Бір қыз бен он алты ақын І бөлім 82. 3К б 94 Бірінші бөлімінде: Бір қыз бен он алты ақын



жүктеу 3.85 Mb.
бет5/13
Дата02.04.2016
өлшемі3.85 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
: files -> docs -> books
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: Т. Кәкішев, Ө.Әбдиманұлы
docs -> Изучить устройство светооптического микроскопа Усвоить основные показатели микроскопа Усвоить правила работы с микроскопом
docs -> Бабаджаев Радбей Бабаджан Халматов
docs -> Продуктивные качества бычков абердин-ангусской, чёрно-пёстрой пород и их помесей 06. 02. 10 частная зоотехния, технология производства продуктов животноводства
docs -> Сравнительная оценка роста, развития и мясной продуктивности бычков абердин-ангусской, симментальской пород и их помесей в условиях центрального черноземья 06. 02. 10 Частная зоотехния, технология производства продуктов животноводства
docs -> Учебно-методический комплекс дисциплины «биогеография» Для специальности
books -> Хрестоматия ежелгі дәуір әдебиеті ббк 84(0)3 е 33 «Қазақ әдебиетінің тарихы»
books -> Қыраубайқызы бес томдық шығармалар жинағы астана 2008 алма қыраубайқызы екінші том астана
books -> Асылбек Мүтәліпұлы Қыраубайтегі жан-дүние сырлары кіріспе
books -> Деректі көркем әңгімелер мен мақалалар астана 2008 Редакциялық алқа

Омарқұл мен Тәбия
Омарқұл:

Бастаймын тойдың басын, той қылған қыз, Тойыңа бұқа, тана сойғызған қыз.

Тойыңыз мерекелі құтты болсын,

Күйеуге кетейін деп ой қылған қыз.


Тәбия:

Тойыма тана сойды, тайлақ сойды, Көргенге тоқтыдай қып байлап қойды. Жерімнен туып-өскен кетпек болдым,

Жау алсын, Жаукен алсын осы тойды.
Омарқұл:

Тойыңды тізе бүктім бастағалы,

Көңілдің кірін жуып тастағалы.

Жүрмек жоқ өз елінде қыз болған соң, Қасқырдан қалай тоқты жасқанады.


Тәбия:

Базарда бағалы зат тиын екен,

Үптеген үйдің мүлкі бұйым екен.

Жазған соң жат жұрттыққа амал қанша, Айырылған өз жұртыңнан қиын екен.


Омарқұл:

Әркімге ақыл менен қайрат қуат,

Кең тұсау, ұзын арқау біздің суат. Бақытты барған елде бола қалсаң,

Қар кетіп қара жерге қонған мұрат.


Тәбия:


Әрине, неге жаман жекжат-жұрат,

Қыз сорлы, туған елін неге қияд? Артымнан іздеп барар бауыр да жоқ,

Тұрамын соны ойласам сиыршылап.
Омарқұл:

Бақ, дәулет, елді тегіс бай қылған жоқ, Ешкімнің жал-құйрығын сай қылған жоқ.

Әуелде әйел болып жаралған соң,

Елінен өзіңдей боп айырылған көп.


Тәбия:

Ұстатып қазан-ошақ, аяқ-табақ,

Сорлы қыз бөтен елге кім боп барад.

Кеше қыз, бүгін қатын, несі қызық

Қойсайшы, жаратқанша жаратпай-ақ.
Омарқұл:

Дүние кейде орта, кейде толы,

Атаның айнымайды салған жолы.

Алдында әйел деген бір тайпы жұрт,

Табия, арман қылып айтпа соны.
Тәбия:

Жылауды, жырау қылып мен айтамын,

Өзіңдей замандасқа көп айтамын.

Ер болсам өзіңдей боп жүрмес пе едім, Арманда, өзімді айтпай, нені айтамын?


Омарқұл:

Адамдар зерек болмақ, ақылы мол, Қажыма, ақыл-қайрат айтқаным сол.


Еліңе барған жерде елеулі боп,

Халқыңа қадірменді, қалаулы бол.


Тәбия:

Жарайсың, бәрекелді, замандасым,

Құмандай күзетерміз, оттың қасын.

Елеулі елге келген бір келін деп,

Ұстата қоймас, сірә, елдің басын.
Омарқұл:

Ардақтап әзір күтсең ата-ананы,

Бар еді жақсы-жақсы баталары.

Ұятты иманындай күткен келін.

Халқына қалаулы боп атанады.
Тәбия:

Көргем жоқ мұнан бұрын ата күтіп,

Енеме өлі жүнді берсем түтіп.

Қолына қолайлы боп жағар ма едім,

Құманға дәрет суын қойсам жылытып.
Омарқұл:

Қоқырсып үйдің іші жатса ыбырсып,

Болғаның жаман келін қыбыр-қылшық.

Басқарып үйді түзу меңгермесең,

Мен кепіл, тастауына енең ұрсып.
Тәбия:

Қолыма ертең ерте алсам ұршық,

Тықыршып бәйге атындай тұрсам ыршып.

Басқарып үйде, түзде шаруасын,

Ойнасам бозбаланың санын шымшып.

Омарқұл:


Айтады ақын өлең ауыстырып,

Таңдасаң жігіттерді қағыстырып,

Ененің көзі шалса ондай істі,

Ұлына сабататын шағыстырып.


Тәбия:

Таяққа маған тиген намыс қылып,

Бәріне барған елдің таныс қылып.

Өкпелеп ерім теріс жатқан күні,

Бір қабат кетпеймісің табыстырып.
Омарқұл:

Толғанып тоқтар жылың биыл деймін,

Үйренген әдет қалмақ қиын деймін.

Үнемі мен қасыңда бола алмаспын,

Тілегім енді сенен тыйыл деймін.
Тәбия:

Жылқы деген мал жақсы аман болса,

Қойға жетпес қай бірі шабан болса.

Ойнап-күлмей, тең тауып қайтып жүрем,

Алған жарым әулекі жаман болса.
Омарқұл:

Салмай тойға мінетін Құлагерім,

Құлагерге жарасқан күміс ерім.

Алған жарың өзіңе сай келмесе,

Онда саған кінә жоқ, бұраң белім.


Тәбия:

Бай болмаса кедейге бай қонбайды,

Үйірінен лаққан тай оңбайды.
Жаман ба деп ойлаймын сол шіркінді,

Менің көңілім осыған бір толмайды.


Омарқұл:

Қызыл құйрық болмаса шай болмайды,

Бай болғанда дастарқан жай болмайды.

Бір жақсы мен бір жаман әрқайда бар,

Екі жақсы қосылып сай болмайды.
Тәбия:

Дүниеде біреу мол, біреу тапшы,

Сенің аулың емес пе, бәрі бақсы.

Борсық па екен, атаңыз қалмақ па екен,

Туа қалдың, шіркін-ай, қандай жақсы?
Омарқұл:

Атамызды сұрасақ тегіс қалмақ,

Қолға түскен оқ тиіп ақсақ болмақ.

Сол тектінің тұқымы он үй бақсы,

Жел аударған жерінен жеке қаңбақ.
Тәбия:

Ақынысың адамның алқымы іскен,

Сенің атаң қазаққа олжа түскен.

Жеті ата тұқымың тазарыпты,

Өңді болып туғандай ол бір тектен.
Омарқұл:

Өте шебер сықаққа біздің қазақ,

Екі кісі бас қосса күлкі, мазақ.

Қемітуге келгенде тең құрдасын,

Ішкі мінін атаның іздеп табад.

Тәбия:


Қайғылы Теке қалмақ жатқан қабақ,

Қазаққа көндіге алмай тартқан азап.

Түйіліп борсық еті тамағына,

Жатқанын көргенім бар неше қабат.


Омарқұл:

Тойым болмас емінген сұраншыға,

Судан таза нәрсе жоқ Қожантыға.

Жабысқан мысқыл сөзден шала шығар,

Айырылған ел-жұртынан бұралқыға.
Тәбия:

Ел заңы бұралқыға қышқыл десең,

Омарқұл мойындамай мысқыл десең.

Тарының талқанына қақалып-ақ,

Анығы өлген жоқ па үлкен шешең?
Омарқұл:

Мейлінше үлкен шешем бай болатын,

Көңілім мал біткен соң жай болатын.

Тарының талқаны емес қақалғаны,

Қасықтың басындай бір май болатын.
Тәбия:

Өліпті қомағайдан сенің ағаң.

Ендігің бәрі мәлім, айтпа маған,

Тобықтай майға бола адам өлген

Сүйекке үлкен таңба, білсең жаман.
Омарқұл:

Мақтанып байлығына кеуіп өлді,

Қақ басқа дүниені теуіп өлді.
Ындыны жарығанның ол белгісі,

Ақ майды аузына еміп өлді.


Бір атаң суға кетіп ағып өлді,

Бір апаң мойынына арқан тағып өлді.

Қоңқабай сенің атаң нағыз қазақ.

Жарылып көжесіне не ғып өлді?


Тәбия:

Бір атам байламаға барып өлді,

Көмейге шомылам деп ағып өлді.

Бір апам бір жаманға тимеймін деп,

Мойнына қыл арқанды шалып өлді.

Өліпті наурызнамадан талай ата,

Көл қылмақ ризықты қауым бата.

Көжеден наурызнама он бір астау,

Ішем деп ескі кегін алды жата.
Омарқұл:

Он бір астау көжеге местей екен.

Наурызға атаңыз өштей екен.

Он бір үйден он бір астау көже ішіпті,

Қомағайын, Қоңқабай мешкей екен.

Айтып қойсаң атаңды күйеуіңе,

Күйеу қоймас қалжыңдап сүйерінде.

Өле-өлгенше бетіңе салық болып,

Таңба болар Тәбия, сүйегіңе.
Тәбия:

Күйеудің де өліпті атасы аштан,

Сондай жері болмаса күйе қастан.

Тоғыз таздың ауылы атанады,

Құрт жайлаған қып-қызыл жалтыр бастан.
Ең кенжесі болады маған күйеу,

Ірің ағып тұрады самай шаштан.

Аштан өлген әкеге ол не айтады,

Тойып өлді Қоңқабай деймін астан.


Омарқұл:

Өлең құрап айтуға кенде емес ем,

Сөз ілесіп барады жөндемесем.

Таз болуға тақалып қалған шығар,

Ерте барып кенжені емдесең.
Тәбия:

«Сауға Құдай қосқын» деп мен зар едім,

Елім дегендей, онымен енжар едім.

Тоғызының басын да құрт жегенде,

Ол шіркіннің қасында мен бар ма едім?
Омарқұл:

Өзі қожа, таздарға өзің бисің,

Жаңылсаң аруақты үйің күйсін.

Еріңді ерте барып емдемесең,

Кеудеңе толтырарсың жұпар исін.
Тәбия:

Жүгермек, қайдан келдің сенің өзің?

Өткендей қос өкпеден айтқан сөзің.

Құрт жайлап ол шіркінді ­Құдай алса.

Ашылар ма екен деймін екі көзім.
Омарқұл:

Тым асып сөз сөйлеме, замандасым,

Алпысқа өлмей жасың аман барсын.

«Іні өлсе – аға мұра», өле берсін,

Таз бастың тоғызын да тамамдарсың.

Тәбия:


Бақандай тоғыз ауыл атам Сатпай,

Бәйгіден ат келеді басын тартпай.

Ақылы Алпысбайдың қайда кеткен,

Сатпайдың барлық тазын сыртқа сатпай?


Омарқұл:

Алпысбай – осы күнде біздің болыс,

Уез де, жандарал да қазақ-орыс.

Мал емес, таз болса да сататұғын,

Военный болып кетер болса соғыс.
Тәбия:

Мінеді қыздар тойға тығыр атын,

Қой сақа қолға жақпас атылатын.

Алмайтын жал, адам үйірлі таз,

Амалым бар ма сонан құтылатын?
Омарқұл:

«Базардан базар барып айғыр алдым,

Айғырды арзан алып қайғыландым»,—

Деген сөз бір жаманның мақалы екен,

Дегендей болып жаным айнымағын.
Тәбия:

Жүрегім айнығанда құсық болды,

Аузыма секем алып ұшық толды.

Бағыма менің Құдай тазды жазды,

Қатының неге сенің пұшық болды?
Омарқұл:

Алғалы қатынымды заман болды,

Алғанда оның мұрны аман болды.
Ауруға не лаж, не амал бар,

Жақында таңқы мұрын самал қонды.


Тәбия:

Болғанда ошақ ауыс, қатын күміс,

Бізге дос болып шықты, сізге біліс.

Жүрегің ірге жақтан жерімей ме,

Аңқыса от жағыңнан жұпар иіс.
Омарқұл:

Қорғасын май болмаса ерімейді,

Пұшық мұрын сауға да берілмейді.

Тұлпардың өз тұяғы – өзіне май,

Қағынан жылқышы ата жерімейді.
Тәбия:

Мен сүйем, сүйемісің, менің құрбым?

Жай айтқан біреуі ғой ұзын сырдың.

Дегендей жарық келі сынық сапқа,

Қайтеді тазға берсең сынық мұрнын?
Омарқұл:

Секілді тауға біткен жалғыз арша,

Таздарға жар етеді пұшық барса,

Менде жоқ саған жетер қалың дәулет,

Сонда да сен жоқ маған, амал қанша?
Тәбия:

Бай бола ма кейбіреу ішпей-жемей,

Барар едім бағыңа болсаң кедей.

Ел ішінде орынсыз жарлы болып,

Неге болдың осынша малдан өгей?

Омарқұл:


Ысырап қылып ұстадым талай малды,

Сәулетіме сәулелер қарай қалды.

Болмас едім, дариға, әттең, жарлы,

Іштен алып, қырқадан қырсық шалды.


Тәбия:

Өңге сөзден осы сөз өңі бөтен,

Бөтен сөзге бой берме болса жетең.

Естимін, бір қырсықты көргенім жоқ,

Көрдіңіз бе ол қандай адам екен?
Омарқұл:

Түс-тұрпаты қырсықтың жаман екен,

Аяғы жоқ, қолы жоқ адам екен,

Адам басып бармайтын айдалаға,

Тоғаланып, домаланып қалады екен.

Інісі бірге туған оның кедей,

Домалап, қырсық іздеп барады екен.

Бермесе оған тамақ тартып жейді,

Екеуі төбелесті салады екен.

Кедейден қырсық, шіркін өжеттірек,

Іштен алып, сыртынан шалады екен.

Кескілесе кетпейтін кеуде тіреп,

Кейде тату, кей кезде араз екен.
Тәбия:

Жапанда жатқан болса өзі тырысып,

Ойпырм-ау, қандай сұмдық, ондай қырсық?

Берсең кедей жағасың ол қырсыққа,

Бермесең берекеңді алады ұрсып.

Омарқұл:


Кет деген тілді қырсық алмайды екен,

Жабысып көшіп-қонсаң қалмайды екен.

Біресе алдыменен бейілді жеп,

Аяқты шанағымен жалмайды екен.

Алдына төрдің келіп шарт жүгініп,

Ашпын деп адам көрсе зарлайды екен.

Кеміріп өне бойы кедейді жеп,

Байларға ауыс-күйіс бармайды екен.


Тәбия:

Ойпырым-ау, қырсық деген қандай сұмдық!

Көзіне көрінгенді жұтса қылғып.

Бауыры бірге туған сен болған соң,

Миыңды жеп жүр екен әбден мұжып.

Қырсықтан ақыл сұрап алсаң еді,

Қойғанша обадай қып отырғызып.

Не қыл деп айтар екен қырсық саған,

Әңгімең жігіт екен өте қызық.
Омарқұл:

Айт дедім ақылыңды бір күн оған,

Жатқын деп ашуланды тіпті маған.

Амал жоқ, безгім келсе айырылмайды,

Көр кеуде, іші сасық, түрі жаман.

«Түс болмай төсегіңнен тұрма, – деді,

Мойныңды шаруаға бұрма, – деді.

Еріншек, жалқау деген досың болсын,

Тіршілік ешбір кесіп қылма, – деді.

Жаныңды тыныс көздеп жатқын, – деді,

Осындай оңай дүние тапқын, – деді.

Әркімнің малын алып қарызға жеп.

Борышқа белшеңнен кеп батқын, – деді.
Бір есек сатып алып құтыларда,

Отынды баулап тұрып артқын, – деді.

Мал жиып, азаптанып қор болғанша

Базарға отын теңдеп сатқын?! – деді.


Тәбия:

Ақылды қырсық ағаң айтса солай,

Жауабың неге болмас оған орай,

Меніңше, теріс ақыл айтпаған ғой,

Өзіңше, осы ақылдың қайсысы оңай?
Омарқұл:

Мен жүрмін атан тапсам, отын таппай,

Алуға атан тапсам, қатын таппай.

Атқа сатып, атанға қатын алсам,

Есек кетті маңына жақындатпай.
Соңымнан қалмай қырсық ұмтылады,

Берік тозып, екі жең қырқылады.

Көнетоз жейде, дамбал бола беріп,

Ұрты да етігімнің жыртылады.


Құйысқан, үзеңгі бау, тартпа, жүген,

Ер-тоқымнан бос тұрып қырсығады.

Қырсықтың тілін кедей алмағын деп,

Жатқанда жамбасымды шымшылады.


Түңіліп онан көңіл үйге таман,

Барсам деп жаным құрғыр тыншымады.

«Барам, – деп, – мен де» қырсық, «сенен қалмай»,

Ұмтылып онан бетер жұлқынады.


Етегі туырлықтың жұлым-жұлым,

Жел соқса желбеңдеген күйге келді.

Сандық пен есік ағаш, шкаф тозып,

Ит ішіп, қызығымды ірге көрді.


Сатуға отын тасып ебін таппай,

Қурайдың қалың шыққан жерін таппай.

Алуға орақ сатып он тиын жоқ,

Қарызға бере алмады тегін таппай.


Біреуден есек майын сұрап едім,

Ерттейтін енді жүрмін ерін таппай.

Ұртыма мұртымды алып жалғап жүрмін,

Бұл дүние бір пәле екен не қылсақта-ай.


Тәбия:

Үйіңе қырсық кепті кетпеймін деп,

Туысқан-туғанымды ептеймін деп.

Ептесе қырсық сені кедей қылмақ,

Төбеңді жайлап, қыстап, көктеймін деп.
Бір жазға қоныс берген бірер күздей,

Артыңнан еш қалмапты күдер үзбей.

Қырсықтың байдан беті күйген болса,

Жоқ па екен елде кедей тағы сендей.

Қырсықты кедей бастан асырады,

Кей кедей қырсық жоқ деп жасырады.


Ұмтылып ілгері іске талап қылса,

Қырсықты кедей жеңіп қашырады.

Болмаса анық жаман кедей болмас,

Жігітке кедейшілік бас ұрады.


Омарқұл:

Қырсықтың талай-талай қорлығы өтті,

Жасымда төбелесіп әлі жетті.

Кезінде әлі жеткен ұрып-соғып,

Кеткенде қайғыланып ол әндетті.
Ер жетіп, ес білгелі күресіп жүр,

Оған да менің күшім тіресіп жүр.

Итжығыс кей кездерде түсіп қалып,

Өшігіп онан бетер сіресіп жүр.


Жығылып не жықпайды, не тынбайды?

Күреспен өне бойы күн өтіп жүр.

Түнде ұйқы, күндіз күлкі маза бермей, Жығылып, жықпаса да жүдетіп жүр.
Айқасып аздан бері алысып жүр,

Аяғы аяғыммен шалысып жүр.

Кей кезде қоян-қолтық ұстаса қап,

Тізесі тіземменен қағысып жүр.

Қайқайтып ұрар кезі келіп қалса,

Баяғы шалған қырсық шабысып жүр.


Тәбия:

Алмас едім қолыма ұршық қылып, Сондығымнан келмейді қырсық біліп.

Әйелдігім болмаса, әттең дүние,

Сабар едім қырсықты тұншықтырып.


Сабар едім шіркінді өлмес қылып,

Қойса Құдай сенімен селбестіріп.

Өкпесіне қырсықтың екі теуіп,

Қуалар ем үйіме келмес қылып.


Тіпті қалмас қырсығың шірік болсаң,

Жағаласар жағаңа ынжық болсаң.


Түспегенде итжығыс қайтушы еді,

Қисыны жоқ қияңқы бүлік болсаң.


Жеңбесіне қоя ма қырсық сені,

Босаң біткен боз кемік жілік болсаң. Болмауыңа қоя ма түтпегенде,

Көк ешкінің жүніндей түбіт болсаң.
Маңайыңды ол қырсық баспас еді,

Сымға тартқан күмістей түзік болсаң.

Қиғылықты қырсыққа қылар едім,

Дәл өзіңдей, дариға, жігіт болсам.


Омарқұл:

Табия, олай десең, аттандайын,

Сойылдық шоқпар болса қатқан қайың.

Төбеден сол қырсықты ұрып бергін,

Алдым деп өзім ұрып мақтанбайын.
Алсаң да аяғыма жығып бергін,

Көңіліңе өле-өлгенше дақ салмайын.

Аяғын, алдасаң да алыс жібер,

Алланың пейлі білер татқан жайын.


Береке құтым болып құтбандайын56,

Қырсықтың тұқымын құрт, ұқсаң жайын.

Кеудесін кеңірдектен басып тұрсаң,

Құйқасын қырсық иттің бір шайнайын.

Бой бермей бір өзіме қойып еді,

Қосымша көмек берсең жыққандаймын.

Бір мінсем кеудесіне келістіріп,

Өңешін мытып-мытып сыққандаймын.


Екінші маңайымды көрмес қылып,

Аузына қара тасты тыққандаймын.


Тәбия:

Дейсің бе саған болар, саған берер,

Өлмеген бірін-бірі аман көрер.

Аулына тоғыз таздың мен барған соң,

Қыз дәурен, қыз базары заман да өлер.
Қу тазды құйқасы жоқ кім аяйды,

Жармысы ол қырсықтың маған келер.

Қақ жарып қара қылдан бөліп алсам,

Нағызы жарымына шамаң келер.


Болмаса бір қырсығы бір кедейдің,

Келсе де бөтен қырсық қыңқ демеймін.

Мінсе де екі иыққа екі қырсық,

Таздарға келе бер деп үндемеймін.


Саңқитып қатыныңды пұшық қылып,

Жеп қоя жаздапты ғой тіл, көмейін.

Ол қырсық қайда барса кімге барсын,

Бірігіп ол жарыңмен жүрме деймін.


Омарқұл:

Өзіне бақ-дәулеті патша, байдың,

Жақсы деп байдың бейлін мақтамаймын.

Әркімнің өз несібі өзіменен,

Бергін деп берекеңмен қақсамаймын.

Келмесең, тазды тастап тоқалдыққа,

Бекерге пұшығымды тастамаймын.
Ақылың болса, сөзді аңғар деймін,

Көңліңде піспей қалған қан бар деймін, Сергелдең сенің үшін болдым талай,

Аулыңа қона-түнеп жанжал деймін.
Болған соң мұнан кетіп тазға қатын,

Онан кет, онан әрі әрмен деймін,

Мен жеттім уәдеге, сен жетпедің,

Айтқан серт өз мойныңа бар, бар деймін.


Тәбия:

Мен жетем уәдеге сен жетпедің,

Қайғымды қай-қайдағы тербетпегін.

Айтқан серт, алысқан қол сені тапсын,

Аузыңды байқап сөйле, кер кеткенім.
Арасын екі ауылдың болжал етіп,

Жеріме іздеп жүріп келмеп пе едім.

Мен келсем жігіт түгіл, сымбыл да жоқ,

Соңыңнан іздеп жүріп өлмек пе едім?


Сөзің бар уытындай ашытқының,

Ауылдың жуық қылдым қашықтығын.

Айыбын тоғыз таздың саған айтып,

Басынан мәлім қылдым пасықтығын.


«Жіңішке әйел жолы» қыз болса да,

Ерекше ер жігіттен асықтығым.

Ауылға анда-санда бір келмеген,

Болады не жамандық, жасықтығың.


Омарқұл:

Кер кеткен, кері кетпесең, кері кетпегін,

Өтірік өрге баспас, терлетпегін.

Арасын екі ауылдың болжал етіп,

Талай-ақ ат сабылтып келмеп пе едім?

«Қашайын жөні келсе күзге дейін, –

Дедің де, – күдеріңді үзбе, – дедің.

Басымды қалың таздан ажыратсаң,

Кеңшілік болар еді бізге!» – дедің.
Дедім де өзі білер ендігісін,

Ешкімді сенен басқа іздемедім.

Өзіңнен үміт күтіп бір күз өтті,

Мезгілі болмай жүр деп үндемедім.


Боз қырау, күзді күнгі суық таңды,

Түн қатып, түсім қашып түнделедім.

Секілді пайда-бақыр, сауда-саттық,

Басынан бұл сырыңды білмеп едім.


Тәбия:

Алмаққа жігіт сырын күзді айтамын,

Күз тұрмақ, әлі саған қысты айтамын.

Кетіпсің бір келгенде иттен қорқып,

Жоқтығын жүрегіңнің бір байқадым,
Қашыпсың сен қарақшы, күзетшіден,

Айтқандай «ал да қаш» деп ақ сайтаның.

Сыртыңнан ғайбаттасам, өсек болар,

Көзбе-көз өзіңе айтпай, кімге айтамын.


Жаңылып шешен сөзден сүріне ме,

Күй таңдап, күйсіз көлік жүгіре ме.

Кей жүйрік күзге шауып, қыс шаппаса,

Шынайы шын жүйріктік біліне ме.

Жабыны мың қайырып қоссаң-дағы,

Бәйгеден келмек тұрмақ, іліне ме.

Дүбірі күзді күні жер жарды деп,

Үміттен қысты күні түңіле ме.


Омарқұл:

Қу түлкі қақпаныңа үңілмейді,

Үңілмей қойса-дағы түңілмейді.

Дүбірім күзден өтіп қысқа жетті,

Мұрныма адам иісің білінбейді.
«Барайын биыл қашып, қысқа, – дедің,

Бекітіп бір уәде ұста, – дедің.

Ауылға мезгілі жоқ келе берме,

Қолыңды қырға шығып нұсқа», – дедің.


Қолымды қырға шығып нұсқап едім,

«Қырау ғой, қыстың көзі, қыспа», – дедің.

Әкеңді қарғап-сілеп, ант-су ішіп,

«Сатты ғой сары алтынды мысқа», – дедің.


Жылындым қырда тұрып жалыныңа,

Түбінде ақ боз үйдің ұстап едім.

Байланған жүрегіме запыранды,

Жат елге сен кетерде құспақ едім.


Тәбия:

Қалқам-ау, қайта-қайта ойланамын,

Басында балалықты болжамадым.

Бой бермей, болмағанды болғызам деп,

Алланың ісі болды болмағаным.
Оншама, мұнша жүріп бір заманға,

Кез болып күні-түні қорланамын.

Демеу жоқ торда тұрып толғануға,

Жай таппай жаным кейде арланамын.


Елде көп өзім сүйген қатар-құрбы,

Елікпей біреуіне бозбаланың.

Қайтейін еркім қолда болмаған соң,

Тартады жылағалы сол қабағым.

Мінезі жаман жардың ит қашқандай,

Жай мінезді, қиқаңды қой, қарағым.


Омарқұл:

«Тоқташы, қысты күні жазға, – дедің,

Бармаймын байласа да тазға, – дедің.

Барсаң да ақиретке мен сенікі,

Көп ойлап уайымға азба, – дедің.
Аунасын өлім тегіс көкке, – дедің,

Аласың нәсіп болса текке, – дедің.

Баға бер ауыл сыртын торуылдап,

Әйтсе де үміт үзіп кетпе, – дедің.

Сұйылып бара жатыр соңғы сөзің,

Сен үшін талай қапа шеккен едім.

Бір күнгі жолдасқа қырық күн сәлем,

Танабын басқан іздің сөкпе», – дедің.


Қиқақты мұнан былай мен де қойдым

Өгейсіп, өткен күнді өксігенім,

Кескен жер ат кекілін осы болса,

Сөзім жоқ, онан басқа... Өкпеледім.


Тәбия:

Дүниеде кім алданбас, жалғаншы көп,

Алдадым мен де сені алдамшы боп.
Өз қолы, өз аузына жетпегеннің,

Өмірі өтеді екен арманшы боп.


Жарыңды сенің Құдай пұшық қылып,

Жасаған қойған шығар сандалшы деп.

Бір тазға қызыл шақа душар болдым,

Жүре гөр, бір жағынан жәрдемші боп.


Жарлыны бөлінбесе білген кісі,

Жай басып аяғыңды, ерте ме де,

Жолыңда не бол десең сол болайын,

Болса да заман ақыр, өкпелеме.


Омарқұл:

«Көшкенде елім тауға жайлау, – дедің,

Адамзат айтқан серттен таймау, – дедің,

Үстінде сары жайлаудың тойың болып,

Түсті ғой аяғыма байлау», – дедің.
Ашыса маған жаның кесір берме,

Кесірді кесіп ішіп кесірленбе.

Жұқана барар жерің көрінеді,

Кесірдің удан ащы отын берме.


Серті бар ол кесірдің ішпе деген,

Кем бағалы кедей мен жесірлерге,

Сылқытса судан оңай болам деген,

Малы көп мақтанатын есерлерге.


Адамға кесір жақпас, кесір берме,

Құдайдың сен дүзқара бетін көрме.

Әкеңнің талқысына салып кеттің,

Апарма кесіріңді барған елге.


Тәбия:

Қимады Құдай маған милы адамын,

Қабырғам қаусағандай, қиналамын,

Көңілім дүниеге бітпеген соң,

Соқтығып не болса да жынданамын.
Саудаға сау басымды салам-ау деп,

Өзімді елге қимай долданамын.

Кем қылып тең құрбыдан қыз баланы,

Мал берген қожайыннан қызғанамын.


Пайда жоқ бәрінен де айта беріп,

Ұл болып өтіп отыр тумағаным.

Біреудің алпыс моншақ әздегі боп,

Жасымнан кесір еді жинағаным.


Атқа теңдеп, атанға артып кеткен,

Әкемнің талқысына сыймағаным.

Кесірден кім тілесе кесіп беріп,

Таздарға тие берсін – ұйғарамын.


Омарқұл:

Қашқанда көкше қоян қасқарады,

Қамаса қабажаулап бас салады.

Құтылып көптен кесір кеткен емес,

Бір салса көп талқыға тасталады.
Серті бар ол кесірдің бізбен қылған,

Шоқпардай тас жармаса – бас жарады.

Обыры, дүниеге тоймаймын деп,

Адамның аштан өлмек – ашқарағы.


Достығым саған айтқан, Тәбия жан,

Тастағын, тілімді алсаң, масқараны.

Кесірлі-кесапатты келіп туса,

Шайқалып ата құты жасқанады.


Әліңнен аса шалқып, аспа деймін,

Таздың да естісі бар, қашпа деймін.

Маңдайға жазған болса, шараң болмас.

Болған іс пешенеңе баста деймін.


Аруақтың ең жаманы ат үркітер,

Қапылыс аяқасты баспа деймін.

Қесірлі-кесапатты келін болмай,

Орныңа осы отырған таста деймін.


Тәбия:

Кісі екен екеумізге кесір жаққан,

Кесірді менің шешем малша баққан.

Өмірде қай мал болса сол мал болсын,

Мал көрсе ана біреу ит деп айтқан.
Тәкаппар, көсе батыр сонша болса,

Сол итке жалғыз қызын неге сатқан?

Қойды көшіл, түйені шошқа дейді,

Елге мәлім онысы емес мақтан.


Сиырды борсық, жылқыны есек дейді,

Сөзінің бәрі кесір шіріп жатқан.

Ел қорқып сол кесірден құда болмай,

Айттырып келушінің бәрі қайтқан.


Жүрегі тоғыз таздың түгел дауап,

Төбеті көре тұра біле тартқан.

Күнә мал көп кесірге болған үшін,

Той қылып әкем соған бізді ұзатқан.


Омарқұл:

Дәулетің қалың біткен тасқынындай,

Не демес бейпіл ауыз мастығында.

Егінді көп салады тоғыз тазың,

Береке құшыры мен астығында.
Қызықты әкең байдың дәулетіне,

Көшкенде керней тартып сәулетіне.

Соңынан әкең сыры мәлім болды.

Ауылдас болма деген әулекіге.


Болмайды иттің жаман үрегені,

Әйелдің мәз болмайды күлегені.

Сөзінде он тиындық құн болмаса,

Кесірдің неге керек үдегені.


Бар сөзің әкең байғұс байқамайды,

Адамның мылжың-жынды жүдегені.

Онан да екі бүтін тазым жақсы,

Мал бітсе малың тауып шірегені.


Шығарар ердің атын жақсы қатын,

Оп-оңай ондай таздар түзеледі.

Құдайдан кесір келмес, тазын күтсе

Халықтың орындалар тілегені.


Тәбия:

Өмірден өңге өлсе де өлме деймін,

Төбеңді өтірік айтсаң көрме деймін.

Тоқтатқан дүниеде тобықтай сөз,

Сөз білсең сол шіркінді кем демеймін.

Талпынар кеудесінде талап болса,

Талабы тағы жоққа мен не деймін.
Айтады біреу жақсы, біреу жаман,

Өз денем сезбеген соң елемейін.


Бетіме таз күйеу деп салық қылды,

Жап-жақын жан ашитын жеңгелерім.

Мінезі тағы жаман шадыр дейді,

Жеңіліп барлық сөзден сөйлемеймін.


Көзіме әлі күнге көрінген жоқ,

Кемітем елге сеніп, бөгде деймін.


Омарқұл:

Құтыртқан қу шешеңді мал-ау деймін,

Әкеңнің тұрған бойы сол-ау, деймін.

Не келсе аузына соны сөйлеп,

Ақ көңіл, ала күдек жан-ау деймін.
Қарыны кебежедей тоқ-ау деймін,

Ақтарса іші толған боқ-ау деймін.

Болмаса ұрып сөйлеп мақтанғаны,

Таздардан артық жері жоқ-ау деймін.


Бір қабат көріп қалдым күйеуіңді,

Жамандап жасытпаймын сүйегіңді.

Қырымпоз қунақ торы жігіт екен,

Жатқандай сорып қана иегіңді.


Айыбы таз демесең, мырза-ақ екен,

Секілді оңқай асық жылдам екен.

Қу тазың басы кем болмаса, өзгесі тең,

Өзіне өз ақылы жеткілікті,

Өзің біл, ендігісін, болса жетең.

Тәбия:


Шіркінді мақтасаң да өте жатық,

Ауылға жақындаса құты қашып:

Именіп атасындай мені көрсе,

Бүкеңдеп жөнеледі белден асып.


Ойнауға жездесініп балдыз барса,

Қолымен бүркейді екен басын басып.

Болғанда мендей жары ондай таздың,

Көңілі неге тұрмас судай тасып.


Болмағы таздың жақсы арсыз болмақ,

Жарамды жақсы жігіт малсыз болмақ.

Дүние жиналады шыбын жанға,

Пайдақор жаман кісі жансыз болмақ.


Жаманға түскен күнің абақтыдай,

Басына заман ақыр торғай орнап.

Болары болып, бояуы сіңгеннен соң

Қорғанып қор болады несін қорғап.


Омарқұл:

Судан су, суығанда мұз болады,

Ауылдан аулым сүзіп тұз алады.

Қарағым, қалай болса халық заңы,

Айттырып кім де болса қыз алады.
Көңілді қара жердей баса берсе,

Именіп кім де болса ұялады.

Не мұңлық, күйеу мұңлық, бұзау мұңлық.

Ауылдың болмаған соң тиянағы.


Басынан таздың бөркі басылады.

Әуес боп әркім оған асылады.

Ұялып кім де болса таз болғанда,

Көрсетпей басын көпке жасырады.

Кім болса түртіп, таптап таздың басын,

Етіне жаман сөзді батырады.

Үйір боп таз құлағы жаман сөзге,

Жалаң бас, арсыз таз боп ашылады.


Өлеңді әрі айтып, бері келсе,

Сол қызық айтысқандай біреу жеңсе.

Аяғы күйеу сорлы мен болсам да,

Болмайды қыз алғаннан қызық нәрсе.


Тәбия:

Дегенің күйеу мұңлық жалған қулық,

Орамал анық мұңлық – майлық, сулық.

Қазына үйге жиған о да мұңлық,

Теңінде ешкім көрмей жатса буылып.
Көп қуған қашағанды жылқыдаймын,

Салғанда қара өлеңге зырқыраймын.

Елігіп әлгі сөзге тазға кеттім,

Бар болса жетесінде шымшылаймын.


Омарқұл:

Орынсыз отырғам жоқ, тазды мақтап,

Көңілге көп сезімді салғын қаттап,

Нұр жаусын, бәрекелді, бар шырағым,

Ақжолтай аман-есен босаға аттап.

Ақ қағаз, ала қағаз оқылмаған,

Өмірде ермек жетім тоқылмаған.

Ер жетім көргенсізден қатын алса,

Отырып қаншық иттей тақымдаған.

Онан соң бұл жалғанда әйел жетім,

Туысында теңін тауып қосылмаған.

Жас жетім жиырмада желіспесе,

Дүниені қорғасындай ерітпесе.
Қос жетім реттеліп салынбаса,

Ат жетім, өрен жүйрік шабылмаса.

Күйлейтін саятшысы келіспесе,

Бойынан ащы тері алынбаса,

Таусылған кірер үйі кәрі жетім,

Өзінің теңі тұстас табылмаса.


Тәбия:

Әркім-ақ бұл заманда бай болып жүр,

Бай болса төрт түлігі сай болып жүр.

Ешкім жоқ ақыретке айдап кеткен,

Езуі қара жердің май болып жүр.
Кейбіреулер данышпан ақын болды,

Біреулер алаңғасар батыр болды.

Оң қолың бірдей емес ойлағанда,

Біреулер батыл, біреулер матыр болды.


Бір елге өз елінен ауыстырып,

Шатылтып қыз сорлыны қатын қылды.

Бәрінен әке, шеше, бауыр, жеңге,

Бір елдің жас баласын жақын қылды.


Күн көрмес кім де болса өз бетімен,

Біреуді біреуге әкеп масыл қылды.

Қыздарға қылмағаным қалмасын деп,

Қақсатып мені Құдай ақын қылды.

Омарқұл:

Әркімдер туған елін ел қылып жүр,

Бірін бек, бірін батыр, ер қылып жүр.

Біреуге мал мен басты тегіс беріп,

Біреуді қара жермен тең қылып жүр.
Біреудің қара басы қазына боп,

Халқына айтқан сөзін ем қылып жүр.

Кейбіреу қалт-құлт етіп жанын бағып,

Кейбіреу баға алмай мәңгіріп жүр.


Болғанда біреу жарлы, біреу жалғыз,

Біреуді аспан-көкпен тең қылып жүр.

Біреудің қылған ісін оңалтпастан,

Көз жасын көл-дария сел қылып жүр.


Құдай да қудың жағы болды білем,

Біреуді біреуге әкеп жем қылып жүр.

Кейбіреу өтірік айтып, өсек тасып

Жалғанға жанын беріп сендіріп жүр.


Тәбия:

Алты ай қыс, алты айыңды жаз қылып жүр,

Біреуден кейбіреуді аз қылып жүр.

Қарасаң қалпы жаман бұ заманның,

Біреуді біреу арбап азғырып жүр.
Біреуге біреу теке, бұқа болып,

Біреудің қылған ісін жазғырып жүр.

Көңілі көрсе қызар көп-ақ сондай,

Біреуге біреудікін таң қылып жүр.


Біреудің қатыны жоқ, қара басы,

Қайда ауса, сонда кетіп қаңғырып жүр.

Әлдінің қатыны өлсе айға толмай,

Төсегі жасаңғырап жаңғырып жүр.


Ақ майға кекірігі байдың азып,

Жүрегін кембағалдың саздырып жүр.

Біреудің мұрны пұшық, аяғы ақсақ,

Соқырға су қараңғы наз қылып жүр.

Біреудің қолы шолақ, ерні жырық,

Пәндесін бізге деген таң қылып жүр.


Омарқұл:

Көлбеген көктей дүние шөгіп жатыр,

Әлемге көктен жауын төгіп жатыр.

Қар жауса, бұршақ жауса, жаңбыр жауса,

Қампаймай қарны жердің еміп жатыр.
Аспанда бұрқыраған буы шығып,

Ындыны кейбір жердің кеуіп жатыр.

Ел келіп ұрат-ұрат ру көшіп,

Ұрпағы ұрық бөліп өніп жатыр.


Тәбия:

Адамзат көктемеде раңдаймыз,

Жылқыдай раң жеген тыраңдаймыз.

Дүниенің опасызын ойланбастан,

Өлгенше қу бақырды қуалаймыз.
Қулықты құрттай санап ішке тығып,

Жарыққа жаз шыққандай шығармаймыз.

Тең туып, заманаға тең келсек те,

Сыналып бозбалалар сыр алмаймыз.


Не жақсы, не жаманыңды білмеген соң,

Бас салған, соқыр түнді тұмандаймыз.

Айтып қал, арман қылған сөзің болса,

Той болып күнде мұндай құралмаймыз.

Той болса, тойдан қалмай ойнап қалғын,

Үнемі бірге жүріп, тұра алмаймыз.


Омарқұл:

Адамзат жазды күні шыбындаймыз,

Боларын қыстың неге ұғынбаймыз?

Жеткендей атқа мінсек бір мұратқа,

Ит қуып, көкпар тартып дуылдаймыз.
Байға – жалтақ, батырға қошемет көп,

Тесігін теңін қостап тығындаймыз.

Жалданып әлдекімдей қыдырмаймыз,

Қыбырлап құмырсқадай өмір бойы,

Қызмет соларға істеп жыбырлаймыз.

Қу десе, бұзық десе әне біреу,

Жеткізіп мақтағандай жымыңдаймыз.

Пәндеге пәнде басы бағыныңқы,

Желіге байлап қойған құлындаймыз,

Істеген әрекеттен береке жоқ,

Өлгенде біржолата тынымдаймыз.
Тәбия:

Аз өмір қараңғы үйдің шамындайсың

Қуарсаң алма ағаштың бағындайсың.

Тумақ жоқ бір өлген соң екі қайта,

Басына миуа жеміс салынбайсың.
Дүние сонда сынап секілденіп,

Қолыңнан суға кеткен сабындайсың.

Үзіліп мәуең пісіп жақындауда,

Егіннің тасып жүрген бауындайсың.


Егерде күнің жетіп ажал келсе,

Желіден үзіп алған қауындайсың.

Секілді ақсақ елік жеткізбейді,

Дүние қуып жүрген сағымдайсың.


Әл кетіп өлеріңе қайғырмайсың.

Өткенді өмір ойлап, үлкенді ойлап,

Онан да осы бастан сыйласып өт,

Өлген соң бір-біріңе табылмайсың.


Омарқұл:

Жүйріктен, жүйрік туар шығандаған,

Сұлудан, сұлу туар сылаңдаған.

Қолынан келер ісі болмаса да,

Көңілмен бозбала көп шұнаңдаған.
Байыған сайын байың қалтырауық,

Әдетке душар болды қуаңдаған.

Әйтеуір бәрекелде бай екен деп,

Сыртынан аттың жүрмес сыр алмаған.

Біз емес айтар кісі іс қатасын,

Істері толып жатыр ұналмаған.


Тәбия:

Кеудесі адамзаттың алтын сандық,

Ішінде қанша нәрсе қойған жабдық.

Сыртынан көз талады көргеніңде,

Көруге ішін ашып кілтін алдық.
Мысалы жақсылардың нарқы сондай,

Кетеді сырласқанда шер шығарып.

Жаманның ішінде жоқ, еш нәрсесі,

Кетеді өз-өзінен сырт айналып,


Қысқаша осы болар түсіндіру,

Адамның сыртын көрмей, ішін білу.

Ішінен ілім-білім табылмаса.

Не пайда келтірмекші сырты сұлу.

Біреудің дәулеті бар, ақылы жоқ,

Қияқтай болса-дағы мұрты түзу.


Омарқұл:

Отындай нажағайдың жарқылдаған,

Кейбіреу ашық көңіл аңқылдаған.

Кісінің кішіпейіл ең белгісі,

Көргенде амандасып жалпылдаған.
Белгісі бесенеден жаман кісі,

Таудан тас құлағандай тарсылдаған.

Бос мойын, бота тірсек, бозбала көп,

Киіздей шала басып қарпылмаған.


Үстіне екі жейде тауып кисе,

Сол қайтып тозбайтындай арсылдаған,

Көзі көрмей біреудің көңлі жасық,

Құдықтай көкірегі аршылмаған.


Адамы еліміздің надан болды,

Не қалды біздің сөзбен айтылмаған.

Артылып атасынан туар бар ма,

Суырдан тышқан туды шаңқылдаған.


Қарға мен қаз ойнаса жараспайды,

Қарғадан қарға туды қаңқылдаған.


Тәбия:

Атасы мылтық атқан оқ жонады,

Әр жерде іс қылады аршындаған.

Анасы үлгі көрген тон пішеді,

Жолы бар әр нәрсенің саңқылдаған.
Тұйықтан деген сөз бар бұйық туар,

Бұйықтан деген сөз бар қиық туар.

Шешесі қырымпаз боп қылаңдаса,

Баласы бір маймене бұзық туар.


Өскенде осы бала өсек тасып,

Арасын ағайынның суық қылар.

Кеміріп, менменсініп қу тізесін,

Бетінен дозақ оты быжып туар.


Тұйғыннан томағалы тұйғын туар,

Жүйріктен айғыр салсаң жылмаң туар,

Сұлудан қатын алсаң күлгін туар,

Қудан қу, сұмырайдан сумаң туар.


Жабыдан айғыр салсаң шабан туар,

Балаң да қатты болсаң сараң туар.

Қатының ойсыз, дүлей надан болса,

Жақсыдан соның үшін жаман туар.


Тегіне тартпайтұғын пенде болмас,

Адамнан екі аяқты адам туар.

Заманнан заман күтіп, заман жатып,

Заманнан неше түрлі заман туар.


Омарқұл:

Қанғандай болды құлақ көпке, жаным,

Қайталық: ғапу етсең сөкпе, жаным.

Жақсы айттық, жаман айттық бәрі жел сөз,

Етпейсің оған бола өкпе, жаным.
Әйелдің білімдісін ер сыйлайды,

Еріңді аяқасты етпе, жаным.


«Есікте ер сыйлаған қалмас» дейді,

Көкірекке аруақты теппе, жаным.


Есіңде қашан болса осы болсын,

Ұмытып ұзақ уақ кетпе, жаным.

Ойыңды ойқы-шойқы бердім деген,

Сөзіңді естіртіп кет көпке, жаным.


Тәбия:

Замандас кезегінде келдік деймін,

Айтысып ақын қызды жеңдік деймін.

Осы көп айтқан сөзге куә болсын,

Ойымды ойқы-шойқы бердім деймін.
Маңдайға жазылды ғой не де болса,

Тілеген менен қолқаң осы болса,

Болса да жаман, жақсы көндім деймін,

Шын бердім тілегіңді, сенгін деймін.


Ауылға жүре көргін келіп-кетіп,

Көңілді көтерелік еліктетіп.

Жеткізбес қос аттыға өткен өмір,

Барады басымыздан дәурен өтіп.


Ерімменен құшақтасып дос болыңыз,

Дос болсаң қолқаласпай бос болыңыз.

Тағысын-тағы болса жолығармыз,

Тағы да жолыққанша қош болыңыз!





1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет