Берлібаев бақДӘулет тұрбекұлы қазақстанда тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуы: тарихи-теориялық зерттеу



жүктеу 0.85 Mb.
бет2/5
Дата03.04.2016
өлшемі0.85 Mb.
1   2   3   4   5
: userfiles
userfiles -> Внутренний контроль производства и контролируемые испытания продукции
userfiles -> Технические правила
userfiles -> 2010 жылдың ІІІ тоқсанына арналған жоспарының орындалуы Шілде Облыс әкімдігінің мәжілісіне енгізілген мәселе Жамбыл облысының 2010 жылдың қаңтар-маусымында
userfiles -> Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу-алдын алу ұйымдары бас дәрігерлерінің жеке табысы және мүлкі туралы декларацияны жариялау
userfiles -> Конкурстық құжаттаманы бекіту туралы
userfiles -> Шу ауданының әкімі І.Ә. Тортаевтың ауданның 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есебі
userfiles -> Шортанова алшайым ахылбековна қазақстандағы ғылыми кітаптар басылымының тарихы
userfiles -> Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың сенімді өкілдерінің сайлаушылармен кездесу үшін үй-жайлар тізбесі

Зерттеудің қолданыстық маңызы. Аталған зерттеу жұмысы Қазақстандағы тарих ғылымы саласындағы ауқымды ғылыми-тарихи шығармашылық тұрғыдан жазылған еңбек ретінде Республиканың әлеуметтік-мәдени секторының жұмыс тобына өз кезегінде қажетті құжаттарды даярлауда қолданылуы мүмкін. Бұл еңбектегі тұжырымдар ЖОО-да «Қазақстан тарихы» мен «Қазақстан тарихының теориялық-методологиялық мәселелері» және «Тарихи-мәдени мұра» мен «Дүниетану негіздері» сияқты жаңа пәндеріді оқытуда, ауызша тарихи білімге байланысты арнайы курстарды жүргізу барысында қажеті болады деп санаймыз. Диссертациядағы ізденіс нәтижелері бүкіл ұлттық дәстүрлі тарихи білімнің теориялық жағы мен ХХ ғасырдағы оған жасалған қиянат тарихын білуге қызығушылық танытушы оқырманға керекті мәліметтер алуына мүмкіндік беріумен бірге, тарихи білім кезеңдерінің даму тарихын жалпы түсінуге жол ашып, оны терең білуге ұмтылдырады.

Зерттеудің теориялық және методологиялық негізі. Бүгінде, таптық идеологияның ыңғайына жығылып, коммунистік партия жетекшілік еткен бұрынғы кеңес өкіметіне тиімді көзқарастарды барынша марапаттау, немесе шындықты бұрмалап, оны айналып өтуге бейімделу сияқты тұжырымдардан бас тартып, ғылыми ізденістердің, зерттеу проблемаларының объективті шыншыл сипаттамасын беретін методологиялық ұстанымдарды қалыптастырудың тарихи қажеттілігі байқалып отыр. Осыған орай диссертацияның әдіснамалық және теориялық негізі ретінде қоғамдық жүйелерді зерттеуді өркениеттік жинақтау тұрғысынан қарастыратын модернизация теориясын таңдадық. Жұмыста тарихилық пен объективтік сияқты қоғамдық танымда жалпыға мәлім ұстанымдар мен тарихи үрдістер жиынтығының өзара байланысын білуге бастайтын жүйелеп талдау әдісі, сондай-ақ конвенттік-талдау мен инвенттік-талдау әдісі пайдаланылды.

Еліміздің тәуелсіздік алуы, ғылыми зерттеу ісінде методологиядағы плюрализмді негізге алып, дәстүрлі және жаңа методологиялық бағыттарды қатар, әрі аралас пайдалануға жол ашты. Осыған орай, Қазақстандағы тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуын зерттеуде эволюционизм сияқты методологиялық бағытты пайдалансақ, оған басқа елдердегі тарихи көзқарастардың ықпалын айқындауда – методологиядағы диффузионизмді басшылыққа алдық. Қазақстан тарихының пән ретінде қалыптасуында методологиядағы функционализмді пайдаландық. Тәуелсіз Қазақстандағы жаңа тарихи ойдың тарихи білімдегі орнын-феноменология және этнометодология деп аталатын методологиялық бағыттарының негізгі ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, тақырып мазмұнын ашуға тырыстық.

Деректік материалдарды анықтау, сұрыптау және зерттеу барысында тарихи білімдік ой-санадағы өзгерістер тарихындағы қарама-қайшылықтарды көрсететін шынайылылыққа жетуге тырыстық. Құжаттардың басым көпшілігі қатаң бір ғана идеологияның сарынында жасалғандығына байланысты олардың әрқайсысына сыни тұрғыдан, төзімділікпен қарап, қосымша мәліметтермен толықтырып отыруға тура келді.

Тақырыпты зерттеу барысында тарихилықты басшылыққа ала отырып, кеңес кезеңіне дейінгі дәстүрлі және ұлттық тарихи-білімдік ой-сананың қалыптасу үрдістеріндегі ерекшеліктерді, кеңес өкіметінің тарихи білімдегі ой-сана саласында ұстанған саясатының әртүрлі кезеңдерін, Тәуелсіздігіміздің дамуындағы тарихи материалдарды хронологиялық жүйеледік. Бұл арада жүйелілік ұстанымы біздің жұмысымыздың әдістемелік негізінің біріне айналып отыр. Зерттеліп отырған тарихи кезеңнің және тарихи білімдік ой-санадағы өзгерістер барысындағы үрдістердің қарама-қайшылықтарын, күрделілігін, тарихи білімдегі үдерістердің динамикасын, оның ішкі себептерін зерттеуге мүмкіндік берумен қатар, эмоцияға берілуден сақтандыратын дамудағы төзімдік ұстанымы басшылыққа алынды..

Диссертацияда қойылған мақсат пен міндеттерді нақты шешу үшін өз мәселеміз бойынша жарияланған әдебиетпен танысып, анықтау, мұрағат деректерін сұрыптап, материалдар мен әртүрлі мәліметтерді іріктеу, оларды қорытындылау кезінде логикалық жалғастық сияқты танымдық тәсііл де қамтылды.

Қолдануға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- қоғамның әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайларының әсері болған 1920-жылдан 2001-жыл аралығындағы отандық тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуының бейнесін тарихи-теориялық жағынан қайта жаңғыртудың өзектілік мәні жоғары;

- қазақ ағартушылары мен ұлттық интеллигенция өкілдері қалдырған тұжырымдамалық идеялардың Қазақстандағы тарихи білімді дамытуға ықпалы болған;

- зерттеу кезеңіндегі Қазақстандағы тарихи білімді реформалау – мемлекет саясатындағы негізгі бағыттың бірі болған;

- тарихи білімнің дамуы идеологиялық және саяси кедергілерге тәуелді болып келді;

- тоталитарлық режімнің қазақ халқының ұлттық тарихына шек келтіруі – Қазақстандағы тарихи білімнің дамуына да нұқсан келтірді;

- жұмыста Қазақстандағы тарихи білімнің даму кезеңдеріне алғаш рет сипаттама берілгендіктен, зерттеу болашақта олардың мазмұнын кеңірек ашуға алғышарт болып табылады;

- тарихи білімнің дамуында болған келеңсіздіктерді ескеріп, оң тәжірибелерді анықтау қажеттігі – білімді модернизациялауға бет алған бүгінгі күні, тарихи білімді дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық жобалар жасауға мүмкіндік береді;

- қазіргі Қазақстан қоғамындағы тарихи білімнің даму тенденциялары объективтік сипат алуда.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі мазмұны 3 монографиялық еңбек пен ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестациялау комитеті бекіткен тізімдегі 10-нан аса ғылыми басылымдарда, 20-дан аса халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда, ғылыми мерзімді басылымдар мен бұқаралық баспасөзде жарияланып, жоғарыда айтылғандардан бөлек, 30-дан аса ғылыми жинақтар мен журналдардағы мақалаларда көрініс тапты.

Сондай-ақ, зерттеу жұмысының тармақтары ЖОО үрдісінің барысында жүргізілген 2 оқу әдістемелік оқу құралдары мен 2 хрестоматияда және магистранттар үшін кредиттік жүйе талаптарына сай құрастырылған жұмыс бағдарламасында көрініс тапты. Ізденуші Абай атындағы ҚазҰПУ-тың тарих факультетінің «Отан тарихы» кафедрасында істей жүріп, «Қазақстан тарихының іргелі мәселелері (ХХ ғасыр)», «Ұлттық тарихи білімнің қазыналары», «Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоспарлау мен жүргізу» тақырыптарында тарихшы магистранттар мен студенттерге арнайы курстар оқыды. Тарих факультеті жанынан ұйымдастырылған «Еуразия ғылыми зерттеу орталығының» «Білім, ғылым, мәдениет тарихы» деп аталатын зертханаллық саласында «Өтпелі кезеңдегі тарихи білімнің тәрбиелік бағыттары» туралы циклдық баяндамалар жасалды. ҚР ҒБМ-нің жанындағы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен байланыс орнатып, «Қазақстан тарихы пәнінен I Республикалық «Тарих ата» сырттай олимпиадасының Н.А. Абуов құрастырған тапсырмалар жинағына» және оның өткізілу тәртібіне ұсыныс-пікір жазылып, осы «Орталық» ұйымдастырған Тараз қаласындағы (2007 ж.) тарих пәні бойынша дарынды балалармен жұмыс істейтін республикадағы мектеп мұғалімдерінің алдында даланың ауызша тарихнамасы бойынша дәріс лекциялар оқылды.



Диссертация қысқартулар мен белгілеулерден, кіріспеден, бес тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.



НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде тақырыптың таңдалу ерекшелігі мен өзектілігі нақтыланып, жұмыстың нысаны, пәні, мақсат-міндеттері, хронологиялық ауқымы, деректік, методологиялық негіздері, зерттеу әдістері, ғылыми-танымдық және тәжірибелік маңызы мен жаңалығы, қолдануға ұсынылатын негізгі тұжырымдары анықталады.

«Қазақстан тарихының білім ретінде қалыптасуының ғылыми- теориялық негіздері» деп аталатын бірінші тарауда жұмыстың теориялық-методологиялық негіздемесі мен тарихнамасы қарастырылып, дерек көздеріне талдау жасалады және Қазақстандағы тарихи білімнің даму кезеңдері анықталады.

«Тақырыпты зерттеудегі методологиялық ұстанымдар» атты тармақшада зерттеу жұмысына қатысты теориялық-методологиялық талғамдар мен тұжырымдар баяндалады.

Кез келген дәуірдегі тарихи мәселені ғылыми тұрғыдан зерделегенде, өзінің алдындағы бір немесе бірнеше дәуірлердегі кезеңдермен байланыстыра қарастыруға тура келеді. Тарихты осылайша сабақтастықта қарай білу ғылыми зерттеу жұмысының барысында мәселеге қатысты кейбір жаңсақ пікір білдіруден сақтандырып, дұрыс тұжырымдар жасауға, ақиқат ой қорытуға жол ашады Бұл арада, ең алдымен, Қазақстанда ежелден қалыптасқан тарихи білімнің санада орнығуының ғылыми-теориялық негіздер желісін түзу керек болады.

Қазақстан тарихшыларының ішінде қазақтар арасында ежелден қалыптасқан дәстүрлі тарихи білім ұғымына ғылыми баға беру ең алғаш зерттеуші В.П. Юдинде кездеседі. Ол айтады: «Далалық ауызша тарихнаманы көрсететін шығармаларды оның қайнар көзі деуге де болады. Олар тарихи әңгіме жинақтарын – Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тарихи білімінің бөлімдерін көрсетеді. Бұл әңгіме – бастаулар арнайы «қара сөз» атауына ие болды, яғни «ескі сөз», «қара сөз» деген [7]. В.П. Юдиннің осы айтып отырған Дешті Қыпшақ көшпелілерінің тарихи білімі қазақ этносының қалыптаса бастаған Ақ Орда кезеңінен бергі уақытты қамтиды. Осы арада егер қазақтар өзінің түп негізін сақ, үйсіндерден бастаса, онда Ақ Ордаға дейінгі тарихи білім, өзінің бастауларын қалай қалыптастырған деген сұрақ туындайды. Сондықтан біз, өз зерттеуіміздің бірінші тарауында мүмкіндігінше ұлттық тарихи білімнің көзін тауып, оны В.П. Юдин айтып отырған Дешті Қыпшақ көшпелілерінің тарихи біліміне жалғастыра келе, кеңес дәуіріне ұластыруды мақсат еттік.

Академик М.Қ. Қозыбаев «... біздің Ұлы Сахарада да өркениет 1500-2000 жыл бұрын пайда болды деп есептеуге дәлелдер баршылық» [8] – деп шегелеп айтса, онда қазақ халқын өркениеттілікке жеткізген білу мен біліктілікті және тәңірлік дінмен бірге келген білімді, аңыздан басталып, ауыз әдебиетіне ұласқан тарихи білімді, VIII ғасырда ислам дінімен бірге келген тарихи білімді, ойма жазудан басталып, көркем әдебиетке ұласқан дәстүрлі тарихи білімді қалайша жоққа шығарамыз. Сондықтан да бұл мәселе, бүгінгі таңдағы республикалық және халықаралық ауқымдағы конференциялардың негізгі тақырыбына айналып, күн тәртібінен түспей келеді [9].

XVIII-XIX ғғ. Ресейдің әскери адамдары мен ғалымдары: А.И. Левшин, В.Г. Тизенгаузен, Н.А. Аристов, А.Н. Харузин, В.В. Радлов, В.В. Бартольд, Г.Н. Потанин т.б. қазақтың ауызша тарихы туралы естігендерін жазып қалдырғанмен, негізгі борыштары – өз елінің мүддесіне қызмет ету болғандықтан, қазақтың дәстүрлі тарихи білімі олардың бәрін бірдей қызықтыра бермеген. Айталық, ауызша тарихтың білімдік байыбына бармаған Ресей тарихшысы А.И. Левшин қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына дейінгі зейіндік деректерден айналып өтеді [10]. Қазақтарды жойылуға тиіс нәсіл ретінде кемсіткен А.И. Левшинді барынша сынаған В.В. Радлов болса, оған қарама-қарсы пікір айта келіп, қазақтарға «отырықшы халықтардың дәуіріне қарама-қарсы тұрған мәдениет өркениетінің баспалдағы» ретінде жоғары баға берген [11].

Біздіңше, тарихқа кез-келген зерттеу жұмысын қолға алғанда, американдық антраполг Франц Баос айтқандай, археолгияға, биологияға, лингвистикаға және этнографияға жүгіну жеткіліксіз [12]. Мәселеге олардан маңызы кем түспейтін саяси, әлеуметтік, ұлттық, діни, педагогикалық, психологиялық, әдет-ғұрыптық және көркем әдебиеттік факторлардың да әсер ететіндігі анық.

Сонымен егер ерте уақыттан бергі ауыз әдебиеті ауызша тарих айту дәстүрінің дамуына ықпал етіп, Дешті Қыпшақ көшпелілерінің тарихи біліміне жеткізсе, қазақ хандығы кезіндегі жыраулар поэзиясы «Зар заман» ақындарымен жалғасын тапқан тарихи білімге ұласса, оны XIX ғ. сонындағы қазақ ағартушы-ойшылдары одан әрі дамытып, кеңес дәуіріне дейін әкелсе, ал кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті ауызша тарихты астарлы түрде дамыта білсе, онда қазақ халқының діліне тән әдебиет арқылы келген ауызша тарихи білімдегі шындықты дерек көзі ретінде қарау басымдығы туындайды. Осыған қосымша, біздің зерттеу жұмысымыздың нәтижесі көрсеткендей, бүгінгі ұлттық тарих ғылымы, заман ағымына орай, өзінің зерттеу ұстанымдарында тағы да мынандай жаңа 3 басымдықтарға жетуді қажетсінеді:

1. Қазақстанның Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасуы тарихи білімдегі зерттеу ұстанымында геосаяси мүмкіндіктермен санасу әдіснамасы сияқты жаңа туындап отырған басымдықты қажетсінеді;

2. Қазақстан аумағындағы түркі мәдениетіне арап, парсы, қытай тілдік мәдениеттерінің орыс мәдениеті ықпалының әсер етуінен кем болмағандығын көрсету – тарихи шындыққа жетуге көмектеседі;

3. Екі ғасырдан астам уақыт қуғын-сүргін көргеніне қарамастан ислам діні өзінің өміршеңдігін сақтап қалды. Ендеше, бүгінгі тәлім-тәрбие ұстанымында, қазақ тарихындағы ислам дінінің басымдық рөлін жоққа шығара алмаймыз. Осы арадағы «тәлім» сөз тіркесінің кезіндегі білімнің мағынасын атқарған рөлін ескерген дұрыс.



«Мәселенің зерттелу деңгейі» атты тармақшада тарихи білімнің зерттелу барысы талданып көрсетіледі.

Тарихи білім туралы алғашқы пікірталастар XVII-XVIII ғасырлардан, яғни капиталимзнің өрістеу кезеңіндегі Еуропадан бастау алады. Дәл осы кезеңдерде тарихи-білімдік ой-санада көшпелілер өркениетін мойындамайтын Еуроцентризм ұстанымдары күш ала бастады. Осыған байланысты жазу пайда болғанға дейінгі тарихи білімде өзіндік рөлі болған қазақтардың ауызша тарих айту дәстүрі кеңес дәуіріне дейін зерттелмеді.

С.Ж. Асфендияровтан бастап, кеңес кезеңіндегі тарихшылардың еңбектерін ресми бір партиялық жүйенің идеологиялық ықпалы жағдайындағы олардың ұстанған методологиялық бағытына бола, тарихнамадан аластай алмаймыз. Осы арада біз С.Ж. Асфендияров туралы М. Шоқай дерегіне сүйенсек, С.Ж. Асфендияров қанша жерден марксист болғанмен, Түркістан қозғалысының шын мәніндегі төңкерістік мәнін мойындап, тарихи білімдік ой-санада бірінші болып, ұлттық мемлекеттілікті марксизм қағидаларымен бүркемелеп көрсетудің үлгісін жасап беріп кеткен [13].

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында А.П. Чуловшниковтың, М. Тынышбаевтың, Т. Шонанов, Қ. Кемеңгеровтердің тарихи білімді жүйелі жолға түсіру бағытындағы еңбектері жарияланғанмен, ол авторлар ұлттық тарихи білімнің тарихын арнайы зерттеуді мақсат етпеді. Бұлардың ішінде тарихи білімді дамытудағы М. Тынышбаевтың рөліне тоқталсақ, ол бірінші болып қазақ тарихын басқа ұлт өкілдері тарапынан жазудың кемшіл тұстарын көрсетіп бере алды.

Кеңестік тарихи білім мәселесінің алғашқы тарихнамасын қалыптастыруда Н.Н. Ванаг, М.В. Нечкина, А.М. Панкратова, Г.С. Фридлянд бастаған тарихшылар белсенді рөл атқарса, қазақ тарих ғылымын білім ретінде жүйелеудің алғашқы тарихнамасын жасауда А.М. Панкратова, А.В. Шестаков, А. Нүсіпбеков сияқты тарихшылар белсенділік көрсетті. Алайда бұл ғалымдардың зерттеулері большевиктер партиясы идеологтарының еңбектерін басшылыққа алудың нәтижесінде жазылды. Ол еңбектерден (В.И. Ленин, И.В. Сталин, Н.К. Крупская, А.В. Луначарский, А.С. Бубнов, М.С. Энштейн, А.С. Макаренко, М.Н. Покровский) идеологияға бой алдырылған халық ағарту ісінің саясатандырылғаны көрінеді.

Кеңес дәуірінің 40-60 жылдарындағы қазақ тарихының білімдік тұрғыдан жазылуы мен ғылыми жағынан жүйеленуі Е. Бекмаханов есімімен байланысты. Ол «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деп аталатын белгілі кітабын жазу үстінде фольклорды маңызды дерек көзі ретінде алған. Автордың өзі атап көрсеткендей, кітапта М.Ж. Көпеев, Ә. Диваев, О. Шипин, С. Мұқанов т.б. жазып алған халық мақалдары, мәтелдері және өлеңдері кеңінен пайдаланылған [14].

Кеңес дәуіріндегі қазақ халқының этникалық саладағы рухани мәдениетін тарихи білімдік ой-санада ғылыми тұрғыдан өте терең және кең ауқымда зерттеген ғалым – Ә.Х. Марғұлан. Бірақ ол тарихи білімдік жағынан ғасырлар бойы маңызды рөл атқарған қазақ эпикалық жанрларын кезеңдерге бөлгенмен, оның білімдік мәнін аша алмай, оны тек мәдениет аумағында ғана қарастыруға мәжбүр болған [15].

Дегенмен, Әлкей Марғұлан даланың ауызша тарих айту үлгісін жинастырумен бірге, ислам дінінің тарихи білімдегі рөлін дәріптеп, оны бағалаудың үлгісін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына еліктеуден алғанын оның 1940 жылы 5 қаңтардағы «Қазақ әдебиетінде» жарияланған шағын мақаласынан байқаймыз. Онда: «Кез келген зерттеуші ғылымдағы діннің ықпалын жоққа шығара алмас», – деп көрсетеді.

ХХ ғасырдың 50-ші жылдарының аяғы мен 70 жылдардың басында жарық көрген Р.С. Сүлейменов, Ж. Қарақұсов, Ж. Амантаев, Ә. Канафин, Қ. Жаманбаев, С.Н. Соскиннің еңбектерінде қазақ-кеңес интеллигенциясының, ғылым мен білімнің даму тарихы кеңінен қарстырылды. Алайда, бұл жылдардағы тарихшы ғалымдардың зерттеулерінде де ұлттық тарихи білімнің даму ерекшеліктерін көрсету мәселесі шектеулі күйінде қала берді.

ХХ ғасырдың 80-90 жылдары жоғары оқу орындарында білім беру ісін жетілдіру, Қазақстан интеллигенциясының қалыптасуы мен теориялық мәселелеріне арналған К.Д. Жоламановтың, Х. Әбжановтың, Л.Я. Гуревич пен Ә. Құдайбергеновтың жұмыстары біз зерттеп отырған тарихи білімнің даму тарихынан бөлек, мәдениетттің басқа салаларын қамтиды.

ХХ ғасырдың 90 жылдарының басында 1917-1980 жылдардағы тарих ғылымының даму үрдісіне тікелей қатысты І. Қозыбаевтың еңбектері жарияланды. Алайда ол тарихи білімдік ой-санадағы ұлттық белгілердің ерте дүниеден бергі дәстүрлі көріністеріне талдау жасамай, жалпы кеңестік тарих ғылымының дағдарысқа ұрыну сырын ашуға талпынған.

ХХ ғасырдың 90 жылдарының екінші жартысынан бастап, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының әсерімен ұлттық тарихи-білімдік ой-санада ерекше серпін байқалды. Осы тұста М.Қ. Қозыбаев, К. Нұрпейіс, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Ж.Қ. Қасымбаев, Ә.С. Тәкенов сияқты тәуелсіз Қазақстанның алдыңғы шоғыр тарихшылары демократиялық қоғамдағы жаңаша тәуелсіз тарихи ойлаудың бағытын көрсетіп бере алды.

Белгілі ғалым Д. Дулатованың тарихи еңбектерді талдаудағы тарихилық үлгісін басшылыққа алған М.Қ. Әбусейітова мен Ж.О. Артықбаев [16] бастаған бірқатар жаңашыл тарихшылардың еңбектерінде түрік халықтардың деректері мен қазақ халқының этнографиялық деректерінің ұлттық тарихи білімді дамытудағы ерекшеліктеріне жоғары мән берілген. Дегенмен, бұл ғалымдардың жаңа жолға түсуіне зерттеуші К.Л. Есмағамбетовтың еңбектерінің де ықпалы болғаны анық. Өйткені К.Л. Есмағамбетов - тәуелсіздікке дейін де Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамада бейнеленуін өзгелерден бұрын көрсетіп келе жатқан тарихшы. К.Л. Есмағамбетов, Б.Б. Ермұхановтардан кейін шетелдік шындықты жаңа өмірге сәйкес тарихи білімдік бағытта дерек көзі ретінде зерделеу – Н. Мұхаметханұлының «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жж.)» деп аталатын монографиясы мен К. Несіпбаеваның докторлық жұмысында қамтылған.

Егер ұлттық тарихи білімді дамытуда қазақ ауылының ерекше рөл атқаратынымен санассақ, онда осы ауыл тұрмысындағы «ақтаңдақ» деректермен айшықталған О. Мұхатованың еңбектерінен тарихи білімді одан әрі дамытудың құнды мәліметтерін іздеп табуға болады.

Жаңа ғасыр басындағы еңбектерден, мәдени-ағарту мәселелерін зерттеген Қ. Ахметовтың, мәдениет саласындағы мемелекет саясатын зерттеген А. Қапаеваның, қазақ зиялылары тарихын зерттеген А. Ауанасованың, кеңестік Қазақстанның ғылыми және шығармашылық интеллигенциясы тарихының тарихнамасын зерттеген Г.М. Кәкенованың жұмыстарын атауға болады. Аталған ғалымдардың монографияларында ХХ ғасырдың 1917-1991 жылдарындағы мәдениет саласы, қазақ зиялыларымен интеллигенция қызметі және коммунистік партияның ұстанған идеологиясынан туындайтын қасіретті тарихтың астары ашылған.

Зерттеуші Т.Ә. Төлебаев «XIX ғ. II-жартысы мен ХХ ғ. басындағы Қазақстанға капитализмнің енуінің тарихнамасы» деп аталатын ғылыми зерттеу жұмысында тарихи білімді жетілдіру үшін, қазақ жеріндегі капитализмнің қалыптасу, даму барысы жөніндегі мәселелерді де ғылыми тарихнамалық тұрғыдан талдау жасау керектігін ұсынады.

Бүгінде, Ү. Суханбердина мен Ә. Тәкенов сияқты деректану саласында ерен еңбек еткен мамандардың ісін ғалым Қ. Атабаев жалғастырып келеді. Ғалым өзінің қомақты еңбектерінде «Түркістан уалаятының газетінен» бастап бүгінгі күнге дейінгі ұлттық баспасөз тарихын кезеңдерге бөліп көрсетсе, бұл ұлттық тарихи білімнің даму өрісін білуге де көмектеседі.

Кеңес империясы кезінде де, жаңа Қазақстан жағдайында да Отандық тарихнамада Ресей елі тарихынан болған жетістіктерді ескерусіз қалдырмауды тарихи білімдегі басымдыққа жатқызуды айтып кеткен тарихшы З. Алдамжар болатын [17].

2000 жылдан бергі қорғалған бірқатар кандидаттық диссертацияларда ұлт зиялыларының тарихи білімді дамытудағы рөлі (Ш. Омарбеков), тарихты кезеңдерге бөлудің жаңа жолдары (С. Кентбеков), Тәуелсіздік кезіндегі тарихнамалық ой-пікір (Ш.Ж. Нартбаев), ХХ ғасырдағы халық құрамының тарихнамасы (Л. Төлешова) сияқты мәселелер көтерілген. Алайда бұл зерттеушілер Қазақстандағы тарихи білімнің теориялық-методологиялық мәселелерін жан-жақты тұрғыдан емес, жекелеген тарихи оқиғалардың жетегінде қарастырады.

Қазақстан тарихшыларының ішінде біздің жұмысымызға бірден-бір жақын келетін жұмыс – М. Алпысбес пен З.К. Ноғаеваның диссертациялық жұмыстары [18]. М. Алпысбестің зерттеуінде шежіренің тарихи деректік мәні кешенді түрде қарастырылса, З.К. Ноғаева негізінен, еліміздегі жоғары оқу орындарында тарих факультеттері мен кафедралардың құрылу тарихын және тарихшы мамандарды даярлау тарихын ішінара баяндап, тарихи білімнің теориялық жағына бармаған. Ал Ресей тарихшылары А.Н. Терехов, К.А. Ушмаевалардың [19] Ресейдің жекелеген аймақтарындағы жоғары тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуын көрсететін диссертациялық жұмыстары одақтас республикалардың тарихымен байланыссыз зерттелтен.

Жоғарыда аталған тарихи білімге қатысты тарихнаманың логикалық жалғасы есебінде Елбасының ұсынысы бойынша 2004-жылы Қазақстан Республикасында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, елімізде тарихи сананы қалыптастыру үрдісі пәрменді жүргізіле бастады. Бұл орайда, «Мәдени мұра» бағдарламасының «Тарих және этнография» секциясының «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» сериясы мүшелерінің күшімен шығарыла бастаған он томдық еңбек бізді әлемдік тарихи үрдістен хабардар етіп, зерттеу бағытындағы ынтамыз бен ізденісімізге түрткі болды.

Қазіргі таңдағы гуманитарлық және қоғамдық ғылым салаларының зерттеушілеріне тән үрдіс – тарихи сана қалыптастыруды ұлттық дәстүрлерден іздеу болып табылады. Айталық, Қ.А. Есімов («Қазақстан тарихының деректануы» – 1999), Л. Жүсіпова, Е.Қ. Жүсіпов, З.Е. Елешова, Г. Жүгенбаева сияқты тарихшылар өз зерттеулерінде ауыз әдебиетінің тарихи дерек көзі болатын рөлін мойындауға шақырса, Ж. Тілепов, Ә. Тарақов сияқты әдебиетшілер тарихи шындықтарды әдебиеттен де қиналмай табуға болатынын зерттеді. Сол сияқты Қ. Жарықбаев, С. Қалиев, Қ. Қожахметова, С. Ұзақбаева сияқты этнопсихология мен этнопедагогиканың мамандары білімдік ой-санадағы ұлттық тәрбиенің рөлін көтеріп, тарихи сана қалыптастыруға өз үлестерін қосып келеді. Ал философтар А. Қасабек, М.С. Орынбеков, Д. Кішібеков, Ж. Алтаев, А. Айталы, Ғ. Есім т.б. қазақ философиясын қоғамдық сананың басқа да түрлерімен тығыз байланыстыра қарайды. Бұл үрдістер ұлттық тарихи білімнің ғылыми-теориялық мәселелерін анықтауды жеңілдетеді және болашақта тарихи білім мәселесін зерттеудегі гуманитарлық және қоғамдық ғылымдардың бірлігін қажетсінеді.



«Қазақстанда отандық тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуы туралы деректер» атты тармақшада мәселенің деректік негіздері талданған.

Сан ғасырлар бойы тәңірлік дінді берік ұстанған сақ-үйсіндер тарихи білімнің дін арқылы дамыған үлгісін түрік тілдестерге аманат ретінде қалдырған. Түркіленуге негіз болған хұндардың билеушісі үйсін жұртында қалған жас нәрестені қасқыр баққаннын естіп, киенің құдіретіне жорыған. Кейін ер жете келе, жаңағы бала, әкесінің жұрты – Үйсін еліне ие болған. Бұл оқиға шамамен б.д.э. II ғасырдың кейінгі жартысына тән. (Қараңыз. Ежелгі үйсін елі. – Үрімжі, 2005. – Б. 13, 31). Демек, бастауын сақтардан өрбітетін отандық тарихымыздың өзі тәңірлік дінмен қабысқан тарихи білімнің нәтижесі.

Қазақ жеріне VIII ғасырдан енгізілген ислам дінінің ықпалы бұрыннан бар тұрмыстық білімді ғылымға бейімдеп, IX-XII ғасырларда Қазақ елін бүкіл әлемге танытқан бірнеше ғұлама-ойшылдарды тарихи аренаға шығарған, ал олардың бәрі ислам дінін мемлекеттік дін ретінде мойынсұнған еді. Тіпті ұлы Шыңғысхан ұрпақтарының өзі оның көзі жұмыла салып, ислам дініне мемлекеттік мәртебе бергені тарихтан белгілі. Ендеше, бұл тарихи оқиға да дәстүрлі тарихи білімдегі діннің деректік мәнін көрсетеді.

Қазақ елінің тарихи білімдік ой-санасын қалыптастыру тарихшы-ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатидың да үлесіне тиседі. Ол өзінің «Тарих-и Рашиди» еңбегінің беташарын «Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаған». Егер біз «Тарих-и Рашидидің» қазақша мағынасын «Хақ жолындағылар тарихы» деп аударып жүрсек, онда Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыздың ұрпаққа қалдырған мұрасында «хақ» сөзін назарға алуы бекер емес. Демек хақ дін – ислам дінімен бірге келген тарихи білімнің жетістігі болып табылады.

Тәңірлік және мұсылман дін тұтастықтары Ақ Орданың кезінен басталатын этникалық бірлік негізіндегі тарихи білімге жеткізсе, ол осы аралықтарда қалыптасқан қазақы діл дерегінің нәтижесі. Осы арада халқымыздың ділін оның тарихымен бірге қарастыруды жақтайтын қазақстандық философ А. Қасабектің пікіріне қосарымыз, ислам дінінің қазақы ділге ғана емес, қазақтың ауызша тарихына да ықпалы болған.

Ұлттық тарихи білімді қалыптастыруға дәнекер болған діл дерегі қазақ халқына тән рухани құндылықтардың қалыптасуын да тездетті. Жауінгерлік дәстүрді орнықтырған «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс» жырлары мен дәстүрлі үйлену тойы, ұл және қыз баланы тәрбиелеу дәстүрін орнықтырған «Қыз Жібек», «Мақпал», «Бозжігіт» дастандары қазақтың еңбек қарекеті, әдет-ғұрыптары, халықтық ойындары мен мейрамдары, музыка және зерделі сөз өнерлері арқылы бір-бірімен өз үндестіктерін тауып жатса, бұл – тарихи білімді дамытудағы ділдік деректің маңызын айғақтайды.

Қазақ хандығы дәуірінде осы ділдік ерекшеліктерді тарихи білімде орнықтырудың жаршылары билер мен жыраулар және сал-сері, ақын-сазгерлер болды. Ал Ресейге еріксіз бодан болған тұста ол дәстүрді «Зар-заман» атауын алған ақындар мен қазақ ағартушы-демократтары жалғастырды. Бұлардың тұсында тарихи білімдегі шежірелік дәстүрді хатқа түсіру жанданып, ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялылары арқылы астарлы мәнге ие болған тарихи білім өзін ел мен жер мәселесі, ұлт пен ұрпақ қамы, отарлық езгіні айыптау, халықты азаттыққа, теңдікке үндеу, оқуға, ғылымға тарту, еңбекке баулу бағытындағы дамуға бағдар ұстанды. Кеңес дәуірінің алғашқы екі он жылдығында, ұлттық тарихты білім ретінде жүйелі оқытудың ғылымға негізделген кезеңі басталғанда, М. Тынышбаев, С. Асфендияров, Т. Шонанов, Қ. Кемеңгеров сияқты кәсіби қазақ тарихшылары шындықты айтудың құрбандарына айналып кете барды.

Дәстүрлі тарихи білімнің қалыптасуында ғасырлар бойы тарихпен қатар жүріп отырған қазақ әдебиетінің деректік рөл атқарғаны біздің зерттеуіміздің негізгі арқауы болып отыр. Қазақ әдебиетінің тарихи деректік рөлі кеңес дәуірінің өзінде-ақ әдебиетші ғалымдар тарапынан дәлелденген. ХХ ғасыр басындағы Ә. Бөкейханов бастаған алаш арыстарынан бері қарай М. Әуезов, С. Мұқанов, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, Қ. Жумалив, І. Есенберлиндердің жолын З. Ахметов, Р. Бердібаев, З. Қабдолов, С. Қирабаев, С. Қасқабасов, Ш. Елеукенов, Т. Кәкішев, Н. Келімбетов, Т. Ақселеу, Қ. Салғара сияқты көрнекті филолог ғалымдар өздерінің іргелі зерттеулері арқылы ұлттық әдебиетпен келген тарихи білімді дамыта білді. Олар ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтардың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, түр, стиль бірлігін тарихи дәстүр жалғастығы тұрғысынан ғылыми негізде дәлелдеді. Сол себепті б.з.б. дәуірлерде шығарылған «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Атилла», «Көк бөрі» және «Ергенеқон» дастандары бүгінгі Қазақстан тарихының ауызша айтылуындағы дерек көздері болып табылады демекшіміз. Сондай-ақ, аталған тарихи дастандар өзінен кейінгі Түрік қағандығы тұсындағы тарихи «Күлтегін», «Тоныкөк», «Білге Қаған» жырлары ғылымға дейінгі тарихи білімдік жәдігерлердің жазылуына үлгі-өнеге, негіз болды. Түрік қағандығында жазба әдебиет негізіндегі тарихи білім өзінен бұрындағы сақтар мен үйсіндердің және ғұндардың ауыз әдебиетіндегі тарихи білім үлгілерімен генезистік типологиялық дәстүрлік үндестікте дамыды.

Оғыз қағандығы дәуірінде шығарылған тарихи білім бастауларының бірі «Қорқыт ата» кітабы, бұдан кейінгі Қарахан мемлекеті тұсындағы, немесе ислам дәуірі (IX-XII ғғ.) деп аталатын тарихи кезеңдер түркі халықтарының тарихи білімдік даму тарихындағы Қайта өркендеу – Ренессанс дәуірі ретінде тарихи айналысқа енді.

Алтын Орда дәуірінен (XIII-XV ғғ.) кеңес дәуіріне дейінігі қазақ халқын құраған ру-тайпалар Қарахан мемлекеті тұсындағы әдебиетпен келген білімдік жетістіктерді бүгінгі қазақ тарихшыларына дәстүрлі ауызша тарих айтудан қалған дерек ретінде және бабалар аманаты есебінде табыстады.

Әйгілі тарихшы Е. Бекмаханов болса, сол киелі аманаттан қорытынды шығара келе, ғасырлар қойнауынан жеткен Кенесарыға байланысты тарихи оқиғаны сомдағанда, зерттеуші Я. Палферовтың Нысанбай ақынның сөзін қалай пайдаланғанын өз зерттеуіне кіріктіріп, көсемінен айырылған қазақтардың терең қайғысын шебер көрсеткен. Немесе, Е. Бекмаханов Ж. Жабаевты сөйлету арқылы оның қырғыз-қазақ қатынасы мен Ұлы жүздегі қазақ батырларының көтеріліске көзқарасы жөніндегі жыр дерегін зерттеуіне арқау еткен.

Фольклорлық эпосты тарихи шындыққа жақындатқандардың қатарынан С. Сейфуллин, Т. Шойынбаев, Ә. Қоңыратбаев, Р. Бердібай, С. Қасқабасов, Н. Төреқұлов, Е. Тұрсынов, Ж. Тілепов т.б. сияқты ғалымдар мен зерттеушілерді көреміз. Әсіресе профессор Ж. Тілепов «Елім деп еңіреп туған ерлер жыры», «Тарих және әдебиет» атты монографиялық еңбектерінде Жанқожа батыр туралы халық жырларын, батыр өмір сүрген қоғам мен заман тынысын, бодандық дәуірінде туған азаттық көтерілісін бейнелейтін жырлардағы тарихи шындықтың табиғатын жан-жақты талдап, байыпты таразылады. Жанқожа көтерілісі туралы жырдың алғашқы деректік негізін орыс зерттеушісі И.В. Аничковтың 1894 жылы Қазан қаласынан шығарған «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты тарихи очеркінен табамыз. Алайда, И.В. Аничковтың өзі де Жанқожа туралы деректі оның өте жақын туысы Мұсабай жыраудан алғанын жасырмайды. Қалай болғанда да, жыраулық деректер ұлттық тарихи білімнің ғылымға дейінгі алғашқы көріністерінің бірі болып табылады.

ХХ ғасырдың 60-90 жылдары қазақ әдебиетіндегі ұлттық тарихи тақырып, отандық тарихи ойдың бағытына әсер етіп, оның бостандық идеясын көтеруіне мұрындық болды. Бұл тұрғыда І. Есемберлиннің («Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас», «Алтын Орда»), Ш. Мұртазаның («Қызыл жебе»), М. Мағауиннің («Аласапыран»), О. Сүлейменовтың («АЗиЯ»), Ә. Кекілбаевтың («Үркер», «Елең-алаң»), Ә. Әлімжановтың («Жаушы», «Ұстаздың оралуы», «Махамбеттің жебесі»), С. Жүнісовтың («Ақан сері»), С. Сматаевтың («Елім-ай») тарихи романдары қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ тарихының да дерегіне айналды. Сол сияқты Б. Соқпақбаевтың, Қ. Жүмәділовтың, Т. Тоқтаровтың, Ә. Таразидің, Т. Қаупынбаевтың, Б. Нұржекеұлының, Ж. Тұрлыбайұлының т.б. жаңа романдары тарихи деректер негізінде жазылған.

Зерттеп отырған мәселенің мәнін ашуда қазақ халқының XX ғасыр басындағы қоғамдық-саяси ойының көшбасшысы Алаш қозғалысына қатысты тарихи деректер аса маңызды. Бұл деректер кеңес билігі орнағанға дейінгі қазақ елінің қоғамдық-саяси және әлеуметтік идеологиялық ахуалын тарихи-білімдік тұрғыдан анықтауға мүмкіндік береді. Ол әлеуметтік объектінің саяси және әлеуметтік-психологиялық сипаттамасын жасауда да маңызды.

Зерттеу тақырыбымызға қатысты деректердің дені ірі мұрағат қорларында сақталған. Тақырыпты ашуда Қазақстан (РК(б)П, БК(б)П, КОКП) съездерінің, пленумдарының идеологиялық мәселелер жөніндегі материалдары мен қаулы-қарарлары, кеңес, кәсіподақ және комсомол органдарының директивалық материалдары: кеңес съездерінің қаулы қарарлары (КСРО ХКК, Қаз ХКК), идеологиялық мәселелермен айналысатын бөлімдердің құжаттары, газет-журнал редакцияларының құжаттары кеңестік тоталитарлық жүйенің мерзімді басылымдарды үгіт-насихат қаруы ретінде пайдалануын анықтауда кеңінен пайдаланылды. Жұмыста ҚР Президенті мұрағатының, ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының деректері пайдаланылды.

Диссертацияның деректік негізін толықтыруда 1990 жылдардан бастап қабылданған білім стандарттары мен тұжырымдардың, зерттеу құжаттарының, заң нормалары мен мемлекеттік бағдарламалардың, Елбасы кітаптары мен Жолдауларының рөлі жоғары. Оларда жаңа Қазақстанның тарихи білімдегі ұстаным басымдықтары, қазақ халқының ұлттық тарихи білім ерекшеліктерінің белгіленуі т.б. мәселелер көрініс тапқан.

Марксизм-ленинизм классиктерінің шығармалары, Коммунистік партия көсемдері мен жетекші партиялық қызметтер атқарған коммунистердің мақалалары мен сөйлеген сөздері зерттеуде кеңінен пайдаланылды. Зерттеудің деректік негізінің басым бөлігін мерзімді басылымдар материалдары құрайды. Оларды ғылыми зерттеуде пайдалана отырып, ондағы қоғамдық-саяси ахуалды, тарихи білімнің қоғамдағы орны мен рөлін және оның мәдени өмірдегі өзіндік ерекшелігін білуге болады.



1   2   3   4   5


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет