Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»



бет3/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34

Жылысып жыл артынан жылдар өтіп,

Барғанда қырыққа жуық жасым жетіп,

Шақырды Жапония үкіметі,

Атақты палуандарды хабар етіп.
Он сегіз Ресейден палуан жүрдік,

Белсеніп күреспекке білек түрдік.

Манжурия қаласы Харбин екен,

Сауық пен салтанатты келіп көрдік.
Дейді екен бұл күресті «Жиб-жицца»,

«Сайыс» деген болады қазақша айтса.

Күресте өліп кетсе, құны болмас,

Үлкен олжа басы аман, тірі қалса.

/Толығырақ нұсқасы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1946-жылғы 6-январьдағы /4114/ санында басылған. - Ә.Қ./

Ақын жырлағандай, Қажымұқанның екі құлағы да Сар-Кекен және Пирар Колоспен күресте мыж-мыж боп езіліп кеткен. Оның екі құлағының орнында екі-үш елі боп қатқан беріш қана қалған. Сондықтан, Қажымұқанды көрген адам, оны шұнақ екен деп ойлайды. Құлағының тесігі де бітіп кеткен. Болар-болмас тесігінен құдыққа өскен қамыстай тығыз, ұзын түгі сыртқа шығып тұрады.

…1905-жылы Жапониядан қайтқан соң, Қажымұқан 1917-жылға дейін Ресей және шетелдерде күресіп жүрген, француз күресінің чемпионы атанған. Алтыны бар, күмісі бар, барлығы 48 медаль алған. Медальдарын ені бір жарым қарыс қызыл масаты белбеуге тағып, кеудесін айналдыра асынып алатын болған.

1917-1925-жылға дейін Қажымұқан күреске қатыспай, Омбының Дробышев ауданы, осы күнгі «Жаңа жол» колхозында тұрған. Бұл жылдары елде астық кем, күнелтудің өзі қиынға соғады. Сібірді Колчак жаулап алады. Үш жылдай азамат соғысы болып, ел әбден ашығып, қалжырайды. Қажекең осы кезде арбакеш боп ат арба айдайды. Ауыл арасында «Патшаның өзінен сыйлық алған Хамид сұлтанның да сыйы бар, барлығы 48 патшадан сый алған» деген сияқты өсектер тарай бастаған соң, Қажекең оларды өртеп жібереді. Алтын медальдарын ерітіп, азық сатып алады. Ауыл белсенділері Қажекеңді 1929-жылдың ішінде бес-алты ай абақтыға да жаптырады. Осы тұста шетелден алып келген афишалары мен көп суреттері жоғалған. Қәзір сол документтерден еш дерек жоқ.

1917-жылдан бастап кәделі күреске шындап түспегендіктен, Қажымұқан ел арасында ойын-өнер көрсететін болған. Негізінен, жалаңаш мойынға жуан темір орау, он бес пұттық рельске қырық кісі мінгізіп жүгіру, он пұт тасты жалаңаш денесіне қойып, екі балғамен кезек ұрғызып сындыру, шалқасынан жатып, үстіне үлкен тақтай салып, машина немесе 20-30 атты кісілерді шауып өткізу, қырық кісіні арбаға салып сүйреу, 75 пұттық жүкті арқаға салып көтеру сияқты ойын түрлерін көрсететін болған.

Шаян аудандық партия комитетінің секретары Мырзахмет Сүлейменов 40-жылдары Шәуілдірде қызмет істейді. Қажымұқанмен тығыз байланыста болады. Есігінің алдындағы сандықтай тасты 20 шақты адам жабылып қозғалта алмайды. Бірде Қажекең келгенде, Мырзахмет оның күшін сынамақ оймен:

- Құдай маған осы тасты алысқа тастайтын Рүстемдей бір дәуді де бермеді ғой, - деп Қажекеңді қайрайды.

- Рүстем ауылыңда жүргенде, неден сасасың? – деп Қажекең әлгі тасты екі қолымен көтеріп алып, лақтырып жібереді. Шамасы, 30-40 пұт келсе керек. Кейін Қажекең:

- Тұқымы оңбағанның баласы, сол жолы белім кілт ете қалып, екі-үш күнге дейін ауырып жүрді, - деп күледі. Бұл – батырдың 70 жасындағы қайраты еді.

Осынша жойқын күш иесі Қажымұқанның тұлғасы қандай болған деген сауал туады. 1946-жылы май айының ішінде Шәуілдір /Шілік/ ауданындағы Қажекеңнің үйіне барғанымда, 75 жасар палуанның дене құрылысын өлшеп көрген едім. Палуанның үйінде 10 күндей жатып, үйренісіп алған соң, мұның ағаттығы болмас деп ойладым. Палуан да қарсылық білдірмей, жымиды. Сондағы анықтағандарым мынау болды: Қажымұқанның жалаңаш салмағы – 174 кг, басқаша айтқанда, он бір пұт. Шалбарының өзіне үш метр мата, көйлегіне 6 метр сұрып кетеді екен. Бойы – 195 см., төбеден белге дейін – 77 см., белінен аяғына дейін – 118 см. Кеудесі – 146 см., кіндік тұсы – 173 см., жуан қара санының қалыңдығы – 71 см., сан жілігінің ұзындығы /жамбастан тізеге дейін/ - 65 см., балтыр аумағы – 49 см., балтырының ұзындығы - 58 см., табаны – 35 см., аяқ киімі – шамамен 54 қалып /размер/. Шалбарының белдігі – 220 см., жаурынының жалпақтығы – 60 см., қолтық еттің қалыңдығы – 50 см., қар еті – 47 см., екі иығы – 56 см., мойын жуандығы – 56 см., жатқанда – 60 см., саусақ басынан білекке дейін – 25 см., ортан қол ұзындығы – 14 см., саусағының жуандығы – 10 см., білек жуандығы – 27,5 см., самайы – 9 см., жақ ұзындығы – 24 см., мұрын ұзындығы – 7 см., құлақтың айналасы – 10 см., үстіңгі еріннің ұзындығы – 10 см., асты да осындай, бас аумағы – 65 см., төбесінің 55 см. жерінде шаш жоқ. Шашы, сақал-мұрты ақ. Мұртының әрбір қылы инеден жуан.

Иегі мен бас кескіні жұп-жұмыр. Мойны тым жуан болғандықтан, ұзындығы байқалмайды, арқа етімен тұтасып кеткен. Оның қай тұстан басталатынын айыру қиын. Арқасында жұмырлана біткен екі қабат сіңір бар, астына қол сиярлықтай. Маңдайы жалпақ, бас терісі екі елі. Жақын жерде сүйек білінбейді. Үлкен қой көзді. Үстіңгі қабақ еті мол, көзді баса төмен түскен. Екі құлағының шеміршегі еттен 1,5 елідей ғана бөлініп тұрады. Еріндері жырық, тартыңқы. Тістері түгел түсіп біткен. Тамағы нашарлаған, көбіне айран, қымыз ішеді, еттен әбден пісіріп, баптап жейді.

Палуанды ерттеулі аттардың бәрі бірдей көтере бермейтін көрінеді. Оның үстіне өзі де қартайған, бұрынғыдай емес, атқа мініп-түсуі қиындаған. Көбіне ат жегіп, арба мінеді. Жаяу жүрістен қалған. Алыс сапарға шықпайды. Қатынайтын жолы Шілік пен Темірланның арасы.

Өзінің айтуынша, соңғы реет Абайдың тойына барған екен.

Бұл 1945-жыл болатын. Ақынның Шыңғыстауда өткізілген 100 жылдық тойына Қазақстанның жер-жерінен адамдар қатысты. Ғылым академиясының бір топ ғалымдарымен бірге мен де сол тойда болған едім. Қарауыл өзенінің екі жағына сансыз көп үй тігіліп, бірі үкімет адамдарына, бірі құрметті адамдарға, қонақтарға, енді бірі жазушылар мен ғалымдарға арналған болатын. Сол үйлердің бірінде Қажекең де тұрды. Жұрт қаумалап, палуанды көреміз деп үйді жығып кете жаздаған соң, Қажекең үлкен кілемді қолтығына қысып, биік тастың басына барып отырғаны есімде. Ауыл бос қалып, халық оны қоршап алды. Сонда Қажекеңнің «Сендерге немене, маймыл керек пе?» - деп кейігені бар.

Ренжіп дегеннен шығады-ау, Қажекең өкпешіл адам болатын. Оны мен палуанның қарттығына баладым. Өйткені, мұндай өкпені А.В.Затаевичтен де естігенім бар.

Бұл менің Москвадағы «Правда» атындағы Бүкілодақтық Коммунистік Журналистика /ВКИЖ/ институтында оқып жүрген кезім. 1934-жыл. А.Затаевичтің үйінде Москвада оқитын қазақ жастары жиі-жиі бас қосып тұратынбыз. «Қазақ халқының 1000 әнін» алғаш осы үйде көрген едім. Біздер қазақ халқының мәдениеті жайында әңгімелесіп, көбіне қазақ музыкасының озық үлгілерін тыңдаушы едік. Тұрмысы орташа болатын. Республика басшыларының атына өкпе-назын жиі айтушы еді. Сол тұста Т.Жүргеновке хат жазып, осы кісіні Алматыға шақырып көмек көрсетуге болмас па екен дегенім бар. Т.Жүргенов мұны совнаркомға жеткізіп, кейін А.Затаевич Алматыға келіп қайтты. 5000 сом сыйлық алғанын да айтқан болатын. Қиындау кез еді бұл. Кейін ол кісі дүниеден қайтқанда, «Бұл кісінің тұратын жері Алматы еді ғой» деп ойладым. Өйткені, ол өзінің жеке еңбегі емес, халық музыкасының көркемдік-эмоциялық күш-қуатын көбірек бағалайтын жан еді. Реті келген соң айтып жатқаным ғой, күш иесі Қажымұқан сияқты, өнер адамы А.Затаевичке де ескерткіш салынса артық болмас еді.


ҰРПАҚТАРЫ
Қажымұқан беріде, отыздың алтауына келгенде ғана үйленген. Одан бұрынғы 20 жылдай өмірі күрес пен серілік жолында өткен. Оның алғашқы әйелі – поляк қызы Надежда Чепковская. Оған палуан, өзінің айтуынша, 1907-жылы Петербор қаласында үйленген. Надежданы еліне әкелген соң, Қажымұқанның құрбы-құрдастары оның үстіне қазақша киім кигізіп, атын Фатима қояды. Бірақ, палуан көп жылдар бойы әйелін көрмей, кәделі күрес ізінде кетеді. Фатимадан 1909-жылы Халиолла деген ұл туады. Ол Омбының Дробышев ауданы, Киров ауылсоветіне қарасты «Жаңа жол» колхозында тұрған. Халилолладан Шабдар атты ұл қалған. Оның Жанайдар, Әлке деген ұлдары осы колхозда қызмет істеген.

Арада жылдар өтеді. Фатимадан соң Қажекең Ырыстыға үйленеді. Одан үш ұл, үш қыз көреді. Қыздарының аты – София, Рәшида, Әзия. Бұл үшеуі Омбыда Халиолланың қолында өскен. Бірі – тергеуші. Кенже ұлы Құлымбет те солардың қолында болған. Оның алдында екі ұлы дүниеден қайтқан көрінеді. Қажекеңнің айтуынша, София 1924, Әзия 1930, Рәшида 1933, ал кенжесі Құлымбет 1938-жылы туған. Олар Қажымұқанов емес, Мұқанов деген фамилияда екен.

Ортаншы қызы Әзиядан Қажекең өмірінің соңғы кездеріне дейін хат-хабар алып тұрған.

1938-жылы Ырысты қайтыс болған соң, Қажекең осы күнгі Шәуілдір ауданы, Шілік жеріндегі інісінің әйелі Мінәйға үйленген. Осы Мінәйдан 1940-жылдың 15-январь күні Айдархан туады. Ол Қажымұқанов атанып, №612736 – КА деген куәлік алған. Өмірінің соңғы жылдары Қажекең Шаян ауданынан Айшагүл атты әйел алыпты. Мінәйді Шілікке қойып, Айшагүлмен бірге Темірланда тұрған. Бұл әйелінен бір бала қалған. Мен 1946-жылы Қажекеңнің ауылында болғанымда, Айдархан 6 жасар да, Айшагүлдің аяғы ауыр екен.



СЕРІЛІГІ
Көпшілік қауым Қажымұқанды тек қана күш иесі деп ойлап, оның басқа қасиеттеріне көңіл бөле бермейді. Ал қазақтың қара сөзіне, ұтымды әзіліне Қажекеңнен ұста адамды мен сирек кездестірдім. Есепсіз көп әңгімелер, мақал-мәтелдерді, ел аузындағы шешендік сөздерді әңгімесіне араластырып, орынды қолданатын. Әзіл үстінде біреуді сөзбен ұтып кетуге де ұста.

Қажекең өзінің көрген-білгендерін ұмытпаған екен. Көптеген аты шулы өнер қайраткерлерімен, әсіресе, Мәшһүр Жүсіп, Иман Жүсіп, Балуан Шолақ, Мәриям Жагорқызы, Майралармен бірге болған кездерін әңгімелеп, еске алып отырады. Сөз арасында мен Иман Жүсіп жайында сұраған едім. Қажекең оны да жақсы біледі екен. Имекең біздің ағаларымыз болады, жасымда үйінде талай болғаным бар. Ұзын бойлы, қапсағай тұлғалы адам еді. Осыны естіген Қажекең өзінің көрген-білгендерін айта келіп: «ол палуан емес, батыр еді ғой» - деді. Өзінің Балуан Шолақпен ұстасқанын да жыр етіп айтып берді. Қажекең оны аға тұтып, қатты сыйлапты.

Қажымұқанның әншілік өнері де болатын. Ол көбіне «Бөрібай», «Құлагер», Майраның әндерін салатын. Қазақтың терме сөздері, терең мағыналы толғауларын жатқа айтатын.

Бір күні оның үйіне көптен төбе көрсетпей жүрген колхоз мұрабы Иса Төлеп Бергенұлы келді. Жасы 65-тің үстіндегі қу тілді, әзілқой адам екен. Батырға олжа түссе жақындап, жайшылықта есігін аттамаса керек. Менің бірнеше күннен бері жатқанымды есітіп, Иса палуандікіне келіпті. Алғаш палуан оған кейісе де, Иса оның терісін жазып, істі орнына түсірді. Көңілі орныққан палуан сәлден соң әнге салып:



Мәстектен тұлпар артық шаппаса да,

Затсыздан затты тумас мақтаса да.

Баласы құландының құлан ілмес,

Алдынан тұғыр асып сақтаса да.

Бір тамшы өзен судан зәм-зәм артық.

Өзендей дария болып ақпаса да.

Шабақтан су ішінде шортан артық,

Ілініп қармағыңа қаппаса да.

Дәрісіз пытырадан шитім артық,

Жылына бір шүрегей атпаса да, - деді.

Мұны естіген Иса күлді де:

- Бұл кімді мегзеп айтқаныңыз? – деді.

- Мына сені-дағы.

- Жарайды, құп алдым, - деп күлді Иса.

Ертеңіне екі-үш айдан бері көрінбей жүрген «Ақтөбе» колхозының басқармасы Мақан Мыңбайұлы, ауыл Советтің төрағасы Төле Талдыбаевтар келді. Олармен бірге мал санатып жүрген аупартком председателінің орынбасары да келді. Ауыл-аймақ жиылып, үй іші лық толды.

Сол жазда Қажымұқанның аз ғана бидайлық жеріне су жетпей қалса керек. Еккен екі пұт бидай-арпасы қурап кетіпті. Оның үстіне колхоз батырға май айының 16-на дейін қауындық жер бермей, егіннің күнін өткізіп алыпты.

Қымыз ішіліп, жұрт көңілі көтеріле бастағанда, Қажекең де барт болып терлеп, өлең айтты.



Сұрасаң арғы атам ұзын қыпшақ,

Тәңірім беріп еді өлшеусіз бақ.

Шын бабам қара қыпшақ Қобыланды,

Тең келер ондай ерге қандай қазақ?

Сұрасаң, Қажымұқан менің атым,

Болады алтыбас қыпшақ асыл затым.

Кешегі Тәшкен қала циркінде,

Көтердім 55 пұт кірдің тасын.
Атандым Қажымұқан бала жастан,

Ішінде 24 патша болдым астам…

Ташкенде 44 палуан ұстасқанда,

Бәрін де жығып шықтым бір шалмастан.
Дүниеге келер ме екен қайран күшім,

Көтердім Қазақстан дәрежесін.

Үстімнен автомобиль жүрсе-дағы,

Сонда да қайыспаған қайран төсім…

Мұның артынан батырға тағы да бір аяқ қымыз берілді. Барт болып терлеген батырдың көздерінен әнтек жас шықты.

Ертеңіне оның үйіне Балтабай дейтін досы келді. Ол ақын әрі жырау екен. Екеуінің достық әзілі жарасымды. Шәй үстінде біраз әзілдесті. Шәйдан соң батыр тағы да әнге басып, Ақанның «Торыны таңға байлап мінген қандай» деген өлеңін шырқады.

Көк атты жемге байлап мінген қандай,

Үкілеп, әсемдетіп жүрген қандай?!

Ауылы ғашық жардың қайда екен деп,

Жүгіртіп сайлау жермен келген қандай?
Тұйғындай шабыттанған мойнын бұрып,

Ақ үйге қадам басып енген қандай?

«Қарағым, ебін тауып келдің бе?» - деп,

Төсекте құшақ қосып жатқан қандай?!

Сөйтіп отырғанымызда, бір жылқышы төрт қой, құлынды бес биені айдап әкелді. Палуан далаға шығып:

- Бұл кімнің малы? – деп сұрады.

- Мынау сойысыңыз, батыр, мыналарды сауып ішерсіздер, - деді әлгі жылқышы.

Байқай келсек, бұл «Ақтөбе» колхозының беріп жіберген малдары екен.

Қажекеңнің серілік өмірінде үлкен із қалдырған әйелдердің бірі – атақты әнші Майра көрінеді. Майрамен Қажымұқан 1912-жылдар шамасында Керекудегі Қоянды жәрмеңкесінде танысады. Майра жасында Шорманның немересі Дәржанға тиеді. Дәржан дүние салған соң, одан шығып, серілік құрады. Керекуде кездескен екі сері бір-бірін қонақ етіп, батырдың айтуынша, үш жыл отасқан.

Бірде Майра Қажымұқанға базардан екі қарбыз әкеле жатып, бірін түсіріп алыпты. Соны көрген біреулер:

- Оу, Майра, мұның қалай? Мұнан да үлкен нәрсені көтерген едің, кішкене қарбызға келгенде нашарлық істедің ғой, - десе керек.

Сонда Майра жауап қатып:

- Әй, шырағым, жанды нәрсені айтсайшы, жансызда тұрған не бар дейсің, - депті.

Бұл жайды батырдың өзі айтқан еді.


МАЙДАНҒА ХАТ
«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дейді қазақ. Қажымұқан тек білектің ғана адамы емес, сегіз қырлы, бір сырлы жан болатын. Ол – палуан, ақын, әнші, сері, батыр.

Қажымұқанды елі аса қадірлейді екен. Колхозға келген аудан басшылары оның үйіне соқпай кететін болса, палуан оларға ашуланып, қатты налитын. Солай бола тұрса да, жасы жетпістен асқанда жас әйел алып отыр деп, енді біреулер Қажекеңе салқын қарай бастаса керек. Бірде кеңірек отырып сөз бастағанымда, Қажекең осы өкпелерін тілге тиек еткені бар.

- Қазақстан мені әлі ұмытпаған екен, оларыңа рақмет! Мен бұл кезде қартайдым, әйтсе де, Отан үшін бір кісідей қызмет істедім. Құдайдың қор қылып жаратқан жаны мен емес. Облыс басшылары Нечаев, Пазиков, Ғалиев, Дәуленовтер Отан соғысы жылдары менің жағдайыма көп қарасты. Астыма ат, үстіме үй, алдыма мал салды. Шаян аудандық партия комитетінің хатшысы Шораев, жолы болсын, көп достық ықылас білдірді. Шәуілдірдің 1914-жылғы хатшысы Жүнісбеков дейтін баланың да жамандығын айтпаймын. Осы кездегі бір жастар жақсы-жаманды ажыратпайтын болды ғой. Солай болса да:

Біреудің аспанда жүр мәртебесі,

Біреудің ойы аспанда, жерде басы.

Болмайды адам бірдей адамменен,

Жердей бар адамменен екі арасы, - деген екен Бұдабай ақын. Осы сөз дұрыс. Адамның сырты, киімі қаншама ұқсас болғанымен, біреудің ісі артық, біреудің түсі артық, біреудің күші артық, біреудің жылы сөзі артық, біреудің ақ көңілі адамгершілік мінезі артық.

- Совет үкіметі, қазақ халқы сіздің атыңызды, жақсы қасиеттеріңізді, ерліктеріңізді ұмытқан жоқ және ұмытпайды да. Ұмытқан болса, сізге мені жұмсамас еді, - дедім. Палуан қуана күліп:

- Айтшы, шырағым, Алматыда мені аузына алатындар бар ма? – деді. Батыр күлгенде жырық ерні ашылып, тіс еттері көрінді. Ерні тым үлкен.

- Неге алмасын, әр кез сөз қылып тұрамыз. Қазір сіздің өмірбаяныңыз бен палуандық күрес жолындағы қол жеткен табыстарыңызды жазып алу ісі қолға алынып отыр.

- Кімдер алады?

- Бәрі де.

- Олардың аты бар ма, жоқ па? – деді түйткілжіп. Сонан соң өзі білетіндердің бәрін тізбектей жөнеліп, аттарын атап шықты да: «Осылардың қайсысы?» - деді. Палуан жеке адамдар атын білсе де, ғылыми кеңсе орындарын біле бермейді екен. Ғылым академиясын білді де, оның көркемөнер секторына, тіл-әдебиет институтына, өнер бөлімшесіне зейілі бара қоймады. Жалғыз-ақ:

- Онда кімдер бар? – деп сұрады. Мен Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбановтарды атап өттім.

- Бәрекелді, бәрекелді, - деді палуан. Содан жағалай келіп Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайыловтарды сұрады.

Осылайша біраз әңгімелескеннен кейін, мен бағытты палуанның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы істеріне қарай бұрдым. Мұндағы ойым, батырдың көңілін жадыратып алу еді.

- Шырағым, қанша батыр, алпауыт болғанмен, бір адамның қолынан ештеңе келмейді. Жұрттан артық мен не істей қойды дейсің? «Батыр – жауға, би - дауға» дегендей, еліміз билікке де, батырлыққа жарады. Біздің халқымыздың, еліміздің енді болашағы зор, бақ-дәулеті мол. Ел басына күн туып, 15 жасар баладан 50-дегі азаматқа дейін майданға аттанғанда, менің үйде қарап қалуға дәтім шыдамады. Сондықтан, жігіттіктің арты – қарттықтың алды деп, батырлық майданға тағы да бір араласып көрейін дедім. Осы ниетпен ауданға барып:

- Жұрт танк соғуға 50 мың, 100 мыңнан ақша салады екен, сонны маған неге салмайсыңдар? Әлде мені колхоз басында отырып әбден байып алған басқармалардан кем санадыңдар ма? – дедім.

- Сізде ондай ақша жоқ қой, батыр, - деді күліп Жүнісбек.

- Шырағым, олай деме. Жұрт малын сатса, мен жанымды сатамын. Менің жүрген жерім – алтын, басқан жерім – байлық, осыны біліңдер. Маған не салсаң да, сал. Қажымұқан батырдың атынан бір танк соғылатын болсын, - дедім мен.

- Қанша сом төлеуге шамаңыз келеді?

- Облыстағы колхоз басшылары қаншадан беріпті? Ең жоғарғысының қатарына қой. Қажымұқанның аруағы бір колхоз басқармасының аруағынан кем болса, Құдайға сал.

- Біреу 30 мың берді, біреу 50 мың берді.

- Одан көбі бар ма?

- Пақтаарал ауданында 100 мың сом төлегендер де бар.

Бес-он күннен соң, жиып-терген ақшаларымды қапқа салып, аузын тіктім де, Шымкентке апардым. Обком секретары Пазиков жолдасқа қарап: «Соғыстағы балаларыма әкелген базарлығым бар, соны алыңыз», - деп, екі қап ақшаны алдына қойдым. Пазиков, Дәуленов, Ғалиев жолдастар қарқ-қарқ күлді. «Мұнша ақшаны қайдан алдыңыз?» - деді олар. «Ұрлап алдым», - дедім мен. Пазиков жолдас тағы да күліп, қолымнан қайта-қайта қысты. Үлкен жұмсақ диванға отырғызған еді, онысы сықырлап, сынып кетті. Пазиков тағы да күліп, қазақшалап: «Қарт неміс басқыншыларына әбден ашуланған екен, біздің диванымызды да қиратты ғой», - деді. «Күлсең күл, тек осы екі қап ақшаны Сталинге тапсырасың», - дедім. Жұрт тағы да күлді.

Сәлден соң шәй келіп, дастарқан жайылды. Ауқатқа отырған соң, Пазиков: «Өте жақсы болыпты, қарт. Ақшаңызды жеткізуді міндетімізге аламыз. Әзірше тамақтанып, тынығып алыңыз», - деді.

Ертеңіне Сталинге менің атымнан телеграмма соғылды. Онда: «Қызыл әскердің жауынгерлік ісіне қуанамын және неміс басқыншыларын талқандап, жеңіп шығатынына сеніп, танк қорына 100 мың сом ақша жіберемін» делінді.

Бірер күндей Шымкент басшыларының үйінде аунап-қунадым. Қомағайлығымды көріп шошып кетер деп, тамақты аз жедім. Кейбір келіндеріміз қағанақ бас көрінеді, мезгіл-мезгіл тамақ істеп, сүрініп жығылуға келді. Сонан соң әйел, баламды арбаға салып, елге тарттым. Адамды абыройға жеткізген еңбек қой. Бұрын үйінен көже беріп көрмегендер енді қойын сойып, қолын қусырып, бірнеше күнге дейін қолдан-қолға тигізбеді. Осы думан бітпей-ақ, ауыл шетінен шаң шығып, бір машина колхоз басқармасына бармай, біздің үйге бет алды. Мен есік алдында қарап тұр едім, сөйтсем, мұным райком хатшысы Жүнісбеков екен. Қасында аудандық атқару комитетінің председателі бар. Машинадан түсіп, қол алысқан соң, үйге кірмей жатып: «Қажеке, бұрын сүйіншіні бала сұраушы еді, енді баланың қызметін біз атқарып келіп тұрмыз. Не айтасыз», деді күліп. «Қалап келгенің болса, мына Айдарханымнан басқаның бәрі сенікі» - дедім мен.

Сөйтсем, менің атыма Сталин алғыс айтып, телеграмма берген екен. Облыстық партия комитетінің тапсыруы бойынша, бұлар соны беруге келсе керек. «Қорыққан да, қуанған да бірдей» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Жүрекке қуаныш сезімі орнап, шалқып кеттім. Бар болғаны – күле берсем керек. Сондағы телеграммасы мынау еді, - деп, Қажекең былғары қалта ішінен қағазды алып, маған көрсетті. Ашып оқысам, онда былай делінген екен:



«Из Москвы, 825, 35 слов 31.05.30, передача 31.8.16.54. Высшая правительственная.

Южно-Казахстанская область, Шаульдерский район, колхоз «Актюбе», Хаджи-Мукану.

Примите мой привет, благодарность Красной Армии, товарищ Хаджи-Мукан, за вашу заботу о воздушных силах Красной армии. Ваше желание будет исполнено.

Сталин».

Ертеңіне Шымкенттен сырланған көк машинаға мініп, обком секретарлары Пазиков пен Ғалиев келді, - деді сосын Қажекең әңгімесін жалғастырып. – Қастарында көршілес аудан басшылары бар. Бұрын есігіме қарамайтын пысықтар енді айғырдың тезегіндей болып үйілді. «Айналдырған бес қойың бар, оны кімге жеткізесің» дейтін Мінәй жеңгең дарқан болып кетті. Біреу азық, біреу сойыс әкеліп, көмектесе келгендер де болды. Құттықтаулардың есебі жоқ еді. «Жігіт жақсылық көрсе де, жамандық көрсе де елімен бірге көрер» деген осы. Сен халықты қадірлей білсең, Отанды сүйе білсең, халық та сені жақсы қадірлейді. Бұрын мен кім едім? Жабайы жалшы, білек күшіне мастанған даңғой серілердің бірі едім. Енді елімнің құрметіне бқлендім. Ресей патшасының тұсында қаншама ерлік көрсеткеніммен, мен көп жаманның бірі едім. Сөйте тұра, өз елімнің, кең-байтақ өлкеде шалқып жатқан қазақ халқының ар-намысын қолдан бермеуге тырысып, көптеген аты шулы дәулерді жықтым, салын суға батырдым. «Мен» деп төсін қаққан талай даңғойлардың еңсесін басып, күрес өнерінен түңілттім.

Сталиннен телеграмма алысымен, Қажымұқан үлкен той жасау қамына кіріседі. Тойға төрт ауданның кісілерін шақырып қонақ етіпті. Олар: Арыс, Түркістан, Шәуілдір, Шаян аудандары және Шымкенттен келген қонақтар. Бұл кез неміс фашистерінің әбден тісі қирап, қанаты сынып, Карпаттан ары қашып бара жатқан кезі еді. Біздің әскеріміздің жеңетіні, фашистердің жеңілетіні анықталған кез. Ел науқан жиыстырып болған соң, Шәуілдірдің шығыс беті, Шілік жерінде Қажекеңнің «Ақтөбе» колхозында тойы өтті. Палуанның бұл тойы Совет армиясының жеңісін күні бұрын болжап істегендей болды. Тойдың аты Қажымұқандікі де, заты халықтікі болып шығады. Той үстінде Қажекеңнің тағы бір істеген көрнекті ісі болды. Батыр өз атынан майдандағы жауынгерлерге хат жолдады. Бұл хат тойға жиналған халыққа түгел жарияланып, оқылды. Ол хат мынау:

Майдандағы балаларыма!

Майдандағы балаларым, інілерім, сендердің өткен жылғы орасан зор жеңістерің бүкіл жер жүзін таңдандырды. Мұны еліміздің кәрі-жасы бірдей мақтаныш етеді. Сендердің жауға берген соққыларыңның арқасында совет жері неміс фашист басқыншыларынан мүлдем тазартылды…

Майдандағы балаларым, соғыс Германия жеріне өтіп, толық жеңіс күніне санаулы-ақ күндер қалғанда, сіздерге мынаны айтқым келеді: Бұдан 184 жыл бұрын орыс әскерлері Берлинді алғанын тарих біледі. Міне, сол орыс армиясының ұрпақтары, сіздер де Берлинге барып, жеңіс туын тігулеріңізге тілектеспіз. Өз тарихымда мен де 1910-1914-жылдары Берлин мен Гамбургке барып, немістердің атақты Инструмент, Ганс, Тонкеннегий сияқты палуандарының жауырынын жерге қақтап, өлтіре жыққанмын. Сол жылдары Россияның, қазақ халқының намысын немістерге жібергенмін.

Қазір ұрыстың шешуші кезеңі. Бүкіл ел, бала-шаға, әке-шешең, аға-інің, апа-қарындастарың, сүйген жарың сендерді жеңіспен келеді деп күтіп отыр… /Хат қысқартылып берілді. Толық нұсқасы «Жауға аттан» газетінің 1944-жылдың 12-санында, «Социалистік Шәуілдір» газетінің 1945-жылғы 31-марттағы санында жарияланған. - Ә.Қ./.

Қажымұқанның 100 мың сомына Сталин бұйрығы бойынша, танк емес, ПО-2 «Қырғи» дейтін самолет соғылады. Осы жайды СССР соғыс әуе күштерінің Жоғары басқармасы 1944-жылдың 23-декабрінде Қажекеңе хабарлайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет