Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»



бет9/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   34

ІІ
Келесі жылы.

Мен тағы да Семейдемін. Былтыр /кешігіп қалғандықтан/ оқуға түсе алмай, елге - үйге қайтып барғансын, көзі қарақты әкем мені биыл сәуір айында Семейге бара жатқан бір жолаушыға қосып жіберген.

Жаз ортасы. Құдамыздың құдасы Мәкен қымызшының үйіндемін. Ол үй жаңа. Семейдің Жоламан жағында болатын.

Көк шатырлы, көлеңкелі іргесіндегі ұзын скамейкада «Таң» жұрналындағы «Жеті шатыр жақсы қаланы» оқып отырғанмын. Әңгіменің бұл тұсы Әміре әншілігін сипаттайтын молдір төгіліс көзі екен. Бас көтермей, жұрналдан көз алмағым келген осынау рақатымды көшенің жан-жағынан ағылып, қарсыдағы Ахметжан қақпасына кіріп жатқан адамдар дабыры, гулі де дулы сөздері бөліп жіберді.

- Бұ не?

Жалт қарадым. Иә, адамдар. Ертіс толқынындай ағылып келіп, кең қақпадан қақтығысып кіріп жатыр. Сөздерін құлағым шалады:

- Өй, сабаз! Сөйтпесе, Қажымұқан бола ма?

- Соны айтам-ау!

- Алдыңғы күні полковник аралында көрсеткен күш-ойынына бара алмай күрсініскен мына кәрі құртаң біз үшін ғой мұнысы. Тілеуін берсін! Өркені өссін палуанның!

- Біздің тілегімізді жеткізген ғой біреу өзіне!

- Айналып кетейін, әлігі Әміре болса керек: «Жаңа Семейдің жасы үлкендері – бізге неге көрсетпейді екен, Қажымұқан күш ойындарын. Біз – кәрілердің арал-маралға барып жүре алмайтынымызды білсе нетті?» - дегенімізді жеткізсе керек! Сол тілегімізді ілтипат еткені ғой бұл, айналып кетейін, палуан.

Көшенің орта шенінде осылай сөйлесіп тұрған мосқал екі кісі біріне-бірі:

- Әңгіме кейін. Кірейік!

- Иә, адам көп, сыймай қап жүрерміз! Жүр, - деп қақпаға қарай елпеңдей баса жөнелді. Жұрналымды қолыма оқтаудай жұмарлап, бүктеп қысып, мен сонда тарттым.

Кең қақпа, ашық қора. Бұл – қаладағы ең кең қора. Қора емес, жүздеген әскер сиятын қоршаулы қорған тәрізді. Қораның орта шенін Қажымұқан күш ойындарын көрсететін алаң етіп, айналасын қоршай арқан керіп тастапты. Халық сол керменің сыртына ығы-жығы жиналған, қарттар мен әйелдер жағы көбірек. Бойшаң еркектер артқы қатарға тұрған. Жастар дуал қорғанның қабырғасы үстіне шығып алып, аяқтарын салбыратып, иін тіресіп отыр. Мен де кірген беттен дуал үстіне қарғып шығып, сығылыса орналастым.

Көп күттірмей, шығыс төр жақтан Қажымұқан шыға келді. Ол тұста үлкендер жағы қол соғуды жөн көрмейді.

- Қажымұқан!

- Қажымұқан!

- Көп жаса, қарағым! – десіп дуылдасып жатыр.

Бір кемпір:

- Мына жаман немемді борбайыңның арасынан өткізіп алайыншы! – деп қара домалақ жас немересін көтерген күйі, арқан астынан өте бермек болып еді:

- Сенен басқада немере жоқ па? Тоқта! – деп бір ақсақал етегінен тартып, босатпады. - Әуелі өнерін көрейік!

Былтыр күзде кемеде өзім көрген Қажымұқан қазір аренаға шығардағы жалаңаш бейнесімен /турсиі ғана бар/ шыға келгенде, менің көзіме ондағысынан да әлдеқайда зор, ересен алып тәрізді көрінді. Жартас кеудесі жалғанның жартысындай, бұлшықты білектері дөңбектей, бура сан, піл сирақ денесіне лайық құж-құж құлақтары, жырым-жырым еріндері жартасқа түнеген қара бұлттай қалың қабағының астында жанған ошақтай қос жанарлы аясы үлкен екі көзі, соқтала біткен сом бітімді мұрны – бәрі-бәрісі ертегіден естіген дәулеріміз тәрізді қияпат береді.

Қажымұқан жалғыз емес екен. Қаршығадай қағылез, жайнақтаған жас жігіт қаракөк костюмінің жағасын оң қолының арық саусақтарымен сипай сілкіп, көтеріп қойып, ұмтыла басып ілгеріледі де, халыққа қарап былай деді:



Әлеумет, хабарың бар Ертарғыннан,

Ер Қобылан, Алпамыстан, Тайбурылдан.

Ер көкше, Ер Сайынды, Ер Қосайды,

Бәріңнің естуің бар қиссалардан.
Солардың бәрін біздің халық туған,

Қажымұқан да перзентің мына тұрған!

Олар – жорық батыры найзанерлер,

Қажымұқан – теңдесі жоқ зор палуан.
Ерен күш болады екен адамда да,

Қажымұқан туған адам соған бола!

Піл күші, піл денесі бір өзінде,

Жаралған жан біткеннен жеке-дара.
Қазір ол көрсетпек күш алуанын…

Жауырыны жерге тимеген палуаның.

Иеді рельсті білезіктей,

Қос нарды тоқтатады тізе бүкпей.
Қойғызып төбесіне күйген кірпіш,

Шақырып жігіттерді небір ұрғыш,

Бес пұтты балғаменен соққылатып,

Сындырып…

Жайраң қағар тыпа-тыныш.

Ақынның Қажымұқан күш-құдыретін төгілтіп сипаттап айтуы халыққа аса ыстық әсер етті. Ұйып тыңдап:

- Япырай, палуанның жайын мұнша сипаттап беретін ақын да бар екен ғой?!

- Бұл кім өзі?

- Иса деген ақын!

Қажекең күш ойындарын бастарда Иса ақын:

- Әлеумет! – деді. Содан соң Аралға, цирке бармайтын жасы үлкендерге Қажымұқан палуанның өзі әдейі /орталарыңа кеп/ күш-өнер көрсеткелі тұрғанын, ол үшін қара тиын алмайтындығы, туған халқын жүрегінің туы етіп қадірлейтінін айтты.

- Көп жасасын, палуан!

- Мерейі бұрынғысынан да үстем бола берсін.

Қажымұқан есінеп, рахаттанған пілдей маңқия керіліп, мамыр басып ортаға алаңға келді. Күш өнерінің алып құдіреттерін көрсетті. Ақынның таныстыру бағдарламасындағы айтылмыштарды бірінен соң бірін орындап көрсетіп жатыр. Бел ағаштай жұмыр темірді иығына салып, оның екі жағына төрт-төрттен сегіз жігіт мінгізіп, алаңды екі айналып шықты. Жігіттерді жерге түсірді де, жаңағы темірді иығына салып жіберіп, екі қарының астымен мойын ағашқа иіп, екі ұшын жерге тигізді. Одан соң қос тізесін орындықтың алдыңғы екі сирағына тік тіреп, екі санына екі қолын салып, төбесіне төрт күйген кірпішті қойғызып, екі мықты жігітке дәу балғамен ұрғызып, сындыртып жатқанда, жұрттың бірсыпырасының-ақ зәресі ұшып, көздерін алақандарымен басқаны әлі есімде. Жас балалар «Ә-әә» деп шырқырап жіберді. Қарттар қолдарын кеудесіне қойып:

- Жасаған! О, жасаған, өзің жар бол! – десіп жатыр. Тамсанған таңдайлар шырын жұтқандай! Жастар жағымыз өзіміз де, көзіміз де тайсалмай, шымырқана қараудамыз.

Мойын, кеудесінен қамытша етіп екі арқан байлаған қос өркеші қос баладай екі атанды адамдар алаңға шығарып еді. Қажымұқан арқанның түбінен ұстады. Екі атанды екі жігіт ұзын қара бишікпен шықпыртып ұрып берді. Түйелер қаншама жанұшыра тартқанымен, Қажымұқанды орнынан табжылта алмады.

- Ендігі кезек менікі, ендеше! – деді Қажекең, жырық та қалың еріні ебедейсіз қимылдап. Демімізді ішке тартып, тына қарадық.

Палуан арқанның түбін беліне орап жіберіп, екі қолымен түйелер кеудесіндегі арқанды түрегеп тұрған қалпында тартқанда, екі қоңыр атанның басы балалар алақанында ойнатқан балапанның басынша бір-біріне дәрменсіз соқтығысты.

Жұрт ду күлді.

Қолын тіреп етпетінен жатып, арқасына тақтай төсеттіртіп, ауыр жүк машинасын өткізеді деп естігеміз. Сонысын алдыңғы күні поковник аралында көрсетіпті. Ал, бүгін, қора алаңының іші тарлығы ма, әлде машина болмады ма, істемеді. Оның орнына үлкен көк арбаға отыз жігітті мінгізіп, жетегінен байлаған арқанды кеудесіне төсеп тартып, алаңды үш айналып шықты.

- Мұнша күш бір адамға біте береді екен ғой.

- Шіркін, дүние-ай, атасы мен анасы тірі болып көрер ме еді ұлының осынша күш құдіретін!

- Ұлы осынша халықтың алғысын алған ол екі жарықтық бейіштің төрінде шығар!

Халық шексіз риза боп тарады. Менің де қуанышымда шеек жоқ, алайда, көңілімде бір арман бар:

- Күрескенін көрер ме едім!

Келер жылы (1926) бұл арманыма да жеттім.

Оның сәті былай түскен еді.
ІІІ
1926-жыл, тамыздың аяқ кезі. Омбыдан келетін кеме Семейге бүгін, біздер келер алдымызда ғана жүріп кеткенін естісек те, Әубәкір екеуміз пристаньға бардық. Рас солай екен. Енді, төртінші күні ғана келетін кемеге билет алып қайттық. Әбубәкір екеуміз Семейдің ауыл шаруашылық техникумында бір курста оқитынбыз. Екеуміз бір пәтерде тұрып, бір кереуетте жататынбыз.

- Кешігетін болдық-ау, ә, Әубәкір! – дедім. Ол менен сабырлы еді. Үндемеді. Көңіліміз онша күйлі емес, сөйтіп, ренішті келе жатып, кенет қуанғаным есімде.

Жолда көшеде келе жатып, қабырғаларға жапсырылған «афишаны» оқып едік, палуандар күресі болатынын жазыпты. Атақты палуандар «Черная маска», «Красная маска» және даңқты Софронов пен Қажымұқан күреседі депті.

- Қажымұқан! – деп қуанды ол.

- Күрескенін көру арманым орындалатын болған екен! Давай, барамыз кешке! – дедім.

Көше бойы үйге жеткенше, Әубәкірге Қажымұқанды бұрынғы екі рет көргенімді айтып, мақтанып келем. Бірақ, күрескенін көру арманым еді. Оның да сәті келді!

Керекуде цирк жоқ. Шөп базарының (ол дөң үстінде болатын) батыс бетін ала үлкен алаңда (алаңның шығысы тұрғын үйлер тізбегі) кешкі сағат сегізде күрескер палуандар тобы қаздай тізбектеліп шыға келді. Басқарушы таныстырып өткізіп, алаңның ішкі шеңберін айналдырып өтті де, шыққан жақтарына қайтадан алып кетті.

Бұдан екі-үш күн бұрынғы күрестерінде Софронов пен Қажымұқан «Черный масканы» да, «Красный масканы» да жыққан екен. Кеше екеуі бірін-бірі жыға алмапты. Бүгін қайта күресетін кеші екен. Міне, біз сол екі ересен палуанның екінші күнгі күресін көріп отырмыз. Екі дәу біріне-бірі тап беріп, бірін-бірі лақтырып, бірін-бірі брезентке түсіріп, астыңғысы үстіңгісіне бой бермей, жауырынын жерге тигіздіртпей, құтылып шығып жатыр. Күрес французша екенімен жұмысы жоқ, күрес десе қаны қызғыш қазекеңдер жағы, әсіресе, үлкендер:

- Қырқа шал, Қажымұқан, қырқа шал!

- Іштен шалатын реті талай келіп-ақ еді, неге шалмады? Қап!

- Оң жамбасына да келіп еді! – десіп дуылдасады.

- Ақсақалдар-ау, олай етуге болмайды. Бұл французша күрес! – дейді біреулер.

- Французшасы бар болсын, кәдімгі өзіміздің қазақша күресіп, айыз қандырсайшы!

Үнсіз іштей шыдамсызданып, қопалақтап отырғандар қаншама!

- Иыққа салып лақтырды-ақ емес пе? Астына басты. Қап, тағы құтылып кетті анау.

- Анау демеңіз, о да атақты палуан… Софронов. Сонда да Қажымұқанға не болған! Дүниежүзінің палуандарының бәрін жыққанда… мынасы не өзі? Намыстанып отырмын адалы.

Екі палуан бірін-бірі жеңе алмай, ауыр денелері әбден алқынып, тағы алыса бастаған еді.

Ысқырық берілді. Палуандар айрылысты. Төрдің сол жағындағы екі орындыққа екеуі бөлініп отырып, демалды. Алқыныс, дем тартулары құдды Омбыдан Ертісті бойлап ағынға қарсы жүріп келе жатқан кеменің гүрілі сияқты. Сол кезде күрес алаңын айнала отырған халықтың батыс жағы сең жүріп келе жатқан өзен арнасындай сөгіліп-жарылды. Бұл не?

- Майра келе жатыр!

- Майра келе жатыр! – деген дауыстар жамыраса шықты.

Жалт қарастық. Рас, Майра екен. Майраны Баяндағы боқырау жәрмеңкесі кезінде /бала күнімнен бастап/ бірнеше реет көргенім де, әнін естігенім дер бар. Майра жалғыз емес екен. Көктемде көк толқынды көлге аңырап ұшып келе жатқан аққу тәрізді, әсем жүріспен артына ерген қыз-келіншекті құс жолынша шұбатып келеді. Үстіндегі ноғайша тігілген көкпүліш камзолының қос омырауындағы алтын оқалары жарқ-жұрқ ойнайды. Екі ұшы етегіне төгілген ақ жібек орамал шәлі жамылған қос иығы тік ырғалып, ақ көйлегінің қос етегі жерге тиер-тимес төгіле толқып, ат жақты алқоңыр өңін жанары жарқын ұзыншақ қара көзі еркелете аялап, еркін басып күрес алаңына келе бере Қажымұқан отырған сол жаққа жалт бұрылды. Сол сәтте сөздер автоматтың оғынша гуледі:

- Баянға кеткені қайда еді, Майраның?

- Келген ғой.

- Қажымұқан күресіп жатыр дегенсін шыдамаған ғой.

- Болар, болар!

- Бірін-бірі сонша құрметтейтін ерекше жандар осылай болады.

Майра қасына жақындай бергенде, гүрс-гүрс дем алып отырған Қажымұқан ауыр денелі Африка пілдерінше орнынан тұрды. Майра қолындағы алуан түсті, хош иісті үлкен шоқ гүлімен үн-түнсіз палуанның бетін, кеудесін желпуде, палуан маңқая рақаттанып, қалың ерні түріле күлімсірейді.

Қайыра күреске ысқырық берілді. Екі палуан қайыра айқаса кетті. Жалған сөз – жанға қас. Бес минөтке жеткізбей, Қажекең жарықтық қарсыласын алып ұрып, жауырынын жерге тигізді.

- Жаса, Қажымұқан!

- Көп жаса! Көп, көп!

Менің бұл сөзімде иненің жасуындай өсіріп айтушылық жоғына сол күні күресті көрген көпшіліктің ішінен бүгінге тірілері ар шындығымен куә.

Адамда арман таусылмайды. Менің ендігі арманым Қажымұқанмен тілдесу. Сөзге қандай екен?

Арада көп жылдар өткенде, бұл арманымның да сәті түсті. Ол былай болды.

ІV
Соғыс басталып, ер азамат майданға аттанып, қантөгіс қырғын боп жатқанда, өмір бойы дүниежүзіндегі күрестерде Россия намысы үшін күресіп, жауырыны жерге тимеген әлем чемпионы Қажымұқан бұл күнде егде тартып, қартая бастағанына қарамастан, өзінің жергілікті военкомына барыпты.

- Мені майданға жібер! – деп тілек етіпті. Ол тілегі қабылданбағасын, Отан жеңісіне басқаша көмектесуге бел байлайды. Халыққа күш өнерін көрсетіп, одан түскен табысын майдан жабдығына жібермек екен.

Белгілі тәртіп бойынша ел аралап, өнер көрсету үшін республиканың тиісті орындарының рұқсат қағазы керек. Сол мақсатпен Қажекең Алматыға келіпті.

Телефон сылдыр ете қалды.

- Диханбысың? Амансың ба? Мен Қалмақанмын.

- Иә, Қалеке!

- «Иәні» қойып, сен қазір біздікіне кел!

Түс ауа бастаған кез. Қалмақандікіне бардым. Ол Сәкен ағаның бұрынғы пәтерінде /К.Маркс көшесінде/ тұратын. Қақпадан кіре беріп едім, аула ішіндегі бақшада жайылған киіз, кілем, көрпелер үстінде қақ төрде Талғар тауының бейнесі тәрізді көзіме бұрыннан қанық Қажымұқан отыр. Бұл кісінің Алматыға келгенін, Қалмақанның үйінде жатқанын естігем. Алайда, алып палуанның көрінісі пысымды жеңгендей, электр тогы қас-қағымда бүкіл денемді кезіп өткендей шымыр ете қалды.

Қалмақан отырған төменгі тұстан іркіле басып барып, Қажекеңе сәлем бердім. Шақырған Қалмақаннан бұрын Қажымұқанның оң жағында отырған Қаллеки /Қалибек Қуанышбаев/:

- Бұл Дихан деген ақын балаңыз! – деді. Қажекең отыр деп ілтипат етті.

Қажекең менің 1925-жылы Семейде, 1926-жылы Керекуде көргенімнен әлдеқайда мосқал тартыпты. Шаш бурылданған, сақал-мұрт жіберілмегенімен, салғырт қырынатыны көрініп тұр. Ал, дене бітімі ондағысынан үлкейе түскен тәрізді, білем-білем, күж-күж. Шала-шарпы Ай сәулесінде көрінген тозыңқы кішігірім қоңыр тау тәрізді. Бұл денеде қуат сарқылуы мүмкін емес-ау деп ойлайсың. Көлденең жатқан тарлан арыстандардай. Алатау аңғарларынан есетін самал Қажымұқан алыпқа, осы қораға, осы бақша ішіне есіп тұрған тәрізді. Сонны Қажекең өзі де дөп сезгендей, жартастай төсін ақ көйлегінің кең омырауымен желпиді.

Қалибек Қажымұқанмен көптен /Қоянды жәрмеңкелерінен/ таныс, сырлас, әзілдес, дос өнерпаз. Екеуінің әзілі сондай жарасымды. Қалибек сөздері пілдің құлағына ши жүгіртіп ойнағандай әсер етсе, Қажымұқан соның өзін рақат көріп, маңқая түседі. Анда-санда ғана жырым-жырым қалың ернінен жер сілкінгенде таудан құлаған көк тастардай күтірлеген бір сөздер шығады. Бұл екеуінің сол отырыстағы әзіл-әңгімелерін шағын естелікте жазу обал сияқты.

Қалибек Қажымұқанның күшіне ғана емес, сырына, мінезіне өте жүйрік екен. Алып палуанның болымсыз бір жәндіктен қорқатынын біледі екен. Бір кезде дастарқанда бір алманың қалдығын білдіртпей алды да, Қажымұқанға ұсынған боп, уысынан жылтыңдатып:

- Тышқан! Тышқан! – деп бетіне қарай жақындата беріп еді, орнынан піл тартып қозғалта алмас Қажымұқан астынан біз шаншылғандай, шошып, ыршып тұрды.

Рақаттана күлдік. Артынан Қажекең өзі де күлді.

Қалибек:


- Дүниежүзілік палуан Қажымұқан «тышқаннан жығылады», көрдіңдер ме! – деп өзінің бір майда күлкісіне бөледі бізді.

- Тышқаннан емес, танауымнан қорқам! Сонымды өзіңнің білетініңмен қоймай, жұртқа жайдың ба, сен қоңыр тасбақа! – деп Қажекең Қалибектің иығына қолын салып, аздап қана сығып жіберіп еді, Қалибек:

- Қойдым! Қойдым! Осыным соңғым, палуан! – деді.

- Соңғым деп талай айтқансың.

- Рас, соңғым.

- Солай ма, ендеше! – деп нанғыш та аңғырт палуан Қалибектің иығынан қолын алып, орамалмен бетін желпіді.

Отырыс ұзап, Гүлсән жеңгей самаурынын екінші рет әкеп, өзінің күмістей сыңғыр күлкісімен анда-санда бір күліп қойып, Қажекеңе шәй құйып беріп рақаттануда.

Бір-екі алтын тісін көрсету үшін әдейі ыржия күліп, бір министрлікте қызмет істейтін істік мұрын бетінің қорасан дағы бар, білімсіз білгірситін, жылпос сұр жігіт менен бұрынғысын білмеймін, мен келгелі, әйтеуір, орынды-орынсыз жерлерде сөз қыстырып, мына екі достың әңгімесін киіп кетіп, бөліп кетіп отырған еді. Сол жігіт Қажымұқанға майдалап сөйлеген боп, білгішсініп:

- Қажеке, кешіріңіз, бір нәрсе сұрасам деп едім өзіңізден, - деді.

- Сұра!


- Майрамен араңызды?

Аңғырт палуан:

«Араңыз» деген не? Майра қайтыс боп кетті. Мен тірімін. Біріміз жердің астында, біріміз жердің үстіндеміз…

- Оны білем ғой… Майраның тірі кезіндегі… әлгі… сұхбат жәйін… түсінбедіңіз білем… иә, «қатынастарыңыз» болған дейді жұрт.

Қажекең түсі күзгі қара суықтың қара дауыл шақырған қара бұлтындай қарауыта түйіліп кетті: қатты ашуланғанын, ашына ренжігенін сездік. Алтын тістіні бүріп тастар ма екен деп едік. Жоқ, күш-қуатының құдіретіне сай мінез молдығы да ғажап екен. Мияулап қаңғырып жүрген сұғанақ мысықты жек көрсе де, биік жартас басындағы арыстанша маңқайып, «мынау не айтып отыр?» - дегендей жан-жағына, - біздерге қарап алды да, сөйлеп кетті.

- Өзіме айтпағанмен, көзіме айтпағанмен, осындай бірдемені бықсытушылар бар деп естуші едім. Өлген кісінің артынан да өсек айтып, жала жауып, қайтып оңарсың, батшағар! – деді. Жаңағы сөзуар жігіт жерге кіріп кете жаздады. Сұп-сұр боп отырып қалды. – Майрамен екеуміздің арамыздағы тазалық аспанның ақ періштелігі арасындағы тазалықтай. Оны мына жалпақ бет біледі. Солай ма еді, жоқ па? – деп Қалибекті иығынан қозғап қойды.

Қалибек:

- Тасты опыру қолыңнан келгенімен, тарының түйіріндей өтірік айту сенің қолыңнан қайдан келуші еді, қара дәу, - деді Қалибек. Қажымұқан өзі де ыржия күлді, риза боп күлді.

Қалибек:

- Мен Қоянды жәрмеңкесіндегі періштеліктеріне ғана куәмін!

Қажымұқан:

- Баянауыл, Кереку, Семей бәрінде де сол, - деді. Және сөйлеп кетті. Бұл жолғы айтқаны аса нанымды. Майра асқан әнші, сымбатты сұлу. Өзінің сол қасиеттерін ұстай түсіп, құдіретті ете беретін отты, сезімтал жүрек лашындай дабылшыл да, теткуге ырық бермес бойлауық еркіндіктері адам сиқырлатқандай керемет екенін айтты. Менің «бұл кісі сөйлеуге жоқ шығар, сөз дүниесі бұл кісінің аузынан тас диірменге түскен бидайдай күтірлей уатылып кететін шығар» - дейтін ойым жалған боп шықты. Кәдімгі қоңыр үнмен, бірақ та, кесектеу, ірілеу, түйіртпек-түйіртпек сөйлейді екен.

- Майраның ешбір қазақ әйелдерінде жоқ осы қасиеттерін құрметтеуші едім. О да менің күш-өнеріме тәнті болған-ды. Мені құрметпен аялағаны және рас. Ал, мен де, иә, әлі есімде Керекуде үш күн бойы жыға алмаған Софронов палуанды, ту сонау Баянауылдан соны естіп Майра келіп, тыныс алып отырғанымда, топты жарып кеп, төсімді шоқ гүлмен желпігеннен кейін, Софороновтың жауырынын жаужәлемде жерге тигізгенім де рас. Біздің осыларымызды жамандыққа жориды-мыс, қате! Біз, Майра екеуміз періштедей пәкпіз. Адамдар жүрегі жамандық үшін емес, адамдық үшін дос, білдіңдер ме! Мына «сұржақтан» басқаң дұрыс түсінесіңдер! – деп, әлігі жоғарғы ернін сөлеген сайын жалап сөйлейтін, алтын тісті, ат жақты сіріңке қоңырға үлкен көздерінің реніш отын қадап жібергенде, анау тайып берді.

- Бар, бар! Адымың қысқа, алдың тар, арам! – деді Қажымұқан.

Аз үнсіз отырып, бір кезде Қажымұқан алып денесімен алға еңкейіп, дастарқаннан нан үзіп алды да:

- Міне, Майрамен арамыздың ақтығына, мына Гүлсән келіннің ақ дастарқанынан ақ нан жейін! – деп нан жеді.

- Мұныңыз не? Мұнсыз да нанамыз, сізге!

- Жүдә жанымды күйдірді жаңағы суайт, - деп, енді дастарқаннан шегініп, мойнынан ауыр жүк түсіргендей рақаттанып, омырауын желпінді. Біздің көкірегіміз кеңіп сала берді.

Қалмақан алақанын толтыра насыбайын ерніне салып, рақаттанып алып:

- Қажеке! – деді, - мен военкоматқа күнде барып, майданға жібер деп жүргенімді, олар ақыры келісіп, кеше маған шақырту қағаз жібергенін де білесіз. Мен таяуда соғысқа аттанатын болғансын, сіздің қасыңызда болып, барар жерлеріңізге, махкамаларыңызға бастап апарып тұратын адам керек. Соған лайық жігіт мына Дихан! – деп мені көрсетті, - өзіңізге де айтқан едім ғой бұл жігіт – жайлы жігіт.

Қажекеңмен менің мол таныстығым осыдан басталған еді. Сол күндерден есімде қалған кейбір жайлар мыналар болса керек.
* * *

Қажымұқан бұл күндерде іштей мазасыз. Ол мазасыздығы – елге күш өнерін көрсетіп, майданға көмектесу үшін рұқсат қағаз алу. Қолына тиген әлі қағаз жоқ. Бұл кісі соған асығады.

- Мені әлігі өнер комитеті дегенге апар! – деді бір күні. Бардық.

Көркемөнер комитетінің бастығы Ахмет Баймұрзин үлкен кабинетінің төрінен атып тұрып, кішілік жасап қарсы алды. Сәлем беріп, амандығын біліп, саулығын сұрады.

Аз алқынын басқасын, Қажымұқан келген шаруасын айтты.

- Соғысқа тіленсем жібермеді военком. Ал, өмір бойы Россия үшін, Россия намысы үшін дүниежүзі палуандарымен күрескен едіи ғой, шырағым. Ал, енді Отанымызға қауіп төніп, қырғын соғыс болып жатқанда, оның жеңіп шығуы үшін менің көмегім қайда? Мен Қажымұқанмын ғой. Елге күш-өнерімді көрсетіп, содан түскен бар қаражатты майданға жіберейін деп едім. Рұқсат қағаз керек екен. Соны осы комитет, мына сіз береді екенсіз. Соған келдім. Бар тілегім осы! – деді.

Комитет 8-март пен Совет көшесі түйіскен жердегі астылы-үстілі үлкендеу үйдің бірінші қабатында да, ал, үстіңгі қабатында Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті барды.

- Қажеке, тілегіңіз орынды. Уралап құттықтайтын іс! Бірақ, біраз тосуымызға тура келеді, - деді.

- Неге? Соғыс тосып тұра ма? – деді Қажымұқан.

Ахмет тосылып қалды да, аз кідіріп, дұрысын, шынын айтты.

- Сіздің бұл мәселеңізді партияның Орталық Комитетімен келісіп алу керек, Қажеке! Оны шешетін секретарь облыстарда командировкада жүр. Тосуыңызға тура келеді біраз күн.

Қажымұқанның қара ормандай қалың қабақтары әуелі түксиіп, одан соңғы сәтте үлкен көзін бүркей салбырап кетті. Бірақ, ештеме демей тұнжырып отырып қалды.

Ахмет жайсызданып:

- Ренжімеңіз, Қажеке! Аз күнде-ақ шешіп береміз. Оған дейін осында бола тұрыңыз. Мына Дихан Әбілев жолдас дұрыс адам. Сізді барам деген жеріңізге апарып тұрады! – деді де маған – сізге тапсырыс осы! – деді.

Мен: «Құп болады, Ахмет жолдас!» - дедім. Өйткені, мен ҚазПИ-дің аспирантурасында оқимын да, әрі әдебиет қорының диреторы боп істеймін. Әдебиет қоры бұл жылда Жазушылар одағына емес, осы Көркемөнер комитетіне қарайтын болған. Мені әдебиет қоры директорлығына тағайындаған да осы Баймұрзин жолдас болатын. Бастығыңның айтқанын бұлжытпай орындау, мызғымас шарт. «Құп болады, Ахмет жолдас!» - деп жатуымның себебі сол еді.

Ал, бірақ, ешбір бастықтың рұқсатынсыз-ақ, Қалмақанның тілегі бойынша, өзімнің жүрек әмірім бойынша Қажымұқанды құрметтеп, жүріп-тұра бастағанымды айтпай іркіп қалдым. Менің мұным «мен де бір қумын» деп Тайырдың күлдіретін «қулығы» сияқты еді.

Сонымен, Қажекеңе Алматыда жата тұруға тура келді. Қалмақан әскерге алынып кеткенсін, Қажекең Әбділданың үйіне орын тепті. Әбділда мен біраз бұрынғы Артиллерия /қазіргі Құрманғазы/ көшесі, 59-үйде бір корпуста бірге тұратынбыз. Мұнымыз Қажекеңе ұнаған жағдайдың бірі болды. Өйткені, түнде ойланып, ертең бір жерге барғысы келсе, жүргізіп-тұрғызатын мен қасынан, жақыннан табылам.

Қажекең Әбділданың үйінен /1-этаждан/ есік алдына шығып, біздің үйге /2-этаж, қатар подъезд/ маған «Дихан!» - дейді. Таныс дауыс. Киіне сап, шығып сәлем берем. Барғысы келген жерін айтады. Көбінесе, зоопаркшіл еді Қажымұқан. Арыстанды, пілді, жолбарысты, аюды ғана көріп тынбай, тотының алуан әсем бояулы қанатына, маймылдың майысқан аяқ-қолына, торғайдың құртымдай тұмсығына дейін қызықтап, көп қарап тұрып қалатын. Кейде кешкілікте театрға билет алғызып жүрді. Қалибек, Серкелерді сахнадан көргенінде: «Өнер! Өнер-ақ қой. Өнерші-ақ!» деп риза боп отырады.

Майдандарда қатал шайқастар жүріп жатыр. Қажекең тықыршуда. Бірақ, Қажекеңнің күш-өнерін көрсетіп, ел аралауына рұқсат жайын шешетін кісі әлі командировкадан орала қойған жоқ. Ал, Қажекең күтуде. Төзім дүниесі де бар-ақ екен!

Жүріс-тұрысымыз трамваймен ғана. Аялдамаларда трамвай күтіп тұрғандар да, былай өтіп бара жатқандар да тоқтай қалып, Қажекеңе таңдана қарайды.

- Бұл кім?

- Кім?


Білетіндері:

- Қажымұқан.

- Қажымұқан! Болса болар.

Трамвайда да және сол. Қажекең вагонға кіргенде, атып тұрып орын беріп, бас шұлғысып, сәлем беріп жатады. Қажекең отыра кеткенде, вагон солқ ете түседі. Халық сонысына да рақаттанып, бір-біріне көрдің бе деп күлімдейді. Біреулер түсетін аялдамаларынан асып кетіп, барып-барып түсіп жатады. Осының бәрі менің сезім дүниеме сыр тамшыларын құяды, рақаттана түсем. Қажекеңмен бірге жүре бергім келеді.

Сөйтіп жүрген күндеріміздің бірінде менің алғашқы балам Дастан қайтыс болды. Сонда ең әуелі көңіл айта келген осы Қажекең. Маған емес, әкеме көңіл айтты. Қажекең мен әкем Әбекең бірін-бірі Қоянды, Боқырау /Баянауылда/ жәрмеңкелерінен жай білісетіндіктері мол екен. Ал, Қажекең осы жолғы Алматыдағы күндерінде үй арасында үй жоқ Әбділданың үйінде жатқалы бұл екі үлкен кісі жіті танысыпты. Әңгіме-әзілдері жарасыпты.

- Әбеке! – деді Қажекең маған бір қарап қойып. – Мына, айналып кетейін Диханың ренішті болуға лайық жігіт емес еді. Жас күнінде адам бала қадірін біле ме? Бұларға «бала белде, қатын жолда» ғой. Сен күйреп қалған екенсің! Оны қой! Сіздің елде «нені көрмеген найзатас» деген бар еді ғой. Найза қалпыңды сақта! Майрылуды қой! – деді.

- Болмай қалды ғой, Қажеке! – деді Әбекең түнеріп.

- Болмайды ғой деме, Әбеке! Балаларың қартайып тұрған жоқ! Берері таусылмасын. Тағы да айдарлы немерелі боласың! – деді Қажекең.

Сол кезде манадан ағыл-тегіл жылап отырған Мертайым /келіншегім/ Қажекеңе жалт қарап: «айтқаныңыз келсін!» дегендей көз жасын екі-үш рет сүртіп жіберді.

Баланы жерледік. Сәбең бастаған жазушы ағалар, Қажым, Жұмағали, Тайыр, Қалижан, Қапан тәрізді құрбылар, інілер бірден қайтып кеттік, Әбекең мен Қажекең бейіт басында аялдап қалды. Екеуіне бір трашпеңке арба қалдырып кеттік.

Біздікіне келдік.

- Қажымұқанды күтелік! – деді Сәбең. Күттік. Бір кезде Қажекеңе есікті кең ашып, Әбекең кірді…

- Жоғары, Қажеке, жоғары! – деп Сәбең нақ төр орындықты /манадан сақтап отырған/ ұсынды. Қажекең отыра кетпеді. Әуелі беті-қолын жуынып, сүртініп кеп, төрге орналасты… Дем алу басталды. Ентікпей кірген Қажекең Сәбеңе қарады да, кенет ентігу білдірді.

Сәбең отырып:

- Қажеке, ентіккеніңіз қалай, кәрілік пе келе жатқан! – деп әзілдеді.

Қажымұқан жауап қайыруға асықпай, үлкен орамалымен мойнын, маңдайын сүртіп болды да, оң жақ қатарында иықтас отырған Сәбитке бетін кенет бұрып:

- Кәрілік болса о да бір қуаныш қой, мені шаршататын кейбір ретсіз реніш, - деді. Бірақ, жүзінде реніш жоқ, жайдары мысқыл бір тәрізді.

- О, не реніш, Қажеке?! – деді қарсы алдында отырған шапшаң мінезді Қалижан.

Үйде Қажекеңнен басқа Сәбит Мариямымен, ағайынды Риза, Шафық Шокиндер, Қалижан Жамалымен, Тайыр Мүнирасымен, Қажым, Жұмағали тағы басқа достар болатын.

Қажымұқан тағы да Сәбитке сәл бет бұрып:

- «Қажымұқан палуан» - деген кітап сатылып жатыр екен. Соның кезегінде тұрып, қайтсем де біреуін сатып алып, мына, Сәбит, саған сыйлайын деп едім. Қолым жетпеді, - деді.

Әрқайсымыз-ақ түсіне қалдық. Сәбит Мұқанов сол жылы «Балуан Шолақ» атты повесін жазып, кітап етіп бастырып шығарған-ды. Қажекең соны естісе керек. «Мені неге жазбадың?», «қашан жазбақсың» деп отырғанын палуанның үлкен жүрегі осылай тұспалдап білдіргені екен. Қажымұқанның, әсіресе, Сәбитке бұлай деуі әбден орынды екен. Сәбит Қажымұқанның палуандық жолын, оның ту сонау жігіт шағынан Қызылжар, Ақмоладағы жылдарынан бастап, Орынбор, Қызылордаларда көп кездесіп, таныс-білістігі үстіне соңғы жалдарда да көп дидарласыпты. Бұл кісі туралы жазбақ боп күрес хикаяларын айтқызып, тыңдапты. Бірақ… ол уәдесін орындай алмапты. Соның жайын Қажымұқан палуан зердемен парықтап, әлігі «Қажымұқан палуан» деген кітап шыққан екен. Оны жазған Сәбит мына сен екенсің. Соны сатып алам деп, кезегіме тұрып шаршадым және маған жетпей қалды», - деуімен шебер жеткізіп отыр. Сәбең ұялып, қып-қызыл боп кетті де:

- Кешірім сұраймын, палуан, -деп тамағын сәл жөтелгендей қырынып, - мына, соғыс басталып кетті ғой. Сәл құрттай пұрсат берсе, сіз туралы жазам. Бұл маққам уағдам! – деп Қажымұқанның қолын алды. Қажымұқан үндемеді. Алдында шыбығынан шып-шып толып мөлдіреп тұрған қызыл кәрден кеседегі /бір литрлік/ қымызын көтеріп жіберді де, бір-ақ тынды.

Бүгінгі кешкі отырыстағы дастарқанда бұл кесе әуелде қойылмаған-ды. Қала тәртібінде рюмкалар мен бокалдар болатын. Қажекеңде қалтқы болған ба?

- Әбіл, маған маған үлкендеу бірдемені алдыр! – дегенсін, Әбекең «не де болса» дегендей жаңағы екі үлкен кәрден кесенің біреуін алдырып, Қажымұқанның алдына қойған. Осы екі қызыл кесе біздің үйде әлі бар. Бұл кесе маған өмірдегі ең қимас, баға жетпес қымбат үш адамның көзіндей ыстық! Таусылмас тарих. Оның біріншісі – осы екі кесені сатып әкелген әкем /зат танитын еді/, екіншісі – халық ардақтысы Қажымұқан, үшіншісі – Невельжаным. Айта кетейін, сол күнгі кеш ұзақ отырыспен тарқарда Қажымұқан:

- Келінді шақыр! – деді маған. Екінші бір бөлмеде өксігін әлі баса алмай отырған Мертайды ертіп келдім. Ағамның қасында отырған апама /Мағыраж/: - Бәйбіше, келінің тағы да бір торсық шеке жаман немелі болады! Көп ренжи берме! Ал, келін қарағым, сен өзің қоңыр құлыншақтай уыз жассың. Мына Дихан балам екеуің уанып, жұбанып болғансын, сабыр етіп бағыңдар. Содан соң тағы бір ұл болмай қалмас! – деді.

Әбекең: - Әумин! Әу-мин! – деп қайталап айтып жатып жылап жіберді.

Мен майданға кеттім. 1944-жылы Мертайым жүйемелете екі ай /сәуір, мамыр/ майданға маған келіп қайтты. Содан 45-жылы туылған Невеліміз жігіт бола бастады. Мамасы да, мен де осы екі қызыл кәрден кесе жайын әңгімелегенімізде, ықылас қойып, ақын сезімімен құштарлана тыңдаушы еді. Кейін өзінің жолдастарына, достарына кесенің сырын, әсіресе, Қажымұқан қымыз ішкен кесе екендігін айтып, шкафтан өзі алып шығып көрсетіп, рақаттанатын еді.

Москвада әдебиет институтында оқып жүріп, үйге каникулға бір келгенде:

- Әке! – деді /мені әке дейтін еді/, - «бұл Қажымұқан ішкен қызыл кесе» деп өзің өлең жазып қойма, жарай ма! Мен жазам, келістік пе?

- Келістік, қалқам!

Әңгімеміздің желісін қайта жалғастырайық. Сонымен, Қажекеңнің Невельжан жазып үлгермеді. 1975-жылы өзі қайтыс боп кетті. Уәдем бойынша «Қызыл кесені» мен де жазбадым. Қажымұқан музейіне, тіршілік болса, сол өзі қымыз ішкен қызыл кәрден дәу кесені жібермекпін.

Қарсы алдында отырған Тайыр әдеттегісінше өлең оқырындағы, не бірдеме айтарындағысынша, шашын жоғары сілкіп тастап, басын тіктетіп алып, ернін сәл шүйіріп қалды да:

- Сонда, анау қандай екен! Кездескеніңіз бар ма? – деді Қажекеңе.

Қажымұқан «анаудың» кім екенін түсінбеген ишарат жасар-жасамастан Қажым:

- Бұл Тайыр деген ақын балаңыз. Балуан Шолақпен кездескеніңіз бар ма, күш сынасқан жайларыңыз болып па еді? – деп отыр. Бәріміздің де ойымызды айтты, - деді.

Қажымұқан екінші реет толып келген кәрден кесені аздап шегіндіріп қойды:

- Е! Жөн, сұрағандарың жөн!.

Соны айтты да, Балуан Шолақпен кездесуін әңгімелеп берді.

Еуропада болған бір халықаралық күрестен елге оралып, Қызылжарда жатқан күндерінің бірінде «Әкең қатты сырқат» деген хабар естіпті де, елге тартыпты. Сібір қысы. Күн қатты суық. Қас қарая бір бекетке жетіп, сонда түнеп жатады.

- Көзім жаңа ұйқыға бара бергенде, - дейді Қажымұқан, - мен жатқан бөлменің әйнек қақпағы тарс-тұрс қағылды. Оянып кеттім. Одан төменгі, үй иесі жатқан бөлменің терезе қақпағын сындырып жіберердей бір қағыс!

- Бұл не керемет! – деймін ішімнен.

- Бұл кім еді өзі, мұнша өктемсіп? – деді әйелі.

- Балуанның қағысы ғой, тұр. Есік ашып кел, - деді еркегі.

«Балуан» дегенін естісімен, дәу де болса «Шолақ аға шығар» деп түйсіндім. Ұйқым шайдай ашылды. Бірақ, көрпені бүркене жамылып, ұйықтаған боп қырымнан аунап түсіп жатырмын.

Үйге кірген адам сәлем беріп кіретін қазақ салты бойынша:

- Ассалаумағалейкүм! Түн жарық! – деді. Кеш жарық деп айтпады. Даусы ірі де екпінді.

- Е… Балуан! Жоғары шық! Жоғары! – деп үй иесі мен жақтан төргі үйге әкелді. Ол құлын жарғақты қос құлаш кеудесі жер қозғалса қозғалмас қына басқан дәу жартастай шомбалданған күйінде тұра қап, мұртының мұзын қолындағы тобылғы сапты қамшысының сабымен тарсылдатып болды да, киімін шешінбестен:

- Малдың – ірісі соғым. Адамның ірісі – боғым! Мынау кім, цирктің пілі құсап жатқан? – деді.

- Жолаушы, Шөке! – деді үй иесі.

- Соңғы жолаушы келгенде, көсілген аяғын жимайтын әдепсіз жолаушы екен бұл, көрелік! – деп көрпенің аяқ жағын ашты да, оң жақ аяғымның бүкіл үстіртін тамам саусақтарымен қоса бүріп, қысып-қысып жіберді. Мұндай күшті қол болмас. Аз-аз босатып, тағы да көзімнен жас ыршытардай қысады. Шыдап бақтым.

- Мынау өзі өліп қалған біреу шығар, міз бағар емес қой, - деп қолын тартып алған кезде, басымды кілт көтеріп:

- Ассалаумағалейкүм, Шөке! – деп атып тұрдым.

- Шөке! – дейсің! Мені қайдан білесің?

- Көтерген елу бір пұт кірдің тасын, сындырғанын көрген палуан қабырғасын – Шөкемді білмегенде, кімді білем! – дедім. Сасыңқырап айттым.

- Білсең, сәлемдеспей неге өтесің? – деді.

Түсіне қалдым. Шөкең /Балуан Шолақ/ аулы, Қызылжардан келе жатқанда, осы бекетке ұрымталдау жол үстінде екен. Жүріс асығыстығы бір бар, екіншіден балуанның ауылының дәл қай жерде екенін білмейтін едім. Соны айтып, алайда болса, қалай да болса кішілікпен кешірім сұрадым.

- Білмейсің?

- Кешірім сұрайым, Шөке!

- Кешірім жоқ! Тұр, киін, далаға шық. Белбеуленіп шық! – деді палуан аға.

Сөйтті де, жарғағын шешіп тастап, шолақ қара тонын белбеуленді. Мен де киіндім. Далаға өзі бастап шықты. Ақ қар, айлы түн. Үйден он шақты қадам жерге қарды күтірлетіп басып барды да, тоқтай қалды.

- Күресеміз!

Мен үндемедім.

- Саған айтып тұрмын, ұста белімнен!

Қайтуім керек?

- Кел! Күресеміз деп тұрмын ғой мен саған!

Менде жүрексіну деген жоқ. Әдеп бар. Балуан ағамен белдесуді, оған күш көрсетуді ретсіз көріп тұрмын. Шөкең ағалық әмірімен зекіріп зорлады.

Ақыры ұстаса кеттік. «Қимылда!» - деді.

- Құдай сақтасын, аға! Жол сіздікі!

- Сөзді қой, қимылда!

- Жоқ, аға, ол болмайды! Өзіңіз бастаңыз! Содан соң мен…

- Ә… солай де!

Сонымен, әл-хал, қысқасы, Балуан Шолаққа жол береді. Ол өзінің күш құдіреті жиылғандай шорланған Шолақ жұдырығын Қажымұқан белбеуінің іш жақ тұсынан өткізіп, бір қолын жауырынына салып, «Әппі» деп көтере ырғып жібереді. Бұл Шөкеңнің әдеттегі ең құдіретті қимылы. Ешбір палуанды бұл қимылынан аман қалдырып көрген емес-ті. Қажымұқан бұнысына міз бақпапты. «Қайтеді-ей, мынау», - депті Шөкең. Және біраз қимыл жасаған екен, Қажымұқанды бәрібір жыға алмапты.

- Ал, бала, енді сен қимылда! Қимылда деп тұрмын ғой мен саған! – деп ақырып жіберді. Тыңдамасқа шарам қалмады. Сол сәтте маған бір ой сап ете қалған еді. «Осы Балуан аға менің жүлдегер Қажымұқан бола бастағанымды, әрине, естіген. Күшімді байқау үшін әдейі келді ғой». Белдескен қолымды босатпай, екі-үш рет үйіріп жібердім де:

- Аға, кешіріңіз! – деп қолымды белдеуінен тартып алып, алдына тізерлеп отыра кеттім.

Сол кезде палуан аға, ақ қарға шағылысқан Ай сәулесі астында маңдайымнан сүйіп:

- Бұл далада менен де асқан күш иесі туса деуші едім. Туған екенсің. Туған екенсің. Айналайын, Қажымұқаным! Келші бері! – деп төсімді төсіне басты. Французша күрестерде сан палуанды жығып жүлде алғанда, өзімді мұндай бақытты сезбеген шығармын. Көзімнен жас шығып кетті. Қасиетті ағаның сондағы:

- Жаның жамандық көрмесін, жаурының жерге тимесін! – деген ақ тілегі қабыл болды ғой деймін, күрескендерді жыға бердім, жыға бердім.

Манадан Қажекеңнің жырым-жырым қалың ернінен, құж-құж құлағынан көзін алмай отырған Қажым:

- Қажеке… Сұрамасқа да болмағандықтан… Ерніңіз бен құлағыңыздың бұлай болуы туғаннан ба? Жүре болды ма? Күресте болды ма дегенім ғой! – деді.

Қажекең оның да жайын айтты. Харбинде халықаралық күресте жапонның Саракики деген жаһаннам палуанымен күресте болған екен.

- Менімен күресуге ебі келгені шықсын Россия палуандарының! – депті әлгі. Сонда соған қарсы Қажымұқан шығып, айқаса кеткен жерде, Саракики Қажымұқанның құлағынан ұстап, жұлып тастамақ болыпты. Қажекеңнің құлағы жырымдалып, қан саулапты. Соған масаттанған Саракики енді Қажымұқанның бет-аузын сыпырып алмақ боп, ерніне шап беріпті.

- Қан саулап қоя берді – дейді Қажымұқан. – Ол сәтте ыза-күшімде шек болмады. Арқа жағымнан ала берген Саракикиді мойнынан ұстай алып, жерге ұрып жібердім. Кеудесінен тізерлеп, жауырынын жерге тигіздім де, тұрып жүре бердім. Саракики орнынан тұра алмай қалды. Жапондар өз тілдерінде шулап келіп, көтеріп әкетті әлігіні. Сол Саракики содан кейін үш ай больницада жатып, қайтыс болыпты деп естідім.

Аз күннен кейін Қажекең күш өнерін көрсетуге рұқсат қағазын алып, елге жүріп кетті. Одан кейін Жұмағали, Тайыр – біздер де майданға аттандық.

Қажекеңнің отаншыл жүрегінің үлкендігін майданда жүріп «Правда» газетінен оқып білгенде:

- Қайран, Қажымұқан! – дедік.

Өйткені, Қажымұқан ел ішінде күш-өнерін көрсетіп жинаған жүз мың сом қаражатына самолет сатып алып, майданға жіберіпті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет