Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»



бет5/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34

ІІІ
Бүгін тым мазасыз. Онысын әйеліне сездіргісі келмей қобалжып, көп отырды. Бірақ Қажекеңнің хал-күйін қас-қабағына қарап білуге машықтанған әйел оған қайта-қайта үнсіз қарап қойды. «Кәрі тарлан неден тыпыршып отыр?»

«Бәрібір менің жайымды, мынау әйел сезді ғой» - деп иығынан төмен түскен түйе жүн күпісін екі бүктеп шынтағының астына басты.

Мұндайда ол мұғал да жұмыр жуан саусақтары жыбырлап, күректей екі қолын қайда жасырарын білмегендей, күйбектеп, жан-жағын сипалап, қармана беретін. Оның қолына Қаратаудың ұшқатынан жасаған кішкене сұр домбырасы түсетін. Күй емес, қоңыраулата әдемі саз тартатын. Кейде оған өзі қосылып, үңгірден шыққан қалыс дауыстай, күмбірлеген қоңыр үнімен ән салатын. Қазірде сол әдетінше басқа келген ауыр ойды өзіне онша үйір еткісі келмей, ауыл шебері қолдан жасаған қысқа мойын, мұғал домбырасын алып, сазға салды. Артынша оған даусын қосып:

Бір тас бар Қояндыда палуан тас,

Жасымда жыл он екі ай болдым мұңдас.

Сол тастай жұртта қалған, мен жатырмын,

Қайран күш, бір кеткенсін қайта қонбас.

«Сол тастай жұртта қалған мен жатырмын» - деп, өлеңнің соңғы екі жолын қайталап айтты. Енді қалғанын есіне түсіре алмай отырғандай, ішінен сөйлеп, көмейден күмбірлеп біраз отырды. Әлден уақта «Қайран күш» деп қайта бастады. Даусын созып, мұңды етіп айтты.

Қайран күш бір кеткесін қайта қонбас,

Қанша жыл болсадағы жақсы жолдас.

Туған жер - алтын бесік, ата мекен.

Сүймеген елін-жұртын жігіт оңбас.

Әнді сөзімен екі-үш рет қайталады. Бұдан өзге айтары да аз еді. Бірақ осы бір шумақ өлең оның есіне өткен шақтың көңілге көп оралатын бір оқиғасын түсірген. Қай жылы еді? Есінде жоқ. Қоянды жәрмеңкесі. Онда көлге қонған ақ шағаладай шаңқан боз үйлер, жайылған жылқыдай дөңкиген қой тастар көз алдынан тізіліп, көшкен елдей шұбалып етті. Жұмыртқадай ақ отау, оның ішінде қолына сырлы сырнайын ұстап келбетті ақ келіншек Майра отыр. Палуан сол отауға еніп бара жатқан. Майра оны жайдары да ашық, күмістей сылдыраған әдемі әзіл күлкісімен қарсы алды.

- Қажеке, мынау үйдің орны шаң боп кетті. Анау бір қойтас жатқан жерге қайта тіксем деп едім.

- Дәл сол тас жатқан жерге ме?

Келіншек «ие» дегендей сықылықтай күлді. Жүрек дірілдетер сиқырлы күлкі. Осы күлкі есінде мәңгі қалып еді-ау!

- Пиғылыңды ұғамын, Майра. Елден бұрын, алдымен өзің сынап алайын деп отырсың ғой. Сына, сынайтын шағың! - деді де Қажымұқан сыртқа қайта шығып, білекті сыбанды да, бұрын талай-талай жігіт жеке де, көп те боп орнынан қозғай алмай қойған, шөккен бурадай жап-жалпақ, дөп-дөңгелек тасты екі-үш рет деңгелетіп, аударып-аударып тастады. Бірақ бұл күні Майра ол жерге үй тікпеген. Неге тікпедің деп сұраған бұл жоқ.

Кешкі ойыннан, күрестен, ұзақ отырыстан соң Қажекең шаршап ұйықтады. Сәскеде тұрса, түнде жатқан отауда емес, далада жатыр екен. Отау жанында Майра тұр. Ол тағы да күлді. Құбыла, жарқылдай тұрып, әзілмен айтты:

- Палуан, ұйқың қатты екен. Ауылдың көшіп кеткенін де білмедің, - деген. - Дәудің ұйқысы да дәу. Отауға кел! Шай іш!

Отау кешегі қойтас жатқан жерге тігілген екен. Майра мықты жігіттерді әкеліп, Қажекең жатқан үйді іргеден тұтас көтеріп, басқа жерге қойған да, палуанды далада қалдырған. Кейін осы қойтастың үстіне киіз төсетіп, кейде Қажекең дем алатын. Ұзақ отыратын. Сол жылы осы жәрмеңкедегі ат тағалап, арба деңгелегін темірлейтін ұста Тойтан әлгі тасқа Қажекең қолының таңбасын ойып қалдырды. Арбиған бес саусақ тасқа түскен. Содан бастап Майра отауын тіккенде Қажекең деңгелетіп тастаған әлгі қойтас «Палуан тас» атанған...

Мынау өлең содан тараған. Кейін шыққан. Қазір қиналып отырғанда есіне түскен еді. Басы тәтті, жарастықты ой болғанмен, арты кермек, ащы боп кетті. Ол өзіне-өзі сауал қоя ойлады. «Әй, Қажымұқан, дүние кезген, атақ алған, даңқыңды оздырған Қажымұқан, сенің сол күндеріңнен не қалды? Жер бетінде калған ізің қайда? Әйелің мен балаларыңнан басқа тағы қандай белгің бар? Қоянды даласында қалған палуан тастай дөңкиіп, Шілік бойындағы жатысың мынау? Бұл қай жатыс?»
* * *

Сонау жас кезден қалған бір әдет бар. Ол ешкімнен сескенбейтін. Жауырыным жерге тиеді-ау деп ойламайтын. Оның қорқатыны өзі, өзінен-езі кәдімгідей қаймығады. Өзі болса Миша Боров пен Ян Цыганнан таза жеңіліп көрген жоқ. Заманының мықтылары сол екеуіндей-ақ болар. Сондай кездесуде қатты соқпайтын жүрек, өзінен-өзі: «Бұл не жатыс?» - деген кезде бүлкілдеп-ақ кеткен.

- Бұл не жатыс? - деп күбір еткен.

Қажекең өзгемен емес, өзімен-өзі бетпе-бет келгенде, қарсы берілген сауалдан тайғақтап, шыдай алмай, түрегеп кетті. Жайлап сыртқа беттеді. Күндегі әдетінше ауылдан ұзап Күлтөбенің басына қарай тартқан. Ол бұл биікке күнде бір-екі рет шығады. Төбеден ол Шілік бойында жайылып жүрген боз биесін қарайды. Қайда жүр, ит-құстан аман ба? Соған әбден көзін жеткізіп, ауылға қарай аяңдайды.

Боз бие Қажекеңнің жазда сауып, қымызын ішетін, күз бен қыста арбаға жегіп, онда-мұнда қатынайтын жалғыз лауы. Оны алыстан болса да көзінен таса кылмай, күнде бір-екі рет көреді. Кешке қарай қораға әкеп байлайды. Әлгі бір толқуды баса алмай Күлтөбе басында ол көп тұрды. Төңірек буалдыр, сағым екен. Қалың қамыс арасынан боз биенің жонын көрді. Одан алыста колхоздың көп малы, жұмыс көлігі жайылып жүр. Тау жотасына көзі жетпейді. Мұнарлы екен. Шамасы, Арыстанды-Қарабастың желі қайта соққалы тұр. Бір басталса бір жеті соғатын тентек жел бұған да таныс. Ет үйренген. Өмірдің одан да қатты желі бар. Сол соғып тұрған шақ емес пе бұл? Кешке қарай боз биені ауылға ала қайтуды ойлап төбеден төмен қарай жайлап түсе бастаған. Оның ауыр денесінен Күлтөбенің күлгін майда топырағы сусып, өзі оған сырғанап сүріне берген. Сонда ол «биікке көтерілу қандай қиын болса, одан қайта түсу де сондай ауыр екен-ау.

Даңққа жету мен күлкі боп қалудың арасы қарыс сүйем деген осы ма? Даңқ деген кейде байлық тәрізді, кейде қолдың кірі сынды. Жусаң кетеді. Ал азаматтық ше? Осыдан артық ештеңе жоқ. Мұнда мәңгілік бар. Мен азаматпын», - деп ойлады.

Ол сол азаматтығын тағы бір көрсетудің жолын іздеп, ойлы келе жатты. Боз биені жетектей үйіне келді. Алдынан бәйбішесі Мінәйім шығып, Қажекеңе көмектесіп, биені қораға байласты. Бәрібір палуан тынши алмаған. Түні бойы ауыр денесін олай-бұлай төңкеріп, дөңбекшіп шықты. Ерте тұрып жуынды, шай ішті. Далаға шықты да боз биені қорадан шығарып, арбаға әкеп байлады.

- Ал, Мінәйім, жолға әзірлен! Анау баланы, Айдарханды киіндір! Ала жүрелік. Ол менің қартайғанда көрген бойтұмарым ғой.

- Қайда барамыз, палуан? - деген әйелі.

- Жүргенге жөргем деген. Енді мен бүктүсіп, бұлайша жата алмаймын. Жатпа деген әкем. Тірлікте жатқан қиын. Әлі тірімін. Әрекетсіз - дүние бос. Ауданға барамыз. Сондағы жігіттермен ақылдасатын шаруа бар.

«Жақсы әйел - еркектің бағы» екені рас болса, оның ұлғая бастағанда көрген бағының бірі осы әйелі еді. Шайпау емес, салмақты, табиғатына біткен тұрақты мінезі бар. Әсіресе, азамат қадірін, ер бағасын білетін байсалды адам. Жасыратыны жоқ, сонау бір жылдары, осы жарына үйленбей тұрғанда «шабан ат, өтпес пышақ, шайпау қатын, үшеуі ер жігітті қар-тайтады» дегенді жиі айтатын Қажекең бұл күнде оны мүлде ұмытқан. Ел аузындағы сөз болса да, әр нәрсенің айтатын орны бар. Мінәйім өмірі Қажекеңнің, бетіне келіп көрмеген адам. Оның палуанға деген сый-кұрметінде шек жоқ. Ол алдымен баласын киіндірді. Сосын өзі киінді. Сыртта жегулі тұрған арбаға отырып, үшеуі аудан орталығына бет алды.

Бірден аудандық соғыс комиссариатының кеңсесі алдына тоқтады. Қажымұқан келіп, сыртқа тоқтағанын терезеден байқап қалған капитан Әлімов жүгіріп сыртқа шықты.

- О, Қажеке, жол болсын! Аман-сау жүрсіз бе?

- Міне, «жолы болар жігіттің жеңгесі шығар» алдынан дегенді осындайдан айтқан. Ал, балам, менің сенде үлкен шаруам бар. Мен жатудан шаршадым, жалықтым. Ел басына мынадай сұрапыл күн туғанда, батыр болмасам да, палуан деген, азамат деген атым бар, бұл жүрісім өзіме жараспады. Қысқасын айтсам, мені майданға, ұрысқа жібер, - деп келдім.

Капитан не дерін білмей, расы ма, ойыны ма дегендей Қажекеңе тіктеп қарады.

- Сонда, сіз майданға...

- Сен таңданба, балам! Расым осы, майданға барам.

- Сонда қалай, сіз соғыстағы жауынгерлерге қонақ боп, жай барғыңыз келе ме? Әлде қолыңызға қару ап, жауынгер боп барасыз ба?

- Балам-ау, қонақ болғаны несі? Мен қонақ болатын ел таба алмай, жұрт таба алмай жүр деймісің. Әрине, сарбаз боп, қару ұстап барам. Менің ата-бабамның салты бойынша азамат жамбастап жатып өлмейді. Ат үстінде, оның жалын құшып мерт болады. Мен қару алсам, оның несі ерсі?

Капитан тағы аңырып қалған. Артынша:

- Бұл болмайды, ақсақал. Бізде қай жастан қай жасқа дейін әскерге керектігі жайында нұсқау бар. Оны бұза алмаймыз. Сіздің жасыңыз оған келмейді.

- Не дейді, жаным-ау. Сақалы сапсиған, мен шамалас сарбаздар да жүрген шығар онда.

Капитан күліп жіберді.

- Неге күлесің, балам?

- Ақсақал, майданға кез-келген адамды жібере алмаймыз. Тәртіп солай!

- Солай ма? - деп Қажекең ойланып қалды. - Ал енді мен не істеуім керек? Осылай қол қусырып отыра берем бе? Мен де бір қолғабыс етіп, жеңіске үлес қосуым қажет емес пе?

- Сізден өнеге-үлгі алған, сөйтіп, күшті де қайратты боп өскен жас жігіттер майданда ерлік жасап, батырлық көрсетіп жүр. Сол сіздің қатысқаныңызбен бірдей, - деп капитан Әлімов шешіле сөйледі. - Мықты үлес сол, Қажеке, батырлық, ерлік өнеге.

Қажымұқан бір сәт үнсіз қалды да:

- Мұныңа да рақмет, мынауың жақсы лебіз. Бірақ өзім ше, өзім. Мен әлі қуаттымын. Жеке, өз үлесім болмай ма? - Ол шыбын қонған жырық-жырық құлағын зор алақанымен қағып-қағып қалды. – Сен білесің ғой, осы әлгі берденке қанша тұрады, кәдімгі ақшаға шақса...

- Винтовканы айтасыз ба? Ол көп болса екі мың.

- Арзан екен ғой, - деп Қажекең көңілі толмай қалды. - Ал анау әлгі алысқа ататын зеңбірек ше?

- Бес мыңдай болар.

- Бұл да қымбат емес. Анау бір жаудың басына жанған өрт боп түсетін Катюша деген қыз бар дейді ғой, ол ше?

- Ақсақал, оның бағасын білмедім. Жаңа шыққан қару.

- Оны білмесең, танк дегенің қанша тұрады?

- Танк болғанда қандай танк, бағасы маркасына қарай болады. Түрлі-түрлі ғой.

- Ең қымбаты!

- Жиырма-отыз мың болар.

- Мұның да онша қымбат емес екен. Меніңше, ең қымбаты, ең керегі майданға самолет болар-ау. Шыныңды айт, самолет қанша тұрады?

- Жүз мың, ақсақал.

- Мынауың келіп қалады екен. Дұрыс, балам. Кеңесіңе рақмет.

Капитан Әлімов аң-таң боп қала берді. Қажымұқан боз бие жеккен арбасына отырып, ауылға, Шілікке қарай беттеді. Жолай үн қатқан жоқ. Ауылға келіп, арбаны доғарды да дем алды. Кешегі ұйқысыз түннен соң, жол тауқыметінен кейін, іштегі сауалды ойына тиісті жауабын алғасын болар, бүгін жақсы ұйықтады. Таңертең көңілді тұрды. Сыртқа шығып, боз биені арбаға қайта жекті. Шай үстінде әйелі Мінәйіммен сырласты.

- Ал, Мінәйім, тыңдай бер.

- Құлағым сізде, палуан.

Бұл ерлі-зайыпты екеуінің сырласар алдындағы әдетті сөзі. Кілең осылай бастайды. Бір қызығы Мінәйім өмірі Қажекеңнің атын атап көрген емес. Кілең «палуан» дейді, «Сен» емес, «сіз» дейді. Осылайша екеуі сырласатын, мұңдасатын, бір-бірін әдеппен тыңдайтын. Сөзді бөлу, ортадан килігу деген болмайды. Қыздай сызылып тыңдайды, дұрысын мақұлдайды. Бұл әйелдің Қажекеңнен басқа сыйынар аруағы, табынар пірі, қасиетті адамы болмаған. Ер қадірін есті әйел біледі. Оның ойын қас-қабағынан ұғады. Ал Қажекең ше? Өзін үлкен ұлындай алақанына салып, құрмет көрсетіп отырған әйелдің жанын бұл да түсінген. Әдептілік адамның үлкен-кішілігіне қарамайды. Ағынан жарылған жүрек кәрі ме еді, жас па еді? Оны да таңдап жатпайды. Бұл ұғысудың, түсінісудің, сый мен құрметтің ісі.

- Мен бұдан да жаман кезді, талай-талай құқайды көп керген адаммын. Аштық та, жалаңаштық та бастан өткен. Бір кезде нан тапшы боп, күресте алған алтын, күміс медальдарымды қазынаның комиссиондық магазиніне өткізіп, нанға, ұнға талон алдым. Базарға сатқаным жоқ. Өзінен алдым, өзіне бердім. Сол кезде мен өз халқымның «алтын, күміс - тас екен, арпа бидай - ас екен» деген ақылды сөзінің мәніне түсінгем. Ас - адамға арқау. Ол өмірдің нәрі. Дүниеде наннан басқа қымбат та, қасиетті де, құдіретті де нәрсе жоқ. Жабықта жарты күлше нан тұрса, оған қолың жетпесе, аяғыңның астына құранды қойып, әлгі нанды алуға болады. Ал жабықта тұрған құранды, аяғыңның астына нан койып алуға болмайды. Нанның қасиеті осындай, Мінәйім! Осы нан бізде қазір бар ма? Бар. Бізге артық дүниенің керегі қанша? Одан да кеше, қуатым барда палуаным деп мақтан еткен елімнің жеңісіне аз да болса үлес қоссам болмай ма! Қарт болсам да, басым жерге жетіп отырған жоқ. Мен кешегі азаматпын. Жиған-тергенімді жеңіске, Совет Армиясының жеңісіне берсем, сен оған қалай қарайсың!

Мінәйім Қажекеңнің не айтарын сөз саптауынан ұғып, оған жауабын әзірлеп отырғандай, іркілген жоқ.

- Палуан, дүние мүліктің бағасын мен де білем. Адам тапқан дүние болса, ол сол адамның игілігіне жұмсалады. Өзің таптың. Өз еліңнің қажетіне береді екенсің. Онда тұрған не бар. Маған сіздің амандығыңыздан басқа, мына баланың саулығынан өңге, ештеңе керек емес. - Ол баласы Айдарханға қарап қойды. Ол ойнап отыр екен.

- Міне жауап. Боз бие жегулі тұр. Темірланға барып ақша аламыз. Оны Шымкентке жеткіземіз. Амандық болса, оған самолет сатып аламыз.

- Самолет дейсіз бе, палуан? - деді әйелі.

- Самолет сатып аламыз.

- Оны бізге сата ма?

- Құнын төлегенсін. Сұраймыз да...

- Дұрыс, палуан! Алғансын құндысын алған жақсы.

- Барсын майданға. Көрсін жау кімнің самолеті екенін. Өзімді жібермесе де... - деп қойды.
IV
Шіліктен ерте-ақ шығып еді, Темірланға кеш жетті. Дермене иісі аңқыған кең даланың ұштығына шыға алмай ұзақ жүрді. Осында түнеді, таңертең сақтық кассадан ақшасын алды да кідірместен облыс орталығына бет алған. Талай-талай жүрген таныс жол. Арыстан өтіп, қабаққа көтерілгесін Қарауылтөбеге тоқтамай өтпейтін әдеті еді. Боз биенің делбесін осында кеп бір-ақ тартты.

- Көп аялдамаймыз, Мінәй! Қалаға кеңсе жабылмай тұрғанда жеткеніміз дұрыс шығар, - деп арбада отырған әйелі мен баласына қарап қойды. - Ел қонбай ебелек жатпас. Ойдағы шаруаны тез бітірген жақсы.

Көп кідірген жоқ. Жедел жүрді. Күн еңкейе қалаға жеткен. Ешқайда бұрылмастан бірден облыстық комитеттің жанына кеп тоқтады. Мұнда өзін аға санап, ерекше сыйлайтын таныс адам бар. Тіпті ол мұны «Қажы көке» деп құрмет тұтатын. Ол облыстық комитеттің хатшысы Сәлімжан Ғалиев. Хатшы есіктен еңгезердей боп кіріп келе жатқан Қажымұқанды көргенде, көптен бері кездеспеген жақын досын көргендей қуанып кетті. Орындықтан асығыс тұрды, қарсы жүріп, қос қолдап амандасты, артынша құшақтап, төс қағысты.

- О, Қажы көке, аман-сау жүрсіз бе? Балаңыз, жеңгей сау-саламат па? - деп жатыр. - Өзіңіз қалайсыз? Бақуатсыз ба, көңіл-күйіңіз қалай? Меніңше, жақсы тәрізді. Келгеніңіз қандай оңды болды.

Сәлімжан ашық жүзді, бидай өңді, келбетті жігіт еді. Қажымұқан оның осы бір жайдары, көз толып, көңіл сүйсінетін жүзіне қарай тұрып, балаларының жұбайының аман-саулығын сұрады.

- Бәрі де жақсы, көке! Келініңіз Нүрикамал сізді көптен бері көрінбей кетті, қайда екен, аман-сау ма екен деп менен сұрайды. Жүріңіз, енді үйге баралық! - деген.

- Сәлімжан, қонақ болу ешқайда қашпас. Бала мен жеңгең де осында. Ала келдім. Алдымен келген шаруамды бітіріп алайын! - деп ол жайғаса отырды.

Бұл кісінің обкомда қандай шаруасы болды екен дегендей Сәлімжан оған сұраулы түрде, жымиып күле қарады.

- Ал Қажы көке, құлағым сізде. Шаруаңызды айта отырыңыз.

- Сәлімжан, калқам, менің сенен жасыратын сырым жоқ. Мен осы келісте белді бекем буып, әбден бекініп келдім. Жай келмей, қапшығымды толтыра келдім. Біреу білсе, Сәлімжан, дұрысын өзің білесің. Осы әлгі, кәдімгі ұшатын самолет жай пенденің қалтасындағы ақшаға шаққанда қанша тұрады?

- Бағасы ма, көке? Оны анық білетіндерден сұрап алайын, қазір, қазір, - деп хатшы телефонға ұмтыла берді де, көкесінің не айтқысы келгеніне әлі де болса жөнді түсіне алмай, тоқтап қалған.

- Біздің ауданның военкомы бар емес пе, сондағы капитан баладан сұрадым. Ол айтады, жүз мың сом тұрады дейді.

- Военком айтса, сол дұрыс болғаны...

- Дұрыс болса, Мәскеуге жаз. Мен сондай ақшаны қазынаға қазір тапсырамын. Маған самолет берсін.

- Самолет... Көке-ау, оны қайтесіз? - деп Сәлімжан естіп отырғаным рас па дегендей аңырып, аң-таң боп қалды.

- Сен таңданба, майданға керек. Өзімді соғысқа жібермесе де, соны, әлгі самолетті жіберемін.

Хатшы көкесінің не айтқалы отырғанын енді ұға бастады.

- Самолетті майданға деп аласыз ғой, көке?

- Әрине, майданға жіберемін. Өзіме ат пен арба да жетеді.

Сәлімжан тез тіл тауып түсініскеніне қуанғаннан күліп жіберді. Қажымұқанға жақын кеп, иығына қолын салды.

- О, міне, көкежан, мынауыңыз аса үлкен жаңалық екен. Бұл деген азаматтың, нағыз палуанның ерлік ісі ғой. Сіздің жүрген жеріңізге нұр жауып, қадамыңызға гүл бітеді. Қазір Отанға, оның жеңісіне көмек беру нағыз азаматтық. Сізді құттықтаймын!

- Ал енді Мәскеуге жаз. Самолетті тез берсін. Мен қазір ақшаны қазынаға саламын. Қағазын алып саған кайта келемін, - деді де палуан есікке қарай беттеді.

- Сіз қайта оралғанша, Москваға жазылған телеграмма әзір боп тұрады.

Қажымұқан арбадағы екі қапшық ақшаны екі қолтығына қысып, банкке кірді. Кассир әйелге бас изеп амандасты да, қапшықтың аузын шешіп, көкпеңбек көк ала ақшаны әлгі кассир әйелдің алдына жайып салды. Әйелдің көзі шарасынан шығып, аң-таң болды да, енді бір сәтте қатты шошығандай шегіншектей беріп:

- Ой, ужас! Сіз кім едіңіз? Өзіңіз кімсіз? Мұны...

- Мен кім болайын. Мен Қажымұқанмын.

- Кім? Кіммін дедіңіз?

- Қажымұқан Мұңайтпас баласы.

- Кімнің баласы?

- Өз әкемнің баласымын. Мұнайтпастың деймін.

- Ой, ужас! Мұнша ақшаны қайдан алдыңыз? Сіз өзі кімсіз?

- Кім екенімді айттым ғой.

- Қайдан алдыңыз деймін?

- Пәлі, оның сізге қажеті не? Ақшаны қабылдаңыз. Еліме өнер көрсетіп, жиған-тергенімді әкеп тұрмын.

- Дұрысын айтпасаңыз, мен қазір милиция шақырамын. Сіз немене, өзіңіз кімсіз? Артиссіз бе? Сіздің фамилияңыз кім? - Әйел есін жия бастағандай саябырсып қалды. - Артиссіз бе? Фамилияңызды айтыңызшы.

- Айттым ғой. Мұңайтпасов.

- Ондай артисті естіген емеспін.

- Артисі несі? Әкем Мұңайтпас тірлігінде бір пендеге мұң айтып, шағынбаған адам еді. Соның баласы мына мен, Қажымұқан, сізге шағым айтып тұр. Мына ақшаны санап алыңыз, соны алғандығыңыз жайында маған бір жапырақ тілхат берсеңіз жетеді. - Менің сізден өтінішім осы.

- Сосын не болады?

- Сосын сіз маған қағаз бересіз.

- Сосын оны қайтесіз? - деп әйел аң-таң боп тұр.

- Сонсын мен сол қағаз бойынша самолет сатып аламын.

- Самолет?

- Иә, самолет аламын.

«Осы кісінің дені дұрыс па? Не айтып тұр?» дегендей әйел алпамсадай дәу қараға қайта-қайта қарады.

- Самолет жеке адамдарға, жеке меншікке сатылмайды. Майданға жетпей жатқанда... Сізге самолеттің керегі не?...

Әйел сөзін аяқтай алмады. Телефон безектеп тұр. Облыстық комитеттен екен. Ақша тез қабылданды.

- Сіз кешіріңіз! Біз әрең-әрең түсіністік! - деді кассир әйел, ақшаны қабылдап алғаны жайында қағазды беріп жатып.

- Милиция келмей тұрғанда ұғысқанымыз қандай тәуір болды! - деді Қажымұқан.

Әйел сазарып кетті.

- Сіз жөндеп айтпадыңыз.

- Мен айтпасам, сіз қалай түсіндіңіз?

- Айтты ғой жоғарыдан.

- Мен артис пе екем, балам?

- Жоқ. Мен солай ойлап едім.
V
Қажымұқан Сәлімжан отырған бөлмеге бір жапырақ қағаз ұстап қайта келген.

- Әйел біткеннің бәрі сіздің үйдегі келін тәрізді адамдарды қабақтан танитын боп келсе ғой. Ұқпайды мүлде.

- Келініңізді мақтай бермеңіз, көке! Мінәй шешемді айтсаңызшы.

- Мінәйімнің жөні бөлек екені рас. Самолет аламыз дегенде мені ұға кетті. Қарсы болған жоқ.

- Өте дұрыс болған. «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Ал көке, енді мұнда қараңыз. Телеграмма мынау. Әзір тұр. Өзім оқып, түсіндірейін: «Москва. СССР Қорғаныс Комитетіне, Жоғары Бас қолбасшы И.В.Сталин жолдасқа.

Мен, қазақ халқының атақты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов, өзімнің тапқан табысымнан жүз мың сом ақшаны Совет Армиясының пайдасына беріп отырмын. Сол ақшаға самолет жасатуды өтінемін. Сөйтіп, ол самолетті майданға ең жақсы қазақ ұшқышқа табыс етуді сұраймын. Советтік Отанның жеңісіне тілектестікпен Қажымұқан Мұңайтпасов».

Қажымұқан ойланып қалды. Мұғал да жұмыр жуан саусақтарымен күздік айдалған жердей әжім-әжім жүзін кайта-қайта сипап өтті.

- «Атақты» дедің ә? Ол бір кезде, алыс уақта болған атақ емес пе? Менің атақты болғанымды қазір кім біледі дейсің? - деді.

- Білмесе білсін.

- Жалпы деймін-ау, осы хатты менің өз атымнан ба... Әлде қартайғанда көрген, менің кенжем Айдархан Қажымұқан баласының атынан жазса қайтер еді. Ол менің қазіргі бойтұмарым ғой.

- Ол болмайды, көке! Ол жас бала, Сіз атақты палуансыз. Қаржы сіздің табысыңыздан... Атақты палуан деген өте қажет.

Көптен бері естімей кеткен «атақты палуан» деген сөзді осы бір сәтте ол үш мәрте естіген. Содан өз оның кеудесіне қайтадан жел пайда болғандай толқыды. Әрі күдік туды. Шынымен-ақ менің атақты болғанымды халық ұмытпады ма екен?

- Сол әлгі «атақты» деген сөздің қасына Иван Поддубныйдың шәкірті, Миша Боров пен Ян Цыганның серігі дегенді қосса ше.

- Ой, көке, өзіңіз тұрғанда басқалардың атын қосақтап не қыламыз.

- Мені біле ме, өзі ұмытқан жоқ па дегенім ғой.

Әйтпесе, маған бәрібір. Иваннан басқасы өзімнен артық болған жоқ. Мақтанғаным емес...

Сонымен Москваға, алғашқы тұрқымен телеграмма кеткен. Жауабы көп күттірген жоқ. Қажымұқан ауылына оралған бойда жауап хабары дүңк ете түскен. Күлтөбе түбіндегі шағын ауылға Жоғарғы Бас қолбасшының өз қолы қойылған жауап қағаз келгенін естіп ауыл дүр сілкінген. Екі адамның басы қосылған жерге «Не хабар» деп топтала қалатын ауыл адамдары Қажымұқанның шынашағындай бойы бар почташы Адырбай мен тракторға жанар май таситын арбакеш Садырбайдың бірге тұрғанын көрген бойда үйіндегі шаруаларын тастай салып, бәрі осы екеуінің төңірегіне жиналған.

- Не хабар?

- Хат жоқ па?

- Хатты қойшы. Болса болар, болмаса оған да ризамыз. Әне бір қара қағазы болмаса екен, әйтеуір.

- Темірге, почтаға, әлі барғаным жоқ. Қажымұқанға қағаз... асығыс қағаз алып келген бала почтаны ала да келмеген.

Адырбай күнге күйіп, қара шандыр боп қалған арық бетін тыржың еткізіп қойды.

- Палуан шалға не қағаз екен? - деді Садырбай.

- Не қағазын білмеймін. Қажымұқан самолет сатып апты, - деді Адырбай.

- Қойшы-ай, оны қайтеді екен?

- Кім білсін. Самолет алғаны рас.

- Өзі айдай біле ме екен?

- Ұша ма десейші.

- Қой әрі, алып-қашты сөз шығар.

- Жоқ, шын. Кәдімгі самолет сатып апты.

- Мен нанбаймын. Мүмкін емес. Самолет өте қымбат тұрады деген.

- Қажет болса қымбатына қарай ма?

- Қымбатын былай қойғанда, жеке меншікке самолет мінетін біз кәпитал емеспіз ғой.

- Ей, одан да өзіне барып, анығын білейік те.

Мінәйді арқа тұтып, осы үйге келгіштеп жүрген Таққыз кемпірді ертіп, Адырбай мен Садырбай Қажекеңнің үйіне келген. Амандық сұрасудан соң бұлар көпке дейін үнсіз қалған. Қажекең де бұларға ештеңе айта қоймады.

Адырбай шыдай алмады.

- Қажеке, осы халық гулеп жүр.

- Не деп гүлейді? - Қажымұқан Адырбай мен Садырбайға, Таққыз кемпірге өзінше қулана қарады. Бұл адам өзінің қулық қолынан келмейтінін білетін. Өзі айтатын, менің қулығым, әлгі Африкадағы түйе құстың қулығы тәрізді. Ол құс өзіне қауіп төндіретін жауынан жасырынғанда, бұтаға басын тығады екен. Ал бөксесі бұрынғыдан бетер деңкиіп көрініп жататын көрінеді. - Әлгі гуілдің мәнін айтпайсыңдар ма? Халық ауызына қақпақ қойып болмайды. Не деп жүргенін мен қайдан білем. Мінәй, Айдархан үшеуміз жол жүріп келдік. Ауыл әңгімесін естуге мұршамыз келмей жатыр. Ал жырық құлағым сендерде...

«Сен баста», «жоқ, сен сөйле» дегендей Адырбай мен Садырбай бір-бірін шынтағымен нұқысып қалды. Мұны сезе қойған Таққыз сөйлеген.

- Мен Қажы қайныммен түйдей құрдаспын. Біздің үйдегі тірі болса, қазір сексенге келер еді. Ол үлкен ғой. Қажы қайным деп отырғаным сол. Мына екі қоян жүрек сенен қорқып, айтар сөзін бастай алмай отыр. Қажы қайным адам қорқатындай ма екен. Анау Мінәй, қорықпастан осы кісіге тигенде, немене, мен сөз бастаудан қорқады дейсің бе? - Таққыз ежелгі әдетінше, айтарымды айтып үлгере аламын ба, жоқ па дегендей, асығып сөйледі. - Мен қорықпаймын. Шынын айт, қажы қайным, мына жұрт сені самолет сатып апты дейді. Сол рас па?

- Алса несі бар екен? Қағазы міне, - деп Қажымұқан телеграмманы көрсеткен.

Алдымен Таққыз, одан соң Адырбай қолына алды. Почта тасығанда конверт сыртындағы адам аттарын оқудан басқаны білмейтін Адырбай бір жапырақ қағазды қолына алған бойы олай бір, былай бір аудара қарап, басындағы бір сөзді, сонындағы бір сөзді әрең ажыратты. Оның бірі «Қажымұқан» деген сөз еді. Ал екіншісін ежіктеп іштен қайта-қайта оқыды да, артынша Сталин деп даусын қатты шығарды.

- Сталин! Бұл сөз үшеуін де тылсымдап тастағандай, көздері бадырайып, үн-түнсіз бір-біріне қарады. Ең алдымен есін жиған Садырбай арбакеш еді. Ол ыдыс-аяқ жақтағы бұрыштан ақ сүргішті шыныны көзі шалып қалған.

- Айналайын Қажеке-ау, ең болмаса сол самолеттің бәрін болмаса да, бір қанатының ұшын, тек ұшын ғана жуатын кезіңіз келді ғой. Құдай-ау, самолет алған, самолет. Міне, бір қанатының ұшын ғана жусаңыз ғой.

Садырбай тамсанып, қазан-ошақ жаққа қайта қарады.

- Мә, енді қайтейін-ау, Қажы қайным самолет алғаның рас болды ғой. Өзің, Мінәй, Айдархан үшеуің мінесіңдер ме? Бізді де ұмытпаңдар. Құдайы көршіміз ғой! - деп Таққыз сайрап ала жөнелді. - Өздерің мінесіңдер ғой.

Қажымұқан жай-жапсарды түсіндіргісі келіп, оқтала түскен. Бірақ енді оны тыңдайтын емес. Үшеуі үш жақтан қауқайлап әкетті. Кішкене көзі жылт-жылт етіп отырған Адырбай да екі езуі майысып әңгімені іліп әкетті.

- Атағы бар, ақшасы бар адамға не сатып алса да жарасып тұрады. Таққыз, сен де қызық екенсің. Міне ме, жоқ, мінбей ме. Оны өздері біледі де... Есіктің алдына байлап қойса да еркі.

- Ау, оның өзі, әлгі бір қонатын жері болмай ма? - деді Садырбай көтеріле беріп, - ие, не көп, Күлтөбенің теңірегінде тақыр көп. Нағыз кәдімгі самолет қонатын тақыр.

- Самолет болғансын, қонатын жер де сөз боппа!

- Әй, кұтты болсын!

- Құтты болсын!

- Құдай құтты етсін!

- Әй, Мінәй, мынау үшеуінің ауызын тығындап қойып, бірдеңе айтпасам, сөз беретін емес. Кәне, нең бар, бәрін әкел! - деп Қажымұқан әйеліне бұрылды.

Дастарқан жайылды. Бауырсақ, Шымкенттен келген тандыр нан, өрік-мейіз ортаға төгілді. Мөлдіреген ақ бас шыныны көргенде Садырбай мен Адырбайдың көздері жайнап кетті.

- Мына ақ бас шынының ішіндегі суда қасиет бар ма, жоқ па? - деді Қажымұқан әркімнің алдына қойып жатып.

- Бар ғой, бар неге болмасын. Пайғамбардың өзі шарап ішкен дейді ғой, - деген Садырбай.

- Ой, найсап, өз ішкенің жетпей ме, оған да ішкізіп қойдың ба, ақыры! - деген Таққыз бауырсақ пен мейізді уыстап алған бойда. - Оны айтпай-ақ, іше бермейсің бе? Жарықтықты қосып алмасаң ішің ауыра ма?

- Меніңше, бұл өзі бидайдан, наннан жасалған дейді, онысы рас болса неге қасиетсіз болсын! - Адырбайдың нәзік, күнге қақталған қамыстай саусақтары дір-дір етіп, кесені ұстады.

- Қасиетсіз болмаса, мынаны ішіп алғансын, біраз үндемей отырыңдар, мен сендерге әңгіме айтайын. Жай-жапсарды ұғыңдар, - деген палуан.

Бәрібір оған сөз кезегі тиген жоқ. Ішіне небары жүз грамм ащы су мен төрт тоқаш әрең сыятын Адырбайдың қушық шекесі қаңылтырға соққан қалайы қасықтай шың ете қалған. Шарапқа түскен нан қиқымын жеген кәрі қораздай басы қалтаң-құлтаң етіп, екі езуі ыржиып кетті. Алдымен ішінен күбірлеп, артынша екіленіп сөйледі.

- О, заманда, бұл заман. Батырды да, байды да көрдік. Көрдік. Көргенде қандай. Бәрін көргенбіз. Біз сен түгіл, Қажымұқан арғы тегін, аруақты бабаң, әлгі Қара Қыпшақ, мына өзіміздің Қараспан төбесін, ие, тауын жайлаған Қобыландыны да білеміз.

- Әй, мынау ішпей жатып, Қобыландыны да білетін боп шықты ма? - Қажымұқан аң-таң. Садырбай мен Адырбайға кезек-кезек қарайды. Татпаған Таққыз бен Мінәй ғана. Таққыз: «Кенжебегім ұрысқа кеткелі құдайға мінәжат қып, намаз оқимын, ораза тұтам. Соны сөйтіп күтемін», - деген. Ол Мінәйді жетектеп далаға, самаурын қойылған жаққа кеткен.

- Қобыландының, оның Тайбурылын да білеміз. Білгенде қандай, білеміз.

- Оны қайдан білесің?

- Қажеке-ау, Қажеке, Адырбай түгіл оны мына мен, Садырбай да біледі. Қобыланды, Тайбурыл, Құртқа...

- Әй, Садырбай, сөзді бөлме. Бөлінген сөз мәкүру болады. Мен, мына отырған Адырбай, Қобыландының Тайбурылы жем жеген ақырды мына өз көзіммен көргенмін, - ол сығырайған кішкене көзін шұқып-шұқып қойды. Басы қалтаңдап, тілінен бұрын езуі жыбырлап, пышақтың жүзіндей жұқа еріндері бір жағына қарай жымырайып кетті. - Қандай дейсің ғой, Әулиеата түбінен, Тайбурыл жайылған. Сөйтіп, оны Қажымұқан, Тайбурыл мінген, ие, Тайбурыл, дүл-дүл, бұл-бұл мінген, одан да асып кеттің.

- Әй, дүл-дүлің дүл-дүл болсын, бұл-бұлың не?

- Шапқыш ат дегенім ғой. Бұл-бұл мен дүл-дүл ағайындас, мына Садырбай мен мына мен Адырбай тақылеттес емес пе? Сөйтіп сен бүгін Қобыландыдан...

Қажымұқан өзі ерекше қасиет тұтатын адамның атын атап, өзін онымен шендестіруді ұнатпайтын. Содан да Адырбайдың сөзін бөлгісі келді. Ең болмаса басқа жаққа бұрмақ.

- Әй, Адырбай, сен сөз тыңда! Тыңдамасаң, мынаны айт, мен сені Садырбаймен бір туған деп жүрсем, олай емес пе еді?

- Олай емес. Аталаспыз. Ол - Садырбай Мырқының баласы. Мен Адырбай Тайқының баласы... Тайқы мен Мырқы туыс. Шайқының баласы. Шайқының әкесі Қайқы. Қайқының әкесі Жайқы. Әлгі Қобыландының найзагер сарбазы болған. Қараспан төбесінің түбінде, жекпе-жекте Жайқы қаза тапқан.

- Сен Қобыландыны қой деймін, Адырбай! Найзагер, батырдың ұрпағы екенің көрініп тұр. Одан да сен өз әкеңді, Тайқыны айтшы.

- Ә, сен Қажымұқан, батырдың ұрпағы екенің көрінеді деп, менің бойымды айтасың ба? «Қортық ел бүлдіреді, шартық қой бүлдіреді» дегендей, бір кезде, анау әлгі колхоз болатын жылдары бүтін Шілік бойын бір шыбықпен айдаған батырың мына мен. Нанбасаң, мына қасымда отырған Садырбайдан сұра. Туыс екеніне қарамай, мұны да бір жон арқадан аямай тартып қалғаным бар. Рас қой, ә. Шыныңды айтшы. Сонда сенің арқаң ауырды ма?

- Ауырғанда қандай? Шым ете қалды. Тақымға басып көкпар етіп әкетейін деп едім. Милициядан қорықтым. Қазір сүйтсең бар ғой әкең Тайқының көріне апарып тығып жіберер едім. - Садырбай Адырбайдың жағасынан ұстап сілкіп-сілкіп қойды. - Сондағы есіме түссе. Өзің түсіріп... Кеңірдегіңді үзіп жіберіп, қолыңа ұстатайын ба?

- Әй, әй пәлеге айтқан екем ғой. Біз Қажекеңнің үйінде отырмыз. Әй, байқа! Қажекең сенің кеңірдегіңді жұлып, менің қалтама салып беріп жүрмесін.

Садырбай жым болды. Адырбай әкесі Тайқы жайында айтып кеткен.

- Менің әкем Тайқы десе тайқы болған. Құдай оған жалғыз бала берген. Анау дерменелі адырда туғансын Адырбай қойған. Шала туыппын. Шешем алты ай көтеріпті. Әкем Тайқы тымағына салып асырапты. Тымағына салып, керегенің басына іліп қояды екен. Сөйтіп, асыраған әкеме мен не көрсеттім? Ештеңе көрсете алмадым. Бірақ оның халқына адал қызмет етім. Белсенді болдым. Колхоз құрдым. Міне, көп жылдан бері почта тасимын. Бұл міндет. Тымаққа салып өсірген әкемді ұмытып кеттім.

- Әй, сен халық, халық дей бергенше, әкеңді неге ойламайсың, меніңше, ол көмусіз қалған. - Садырбай қосылып қалды.

- Дұп-дұрыс. Көмусіз қалғаны рас. Жасырмаймын, кейде ойлаймын. Әкемді ойлаймын. Түбі менің екі жүрегім болса керек.

Қажымұқан рақаттана күлді. Адырбайдың қушиған алақандай кеудесін қағып-қағып қалды.

- Міне, мына кеудеге сыйып тұрған қос жүректі айтсаңшы.

- Айтамын, Қажеке, айтамын. Менің жүрегім екеу. Айтайын, мәселен, кейде әкем Тайқыны боқтап-боқтап алғым келеді. Жек көремін дегенім ғой. Неге ол мені шала туғызған? Неге мен кішкентай болғанмын?.. Бәріне сол айыпты. Мұны менің бір жүрегім айтады. Ал екінші жүрегім ше, ол айтады. Әй, Адырбай, сен ит болма? Сен адам болдың. Еліңе қызмет еттің. Осы күні де тыным таппайсың. Соның бәрі Тайқының арқасы. Тәубеңе кел, ол сені, өзі маңдайы тайқиып жалаңбас жүріп, сөйтіп, қаңтарда басына суық тиіп, мұрыннан сорасы аққанына қарамай, мына сені, жар дегенде жалғыз тымағына салып асырады, өсірді дейді. Бұл, міне екінші жүрек. Осы екі жүректі тыңдай-тыңдай жүріп келем.

- Жүрегің екеу екен. Сенемін, Адырбай. Өзіміз мына апандай кеудеге біткен жалғыз жүректің жайын таба алмаймыз. Сенікі асқан ерлік қой. Алпыс жыл бойы қос жүрекпен алысу...

- Міне, мені түсінген адам. Айналайын Қажеке, аяғыңа жығылып, башпайыңды, ең болмаса башайыңды бір сүйейінші. Әлгі әкем Тайқының өзі менің екі жүрегім барына сенбей кетті ғой. Иланған сен ғана. Айналайын Қажеке. Пайғамбарым. Сен пайғамбарымсың, Қажеке. Жүрегімнің екеу екеніне, менің әлгі шүйке бас қатынымның өзі нанбай келген жоқ па?

- Сенің жүрегіңнің екеу екеніне әкең сенбеді, ә? - деп Садырбай оның кеудесін қақты.

- Сенбеді.

- Сенбей келеді.

- Қатының сенбеді, ә?

- Қатындікі қатындық. Ол сен алыппын десең де сенбейді. Қажымұқанның үйіне бардым. Сонымен күресіп қайттым. Екеуіміз жеңісе алмадық. Ит жығыс түстік десең де сенбейді. Ал әкеңдікі не? Ол неге сенбейді?

- Білмедім. Әйтеуір, сенбей кетті.

- Ой, сенің әкең де, жер барып айтпасын, өзі де бір жарықтық екен. Әйтпесе саған, тымаққа сап асыраған, көзінің ағы мен қарасындай жалғыз баласына неге сенбейді деймін-ау.

- Әй, әй, Садырбай, әкеге тиме! Көздің қарашығындай жалғыз ұл дегенің дұрыс-ақ... Айттым ғой, бір әбестігі болды. Менің қос жүрегім барына сенбегені. Бірақ сен менің әкеме тиіспе!

Қажымұқан аң-таң боп отырды да, бұларды өйтіп-бүйтіп шығарып салғысы келді.

- Әй, сендер жарыса бермей, бірауыз сөз тыңдаңдар. Мен жолдан келген адаммын. Дем алайын. Осы тойғандарыңмен қайтыңдар. Тағы да күн бар.

Таққыз күншуақта Мінәймен отыр екен. Бұл екеуі үйден шығарын шықса да, жүгіріп қайта кірді.

- Бізді халық күтіп тұр.

- Күтсе барыңдар! - деді палуан.

- Не бетімізбен барамыз. Самолетті білгенмен, бағасын білмейміз. Сұраса не дейміз.

- Жүз мың.

- Жүз мың! - Адырбай «қос жүрегін» қолымен басып, жаңа ғана тұрған орнына қисая кеткен.

- Рас, жүз мың ба?! Мәссаған! Қажеке, буынып барам. Әлгі, әлгі, шынының түбінде, қалған-құтқан болса, құдай ақына бір тамызып жіберіңізші!

«Батыр аңқау» деген, шынымен-ақ Адырбай буынып, демі бітіп бара жатыр екен деп Қажекең оған қалғанын шыныға төңкере құйып, өз қолымен жұтқызған.

Адырбай шалқая жатқан бойда, екі колын жайып тастады:

- Құдай-ау, бұл не деген дүние! Мә, мәссаған! Мәссаған дерсің-ау. Құдай-ау, менің әкем Тайқының, оның әкесі Шайқының, оның әкесі Қайқының, оның әкесі Жайқы батырдың өмір бойы тапқан табысына менің ай сайын почтадан алатын алпыс сомымды қосқанда жүз мың болмайтын шығар. Мә, енді не дейін? Әй, Садырбай, маған бір жұтым қалдырмадыңдар, ә? Менің де жүрегім қысылып барады.

- Қысылса біреуі қысылар. Сенде екеу ғой жүрек.

Қажымұқан кеңкілдеп тағы күлді. Адырбайды желкеден, күпісінен көтеріп, екі аяғымен жерге қойды.

- Ал енді осы тойғандарыңмен барыңдар. Тағы да күн бар! - деп оларды палуан сыртқа шығарып, ұзатып салған.

Бұларды көптен күткен шоғыр қарсы жүрді.

- Самолет алғаны рас. Жақында келеді екен.

Әңгіме самолетте емес... Міне, сұмдық мынада... Әлгі самолетке жүз мың... - Адырбайдың қолы дір-дір етіп, саусақтары ербеңдей берген.

- Ие, самолетке жүз мың қосып беретін болған ба?

- Жоқ-ә. Сонша тұрады екен.

- Кәдімгі қағазын көрдіңдер ме?

- Әй, жай сөз шығар?.. Қағазды көрдің бе, оқыдың ба?

- Мына көзіммен көрдім. Оқыдым. - Не деген?

- Сталин! - деген.

- Онда, рас болды.

- Рас деймін. Біз сол самолеттің бір қанатының бір кішкене ұшын ғана жуып келдік.

- Жуып та үлгердіңдер ме?

- Әй, біз де баралық.

Осылай шулап тұрғанда Шымкенттен Түркістанға қарай күнде ұшатын почта-самолеті өтіп бара жатты. Бәрі тым-тырақай аспанға қарады.

- Нақ осындай болар ма екен? - деді беруі.

- Әй, бұл әншейін самолет. Ол ұшқанда көзге көрінбейтін самолет.

Бұл Садырбайдың түсіндіргені.

Ауылдың дүбірі көпке дейін басылған жоқ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет