Ббк қ Редакция алқасы


ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ЖАНРЛАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ИНТЕРНАЦИОНАЛДЫҚ СИПАТЫ



бет8/16
Дата10.04.2016
өлшемі4.3 Mb.
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16
ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ЖАНРЛАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ИНТЕРНАЦИОНАЛДЫҚ СИПАТЫ
Фольклорлық жанрлар жинаусыз, зерттеусіз емес. Қазақ халқының ауыз әдебиеті қазынасындағы дастан, толғау, терме, халық өлеңдері, айтыстар, ертегі, аңыздар, мақал-мәтелдер, нақыл, шешендік сөздер, жұмбақ, жаңылтпаштар қаншама? Осы мол мұра қазір де типологиялық тұрғыдан салыстыра зерттелуді қажет етеді.

Қазақ совет фольклорындағы ұлттық, интеранционалдық сипаттардың да өркен жайып, дараланып, кейде өзара, бірлік, үндестік тауып жатқаны сезілуде. Бұл да типология жолымен шешілетін бүгінгі күннің күрделі мәселелерінің бірі.

Типология – ғылымның салыстыра зерттейтін тәсілі. Екінші сөзбен айтқанда, әрбір затты және табиғат пен қоғамдық құбылыстарды ғылымның әр жүйесінде бір-бірімен салыстыра, теңестіре отырып, олардың қалай пайда болғанын, даму жолдарын, өзара ұқсастық, ерекшеліктерін анықтайтын сала. Бұл тәсіл, әсіресе, тіл білімі ғылымында жиырақ қолдауын табуда. Онда әрбір ұлт тілінің жаратылуы, оның көршілес халықтар тілімен ұқсастық ерекшеліктері, морфологиялық түзілісі, жіктелу жүйелері қарастырылады.

Осы айтылған тиімді зерттеу жүйесі кейінгі кездері әдебиеттану саласында әңгіме болып келеді. Оған соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер мен жиын-кеңестер айғақ. Бұрынғыларын былай қойғанда 1976 жылдың сентябрінде Алматыда болып өткен түркологтардың Бүкіл Одақтық конференциясында тіл білімінің, әдебиеттің, фольклордың, тарихтың, этнографияның, археологияның қазіргі таңдағы түбегейлі проблемалары, оны салыстыра зерттеу мәселелері сөз болғанын атасақ та жеткілікті.

Типологиялық жағынан қарастырғанда қазақ фольклорындағы жанрлардың Орта Азия халықтары фольклорында кездесетін жанр түрлерімен өзара ұқсастығы, үндестігі және кейбір өзіндік ерекшеліктері байқалады. Бірқатар жанрлардың ұлттық, интернационалдық сипатқа ие болып кеткендері де бар. Фольклорлық жанрлардың бір түрі қазақ халқы арасында жиырақ айтылса, енді бір түрлері өзбек, тәжік, түркмендерде, тағы бір үлгілері қырғыз, қарақалпақ елдерінде көбірек кездеседі. Бізде азайып бара жатқан кейбір жанрлар өзбек, қырғыз, тәжік жұртынан табылып жатады. Керісінше, оларда кездеспейтін жанр бізде бар. Мәселен, «Толғау», «Желдірме» тәрізді фольклорлық жанрлар тек қазақтар арасында айтылады. Қазақ совет фольклорында желдірме бастап дамытушылар Құдайберген Әлсейітов, Иса Байзақов тәрізді ақындар болып саналады. Иса желдірмесі көбінесе «Ал, алқа келді кезің жайнайтұғын» деп басталады да, соңы:

Жұмыскер еңбегіне сенетұғын,

Болса да нендей қиын жеңетұғын.
Айнымас алып күштің арқасында

Құлпырып тұрмысқа гүл егетұғын...338


дейтін ұйқас тізбектерімен өріледі.

Ал, тәжіктерде «Мехргон», «Сада» деп аталатын өлең түрлері жиырақ айтылады екен. «Сада» өлеңі қысты күні өткізілетін сада мейрамы күніне арналған. «Мехргон» – жаз жыры.

Мехр – июль айы. Ертеде тәжіктер алғашқы егін орағы басталған күнді мерекелеп, оны бес күн бойы өлең, жырмен өткізетін болған. Осы тойға байланысты «Мехргон» өлең, жыр қалыптасып кеткен. Ал «Саданың» тәжік халқы арасына таралып, қалыптасуы жөнінде атақты Фердоуси былай хикая еткен: «Ертеде Хұшанг патша құз-қияға өрмелеп бара жатқан айдаһарға тас лақтырса, одан жарқ етіп от шығады. Осы оттың шығу құрметіне «Сада» мерекесі өткізіліп, онда «Сада» жыры айтыла бастаған» дейді339. Өлең тәжіктің кейбір ауыл-қыстақтарында осы күнге дейін айтылып келеді. Мұндай дәстүрлі жанр қазақ, қарақалпақ, түрікмен халықтары арасында жоқ тәрізді.

Сол сияқты қазақтың «Шопан ата», «Шекшек ата», «Ойсыл қара», «Жылқышы ата», «Зеңгі баба» деп аталатын түлік өлеңдері және төрт түлікті атап шақырулар басқа бауырлас халық фольклорында кездесе бермейді. Оларда «Қазығұрт аңызы» да айтылмайтын көрінеді. Осыған қарағанда бұл өлеңдер тек қазақ халық фольклорының өзіне тән ерекшелігі болса керек.

Өзбек халықтары пахтакорлар әшуласын, түрікмендер кілемшілер қошығын, қырғыздар «Бекбекей», «Шырылдан» сияқты қойшылар, жылқышылар ырларын көбірек айтады. Дастан жанры қырғыз бен өзбек, түркменнен гөрі, қарақалпақ пен қазақтарда көбірек өріс алған. Қырғыз бен қарақалпақ және Қазақстанның Сыр бойында тұратын ақын, жыраулар терме, толғауларды өз сазымен орындауды дәстүрге айналдырған. Айтыс жанры кейбір халықтар арасында сирек естілсе, қазақтарда ол әбден дамып, кемеліне келген, өміршең жанр болып есептеледі. Оның есесіне өзбектер «Аския» дейтін қызықты жанрды бар нәшімен айтуға, қырғыз манасшылары әйгілі «Манас» эпопеясын мәндерімен жырлауға машықтанған. Қара өлеңнің «Лапар», «Қошық», «Ләтифа» түрлерін өзбек, тәжік, түрікмен жұрты осы күнгі өмір-тұрмысқа лайықтап шырқап жүрсе, ол қазақтар арасында айтыла бермейді. Түрікмен қыздары «Ляляны», өзбек жігіттері махаббат шеріне толы «Ғазелдерді» көп толғаса, қырғыз ыршылары дидактикалық «Санат» өлеңдерге ұста келеді. Қырғыз елінің ыршы, жомықшыларының «Санат» - жырлары мына нұсқада жырланады:

Туура күлән байлабай,

Түкүмүн арбын айдабай.

Маласын майда бастырбай,

Арығын терең чаптырбай.

Отоосун қалың чығарбай

Бир жайда, яки, үч сүғарбай

Дыйкансыған жигитке

Бышылуу жатқан дән қайда?340

Осындай «бағулы жатқан мал қайда? Жеңіліп жатқан жау қайда?» деп термелеп кете береді. Мұндай «Санаттар» біздегі Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» дейтін толғау-термесі дәстүрінде туған қазақ халық жырларын еске салады. Бұл бір мысал ғана. Міне, мұндай жанрлардан сол халықтардың өзіндік ұлттық ерекшелігін танимыз.

Ұлттық ерекшеліктерімен бірге, кейбір жанрлардың интернационалдық сипат алып кеткендері де көп. Әуелі поэтикалық терминдердің өзін алып қарайық. Орыс халық фольклорындағы «Былины», «Частушка», батыстағы ағыл-шын, француз, итальяндардың «Баллада», «Новелла», ежелгі гректердің «Эпос», «Лирика», «Пародия», «Афоризм», поляктардың «Кроковяк», араб, иран, түрік тәрізді Шығыс халықтарының «Дастан», «Қисса», «Газель», «Назира» тағы сондай поэтикалық терминдері өздерінің ұлттық рухани игілігі болуымен бірге, басқа ұлттар да қолдана беретін интернационалдық терминге айналып кеткені әмбеге белгілі. Сол сияқты қазақтың «Айтыс», «Толғау», «Желдірме», өзбектің «Қошық», «Әшулә», «Қазықчи», түрікмендердің «Ляля», «Барсаки», әзірбайжандардың «Баяти» дейтін әдеби терминдері интернационалдық сапаға ие бола бастады. Мұны терминологиялық сөздіктер мен ғылыми зерттеулерден кездестіріп жүрміз.

Қазақтың «Бесік жыры», «Жар-жар» санатындағы тұрмыс-салт лирикалары қарақалпақта («Алла-алла», «Ёр-ёр»), қырғызда («Бешик ыры», «Ёр-ёр»), түрікменде («Хувди», «Ёр-ёр») жаңа мазмұнда жырланып келеді. Әрқайсысының өзіндік әуені, өздеріне тән текстері болғанымен, бәрінің негізгі мазмұны, жырлану стилі бірдей. Орта Азия халықтарының көптеген аудан, қыстақтарында ертеден айтылып келе жатқан «Наурыз» өлеңі де бүгінде жаңа тұрмысқа бейімделген. «Правда» (14 апрель, 1976) газетінде Тәжікстандағы озат мақташы, механизаторлар мен шопан, бағбандардың ескіше жаңа жыл мерекесі – «Наурыз» күнін комсомол жастарының неке тойымен ұштастыра өткізілгені жазылған.

Интернационалдық сипат «Эпос», «Дастан» жанрларында айқын аңғарылады. «Алпамыс» эпосын көбірек тексеріп жүрген ғалымдар зерттеуіне қарағанда бұл эпостың қазақтан басқа өзбек, қарақалпақ, тәжік, башқұрт, татар және алтай халықтарында да жырланып, зерттеліп жүргені көрсетілген. Қазақтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпосының алтайлық («Қозым Эркеш»), башқұрттың («Күз Күрпиячь»), татарша («Қозы Қорпец») және басқа да нұсқаларының бар екені белгілі. «Көрұғлы», «Ашық-Гериб», «Тотынама», «Ескендір-нама», «Шаһнама», «Шәкір-Шәкірат», «Сейфүлмәлік» сияқты Шығыстың классикалық туындыларының интернационалдық ауқымы бұдан да кең жатыр.

Орта Азия мен Қазақстан ақын, шайырлары кей-кейде бірінің тілінде бірі жырлап кете берген. Өзбек фольклоршысы Ж.Кабулниязов зерттеуінде өзбек шайыры Бекмұрат Жұрабайоғлының қарақалпақ тілінде, ал қарақалпақ жырауы Құрбанбай Тәжімұратовтың өзбек тілінде жырлайтындығы баян етілген. Самархан облысындағы «Күрган мектебінен» оқып шыққан өзбек шайырлары Құрбан ата Исмайлоғлы, Жұмабай Құдайбергенов, Хорезмнен шыққан Анаджан (Халфа) Сабирова тек қана өзбек емес, түрікмен, қарақалпақ, қазақ ауылдарының қадірлі қонағы болып, солардың тілінде дастан, қисса жырлайды екен. Қазақ фольклоршысы Е.Ысмайылов пен Қарақалпақ зерттеушісі И.Сағитовтың еңбектерінде қазақ ақындары Нұрпейіс, Мұрын жырау өздерінің дастан-жырларын қарақалпақтар арасында жырласа, қарақалпақтың белгілі ақыны Әжінияз Қосыбайұлы көп жылдар бойы Қазақстанның оңтүстік аудандарында болып қазақ тілінде жыр, дастан айтқаны жазылған. Ол өзбек, қарақалпақ ауыл, қала, қыстақтарын жиі аралап, олардың ақын, бахшыларымен қатысып, дос, жолдас болып кеткен. Қазақ ақындары Шәді Жәңгірұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Айтбай Белгібаев өзбек, қарақалпақ тілдерінде жыр жарыстырып жүрген.

Сондай-ақ ауылы аралас, қойы қоралас қазақ ақындары Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, қырғыз комузшылары Тоқтағұл, Қалмырза, Халық, Оспанқұлмен тығыз байланыста болып, екі тілде бірдей жырлаған.

Бір сюжетті оқиғалы, аңыз-хикаяларды бірнеше ақын, шайырлар назира тәсілінде баяндап жырлау ертеден келе жатқан тәсіл.

Осындай назирагөйлік дәстүр бойынша Тұрмағамбет «Рустем Дастанды» Фирдоусидің «Шаһнамасынан», Ертай Құлсариев пен Майлықожа өздерінің Тотынама тарауларын үндінің «Тотынамасынан» алып жазды. Кенен ақын қазақтар арасына ауызша таралып кеткен қырғыздың «Манас» эпосындағы «Көктайдың асы» деген тарауын өзінше жырлады. Сол сияқты Моңғол қазақтары арасында жатқа айтылып кеткен «Шолақ қол әйел» дастаны «Мың бір түн» хикаясынан (346 түннен), қазақ арасында ертеден жырланып жүрген «Атымтай-Жомарт» та (268-273), «Сейфүлмәлік» те (754-767 түндердегі) сол «Мың бір түн» аңызынан жырға айналған.

Мұндай тәсілді Қазақстан, Орта Азия халықтарының ақын, шайыр, бахшы, хафиздары жарыса қолданған.

«Мың бір түннің» 534-565 түндерінде әңгімеленетін «Сандыбаттың жеті сапарын» қазақ ақыны Қуаныш Баймағамбеттің «Қаңғыбас Сандыбаттың сапары», өзбек шайырлары Фазыл мен Ислам «Санаубар», түрікмен бахшысы Шейдан «Гүл – Санубар» деген атпен жырлап келген. «Санаубар» дастанының өзбекше нұсқасын орыс зерттеушісі Н.Остроумов жазып алып, жолма-жол аударған, Ал, түрікмен нұсқасы 1943 жылы фольклоршы Б.Каррыевтың редакциясымен басылып шыққан.

Қазақтың қиссашыл, кітаби ақындары Жүсіпбек Шайқысламұлы, Шәді Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев осы тәсілді жиі қолданды.

Назирагөйлік, әсіресе, өзбек поэзиясында көбірек дамыған. Әлишер Навоидың «Фархат ва Ширин», «Лейли ва Межнүн», «Бахрам ва Гүландам», «Юсуф ва Зүлиха» дастан, намаларын өзбек халық шайырлары Фазыл, Пулкан, Ислам, Эргаш өздерінше назиралады. Тіптен, өзбек халық поэзиясында бір дастанды бірнеше шайырлар қатар жырлаған кезі де жоқ емес. Ертеде Әулиеата (қазіргі Жамбыл қаласы) атырабын билеген Қараханид дәуірін суреттейтін «Күнтұғмыш» дастанын Пулкан, Эргаш, Нұрман шайырлар жарыса толғаған. Сондай-ақ «Ширин ва Шакар» хикаясын Пулкан, Фазыл, Ислам шайырлар дастанға айналдырған. «Орзигүл» дастанын Ислам шайыр мен Пулкан жыр еткен. Түп-төркіні үнді елінен таралған Шығыстың төрт дариуш туралы аңызын қазақ жыршылары Нұралы, Шәді, Үмбетәлі, Көпбай, Қазанғап өздерінше жырлап шыққан. Абай төңірегінде көбірек болып, одан өнеге алған Қуат, Сапарғали, Төлеу ақындар А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын қызықтап тыңдап, оны қазақша дастан-жырға айналдырған. Бұл жөнінде профессор Е.Ысмайылов дәлелді жазды.

Советтік өмір шындығын суреттеуде көптеген ұлттың ақын-жыршылары қатар жарыса жырлады. Олардың үні бір-біріне ұласып жатты. Орыс халқының сказителдері Марфа Крюкова, А.Долгушева мен алтай кайчысы Дьаба Юдаковтың, қазақ ақыны Жамбыл Жабаев пен дағыстан ашүгі Сүлайман Стальскийдің, қырғыз комузшысы Тоқтағұл Сатылғанов, Әлімқұл Үсенбаевтың, түрікмен бақшысы Ата Салих, Дүрды Клыч пен өзбек шайыры Фазыл Юлдашевтың, мордва сказителі Ефим Кривошеева мен адыгей ақыны Теучеж және басқаларының көсеміміз Ленинге арнаған, Октябрь таңын, революция кіндігі Ленинград, Москва қалаларын жыр еткен толғау, дастандары бір-бірімен әуендес. Олар таңғажайып жаңалықтарға таңырқай шаттана қарады. Тәжіктің атақты хафизы Бобо Юнус «Сталинабад» деген өлеңінде:

Мы пришли к Янги–Базар,

Я пою, звенит дутар.

Не узнать тебя старый

Мой кишлак Янги–Базар?

Я кричу – друзья, скажите

Мир ли молод, я ли стар?

Вы мне место укажите

Где стоял Янги-Базар?341

Өзбек халқының шайырлары Эргаш Жұманбұлбұлоғлы, Ислам Назароғлы тағы басқа бірқатарының Ленинге, Отанға, Компартияға арнаған толғау, дастандары Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, Қалқа жырларымен сарындас. Мұндай бір әуенділік өзге де халық ақын, шайыр, ыршы, бахшылары мен хафиздарынан да кездеседі. Қарақалпақ халқының шайыры Садық Нұрымбетұлының кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде жырлаған: «Фарзантим» атты жырындағы баласына тапсырған аманаты Жамбылдың:

Аянба, балам, аянба!

Бәлекет сонда аршылар!

Алғадай ылғи алда бол!

Аянған адам болмақ қор!

Бәйгеге бәрін тігемін,

Сендерге арнап осы жол!

Достарыңа осыны айт:

Жауларыңды жеңіп қайт!

Айтарым арнап саған сол!342

дейтін жыр жолдарын еске салады.

Ұлттық түр мен өрнек терме жырлардан да айқын аңғарылады. Терме жырды өз саз-мақамымен термелеп орындаушылар бұрын да, қазір де болған және ондай өнерпаздар жасай бермек те. Қазақстанда терме жыр өнерімен айналысушылар Сыр бойында және оңтүстік аудандарында көбірек. Ол өнерпаздардың революциядан бұрын Жиенбай жырау, Базар жырау, Оңғар жырау, Құлыншақ, Майлы, Мәделі, Бұдабай жырау, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп тағы сондай жыраулар мектебі болған. Олардың термеші жыршылық дәстүрін советтік дәуірде Мырзабек Байжанұлы (Қызыл жырау), Нұрхан Ахметбеков, Шамұрат Мағамбетов, Қимадиден Нығыманов, Ержан Ахметов, Айса Байтабынов, Тұрымбет Салқынбайұлы жалғастырды. Бүгінде Рустембековтер Көшеней мен Бидас және Шамшат Төлепова, Әбдірасіл Жұбатқанов, Алшынбек Сәрсенбаев, Әбдірахман Батырбеков сияқты термешілер бар. Бұлар ұстаздарының терме жырларын орындаумен бірге қазіргі тұрмысымызды бейнелейтін жаңа жыр-терме, толғаулар шығарып оны ауыл, қала еңбеккерлері арасында термелеп жүр. Олардың бұл терме жырлары магнитофон лентасына түсіріліп, радио, теледидар арқылы беріліп те келеді. Термеші, жыршылар дәстүрін Атырау маңынан да кездестіруге болады. Бұл өңірдегі Нұрым жырау, Қашаубай жырау, Мұрын жырау сияқтылардың термешілер атағы жұртқа белгілі. Бір Мұрын Сеңгірбайұлының өз орындауында «Қырық батыр» тәрізді эпос циклін былай қойғанда, онда қаншама терме, толғаудың бар екеніне ешкім де күмән келтіре алмайды. Терме жанры жөнінде филология ғылымдарының докторы Р.Бердібаевтың баспасөз бетіндегі мақалалары, онда қойылған ұсыныстар орынды.

Терме жанры және термешілік өнер Орта Азия халықтары ішінде, әсіресе, Қарақалпақ АССР-ында көбірек дамыған. Сондықтан да Қарақалпақ ғалымдары Қ.Максетов, И.Сағитов, Қ.Әйімбетов, Ә.Тәжімұратов бұл жанрды көбірек жинап зерттеген.

1962 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған фольклорлық ғылыми экспедиция қарақалпақ халықтары арасынан көптеген материалдар жинап, жазып алып қайтты. Ол материалдар ішінде қарақалпақша, қазақша термелейтін Жалғасбай Аралбаев, Наурызбек Раманқұлов, Қошақан Тұтаев, Жақсылық Төлепов, Ысқақ Орынбаев, Қуанышбай Досымбаев, Хайролла Иманғалиев тәрізді термешілердің толғау, термелері бар.

Өзбек совет фольклорын зерттеуші Ж.Қабулниязов, М.Алавия терме жанрының өзбек халық поэзиясында бар екенін, оның жанрлық өзгешелігін көбінесе параллель (қара өлең) ұйқасында жырланатынын айтады:

Дутар чалиб утирсам

Тори узилиб кетди.

Түрмүшүмни үйласам

Күнглим бузилиб кетди...343

Міне, бұл – өткенді еске түсіре отырып, қазіргі тұрмысты жырлаған шайыр термесінің бастау кіріспесі. Бір Пулкан шайыр Жонмурадоғлиның өзі 20-30 жылдары колхозшылар арасында «Активтер терма», «Поранжи терма», «Ошикман терма», «Сөз терма» деген терме-жырларын айтып жүрген344.

Түрікмен бахшысы Тоушан Есенова мына бір өлеңді ел арасында жиі айтады екен:

«Ай догупдыр дийдилар,

Айланыпдыр дийдилар.

Алтын өвсүп мелегүш

Сайланыпдыр дийдилар»345.
(Ай туыпты дейді екен,

Дөңгеленіп аспанда.

Алтын тұлпар дейді екен,

Жеткізбейтін қашқанда).

Мұндай халық әуендерімен сарындас, қарапайым қара өлең ұйқастарын қазақтың халық жыршыларынан да табуға болады. Мәселен, Асқар Тоқмағамбетовтың радиодан жиі айтылып жүрген «Дейді екендер, дейді екені» бұған айғақ.

Терме-жырлар қырғыз халық фольклорында да жоқ емес. А.Тоқомбаева, Б.Кебекова жинақтап жариялатқан қырғыз халық өлеңдер жинағында терме жанрының көптеген нұсқаларын келтірген.

Қыл арқандуу селкинчек,

Қыздар тебет эркинчек.

Келиндердин селкинчек,

Кере тебет эркинчек.

Жаш балдарын селкинчек,

Жандап тебет эркинчек.

Андай теппей, мыңдай теп,

Бүрүлчаның селкинчек346.

Бұл кәдімгі «Алтыбақан» тепкендегі қырғыз жастарының шырқай беретін «Селкинчек» термесі. Мұндай термені қазіргі қазақ жастары да айтып жүр. Оны қазақ теледидарынан ай сайын беріліп тұратын «Алтыбақан» сауық кешінен тыңдап, көріп келеміз. Бір ғана терме жанры емес, бауырлас халықтардың фольклорлық мұраларынан әлі де талай ұқсастықтарды атауға болады.

Мысал өлеңдердің түп-төркініне, шығу жолдарына зер салып қарасақ, оның үш түрлі тәсілде жырланып, қорының молығып, толығып отырғанын көреміз. Бірінші – қазақтың өз топырағында, өмір, тұрмыс, әдет-салтынан туған мысал өлеңдер. Бұған Үмбетәлінің «Тазы мен түлкі», Кененнің «Сары барпы», Ғабдіманның «Терек пен шырпы», Жақсыбайдың «Көк өгіз», Халиманың «Қасқыр» сияқты мысалдары жатады. Екінші – Шығыстың классикалық әдебиеті үлгісінен назира жолымен жырланған Тұрмағамбеттің «Сүлеймен және кірпі», «Төрт дос», «Жолаушы мен дана», Майлықожаның «Үш жігіт», «Бөрі», «Аңқау мен қу» дейтін мысал өлеңдері дәлел. Үшінші – орыстың классикалық поэзиясынан, әсіресе, Крылов мысалдарынан тәлім алған ақындар өлеңдерін айтамыз. Тек қана Рахмет Мәзғожаевтың өзі Крылов мысалдарының ізімен «Қасқыр мен тырна», «Бұлбұл мен есек», «Бақа мен өгіз» тағы сондай мысал өлеңдер жырлады. Осы үш салада туындаған мысал өлеңдерді өзге ақын, жыршылардан да табамыз.

Шығыстың, орыстың классикалық мысал өлеңдерінен бір ғана қазақ халық ақындары ғана емес одан өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік, қарақалпақ халық ақын-шайырлары, ыршы, бахшылары мен хафиздары да өнеге алып, творчестволық бірлік, үндестік тауып отырған. Крыловтан үлгі алған түрікменнің атақты бахшысы Ата Салықтың «Жолбарыс пен түлкі» аталған мысалында түлкі қартайып қалжырайды. Аң аулауға шамасы келмейді. Осындай мүшкіл халде жатқан түлкіге жолбарыс кезігеді. Түлкі мұңын шағып, жалынады. Жолбарыс оған көмектеседі. Екеуі бірігіп аңға шығады. Жолбарыс оған құланды қалай қағуға үйретеді. Бір құлан суатқа келеді. Түлкі оған жолбарысша атылмақ болғанда, құлан түлкіні жерге топ еткізіп атып ұрады. Сөйтіп «Мен жолбарысша қарғимын» деп мақтанған түлкі күлкі болады. Дәл осындай сюжетте жазылған мысал, мысқыл өлеңдер қазақта да, өзбекте де, қырғызда да, қарақалпақта да, тәжікте де мол.

Қазақ совет фольклорында сұрақ-жауапқа түзілген жұмбақтар көп. Соның бірі былай айтылады:

Шет-шегі жоқ бір теңіз – ол немене?

Нұр шашып қалықтаған алтын тегене.

Асыр салған сансыз құс ортасында

Жалғыз қаз, жеті үйрек, үш бөдене?

Шешуі:

Шексіз теңіз дегенің – көкшіл аспан



Алтын тегене – күніңіз нұрын шашқан.

Жалғыз қаз – шолпан жұлдыз таңмен атқан,

Жеті үйрек – жеті қарақшы жымыңдасқан

Үш бөдене – үш арқар таудан асқан347.

Осындай сұрақ-жауаптан тұратын жұмбақтарды басқа да бауырлас халықтардың фольклорынан табуға болады. Өзбек халқы мынадай бір жұмбақты айтар екен.

У нимадир, хаводаги дуланган?

У нимадир, ер юзини сув олган?

У нимадир, орқасында оғзи бор?

У нимадир, уртасида мағзи бор?

У нимадир, сув ичида жони бар?

Шешуі:

Булут болар хаводаги дуланган



Емгир булар ер юзини сув олган

Тегирмондир орқасида оғзи бор,

Буғдай булар уртасида мағзи бор.

Балиқ булар сув ичида жони бор348.

Бұл жұмбақты жолма-жол тәржімалап жатудың қажеті бола қоймас. Онда: аспанда қалықтап жүрген немене, жер бетін су алғаны қалай, арқасында аузы бар дегені не нәрсе деп отыр. Оған берілген жауап-шешім өлең ұйқасымен өрілген. Сонда: аспанда қалықтап жүрген бұлт, жер бетін су алғаны – жаңбыр, арқасында аузы бар – диірмен тас, ортасында маңызы бар – бидай нәрі, су ішінде жаны бар дегені – балық болып шығады.

Өзбекстанда Әлішер Навоидің, Тәжікстанда Омар Һаямның рубаяттары (төрттағандары) топтастырылған дербес жинақтар шығуда. Тәжік әдебиетшілері авторы белгісіз, халықтық мұраға айналып кеткен төрттағандарды жинастырып жеке кітапша етіп шығарған. («Четрверостишья», Душанбе – 1957 г.) Қазақ халық поэзиясында бұрын болмай келген төрттаған өлеңдері соңғы жылдары қазақ ақындарынан да көріне бастады. Халық ақындарының:


Есерлік естен кетпес жасыңдағы,

Бақытты білу қиын басыңдағы.

Ерттеулі белдеудегі бедеу аттай

Інінің қадірін біл қасыңдағы349.

(Т.Ізтілеуов)
Өзіңді өзгелерге мақтама дос,

Біреудің ала жібін аттама дос.

Өнер тап, оқу оқып, білімге ұмтыл,

Арыңды табаныңа таптама дос350.

(Қ.Тәкежанов)
тәрізді төрттаған жолдарын атаймыз.

Төрт тармақтан құрылған төрттаған өлеңдерін қазақтың қара өлең нұсқаларымен шатастыруға болмайды. Қара өлең көбінесе:

Басында әупілдектің мұнары бар,

Мойнында жүйрік аттың тұмары бар.

Құрбылар бұл қалай деп сөге көрме.

Ғашықтың тарқамаған құмары бар351, –

деген дара мағыналас параллель жолдардан құралады. Алдыңғы:

«Басында әупілдектің мұнары бар,

Мойнында жүйрік аттың тұмары бар» - деген екі жол соңғы келетін екі тармаққа ұйқас, үйлесім үшін алынады. Қазақтың ән-өлеңдері көбінше осындай параллель үлгісінде шырқалады. Қара өлеңнің бұдан басқа ерекше қасиеттері хақында фольклорист Б.Уахатов352 кітабында кеңірек жазылған. Ал бұл ерекшеліктер төрттағанда бола бермейді. Қазақтың қара өлеңі мен төрттағанның негізгі айырмашылығы осында деп білеміз.

Рубаят сияқты қазақ халық поэзиясында назым өлеңдер де Шығыстың классикалық поэзия дәстүрінен таралған соны жанр түрі. Назым өлеңді өрбіткен бізде көбінесе Тұрмағамбет шайыр. Оның назымдары мына нұсқада болып келеді:

Жасымнан назым сөзге шебер едім,

Өзімнен шебер кім – деп кебер едім.

Әр түрлі хикая мен дастандардың

Ширатқан шым жібектен көгені едім.

Тай түгіл, түйе етіне толмайтұғын,

Шаһналық шаммен қайнар шөгені едім353.

Халық ақындары Рақым Байқошқаров пен Есентай Бердиннің және бірқатарының Назым өлеңдері де Тұрмағамбет назымдарымен сабақтас.

Ғазел өлеңдер де осы айтылған лирикалық назымдармен пара-пар. Ғазел – шағын лирика. Ол бір ұйқасты қос жолдан түзіледі. Араб, парсы, үнді және тәжік, әзербайжан, түрікмен, өзбек халықтар арасында мол жайылған. О бастағы негізі халық өлеңінен тараған ғазелде көбіне махаббат жырланады. Ғазелдің үздік шеберлері Сағди, Кәмал, Хафиз, Жәми, Низами, Түрды, Лахути, Ғулям, Уйгун болған.

«Көп түкірсе көл болады» дегенді біл,

Тұрды сен.

Бір-бір сөзден құралатын өлеңді біл,

Тұрды сен.

Мың-мың бүйі сені шақты, көндің оған,

Тұрды сен.

Өмір отың сөнді сенің сөнген бір шам,

Тұрды сен354.

Бұл өзбек шайыры Тұрдының өзіне-өзі айтқан ғазелі. Ақын І.Мамбетов тәржімалаған бұл ғазел өзбек поэзиясының антологиясына қосылған.

Ғазел қазақ халық поэзиясына әлі ене қойған жоқ сияқты. Жүздеген қазақ халық ақындарының өлең жинақтарымен әлі де баспа бетін көре қоймаған қолжазба материалдарын ақтарғанымызда Шығыстың ғазел лирикасы тәрізді өлеңді кездестіре алмадық. Ал өзбек, тәжік, түрікмен, қарақалпақ халық ақын, шайырларында ғазел лирикасы жиі жырланады.

Бірқатар халықтарға ортақ мазмұнды – интернацио-налдық мәнді мақал-мәтелдер де жоқ емес. Орыс халқының «Қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырма» мәтелімен мазмұндас «Тисе, тоқылдаққа, тимесе бұтаққа» деген орыс мәтелі қазақтың «Тисе терекке, тимесе бұтаққасымен» мәндес. «Басқаның шері басыңды ауыртпас» біздегі «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» мәтелімен үндес. Қазақ тіліндегі «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дейтін мәтелі өзбектерде «Бір қолтыққа екі қарбыз сыймайды», әзербайжанда «Бір таққа екі патша сыймайды» деп айтылатын көрінеді. Қазақта «Түйе үстінен сирақ үйіткен» деген мәтел болса, тәжіктерде «Түйе үстінен тезек терген» бар екен. Моңғолдардағы «Төбеге шықсаң, күндейді, төменде қалсаң жүндейді», қазақтың «Отырсаң опақ, тұрсаң сопақ» дегеніне келеді.

Осының бәрі әрбір халықтың өзіндік ұлттық ерекшелігі болғанымен олардың экономикалық, әлеуметтік тіршілігінің бірлігін, өмір салтының, тұрмыс дәстүрінің ертеден ұқсас болып келгенін көрсетеді. Сондықтан да қайсы бір елде болмасын ұқсас, әуендес, мазмұндас сөздер, мақал-мәтелдер кездесе береді. Бұл – тіршілік заңы.

Дегенмен кейбір мақал-мәтелдерден сол халықтың өзіне ғана тән ұлттық нәрі (колорит) сезіліп тұрады. «Қызметтің жөні бір басқа» («Дружба дружбой, служба службой»), «Орманшының арқасын тоны жылытпас, балтасы жылытар» мәтелдері тек орыс халқына тән, солардың тұрмыс-тіршілігі бейнеленетін тәрізді. «Құлашыңа қарап кетпен шап», «Атаң мураб болса да арықтың басында жат» дейтін өзбек мәтелдері сол халықтың егіншілікпен көп айналысатын ерекшеліктерін білдіреді. «Құмыра құдық басында сынады» (осетин), «Ақ Еділ қатты ақса да, құмы қалар, қасірет тартса-дағы мұңы қалар» (татар), «Ет жегің келсе мал өсір, манту тілесең – дән өсір» (моңғол) бәрі-бәрі сол елдердің қолтума мәтелдері.

Советтік мақал-мәтелдердің поэтикалық сырлары мол. Одан көркемдікке, образдылыққа, бейнелеуге, суреттеуге тән қасиеттің бәрін табуға болады. Қазақтың, өзбектің, қырғыздың, түрікменнің тағы басқа бауырлас халықтардың мақал-мәтел, нақыл сөздерін жинап, зерттеушілер бұл жағын дәлелдеген.

Осы жанрлардың барлығын типологиялық жағынан салыстыра қарағанда қазақ, қарақалпақ, өзбек, қырғыз және басқа бауырлас халықтар жырының өзара ағайындас ұқсас жақтарын да, өзіндік ерекшеліктерін де аңғарамыз. Бұл ұқсастықтар ертеден бір-бірімен тығыз араласып, қатысып жатқан бауырлас халықтардың экономикалық, мәдени, әдеби, тілдік және тұрмыс-салт бірлігінен келіп туатын заңдылықтар болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет