Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»


НКО СССР Командуюший военно-воздушными силами Красной Армии 23.ХІІ.1944г. /585/ г.Москва



бет4/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34

НКО СССР

Командуюший военно-воздушными силами Красной Армии 23.ХІІ.1944г. /585/ г.Москва.

Южно-Казахстанская область, колхоз «Актюбе», Шаульдерского района, тов. Хажди-Мукану.

В соответствии с указанием Верховного Главнокомандующего… средства внесенное вами обращены на постройки самолета. По Вашему желанию самолет с надписью «Летчикам-казахам от Хаджи-Мукана» передается казахскому экипажу подразделения Военно-воздушных сил Красной Армии.

Зам.Командующего ВВС Красной Армии, генерал-полковник авиации Никитин.

Член Военного Совета ВВС Красной Армии, генерал-полковник авиации Шиманов.

Қажымұқанның жоғарыдағы хатына майдандағы қазақ жауынгерлерінен көптеген хаттар келеді. Солардың бірінде: «Қажеке! Біздер, майдандағы жауынгерлер, офицерлер, Сіздің Отан қорына 100 мың сом ақша беріп, еліміздің неміс басқыншыларынан тазартылуына ат салысқаныңызды мақтаныш көреміз. Екіншіден, Сіздің атыңызды жауынгерлер естігенде, әсіресе, қазақ жауынгерлері көтеріліп қалды. Майдан жауынгерлерінің тілектері бойынша, Сіз біздің газетімізге Берлинге барып неміс палуандарын жыққаныңыз туралы жазып жіберуіңізді сұраймыз. Біздің адресіміз: «Полевая почта» 21475-С. Майдандық сәлеммен «Жауға аттан» газетінің редакторының орынбасары, майор Аймұратов. 30.10.1944, 29 январь».

Қажекеңе жеке солдаттар да, офицерлер де хат жазады. Олардың ішінде төрт орденді аға лейтенант Қазанбеков, бес орденді лейтенант Сапарғалиев, үш орденді лейтенант Мамашев, жауынгерлер Серікбай Сейфуллин, Тәжібай Бөрәлиев, Досай Сағиев, Қақи Қесенов, Қадірбергенов, т.б. бар.

Ұзамай 1945-жылдың 9 майында неміс фашистері тізе бүкті. Қызыл әскерлердің мерейі үстем болды. Август айында біздің әскер жапон самурайларын да табанға салып, талқандап шықты. Осы қуаныш пен жеңіске Қажымұқан да ортақ еді. Соғыс аяқталар кезде 1945-жылдың март айында майдан әскерлері палуанға адам жұмсап, мынадай алғыс айтқан:


НКО

Войнская часть, полевая почта.

15.ІІІ.46. г.15 0.

Колхознику т. Хаджи-Мукану!

Сообщает Вам, что подаренный Вами в дни Великой Отечественной войны самолет ПО – 2 был вручен летчику-казаху, мл.лейтенанту Шалабаеву Кажытаю, на котором он храбро сражался за нашу социалистическую Родину, за что удостоен правительственной награды – ордена «Отечественной Войны ІІ степени». В настоящее время т.Шалабаев К. по состоянию здоровья демобилизируется из рядов Красной Армии.

Самолет находится в исправном состоянии и передан лучшему летчику части. Желаем Вам, т.Хаджи-Мукан, успехов в труде на благо нашей многонациональной Родины и Вашей личной жизни.

Командир в.ч., полевая почта – Ключников, зам. комондира Муша.

1946-жылы ұшқыш Қ.Шалабаев еліне бара жатқан жолында Қажымұқанның ауылына соғып, әскер бөлімінің алғысын жеткізеді. Оны «Ақтөбе» колхозы жақсы қарсы алған.

Қажымұқанның Ұлы Отан соғысы күндеріндегі қызметінің бір көрінісі осы тұрғыда болған еді.
* * *

Қажекең өзінің паспортына әкесінің атын қоймайтын, тек қана «Хаджи-Мухан» дей салатын. 1926-жылы алынған, әбден тозығы жеткен паспортын орамалға түйіп жүретін. Оны мен сол сапарымда жаңартып бердім. Аудандық милиция бастығы қазақшаға жетік, ашаң жүзді татар жігіті екен. Ол палуанға қарап:

- Аға, мына паспортыңызда әкеңіздің аты жоқ екен, соны айтып жіберсеңіз, - деді.

Сонда Қажекең:

- Шырағым, дүниеде екі адамда фамилия болмайды: оның бірі – Құдай, екіншісі – молда. Құдайдың әкесін сұрап жатқан ешкім жоқ, менің де аты-жөнімді «Хаджи-Мухан» дей салсаң, ешкім шатаспайды, - деп еді, жұрт ду күлді.

Сол жерде милиция бастығы соғыс жылдары Темір сыртына орналасып алып, қыс бойы колхоздың малын құртқан сығандарды палуанның қалай қуғанын айтып берді. Милицияның «Көшіңдер!» деген сөзін құлаққа ілмеген соң, олар Қажекеңе келіп: «Әйтеуір, жазым қылмай, мына жерден қуып беріңіз», - дейді. Таңертең арбасына мініп, Қажекең сығандар тобырына барса, бірнеше мосыда ет асулы тұр екен. Палуан бір шетінен кіріп, мосыларды теуіп құлата береді. Қылыштай қатқан ұзын бойлы 12 еркегі бар екен, солар батырға дәп қылады. Жақын келгендерін бір-біріне соғып құлата берген соң, әлгілер іркіліп қалады. Содан ұзамай бәрі де көшіп кетеді. Сөйтсе, олар Қажекеңді адам жейтін дәу деп атапты.

Осы тұста жергілікті орындардың бір ақылды ісі болды. Олар Қажекеңнің атынан облысқа хат жаздырып, Арыс-Түркістан каналын қаздыру мәселесін қойды. Оны мен Дәуленов пен Уәлиевке жеткіздім. Ылғи Қаратауды кенерлеп отыратын осы канал кейінірек қазылған еді.

Қажекең өте қазақы, мейілінше табиғи адам болатын. Біреуге сеніп қалса, оған шық жуытпайды. Бір рет өтірігін білген адамға қайтып сенбейді. Батырларға тән аңғалдық та бар. Көңілді отырған кезінде жастық шағынан естелік айтып, серпіліп қалатыны да бар. Қуаныш-жұбанышы бірдей, ақжарқын, ашуы кем адам еді. Иман Жүсіп ағамыз сөйлегенде «ана-балаға, бала-анаға», «ерсіз елдің күні жоқ, елсіз ерден күні жоқ» деп жебелеп сөйлеуші еді. Сондай билер сөзіне жақын сөйлеу үлгісін мен Қажекеңнен де көрдім. Осындай адамның дауысын, сөйлеу үлгісін лентаға жазып та алмаппыз.

Қажымұқанның палуандығы, оның қазақ, Ресей халықтары үшін атқарған ерлік істері назардан тыс қалған жоқ. Патша тұсында алған түрлі сыйлықтары мен «Дала батыры» /1927-ж./ деген атағын айтпағанда, 1945-жылы Қазақстанның 25 жылдық мерекесі қарсаңында «Құрмет белгісі» /85755/ орденімен наградталды. Палуанның қолында осы жөніндегі Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің секретары Языков пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Дәуленовтердің құттықтаулары бар екен.

1960-жылы Қызылорда қаласына Москва циркі келіп, ондағы Николаев деген палуан өзін Қажымұқанның баласымын деп жариялағанда, шал-шабандар отыз күндей цирктің алдын бермеді. Бұл қазақ халқының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовқа деген құрмет, үлкен ілтипат болатын.



Қазбек СҮЛЕЙМЕНОВ

ПАЛУАННЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
Ел сүйіспеншілігіне бөленген ардагер азамат, қазақ халқының ұлы перзенттерінің бірі, аты спорт тарихына алтын әріптермен жазылған Қажымұқан Мұңайтпасовпен бірнеше рет кездескен едім. Соған орай палуанмен бірге болған кездерімді өскелең жастарға әңгімелеп беруді парыз санадық.

Біз Қажымұқанмен 1923 жылдың күзінде Ақмола қаласында таныстық. Сол жылы ол Ақмола маңындағы туған ауылына келіп қайтты. Бұл сапарында палуан ешкіммен күрескен жоқ, қаланың Халық үйінде спорттық ойындар ғана көрсетті. Оның көрсеткен номерлері мыналар: күйдірген 4 кірпішті төбесіне қойып, 15 килограмдық балғамен ұрып сындыртады. Ауырлығы 2-3 центнер келетін кесек тасты шалқасынан жатып кеудесіне қойдырады да, 20 килограмдық балғамен ұрғызады. Қалыңдығы 2 сантиметр арбаның жалпақ шен темірін білегіне білезік етіп орайды. Жуандығы таяқтай жұмыр темірді беліне белбеу етіп байлайды. Арбаға белдік жасайтын жуан-дығы сырғауылдай, ұзындығы 7-8 метр темірді иығына қойып, екі жағына он-оннан адам асылтады да, жуан белдікті доғадай иеді. Төрт доңғалақты арбаға 25 адам отырғызып, жетегіне жуан қайыс тағады да, тісімен сүйрейді. Екі атан түйені ортаға әкеліп, потромка қайысты екі білегіне іледі де, қолын айқастырып алып, қамшымен шықпырта екі түйені екі жаққа тартқызады. Қалың тақтайдың астында жатып үстінен автомашина жүргізеді. Ол бұдан басқа да бірнеше спорттық өнерлер көрсетті.

Бұдан кейін Қажымұқанның Омбы, Петропавл, Семей, Орынбор циркінде французша күресін көрдік. 1933 жылы Қарағанды облысының «Ленин туы» газетінде істеп жүрген кезімде Қажекеңмен Петропавл қаласында тағы кездесіп, Қалжан Тұңғышбаев үшеуіміз суретке түстік. Сол жылы Қажекең 62 жаста еді. Петропавл циркінде айлар бойы өткізілген күреске қатысып, осынша жасқа келсе де, атақты Михаил Боров, Лавреневтермен күресіп жүрді.

- Әттең буыным, әйтпесе күш қайтқан жоқ. Баяғы қалпында, - дейтін еді Қажекең.

Бұл жолы батырмен жиі көрісіп, Ямская кешесіндегі пәтеріне барып, көп жайттерді ауызша сұрап, блокнотқа жазып алдық. Одан бұрын да губерниялық газеттерде ол туралы көптеген мақалалар жазылып, суреттері 1925-1926 жылдары губерниялық «Бостандық туы» газетіне басылып тұрды. Сондай суреттің бірі М.Тәнекеев жолдастың ертеде шыққан грузия журналдарының бірінен алып жарияланған суреті – 1923-1924 жылдары фотооткрытқа болып сатылған еді. Соны 1924 жылы Ақмола қаласында болған адвокат Төлебай Нұралиннің үйінен көріп, қолқалап сұрап алып едім. Бірақ ол сурет сақталмады.

Қажекең 1941 жылы июнь айында Алматыға келді. «Лениншіл жас» газетінің редакциясында болды. Оның қызметкерлерімен бірге суретке түсті.

Қажымұқан 1948 жылы қайтыс болды. Ол туралы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланды.

Енді Қажекеңнің өзінің айтуына сай және газеттерде бұрын жарияланған материалдар негізінде батырдың халықаралық күрес аренасына шығуы жайлы кейбір мәліметтерді қысқаша айта кетуді мақұл көрдік.

Ақмола уезіндегі кедей шаруаның баласы Мұқан ер жеткенше ауылдағы байлардың малшысы болады. Есейе келе Ақмола саудагері Козулин Степанға жалданады. Бір күні қожайын пар ат жегіп береді де, Мұқанды Есіл өзенінің арғы жағындағы қасапханада сойылған қой етін әкелуге жұмсайды. 20 қойдың етін шанаға тиеп, аяқ асты көрінбейтін түтеп тұрған боранда қалаға қайтады. Қалың қарға оппалаған аттар шананы жылжыта алмайды. Мұқан аттарды жегуінен босатып, қамшымен шықпыртып қоя береді де, жарты тонна ет тиеген шананы жаяу сүйретіп келеді. Мұны көрген қожайын қатты таңырқайды. Көп ұзамай Козулиннің Қызылжардағы (Петропавл) таныс саудагері Масляков келеді. Әңгімелесіп отырып, оған Мұқанның жайын айтады. Ол мұны естіп қызығады да, жүк тиеуге таптырмайтын жұмысшыны қожайыннан сұрап алады. Мұқан енді Масляковтың жүкшісі боп Қызылжарға келеді.

Жылда қалаға таяу жердегі Тайынша жәрмеңкесіне (оны, Сентябрь базары деп атаған) сауда-саттық жасау үшін Масляков та барады екен. Бірде саудагер Мұқанды да ала барған. Жәрмеңкеге Қазан мен Уфадан, Самара мен Макаржадан келген алып-сатарлар үйірлеп жылқы сатып алады. Әдетте жыл-қының кәрі-жасын айыру үшін тісін ашып көреді. Ірі байлардың біреуі жәрмеңкеге құрық тимеген шу асауларды әкеліпті. Алыпсатар асауларды ұстап көрсетуді талап еткен. Көп жылқының ішінен құла қасқа қашағанды ешкім ұстай алмапты.

Анадай жерде тұрған Мұқан бұлардың қасына келіпті де: «Атыңды маған бер, қазір ұстап берейін» - депті. Ол қолына құрық алмастан атқа міне сала асауды бастырмалата қуып жетіп, құйрығынан алыпты да, шалқая тартып қоя беріпті. Ат омақаса құлағанда Мұқан қарғып түсіп, бір қолымен асаудың жалынан, екінші қолымен құлағынан басып, тыпыр еткізбей тұрыпты. Саудагер мұның күшіне таңырқап, менің жылқышым бол деп жабысады. Жүк тасығаннан ат үстінде жүргенім дұрыс болар деп, Мұқан Масляковтан рұқсат сұрайды да, татар саудагері Сабырға еріп кете барады.

Сөйтіп Мұқан жаңа қожайынның сенімді жылқышысы болады. Қыс өтіп көктем келеді. Жазға салым татардың дәстүрлі «Сабан тойы» болады. Жиналған жұрт думандатып, ойын-сауығын өткізіп жатады, бірде палуан күресіне де кезек келеді. Кесек денелі еңгезердей біреу жиналған жұрт ортасында малдас құрып отырады. Онымен күресуге ешкім шықпайды. Мұқанның қожайыны жылқышысына қарап: «Осы палуанмен сен күрессең қайтеді, күші асса жығыларсың, әйтпесе жығарсың» - дейді. Мұқан келіседі.

- Мұнда күресетін кісі бар, - деп айқайлайды Мұқанның қожайыны. Екі шекесі торсықтай, зор денелі Мұқан палуанның қасына келеді. Олар бірден ұстаса кетеді. Алғашқыда татар палуаны бейтаныс қара торы жігітті өзіне қарай тартып үйіруге тырысады. Бірақ қарсыласы оған иліге қоймайды. Палуан бетіне бір қарап қойып, қимылға кіріседі. Билеп әкету қиынға соғады. Олай дөңгелетіп, бұлай дөңгелетіп болмаған соң, жата тастауға әрекет жасайды. Осы кезде Мұқан алпамсадай зор денелі палуанды іштен шалып, топ еткізеді. Жұрт у-шу. Мұның күшіне сүйсінген татар палуаны тұра сала Мұқанға күрес аренасына шығуы керектігін, өзінің көмектесуге даяр екендігін айтады. Ақырында Мұқан соның көмегімен Петербургтағы французша күрестің курсына келіп түседі. Күрес әдісін үйрене жүріп, спортпен шұғылданады. Бір жылдан кейін цирк аренасына шығуға жолдама алады.

- Бұл кез менің күреске тоймайтын, күреспесем, жықпасам тағат тауып отыра алмайтын кезім болатын, - дейтін еді Қажекең.

Осыдан кейін Россияның ірі қалаларын, Балтық жағалауындағы елдерді екі-үш жыл бойы аралап, Киев қаласында болған жойқын күресте (бұл - өз сөзі) жер жүзінен жиналған күшті палуандарды шетінен жығып, французша күрестің бүкіл дүние жүзілік чемпионы деген атақ алады. Осыдан кейін Мұқан шетелдерге шығып, талай рет жүлделі бәйгелер алып жүреді. Сөйтіп ғаламат күші арқылы дүние жүзіне қазақ халқының және Россияның даңқын шығарады.

Айта кетерлік жағдай, Қажекең сол күрестердің қай жылда болғанын, өзі күрескен палуандардың фамилиясын есінде сақтамаған. Тек ірі чемпиондарды ғана шамамен айтатын. Оның өзін де бұзып айтатын. Мысалы Петербургты Петрампор, Поддубныйды - Подобный дейтін.

Ол 1904-1905 жылдары Харбин қаласында болған джиу-джитсу күресінде Жапонияның чемпионы Саракикиді (оны өзі Саркин дейтін) жеңген. 1906 жылы Германия астанасы Берлин қаласында Европа чемпионы, неміс палуаны Тон Кеннедиді жығып, Европада бірінші орын алған. 1910 жылы Берлинде дүние жүзінің чемпионы Ганс Каунды жығып, тағы да дүние жүзінің чемпионы атанған. 1913-1916 жылдарда Париж қаласында дүние жүзінің чемпионы Стурментті жеңген.

Өзінің айтуы бойынша, ол төрт рет дүние жүзінің және Европаның чемпионы атанған, 59 шет мемлекетте болып, 48 медаль алған. 1933 жылы Қажекеңе: «Медальдарыңызды тағып келіңіз, суретке түсірейік» - дегенде, бізге:

- Медальдің алтыны мен күмісін азық-түліктің тапшы жылдарында Омбының «Торгсиніне» апарып ұнға айырбастадым. Ал қолаларын ауылға тастап кеттім. Қартайғанда темірді саудыратып жүру не керек деп ойлап едім. Енді оны қолға түсіру қиын, балалар, - деді.

Өзі жөнінде әңгімелегенде Қажекең былай дейтін еді:

- Менің болашағыма жол ашып, адам қатарына қосылуыма, атақты палуан болуыма көмектескен - татар ағайындар, ал күш қайтып қартайған кезімде қол ұшын берген - өзбек ағайындар.

Ол шетелдерді аралап жүрген кезінде Иван Поддубный, Иван Шемякин, Иван Заикин, Миша Боров тәрізді орыстың атақты палуандарымен дос болған. Әсіресе И.Поддубныйды аузынан тастамайтын еді. Ол Поддубный маска киіп күресіп жүргенде Парижда кездескен екен. Қажекең оның қай елдікі екенін білмепті. Маскалы палуан күреске шыққанда фамилиясы айтылмайды, тек маскасының түрі ғана айтылады. Екеуі алғашқыда жығыса алмаған. Ең соңында Қажекең қаттырақ қимылдап, күш асыруға айналған кезде, Иван Поддубный ақырын ғана: «Потише» - депті. Сол арада оның орыс екенін біліп, Қажекең бәсең қимылдап, тағы да теңбе-тең түскен.

Киінуге келгенде Қажекең Иванның қасына келіп: «Сен Россиянікі екендігіңді маған неге бұрын айтпадың», - деп құшақтапты.

- Содан кейін жанқияр дос болып кеттік, - дейтін еді Қажекең.

Қажымұқанның абыройы өсіп, атағы бүкіл елге жайылған дәуірі Совет өкіметі тұсында ғана. Өмірінің ақырғы күніне дейін бар күшін спортқа жұмсаған ұлы палуан еңбегін үкіметіміз бен партиямыз жоғары бағалады. 1927 жылы Орынборда өткізілген ірі чемпионатта зор табысқа жеткені үшін Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитеті Қажымұқан Мұңайтпасовқа «Қазақ даласының батыры» деген құрметті атақ берді. Ал 1945 жылы ол «Құрмет белгісі» орденімен наградталды.

Сәуірбек БАҚБЕРГЕНОВ

САМОЛЕТ ҚАНША ТҰРАДЫ?
І
Туған жердің ауасы дәру, желі шипа. Шаршасаң аңсарың солай қарай ауады. Шалыққан жүректі емдеп, қамыққан көңілдің жайын табады. Ол өзінің туған жеріне келіп тыныш тапқалы талай күндер мен түндер өткен.

Сарытерек – оның кіндік кесіп, алғаш жейдесін тоздырған жер. Ол осында ес білген, етек жапқан. Жалшылықпен өткен жастықтың талай-талай белгісіз күндерін ол осында ұзатқан.

Есілден жүректі қытықтайтын қоңыр салқын жел еседі. Дала ауасы оның кең кеудесін шипалы дәруге толтыратындай ертелі-кеш Есіл бойын кезіп, Тасмолаға дейін барып қайтады. Кейінгі кезде ауырлап кеткен денені көтеріп жүре беру де қиын. Көбінесе, жамбастай жатып өткен жолдарын шолады. Ие, ол көптен бері, бұл өңірден жырақ кетіп, қайта оралғалы, өзі өз болып, ұзақ тыныққаны, байыз тапқаны да осы болар. Сонау жылдары жастық жалын отының қызуы мен бой кернеген күш, мұның қайратына сүйсінген достан оны бұрын естімеген шалғай-шалғай алысқа алып кеткен. Кеше ғана басталып бүгін біткен сапардай көрінетін жылдарда барған жердің, басқан таудың қисабы жоқ. Бәрі де кеше өткендей болса да көбі ұмыт болған. Есте қалғаны одан да мол. Бірақ ол қайткенде де өткенді еске алып, жаситын жан емес.

Алда да талай күн бар. Ертең оралар жыл тұр. Егде тарта бастаған әрбір адамнын өмірін төрт кезеңге бөлсек, оны жыл мезгілдеріне баласа қандай болып шығар еді? Көктемді - жастық, жазды - жігіттік, күзді - сақалық, қысты - қарттық дер еді. Рас, көктем мен жаз өткен. Күн нұрынан қуат алған жасыл жапырақтарды сарғайтып күз жеткен. Оның да ортасы ауып, қытымыр қысқа қарай бет бұрған шағы. Мұның өз ойынша күздің де күзі бар. Сарғая бастаған жапырақ ағаш тамырынан нәр сорып, шырын жұтып, алғашқы аяз соққанша алтындай жарқырап көп тұрады. Бұған қоса қайта бастаған күннің жылуы ащы, шақар келеді. Ол арқаны қыздырады, денеге жылы-тәтті қуат кұяды. Сарғая бастаған жасыл жапырақ ағаш бұтағынан бірден ұшып түспейді. Ол алтындай сарғыш тартып көзді алады, көңілді әлдилейді. Жел соқса желкілдейді, сылдыр-сылдыр сұлу үн қатып, әндетеді. Заржақ, безбе саз емес, баяу шайқалып, бапты сабырмен, әсем бір әдепті сазбен сыбдырлайды. Күздің аты күз делік. Жерге қарай тамыр жіберген өсімдік біткеннің толыса-толыса келіп тоқтаған кезі. Адам да сондай, кемеліне жетеді, толысады, тоқтайды, ақыры өз кенересіне жетеді де, жағаға ат басын тірейді. Ат белдеуге байланғанымен оның ауыздығы алынбайтын, ер-тұрманды сыпырмайтын кездер көп болады. Төс тартпа мен шап айыл босаң болғанмен, шабыста жараған кәрі тарланның талайы-ақ қазықта қаңтарулы қалпында, желіде қалады. Әлгі айтқан жапырақтың да жапырағы бар. Діңгегі нәрлі кейбір ағаштың кейбір жапырағы қатал қысқа төтеп береді. Сөйтіп келер көктемге жетеді, сол жерден жаңа бүртік көрінгенде бір-ақ түседі. Мұның нақ осындай шағы еді.

Күн жұма болатын. Ол тыныстап жатқан. - Әй, Мұқан, ей, Мұқанжан! - деген таныс дауыс, ес білгеннен есінде қалған, тұңғыш естіген даусы, әке даусы естіледі.

Ол көзін ашпады. Дауысты қайта күткен.

- Мұқан, Мұқанжан! - деп қайталады. Қате естімеген. Сол дауыс. Кәдімгі өз әкесінің, жас күнде көп-көп естіген, жүрекке жылы, бойды шымырлататын жұмсақ, әкелік мейірге толы қоңыр, күмбірлі үн екен. Құдай-ау, бұл дауысты естімегелі қанша уақыт өтіп еді. Бірақ жұрағат жүрегін бірден-ақ шымырлатып жіберген. Артынша, енді бір сәтте оның жүрегі таяз судағы ойнаған бала шабақтай бір-екі мәрте оршып-оршып түскен. «Ие, көке, қайдан келдің? Маған бірдеңе айтқың келе ме? Ал құлағым сенде» дегендей шалқалай жатқан қалпынан оң жамбасына қарай төңкеріле аунап түскен. Әлгі бір таныс үнді қайтадан естуге аңсары ауып, өзін бала санағандай, дауысты күтті. Көкесі көп күттірген жоқ. Бірақ бұл жолы құлағына сыбырлағандай болып жайлап сөйледі:

- Мұқан, Мұқанжан! Мен саған келдім. Әдейі келдім. Маған сенің бұл жатысың ұнамайды. Бұл не? Не жатыс? Сен жатпа! Тұр. Сен жататын уақыт емес. Ерте жатыпсың. Бетіңді жу, беліңді бу. Алдыңда әлі шығатын күн, туатын ай бар. Сен көрмеген, сен сүймеген жұрат күтіп тұр. Перзент сүйесің. Жататын шақ емес, сені жүретін жол күтіп тұр. Жатып көрген жан азабынан, жүріп көрген жол азабын шеге бер. Есіңде ме, сенің мен қойған, жерге шыр етіп түскенсін, үш тәуліктен соң құлағыңа үш рет айқайлап қойған атым Қажымұқан емес. Мұқан болатын. Әйгілі палуандардың жауырынын жерге тигізген күшіңе риза болған халық Қажымұқан деп атамады ма? Екінші, әнші Әміре Қашаубай баласымен бірге Парижде болғанда кімнің үйінде қонақта болдың? Есіңе түсір. Тағы не дейін? Не, айтпақшы, анау, сені «палуанымыз» деп майпаздап өлең жазған кестелі тақиялы, сұлу мұрт ақынның беті теріс қарап кеткен. Ол да саған жақсы емес. Сен жатпа, қоныс аудар. Жол азабын көр, бауырың жазылар. Жүре бер, жөргем ілінер. Ал тұр да, жолға шық!

Әке қоштаспады. Бұл көзін ашпады. Қолымен қарманды. Бұл не деп ойлап та үлгірмеген. Қапсағай бойлы қара шал көзден ғайып боп кеткендей маңында жоқ екен. Жаңа ғана құлағына қамқоршы боп сыбырлаған көкесі Мұңайтпас шал қайда, қайда кетті? Бұл өзі не? Өңі ме еді, әлде түсі ме еді? Мұны ол ұққан жоқ, ойлап та жатпады. Бала кезіндегі әке сөзіне көнбістігімен тез тұрды. Асыға киінді. Ақ кайың тақтайдан жасалған, сырты сырланбаған чемоданын алды да, жолға шықты. Қайда барарын болжарлап та жатпады.

Жол, әке айтқан жол, ұзақ жол болды. Ол Қараөткел мен Қызылжарда, одан Омбыда біраз боп, Семейге тартты. «Жол болсын» айтқандардың өзіне дұрысын айтпай, Орынбор кеттім деген.

Ертіс үстінде, ағысқа қарсы жүзген кемемен көп жүрді. Толқында ойға ой қосылды. Кемеден түсіп поезға отырды. Алматыға аялдаған жоқ. «Көрген жерде ауыл бар» дегендей Түркістаннан бір-ақ шыққан.

Ердің ел-жұрты көп. Қаратаудың күнгей бетінен өзіне жайлы орын тапты. Тізесі сыздайтын, суықтан болған сырқаты бар еді. Жылы, құрғақ жерге келгесін онысы азая бастаған.

- Керімсалды аптап жел, құрғақ ауа, ып-ыстық құмды топырақ бойымдағы сырқаттың емі болды! - деп ол бәйбішесіне жиі айтатын. Онысы қоныс аудару себебінің бірін айтқандағысы еді.
ІІ
Соғыс - өмір мен өлім шайқасының жүріп жатқанына үшінші жыл. «Ер жігіттің етігімен су кешіп, арғымақтың ауыздықпен су ішкен» шағы. Көктемнің өзек талдырар ұзақ уақыты. Арық-тұрақтың жілік майы үзілер қиын да қиқулы кез. Батуға айналған тарғыл күн төңкерген қазандай боп, бірде қарауытып, бірде бозалаң тартып, артынша қызара бөртіп өзен сағасындағы заңғар биік таудай төбеге иек сүйеді. Өзен бойындағы сәмбі талдардың сарғая бастаған жапырақтары мен қоғаның үлпілдек желектері алтын мен күмістей жалтылдап сала берген.

Мына тұрған биік тау да, тас та емес, кезінде адам қолының құдіретімен жасалған, ескі заманның осы өңірдегі көп белгілерінің бірі. Аумағы ат шаптырым келетін аса зор төбе. Кезінде Отырар, Қараспан тәрізді көне қалалардың өзімен тетелес те іргелес тұрып, солармен сәулет те, дәулет те таластырған үлкен кент болған. Әлгі қалалардың көптеген серіктерінің бірі екен. Отырардан небәрі жиырма-отыз шақырым жерде тұрған бұл қаланы бағы заманда Көксарай, әлде Бұрындық деп атаса керек. Ал қазір алыстан қарағанда тосын көзге шағылдай аппақ, төңкерілген ақ шатырдай боп тұрғансын осы жердің тұрғындары Ақтөбе дейді. Қасына жақын кеп, басына өрмелей бастағанда күл тәрізді күлгін, тарғыл-тарғыл бурыл болғансын Күлтөбе деп те атайды. Төбені айналып, жыландай ирелеңдеп, кең арналы Шілік өзені ағады. Осы Шілікке Бөген, Балабөген, Шаян өзендері құяды. Ертеде Шіліктің үлкен өзен болғаны, қасында қиқулап құс қонған зор көлі жатқаны аңғарлы биік жарларынан, кең арнадан, о шеті мен бұ шетіне көз талып жететін ойпаңынан көрінеді.

Осы күлтөбенің түбінде, шілік өзенінің сағасында ескі қаланың үйіндісіне жақын жерде сол сұрапыл соғыс жылдарында шағын ғана жұпыны ауыл отыратын. Бас-аяғы отыз шақты үйден тұратын жүдеу ауылдың ақсақалы, бас көтерері қарт адам, кәдімгі Қажымұқан. Сонау кезде арғымақ мініп, атан жетелеген палуан бұл кезде шау тартып, жерге тимеген жауырынын жастыққа сүйеген. Басқа-басқа, дүниеде уақытпен ойнау қиын. Кезінде қайрат-жігер, күш-қуат мұқалмай тұрған шағында дүние кезіп, күш өнерін көп көрсеткен адамның жеткен жері, тұрақтаған орыны осы еді. Ол бармаған ел, ол баспаған жер бар ма еді? Боз бала, жігіт шағында, кемеліне келіп, атағы шыққан палуан атанған кезде байтақ елін, туған жерін Москвадан бастап түгел шарлап өтті емес пе? Оның ақ кайыңнан жасалған үлкен боз чемоданының сыртында Киев, Рига, Қазан, Кишинев! Омбы, Семей, Қараөткел, Кереку, Қояндыдан басылған сансыз мөр-таңбалар болатын. Париж бен Стамбулдан, Харбин мен Варшавадан соғылған мөрлер чемоданда ғана емес, оның өз кеудесіне басылған мөрдей боп есте қалған. Сөйтіп, көп елдің сахнасында күш өнерін көрсетіп сайысқа, күреске түскен палуан дүрілдей-дүрілдей келіп, ұлғайған шағында небәрі отыз үйдің ақсақалы, сыйлы қонағы, құрметті адамы ғана боп отырған.

Иә, мезгіл, уақыт деген мықтыдан мықты, күштіден күшті екен. Ол марғау тартқан. Аяғына жем түскен кәрі тарландай білектен күш, бойдан қуат, жүректен жалын қайта бастаған. Бұған қосылған тағы бір ауыр жүк бар. Өз елін сүйген ерді мұңайтар жүректе шер жатыр. Ол соғыс. Отанын, халқын сүйген ерге бұл ауыр сын. Байтақ өңірді аралай жүріп, дәм-тұзын көп татқан қайран жерді өрт шалып, от басып жатыр. Ол осы Отанның, осы елдің, осы жердің намысын қорғап, туын көтеріп талай-талай сайысқа түскен. Сонда ол белдескеннің белін иіп, тірескеннің тізесін бүктірген. Сол ел, сол Отан – мұны батырым, палуаным деп бауырына басқан, әлпештеген, арқасынан қаққан. Сол елдің басына ауыр күн туды, сол елдің бозбалалары, қыршын боздақтары майданда, от ішінде, өмір мен өлім шайқасында жүр. Бұл болса ауылда, шал-кемпірдің, бала-шағаның, қатын-қалаштың арасында бүк түсіп жатыр.

Кей-кейде ол бір сәт өзінің қарттығын ұмытып, жаным-ау, бұл не жатыс? - деп ойлайтын. - Бұл не? Мен осы елдің алды болмасам да, азаматы емес пе едім? Осы бір ауыр денеме қарамай, елім сахнадан сан рет алақанына салып, көтеріп алмап па еді?

Мұңайтпас шал көз алдына келіп, құлағына сыбырлағанда не деп еді. Ол жатпа деген. Жатып көрген азаптан, жүріп керген жөргем артық. Әрекетсіз өмір - бос. Құс ұшуға, адам еңбекке бола жаралған. Мұның еңбегі - күш өнерін көрсету еді. Көруші қошеметтеп қол соққанда өнеріне сүйсінген. Содан нәр, қуат алған. Соңынан келе жатқан соңғы, жас буынға үлгі-өнеге тастаған. Ал енді ше?

Ел жайын, өз ахуалын көз алдына келтіргенде, оның болаттай берік қабырғасы қайысатын, алып жүрегі шымырлап, қатты сыздайтын. Қайрат бар шақта әрқайсысы жиырма бес килодан келетін төрт гирді, жүз килоны кәдімгі футбол добынша аспанға лақтырып, оны жалма-жан қағып ап тұратын жұмыр білегі дірілдеп кететін. Ол ол ма, шалқасынан жатып үстінен бір жарым тонналық машинаны өткізгенде, қайыспаған қабырғасы бүгінде кәдімгідей қайысатын. Темір жол рельсін иығына салып, оған үш-үштен алты жігітті отырғызып, сахнада шыр көбелек айналдыратын түп-тұтас жауырын бұл күнде неден сыздайды? Небір алып атанған палуандармен белдескенде, кеуде қағысып, тіресе бастағанда дірілдемейтін зор жүрек енді су құйған бөшкедегі шабақ тәрізді неменеден тулайды?

Ет жүректің елжіреп, шымырлайтын кезі көбейе берген. Мұндайда ол шынымен күз кетіп, қыс кеп қалды ма? - деп те ойлайтын.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет