сері болса керек. Екеуі сөз байласып, бір түнде жорғаға мінгескен күйі Мырзатай ауылына тартады. Екі бірдей алыпты көтере алмаған жорға жолай болдырып, бұлар елге жаяу жетеді. Қыздың қалыңы төленіп, ел бітіскен соң, той басталады. Сонда Мырзатай деген кісі:

- Балам, Бейсеудің қызына не себепті қызықтың? Шешесінің екі тізесі Бұқара елінің қақпасындай, арқасынан керуен өткендей жан еді, - деп күледі.

Сонда Ернақы:

- Е-е, әкетай-ай, оның інін не қыласыз? Мен ішіндегі түлкісін алдым ғой, - деген екен.

«Алып анадан, ат биеден» демекші, осы Айсарыдан Таңатар, Мұңайтпас, Марқа батырлар туады.

Қажымұқан Айсары жайында мына бір әңгімені айтады.

Бұл Ернақының мерт болып, Айсары жесір қатын атанған кезі екен. Азып-тозып Қараөткел жерінен Арқаға жеткен Айсары бір арбалы кісіге жолығады. Қос ат жегілсе де, отынды арба орнынан қозғалмай, әлгі кісіні әбден шаршатыпты. Отыны жолда қалатын болған соң, ол армандап:

- Шіркін-ай, осы арбаны тарта алатын ат болса ғой, - деп Айсарыға қарайды.

Сонда Айсары:

- Байеке, қолымда төрт аяқты малым болмаса да, соның қызметін атқара алатын күш-қуат бар, - деп, онымен он сомға шарттасады. Сөйтіп, отынды үйіне дейін жеткізіп тастайды.

Риза болған бай он сом емес, қырық сом беріп, үстіне киім-кешек қосады. Бірнеше күн үйінде қонақ қылып, тойындырады.

Айсарының күреске түскен кездері де болған. Бір жолы Қараөткелде күрес сайысы болып, оған өзбек жерінен Қара палуан келеді. Оған ешбір палуан төтеп бере алмайды.

Ақыры ол елге жар салып: «Мені жыққан адамға бір пұт жаңғақ, өрік, мейіз беремін», - дейді. Палуаннан именсе де олжаға қызығып шыққандардың талайының қабырғасы қайысып, жаурыны жер иіскейді. Ақыры күресетін жан табылмай қалады. Қара палуан болса әлсін-әлсін жар салып, манағы шартын қайталаумен болады. Болмаған соң, намысы қозып, Айсары ортаға шығады.

Мұны көрген Қара палуан әзіл-шынын араластырып:

- Бикеш, жеңіліп жатсам, менің шартым белгілі. Ал, сіздің шартыңыз не болмақ? – деп астарлы сауал қояды.

- Егер жеңіліп жатсам, сенің дегенің болсын! – дейді Айсары.

Жүзінде қуаныш белгісі пайда болған палуан:

- Онда бүгін құшағыма құлпырған бикеш кіреді екен, - деп, ортаға шығады.

Күрес басталады. Төреші – халық. Қара палуанның жүзінде қорқу, сасу нышандары байқалмайды. Еркін жүреді, Айсары да қобалжымай, сыр бермейді. Аздап күш сынасқан соң, ол Қара палуанды белінен қапсыра құшақтаған күйі жерден тік көтеріп алып:

- Бәйгеңді бересің бе, әлде қара жерге ұрып, қабырғаңды қайыстырайын ба? – дейді.

Екі аяғын тырбаңдатып, Айсарының қарулы уысынан шыға алмай қалған Қара палуан әрі-бері талпынып көрсе де, түк шығара алмайды. Ақыры, «жаздым, жаңылдым» деп, Айсарының қыспағынан зорға құтылады. Бәйге Айсарыға тиеді. Бұл 1860-1870-жылдар шамасы екен.



ЖАСТЫҚ ШАҒЫ
Қажымұқан 1871-жылы Ақмоладағы Қараөткел дуанына қарасты Қоспа деген жерде дүниеге келген. Өзінің балалық шағы есінде қалмапты. Ол жайында естігендерін ғана айтып берді. Оны айтқандар Қарағанды облысы, Теміртау кенінде жұмыс істейтін Қаныш Жұмаділдин мен Баянауыл ауданы, «Ворошилов» колхозының тұрғыны Асайынұлы Мергенбай қариялар екен. Мергенбай Мұңайтпасты да, Қажымұқанды да жасынан біледі екен. Мұңайтпасты ол Маңқас деп атайды. Өзі де Маңқаспен бірге Қорғалжын қамысында бірер жыл отырыпты. Мұңайтпас ол кезде есігінде тышқақ лағы да болмай, судан балық аулап күн көреді екен. Бұл Қажымұқанның 12-13 жасар кезі. Соған қарамастан, ол 20 жасар жігіттей көрінеді екен.

Маңқасты ел-жұрты жақсы қадірлеген. «Елде болса ерніңе тиер» дегендей, соғым сойған үй сыбаға атап тұрған. Бірде күз түсіп, соғым сойылған кезде, Мергенбайдың ағасы Шайқыислам батырға бір қой мен бір аяқ қымыз апарып береді. Мергенбай батырдың үйіне кірсе, Маңқас қамыстан себет тоқып отыр екен. Қатарласа отырады.

Мал сойылып, қазанға ет түседі. Тамақ пісуге қарағанда, қымыз әкелінеді. Сол кезде Маңқас:

- Шырағым, қымызды менен бұрын ішіп ал. Мен аралассам, сендерге еш нәрсе де бұйырмайды, - дейді.

Үйдегілер аяқтағы қымызды жабыла ішсе де, қымыз еңсерілместен қалады. Сонда Маңқас шайқап-шайқап жіберіп, басына көтереді. Ет туралғанша бір месс қымызды ішіп қояды. Қазанға тұтасымен салынған әлгі қойдың етін соғып алған Маңқас енді әңгімеге көшіп:

- Палуандық пен батырлық біздің тоғыз атамыздан бері келеді. Қаншама күш-қуат бітсе де, біздің тұқымда сайысқа түсіп күресу үрдіс болмаған. Қаншама асам десе де, «атадан бала бір сүйем кем туар» деген бар. Менің күш-қуатым ата-бабаларымыздан көп қораш, солай бола тұрса да, жігіт боп қалған мына балам менің бір аяғымды қозғалта алмайды, - деп Қажымұқанға қарайды.

Тағы бірде Мұңайтпас:

- Мен отынға барғанда, қолыма балта ұстап көрген жан емеспін. Арба да жекпейтінмін. Үлкен-үлкен ағаштарды түбімен қопарып, сүйретіп кете беруші едім, - дейді.

Дастарқан жиналып, бұлар далаға шыққан кезде, Қажымұқан Мергенбайға әкесінің әкелген тасын көрсетеді. Сандықтай анық 20-30 пұт келетін сол тасты Мұңайтпас таудан жалғыз әкеліпті.

Қажымұқан өзінің істерін жеті жасынан бастап біледі екен. Жас шағында Ыбырай сұлтанның ауылында қолқанат бала боп қызмет істейді. Бірде Қажымұқан шыбықты ат қып мініп, ойнап жүрсе, Ыбырай:

- Қызталақ, құлдың баласы, аузы-басының дорбадай боп тұрғанын қарашы. Менің көркімді көруге келдің бе, даладағы самаурынды әкел! – дейді. Сәлден соң жеті жасар Қажымұқан ішінде бір жарым шелек суы бар үлкен самаурынды бұрқылдатып үйге алып кіреді.

Сонда Ыбырайдың ақ пейіл бәйбішесі:

- Бәрекелді, шырағым болашағыңнан үміткермін, - деп, есік аузына отырғызады. Ет келгенде, бәйбіше балаға майлы жерінен бір уыс ет асатады. Қымыз келгенде, бәйбіше оған қымыз да береді. Тамақ ішіліп, ас-аяқ жиналған соң, Ыбырай:

- «Тоқалдан туған томарбас, томармен ұрсаң жығылмас» деген сен екенсің, бар да бір қап тезек әкел, - деп Қажымұқанды жұмсайды. Қажымұқан үлкен қапқа екі пұттан аса салмағы бар ылғи жас тезекті толтырып алып келеді. Мұны көрген үй иелері баланың қайратына риза болады. Бұл кезге дейін Қажымұқан жалғыз көйлекпен, аяғы тілім-тілім боп жүреді екен. Осыдан соң байдың бәйбішесі оған жаңа көйлек, жаңа шалбар тігіп береді.

Қажымұқан жастайынан еңбек істеп, жалшылықты бойына ар көрмей өседі. Сегіз жасында-ақ ауылдың 15-16 жасар жігіттерін қирата жығып жүреді. Кей адамдар: «мынау Ұлтанқұл өсе келе жұртты құртпаса болғаны ғой», - деп сұқтанатын болған. Содан балалар оны «Ұлтанқұл» деп атап кетіпті.

Алты-жеті айдай осы байдың қолында қызмет істеген Қажымұқан одан кетіп, Қараөткелдегі Қалипа дейтін татарға барады. Қалипаның қаздары көп екен. Балаға сол қаздарын бақтырады, еңбегі арзан болса да, міндеті көп жұмыс. Екі жылдай есігінде жүрсе де, Қалипа оған киім бермепті. Одан соң Сковский дейтін орысқа жалданады. Мұның қолында табаны күректей үш жыл қызмет істейді. Балаға жер жыртқызып, шөп тасытып, қора тазалатып, отын-су әкелдіріп, Ресейден сығарға биті болмай келген әлгі орыс тез арада байып алады. Он бір жасында Қажымұқан Сковскийден шығып, Степан Кожилин дейтін байға жалданады. Мұның қолында екі жылдай тұрып, есейеді. Байдың бәйбішесі балаға аса мейірімді болады. Қажымұқанмен ойнап, оны қуып жібереді. Баланың іскерлігін ойлаған Кожилин ақыры оны өзіне қайтып алады. Бұл - әйелінің ақылы болса керек.

Бай қызметінен қолы босай қалса, Қажымұқан Қызылжар жағына барып жүк тиеп, жүк түсірген. Мұндай ауыр жұмысқа адам табылмайды екен. Бірде орыс мұжықтарымен жарысқан бала бір вагонды жалғыз өзі тиеп, алты орыстан озыпты. Бұл оның 17-18 жасар кезі.

Бірде Қажымұқан 60 шелектік бөшкемен су тасиды. Бөшке арбаға бекітілген екен. Жолай арбаның бір доңғалағы шұқырға түсіп, шықпай қалады. Ат тарта алмаған соң, бала арбаның астына кіріп, доңғалақты көтеріп шығарады. Сол кезде ауыр салмаққа шыдамай, арбаның белағашы сынып кетсе керек. Мұның ақысын бай оның еңбек табысынан ұстап қалады.

Кожилин қызметінде жүріп, ол бірде екі шанамен шөпке барады. Шанаға шөп толған кезде, аты оны тарта алмайды. Ашуланған бала атты құлақ шекесінен ұрып қалса, ол сұлап түседі де, жеті шақырым жерден шананы өзі сүйреп әкеледі. Атты шананың үстіне салады.

Сұлап жатқан атын көрген Кожилин:

- Ах, ты зверь, ты меня окончательно разоришь, - деп қатты ұрысқан.

Өлген ат жайын әңгімелей келіп, Қажекең:

- Сол жолы бай қатты ашуланып, мені полиция қолына тапсырды. Арқамда шана жібі. Қыстың қара қасқа боранында терім сүмектеп ағып, сүйреп келемін. Үсті-басым бой-бой, мұртым собық-собық мұз болды. Маңдай терімді алақаныммен дембіл-дембіл сүртіп тастаймын. Тер болса қайта құйылады. Жолай кездескен қазақтар көмектеспек ниетпен шанамды итеріседі. Оған жылдам қозғалып жатқан шана жоқ. Біреулер: «Ақшасын төлесең қояр» деп, қолыма ақша ұстатып жатыр. Олармен менің жұмысым болған жоқ. Ақыры, полиция қақпасына жеттік-ау. Қора ішінен ұзын бойлы, мұртты, қара киізден тон киген, басындағы қалпағы едірейген полиция бастығы шықты. Жанында бірнеше стражниктері бар. Келген бете бай оларға болған істі түсіндіріп жатыр. Істің мән-жайын түсінген полиция бастығы басын шайқап, арбаның оң жақ, сол жағына шығумен болды. Менің дене бітіміме көз жіберіп, алдымнан бір, артымнан бір қарады. Таң қалғанын, әлде мазақ қылғанын айыру қиын. Сәлден соң:

- Бұл – адам қамайтындай іс емес. Аттың құнын еңбекақысынан ұстап қалыңыз, - деді. Полиция босатқан соң, шананы тастаған күйі кетіп бара жатыр едім, бай өтініп:

- Мына шанамды үйге жеткізіп бер де, ана атты өзің ал. Маған ақысын төлерсің, - деді. Қалада Нұрмамбет дейтін танысымыз болатын. Соның үйіне әкеліп, атты сойып алдық. Байдың жұмыс атының өзінен екі-үш елі қазы шықты. Ақыры бай төрт жылдық еңбегіме сол атты қоса есептеп, үстіне 12 сом ақша берді. Содан соң Қожилинді көрген емеспін, - дейді батыр.

Жасында Мұңайтпас баласын Қосқопадағы бір молданың қолына береді. Молда балаларды аямай соғып, дүрелейді екен. Оның үйреткенін түсінбесе де, балалар жаттауға міндетті болған. Білмей қалғаны таяққа жығылып, табанына тұз себілген. Солардың бірі – Қажымұқан екен. Бірде молда:

- Арабшаға тілің келмейді, сен құранды қалай оқисың, - деп Қажымұқанды осып-осып алады. Арқасы жосадай боп үйіне қайтқан бала әкесіне еш нәрсе айтпайды. Ертеңіне таңсәріден мешіт қуысына келіп, қолына тас алып жатады. Әлгі молда таң намазына келіп отыра бергенде, оны таспен ұрып, өзі қашып кетеді. Содан қайтып мектеп есігін көрмейді.

Жалшылықта жүрген Қажымұқан бірде шөп саудалай Ақмолаға барады. Сатушы аз ғана шөбіне мол ақша сұраса керек.

- Неге шөпке көп ақша сұрайсың? – деген Қажымұқанға иесі:

- Мұны аздық қылсаң, шанасымен көтеріп әкет, мен көріп тұрайын. Шамаң келсе, тегін-ақ бергенім, - депті.

- Рас айтасыз ба?

- Рас айтамын.

Сол арада жұрт та жиналып, сөз бәсекеге шабады. Ақыры бала шананың алдына жатады. Жұрт шананы оның арқасына итеріп салған кезде, тік көтерілген күйі тұрып кетеді. Шуе те түскен жұрт баланың ерлігіне риза болады. Шөп Қажымұқанға тегін тиеді.

ПАЛУАНДЫҒЫ
1888-жылы Қажымұқан жалшылықтан құтылып, өз бетінше өмір сүре бастайды. Ел арасындағы қазақша күреске түскенде, оған төтеп беретін жан болмайды. Сөйтіп жүргенде, келер жылы Омбыда ат ойыны /цирк/ ашылады дегенді естиді. Бұл кезде Қажымұқан Омбы облысына қарасты осы күнгі Дробышев ауданында тұрған. Палуандар хабарын есіткен соң, Қажымұқан 1889-жылдың ортасында Омбыға барады. Ондағы ойы күресу емес, күрес өнерін көріп, тамашалау еді. Цирк төрешісі Қажымұқанды жалаңаштап көріп, бұлшықеттерін осып-осып байқайды да, төртбақ келген орта бойлы жас жігіттің қайратына таң қалады. Ертеңінде Қажымұқан Злобин дейтін палуанмен қазақша күресіп, әлгіні қолға ілместен алып ұрады. Осылайша төрт күн күресіп, цирктің ірі-ірі төрт палуанын жығады. Бірнеше күннен кейін төреші Қажымұқанға: «Сенде қара күш көп, бірақ, күрес әдістерін білмейсің. Сондықтан, Петерборға барып, ондағы палуандар мектебінде оқы, бір жылда француз күресін үйреніп шығасың», - деп ақыл береді. 1889-жылдың жазында Қажымұқан Петербор сапарына шығып, жолай Қазанға аялдайды. Үстінде жөнді киімі жоқ. Көшеде үш-төрт ноғай асыға басып барады екен, соларға жақындап:

- Жол болсын сіздерге, - дейді.

- Сабан тойына барамыз.

- Онда не болады?

- Күрәсәләр, - дейді татарлар.

Қажымұқан:

- Бізге күресуге бола ма? – деп сұрайды.

- Ниге булмасын, булла, булла – дейді олар.

Сабан тойына ел көп жиналған екен. Орыс, татар, башқұрт аралас. Араларында бір қазақ жоқ. Бір денелі орыс палуаны жұрттың бәрін қирата жығып жүр екен. Оны жұрт «Сары палуан» деп атайды. Қаншырдай қатқан, кеуделі адам екен. Белдесуге шыққан бір ноғайдың аяғын көктен келтірді. Қажымұқан киімдерін манағы татарларға ұстата беріп, ортаға жүгіріп шығады.

- Сізге не керек? – дейді бір сайыпкер.

- Маған күрес керек, - дейді Қажымұқан.

- Кіммен күреспекшісіз?

- Манағы Сары палуанмен күресемін.

- Ярыр, қазақ, син әлі ашаған құйрығыңды құтыртып келген боларсың, - дейді бір татар.

Қажымұқан Сары палуанмен белдесе кеткенде, оны бірден көтеріп алады да, үйіріп-үйіріп, жерге топ еткізеді. Сары палуан аңғырт қалғандай, есі ауысыңқырап, абыржып қалады. Сол күнгі күрестің барлығы Қажымұқан маңында болады. Бірінен соң бірін тізбектеп, бақандай төрт палуанды жығады. Бұрын татарлар жеңіле береді екен. Қажымұқанның жеңісіне өте риза болады. Біреу алма, біреу алтын сағат лақтырады, біреу гүл жаудырып, күрес алаңы үлкен думанға айналады. Төртінші палуанды жыққан соң, басқалары шықпай қояды. Денесі малмандай болып терлеген Қажымұқанды бай-батшалар күймеге отырғызып, моншаға әкеледі. Қасына бір қызметші қосып беріп, жуындырып, киіндіреді. Содан соң манағы күймеге отырғызып, Қабанкөлдің жанындағы «Бұлғар» деген мейманханаға алып барып, қонақ етеді.

Ертеңіне Қажымұқанды көреміз деп, жұрт мейманхананың төңірегіне сыймай кетеді. Қажымұқанға Апанаев деген байдың қызы арнайы келіп, күймеге отырғызып, үйіне алып кетеді де, қонақ етіп сыйлайды. Сол тұста Қажымұқанды қонақ етіп сыйлаушылар көбейіп, Қазанда бірер ай кідіріп қалады. Петерборға күз түскен соң ғана барады. Бұл оның 18-ге кәміл толған кезі еді.

Қажымұқан Петербордағы Тадевско-Лебедев атындағы мектепке түседі. Мектеп Караванная 17-үйде тұрған. Онда 92 палуан күрес үйреніп, жиі-жиі белдесуге шығып тұрады екен. 90 сомдық көмегі бар, тамақ, киім әркімнің өзінен. Бір палуанның жылдық оқуы 150 сомнан 1800 сомға дейін түскен. Қажымұқанның пұлын Қазанның ауқатты адамдары төлеп тұрған. Ол осы мектепте 1889-жылдың тамыз айынан 1890-жылдың ақпанына дейін алты ай француз күресін үйренеді. Сол жылдың ақпан айында Одессаға барып, Ветлижинский деген кісінің жеке меншік мектебіне түсіп, күрестің басқа түрін үйренеді. Ветлижинский мектебінде үш ай оқып, Еуропа мен Американың күрес түрлерін меңгереді. 1890-жылдың шілде, тамыз, қыркүйек айларында Гамбургке барып, тәжірибесін толықтыра түседі. Гамбург күрес мектебінің иесі Ауэн атты капиталист болған. Бұл мектепке Қажымұқанмен бірге екі-үш орыс палуандары да барады. Осылай Қажымұқан 12 ай шеберлігін шыңдап, күрестің түр-түрін меңгеріп алады. 1890-жылдың қазанында Қажымұқан тұңғыш реет Киев қаласында күреске түседі. Бұл нағыз бәсекенің күресі болады. 1891-жылдың наурыз айына дейін созылған осы жарыста Қажымұқан Иван Заикин секілді екі-үш белді палуанды жығады. Бірақ, орыстың атақты палуаны Иван Поддубныймен бас бәйгеге таласып, жеңіліп қалады. Арада 15 күн өткен соң, Қажымұқан Поддубныймен қайта күресіп, жеңіске жетеді. Бірақ, шешуші белдесуде Поддубный басым түседі де, Қажымұқан жүлделі екінші орынды иеленеді. Қажекең өмірінің соңғы кезіне дейін осы Поддубныйдың достығын, адамгершілігін әңгімелеп:

- Жер жүзін шарлап жүргенде, мен мұндай адамды кездестірген емеспін, адам десең адам, палуан десең палуан, арыстан десең арыстан еді, - дейтін.

- Соншалық күшті палуанды қалай жықтыңыз?

- Менің басты-басты екі әдісім болатын. Бірі – жамбасқа алу, екіншісі – мойнынан қыса ұстап, бұра жығу. Ұмытпасам, ол кісіні арқалап соқсам керек, - дейді палуан. Сол кездің өзінде Поддубный Қажымұқаннан 10 жас үлкен, 16 кг шамасындай салмақтылау екен.

Киев маусымынан соң, Қажымұқан 1891-жылы май айында Қазанға келіп, жазғы циркте күреседі. Мұнда оны жақсы қарсы алғандықтан, бір жарым жылдай аялдап қалады. 1892-жылғы маусымда бірінші бәйгені жеңіп, мың сом алтын ақша мен бір алтын медаль алады.

1892-жылдың ортасына жақын Қажымұқан Қазаннан кетіп, Москва циркінде күреседі. Күнделікті табысы 20 сом болады. Бұл жерде де бірінші бәйгені жеңіп алып, мың сом, бір медаль алған. 1892-жылы жазда Петербор қаласына барып, зоологиялық бақта күреседі. Тағы да Поддубный екеуі жазғы маусымның бірінші-екінші жүлдесін 750 сомнан бөлісіп алады. Осы кезден бастап, Қажекең Поддубныймен бірге жүріп, 1895-жылға дейін Ресейдің көптеген қалаларын аралайды.

1896-жылы Ресейдің бірсыпыра палуандары Батыс Еуропаға жарысқа кетеді. Поддубный мен Қажымұқан да Францияның Кинт қаласына барады. Бұл жолы екеуі Ресейдің намысы үшін күреседі. Қажекеңнің айтуы бойынша, Европаның небір саңлақтары қатысқан бұл жарыста да бірінші-екінші жүлдені екеуі бөліскен. Бірінші жүлде 1000, екінші жүлде 500 франк екен. Поддубный ақшаны тең бөледі. Осы жәйт бұл екеуін егіз туғандай жақындастырады. Кинт палуандарын қирата жығып, 1896-жылдың көктемінде бұлар Парижге келеді. Мұнда ешкімнен жығылып көрмеген әруақты палуан ХІХ ғасырдың Рүстемі – Пауль Шмид болған. Бес ай шамасындай күресіп, бұл үшеуі тең түседі. Бірде Шмид жықса, бірде Қажымұқан, енді бірде Поддубный жығатын болған. Ақыры бас бәйгеге таласқанда, бұлардың жеңілістері бір-бірден, ал Шмидтікі екеу болады. «Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, Ресейдің екі тарланы Шмидтің атағын шайқалтып жібереді.

Бірде Париж жеңімпаздары сау етіп Берлинге келеді. Мұнда барлығы жүз елуге тарта палуан жиналады. Бұл күресті Вильгельм ІІ өзі көреді екен. Ресеймен бақталас неміс капиталистері өздерінің Гауан, Тонкенегий /Том Кеннеди/ сияқты мықтыларын Берлинге шақырыпты. Жиналған палуандардың тұлғасы мен кескіні тым бөлек. «Шахнама» жырындағы тау қозғалатын Зохақтай ағылшын палуаны Пирар Колостың түрі кісі шошырлық ерекше-тін. Бойы кәміл екі метр 10 см, салмағы 19 пұт, сандары жараған бураның санындай, білектері шомбал, бұлшық еттері бөлек-бөлек жұмырлана біткен, басы кәрі үлектің басындай жоталы. Оның қасында Пауль Шмид көзге қораш көрінеді. Сондай-ақ, Инструмент палуан, австриялық түйе палуан Рузвахер, Хазірет-Ғалидың тұқымы – атақты араб палуаны Мұрзық, Сирия палуаны Нишапури және Қытай палуаны Дин Мин Шо, т.б. болады. Ресейдің екі палуанының күш сынасатын жері осы болған. Дәл осы тұста Поддубный ауырып қалып, Қажымұқанның бір өзі күреседі. Көңілі жабырқап, күндіз ауруханаға тамақ тасиды, ал кешкілік белдесуге барады.

Бірде Поддубный:

- Менің жайымды көріп тұрсың. Ресейден арнайы келіп, белдесе алмағаныма өкінемін. Бірақ, ауруға шара бар ма? Тағдырдың дегеніне көнеміз де, - деп, өзін мазалаған ойларын ортаға салады да: - Жұмыс қалай, палуан? – дейді.

- Әзірге жығылғаным жоқ. Палуандардың барлығымен де бір-бір ұстастым.

- Алып-ұшқан жүрегің тоқтады ма?

- Тоқтамай қайтер дейсіз, жалғызсырап қалсам да, сіз айыққанша аянбай белдесіп, намысты қолдан бермеуге тырысармын, - дейді Қажымұқан.

Күрестің соңғы күндері жақындағанда, бес-алты палуан сүзіліп қалады. Соңғы он бес күндік үздіксіз тартыста Қажымұқан немістердің әйгілі екі-үш палуанын қатарынан жығады. Тұяғы бүтін тұлпар қалмай, бәрі де бір-екіден жеңіліс табады. Ақыры, Қажымұқан мен Колоста екі, ал Шмидте үш жығылыс болып, бірінші және екінші орындарды Қажекең мен Колос бөліседі. Үшінші және төртінші орындарды Ганс Гауан мен Шмид алады. Қажымұқанның бұл жеңісіне Ресей палуандары қатты шаттанып, бірнеше күн той жасайды. Сол жайды еске ала отырып Қажекең: - «Ерді намыс өлтіреді» деген емес пе, сол жолғы күресіме Поддубный қатты риза болды. Екі сөзінің бірінде: «Эх, киргизская морда», - деп күле берді. Енді бірде: «Осыншама күш саған қайдан бітті?» - дейді. Ресей халықтарының күштілігін, ынтымақтастығын біз сол кезде-ақ бүкіл әлемге білек күшімізбен танытқан едік, - дейтін.

Қажекең 1905-жылға дейін Париж, Лондон, Варшава, Гамбург, Стамбул, Рим, Прага, Вена, Мадрид, Одесса, Лодзь, Минск, Симперополь, Ялта, Орел, Вильнюс, Ковно, Бағдад, Дамаск сияқты қалаларда болған. Жер шарының жиырма төрт елін аралап, палуандармен белдескен.

1899-жылы Гамбург пен Парижде тағы да күрес басталып, Қажымұқан мен Пирар Колос өлімші болып күреседі. Кілем үстінде жыға алмаған Колос Қажымұқанға өшігіп, оны темір қысқашпен ұрып құлатады. Жұрт оның темір қысқашын тауып алып, зұлымдығын әшкерелейді. Тоғыз күндей емделіп, қайта белдескенде, Қажымұқан Колостың аузынан қара қанын ағызады. Мұны көрген Колос жағының адамдары Қажымұқанды өлтірмекші болып, мылтық атады. Палуанның көк желкесін жалап өткен оқ арт жақта қатар тұрған солдаттардың біріне тиеді. Цирк басшылары дереу жарықты өшіріп, қараңғыда Қажымұқанды қашырып жібереді. Сол түні пароходпен бұлар елге бет қояды.

1900-жылы бұлар қайтадан Парижге барады. Мұндағы күрес әділ өтеді. Париждіктер палуандарды күшіне қарап бағалайды. Мұнда қырық үш палуан белдесіп, Қажымұқан қырық, ал, Поддубный мен түрік Қажығали қырық бірден жығады.

Осы жолы ұстасқандардың бірі – Қажығали болатын. Ол бір сайыста Поддубныйды жыққан арыстан еді. Бұдан соң араб палуаны Хажы Мұрзықпен күреседі. Денелі, терісі сүліктей қара, жұрттан жан шыққанша, одан тер де шықпайтын денелі палуанды Қажымұқан жығады.

Европаның көптеген елдерін аралаған Қажекең 1905-жылы Жапон еліне барады. Бұл сапарға Ресейден он сегіз палуан қосылған еді. Құрамында Поддубный болмайды. Жол жүрерінде Поддубный оған:

- Қажымұқан, қасыңдағы серіктерің сенімді жігіттер. Бәрі де алып күштің иесі. Бірақ, олар әлі ысылмаған, жас палуандар. Сондықтан, үлкен палуан келгенде белдесуге өзің шық, өліп қалмайық, - дейді. Қажымұқан досының осы сөзін есінен шығармайды.

Сайыс Харбин қаласында өтеді. Оған отызға жуық палуандар жиналып, күш сынасады. Алғашқы күнгі бірер күрестің өзі Ресей палуандарының басымдылығын көрсете бастайды. Бойы бір тұтам жапон палуандары бірінен соң бірі жығылып, шетінен күйрейді.

Араға бірер күн түскен соң, кілемге Сар-Кекен /Саракики/ дейтін палуан шығып, ажал күресіне түсетінін айтады. Жапондар оны Жиб-жица дейді екен. Ресей палуандары бұл күрестен бейхабар еді. Сондықтан, ешкім ортаға шыға қоймайды. Сар-Кекен болса кілем үстінде жүріп алады. Төреші де қайта-қайта жар салады. Болмаған соң, Қажымұқан тәуекелге бел байлап, ортаға шығады.

Әу дегеннен Сар Кекен мысықша қимылдап, палуанды айнала жүреді. Өзіне беймәлім күрестің сырын бағдарлаймын дегенше, Қажымұқанның бір жақ еті мен ерні жұлынып, қан сорғалайды. Сар-Кекен мысықша атылып, тиген жерін пышақша тіліп, қақ айырады екен. Екінші рет қоңырау соғылғанда, Қажымұқан ашуға булығып, шындап қайратына мінеді. Денесінің аурғанын елеместен, Сар-Кекенді желкесінен бір қойып, жер жастандырады. Цирк іші лезде айқай-шуға толып, жапондар қарсылық көрсете бастайды. Ресейдің 18 палуаны ешкімді жолатпай, үркердей топтанған күйі цирктен шығып, елшілер үйіне келеді де, түнгі поезбен кері қайтады. Бәрі қуанышты: бірі Қажымұқанның жарақатын таңып жатса, бірі сусын береді, енді бірі бетінен сүйеді. Бес-алты күннен соң Петерборға жетіп, Қажымұқан ауруханада жатып емделеді. Оны ең жақсы деген дәрігер қарап, достары да жалғызсыратпай жиі келіп тұрады. Әсіресе, Поддубный ертелі-кеш қасынан шықпайды, күледі, мазақтайды, ойнайды.

Қажымұқанның қартайған шағына дейін ернінің тыртығы үлкен бір асық сыйғандай үңірейіп тұратын. Еті қалың болғандықтан, ортасы бітпей қалса керек. Ортан қолы да айыр күйінде қалған.

Шәуілдір ақыны Айтбай Белгібайұлы Қажымұқанның өмірін жырлап, оның Сар-Кекенмен күресін былай суреттеген екен. /Айтбай бұл жырды Сәбит Мұқановқа берген/:




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет