Батталов қайрат қанатұлы қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасу және даму тарихы



жүктеу 0.51 Mb.
бет1/2
Дата25.04.2016
өлшемі0.51 Mb.
түріДиссертация
  1   2
: files -> AutoReferats
AutoReferats -> Асылбекова мәрзия пәзілқызы халық педагогикасы негізінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің тұлғасын қалыптастыру
AutoReferats -> Мейрманов асылбек бекболатович
AutoReferats -> Сарбасова қарлығаш амангелдіқызы қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидің, М.Қашқаридің
AutoReferats -> Қазақтың ұлттық қолданбалы қолөнері негізінде болашақ мұғалімдердің кәсіби-көркемдік құзыреттілігін қалыптастыру
AutoReferats -> Физико-химические основы каталитическо-кавитационного воздействия на органическую массу первичной каменноугольной смолы 02. 00. 04 Физическая химия
AutoReferats -> ҚАсымова сәуле сүйіндікқызы сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі
AutoReferats -> ЖҰмабеков жамбыл азмуханұлы ұлытау өңірінің тарихи географиясы
AutoReferats -> Диссертация 2009 жылы күні сағат
AutoReferats -> Қазіргі әлеуметтік-мәдени жағдайдағы жалпы білім беретін қазақ мектебін басқаруды жетілдіру
AutoReferats -> Мұқатаев Айдос Ағдарбекұлы Қазақстан инновациялық мектептерінде қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуы
ӘОЖ 94(574): 339.543 «1868-1917» Қолжазба құқығында

БАТТАЛОВ ҚАЙРАТ ҚАНАТҰЛЫ


Қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасу және даму тарихы (1868-1917 жж.)
07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2008
Жұмыс С. Торайғыров атындағы ПМУ-інің Отан тарихы кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Р.М. Жұмашев
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Абилов Қ.Ж.


тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Абдрахманова Б.М.


Жетекші ұйым ҚР БҒМ-нің Р.Б. Сүлейменов

атындағы шығыстану институты

Диссертация 2008 жылдың « 01» қарашасында сағат 14-00-де Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, бас ғимарат, № 1 кеңейтілген дәрісхана) жанындағы БД 14.50.12 біріккен диссертациялық кеңесінде қорғалады.

Диссертациямен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2008 жылы «__» ___________ таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, т.ғ.д., профессор Т.Ә. Әлімбаев

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Қазақстанның тәуелсіздікке жетуі, саяси-экономикалық либерализация, елдің нарықтық даму жолына тұрақтауы мемлекеттің нарықтық экономика талаптарына сәйкес құрылымдарын дамыту қажеттілігін тудырды. Елімізде болып жатқан күрделі, ауқымды өзгерістер тұсында өзінің табиғи қызметі бойынша нарықтық қатынастардың жетелеуші институттарына негізделу қажет. Осындай мемлекет өміршеңдігі деңгейіндегі маңызға ие қазіргі құбылысқа - кедендік іс жатады. Егер де, қазақ даласының Ресей империясының қоластындағы кезеңде аталған сала белгілі бір дәрежеде дамып, кең таралса, жетпіс жылдық кеңестік жүйенің қоластында болған елде орталықтанған, жоспарлы экономика жағдайында аталған құрылымдардың маңызы мен қызметі шектелді. Сондықтан, Қазақстан үшін толық таным болмаған даму жолының айнымас құрылымдарын, құбылыстарын түсініп, қолдана білу үшін оның тарихи тәжірибесін зерттеу қажет.

Бүгінгі күні ғылыми айналымға қосылуға тиісті мұрағаттық және басқа да деректер Ресей империясының аймақтағы кедендік саясаты отарлау саясатының құрамдас бөлігі болып, оның жалпы отарлаушылық мүдделермен үндестігі, ортақтастығы, аймақтағы кедендік құрылымдардың Ресей үшін өлкедегі экономикалық мүдделерінің қорғау құралына айналғаны туралы пайымдауға мүмкіндік береді. Сондықтан, Қазақстандағы Ресейдің отаршылдық экономикалық саясатының бейнесін толыққанды ашып-көрсету үшін отандық тарихтың өзекті мәселелер қатарына жататын өлкедегі кедендік іс тарихына ден қойып, арнайы зерттеудің қажеттілігі туындады.

Ресей Батыс Қытаймен шекаралас шығыс және оңтүстік-шығыс Қазақстан өлкесіне тек ХІХ ғасырдың ортасында әскери-саяси әрекеттерді жүзеге асыру барысында өз билігін орнатты. Кедендік құрылымдар Ресей үшін аймақтағы маңызды ішкі және сыртқы саяси міндеттерді шешудің, аймақты шаруашылық игеруді жеделдетудің, оны ресейлік капитализм шеңберіне қосудың құралына айналды. Осы геосаяси жағдайы қиын аймақта көршілес Қытаймен қарым-қатынастың негізгі қағидалары қалыптасты. Бұл орайда, Ресей империясының Қытайдың Шыңжаң аймағында геосаяси мүдделерінің ерекше маңызын, оның ресейлік мануфактуралық тауарларды өткізудің нарығы ретінде қарастырған капиталисттік топтар үшін экономикалық маңызын атап өту керек.

Геосаяси фактор ресей кедендік саясатының Батыс Қытайға көзделген бағытына маңызды әсер етті. Кедендік бақылауды орнату, өз мүдделеріне сай кедендік баждардың мөлшерін және жеңілдіктер сипатын реттеу - сауда-экономикалық қатынастар тарихының ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақстан, Орта Азия және Батыс Қытай аймақтарын дүние жүзінің кедендік мәселелері геосаяси сипатқа ие болған аймағы ретінде бағалауға болады. Осының барлығы тарихи ретроспективадағы патша үкіметінің кедендік саясатының аймақтық мәселелерін, кедендік құрылымдар тарихын көтеруге, Ресейдің аймақтағы кедендік саясаты мен осы саясаттың құралы ретінде қалыптасқан кедендік қызметтің қалыптасу және даму тарихын қазіргі тарихи ғылымның өзекті мәселелері қатарына қоюға негіз болды.



Диссертациялық зерттеу объектісі – кедендік функцияларға бөленген билік органдары мен кедендік құрылымдар болып табылады.

Жұмыстың зерттеу пәніне - Қазақстан территориясында 1868-1917 жылдар аралығында кедендік саланың қалыптасу және даму үдерістері жатады.

Тақырыптың зерттелу деңгейi. Отандық және ресейлік тарихнамада Қазақстан территориясындағы кедендік ісінің тарихы мәселелеріне арналған ауқымды арнайы зерттеулер жоқтың қасы. Бірақ, мәселеге жанама байланысы бар мәселелер төңірегінде зерттеулер баршылық. Кедендік іс тарихнамасының ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХІ ғасырдың басын қамтуына байланысты оны оқшаулап, топтастыру жөн: бірінші кезең - ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы (революцияға дейінгі тарихнама), екінші кезең - ХХ ғасырдың 20-шы және 80-ші жылдарының аяғына дейінгі аралық (кеңестік тарихнама), үшінші кезең - 90-шы жылдардың басы мен бүгінгі күнге дейінгі зерттеу жұмыстарын (посткеңестік тарихнама) қамтиды.

ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін Ресейде кедендік мәселелерге арналған зерттеулер болмаған еді. Мәселеге зерттеушілік ынта Ресейдегі түбегейлі экономикалық реформалар кезінде туындаған болатын. Осы кезеңдегі ресейлік өнеркәсіпті дамытудың қажеттілігі сыртқы сауда саясаты мен кедендік тарифтер мәселесін қайта қарастыруға итермеледі. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында протекционизм мен фритредерлік саясат жақтастары арасындағы қарама-қайшылықтар өрши түсіп, А. Смит пен Ф. Лист еңбектерінде негізі салынған екі ағым арасында жоғары саяси-биліктік орта мен қоғамдық санадағы үстемдік үшін бақталастық кезеңі басталады. ХІХ ғасырдың орта шенінде Е. Осокиннің, Д. Толстойдың, С. Никольскийдің еңбектері жарық көреді [1]. Аталған жұмыстар зерттеу деңгейі бойынша төмен, бағыттылығы бойынша Еуропалық Ресейдің аумағын және оның батыс елдерімен кедендік қарым-қатынасын қамтитын еңбектер болатын.

Ал, кедендік саясат мәселелерін зерттеуге ресейлік қоғамдастық тарапынан ғылыми қызығушылықтың алғашқы толқыны ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезеңіне жатады. ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары басталған ресейлік өнеркәсіпті дамытудың жолдарының ізденісі кедендік мәселелерді ғылыми зерттелу қажеттілігін тудырды. ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында кедендік саясаттың жағдайына және тарихына байланысты көптеген ғылыми еңбектер жарық көрді. Олардың қатарына - К. Лодыженский, Д.И. Мен­де­леев, И.М. Кулишер, М.Н. Соболев, Н.Н. Шапошников, Е.Ф. Брандт, П.Б. Струве және В. Витчевскийдің еңбектері жатады [2]. Осы авторлардың еңбектерінде экономика мен сыртқы сауда мәселелерімен тығыз байланыста кедендік іс дамуының негізгі бағыттары қарастырылады, оның арнайы-саяси маңызы туралы айтылады. Бұл бір жағынан кедендік саясат тарихы бойынша зерттеулердің бағыттылығын, сыртқы сауданы тарифтік реттеудің теориясы мен тарихы мәселелеріне ерекше назарды белгіледі. Басылымдардың бірқатары кедендік саясаттың (меркантелизм, фритредеризм, протекционизм), негізгі «кедендік шараларды» жетілдіру үрдісі мен мазмұнына олардың әсері негізінде жатқан экономикалық концепцияларды сараптаумен байланысты болды. Алға қойылған көптеген зерттеу мәселелері бүгінгі күні де өзекті болып келеді. Аталған еңбектерден ерекше - Д.И. Менделеевтің еңбегі. Ғалым 1891 жылғы кедендік тарифті жасауға тікелей қатысқан тұлға. Ғалымның теориялық ізденістерінің жеке саласы ретінде кедендік саясаттың «тәжірибелік жағы» - сыртқы сауданы кедендік-тарифтік реттеу болды. Д.И. Менделеевтің «кедендік мәселелерге қатысты ғылыми мұрасы», саланың дамуына ғалымның қосқан үлесі көпке дейін оның ғылымның химия саласындағы еңбектерінің, ғылыми ашуларының көлеңкесінде қалды. Алайда, соңғы онжылдықтарда ғалымның «кедендік мұрасына» ғылыми қызығушылық өсе түсіп, арнайы зерттеулер де туындады.

Ресей-қытай саяси-экономикалық қатынасар мәселесіне арналған революцияға дейінгі еңбектер қатарына Х. Трусевич, Абаковский, В.В. Птициннің еңбектері жатады [3]. Бұл жұмыстарда көлденең түрде кедендік мәселелер де шолып өтілген. В.В. Птицин өзінің «Селенгинская даурия» атты еңбегінде мұрағаттық құжаттар негізінде Кяхта саудасының барысын, ондағы кедендік мәселелерді қарастыра отырып, оны Батыс Қытаймен шекаралас аймақтардағы саудамен салыстырады, оның Кяхта саудасынан тиімділік артықшылықтарын атап өтеді.

Революцияға дейінгі кедендік іс мәселесі төңірегіндегі еңбектерді сараптай келе, бұл мәселеге қызығушылық тарихи дамудың революцияға дейінгі кезеңінде Ресей үшін қалыптасуына қоғамның әртүрлі таптары, оның ішінде өнеркәсіптік-қаржылық топтар әсер еткен кедендік саясат стратегиясын анықтауда дағдарыс пен өрлеудің сәйкес болуымен шартталғанын атап өту қажет. Әрине, кедендік мәселелерге арналған бірқатар көлемді және беделді зерттеулердің орын алуына қарамастан, осы зерттеулерде Ресейдің Қазақстан территориясындағы кедендік іс мәселесіне назар аударылмайды, жұмыстардың басым бөлігі Ресейдің жалпы кедендік саясат пен кедендік жүйенің даму мәселелеріне арналған және негізінен оның еуропалық шекарадағы кедендік тәжірибесін қамтиды. Сонымен қатар, кедендік мәселенің тарихнамасында ғылыми зерттеу объектісі ретінде басым түрде кедендік саясат, кедендік тарифтер мәселелері қарастырылады, нақты кедендік құрылымдардың, институттардың тарихы жанама түрде зерттеледі.

Ресейлік тарихи ғылымның дамуының кеңестік кезеңі кедендік іс пен кедендік саясат мәселелеріне қызығушылықтың төмендеу кезеңі ретінде сипатталады. Жеке меншік пен жеке сауда мәселелеріне біржақты жағымсыз көзқараста болған кеңестік идеалогия сауданы реттеу мен бақылаудың құралы болған кедендік институттардың да рөлін төмендетуге тырысты. Шартты түрде кедендік іс мәселелеріне арналған кеңестік тарихнаманы үш кезеңге бөлуге болады: 1 кезең – 1917-1930-шы жылдардың ортасы аралығы; 2 кезең – 1930-шы жылдар ортасы мен 1950-ші жылдардың ортасы; 3 кезең – 1950-ші ортасы мен ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы.

20-шы жылдары революцияға дейінгі кезеңнен кедендік саясат мәселелері бойынша еңбектерімен белгілі ғалымдар өздерінің белсенді зерттеу қызметтерін жалғастырды. 1933 жылы Қытай мен Жапонияның кедендік саясатына арналған жеке мақалалар бар «Шығыс елдерінің кедендік саясаты» атты мақалалар жинағы жарық көрді. Бүгінгі күнге дейін өзінің түрі жағынан ерекше, жалғыз болып келетін басылымда көп дәрежеде халықаралық экспансия әсерімен дамып келе жатқан шығыс елдерінің кедендік саясатының спецификасы туралы тарихи материал жүйеленді. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы барлық ғылыми публикациялар тарихнаманың «бұрынғы мектебіне» сай академизмнің болуымен және теорияға ерекше назармен сипатталады. Әрине, ресейлік кедендік саясаттың аймақтық нұсқаларының мәселелері бұл еңбектерде қарастылмаған. Біршама қызығушылықты Ресейдегі кедендік істің тұрақталу үдерісін еуропалық елдердегі аналогиялық үдеріспен байланыстырып қарастырған И.М. Кулишердің еңбектері, ресейлік тарихнамада кедендік саясат мәселелерін марксисттік методология негізінде жазған С.А. Покровскийдің жұмысы да тудырады [4].

Кеңестік тарихнаманың үшінші кезеңі ресейлік және отандық тарихшылар тарапынан мәселеге біршама қызығушылықтың жандануымен ерекшеленді. Кедендік сала тарихы орыс-қытай экономикалық, дипломатиялық байланыс­тары, патша үкіметінің сауда саясатының тарихы, шекаралық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму тарихы, патша үкіметінің және Цинь биліктерінің Орта Азиядағы саяси қарым-қатынастары аясында қосалқы түрде өрбіді. Ресейдің Қытаймен шекара бойындағы кедендік саясатының кейбір тұстары ажыратылған тарихи зерттеулердің жеке бағыты – екіжақты орыс-қытай экономикалық байланыстарының тарихы бойынша зерттеулер болды. Кедендік мәселелерді ең көлемді қарастырған М.И. Сладковскийдің зерттеуі болып табылады [5]. Сыртқы сауданың статистикасының негізінде ол алғаш рет екіжақты қатынастар қарқын көрсетіп, XVIII-ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы орыс-қытай саудасын реттеуге қолданылған ресейлік кедендік тарифтер сипаттамасын береді. Кедендік саясат мәселелеріне арналған зерт­теулермен қатар кедендік саланың, құрылымдардың тарихына арналған зерт­теулер туындады. Бұл бағытта Л.Н. Марковтың жұмысын атауға болады [6].

Орыс-қытай сауда-экономикалық байланыстар тарихнамасының бір ерекшелігі – екі ел арасында саудадағы басты сауда бағыты болған Кяхта саудасы мен Кяхтадағы сауда-кедендік мәселелерге арналған зерттеулер басымдық танытты. Аталған зерттеулер орыс-қытай қарым-қатынастарының жалпы, ортақ тенденцияларын анықтау, салыстырмалы түрде сауда бағыттарының маңыздылығын айқындау үшін қажет. Кеңестік кезеңде осы бағытта Е.П. Силин, Н.Е. Единархова, Ш.Б. Чимитдоржиев, А.Н. Хохлов және тағы басқалар зерттеулер жүргізді [7].

Осы кезеңдегі отандық тарихнамада да жалпыкеңестік тарихи ғылымға ортақ үдерістер жүріп жатты. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы аймақтық экономикалық мәселелерге қызығушылықтық өсуі В.С. Кузнецовтың, Э.М. Мамедованың зерттеулерінің туындауына негіз болды. ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы патша үкіметінің өлкедегі сауда саясаты, орыс-қытай қарым-қатынастары, керуендік сауда тарихы, аймақтық тарих мәселелері секілді отандық тарихтың өзекті мәселелеріне арналған еңбектер жарық көрді. Шыңжаңдағы 1871-1881 жылдардағы саяси жағдайға қатысты орыс-қытай қарым-қатынастары аясында сауда мүдделерін қозғайтын А.К. Сүтееваның ғылыми диссертациясы әзірленді. Қазақстандағы Батыс Қытаймен шекарадағы кедендік мәселелер Ж.Қ. Қасымбаевтың, Н.А. Алдабекованың мақалары жарық көрді [8].

Кеңестік тарихнаманы сараптай келе, кедендік сала тарихы ғалымдардың зерттеу объектісіне айналған ірі еңбектері туындаған жоқ, ал оның ішіндегі Батыс Қытаймен шекарадағы кедендік істің тарихы осы кезеңде аймақтық орыс-қытай саудасының тарихын зерттеу тұрғысынан жанама түрде қозғалып, яғни арнайы зерттеу жұмысының объектісіне айналмады деген қорытынды жасауға болады.

Кеңестік кезеңде басталған Ж.Қасымбаевтың Ресей империясы мен Қытай арасындағы Шыңжаң арқылы сауда байланыстары бойынша зерттеулері отандық тарихымыздың жаңа кезеңінде де жалғасты. Ғалым кедендік мәселелерге арналған ізденістерін «Казахстан – Китай: караванная торговля в ХІХ – начале ХХ веков» атты еңбегінде жариялады. Еңбектің бір бөлімшесін автор Семей кедендік аймағының құрылу және қызмет ету тарихына арнайды. Автор Қазақ КСР-ның Орталық мемлекеттік мұрағатының тың деректерін алғаш рет айналымға енгізе отырып, өлкедегі кедендік құрылымдарды ұйымдастыру үдерісін, олардың қызметінің деңгейін және орыс-қытай саудасындағы рөлін айқындауға тырысады. Ж. Қасымбаевтың еңбектерімен қатар Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі тарихнамасында қазақ даласы арқылы орнаған орыс-қытай сауда байланыстары аясында зерттеулер де туындаған болатын. Олардың негізгілері – С.Б. Кожированың және В.В. Галиевтің зерттеулері еді. В.В. Галиевтің зеттеу жұмысында өлкедегі кедендік саланың қалыптасуы мен дамуының тарихына бір бөлімше арналады. Автор Ж.Қ. Қасымбаевтың алдыңғы кездегі тәжірибесіне негізделе отырып, мәселенің ауқымын кеңейтуге тырысады. Автор ғылыми айналымға бірқатар еңбектерді, дерек көздерін қосады. Отандық тарихнамада қазақ-қытай қарым-қатынастары аясында өзара экономикалық байланыстар тақырыбын көтерген Н. Мұхаметханұлының еңбегін, К.Ш. Хафизованың Орта Азиядағы қытай дипломатиясына арналған зерттеу жұмысын атап өту қажет. Сонымен қатар, отандық тарихнаманың соңғы жылдарында Қазақстандағы кәсіпкерлік тарихы бойынша Қ.Ж. Абилов, мемлекеттік басқару мекемелері бойынша Б.М. Абдрахманова, Қазақстанның кедендік ісінің тарихына арналған А.И. Шалтықов, Н.Х. Тілемесов еңбектері туындады [9].

Ресейде 90-шы жылдары көптеген жылдардағы үзілістен соң ресейлік кедендік сала тарихы бойынша арнайы зерттеулер жарық көрді. Кедендік істің қазіргі тарихнамасы қоғамның барлық салаларындағы түбегейлі өзгерістер аясында дамыды. Ресейде кедендік мәселелерді В.А. Моисеев, А.Д. Воскресенский орыс-қытай қарым-қатынастарының дипломатиялық тарихы, В.С. Мясников, В.Г. Дацишен орыс-қытай шекарасын қалыптастыру тарихы шеңберінде қарастырды [10].

Қазіргі кезде ресейлік тарихнамада ресейлік протекционизм тарихы бойынша арнайы зерттеулер жүргізілуде. Л.В. Куприянованың монографиясында ХІХ ғасырдың 40-80 жылдар шеңберіндегі үкіметтің «өнеркәсіптік-кедендік протекционизм» саясатының маңызды жақтары, экономикалық курстың жалпы және жеке тұстары, оның қалыптасуы кезіндегі ірі капитал мен биліктің өзара әрекеттестігі, ресейлік буржуазияның салалық және аймақтық топтары арасындағы күресі зерттеледі. Кедендік іс тарихын зерттеуге Ю.Г. Кисловскийдың монографиясы арналған. Бұл еңбек кедендік істің туындау кезеңінен ХХ ғасырдың аяғына дейінгі кезеңді қамтиды. Соңғы онжылдықтың бірқатар зерттеулері ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің кедендік саясатына арналған. Олардың арасында жалпыресейлік мәліметтер негізінде жасалған В.Н.Крихунов, Я.В.Бутовтың еңбектері бар. Осы кезеңде Ресейдің мерзімді басылымдарында, әртүрлі ғылыми журналдарда кедендік жүйе мен кедендік саясат мәселелеріне арналған бірқатар мақалалар жарық көрді. Олардың қатарына И.И. Мушкет, Н.П. Обухов, Р.А. Марченко, Е.М. Смирнованың мақалалары жатады [11]. Алғашқы онбесжылдық посткеңестік тарихнаманың сараптамасы кедендік іс пен саясаттың өзіндік «идаралық тарихнамасының» қалыптасуы туралы қорытындыға итермелейді. Идаралық тарихнама зерттеулерінің жалпы сипаты - оның «еуропоцентризмдік» бағыттылығы болып табылады. Тіпті аймақтық мәселелер Орталық Ресейдің мысалында ашып көрсетіледі. Ортаазиялық өлкедегі кедендік іске қатысты материалдар жоқтың қасы. Идаралық зерттеулермен қатар, соңғы жылдары тарихи ретроспективті сараптамаға негізделген Ресейдің аймақтық кедендік саланың және саясатының тарихына арналған күрделі зерттеу жұмыстары да туындауда. Олардың қатарында біздің зерттеу жұмысымызға географиялық жағынан жанама қатысы бар Н.А. Беляеваның және И.В. Переслегинаның [12] зерттеулерін атауға болады.

Отандық тарихнамада патша үкіметінің өлкені отарлаудың саяси, әскери және қоныстандыру шараларын зерттеуге басым назар бөлінсе, оның экономикалық тұстары толыққанды зерттелген емес. Сонымен қатар, отандық және ресейлік тарихнамада өлкедегі ресейлік мемлекеттік мекемелер қызметінің тарихы да толық қарастырылмаған. Ал, аймақты экономикалық отарлау саясатының маңызды құралы - кедендік қызмет бойынша арнайы зерттеу жұмыстары жоқтың қасы, мәселе төңірегі жанама зерттеулермен: Ресейдің жалпы кедендік саясаты мен кедендік сала, сауда-экономикалық байланыстар, орыс-қытай саяси-дипломатиялық қарым-қатынастар тарихына арналған еңбектермен шектеледі деп қорытуға болады. Бұл зерттеулерде Қазақстан территориясындағы 1868-1917 жылдар аралығындағы кедендік іс тарихы зерттеу объектісі болмағандықтан, мәселе күрделі және негізделген саралаудан өткен жоқ.

Зерттеу жұмысының мақсаты - 1868-1917 жылдар аралығында Қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасу мен дамуын нақты, кешендi әрi жан-жақты тарихи тұрғыда зерттеу болып табылады.

Осы мақсатқа жету бірқатар зерттеу міндеттерін шешу арқылы жүзеге асырылады:

- өлкедегі кедендік саясаттың жалпыресейлік кедендік саясаттағы тенденцияларымен байланысын, спецификалық ерекшеліктерін, оның сипатын айқындаған экономикалық және геосаяси себептер жиынтығын анықтау;

- 1876-1890 жылдар аралығындағы жаңа территорияларда жергілікті әкім­шіліктер тұсындағы кедендік функциялардың жүзеге асу деңгейін сараптау;

- орыс-қытай келісімдеріндегі кедендік-тарифтік мәселелердің реттелу ерекшеліктерін, оның саяси-экономикалық аспектілерін айқындау;

- аймақтағы кедендік құрылымдарды қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлық қамтамасыз ету деңгейін зерделеу;

- ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан территориясындағы кедендік құрылымдардың атқарған қызметін зерттеу.

Зерттеудің деректік негізі. Қазақстан территориясындағы кедендік ісінің тарихына байланысты деректерді отандық ғылымда қалыптасқан классификация бойынша топтастыруға болады.

Халықаралық-құқықтық сипаттағы заңнамалық дерек көздеріне Ресей мен Цин империясы арасындағы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы аралығындағы шекараны, сауда барысын, кедендік сала бойынша істерді реттеген және болашақтағы кедендік істі, кедендік құрылымдардың қызметін ұйымдастыруда заңнамалық-нормативтік актілерге негіз болған келісімдер - 1851 жылғы Құлжа сауда келісімі, 1860 жылғы Пекин келісімі және оның қосымша келісімдер - 1862 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы құрлықтық саудасының ережелері, 1864 жылғы Шәуешек протоколы, 1869 жылғы «Ресей мен Қытай арасындағы құрлықтық саудасының жаңалған ережелері», 1881 жылғы Петербор келісімі жатады. Сонымен қатар, заңнамалық деректер қатарына жоғары деңгейдегі өлкенің кедендік саласына қатысты жарияларған қаулылары, жарлықтары, бұйрықтары кіреді. Кедендік істің құқықтық негіздемесіне қатысты деректерді «Ресей империясының толық заңдар жинақтарында», патша үкіметінің қаулылары мен бұйрықтарының жинақтарында, кедендік құрылымдарды ұйымдастыру бойынша заңдар мен бұйрықтардың арнайы жинақтарында, «Ресей империясының заңдар жинақтарының» кедендік және сауда мәселелеріне арналған тарауларында табуға болады.

Ал, мемлекеттік кеңестің кедендік тарифтер, сауданы жүргізу тәртіптері бойынша қабылданған заңды құжат мәтіндері жоғарыда аталған жинақтармен қатар сол кезеңдегі өлкелік мерзімді басылым беттерінде жарияланды. Мысалы, Түркістан өлкесіндегі «Туркестанские ведомости» ресми басылымында «Түркістан өлкесіндегі уақытша кедендік ережелер» және оған қосымша «Түркістан өлкесі үшін 1889 жылға арналған кедендік тариф», «Түркістан және Семей кедендік аймақтарын құру» туралы қаулы, «Түркістан өлкесіндегі Қаржы министрлігінің кедендік істер бойынша ерекше тапсырмалар шенеунігіне нұсқаулық» және тағы басқа заңнамалық деректер жарияланды. Мерзімді басылым деректеріне «Туркестанские ведомости», «Северный вестник» басылымында жарық көрген Түркістан мен Дала өлкелеріндегі кедендік істің жағдайы туралы баяндайтын мақалалар да жатады.

Статистикалық деректерге Кедендік алымдар департаменті жыл сайын жариялап тұрған «Обзор по внешней торговле России по европейским и азиатским границам» атты жинақтары жатады. Статистикалық дерек мәліметтері негізінде өлкеде саудаға қызмет көрсетудегі басты кедендерді айқындауға, көршілес аймақ кедендерімен салыстыруға мүмкіндік береді.

Батыс Қытаймен шекаралас Қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасуы мен дамуының тарихына байланысты қалың іс жүргізушілік деректер қабаты – негізінен мұрағаттарда шоғырланған. Мұрағаттық деректер арасында аталған дерек көздерінің барлық түрлерін кездестіруге болады, алайда, ең кең тарағандары – іс-жүргізушілік дерек түрлері.

Батыс Сібірдің генерал-губернаторының, Томск губерниясы және Семей облысының губернаторларының сауданы дамыту бойынша зерттеу экспедициялары, олардың патшаға тапсырған жылдық есептемелері, мәліметтерді жинақтау шаралары, Уградағы консулдың Батыс Сібірдің басты басқармасына жіберген мәліметтері Омбы облысының мемлекеттік мұрағатында (ООММ) «Батыс Сібірдің басты басқармасы» атты №3 қорда сақталған. Бұл қордың материалдарымен жұмыс істеу көптеген қиыншылыққа тап болды. Бұл қордың зерттеу үшін маңызды істеріне мемлекеттік құпия таңбасы басылып, ғылыми қауымдастық қолына берілмей отыр.

Кедендік мәселелер төңірегіндегі дерек көздерінің келесі бір көлемді бөлігі Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағатында (ҚР ОММ) шоғырланған. 1881-1883 жылдардан бері Дала генерал-губернаторлығының құрамына енген Семей және Жетісу облыстарындағы жергілікті әкімшіліктерге артылған Батыс Қытайдан келетін шайдан баждарды жинақтау және сауда барысын бақылау бойынша кедендік функцияларды жүзеге асыруға қатысты «Дала генерал-губернаторының кеңсесі» атты көлемді № 64 қордың, «Әскери министрліктің Жетісу облыстық басқармасы» атты № 44 қордың істері ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарындағы кедендік істің ұйымдастырылуы мен даму тенденцияларын айқындауға ауқымды мағлұмат береді.

ҚР ОММ-ында ХІХ ғасырдың 90-шы және ХХ ғасырдың басындағы кедендік саланың жеке құрылым ретінде қалыптасу және даму кезеңіне қатысты істердің басым бөлігі «Қаржы министрлігінің Кедендік алымдар департаментінің Семей кедендік аймағы бастығының кеңсесі» атты № 800 қорда, «Қаржы министрлігінің Жаркент учаскелік кедендік басқармасы» атты №126 қорда, «Семей кедендік аймағының Жаркент кедені» атты № 720 қорда, «Қаржы министрлігінің Хоргосс кедендік заставасы (1905-1912 жж. Қаржы министрлігінің Хоргосс кедендік өтпелі пунктісі)» атты №135 қорда, «Семей уческесінің кедендік инспекторы» атты № 824 қорда жинақталған.

Әсіресе, көлемді деректік ақпарат беретін № 800 қор болып келеді. Қорда ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарындағы кедендік істің ұйымдастырылуы мен дамуына қатысты жан-жақты мәліметтер шоғырланған, мәселенің көптеген тұстарын кешенді зерттеуге жол ашады. Осы көлемді қордың мәліметтері диссертациялық жұмыстың басты деректік негіздемесіне айналды.

Бірқатар мұрағат қорларының сауда мәселелеріне қатысты мәліметтерінің ғылыми айналымға қосылу үдерісі - соңғы онжылдық кезеңінің құбылысы. Осы орайда, мәселе бойынша біршама қызығушылықты 2004 жылы жарияланған Семей өңірінің сауда мәселелеріне қатысты құжаттар жинағы да тудырады.

Іс-жүргізушілік деректерге жоғарыда көрсетілген Батыс Сібір әкімшілігінің ұйымдастырған Балкашкин және Павлов-Сильванский зерттеу экспедицияларының материалдарымен қатар Императорлық орыс географиялық қоғамының (ИОГҚ) Батыс бөлімшесінің Батыс Моңғолиядағы сауда жағдайын, жол қатынастарын зерттеу үшін ұйымдастырған М.В. Певцов, А. Адрианов, М.А. Брещинский, М.И. Боголепов пен М.Н. Соболев, В.Л. Поповтың экспедицияларының материалдары, сонымен бірге Орыс өнеркәсібі мен саудасына қолдау жасау қоғамындағы Н.Шавровтың Ресейдің Азиямен саудасына қатысты баяндамасы жатады [13].

Ресей империясының жеке аймақтарының көршілес елдермен саудадағы орыны мен рөлін, осы орайда кедендік тарифтердің бірқатар мәселелерін қозғаған А.Ф. Губаревич-Радобыльскийдің еңбегі де дерек көзі ретінде құнды.

Жеке дерек көзі ретінде біршама қызығушылықты Ресейдің Батыс Қытаймен шекара мәселелерін реттеу шараларына қатысқан И.Ф. Бабковтың автобиографиялық еңбегі тудырды [14].

Қорыта келе, Қазақстан территориясындағы кедендік істің тарихы ғылыми қызығушылық тудыратын жеке деректік базаға негізделетіні, оның ғылыми қауымдастық тарапынан сарапталып, белгілі бір жүйеге келтіру қажеттілігінің туындағаны туралы тұжырым жасауға болады.



Зерттеудің теориялық-методологиялық негізін - тарихи зерттеулердің арнайы - тарихи-генетикалық, салыстырмалы-тарихи, тарихи-проблемалық және жалпы ғылыми әдістері құрайды. Арнайы және жалпы ғылыми (диалектикалық, логикалық, проблемалық және т.б.) әдістерді қолданудың ғылыми нәтижелері тарихи деректермен жұмыстың нақты әдіснамасымен айқындалады. Тарихи мағлұматты айырып алудың тәсілдерін таңдауда дерек көзіне дербес құндылығы бар тарихи ақиқат фактісі ретінде қатынасқа жүктелу жөн. Бұл зерттеу процедураларының жиынтығы деп қарастырылған тарихи герменевтика тәсілдерін қолдануға мүмкіндік берді. Осындай әдістеме кедендік істің аймақтық нұсқасын жасау үрдісінің мазмұнына, объект ретінде өлке спецификасына сәйкес ұйымдастырылған кедендік құрылымның қызметіне басым көңіл бөлуге, өзінің салдары бойынша кейде ресми жария етілген мақсаттарға қарама-қайшы кедендік реттеудің аймақтағы жеке шараларын қолдану бірізділігі мен ерекшеліктеріне назар аударуға жол ашты.

Зерттеудің хронологиялық шеңберi 1868-1917 жылдар аралығын қамтиды. Алайда, кедендік мәселелердің мән-мағынасын, құбылыстардың алғышарттары мен себептерін ашу мақсатында белгіленген хронологиялық шеңберден тыс кезеңдер мен жылдар қамтылды.

Зерттеудің территориялық шеңберi - Қазақстанның бүкіл территориясын қамтиды. Ресей империясының оңтүстіктегі мемлекеттік мен кедендік шекарасы Орта Азияға ілгерілеуіне байланысты оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыттағы кедендік істі ұйымдастыру Қазақстан территориясынан тыс территорияларда, Ресейдің ортаазиялық шекараларында жүрді. Сонымен қатар, аталған хронологиялық шеңбер аясында Қазақстан территориясында кедендік істің қалыптасуы Батыс Қытаймен ресейлік мемлекеттік шекара бойымен жүзеге асқаны анықталды. Сондықтан, зерттеудің территориялық шеңберін қазіргі Қазақстанның Батыс Қытай шекарасымен шектеуге тура келді. Сонымен қатар, диссертацияда Семей кедендік аймағының құрамында болған Қос-ағаш учаскесі диссертацияда қамтылады. Учаске құрылымдары Ресей империясының Томск губерниясының мемлекеттік шекарасында орналасты, белгілі бір территориялық ауытқудың болуына қарамастан, аталған учаскені зерттеуде қамту өлкедегі кедендік саладағы ортақ тенденцияларды айқындау үшін тиімді деп ұйғарылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертацияда қазақстандық тарихнамада алғаш рет 1868-1917 жылдары Қазақстан территориясында кедендік саланың тарихы мәселелеріне кешенді, жан-жақты және объективті зерттеу ұмтылысы жасалды. Жұмыстың ғылыми жаңалығы келесідей нәтижелермен сипатталады:

- кедендік саясаттың жалпы, азиялық және аймақтық деңгейлерінің өзара байланысы, ортақ тенденциялары және спецификасы көрсетілді;

- алғаш рет кедендік мәселелердің орыс-қытай келісімдерінде реттелу үдерісі сарапталды;

- алғаш рет жергілікті әкімшіліктер тұсындағы кедендік қызметтің тиімділік деңгейіне баға берілді;

- Семей, Жетісу өлкелеріндегі кедендік құрылымдардың құрылу және қызмет ету мәселелеріне жан-жақты, объективті және кешенді зерттеу жүргізілді;

- ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан территориясындағы кедендік құрылымдардың қызметінің бағыттары анықталып, кедендік қызметті іске асыру барысындағы кездескен қиыншылықтар, жағдайлары мен шарттары, тиімділік деңгейі анықталды.



Зерттеудің ғылыми-практикалық маңыздылығы диссертация материалдарын тарих мамандарын даярлау бойынша арнайы курстарда қосымша мәліметтер ретінде пайдалануға, «Кедендік іс тарихы» арнайы курстарын, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихы бойынша курстарды әзірлеу кезінде де қолдануға болады. Сонымен қатар, жұмыста жасалған тұжырымдар мен қорытулар революцияға дейінгі ресейлік мемлекеттік мекемелердің тарихын, 1868-1917 жылдар аралығындағы Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихын зерттеу кезінде пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Отан тарихы кафедрасының отырысында, сондай-ақ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетінің ғылыми семинарының отырысында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары ҚР БжҒМ БҒСБК-нің мақұлдаған 4 журналдарында, 4 халықаралық конференцияларда, 1 республикалық конференцияда, 1 аймақтық журналда мақалалар ретінде жарық көрді.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

  1. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейдің Батыс Қытаймен шекарасындағы кедендік саясатының басты бағыты ретінде аймақтық сауда байланыстарына жан-жақты жағдай жасауға мүдделі болды;

  2. бірқатар маңызды мемлекеттік функцияларды атқару міндеткершілігі бар жергілікті әкімшіліктер тарапынан кедендік функцияларды атқару деңгейі төмен болды;

  3. өлкедегі кедендік-тарифтік саясат қағидалары орыс-қытай келісімдерінде және сауда қатынастарын реттеудің ерекше түрі – сауда ережелерінде белгіленді;

  4. Қазақстан территориясында кедендік саланың орталықтанған жүйеге айналу кезеңінде (1890-1817 жж.) кедендік құрылымдарды нашар материалдық-техникалық қамсыздандыру мен әлсіз қаржыландыру орын алды, нәтижесінде бұл кедендік құрылымдардың қызметіне кері әсер етті;

  5. аймақтағы ауыр географиялық-климаттық, тұрмыстық жағдай және төмен жалақы көлемі кедендік қызметке жергілікті тұрғындар қызығушылығын тудырмады, нәтижесінде аймақ құрылымдарындағы кадрлық таңдау төмен деңгейде болды;

  6. ХХ ғасырдың басында Қазақстан территориясындағы кедендік істі қайта ұйымдастыру кедендік басқару мәселесін қамтып, берік бақылау жүйесін орнатуда күрделі өзгерістерге арқау бола алмады.

Диссертацияның құрылымы терминдік сөздердің түсініктемесінен, қысқартудан, кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланған деректер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертацияның кіріспе бөлімінде – тақырыптың өзектілігі, зерттелу деңгейі, ғылыми құндылығы, ғылыми жаңалығы, практикалық маңызы, мақсаты мен міндеттері, методологиялық негіздемесі айқындалды.

1868-1890 жылдардағы Қазақстан территориясының Батыс Қытаймен шекарасындағы кедендік істің бастамасы деп аталған бірінші бөлімде Ресейдің жалпы кедендік саясатындағы үдерістерге, оның азиялық бағыты мен аймақтық нұсқаларына сипаттама беріліп, Ресей мен Цинь империясы арасында келісімдердегі ресейлік экономикалық мүдделер мен тарифтер мәселесі талданып, жергілікті әкімшіліктер тұсындағы кедендік қызметтің іске асу дәрежесі зерттеледі.

Ресейдің кедендік саясатындағы тенденциялар, оның азиялық бағытының және аймақтық нұсқасының ерекшеліктері атты бірінші бөлімшеде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ресейлік кедендік саясаттағы негізгі тенденциялар мен ағымдар, кедендік тарифтердің өсу мен төмендеуінің факторлары мен алғышарттары, кедендік саясаттың азиялық және өлкелік бағыттарының ортақ тенденциялары мен ерекшеліктері қарастырылады.

Қаржы министрлері А.М. Княжевич, М.Х. Рейтерн, Н.Х. Бунге, И.А. Вышнеградский, С.Ю. Витте тұстарындағы кедендік саладағы өзгерістер мен ұстанымдар талданып, әрбір кедендік тарифтің экономика және сауда айналымына әсері сарапталады. Ресейдің ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы кедендік саясатын сараптай келе, оның эволюциясы бірнеше ағымның үстемдік құрған кезеңдерінен өткені айқындалды: 1) 1857-1876 жылдар – фритредерлік бағыт; 2) 1876-1891 жылдар – фискалдық бағыт; 3) 1891-ХХ ғасырдың басы – протекционисттік бағыт.

Еуропалық Ресейден бағыт алған 1870-ші жылдардағы үкіметтің индустриалдық және «алтын» саясаты өзінің әсерін Шығыс елдеріне де жайды. Бұл бағытты Ресейдің фабрикалық өнеркәсібінің дамуының перспективаларын Азияның тиімді нарықтарына шығуда көрген өнеркәсіпшілер қолдады. Өнеркәсіпті қолдаушылық пен сауда балансын нығайту Азиядағы сауда және кедендік саясатқа әсер еткен мақсатқа жету құралдары болды. Ресейлік билік өкілдері ресейлік тауарларды Шығысқа шығаруға жол салып, еуропалық Ресейдің қолдаушылық кедендік тарифтерін азиялық аудандарға біртіндеп тарату жолымен сырттан еуропалық импортты шектеуге тырысты.

Жауланған Қазақстан территориясында ресейлік билік иелері тарапынан сауда-кедендік салада бірнеше міндеттерді шешу көзделген болатын:



  • Ресейдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде, отарлық нарықтарда шетелдік, ең алдымен, ағылшын тауарларының бәсекелестігінен ішкі өнеркәсіп тауарларының үстемдігін қорғау;

  • алдыңғы қатарлы еуропалық мемлекеттер тарапынан игерілмеген Қазақстан территориясымен шекаралас Батыс Қытай нарықтарын дами бастаған ресейлік өнеркәсіп тауарларының тұтыну нарығына айналдыру.

Сондықтан, Ресейдің Түркістан иелігі мен Қытаймен шекаралас Жетісу және Семей облыстарындағы нарықтарға еуропалық тауарлардың енуінен қауіптенген ресейлік биліктер бұл аймақтарда тіпті, көптеген шетелдік тауарларға тыйым салушы тарифтерді ұстанды. Ал Шыңжаңды өзінің экономикалық ықпалына түсіру мақсатында сауда байланыстарын нығайтуға, бұл сауданың кедендік ауыртпашылығын төмендетуге бет алды. Орта Азиядағы ағылшын-орыс саяси және экономикалық бәсекелестігі аясында Ресей иеленген территориялардың нарықтарын ішкі Ресейлік нарықтармен тығыз байланысын кедендік-тарифтік механизмдер арқылы қамтамасыз етуге тырысты, себебі Ресей үшін бұл өлке экономикалық тұрғыда өнеркәсіптік тауарларды өткізу және шикізат қорының перспективті нарықтары ретінде қарастырылды.

Екінші бөлімшенің атауы - Сібір және Орынбор кедендік шептерінің таратылуы. Осы бөлімшеде Сібір және Орынбор шептерін таратудың алғышарттары, себептері, билік инстанцияларында талдануы қарастырылады.

1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформаларды дайындау барысында Қазақстан және жауланған территориялардың ресейлік ішкі экономикалық-нарықтық қатынастарға өтуі Сібір және Орынбор бойымен қалыптасқан кедендік бақылау жүйесін жоққа шығарып, жаңа жауланған территорияларда Батыс Қытаймен, Бұқара және Хиуа хандықтарымен және өзге де мемлекеттермен кедендік бақылауды орнатуды талап етті. 1865 жылы мәселені талқылау Қаржы министрінің тапсырысымен арнайы комиссияға жүктелді. Комиссия құрамында қаржы және әскери министрлік, жергілікті Орынбор және Батыс Сібір әкімшіліктерінің өкілдері болды. Комиссияның ұйғарымы – Сібір және Орынбор кедендік шептерін таратып, жаңа әскери шептердің бойында әскери күштердің қарауына жүктелуі болатын. Яғни, кедендік шепті ұйымдастыру ісі арнайы мамандандырылған жүйе незігінде емес, жергілікті әскери әкімшілік қызметтерінің бірі ретінде ұйымдастыру ұсынылды. Екіншіден, ресейлік әкімшілік-басқару жүйесіне енгізілген қазақ даласы мен жаңа жауланған Орта Азиялық территорияларда ішкі нарықты өзге азиялық тауарлардан, әсіресе, ағылшын-үнді тауарларынан қорғау мақсаттары үшін кедендік жүйені аймақта енгізудің қажеттілігі мойындалды.

Орта Азиядағы әскери операциялар нәтижесінде Сібір мен Орынбор шептеріндегі орыс-ортаазиялық сауда байланыстары бәсеңдеген еді, сондықтан қазынаның мүддесі үшін император ІІ-ші Александрдің жарлығымен 1865 жылдың 30 қарашасында Сібір және Орынбор шептеріндегі Вердинская, Калмыковская, Омбы, Пресногорьковская, Өскемен кедендік заставалары жойылды. 1868 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекеттік кеңестің шешімімен Орынбор және Сібір кедендік шептері таратылды. Алайда, жауланған территорияларда жаңа кедендік шепті орнату ісі ондаған жылдарға созылды. Осы орайда, Батыс Қытаймен шекаралас жатқан аймақта кедендік істі ұйымдастыруға аталған құрылыс және қаражат материалдарының шектеулігімен қатар шекараның белгіленбеуі де кедергіге айналды. Орта Азия саудасы үшін тәжірибе жүзінде толық еркіндік беріліп, мұсылман көтерілістері нәтижесінде Батыс Қытаймен сауда қатынастарының доғарылуы және еуропалық тауарларды әкелу қауіпінің экономикалық негізі жоқтығы Сібір және Орынбор кедендік шептерін тарату қажеттілігін тудырды.



Ресейдің өлкедегі сауда мүдделері мен орыс-қытай келісімдерінде кедендік-тарифтік мәселелердің реттелуі атты үшінші бөлімшеде Ресейдің Қазақстан территориясы арқылы Батыс Қытайдағы экономикалық мүдделерінің келбеті ашылып, тарифтер мәселесінің екіжақты келісімдердегі орыны мен маңызы сарапталды. Дипломатиялық келіссөздер арқылы экономикалық және тарифтік мәселелерді шешу тәжірибесінің кешенді сипаттамасы берілді.

ХІХ ғасырдың 40-60 жылдардағы әскери операциялар арқылы Жетісу территориясын иемденген Ресей империясының осы өлкеде Цинь империясының Шыңжаң аймағымен шекаралас болуы екі мемлекет арасында шекаралық, сауда-экономикалық байланыс мәселелерін реттеуді талап етті. Патша үкіметі қытай жағымен орыс саудасы үшін жабық болған Шыңжаң нарықтарын ашу туралы дипломатиялық келіссөздер жүргізе бастады. 1851 жылы бекітілген Құлжа келісімі Орта Азиядағы Ресей мен Қытай арасында ресми сауда қатынастарының құқықтық негіздемесін салды. Опиумдық соғыстардың зардаптарынан терең саяси дағдарысқа түскен Қытайдың батыс аймақтарында Ресей империясы өзінің позицияларын нығайтуға бел байлаған. Құлжа келісімі Батыс Қытайдағы ресей саудасының тиімсіз жағдайын тұйықтап, орыс көпестері Шыңжаңның екі қаласында –Шәуешек пен Құлжада заңды саудамен айналысу құқығына ие болды.

Орта Азияға және Батыс Қытаймен шекаралас Жетісу, Іле аймақтарына Ресейдің ілгерілеуі Ресей мен Қытай мемлекеттері арасында аймақтағы шекараларын айқындауға итермеледі. Бұл үрдістің негізін салған және Батыс Қытайдағы сауда келісімдердің бірі 1860 жылдың 2 қазаныныда орыс-қытай шекарасының шығыс және батыс учаскелерін анықтау, дипломатиялық қатынастар тәртібі және Құлжадағы сауда туралы Пекин қосымша келісіміне қол қойылды. Келісімнің 6-шы бабына сәйкес «тәжірибе ретінде Іле мен Тарбағатайдағы секілді негіздерде Қашғарда да орыс-қытай саудасы ашылды».

Моңғолиядағы орыс саудасының дамуына 1862 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы шекаралық құрлықтық және теңіздік сауда ережелері жағымды әсер етті. Келісімнің баптары бойынша шекараның қытайлық 100 ли екі жақты қашықтығында бажсыз сауда жүргізуге, орыс көпестеріне Қытайға бағынышты барлық Моңғолияда бажсыз сауда жасау құқығы берілді.

Шыңжаңдағы көтерілістердің тұйықталып, цин билігінің орнауынан кейінгі кезеңде Ресей мен Қытай арасында аймақтағы қарым-қатынас негізін реттейтін жаңа келісім жобасы да әзірленіп жатты. 1881 жылғы Петербор келісімі туралы келіссөздер барысында ресейлік дипломатия орыс саудасы үшін тиімді шарттарға ие болу мақсатында Құлжа аймағын қайтару мәселесін тиімді пайдаланды. Келісімнің 12 бабында: «Орыс азаматтары бажсыз сауда жүргізу құқығына тең дәрежеде Іле, Тарбағатай, Қашғар, Үрімші және Ұлы қорғанға дейінгі Тянь-Шаньнің солтүстік және оңтүстік баурайларында орналасқан басқа да аймақтарының қалаларында және басқа да жерлерінде пайдалана алады», - делінсе, 16 бабына сәйкес «егер де орыс құрлықтық саудасының дамуына қарай Қытайға шығарылатын және одан әкелінетін тауарларға осы сауданың қажеттіліктеріне сәйкес келетін кедендік тарифті белгілеу қажеттілігі туындаса, ресейлік және қытайлық үкімет мәселе төңірегінде өзара келісімге келіп, баждарды анықтау үшін тауарлар құнынан бес пайыздық алымдарды жинауды негізге алатын болды». Сонымен қатар, келісімге қосымша ретінде 1881 жылдың 12 ақпанында бекітілген құрлықтық сауда ережелерінің бірінші бабына сәйкес екі мемлекеттің шекарасында, екі жаққа да 50 шақырым қашықтығында орыс және қытай азаматтары арасында еркін және бажсыз саудаға құқық берілді. 1881 жылғы Петербор келісімі Ресей мен Қытай арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз еткен соңғы маңызды келісімге айналды.

Жергілікті әкімшіліктер тұсындағы кедендік қызмет (1876-1890жж.) атты төртінші бөлімшеде шекаралық полицейлік және әскери әкімшіліктерге кедендік функциялардың жүктелу және жүзеге асу деңгейіне баға беріледі.

1876 жылы Томск губерниясы мен Семей облысының шекарасында шай саудасынан баждарды жинау қажеттігі шешілді. Бийскіге шай жолын кедендік бақылауда ұстау және қажетті баждарды жинау міндеті Бийск қаласында жергілікті полицейлік құрылымдарға жүктелді. Бұл Қаржы министрі М.Х. Рейтерннің гүлді және сауда шайынан кедендік баждарды жинау туралы шешіміне орай жасалды. Алайда, шай саудасы жалғыз Бийск қаласы арқылы ғана емес, сонымен қатар Ертіс бойымен Семейге баратын сауда жолында да кедендік бақылауды орнату қажеттілігі туындады. Дәл Бийскідегі шарттарда Алтайская станицасы мен Зайсан постындағы шайдан баждарды жинау қызметі жергілікті әкімшілік шендерінің мойнына артылды.

Жетісудағы кедендік қызметті жергілікті әкімшіліктерге жүктеу үрдісі ХІХ-шы ғасырдың 80-ші жылдары орын алды. Жетісудағы кедендік қызмет орнату 1884 жылдың 22 мамырында Дала генерал-губернаторы Г.А. Колпаковский бекіткен «Батыс Қытаймен Жетісу облысының шекарасындағы әкімшілік, кедендік және әскери саладағы бақылауды орнату бойынша нұсқаулықтан» бастама алады. Нұсқаулықтың баптары Жетісудағы шекаралық учаскелік және уездік әкімшіліктерге кедендік функциялар арасында контрабанданың алдын-алу, сауда барысы жайлы мәліметтер жинау, жергілікті шекараны күзету қызметін атқаратын әскери бөлім меңгерушілеріне мәліметтер жеткізу, сауда жүргізу үшін билеттер беру қызметтері берілгені туралы мәлімдейді. Кедендік күзет бойынша функциялар шекара бойынша орналасқан әскери бөлімдерге жүктелді. Осы функциялар Жаркент учаскесінде орналасқан әскери бөлімдерге, Бақты және Нарын әскери бөлімдеріне және Қаракөл мен Лепсіде орналасқан казак бөлімдеріне артылды.

Түркістан аймағындағы жергілікті әскери-полицейлік басқарманың шенеуніктеріне артылған кедендік функциялар 1886 жылы Түркістан аймағы басқармасының құрамында кедендік істер бойынша Қаржы Министрлігінің ереше тапсырмалар шенеунігінің лауазымын бекітумен Қаржы Министрлігінің құзырына берілген болатын. Аталған шенеуніктің мойнына өлкедегі кедендік істі ұйымдастырудың жобасын әзірлеу артылды. Жоба негізінде Орта Азия мен Қазақстан территорияларында ірі кедендік аймақ құру қарастырылды. Алайда, мемлекеттік кеңестің шешімімен 1890 жылы Түркістан кедендік аймағымен қатар Қазақстан территориясында Семей кедендік аймағы құрылды.

Қорыта келе, кедендік істі қадағалаушы әкімшіліктерінің, полицейлік құрылымдардың арасындағы байланыстың жоқтығы, олардың мойнына шамадан тыс артық функциялардың жүктелуі, шекараны кедендік тұрғыдан толықтай, үздіксіз бақылаудың болмауы шай саудасының баждарды төлеусіз, контрабандалық жолмен өтуіне әкеліп, өлкедегі істің ұйымдастырылуына қайта қарауды талап етті деп мәлімдеуге толық негіз бар.

1890-1917 жылдардағы Қазақстан территориясының Батыс Қытаймен шекарасындағы кедендік жүйенің жеке сала ретінде қалыптасуы мен дамуы атты екінші бөлімде Семей кедендік аймағының қызмет ету және таратылуынан кейінгі кезеңдеріндегі кедендік істі ұйымдастыру, жетілдірілу, кедендік қызметтің іске асу барысы қарастырылады.

Семей кедендік аймағының құрылымдарын қаржылық және материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері атты бірінші бөлімшеде аймақты ұйымдастыру барысы, кедендік қызметті іске асыру үшін құрал-жабдықтармен, қаражаттармен қамсыздандыру деңгейі зерттеледі.

Қаржы министрінің шешімі негізінде Семей кедендік аймағы бес кедендік учаскелерге бөлінді: 1) Томск губерниясының Бийск округінде, Қос-ағаш маңында; 2) Семей облысында – Қатон-Қарағайда және Алқабек өзені бойындағы өтпелі пунктісі бар Зайсанда; 3) Жетісу облысында – Бақты қамалында және Хоргос қаласындағы өтпелі пунктісі бар Жаркент қаласында. Мемлекеттік кеңестің жобасы негізінде Қазақстанның және Томск губерниясы территорияларының Батыс Қытаймен шекарасын 50-60 салт атты күзетші бақылауы қажет болды. Семей кедендік аймағы құрылымдарының жыл бойына тұрақты қызмет етуіне 56600 рубль көлеміндегі қаражат шығындау көзделді. Есеп бойынша 5 кедендік учаскенің әрбір меңгерушісі ай сайын шамамен 167 рубль көлемінде, оның көмекшісі - 100 рубль көлемінде, учаскелердегі кеңсе шенеунігі мен күзет бақылаушысы - 40 рубль көлемінде, салт атты бақылаушылар - 25 рубль көлемінде, күзетшілер - 15 рубль көлемінде жалақы алатын болды. Кедендік қызметкерлердің, әсіресе күзет қызметкерлерінің жалақы көлемі күзетті атқарудың жергілікті жағдайларына сәйкес келмеді.

Белгіленген жыл сайынғы жалақы және қосалқы шығындармен қатар кедендік құрылымдарды мекемемен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге де назар аударылды. Осы орайда 1890 жылы Түркістан өлкесі мен Жетісу облысындағы мекемелерді сатып алу, құру және жөндеуге 18204 рубль несие бөлінді. Кедендердің орналасуына қажет баспана жалдау, сатып алу немесе құру көзделді. Алайда, бұл бірқатар қиыншылықтарға тап болды: шекаралық өлкедегі кеден мекемесі үшін қажет бос баспаналардың аздығы, мекемені құру үшін қажет құрылыс материалдарының болмауы орын алды.

Шекара бойымен құрылған кедендік мекелемерді (кедендер, өтпелі пункттер) қаржылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейі шекарадағы сауда барысын бақылау талаптарына жауап бермеді. Қазақстан территориясындағы кедендік қадағалау жүйесі эксперименттік жоба ретінде орнатылып, Семей кедендік аймағының тағдыры, жалпы ресейлік кедендік жүйедегі орны мен рөлі, кедендік аймақтың құрылымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі аймақтағы сауда байланыстарының даму үрдісіне тікелей тәуелді болды деп мәлімдеуге толық негіз бар.



ХІХ ғасырдың аяғындағы Семей кедендік аймағының кадрлық мәселелері атты екінші бөлімшеде аймақтағы кадрлық қамсыздандыру, кадрлардың дәрежесі, өлкенің кадрлық потенциалы мен қызмет шарттары мәселелері қарастырылды.

Аймақты қаржыландыру қазынаның мойнына ауыр түспеуі үшін аймақтың кедендік құрылымдарын ұйымдастыру барысында кедендік учаскелер, кедендер, кедендік бекеттер санын шектеулі қажеттілік деңгейіне қысқартып ұйымдастыру, кедендік посттарды шекара бойымен емес, тек қолданысқа ие сауда жолдарында ғана орналастыру шешілді.

Кедендік аймақтарды ашу туралы ережелерде кедендік мекемелер шенеуніктерінің құқықтық дәрежесі де белгіленді. Томск губерниясында, Семей және Жетісу облыстарындағы кедендерді және кеден учаске меңгерушілер - Еуропалық Ресейдің 1-ші дәрежелі кедендер және кеден учаскелерінің меңгерушілеріне, олардың көмекшілерін - 1-ші дәрежелі кеден мүшелеріне, күзетті - өтпелі пункттер бақылаушыларына, кеңсе шенеуніктерін - Еуропалық Ресейдің аталған шенеуніктеріне теңестірді. Аймақта шекара бойымен сауда барысына бақылауды орнату ісі өте төмен жағдайда болды, күзетшілер саны аз болып, ұзақ шекара бойымен үзіліссіз бақылауды қамтамасыз ете алмады. Өлкедегі мамандандырылған қызметкерлердің жетіспеушілігі аймақ құрылымдарының басқарушы қызметтеріне кадрларды таңдау барысында да сезілді. Семей кедендік аймағы бастығының кеңсе құжаттарынан кедендік мекемелердегі кадрлық саясаттың бейнесін көруге болады. Аймақ басқармасының, кедендік учаскелердің кеңсе шенеуніктері әртүрлі әлеуметтік топтардан жинақталып, кейде бұрынғы қызмет салалары тіпті кеңселік жұмыспен байланысты болмағаны көзге түседі. Біршама кадрлық қиындықтардың туындауы, ең алдымен, шекарада тұрғындар көлемінің, олардың арасындағы әскери шендердің аздығымен шартталса, екіншіден, күзет жалақысының төмендігінен, оның жерлігікті жағдайларға қажет шығындар мен ауыртпашылықтарды өтеуге мардымсыздығынан болатын. Шекара бойындағы өмір сүруге ауыр жағдайлар, жалақының уақытында төленбеуі кедендік күзетшілердің қызметтерін орындау сапасына кері әсер етті.

Семей кедендік аймағын қайта құру атты үшінші бөлімшеде аймақтағы сауда бойынша артқан үміттерінің ақталмауына байланысты аймақ жүйесін басқаруды қайта ұйымдастыру себептері, барысы мен салдары зерттеледі.

Семей кедендік аймағындағы әлсіз бақылау, күзетшілердің шағын көлемі аймақтағы контрабандалық сауданың кең өріс жаюына әкелді, кедендік басқарма мен учаске шенеуніктер санын азайтып, аймаққа бекітілген шығындар есебін өзгертуге, кедендік күзетті күшейтуге мүмкіндіктің болмауы кедендік әкімшілікті тығырыққа тіреді. Осыған қоса, өлкедегі жобаланған шай саудасының ұлғайуына шай саудасында жергілікті қытайлық әкімшіліктердің монополиясы, Кяхта шай саудасының монополиялық жағдайы, жалпы Ресейдің өлкедегі саяси-экономикалық позицияларының күшейуінен қауіптенген қытай биліктерінің орыс-қытай саудасына қарсыласуы кедергі болды.

Семей кедендік жүйесін қайта ұйымдастыру жобасын жетілдіру Департамент тарапынан бірнеше жылға созылды. Мәселе тек Семей кедендік аймағымен шектелмеді, кедендік бақылау шекарасының ұзақтығына, басқару мен бақылау функцияларының орталықтануына, нәтижесінде кедендік әкімшіліктің басқару-бақылау қызметін толықтай орындай алмауына байланысты Түркістан аймағын да қайта ұйымдастыру жобасы әзірленді. Нәтижесінде, 1899 жылдың 4 маусымда Мемлекеттік кеңес Түркістан өлкесіндегі, Закаспий және Семей облыстарындағы, Қытаймен Томск губерниясының шекарасы бойынша кедендік бақылауды қайта ұйымдастыру туралы Қаржы министрлігінің ұсынысын бекітті. Заң бойынша Закаспий және Семей кедендік аймақтары таратылып, Түркістан және бұрынғы Семей кедендік аймақтарында жеті учаскелік инспекторлар лауазымдары енгізілді. 1899 жылы 10 тамызда Қаржды министрі бұрынғы Семей кедендік аймағында Бийск, Зайсан және Қапал инспекторлық учаскелерін құрады. Бийск инспекторлық учаскесінің аймағына Қос-ағаш кедендік учаскесі, Зайсан инспекторлық учаскесінің аймағына Зайсан кедендік учаскесі, Қапал инспекторына Бақты және Жаркент кедендік учаскелері қарасты болды.

1899 жылғы кедендік саладағы қайта құрулар аймақтағы кедендік құрылымдардың орналасуы мен қызметіне өтімді әсер етпегенін мойындау қажет, себебі, заң жүзіндегі өзгерістер басым түрде кедендік саланы басқару мәселесін қамтыды. Өзгерістердің негізінде ұзақ қашықтықтарда орналасқан кедендік құрылымдарды ортақ әкімшілік тарапынан басқару жүйесінен инспекторлар тарапынан бақылау және жартылай басқару жүйесіне көшу жатты. Саланы қайта құрудағы түбегейлі өзгерістердің болмауының себебі - өлкедегі сауданы дамыту ойлары ақталмаған Қаржы министрлігі мен үкіметтің аймақтағы кедендік жүйенің құрылымдарын күшейтуге қосалқы қаражаттады шығындауды мақсат етпеуінде болатын.



Қазақстан территориясындағы кедендік құрылымдардың қызметі (1890-1917жж.) атты төртінші бөлімшеде аймақтағы кедендік құрылымдардың қызмет бағыттарына, іске асу деңгейлеріне сипаттама беріледі, статистикалық мәліметтер негізінде кешенді зерттеу жүзеге асты.

Кедендік құрылымдар қызметінің негізгі бағыттары жалпыресейлік кедендік құрылымдарға сай ортақ сипатқа ие болды. Оның негізгілері: сауда айналымын бақылау және тауарларды тіркеу, баждарды жинау, контрабандаға қарсы күрес болды. Аталған қызметтер арасынан кедендік құрылымдардың басты қызметін бөліп көрсету қиын, себебі әрбір қызмет түрінің спецификасы бар. Бірақ, өлкедегі кедендік құрылымдарды ұйымдастыру барысында Департамент тарапынан олардың алдында фискалдық мүдделердің орын алғаны - шай саудасынан баждарды жинаудың кедендік құрылымдар алдында алдыңғы қатарға қойылуынан байқалды. Шай саудасынан баждарды жинау 1891 жылдың көктеміндегі кедендік құрылымдардың ашылуынан басталды.

Өлкеде кедендік құрылымдар қызмет құзырын белгілеу кезінде аймақ құрылымдары алдындағы талаптар қатарында контрабандалық саудаға қарсы күрес жатты. Аймаққа қарасты шекарада контрабандалық жолмен тасымалдың бас тауары – шай болды. Контрабандалық тасымалдың дамуына ірі көлемдегі баждар мен аймақтағы бақылау жүйесінің әлсіздігі итермеледі. Шай саудасымен қатар, кедендік тіркеуден өтпеген басқа да тауарлар контрабандалық тауарлар қатарына жатты. Сонымен қатар, өлкеде сырттан әкелуге және шығаруға тыйым салынған контрабандалық арақ, опиум саудасы да дамыды. Өлкедегі контрабанданың дамуына жағдай жасаған факторлардың бірі – Петербор келісімі мен оған қосымша сауда ережелеріндегі шекара бойымен 50-шақырымдық еркін сауда жүйесі болды. Іс жүзінде аталған шартқа байланысты кедендік бақылауды жүзеге асыру біршама қиындықтар тудырды. Кедендік күзетке жәрдемдесуге тиісті шекарада орналасқан казак отрядтары шекарадан 50 шақырымдық қашықтықта контрабандаға қарсы ешбір әрекет жасай алмады. Орыс-қытай келісімдерінде белгіленген шекара арқылы өтпелі пункттерді ешбір қиындықсыз өткерген саудагерлердің 50 шақырымдық аралықта 10-20 күзетшіден тұрған кеден күзетінен айналып өту мүмкіндігі болды. Сондықтан, 50 шақырымдық кедендік шеп жүйесі кедендік бақылауға шекара күзет өкілдерін тартып, берік бақылау жүйесін орнату мүмкіндігін жоққа шығарды.

Қазақстанның Батыс Қытаймен шекарасындағы кедендік құрылымдар сауда көлемін тіркеу, баждар жинау, шекараны бақылау мен контрабандаға қарсы әрекет ету секілді қызметтерді атқарды, алайда әлсіз қаржыландыру мен күзет өкілдерінің жетіспеушілігі қызмет сапасына кері әсер етті. Қазақстан терроториясындағы кедендік құрылымдардың тауарларды тіркеу функцияларын жүзеге асыруы бірқатар объективті себептерге байланысты (шекараның бақылаусыздығы, кейбір кедендердің шекарадан алшақтығы) төмен деңгейде болды. 50 шақырымдық еркін және бажсыз шекаралық шеп тәртібін енгізу кедендік функцияларды жүзеге асыруда қиындықтар тудырып, контрабандалық сауданың дамуына негізге айналды.



ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақстан территориясындағы кедендік істің қалыптасу мен даму тарихын зерттеу негізінде келесідей кезеңдерін бөліп көрсету қажет:

1 кезең – 1868-1876 жылдар аралығы; осы кезеңде Сібір және Орынбор кедендік шептері таратылып, тәжірибе жүзінде орта азиялық саудаға еркіндік берілуіне және Шыңжаңдағы көтерілістен сауданың тұйықталуына байланысты кедендік қызмет болмады;

2 кезең – 1876-1890 жылдар аралығында кедендік функциялар (баждарды жинау, тауарларды тіркеу және шекараны кедендік тұрғыдан күзету) Семей мен Жетісу облыстарының шекаралық әкімшіліктеріне жүктеледі;

3 кезең – 1890-1900 жылдар аралығында Қазақстан территориясында кедендік сала жеке мемлекеттік құрылым ретінде бөлініп шығады. Өлкеде 5, ал кейін 4 учаскеден тұратын Семей кедендік аймағы ұйымдастырылады;

4 кезең – 1900-1917 жылдар аралығында Семей кедендік аймағы таратылуынан кейін кедендік істі басқару инспекторлық учаскелер негізінде ұйымдастырылады. Бұрынғы Семей кедендік аймағының территориясы 3 инспекторлық учаске құрамына кірді.

Зерттеудің нәтижелері негізінде келесідей қорытуларға келуге болады:

Біріншіден, кедендік саясаттың өлкелік нұсқасындағы фискалдық, фритредерлік және протекционисттік ұстанымдардың ара-қатынасын «үндестік» түсінігімен сипаттауға болады. Себебі, осы бағыттар арасындағы тартыс өлкеде керісінше бірізділік пен ортақ мақсаттарға ие болды. Қазақстан мен Батыс Қытайдың шекаралас өлкелеріндегі еркін және бажсыз сауда тәртібі бір жағынан фритредерлік бағытпен, орыс мануфактурасын өткізу мүмкіндіктері және ағылшын тауарларына жоғары тарифтерді ұстануы протекционисттік бағытпен, ал шай саудасынан баждарды жинау тәртібі қазынаны толықтыру және орыс-қытай сауда балансын түзету мақсатындағы фискалдық мүдделерімен үндес болды.

Екіншіден, Ресейдің өлкедегі кедендік-тарифтік мәселелерін реттеуде орыс-қытай келісімдері шешуші орын алды. Жалпы алғанда, орыс-қытай құрлықтық саудасын, саудаға қатысты кедендік-тарифтік мәселелерді реттеудің трактаттық бейнесі анық байқалады. Ресей өзінің Шыңжаңдағы кедендік мүдделерін жүзеге асыру барысында үлкен жетістіктерге жетті. Алдыңғы қатарлы еуропалық елдер қарудың көмегімен қол жеткізген сауда-кедендік жеңілдіктерге патша үкіметі дипломатиялық байланыстар арқылы иемденді. 1851 жылғы Құлжа келісімінен 1881 жылғы Петербор келісіміне қол қоюға дейінгі аралықта орыс дипломатиясы орыс саудасы үшін Шыңжаңда еркін және бажсыз сауда, 50 шақырымдық кедендік шеп секілді жеңілдіктерге қол жеткізді.

Үшіншіден, өлкедегі кедендік істің бастамасы ретінде 1868 жылғы Сібір және Орынбор кедендік шептерін жою туралы шешімді қарастыруға болады. Әрине, аталған шара нәтижесінде жаңа шекарада кедендік істің туындамауына қарамастан, аталған мәселе кедендік іс эволюциясын құрастыруда, себеп-салдық байланыстар жүйесін орнату үшін маңызды болып табылады.

Төртіншіден, 1876-1890 жылдар аралығында жергілікті әскери-полицейлік әкімшіліктерге кедендік қызмет биліктік-қоғамдық функциялардың басқа түрлерімен қатар артылды. Сондықтан, жергілікті әкімшіліктер тарапынан шай саудасын бақылау мен баж жинау қызметтерін жүзеге асыру төмен деңгейде болды. Кедендік істің жергілікті әкімшіліктерге жүктелуі заңды үдеріс еді.

Бесіншіден, 1890-1900 жылдары қызмет еткен Семей кедендік аймағы Қазақстанның территориясындағы кедендік істі ортақ жүйеге келтіріп, орталықтанған басқару негізінде құрылды. Аймақ басшылығы алдында шайдан кедендік баждарды жинау, контрабандаға қарсы күрес, берік бақылау жүйесін орнату, сауда айналымдарын тіркеу қызметтері жүктелді.



Кедендік істі 1890-1917 жылдар аралығындағы ұйымдастыру кезінде кедендік басқарманың бөлген қаражат көлемінің шектеулігі кедендік құрылымдарды, әсіресе кедендік бекеттерді қажет мекемемен қамтамасыз етуге, қызметкерлердің жұмысы кезіндегі тұрмыстық мәселелерді шешуге мүмкіндік бермеді. Ал, кедендік қызметкерлердің жалақы көлемдерінің төмендігі мекендері жоқ, географиялық-климаттық жағдайлары күрделі шекарада тұрмысын ұйымдастыру шығындарын, ауыр қызмет пен өмірдің жағдайларын өтемеді. Шекараның ұзақтығы мен ауыр географиялық-климаттық жағдайға байланысты кедендік бақылау жүйесін, яғни күзет бекеттері шебін үзіліссіз емес, тек саудасы жанданған, экономикалық тұрғыдан маңызды жолдарда, өткелдерде ғана ұйымдастыру ұйғарылды. Бұл шекараның толықтай бақылауда ұстау мүмкіндігінен айырды.



  1   2


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет