Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)



жүктеу 1.84 Mb.
бет2/11
Дата03.04.2016
өлшемі1.84 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
: bitstream -> handle -> data
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> Шындалиева М. Б. ф.ғ. к., доцент
data -> Алаш зиялылары және «Қазақ» газеті
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы

Академик Мырзатай Серғалиев

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚ

Қарапайымдылық деген ұғымды қайсыбіреулер аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұратын, ынжық, болбыр мағынасында қабылдайды. Сөйтіп, бұл сөздің біреуді кемсіту, ұнатпау, өз дәрежесінен төмен қою мақсатында қолданылатыны бар. Әділінде жаны таза, ісі мен сөзіне берік, қақ-соқпен жұмысы жоқ кісінің бойындағы іліп алар, көзге шалынар елеулі бір қасиеті болса, оның атын қарапайымдылық деп білу керек.

Көрнекті әдебиетші, профессор Бейсенбай Кенжебаевты еске алған сәтте-ақ сөздің кең мағынасындағы бас әріпті дәл осы Қарапайымдылық бірден ойға орала кетеді.

Ол кісі жайындағы мұндай түсінік, басқаларды білмеймін, өз басымда Бейсекеңді алғаш көргеннен қалыптасты. Әдеттегі қимыл-қозғалысында жүріс-тұрысында болсын, тіл қатысу, пікірлесу үстінде болсын - әрдайым өзін бірқалыпты ұстайтын еді. Орта бойлыдан сәл аласалау болар ма екен, шымыр, әр қадамы нық, салқын қанды кейіптегі осы бір адамға назар аудармау мүмкін емес-ті. Көп жағдайда әлдебір ерекшелігі көзге түсіп тұрған адамға көңіл бөлінетін еді ғой. Мына жағдайда көпшілікті өзіне еріксіз тартар айта қаларлықтай ештеңе жоқ сияқты. Солай бола тұра, сырт көзге мұнтаздай таза, көбінесе басына қарасұр қалпағын, үстіне сол түстес плащын киіп жүретін күйінде есте айқын қалған. Бейсекеңнің жан дүниесі де бай көрінетін. Тікелей аралас-құраластығым болмаса да, мінез жомарттығы да менің түсінігімде ол кісіні салмақтандырып тұратын тәрізді еді.

Әр зат, құбылыс сияқты, жеке адам да салыстырудың нәтижесінде айқындала түседі. Жалпы, Бейсекеңді өз қатар-құрбыларынан бөле-жара қараудың еш реті жоқ. Жастық романтикаға толы, арманшыл, қызығы мол студенттік шақтарымда факультеттегі ғалымдардың жан сүйсінтер ерекшеліктеріне таңданып, оларды өнеге тұтып, сол жақсылықтарды бойыма сіңіруге тырысып бақтым. Ал университетті бітірісімен ассистенттік қызметке қалдырылып, одан кейінгі ұзақ уақыт дәріс оқыған, кешегі ұстаздарыммен әріптес болған ұмытылмас жылдарымда да аға ұрпаққа деген осы бір ынтызарлығым бір сәт төмендеп көрген емес, қайта, арта түскендей сезінуші едім.

Ұстаздар ерекшеліктерінің бірі – барлығына ортақ қарапайымдылық болатын. Ректормен бе, деканмен бе, бейтаныспен бе, студентпен бе, үлкенмен бе, кішімен бе – қысқасы, кіммен сөйлессе де, сөзге қонақ беріп, шын ынтамен тыңдайтындары ұнайтын еді. Шәкірттерімен қол беріп амандасатын. Студент деген қауымға өте бір жылы ілтипатпен қарайтындары қандай! Сол ағаларымыз; әсіресе, Бейсекең, жора- жолдастарымыздың ешқайсысына да даусын көтеріп, жәбірлеп, ұрсып көрмепті, ондай сыбысты естігеніміз де жоқ. Кемшіліксіз емес едік. Әңгіме үлкеннің кішіге деген сыйластығында болып тұр.

Курстастарымыздың түгелге жуығы - мектеп партасынан бірден университет аудиториясына келгендер еді. Шыны керек, ҚазМУ сияқты қасиетті ғимараттың табалдырығын тұңғыш аттап, ішке бас сұққанға дейін әрқайсысымыз - республиканың алыс-алыс түкпірлерінде бұйығы жатқан ауылдардан келдік. Сол бір алғашқы белесті әзірге ойдағыдай игере алмай; сөйтіп, аралық кезеңде жүрген жандар екенімізді бізден бұрын есейгендер жақсы түсінетінге ұқсайды. Халық аузында айтылатындай, біз де «кейінгі доңғалақтар» емеспіз бе? Демек, шаманың келгенінше «алдыңғы доңғалақтарға» еріп отыратын пиғылымызды да теріске шығармайтын түр танытады олар. Сондықтан да салихалы мінез қалыптаса қоймаған біз сияқты төменгі курстың «момақан» студенттерінің қимыл-әрекетінен сирек те болса байқалып қалатын қандай да бір сәбилік тентектікті еске салатын тосындау қылықтарына ұстаздарымыз, солардың ішінде Бейсенбай аға да, кешіріммен қарайтын.

Дәрісті өзі алдын ала дайындаған мәтін бойынша оқу - Бейсекеңнің бізге дейін де қалыптасып қалған әдеті болу керек. Студенттерге еш күдіктенбейтін ұстазымыздың өңдеп, машинкеге бастырған қағаздарын үзіліс жарияланғанда столға әдейі қалдырып кету де қашанғы дағдысына айналған еді. Сондай күндердің бірінде бір жолдасымыздың, қыздардың ескертуін қалжыңға айналдырып, оған құлақ аспастан, әлгі қағаздарды астын үстіне шығарып, араластырып-араластырып жіберген-ді.

Қоңыраудан кейін Бейсекең сөзін қалай жалғастырарын білмей, кәдімгідей қиналды: қағаз беттерін әрі-бері аударыстырды. Оңайлықпен беттері реттестірілмей жатқандай түрі бар. «Тоқтаған жерімді қызыл қарындашпен белгілеп кетіп едім» деп өзіне-өзі күбірлейді. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, кінәлыны білсек те, «сыр бермей», іштен тынып біз отырмыз. Ақыры, іздеген парақтың табылғанына көзіміз жетті.

Сондағы беймәлім тентекке Бейсекеңнің айтқан сөзі: «Біреудің қолжазбасының беттерін қалай болса солай ауыстырып жібермек түгілі, оны автордың рұқсатынсыз қарап, оқудың өзі мәдениетке жатпайды» болды.

Қатты ойландық, ернімізді тістеп, бір-бірімізге қарастық. Көпті көрген кісінің айтқаны бәрімізге әбден түсінікті еді: мұндай жағдайда кез келген автордың алдында ұялуға тура келеді екен. Ал ол автор ұстазың болса ше? Жолдасымыздың әбестік қылығы үшін бәріміз де біраз уақыт төмен түсіп кеткен басымызды көтере алмадық. Арнайы көңіл бөліп, тәртіпсізді «жазаламақ» түгілі, кім екенін сүраған да жоқ. Ұстаз сәл ой үстінде отырды. Содан кейін дәрісін одан әрі жалғастырып кетті.

Бейсекеңнің өз қолжазбасынан көз алмай, бір сөзін артық айтпай не кем тастамай оқу үрдісін тұрақты басшылыққа алған себебін көп кейін түсіндік. Жас кезінде әркімде болатындай қызу қандылықпен, зор шабытпен ойын ауызша еркін айтушылардың қатарында ғылыми жолын енді бастаған жас ізденуші Б.Кенжебаев та болатын. Кей тұстарда тың пікірлерін өз дәлелімен батыл ұсынған сәттері де кездесті. Ана бір жылдары, соғыстан кейінгі кезде, ондай батылдықтың пайдасын да көрді, зиянын да бастан кешті. Соны ойларын тыңдармандар жылы қабылдады. Бұл, әрине, лектордың қуанышы. Үлкен өкінішке орай, мұндай қуаныш ұзаққа созылмады: кеңестік темір тәртіп «дәлелдеген» жала оған саяси қателік ретінде таңылып, ит жеккенге кете барды. Сол кездегідей, айтпағанды айтқанға санап, шындықты өтірікке балап, ауызша жеткізіліп, әдейі жазба мәтінге енгізілмеді деп кінәламас үшін дәріс оқудың осындай әдісіне көшуге белді бекем байлапты.

Талай таланттар мен дарындардың тағдырына тосқауыл жасаған, болашағына балта шапқан мұндай қатерлі шақтан студент достарымыз мүлдем бейхабар болатын. Керек десеңіз, ол балалық әрекеттен бүгінге дейін түгелдей арылып болмаған еді. Әлдебір зымияндыққа бармақ түгілі, ондай пасықтық іс оның ойына кіріп те шықпаған, бар болғаны аудиторияны күлдіруді ниет еткені бәрімізге белгілі. Студенттің албырт та аңқау мінезін ұл мен қыз мәпелеп отырған әке, әрі тәлімгер ретінде профессор ағамыз дәл ұғыныпты. Сол жолы ұстаз жөнсіз ызақорлыққа берілмей, тіптен қисынсыз жерде кек тұтпай, шынайы парасаттылықтың үлгісін көрсетіп еді.

Бір қарағанда күлкі шақыратын, шындығында, Бейсекеңнің тәлімді мінезін танытатын тағы бір жай көз алдыма келеді. Елуінші жылдардың орта шенінде бүгін ешкімді таңдандырмайтын «шаригі бар автоқалам» деген термин біздің лексиконымызда жоқ болатын. Сия сорғызып жазатын қаламның өзі мықтылардың қалтасында өте сирек ұшырасатын еді. Демек, профессорлар да қаламұшты сиясауытқа батырып алып жазатын. Егер Ғ.Мүсіреповтің «Сәбиттің оң қолы ақ қағаздың бетінде миллиондаған километр сапар шекті» («Қанаттас бауырым, бақыл бол») дегенін еске алар болсақ, сірә, сол сапардың көпшілігі болмайтын. Осы әдетпен Бейсекең қаламын сауытқа батырып қалса, сия болмай шықты. Әрине, қасында отырған лаборант қызына қарайды:



  • Дәмеш - ау, сия жоқ екен ғой...

Бәріміз күтпеген қызық жай болды. Дәмеш орнынан атып тұрды да, кафедра меңгерушісінің алдындағы сиясауытты тік жоғары көтеріп алды. Отырғандар Дәмеш сия әкелуге асықты ма екен деп ойлаған. Олай болмады. Орысшасы мол Дәмеш:

- Что могу делать, если не дают, - деп, әлгі сауытты тарс еткізіп столдағы орнына қайтадан қоя салды.

Біздің көзіміз Бейсекеңде. Ренішін сыртқа шығарып, қызға ауыр тиер ашулы сөз айтып қала ма деп іштей қипақтап отырмыз. Дәмешке жанымыз аши бастады. Екінші жағынан, Дәмештің қызбалығына да қысылдық.

Десек те, лаборанттың таза көңілін біреу түсінсе, біреу түсінбеуі әбден мүмкін. Ол қыз Бейсекеңді әкесіндей сыйлайды; ешқашан алдын кесе өткен емес. Мына жерде ол сияны бермеген адамдарға деген ызасын қапелімде, асығыс білдіріп тұр. Бейсекең қызының осы ойын түсінді ме, көңілін жықпайын деді ме – мәселенің ол жағына көзіміз толық жете қойған жоқ. Түсініп, таң-тамаша қалғанымыз – Бейсекеңнің мейлінше кішіпейілділігі.

Ешқайсымыз да Бейсекеңнің қатты дауыс көтеріп, мазасыз қарқылдай немесе бүлкілдей күлгенін байқамаппыз.

Талай күлкілі жайларды жымиып қана тыңдап отыратын профессор жұмсақ даусын өзгертпестен: «Біздің Дәмеш қызық» деді. Саналы түрде айтылған бұл ойын түсіндік. Тура қабылдадық. Сосын иегін бір сипады. Мұны да көріп, адамның табиғи дағдысы болғандықтан, құптап отырмыз, Алайда мұнысы, бір ойлансақ, кездейсоқ әрі сирек әрекеттей әсер берді. Одан соң көздері сәл жұмыла түскендей болды. Бұл, әлбетте, ашу алдындағы құбылысқа тіптен ұқсамайды. Керісінше, күлуге дайындық екенін біршама сездіреді. Ал одан кейін қос иығы ұз-а-а-ақ селкілдеді. Сөйтіп бірталай отырды. Жылаған екен деп қалып жүрмеңіз. Оның беті аулақ!

Осылайша сол ұстазымыздың бұрын да, одан кейін де біз көрмеген күлкісі дәл бүгінгі күндегідей жадымызда сақталып қалыпты.

Жомарт жүректі ғұламаның таптаурыннан мүлдем ада осы кішкентай ғана әрекетінен өзінің төл баласындай адамның бетін қайтармайтын үлкен мәдениеттіліктің тағы бір үлкен үлгісін аңғарып едік. Ал Дәмеш болса қалай да ағаттық жібергенін бірер минут кеш түсініп, ұялыс білдірді.

Бейсенбай аға сырт көзге жуастау көрінгенімен, емтихан кезінде ширақ, талап қойғыш болатын. Бұл, әрине, нашар оқитын және дайындығы аз студенттерге ұнай қоймайды. Сол қатаңдығынан әділдіктің туындап жататынын біреу біліп, біреу біле бермейді. Алғашында Бейсекеңе сырттай өкпелеп, араға біраз уақыт салғаннан кейін түсінетін адамдар да баршылық еді. Ал ұстазбен мүлдем «араз» болып кеткендерді атай алмаймын. Алдында нанға не кәмпитке өкпелеген сәбише бұртиып, сәтсіздеу болған сол бір кездің ізі суығаннан кейін, басқаға білдіруге ыңғайсызданып, өзінен өзі ұялғандардың қатарында өзімнің де болғанымды жасырғым келмейді.

Бұл шағын көрініс 1960 жылдың маусым айында қазақ әдебиетінің тарихынан мемлекеттік емтихан тапсыру үстінде болды. Емтихан билетіндегі бір сұрақ – «С.Сейфуллиннің «Жер қазғандар» повесі». Осы сұраққа дейін комиссия мүшелерінің бастарын шұлғытып жауап берген сияқты едім. Мәселе осы сұраққа тірелгенде, «сыр білдіріп алдым». Оның үстіне, өзі білмей отырған студентке қазақ әдебиетінің көрнекті білгірі әрі Мемлекеттік комиссияның төрағасы профессор Б.Кенжебаевтың билетті қолына ұстап отырып сұрақты жаудырғаны бар емес пе? «Суға кетпейін деп, тал қармағанымды» өзімнің де ішім сезеді. Былайша айтқанда, жауапты да өтірік беріп отырмын.

- Неге шығарма «Жер қазғандар» деп аталған? – деп сұрайды ғой профессор.

- Әрине, - деймін ғой мен еш қысылмастан, - жерді қазушылар бейнеленгендіктен.

- Дұрыс-ақ, - дейді профессор.

«Рас болды-ау» деген ой бүкіл бойымды тез шарпып өткені соншалық- бөркім қазандай болды. Шамасы, қуанғанымнан жан-жағыма жымыңдап қарап қойдым - ау деймін. Мақтанған кездегі өз әдетім өзіме белгілі емес пе?

- Сонда ол адамдар қандай жерді, неге қазып жатыр? – деп қойсын келесі сұрақты профессор.


  • Енді ... олар - совет жұмысшы табының өкілдері...- деп, жан-жағыма

көз салсам, бас шұлғыған ешкім байқала қоймады. Олар естімей қалды ма деп, жауабымды тағы қайталадым. Әлбетте, сөздерге өзгеріс жасадым:

- Жалпы ... совет адамдары ... былайша айтқанда, .. мақсатсыз жұмыс істемейді ... бізде жұмыссыздық атымен жоқ.

Соңғы сөздерімді батылырақ айтқан болуым керек, сірә, комиссиядағы бір-екі адам жымиыс білдірді.

Қойшы.. сонымен, кейін повесті өмірімде бірінші рет оқып қарасам, осы тәріздес дені сау сұрақтар мен мүгедек жауаптар біразға дейін қатарласа беріпті, жарыса беріпті. Бірақ сол сұрақтар мен жауаптардың бірін-бірі ұнатып, сүйіскені былай тұрсын, бір-бірімен түйіспепті де, мәмлеге келіспепті де.

Обалы не керек, Бейсекең мені Көкшетау мен Қызылжарға қарай тартқылайды, ал мен Жезқазған жаққа қисайып алған көрінемін. Бейсекең менен Петракөк жолын салып жатқандарды көрсе екен дейді, менің Орталық Қазақстандағы шахталарда болғым келетін сияқты. Бейсекең алғашқы қазақ теміржолшыларының көркем бейнелерін менің айтуым бойынша білгенді қалайды, ал мен болсам тек Бейсекеңе ғана емес, комиссия мүшелеріне мыс қорытып жатқандар жайлы айтқанды ұнататын тәріздімін. Сондағы ойым - қазылатын жерлер дәуде болса Жезқазған төңірегінен мол табылып қалар, менің жанымды сол кеншілер сақтар деген ғой.

Бәрінен де, кейіпкерлердің аттарын атау керек болғанда, қысылғаным-ай! Көрнекті сәкентанушы, республика Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Е.Ысмайыловтың лекциясынан құлағым шалып қалғаны бар және мен сияқты сиыры көп ауыл баласының, әсіресе, тауарлы-сүт фермасында өскен баланың есіне сақтауына өте қолайлы, жаныма сондай жылы әрі жақын көрінетін, оның үстіне, соншалықты сағынған кіп-кішкентай Отанымды есіме алғызған Бүзаубайды атадым да, шабан аттай тұрып қалдым. Одан әріге, басқа кейіпкерлерге баруға білімім жете қоймады.

Қазір, әрине, Бұзаубақты да, Гүлияны да, Әзімханды да, Хасенді де, Халкенді де – бәрін-бәрін әңгімелер едім. Маған әлі күнге дейін Гүлия мен Әзімхан ұнай береді. Меніңше, Гүлия басында Бұзаубаққа күйеуге бекер шыққан, Әзімханға тиюі керек еді.

Айтқандай, «Жер қазғандардан» ештеңе шығара алмайтынымды білген Бейсекең «Тар жол, тайғақ кешу» роман-очеркі мен «Айша» повесі бойынша сұрақ беріп, тамырымды басып көрді. Бұған дейінгіге қарағанда, бірдеңе білетінімді сезеді. Ара-кідік көз жүгіртіп, оны қас-қабағынан жорамалдап отырмын. Басқа сұрақтардың ыңғайына қарай «Аққудың айрылуын», «Сыр сандықты», «Тау ішіндені», Сәкеннің өзге де лирикалық өлеңдерін әл-қадарымша естеріне салдым.

Алар бағамды алдым: «жақсы». Емтиханға кірмей тұрғанда одан жоғарғысынан дәметкен болатынмын. Пендешілік емес пе, қызыл дипломнан үмітім болып еді. Әйткенмен, әділдік, тазалық – ең бастысы Ұят деген түсінікті сәби кезімізден санамызға мықтап ұялатып тастаған қасиетті Ана рухының ықпалын айтамын-ау, билеттегі басқа сұрақтар мен қосымша сұрақтарға «өте жақсы» жауап бергеннің өзінде, мына жағдайда – Сәкен Сейфуллин сияқты ұлы тұлғаның шығармаларын ала-құла білгенім үшін- «қанағаттанарлыққа» қанағаттанатын жайым бар еді.

Қазақ кеңес көркем әдебиетінің негізін қалаушы әрі көрнекті қоғам қайраткерінің есімі аталғанда, кейбір зиялы деп жүрген азаматтардың арасындағы күңкіл сөз құлаққа шалынып қалып жүргенін ашына айтпасқа болмайды. Ондай «жаңа қазақтар» мен реформаторлар коммунистердің барлығын тарихтан сызып тастағысы келеді. Оның есесіне, әр ауылдан бір данышпан шығаруды ойластырады. Сол сияқты, баспасөз беттерінің еркіндігін өз ниетіне пайдаланған қайсыбір адамдардың пікірсымақтары да жиіркенішті әсер туғызады.

«Бүгінде байлығына мастанған әлдебіреулердің «көшенің аты көкеме»

дейтіні көбейіп тұр. Кешегі большевиктер деген желеумен Сәкен Сейфуллин (астын сызған - біз. М.С.) бастаған ардақтарымызды атынан аударып, көшесін өз атасына берген фактілер де бар. Өзіне келгенде құдайдан да қымсынбайтындардың бой көрсетуі, өкінішке орай, көбейіп тұр», - деп жазады журналист Бақтияр Тайжан «Жер үшін жаныққандар» деген мақаласында (Егемен Қазақстан, 25.09.2004).

Сонда халқының бостандығы үшін азап вагонындағы неше түрлі қорлық пен зорлықты бастан кешкен; үкіметтің басшысы бола отырып, сол өкіметтің жауы атанған Сәкен Сейфуллин бе екен әлде ана біреулердің аталары ма екен? Желке тұсында тоталитарлық тәртіптің кез келген уақытта атылуға әзір тұрған мылтығынан жасқанбастан, өткен ғасырдың сонау жиырмасыншы жылдарының өзінде қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне Қаулымен ғана емес, іс жүзінде батыл көтеріп, оны барлық басқарушы орындардан талап еткен Сәкен Сейфуллин екенін білмегенсу, оның тарих алдындағы маңызын бағаламау қай азаматтың да намыссыздығын көрсетсе керек. Туған жерімізге, Ана тілімізге қарсы дауыс берген замандас депутаттарды халық қалаулылары деп атағанда, нағыз Азамат Сәкенге халық жауы деген жауыздық атақтың қайтарылуын қалайтын пысықайлардың арамызда жүргеніне қалайша жан қиналмас!? Оның көркем, публицистикалық дүниелерінің ондаған жылдар мыңдаған оқырмандары мен көрермендеріне эстетикалық тәрбие беріп келе жатқандығын көзі жоқтар ғана көре алмауы мүмкін. Ал Сәкеннің сырт бейнесі мен ішкі бітімінің сұлу жарасымы туралы бүкілхалықтық аңызға айналып кеткен әңгімелер онымен етене жақындардың ғана емес, оны бір көрген адамның аузынан ақынның тірі кезінде тарап кеткені баршаға кеңінен мәлім.

Халқымыздың тірі тарихы болып кеткен Бейсекеңдер арамызда болса,

анадай бейбастақтарға тәуелсіздіктің не екенін, еркін елдің көшбасшылары қандай азаматтар болғанын, халық перзенттерін сыйлаудың қандай тәрбиелік мәні барын жеріне жеткізе түсіндірер ме еді дейсің. Жолы үлкендерді, елге еңбегі сіңгендерді құрметтеудің қандай сезімге бөлейтінін өз болмысымен анық көрсетер ме еді деп ойлағандайсың.

Менің жеке басымды сүйсіндірген енді бір ерекшелік – Бейсекеңнің де,

сонымен қызметтес әдебиетшілердің де білім тереңдігі. Бұдан да ілгеріде сөз болған жағымды мағынадағы қарапайымдылықты байқаймыз. Оның аты –білгішсініп көзге түспеу. Өз түйіндерін бар дәлелімен сендіре, иландыра айта біледі.

Жоғары оқу орындарындағы проблемалық дәріске бүгінгі таңда зор мән беріліп жатқаны белгілі. Ал ҚазМУ-лықтар елуінші жылдары аудиториядағы дәрістерін маңызды мәселелерге құратын. Сондықтан да олардың дәрістері монография, мақалалар жинақтары түрінде кітап болып жарық көріп жатты.

«Ондай болмақ қайда деме» дейтін Абай ескертпесі бар. Қазекең де «Дос басқа қарайды» дейді. Қалай болғанда да, пендешілік емес пе, өз басым Бейсекеңнің басына, әсіресе, шаш қайырысына қарап ойлана беруші едім. Мінезі сыпайы, сөзі биязы адамның шашы - барынша қатты, қайыруға келе бермейтін, шаштараз тілінде айтылатын «ежик». Естуімше, шашы өте қатты адамның қимылы да, сөйлеген сөзі де тік, өте қатал, мінезі бірбеткей болмақ.

Бейсекеңе қарап-қарап ойға кетуімнің басты себебі – осы тұрғыдан келгенде,

қайшылық көзіме түсетін тәрізді.

Өзім үшін бұл мәселенің шешімін таба алмай жүргенімде, «ақырын жүріп, анық басатын» бір ағам кездесе қалып еді. Сол ақылды кісі жұмбақты бірден шешіп берді.

- Бейсекең, сенің ойлағаныңдай, қатыгез, айғайшыл, кекшіл адам емес, сөздің ең жағымды мағынасындағы Қайсар Азамат! – деді ол.

Келіспеске еш лажым қалмады. Қыршын жасынан жетімдікті жеңе білген жігерлілігі - өзінше бір әңгіме. Ғылым саласындағы өзі таңдап алған басты бағыты мен табан тіреген тұжырымынан бір қадам да кейін шегінбеді.

Келешегі мазмұнды өміріне қауіп төнетініне қарамастан, бұл күнде төрткүл дүниені еркін шарлап кеткен «Абай жолының» тұңғыш кітабын жарыққа шығаруда бастамашы болды. Не білімсіздігінен, не жалтақтығынан, тіпті екі

сылтаумен де оны қолдауға ешкімнің батылы жетпей тұрғанда, жанын шүберекке түйген күйінде туған халқының әдебиет тарихын ғылыми дәлелге сүйеніп билер мен хандардың дәуірлерінен асырып жіберді. Осы аталғандар бір елдің нағыз Ерінің ерлігі емей немене?! Табандылық деп осыны айтсақ керек!

Осыншалықты жанқиярлықтың қарапайымдылықпен қиюласып, әдемі жарасымын тауып жатқаны қандай ғанибет!

Қырықбай Алдабергенов,

тарих ғылымдарының докторы, профессор



1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет