Бір қыз бен он алты ақын І бөлім 82. 3К б 94 Бірінші бөлімінде: Бір қыз бен он алты ақын



жүктеу 3.85 Mb.
бет3/13
Дата02.04.2016
өлшемі3.85 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
: files -> docs -> books
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: Т. Кәкішев, Ө.Әбдиманұлы
docs -> Изучить устройство светооптического микроскопа Усвоить основные показатели микроскопа Усвоить правила работы с микроскопом
docs -> Бабаджаев Радбей Бабаджан Халматов
docs -> Продуктивные качества бычков абердин-ангусской, чёрно-пёстрой пород и их помесей 06. 02. 10 частная зоотехния, технология производства продуктов животноводства
docs -> Сравнительная оценка роста, развития и мясной продуктивности бычков абердин-ангусской, симментальской пород и их помесей в условиях центрального черноземья 06. 02. 10 Частная зоотехния, технология производства продуктов животноводства
docs -> Учебно-методический комплекс дисциплины «биогеография» Для специальности
books -> Хрестоматия ежелгі дәуір әдебиеті ббк 84(0)3 е 33 «Қазақ әдебиетінің тарихы»
books -> Қыраубайқызы бес томдық шығармалар жинағы астана 2008 алма қыраубайқызы екінші том астана
books -> Асылбек Мүтәліпұлы Қыраубайтегі жан-дүние сырлары кіріспе
books -> Деректі көркем әңгімелер мен мақалалар астана 2008 Редакциялық алқа

Кеншімбай мен Ақсұлу
Кеншімбай:

Сиыр жыл Сырдан шығып, бардым Орға,

Хат жаздым темір қалам алып қолға.

Жағалбайлы елінде бар екен деп,

Есіттім ақын қыздың даңқын сонда.
Ор өзенін жағалап, Рай келдім,

Ауылын ақын қыздың сұрай келдім.

Сол қызбен айтыспаққа құмар болып,

Аулында таныс болып бір ай жүрдім.


Әдемі мінген ат пен киген киім,

Білгенше қыздың мінін болды қиын.

Бір адам қыздың сырын айтып берсе,

Бергендей болып жүрмін түрлі бұйым.


Құмар боп айтыспаққа бардым іздеп,

Әйтпесе жұмысым жоқ жалғыз тиын.

Жиналып, көп әлеумет әр тараптан,

Той болып жатыр екен ұлы жиын.


Жұрт маған: «Мына тойды баста», – деді,

«Айтысып ақын шықса саспа», – деді.

Бір қыз бар аты Ақсұлу біздің елде,

Он жеті осы биыл жаста», – деді.

«Айтысып осы қызды жеңе алмасаң,

Сен онда ақындықты таста, – деді.


– Қойып па ең ақыныңды маған сақтап,

Қашады айтысудан қай ақымақ.

Жағалбайлы – жетіру жаман елсің,

Шуылдап бір қызыңды сонша мақтап.


Бір жігіт сонда маған келді шеттен,

Ол қызбен егес екен бұрын көптен.

Бұл да бір ақынсыған жігіт екен,

Екі рет қыз айтысып жеңіп кеткен.


«Бұрын да неше ақындар келген», – деді,

«Бәрін де қыз Ақсұлу жеңген», – деді.

«Ол қызбен айтысам деп әуре болма,

Болмасаң өнеріңе сенген», – деді.


«Сенің де бастан-аяқ оқиғаңды,

Есітіп қыз да бұрын жүрген», – деді.

«Қайыны есер қожа – адай», – деді,

«Лайық берген жері оған», – деді.


«Бес жүздей бір аулынан жылқы өреді,

Байлығын сұрасаңыз солай», – деді.

«Аққожа, Балқожадан асқан бала

Өзі де артық көркем шырайлы еді.

Сымбаты өзге қыздан озығырақ,

Ақ құба, бидай өңді, қынай белді.

Ол қызбен айтысам деп әуре болма,

Айтысып жеңе алмайсың оңай», – деді.


Ол қыздың еш міні жоқ өз басында,

Қарасаң хор қызындай тұлғасы да.

Он-он бес (қошеметке сәндік үшін),

Ереді барса тойға қыз қасына.


Дәрежесі өзімен тең болмаса,

Керіліп сөз айтпайды болмашыға.

Өзіне сенген адам айтысады,

Жетсе көзі жеңіліп қалмасына.

Көрген жан ішпей-жемей болады мас,

Ақ құба, бидай өңді бір қиғаш қас.

Өзі нақ осы биыл он жетіде,

Бойында жалғыз міні – күйеуі жас.


Болғаны күйеуі жас жалғыз міні,

Жарымжан қыздың көңлі осы күні.

Және де түсі қара, ерні жырық,

Айтыссаң бір тоса гөр айтып мұны.


Ал сонда мұны есітіп қалдым ойға,

Мін тағып сөйлетпес деп жүрдім бойға.

Сол жерде көп жамағат ортаға алып,

Еріксіз не қылсам да бардым тойға.


Баласы Балқожаның Төлеміс-ті,

Жігітке өнер деген керек іс-ті.

Айтысын екі ақынның көреміз деп,

Үш жігіт, төрт-бес қызбен жөнелісті.


Үш жігіт, төрт-бес қызбен барып келді,

Ақынды Ақсұлудай алып келді.

Қызығын екі ақынның көреміз деп,

Жиылып тамашаға халық келді.


Қарасам қыздың түрін енді байқап,

Манағы жігіт сөзі анық келді.

Отырмын жүрексініп айтысуға,

Артықша қыздың өзі дәріпті еді.

Ақсұлу әлеуметке сөйлей келді,

Халқы да қошеметтеп көңіл бөлді.


«Сен едің, қыз да болсаң, алтын дарақ,

Айтысып, жаным, сені жеңемін деп.

Тілімен біреу отыр орып орақ,

Өзі де ақынмын деп мақтанады.

Біз әзір көрген жоқпыз сөзін сынап».

Жақсы деп әлеуметке бір сөз айтып,

Қыз сонда өлеңменен берді жауап.
Ақсұлу:

Мақтаншақ жігіт болса мастан шығар,

Мас болып өнеріне тасқан шығар.

Сүйенген тіл-жағына нағыз ділмар,

Болмаса жаман жігіт қостан шығар?
Болғанда: ол – іздеген, мен – сұраған,

Құдайым екеумізді қосқан шығар?

Құйрығын жатқан жылан өзі басса,

Арам тер ақыныңды қысқан шығар?


Келемін төмен жақтан жоғары өрлеп,

Өлеңмен әрбір жұртқа салып өрнек.

Менменсіп талай ақын келгенімен,

Есектей жуаситын мінген ерлеп.

Бұрынғы үлкендерден қалған нақыл:

«Жақсының жарым ырыс жүзін көрмек.

Дидарын мың кісінің танығаннан,

Артық қой бір жақсының атын білмек».

Атыңыз, ақын аға, кім болады,

Сұраймын және-дағы затың кім деп?


Кеншімбай:

Ақсұлу, артық бала сөйлер сөзге,

Ақынсың дара туған көрер көзге.

Мүләйім сөзің жатық жан екенсің,

Жасанып шыға берме аса жүзге.
«Ақынды пәлен түрлі жеңуші ем!» – деп,

Кісіге айт бұл сөзіңді менен өзге.


Мақтаншақ жігіт емен мақтанатын,

Ешкімнен қорқып-сасып сақтанатын.

Дегенді: «Пәлен айтқыш!» – мен де көрдім,

Олар да жауап таппай тоқталатын,

Бәйгіден озып жүрген наз бедеумін.

Көңіліне жабылардың дақ салатын.

Ішінде қаракөздің құрманаймын,

Бес жаппас Сыр бойыңда бар-ды халқым.

Жетіру жағалбайлы таң көреді,

Жаппастың көрсе көркі-салтанатын,

Жақсысын сіздің елдің көріп жүрмін.

Білмейді сыпайылықтың ешбір парқын,

Парықсыз істеріңді баян етсем,

Тартпай ма мәлел28 келіп көңілің салқын.

Тең құрбым өнеріме тең келмеген,

Бұл жаққа келген жоқ па менің даңқым.

Жүйрікпін өрге шапқан өнеріммен

Белгілі Кеншімбаймын – менің атым.


Ақсұлу:

Кеншеке, айтар сөзге кен екенсің,

Еліңнен шығып жүрген ер екенсің,

Арамза, аңқау елге заңқой болған,

Кеншімбай деген ақын сен екенсің,

«Кенді төкпе, елді сөкпе» деген қайда?

Байқадым ақылыңды, кем екенсің.

Атадың Иса менен Қарагөзді,

Айтасың маған неге жаман сөзді.

Еліңе сыймай жүріп жалғыз басың,

Осының лайық па көрер көзге.

Сен үйтіп біздің елмен болма қасты,

Қас болсаң, салар жөнге сендей масты.

Парықсыз деп ешбір адам айтқан емес,

Аралап, жүрген жігіт алты алашты.

Жаппастан біздің елдің байлығы асты,

Садақа қайыр-зекет болмаған соң,

Береке сіздің елден қыдыр қашты.

Еш мінді біздің елден таба алмассың,

Болмаса сендей жаппас жалғыз басты.


Кеншімбай:

Ақсұлу, мұнша сөзді айтпа тасып,

Мен саған сөз таба алмай қалман сасып.

Көрген жоқ, қанша айтсаң да, жағалбайлың,

Жаппастан бұрын-соңды байлығы асып.
Таласпа біздің жаппас баласына,

Айтар ма мұндай сөзді ағасына?

Үйлер бар Мырқы салған өз күшімен

Ақмешіт – Перовскі қаласында.


Ол үйдің әр бөлмесі біткен деді,

Отыз бес, қырық мың теңге шамасына.

Үйлерін сіздің елдің көріп жүрмін,

Жаппастың жете алмайды қорасына.

Еліне бес жаппастың асып айтпа,

Жаратқан Құдай артық о басында.


Жаппастың сап-сары алтын жиған мүлкі

Меймандос келеді оның барша жұрты.

Шығады қыз-бозбала серуенге

Үстіне масаты мен киіп құлпы.


Нұреке, Жүсіпбегім жүйрік заңға,

Бұл күнде жол бермейді жүрген жанға.

Тәрбие неше түрлі дәрежесін,

Көргенде салтанатын қылар таңға.

Меймандос мырзалығы асып кеткен

Бөгеді қонақ қонса жал-жаяға.

Жақсысын жағалбайлы көріп жүрмін,

Пар келер осыларға кісің бар ма?


Ақсұлу:

Жаппасым, мақтай берме Мырқыңызды,

Алдымен Мырқы бұзар шырқыңызды.

Байлықпен бар адамын әлек қылып,

Неше жыл бүліндірген жұртыңызды.

Етпейді бір-біріне ешбір рақым,

Аударып арамдыққа құлқыңызды.
Нұреке, Жүсіпбек пен Әлім болыс,

Біздерге үшеуі де мәлім болыс.

Сүгір мен Батырбайды ұстап берген,

Ары жоқ адамдықтан зәлім болыс.


Мақтама Нұрекедей дөң жігітті,

Мақтайсың қайдағы бір кем жігітті.

Жаппасың адасқан жұрт ақылынан,

Ақылға таппадың ба мол жігітті.

Жігерлі – қатарынан асқан жігіт,

Мақтасаң, әне, мақта сол жігітті.


Жарастың болыс қойдың Нұрекесін,

Әкім ғып Нұрекені тұр екенсің.

Қай күні Нұреке болыс болғаннан соң.

Еліңнің алған жоқ па берекесін!


Қашанда желіккенді адам санап,

Ақылсыз жаппас деген ел екенсің.


Жаппасым, сен мақтама пәс адамды,

Мақтайсың қайдағы бір нас адамды,

Ысырап қайта малын шашып жүрген,

Мақтама дәулетіне мас адамды.

Берәлі, Дербісәлі, Есқожаны,

Сен жаппас, білмеймісің осы адамды.


Үйінде кім болса да кет демейді,

Ешбір жан қайратына беттемейді.

Кем емес әділдігі Наушаруаннан,

Біреуден алып пара ептемейді.

Жүз кісі маған десе қонақ келсін,

Ұлыққа тапсырма деп өктемейді.

Сүгірді, Батырбаймен ұстап берген,

Нұреке, Жүсіпбегің көктемейді.

Сұрасақ ишандар мен молдалардан,

Тегінде ол кісіні тек демейді.


Кеншімбай:

Ақсұлу, айтар сөзді аңдамадың,

Аузыңа келген сөзді талғамадың.

Әкесін, шешесімен нандырады

Көп болса өтірігі қыз баланың,

Қыз бала елдің жайын қайдан білсін,

Білмесе қыз бен жайын біз баланың.
Ақсұлу қайыспайтын жас баласың,

Тәңірі алғыр, болмашыны еске аласың.

Патшаға Қаран болыс ұстап берген,

Кінәсіз Боранқұлдың бес баласын.

Айдатқан қысастықпен алты адамын,

Еліңнің білмейсің бе масқарасын?

Балтамен шапқандай мін басыңда тұр,

Мініме пышақ жонбас көз саласың.


Мініме назар салма пышақ жонбас,

Сіздің ел біздің елдей сірә болмас.

Патшаға өз жақсысын ұстап берген,

Екі бірдей дүниеде Қаран оңбас.


Жазылып молдалардың хаты қалған,

Өзі өлсе жақсылардың аты қалған.

Білемін Дербісәлі, Есқожаңды,

Әр шенін ер құнына сатып алған.


Кісі бар сіздің елде Мәмбет деген,

Ол шенді беделі елден асып алған.

Есепсіз қайраты да асқан адам.

Жылқысын Қазыбектің тартып алған.


Бұларға ешбір адам таласпайды,

Бәріне орыс, қазақ даңқы барған.


Емберген, Шілдебай мен Қалыбай да,

Бұл елде ол байлардың малы қайда?

Байларын сіздің елдің көріп жүрміз,

Қыс қызыл, жаз қымызға жарымайды.


Алады ағаш кесіп авансы деп,

Он сомға сатады оны базарға әкеп.

Шанаға екі мәстек жегіп алып,

Жүргені ол ақшаға арақ іздеп.

Мас болып тапқан пұлмен арақ ішіп,

Балықтай торға түскен жатады ыршып.

Қалпыңа қазақшылық бұл дұрыс па?

Кетеді көрген адам мазақ қылып,

Тоқтарсың осыныма санаң болса,

Қайтеміз бұдан әрі ұзаттырып.


Ақсұлу:

Жаппасым, өтірік айтпа, дінің күйер,

Халқымды жамандасаң, тілім тиер.

Баласы бес жаппастың жайы мәлім,

Сенің де мінезің жоқ Құдай сүйер.
Сыр бойлық сен ежелден ғарып едің,

Сен қашан қыр еліндей жарып едің?

Бір жылы сіздің жақтан дәм бұйырып

Мен-дағы Сыр бойына барып едім.


Жағалай Сырдың бойы халық екен,

Ішкені су, жегені балық екен.

Кәсібі болғаннан соң балықшылық

Кигені аяғына шарық екен.

Кедейлер Сыр бойында толып жатыр.

Жаппасты бай ел деген дәріп екен.

«Бәленің мыңы – Сырда, бірі – қырда»,

Деген сөз, көзім көрді, анық екен.

Келеді күн шыққан соң арығына,

Барады түстен кейін балығына,

Бір тыным қысы-жазы көрмейді екен,

Жаппастың көңілім қайтты қылығына,

Жаққаны кешке дейін қамыс екен,

Өткізіп шуда жібін шарығына.


Тары көже ішеді тұзын салып,

Ішіне сапырады мұзын салып.

Жабады нақақ жала бір-біріне,

Отырар жақынына көзін салып.


Жаппастың штаты29 бар және қызық,

Штатқа жиналады өңшең бұзық.

Біреуі біреуіне бәле салып,

Жатқаны күні-түні қағаз сызып,

Патшаға мақтанбаққа ұстап берер,

Айдатып азаматын қойдай тізіп.


Болыс болдым дегені мал береді,

Жая мен кім барса да жал береді.

Ақшаға он сөлкебай дінін сатып,

Нақақтан бір-біріне жан береді.

Бұл жақта ондай істер болмаған соң,

Біздің ел сіздің елді таң көреді.

Қоймаса егер халықтың өзі қалап,

Әкімдік сатып алғанды ар көреді.

Мақтанғаның Қалыбай мен Шілдебайың,

Білемін мақтасаң да оның жайын,

Арқадан бір теңгеден алып келіп,

Сатады үш теңгеден Сырға шайын.

Секілді сусыз арық қайыры жоқ,

Бермейді қонақасы, аттың майын.


Баласы Меңдіқұлдың Ермағамбет,

Нияз бен жұртқа мәлім Меңдібайым.

Жеріне Жаманқала мешіт салып,

Бір мың сом қайыр берер әр жыл сайын.

Байлығы, мырзалығы, әділдігі,

Алашта жан бар ма екен солардайын?

Жаппастың түрлі міні толып жатыр,

Бұл жерде бәрін айтып не қылайын.


Шығады не жақсылық Есбергеннен,

Келеді сараңдықпен ес білгеннен.

Үйіне жалғыз қонақ қондырмайды,

Жұрт бар ма оның жайын естімеген?


Кеншімбай:

Ақсұлу, жағалбайлы, жаппас қандай,

Жапастан ел өтпейді мақтасқандай.

Әлемге әл білмеген таң болады,

Сен бота ойнақтаған от басқандай.
Ор менен мен де көрдім Жайығыңды,

Саласың, Жайығыңа қайығыңды.

Артық мін айта берсе толып жатыр,

Жимаймын айтты екен деп айылымды,

Сен кімге теңгересің байұлымды,

Сөзіңді өзің айтқан қайырмалап,

Білгенше мен де айтармын айыбыңды.
Жағалбайлы, жетіру арпа ішеді,

Шамалап тақыл-тұқыл тарта ішеді.

Қаспағы қазанының екі елі боп,

Жумай-ақ кір ыдыстан қайта ішеді.


Белгілі Жағалбайлы бойдақтары,

Қызы көп кірлі мойын бейбақтары.

Жүреді алты ай жазға пішен шауып,

Қап-қара балшық болып сирақтары.

Таласқан Нияз бенен Меңдібайың,

Шашылған ысырап боп қанша малың.

Екі айда үш қайтара штат құрған,

Тынымбай, Қаранменен болар мәлім.

Ант беріп он бес кісің судияға,

Бекерге олардың да күйді жаны.


Меңдіқұл, Ермағамбет, Төлемісің,

Соларды мақтайын деп келемісің.

Еліңде мен білмейтін кісің бар ма

Айтпасаң өтірікті өлемісің?


Меңдіқұл мешіт салса бір қалаға.

Ол үшін сен мақтанба құр далаға.

Меке мен арғы шеті Мәдинеге30

Салдырған Мырқы мешіт әр қалаға.

Мың сомдық әрқайсының дағбыры бар,

Сауабы пайғамбардың аруағына.


Жылгелді болыс болды он бес жаста,

Жайылған оның даңқы алты алашқа,

Халық билеп он екі жыл әкім болды,

Тиген жоқ еш жалалы қарындасқа,

Тағы асқан оның жұрттан салтанаты,

Көргендер өнеге ғып алған нұсқа.


Бұл жерді ешбір адам қылмайды өсек,

Жақсыны күнә болар жаман десек.

Үйінде алтын аяқ, күміс табақ,

Жинаған қазынада болмас есеп.

Тай сойып қозы орнына қонағына,

Төсейді қалы кілем, қымбат төсек,

Бұларға ешбір адам таласпаған,

Болмаса қара Мәмбет, қабақ Есет.

Айрықша Жылгелдінің салтанаты,
Нашарға және қандай марқабаты.

Байлығы, мырзалығы, бәрі сай кеп,

Патшаға Петрборда білінді аты.

Әкесі бай Тұрғанбай Меке барған,

Жаппастан байлықпенен жеке барған.

Дабысы Орынбор мен Теке барған,

Жырауға бірлі-жарым ат мінгізіп,

Сонымен жақсымын деп кете барған.

Байлығың, мырзалығың, әділдігің,

Жоқ екен біздің елге жете қалған.


Ақсұлу:

Жаппасым, біздің мекен Құмақ пен Ор31,

Екі су Еділ, Жайық онан да зор.

Әлемге әл білмеген таң болады,

Ер жігіт әлін білген болмайды қор.

Кеншеке, бұл жерлерде не ғып жүрсің?

Ер жігіт елден шықпас ақылы мол.

Болмаса ел қыдырған сыншымысың,

Сапарың осы жүрген не деген жол?
Еліңде бар шығар ғой жақсы адамдар,

Зейін сап, менің айтқан сөзімді аңғар,

Қорғалап қойыныма күн көреді,

Елінен қашып шығып жүрген мұндар.


Жаппасым, маған мәлім барлық ісің,

Менімен ерегіске шығармысың,

Еліңде қадірің бар жақсы болсаң,

Ол жақтан не ғып келдің қашып түсің?

Қаштым деп Ақмешіттен Арқа келдің,

Алыстан арып-ашып зорға келдің.

Арамза аңқау елге заңқой болып,

Келдің де біздің елге күнің көрдің.

Қадірлі жігіт болсаң нешік қаштың,

Жазғы су жалаң-аяқ кешіп қаштың.

Өкіметке орасан жазықты боп

Патшаның палитсасын32 кесіп қаштың.

Еліңе жарты тиын қадірің жоқ,

Келдің де біздің елде көзіңді аштың.


Білмедің ел қадірін, сыйлағанын,

Көз салдың қайда сұлу ажарлыма.

Бұл елде болыс та жүр, мырза да жүр,

Мас болдың жазған қағаз-қаламыңа.

Мен сенің бұл мініңді айтар ма едім.

Отырсаң әлің біліп манағы да.


Барады басымыздан дәуір өтіп,

Жат елді жүрдің қанша бауыр етіп.

Елінен ауып жүрген мүсәпір деп,

Сыйлаған халқым сені тәуір етіп.

Сырыңды жасырынды білсе-дағы,

Патшаға көрсеткен жоқ зәбір етіп,

Баласын Сопекемнің алып қаштың,

Бірталай қыздың басын әуре етіп,

Масқараң бұл сияқты болса-дағы,

Бөтенге білдірген жоқ дабыра етіп.

Әшейін бір қаталық іс болды деп,

Сыртқа жұрт шығарған жоқ дабыл етіп,


Сопы мен қадірлі еді Тынымбай да,

Аузыңнан шыққан сөзің қабыл етіп.

Жарымес екеніңді және айтайын,

Отырсың бір азырақ сабыр етіп.

Жаппасым, осы қылған мақұлың ба,

Болмаса біліп қылған ақылың ба?

Бір үйдің баласындай болып жүріп,

Көз салдың қызы менен қатынына.

Бар ма екен сопылардың әдетінде,

Жақсы адам көз салатын жақынына.

Жетіру жағалбайлы мінін айт деп,

Еліңнен сені мұнда шақырды ма?

Қоймасаң бұл сияқты әдетіңді,

Табарсың мұнан кесел ақырында.


Песір боп тұрдың тәулік Тынымбайға,

Болып ең мұндай адам бұрын қайда?

Біреудің ақ некесін айырыпсың

Берер ме ақыретте мұның пайда.

Білмедің ел қадірін, сыйлағанын.

Жүрмесін кесір болып өз басыңа.

Білмейтін ел қадірін есер болсаң,

Бұл елде қолыңды әкел тұрмасыңа.


Кеншімбай:

Ақсұлу маған таққан мінің сол ма?

Айтқаның соны мін деп бұл да жол ма?

Кемітер ерді әйел деген сөзбен,

Бұл жерде өтірік айтып дұшпан болма?

Қолымнан Тынымбайыңды болыс қылдым,

Өнерлеп арыз жазып Орынборға.
Мереке жүрген жерім күнде сауық,

Несібін теріп жүрген мен бір тауық.

Ақсұлу, сенікі рас бола қалсын,

Жастар жақын болмай ма, көңілі ауып.

Ұстаған Нияз бенен Меңдібайдың,

Нақақтан бір-біріңе жала жауып.

Арызын олардың да өнерменен,

Қолымнан жазып бердім закон тауып.

Ағайын, туысқаным жоқ болса да

Жүремін жатырқамай таныспенен.

Елімнен кісі өлтіріп шыққаным жоқ,

Бұл жаққа келіп едім ақ іспенен,

Екі жыл елдеріңе мейман болдым,

Кешегі өткен Сиыр, Барыспенен33,

Басы уйез барша халықтың тілін алмай,

Кездестім ерегісіп бір іспенен,

Ұстасып уйезбен де беріспегем,

Құқайым жалғыз көрген бір бұл емес,

Айқастым мұнан гөрі зор іспенен,

Айырған елде жесір жалғыз мен бе,

Өзің де күйеуіңмен дұрыс па едің?

Мен-дағы бастан-аяқ баян етсем,

Мінің бар шапса кетпес қылышпенен.

Ақсұлу, көп баладан келімді едің,

Айтуға өтірік сөз ерінбедің.

Жетіру жағалбайлы мақтаса да,

Білгір қыз онша маған көрінбедің.

Қанықпын көрмесем де хабарыңа,

Адайға есер қожа келін бе едің?

Болсаң да өзің тәуір, жарың жаман,

Оңбаған жолдас бопсың көрімменен.

Теңіңді жалпақ елден таппағандай.

Жолдас бопсың бір жырық ерінменен,

Еріні күйеуіңнің жаман екен,

Қоймасаң жабыстырып желімменен,

Әртүрлі масқараңды шығарармын,

Жарқыным, ерегеспе меніменен.

Даңқымыз шыққан жүйрік баяғыдан.

Ат міндім жылқы айырып саяғынан.

Ертерек, уақытың өтпей теңіңді тап,

Айтамын бұл сөзімді аяғаннан.
Осыны айтып болған кезде, бұрынғы жеңіліп жүрген жағы қызга сөз кезегін айтқызбай, Кеншімбайды жеңді етіп көтермелеп алып кеткен.

***


Молда Мұса мен Манат
Мұсаның бірінші хаты:
Хат жаздым сәлемнама Манатжанға,

Бетіне жанның бәрін қаратқанға.

Бір Алла осы аруға кез келтір деп,

Жылаймын ертелі-кеш жаратқанға.


Ақылың Манат сенің жаннан асты,

Баласың алтын айдар, жібек шашты.

Жалт еткен күрек тісің күлімдесең,

Қылмады Құдай душар сіздей жасты.


Қып-қызыл екі бетің жалындайды,

Адамның сөзің шырын жанындай-ды.

Қасыңа жаным сенің жанасқанның

Жүрегі қай жерінен жарылмайды.


Алмадай екі бетің, бойың – шыбық,

Қап-қара қиғаш қасың, көзің тұнық.

Нәсілің от періден жаралғандай,

Баласың тілің майда, сөзің сынық.

Лайық ақылыңа қылықтарың,

Іңкәр боп, сол ғой менің құмартқаным.

Қасыңнан жалт-жұлт етіп кете алмадым,

Сонда да бір шеніңе жуытпадың.


Сұңқардай көлден ұшқан қазды бастап,

Құмартқан жүректегі назды ашпақ.

Сұңқылдап көлден ұшқан сұқсырдай боп,

Сипай гөр қанатыңмен, кетпе тастап.

Ойнаған бақ ішінде сіз бір ұзақ,

Жолыңа түсе ме деп құрдым тұзақ.

Қараңды анда-санда бір көрсетіп,

Түспестен тұзағыма кеттің ұзап.


Ауылыңда төрт күн жаттым қонақ болып,

Барады қызық өмір шолақ болып.

Сонда да бір сырыңды білдірмедің,

Соныңа кетті біздің көңіл толып.


Қайтейін лажсыздан кеттік біз де,

Кеткенмен басқада емес, көңіл сізде.

Болғанмен ауыл алыс, ниет жуық,

Молдаңнан әлі де болса күдер үзбе.


Манаттың бірінші хаты:
Моллаға дұғай сәлем қыз Манаттан,

Аңдадық бар сырыңды жазған хаттан.

Тақсыр-ау, қошеметтің жайы қалай,

Тумап па біздей бір қыз басқа жақтан.


Билеген ақылым асып жоқ дүр елім,

Халым жоқ ел билеуге, әйел – тегім.

Жібек шаш, алтын айдар деп мақтайсыз,

Қошемет деймін, тақсыр, мұның жөнін.


Қылмады Құдай душар деп налыпсыз,

Астарлап уайымға көңіл кегін,

Қыз жоқ па беті қызыл сіздің елде,

Бар шығар, тағы қара, бізден өзге.


Бар шығар, елде сұлу байқа, тақсыр,

Құдайдың жаратқаны жалғыз мен бе?

Бұл бізден қабыл болмас тілегіңіз,

Елдегі жақсы адамның бірі едіңіз.


Тіл алсаң, молда, бізге жақын жүрме,

Жарылар жазатайым жүрегіңіз.

Тақсыр-ай, жазым болып кетіп жүрме,

Қисайып қосың оңбай жүр едіңіз.


Білінді сізге қайдан қылықтарым,

Іңкәр ғып өзіңді-өзің құрытпағын.

Шеніме не маңғаздар жете алмай жүр,

Тақсыр-ай, бекер-босқа зарықпағын.


Не таптың біздің елден төрт күн қонып,

Даңқыңыз жатушы еді таудай болып.

Көрінбей жатып хабар қылсаң нетті,

Түбінде ер болғанда ақылың толық.

Арық ат, жыртық шапан, ыңыршақ ер

Қалды ғой көргеннен соң көңіл солып.


Молдеке, деп жазыпсың: күдер үзбе,

Хабарың үзбе деген тиді бізге.

Іздей бер қатарыңды басқа жерден,

Емеспіз біз бір мұқтаж, тақсыр, сізге,

Келсе де сөзім осы көңіліңізге.
Мұсаның екінші хаты:

Молдадан қайта сәлем қыз Манатқа,

Пайымдап салдық көзді сіздің хатқа.

Қошемет десең, сізге қошеметім,

Болса да қанша сұлу басқа жақта.
Сізді мен ел билетіп, қылмаспын бек,

Айып па деген сөзім ақылың көп?

Адамнан Қазіреті Ғалы бермен қарай,

Ер жігіт әйел затын көрмейді жек.


Мысал сөз алтын айдар, жібек деген,

Баласың сөздің парқын білед деген.

Сөзімді гауһар деген құп алмасаң,

Сен де бір тесік тассың түк өтпеген,

Мінезің іркіс-тіркіс бала екенсің,

Секілді тана, тайлақ сірге өтпеген.


Өткіздің тамашалап жаз бен қысты,

Білед деп ойлап едім алтын, мысты.

Мейлің мыс, мейлің алтын болсаң-дағы,

Әйтеуір менің құтым саған түсті.


Суылдар жүрек шіркін көргенше жау,

Ілмелеп мысал сөзді қылыпсыз дау.

Молдаңмен біраз сапар жолдас болсаң,

Қалмассың жарылудан өзің де сау.


Манат қыз, назарың сал хатқа мына.

Кедейге жұпты болған Дұқтариша34.

Малы жоқ, патша қызын көрбан алған35

Тиерсің мендей шалға жазса Құда.


Қадіріңнен Манат сұлу асып жүрме,

Мен жақын тартқаныма қашып жүрме.

Айласы қарт кісінің көп болады,

Қақпанның қанды аузын басып жүрме.

Жеріңе ұрып алар кез келгенде,

Жалтаңдап түлкідейін сасып жүрме.

Шөгерсің бұлт болсаң біздей тауға,

Бұл кезде піскен кезің анық науда36.

Базарда қымбат баға бір байталсың,

Алармыз пұлдан қашпай қылсақ сауда.

Қайырып шар айғырдай мойнын салып,

Молдекең ап жүрмесін омырауға.

Манат қыз жөн сөзіңнің жауабын бер,

Қалдырмай өзіңді-өзің мұнша дауға.


Манаттың екінші жауап хаты:

Жөн сөзден тосылмайтын Манатың мен,

Уаяна37 сәлем жаздым және артыңнан.

Әйелге қошеметті мұнша қылып,

Жан ба едің Байұзақтан шала туған.
Ол рас, Хауаға бұрын барған әзірет Адам,

Бұл текті байқамайды қай бір надан.

Хауа ана Адамменен сөйтіпті деп,

Бұл іске етпеу керек көңілді алаң.


Байұзақ бұлт шөгетін, өліп қалған,

Ол ерді тегіс қылған бақ пен малдан.

Панаң жоқ бұлт түгіл, тозаң тоқтар,

Әншейін бір желсөз ғой көңіліңе алған.

Молдеке, ізде өзіңнің қатарыңды,

Ойлай бер басқа жерге сапарыңды.

Байы өлген қатын болса дұрыс еді,

Ал қыздар қайтып сүйсін сақалыңды.

Байталды қымбат баға пұлың болса,

Түзетіп келер едің шапаныңды.

Молдеке, жасың үлкен, сөзің қиық,

Жүріпсіз бар сөзіңді бізге жиып.

Қалатын кей кәрі айғыр басы қаңғып.

Байталдан жазатайым тепкі тиіп.

Сөзімнің шыны да – осы, жөні де – осы,

Бармаспын өлтірсе де сізді сүйіп.


Мұсаның үшінші хаты:
Манат қыз, және келді хатың бізге,

Жазылып Манат деген атың бізге.

Жауабын жауабыңның қайтарармын,

Болсаң да, болмасаң да қатын бізге.


Табылар неше жерден жесір алсам,

Есіркеп әуелепсің есіме алсам.

Қошемет емес, мұным әдеп еді,

Қылмадым ал қошемет, басымды алсаң.


Ашынып сөйлейтұғын келді оңыма,

Есірдің әдеп қылсам сен соныма.

Сен-дағы шашың ұзын әйелсің де

Сын тағып сөз сөйлейсің ат-тоныма.


Киім, ат ерге болмас ақыл, білім,

Жауабын қайтарармын, бар-ды тілім.

Хикмәт, тағдыр хақтың өз қолында,
Еншалла, осы күнде толық ділім38.

Тиер ме ең есің болса Байұзаққа,

Манат қыз, бұл емес пе білсең мінің.
Байұзақ келер еді бірер жүзге,

Керек пе жүздегі шал менен сізге.

Біз әлі елуге де келген жоқпыз,

Тиерсің ықыласыңмен алсақ бізге.

Тимей ме жүзге тиген, елу жасқа

Алса да алпыстағы тіпті қашпа.

Тиюің енді сенің оңай болды,

Қайтемін қыз ізденіп сенен басқа.


Енді алдым келмесем де шапан киіп,

Байталдан айғыр өлмес тепкі тиіп.

Мұсамен сапарыңды біріктірсең,

Қай жақтан берді дерсің Құдай иіп.

Бұл жолы осыменен жат, Манат қыз,

Көп айтып азбен қою болмас сұйық.

Көрерміз ендігісін келешекте.

Сырыңды, пікіріңмен алдық түйіп.

Ғаламға инабатты жеміс бергіш,

Алма ағаш көп ағаштан болмас биік.


Мұса күз айында Манат қыздың ауылында болып жатқан тойға келіп, шаршы топ алдында Манат қызбен бетпе-бет айтысады.
Мұса:

Тамаша келіп тұрмыз мына тойға,

Сөйлеспек жақсылармен болып ойда.

Қу ілген қырандардың біреуіміз,

Теңгеріп жүрме, құрбым, тұрымтайға.

Кісіге кісілікті кісі керек,

Данышпан пайым қылып мұны да ойла,

Есікте ер сыйлаған отырмайды,

Көңілін жақсы адамның жерге қойма.

Көргенім, көріскенім досым ар ма?

Біздің бас сіздің басқа қосылар ма?

Құдайдан жатсам-тұрсам тілеуші едім,

Қылса деп Құдай душар осыларға.

Ақиық аспандағы қыран бүркіт,

Түлкінің азуынан шошынар ма?

Түлкінің бір ішегі39 болса дағы,

Құтылып қайда кетер осы қарда.
Манат:

Молдеке, салтанатпен тойға кепсіз,

Кемелім толық деген ойға кепсіз.

Ақ иық торға түспес қыран едің.

Айналып еріксіз-ақ қолға кепсіз!

Сізді мен көп қуандым көргеніме,

Келіпсіз осы биыл кемеліңе.

Қолыңның ұшын беріп көріспейсің,

Қалады жеңім тозып дегенің бе?
Мұса:

Қызыл тон қыз құлпырар кигеннен соң,

Көңіліміз әр не дейміз сүйгеннен соң,

Аумасын қиялымның сонан байқа,

Қолымыз қолыңызға тигеннен соң.
Манат:

Мұсеке, өзің ақын, өзің молда,

Кітаптан жол танисың алсаң қолға.

Қиялың басқа жаққа неге аумақшы,

Түсуге ойың бар ма шайтан жолға.
Мұса:

Білмейсің, Манат, жайын ештеменің,

Шайтанның мен жұмысын істемедім.

Сұлуға сіз секілді қол бермесем,

Жолыңа осы емес пе түспегенім.
Манат:

Молданың қызға қиын жұғыспағы,

Түспесең шайтан жолға дұрыс-тағы.

Мақсатың, ішкі сырың беп-белгілі,

Бұл сөзің әншейін-ақ жұмыс-тағы.
Мұса:

Мұныңды ырия40 деме, Манат ақын,

Харамға қалал кісі жүрмес жақын.

Тілеймін қалал жолмен алмағымды,

Қоштаса көңілің бізді, көріп мақұл.
Манат:

Қоштамас көңілім сізді көріп мақұл

Өтірік көп сөйлесең шығады ақыр.

Хатыңда сәлемнама жазбап па едің,

Адамға қандай қиын сөзден қайту.

Хатыңда сәлемнама жазбап па едің,

Қайда жүр сол уақытта айтқан ақыл.
Мұса:

Хатта айттым адал жолмен аламын деп,

Айтамын қара жолмен барамын деп.

Хатта айттым әртүрлі сөз жаныңа жай,

Қалайша сенен құры қаламын деп.
Егерде бұйрық болып, ниет қоссақ,

Айтпассың адал сөзді арамың деп.


Манат:

Түйілмес, күлмек түгіл, қасым саған,

Тең емес ойнап күлер жасым саған.

Түсімде өңім түгіл жуытпаспын,

Иілмес еш уақыт басым саған.
Мұса:

Қашсаң да мен отырмын аламын деп,

Бір мың сом қалың малға саламын деп.

Әкеңе бір жарым қыз құнын берсем,

Алдымда қол қусырар «қарағым» – деп,

Қасыңды қақпақ түгіл, қайқаңдарсың,

Молдаға қалай жүрсем жағамын деп,
Манат:

Ұлы жоқ Байұзақтың сенен жарлы,

Өлеңмен тіленесің сатып арды.

Бір мың сом беремін деп шіренесің,

Қу молда, қайдан таптың мұнша малды?
Мұса:

Айтатын хан қараға өлеңім бар,

Молдалық деген асыл өнерім бар.

Бір сиыр, қос өгіз бен бір жүйрік ат,

Аз ғана тәңір берген қорегім бар.

Осы күнде әрқайсысы бір діллалық,

Тоғыз жүз шамасында терегім бар,

Еш затқа маған келсең кем болмайсың,

Әр түрлі қажет болса керегің бар.
Манат:

Жетпейсің бұл ниетпен талабыңа,

Санар ма ағашты адам қаралыға.
Сиырың ақ дегенде бір бұзаулы,

Қай балаң жұбанады шалабыңа.

Бар дейсің байлық қылып қос өгізім,

Бір байдан майын сұрап алғаныңа,

Айтуға аяқты мал таппаған соң,

Теректі сасқаннан соң санадың ба?


Мұса:

Кем емес ағашты адам қаралыдан,

Малым бар сені алам деп шама қылған.

Баламның ішкені – шай, жегені – май,

Ішкен соң сүтті сиыр шалабынан,

Қоз өгіз байдікі емес, өзімдікі,

Күшімен жылда есепсіз мал алынған.

Пұл қылып сол теректі саған берсем,

Мұсаның иіскелерсің тамағынан.
Манат:

Ойың ғой осым оңға келед деген,

Жем ғой деп ат семірмес кебекпенен.

Терек кесіп пұл қылып алып барсам,

Бір қызды дәмең бар ғой берер деген.

Талай бар ағаш сатып пұл қылғанша,

Жете алмас қызға қолың терекпенен,

Мас болып бес ағашпен мақтанасың.

Бір сорлы молда екенсің електеген.
Мұса:

Терегім кесіп сатсам бұл болмай ма,

Бұл сөзден қайтсақ бізге сын болмай ма?

Теректі бір мың теңге ақша қылсам,

Қыз түгіл, бір-екі ерге құн болмай ма?

Бұл сөзге ерегесіп ашынған соң,

Аяғы өтіріктің шын болмай ма?

Теректің бір мың сомын сарп қылсам,

Молдаға Манат сұлу жар болмай ма?
Манат:

Қу Мұса, сенен көрген сыйым құрсын,

Ағашпен маған берген құның құрсын.

Бір сөзге екі есе боп ашынасың,

Уа Мұса, Құдай ұрған жының құрсын.

Қызды үйдің қатының өліп тынышын алдың,

Көрінбе түсімде де түрің құрсын.

Аз еді қатының өліп қаңғырғаның,

Тағы да бір пәлеге ұрындырсын.
Мұса:

Ұрынтса мені саған ұрындырсын,

Молдекең беретұғын пұлын білсін.

Қайдағы маған пәле келеді деп,

Манатжан, маған ішің жылып жүрсін.

Түріне сарт молданың сын тақсаң да,

Сендейдің сүйген талай тұлымдысын.

Артына Молдекеңнің бір мінгессең,

Атының байқар едің шығымдысын.
Манат:

Сөйлестім елдің талай бегіменен,

Байқастым оның ата-тегіменен.

Екі ердің екеуміз де баласы едік,

Кәнеки, сөйлесейік жөніменен,

Молдеке, сеніп жүрген атың қандай,

Бұйрық боп қаша қалсақ сеніменен.
Мұса:

Қашсаңыз біздің ауыл жақын-ақ жер,

Мінгені Молдекеңнің қазан ат кер.

Сұрамай-ақ өзі есіркеп беріп еді,

Баласы Қыдырбектің Кәрімбай ер,

Жануар ылди-өрге бірдей шабар,

Бойында бар айыбы бір көзі көр.
Манат:

Кер атың не болмақшы көрмеген соң,

Мінбеспіз кер атыңа сенбеген соң.

Бұзауын мақтаған сен бір кедейсің,

Сау жылқы маңдайыңа бермеген соң,

Күн сайын арық тайға ағаш артып,

Жүрсің ғой малым бар деп өлмеген соң.
Мұса:

Малым жоқ мұнан басқа мақтайтұғын,

Мал емес жануарым шаппайтұғын,

Самсаған сары қолға салсам-дағы,

Еш адам шылауынан қақпайтұғын,

Бір мінгес, тілімді алып, Манат сұлу,

Түсе қал жүрісі болса жақпайтұғын.
Манат:

Атыңның бәрекелді мақтауына,

Сонда да күмәнім бар шаппауына.

Әңгі деп соқырларға неге ат қойған,

Бұрынғы өткендердің ақымағы ма?

Мақтасаң, Мұса мырза, сауды мақта,

Көргеміз аунап тұрып жатқаныңда.
Мұса:

Бұл атым құстай ұшар жарысқанда,

Бір қызса еліреді дабысқа да.

Бұл бишара өздігінен жығылмайды,

Біреумен аунап түсед қағысқанда.
Манат:

Мақтасаң, Мұса мырза, сауды мақта,

Сыймайды мұнша мақтау бір кер атқа.

Жүргенде қараңғыда қағытылып,

Жүрмесін түсіп кетіп шұқанаққа.
Мұса:

Бар еді бас асауы бұл атымның,

Көнбейді ықтиярға бұратұғын.

Басына еш пәнденің әлі келмес,

Тоқтатып шамамыз жоқ тұратұғын.

Шұқырға соқыр өзін ұрса-дағы,

Есен-сау малтып жүріп шығатұғын.

* * *


Осы жерде Манат сұлу кідіреді,

Әр жүйрік өз әлінше жүгіреді.

Манат қыз қалта қарап тұрып қалды,

Халайық қошемет қып күліп еді.

Манат қыз жеңілген жоқ, тоқтап қалды,

Мұсаны сыйлады ма кім біледі.

Сөйлесті екі ер сөйтіп көңіл ашып,

Кеткен жоқ біреуінен біреуі асып.

Алланың тағдырында солай екен,

Молдаға Манат сұлу болды нәсіп.

Шыдамай ең болмаса арғы түнге,

Сол түні Мұсаменен кетті қашып.





1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет