Бекітілген қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ішкі қызмет жарғысы



жүктеу 4.21 Mb.
бет1/25
Дата17.04.2016
өлшемі4.21 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
: files -> zakon -> ustavi
ustavi -> Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының гарнизондық ЖӘне қарауылдық Қызметтер жарғысы
ustavi -> Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының
zakon -> Кодексi Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; "Егемен Қазақстан"
zakon -> Ақпаратқа қол жеткізу туралы
zakon -> Өрт қaуiпciздiгi қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы №1682 Қаулысы «Өрт қayiпciздiгi туралы»
zakon -> Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 Қаулысы
zakon -> «Мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында субсидиялау қағидаларын бекіту туралы»
zakon -> Закон рсо-алания от 15. 06. 2001 г. №17-рз «о конституционном Суде Республики Северная Осетия-Алания»
ustavi -> Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәртіптік жарғысы
Қазақстан Республикасы

Президентінің

2007 жылғы 5 шілдедегі

№ 364 Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің,
басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының
ІШКІ ҚЫЗМЕТ ЖАРҒЫСЫ

(2013.15.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Осы Жарғы ішкі тәртіптің негізгі ережелерін, әскери қызметшілердің жалпы міндеттерін және олардың арасындағы өзара қарым-қатынастарды, негізгі лауазымды адамдардың және тәуліктік наряд адамдарының міндеттерін айқындайды.

Осы Жарғыда көрсетілмеген лауазымды адамдардың міндеттері тиісті нұсқаулықтармен, ережелермен және басқа да нормативтік құқықтық актілермен айқындалады.

Жарғының күші Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының (бұдан әрі - Қарулы Күштер) әскери қызметшілеріне, сондай-ақ әскери жиындар өткізілген кезеңде оларға шақырылған әскери міндеттілерге, әскери киім нысанын киюге құқығы бар әскери қызметтен босатылған азаматтарға оны киген кезде қолданылады.

Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті борышы және міндеті болып табылады.

Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгіленген тәртіппен және түрлерде әскери қызмет өткереді.

Әскери қызмет өткеру қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады, әскери қызметшілердің адамгершілігі мен моральдық-этикалық келбетіне жоғары талаптар қояды.

Қазақстан Республикасының азаматтары заңнамамен белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес шақыру бойынша немесе ерікті түрде әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт бойынша әскери қызмет өткереді.

Қарулы Күштерде «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 1-қосымшада көрсетілген әскери атақтар айқындалған.

2. Әскери қызметшілердің мәртебесі Қазақстан Республикасының азаматы ретінде заңдарда белгіленген шектеулермен әскери қызметшілердің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ қызмет ерекшеліктерімен негізделген олардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін қамтиды.

3. Заңнамаға сәйкес әскери қызметшілердің құқықтарының, міндеттері мен жауапкершілігінің мазмұны мен көлемі олардың әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) орындауда болуына немесе болмауына байланысты болады.

Әскери қызметші, сондай-ақ запаста болатын азамат әскери жиындардан өту уақытында:

лауазымдық міндеттерін атқарған;

жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайларында, сондай-ақ қарулы жанжалдар жағдайларында міндеттерді атқарған;

бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі бітімгершілік операцияларына қатысқан;

табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға қатысқан;

кемелердегі оқу-жаттығуларға немесе жорықтарға қатысқан;

күн тәртібімен (регламентпен) белгіленген немесе басқа да уақыт ішінде, егер бұл қызметтік қажеттіліктен туындаса, әскери бөлім аумағында болған;

қызметтік іссапарда болған;

қызметте болған, қызмет орнына барған және кері қайтқан;

емделуде болған, емделу орнына барған және кері қайтқан;

демалыста болған, демалысты өткізу орнына барған және кері қайтқан;

әскери жиындардан өткен;

тұтқында, кепілдікте немесе еркінен айрылу жағдайында болған;

жеке адамның өмірін, денсаулығын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғаған;

адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқық тәртібін сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;

сот жеке адам, қоғам мен мемлекет мүдделерінде жасалған деп таныған өзге де іс-әрекеттерді жасаған жағдайларда әскери қызмет міндеттерін атқаруда деп саналады.

Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері оны өткерудің барлық уақыты ішінде әскери қызмет міндеттерін орындауда болады.

Әскери қызметшілер әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) орындау кезінде мемлекеттік қызмет өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады. Бұл ретте мемлекет әскери қызметшілердің өзінің бар күшін, білімі мен тәжірибесін олар жүзеге асыратын кәсіби қызметке жұмсайтынына, өз Отаны - Қазақстан Республикасына мүлтіксіз және адал қызмет ететініне сенеді.

4. Әскерлер қызметі - бұл гарнизондарда, әскери бөлімдер мен бөлімшелерде заңдармен, Қарулы Күштердің жалпыәскери жарғыларымен (бұдан әрі - жалпыәскери жарғылар), әскерлердің өмірін, тұрмысын, қызметін, сондай-ақ тәуліктік нарядтың бейбіт және соғыс уақытында қызмет атқаруын ұйымдастыруды регламенттейтін бұйрықтармен, нұсқаулықтармен белгіленген жоғары жауынгерлік әзірлікті, жарғылық әскери тәртіпті, тәртіп пен ережелерді сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені.

Бұл кешен:

әскери бөлімдерде, бөлімшелерде, парктерде, оқу орталықтары мен лагерьлерде, кемелерде, мекемелерде күнделікті қызметтік іс-қимылды айқындайтын ішкі тәртіпті ұстауды, әскери қызметшілердің өмір сүру жағдайларын, тұрмысы мен оқуын, қару мен оқ-дәрілерді сақтау мен берудің дұрыстығын қамтамасыз ететін ішкі қызметті;

әскери бөлімнің (бөлімшенің) ішкі тәртібін ұстау, жеке құрамын, қару-жарағын, әскери және басқа техникасын, зымырандары мен оқ-дәрілерін, үй-жайларын, мүлкін және басқа да материалдық құралдарын күзету, бөлімшелердегі істердің жай-күйіне және әскери тәртіпті, күн тәртібі мен қызмет уақытының регламентін бұзудың алдын алу мен жол бермеу жөніндегі шараларды уақтылы қабылдауды бақылауды жүзеге асыру үшін, сондай-ақ басқа да міндеттерді орындау үшін тағайындалған тәуліктік наряд қызметін;

мақсаты гарнизон жеке құрамының жоғары әскери тәртібін ұстауды, әскерлердің күнделікті қызметі мен даярлығы үшін қажетті жағдайларды және гарнизондық іс-шараларды өткізуді қамтамасыз ету болатын гарнизондық қызметті қамтиды.

5. Әскери бөлімде ішкі қызметке басшылық жасауды әскери бөлім командирі, ал бөлімшеде бөлімше командирі жүзеге асырады. Командирлерінің жалпы тікелей бастығы жоқ бірнеше бөлімшені бір үй-жайға орналастырған кезде әскери бөлім командирінің (гарнизон бастығының) бұйрығымен ішкі қызметке басшылық жасау осы бөлімшелердің біреуінің командиріне жүктеледі. Әскери бөлімде ішкі қызметтің тікелей ұйымдастырушысы бөлімнің штаб бастығы, ал бөлімше орналасқан жерде бөлімше командирі (штаб бастығы) болып табылады.

Әскери бөлімдер командирлері деп бригадалар, полктер, авиациялық базалар, 1, 2 және 3-дәрежелі кемелер, шекара жасақтары, жеке батальондар, дивизиондар, эскадрильялар, жеке роталар командирлері, Қарулы Күштердің ұйымдық-дербес бірлігі болып табылатын мекемелердің, әскери оқу орындарының (мемлекеттік мекемелердің) бастықтары түсіндіріледі.

Бөлімше командирі деп бөлімше - батальон буынындағы командирлер және оларға теңестірілгендер түсіндіріледі.

Бағынысты әскерлердегі ішкі қызметтің жай-күйі үшін жауапкершілік барлық тікелей бастықтарға жүктеледі. Олар ішкі қызмет талаптарын орындауды ұйымдастыруда және қамтамасыз етуде бағынысты әскери бөлімдер мен бөлімшелерге көмек көрсетуге және оның жай-күйін жүйелі түрде тексеруге міндетті.

1-тарау. Әскери қызметшілер және олардың арасындағы

өзара қарым-қатынастар

1. Әскери қызметшілердің жалпы құқықтары,

міндеттері мен жауапкершілігі

Әскери қызметшілердің құқықтары

6. Әскери қызметшілердің құқықтары мен әскери қызмет ерекшеліктерін ескере отырып оларды іске асыру тәртібі заңнамамен айқындалады.

7. Әскери қызметшілердің өз құқықтарын пайдалануы қоғамның, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне, әскери қызметке, басқа да әскери қызметшілер мен өзге де азаматтардың құқықтарына зиян келтірмеуі тиіс.

8. Мемлекет әскери қызметшілердің құқықтарының, бостандықтарының іске асырылуына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуына кепілдік береді, олардың лайықты өмір сүру деңгейін жасау, қызметі мен тұрмыс жағдайларын жақсарту жөніндегі шараларды жүзеге асырады.

Әскери қызметшілердің құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау командирлерге (бастықтарға), әскери басқару органдарына, мемлекеттік басқару органдарына, соттар мен құқық қорғау органдарына жүктеледі.

Әскери ант қабылдағанға дейін әскери қызметші жауынгерлік міндеттерді орындауға (жауынгерлік іс-қимылдарға қатысуға, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік және қарауылдық қызмет атқаруға) тартылмайды; әскери қызметшіге қару-жарақ пен әскери және басқа техника бекітіліп берілмейді, оған тәртіптік жаза қолданылмайды.

Әскери қызметшілердің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру жөніндегі міндеттерін атқармауға кінәлі командирлер (бастықтар) бұл үшін заңнамамен белгіленген жауаптылықта болады.

9. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әскери қызметші Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, өзінің қызметтік жағдайына қарамастан:

өмір сүруге. Ешкімнің де оның өмірін өз бетінше қиюға құқығы жоқ. Командирлер (бастықтар) бағыныстылардың әскери қызметінің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті;

өз құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде командирлердің (бастықтардың) оның құқықтарына, бостандықтарына қысым жасайтын, ар-намысы мен жеке басының қадір-қасиетін кемсітетін заңсыз іс-әрекеттері жағдайларында сотпен қорғауға. Ол білікті заң көмегін алуға құқылы;

шыққан тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, сеніміне, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де жағдайларға қарамастан тең құқықтарға. Көрсетілген себептер бойынша кемсітуге тыйым салынады және ол заңмен қудаланады;

әскери қызмет жағдайларымен және сипатымен регламенттелетін жеке басының бостандығына;

жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмауына. Ол заңдармен және осы Жарғымен қорғалған. Әскери қызметшіге қатысты зорлық, азаптау, қатал немесе адамдық ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітетін әрекет жасаған немесе жаза қолданған адамдар заңнамамен белгіленген жауаптылықта болады;

мемлекеттің қорғауында болуға және жеке өміріне, жеке басы мен отбасының құпиясына, жеке салымдары мен жинақтарының құпиясына, хат жазысуына, телефонмен сөйлесулеріне, пошта, телеграф және өзге де хабарларына қол сұғылмауына;

өзінің ұлтын және дінге қатыстылығын айқындауға және көрсетуге немесе көрсетпеуге;

лауазымдық міндеттерін атқару шеңберінен тыс қарым-қатынас, тәрбиелеу, оқыту және шығармашылық тілін таңдауға;

сөз бостандығына, өз пікірлері мен сенімдерін білдіруге, бұл ретте мемлекеттік құпияларды жария етпей ақпаратты еркін алуға және таратуға қол жеткізуге;

саяси партиялар мен кәсіби одақтарды қоспағанда, қоғамдық бірлестіктерді ұйымдастыруға және оларда болуға;

қызметтен тыс уақытта заңға сәйкес ұйымдастырылатын, саяси мақсаттарды көздемейтін жиналыстарға, митингілерге, демонстрацияларға, шерулерге қатысуға. Қызмет уақытында жиналыстарға және басқа да қоғамдық іс-шараларға қатысу осы Жарғымен көзделген тәртіппен жүзеге асырылады;

еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға. Бұл құқық әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігін ұстау, әскери қызметшінің қызмет орнына уақтылы келуін, әскери қызметші тұрған қызмет түрін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, заңнамамен және осы Жарғымен айқындалған тәртіпте іске асырылады;

оның мемлекет алдындағы міндеттерін шектемеуі тиіс ар-ождан бостандығына. Әскери қызметші діни рәсімдерге қатысуды жеке адам ретінде қызметтен бос уақытында жүзеге асырады;

әскери қызмет өткеруі арқылы еңбек етуге;

қауіпсіздік пен гигиена талаптарына жауап беретін еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін қажетті өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін және әскери қызметке мүдделілігін ынталандыратын сыйақы алуға;

демалуға, оған (мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттарынан (оқушыларынан) басқа) заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына апта сайын бір тәуліктен кем емес, бірақ айына алты тәуліктен кем емес демалысқа кепілдік беріледі.

Әскери қызметшіні (мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттарынан (оқушыларынан) басқа) апта сайынғы қызмет уақытының белгіленген ұзақтығынан артық, сондай-ақ демалыс, мереке және жұмыс істемейтін күндері әскери қызмет міндеттерін орындауға тарту және оған аптаның басқа күндері міндетті демалыс беру бұйрықпен ресімделеді. Әскери қызметшілерге заңнамаға сәйкес демалыс беріледі. Жыл сайынғы және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы демалысын өткізу орнына баруы және кері қайтуы үшін қажетті уақытты есептемегенде, берілген жылы алпыс тәуліктен аспауы тиіс;

заңнамамен белгіленген нормалар бойынша және тәртіппен мемлекет есебінен қызметтік тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз етілуге;

заңды сатып алынған мүлкіне, соның ішінде мұрагерлік құқығы бойынша меншік иесі болуға;

әскери қызмет өткеру кезеңінде қаза табуы (қайтыс болуы), жарақат алуы (контузия алуы), мертігуі, сырқаттануы жағдайына міндетті мемлекеттік сақтандырылуға;

әскери-медициналық мекемелерде тегін медициналық қамтамасыз етілуге, сондай-ақ санаторлық-курорттық емделуге;

әскери оқу орындарында оқуға. Әскери қызметшілер (мерзімді қызметтің әскери қызметшілерінен және әскери оқу орындарының курсанттарынан (оқушыларынан) басқа) әскери бөлімдер командирлерінің ұсынуы бойынша әскерлер тектерінің, өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының және одан жоғары басшылық құрамның келісімімен заңнамаға сәйкес сессия және қорытынды емтихандар тапсыру үшін демалыс берумен, азаматтық жоғары немесе орта арнаулы оқу орындарында кешкі немесе сырттай оқу нысанында оқи алады. Оқуға кандидаттардың санын айқындау кезінде жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріледі;

мемлекет істерін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдарға сайлауға және сайлануға, мемлекеттік және әскери басқару органдарына өтініш жасауға, республикалық референдумға қатысуға;

қызметі бойынша ауысуға, атқаратын лауазымының санатына, кәсіби біліктілігіне және моральдық-іскерлік қасиеттеріне сәйкес кезекті әскери атақтарын уақтылы алуына кепілдік беріледі. Лауазымында жоғарылау қызметтік іс-қимылының және кәсіби даярлығының нәтижелері бойынша жүзеге асырылады;

заңнамамен көзделген өзге де құқықтарға құқығы бар.

Әскери қызметшілердің жеке құқықтарын іске асыру әскери қызмет ерекшеліктерімен және сипатымен шектеледі. Әскери қызметшіге:

қандай да саяси партияны қолдап сөз сөйлеуге;

ереуілдерді, пикеттерді және өзге де наразылық акцияларын ұйымдастыруға және қатысуға;

командирлердің (бастықтардың) қызмет бойынша және қызмет мүддесінде берілген бұйрықтарын (өкімдерін) талқылауға және сынауға;

дінге қандай да болсын көзқарасты насихаттауға және діни ұйымдар құруға;

педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, кез келген кәсіпкерлік не басқа да ақы төленетін қызмет түрлерімен, соның ішінде коммерциялық делдалдықпен айналысуға, сондай-ақ қызмет жағдайын пайдаланумен жұмыстарды орындауға, қызмет көрсетулерге және бұл үшін заңсыз сыйақы алуға тыйым салынады.

10. Әскери қызметшілердің әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаруды алып жүруге және қолдануға құқығы бар.

Штаттық (жеке) қаруды қолдану тәртібі заңмен және заңнама актілерімен белгіленеді.

Әскери қызметшілер ең ақырғы шара ретінде жеке өзі немесе бөлімше құрамында мынадай жағдайларда:

күзетілетін әскери және азаматтық объектілерге, қарауылдарға, әскери бөлімдердің үй-жайлары мен ғимараттарына топтасқан немесе жеке қарулы шабуылды тойтару үшін;

қаруға және әскери техникаға күшпен ие болу әрекетінің жолын кесу үшін;

әскери қызметшілер мен азаматтық адамдарды, егер өзге тәсілдермен және құралдармен оларды қорғау мүмкін болмаса, олардың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін шабуылдан қорғау үшін;

қылмыс жасаған не ауыр және аса ауыр қылмыс жасау үстінде қолға түскен, қарулы қарсылық көрсеткен адамды, сондай-ақ қаруды тапсыру туралы заңды талаптарды орындаудан бас тартқан адамды, егер өзге де тәсілдермен және құралдармен қылмыскердің қарсылығын тоқтату, ұстау немесе қаруын алу мүмкін болмаса, ұстау үшін;

жануарлардың шабуылынан қорғану үшін қару қолдануға құқығы бар.

Қарауыл құрамына кіретін әскери қызметшілердің Қарулы Күштердің гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысымен (бұдан әрі - Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысы) айқындалған жағдайларда және тәртіппен қару қолдануға құқығы бар.

11. Қару қолданудан бұрын оны қолдану ниеті туралы ескерту жасалуы тиіс. Қару ескертусіз кенеттен қарулы, соның ішінде жауынгерлік техниканы, көлік құралдарын, ұшу аппараттарын, теңіз және өзен кемелерін пайдалана отырып шабуыл жасалған кезде, сондай-ақ қамаудан қарумен қашып шыққан кезде қолданылуы мүмкін.

Әскери қызметшілердің қаруды дабыл белгісін беру немесе көмек шақыру үшін қолдануға құқығы бар.

Әскери қызметші қаруды қолдану және пайдалану кезінде айналадағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін болатын шараларды қолдануға, ал қажет болған жағдайда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге міндетті.

Әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты, олар әскери қызметшінің (әскери қызметшілердің), азаматтық адамдардың өміріне қатер төндіретін қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен не топтасып шабуыл жасаған, егер ондай шабуылды өзге де тәсілдермен және құралдармен тойтару мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.

Қару қолданудың немесе пайдаланудың әрбір жағдайы туралы әскери қызметші командирге (бастыққа) баяндайды.

Әскери қызметшілердің жалпы міндеттері

12. Қарулы Күштердің әскери қызметшісі:

Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және жалпыәскери жарғыларының талаптарын қатаң сақтауға;

әскери антқа адал болуға, өз халқына шексіз беріліп қызмет етуге, Қазақстан Республикасын батыл, шебер қорғауға, әскери борышын орындауға, әскери қызметтің қиындықтарына табандылықпен төзуге;

өз Отанының патриоты болуға, өзінің іс-қимылымен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттің мүдделерін қорғауға, әскери қызметшілер арасындағы достықты нығайтуға;

адал, тәртіпті, ержүрек болуға, әскери борышын орындау кезінде дұрыс бастама танытуға;

командирлерге (бастықтарға) мүлтіксіз бағынуға және оларды ұрыста қорғауға, әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын сақтауға;

әскери кәсіби білімді ұдайы меңгеруге, өз машығы мен әскери шеберлігін жетілдіруге;

оған сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы білуге және қолдануға ұдайы әзірлікте ұстауға, әскери мүлікті және басқа да материалдық құралдарды сақтауға;

жауынгерлік жолдастықты бағалауға, әскери қызметшілерді қауіптен құтқаруға, оларға сөзбен және іспен көмектесуге, әрқайсысының ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, өзіне және басқаларға қатысты дөрекілік пен қорлауға жол бермеуге, олардың лайықсыз қылықтар жасауына жол бермеуге;

әскери әдептілік, мінез-құлық, әскери сәлемдесу, әскери киім нысанын киіп жүру ережелерін сақтауға, әрдайым және барлық жерде өзін қадір-қасиетпен және абыроймен ұстауға;

қырағы болуға, мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға міндетті.

13. Әскери қызметші Қазақстан Республикасының қорғаушысы деген жоғары атақты лайықты ұстауға, Қарулы Күштердің, өз әскери бөлімінің абыройы мен жауынгерлік даңқын және өзінің әскери атағын құрметтеуі тиіс.

14. Әскери қызметші мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халықтар достығын қастерлеуге міндетті.

Әскери қызметшілердің өзара қарым-қатынасында олардың ұлттық сезімдеріне, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне деген құрметі көрінуі тиіс.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі болып табылады. Қарулы Күштерде қазақ тілімен тең түрде орыс тілі қолданылады.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - әрбір әскери қызметшінің борышы.

Командирлер (бастықтар) мемлекеттік тілді барынша дамытуға, барлық әскери қызметшілердің мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруі үшін барлық қажетті ұйымдастыру, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті.

15. Әскери қызметшілер бір-бірінің құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, командирлер (бастықтар) мен үлкендерге тәртіпті ұстауда жәрдемдесуге міндетті.

Қызметтестері арасындағы жалпыәскери жарғылармен айқындалған өзара қарым-қатынас ережелері бұзылған жағдайда әскери қызметші дереу оған берілген құқықтар мен міндеттер көлемінде жарғылық тәртіпті орнатуға шаралар қолдануға және сонымен бірге өзінің тікелей бастығына, ал ерекше қажет болған жағдайда үлкен бастыққа баяндауы тиіс.

Әскери қызметшімен болған, оның міндеттерін орындауына әсер ететін барлық жағдайлар мен оған жасалған ескертулер туралы ол өзінің тікелей бастығына баяндауға міндетті.

16. Әскери қызметші салауатты өмір салтын жүргізуі, өз денсаулығын сақтауы және нығайтуы, әскери қызмет қауіпсіздігінің талаптарын, сырқаттанудың, улану мен жарақат алудың алдын алу шараларын сақтауы, дене дайындығы мен жаттығуды күнделікті арттыруы, ағзасын шынықтыруды жүзеге асыруы тиіс. Әскери қызметшіге қызметтік міндеттерін атқару кезінде ішімдік ішуге тыйым салынады. Шылым шегуге тек осы мақсат үшін бөлінген орындарда рұқсат етіледі.

17. Әскери қызметші қызмет және жеке мәселелері бойынша өзінің тікелей бастығына және оның рұқсатымен команда бойынша келесі бастыққа өтініш жасауы тиіс, ал ерекше жағдайларда ол үлкен бастыққа өтініш жасай алады.

Ұсыныс, арыз немесе шағым түрінде тікелей өтініш жасаған кезде әскери қызметші Қарулы Күштердің тәртіптік жарғысының (бұдан әрі - Тәртіптік жарғы) ережелерін басшылыққа алады.

18. Әскери қызметшілер әскери мүліктің ұрланғанын немесе бүлінгенін, ақшалай қаражатты заңсыз жұмсауды, әскерлерді жабдықтауда асыра пайдалануды, қару-жарақ пен әскери техниканы ұстаудағы кемшіліктерді немесе мемлекетке зиян келтіретін басқа да фактілерді байқаған кезде бұл туралы тікелей немесе үлкен бастыққа баяндауға, сондай-ақ құқық қорғау орындарына хабарлауға міндетті.

Әскери қызметші мемлекеттік басқару органдарына, құқық қорғау органдары мен соттарға лауазымды адамдардың мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің заңсыз әрекетіне өтініш жасай алады.

19. Әскери қызметші халықаралық гуманитарлық құқық ережелерін, соның ішінде әскери іс-қимылдар жүргізудің, жауынгерлік іс-қимылдар ауданындағы жаралылармен, сырқаттармен, қарсыластың қарулы күштері құрамынан кеме апатына ұшыраған адамдармен және азаматтық тұрғындармен, сондай-ақ әскери тұтқындармен қарым-қатынас жасаудың халықаралық ережелерін білуге және мүлтіксіз сақтауға міндетті.

20. Әскери қызметші жауынгерлік іс-қимылдар барысында, тіпті өзінің әскери бөлімінен (бөлімшесінен) қол үзіп, толық қоршауда қалғанда да тұтқынға түсуден қаша отырып, қарсыласқа батыл қарсылық көрсетуге міндетті. Ол ұрыста өзінің жауынгерлік борышын аяғына дейін орындауға міндетті.

Егер әскери қызметші өз әскерлерінен қол үзіп қалып және қарсылық көрсетудің барлық құралдары мен тәсілдерін тауысып немесе жарақаттану немесе контузия алу салдарынан дәрменсіз жағдайда қала отырып, қарсыластың тұтқынына түсетін болса, ол өзін және басқаларды тұтқыннан босату және өз әскерлеріне қайтып оралу үшін кез келген мүмкіндікті қарастыруы және пайдалануы тиіс. Қарсылас тұтқынға алған әскери қызметшінің жауап алу кезінде тек өз тегін, атын, әкесінің атын, әскери атағын, туған күнін және жеке нөмірін айтуға құқығы бар. Ол жауынгер абыройын ұстауға, мемлекеттік құпияларды қастерлеп сақтауға, табандылық пен батылдық танытуға, тұтқындағы басқа да әскери қызметшілерге көмек көрсетуге, оларды жауға жәрдемдесуден тоқтатуға, қарсыластың әскери қызметшіні Қазақстан Республикасына зиян келтіру үшін пайдалану әрекеттерін тойтаруға міндетті.

Тұтқынға алынған, бейтарап елдерде еркінен айырылған әскери қызметшілердің әскери қызметші мәртебесі сақталады. Әскери қолбасшылық және оған уәкілетті басқа да мемлекеттік басқару органдары аталған әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау және олардың Отанына қайтып оралуы жөнінде халықаралық құқық нормаларына сәйкес шаралар қабылдауға міндетті.




  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет