Д. Есімова Ұстаздың Ұлттық ТӘлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығЫ


Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар



бет6/8
Дата02.05.2016
өлшемі1.93 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар

1 «Ұлттық тәлім-тәрбие беруге ұстаздың деонтологиялық даярлығы» ұғымы нені білдіреді?

2. Ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлық ұғымы нені білдіреді?

3 Ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығына қандай алғышарттар қажет?

4 Ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының қажеттілігі неде?

5 Ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының теориялық негіздерін түсіндір.

6 Зерттелетін тәлім-тәрбиені ұйымдастыру түрлеріне сипаттама бер.

7 Ұлттық тәлім-тәрбие беруде ұстаздың міндеттері қандай?

8 Ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру үшін ұстазға қандай теориялық негіз болуы қажет?

9 Әйгілі ғалымдардың, ұлы ойшылдардың және ұстаздардың «Деонтологиялық даярлығы қалыптасқанұстаз болғысы келген студенттерге кеңес» тақырыпқа айтылған бірнеше нақыл сөздерін айтып беріңіз.

10 Ұлттық тәлім-тәрбие беру үрдісінде өзіңе қажетті педагогикалық қызмет ережелерін атап көр.
8 Ұстаздардың ұлттық тәрбие беруде деонтологиялық даярлығын қалыптастыру әдістемесі
Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың неғұрлым тиімді әдістері, формалары мен құралдарын таңдау болашақ педагогтардың аталмыш қасиетін қалыптастырудың әдістемесіне жүйелік, даралық-іс-әрекеттік тұрғыдан келу, сол сияқты студенттерді оқытудың объективті заңдары мен заңдылықтарын көрсететін дидактикалық және тәрбиелік принциптердің тұтас жүйесіне негізделеді.

Болашақ ұстазды жоғары оқу орнында кәсіби даярлау бір жағынан оқу материалын дұрыс іріктеу және ұйымдастыру арқылы оқыту процесін неғұрлым мәнді құруға мүмкіндік беретін оқытуды тиімдендіруді, екінші жағынан оқыту үшін жағымды жағдай жасауға негізгі көңіл бөлінетін белсендендіруді көздейді. Сондықтан ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруды жүргізгенде оқытудың кәсіби бағыттылығын және студент тұлғасының бағыттылығын, оның сұраныстары мен қызығушылықтарын есепке ала отырып, құрылған әдістер мен технологиялардың жетістікті болатынын ескеру маңызды. Ал оқыту процесінің барлық кезеңдерінде көңіл орындаушылық, репродуктивті іс-әрекеттен гөрі шығармашылық, ізденушілік іс-әрекетке бөлінетін, қолданылатын әдістер, құралдар мен ұйымдастыру формалары әртүрлі болатын және оқу-танымдық іс-әрекет дараланған және сараланған әдістемелер мен технологиялардың нәтижелі болатыны белгілі.

Оқыту мазмұнын трансформациялауда оны ұйымдастырудың формалары ерекше маңызға ие, бұл дегеніміз – оның мазмұнымен, әдіс-тәсілдермен, құралдармен, студенттердің іс-әрекет түрлерімен сипатталатын оқыту және тәрбиелеу процесін арнайы құрылымдау. Әдіс ұйымдастыру формасынан онда білімдер алудың және оған студенттің қатысу деңгейінің тәсілі берілгендігімен ерекшеленеді. Әдістерсіз қойылған мақсатқа жету, мазмұнды іске асыру, оқытуды танымдық іс-әрекетке айналдыру мүмкін емес. Оның «мақсат – мазмұн - әдістер – формалар – құралдар» жүйесінде алатын орны анықтаушы болып табылады. Оқыту және тәрбиелеу әдісі – күрделі, көпөлшемді, көп сапалы құрылым. Сондықтан ғылыми-педагогикалық көздерде әдістердің мәнін анықтауға, оның түсінігін беруге, жіктеуге көзқарастар көптігімен ерекшеленеді. Мәселен кейбір ғалымдар оларды білім көзіне және атқаратын қызметіне (М .А. Данилов, Б. П. Есипов), танымдық іс-әрекет типіне (сипатына) (И. Я. Лернер, М. Н. Скаткин), дидактикалық мақсатына, т.б. белгілеріне қарай жіктейді.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға технологиялық тұрғыдан қарау контексінде әдісті білім алушылардың білім мазмұнын игеру барысындағы оқу-танымдық іс-әрекетін басқаруды ұйымдастырудағы оқытушының ретті және кезекті әрекеттерінің жүйесі және мақсатқа жетудің жолы ретінде түсінгеніміз дұрыс.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру мақсатына жету тиімділігі қолданылатын әдістер мен құралдарға байланысты. Оқу процесін ұйымдастыру барысында оқытудың мына түрлері қолданылу тиімді: лекциялар, семинар сабақтары, тәжірибелік және зертханалық сабақтар, консультациялар, өзіндік жұмыстар, зерттеу жұмыстары. Қолданылатын әдістерді екі топқа бөлуге болады: - дәстүрлі (лекциялар, әңгімелесу, әдебиетпен жұмыс, зертханалық жұмыс және т.б.); - дәстүрлі емес (гипертекстілі түрдегі, on-line (of-line) конференциялар және консультациялар, виртуальды кітапханалармен жұмыс). Әдістемелік құралдар екі топтан құралуы мүмкін. әдістемелік әдебиет (оқулықтар, оқу-әдістемелік құралы, ғылыми-әдістемелік әдебиет, дәрістер, әдістемелік рекомендациялар және т.б.) және оқытудың көрнекілік құралдары (демонстрациялық кестелер, дәрістердің электронды түрлері, тәжірибелік және зертханалық жұмыстарды жасауға арналған тарату материалдар).

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру бойынша оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру барысында қолданылған әдістердің сипаттамасына тоқталайық.

Жоспарланған аудиториялық және аудиториядан тыс жұмыстарды, студенттердің өзіндік жұмыстарын іске асыру үшін түрлі әдістер (оның ішінде дәстүрлі де, инновациялық та әдістер бар) қолданылады. Әдістерді таңдау барысында студент тұлғасына, оның сұраныстары мен қызығушылықтарына, оның өзіндік дамуына, сапалы білімдер, кәсіби дағдылар алуға белсенді қатысуына және нақты мақсаттарды шешуге бағдар алу қажет.

Контекстік тұрғыдан келуге байланысты болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру процесінде студентті іс-әрекеттің белсенді субъектісі деңгейінде шығаратын оқыту мен тәрбиелеудің «белсенді» әдістері мен формаларына басымдық берілді. Белсенді әдістерді қолдану білім алушының ойлау қабілетін оның көңіл-күйінен тыс белсендіруге, ұзақ уақыт бойы бір мақсатқа жетуге бағытталған процеске қатыстыруға, оларды өз бетімен шығармашылықпен шешім қабылдауға итермелеуге, оң интеллектуалдық эмоциялар есебінен студенттің уәждік деңгейін көтеруге, тек қана танымдық емес, сонымен бірге кәсіби түрткілерді қалыптастыруға және болашақ кәсіби іс-әрекеті туралы тұтас көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру проблемалық оқытуды, жобалар әдісін, рольдік ойындарды, дөңгелек стол әдісін, пікірталастар, т.б. әдістерді қолдану арқылы мүмкін болады.

Проблемалық оқыту білім алушылардың жаңа білімдерді тиісті проблемалық жағдаяттарда теориялық және практикалық мәселелерді, стандартты емес міндеттерді шешу арқылы алуға негізделеді (В. Оконь, М. И. Махмутов, А. М. Матюшкин, Т. В. Кудрявцев, И. Я. Лернер және т.б.) проблемалық міндеттерді шешуде ойлау процесі максималды деңгейде көрінеді және дамиды. Проблемалық оқытудың үш әдісі қолданылды: проблемалық баяндау, жекелей-ізденушілік іс-әрекет және студенттердің өзіндік зерттеушілік іс-әрекеттері. Бұл әдіс орындаушылық іс-әрекеттен шығармашылық іс-әрекетке көшуге көпір болып табылады және проблемалық сұрақ қоюды, проблемалық міндеттерді құруды көздейді. Проблемалық баяндау студенттердің өздерін қорытынды жасауға итермелейтін продуктивті (нәтижелі) іс-әрекетін ұйымдастыруға мұрындық болды. Оқытушы білімдер мен іскерліктер береді. Студенттерде қызығушылық проблемаға байланысты туындап, проблемалық мәселенің, сұрақтың шешімін (жауабын) іздеумен және табумен байланысты ой еңбегі процесінде дамыды.

Проблемалық семинарлар, практикалық сабақтар, эвристикалық әңгімелер барысында студенттерді мәселелерді өз бетімен шешуге біртіндеп тартуға мүмкіндік берген жекелей-ізденушілік әдіс қолданылады. Бұл әдіс оқытушының проблемалық сұрақтар жүйесін қоюын көздейді, олардың жауаптары студенттерде нақты кезеңде қалыптастырылған білімдер базасына сүйенеді, бірақ білім алушыларда интеллектуалдық қиындықтар туғызады, сол арқылы мақсатты бағытталған ойлау іс-әрекетіне негізделген ізденіс тудырады. Жекелей-ізденушілік әдістің мәні оның келесі сипаттық белгілерінде: студенттерге білімдер «дайын» күйінде берілмейді, оларды өз бетімен табу керек, оқытушы жаңа білімдерді хабарламайды, тек оларды түрлі құралдар арқылы қалай алуға болатынын көрсетеді; білім алушылар оқытушының жетекшілігімен өз беттерімен ойланады, туындаған танымдық міндеттерді шешеді, проблемалық жағдаяттар тудырып, оларды шешеді, талдайды, салыстырады, қорытады және тұжырымдар жасайды. Соның нәтижесінде оларда саналы алынған берік білімдер қалыптасады. Жекелей-ізденушілік әдісті пайдалану студенттердің нәтижелі іс-әрекетін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.



Зерттеушілік әдісі білімдерді шығармашылықпен игеруді қарастырады. Оның мәні – студенттердің мәселені өз бетімен анықтауында және оқытушының бақылауымен шешуінде. Бұл әдісті болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда қолдану нәтижелі болып табылады. Аталмыш әдіс арнайы курстың семинар және практикалық сабақтарында, ғылыми жобалар мен жазба жұмыстарын жасауда қолданылады.

Оқыту мен тәрбиелеу процесін белсендірудің педагогикалық құралдарының арасында маңызды орын алатын әдістердің бірі – кәсіби-бағдарланған ойын. А. А. Вербицкийдің айтуы бойынша, болашақ кәсіби іс-әрекеттің пәндік және әлеуметтік мазмұны оқыту және тәрбиелеу процесінде барлық дидактикалық және тәрбиелік құралдар, формалар, әдістер арқылы үлгіленеді, олардың ішінде ойын маңызды рольге ие.

Педагогикалық процестегі ойынның басқа әдістерден ерекшелігі – онда мамандардың нақты кәсіби іс-әрекеті шарттар мен ерекшеліктерінің кешенінде көрсетіледі. Басқаша айтқанда, ойында болашақ педагогтың кәсіби іс-әрекетін іске асыруының нақты жағдайын үлгілеу мүмкіндігі бар. Теориялық деңгей міндеттерін шешу барысында ұйымдастыру-іс-әрекеттік ойынға ерекше басымдық беріледі. Бұл әдіс үшін ойдың белгіліден белгісізге қарай қозғалысы тән. Ойынның мұндай түрі соңғы нәтижеге емес, білім алушыларды дұрыс бағытқа жетелейтін жолдарды табуға және әрекеттердің кейбірін өлшеу критерийлерін анықтауға бағытталған. Ойынның бұл түрінде ойлау іс-әрекеті «ми шабуылы» әдісі арқылы ұйымдастырылады. Ұйымдастыру-іс-әрекеттік ойын білім алушыларда стандартты емес ойлау қабілетінің дамуына әсер етіп, оларды ұжымдық бірлескен іс-әрекетке, ғылыми пікірталас мәдениетіне үйретті.

Эксперименттік оқыту барысында ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру үшін болашақ ұстаздарға іс-әрекетке құндылықтық қатынас тудыру қажеттігі туады. Сондықтан студенттерді өзіндік талдау мен рефлексияға ынталандыру арқылы педагогикалық болмыстың құбылыстарын эмоциялық қабылдауға әсер ететін жағдайлар жасауға тырысу қажет. Бұл міндетті шешуге жобалар әдісі көмектеседі. Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру үшін мұндай тұрғыдан келу нәтижелі болады, өйткені жобаларды жасау процесінде студенттер қалыптастырылып отырған феноменнің қыр-сырына қанығып, оның ерекшеліктерін жан-жақты білуге мүмкіндік алады.

Қарастырылып отырған жобалар әдісінің негізі болып дамыта оқыту тұжырымдамасы, яғни тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін болашақ ұстаздардың интеллектуалдық қасиеттерін дамыту процесін белсендіру, оқыту және тәрбиелеу процесінде ойлау-шығармашылық іс-әрекеті стилін жетілдіру арқылы жоғарылату болып табылады.

Студенттердің жобалар жасауға қатысуы оларда деонтологиялық даярлығының әр түрлі аспектілерінің қалыптасуына мүмкіндік береді. Оларды орындау барысында мынадай логикалық тізбек құрылады: мәселе қою → педагогикалық міндетті айқындау → болжам типіндегі талдау → педагогикалық құралдарды таңдау → іске асыру → педагогикалық құралдардың тиімділігін бағалау → нәтижелерді талдау → рефлексия.

Жобаларды орындауда студенттер жұмысының әртүлі формалары: психологиялық-педагогикалық, философиялық, әлеуметтанушылық, т.б. әдебиеттерді талдау; нормативтік және бағдарламалық құжаттарды талдау және аннотациялау; педагогикалық процесс сапасын эксперттік бағалау; ұлттық тәлім-тәрбие деруге деонтологиялық даярлықты қалыптастыру бойынша оқу-тәрбие жұмыстарын модельдеу; әдістемелік кестелерді, көрнекі құралдарды ресімдеу, оларды бейімдеу, т.б. қолданылады.

Жобаны жасау тұлғалық тәжірибе ауқымында қарастырылады. Жобаны құру жағдайы тек оның мәселесінің объективтілігінен ғана емес, бұл мәселенің алдын алудың педагогикалық іс-әрекет субъектісі үшін де маңызды болып табылатындығымен сипатталады. Жобаны қорғау кезеңінде студенттер ұсынылған мәселені шешудің логикасын жан-жақты талдағандықтан, оны қорғаушының жобаны жасау барысында (яғни мәселені шешу барысында) жіберген кемшіліктерін анықтағандықтан, жоба сәтті шықпаған күнде де оның оң педагогикалық мәнге ие болғандығын көрсетеді. Мәселені шешудегі (жобаны орындаудағы) қателерді түсіну студентке осы жобаны қайта орындауға түрткі болды және мәселеге деген басқа студенттердің қызығушылығын арттыра түсті. Мұндай жұмыстардың жасалу жолдарын талдаудың өзі студенттердің өзіндік бағалауын қалыптастыратынын, өз іс-әрекетін алынған білім, іскерлік және дағдыларға сәйкес саналы реттеу қабілетін дамытатынын ескерсек, жобалар әдісінің болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру үшін маңыздылығының зор екендігі көрінеді.

Дәріс немесе семинар сабағының мақсаты белгілі бір білімдер мен іскерліктер қалыптастыру болып табылған жағдайда студенттердің танымдық іс-әрекетін белсендіру әдістері (түсіндіру-иллюстрациялық, репродуктивті, проблемалық баяндау, жекелей-ізденушілік, жекелей-зерттеушілік), аналитикалық ойлауды дамытатын әдістер (ойлау операцияларын пайдалану арқылы міндеттерді шешу, практикалық іс-әрекетті талдау) қолданылды. Практикалық сабақ белгілі бір алгоритм (әрекет, операциялар) құрастыру дағдыларын дамытуға және бекітуге бағытталған болса, аналитикалық және генерациялық ойлауды дамытатын әдістер (ойлау операцияларын пайдалану арқылы міндеттерді шешу, ойын, жағдаятты модельдеу, практикалық әрекетті модельдеу, т.б.) қолданылады.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру формаларын таңдауда ең алдымен қолданылатын әдістерді, нақты жұмыстың мақсатын, міндеттерін және мазмұнын, оған жұмсалатын уақыт көлемін, білім алушылардың дайындық деңгейін есепке алу қажет. Осы аталған параметрлерді ескере отырып болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру бойынша оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырудың негізгі формалары ретінде дәріс, семинар, практикалық және өзіндік жұмыс, кураторлық сағаттар, тәрбиелік шаралар таңдалады.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру аудиториялық және аудиториядан тыс, сол сияқты студенттердің өзіндік жұмыстары арқылы өткізілді, олардың әрқайсысының өз ішінде студенттермен жұмысты ұйымдастырудың фронтальды, топтық және жеке формалары қолданылады.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда қолданылған негізгі ұйымдастыру формаларына тоқтала кетейік.

Дәріс сабақтары. Жоғары оқу орнындағы дәріс кез келген оқу пәнін оқытудың дидактикалық циклінің басты буыны болып табылады, себебі оқу процесінде студенттерді оқытудың дәрістік формасын басқалары алмастыра алмайтын жағдайлар бар. Әсіресе дәріс оқу ақпаратының негізгі көзі болып табылатын біздің жағдайымыз үшін ерекше көкейкесті болып табылады.

Айтып отырған даярлықты қалыптастыру үшін негізінен проблемалық дәрістерге сүйенуге болады. Ол бойынша ең алдымен практикалық жағдаят ұсынылды, содан соң студенттерде бар білімдерге сүйене отырып, оның бастапқы параметрлері талданды, жаңа білімді игеруге жетіспейтін мүмкіндіктер қарастырылып беріледі. Бұдан кейін оқтушының қатысуымен топтық жұмыс ұйымдастырылды, оның барысында студенттер қарастырылып отырған тақырыптың мәселелері бойынша жүйелі білімдер алады. Дәріс-пікірталас (дәрістік баяндауды пікір алмасумен кезектестіру), дәріс-консультация (тақырыптың басты мәселелерін қрастырғаннан кейін студенттердің кейбір мәселе бойынша сұрақтарына жауап беру), конспект-дәріс (негізгі мәселелерге қысқаша тоқталғаннан кейін студенттерге алдын ала берілген материалдарды талқылау) тәрізді дәріс түрлеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар дәрістерде көрнекі құралдарды (сызбалар, кестелер, графиктер, суреттер, т.б.) кеңінен пайдалану дәріс барысындағы студенттердің танымдық іс-әрекеттерін белсендіруге мүмкіндік береді.



Практикалық сабақтар. Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру олардың тұлғалық қасиеттерін дамытумен тікелей байланысты болғандықтан алынған теориялық білімдерді практикада қолдану мүмкіншілігі осы сабақтарда қарастырылады.

Практикалық сабақ оқыту формасы ретінде кәсіби оқытудың қолданбалы жағын қамтамасыз етеді, студенттердің теориялық білімдері мен практикалық іскерліктері мен дағдыларын оқу-зерттеу процесінде ендіруге ықпал етеді. Теория мен практиканың осылайша кірігуі студенттердің танымдық іс-әрекетін белсендіруге мұрындық болады және оқу ақпаратын неғұрлым нақты және берік игеруге мүмкіндік бераді. Практикалық сабақтар барысында студенттер олардан қабылданатын шешімдерде дербестікті, терең білімдерді, шығармашылық инициативаны талап ететін нақты бағыттағы өзіндік практикалық іс-әрекетпен бетпе-бет жүздеседі.

Практикалық сабақтардың әр тақырыбы үшін күрделілік деңгейі әр түрлі топтық және дара оқу-шығармашылық тапсырмалар мен жаттығулар кешені жасалды, олар студенттерде тиісті деңгейде ұлттық тәлім-тәрбие берудің іскерліктері мен дағдыларын кезеңдермен қалыптастыруға, белсенді танымдық іс-әрекетті, оқу міндеттерін шешуде шығармашылық пен дербестікті дамытуға бағытталады. Тапсырмалар мен жаттығулар кешенін іріктеуде, құрастыруда және жүйелеуде біз олардың мақсаттылығы мен студенттердің орындау мүмкіндігін есепке алу қажет.

Семинар сабақтары. Оқып-үйренудің негізгі формасының бірі – семинар сабақтары болып табылады. Оның ішінде зерттеушілік сипаттағы семинар түрін таңдап алу өте тиімді. Болашақ ұстаздың бұл даярлығы қалыптастыру процесімен байланысты, ал қалыптастыру тәжірибе жүзінде жүруі керек. Оқытуды ұйымдастырудың бұл формасы студенттер дәріс және өзіндік жұмыстар барысында алған білімдерді тереңдетуге және бекітуге, ізденіс дағдыларын қалыптастыруға, оқу материалын қорытуға және жүйелеуге, оларды дұрыс жеткізуге үйретуге, өз көзқарасын дәлелдей білу іскерлігін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Уәжді күшейту үшін теориялық материалдың болашақ кәсіби іс-әрекетпен байланысын ашып көрсету тәрізді тәсілдерді пайдалануға болады.

Студенттердің көпшілігі пассивті роль атқаруға мәжбүр болатын семинар сабақтарында (мысалы, рефераттар, баяндамалар тыңдау кезінде) білім алушылардың танымдық іс-әрекетін, олардың ойлау қабілетін белсендендіру үшін топқа тыңдаған немесе көрген материалын қорыту, тұжырымдау, талдау сияқты нақты тапсырмалар құрастырылады.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру мақсатында семинар сабақтарының проблемалық семинар, семинар-пікірталас, «дөңгелек стол», реферативтік семинар сияқты түрлері таңдалып алынады.

Сабақтың мақсаты шығармашылық іскерліктер мен дағдылар қалыптастырумен, шығармашылық кәсіби бағдарланған ойлауды дамытумен байланысты болған жағдайда проблемалық семинар өткізіледі. Семинар-пікірталас өз ойын жеткізу және көзқарасын дәлелдеу іскерлігін дамытуда үлкен мәнге ие екендігі көрінеді. Зерттеушілік семинарда білім алушылар қойылған сұрақтарды олардың өздері жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысы ретінде ашады. Реферативтік семинарлар үшін студенттер өзара байланысты жекелеген сұрақтар бойынша рефераттар дайындап, оларды белсенді талқылау барысында қорғайды.

Дөңгелек стол басындағы кездесулер негізіне қарастырылып отырған мәселе бойынша мамандардың қатысуымен ұжымдық тақылау принципі алынады. Ұжымдық талқылау барысында студенттер өздері сабақтар барысында алған теориялық білімдері және практикалық іскерліктері мен дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады. Оның үстіне, мамандардың талқылауға қызығушылықпен қатысуы, оған мол эмпирикалық және теориялық материалдар жинақтап, дайындықпен келуі білім алушыларда бұл мәселенің бүгінгі күнгі көкейкестілігі туралы тұрақты көзқарас қалыптастыруға септігін тигізді, соның нәтижесінде студенттер ұлттық тәлім-тәрбие бағыттары, ол тәрбие түрінің қоғамға қажеттілігі, маңыздылығына көз жеткізді деп айтуға болады. Сол сияқты, бұл «дөңгелек столдың» студенттер үшін тағы бір оң жағы – оларда өз көзқарастары мен бағдарларын нақты, деректер мен фактілер арқылы жеткізу және дәлелдеу іскерлігі беки түседі.

Аудиториядан тыс жұмыстар. Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға бағытталған аудиториядан тыс жұмыстар жүйесі пәндер бойынша студенттердің өзіндік жұмыстарын, кураторлық сағаттар мен жатақханада өткізілетін шараларды қамтиды. Олар студенттердің шығармашылық іскерліктерін қалыптастыруға, сол арқылы қажетті білімдерді (қалыптастырылатын феномен бойынша) бекітуге бағытталған. Енді осы жүйе элементтеріне жекелеп сипаттама берейік. Студенттердің аудиториядан тыс өзіндік жұмыстарына аудиториялық сабақтарға (дәрістерге, семинар және практикалық сабақтарға) даярлық, тақырыптық жоспарға сәйкес жекелеген тақырыптар мен сұрақтарды өз бетімен оқып-үйрену, оқу және шығармашылық жұмыстарды өз бетімен орындау, жоба бақылау жұмыстарын орындау, рефераттар мен хабарламалар, баяндамалар дайындау, барлық бақылау түрлеріне дайындалу жатады.

Студенттердің өзіндік жұмыстары (СӨЖ) болашақ мамандарды даярлаудың және өз бетімен жұмыс істеуге үйретудің ең басты резерві болып саналады. Ол бүгінгі күні жоғары білім берудің өзгеріске түсуімен түсіндіріледі және кез келген саланың маманын, әсіресе ұстаздың кейде өз әрекетінен алшақ жатқан әрекеттерді де меңгеруге итермелейді. Осыған байланысты жоғары оқу орындары түлегінің ақыл-ой еңбегін жоғары деңгейде меңгеруі талап етіледі, яғни аз уақыт пен аз шығын жұмсай отырып қажетті ақпаратты тез арада игеру, фактіні, теория мен концепцияларды жүйелеу мен жіктеу, күрделі дау туғызатын жағдайды шеше білу, өз көзқарасын толық, анық түрде жеткізу, ғылыми даулы мәселеде шындықты айыра білу, өзінің жеке дамытқан білімі арқылы өндірістік жағдайларды шеше білу талап етіледі.

Сонымен қатар, тек өзіндік жұмыс жасау арқылы ғылыми білімді толық және жан-жақты түсіну, дағдыны қалыптастыру мен оны әртүрлі өмірдегі жағдайда қолдана білуді меңгеру мүмкін болады.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру барысында студенттердің өзіндік жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру білімді толық, терең әрі шығармашылықпен меңгеруді қамтамасыз етеді, жалпы педагогикалық, арнайы кәсіби, танымдық іскерліктер мен дағдылар қалыптастыруға, креативтілікті дамытуға, жауапкершілігі мен инициативасын арттыруға мүмкіндік береді.

Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде білім алушылардың өзіндік жұмысы туралы көп айтылған. Өзіндік жұмысты оқыту процесінде жүйелі түрде қолдану Е .Я. Голанттың, Р. М. Микельсонның, сондай–ақ кейіннен Б. П. Есиповтың жұмыстарында негізделген.

Б. П. Есипов өзіндік жұмыс арқылы білім алушылардың үйде немесе сабақта оқытушының қатысынсыз нақты бір тапсырманы орындау барысында танымдылық пен іскерліктерді, білім сапасын арттыру түсінігін қарастырады.

Студенттердің аудиториядан тыс міндетті өзіндік жұмысы аудиториялық сабақтың логикалық жалғасы болып табылады және оқу жоспары мен оқу бағдарламасымен анықталады. Оқу процесіне енгізілетін студенттердің өзіндік жұмыстары оқытушының қатысуынсыз жүргізіледі, ол тек қана осы жұмыс үшін белгілі уақытта тапсырма берумен шектеледі. Алайда, бұл жағдайда бөлінетін уақыт сабақ кестесімен реттелмейді. Студент өзінің мүмкіндігі мен еркіне қарай жұмыс режимін, уақытын анықтайды және аудиториялық сабақта бақыланып отырады. Әрбір өзіндік жұмыстың ауызша немесе жазбаша түрде сыртқы көрінісі болады.

Өзіндік жұмысты ұйымдастырудың теориясы бойынша П. И. Пидкасистый жұмыстарды жалғастырушы, жаттығу, шығармашылық, зерттеу деп бөледі.

Е. Я. Голант логикалық бағыты бойынша өзіндік жұмыстарды фактіні бақылаушы және түсінік белгісін анықтаушы; құбылыстар арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты тану бойынша; оқығанды түсіну мен жалпылау бойынша; бірнеше құбылыстар арасынан әдеттегіні анықтау; фактілер арасындағы байланысты анықтау бойынша бөледі.

Р. М. Микельсон өзіндік жұмыстың басты мақсатын студенттердің бойына өзіндік білімін көтеру іскерлігі мен дағдысын қалыптастырудан көреді. Сондықтан өзіндік жұмыс жүргізу барысында студенттерге нақты білім берумен қатар, оларды өз бетімен білімін көтеруге білім алудағы даму мен өзіндік білім алу жұмыстарын дамытуға тарту керек.

Оқу әдебиетімен жұмыс істеу барысында технология бойынша әдебиеттердің, оқыту құралдарының көптігін ескере отырып студенттерге пән бойынша жұмыс бағдарламасын құрып, осы материалды табу жолдары көрсетіледі.

Студенттің оқу материалымен семестр барысындағы өзіндік жұмысын ынталандырудың тиімді құралы оқытушының материалды бақылауы болып табылады. Ол коллоквиум, зертханалық жұмысты қорғау және курстың жеке тараулары бойынша тест алу. Бұл жерде бағдарламаланған бақылауды қолдану (компьютерлік) көпшілік жағдайда ағымдық бақылауды өткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Алуан түрлі әдістер арқылы болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруды тұтастық педагогикалық жүйеде жүргізуге болады. Ал енді осы тәжірибені қандай жолдармен бақылау және бағалауды іске асыруға болады? Соған тоқталсақ.

Оқылатын материалды игерудің талап етілетін деңгейлерін анықтау және оларды нақты беру оқытушыға болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда сапалы жұмыс істеуге, сол сияқты түрлі кезеңдерде білім сапасын бақылау үшін тиісті диагностикалық материалдар пакетін жасау мақсатымен білімдерді саралауға мүмкіндік береді.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыруды педагогикалық процесс ретінде басқару бағалау мен бақылауды, яғни оның қызмет етуінің, деңгейдің қалыптастыру мақсатына сәйкестігінің тиімділігін тексерудің белгілі бір жүйесін жасауды талап етеді.

Нәтижелерді бағалау және бақылау оқыту әдістемесінің және технологиясының міндетті компоненті болып табылатындықтан педагогикалық процестің мақсатты-бағытталуын және басқарылуын қамтамасыз етеді. Бағалау және бақылау арқылы болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың мақсаты мен мазмұнын нақтылауға, ұйымдастыру формалары мен әдістерді таңдау тұрғыларын қайта қарауға немесе басқаша айтқанда осы тәжірибені принципиальды түрде қайта құруға мүмкіндік береді. Бақылау және бағалау тәжірибенің мақсат, мазмұн, болжам, шешім, әрекеттерді ұйымдастыру және орындау, коммуникация сияқты элементтеріне әсерін тигізеді. Оқыту және тәрбиелеу нәтижелерін бақылау және бағалау диагностикалау элементі ретінде нәтижесі фактілерді қарапайым констатациялау болып табылмайтын, керісінше оларды таба алу жолдары мен тәсілдері болып табылатын оқу-тәрбие процесінің жүргізілу барысының нәтижелілігін дер кезінде анықтауға, бағалауға және талдауға мүмкіндік жасайды, сонымен қатар, зерттеу пәні болып отырған феноменнің қалыптасуының динамикасын анықтайды.

Қазіргі педагогикалық әдебиетте педагогикалық бақылаудың бірнеше функциясы көрсетіледі. Олардың ішіндегі негізгілері диагностикалық, білім беру, ұйымдастырушылық, тәрбиелеу, бақылау-бағалау функциялары. (В. С. Аванесов, С. И. Архангельский, В. П. Беспалько).

Сол сияқты педагогикалық әдебиеттерде бақылау әдістеріне де өзіндік анықтама берілген. көптеген ғалымдар бақылау әдістерін білім алушылардың әс-әрекетінің әр түрлерінің және оқытушының педагогикалық жұмысының нәтижелігі анықталатын тәсілдер жиынтығы (ауызша, жазбаша, практикалық (лабораториялық), машиналық бақылау, оқушылардың өзін-өзі бақылауы ретінде түсіндіреді.

Жасалған зерттеудің тиімділігін бақылау жүйесін анықтауда біз бақылау және бағалау жүйесіне қойылатын дидактикалық талаптарды басшылыққа алдық, бұлар: даралық сипат; әдістемені іске асырудың барлық кезеңіндегі бақылаудың жүйелілігі және тұрақтылығы; өткізу формаларының әртүрлілігі; жан-жақтылығы; бақылаудың объективтілігі; саралық тұрғыдан келу, бірдей талап қою. Аталған талаптар арқылы жоғары оқу орнындағы бақылауды ұйымдастырудың ғылымилық, жүйелілік, жан-жақтылық, объективтілік принциптері жүзеге асады.

Сонымен, болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру мақсатында негізінен төмендегі бақылау түрлері қолданыла алады:

1) пәнді, ірі дидактикалық бірлікті немесе тәрбиелік шараны өткізуден бұрын алдын ала бақылау–тестілер және тестілік тапсырмалар формасында;

2) топтық сабақтарда, шараларда жүзеге асырылатын ағымдық бақылау – ауызша және жазбаша сұрау формасында;

3) жеке оқу тақырыптарын, шараларды өткізгеннен кейін жүргізілетін аралық бақылау–тестілік тапсырмалар, жазба жұмыстары формасында;

4) арнайы курсты оқып-үйренуден кейін жүргізілетін қорытынды бақылау – сынақ формасында.

Жоғарыда аталған бақылаудың барлық әдістері мен формалары оқыту мен тәрбиелеудің мақсаттарына, нақты құрылған жағдаятқа сәйкес кешенді қолданылады.

Студенттің оқу материалымен семестр барысындағы өзіндік жұмысын ынталандырудың тиімді құралы оқытушының материалды бақылауы болып табылады. Ол коллоквиум, зертханалық жұмысты қорғау және курстың жеке тараулары бойынша тест алу. Бұл жерде бағдарламаланған бақылауды қолдану (компьютерлік) көпшілік жағдайда ағымдық бақылауды өткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаланған бақылау студенттің бірнеше ұсынылған жауап ішінен жауапты іздеуін меңзейді. Бұл жерде барлық жауаптар ішінен тек қана біреуі дұрыс болуы керек. Алайда, бұл жағдайда алып тастау әдісі бойынша тапсырманы орындау мүмкіндігі туындайды, ал ол ойлаудың тиімділігін кемітеді, студент бұл жерде дұрыс жауап міндетті түрде болатынын біледі.

Бұл әсіресе келтірілген жауап ішінде бірінші кезекте алып тастайтын дұрыс еместері, тіпті ақылға сиымсыз жауап болғанда көрінеді. Сонымен қатар, тапсырма орындау барысында бұл әдісті дұрысқа саятын жауапты құрудың қиындығына байланысты қоспау мүмкін емес. Шындыққа саятын жауап құру барысында әдетте қандайда бір деңгейде дұрыс жауапқа қарағанда толық емес жауап беру керек болады. Бұл жағдайда студент білімі аз болса да салыстыра отырып жауапты тауып алады.

Болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығының қалыптасуын бақылауда психологиялық тестілік бақылау қолданудың мүмкіндігі зор. Ол олардың ойлау әрекеттерін көтеруге мүмкіндік береді, яғни олардың бар білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Осы міндеттерге бақылау тапсырмаларын қою тиімділігін арттыру үшін арнайы талап қойылады. Біріншіден, осы жауаптар ауытқуына байланысты жауаптарда белгілі бір диапазон болуы керек. Екіншіден, олар қандайда бір сұраққа жауап беру кезіндегі типтік қатеге сәйкес болуы тиіс. Ең соңында оларға «Дұрыс жауап жоқ» жауабын да енгізу қажет, бұл жауапты студент типтік емес қате жібергенде таңдап алады.

Студенттердің білімін тексеру бақылауының түріне қарай олардың үйлесімдігін қарастыра отырып, таңдаулы және конструктивті жауапты таңдаған дұрыс.

Тест көмегімен ағымдағы (аралық) бақылау жүргізу студенттердің семестр барысындағы оқу материалдары бойынша өзіндік жұмыстарын ынталандыруға әрі оларды қорытынды бақылауға дұрыстап дайындауға көмектеседі.

Әрбір ірі дидактикалық бірлік (бөлім, тақырып) үшін әр түрдегі бақылау-тестілік тапсырмалар даярланды (ашық, жабық, сәйкестендіруге арналған, дұрыс ретін көрсетуге арналған). Оларды пайдаланудың негізгі міндеті студенттердің материалдарды игеру сапасын анықтау болды, ал бұл өз кезегінде ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлықты қалыптастырудың келесі кезеңдеріне өту үшін қажетті білімдердің қалыптасқандығын бақылауға және бұл үшін студенттердегі қызығушылық деңгейінің қаншалықты дәрежеде екендігін анықтауға мүмкіндік береді.

Студенттердің ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың бір жолы – аудиториядан тыс жұмыстарды ұйымдастыруда ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың мәселелерін үнемі ескеру және назарда ұстау болып табылады. Бұл тәрбие процесін демократияландырумен тікелей байланысты.

Тәрбие процесін демократияландыруға мыналар кіреді:

- тәрбие процесіне қатысушылардың барлығының мүддесін есепке алу;

- өзіндік басқару мен өзін көрсетуді қолдау және марапаттау;

- әкімшілік-әміршілдік басқарудың орнына тең құқықтық қарым-қатынасты қалыптастыру;

- педагогикалық қоғамдастықтың міндетті түрде орындалу қажет нормалар мен құқықтарын қабылдауы;

- ұстаздар мен әкімшіліктің педагогикалық процесте тең праволы қарым қатынас жүргізуге дайындығы;

- аздың мүддесін қорғауға, келіссөздер жүргізуге келісімге келуге дайындығы;

- субъект-объектілік қарым-қатынастан субъект-объект-субъектілік қарым-қатынасқа ауысу.

Тәрбие беру процесін ұйымдастыру барысында қандайда бір шараға дайындалып оны оқытушылардың, кураторлардың өткізуі ғана маңызды емес, онда білім алушылардың қарым-қатынасы, активтерді құру, лидермен жұмыс командасын дайындау маңызды.

Жоғарыда келтірілген болашақ ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың теориялық моделін іске асыру біздің зерттеуіміздің мақсатын жүзеге асыруға, сол арқылы болжамды тексеруге мүмкіндік берді. Оны жүзеге асыруда біз ең алдымен оң психологиялық климат қалыптастыруды, сол арқылы феноменді қалыптастыруда нәтижеге жетуді көздедік. Ол үшін оң психологиялық климат критерийлерін анықтадық.

Дұрыс тәрбиелеудің маңызды критерийлері – білім беру мекемелерін құру оң психологиялық климат пен белсенді түрдегі тәрбие беру ортасын қалыптастыру. Осының барлығы мына көрсеткіштерді сипаттайды:

– ұжымдағы қарым-қатынастардың мажорлық тондығы, оның тұтастығы;

– осы ұжымда жұмыс істеуге мақтану;

– педагогикалық процеске қатысушылардың өз әрекеттерінен қанағат алуы;

– ұжымдық дәстүрлердің маңыздылығы;

– ұжымда өзара түсіністік пен өзара сыйлаушылықты арттыру;

– сынау конструктивтік түрде және позитивті түрде болуы;

– әрбір адамның жетістігі ескеріліп дер кезінде реттелуі;

– ұжым мүшелері ерікті түрде қоғамдық-педагогикалық әрекеттермен айналысады;

– ұжымның қарым-қатынасының негізінде деонтологиялық принциптің болуы;

– басқарудың демократиялығы;

– ұжым әкімшілігінің ұжымның әрбір мүшесінің табысқа қол жеткізуі үшін жағдай жасауы;

– білім беру процесіндегі дұрыс эмоционалдық орта;

– өзара әрекеттестік, жетекшілік ету, бірлесіп жобалау мен зерттеулер жүргізу мен сабаққа дайындалу әдісі көп қолданылады.

Осыларды анықтау зерттеу жұмысын табысты жүргізуге мүмкіндік беретіні анық. Яғни, болашақ мамандардың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығын қалыптастыру процесінде ең алдымен ұжымда комфортты қарым-қатынас орнату қажет, бұл қажетті шарттардың іске асуының кепілі болып табылады. Бұл жерде қазақстандық ғалым К. М. Кертаеваның еңбектері үлкен көмек береді.


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> А. Ф. Зейнулина филология ғылымдарының кандидаты, профессор
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте әдебиетті білімденудің инновациялық технологияларымен оқыту
transactions -> МӘШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері
transactions -> М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы
transactions -> Қазақ фольклорын зерттеу мәселелері: ХХ ғасырдың бірінші жартысы
transactions -> Табиғи орта жағдайын бақылау «Мониторинг принциптері және типтері»
transactions -> МӘШҺҮртану ғылыми-практикалық орталығЫ
transactions -> Р. М. Муталиева қазіргі қазақ әдебиеті


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет