Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»



бет34/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   34

Менің атым Қайдар,

Қымызға тойғызбағанның жылқысын

Қыр асырып айдар... - деген жігіт-желең шақтың желігіне

де түсті. Жылқыда - асау, той-думанды палуан белдігі Қайдардан босамады. Сөйтіп жүргенде, қазақта «16-жыл» атанатын қара жұмысқа солдат алу кезеңі шықты. Патша ағзамның жарлығымен әр болыстан 16-31 жастың арасындағы жастарды көгендеп тізімге жазып жатты. «Орысқа қара малайға кісі бермейміз. Солдат алмаймыз» деп қара өгіздің терісіне аның өзі басқан мөрі бар» деп дүрліккен ауыл Ақсирақ болысынан 500 салт аттылы жігіттер тік көтеріліп, орталарынан қыпшақ Қасембайды хан сайлап, Ақкөлден келген патшаның жазалау тобына қарсы шықты. Қарулы әскерге қарсы тұра алмаған аттылар қолындағы сойыл, шоқпармен не бітірмек, әп сәтте-ақ тым тырақай қашып кетті. Ұсталған адам айдалып кете барды. Соның ішінде әлі кішіректеу, бір жерде аштан өліп қалар деп қимаған Кенжебек інісінің орнына Қамземен бірге еріп Қайдар да кетті.

Жұмыстың ауырын Қайдар атқарады. Қасындағы Қамзе одан екі-үш жас егделеу, ақылшысы. Тапқан табысы ақшасын да сол Қамзе ұстайды. Өзі ақша жұмсауды білмейді. «Мен оны қайтем?» деп, Қамзеге әкеліп береді. Қамзе болса, ол одан гөрі қулау, ойшылдау. Қайдардай аңғал емес, ертең күн туып, аман-есен елге қайтар заман болса, қаражатқа жарар деп, ақшаны жинап, біреу ұрлап кетпесін деп, тыққыштап жүреді.

- Әлі есімде, - дейтін Қамзе сол бір шақтарды әңгімелегенде, тегі біреулер азғыр-болуы керек, бір күні Қайдар маған келіп:

- Менің өз ақшамды бер. Мен де жұрт секілді ақша жұмсай білемін, - деді.

- Мә, ала ғой, - дедім де, бір айлығын қолына ұстата салдым. Байқаймын, інім де жұмыстан кейін сыраханаға соғып, әндетіп келетінді шығарды. Өзін қоршаған бір алаяқтарға жем болып жүргенін байқаймын.

Бір күні біз тұратын барактың қасында біреулер: «Ойбай Қайдарды орыстар ұрып жатыр» - деп, жүгіріп келді. Барсақ, салт атты үш орыс жігіті Қайдарды қаумалап, қамшының астына алып жүр.

- Әй, Қайдар, жаның қайда? Соқпайсың ба мыналарды? - дедім:

- Ойбай-ау, мен ұрсам, бұлардан не қалады, өліп қалмай ма? - деп жауап береді маған. Өзі «Не надо, не надо» деп күліп жүр. Ештеме демедім. Не керек, әйтеуір, бірдемеге ұрынбай, Қайдардың қалтасы да қағылды-ау, маңайындағы жылмақайлар да жымын білдірмей тайып отырысты. Ол өзі де сол кезде бір ішкенде 3-4 шөлмекті, тіпті, 5-6 кесесін бір-ақ тартып алатын. Есесі де кетпеген шығар. Бірақ, содан былай қарай менен ақша сұрамайтын болды. 1917-жылы қаңтар өтіп, ақпан туды. Біз істеп жүрген Рубцовка қаласындағы Морозовтың ет зауытына келген қызыл орамалды бір орыс әйелі:

- Февраль революциясы жеңді. Патша тақтан түсті. Енді елдеріңе қайтындар, - деді. Наурыздың көк салпағында шығып, мамырдың аяқ шенінде, әйтеуір, аман-есен елге жеттік.

Иә, бұл Қайдардың Қажымұқанға кездесер алдындағы сапары еді...

Ұлы Отан соғысы басталар жылдың алдында Мерекеден үй салып, тұрақтанған Қайдар ол кезде Калинин ауданының орталығы - Журавлевка селосына жиі барып тұратын. Соғыс жылдарында тұрмыс халі де шамалы болды. Бала-шағасын асырау үшін бір қарекет жасауы да керек. 1942-жылдың қысы өте суық болды. Қайдар сол селодағы машина-трактор станциясына /МТС/ келсе, бес-алты жігіт қолдарында ұзын темір, сүймен, сырық ұстап, «Нати» тракторының бір моторын тұғырына қоя алмай, әуре болып жатады. Қасына жақын келіп, үңіліп қараған Қайдар:

- Әй, жігіттер, былай тұра тұрыңдар, бұл пәлені мен орнына қонжитып берейін, - дейді де, білегін сыбанып жіберіп, моторды тік көтеріп апарып, белдігіне қойып береді. Мұны сыртынан бақылап тұрған МТС директоры Егор Тимофеевич Гугушкин Қайдарға:

- Әй, палуан, сен маған тек осылай ремонттан шыққан моторларды орнына қойып, жөндеуге тұғырыннан алып, жерге түсіріп беріп тұрсаң болды, саған ай сайын бір механиктің жалақысын төлеп тұрайын, - деді.

Сөйтеді де, Гугушкин жаяу келген палуанды өзінің қашауасын жектіріп, бір қап ұн салып беріп, үйіне жөнелтеді.

- Ертең ат шаналы кісі жіберем, тағы кел. Сол ат шана сенікі болады. Үйіңе барып-келіп жүресің. Қыстық соғымың менен. Өзің білесің ғой, біздің МТС-та подъемник - таль жоқ. Сен бізге өте керек адамсың.

Қайдар тумысында момын, ашулануды білмейтін, көпшіл, ақкөңіл, әңгімешіл адам болған.

- Әй, Көгешке /ол Гугучкинді солай атайды екен/, сен маған ренжіме, мына қарғыс атқыр соғыс әр үйге өлім хабарын әкеліп, қасіретке бөлеп жатыр ғой. Олардың көңілін кім көтереді? Мына ат шанаңмен ел аралап, ойын қойып, бір сергітіп, серпілтіп келейін, - дейді.

Соғыс жылдары қысы-жазы жүріп, Ақмола өңірінде араламаған, концерт бермеген ауылы қалмаған шығар. Соның бәрінде де ол ешбір ақы алмайтын. Колхоз басқармалары берген ұн, бидайды сол ауылдың ең нашарына, мүгедек қариясына өзі апарып беріп жүретін. Үлкен қалаларда патентті концерттерінде билет сатып, жиналған ақшалары театр кассасына түседі екен, содан ол соғысқа көмек ретінде өз атынан 60 мың сом ақша жібертеді. Ол 1943-жылы Ақмола қаласында тұрып, сондағы төрт клубқа ай сайын алма-кезек концерт қойып, цирк ойынын көрсетіп, жиналған ақшаны майданға жіберіп отырған.

Күн бұрқасын. Ақпанның ашушаң кезі. Клубтан цирк ойынын өткізіп, қасында Күзембай деген көмекшісі бар, түнделетіп келе жатса, бір автомашина қазан шұңқырға түсіп кеткен болу керек, қарға батып жатады. Оны Қайдар қасынан өте беріп, бортына иығын тосады да, шығарып жібереді. Шофер өзім шығып кеттім деген болуы керек, кабинасынан түспестен, қозғала береді.

Сонда қасындағы жігіт:

- Мынау ең болмаса рахметін де айтпады-ау, - дейді.

- А? - деп аңыра қалған Қайдар кете берген автомашинаның артқы бортынан шап беріп ұстап тұра қалады. Шофер қанша газға басса да, дөңгелегі бір орнында зырылдап, алға баспай қояды. Шофер «бұл не болып қалды?» дегендей, тақтайдай қара жерге секіріп түскен кезде, Қайдар борттан қолын ала қояды. Шофер рульге отырғанда, қораптан ұстай алады. Шофер тағы секіріп түсіп, машинаның арт жағына келсе, екі кісі өзара күлісіп тұрғанын көреді де, осылардан бір пәле келіп тұрмады ма екен дегендей, ежірейе қарайды. Орыс жігіті бұлардың не айтып тұрғандарына түсінбейді. Сонда Қайдар:

- Иди, парень, теперь твоя машина пойдет, - дейді.

Оның кейде осындай бір ойыншылдығы да бар еді. Өзі сері, әнші, өлеңді де жанынан суырып салып жіберетін кездері де болатын. Өзі дойбышы, өзі аңшы болды. Үлкен тайыншадай ақ төбетін қайда барса да, қысы-жазы өз қасынан қалдырмай, ертіп жүретін.

Адалдығы, ақжарқын мінезі, кісіге деген бауырмалдығы, бала секілді мінезі кімді де болса өзіне баурап алатын. Ешбір адамға қылдай қиянат жасауды білмей өткен адам. Палуан өмірінің соңғы жылдары да аса жақсы болмады. Оның қадір-қасиетін сол кездегі басшылар бағаламады.

- Қайдармен бірге 1946-жылғы қыста көлден қамыс дайындадық, - деп бастайды естелігін Базарбай ақсақал. - Қасында қараторы, сұлу мүсінді, дене бітісі шымыр әйелі бірге жұмысқа шығады. Көпенедей қамысты арқанға байлап алып, сол әйелі жағаға лақтырып шығара беретін. Содан қыс өтіп, жаз шықты. Ауылда Мәжит деген ұста Қайдардың өзінің көрсетуімен кішкентай вагонетканың рельсін үш тармаққа отқа салып қыздырып бөліп, үлкен айыр жасап берді. Ол мая салғанда, төбесіне ешкім шықпайды, шөптің астында қаламыз деп қорқады. Қайдар бір айырлағанда, қазіргі стогометтің әпергенін әпереді, тіпті одан да көп әпереді. Бірде ол өгіздері болдырып қалған сырғышыға:

- Өгізді ағытып жібере бер. Кешке дейін өзім-ақ сырып әкелемін, - деді. Бес-алты көпенені айырын салып жіберіп, көлденең сырық салып, жалғыз өзі сырып әкеле береді.

Күзгі егін басталғанда, бізді саман-кірпіш құюға қалдырды. Егін ауылдан алыс емес. Аяқты мал солай қарай аңдыздап, маза бермейді. Бір күні колхоз басқармасы егінге түскен он бес шамалы бұзауды айдап әкеліп, мал қораға қаматады да, сыртынан үлкен қара құлып салғызып қояды. Үш күн бойы іздеп, қамаулы тұрған бұзауларды тапқан мен ызаланып кетсем керек, құлыпты бұрап тастап, шығарып жібердім. Келесі күні сол кездегі «Қызылжұлдыз» колхозының бастығы Қайдарды кеңсеге шақыртады.

- Мал қораның үлкен қара құлыбын сенен басқа ешкім сындыра алмайды. Неге өйттің? Мен сені сол қылығың үшін, колхозға қастандық жасады деп сотқа берем, - деп қорқытады. Қайдардың «менің бұзау түгілі тышқақ лағым жоқ. Мен сіздің мал кораңызды не қыламын» дегеніне сенбейді. Қайдарды тек қара күші болғаны үшін кінәлайды. Шынында, өте кедей тұратын. Әйелі екеуінің киімдері жұпыны, төсек орны мәз емес еді. Колхоздың еңбеккүніне мән бермейді, тек берген поегімен күн көретін. Басқарманың әлгі сөзіне ренжіп, Қайдар біздің ауылды тастап, Мерекеге көшіп кетті.

Сол кездегі, шіркін, қараңғылық-ай! Көз алдымызда алақанымызға аялап ұстайтын батырымыз, ерен күштің иесі, цирк ойынының шебері, өнерімен халқын талай тәнті қылған палуан Қайдарды ешкім бағаламады. Үкімет те бағаламады. Спорт өнеріне ешкім мән бермеді. «Етімді көретін әйеліме кәдірім кетпесе де, бетімді көріп жүрген еліме кәдірім болмады-ау» дейтін еді кейде Қайдар палуан мұңайып. Еңбекке ерінбейтін жан еді. Соның өзінде ел ішінде Қайдарды түрлі өсекке таңып, өзінше өкімет тыншысымыз деп жүрген белсенді жансыздар жоғары орынға, ауданға қаралау сөз жеткізіп, мазалай берген соң, елден шеткері бой тасалай тұруды жөн көріп, Петропавл, Омбы қалаларына қарай ығысып кетеді. «Саған түнде біреулер келетін көрінеді, кіммен байланысың бар?» - деп, Қылыштың /Калинин ауданының орталығы Журавлевка ауылы қазақша солай аталады/ түрмесіне жауып тастағаны бар. Дәрменсіз не істерін білмеген палуан.

Әкем Оспан,

Өзім Қайдармын.

Қажымайтын қайсармын.

Абақтыда жатқанда

Ғибрат қылып айтарым... - деп көп шумақты өлең

шығарыпты - дейді қызы Күләш. - Сол өлең ұмытылып қалды. Ешкім жазып алмапты.

«Қыры кеткеннің қымыраны іриді» деген ғой, Қайдардың басына сол 1942-жылдың күзінде, егін орағы аяқтала бере, тағы бір ауыр қайғы түседі. Әйелі Қадиша қырманда веялканың құлағын бұрап, бидай тазартып жүрген. Астықты түгел майданға деп жөнелтеді. Кейде үйде тіске сыздық қылатын шайнам болмай қалады. Талғажау-жалғыз шолақ сиырдың көк сүтінен ұйытқан айран. Қаймағын ағызып, май жинап, үкіметке салықка береді. Ол сиырдан жөнді сүт те шықпайды, күндіз жер жыртуға соқаға жегіледі. Палуан болса, ел аралап, ойын қойып кеткен. Жалғыз екі жасар Күләш нан сұрап жылайды. Сондай бір күнде ешкім көре қоймас деп, екі қалта бидай алады. Үйге тақала бергенде, алдынан қарсы шыққан екі бейтаныс адам оны тоқтатып, қойын-қонышын іс-міс жоқ тінте бастайды. Әйел не істерін білмей қалады. Камзөлдың томпиған ішкі қалтасындағы екі килодай бидай пәле болып жабысып, ақыры әйел 3-тен 5 жылға дейін сотталатын болады. Қайдар әйелінің «Қылыш» милициясының алдында отырғанын көріп, жағдайды сұрап білгеннен кейін, қызыл жағалы басшыларға «Әйел адам ғой, кішкентай қызы аштан өлер болған соң, алған шығар, бір жолға кешіріңдер, айыбына үйдегі сиырымызды берейік» дегеніне қарамайды. Қайта «Әйеліңнің күнде бидай әкеліп жүргенін көрдің, бізге неге айтпадың?» - деп жазғыра бастайды өзін. Қадишаның бұл бірінші рет жаза басқаны еді. Бәрі бала үшін ғой. Әйтпесе, өйтер ме еді, ең болмаса, поек беріп тұрса ғой. Қалың ойдың үстінде отырған Қайдар әйелін қасына шақырып алып:

- Осындай соңыма түскен зобалаңның кесірінен Мұқан мен Шоқанның шешесінен айырылып қалып едім, марқұм о дүниелік болып кетті. Енді сенен тірідей айрылғалы отырмын. Тірі болсам, өзім іздеп бір табармын. Мен үшін сотталып кететін болдың. Ең болмаса, төркініңе апарып тастайын, мынау істің ізі басталғанша, бір-екі жыл бой тасалай тұр. Соғыс та тамамдалар. Күләш осында ағайымның қолында қалсын. Балалы әйелді тез тауып алады. Мыналар сені іздетпей қоймас, - деді.

Сарыкөл ауылында тұратын Күләш екі жасқа жаңа ғана шыққан қыз еді. Қайдардың ағасы Мұртазаның қолында қала берді. Қашқан әйелге бала тұсау болатынын Қадиша да түсінді.

- Күздің қара суығы. Сиырға арба жеккен Қайдар кештете әйелі мен екеуі біздің үйге келіп түсті, - дейді Өндіріс ауылының тұрғыны, руы қыпшақ Қаби Нұрмағамбетов. Мереке мен бұл ауылдың арасы, түн ортасында шықса, өгіз аяңымен Күн ұясына қона жететін кереғар жол болатын. Бағыттары Қараөткел - Ақмола. Иә, сол жолы Қайдар палуан әйелін төркініне апарып салған еді. 1943-жылы, Қадишасына жақындау тұру үшін, Ақмола қаласына келіп, сондағы клубтарда цирк ойынын қойып жүрді. Бірақ, не амал бар? «Жазмыштан озмыш жоқ». Төркініне барған жерінде күйеуі жоқ әйел деп оны Қарағанды қаласына қара жұмысқа /трудармияға/ айдап жібереді. Сөйтіп, Қайдар бұдан кейін Қадишасымен кездесе алмайды, Соғыс тамамдалғаннан кейін де іздестіреді. Таба алмайды. Содан қажып, 1946-жылы Палуанның «Қызылжұлдыз» колхозына келіп паналаған кезін жоғарыда Базарбай ақсақалдың әңгімесінен білдік.

Қайдарда әншілік те, шайырлық та, домбырашылық та бар, бұл жағынан ол көбіне Балуан Шолаққа еліктейтін тәрізді еді. Бірақ, оның заманы серілікпен әуестенетін кезең болмады. Қара бұлт төбесінен үйіріле берді.

Бертін келе Қайдар әбден қалжырап, өмірден қағажу көріп, оның үстіне оң жақ жіліншігінен гангрена болып жүрген кезінде дәрігерге барып еді, Вакенгут деген Қылыштың хирургі:

- Сенің аяғыңды кесу керек, әйтпесе, өлесің - дейді. Палуан:

- Өлсем аяғыммен өлейін, бірақ, кешегі Қайдар бүгін шолақ аяқ дегенді естімей-ақ қояйын, - дейді.

Қалың еттің астына жиналған сары қан аралас іріңді өз қалтасынан пышақ алып, ыстық суға малып, тұзбен ысқылап тазартып, өз етін өзі отыра қалып, ешбір уколсыз, пышақпен тіліп, бір леген қылып ағызып, сығып тастап, сонсоң ақ дәкемен қысып байлап алатын. Кейбіреулер майданда наркозсыз операция жасатып, сөйтіп, қайтадан тұрып, майданға кіріп жүре берген болса, ал Қайдар палуан ондай «ерлікті» аптасына бір рет атқарып отырған. Өз денесін өзі кесіп жатып, ауырсынуды білмейтін. Оның қатты ауырсынатыны - қалың еттің астында жиналған қанды іріңнің сыздататыны мазалайтын.

- Осындай ауыр халде жүргенде, Қайдар палуан тағы бір қара күштің құдіретін көрсетті, - дейді руы қырғыз, сол кезде Жалтыр станциясында теміржол вагондарының күпшегін майлаушы /вагонник/ болып істеп жүрген Қайыр Молдабеков. - Кешкісін, намаздыгер кезі станцияның перронында сылтып басып жүрген Қайдар палуанды көрдік. Барып сәлем бердік. Ол бізбен бірге аяңдап, вагонниктердің будкасына келді. Ақмолаға баратын жолаушылар поезінің келуіне әлі толық төрт сағат бар. Отырған орыстар оның аяғының ауру екенін несіне керек қылсын, палуанның намысына тие сөйледі.

- Батыр екеніңді көрейік, мына күпшекті екі пар доңғалақты көтерші.

- Көтерсем не бересің?

- Айтқан бағаңды аласың.

- Ендеше, қазір әкеліп 600 сомды алақаныма сал, көтеремін. Жігіттер абыржып қалды. Бірақ, сөз айтылған соң, қайтпақ жоқ. Екі-үш жігіт ақша әкелуге кетті. Бәс дайын болған кезде, анадай будканың қасында запаста салуға әзір тұрған күпшекті қос пар вагонның дөңгелегі, біз оның салмағы 1600 килограмм екенін білеміз. Екі шойын деңгелектің орта тұсына келді де, тең ортасы осы-ау деп, маған қарады. Сонсоң өкшесімен жерді нығарлап алды да: «Әуп!» деп жерден көтеріп алған бойы «ал, мә!» деді де, екінші жаққа лақтырып жіберді. Әлігі дөңгелектер барып рельске соқтықты. Біз аңырып қалдық. Қайдардың күшінің қанша екенін ешкім де өлшемеген болар. Өйткені, ол Балуан Шолақ секілді 51 пұт кірдің тасын көтерген жоқ. Ал, әлгі іріңі ағып, гангрена болып жүрген аяғымен осындай қара күштің кереметінің куәгері болдық. Сонсың әлгі 600 сомды «мә!» деді де, менің қолыма ұстата салды да, ештеңе деместен теріс айналып кетіп қалды. Әрине, бізге ренжіп кетті. Ешқайсымыз ләм-мим дей алмай қалдық. Үстелдің үстінде шашылып жатқан ақшаға ешкім де қол созбады. Міне, біз көрген Қайдар палуан осындай заңғар адам еді. Әттең, заманы оны танымады; құрметтемей өтті.

Иә, осы бір олқылықты толтырғандай ілтипатымыз болсын деп, қазақтың алыбы Қажымұқанның шәкірті, өз заманында бағасын алмаған, ешкім елемеген Қайдар Оспанұлының аруағын тірілтіп, Есіл өңірінде Балуан Шолақ пен Қажымұқаннан кейінгі қара күштің иегері Қайдар атасы болғанын айтып, суретін көрсете отырып, кейінгі жас ұрпаққа таныстыруды жөн көрдік. Мұндай дара тұлға ұмытылмақ емес.

... Десек те, өзі туып-өскен, өзі жерленген «Урюпин» кеңшары, Мереке ауылының қасындағы зиратын қалың қурай басып, күні бүгінге дейін ескерусіз қалып келеді.

Қайдар туралы кезінде облыстық «Арқа ажары» газетінің беттерінде талай мақала-естеліктер ұйымдастырылғанымен, аудан, облыс әкімшіліктерінде «иә, бәсе» деп селт ете қойған басшылардың болмағаны қынжылтады-ақ! Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында еңсесі түскен елді өзінің концерті, цирк ойынымен көтеріп, өмірге құлшындырып, оптимистікпен ертеңгі жақсы өмірдің болатынын, ерлерінің жеңіспен оралатынына сендіріп, ауыр еңбектің азабын азырқанбай атқаруға үндеп, ел аралап, дәруіштікпен рухани нәр беріп жүргенінің өзі үлкен жүректі адам екенін танытқандай. Сол Қайдар Оспановтың есімінің Ақмола облысының Энциклопедиясына жазылмай қалуы, аруаққа топырақ шашқандай емес пе дей алмайсың. Өзіміз қолдан жасаған социалистік еңбек ерлеріне орын берілген кітаптың жарты бетін қимағаны таңдандырады.

Сондықтан да үстіміздегі жыл - еске алу жылы десек, Қайдардай кесек тұлғаны дәріптеп, елдің есіне салып, атын жаңғыртсақ, азаматтық борышымызды атқарғанымыз болмақ.



Шүкіршілік. Заманы ескірсе де, палуанының есімі ескірмеген екен. Солтүстік өңірде халқының палуанға деген ыстық ықыласы болар, өзінен кейін қаншама Қайдар есімді жас өрендер дүниеге келген десеңізші! Қайдар атты есімді жігіттер кездестіргеніңде еріксіз көз алдыңа палуан бейнесі оралады. Кезеңі ескірсе де, елінің ортасында ұмытылмас есімі ескерткіш болып қалғанына күмәнданбаймыз.







Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет