Бір қыз бен он алты ақын І бөлім 82. 3К б 94 Бірінші бөлімінде: Бір қыз бен он алты ақын



жүктеу 3.85 Mb.
бет8/13
Дата02.04.2016
өлшемі3.85 Mb.
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
: files -> docs -> books
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: Т. Кәкішев, Ө.Әбдиманұлы
docs -> Изучить устройство светооптического микроскопа Усвоить основные показатели микроскопа Усвоить правила работы с микроскопом
docs -> Бабаджаев Радбей Бабаджан Халматов
docs -> Продуктивные качества бычков абердин-ангусской, чёрно-пёстрой пород и их помесей 06. 02. 10 частная зоотехния, технология производства продуктов животноводства
docs -> Сравнительная оценка роста, развития и мясной продуктивности бычков абердин-ангусской, симментальской пород и их помесей в условиях центрального черноземья 06. 02. 10 Частная зоотехния, технология производства продуктов животноводства
docs -> Учебно-методический комплекс дисциплины «биогеография» Для специальности
books -> Хрестоматия ежелгі дәуір әдебиеті ббк 84(0)3 е 33 «Қазақ әдебиетінің тарихы»
books -> Қыраубайқызы бес томдық шығармалар жинағы астана 2008 алма қыраубайқызы екінші том астана
books -> Асылбек Мүтәліпұлы Қыраубайтегі жан-дүние сырлары кіріспе
books -> Деректі көркем әңгімелер мен мақалалар астана 2008 Редакциялық алқа

Шолпан мен Елеусіз
Шолпан:

Сөздері жай оғындай жарқылдаған,

Ақындар айтысудан тартынбаған.

Алдында алқа топтың сөз бастайын,

Рұқсат етіңіздер, халқым маған!
Мерейлі мерекеге шабыттанып,

Жүректер жыр бұлағын ағытты анық.

Сүрінбей сыннан өткен сан жүйріктер

Келіпті бұл сайысқа бағытталып.


Қоздырып көпшіліктің арқаларын,

Осынау ақындардың марқаларын.

Әсімхан, Қалихан мен Көкен, Манап,

Танытқан талай көкпар тарта аларын.


Бойымды билеп алып тұр бір ағын.

Дегендей ағыт-ағыт жыр бұлағын!».

Құлпырған қызғалдақтай көктемдегі

Армысың, өнер сүйген құрбыларым!


Армысың, уа астанам, туған қалам,

Мен де бір сөз өнерін қуған балаң.

Ұсынам жүрегімнен жыр шоқтарын

Атынан Оралымның думандаған.


Армысың, Алатаудың ақындары,

Саф алтын, кәусар сөздің батырлары?

Мүшелі Қазақстан тойы алдында

Қызықтап жыр сайысын жатыр бәрі.


Бәтуа сөзге келмей тарқамалық,

Жыр үшін жігерімді сарқам анық.

Әбділда, Мұхаметжан ағаларды

Көргенде кеттім қазір арқаланып.


Қайнаған қызу еңбек даламыздан,

Еңбеккер үлкен-кіші баламыздан.

Сәлемші мен – Оралдың қарлығашы,

Бас иіп тәжім етем араңыздан.


Сәулетті құшағында замананың,

Мен еркін қанатымды қаға аламын.

Торқалы Қазақстан тойы алдында

Жырламай қалай тағат таба аламын?!


Кенге бай, мол қазына әр төбесі,

Ақ бидай алқабында дән төресі.

Жылма-жыл миллиардтың межесінде

Елімнің арта берсін мәртебесі.


Осындай елдің құрыш қыранымыз,

Бейбіт күн Қоммунизм – ұранымыз!

Жасай бер, гүлдене бер, Қазақстан,

Арналған бір өзіңе жыр-әніміз.


Атады тамылжыған әнмен әр таң,

Бейбіт күн, ұлы еңбектің күйін тартам.

Шалқысақ, шабыттансақ, жыр толғасақ,

Отаным, Компартиям сенің арқаң!

Төрінен орын алып сахнаның,

Жыр селін шабыттана сапырамын.

Ақынын көрші облыс Ақтөбенің,

Өзіммен айтысуға шақырамын.


Жырларым жанарымда жарқылдайды,

Шабытым – теңіз буы сарқылмайды.

Сөзбенен сілкілесіп көрейікші,

Шын жүйрік сайыстардан тартынбайды.


Елеусіз:

Алатауым, армысың,

Қарт шежіре, бармысың?

Баяғыдай сәукелең –

Төбеңдегі қарлы шың.

«Қайдан келіп қалды», – деп,

Мен балаңа таңбысың?

Тап өзіңдей сабырлы,

Көргенім жоқ тауды шын.

Бір өзіңнен табылар,

Барша сурет, бар мүсін.

Талай ақын арнады,

Ықылас пен алғысын.

Алатауым, қарт бабам,

Тарих сырын сақтаған.

Мұндай сайыс көргем жоқ,

Айналам жүйрік қаптаған.

Қас тұлпарын өнердің,

Емеспін бұрын баптаған.

Желеп-жебеп шабыт бер,

Қадамыма аттаған!

Толқиды екен қалайда

Осындай бір шақта адам.

Ақын Шолпан Жайықтан,

Барымды саған ақтарам.

Өзіңдей жүйрік дүлдүлмен,

Кездескенге мақтанам.

Еліңңің көріп табысын,

Сен үшін бүгін шаттанам!

Өзіңе бердім кезекті

Назыңды жырмен айт маған!
Шолпан:

Өтті ғой содан талай арада күн,

Келмейді көп алдында қараларым.

Оқудың түбін тескен жан болсаң да

Жалғыз хат жолдауға сен жарамадың.
Болады бізде басым төзім деген,

Жігіт пе ең әлде қызды көзге ілмеген?

«Сарасы Ақ Жайықтың – мен дегенде»,

Біржан боп келе алмадың өзің неден?


Бойыңда жалындаған күшің тасып,

Тұрғанмен ақын жігіт ісің жасық.

Аулыңнан серік ертіп ала келдің,

Жүргендей сені менің мысым басып.


Тастайын сынды бірден сірестіріп,

Соғайын сөзден қамал тірестіріп.

Елеусіз, мен өзіңді жеп қоярдай,

Келіпсің жұбайыңды ілестіріп.


Мен өзім айтысудан тартынбаймын,

Егессең найзағайдай шартылдаймын.

Көзіңе кішілеу боп көрінгенмен,

Айтыста салмақтымын, алтындаймын.


Жер болсаң, гүлің болып ашыламын,

Күн болсаң нұрың болып шашыламын.

Байқамай намысыма тиер болсаң,

Шоқ болып табаныңа басыламын.


Шабытым Ақ Жайықтың ағынындай,

Екпінім жанар таудың жалынындай.

Қол созған жігіттерге жеткізбеймін,

Көктемгі көкжиектің сағымындай.


Айтып бер ақтөбелік табысыңды,

Байқайын топ алдында шабысыңды.

Елімнің сенім артқан еркесі едім,

Ешкімге жібермеспін намысымды.


Елеусіз:

Мен өзім «тұлпармын» деп мақтанбаймын,

Және де «жабымын» деп жасқанбаймын.

Әділін тура айтамын кім де болса

Жаныма, намысыма батқан жайдың.
Ақ Жайық дәстүрі мол, салты бар ел,

Өсірген талай-талай даңқы бар ел.

Сүймеймін жұрт алдында асқақтауды

Кім жүйрік, кім шабанын халқым білер.


Ақынға салтымыз бар қуанатын,

Әрдайым жақсылықпен құп алатын.

Шолпанжан, халің қалай, қарындасым,

Шәкірті Тайыр, Хамза, Жұбан ақын?


Көршіміз жалықпайтын сырласудан,

Жүрекке жылу алған күн қасынан.

Жырлайық халқымызды, елімізді,

Шабыт ап коммунистік бұл ғасырдан.


Кеудем – күй, жүрегім – ән, жаным – дастан,

Келемін сол қарқыннан жаңылмастан.

Дәстүрін ақын Сара жалғастырған,

Өзіңдей айналайын қарындастан.


Өнер мен өлеңім ғой бағымды ашқан,

Бүгінгі нұрлы шапақ таңға ұласқан,

Айтыста жеңілсем де арманым жоқ,

Өзіңдей сүйкімді бір қарындастан.


Өйткені жолың үлкен, сырың нәзік,

Ағаңа дидарың мен жырың – азық.

Айтайын тілегім бар айтыстан соң,

Қалмайын, қарындасым, көзім жазып.


Артса егер мойыныма жүгін елім,

Әділдік ең алдында жүгінерім.

Дауысың ақ бұлақтай сылдырайды,

Осылай шырқарыңды біліп едім.


Шықтың-ау әзіліңмен дараланып,

Ойлама қалар-ау деп ағаң налып.

Шолпанжан, қайдан білем күйеуіңнің,

Үйінде қалатынын бала бағып.


Айтысқа жүрейін деп жатқаныңда,

Үйіңнен еретін жан таппадың ба?

Шолпанжан, ең болмаса телефонмен,

«Күйеуім келмейді», – деп айтпадың ба?

Ақынның осындайда қиялы көп,

Келеді әзілдері зиялы боп.

Шырағым, шалғай жерде жүргеніңде,

Болғаны әйеліңнің зияны жоқ.


Шолпан:

Жырлаймын мен өзімше бөгелместен,

Күркіреп көкірегімнен өлең көшкен.

Көңілден шықпай жатсам кешіріңіз,

Көпшілік құлақ түріп елеңдескен.
Несіне мен өзімді ұсақтайын,

Гурьев, Ақтөбе, Орал – үш ақ қайың.

Жатады ел аралас, қой қоралас,

Кездессек қуанамыз құшақ дайын.


Иесі болмасам да жыр тағының,

Бойына жинай білген сыр тағылым.

«Үш жүзге ән оздырған» әнші Мұхит,

Елінің өнер қуған ұрпағымын.


Ұқтырған күймен мұңын, зарын-дағы,

Қазақтың күй атасы, дарындары.

Дина мен Құрманғазы перзентімін,

Даңқы өшпес Махамбеттің Нарындағы.


Қойдыңыз білместікпен сұрақ маған,

Төрінен мен тарихтың сыр ақтарам.

Оралдың төрт ғасырлық шежіресі,

Пушкин, Даль, Толстойлар тұрақтаған.


Жайнаған бүгінгі күн гүл өсірді,

Қаламның отты жылда үлесі ірі.


Ерліктің символындай аспанында,

Пугачев, Чапаевтың жүр есімі.

Жолында құрбан болған біздің арман,

Есімін жүректе ел тізіп алған.

Ерлердің Фрунзе мен Фурмановтай,

Оралдың көшесінде ізі қалған.


Мақтаныш Қазақстан ұл-қызына,

Шығыстың жарқыраған жұлдызы да.

Ордада туған біздің Мәншүк батыр

Даңқына бүгін әлем тұр қызыға.


Кешесі мен бүгіні толы аңызға,

Кәрі-жас көңіл бөлген мол аңызға.

Қазақстан жерінде ең бірінші,

Тігілді Советтік ту Ордамызда67.


Ерлігін ерлерімнің дәріптеген,

Таныстың тарихы зор музейменен.

«Ер Чапай, батыр Мәншүк» деп қазірде,

Оқиды жас ұрпақтар әліппеден».


Күн санап өркендеген салтымыз бар,

Білікті өнер сүйген халқымыз бар.

Сүйікті Компартия аясында,

Еңбекпен шыққан елдік даңқымыз бар.


Белгілі көзбен көріп танысқаның,

Оралдың қол жеткізген табыстарын.

Қызыл ту желбірейді жеңіп алған,

Өзіңмен социалистік жарыстамын.


Көрікті қаламыз да, даламыз да,

Білікті анамыз да, баламыз да.

Ғылымға үлес қосқан оралдықтар

Жүр бүгін астанада, арамызда.


Талантты, өнерлі елде туады адам,

Ән мен жыр тұнып тұрған дарқан далам.

Өр Қасым, ғалым Қажым, Хамза, Тайыр, Халықтың ұлдары ғой мақтана алам.
Өнердің өрісінде қарыштады,

Қадыр мен Сағынғали, Ақұштабы.

Ескендір, Ғарифолла жолын қуған,

Белгілі таланттардың тағы ұшқаны.


Жоқ менің сөйлер сөзден тоқырарым,

Шындықты айтпай қалай отырамын?

Таралған бір тамырдан еңбек, өнер,

Ақ Жайық қасиетті топырағы!


Елеусіз:

Бақыттың нұрын шашқан елім менің,

Шығыстан желпіп жатқан өмір лебін.

Алпысың кұтты болсын, республикам,

Сен үшін биіктеді көңіл көгім!
Асырып данқыңменен ерлеріңді,

Паш етіп, дарқандық пен кеңдігіңді.

Сүйікті Компартиям арқасында,

Бар әлем «қазақ» дейтін елді білді.


Қазағым, сен де елсің дара туған,

Бір жүрек, мың тілектен жаратылған,

Алдыңда айнымайтын ағаң – орыс,

Қайғыңа ортақтасып ара тұрған.

Қазағым, көңілің дария шалқып жатқан,

Жауыңды тұлғаңменен қалтыратқан.

Бабамның арманысың – Қазақстан,

Шығыстан аппақ таңдай балқып атқан.


Барша ұлт, барша халық туыс маған,

Жандармыз арға тиіп ұрыспаған.

Сан ұлттың ыстық ұя, ордасысың –

Достықтың биік туын нық ұстаған.


Артып тұр, Қазақстан, бақ талабың,

Сондықтан өлең селін ақтарамын!

Ырысты миллиардтың мекенісің,

Сол үшін, сүйікті елім, мақтанамын!


...Мол мұра өткен ұрпақ бабамыздан,

Көп шықты ұлы адамдар даламыздан.

Нұрпейіс Байғанинді кім білмейді,

Көмейден жыр ағызған, бал ағызған.


Сіңірген жүрегіне даналықты,

Туған жер туғызыпты сан алыпты.

Космонавт Пацаев пен Әлия батыр

Ақтөбе топырағынан жаралыпты.


Кім білмейді Шығанақ Берсиевті,

Кезінде қас тұлпардай көсіліпті.

Тарыдан рекордтық өнім алып,

Атамыз диқан даңқын өсіріпті.


Даламыз алуан сипат түрге енеді,

Қаламыз жылдан-жылға гүлденеді.

Өскенін көріп бүгін Ақтөбенің,

Көмейге өз-өзінен жыр келеді.


Шолпан:

Тамаша табиғатын көзің көріп,

Ақыным, қалмады ғой өзіңде ерік.

Қыз Жібек елін сүймеу мүмкін емес

Неше бір болса дағы төзім берік.
Көтерген көпшілікте бастама тың,

Динамның құрметтейді астана атын,

Қатысып фестивальға Гаванада,

Танытқан Қазақстан жастары атын.


Сөз етсем толып жатыр тағы басқам,

Төгілген термен даңқы, бағы асқан.

Тасытқан табысымен ел байлығын

Олардың өмірі де лағыл дастан.


Беріле еңбек еткен Отаныма,

Мақтанам Құбашевтай шопаныма.

СССР лауреаты атанды ол

Жылма-жыл отар қосып отарына.


«Жетеді ерлеріміз біздің» деймін,

Несіне топ алдында тізімдеймін.

Соғылған бесжылдықтың балғалары,

Еңбектің көрігі бар үзілмейтін.


Ерлерім тұрды сертке, антында адал,

Мақтанбай мен қалайша тартына алам?

Туында ордені бар Оралымның,

Бейнесі күн көсемнің жарқыраған.


Отырсың елдің жайын өзің біліп,

Ақыным, бола қоймас сөзіңде ілік.


Ақ Жайық, ару Шаған жағасында,

Ән шырқап, жыр толғадың көзің күліп.


Мадақтап көк майсалы қыр құйқасын,

Ағыттың жүрегіңнен жыр ұйқасын.

Аттандың тамсанумен біздің елден,

Қия алмай «Правданың»68 Ритасын.


Қыздарға қырындадың жырыңды айтып,

(Білмеймін жүргеніңді бұрын қайтіп?)

Мінезі жеңешемнің қандай еді?

Қойдым-ау қызбалықпен сырыңды айтып.


Мен емес сөйлер сөзден ұтылатын,

Іздегін амалыңды құтылатын.

Кезегің келді сенің, қарсыласым,

Ілігіп қармағыма тұтылатын.


Жалындап жастығыңның арқасында,

Жақсыны тек өзіңе тартасың да.

Ақтөбең сән-салтанат құрып жатыр,

Оралдың ақ кірпіші арқасында.

Жоспардан шықпай жылда тұралаған, Заводың тиын пайда құрамаған.

Іргеңді қазір аулақ салғанменен

Кезің жоқ бізден кірпіш сұрамаған.
Белгілі көмекшіңбіз бас тартпаймыз,

«Қол ұшын бердік» деп те тасымаймыз.


Төрінде астананың жауап берші,

Ақыным, қашанғы біз «асыраймыз?»


Жүресің жаңалықтан қағыс қалып,

Төрт түлік өсірмейсің бағысқа алып.

Түйені ұмытыпты қобдалықтар

Осыған қалдым тағы намыстанып.


Түйенің қасиетін құптайсыңдар,

Өсіру керектігін ұқпайсыңдар.

Шілдеде шөл қысқанда сусын сұрап,

Шұбаты бар үйлерден шықпайсыңдар.


Төске өрлеп ерлеріңнің бақ-табысы,

Болып ең республика мақтанышы.

Тауығың тауысты ма, қайда кетті

Атақты Ақтөбенің ақ тарысы?


Ғарышқа қадам басқан ел сүйікті,

Түлеген жылдан-жылға жер сүйікті.

Ақтөбең ақ тарысын жоғалтқанмен

Еліміз ұмытпайды Берсиевті.


Жетеді көп алдында қызарғаның,

Жанбыз ғой жігіттердің ұғар жанын.

Берейін кезегіңді шырқап жібер

Бар болар үйде жазып шығарғаның.


Елеусіз:

Облысым қашаннан,

Заманамен жасарған.

Дәуір жүгін арқалап,

Биіктерге аса алған.

Ақтөбенің қаласын,

Адаспай-ақ табасың.

Тоғыз жолдың торабы

Көкпен, жермен барасың.

Облысым самғады,

Міндетті шешіп алдағы.

Ауданы бар он сегіз

Еңбекқор кілең жандары.
Алдағы істің арнасы,

Өрбіп жатыр жалғасы.

Химияның алыбы

Қасында тұр Алғасы.


Ер Исатай атында,

Құрылды аудан жақында.

Москвадан ту алып

Болды лайық батырға.


Атына даңқы жетеді,

Өскен аудан екені.

Байлығы тұнған Шилісай

Екпінді құрылыс мекені.


Мұғаджарым – ірі аудан,

Талай жүлде ту алған.

Кен, қазына, мол астық,

Табысы үшін қуанам...


...Өкпем жоқ сенің жомарт кең еліңе,

Зер салшы шаруашылықтың көлеміне.

Мөлшері сүт өндіру кеміп кетті

Осының, қарындасым, себебі не?

Білемін жетістікті егістегі,

Жем-шөптің орындалмай көп істері.

Өткен жыл өкініші аз болған жоқ

Дайындау мал азығын келіспеді.

Айқайға жаз айында саламыз көп,

«Қыста да малды күйлі бағамыз» деп.

Шыңғырлау, Бөрлі, Чапай аудандарың,

Сабылды қыстыгүні сабан іздеп.


«Ет жайы қалай» деген сұрақ туды,

Өткен жыл көрсеткіші «жылап тұрды».

Аудандар – Каменка мен Қаратөбе,

Жоспарды орындамай ұят қылды.


Қарағым, қарындасым ең арынды,

Ақын ең тасқындаған сен ағынды.

Байқашы, облыста былтырғыдан

Жүзінен жеті қозы кем алынды.


Деп айтам басшыларың өжеттенсін,

Екінші тыңға дұрыс кезек берсін.

Шырпыдай салмағы жоқ неткен малдар?

Қой емес, баққандары көжек дерсің.


Шолпан:

Намысын қорғаймын деп жігіттердің,

Ақыным, қыз алдында үміттендің.

«Аулында ескіліктің шырмауында

Жүргендер бар ма?» деп те күдіктендім.
Суырылып шыға берер сөз дегенің,

Әйтсе де бар ғой менің көздегенім.

Комсомол тойларына мән берілмей

Әркімдер іске асырған өз дегенін.


Жігітсің сөз парқына түсінетін,

Ескішіл пысық екен ісіне тым.


Талайын көріп жүрсің қалың малға

Құлынды бие сұрар кісілерің.


Жақсыны болушы еді көрмек деген,

«Темірден түйін түйіп өрнектеген».

Қыз қуып, көкпар тартар жігіт қайда,

Ойнайды қазіргілер «шөлмекпенен».


Дейсің бе әлде «бұған жаза айқын»,

Жігіттер бар өзіңді де мазалайтын.

Қараңғы бұрыштардан күтіп алып,

Қалтаңды қағып-соғып «тазалайтын».


Гүл атып махаббаты дүркін-дүркін,

Тұратын ғашығымен бір күн, бір түн.

Алимент баласына «әке» болып,

Жүрген бар шатастырып қайын жұртын.


Сөз етсек бүгінгі күн шаруаны біз,

Комсомол – «атышулы» ауданыңыз.

Хат жолдап түрғандары журналдарға

Жетіпті астанаға дау-даңқыңыз.


Келгенде кемшіліктер маған таяп,

Несіне айтар сөзді қалам аяп?

Дүкеннен шұлық таппай шарасыздан,

Жүруді мода еттіңдер «жалаңаяқ».


Айта отыр ойға түйіп алғаныңды,

Көрейін көп алдында талғамыңды.

Ауылыңнан мен кемшілік іздегем жоқ,

Айттым тек көзге шалып қалғанымды.


Елеусіз:

Ол рас кемшіліктің әлі бары,

Көңілің соны көріп тарылады.

Тек қана тере берсең жамандықты

Олқылық Оралдан да табылады.
Жылқыға қарайсыңдар салқын неге?

Бұздыңдар игі дәстүр салтын неге?

Қалайша түсірдіңдер бабамыздың,

Бұрынғы жылқы баққан даңқын неге?


Жылқы да түлік қой ол бабындағы,

Шапқанда басылмайтын арындары.

Сіздерге ойсылқара «өкпелейді»

Азайып кеткеннен соң табындары.


Түйе мал түлік болып еленбеген,

Ол дағы қамқорлыққа бөленбеген,

Кезінде Зеңгібаба ойлап па екен

Осындай алалықты көрем деген?


Басшылар неге олай алалайды?

Пайдалы мал деп оған қарамайды.

Жесең – ет, ішсең – шұбат, асыл түлік,

Түйені «жетім» ету жарамайды.


Халықпыз далақұмар дала дескен,

Мал басы облыста баяу өскен.

Айтпақшы, сиыр малы мандымайды

Сиырды шығардыңдар қалай естен?


Жастарды ойланта ма мал жайлары?

Шопандар еңбегінде абырой бары.


Жетеуі бригаданың тарап кетті

Өткен жыл болмаған соң жағдайлары.


Колхозда ырыс, байлық атқылаған,

Бірақ та бірер жайың батты маған.

«XXII партсъезд» колхозында

Монша жоқ, жұрт қалаға шапқылаған.

Кемшілік өнеркәсіп саласында,

Бар екен қарындасым, нанасың ба?

Балықтың комбинаты жоспар бермей,

Қалып тұр жұртшылықтың табасында.

Көңілің қалай оған тарылмайды,

Кеудеде реніш от жалындайды.

Өнімі аз ет-консерві заводының,

Басынан жылда «тоқпақ» арылмайды.


Мен сөзге үйір емен сылдыраған,

Жүрекке қабылдаймын сырды ұнаған.

Бар екен Орал тігін фабрикаңыз

Жыл сайын көрсеткіші құлдыраған.


Жүретін қарындас ең біліп көпті,

Ойлама, сынды ағай «жіліктепті».

Шығарған нан заводы он төрт тонна,

Өнімнің он тоннасы шіріп кетті.


Кемшілік айта берсең таусыла ма,

Осымен мін айтысу қалсын ада.

Шолпанжан, тап осылай шырқай берші,

Шабыттың сәйгүлігін қамшыла да.


Қарағым, айналайын қарындасым,

Әрдайым жүрегім мен жадымдасың.


Атақты Ак Жайықтың ақын қызы

Басыңнан қонған бақыт арылмасын!

Осындай мерекеде толғанайық,

Өнермен бәстесу де болды лайық.

Қош, сау бол, көріскенше, қарындасым,

Осымен жыр додасын доғарайық!


Шолпан:

Мен айтсам кездеседі кемшілігің,

Қарашы көңілімнің кеңшілігін.

«Қызартып қайтемін, – деп, – той үстінде»,

Отырмын әдеп сақтап сенші бүгін.
Қарамай көңіліңе төкпелетіп,

Қатты айтып, алсам егер өкпелетіп.

Кешірім сіздің жақтан болсын деймін

Жүрмесін өкпе-назың көпке кетіп.


Өлеңнің отыменен жалындаған,

Ұзаққа шаба берер бабында адам.

Берейік жыр талқысын көпшілікке,

Осымен дұрыс болар дамылдаған.


Салмақтап ой түйінін теңесеңіз,

Әлі де сөзбен талай егесеміз.

Айтысқа әрқашан да мен дайынмын,

Рұқсат берсе өзіңе жеңешеміз.


«Ақ Жайық – он жырымның өзегі, – деп,

Жүргейсің ақын қыздың көзі еді», – деп,

Үкілі домбырамды сыйға ұсынам

Келесі кездескенше төзеді деп.

Дина мен Құрманғазы көзіндей көр,

Жалынды Махамбеттің сөзіндей көр.

«Арынды әнші Мұхит дауысы» де,

Болмаса мына менің өзімдей көр.


Елеусіз:

Сағасы өлең дейтін дарияның,

Сіз үшін, қарындасым, далиямын.

«Айтыстың ескерткіші болсыншы», – деп

Мүсінін ұсынамын Әлияның.

1980 ж.

Түсініктеме
«Қарашаш пен Айдос» – көне айтыстардың бірі. Айтыс алғаш 1883 жылы Ташкентте басылған. Алдарыңыздағы кітапқа 1965 жылы шыққан «Айтыстың» 2-томынан алып жариялап отырмыз.

Бұл айтыста Қарашаш Айдоспен, ақын жігітпен және қарт атасымен айтысады. Айтыстың мазмұнынан бұрынғы жаугершілік замандағы аянышты әйел тағдыры елестеп, аласапыран уақыттың мұңды үні құлаққа естілгендей болады.



«Жамбыл мен Айкүмістің айтысы» Жамбыл Жабаевтың соңғы 1982 жылы шыққан екі томдық шығармалар жинағынан алынды. (Алғы сөзін жазған М.Базарбаев. Құрастырушылар: С.Садырбаев, К.Сейдеханов)69.

Халық поэзиясының алыбы, ақындар атасы Жамбылдың (1846-1945) XIX ғасырдағы ірі айтыс ақындары Құлмамбет, Досмағамбет, Сарбас ақын, Шашубаймен айтыстарынан басқа, Бөлектің қызы, Айкүміс секілді ақын қыздармен айтысы бар. Сонымен қатар Жамбыл ата Жетісудың дарынды ақын қызы Нұриланың сол елдің көптеген саңлақ ақындарымен айтысына төрелік берген.

Жамбылдың Айкүміспен айтысы 1871 жылы болған.

«Біржан мен Сараның айтысы» «Айтыс» кітабының (1965) І томынан алынды. Бұл айтыс революцияға дейін сегіз рет басылып шыққан: 1898, 1899, 1900, 1901, 1902, 1907, 1913, 1914. Алғашқы бастырушылар: Жүсіпбек Шайхысламұлы (1857-1936) және XX ғасырдың бас кезіндегі ағартушы-демократ ақын Әріп Тәңірбергенов (1856-1924). Айтыс совет дәуірінде мектеп хрестоматиясынан бастап, көптеген жинақтарда басылып келеді. Ақындар айтысының ең көркем үлгілерінің бірі ретінде мектептің 8-класына арналған оқулықта жан-жақты талданады.

Біржан сал Қожағұлұлы (1834-1897)70 – Көкшетау облысы Еңбекшілер ауданының Бурабайға жалғас Жөкей көлінің жағасында туған ақын, әнші, композитор. Біржанның атақты «Жанбота», «Ләйлім», «Жамбас сипар», «Телқоңыр», «Бурылтай», «Айтбай» т.б. әндері бар. Ақынның Нұрғайша қызбен, Шөже ақын мен Тезекбаймен сөз қағысулары белгілі. Біржан ақындығының биігі Сарамен айтысы болып есептеледі.

Сара Тастанбекқызы71 – Жетісудың дүлдүл ақын қызы. Қазіргі Талдықорған облысындағы Қапал ауданының Абай колхозында туып-өскен.

Айтыстың дәл қай жылы болғандығы жөнінде әдебиетшілер әр түрлі пікір айтады. (С. Мұқанов, Е. Ысмайылов)72. Біржан Сарамен айтысқанда 37-ден 38-ге қараған.

Соңғы уақытта «Біржан – Сара айтысын» текстологиялық жағынан тексерудің нәтижесінде, бұрынғы басылымдарында біршама қателік жіберілгені анықталып отыр. Айтыстың алдарыңыздағы басылымына Ш. Ахметов пен Т. Қанағатовтың «Біржан – Сара айтысының текстологиясы» атты мақаласына73 сүйене отырып біраз түзетулер енгізілді.

«Әсет пен Ырысжанның айтысы» «Айтыс» кітабының 1-томынан алынды (1965). Әсет (1867-1923)74 Қарағанды облысы Қоңырат ауданы «Қызыларай» колхозында туған. 1923 жылы Құлжада қайтыс болған75. Соңғы бір деректерде: «Әсет 55 жасында 1922 жылы 26 июльде, Ұланбура жайлауында құрбан айттың бірінші күні жерленіпті76, – делінеді. Әсет – әнші, композитор, ақын. Әсеттің жүректің нәзік қылын шертетін сұлу әндерін былай қойғанда, «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Үш жетім қыз», «Ер Шеризат»77 дастан-қиссалар жазған, ірі айтыстарға түскен ақын. Әсет пен Кемпірбайдың, Әсет пен Ырысжанның, Әсет пен Кәрібайдың айтыстары бар.

Әсеттің Ырысжанға айтысында:


«Домбыра саған ерген бұлбұл екен,

Ырысжан қара сөзге қырғын екен...», –


деп, Ырысжанның ақындық, кісілік қасиеттерін құрметтейді. Айтысты мән бере оқыған кісі Ырысжанның сөзге шешендігін, қиыннан қиыстыра білетін алғырлығын, жалт-жұлт еткен өткір қыздың біліміне жарасқан сүйкімді қылығын, парасатын аңғарады.

Айтысты М.О. Әуезов былай бағалаған: «Әсет пен Ырысжан» айтысы – жарыс айтыста өзгеше бір арна. Бұл

– кездесіп қалған қыз бен жігіттің жеңіл-желпі шекісуі емес, екі елдің сайлап кездестірген ақындарының нағыз ақындық тапқырлыққа жарысқан іргелі айтысы. Жұмбақ және шешу арқылы ақындар, елді жеген әкімсымақтарды, халықтық сыншы сынмен әйгілейді. Бұл тартыс ру таласы емее, шешендік, шеберлік өнерінің халық сүйген айқын жарысы болғандықтан, өлеңдік құрылысында мазмұнына сай, көп көркемдігі бар үлгілі айтыс болып шыққан»78.

Осы айтыста Әсет: «Шығып ем он бесімнен он алтыға», – дейді. Ол сөзіне қарап, айтыс 1882-83 жылдары болған деп ойлаймыз.




1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет