Берлібаев бақДӘулет тұрбекұлы қазақстанда тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуы: тарихи-теориялық зерттеу



жүктеу 0.85 Mb.
бет4/5
Дата03.04.2016
өлшемі0.85 Mb.
1   2   3   4   5
: userfiles
userfiles -> Внутренний контроль производства и контролируемые испытания продукции
userfiles -> Технические правила
userfiles -> 2010 жылдың ІІІ тоқсанына арналған жоспарының орындалуы Шілде Облыс әкімдігінің мәжілісіне енгізілген мәселе Жамбыл облысының 2010 жылдың қаңтар-маусымында
userfiles -> Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу-алдын алу ұйымдары бас дәрігерлерінің жеке табысы және мүлкі туралы декларацияны жариялау
userfiles -> Конкурстық құжаттаманы бекіту туралы
userfiles -> Шу ауданының әкімі І.Ә. Тортаевтың ауданның 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есебі
userfiles -> Шортанова алшайым ахылбековна қазақстандағы ғылыми кітаптар басылымының тарихы
userfiles -> Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың сенімді өкілдерінің сайлаушылармен кездесу үшін үй-жайлар тізбесі

«Тарихи білім - XX ғасырдың 40-80-жылдарындағы кеңестік идеология аясында» деп аталатын диссертацияның төртінші тарауында коммунистік партия тарапынан болған ұлттық тарихи білімге жасалған саяси шектеулер, кеңестік тарихи білімдік ой – санадағы қайшылықтар мен кейбір үлгілі мәселелер және олардың нәтижелері қарастырылады.

Кеңес қоғамының тарихындағы «Халықтар достығы» ұраны ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде күш алды. Халықтың социализмге деген шексіз сенімінен өсіп шыққан осы ұран, алдамшы саясаттың нәтижесі болса да, соғыс басталғанда кеңес адамдарының негізгі денін көзсіз ерлікке бастады. Тарихшы Е. Бекмаханов та кеңес азаматы ретінде осы сенім жетегінде қала отырып, қазақ тарихының ұлттық сипат алуын қайта жандандырған талантты ғалым еді. Ол «Халықтар достығы» ұранын пайдаланып, ХІХ ғасырдың 20-40 жж. Қазақ тарихының күмәнді жақтарын күлден аршып алудың тамаша үлгісін көрсете алды. Бірақ соғыстың соңына қарай белең алған ұлы орыстық шовинизм саясаты ұлттық тарихи білімдік ой түрткінің бәрін кеңестік идеологияның құрсауында ұстады. Тарихшы Ә. Тәкеновтың сөзімен айтсақ, «Ол заманда «ұлы орыс халқына бойсұнған кіші халықтар» өз тарихын оларды біріктіріп, басын қосып, компартияның басшылығы арқасында социалистік прогреске жеткізгені тұрғысынан ғана пайымдауға міндетті болды». Ендеше, Е. Бекмаховтың 1950 жылдары жазықсыз жазалануы да «Ұлы» орыстық шовинизм көріністеріне мән бермеген кеңестік саясаттың салдары еді.

Е. Бекмаховты сынау оның К. Қасымұлы бастаған көтерілістің ұлт азаттық сипатын ашуымен ғана емес, қазақстан тарихының кезеңдерге бөлуімен де байланысты болатын. Ол оны былай бөлген еді:

1) туыстық кезеңге дейінгі; 2) туыстық кезең; 3) феодалдыққа дейінгі кезең; 4) Қарлұқ кезеңі. Бұған сын айтқан А. Якуниннің пікірі бойынша, бұндай бөліс ғылыми жағынан дәлелденбеген, әрі кеңестік құрылыс тарихы кезеңдерге кірмей қалған. Е. Бекмаханов кеңестік саясат күштеуімен «Справедливая критика» деген мақала жазып, осы «қатесін» мойындауға мәжбүрлендірілген еді. [38], Бұл – кеңестік құрылыстың тарих ғылымының жүйелі жолға түсуіне жол салуымен бірге, оның ұлттық сипатын тежеуге тырысқан саясатының көрінісі болатын.

1958 жылы 24 желтоқсанда қабылданған «Мектептің өмірмен байланысын нығайту және КСРО-да халыққа білім беру жүйесін одан әрі дамыту туралы» Заң бойынша, оқуды еңбекпен ұштастыруға байланысты тарихи білімде коммунизмді насихаттау іс-шаралары басталып кетті. Бірақ ұлтттық тарихи білімге мән берілмеген соң, бұндай іс-шаралар өзінің мәресіне жете алмады. Ұлт республикалары осы заңдағы идеяларды көшірумен айналысып, ұлттық тарихи білімнің дамуын ескерусіз қалдыруға тағы да мәжбүр болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1958 жылы 28 наурызда КСРО Жоғары Кңесінің 24 наурыздағы Заңына сәйкес өз Заңын қабылдап, қазақтардың ғасырлар бойғы мешеулігінің жойылуы мен рухани өміріндегі жетістіктерінің бәрі ұлы орыс халқының көмегі арқылы болғанын мәлімдеді [39]. Сөйтіп осы Заңның тасасындағы қазақ халқы құлдық психологиядан арылмаған бейшара күйінде қалып, ұлттық тарихи білімнің дамуына заңдық тұрғыдан шек келтірілді.

Дегенмен 1959 жылдың 3 қазанында КОКП Орталық Комитеті мен КСРО министерлер Кеңесінің «Мектептерде тарихты оқытудағы кейбір өзгерістер туралы» қаулысы қабылданып, одақтас республикалардың тарихын оқып-үйрену мәселесін қарап шешуге көңіл бөлінді. 1960 жылы 16 мамырда республиканың Министрлер Кеңесі «Қазақ КСР тарихы бойынша 7-8 және 9-10 кластарға арналған оқулықтар жазуға бәйге жариялау туралы» қаулы қабылдады. Алайда бәйге жүзеге аспай, Республика оқу министрлігі профессор Е. Бекмахановқа «Қазақ КСР тарихы» бойынша 7-8 кластарға арналған элементарлық курсты және 9-10 кластар үшін жүйелі курстар жазуды тапсырды. Ресейге қосылудың пайдалы жағын басыңқы көрсеткен осы оқулықтар баспадан дер кезінде басылып шықты [40].

КОКП-ның ХХІІ съезд шешімдерінен кейін ағымдағы мәселенің бәрі коммунистік құрылыстың артықшылықтарын насихаттауға бағытталған тұста, коммунистік партияның кеңес қоғамындағы жетекші, басқарушы, бағыт беруші күші ретіндегі рөлін ашып көрсету бірінші кезекте, осы тарихи білім үлесіне тиді. Сөйтіп ол ХХ ғасырдың 60 жылдарының басынан бастап коммунистік идеологияның нағыз қолшоқпарына айналды. Тіпті КСРО-дағы барлық оқу орындағы тарихтан басқа пәндердің бәрінің де идеялық – білімдік бағыты біреу болды. Ол – коммунистік идеялылық, буржуазиялық идеологияға төзбеу, социалистік патриотизм мен пролетарлық интернационализм. Бірақ коммунизм орнатуда асығыстыққа барған кеңес басшылығы, 60-70 жылдары қарама-қарсылықты шешімдер қабылдаумен бір мезгілде жалпы халықтық тарихи білімдік ой-сананың қалыптасуына да жағдай жасағанын байқамай қалды. Осы аралықта тең жартысынан көбі КОКП мамандары болған республикадағы тарихшылар қауымы, тарихи білімдегі жеке басқа табыну идеясын санадан ығыстыруға жаппай кірісіп кетті. Бұл үрдіс, тарихтағы бұқара халықтың рөлін көтеру мен тарихи білімнің шынайы болуындағы маңызын арттырумен қатар жүргізілді.

ХХ ғасырдың 70 жылдарының басынан басталған қоғамдық-экономикалық жүйенің дағдарыстық көріністері басқарудың әкімшіл-әміршіл әдістерін одан әрмен күшейтіп, ақыры қоғамды тұтасымен тоқырауға алып келді. Нәтижесінде 80 жылдардан бастап кеңес ғылымының, мектеп пен жоғары оқу орындарының олқы жақтарын айтуға шек келтірілді. Ал 70-ші жылдары КСРО тарихымен бірге қосалқы түрде оқытуға мәртебе алған білім жүйесіндегі Е. Бекмахановтың оқулықтары 80-ші жылдары елеусіз қалып, ұлттық тарихи білімнің идеялық-саяси жағынан шектетілуі одан әрі жалғаса берді. Бірақ Қазақстан халқы идеологиядан тысқары тұрған шынайы тарихи білімнің қалыптасуын күтті.

Осы тұста КОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы сәуір пленумында әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету бағыты жарияланып, әлеуметтік-әділеттілік ұстанымдарына негізделген жаңа рухани өмір салтының пайда болатыны мәлімделді. Бірақ көп ұлттардан тұратын 15 Одақтас республикалардың тарихи білімін олардың ұлттық белгілеріне негізделген ғылыми тұжырымдарсыз, анық бағдарламаларсыз қалдырған жерде, жаңа рухани өмір салтын орнықтыру мүмкін емес еді.

В.И. Ленин негіздеген партия идеясымен тәрбиеленген жастар М.И. Гарбачовтың «қайта құру» деп аталатын тарихи-білімдік идеясына да сенді. Бірақ КОКП ОК-нің Д.А. Қонаев сияқты ұлт қайраткерлерінің тағдырын Кремльде шешіп, ұлттар достастығындағы сенімге селкеу түсірген, Конституциядан тысқары әрекеттерге баруы жастар наразылығын туғызды. Ал осы наразылықты басуға келген М.С. Соломенцевтің ұлт саясатындағы сауатсыздығына байланысты КОКП ОК-нің «қазақ ұлтшылдығы» шешімінен кейін, КОКП бүкіл кеңес халқының ұлт еңбекшілерінің алдында өзіне деген сенімін мүлде жоғалтып алса, 1986-жылғы Желтоқсан көтерілісі КСРО-ның ыдырауын да тездеткен аса маңызды оқиға болып табылады. Ендеше, осы оқиға Қазақстандағы жаңа тарихи білімді қалыптастыру ерекшелігімен де құнды.

«Тәуелсіз Қазақстандағы тарихи білімнің дамуы» деп аталатын диссертацияның бесінші тарауында егеменді елдегі тарихи білімнің қалыптасу ерекшеліктері, ұлттық қасиеттерді сақтап қалудағы Отандық тарихи білімнің рөлі, тарих емес мамандықтарда Отан тарихын оқытуға қойылатын жаңа талаптар, ұлт тарихын бастауыш сыныптарда оқытудың мәні, жаңа Қазақстандағы тарихи білімдік ой-сананың өріс алуы, тарихи білімдік ойдың әдебиет пен «мәдени мұра» аясында даму барысы қарастырылады.

Кез-келген мемлекеттің прогрессивті даму өрісі тарихи білімнің шынайылылығымен өлшенсе, ол әр елдің ғасырлар бойғы ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға бейімделген саясат белгілей білуіне байланысты. Мемлекеттің білім саясаты болса ол жалпыға міндетті стандарттар арқылы белгіленеді. Тәуелсіз Қазақстан Республикасына халықтың рухани тағдырын шешетін осы құжаттарды негіздеуде кеңестік дәуірден қалған тарихи білімдік кедергілерді жоюға тура келді.

Кеңестік қоғамдағы экономикалық дағдарыс белгілерінің тарихи білімге жасаған кедергілері мына төмендегідей болатын:

- тарихи білімде биліктің әкімшіл-әміршіл әдісіне көндігу орын алды;

- кеңес қоғамы ғылыми-техникалық революцияның әлемдік дамуына ілесе алмай қалса да, тарихи білімде оны дәріптеу көріністері байқалды;

- тарихи білімде басшылыққа алатын зеттеу жұмыстарының бәрінде халық шаруашылығын дамытудың жоспарлы сипаты дәріптелді;

- шикізатты өндіру мен өңдеудің республика мүддесінен тысқары дәрменсіз күй кешуін әспеттеу міндеттеріне байланысты тарихты оқытудың шынайылығы бұрмаланды, т.б.

Кеңестік дағдарыстың қоғамдық саладағы белгілері тарихи білімге мынадай жағынан әсер етті:

- тарихи білім беру жүйелерінің бәрінде әлеуметтік әділетсіздікке жол берудің көздері әшкерленбеді;

- тарихшылар кеңес қоғамындағы жағымсыз көріністерді халықтан жасыруға мәжбүр болды;

- тарихшылар қазақ тілінің қолдану аясы мен қазақ халқының үлес салмағының қысқару шындығын көрсете алмады;

- тарихи білімдегі шежірешілдік, бүкіл ауызша тарих айту дәстүрімен бірге ұлтшылдық пен рушылдыққа жатқызылып, қоғамдық ортадан шеттетілді;

- тарихи білімде ұлттық діл мен ислам дінінің ерекшеліктері елеусіз қалып, бүтін бір халық мәдениетінің ішкі дәт-қуатының шайылу қуіпіне бейімделу көріністері орын алды;

- тарих ғылымы санада «КСРО халқы» деген түсінікті орнықтыруға міндеттелгендіктен, аймақтың ұлттық мүддесі ескерусіз қалды, т.б.

Қазақстан Коммунистік партиясынаның Орталық Комитеті 1988 жылдың өзінде Алаш зиялыларының шығармашылығына қатысты «тарихи шындықты толық көлемде қалпына келтіру» мен «уақытша адасуларын сын тұрғыдан қарап зерделеу» қажеттігін мойындауға мәжбүр болды [41].

Еліміз тәуелсідік алғаннан кейін 1995 жылы дүниеге келген «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасында» Қазақстандағы тарихи білімнің іргелі принцптері айқындалып, негізгі басымдықтары анықталды. Ақыры Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жылдың «Отандық тарих жылы» деп жариялануының өзі еліміздің динамикалық дамуына, ұлтттық мәдениеті мен руханиятының өсуіне, қазақ халқының сана сезімінің жандануына арқау болып, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды шығаруға жол ашып берді.

Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің 1998 жылғы 21 тамыздағы № 465 бұйрығымен бекітілген қоғамдық гуманитарлық пәндер циклына арналған Қазақстан Республикасы орта білім мемлекеттік стандартының бірінші кітабында тарихи білімнің сипаты былай түсіндірілген: «Қоғам мүшелерін қажетті дәрежеде тарихи білімммен қаруландырмай, оларда тарихи сананы қалыптастырмай, ешбір мемлекет тарихи дамудың жоғарғы сатысына жете алмайды». Бұл стандартта тарихи білім мазмұнын іріктеуде ұлттық деректердің басыңқы болуына көңіл бөлініп, ғылымда ұзақ уақыт бойы үстемдік еткен Европацентрлік ұстаным мен коммунистік идеологияның солақай саясаты сыналды. Бұның өзі Тәуелсіздік жағдайындағы тарихи білімнің құрсаудан шығуына көмектесіп, оның ұлттық белгідегі өрісін кеңейте түсті.

Ал 2002 жылы Қазақстан мектептеріне арналған жаңа стандарт бойынша мектепте «Тарих» пәнін оқытудың жалпылы мақсаттары ықшамдалып, отандық тарихты оқыту арқылы оқушыларға бүкіл адамзат жасаған құндылықтар мен мәдени-тарихи тәжірибенің нәтижелерін табыстап, меңгертудің барысында олардың санасында жүйелі білім негіздерін қалыптастырудың жолдары қарастырылған. Стандартта діннің тарихтағы қызметін дұрыс түсіне білуге тәрбиелеу міндеттері көрсетіліп, «Тарих» оқу пәнінің оқытатын нысандары нақтыланумен бірге, оның таяудағы даму болашағы айқындалған. Жңа тарихи сана қалыптастыру ісіне Елбасы көңіл бөліп, бағыт-бағдардың кең болуын еске салды: «Бүгінгі таңда біз, әлеуметтік даму динамикасын ескермесек, өзгелердің даму қарқынына қарап отырмасақ, тарих шеруінің соңында шаң қағып қалуымыз әбден мүмкін» [42]. Н.Ә. Назарбаевтің бұл сөзі қазіргі әлемдік мәдениет дамуының «Мәдениет – Білім – Тарих» болсын деген ұсынысымен де үндеседі.

Әлемдік талғамдарға сай қимылдау үшіін тарих емес мамандықтарда Отан тарихын оқытуға қойылатын талаптар мен оқытудың ерекшеліктері қазірдің өзінде байқалып отырған жас ұрпақ сана-сезіміндегі түрлі қауіптермен байланысты. Кеңес дәуірінде жоғарғы мектепте өзінің ұлттық тарихын білуге орын жоқ болды. Осыған орай ақылды балалардың көбі өзінің рухына жетімсіздігінен бүгінгі тәуелсіздік заманның салмағын көтеруге дәрменсіз болып шықты. Себебі ауыл жастарына нарық әкелген объективтік себептер туындатқан бүгінгі көңіл-күй олардың арасынан қылмыскерлер мен бұзақыларды көптеп шығаруда. Ең өкініштісі, өз халқының тілін білмейтін, тіпті оны ерсі көріп, жат санайтын, сөйтіп басқа тілдің жетегіне еріп, санасында басқа түсінік қалыптастырып, ұлттық намысын жоғалтатын тәрбие жолына түсе бастаған жаңа буынның әкімшіл тобы бәрінен де қауіпті. Демек, бұл, мемлекеттік дәрежеде ойланып, жастарды, әсіресе ауыл жастарын, оқыту мен тәрбиелеудің арнайы заң жобаларын әзірлеп, халық талдауына беруді қажет ететін күрделі мәселе.

Мектеп жасындағы Қазақстан жастарын Отанға берілген нағыз патриот етіп тәрбиелеудің бір жолы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің ұлттық тарихи білімді жан-жақты меңгеруі арқылы шешіледі. Ал бастауыш сыныптағы тарихтан бастапқы түсінік беретін «Ана тілі», «Дүниетану» пәндердің мазмұнына ұлттық тарихқа қатысты материалдарды молынан ендіру мен оларды оқыту әдістемесінің жасалуы тарихшы ғалымдардың қамқорлығына алынса, баланы тарихпен тәрбиелеудің тағы бір жолы ашылған болар еді. Олай дейтініміз, қазіргі «Дүниетану» пәнінің жағрапиялық-биологиялық білімдік мәні басым болғандықтан, оның аты мен заты бір-біріне сәйкес келмейді.

Жаңа Қазақстан жағдайындағы тарихи білімдік ой-сананың өріс алуы тарихтағы ақтаңдақтар пердесінің ашылуымен ерекшеленеді: Академик К. Нүрпейіс пен тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қ. Қойгелдиев бастаған бір топ тарихшылар Алаш ұлт-азаттық қозғалысы мен «Алашорда» автономиясының және айрықша тұлғалардың қызметін зерделейтін ғылыми мектептің іргетасын қаласа, академик М.Қ. Қозыбаев пен профессор Т. Омарбеков бастаған тағы бір тарихшылар тобы Ф.И. Голощекин ұйымдастырған кеңестік ұжымдастырудың зобалаңдары мен қасіреттерін жариялап, тарих қалтарысындағы шындықты халыққа жеткізіп бере алды. Академик М.Қ. Қозыбаевтың ХХ ғасырдағы саясатқа бейімделген тарихи білімнің қалыптасып, дамуына берген қорытынды бағасы мынау еді: «ХХ ғасыр Отандық тарих, қазақ халқының тарихы саясат құрбандығына шалынды. Мифтерге негізделген жалған, жантақ тарих осы тұста ірге тасын қалады. Отан тарихын саясатқа бейімдеп «өңдеу», «өзгерту» сол бір аумалы – төкпелі замианда модаға айналды» [43].

Отан – адамның туып өскен жері, елі, мекені. Адамның азамат болып қалыптасуы, өмірі Отанына қызмет етумен байланысты. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы. Ондағы әрбір адам осында мекендейтін халықтар мен ұлтын сүйе білсе, бұл Отаншылдық болып табылады. Отан сөзі «отар» ұғымының қырларын әшкерелеген сайын қасиеттеле түседі. Отан жөнінде ой тапшылығында Отандық тарихи білімді объективті қалыптастыру ерекше маңызға ие болуда.

ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт зиялылары оқытудың жаңа әдіс-тәсілдеріне, жастардың жаңа бағдарламалар арқылы білім алуына, ғылыми дидактикалық қағидаларға бай оқулықтар жазуға ерекше назар аударды. М. Дулатов «балалардың оқыған нәрселерін бір-біріне байланыстырып ойлануына, оқып шыққанын кейін жадында жүйелі һәм толық мағынасымен қалдыруға әрекет ету керек» [44] десе, М. Жұмабаев оқу әдістемелік мәселелерге ерекше назар аудара келе «оқу құралдарының мінезі – мектеп мінезінің айнасы» – деп ұлттық оқулықтар теориясына көңіл аударды. Ұлт зиялылары қандай пәндерге арналған оқулық болмасын, ол тек ғылыми мағлұмат қана беріп қоймай, шәкірт бойында елге, жерге, ұлттық салт-дәстүрмен отандық ғылыми жетістіктерге дейін сүйіспеншілік сенімін қалыптастыруға негізделу қажет деп көрсетті.

Ұлтты сүю – ұлтшылдық емес (Бауыржан Момышұлы). Сондықтан ұлтжанды адам – өз ұлтының тегі мен тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ділін, тілі мен дінін ардақтап, өмірінің соңына дейін қастерлей білетін адам. Бұның бәрі, негізінен, адамға ұлттық тарихи білім арқылы қалыптасатын құндылық болып табылады.

XXI ғасырдағы әлемдегі жоғары білімнің жаңа, ізгілікті міндеттерінің бірі – үздіксіз зерттеу арқылы тарихи білімді жетілдіру болса, оған ұлттық және аймақтық мәдениетті дамыту жолдарымен жетеміз. Бүгінде БҰҰ, ТҮРКСОЙ, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдардың ұсынып отырған тиімді тәсілі де осы [45]. Қазақстан Республикасы оның маңыздылығына ерекше мән беріп, «Қазақстан – 2030» даму стратегиясында атап көрсеткендей, мәдениетті жете бағаламау – өркениетті былай қойғанда, азаматтық қақтығыстарға қарай жетелейді – деп көрсетіп, өз Конституциясында азаматтарды мәдени мұраларды сақтауға қамқорлық жасауға міндеттеді. Егер тарихи білімді мәдениеттің бір бөлшегі деп қарасақ, мұндай шаралар Қазақстан Республикасы тарапынан тарихи білімнің әлемдік рөлімен санасудың белгісі болып табылады.

Қазақстан ғалымдары 1997 ж. француз ғалымдарының бастама көтеруімен өткізілген «Дала және адам» атты халықарапық конференцияда тарихи білімнен туындайтын көшпелілер өркениеті туралы баяндамалар жасап, бабаларымыздың қоршаған ортаны қорғай білу жөніндегі философиялық болжамдарын айтқанда, ондағы тыңдаушылардың бәрі оны тың дерек ретінде қабылдаған. Осы оқиға Қазақстанның мәдени мұралары адамзат тарихындағы үздіксіздік және сабақтастық принциптрмен дамып келе жатқанын айғақтай түсті. Сондықтан бүгінгі өркениет үдерістері қазақтар үшін жаңалық емес. Бартольд айтқандай, буддашылдық Орта Азиядан кеткенмен, мұндағы рухани негіздегі медреселер солардан қалған [46]. Сол сияқты ежелгі қазақ жерінен арабтар кеткенмен, ислам дінінің тарихи білім негіздері өзінің мәнін жойған жоқ. Немесе, кеңес дәуіріндегі тарихи білімнің ғылыми жүйелі даму тәжірибесі өзінің бүгінгі таңдағы құнын жоғалтпады. Сондықтан өркениет үрдісі бүгін ғана басталған құбылыс емес, ол тарихи білім арқылы бір – бірінен үйреніп, білу жолындағы адамзаттың өмірімен бірге жасасып келеді.

Кез – кеген елдің тарихи білімі өз өрісін әдебиет арқылы да толықтырып отырады. Кеңестік қуғындаудан ықпаған қазақ әдебиеті де ұлттық тарихи білімді көркем әдебиет арқылы астарлы түрде дамыта білді. Бұл туралы М. Әуезовтың «Абайдың жеке басында, жанұясына тән немесе бүкіл халық тағдырына қатысы бар көптеген оқиғалардың негізінде деректі шындық бар. Сөз жоқ, тарихи романның құзыры бойынша –менде ой, жоба топшылау, елестету, өзімше қорыту дегендер болды, бірақ соның бәрінің негізінде нағыз болған шындық жатыр» [47] – деп көрсетуі тегін емес. Осыған орай тарихшы К. Аманжолова «Көркем әдебиеттегі кейбір оқиға желісінен тарихи деректердің білімдік шындығын аңғаруға болады» [48] – десе, заман қыспағынан ықпай, нағыз сын сағатта тарихқа жүгінген І. Есемберлин сияқты көптеген жазушылар өз шығармаларында дәуір шындығын шебер бейнелеген.

Қазіргі таңда 2004 жылы белгіленген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының негізінде Қазақстан тарихымен байланысты алыс шет елдерден алынған деректер жалпы халықтық мәнге ие болып отыр. Қазақстан тарихына қатысты тек қана Қытай деректерінің өзі КСРО тарихнамасынан жеткен сақтар мен үйсіндерге қатысты мәліметтерді қайта ой елегінен өткізуге шақырып, тарихи білімдегі Еуроцентрлік ұстанымдарды санадан аластатуға алғышарт қалыптастырды [49]. Дегенмен, «Мәдени мұра» аясындағы деректердің тарихи білімдік мәнін ажыратып, оларды ғылыми айналымға ендіру мақсатындағы зерттеу орталықтарының жұмысы кемелдене қойған жоқ. Соған қарамастан Отандық тарих ғылымы жаңа деректерді бір орталыққа топтау мен сұрыптауда және оны жүйелі зерделеу мен зерттеу әдістеріне өзгеріс жасауда бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге қол жеткізіп, өзінің білімдік қорын ешбір кедергісіз кеңейте бастады.



Қорытынды бөлімде диссертацияда алынған нәтижелер нақтыланып, қарастырылған мәселелер бойынша тұжырымдар жасалды.

Білім – философиялық ұғым. Ал тарихи білім – тарихтың тарихилығы, тарихи ойлау, тарихтану деп бөлінетін тарих ғылымының бір тармағы. Бұл мәселе - әлі күнге тақырып жағынан да, проблема жағынан да теориялық тұрғыдан Қазақстан тарихнамасында арнайы зерттелмеген жаңа құбылыс.

XX ғасырдағы кеңес дәуірімен бірге жүйелі ғылыми даму жолына түскен ұлттық тарихи білімнің теориялық-методологиялық мәселелерінің шешімі ең алдымен оның қалыптасу тарихымен байланысты. Осыған орай біздің қолымызға түскен деректердегі түркі тектестердің б.д.д. әлеуметтік-саяси тарихына талдау жасағанда, дәстүрлі тарихи білімнің элементтері сақ-түрік дәуірінен бастау алатынын байқадық. Ол ежелгі түрік сенімдерінен өрбіп, ислам діні арқылы орта ғасырдағы ғұлама-ойшылдарға жалғасып, қазақ хандығы дәуірінде өрістесе, түркілердің славян тектестермен араласуынан барып, дағдарысты күй кешіп, кеңес дәуірінде идеологиялық құрсауға ұшырады. Дегенмен, кеңес дәуіріндегі КСРО тарихи білімінің көлеңкесінде, ғылыми тұрғыдан зерттеле бастаған ұлттық тарихи білімнің тарихын білу – егеменді елдің жаңа тарихи білімдік ұстанымдары мен болашақ зерттеу әдістерін таңдауға көмектеседі.

Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы ұлттық тарихи білімді дамыту мәселесі әміршіл әдістерге сүйеніп қазақ халқының тарихына қатысты материалдарды тездетіп жинаудан басталды. Бірақ аса құнды деректер бәрібір халықтың қолында қалып қойды. Көркемдік факторлар арқылы кейбір шындыққа жеткізетін қазақтың ауызша тарихы мен аңыз-әңгіме, өлең-жыр, мақал-мәтелдеріне көңіл бөлінбей бұрынғы патша мекемелерінде сақталған құжаттар негізінде көбінде болжам түрінде жазылған қазақ тарихы жарық көрді. Авторы А.П. Чулошников болған осы еңбектің кемшілігін көріп, оның қолданысқа жарамайтыны жөнінде сын айтқан М. Тынышбаевтың қозғау салуынан кейін ғана қазақ тарихының жазылуы 1924 жылдан бастап ғылыми жүйеленген әділ жолға түсті. Алайда көп кешікпей, жергілікті тарихшышылардың бәрі дерлік жазаға тартылғаннан кейінгі ұлттық тарихтың білімдік мәні, идеологияға бейімделіп оқытылды. Орта мектепте КСРО тарихы мен арнаулы орта және жоғары оқу орындарында КОКП тарихына қосымша тіркелген Қазақстан тарихы мен Қазақстан КП тарихы, шын мәнінде Ресей империясының тарихын және кеңестік – идеологиялық тарихи білімді насихаттаудың құралына айналды:

- әкімшіл-әміршіл бюрократиялық жүйеге мамандар дайындап, жастарды коммунистік идеяға берілген азамат ретінде қалыптастыруда ерекше рөл атқарды;

- шаруашылық-экономикалық мәселелерді коммунистік партияның ұстанып отырған саясаты мен идеологиясына орай біржақты насихаттап, Қазақстандағы әміршіл-әкімшіл жүйенің экономикалық негіздеріне бейімделген көзқарасты қалыптастырды;

- социализимнің тоталитарлық концепциясы тарихи білімнің ұлттық мазмұн жағынан жетілуін тежеді.

Осыған қарамастан Одақтас Республикалардың тарихын оқытудың ғылыми негізі бәрібір, кеңес жылдары қалыптасты: 1934-жылдан бастап Қазақстан тарихын КСРО тарихы пәнімен бірге оқытудың жолдары белгіленіп, Қазақстан тарихының очеркі мен Қазақстан тарихын оқытуға арналған тұңғыш бағдарлама дүниеге келді; Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедраларының ашылуы, орта мектептерде Қазақстан тарихына арналған сағат жүктемелерінің бөлінуі кеңес жылдары жүзеге асты; Қазақстан тарихын тұтастай қамтыған жүйелі тарихтың томдар жинағы, орта мектептер мен жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнінің оқулықтары мен бағдарламалары кеңес жылдары жазылып, олар кеңес өкіметі тарағанша пайдаланылды.

1991-жылдан жаңа көзқарастар мен тұжырымдарға негізделіп, білімді модернизациялауға бет алған бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы тарихи білімнің даму тенденциялары кеңестік оқу жүйесіндегі оң тәжірибелерден қорытынды шығарудан кейінгі ұлттық ерекшеліктермен белгіленуде.

Жалпы алғанда, диссертацияда ұлттық тарихтың ғылыми білім ретінде қалыптасуы мен дамуының бүгінгі Қазақстан тарихы ғылымы талаптарына сай жаңа методологиялық тұрғыдан зерттелуі және оның объективті тарихи баға берілуі тиіс мәселелері талдап көрсетілді.



Қорыта келгенде айтарымыз, тарихи білімді шынайы дамыту арқылы ғана біз, бүкіл ел экономикасын тұрақты жылжытуға қуатты қарқын қосамыз. Мұның өзі бәсекеге қабілетті дамыған елу елдің қатарына таяу жылдарда-ақ қосылуға жол ашады. Сонымен бірге, төл тарихты білудің арқауында қазақ халқының тағдыры, оның өсіп-өркендеуі, ұлт ретінде жойылып кетпей, ел ретінде қалып, тәуелсіздікті сақтап қалудағы асыл мұраттары жатыр.


ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ



    1. Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптастырудың тұжырымдамасы // Егемен Қазақстан. – 1995. – 30 маусым.

    2. История Казахстана в русских источниках ХVI-XX веков. Народные предания об исторических событиях и выдающихся людях Казахской степи (XIX-XX вв.) / Сост. С.Ф. Мажитов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – Т. IX. – 500 с.

    3. Утемиш-хаджи. Чингиз-наме / Факсимиле, перевод, транскрипция, текстологические примечания, исследование В.П. Юдина. – Алма-Ата: Гылым, 1992. – 296 с.

    4. Козыбаев И.М. Историческая наука Советского Казахстана (1917-1960 гг.). – Алма-Ата: Ғылым, 1990. – 272 с.; Козыбаев И.М. Историческая наука Казахстана (40-80-е гг. ХХ в.). – Алма-Ата: Қазақ университеті, 1992. – 152 с.

    5. Дахшлейгер Г.Ф. Историиография Советского Казахстана. Очерк. – Алма-Ата: Наука, 1969. – 147 с.; Галузо П.Г. Очерк советской историографии аграрных отношений в Казахстане в период капитализма. – Алма-Ата: Наука, 1971. – 138 с.; Алдамжаров З.А. Победа Великой Октябрьской социалистической революции в Казахстане (историография проблемы). – Алма-Ата, 1983. – 125 с.; Дулатова Д.И. Историография дореволюционного Казахстана (1861-1917 гг.). – Алма-Ата: Наука, 1984. – 278 с.; Козыбаев М.К. Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски. В 2-х кн. – Алматы: Ғылым, 2000. – Кн. 1. – 420 с.; Кн. 2. – 388 с.

    6. Историческая наука Советского Казахстана (1917-1960 гг.). Очерки становления и развития. – Алма-Ата: Ғылым, 1990. – 272 с.

    7. Қазақтың ата заңдары. Құжаттар, деректер және зерттеулер – Древний мир права казахов. Материалы, документы и исследования. 10 томдық / Бағдарлама жетекшісі С.З. Зиманов. Өзгертіліп, толықтырылған. 2 басылым. Қазақша, орысша, түрікше, ағылшынша. – Алматы: Жеті жарғы, 2004. – Т. 2. – 2004. – 658 б.

    8. Қозыбаев М.Қ. Қазақ тарихы – ұлы дала өркениетінің перзенті / Отан тарихының негізгі кезеңдерін музей экспонаттарында көрсету проблемалары. – Алматы, 1998. – 22 б.

    9. Қазақ шежірелері және ұлттық таным мәселелері // ҚР БҒМ Орталық ғылыми кітапханада өткен ғылыми-практикалық конференция материалдары / Құраст. Р.Т. Бірімжарова, Г. Әбікова. – Алматы, 8 желтоқсан 2004 жыл. – Алматы: ОҒК, 2005. –- 167 б.; Мәдени мұра: халықтың тарих айту, сақтау дәстүрі және оны жаңғырту жолдары // 2005 жылғы 26-27 мамыр күндері Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Қошқарата ауданында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы: КазАқпарат, 2005. – 302 б.

    10. Левшин А. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. – СПб., 1932. – Т. 1. – 264 с.

    11. Радлов В. Из Сибири. Страницы дневника. – М., 1989. – С. 247-249.

    12. Франц Баос. Антропологиядағы тарих пен ғылым: жауабы // XX ғасыр мәдениетінің антропологиясы. – Алматы: Жазушы, 2005. – 282-283-бб.

    13. Шоқай М. Санжар Аспандияр // Таңдамалы / Құрастырған А. Нүсіпхан. – Алматы: Қайнар, 1999. – Т. 2. – 162 б.

    14. Тынышбаев М. Отзыв о труде А.П. Чулошникова по истории казак-киргизского народа // Таңдамалы. Избранное. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2001. – 290 б.

    15. Маргулан А.Х. Эпические сказания казахского народа: дис... док. филол. наук: 10.01.10. – Москва, 1945. – 563 с.

    16. Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII вв: история, политика, дипломатия. – Алматы: Дайк-Пресс, 1998. – 268 с; Артықбаев Ж.О. Қазақ тарихы мен этнографиясының мәселелері. – Павлодар: «ЭКО» ГӨФ, 2007. – Т. 1. – 300 б.

    17. Алдамжаров З.А. Тарих: пайымдау мен тағылым. – Алматы: Арыс, 2002. – 288 б.

    18. Алпысбес М. Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде: ): тарих ғыл. док. … автореф.: 07.00.09. – Алматы, 2007. – 57 б.; Ногаева З.К. Историческое образование и наука в Казахстане (1920-1970 гг.): дисс. ... к.и.н.: 07.00.02. – Алматы, 2010. – 162 с.

    19. Терехов А.Н. Становление и развитие высшего исторического образования на Южном Урале (1934-1993 гг.): дисс. ... к.и.н.: 07.00.02. – Челябинск, 2003. – 213 с.; Ушмаева К.А. Развитие высшего исторического образования на Северном Кавказе с 1945 по 2000 гг. (по материалом Дона, Кубани и Ставрополья ): дисс. ... к.и.н.: 07.00.02. – Ставрополь, 2004. – 293 с.

    20. Асфендияров С. Қазақстан тарихының очерктері (Оқұ құралы). – Алматы: Санат, 1994. – 120 б.

    21. Дулатов М. Абай // Қазақ. – 1914. – № 67. – 103-104 бб.

    22. Мырзахметов М. Абай жүрген ізбенен. – Алма-Ата, 1985. – 136 б.

    23. Коншин Н. Материалы для истории Казахского края // Абай. – 1993. – № 5. – C. 42.

    24. ҚРОММ. 81-қ., 1-т., 16-іс. 116- п.

    25. ҚРПМ. 139-қ.,. 1-т., 1129-іс. 233-п.

    26. ҚРОММ. 81-қ., 1-т., 21-іс. 116-п.

    27. ҚРПМ. 139-қ.,. 1-т., 891-іс. 314- п.

    28. Тынышбаев М. Отзыв о труде А.П. Чулошникова по истории казах-киргизского народа // Таңдамалы. Избранное. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2001. – 290 б.

    29. ҚРОММ. 81-қ., 1-т., 428-іс. 58- п.

    30. ҚРОММ. 81-қ., 1-т., 1315-іс. 140- п.

    31. ҚРОММ. 81-қ., 2-т., 8-іс. 249- п.

    32. ҚРОММ.. 81-қ., 3-т., 800-іс. 108- п.

    33. Покровский Михаил Николаевич. 20-летие нашей первой русской революции. // Правда. – 1924. – 7 сентября.

    34. ҚРПМ. 139-қ., 1-т., 731-іс. 69- п.

    35. Протоколы Революционного Комитета по управлению Казахским краем 1919-1920 гг. – Алматы: Ғылым, 1993. – 81-82 бб.

    36. От сплошной неграмотности к вершинам просвещения. – Алма-Ата: Мектеп, 1968; Сембаев А.И. История развития советской школы в Казахстане. – Алма-Ата: Казучпедгиз, 1962; ҚРОММ. 81-қ., 1-т., 1119-іс.

    37. ҚРОММ. 1692-қ., 3-т., 331-іс. 70- п.

    38. Бекмаханов Е. Справедливая критика // Вестник Академии Наук Казахской ССР. – 1949. – № 9 (54). – С. 108-109.

    39. «Мектептің өмірмен байланысын нығайту және республикада халыққа білім беру жүйесін одан әрі дамыту туралы» Заң // Социалистік Қазақстан. – 1959. – 24 наурыз.

    40. Тұрлығұлов Т.Т. Рухы мәңгілік ғұлама // Білім – Образование. – 2005. – № 3.

    41. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың творчестволық мұрасын зерттеу жөніндегі комиссияның қорытындысы // Егемен Қазақстан. – 1988. – 28 желтоқсан.

    42. Назарбаев Н.Ә. Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы // Қазақ тарихы. – 1998. – № 3. – 9 б.

    43. Қозыбаев М. Өркениет және ұлт. – Алматы, 2001. – 369 б.

    44. Дулатов М. Мұғалімдерге. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1991.

    45. Көшербаев Қ.Е., Ахметов Ә.Қ., Әбілқасымова А.Е., Рахымбек Х.М. Қазақстан Республикасында жоғары білімді дамыту стратегиясы. – Алматы: Білім, 1998. – 104-105 бб.

    46. Бартольд В.В. Тюрки: 12 лекций по истории тюрецких народов Средней Азии. – Алматы: Жалын, 1998 . – 192 с.

    47. Әлім А. Әдебиетіміз тоқырауға ұшыраған жоқ-па? // Қазақстан Заман. – 2005. – 4 қараша.

    48. Аманжолова К. Қазақ ССР тарихын оқытуда көркем әдебиетті пайдалану. – Алматы: Мектеп, 1989. – 82 б.

    49. Ежелгі Үйсін елі / Құрас. Шадыман Ахметұлы. – Үрімжі: КХР Шынжан халық баспасы, 2005. – 386 б.



1   2   3   4   5


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет