Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»



бет7/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   34

Жазып алғандар:

Дендербай Егізов,

Аманкелді Құрақов.

Рақымбай КӘРІМБАЕВ

КҮНІ КЕШЕ ҒАНА СИЯҚТЫ
«Айда аяқ, жылда жілік жоқ» дегендей, желдей есіп, жұлдыздай аққан өмір зымырап өтіп жатыр. Енді санап отырсам Бақанастағы «Үш қоңыр» ауылынан Алматыға келгеніме бақандай қырық бес жыл болыпты (Естелік 1977 жылы жазылған. – Құрастырушы). Бұл бір адамның өмірі. Ол кезде жиырманың ішіндегі балғын жігіт едік, енді мінекей немере, шөбере сүйген егде қарт дәрежесіне жеттік. Бұған да шүкірлік. Дегенмен, осы азды-көпті өмірде есте қалған, өзім көрген кейбір қызықты жайларды бүгінгі жастарға айтып беруді мақсат еттім. Өйткені, мұның бүгінгі ұрпаққа берер тәрбиелік маңызы өте зор. Ол халқымыздың адал ұлы, жауырыны жерге тимеген, есімі бүкіл әлемге мәшһүр болған Қажымұқан палуан жөнінде болмақ.

Мен Қажекеңді ең алғаш рет 1934 жылдың май айында көрдім. Ол кезде мен Алматының көркемсурет театр училищесінде оқимын. Бір жағы музыкалы-драма театрында артиспін. Театр дирекциясы менің семьямның көптігін еске алып, Карл Маркс көшесі, № 119 үйден пәтер берді. Ол кезде бұл қол жетпейтін зор қуаныш. Көршім қазақтың белгілі жазушысы һәм аудармашы Қалмақан Әбдіқадыров екен. Мұны да ішімнен жақсылыққа жорыдым. Бірақ жаратылысында мейлінше мейірімді, дастарқаны мол болғанымен Қалмақан ағай бір көргенге түсі суық адам. Қазақ ауылында туып, үлкенді сыйлап өскенмен алғашқы кезде Қалекеңмен «ортақ тіл» таба алмадым. Көп кешікпей Қалмақанның үйіне Қажымұқан келіп тоқтады. Осы күннен бастап Қалмақанның үйі қан базарға айналды да кетті. Қажекеңе сәлем берушілердің саны бір сәт толастаған емес. Бұлардың көпшілігі қазақтың атақты жазушылары мен өнер қайраткерлері. Жазушылардан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иса Байзақов болса, артистерден Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, жастардан Шәкен Айманов пен Жағда Өгізбаевтар болатын. 1934 жылдың май айында осы күнгі «Көкбазардың» жанынан цирк ашылды. Бұған еліміздің қалаларынан атақты палуандар шақырылды. Бұлардың ішінде аттары бүкіл одаққа әйгілі - Миша Боров, Лавренов, Иван Шуфистов, Миша Рауль, Исмаил Хайрдинов, Николай Рублев сияқты әйгілі палуандар мен «Көк маска», «Қызыл маска» атанатын аты-жөні белгісіз алып палуандар бар. Ал Қажекеңнің өзі бір төбе. Осының бәрі сауықшыл жұрттың делебесін қоздырып, күрес жөнінде, Қажымұқан және басқа палуандар жөнінде ертегі тәрізді қала ішінде әңгімелер тарап жатты. Қажымұқан да маған үйір бола бастады. Оқудан, қызметтен қол босағанда Қажекеңнің жанынан шықпаймын. Бара-бара мені өзімен циркке апаратынды шығарды, Қажекеңе «қосшы балалық» қызмет атқарғанымды үлкен дәреже санаймын, сыртқа шығармасам да іштей мақтан етемін.

Мен бұл шағын естелікте Қажекеңнің барлық күресін, жұртшылыққа көрсеткен күш-өнерін айтып жатпаймын, өйткені ол еңбектеген жастан, еңкейген кәріге дейін баршамызға аян. Мен өзім көрген, түйген Қажекеңнің кісілік парасатына сәл ғана тоқтап өткім келеді.

Сол жылдары Қалмақан Әбдіқадыров «Мың бір түн» хиһаясын мықтап қолға алған еді. Көрші болған соң, бұрынғыдай емес, біріміз аға, біріміз іні дәрежесіне жеткеннен бері Қалекең өзінің творчестволық құпиясын, сырын менен жасырмайтын. Кешкі күреске барғанша Қажмұқан «Мың бір түн» хиһаясын тыңдауды әдетке айналдырған Қалмақан өзінің қоңыр үнімен «Мың бір түнді» оқып отырғанда Қажекең басқа дүниені ұмытқандай мүлгіп отыратын. Қыбыр етпейтін.

- Ей, Қалмақан, мен ұйықтап отырғаным жоқ, елтіп отырмын, тоқтама! - деген сөздерін мен де өз құлағыммен талай естідім.

Июнь айының орта шені болу керек, осындай қызықты сәтте отырғанымызда орталарында Кенен ақын бар, Сәбит, Қайнекей, Иса төртеуі Қажымұқанға сәлем беруге келді. Жаратылысында адам баласын жатырқап көрмеген Сәбең жарықтық аулаға тақпақтай кірді:

Кенен, Кенен дейді ғой елдің бәрі,

Қаладағы шулайды жас пен кәрі,

Төрт аяғы тең түсіп өлеңінің

Құлағымнан кетпейді салған әні.

- Жәкең мақтаған Кенен ақын сізге сәлемдесе келді, - деді Сәбит.

Қажымұқан мен Кенен ақын бұрыннан таныс болуы керек, екеуі айқара құшақтасып, ұзақ амандасты.

Мен Кенен ақынды бала кезімнен жақсы білемін. «Төскейде малы, төсекте басы қосылған» қатар отырған көрші ауылмыз. Бала кезімде Кенен ақынның әндерін, термелерін өз аузынан талай естігенмін. Бірі ақын, бірі батыр, бірі ділмар қауым әп-сәтте аула ішін той-думанға айналдырды да жіберді. Әуелі Кенен ақын өзінің кең тынысты, әдемі үнімен біраз сілтеп алды. Ден қойып тыңдаған жұрт, оның ішінде Қажекең дән риза. «Рақатқа бөледің, Кененжан, мұратыңа жет» деп балғадай қолымен Кененнің арқасынан қақты. Кенен де нар адам. Ол кезде екі иығына екі кісі мінгендей зор. Сәбит мәжілістің билігін қолына алып алған. Әңгімеден әңгіме тудырып отырып Қалибек Қуанышбаевты Қоянды жәрмеңкесінен бір-ақ шығарды. Қоянды жәрмеңкесі Қалибектің өнерге жолдама алған ортасы, Қалекең неше қилы дауысқа салып, отырғандарды күлкіге кенелтіп тастады. Қажымұқан да өзінің жастығын еске алғандай, алып денесімен селк-селк етіп күледі. Күл-кіден көзі жасаурап, ықылық атады. Сөз кезегі Иса Байзақовқа тиді. Исаны бұрын сахнадан бір-екі рет тыңдағанмын. Ал, дастарқан басында бірінші көруім осы. Иса туралы, Исаның ақындық өнері жөніндегі аңыз, әңгімелер жайына қалған сияқты. Мәнерлі сөздер бірінің үстіне бірі төгіліп жатыр. Сөз болғанда қандай сөз десеңізші. Бір сөзінде артық-кемі жоқ. Қошеметшіл Сәбит ағай алғысын жаудырып жатыр.

- Киіктің асығындай бойыңа осынша өлең қалай сияды-ей?! - деді Қажымұқан. Бір жағы сүйсініп, бір жағы еркелете айтты.

- Барлық күш-қайратты өз бойыңа жиып алғанда, өлеңді маған көп көресің бе? - деп Иса Қажекеңе қалжың айтты.

Сол күнгі кеш батқанға дейінгі отырысты қырық жылдан астам уақыт өтсе де ұмытқаным жоқ, бәрі кешегідей көз алдымнан кетпейді.

Көп кешікпей цирк жұмысын аяқтады да Қажымұқан бастаған палуандар басқа қалаға кетті. Менің атақты Қажымұқанды көруім осылай болып еді.

Соғыс бітісімен Алматы облысы ақындарының айтысы ұйымдастырылды. Көкпар тартылып, палуандар күресті. Ақындар айтысты. Осы тойда мен Қажымұқанды екінші рет кездестірдім. Бұрынғыдай емес, әжептәуір қартайыңқырап қалыпты. Еттері салбырап, әжептәуір кәрілікке бет бұрыпты. Куреске түспесе де Қажекең осы тойда күрестің бас төрешісі болды.

Мен қонақтарға тігілген. Көп үйлердің бірінде Манарбек Ержанов екеуміз қымыз ішіп отыр едік, астында күрең қасқа аты бар бір жас жігіт біз отырған үйге келді де:

- Осында Рақымбай Кәрімбаев деген жігіт бар ма? - деп сұрады.

- Бар.

- Сізді Әбдісәмет Қазақбаев жолдас шақырып жатыр.



- Неге?

- Білмеймін.

Аң-таң болған мен жігіттің соңына ілестім. Иін тіресіп тұрған халықтың қасына келсем, биіктеу төбешікте атан түйедей боп Қажымұқан отыр. Қасында Көкшетаудан келген атақты Байғабыл деген палуан. Сол кезде Байғабыл елуді қусырған, шикіл сары, қияқ мұртты, дене бітімі палуандарға сай, келісті екен. Алдында өзім сәл науқастанып жүргем. Атақты палуанға қарсы шығуға жүрексініп едім, тойды басқарушылардың бірі драматург Шахмет Хұсайынов пен осы күнгі тарихшы ғалым Тілеш Шойынбаев екеуі ерік бермеді.

- Жығылсаң, жасы кіші інісің, жер көтереді, жығылмасаң оны да көрерміз, - деп бой бермеді. Оған да көнбеп едім, төрде отырған Қажекең:

- Қорықпа, Рақымбай, күреске шық - дегені. Енді қарап отырсам, сол кездегі газеттер Байғабыл екеуміздің күресімізге біраз назар аударыпты. Сол 1945 жылдың күзінде республика басшылары осы күнгі «Алматы» ресторанының үйінде Отан соғысының жеңіспен аяқталуына байланысты үлкен банкет жасады. Осы банкетке құрметті конақ ретінде Қажымұқан да шақырылыпты. Бұл менің Қажекеңді ақтық көруім еді. Қасында жеті жасар Айдархан деген ұлы бар. Бала сыртта ойнап жүр екен. Сөз кезегі Қажекеңе тиді. Ол есік жақта тұрған Шәкен Айманов пен маған қарап:

- Баламды алып келіңдер! - деді. Далада ойнап жүрген баласы Шәкен екеуміз әй-шәйға қарамай Қажымұқанның қасына алып келдік.

- Осы азды-көпті өмірімнің елу жылын спортқа, классикалық күреске арнаған екенмін. Мен бармаған ел, мен баспаған тау кемде-кем шығар. 24 мемлекетте болып, сол елдердің 24 алтын медалін алдым. Алты қырдың астында жүрсем де, елімнің, жұртымның намысын бергем жоқ. Қазақта «жас өседі, жарлы байыйды» деген мақал бар. Біз болсақ енді қартайдық, асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Ендігі бар қызықты, үмітті осы отырған сендерден күтемін. Менің берер әкелік батам осы, қарақтарым, - деді Қажекең. Ыбырай Алтынсарин аталарыңның «Біз болмасақ, сіз барсыз, үміт еткен достарым» деген сөздерін сіздерге бағыштадым, - деп Қажекең сөзін аяқтады.

Қажымұқан сөзін аяқтағанда ақкөңіл Шахмет Хұсайынов:

- Апыр-ай, Қажекең де табиғаттың заңына мойын ұсынғаны ма? - деп Шәкең екеуімізге сыбыр етті.

Қазір Қажымұқанның мирасқоры баршылық. Өркені өскен ел әлі талай Қажымұқаның өсірер, мәпелер. Ал, біз көрген Қажымұқан теңдесі жоқ ірі тұлға еді.



Мұқатай ТОҚЖІГІТОВ

СЕМЕЙДЕГІ БЕЛДЕСУЛЕР
1926 жылдың жазы. Семей губерниялық сотының Қарқаралыдағы өкілі Әбіш Ақынжанов деген жездеме көмекші болып қызмет істейтінмін. Бір айлық көшпелі сот ретінде кеңсемізбен үдере кешіп, бәріміз Қоянды жәрмеңкесіне келдік.

Таңертеңгі мезгіл болатын. Қу тауының иығын ала күн нұры да шашырай көтеріліп келеді. Пар ат жеккен, трашмөңке арбалы жолаушы маған жақындап келіп тоқтады. Арба айдап отырған жастау жігіт бишігін бұлғап мені шақырды. Мен жақындай беріп қораптың ішіне қарасам, екі аяғын қораптың екі ернеуінен сыртқа қарай шығарып қойып, шалқасынан шалжиған күйінде бір алып жатыр. Бала күнімде көрген баяғы Қажымұқан қапелімде ойымнан шыға қалған екен, көшір жігіт:

- Әй, бала, Қажымұқанға тіккізген үй қайсы? - деді бет алдындағы киіз үйлерді нұсқап.

- Мына бір екі үй бос тұр, осылар болмас па екен, - деп барып сұрастырып сол үйге түсірдік. Қажекеңе есік ашып үйге кіргіздім, аман-есендескен соң жөнімді айттым. Әкемнің атын естіген соң-ақ, Қажекең мені бас салып бетімнен сүйді. Әкемнің Нұрланмен жақындығын, ал палуанның өзін баяғыда Нұрланның үйінде көргендігімді айтып, бастырмалатып жатырмын.

- Ойпырым-ау, қарағым, өз балам болдың ғой, - деп Қажекең қуанып кетті.

Ел құлағы елу емес пе, Қажымұқан келді деген сөз әп-сәтте жәрмеңкеге радиомен айтқандай тарап кетіпті. Жан-жақтан аттылы-жаяулы жұрт қаптап, Қажекеңнің жатқан үйін қоршап алды. Үйге сыймаған ел есікті көтеріп жіберіп, жабықтан қарап, киізді тілгілеп, палуанды қалай да көруге тырысты. Сонша көп халықты таратуға еш мүмкіндік болмады. Сондықтан Қажекеңді машинамен далаға алып жүріп көрсету керек жұртқа деп келісілді.

Әлі көз алдымда, есік алдында бір жарым тонналық ГАЗ автомашинасы келіп тұрды, сол машинаға Қажекең, жәрмеңке бастығы (аты-жөні есімде жоқ), Иса Байзақов, Әбіш Ақынжанов, мен, тағы бірнеше адамдар міндік те, Тоқпанның даласына қарай тарта жөнелдік. Сонда машинамен қосарлана, қиқу салып шапқан салт аттыларды көрсеңіз, жер қайысады. Бір жерге келіп машина тоқтады, халық машинаны шыр айнала қоршап алды. Машина қорабында жатқан дөңгелектің үстіне шығып тұрып, Иса Қажекеңді халыққа өлеңмен таныстырды.

Ежелден келе жатқан әдет бойынша жәрмеңкеде ат шаптырылады, палуан күрестіріледі. Палуандар күресіп болғаннан кейін Қажекеңнің күш өнері көрсетілді. Ортаға түмен арбасы әкелінді, оған сыйғанша кісілер отырды, санағанда 12 адам болды, 13-ші адам Қалибек Қуанышбаевты Қажекең «қамыт» қып мойнына салды да дәртеге жегілді. Екі дәртеден екі қабаттап байланған белдік қайысты аузына тістеп алды да, Қажекең арбаны бір-екі ырғап жіберіп, қырық пұт көтеретін қара атанша, маң-маң басып жүре берді: жақындау жерде жол жатқан еді, сол жолға жетуі-ақ мұң екен «тайраңдап, шауып» ала жөнелді. Онан соң ойын басқарушылар екі атты қамыттап, оларды Қажекеңнің екі білегіне жекті де, екі жігіт аттарды екі жаққа қарай бишікпен айдады. Сонда Қажекеңнің түйістірген қолдары жазылмады, аттар аспанға секіріп, ала алмаған соң ақырында арындап тынды.

Үшінші ойында Қажекең тақтайдан жасалған үлкен көпірдің астына кірді де, етпеттеп жатты. Оның үстінен он шақты салт атты адамдар олай да, былай да шауып өтті. Аттылар өтіп болған соң үстіндегі көпірді көтеріп Қажекең тұра келді. Ойын басқарушы:

- Қажымұқанның ендігі ойыны жәрмеңке басындағы қорған алаңда көрсетіледі, қазір бәйгі аттарды қарсы аламыз. Ал алдынан шығушы болмаңыздар, - деп жариялады.

Жәрмеңке үйлерінің орта шенінде таспен қалап қоршаған бір алаң болатын, сол алаңға халық сыймай маңайдағы үйлердің шатырларына шығып қарап тұрды. Қажекең шешініп алға шықты, төрт құбылаға қарап, бас иіп, сәлем етті. Сөйтті де, жерде жатқан қалыңдығы бір елідей арбаның шен теміріне жақындап келіп тұрды. Майра гармонь ойнады, Қажекең күй нақышына келтіре, баланың басындай бұлшық еттерін әрлі-берлі секіртті, сонан кейін әлгі шен темірдің бір басын аяғымен басып тұрып, екінші басын өз бойына таяу көтеріп алды да жіп орағандай жылдам-жылдам сол жақ қолына орап-орап жіберді, сол кезде темірге жабысқан тат шаң болып бұрқырап ұшты.

Бұдан кейін Қажекең қалың тақтайдан жасалған есіктің бір шетін тізесіне қойып, екінші шетін алқанымен тіреп тұрып, үстіне екі пұттықтан 20 гир қойғызды, мұны да Майра гармонының үніне сәйкес билетіп тұрды.

Қажекеңнің өзіне тән бір күрес әдісі болды. Қазіргі күресіп жүрген талапты жастар үшін сол әдісті айта кетудің, артықшылығы болмас деймін: Қажекең қарсыласының қашқақтаған еркіне қоймай реті бір келгенде оның басын өзінің оң жақ қолтығының астына сүңгітіп, жіберетін, сосын өзінің екі қолын қарыласының екі қолының астынан өткізіп, белінен қысатын да сол қалпында оны жерден көтеріп әкетіп үйіріп-үйіріп соғатын. Сонда қарсыласы екі жауырынымен бірдей кілемге сұлай түсіп, «көпір» әдісін жасауға мүмкіндік ала алмай қалады екен де, тек екі аяғын ғана шоршаңдата беретін.

Семейдегі циркке Қажекең бір емес бірнеше рет келіп күресті. Сол күрестерде оның бір жығылғанын өзім көрген емеспін.


Талиға БЕКҚОЖИНА

ӘНШІЛІГІ ДЕ БАР ЕДІ
1942 жылдың февралында Қазақ филармониясының бір топ артистері Жамбыл облысына гастрольге шықтық. Арамызда Қажекең де бар.

Біз көптеген аудандарды аралап, халыққа өз өнерімізді көрсеттік. Бізбен бірге Қажекеңнің жүргенін естіген жұрт барған жерімізде бар сый-құрметін жасап қарсы алып отырды. Оны көргісі келгендер біз тоқтаған үйге сыймай кететін.

Көпшіліктің сұрауы бойынша Қажекең қолына домбыра алып қоңыр даусымен өзінің сүйікті «Жонып алды» әнін айтады.

Атандым Қажымұқан бала жастан,

Ішінде империяның болдым асқан,

Кешегі Омскінің қаласында

Құлаттым қырық палуанды бір шалмастан...

Лирикалы баритон даусы құлаққа жағымды естіледі. Домбыраны шертіп тартады. Сонан соң орыстың «Сама садик я садила» деген халық әніне кешеді. Оны орындағанда домбыраны қоя салып екі қолын алға созып, алақандарын аударып-төңкеріп, бет пішіні мен денесін әннің ырғағына сәйкес қозғап, ойнақыланып кететін.

Бір жолы көрші колхоздың председателі келіп, «Бізге де соға кетіңіздер, колхозшылардың Қажекеңді көргісі келеді» деп өтінді. Біз онда барып ойын қойдық. Жұрт риза болып тарасты. Соғыс кезі. Машина жетіспейді. Сондықтан колхоз басқармасы бізді баратын жерімізге жеткізіп тастау үшін шөп тасуға арналған үлкен сатылы арбаға екі ат жегіп берді. Арбаға рюкзак, чемодандарымызды салып жеті адам отырдық. Бір кезде өзеннен өтуге тура келді. Мұздың үстінен қызыл су жүріп жатыр екен, аттар үркіп, аяқтарын баспай қойды.

Қажекең екі атты жетектен шығартып, арбаның артына байлатты да, арбаны үстіндегі адамдармен және жүгімен қоса арғы бетке өзі сүйреп шықты. Аяғында мәсі, су тізесінен келді. «Енді ауырып қалады-ау» деп бәріміз де қауіптендік. Бірақ Қажекеңе ол жолы ешбір ауру-сырқау дарыған жоқ.



Сәбит МҰҚАНОВ

КӨҢІЛДІ САПАР
Бұрынғы Қазақстанның Ақмешіттегі Бесінші съезге баратын делегаттары әуелі Орынборға жиналып, содан арнаулы поезбен аттанады. Басқа жақпен баратын поезд ол кездегі Қазақстан өлкесінде жоқ.

Делегаттар мінетін эшелон бірнеше күн бойына әзірленді. Газеттің тілшісі болғандықтан, осы әзірліктің бәрін мен көзімнен өткердім. Он екі вагондық бұл составта «салон-вагон» аталатыны екеу-ақ, біреуі – республикалық басқарушы партия қызметкерлері үшін, екіншісі – республикалық үкімет басшылары үшін, одан басқалары – купелі вагондар көрінеді.

Бұл составтың барлық вагондарының да сырты ұрандар жазылған қызыл маталармен әшекейленді. Әрбір вагонның есігінің алдына қызыл жалаулар ілінді. Вагондар сәнделіп бітіп, Ішкі істер комиссариатында делегаттарға орын бөлінген шақта, мен составтың орта тұсындағы бір вагонға отыратын болдым. Жүрер алдында байқасам, мен мінетін вагонға төрт қызық адамдар отырып жатыр: қазақтың атақты әншісі - Әміре Қашаубаев, атақты ақын-импровизатор – Иса Байзақов, дүниежүзінің чемпионы атағын алған цирк балуаны Қажжымұқан Мұңайтпасов, қазақтың мыңдаған әндері мен күйлерін жазып ап, әлденеше том ғып жариялаған композитор – Александр Затаевич. Бұлардың бәрімен де мен жақын таныспын. Вагонға кірсек: Әміре, Иса, Қажымұқан және бір делегатқа бір купе, Затаевич пен маған және екі делегатқа бір купе қатар келген екен.

Мен өз купеме кіріп орналаса бергенде, көрші купедден қаттырақ жуан дауыс естілді. Қажымұқан даусы екенін тани кеттім. Онымен жіңішке дауысты әлдекім жанжалдасып жатқан сияқты. Қарлыға, бажылдай шығуына қарағанда, бұл дауыс Исанікі болу керек.

«Бұлар неге жанжалдасып жатыр?» деген оймен, неге екенін білгім кеп, купемнен шыға бергенде, көрші купеден үрейлі кескінмен Әміре қашып шықты.

- Не болды?! – дедім оған.

- Ойбай, қарағым, - деді ол, - дүние бүлініп жатыр!..

- Не боп?

- Қажымұқан Исаны өлтірейін деп жатыр!..

- Неге?!


- Неге екенін артынан білерсің, бар да арашала, ойбай!

Түсі бұзылған Әміренің дауысы қаттырақ шыққан соң, «жаман бірдеме бар екен» деген оймен көрші купеге кіріп келсем, алдымда керемет көрініс тұр: биік /192 сантиметр/, жуан /214 килограмм/ денелі Қажымұқан талдырмаш, орта денелі /50-55 килодан аспас/ Исаны омырауынан қапсыра ұстаған қалпымен, төбесін вагонның паталогіне тигізе көтеріп тұр!.. Тегі, Иса аяқтарымен тепкілей бастаған ғой деймін, шалбарының екі балағын бір қолымен бүрістіре уыстап апты… Үнсіз түрде көзінің бақыраюына қарағанда, Иса қылғынып тұрғаан сияқты.

- Ойбай, ағатай босат! – деп, Қажымұқанның орта денелі адамның санына барабар жуан, ұзын қолына жармаса кеттім. Аузының үлкендігі табан қарыс, еріндері бір-бір кесек еттей, аттың күрек тісіндей жалпақ тістері сирей біткен Қажымұқанның сөздері балпылдай, орашолақ шығатын және «ш» мен «з» әріптерін «с» ғып, «ж» әрпін «з» ғып айтатын. Сондай тілімен, қолына жармасқан маған пілдікі тәрізді кішкене көзімен /Қажымұқанға ғана кішкене, қатардағы кісіге үлкен көз/ сығырая қарады да, арыстандай гүрілдеген дауыспен, көтеріп тұрған Исаны сол қалпында ұстап тұрып:

- Мына зындыны сығарасыс ба, зоқ па? – деді. Иса «өлдім» дегендей қырылдай бастады.

- Ойбай, шығарайық, босат! – дедім, жармасқан қолыммен қолын төмен түсіруге тырмысып. Түсіру қайда!.. Мендей тағы бір төрт-бес кісі асылса да илігер қол емес!..

- Шығарайық! – дедім мен, сонда да қолынан тартып.

- Ендесе босатайын, - деді де, Исаны ақырын қимылмен койкаға жатқыза салды. Исаның артистігі де болатын. Сонысы ұстап ойнауы ма, әлде шыны ма, талықсыған кескінмен койкаға сұлай кетті…

Не істеуге білмей қалған маған проводник жәрдемдесті. Қияғы ұзын бурылдау мұрты Тарас Бульбаға ұқсаған, бойы дембелше, жуантық бұл қартаң орысты тегі Әміре жіберген болу керек және өзі Қажымұқанды білетін болу керек, шалалау білетін қазақ тілімен сөйлене кірді.

- Ох, ты, түйе одногорбый, - деді ол, тік тұрған Қажымұқанның кескініне бір қарап қойып, - сен, - деді ол сұлап үнсіз жатқан Исаны нұсқап, - мына жагошкені үльтіреді!..

- Өлмейді, - деді Қажымұқан, - арақ берсем, зазылады…

Рас па дегендей Иса қимылдап қалды.

- Сен қасақса біледі? – деді Қажымұқан проводнике.

- Аз-мұздап.

- Білсең, - деді Қажымұқан купенің астыңғы екі койкасын түйенің табанындай жалпақ алақанымен кезек нұсқап, - осы екеуінің қайсысына зат дейсін маған?

- Да, пожалуй, на обоих не поместиться, - деді проводник Қажымұқанның денесін көзімен айнала шолып. – Но, мен бұған, - деді Исаны нұсқап, - урун тапқан…

- Сөйте гөр, айналайын орысым! – деді Қажымұқан.

Купеге Кир. ЦИК-тің секретары Аралбаев кіріп келді. Тегі, бұл купеде не болып жатқанын оған да Әміре айтқан болу керек, есіктен күле, сөйлене кіріп:

- Орын тар боп жатыр екен ғой батырға. Кеңейтеміз, батыр! – деді ол Қажымұқанға. – Сізді осы купеде жалғыз қалдырамыз да, өзгелерді басқа купеге шығарамыз.

- Бос купе бар, - деді проводник.

- Естідіңіз бе, батыр? – деді Аралбаев Қажымұқанға. Ол тура жауап берудің орнына.

- Мен бұларға қалай сыям? – деп астыңғы екі койканы нұсқады.

- Арасына тақтай салдырамыз, - деді Аралбаев. Проводнике: - Мүмкін бе өйту? – деп еді:

- Мүмкін емес нәрсе жоқ, - деді ол, Қажымұқанның денесін көзімен тағы да шолып, - қазір дежурный по вокзалға барады, айтады, тақтай алады.

- Бар, онда! – деді Аралбаев проводникке. – Тездет!.. Поезд қозғалғанша үлгер!..

Проводник шығып кетті.

- Былай болса қайтеді? – дедім мен Аралбаевқа, - проводник тақтай әкелсе, Қажекеңе төсекті кең ғып, купенің астыңғы жағына салдырсақ; жоғарғы орындар бос тұрса, өйткені, Қажекеңнің үстін аттап шығу қиын болар…

- Дұрыс, - деді Қажымұқан.

- Бос купеге Иса, Әміре, осы купедегі делегат… Айтпақшы, ол қайда?

- Мен мұнда! – деген дауыс естілді коридордан. Есіктен қарасам, Әміре екеуі қатар тұр. Мен сөзімді жалғастыра бердім:

- Және мен – төртеуміз барсақ; Затаевич қартаң және сырқаттау кісі, ол купедегі екі делегат та жасамыс адамдар, үшеуі оңаша қалса, бір-біріне тиышты болар.

- Мақұл, - деді Аралбаев.

Қайдан тез тауып, қалай үлгергенін білмеймін, проводник төрт сирақты жалпақ скамейка алып келген еді, биіктігі де, кеңдігі де вагон койкаларының арасына дәл келе кетті.

- Екі матрац әкелем де, қатар жаям, - деді проводник, - мына масты тұрғызыңдар, - деді ол Исаны нұсқап.

Проводник кете, сұлық жатқан Иса басын кенет көтеріп алды да:

- Әкел, әлгі жартыны! – деді, Қажымұқанға қолын ұсынып. Ол «зоқ» деп еді:

- Бересің бе, жоқ па? – деп, Иса тікіленіп орнынан ұшып тұрып еді:

- Әй, мынау қайтеді, кісі өлтіре ме? – деп, Қажымұқан жасқана берді.

- Бер, жаның барда! – деп Иса жағасынан ала түсті.

Қажымұқан:

- Өлтіре ме, әй, мынау? Айырыңдар! – деп, Исаға қол тигізбестен, барқырай қалды.

- Берсеңші, арағын! – дедім мен шегім қата күліп.

Бермек болған ниеті кескінінен көрінген Қажымұқан қолын кең шалбарының қалтасына икемдей бергенше, Иса қолын жып еткізіп, сол қалтаға сұғып жіберді де, жарты литрлік арақты суырып алды.

- Кет, сық, бәлекет, сонымен! – деп Қажымұқанның сілтеген қолынан шошығандай, Иса коридорға зып берді…

Қажымұқан да, біз де орналастық. Поезд жолға шықты…

… Әміренің дауысы осы поезд купесінің ішінде ерекше байқалды. Арқаның, оның ішінде Әміре әндерінің басы, Абайдың тілімен айтқанда «тым ащы», яғни биік айғаймен келеді. Әміре осы айғайға тар купенің ішінде шырқай жөнелгенде, қасында отырған кісінің құлақ қоңырауы жарылып кете жаздап, шыдарлық халдан асып кеткен соң, екі алақанын баса қояды. Бұл жоғары дауыстың созылғақтығы да ғажап. Оның дауысы үзбестен бірнеше рет жоғары көтеріп, бірнеше рет төмен түсіруге еркін жетеді. Сондай созылғақтығының, биіктігінің үстіне Әміре әндері өте назды, сәнді, құлаққа аса жұғымды болып отырады. Бұған дейін естіген әншілерімнен мен Әміреге тек Сандыбайдың Ыбырайын ғана теңей алам. Бірақ, Ыбырай мен көргенде қартайған адам болғандықтан, біраздан кейін дауысы бет тақтайы жарылған домбырадай дарылдаңқырайтын. Ал, Әміре «ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған» дегендей, ертеден қара кешке үздіксіз ән шырқаса да айнымай, әрбір әні әнді жаңа ғана бастағандай мүлтіксіз естіледі. Оның осы дауысына қызыққан басқа вагонның адамдары кезекпен шақырып әкеткісі келеді. Әміренің барғысы келгенмен, Қажымұқан босатпайды.

- Төй, тис отыр! – дейді ол, арыстандай өкірген жуан даусымен сүзіле, қаһарлана қарап қойып. – Қозғалма орныңнан! Ән еститіндер осында келсін. Кәне, тіл алмай көр, сирағыңнан ұстап, жерге соғайын!

Қорқа ма, сыйлай ма, Қажымұқанның бұйрығын Әміре екі етпейді. Біздің вагонның да, купенің де тамағы өте мол. Жолшыбайғы тоқтаған жерлерде халық алып шығатын дәмнің /көбінесе ет пен қымыз/ бірталайы біздің вагонға кіргізіледі. Бұнда Қажымұқан сияқты атағы жер жарған балуанның, Әміре сияқты атағы жер жарған әншінің, Иса сияқты атақты ақынның келе жатқанын білетін біздің составтағы жүргіншілер жолда тосқан дәмнің біразын осылай қарай жөнелтеді. Кейде Қажымұқан әңгіме айтып, кейде Иса жырлар жырлап, кейде Әміре ән шырқап… дегендей, ұйқы мен тамақтан басқа уақытта сауығы тынбайтын біздің вагонға басқа вагондағылар топырлай толып, көп уақытын осында өткізеді. Ұйықтаған шақтарда ғана болмаса, біздің екі купенің де есіктері жабылмайды, сыймағандары анталай коридорда тұрады…

… Иса ішкілігін бәсеңдеткен жоқ екен. Қажымұқан да, Иса да революция жылдары Семей қаласында біраз уақыт бірге тұрған деседі. Сол кезде сыр түйісіп, ашына-жай боп алуынан ба, әлде басқа себебі бар ма – Иса ішіп алған шақта Қажымұқанның тыймақ боп алая қарауына да, күрілдей сөйлеуіне де пысқыра қарап, мазасын алып бара жатса, төбелесе кетуден тайынбайды. Күш жағынан Иса Қажымұқанның шертуіне келмейтін адам ғой, сөйте тұра, Иса жағасына жармасқан шақта, тышқаннан қорыққан пілдей Қажымұқан қол қатпастан: «ау, мынаны тоқтатсаңдарсы!» деп, күжілдеп бақыра бастайды. Кейбір құтырынған шағында Иса маяға қонған қораздай боп, Қажымұқанның үстіне мініп алады. Егер, Қажымұқан сілкіп қалса, Исаның күлпаршасы шығар еді. Ол өйтпей: «Әй, мынаны қойғызсаңдарсы!» деп бақыра береді. Қанша «мас болды» дегенмен, қанша «басынды» дегенмен, тегі: «ашуланса батырып жіберер» деп қорқа ма немене, үстіне ойнақтағанмен, Иса Қажымұқанның жанына батырлық қимыл жасамайды. Исаның ішкен кезіндегі бір әдеті - өлсе ұйықтамау. Кейде қалғыған боп көзін жұмып, пысылдап демін мұрнынан алып отырады да, өзі туралы бірдеме айтсаң: «ә, не деп отырсыңдар?» деп, қанталаған көзін кең аша, ұзын өсіп ұйпаланған дудар шашын үрпите, едірейіп түрегеледі. Қалғымаған шақтағы әдеті: әлдекімге өшігіп байланысып алады да, жыланды аңдыған мысықтың көзіндей өткір, кішкене қара көзін айырмастан, тесірейе қарап қояды. Анау адамның тұрып кетуден басқа амалы болмайды. Сөйтетін Иса ішкен жағдайда да, талай кездесе жүре, маған не тілі тиген, не қолы тиген адам емес. Өрескел қылығына талай реет ренжи тұра, жырға сарқылмас бұлақтай ағатын Исаны мен де өмір бойы сыйлап жүрдім. Бірге сапарлас болған жолы Иса жанынан шығарған суырыпсалма тамаша өлең, жырларымен, даусы әдемі болмағанмен екпіндей, аса қызғылықты орындайтын әндерімен, вагондас, купелестің ғана емес, сол составтағы талайлардың құлақ құрышын есінен кетпейтін дәрежеде қандырды. Ол өмір бойы, ақындықтың осындай екпінді қарқынынан үдемесе, төмендеген жоқ.

Иса 1946-жылдың жазында қайтыс болды. Ол 1920-жылы Шарбану есімді ауыл қызына үйленген екен. Бұл – оқуы болмағанмен, артистік таланты бар, ақылды, әдепті, сыпайы адам болатын. Қазақ драма театрында ол бірталай рольдерді жап-жақсы ойнады. Исамен екеуі бір-бірін сыйлайтын еді. Өзгеге тентек Иса оған жуас еді, сондықтан, үй ішінде күтімді де болды. Шарбану 1930-жылы өлді. Содан кейін Иса өкпе туберкулезіне шалдықты. Оны ақыры осы ауру әкетті. Артында Мәкен дейтін қызы, Ертіс дейтін ұлы қалды. Қызы – актриса, ұлы – педагог.

Қажымұқанмен бірге болуды мен «Күш сапары» деп атар едім. Оның өмірі және балуандық әрекеттері туралы замандас жазушыларымның бірі – Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» деген ат қойып, басып шығарған кітаббы бар. Бұл – жұрттың ең қызығып оқитын кітаптарының біреуі. Сондықтан, мен бұл шығармада қалмақан баяндаған жайларды қайталамаймын. Менің баяндайтыным – оның менімен сапарлас болған шақта көрсеткен мінез, қылықтары. Өйтудің алдында егер Қажымұқанды алғаш қалай көруімді баяндай кетсем, артықшылығы болмас деймін.

1918-жылдың аяғы. Үскірік қыс. Мен Омбы қаласында бір жағынан жұмыс істеп, бір жағынан сабақ оқып жүрмін. Омбыда менің жерлесім – Қази Торсанов тұрады. Ол – Омбыдағы облыстық алашорда комитетінде милиция начальнигі. Саяси сауатым ол кезде оянбаған мен жерлес Қазидың пәтеріне көп барамын.

Бір барсам, үйінде қонақтар отыр. Солардың ішінде, Қазидың қасында, көп жылқы ішіндегі нар түйедей біреу отыр. Басы, беті, мұрны, аузы, құлағы, қол-аяғы… дегендей, бар мүшесі де зор денесіне сәйкес мол-мол біткен. Тек көзі ғана бет бейнесіне кішірек сияқты. Қази да ортадан биік, толық денелі жігіт болатын. Ананың қасында бұл да атан түйе қасындағы тайлақтай. Хозяйка – Кәмилә маған туыстау да. Содан:

- Мынау дәу кім? – десем:

- Қажымұқан, - дейді.

Оның атын бұған дейін де естігем. Жүзбе-жүз көруім осы. Мен ол кезде санатқа қосылмаған елеусіз бала жігітпін. Киім-кешегім де жөнсу, сондықтан, Қажымұқанның сөзін босаға жақта, үстел маңын төңіректеп ас ішкен, даурыға, қазына сөйлескен көпшіліктен бөлек отырып тыңдаймын. Өз сөзінде ол маған мақтаншақ адам сияқтанады, өйткені, «осы жасында 56 мемлекетте болып, 56 рет «дүние жүзінің чемпионы» атағын алған, осы атқа белгі – кеудесіне 56 медаль таққан». Дәл саны есімде жоқ, бірақ, медалы көп екенін және әр елдікі екенін кейін өзім де көрдім. Цирк бастықтары зорлап «жығыл» дегенде болмаса, бұны жыққан балуан дүниеде жоқ. Дүниежүзінің ең атақты балуандары үш жылда бір рет Гамбург қаласында жиналып, шын күрескенде, бұл бәрін де жеңген. Шұнақ боп қалған құлақтары сонда жыртылып, жалпақ еріндегі тыртықтар сонда пайда болған. Мәжілістегі біреу отырып:

- Шынымен, дүниеде сенен мықты жан болмағаны ма? – десе:

- Бір қыз болды, - дейді Қажымұқан. Канада қызы. Жігіттік дер кезімде кездестім. «Күшті қыз» деп естіген соң: «әуелі ауырлық көтерісіп сынайын» деп, әрқайсысын он пұттан – жиырма пұт кірді аспанға кезек-кезек лақтырып-қаршып тұрдым. Қыз менен кейін он бес пұттан отыз пұт кірді қаршыды. Содан кейін «бұның күші менен артық екен» деп жорыдым да, «қазақ әйелмен күресуді намыс көреді» дегенді сылтау ғып, күреске түспедім.

Қажымұқанның шынында да орасан мықты екенін кешікпей Омбы циркінде көрдім: темір жол рельсін түрегеп тұрған қалпында иығына теңдей артып, екі басына он-оннан жиырма кісі мінгізгенде, рельстің екі жағы да майысып, иілген бастары жерге тиеді; жуандығы білектей жұмыр темірді белііне орап, қайта жазды; ауырлығы он пұттық темір сапты балғамен жиырма бұттық диірмен тасын соққанда /сахнаға өзі көтеріп әкеп/, тастың күл-паршасын шығарды; шалқасынан жатып, төсіне жалпақ қалың тақтайды көпір ғып төседі де, екі қолымен екі тізесін тірек қып, «көпір» арқылы пар атқа жегілген, жүгі мол /«әрқайсысында 100 пұттан» деседі/ екі-үш арба өткізді, сол күні күрескен цирк балуандарының бәрін жықты. Олардың ішінде нелер алыптар бар деседі.

Одан кейін де Қажымұқанның талай рет ғажап күштер көрсетуіне куә болған мен кейде тілдесіп те жүргенмен, дәл мына Ақмешіт сапарындай әкей-үкей боп сырын ала қойған жоқ ем.

Енді Орынбордан поезымыз жылжи салысымен, маңына үйірілдім де, аз уақытта әмпей боп кеттім. Ол кезде мен арақ дегенге үйір емеспін де, қыстаса ғана азғантай татып, әйтпесе, ішпейтінім де. Өзі ішетін бола тұра, Қажымұқан бұнымды ұнатты. Оның үстіне көркем әдебиет дегеннен хабары аз ол жазушы дегеннің кім екенін ептеп аңғарады екен. Мені сондай жастың бірі деп естіген ол «мені де кәзетке заз!» дейді де, көбінесе қасында ұстауға тырысады. Кейде ол оңаша шүйіркелесіп те қалады. Сондай жағдайда, мені жассынбай, сырласа да қояды. Сонда білсем: әкесі Мұңайтпастың бар өмірі қазақ байларында жалшылықта өткен екен, өзі де бала күнінен жалшылыққа тұрған екен, ересек бола кәсіп іздеп, Қызылжарға кеп, бір татарға жалданыпты. Сол бай бір күні Есіл өзенінің алқабында үйілген маядан бричкаға жеккен пар атпен шөп әкел деп жіберсе, қайтарында ауыр жүкті бричка сазға батады да, аттар сүйреп шығара алмайды. Соған ызаланған Қажымұқан аттың біреуін ағашпен басқа соғам деп, өлтіріп алады. Содан кейін не істерге білмеген ол «тәуекел» дейді де, өлген атты көтеріп шөп үстіне салып, орнына өзі жегіліп, саздан шығарған бричканы қожасының қорасына алып келеді. Қожа ұрсу орнына қайран ғап, үкімет орнына «осындай алып адам бар» деп мәлімдейді, үкімет Қажымұқанды цирктің оқуына жіберіп, содан цирк балуаны болады деп кетеді. Оқуға кеткенде ол он сегіз жаста болады. Бұнысына документі бар.

Менімен сапарлас болған шақта Қажымұқан қырықты толық орталаған адам. Өзінің айтуынша, қырық жасқа жеткенге дейін денесіне май бітпей, түйін-түйін бұлшықеттері тастай қатты екен.

- Қырықтан асқан соң, - дейді ол, - шарлана бастадым. Одан кейін денем жуандағанмен, салмағым кеміді.

- Қазір қанша тартасыз? – деп сұрайды әңгімелескендер.

- Айтуға да тұрмайды, - дейді Қажымұқан.

- Дегенмен?

- Зеңілденіп қалдым деп отырған зоқпын ба? – дейді Қажымұқан жекіп.

- Сонда да?..

- Қазір екі жүз он төрт-ақ килограмм тартам, - дейді Қажымұқан мұңайғандай.

- Аз деп ойлайсыз ба оны?!

- Қайратымның толық, денемнің қатты кезінде екі жүз жиырма килограмм тартқан кезім болған еді.

Сөзге доғалдау, бірақ, әңгімесі қызғылықты Қажымұқан сөз арасында «мынау пәлен жерде, мынау түген жерде түскенім еді» деп, қалтасына пачкалап салған, толып жатқан фотокарточкалар көрсетеді. Оларының да көпшілігі қызғылықты. Оқушыларға біреуін ғана баяндап берейік.

Аяғына қазақы етік, үстіне мол қазақы күпі, басына қазақы үлкен сеңсең тымақ киген, сақал-мұрты қаудиып өскен, былай да биік, жуан денесі әлгі киімдермен тіпті жуан көрініп, шөптің биік үйген шошағы сияқтанған Қажымұқан үш қасқырды оң қолымен, үшеуін сол қолымен желкелерінен қапсыра ұстап, басынан асыра жоғары көтеріп тұр!.. Сібірдің үлкендігі тайдай қасқырлары?.. Биік бойлы Қажымұқан бастарын жоғары көтергенмен, қасқырлардың құйрығы жерге шұбалады!..

- Бұл қайдағы қасқырлар? – деп таңдана сұрай қояды фотоны көрушілер.

- Тыңдаңдар, айтайын, - дейді Қажымұқан.

- Ал, тыңдалық, - деп қоршағандар тын бола қалысады.

Айтпақшы, оқушыларға ескерте кетпей, ұмытып барады екенбіз, Қажымұқан да ішетін адамның біреуі. Бірақ, оның нормасы да, салты да Исадан басқа. «Ең көп ішті» дегенде, Исаның жетер мөлшері жарты-ақ литр. Одан әрі басына ие бола алмай қалады. Ал, Қажымұқан «таңертең – бір, түсте – бір, кешке – бір рет қана ішу керек, одан артықтың керегі жоқ» деп, күнделік үш астың алдында ғана болмаса, басқа уақытта арақты аузына алмайды. Ол осы үш кездің әрқайсысында өндіре тартады. Әрбір ішуде оның дағдылы нормасы – бір ширек, яғни – үш литр. «Қызба-қыз» боп кететін шақта ғана болмаса, одан артық ішпейді. Ондай шақ кездессе, ширектің екеуін қопарып кетеді. Арақты ол рюмке түгіл стақанмен де ішпейді. Оның мас болған белгісі – сөзшеңденіп кетуі ғана. Жайшылықта сөзге доғал ол, көбірек ішсе шешенденіп алады да, өзі ғана сөйлеп, басқаны үндетпей қояды. Әдетте ақылды сөзді аз айтатын ол осындай шағында ғана жүйелі, есті әңгімелерді баяндап кетеді. Мастығының және бір белгісі – бетінен тер құйылады да отырады, әңгімесі аяқталғанша, ұзындығы сала құлаш орамалды малшындырып болады. Етті қанша жеуін төменде көресіздер.

Біздің бұл сапарымызда ет пен қымыздың да мол екенін оқушыларға жоғарыда ескерттік. Қажымұқан қымызды да ішкіш, етті де жегіш. Біреулердің арақ ішсе – қымыз іше алмайтын, қымыз ішсе – арақ іше алмайтын әдеті болады ғой. Қажымұқан оның екеуін де араластыра соғады. Қымызға «түп жоқ» десең сыярлық, үлкен аяқпен таңертең кешке шейін сіміруден жалықпайды. Етке де мешкей – піскен бағланның етін жеп қою оған түк те емес. Әсіресе, майды сұмдық көп жейді. Және ол басқа жегіштердей майды шайнаусыз қылғымайды, тұз шайнаған түйедей, аузын көпірте, малжаңдайды да отырады. Қозының кішігірім тегендей құйрығын мыти үзіп, ол екі-үш ретте асап бітіреді. Бұл жесіне өз жүрегі айнымағанмен, қарап отырғандардың жүрегі айнып, талайлар Қажымұқан етін жеп болғанша купеден шығып кетеді.

Ішіп-жем жайын бұл арада сөз ғып отырған себебіміз – Қажымұқан мешкейлігінің үстіне тамақсау адам. Қарны олқы түссе, ол әңгімеге де топастанады, айтқан кеңесінің қызығы да болмай қалады. Сондай жайын білетіндер оны тойғызып алып сөйлетеді. Бұл жайын тыңдаушылар біле қоймаса: «Ау әуелі аздап қаузалып алайық та!» деп, өзі ескертіп қояды. Жолшыбай станция сайын ағылып кеп жатқан мол қымыз бен етті оның осы жайын білген жұрт купесіне апарып, сусындатып, тойдырып алғаннан кейін, әңгіме соқтырады. Әлдекім күн бұрын хабарланып қоя ма немене, арақ та жолшыбай мол келіп жатады. Қажымұқан қасқыр жайын әңгімелеуден бұрын, сөзді әрірек бастап:

- Қалшақ қашқан, қызыл келген жылдың қысы еді, - дейді, - заман ауқымын еркін түсіне алмай, түсініп болғанша жата тұрайын деп, Кереку /Павлодар/ оязындағы қыпшақ ағайындарымның ауылдарына бардым да жаттым. Аздан кейін де ашыға бастадым. Мен ғана емес, шаруасы шағындардың бәрі де тарықты, оған себеп: өткен жылғы жаздың тақыр болуы, сондықтан, малдың қыста жұтай бастауы, ерсілі-қарсылы жүріп соғысқан ақтар мен қызылдардың егінді ордырмай жапырып кетуі. Қазақтың «ағайын бар болсаң – көре алмайды, жоқ болсаң – бере алмайды» деген мақалы бар емес пе? Жұтаған, азықсыз ел мені де ұзақ асырай алмады… Сөйтіп, жүдей бастаған шағымда, «Словгород қаласына цирк келіпті-міс» деген хабар естідім. Соған кеткім кеп, ауқаттылау бір момын адамнан ат пен шана сұрап алдым да, әйелімді қасыма ертіп аттандым. Былай шыға байқаймын: аттың қатынды ғана сүйрейтін шамасы бар. Мен де мінсем, ұзаққа жүрер түрі жоқ. «Жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, қорап салған шанада қатынды ғана қалдырдым да, өзім атты жетелеп, жаяу жүрдім.

- Қыстың іші – қырау, - деді Қажымұқан аз кідіріп, жасаураған көзі мен көбіктенген езуін сүртіп ап. – Қыстай боранның көп болуынан ба, әлде жолаушының аздығынан ба, ауыл арасының күртік басқан нашар жолынан адамның да, аттың да аяқ басуы қиын. Бірақ, баспағанда амал жоқ, «жол алыс деп жетпеймісің» дегендей, Словгородқа жетпеуге амал жоқ. Сондықтан, өзім де қинала тұра, жетектеген атым болдырыңқыраған шақта алдына шөп тастап, азырақ шалдырып алам да, ілгері қарай жылжи берем…

- Апырай, қиын болған екен! – деп қояды тыңдаушылар.

- Ұзын сөздің қысқасын айтайын, - деді Қажымұқан, - бірнеше күннен кейін Керекуден әрі асып, сібірлік орманға кірдік. Қонып, түстеніп… дегендей, баптанып жүретін уақытымыз бар ма? Ат шалып, тыныс алса болды, күн демей, түн демей ілгері сырғи береміз… Бір күні түнде ұзақ жол бізді қалың орманның ішіне әкеп кіргізді. Ай жарық, үскірік аяз… Әлден уақытта атым осқырынып, тоқтай қалды. «Бұл не?!» деп қарай қалған шақта, төңірегім ұйытқыған боран боп кетті!.. Боран ішінде от сияқтанған әлденелер жылтылдайды!.. «Апыр-ау, не болды?!» дегендей, төңірекке барлай қарасам, бізді қалың қасқыр қамап, артқы аяқтарымен қар шашып жатыр екен… От – солардың көздері.

- Мөлшері қанша екен? – деген біреуге:

- Көгендеп қойған қой ма, біріндеп санайтын? – деді Қажымұқан жекіп. – Қайдан білем қанша екенін? Әйтеуір, көп!..

- Бұл тегі, қасқырдың ылығатын кезі екен ғой, - десті біреулер, - ондай кезде арлан қасқырлардың қаншық соңына топталып еретіні рас. Жалғыз кездескен адамды сондай шақта қамап, қаруы сай, аты мықты болмаса, жеп те қояды.

- Сонымен не болды? – деседі біреулер Қажымұқанға.

- Болғаны сол, - деп жауап береді Қажымұқан, - мен өзім осы күшіме, осы денме қарамай – қорқақ кісімін, сонда өңгеден емес, жыртқыш аңнан қорқам. Әсіресе – қасқырдан. Қасқырлар жаңағыдай қаптап кеткеннен кейін, жетектеп келе жатқан атты тастай беріп, әйелім отырған тоқыма тал қораптың ішіне қалай кеп жата қалғанымды өзім де білмеймін… Сол кезде қамаған қасқырлар атымды шыңғыртып жарып жатқанын құлағым естиді, бірақ, тұруға дәрменім жоқ – тұлабойым безгек болған кісідей қалшылдап барады. Үстін баса жығылған әйелім «тұншықтым» деп тыпырлайды, оны да тыңдар шама жоқ…

- Қап, мына кісіні-ай! – дейді әркімдер ыза болғандай. – Тұра сап қайрат қылса ғой, қасқырлардың бірнешеуін соғып алады!..

- Өзім де сөйттім, - деді Қажымұқан.

- Қалай?! – дейді жұрт шу ете ғап, - енді сонны айтшы.

- Айтса, қасқырлар атты жеп болды ма, болмады ма, білмеймін, оны місе тұтпағандай, кейбіреуі үстіме шығып, сыртқы күпімді дарылдатып айыра бастады. Сол кезде жан ұшырғандай, қораптан атып түрегелгенімде, басыма қарай екі қасқыр шапши берді. Жанталасып қайрат қылам дегенде, екеуінің де қолыма желкесі ілігіпті. Сол кезде екеуін де қатты сүзістіріп қаппын… Тағы екі қасқыр жармаса бергенде, мыналарды лақтырып жіберіп, оларды да сүзістірдім… Сол кезде менің қайратымнан шошынғандай болған қасқырлар бытырап қаша жөнелгенде, енді еркінсіп ап, ұмтыла беріп ем, қолыма біреуінің сирағы, біреуінің құйрығы ілігіп қапты…

- Болды қызық! – дейді тыңдаушылар ду ете ғап. – Иә, сонымен!..

- Екеуін де үйіріп-үйіріп, шанаға соқтым…

- Міне, ер! – деп жіберді сүйсінген біреулер.

- Сонымен, қысқасы, жаңағы алты қасқырды да өлтіріп қаппын, өзгелері қашып құтылды.

- Алты қасқыр аз емес, - деседі жұрт.

- Сонымен, - дейді Қажымұқан, - өлген қасқырларды шанаға салып, қатыным мен бәрін Словгородқа жаяу сүйреп апардым.

- Бәрекелді, - деседі жұрт қол шапалақтап жіберіп.

- Словгородта цирк бары рас екен, - дейді Қажымұқан, - бастығы және көп адамы танысым екен. Олар мені құшақ жая қарсы алды да, әуелі біраз тойындырып, содан кейін қызметке қосты. Соққан қасқырларыммен суретке сонда түстім…

Әрине, әлемге әйгілі күш құдіретіне қарағанда, Қажымұқанға алты қасқыр түк те емес. Бірақ, мен бұл айтқанына нанарға да, нанбасқа да білмей, аң-таң болдым…

…Съезге келген делегаттарға арналған, айналасы биік кірпіш қорғанмен қоршалған, оның ішіндегі бірталай үй күйдірген кірпіштен салынып, шатырлары қаңылтырмен жабылған жайлар екен. Бұл үйлер – жуық араға дейін жындыхана болған. Қазақстан үкіметі орнағанда, мекемелері жайғасуға осыдан қолайлы үй қалада болмағандықтан, жындыхана Ақмешіттен қырық километр жердегі «Аламесек» аталатын бір орынға көшірілген. Делегаттар осы үйлерге сыйғанынша орналасты да, қалғандары жаз бос тұрған мектеп сияқты мекендерге жайғасты.

- Сен, бала, - деген Қажымұқан маған вокзал қасында өткізілген митингте, - қайда орналассам да, менімен бірге боларсың.

- Мақұл, - дегем мен. – Иса мен Әміре ше?

- Ол зындардың керегі зоқ, қайда орналасса да мейлі.

Қажымұқанға да орын жындыханадан бөлінген екен. Оған «зоқ-зоқ, зын-сайтан орнаған зерден қорқам! Өлтірсең де бармаймын!» деп, қорасына да кірмей, сырта бақырып отырып алды.

- Ал, сонда, қайт дейсің? – деген комиссия бастығына: - Сырағым, маған бір оңаса үй тап. У-судан аулақ, қаланың сетіндегі бапты үй болсын. Қонақасыны жұрттан жей жатармыз, - деді.

Ондай үйді амалыз таппақ болған комиссия бастығының:

- Жақсы. Болсын. Сонда жалғыз жатамысың? – деген сұрауына:

- Мына Сәбитті берсеңдер болады, басқа кісінің керегі зоқ, - деді.

Комиссия Қажымұқан екеумізді қаланың батыс жағында «Айрамбақ» аталатын кең бақшаның әлдене түкпіріндегі қазақ үйіне апарып орналастырды. Қам кесектен яғни шикі кірпіштен салынған бұл кішкене үйде мен ұзақ отыра алмайтын болдым. Оған бір себеп: үйдің қаладан жырақтығы, ертелі-кешті қатынасуы қиын болса; екінші себеп: - Қажымұқан маңайының мазасыздығы. Оны «ертегінің батыры» көрген, немесе «аруақ орнаған әулие» көрген жұрт дамыл алмастан, «сабалап – қымызын, астаулап – етін…» дегендей, мол қонақасысымен күні-түні дамыл таппай келеді де жатады.

Съезд біз Ақмешітке келгеннен үш-төрт күн кейін ашылды. Осы кезде Қажымұқаннан қашқалақтай жүре, мен қаланың іші-сыртын түгел кезіп шықтым.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет