Демеуова нұРГҮЛ ҚажымұҚАНҚызы XIX ғ. екінші жартысы – XX ғ. басындағы Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелер: тарихи талдау



жүктеу 451.32 Kb.
бет1/3
Дата25.04.2016
өлшемі451.32 Kb.
түріДиссертация
  1   2   3
: images -> stories -> downloads -> avtoreferaty
avtoreferaty -> Боранбаева бақтылы сансызбайқызы ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық саяси қызметі
avtoreferaty -> Хайдаров есқайрат ерболатұлы XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы: тарих және тағылым
avtoreferaty -> Әож 94(574. 1): 332 021(043) Қолжазба құқығында
avtoreferaty -> Бердіғожин лесқали базарғалиұлы қазақстанның мұнай-газ өндірісі саласындағы жұмысшы, инженер- техникалық кадрларының қалыптасуы және өсуі
avtoreferaty -> Аликулова нұрлыгүл сапақҚызы ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік экономикалық жағдайы
avtoreferaty -> Ахметова ұлжан төлегенқызы орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының құрылуы және қызметі
avtoreferaty -> Салмырза жайна ізбасарқызы сыр өңірі қазақтарының азаттық қозғалысы
avtoreferaty -> Дюсенгалиева мерзат ғҰбайдоллақызы бөкей Ордасындағы сауда-саттық және кәсіпкерлік
avtoreferaty -> Әож 94 (574. 1): 664. 95 (574. 1) Қолжазба құқығында
avtoreferaty -> Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны
ӘӨЖ 94(574) «18/19» Қолжазба құқығында

ДЕМЕУОВА НҰРГҮЛ ҚАЖЫМҰҚАНҚЫЗЫ

XIX ғ. екінші жартысы – XX ғ. басындағы Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелер: тарихи талдау (1867-1917 жж.)

07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Орал, 2010

Жұмыс Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының

Қазақстан Республикасының тарихы кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор А.Н.Абдоллаев

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Х. Табылдиев

тарих ғылымдарының

кандидаты И.Ө.Исенов

Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ Ұлттық

педагогикалық университетінің

Қазақстан тарихы кафедрасы

Диссертация 2010 жылы 31 мамыр күні сағат 10.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162.


Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасынан танысуға болады.
Автореферат 2010 жылы 30 сәуір таратылды.

Диссертациялық Кеңестің

Ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы ,

профессор Б.Г.Шинтимирова



КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі. Еліміз егемендік алған сәттен басталған саяси-экономикалық, әлеуметтік реформаларды нәтижелі жүргізіп, әлемдік деңгейде даму үшін төл тарихымыздың ақиқатын ашу керектігі күн тәртібінде тұрды. Өркениетке бет бұрған әр халық, әр ел өткен тарихын танып білуі қажет. Өйткені ұлттық тарихты білуге ұмтылу тек өткенге қызығушылықтан емес, болашаққа межелеген мақсаттардың маңыздылық дәрежесін түйсінуден туындайды. Уақыт алға жылжыған сайын өткенді біліп, тарихты таразылау қажеттігі айқын байқалады.

Тәуелсіздік тұғырын иеленген Қазақстан халқы өзінің өткен тарихын танып-білуге шұғыл қадам жасауда. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Халқымыздың тарихы - соғыстардың, әскери жеңістер мен жеңілістердің ғана тарихы емес. Оның қашаннан да жасампаздық сипаты бар. Мемлекет құрып, оны нығайту, қалалар салу, керуен жолдарын тарту, ғылыми трактаттар жазу, төл мәдениетін қалыптастыру - бәрі-бәрі де жасампаздыққа жатады» - деп, Отан тарихының маңыздылығын әділ атап көрсетті [1, 200б]. Елдің егемендігі жария болған кезден ғалымдарымыз өткен жолымызды зерттеп негіздеуге күш-жігерін жұмсауда.



Қазақ даласы түрлі өркениеттер мен мәдениеттер, халықтарды араластырып отырған аймақ болып табылады. Қазақ даласы ұзақ жылдар бойы көршілес елдер мен отырықшы, көшпенді халықтардың бір-бірімен толассыз сауда-экономикалық байланысын жүргізген жері болып есептелді. ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасыр басында Қазақстанның батыс аймағында сауда-саттық ісі өркендеген болатын. Сауда-саттық ісі елдің экономикалық дамуының барысын, қуатын білдіреді, халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігі мен ахуалына оң ықпалын тигізеді. Соған байланысты, тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы сауда ісінің барысын айқындау, оны ғылыми тұрғыда сараптаудың маңызы ерекше. Қазақстанның батыс аймағындағы жәрмеңкелер тарихы ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушілері мен ғалымдарының еңбектерінде баяндалды. Одан кейін бұл тақырыпқа кеңестік дәуірде көптеген зерттеу еңбектері мен монографиялар арналды. Тәуелсіздік жағдайында жарыққа шығарылған еңбектерде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы шаруашылық, сауда ісінің тарихы ұлттық тұрғыдан сарапталды. Бұл еңбектердің көпшілігінде сауда-экономикалық байланыстар, Ішкі Ордада алғашқы ашылған жәрмеңке, оның сауда айналымы, сатылған тауар түрлері, жекелеген жәрмеңкелердің тарихы қарастырылады. Бұл сол тұстағы аймақта қалыптасып, сауданың орталығына айналған жәрмеңкелер желісінің жүйелі зерттелмеген тұстары көп екендігін көрсетеді. Ал, Қазақстанның батыс аймағындағы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы жәрмеңкелер, олардың атқарған рөлі, жәрмеңке саудасындағы жетістіктер, қарама-қайшылықтар, маусымдық жәрмеңкелердің қалыптасуындағы ерекшеліктер нақты талдауды талап етеді. Жәрмеңкелер тарихын зерттеп, бұл істің аймақтағы ахуалын ғылыми жолмен айқындап, көпшілікке жариялау маңызды міндеттердің бірі. Батыс өңірінің ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басында қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық даму жүйесінде жәрмеңкелердің маңызы ерекше болды.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тақырыпқа арналған алғашқы еңбектердің тобы ХІХ ғасырдың екінші жартысында жарық көре бастады. Батыс Қазақстандағы сауда ісінің өркендеуі, жәрмеңкелік сауда тарихын зерделеуге Қазан төңкерісіне дейін орыс тарихнамасы көп үлес қосты. Зерттеуші-ғалымдар Батыс Қазақстандағы жәрмеңке саудасының даму мәселесі бойынша көлемді мәліметтер жинақтады. Осы уақытта қазақ даласындағы сауда қарым-қатынастарының, тауар-ақша айналымының дамығандығын баяндайтын бірқатар еңбектер жарық көрді. Солардың бірі «Материалы по статистике, географии, истории и этнографии Оренбургской губернии» [2] атты жинақ кітабы болып табылады. Онда 1875 жылғы Орынбор айырбас сарайындағы сауданың мән-жайы, барысы сипатталады. Сонымен бірге, Орынбор айырбас саудасынан басқа Ақтөбе, Ырғыз, Елек, Торғай сынды әртүрлі далалық сауда нүктелері болғандығы, дала халқының шаруашылық тауарларын малға айырбастап немесе ақшаға сатқандығы айтылады. ХІХ ғасырдың аяғында жарық көрген еңбектердің көпшілігі қазақ даласында алғаш рет ұйымдастырылып, жұмыс жасаған Ішкі Ордадағы сауда ісі мен жәрмеңкелер тарихына арналды. Қазақстандағы сауда ісінің дамуы, тауар айналымы туралы еңбектер жазған зерттеушілердің бірі А.Н.Тетеревников болатын. А.Н.Тетеревниковтың [3] еңбегінде қазақ жеріндегі сауда ісінің даму барысы, ондағы ерекшеліктері сарапталады. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы сауда ісінің даму тарихын зерттеу жұмыстары бұдан кейінгі уақыттарда жалғасын тапты. Қазақстандағы алғашқы жәрмеңке ашылған Бөкей Ордасының экономикасы, ондағы сауда айналымы туралы ғылыми зерттеулер жарияланды. Солардың бірі А.Н.Харузиннің еңбегін атауға болады [4]. Аталмыш еңбекте Хан Ордасындағы жұмыс жасаған жәрмеңкелер толық сипатталады. Сонымен бірге, И.С.Ивановтың, А.Е.Алекторовтың [5] еңбектерінде қазақ даласындағы кәсіпкерлік, Ішкі Ордадағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ерекшеліктері мен сауда қарым-қатынастарының барысы баяндалады. А.И.Добросмысловтың, И.Аничковтың тарихи зерттеулерінде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық өмірі туралы көптеген мәліметтер беріледі [6].

Қазақстандағы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы аймақтық сауданың қалыптасуында Орынбор айырбас сарайының маңызы зор болды. Бұл сауда нүктесі қазақ даласындағы сауданың дамуына серпін берді. Орынбор айырбас сарайының қызметі туралы Д.Гельмгольцтың еңбегін ерекшелеуге болады. Еңбекте ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында жәрмеңке саудасының өрістегендігін, сатылып, айырбасталған тауарлардың тізімдері айқындалады [7]. Тарихшы Т.Седельников «Борьба за землю в Киргизской степи» аты еңбегінде ХІХ ғасыр аяғындағы қазақ халқының отырықшы егіншілікті шаруашылыққа өтуі салдарына талдау жасайды. Осы уақытта қалыптасқан бірнеше шаруашылық түрлерінің қалыптасқандығын, дамығандығын көрсетеді [8]. 1911 жылы жарық көрген В.И.Денисовтың «Ярмарки» атты еңбегінде ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасыр басындағы Қазақстан жеріндегі жәрмеңкелерге талдау жасалады [9]. Онда далалық аймақтағы жәрмеңкелердің саны, жұмыс жасаған уақыты толық талданады. Қазақстанның батыс аймақтарындағы жәрмеңкелер тарихын зерттеу кеңестік дәуірде өз жалғасын тапты. Мысалы, П.Иванов Қазақстандағы жәрмеңкелердің желісін біртұтас шаруашылық-экономикалық жүйе ретінде қарастыра отырып, талдау жасайды [10].

Зерттеуші Б.Аспандияров өз монографиясында Бөкей Ордасының құрылу себептерін айқындай отырып, хандықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын, сауда ісі мен кәсіпкерліктің қалыптасу процесін талдаған [11]. Әсіресе, хан ордасындағы жәрмеңке, ондағы сауда айналымына сипаттама береді. Телжан Шонанұлы өз еңбегінде Ішкі Бөкей ордасындағы жер мәселесін талдай отырып, қазақ халқының саудаға айрықша мән беріп отырғандығын айтады [12].

Қазақ даласында жылдар бойы жұмыс жасаған жәрмеңкелердің қызметін, айырбас сауда желісіндегі отарлық сипаттың басымдылығын талдаған зерттеу еңбектерінің бірі Л.Граммаковтың «Меновая внешняя торговля Оренбургского края» атты еңбегі болып табылады [13]. Еңбекте ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы сауда-саттық ісі, тауар-ақша айналымы, қазақ даласындағы жәрмеңке саудасының өркендеуінде Орынбор айырбас сарайының маңызы ерекшеленеді. Сонымен қатар, Орынбор айырбас сарайының патша үкіметінің қазақ даласын отарлау саясатындағы бір нүктесі екендігін нақтылайды.

Зерттеуші ғалымдар Н.Г.Аполлова мен М.К.Рожкованың [14] зерттеулерінде Ресейдің ұлт аймақтарда жүргізген әлеуметтік экономикалық байланыстарының бағыты зерделенеді. Бұл еңбектер бай мұрағат құжаттарының негізінде жазылған. М.К.Рожкованың «Экономические связи России со Средней Азией в 40-е, 60-е годы ХIХ в» монографиясында ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда байланыстары артып, қазақ даласына астық, өнеркәсіп өнімдері, мата мақта өнімдері әкелініп, Қазақстаннан мал, мал өнімдері Ресейге тасылғандығы айқындалады. Қазақстан жеріндегі жәрмеңкелерге Саратов, Тамбов, Воронеж, Пенза, Мәскеу, Ярослав, Кострома, Рязань жерінен саудагерлер келгендігі айтылады. М.К.Рожкова өз зерттеуінде ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Орта Азия және Қазақстанмен саудада Орынбор кедені мен орынборлық көпестердің қызметін жоғары бағалайды. Н.Г.Аполлова керсінше, бұл уақытта батыс сібірлік көпестердің қызметінің күшейгендігін көрсетеді.

Г.А.Дихтярдың «Внутренняя торговля в дореволюционной России» атты еңбегінде ХІХ ғасырдың аяғы - ХХ ғасырдың басындағы Ресейдің ішкі саудасы және сауда капиталын орталықтандыру мен концентрациялау барысы талданады. ХІХ ғасырдың 60-90 жылдарындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қарым-қатынастары, жалпы саудадағы жәрмеңке саудасының үлесі А.Халфиннің зерттеуінде сипатталады [15].

Орал қаласындағы жәрмеңке саудасының тарихын, сауда айналымын, саудаға салынған тауарлардың түрлері Э.И.Герасимованың «Уральск (Исторический очерк) (1613-1917 гг.)» атты еңбегінде толық талданады. Мысалы, еңбекте: «Оралдағы ішкі сауданы екі санатқа бөліп қарауға болады: уақытша (облыс бойынша базарлар мен жәрмеңкелер және айырбас сарайлары) және тұрақты сауда (лавкалар, қаладағы дүкендер). ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарында жәрмеңкелер сауданы ұйымдастырудың негізгі формасы болды. ХІХ ғасырдың 70 жылдарында Орал қаласындағы ең ірі жәрмеңке Петровский жәрмеңкесі болатын. Ондағы сауда айналымы 1885 жылы 174584 сом болды», - делінген [16, с.86].

ХХ ғасырдың 60 жылдарында жарық көрген ғылыми зерттеулер мен монографиялардың қатарында Б.С.Сүлейменовтың зерттеуін ерекшелеуге болады [17]. Еңбекте автор Қазақстандағы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында отырықшы-егіншіліктің даму барысына тоқталады. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы сауданың сипаты, түрі, сауда капиталының қалыптасу мәселелері С.А.Сүндетовтың еңбегінде сарапталады [18]. Онда автор ХХ ғасырдың басында қазақ даласына сауда капиталының енуі, ақша қатынастарының дамуы Қазақстанда жергілікті рыноктардың қалыптасуына жағдай жасады деп түйіндейді. Қазақстандағы тауар-ақша қатынастарының өрістеуі, оның нәтижесінде қалыптасқан ұсақ, орта, ірі сауда буржуазиясының қалыптасу үрдістері Т.К.Литвинованың еңбектерінде талданады [19]. Әсіресе, сауда-саттық байланыстары барысында алыпсатарлар, саудагерлердің, делдалдардың қалыптасқандығын көрсетіп, олардың қызметтеріне толық сипат береді. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда байланыстары, тауар айналымының дамуы П.Г.Галузоның еңбектерінде анықталады. ХІХ ғасыр аяғындағы мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы, Қазақстанның жекелеген аудандарында жәрмеңке саудасының дамуы, тауар, ақша айналымының өсімі айқындалады [20].

Жәрмеңке саудасының дамуы мен Қазақстанның солтүстік шығыс өңірінде сауда табының қалыптасу тарихы зерттеуші-ғалым И.В.Ерофееваның еңбегінде баяндалады. Қазақ даласындағы ішкі сауданың дамуындағы жәрмеңкенің қызметін, түрлерін, рөлін айқындайды [21]. Қазақстандағы ХІХ ғасырдың аяғындағы этнодемографиялық өзгерістердің барысы, оның сауда мен сауда рыногына ықпалы тарихшы-ғалым Н.Е.Бекмаханованың зерттеулерінде талданады [22]. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның аймақтық әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі К.К.Кусаиновтың, Ж.Б.Қундакбаеваның кандидаттық диссертациялық жұмыстарында талданады [23]. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Ресеймен шаруашылық байланыстар жүйесіндегі Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Қазақстандағы астық саудасының даму тарихы Б.Отарбаеваның диссертациялық жұмысында баяндалады [24].

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін отандық тарихнамада патша үкіметінің қазақ даласында жүргізген отарлау саясатын, оның барысы мен бағытын айқындаған, қазақ даласындағы сауда байланыстары барысындағы отарлық саясаттың көрінісін талдаған көптеген зерттеу еңбектері жарық көріп, кандидаттық диссертациялық жұмыстар жазылды. Олардың арасында Б.С.Абенованың, Р.Х.Сариеваның кандидаттық диссертациялық жұмыстарын ерекшелеуге болады [25]. Отандық тарихнамада Ресей экономикасы жүйесіндегі Қазақстанның рөлін айқындау тақырыбында бірқатар диссертациялық зерттеулер жарық көрді. Д.Ж.Жакупбекованың диссертациялық жұмысында [26] Қазақстандағы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы кәсіпкерліктің дамуы, сауда саласындағы кәсіпкерлік, оның түрлері, өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлік, кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттік саясат сарапталса, XVIII ғасырдың екінші жартысы – XIX ғасырдағы Солтүстік-Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Оралдағы аймақтық сауда рыногының қалыптасу тарихы Г.К.Кожакметованың кандидаттық диссертациялық жұмысында талданады [27]. К.Ж.Абиловтың докторлық диссертациялық жұмысында Қазақстандағы ХІХ ғасырдың екінші жартысы - ХХ ғасыр басындағы сауда-саттық пен кәсіпкерліктің қалыптасу тарихы талданады [28]. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жәрмеңкелер желісінің қалыптасуы мен ішкі рыноктың қалыптасу процесіндегі оның рөлі С.Н. Наумовтың зерттеуінде қарастырылады [29].

Еділ Орал бойы мен Солтүстік-Батыс Қазақстан халықтарының сауда байланыстарының мәселелері тарихшы Г.С.Султангалиеваның зерттеуінде қарастырылады [30]. Әсіресе, осы уақыттағы аймақтық сауда рыногы механизмінің қалыптасу ерекшеліктері, сауда қарым-қатынастары барысындағы татар сауда буржуазиясының рөлі айқындалады.

Ресей мен Қазақстан арасындағы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы сауда байланыстарының барысы, жәрмеңке саудасы көптеген құжаттық материалдар негізінде жазылған Т.К.Щеглованың монографиясында талданады [31]. Қазіргі Батыс Сібір, Оңтүстік Орал, Солтүстік және Солтүстік-Батыс Қазақстан территориясындағы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жәрмеңкелер желісінің қалыптасуы мен дамуы мәселелері қарастырылады.

Ақтөбе қаласы мен оның уездерінің тарихын, экономикасын, қала мен ауыл арасындағы сауда байланыстарының барысын талдауға Л.Е.Урдабаеваның «История города Актюбинск и его уезда» атты кандидаттық диссертациялық жұмысы арналады [32]. Мысалы, диссертациялық жұмыста Ақтөбе бекінісінде ең бірінші жәрмеңке 1870 жылдан бастап жұмыс жасай бастағандығы, бірақ, оның ақша айналымы мардымды болмағандығы, көп кешікпей жәрмеңкелік сауда Ақтөбе бекінісі мен оның уездерінің экономикалық өмірінде маңызды рөлге ие болғандығы баяндалады. Жалпы Қазақстанның батыс аймақтарындағы жергілікті сауда қарым-қатынастары, жәрмеңкелердің құрылуы, сауда капиталының дамуы көптеген зерттеушілер еңбегінен орын алған.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ішкі Бөкей Ордасында ашылған тұңғыш жәрмеңкенің тарихы, оның қазақ даласында атқарған қызметін жан жақты сараптаған зерттеуші-ғалымдар еңбектері көптеп жарияланды. Мұрағат материалдары негізінде Бөкей Ордасының тарихын зерттеген тарихшы ғалым И.Н.Кенжалиевтың еңбектерінде Бөкей Ордасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, сауда-саттық, кәсіпкерліктің дамуы талданады [33].

Батыс Қазақстандағы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың барысы, сауданың даму мәселелерін зерттеуге жергілікті ғалымдар үлестерін қосты. Батыс Қазақстан облысының ерте заманнан күні бүгінге дейінгі тарихының негізгі мәселелері концептуальды тұрғыдан ой елегінен өткізілген «Батыс Қазақстан облысының тарихы» атты ұжымдық еңбекте [34] ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өміріндегі капиталистік сауда қатынастарының дамуы талданады. Батыс Қазақстан аймағындағы жәрмеңкелік сауданың бағыты туралы материалдар «Батыс Қазақстан тарихынан» атты екі томдық еңбекте жинақталған [35].

Академик Т.З.Рысбеков Бөкей Ордасындағы сауда ісінің дамуы мен Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелердің қалыптасу тарихын өз еңбектерінде талдайды. Ғалым Ішкі Орда тарихын кешенді түрде зерттеу барысында ондағы жәрмеңкелердің рөліне тоқталады. Сауданың тұрақты және маусымдық түрлерінің даму бағыттарын айқындайды [36].

ХІХ ғасырдағы Ішкі Бөкей Ордасының шаруашылығы мен экономикасы, ондағы жәрмеңкелер, жәрмеңкедегі сауда айналымының барысы Ғ.Е.Харабалинның «ХІХ ғасырдағы Бөкей Ордасы» еңбегінде жан-жақты талданады. Еңбекте ХІХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Бөкей Орда қазақтары шаруашылығының даму динамикасының ерекшеліктері, жетістігі, құрылымы айқындалады [37]. Бөкей Ордасының әлеуметтік жағдайы, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы сауда-саттық ісінің дамуы, жәрмеңкелердегі сауда айналымының барысы С.Сүйіновтың еңбегінде қарастырылады [38]. Б.Құрманбеков «Ойыл жәрмеңкесі» деп аталатын еңбегінде ХІХ ғасырдың орта кезінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өміріндегі капиталистік сауда қатынастарының дамуының ерекше түрі жәрмеңке саудасының Ойыл өңірінде өркендеу тарихын мұрағаттық нақты деректер негізінде баяндайды [39].

ХІХ ғасырдағы патша өкіметінің отарлық саясатының күшеюі қамал, бекініс шептерінің салынып, жергілікті халықтың отырықшылыққа көшіп, егіншілік пен сауда ісін дамытуына ықпалы Б.Қ.Бірімжаровтың «Кіші Жүз тарихынан. XVIII-XIXғғ.» атты оқу құралында талданады [40].

Бұл аталған тарихнамалық зерттеулер Батыс Қазақстандағы сауда-саттық пен жәрмеңкелердің тарихына объективті баға беру қажеттілігін, сонымен қатар, ғылыми тұрғыдан құндылығын көрсетеді. Бірақ, тарихнамалық талдау Батыс Қазақстандағы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы жәрмеңкелер тарихы мәселесінің бүгінгі күнге дейін арнайы зерттеу нысанына айналмағандығын дәлелдейді. Қазақстанның тәуелсіздік тұғырын иеленуі тарихты тереңдей зерделеп, сараптауға деген халықтың ынтасын арттырды. Қазақстанның батыс өңіріндегі жәрмеңке саудасы даму тарихының күні бүгінге дейін жүйелі түрде қарастырылмауы да өлке тарихындағы өзекті мәселелердің қайта саралануын қажет етеді.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Зерттеу жұмысының алдына қойған мақсаты – ХІХ ғасыр екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелердің даму тарихын ғылыми негізде жан-жақты талдау, сараптау болып табылады. Осы мақсаттарды жүзеге асыру жолында мынадай міндеттерді шешу көзделеді:

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның батыс өңіріне капиталистік қатынастардың енуі, оның елдегі әлеуметтік экономикалық өмірге ықпалын сараптау;

- Батыс Қазақстан аймағындағы жәрмеңкелер желісінің қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін айқындау;

- Елдің әлеуметтік құрылымындағы өзгерістерге жәрмеңкелердің тигізген ықпалын талдау;

- Сыртқы сауданың дамуындағы жәрмеңкелердің рөлін анықтау;

- Батыс Қазақстандағы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы жәрмеңкелердің демографиялық ахуалға, мәдениетке қосқан оң ықпалын таразылау.



Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелердің қалыптасуы мен дамуы жүзеге асқан ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы, яғни 1867-1917 жылдар аралығын қамтиды.

Зерттеу нысаны ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы, яғни 1867-1917 жылдар аралығындағы Батыс Қазақстандағы сауда-саттықтың қалыптасуы мен кезеңдері, жәрмеңкелер желісінің қалыптасуы, маусымдық жәрмеңкелердің маңызы туралы мәселелер назарға алынған.

Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен әдістері. Зерттеу жұмысында методологиялық негіз ретінде жалпы ғылымдық тарихи таным, тарихи жүйелілік және гуманистік таным заңдылығы мен өркениеттілік құндылықтар тұрғысынан пайымдау алынды. Тарихи таным қағидасы жәрмеңкенің қалыптасуы, даму және нақты тарихи жағдаяты мен өзіндік ерекшелігін түйсіну,оларды дұрыс бағалауда жатыр. Нақты материалдарды талдау және жинақтау, жүйелендіру сияқты әдістер негізінде жүргізілді.

Зерттеудің деректемелік негізі. Зерттеу жұмысын жазу барысында негізгі тарихи дерек көзі ретінде Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясы Орынбор Облыстық Мемлекеттік мұрағатының қорларында сақталған материалдар пайдаланылды.

1.Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағатының (ҚР ОММ) 25 - қоры (Торғай облыстық басқармасы), 78-қоры (Ішкі Орданы басқару жөніндегі Уақытша Кеңес), 40-қоры (Маңғыстау облысытық басқармасы).

№ 25 - қорда Ақтөбеде жыл сайын жәрмеңке ашу, Торғай облысында жәрмеңке ашу туралы мәселе, жәрмеңкелер жұмысы барысындағы тәртіпсіздіктер туралы Торғай губерниясындағы жазбалар, хаттар, әр жылдардағы Торғай, Ақтөбе өңірлеріндегі жәрмеңкелердің жұмысы, Ырғыздағы жәрмеңке саудасы туралы ақпараттар, Ішкі Қырғыз Ордасындағы жәрмеңке саудасының барысы туралы мәліметтер айтылады.

№ 78 - қорда Нарын құмындағы күзгі және көктемгі жәрмеңкелер туралы есептері, Маңғыстау мен Форт Александровскідегі айырбас саудасының жұмысы туралы мәліметтер, Жаңа Өзендегі күзгі жәрмеңке туралы материалдар, Бөкей хандығындағы жәрмеңкелерді өткізу бойынша ережелер, Таловка ауылындағы жәрмеңкенің өткізілуі бойынша құнды ақпараттар жинақталған.

№ 40 - қорда Маңғыстау уезі халқының Астрахань қаласына тауар апаруға рұқсат туралы куәлік алу туралы жазған өтініштері, Петровский мен Николаевский жәрмеңкелер, қазақтар мен түркімендердің базар аумағын өзгерту туралы өтініштері, Ахун хуторында мал сату туралы жазба кітабының ақпараттары, онда күзгі жәрмеңке өткізу туралы мәліметтер сақталған.

2. Ресей Федерациясының Орынбор Облыстық Мемлекеттік мұрағатының (РФ ООММ) 6 - қоры (Орынбор генерал-губернаторлығының кеңсесі), 12 - қоры (Торғай облыстық комитеті).

№ 6 - қорда Ішкі Ордада жәрмеңкені ашудың мерзімін айқындау туралы мәліметтер, ондағы сауда айналымы туралы ақпарат, Калмыков уезіндегі жәрмеңке ашу, жәрмеңке саудасындағы Орынбор айырбас сарайының маңызы туралы мол мағлұматтар бар.

№ 12 - қорда Торғай облысы бойынша жәрмеңке саудасы, сауда айналымының барысы туралы мәліметтер жинақталған.

Тарихи құнды деректердің бірі сол уақытта өмір сүріп, жазбаша естелік қалдырған Ақтөбе бекінісінің алғашқы старостасы болған В.И.Мощенский болатын. Оның естелігінде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірінің аспектісі сипатталады [41].

Деректердің келесі тобына «Орал, Торғай облыстарының статистикалық шолулары», осы қалалардың «Адрес-календарьлары» жатады. Бұл құжаттардың көпшілігінен мәселені тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін көп қырлы мағлұматтар алуға болады. 1879-1915 жылдардың аралығында шығып тұрған «Шолулар» ресми сипат алған жоқ, олардың көпшілігі асығыс шығарылып, келтірілген кейбір мәліметтер жылдан-жылға қайталанып тұрды. Сонымен қатар, диссертациялық жұмыста «Статистикалық шолулар» маңызды құжат ретінде кеңінен пайдаланылды.

Торғай облысының «Адрес-календарында» жәрмеңкелер мен базарлардың тізімі, мерзімі, жәрмеңкелер өткізілетін күндер туралы мол мәліметтер берілді.

Зерттеу жұмысында қамтылған деректердің қатарын әр түрлі орталық, жергілікті басылымдардағы материалдар толықтырды. Қазақстан Республикасының сирек кездесетін қорлар бөлімінен, Н.К.Крупская атындағы Орынбор облыстық кітапханасынан, Орынбор Облыстық Мемлекеттік мұрағатынан алынған «Оренбургский край», «Тургайская газета» сияқты және «Уральские войсковые ведомости», «Русская мысль», «Новый восток», «Степные огни» мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар мен хабарламалар тарихи оқиғалар туралы мәліметтер беріп, деректік негізді толықтырды.




  1   2   3


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет