Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»



бет8/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   34

Леонид МАРТЫНОВ

АҚЫЛМАН АЛЫП
Хинтон кітабының соңғы жағынан жоғарыдағы жарнамасымақтан оқығаннан кейін жарты ғасыр өткенде ғана ғарыш дәуірі басталған еді. Ал, жекпе-жек жүйесі мәселесімен өмір ертеректе қақтығысуға мәжбүр етті. Бұл жәйтті Ертіспен жоғары қарай екінші рет саяхат жасаған кезде әлдеқашан жазғым келіп құлшынсам да, оның бүкіл майда-шүйде, бүге-шігесін еске түсіре алмай, пұшайман болдым. Енді алдыңғы тарауды оқу үстінде «Жекпе-жек жүйесі» түгел ойға оралып, қаз-қалпында еске түсті.

Төңкеріске дейін Петроградта А.Вознесенский деген ақын болатын. Байырғы ленинградтықтар, бәлкім, оны ұмытпаған шығар. Мен тәптіштей сұрай бастағанда, ленинградтық бір таныс әйел: - Мүмкін, ол қара сақалың сахнагер Юреньеваның күйеуі болар, - деп құтылды. Сол ма, жоқ ол емес пе, 1919-жылы кеме үстіне көтеріліп бара жатып, оның бұдан екі жылдай бұрын «Жаңа Сатириконның» соңғы сандарының бірінде жарияланған өлеңі қайта-қайта есіме түсе берді:



Масқара үшін кек алатын күш кімде?

Биліктегі орындалса сона шарт.

Дүр сілкінген астананың үстінде,

Шықса, шіркін, енді жаңа Бонапарт.

Дүр сілкінген астана деп ақын Петроградты пайымдаса, ешқандай жаңа Бонапарт өз жалауын көтерген жоқ. Бірақ, мен тұрған Омбы қаласының үстінде басқа емес, адмирал Колчак уақытша болса да оған ауыр басып, басты кент етіп жариялап, соған ұқсас туды желбіреткенін түсіндім. Сол себепті, бұл қаладан мүлде қарамды батыру қажет еді. Менің көзқарасым бойынша, оның себеп-салдары жетіп жатыр. Әлі әскер қатарына шақырылуға жасым жетпей, гимназияның төртінші сыныбында жүрсем де, желіккен әулекі топтың қысымына ұшырадым. Біріншіден, қыстыгүні заңды ұстазым ойланып тұрып, сыпайы ғана менің атеист екенімді бағамдап, оның өзі ең алдымен маған қауіп-қатер әкелетінін тұспалдады. Екіншіден, гимназия директорына менің сенімсіздігімді ашық айтып, бетіме басқан самаралық қашқын – тіл пәнінің мұғалімімен тәжікелесіп қалғаным бар. Алайда, ең бастысы, кертартпа күштер әр түрлі шалағай бейнелерде мені садақа жинауға, әскерге тарту-таралғылар жасауға тартып, бірнеше мәрте алдарқата берген соң, жандәрмен жалтарсам да, одан үсті-үстіне бас тарта беру мен үшін де, онсыз да қам-қаракеті көп ата-анам үшін де ыңғайсыздық туғызатынын сезіндім. Сөйтіп, уақытша бой тасалай тұруға бекіндім. Былтыр сіріңкеден алып-сатарлыққа үйреткенде әбден зәразап еткен, қап-қап мейіз бен Верныйдың алма қағына қарқ болу үшін Семейге шақырған мұстақам ағайым Дмитрийдің сол өтінішін қабыл алсам, оп-оңай шешілетін шаруа бұл. Оның үстіне «бара ғой, әбден үйкүшік болып неғыласың, бақша баптап, не балық аулап, демалып қайт!» деп әке-шешем де жік-жапар құптай кетті.

Сонымен, мен тағы да Ертіспен жоғары өрлеген кемеден бір-ақ шықтым. Шағын шамаданымды ұстап, траппен көтерілдім. Бірақ, енді былтыр Дмитрий ағаммен сапар шеккендей үшінші класты каютада келе жаттым. Каютаға кіргенім сол еді – неге екенін қайдам, қасымдағы екінші жолаушымен жүріп-тұруым қиын екенін түсіндім, оны жонарқасынан көргеннің өзінде, маған құж-құж кесек құрыштан құйып қойғандай әсер етті. «Ғафу етіп, орналаса беріңіз!» деп төсек үстіне шамаданымды тастай салып, палубаға көтеріліп кеттім.

Сол аралықта кеме тұмсығымен көткеншектеп, қамалдың қалқасына тап келіп, Омның сағасынан шығып, Ертіспен жоғары қарай өрлей бастады. Мен айлақ алаңында сорайып тұрған радиомачтаға, Колчактың одақтастар салып берген тұрақжайына қарадым, отағасының басыбайлы баспанасы кірпіш-бөренелі қала жағалауындағы алқаптың ту сыртында өңкиіп тұр еді. Одан соң вокзалдан әрі қала орамының еңісінде «Альфа Небель» жермай қоймасы мен паровоз түтініне тұмшаланып, сұрқай қуыршақтай ұйлығысып, Атаман хуторы созылып қалып бара жатты. Оның қарсысында - өзеннің арғы жағында ақсүйектердің ордасына ұқсас Куломзино, қыста ғана жұмысшылар көтерілісін аяусыз басқан Куломзино стансасының элеваторлары апайтөстеніп, тәкаппарси түсіпті. Ақыры кеме темір жол көпірінің астынан өткенде, кешкі аптаптың шаңды мұнарына шомылған Омбы көрінбей қалды. Бірақ, мен Ертістің қоймалжың суы бетінің жыпыршып, толқындардың тебіскенін қызықтап, палубада ұзақ тұрдым. Сонан соң, тұмсықтағы салонда дастарқан жая бастағанын терезеден байқап, каютаға кірмей, тіке мейрамханаға тартып, бұйырған бір шеттеу орынға жайғастым.

Бұның бәрін елу бес жыл бұрынғы емес, тап күні кешегідей айқын есіме түсірдім. Әйтсе де, түгел тәптіштей суреттеп, одан әрі не болғанын қазбалап жатпаймын. Таяқ тастам тұсқа үріп ауызға салғандай екі сүйкімді жанның – апалы-сіңілі ме, немесе тәтесі мен жиені ме, бір-бірінен айнымайтын, біреуі ересектеу, екіншісі мүлде бүлдіршін қыздың жайғасқанын бенелеп, аузымның суын құртпаймын. Олардың төңірегінде жас офицер айналшықтап жүр. Бикештерге: «Мені прапорщик мырза деп атамауларыңызды өтінемін. Жәй ғана, ғафу етіңіздер, Володя деп атаңыздар» дегенін құлағым шалды.

Сол сәтте каюталас көршім, жонарқасынан ғана көрген алып адам кіріп келді. Енді жүзіне көз жүгіртіп, оның еуропалық емес, азиялық екенін шамаладым. Әлгінің үлкендігі соншалық, салондағы шарайнаға ойлы пішінмен тіпті таяу жақындағанда, шағылысқан бейнесі сыймай кетті. Ол сонысынан ыңғайсызданады ма, терең тыныстап, одырая бұрыла қарап, мені танып, үстеліме келіп жайғасты. Сонан соң, мен өзге бүкіл салондардағыдай, бұл азиялықтың бөгде емес, Омбы шаһарының құлақтандыруларынан түспейтін артист балуан, әлем чемпионы Қажымұқан екенін түсіндім.

Бір шөлмек лимонад алдырып, дәу басына көтере салып, есептесіп, ұйықтайтын уақыты әлдеқашан жеткенін сылтауратып, тұрып кетті. Бірақ, салоннан дәлізге шығып, каютаның есігін сәл ашып, қайтып келді де, маған тіл қатты:

- Мә, саған кілт. Мен іштен бекітіп аламын, ал, сен қалағаныңша серуендей бер!

Ол сөйтті де біржола кетіп қалды.

Салонда қалғандар маған сұрақтар жаудырды. Соншама алыптығына қарамай, маған өзімсініп «сен» дегеніне қарап, бір каютада келе жатқан соң мені де цирке қатысты деп есептеп, балуанның не ішіп-жейтінін, қайда баратынын, оның әлем чемпионы екенінің растығын сұрай бастады. Мен циркте істемейтінімді, небәрі гиманзида оқып жүргенімді айтып түсіндірсем, Володя прапорщик Отанға қызмет етуге бармағанда, ол да гимназия тауысып, студент болуы мүмкін екенін тәптіштеп жатты. Бұдан кейін маған деген жұрттың әуестігі бәсейіп, қол созымда күйсандық тұрғандықтан, әңгіме саз бен әншілікке аусып кетті. Бұл арада кеме қышқырып қойып, ымырттағы айлақта Шарбақ па, әлде Үрлітүп пе пайда болып, барлығы жапырласып, палубаға көтеріліп, мен жабық есіктің аржағынан Қажымұқанның дүниені көшіргендей қатты қорылы естіліп жатқан каютама бет алдым.

Прапорщик Володяға ілесіп, одан да ғизатлы тағы бір офицер штабс капитанның көзге түскені болмаса, келесі күн де ешқандай оқиғасыз өтті. Олар әлгі бикештермен және әмпейлесті; қыздар қайда бара жатқанын әңгімелесе, штабс-капитан төңкерістің бұрқаныстарынан бой тасалай тұру үшін бұндай беймезгіл уақытта Семейден Талдықорғанға қалай жетуге болатынын айтып, әкесіндей жалбақтап жатты. Штабс-капитан бұл әңгімеге Қажымұқанды да қатыстырды.

- Міне, бәлки, балуан мырза, даланың даңқты перзенті қалай оңай жетуді білетін шығар.

Бірақ, әлем чемпионы спорттық үлгіде тігілген костюмінің астындағы қақпақтай жауырынды иығын қушитып: «Талдықорған! Жақсы, өте жақсы» деп әлденеше қайталап, ебедейсіз иіліп, бүгіліп каютасына кіріп кетті. Ал, Володя прапорщик қалған жағдайға қожайын бола кетіп, әңгімені қайтадан саз мәселесіне қарай бұрды. Ол ойын-сауық қоюды ұсынды: оның ойынша, апалы-сіңілінің бірі /шынында да олар апалы-сіңілі болып шықты/ ән шырқап, екіншісі оны сүйемелдейтін болар, алайда, қыздар одан ат-тонын ала қашқанда, өзі гитараны жанындай жақсы көретіндіктен, егер ол бола қалған зәусайтан жағдайда, әрі ойнап, әрі ән айтатынын да мәлім етті.

Сонда ғана Володяның офицерлікке дейін гимназист болғанына күмән туды. Әрине, бұл мейілінше дүдәмәл, ақымақтық күмән еді. Ол жалпының емес, тек жеке қарақан бастың тәжірибесіне ғана негізделген болатын. Гәптің бәрі мынада, мені қоршағандар – біздің ортамыз, біздің жақын таныстарымыздың ортасы, жеме-жемге келгенде, менің үлкен ағамның тұрғыластарының арасында гитараға онша мойынсұна бермейтін. Тіпті, мен рояльдай, органдай, арфадай, скрипкадай аспаптардың ішінде, тым асқақ саз саясында өстім деп айта алмаймын. Жалпы, күйсандыққа біздің құрқылтайдың ұясындай кішкентай үйімізде орын тимеген болар еді. Ең ары дегенде, біздің грамафон Листтің жетінші рапсодиясын ойнағанда қырылдайтын, қалай дегенде де сүйікті күйтабақ Шуберттің «Естідің бе, тоғайда бұлбұл әні» еді.

Бірақ, сөйте тұра біздің ортада гитара бойкүйездіктің, тоғышарлықтың нышанындай есептелетін, менің бауырымның жолдастары, сауатты гимназиялықтар, футуризм мен төртінші өлшем туралы баяндама жасайтын әдеби үйірменің мүшелері буржуа мен безбүйректерді сынай отырып, өздерінің музыкалық мұқтажын окрайнмен-браунингке ұқсаған жеті тесігі бар қыш түтікше арқылы қанағаттандыратын. Бұл окраиндар /италияның «окраина», яғни, «қаз балапаны» деген сөзінен/ соғыс пен төңкеріс алдында бізде керемет таралған болатын. Прапорщик Володя гитараны жақсы көретінін дауыстап айтқанда, мен жартылай қалжыңдағансып, меніңше гитара семинаристерге лайықты деп салдым. Сөйтіп, өз мәлімдеуімді қалай қабылдауын күтпей-ақ, салоннан шыға жөнелдім.

Тағы да бір түн өтті. Келесі күні Павлодарда кемеге, сөз атымынан байқалғандай, жаңа ғана Әулие крест қосынына кірген көп әскери және жартылай әскери жас жігіттер отырды. Мен олар туралы біраз естіп едім, енді Жасыл жарты айдың емес, Әулие крестің нақ қосынын өз көзіммен көріп келемін. Тіпті, олардың бірімен кеме дөңгелектері жамылғылары арасындағы төменгі палубадағы дәмханада таныстым. Бұл жігіттер үшінші және төртінші класты орындарға жайғасыпты. Және олардың бірі сыпайы, татыранқаралау жасөспірім еді, мүмкін, ол дайын асқа тік қасық болып дағдыланып қалған шығар, әйтеуір, белгісіз бағытқа кетіп бара жатып, трюмде қысылып-қымтырылып болса да, дәмхана жаймасының алдында сырға қытырлауық нанды басытқы етіп тұрып, ағыл-тегіл сыр ақтарды. Оның осынау жорыққа еркін-күштеу түрінде тап болғаны байқалып қалды. Мәселенің төркінін түсіне қойдым: егер мен он төрт жасымда гиназиядағы патриоттық іс-шараларға қатысудан бас тартып, ата-анамды ыңғайсыздандырмау үшін Омбыдан қарамды батырсам, бұл он сегіз жасар павлодарлық Митрофанушканың алдаумен тұзаққа түскені айдан анық. «О, егер әкем мен шешем болмағанда ғой» деп айдаладағы дүкеншінің әлгі бақытсыз үрім-бұтағы көкиді. Ныспысы Костя еді. Оны ешнәрсемен байырқалатпай, жоғарғы палубаға шығып, бұл жолы Павлодардан отырған офицерлермен лықа толы орталық салонға бас сұғып, одан тұмсыққа қарай өте бергенде, апалы-сіңілілердің кішісін байқап қалдым. Қыз:

- Алты фут, бес фут, сонымен бітті! – деп анда-санда айқайлап, тұмсыққа жақын оналасқан форштебеннің қасында итшілеп әуреленіп, сырықпен тереңдікті өлшеген матросқа қарап тұр еді.

- «Сонымен бітті!» деген не? – деп сұрады қыз.

Мен азан шақырып қойған есімі Самуэл клеменс бола тұрып, Миссисипи өзеніндегі тереңділікті өлшеп, «Мерка два!» - «Марк Твен!» - деп матростардың айқайлағанына байланысты Марк Твен бүркеншік атын алғанын түсіндіре бастадым. Бірақ, бұл әңгімеміз прапорщик Володяның келуімен кілт үзіліп қалды.

- «Бейуақытта гитарамен келе жатыр!» - деп ол біздің алдымызда әндетті қаздиып. – «Та-ра-ра-ра, там-там, та-та-та-там, әнімменен жас сұлуды оятам». Сонымен, гиназист мырза, гитара кімге таңсық? Семинаристерге? Тағы кімдерге?

- Кеңседегілер мен телеграфистерге, - мен де қалыспай, ілгешектеп жатырмын.

- Тағы кімдерге? – деді ол төбеден түскендей дүңкілдеп.

- Жазғыштарға! – дедім мен де көтеріліп.

- Жақсы! – деді ол. – Мен сатисфакцияны талап етемін! Түсіндің бе? Сені мен жекпе-жекке шақырамын.

- Ал, немен шайқасамыз? – деп сұрадым мен.

- Семсер жарайтын еді! – деді ол жауап қатып. – Бірақ, оларды қайдан аламыз? Соңынан ойласа жатармыз. Кешіріңіз, бикеш!

Соңғы сөзді оған арнап айтса да, әлгі қыз зым-зия суға батқандай жоғалып кетті. Ал, жігіт болса мені қолтықтап, қайдағы-жайдағы емес, тұпа-тура капитан мінберіне жетелей жөнелді, сонда ғана прапорщиктің соншама мас екеніне, нашар пайымдайтынына көзім жетті. Дегенмен, ол өз шешімін шегелеп, қисынды түсіндіргендіктен, ондайға қимадым.

- Америкалық жекпе-жек! – деп пысықтады ол. – Семсер, найза, не пистолет болмағандықтан, біз бір-бірімізді ең жоғарғы палубадан құрдым иірімге тастаймыз. Түсіндің бе?

Алайда, біз мінбеге көтеріле алмадық, өйткені, артымыздан қатқыл дауыспен бұйырған өктем үн жетті.

- Сенің кері қайтуыңды бұйырамын, прапорщик!

Айқайлаған штабс-капитан болатын. Ол жалғыз емес еді. Мен апалы-сіңілілі қыздардың екеуін және маған бейтаныс офицерлерді, Қажымұқанның өрт сөндіргендей әлемтапырық жүзін байқап қалдым. Қыздың кішісі үрейленіп, бәлкім, екінші кластағы бүкіл жолаушыларды шақырған болар, тіпті қарына сүлгі ілген даяшы да көрінді. Офицерлер Володяны жұмарлап, мейрамханаға сүйретіп әкетіп, америкалық жекпе-жекті болдырмаған сүйкімді қызбен бетпе-бет қалдым.

- Сіздің әпкеңіз қайда? Салонға кетті ме? – деп сұрадым мен жан-жағыма барлай қарап. – Ол жаққа бармаңыз. Қарсы болмасаңыз, Сізді каютаға дейін шығарып салайын.

Мен оны жарығы көмескі дәлізге енгіздім. Дәл сол сәтте қарсы беттегі салоннан штабс-капитанға Володяны әкетуге көмектескен, маған бейтаныс офицерлер шыға келді. Онымен қоймай, және бірі бізді нұсқай ишаралап, қарқылдай дауыстап жіберді.

- Енді бұларды үйлендіру керек!

- Олардың некесі қиылсын! – деп айқайлайды тағы біреу.

Бәлкім, олар әзілдеген шығар. Бірақ, қалжың түгілі сіркем су көтермей келе жатыр еді. Серігім әлсіз былқ-сылқ етіп, қолыма асылып, салбырап тұрды да қалды. Ол сүйріктей нәп-нәзік қыз болатын. Жалма-жан менің алдымда каютаның есігі өзінен-өзі ашылғандай.

- Бұл Сіздің каютаңыз ба? – деп сұраддым қыздан. Ол маған: «Иә, осы!» деп қостап үн қатқандай көрінді.

Каюта мүлде бос болатын. Көзіме ешқандай зат түспеді, алайда, көп ойланып тұруға уақыт жоқ еді, есікті ішінен қаусырып, дер кезінде әрекеттенгенімді сезіндім, өйткені, оның сыртынан топталып, масайған дарақы үндер естіліп жатты.

- Жақсы жатып, жайлы тұрыңыз! – дегенді естідім мен, қызды бос төсекке жатқызып жатып.

Онан соң олар есікті тықылдатып тұрып, тұрып, шуылдаса кетіп тынды. Олар, бәлкім, кетпей, демін ішке тартып, жасырынып тұрған болар деп ойладым, қарсыдағы бос жатынжайға қонжия кетіп. Не қылсам екен? Біріншіден, қызды өз каютасына әкелмегенім анық. Екіншіден, қызды қолма-қол әпкесіне тапсыру абзал.

- Есікті іштен іліп тастадым, бұнда кілт жоқ, енді ашуға тырысамын, - дедім. – Шығып кетісімен, мейілінше тастай етіп жауып алыңыз.

Бірақ, қыз тіл қатпай, мен одан сайын абдырай түстім. Ол естен танды деп ойладым мен. Оған үңіліп, пысылдақ шараптың дәмін тұңғыш татқан қыздай беймарал ың-шыңсыз ұйқыға кеткеніне көзім жетті. Әрине, сілікпесін шығарып ішкізген олардан палубаға қалай қашып шықты екен, ал, әпкесі болса қайтадан салонға кіріп кеткен-ау. Оны іздеу қажет. Енді мынау ұйқыдағы жанды қалай қалдырып кетуге болады?

Сонда ғана мен мүлде балалық жасауға бекініппін. Есік жабылғанын тексердім де, онсыз да қатты қиюласқан терезені әрең дегенде аштым, соның өзі маған жеткілікті сықылды. Айналаны шолып, палуба бос екеніне көз жеткен соң, әйнектен қысылып-қымтырылып шықтым да, жақтауды ақырына дейін жаппай, қайта кіру үшін сәл саңылау қалдырып қойдым. Кенет ойламаған кездейсоқ жағдай болды. Ең алдымен дүмпуді естідім, салонда ғана емес, екінші және үшінші класқа жататын тіпті төмендегі палубадағы дәмханадағы ыдыс-аяқтардың сыңғыры құлаққа келді. Сонан соң ысқырық шалынып, айқай-шу шығып, қоңырау соғылып, дабыр-дүбір күшейді. Адамдар каюталарынан сасқалақтай қашып шығып, тұмсыққа қарай қаптады. Сонны күткендей, жоғарыдағы рупордан жанайқай естіліп тұрды:

- Жолаушы мырзалар, тұмсықтан былай кетіңіздер! Кеме қапелімде қайырлап қалды!

Тіпті, бір жолаушы ышқынып жіберді:

- Жеңілдеу үшін, оны түсіріп кеткен жөн.

Бірақ, балуан оған жиіркене қарап, ләм-мим демей, асықпай палубамен алға қарай жәйімен аяңдады. Бірнеше қадам жүрді де, артына үнсіз бұрыла қарап, бейне бір басқаларды өзімен бірге шақырғандай, қолын өктем сілтеді. Ең қызығы сол, әлем чемпионы ілгері жете бергенде, кеме пәрегі шыркөбелек айналып, артқа қарай шегініп, қайырдан шықты.

Алайда, машақат онымен біткен жоқ еді. Жолаушылар енді ғана каютасына кіре бастағанда, дәлізде сіңлісін іздеген әпкесі пайда болды. Мен қуанып, оған қарай үкідей ұштым. Сіңлісінің аман-сау екенін, бүкіл қарбаласта ештеңе болмағандай қатты ұйықтап жатқанын айтып, абдырай түсіндіріп, толқып тұрғанымды қаперіне де ілген жоқ сияқты.

- Ол мынау каютада. Қазір қас-қағымда палубаға көтеріліп, терезеден түсіп, іштен ашамын, - дедім мен басалқы айтып. - Әзір, демде!

Бірақ, қыз әпкесі қолыма жармасып, қатты қармап алды.

- Жоқ, Сіз ешқайда бармайсыз! Түсінсем бұйырмасын! – деп айқайлады ол мен нұсқаған каюта есігін жұдырығымен соққылап.

Әбүйір болғанда, лезде тағы да Қажымұқан тап бола кетті. Келіншектің есікті сабалағанын, оған ешкімнің ашпағанын көріп тұрып, құдіретті күш иесі жеңіл ғана итеріп қалғанда, әпкесі кішісінің, әлде сіңлісі үлкенінің құшағына кіріп кетті ме, оны түсінбей қалдым, бар ұққаным: оқиға у-шусыз, әдемі аяталды.

- Жүр, ұйықтаймыз! – деді әлем чемпионы маған. Ол азиялық ақылман еді, барлығын үн-түнсіз түсініп, тәжікелесіп жатпады.

Біз каютамызға оралдық. Кеме жүрісін үдете түсті. Әркім өз тағдырымен ұшырасу үшін, әр жаққа жүзіп келе жаттық. Егер біз шатастырып, басқа балуан болмай, өзі болса – мен Қажымұқанның арғы тағдырынан түк білмеймін. Прапорщик Володя мен Талдықорғанға бара жатқан апалы-сіңілілердің де не болғанынан еш хабарым жоқ. Бірақ, бірнеше жылдан кейін мен көшеде сол түні кемеде өз иығын өзі жұлып жеп жүрген Костяны кездестіргенім бар. Костя маған сол сапарда ақырғы баратын жері Семейге жетпей, түздегі таныс қазағына қашып кетіп, соңынан қызыл әскерге кіріп, тіпті комсомол мүшесі де болғанын айтқан еді.



Дихан ӘБІЛЕВ

ҚОҢЫР ТАУ ТӘРІЗДІ
І
1924-жыл. Қыркүйек.

Аты дүниежүзіне жайылып, аңызға айналған палуан Қажымұқан біздің Баян қаласында да сан рет болғанын үлкендер хикая етіп айтып отыратын. Ал, өз басым бала күнімнен-ақ Баян қаласында сан рет сандал қағып жүрсем де, үш-төрт жыл орыс мектебінде оқысам да, мүмкін ол тұстарда да Қажекең Баянға келіп-кетіп жүрсе де, көре алған емеспін. Өтірік сөз – жанға қас. Мұндай естелікте имандай шыныңды ғана айту керек. Сөйтіп, мен Қажекеңді 1924-жылы ғана көрдім. Онда да Баянда емес.

Ол тұс алыс аудандағы мен тектес жастардың жылы жақтан қайтқан тырнадай тізбектеліп, үлкен қалалардың біріндегі оқуға түсуге қанат қағатын кезі болатын. Біз, Баян қаласының түбіндегі Мойылды ауылынан оқуға аттанған төртеуміз. Ересегіміз Сейітқазы Әбілғазин /Отан соғысында қаза тапты/, одан соң Мұқаш Шонабаев, Жағыпар Шалабаев. Нар жеккен ырдабан арбамен Керекуге /Павлодар/ үш күнде әрең жеттік. Тортай Жұмағұлов деген жүкші туысымыздың пәтер үйіне түсіп едік. Сол күні Омбыдан келе жатқан «5-Октябрь» кемесінің Семейге жүретінін біліп, Тортай ағамыз бізді дереу аттандырмақ болды, арбакеш жалдап, біздерді пристань басына алып келді.

Менің пароходты туғалы бірінші рет көруім. Ертегілерден де естімеген кереметім тәрізді. Бұл қыстаудың ол шетінен бұл шетіне жететін ұзын тұрқымен кесе көлденең – жағалауға жанаса кеп тоқтаған аппақ шағаладай кеменің астылы-үстілі қабаттарының шам жарықтары самсап жарқырап, ашық түнгі аспан жұлдыздарындай күлімсіреп қызықтырады. Шатыры төбесінен көкке мойын созған жуантық трубадан қою қара шудалар баяу шұбалып шығып, ұйысып көтеріледі. Кемеден Керекуге түсетіндері мана түсіп болып, ілгері баратындары жиектегі сатармандардан ұсақ-түйек азық-түлік сатып алып жүр. Жауырындары жаңбырлы бұлт түнеп өткен көк жартастай жүкшілер арқаларындағы ершіктеріне жүк тиеп, көтеріп шығып жанталасып жүр.

Жолаушылардан шығарып салушылары көп жағалаудағы халық сапырылысын мен өзіміздің Баянауылдағы Сабындыкөлдің көктемгі сеңі сапырылысындай көрдім. Біреуді біреу кимелеп, қақтығысып пароходқа ентелейді. Оң жағымызда, биік бағана басындағы электр жарығында бір топ адам оқшау тұр. Тортай ағаға білдірмей, мен соларға көз жүгіртем. Өйткені, Тортай ағай қимылы шапшаң, мінезі қияңқы, өжет. Өзіне жақпаған іске отқа түскен тұздай шырт ете қалған шағында жаны жарып түсетін жасындай. Бұл кісінің ол мінезін төртеуіміз де жақсы білетінбіз. Қазір ол бұрынғысынан да әрі шапшаң, әрі шадыр көрінді. Бұлай болу себебі, алты-жеті жылдан бері осында – Керекуде орыс, татар көпестерінің малайы боп жәбір-жапа шегіпті. Соған шыдамай, соңғы жылдары пристаньда жүкші болып істейді екен. Биыл осы пристань басындағы кәсіподағы ұйымының бастығы бопты. Әлігі оқшау тұрған топ кісілердің ортасында жазыққа біткен жалғыз тау сияқты алып адам тұр. Қасымдағы балаларға:

- Ананы қара! Көрдіңдер ме? – дедім.

- Қажымұқан! – деді Сейітқазы. Бұрын Баянда көрген екен ол.

- Барып… сәлем берейінші! – деп ыңғайлана беріп едім, Тортай аға:

- Тәйт! – деп зекіп тастады. – Қазір кемеге кіргізу басталады. Жайыңа тұр! Сәлемшілін мұның.

Жым болдым.

Тортай аға біліп айтқан екен. Кемеден кемеге өткізетін жиылмалы көпір-тақтаймен жұрт бірін-бірі лықсыта итермелеп кетіп жатыр. Балапандарын бастаған әтешше Тортай аға соңынан бізді дедектете ертіп, алдындағыларды киіп-жарып ілгерілей берді. Ақыры пароходқа кірдік-ау, әйтеуір.

Төменгі қабаттағы зал ығы-жығы адам толқыны. Омбыдан келе жатқан жолаушылар да аз емес екен. Керекуден мінген біздерге бос орын қайда! Кейбір пысықшалар аңшы тазыдай сып етіп тінте сүзіп жүр. Кейбіреулері асытылы-үстілі нардың бірінен бос орын тауып алып та жатыр. Жеткен жерімізге шүкірлік етіп, еденнің төргі жақ жалаңаш төсінен біз де орын тептік.

Кеме «Жүремін!» - деп барылдай, дауыстап… ырғала бастады… «Иә, сәт!» дедім ішімнен. Сол бір минөт менің балаң сезіміме қуаныш құйғаны сонша, көзімнен жас шығып кеткендей еді. Өйткені, пароходтың осы бір алғашқы ырғалысы менің арманымның жаршысы тәрізді – Семейге жетіп, оқуға да түсіп, бақыт құшқандай лүпіл соғады жүрегім. Кемеге мінгесін, ол ырғала қозғалғансын Семейге жету деген сөз боп па! Семейге жеткен соң, оқуға түспеу деген не!». – Қас-қағымдағы ұшқыр қиял осылай алып-ұшып, шалқып, бақытты еткенімен, мен ол жолы оқуға түсе алмадым. Кешігіп барыппыз. Орын толып қалыпты. Бұл өз алдына бір ащы әңгіме.

Жаңа ғана ырғала қозғалған кемеміз қайыра шегініп, тоқтай қалғандай болған. Жұрт: «бұнысы несі?» десіп жатқанда:

- Қажымұқан мініп жатыр! – деген дауыс естілді. Жалт қарастық.

Орнынан қозғала берген кеме соған қайырылған екен. Кеме ішінде қауға тиген өрттей дүр етіп, гүрілдеп-гүрілдеп сөз гулеп кетті.

- Адамның алыбы ғой! Уһ! – деп демін ішіне тартып қалғанда… Кемені өзіне қайтарып алған ғой.

- Е, қой әрі, жоқты айтпай.

- Демімен емес, қолымен шығар.

- Ой, мисыздар. Жоғарыда бәрін қарап тұрған капитан бар емес пе. Соған қол былғап кемені қайырып алған шығар.

- Осы сөздің жаны бар.

- Мен де солай ойлаймын. Қажымұқанды танымайтын жан бар ма!

Осылай да осылай, кеме ішін гулеген сөз тіл кескендей тыйыла қалды. Пароход есігінен әрең сыйғандай алып денелі адам кіріп келе жатқанын көрдік. Қасында талдырмаш қана әйел бар.

- Қажымұқан!

- Палуан!

- Қасындағы әйелі болар.

- Оны қайдан білесің?

Біздің желке тұсымызда, нардың төменгі сәкі-төсегіне орналасып жатқан таңқы мұрын сары кісі:

- Керекуде әлі екі-үш күн болам дегені қайда?

- Оны қайдан білесің?

- Кеше Қоянкөздің лавкесінде қымыз ішіп отырғанда, өз аузынан естігем.

Жұрт, біріне-бірі сығылыса палуанға жол ашты. Нардағылардың әрқайсысы-ақ:

- Мұнда, менің орныма келіңіз, палуан! – деп жатыр. Сонша алып денелі, алып күш палуанда түк дөрекілік жоқ, сыпайы күлімсіреп:

- Ойда-жоқта боп қалды бұл өзі. Кешігіп кірген өзім кінәлі. Өз жазамды өзіме тарттырамын. Жерге отырам! – деп, дәу шамаданын еденге қойып, әйеліне:

- Мынау сені көтереді. Сен мынаған отыр! – деп еді, оны халық хан көтеріп әкетті. Астылы-үстілі нар сәкі төсек босатылып берілді. Менің екі көзім Қажымұқанда. «Адамзатта да мұндай алып болады екен, ә?» - деймін ішімнен.

Қалың қыртысты күж-күж қоңыр маңдай да тершімепті. Пәлендей тәкаппарлығы да жоқ. Жәй, қарапайым көпшіліктің бірі тәрізді. Әйелін төменгі сәкі төсекке отырғызды да, өзі үстіңгі сәкінің қырына білегін артып, түрегеліп тұрған бойымен жан-жаққа от орнындай үлкен, қоңырақай көзін жүгіртті. Басқаларды қайдан білейін, ал, мен палуанды көз алмай бақылаудамын.

Ертіс толқындары еркелете тербеткен ақ кеме жорға бесік тәрізді ырғап жортып келеді, жалғанның бұрын мен көрмеген бір рақаты, ақ жаулықты ананың көкірегінде аяланған нәрестедей маужырағың келеді. Бірақ, өзіңді ұйқыға қиғың келмейді. Мына ғажайыптарды ояу сезінуге ынтығасың. Ақ кеменің қос доңғалағы сылп-сылп сымпылдап, айналып-жортып, асау Ертісті алқынта сапырып, ағынға қарсы зулауын ол сәтте еш нәрсеге, еш тірлік иесіне теңей алмадым. Таңдана бердім.

Өзен төсінде жанған жұлдыздай, анда-санда қызарған оттарды көргенде «су тәңірі суды от қып жағып жатқан болар ма!» - деймін ішімнен. Сөйтсем, ол отар кеменің жүзер жолын көрсеткіш алау екен.

Буыншақ-түйіншектегі азық-түлігімізді ақтарып, алға қойып, қайнаған су әкеліп, шәй ішіп, қаужанып жатырмыз. Көз қырымызды Қажекең жаққа салып қоямыз. Ол кісі де әйелінің қасында түйенің үстіңгі ерніндей жырық та қалың ерінімен шәй ішіп отырды. Бір кезде сонау бір қарсы қатардағы шал-кемпірдің қасында отырған жас балақанды көзі шалып, дастарқанынан бір уыс конфет алып, Африка пілдерінше мамырлап басып барды да:

- Мә, балақан! – деп балаға берді.

Баланың атасы мен әжесі:

- Япыр-ай, бұлай да болады екен ғой! Ал, құлыным! Ала ғой! Батырдай бақытты болады екенсің. Ықыласы саған түсіпті ғой осында! – десіп жатыр.

Палуан олардан бері қайтарында маған неге назары ауғанын сайтаным білсін, мұрнымды саусағымен сипап қысып:

- Оқуға барасың ғой ә, бала? Әке-шешеңнің үмітін ақта! – деді жуан даусымен.

Мен сасып қалдым. Ештеме демедім. Ағынға қарсы түйе аяңындай мамырлап қана жүзген ауыр кеме таң ата жетті Ермаққа. Ертеңіне күнімен және түнімен, тағы күнімен жүзіп келеді. Біздің жүрек Семейге асығады. Соның бір күнінде ұзын бойлы қара шұбар, көзінде пенснесі бар қазақ интеллигент келіп, Қажымұқанға сәлемдесті де:

- Аға, мұныңыз не, мұнда отырғаныңыз. Мен сізге жоғарғы каютадан орын әзірлеттім. Жүріңіз, жеңгей екеуіңіз! – деді.

Қажымұқан ылай судан жеріген пілше:

- Бармаймын, шақырғаныңа рақмет, азамат. Мен Семиярда түсем. Жақын қалды оған! – деді.

- Семейге беттеп келеді емессіз бе!

- Семейге екені Семейге. Бірақ, мені әлгі Дайырдың Хасені қонаққа шақырған. Соған берген уәде бар, сонда түсем. Семиярда.

Қара шұбар, шоң мұрын қарсы қайырған шашын сілкіп, алақанымен сипап қойып:

- Қаже-еке, олай болса ылаж не, бірақ та, енді ең болмаса қонағым болыңыз ресторанда! Жүріңіз! Өтінем, - деп қиылды…

- Қажымұқанда екі айту болмайды. Бармаймын деді ме, жаңа! Ендеше сол!.. Сен осы, естуім бар еді, Тулақпай деген бір жылпос оқыған бар деп? Сол емессің бе?

Анау қысылап, желкесін қасыды да, қызараңдап:

- Өзіңіз біліңіз! – деп қипақтап… тұрды-тұрды да, қайтып кетті. Ертеңінде күндіз, Күн тас төбеден күзгі нұрын барынша күлімдеп құйып тұрған шақта Қажымұқан жоғарғы қабатқа көтеріліп, палубаға шықты. Балапан жан қандай әуесқой. Біз де көтерілдік. Ғажап, палуабаға тұрып өзен үстін көру ғажап екен ғой. Көкжиек көмкерілген әсем күймен жан тербейді. Ар жағында бұдан да кереметтер жатқанына меңзейді. Кеме сымпылдап, Ертістің ағынын қарс айырып жүзіп келеді. Қажымұқан күзгі самарқау ескен самалға қарсы керіле есінеп, рахаттанады. Кейде оның рахатпен ыржиған қалың да жыртық еріні қараша жел желпіген үйдің қара түндігінше көтеріліп, желпініп қояды. Мен, жанына жуықтай алмай, алысырақтан қарасам да, сонша рахат, сонша бір өлшеусіз бақыт иесі тәріздімін.

Не керек, ол бақытым ұзаққа бармады. Семиярға келіп те қаппыз. Қажымұқан палубадан:

- Уағда – Құдай аты. Хош тұрыңдар. Мен осында түсем! – деп, төмен кетті. Соңынан бізде төмен жылжыдық.

- Бұл кісінің құрмет ететіні қандай адам екен?

Орта бойлы, қара торы, сыпта келген, ағылшынша мұрт қойған, ширақ жүрісті, көз жанары түнгі жарық жұлдыздай өткір нұрлы да жарқын жігіт пристань аузынан қарсы алып, жиектегі ат арбаларға бастап кетіп барады.

- Бұл кім?

- Дайырдың Хасені.

- Оның аты кім еді?

- Қарапайым қазақ азаматы!

Үлкендер әңгімесінен ұққаным:

Дайырдың Хасені Ертіс жиегіндегі халық ішінен шыққан ер азамат. Шалқар дәулет иесі адам емес. Семияр құмдарында қарбыз егіп-өсіріп еңбек еткен, соның молшылығын ұқсата білген, сөйтіп, паром ұстаған, басқа жерлерге сал ағызып, ағашын, қарбызын өткізіп, дәулеттене бастаған, алайда, «Дәулет құмар емес», азаматтыққа құштар жігіт екенін айтысып жатты үлкендер. Оның мекені Ертістің батысында Семиярдан қырық шақырым жерде екен. Қажымұқан келуіне арнап он бір киіз үй тіктіріп, әзірленіпті, - десті.

Мейлі, бәрі солай-ақ болсын. Хасен тәрізді азамат қимылына жаным риза. Бірақ та, бірақ та, менің көкірегім күрсіне берді. Қажымұқаннан айырылып қалу мені көп күрсіндірді.

Мен түнгі жапанда жалғыз қалған жетім балаша құлазып қала бердім.

Кеме алға жылжыды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет