Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»



бет6/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34

VI
Қажымұқан майданнан хат алды. Адам деген қызық. Егде жандардың өзі-ақ қуаныш естігенде бала сияқты боп кетеді. Қанатының астында «Ең жақсы қазақ ұшқышқа! Қажымұқан» деген жазуы бар жауынгер самолет солтүстік-батыс майданына берілген. Самолетті авиация бөліміндегі таңдаулы ұшқыштың бірі Рашит Бекетовке тапсырған.

Жоғарғы Бас Қолбасшының телеграммасынан соңғы жаңалық осы еді. Авиация бөлімінің командирі мен саяси жетекшісі жазған бұл хатты палуан қайта-қайта оқыды. «Сіздің Совет Армиясының жеңісіне қосқан бұл үлесіңіз аса зор үлес. Отанын, елін, халқын шын сүйген азаматтық ерлік. Совет Армиясына сіз сыйлаған жауынгер самолет қазірдің өзінде, аз күнде тоғыз мәрте тапсырма орындап қайтты. Бәрі де табысты болды. Жаудың әскери техникасы мен қарулы күшін жоюда ерекше көзге түсті. Сізді өзіңіз жасатқан самолеттің жауынгерлік табысымен, алғашқы, жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз. Сізге, совет елінің даңқты азаматына аса зор денсаулық тілейміз...»

Бүгін екінші хат келген. Мұны «Қажымұқан» атты самолетте ұшып жүрген ұшқыштың өзі жазып жіберіпті.

Хат әкелген сайын почташы Адырбай оның не екенін білмей Қажымұқан төңірегінен шықпайды. Бұл хатта ұшқыш жігіт Рашит Бекетов жауынгерлік самолетпен ұшу сапарларын, ондағы ерлік істерін айтыпты. Бір сапарда жаудың көптеген танк тобын талқандап, олардың қарсы шабуылын тоқтатқан. Енді бір кезекте барлауға шығып, еліміздің алысқа ататын теңіз артиллериясына нысананы дәл көрсеткен. Осындай жеке-жеке жауынгерлік ерлік жайын ауыл қауымы тамсана-тамсана тыңдаған. Ал палуан болса осы ерліктерді өзі жасап жатқандай іштей қуанып, бірақ онысын ешкімге сездіргісі келмегендей, түйе жүн күпісін желбегей жамылып Күлтебеге қарай бет алған. Адырбай болса палуанның қайда кетіп бара жатқанын сезгендей-ақ: «Осы Қажымұқанның Күлтөбенің бір жеріне тыққан көмбесі жоқ па?» - деп күңк ете қалды да, жүріп кетті.

Қажымұқан көмбесі - боз бие. Ол осы төбеге шығып, оның өрісін қарайды. Ит-құстан аман ба? Мұны білмей, үйде байыз тауып отыра алмайды.

Ол төбеден қайта түсіп келе жатып, мектепке келе жатқан балалармен кездескен.

- Ата, саламатсыз ба? - деді домалақ қара бала.

- Өй, айналайын, көп жаса!

Палуан ауызынан жақсы лебіз естіген бойда басқалары да: «Ата, сау-саламатсыз ба?» - деп жан-жақтан шулап қоя берді.

- Көп жасаңдар, жақсы оқыңдар! Бәрің де жақсы оқисыңдар ма?

- Мынау Адырбаевтан басқамыз бәріміз де жақсы оқимыз, - деп мойнына қызыл галстук байлаған сүйкімді ақ сары қыз лып ете қалды да, оқу құралдарын салған сумкасын жерге сүйретіп тұрған, қалақ бас, қушық шеке, шаян көз жұқа қараны нұсқады.

- Бұл неге нашар оқиды?

- Өзінен сұраңыз.

- Сен неге жаман оқисың, ә? - деп палуан Адырбаевқа қарады.

- Мен жаман оқымаймын. Бірақ нашарлау. Менің әкем почтальон. Мен оған көмектесем. Келген хаттардың адресін оқып берем.

- Онысы өтірік, әншейін сылтау. Бұл мұғалім апайды да өстіп алдайды. Әкесі әріп таниды. Ликбезде оқыған. - Адырбаевтан ала алмай жүрген өші бардай тақылдап тұрған әлгі қыз.

- Мұның нашар оқығанымен тұрмай өтірік айтатыны да бар ма еді?

- Өтірік айтады. Ұрлық істейді.

- Не дейді, жаным-ау? Ұрлығы несі? - Палуан таңданған боп, жағасын ұстады. - Ал өтірігі өтірік болсын, ұрлық істегенде не істейді?

Адырбаевты жалғыз мен ғана жамандай беремін бе, сендер неге үндемейсіңдер дегендей ақ сары қыз төңірегіндегі балаларға қарап қойды. Ешкім үн қатпаған. Адал да ақ көңілді, бар шынын атасының алдына жайып сап тұрған қыз бала ыза боп кетті.

- Бұлар, міне осындай, класта да ауызына су толтырып алғандай, үндемейді.

- Сенің атың кім? - деп палуан қыз балаға қарады.

- Майра.

- Өте әдемі, сүйкімді ат екен! - деп Қажымұқан ойланып қалды да, - Майра шын айтса, сендер оны дұрыстаңдар. Кемшілікті Майра жалғыз айтпасын, - деді.

- Айтқаны дұрыс болғансын, үндемей тұрмыз.

- Неге үндемейсіңдер? Дұрыс болса дұрыс деңдер.

- Бәрі дұрыс! - деді әңгімеге араласпай тұрған бір бала. - Адырбаев өлең жазады. Көзіне көрінгенді өлең етеді. Инелік ұшып бара жатса, оның көзіне торғай елестейді. Торғай ұшып бара жатса, оны бүркіт дейді. Ал бүркітті көрсе, әне, анау Қажымұқанның, ие, ата, сіздің самолетіңіз деп соғады-ау. Өлең жазғанын қайтейін, өзі әншейін жазуды жаза алмай қасында отырған Майрадан көшіріп жазады. Ұрлық істейді деп тұрғаны сол ғой.

- Бұл өлеңді де әкесі тасып жүрген газет-журналдан көшіріп жазады.

- Ол да ұрлық, - деді Майра.

Қажымұқан Майраға қарап тағы ойланып қалды: лапылдап тұрған от екенсің! Шыншылдығың, өткірлігің, жамандықты жаның сүймейтіні ұнайды. Бірақ не де болса өсе келе көрерсің! Уақытың, сені қоршаған дос-жаран қандай болар екен! Сен шыныңды айтқанда, қасыңдағы соны білетіндер үн қатпай тұрса, не болады? Бетіңнен жарылқасын, Майраш!

Оның ойын тағы да Майра бұзды.

- Ата, біздің мектепке жүріп, бізге бір қызық ойын көрсетіп беріңізші! -дегені бар емес пе.

Палуан қапелімде не дерін білмей, сасқалақтап қалды.

- Ол қандай ойын?

- Әйтеуір бір қызық...

- Сендер сабаққа кешігіп қалдыңдар ғой.

- Жүріңіз, ата. Қажымұқан аңырып қалды.

- Сабаққа бара беріңдер. Өзім барам, сендерге! Ол уәдесінен шықты. Үлкен үзіліс кезінде мектепке келді. Шағын мектептің елу-алпыс баласы палуанды қоршап алды. Палуан мойынтұрық тәрізді сырықтай ұзын ағаш ала келген. Өйткені балалардың алдында басына қатар-қатар қыш қойып сындыруды немесе кеудесіне тас қойып, балғамен соққызуды қолайсыз көрді. Машина, ат, түйе болса, күшін көрсетер-ақ еді. Жақында олар да жоқ. Ең оңайы, ең қолайлысы деп ойлап тапқаны телеграф тұғырынан сәл жіңішкелеу болса да, осы ағаш еді.

Палуан ағашын көтеріп мектеп алаңына шықты. Балалар түгіл, мұғалімдердің өзі оны шыр көбелек қоршап алған. Қажымұқан өз қылығына өзі күліп тұрды да, ортаға Майраны шақырды.

- Мені мектепке шақырған мына Майра деген балам. Осының мені шақырып, құрметтегеніне арнап, бір ойын көрсетемін. Ол мынау ағаш.

Палуан бес-бестен он бала шақырды. Оларды телеграф сымына қонған қарлығаштай тізіп, ағашқа отырғызды.

- Мықтап ұстаңдар! Жығылып қалмаңдар! Қажымұқан ағашты ортадан ұстап көтерді де, алдымен тізесіне қойды. Одан көтеріп кеудесіне әкелді. Артынша жоғары көтеріп, басынан асырды да иығына салды. Сонсын барып, өзі айнала бастады. Ағашқа мінген он баланы көтеріп, бірнеше рет шыр айналдырды. Оқушылардың сұрауымен төрт-бес рет қайталады. Балалар қол соғып, мәз-мейрам болған. Ең соңында он баланы мінгізіп, иығымен көтерген әлгі ағашты тізеге салмай-ақ, қолымен иіп, ортадан қақ бөлді де лақтырып жіберді. Балалар қол соғып, кетпей тұрып алды. Бір жаққа баруға асығып тұрса керек. Мінәй боз бие жеккен жайдақ арбамен осында келген. Палуан балалардың тамашалағанына қызығып, боз биені арбадан босатты да, оларды арбаға сыйғанынша отырғызып, өзі сүйрей жөнелді. Мектептің жарты баласы сыйған арбаны олай-бұлай сүйреп көрсетті де, арбасына отырып, жолға шықты.

Өзі кейін күлетін, күле отырып айтатын:

- Бұл менің соңғы ойыным! - деп.

Соңғы ойыны екені рас еді. Солай да болды. Балалармен бірге өткізген бір күн оның жылына пара-пар болды. Көпті көрген көне көңіл шалқып, құс боп ұшқан. Бұл кештерде ол көлге қонған аққудай пәк та, ақ та көңілмен қиял қанатында еді. Көңілі биік, кеудесі кең осындай шақта Қажымұқан Айдарханнан соң тағы бір жас иіс сүйді. Ол Жанәбіл еді. Екі баласы палуан оның екі қанаты сияқты боп көрінетін. Ол сонда кәдімгі өзі жасатқан самолет тәрізді самғап ұшатын.

Майданнан үзбей хат кеп тұрды. Рәшит Бекетовтен самолет Қажытай Шалабаев деген ұшқышқа тиіпті. Бұл да талай-талай ерлік сапарларға шыққан. Бірақ Қажымұқан «соңғы ойынын көрсеттім дегенмен, «соңғы ерлігім» деп айтқан жоқ. Ал, шынын айтса, жүз мың сомға самолет жасатқан оның соңғы бір ерлігі емес пе еді? Әй, осындай адам болып па еді, жоқ әлде аңыз ба еді дегендей, талайының таласқа түсерін ол білмей кетті. Білгенде қайтер еді? Күлер еді. Жыламас еді. «Ау, жұртым-ау, самолет қанша тұрады?» - деп мекеме кезген ақ көңіл адам біздің көз алдымызда тұрған сияқты. Ал келер күн не дер екен? Оны уақыт көрсетер.

Біздің айтқанымыз оның өткені, сан күресі, көп жеңісі емес, өмірінің соңғы кезінде жасаған бір ғана азаматтығының сыры ғой.

Осы күнгі мектеп оқушыларынан «Қажымұқан деген кім?» - деп сұрасаң, оқулықтан басқа кітаптарды оқитындары болмаса, көпшілігі-ақ жауап бере алмайды. Бұл, әрине, кінарат емес. Бірақ, елінің атын шығаруға себепші болған ерлерді, батырларды, оқымыстыны, жазушыны, даңқты еңбек адамдарының өмірін, өткен жолын, кім екенін білудің мәні зор. Қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» деп бекер айтпаған. Мұнда сөз өзіңнің жеті атаңды біл деген жалқы ұғым жоқ. Мұнда, өз жұртыңның тарихын, өткені мен кеткенін біл деген үлкен ұғым бар. Сондай болса, Қажымұқанды білу ешкімге артық жүк болмайды. Өйткені бұл адамның өмірі, өткен жолы, азаматтық қызметі кезінде аңыз болған. Оны көзімен көрдім, қасында болдым, дәмдес-тұздас болдым деген адамдардың әңгімесін ел осы күнге дейін жалықпай тыңдайды. Мұның үстіне халық өзі жақсы көрген мұндай атақты адамға көптеген аңыз-әңгімелерді тауып, қосымшалап, қосарлап та, әсерлеп те жібереді. Көбі жарасып та тұрады. Ал, қалай дегенде де Қажымұқан есімі қоспа сөзді керек етпейді. Оның өзі өткен жолдың өзі-ақ айтулы аңыз сияқты әдемі де айқын. Өйткені халық өзінің батыр ұлдары жайында ежелден де дастандар, аңыз-ертегілер айтқан. Оның көбі ойдан шығарылған ермек емес, өмірдің өзінен, көргені мен білгенінен, оның қызметіне сүйсінгендіктен шығарылған шындықтар деп ұққан дұрыс. «Халық айтса, қате айтпайды». Аңызда шындық бар.

Қажымұқан жайында әңгіме айтқандар, көбіне «күш атасын танымас» дегенді қоса айтады. Бұл да дұрыс сөз. Бірақ, күштіден күшті шықса күш атасын танымақ түгіл, өзінен күштіні көргенде, онымен айқасқа түсіп, жауырыны жерге тигенде атасын танып қалады. Сонда біз әңгіме етіп отырған Қажымұқан талай-талай палуандардың жауырынын жерге тигізіп, күшін танытқан күрес адамы, палуан.

Қажымұқан жас кезінен күшті болған. Бала кезінде жалшылықта жүріп, жұмыс істегенде оның күшіне ел таң қалады екен. Осы баланы бір күні екі ат жеккен арбамен отын әкелуге жіберіпті. Қыстың қақаған шағы болса керек, екі ат тиелген отынды тарта алмай, қарға омбылап, мұзға тайғақтап, жүгін тарта алмай, ақыры біреуі мертігіп жүре алмай қапты. Сонда бала жігіт кешқұрым, қарлы суықта далада қалғысы келмей, мертіккен атты арбаға көтеріп сап, өзі екінші аттың қамытын мойнына іліп, бір жағын өзі сүйреп, ауылға әкелген екен. Осыдан бастап, қайраты мол жас баланың күші жайындағы әңгіме алдымен ауылға, одан аймаққа тарапты. «Отыз тістен шыққан сез отыз рулы елге кетеді» емес пе! Бұған қоса Қажымұқанды жалдаған бай менің осындай мықты құлым бар деп мақтаныпты. Осыдан ерен күшті бала жігітті орыс халқының көзі ашық, күштілерге құмар өкілдері іздеп тауып, оны өздерінің қамқорлығына алған. Оны күрес тәсілдеріне үйреткен. Ол ең алдымен цирктерде күш өнерін көрсеткен. Кейін келе-келе жекпе-жек күрестерге түскен. Ол осы өнерімен дүние жүзін аралап кеткен. Талай елде жеңіске жетіп, құрмет тұғырына көтерілген.

Атақты палуанның Франция, Германия, Қытай, Түркия, Польша елдерінде болып өзінің өнерін, көрсеткендігін айтсақ та жетіп жатыр. Ал бұған Совет елінің барлық үлкен қалаларын аралағанын қосар болсақ оның өнер көрсеткен өрісінің кеңдігін тағы кереміз.

Қажымұқан өмірінің соңғы жылдарын Шымкент облысында өткізді. Осы күнгі Бөген ауданының Шілік, Ақтөбе, Темірлан жері оның қартайған кезіндегі құтты мекені болды. Қайда жүрсе де елдің құрметіне бөленген адам әрқашан қадірлі. Қажекеңді Шымкент өлкесі құрметтеген. Әсіресе, соғыс жылдарында ол тым мазасызданып кетті. Елден кеткен жастардың біразынан жаманат хабар кеп жатты. Жау ішке қарай ентелеп еніп кетті. Міне, осы кезде Қажымұқан қайтадан қайраттанды. Ол ел аралап, ұмыт бола бастаған өнерін елге көрсетті. Әсіресе, оның шалқалай жатып, кеудесіне қойған тақтайдан бір жарым тонна жүк сиятын машина өткізетіні - халыққа зор әсер қалдырған. Екі иығына ұзын кеспелтек ағаш қойып оған төрт-төрттен адам отырғызып көтеретіні, оны шыр көбелек айналдыратыны. Ал, жүресінен отырып, басына қыштарды қатар-қатар қойып, балтамен соғып, ол қыштарды быт-шыт ететін еді. Екі түйе, немесе екі атты жегіп ап, оның қамыттан тартылған бауынан ұстап, екі жаққа айдағанда, олардың тұралап жүре алмай қалатыны елді таң-тамаша қалдыратын.

Қажымұқан өте балажан адам еді. Ол ел аралап жүргенде өзінің төңірегіне ауыл балаларын жинап ап, әңгіме айтуға, ойнатып, қызықтауға құмар еді. Сол соғыс жылдарында Қажекеңнің өзге ер жетіп кеткен балаларын былай қойғанда, өзімен бірге Айдархан мен Жанәбіл деген жас балалары бірге жүретін. Оларды ауыл балаларына қосып жіберіп, бәрін бір арбаға отырғызып, өзі сүйреп жүретін. Арба қанша үлкен болса да, он-онбес баланы отырғызып, арбаны сүйрей жөнелген де ауылдың қара сирақ бала-лары мәз болып, оның төңірегінен шықпайтын.

Соғыс кезінде ауылдарды көп аралап, өнер көрсеткен Қажекең қолына түскен ақшаны жинап, оны жүз мың сомға жеткізіп, Москваға арнаулы телеграмма берген. Онда: менің осы қаржыма арнаулы самолет жасатып, оны майданға жіберуді сұраймын. Самолет ең жақсы ұшқыш деген қазақ жігітіне берілсін деген тілек айтқан. Осы самолет жасалды. Солтүстік Батыс майданына жіберілді. Нақ сол кезде Қазақстан комсомол-жастары жинаған қаржыға жасалған тағы бір самолет келді. Міне, осы екі самолеттің алғашқысында Қажытай Шалабаев ұшты, екіншісі Рашит Бекетовке берілді.

Майдан аспанында «Қазақстан комсомолдары» атты самолетпен қатар, қанатының астында «Қажымұқан» деген жазуы бар истребитель қатар ұшты Бұл самолет біздің жеңісімізге өз үлесін қосты. Ол жеңістен кейін Балтық бойындағы әскери музейге берілді. Сөйтіп, атақты палуан қартайған шағында өз Отанына деген аса зор махаббатын көрсеткен еді.

Әшірбай ЕСМҰРЗАЕВ


ӘУЛИЕАТА ЖЕРІНДЕ
Қажымұқанды мен алғаш 1923 жылдың апрель айында көрдім. Қаладағы біздің ауланың ішіндегі бір үйде Кенебай Үсенов деген нағашым тұратын.

- Әулиеатаға бір күшті келді, - деді бір күннің кешінде Кенекең. - Апырым-ай, сом болаттан құйып қойғандай бір адам, қолын алып едім, сәл қысыңқырап қалғанда сүйегім сықыр етіп, шыңғырып жібере жаздадым.

- Ол кім екен? - деп жабыла ауызына қарадық.

- Жер жүзіндегі палуандардың бәрін жыққан Қажымұқан деген бір қазақ. Жақында жәрмеңке басталады ғой. Сондағы сейілді көрмекші көрінеді.

Кенекең шала сауатты адам болатын. Естігенін қағып алғаны болмаса, еш нәрсе оқып көрмеген кісі, біздің қазбалаған сұрауымызға осыдан басқа түк айта алмады.

- Қайда тоқтапты?

- Ырыстың үйіне түсірдік.

Ырыс Қаңтарбаев - қаладағы сауыққой сері жігіттің бірі. Төбесі шатырлы, еденін тақтайлатқан бес бөлмелі үйі бар. (Қазір Радищев көшесіндегі балалар бақшасы). Іші жиһазды. Бұрын кедей, байларға қызметші болып жүріп дәулетіне қолы жеткен соң, үй салып атаққа ие болған еті тірі жігіт. Қолы ашық, қонақ жайға да жомарт. Сондықтан үкімет адамдары сырттан келген сыйлы қонақтарды әмісе сонда түсіретін. Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосовтар да қалаға келгенде сол үйде болатын.

Ол кезде Әулиеата жәрмеңкемен аты шыққан қала. Жылда 10 майдан бастап мұнда жәрмеңке базары ұйымдастырылатын. Жәрмеңкеге бір жағы Ферғанадан болса, екінші жағы сонау Жаркент, Сарқандтан саудагерлер, шаруалар келетін. Күн көтеріле басталған базар күндізгі сағат екі-үш кезінде тарқайтын. Ал, сырттан келген сеңдей соғысқан қыруар халық қалған уақыттарында кешкілік (қазіргі «Бірінші май») бауына сейілге шығатын. Сейіл өткізілетін бауға киіз үйлер тігіледі. Қамыстан жеңіл бастырмалар жасалып, шайхана, асханалар, қымызханалар ашылатын. Ортаға жұмсақ топырақ төселіп, арнайы алаң жасалады. Бұл - күрес орны. Күрес қана емес, айтысқан қыз-жігіт, жыр толғаған ақын, шырқаған әнші, ұршықша үйірілген бишілер өнер көрсетіп, сейіл думанға ұласып кететін. Қажекең, Әулиеатаның, міне, осындай бір салтанатты кезін тамашалап көргелі, өзі де өнерін көрсеткелі келіпті.

Асыға күткен жәрмеңке базары ашылып, сейіл де басталды. Бауға «Бірінші майдан» бастап тігілген үй, орнаған шайханалар түрлі ұрандармен безендіріліп, көріктене түсті. Алғашқы ашылуында арнайы митинг ұйымдастырылып, бұл спорттық бағытта ашылған сейілді көпшіліктің игілігіне айналдыру туралы жылы лебіздер айтылды.

Сейілдегі сан өнердің ең қызығы - күрес. Бұған Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Түркменстан, Азербайжаннан да келген палуандар бар. Күреске кім түссе де ерікті.

Күрес басталды. Қажымұқан алаңның күн батыс жағындағы көлеңкедегі шайхана сәкісіндегі кілем үстінде бір топ адамдармен күресті тамашалап отыр. Ішінде Кенекең болған соң, мен де соларды жағалап көзім күресте болса, құлағымды әңгімелеріне түріп, естіген-білгендерімді кеудеге түюдемін.

- Шіркін, халықтың осы бір дәстүрі-ай! Мәдениетті елдердегідей залдар салынып, жаттығулар жүргізілсе, - дейді Қажекең, күрескен палуандарға назарын аударып, - біздің елден де атағы әлемге жайылған палуан-чемпиондар шығар еді.

- Ол ойыңызды жүзеге асырамыз, - дейді сол кездегі большевик басшылардың бірі Қарымбай зор сеніммен. - Халық өзінің аңсаған арманына енді қолдары жетіп, етек-жеңдерін жинай бастады. Өз биліктерін өктем етіп, тұрмыстарын жөндеп алса, ата дәстүрін жаңа арнаға түсіріп өрлей бермей не етеді дейсіз.

Күрес алаңында жерлесіміз Мұрат палуан екі қарсыласының жауырындарын жерге тигізіп тұр. Кенет топтан бөлініп, орта бойлы, кеспелтек шымыр денелі біреу алаңға келді.

- Махмұд палуан.

- Қоқаннан келіпті.

- Жауырыны жер иіскемегеннің нағыз өзі.

- Апырымай-ә... Мұратымызды сұлатып кетпесе игі еді.

- Мұрат та осал пәле емес.

Көпшілік дуылдап кетті. Төреші Махмұдқа белбеу буғызып екеуін ережеге сай ұстастырып, өзі қалай ұстасқандарын тексеріп көрген соң күреске кірісуге белгі берді. Күрес ұзаққа созылмады. Бас-аяғы бірнеше минуттың ішінде тәжірибелі Махмұд Мұратты жығып кетті. Тұс-тұстан таңғалған дауыстар шығып жатты.

- Ой, бәлле...

- Осындай қасиеті болмаса жер арқасы қияннан күрес іздеп несі бар.

- Арыстандай кеудесі бар екен, тегін бе?

- Өзі жұп-жұмыр, болаттан құйылғандай.

Ел дүркіреп, Махмұдтың үстіне ақша шашылып жатыр? Сол күні Махмұд алты бірдей палуанды жықты. Ақырында күресуге адам шықпай ел тарқады...

Ертеңіне жұртшылықтың тілегі бойынша Қажымұқан күш өнерін көрсетті. Сол кезде Жамбылда бір ғана «Фордзон» тракторы болатын. Қажымұқан үстіне тақтай төседі де, сол тракторды үстінен үш рет өткізді. Ал тоқтату, білектей темірлерді мойнына галстук қылып орау, арқасына салынған рельске 20 адамды отырғызып, рельсті ию секілді бұрын мұндай кереметті көрмеген халықты таң-тамаша қалдырды. Қажекеңнің мына өнеріне риза болған халық ат әкеліп, шапан жауып, ақша ұсынып жатты. Бұған Қажекең: «Қонысын сатқан елден без, өнерін сатқан ерден без» деген бар, халқым. Мен сендерге дүние жинауға емес, елім деп еркелеп келгенмін. Сый-сияпаттарыңа көп рақмет, - деп киініп, орнына отырды. Келесі күні Махмұд тағы да алаң ортасына шығып жұртты күреске шақырды. Екі қолын бүйіріне тіреп шабынып тұр. Жұртта ес жоқ. Бір кезде топты жарып жас жігіт шықты. Жұрт: «Жолбарыс... Жолбарыс», - деп айқайлап жатыр. Менменсіген Махмұдты белгісіз жігіт Жолбарыс жығып кетті.

Қажымұқан қалада бір ай болды. «Мына күреске неге түспейсіз?» дегендерге: «Қонақ болып келіп, ауыл адамдарына қол тигізгенім жөн болар ма. Бұларды менсінбегендіктен емес, сыйлағандықтан күрескім келмейді. Әйтпесе, тәрбиелесе, ел арасындағы Жолбарыс сияқты жігіттер менімен тіресуге әбден жарайды». Бұл үлкен жүректі абзал ағаның кішіпейілдігінен шыққан сөз болса керек.

Қажымұкан осыдан кейін Әулиеатаға үш жылдай ұдайы демалысқа келіп жүрді. Бірсыпыра адамдармен қарым-қатынас жасап ағайын болып кетті. Соңғы рет 1930 жылдың август айында Москва циркімен бірге келіп, цирктегі 18 палуанмен күресті. Жамбыл халқына тағы да бір күш өнерін көрсетті.

Леонид Васильевич СТАНИЧЕНКО

Қажымұқанмен күрескен палуан

ЖЕҢІЛСЕМ ДЕ РИЗА БОЛДЫМ
1965 жылдың қысында «Алматыға Вильнюс циркі келіпті, онда Қажымұқанмен күрескен палуан бар» дегеннен кейін біз цирк орналасқан жерге келдік. Леонид Васильевич Станиченко осы цирктің директоры екен. Өзі палуан. Жасы 50-ге таяп қалған адам. Кең жауырынды, алып иықты, балғадай қолдары жастайынан спортпен айналысқанын анадайдан танытып тұр. Біз сәлемдесіп танысқаннан кейін келген жұмысымызды айттық.

Леонид Васильевич сонау өтіп кеткен жастық шағын есіне түсіргендей ұзақ үнсіз отырды. Сонан соң басын көтеріп алып көз алдына өткен бір қызықты кезеңдерді елестеткендей сөйлеп кетті:
* * *

- Иә, біз кездескен едік. Онда мен тым жас едім. 1937 жылы біз Омбы қаласында бетпе-бет, жүзбе-жүз көрістік, тіпті күрестік те. Оның даңқын соған дейін естісем де Қажымұқанмен бұлай кездескен жоқ едім. Ол мезгілде палуандар арасында Қажымұқан Мұңайтпасовтың аты жиі аталатын. Мен әйгілі палуанмен кездесуге өте құштар едім. Сөйтіп жүргенде сәті түсіп, Омбы қаласында палуандардың біріншілігі басталды. Осы чемпионатқа қатысушы 25 палуанның бірі болып мен де келдім. Қажымұқан кең иықты, жұмыр білекті адам еді. Екі иығына екі кісі мінгендей. Бойы менен сәл биіктеу болар. Ұзын бойға алып денесі сай, жарасымды біткен. Қыстың күндері құлақшын астынан тақия киетін. Онысын тіпті тастамайтын еді.

Біріншілік өтіп жатқан мезгілде мен оның әрбір қимылына көз салып, шеберлігіне ризашылықпен қарауда болдым. Ол жаттығуды ерте бастайтын. Алдымен жүгіріп, сонан кейін негізгі жаттығуға көшетін. Тамақты әр кез мезгілімен, күнбе-күн бір уақытта ішетін. Ішімдікті ауызға алғанын, шынымды айтайын, көргенім жоқ. Өзін өте жақсы күтетін. Мен Қажымұқанның мұнысына осы күнге дейін іштей ризамын. Оның барлық істері маған қатты ұнады.

Чемпионатқа Россияның сол кездегі атақты палуандары да қатысты. Олар Қажымұқанмен шетелдерді бірге аралап, Отан намысын қорғаған Василий Ярков, Константин Колишевич, Иван Доменний, Петр Загоруйко және Петр Бондаренко сияқты палуандар еді. Бұлардың бәрі байырғы қарсыластар, кілем жұлдыздары болатын.

Чемпионат басталды. Қажымұқан қарсыластарын шетінен жығып келеді. Бір кездесуін, Василий Ярковпен ғана тең аяқтады. Көптен күткен күн де келді. Мен күш атасы Қажымұқанмен күресетін болдым. Екеуміз ортаға шықтық. Мені кейбір палуандар бала деп мұрындарын шүйіре карайтын. Атақты палуан да дәл солай бола ма деп ойлаушы едім. Қателесіппін. Мен өзімді қарсыласымның көз қарасы мен жәбірлемегеніне қуанып қалдым. Мүмкін, оның қарсыластарының бәрін де өзімен тең санайтын осындай ізгі қасиеті үнемі жеңіске жеткізіп жүрген де болар.

Біз қол алысып амандасқаннан кейін күресіп кеттік. Ол мені иығымнан мықтап ұстап, бір минуттай жұлқып алды. Осыдан кейін-ақ оның күшінің орасан мығым екенін сездім. Менен әл кетті. Қажымұқанның ұстаған жері жаныма батып барады. Көзім қарауытып кеткенін өзім де сезбей қалдым. Бір мезгілде ол мені балаша көтеріп алып, кілемнің ортасына әкелді де жықты. Жауырынымды кілемге тигізбеуге қаншама күш сала қарсыласқаныммен ештеңе шықпады.

Ол жеңіске әбден көзі жеткеннен кейін тез түрегеліп, қолын беріп, менің де тұруыма көмектесті. Иә, мен жығылдым. Бірақ осы кездесуге тым ризамын. Әншейінде қимылы жай көрінетін Қажымұқан кілем үстінде жай оғындай тез екен. Төреші оның қолын кетерді. Мен жығылдым деп ренжімей, басымды тік көтеріп, кәдімгі, жеңіске жеткен палуандай кеттім. Ол менің арқамнан қағып, қазақша бірдеңе деді. Мен түсінбесем де оның болашақ палуандық өмірге сәт сапар тілеп тұрғанын сездім.

Мұнан кейін де Қажымұқан бірнеше кездесулер өткізді. Ол барлық белдесулерде кілемнен жеңіліссіз кетті. Оның техникасы мен тактикасына өте риза болдым. Осы чемпионатта Мұңайтпасов чемпион болды.

Оны халық өте құрметтеуші еді. Осы сый-құрметті мен Омбы циркінде көрдім. Күн сайынғы кездесуге билет әлдеқашан сатылып қоятын. Билет ала алмаған қазақ жігіттері цирк қызметкерлеріне тыным бермейтін. Бәрі де өз палуанының күш өнерін көріп қалуға тырысатын еді.

Біз Омбыдан көктем шыға тарастық. Мен осыдан кейінгі үш жыл ішінде Совет Одағының күшті палуандарының қатарына ендім. 1940 жылы Қажымұқанмен Петропавлдағы цирк үйінде тағы кездестім.

Үстінде түйе жүн шапаны бар, басында баяғы тақыясы. Чемпионат басшылары оның жарысқа қатысуын етінді. Бірақ Қажымұқан жасының ұлғайғанын айтып бас тартты. Мүмкін күрес ардагерінің демалғысы келген шығар. Әйтсе де оның әрбір қимылы әлі де тың екенін көрсетіп тұрды.

Мұны ол Отан соғысы кезінде көрсетті де, Палуанның мұндай игілікті ісіне өз басым қатты қуандым. Алып палуан әлі де көз алдымда. Оның темір үзетін сом саусақтары мәңгі есімде...




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет