Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы махаббат, адамгершілік мәселесі



жүктеу 1.3 Mb.
бет3/7
Дата25.04.2016
өлшемі1.3 Mb.
1   2   3   4   5   6   7
: bitstream -> handle -> data
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> Шындалиева М. Б. ф.ғ. к., доцент
data -> Алаш зиялылары және «Қазақ» газеті
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия

С.Сматаевтың «Елім-ай» трилогиясындағы әйел-арулар бейнесі
С.Тапанова ф.ғ.д., профессор,

Еуразия ұлттық университеті


С.Сматаевтың «Елім-ай» трилогиясы жанрлық тұрғыдан алғанда сөз жоқ қазақ халқының аса ауыр күрделі кезеңі - ХVIIІ ғасыр оқиғаларын панорамалық сипатта қамтыған эпикалық шығарма.

Тарихи шығарма – тек халықтың тарихын, шежіресін, кескілескен шайқастарды суреттеумен шектелсе көркемдік сапасына нұсқан келер еді. Белгілі әдебиеттанушы- ғалым Р.Бердібаев «Қазақ тарихи романы» атты еңбегінде тарихи тақырыпта ізденістерімен көрініп жүрген Д.Досжанов, С.Сматаевтардың табыстарын атай келіп, былай дейді: «Жазушылар тарихи тақырыптарға тек әлеуметтік фактолар іздеп қоймай, мәдени, адамгершілік, психологиялық факторларды табуға да көңіл бөліп келеді» [1.112-б.].

ХХ ғасырдың 60-70 жылдары аралығында алғаш бой көрсете бастаған тарихи тақырып, оған қалам тартқан жазушылар әдебиетімізге өзіндік өзгеше, үнімен тың серпіліс әкелгендігі белгілі. Қазақ әдебиетінде бел алып, өрістей бастаған бұл тақырып кеңестік идеологияны қатты шошытып, дүрбелең туғызды. Халық тарихын өзіне таныстырудың аса маңыздылығын сезіне білген жазушылар әуелгіде сол мақсатпен тым біржақты кетіп қалғандығы да аз сөз болған жоқ. Оның ішінде «Көшпенділер» трилогиясының авторы І.Есенберлин де, біз тілге тиек етіп отырған С.Сматаев т.б. жазушылар бар. Сыншы-әдебиеттанушылар олардың хроникалық оқиғалар тізбегін қуалап, адам образын ашуға аз көңіл бөлетіні туралы жазды. Әдебиеттанушы- ғалым Рымғали Нұрғали «... Елім-ай» романының тарихи негіздері хроникаларға қазақ шежірелеріне ғылымның беделді зерттеушілеріне сүйеніп жазылған. Оқиға ұзақ мерзімді, кең атырапты қамтитын болғандықтан сюжет құрылысында панорамалық мозайкалық сипаты бар. Осы ерекшелік кемшілікке де ұрындырады, жеке эпизоттардың басы бірікпей ыдырап жан-жаққа тартып тұрған жерлер мол», -дейді[2.98-б.].

Сыншы пікірінен тарихи тақырыпқа барудың қиындығы, мұндай кең көлемде алынған шығарманың өзіндік ерекшелігі аңғарылады. Сонымен бірге, ғалым жазушыны бірыңғай кінәлап отырған жоқ, бұл тақырыптың күрделілігіне, жауапкершіліктің тым жоғарлылығына меңзейтіндей: Жазушы осындай азды-көпті ескертпелерді ескерген болуы керек, шығарманың үшінші кітабын алғашқы екеуінен әлдеқайда көлемді етіп ала отырып, образ қырларына тереңдетіп баруды, кейіпкердің сезім күйлеріне бойлауды мақсат тұтыпты. Әрине, бұдан келіп жазушы әуелгі екі кітабында құштарлық, сезім мәселесін мүлде жадынан шығарған деуге болмайды.

Алғашқы кітабының өзінде-ақ ойрат жігітінің тұтқынға түскен қазақ қызы Маржанды құлай сүйгендігін былайша әдемі әсермен бейнелейді:

«... – Маржантай, ән салшы, қазақ әнін сондай ұнатамын.

Маржан дауыс кенеді. Оймақ аузын ә деп ашқанда жылан арбаған торғайдай ұмсынған жігіт сол бейнеден көз алмайды. Ақ жүзіндегі толқып шыққан сәулеге ынтығып қалыпты. Әдемі өрнекті ән шарықтап кетті. Бұл сәтте жігіт әнді ести отырып, көз алдына көлбеңдетіп, көп суретті тізіп әкеліп еді, өзін-өзі ұмытқандай күйге түсті.

... Ән біткенде Маржанның ұзын кірпігінен үзіліп түскен жалғыз тамшы жасты көргенде жас жігіт елжіреп аяп кетті. «Ән айт» деп орынсыз қолқалаған өзін де іштей кінәлап отыр. Тұтқын. ... Қыз да болса тұтқын. Елінен, әкесінен айырылған қапалы қыздың әні де мұңылы болғаны- ау! Бірге өскенмен, әлі бөліспеген сыры көп екен ғой. Бірге жүргенмен, мұң-шерімен Маржан бөлек екен. «Осыларды ойлағанда, бауырына қысып жұбатқысы, қыз көзіндегі жасты кеудесіндегі ыстық жалынмен құрғатқысы-ақ келед. Бірақ уыз жастықтың секемшіл ұяты ма, әлде қызды сескентпейін деген аяушылық, әлдебір түйсік қыбыр еткізер емес»[3.105-б.].

Жазушы қазақ қызына тән ұяңдық, әдептілік, сабырлылық сияқты қасиеттерді Маржанның қимыл-әрекетінен, ым-ишарасынан көрсете алған.

Осында суреттелетін жас жігіт Тибетте жиырма екі жыл оқып, 1639 жылы Жоңғарияға барған төрт түмен ойраттың бас ламасы болып тағайындалған тарихтан белгілі тұлға Пандида болып шығады. Жазушы суреттеуінде келешекте үлкен абыройға сенген адамның да барлық пенделердей көкірегін кернеген арман сезімі болған, жалындаған махаббаты, аялаған аруы болған.

Кеудеде жан тұрғанда адам баласынан сезім күйі, құштарлығы өлмек емес. Өртеніп, күйіп-жану, махаббат оты - жан беріп, жан алысқан соғыстарда да, халық арасындағы небір зұлмат күндерде де өз орнын тапқан, екі аяқты пендеге қуат, дем берген, келер күндерге деген үмітін кеудесінде маздатып отырған.

Оның Маржанмен қоштасар сәтін де жазушы әсерлі жеткізеді. «Тіршілігіне сай келген жайраң жазы бар еді. Кеудесіне күліп енген қызулы қызығы бар еді. Көңілінің әдемі таңын атырған көк тұманы тауып еді. Көк тұмадан көмейінен ән келген Маржанды кездестіріп еді ғой. Соның бәрі бір ғана сәтте артта қалды. Күліп келген жалынды жазымен, міне, егіле жылап қоштасып барады. Көк тұма сықылықтап тұрушы еді, булығып жылағандай ұзап алыстап, үні өшті. Бүр жарған іңкәрі Маржан болса, ынтық әнін ғана қосып жіберіп, қол бұлғап үнсіз қала берді...» [3.100-б.].

Жазушының көңіл аударар бір ұстанатын бағыты – қазақпен жауласқан ел жарына тым селсоқ, бір жақты қарамайтындығы. Жазушы аңғартар идея– жауласуға әрдайым халық кінәлі емес, көбінесе билікке, жерге таласушылық ашкөзділік, ел билеушілердің қанағатсыздығы, озбырлығы дегенге саяды. Әйтпесе, жоңғарда да ел сүйер, жар сүйер ерлер болғаны күмән тудырмайды. Үшінші кітаптағы Қаз дауысты Қазбекке достық құшағын жаятын Жырғал бейнесі де осы ойымызды айғақтай түседі. Қалмақтың қызы қазаққа жиен Шараһай сұлу мен Қаз дауысты Қазыбек арасындағы сезім жазушының тағы бір соны ізденісін аңғартады.

Жазушы шығармашылық мақсаты екі ел арасындағы жағдайды үмітсіздікке әкеп тіремей, қалай болғанда да достық, татулықтың, өзара келісімнің, әсіресе ұрпақ үшін маңыздылығына ден қою екендігіне назар аударта отырып, атақты бидің сөзге жүрген халыққа кеңінен танымал іс–әрекеттерінен гөрі бөлектеу қырларына да көңіл бөлуі. Қаз дауысты Қазбек би де сол дүйім жұртты аузына қаратқан кемеңгер дана да аспаннан түсе қалған жоқ, барлық адамдарға тән жастық бозбалашылық оның да басынан өткен. Жазушы суреттеуіндегі оның Шараһай сұлуға деген сезімі өте нанымды, бидің адамдық қырларын толықтыра түсердей сәтті шыққан:



  • ... Бірақ басқа жараның, басқа жерімнің сыздатқан ауруына қандай ем табайын? Таба алармын ба... Таба алармыз ба?, Шараһай? – деп енді төтелей салды.

Шараһай одан сайын қып–қызыл боп, ұзын кірпіктерін кең аша, жалт қарады. Қой көздері айнадай мөлдіреп тұр екен, сыр жасыра алмады.

– Табу қиын–ау, Қазыбек аға... Табылуы қиын ғой. Қинайтыны да содан ғой ...

аса күрсінді. Үлкен көздердің ұзын кірпіктері жапырлап, әсем айнаны бүркеп кетті.

Жазушы осы тұста, осы келтірілген мысалда Тал бойында бір міні жоқ қыздың сұлулығын даралап өтсе,



  • Неге, Шаражан! Неге қинайды? –деп сәл қырындаған қыздың бұлғаң ете қалатын сырғасына көзін сүріндірді.

  • Не дермін. Не деп жеңілдетермін. Басым байлаулы ғой, Қазыбек аға.

  • Байлаулы жіп шешілмес пе... Шешпейміз бе сен екеуіміз? –деп Қазыбек қиналды.

  • Шегеленген дүние ғой. Амалы жоқ. Қайырымы жоқ, Қазыбек! – алғаш рет осылай айтты. Соған да разы әлі дәмелі жігіт өзеурей түсті.

  • Шешілмеген шиені қанжармен кесетін тәуекелге бармысың, Шаражан! Кессек қайтер еді?!

Зор ғой... Шер ғой одан арғысы. Қыйып түсудің арты таусылмас зобалаң ғой. Қазыбек, –деп Шараһай енді жігітті әрі жақындатпай, әрі алыстатпай қимас қараспен аймалап кетті.

  • Желек жамылсаң, қол ұстассақ, оның несі зор, несі шер Шаражан.

  • Зор елге әке–шешеме түседі ғой. Шер елге тарайды ғой. Ел мен елді татуластырған елшілікткен көңіл қалды ғой, Қазбекжан. Арты үлкен ылаңға ұласады ғой.

Санаға енді саңылау кірді. Сол саңлаудан үркітіп үрей енді. Ысқырып ызғырық соқты. «Елшілік!... Ия елші атымыз бар. Елдестірген өзіміз. Жауластырмақ та біз болады екеміз–ау. Ол жағын өзімшіл жүрек байқамапты–ау. бармапты–ау ол тұсқа қайран да ғана ақылдым–ай! Шаражан–ай! Тілегің де, жүрегің де мен деп соғарын жеткізіп, жақындасаң да, алыстап сала бердің–ау! Таптым дегенімді біржолата жоғалтөанымды білмеппін–ау » [3.216-217-.бб.].

Жазушы осы диалог арқылы көп жайды аңғартып тұр. Махаббат – ұлы сезім, оның алдында балаң бозбала шағында–ақ дүйім елді аузына қаратқан, жұрт бағына жаратылған Қазыбек би де осал. Бірақ сол өрт сезім кейде алаулатып, албырттық ағаттыққа да, ел арасын ушықтырған жалынға ұласып кететіні де рас. Арындаған асау көңілді Шараһайдай сұлудың сабырға жеңдіріп, салмақты ойға жетелеп тұрғаны да өте жарасымды, ақылдылық. Жауласқан екі ел арасына бітімгершілікке жүрген ақылды қыздар тарихта аз болмағаны шындық. Қазақтың батырлар жырындағы Гүлбаршын, Құртқа, Назым сияқты арулар бейнесінде елдің шынайы өнегесі жатқандығы анық.

Осы орайда айтатынымыз, жазушының өзі кезінде ескерте кеткендей, шығарманың өн бойында фольклор дәстүрімен тамырластық аңғарылады. Трилогиядағы кездесетін Рухия, Маржан, Гүлбану, Гүлдарайым, Бөгенбай батыр сүйген Бопыш қыз, Шараһай т.б. әйел-ару бейнелерінде нағыз жаужүрек батырларға серік болар адалдық, әдеп, ибалық, тектілік, қылықтылық қасиеттердің бәрі бар. Сонымен бірге оларда отаншылдық сезім де, сүйгеніне деген махаббаты да өте жоғары, таза. Елдің-елдігін сақтап қалу жалғыз ерлердің ғана жүгі болмай, олардың да белі қайыспай көтере білгендігіне шығармада келтірер мысалдар баршылық. Атақты Ошаған бидің келіні Рухияның жау қолындағы әрекеті, бір әулеттің ұрпағын аман қалдырғандығы суреттелетін түс [3.3.326-336 бб.] әрі аянышты ауыр тағдыр, зұлмат кезеңнің бір суретін көз алдыңа келтірсе, әрі нәзік әйелдің ішкі рухани қайраты, өжеттігі, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін жоғары ұстай білгендігі жас ұрпақ үшін үлкен өнеге болары анық.

Әдебиеттер

1.Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. – Алматы.1979.- 335 б.

2.Нұрғали Р. – Алматы. 1991. – 300 б.

3. Сматаев С. Елім-ай.І,ІІ,ІІІ томдықтар.

ЕЛІМ ДЕП ЕҢБЕК ЕТКЕН ...

(Жезқазған жеріне ресми сапармен келген аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаев жайлы)


Тапанова С.Е.,

ф.ғ.д., профессор,

Еуразия ұлттық университеті

Ұлы басшының ұлылығы оның өзі басқарып отырған елінің салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін, әдебиетін, тілі мен дінін, жалпы айтқанда, сол халықтың тұрмыс-тіршілігін, халқына не қажет екендігін толық білуімен көрінеді. «Ел ерімен мақтанса, ер туған жерімен мақтанады» дейді халқымыз. Туған елінің түтінінің түзу шығуына, халқының бақытты өмір сүруіне барлық күш-жігерін салып адал қызмет жасаған, ұзақ жылдар бойы ел басқару кезінде халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың 100 жылдығының аталып өтілуі еліміз үшін үлкен мақтаныш та абырой.

Барлық саналы ғұмырын Қазақстанның өркендеуіне арнаған, еліміздің экономикасы мен мәдениетін өрістету жолында өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастыру қабілетін аямай жұмсай білген, талғамы терең, ой-өрісі биік Дінмұхамед Қонаевтың назарынан білім және ғылым, мәдениет, өнер, әдебиет еш уақытта тыс қалған емес. Оны бүгінгі баспасөз бетінде жарық көрген О.Сүлейменов, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова сынды өнер адамдарының естеліктері мен кезінде жақсылығын көрген, шапағаты тиген, қысылған жанға қамқор болғанын мақтанышпен еске алып жазылып жатқан мақалалардан байқап отырмыз. Халқының жоғын түгендей білген кемеңгер басшының мына бір сөзі: «Кем дегенде әр облыста бір институт болсын. Ол тек қана оқу орны ғана емес, мәдени, ғылыми, әлеуметтік орталыққа айналсын»,- деген талап қоюының арқасында, даласы дархан, қойнауы қазына, тарихы телегей теңіз, талай ғасырлар бойына барша алаш баласының ардағы, қазақ ұлтының ұясы болып келе жатқан Ұлытау өңірінде алғаш рет 1973 жылы ірі өндірісті қалалардың бірі, Жезқазған қаласының облыс болып ашылуымен қатар ғылым мен ұлағат Ордасы ретінде шаңырақ көтеріп, кереге керген Жезқазған педагогтік институтының 1975 жылы ашылуы болатын.

Негізгі мақсаты жергілікті мамандар даярлау болып ашылып, күн санап керегесін кеңейткен осы оқу орнына еліміздің түпкір-түпкірінен ағылып келген жастардың білім алуна мүмкіндік туды. Кенді қаланың келбетті келешегі де осы жастардың қолында болатын.

Қара тасына шейін қасиет қонған абыз өлке - Ұлытау жері тұнып тұрған тарихи өлке болатын. «Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен емес, суының көптігінен емес, тарихтың үлкен оқиғаларында бүкіл ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан Ұлытау атанған»,-деп Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, бұрынғы бабаларымыз Ұлытау жерін хандардың ордасы деп атағанын, сонау Шыңғыс ханнан бастап Бахадүр ұлы Жошының ат үстіндегі ғұмыры осы Ұлытау даласында өткенін, Жошының өлімін күймен естірткен Кетбұға жайлы, тау басында қатар жатқан Едіге мен Тоқтамыс хандар жайлы, «Теректі әулие» тастарындағы таңбалар (петроглифтер), 20-дан астам мұртты обалар, Домбауыл, Алашахан, Жошыхан, Болған ана, Құлан ана, Аяққамыр кесенелері, Хан ордасы, Жошы ордасы айта берсе ұзаққа созылатын тарихи жерлерді, Ұлытау өңірінің бай шежіресін біреу білсе, біреу біле бермеуі де мүмкін. Әсіресе, кейінгі ұрпақтың өз елінің тарихын жетік білуі керектігін, төл тарихымыздың тұңғиығынан сусындамасақ, бүгінгі тіршілігімізді түсіндіре алмай, болашағымызды болжай алмай қалуымыз мүмкін екендігін көрегендікпен білген, халқының қамын ойлаған Д.А.Қонаевтың халқына жасаған қамқорлығының бірі болатын.

Туған жерінің ойы мен қырын жатқа білетін, тарихы мен әдебиетіне жастайынан құлағы қанық болып өскен, ойы озық, тілі бай, шешен де шежіре жастардың оқуына үлкен мүмкіншілік туғызды. Қажеттіліктен туған, үлкен сұраныспен ашылған бұл жоғары оқу орнында тарих, археология, филология, жаратылыстану, көркем-сурет, еңбекке баулу сияқты мамандарды даярлайтын қазақ-орыс топтары ашылды.

Жаңадан ашылған институтқа жан-жақтан ғалымдар шақырылып, жас мамандар қызметке алынды. Арнайы шақыртумен келген ғалымдар мен жолдамамен келген жас мамандарға арнайы қаражаттар, жаңадан ашылған облыс орталығынан баспана алып беру кезінде үкіметтен көп қолдау болды. Бұның өзі ұлтының ұлы мұраттарын ұлықтаған ұлы тұлға Д.А.Қонаевтың айтылған сөзінің нақты іске айналғандығын көрсетті.

Жетекшілік жасаймын деген ғалымдарға, ғылыммен айналысамын деген жас мамандарға, студенттерге Ұлытау өңірі тұнып тұрған қазына болатын.

Ұлытау жерінің әр тасының сырын білетін ғұлама ғалым Қ.И.Сәтбаевтың сол өңірдің басты-басты тарихи, мәдени, археологиялық ескерткіштерді зерттеген («Жезқазған ауданының ежелгі тарихи ескерткіштері»), онда Ұлытау өңірі ежелгі металлургия орталығы болуымен қатар қазақ этносының саяси орталығы екендігін дәлелденген еңбектерін, сонымен қатар Ұлытау өңіріндегі материалдық мәдени ескерткіштерді зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізген академик Ә.Х.Марғұланның зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырған жас маман тарихшылар, археологтар осы өңірдегі ежелгі қалалар мен қоныстар, кесенелер, мен мазарлар, көне керуен жолдары, археологиялық және сәулет ескерткіштері жайлы жазылған ғылыми жұмыстарды әрі қарай жалғастыру мақсатында көптеген түрлі жұмыстар жасады. Студенттердің дипломдық жұмыстарына арқау болған құнды материалдардың жинағы институттың жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Сәтбаев оқулары» мен «Марғұлан оқуларында» тыңдалып, тиісті бағаларын алып тұрды. Өте үздік жұмыстар республика деңгейінде өтілген конференцияларға жолдама алып, жеңіпаз болғандары қаншама. Филологтардың фольклорлық, диалектологиялық тәжірибелері үшін де баға жетпес бай өңір осы Ұлытау жері болды. Көркем-сурет мамандығының студенттері түрлі тәжірибелерін осы өңірде өткізіп, Ұлытаудың тарихи жерлерін қыл қаламмен әспеттеп, жұмыстарының қорытындысы ретінде көрме ұйымдастырып отырса, жаратылыстану мамандығының студенттері жазғы тәжірибелерін толығымен осы өңірде өткізіп, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеп, іздеген мол материалдарын жинап қайтатын.

Жезқазған, Жезді, Қарсақбай, Қаражал, Жәйрем, Қоңырат, Ақшатау сияқты әлемге әйгілі кен орындарын игеруге, Жезқазған, Балқаш сияқты алып кен байыту фабрикаларына жас мамандарды даярлау сол кездегі кезек күттірмейтін үлкен проблема болатын. Кезінде Қоңырат руднигінде қызмет істеген Д.А.Қонаев тау-кен орындарындағы мамандардың тапшылығын жақсы білген.

Жаңа ашылған облыс орталығына қажетті мамандарды даярлайтын екінші бір жоғары оқу орны – Қарағанды политехникалық институтының кешкі бөлімі болатын. Үлкен өндіріс орталығына қажетті мамандар даярлау үшін кешкі бөлімді Жезқазған политехникалық институты етіп өз алдына ашып беруде де үлкен көрегендік танытты. Теорияны практикамен ұштастыру барысында студенттердің көмегі өндіріске қажет болса, диплом жұмыстарын жазу барысында өндіріс орталықтары, ғылыми-зерттеу институттарының студенттерге тигізер пайдасының зор екендігін де өзінің еңбек тәжірибесінен байқатады.

1984 жылы Жезқазған облысының және «Жәйрем» кен байыту комбинатының жұмыс барысының жағдайын көру мақсатымен келген ресми сапарында қала тұрғындары мен кеншілер, студенттермен түрлі кездесулер жасалды. Келісті тұлғасының өзі тұнып тұрған үлкен тәрбие, өте мәдениетті, иманжүзді, қарапайым, алаштың асылы Д.А.Қонаев Ұлытау өңірінің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосатын жас мамандарға сенім артып сөз сөйледі. «Басқа елге сұлтан болғанша, өз еліңе ұлтан болуды» айтпай-ақ халық түсінгендей болды. Д.А.Қонаев өзінің сөзінде ғылыммен айналысамын деген жастарға, институттың оқытушыларына үкімет тарапынан көмек болатынын ескертті. Соның нәтижесі болар Москва, Ленинград, Киев, Ташкент т.б қалаларда тәлімгерлікте, білімін жетілдіру курстарында оқып, ғылыми зерттеу жұмыстарын қорғауға мүмкіншілік алғандар өте көп болды. Жалпы жастардың өсіп, өркендеуіне үлкен мүмкіндік туған кездің бірі болды. Олардың біразы бүгінде Ұлытау өңіріне адал қызмет жасап жүргендер болса, ал енді біреулері еліміздің түкпір-түкпірінде өзі таңдаған мамандығы бойынша қызмет жасап жүр.

Әр тасында тарихтың таңбасы бар, ғасырлар ізін қойнына бүккен Ұлытаудың өткеннен шертер сыры әлі де жетерлік. Ол болашақтың еншісінде.

Қазақ халқының игілігі жолында қолынан келгенінің бәрін аямаған, елінің бағы үшін туған адал перзенті, бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанның өркендеуіне арнағанын қадірлей білген халқы Д.А.Қонаевты тек сүйіспеншілікпен, зор мақтанышпен айтады. Кезінде ірі оқу орындары орналасқан қалалардан шалғай жатқан Ұлытау өңірне жағдай жасап, қазақ балаларының оқып, білім алуына, туған жерін аялап, қадірлеуге, байлығын, барын аянбай зерттеуге қол жеткізіп кеткен алаштың біртуар асыл азаматын ардақтап өту бүгінгі біздің міндетіміз, борышымыз деп білеміз.

Әдебиеттер


  1. Ахметов Қ. Ұлытау. Астана: 2006 . «Менің Отаным– Қазақстан» сериясы

  2. Ахметов Қ. Ұлы Даланың Ұлытауы. 2 кітап. – Омбы, 2001.

  3. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы, 1995.



Ұлттық-рухани тақырыптағы публицистика

Тапанова С.Е.,

ф.ғ.д., профессор,

Еуразия ұлттық университеті

Егемендікті енді ғана алған тұста елдің ішінде өзін Одақ азаматымыз деп санайтындардың үлес салмағы пайызбен шаққанда отыздың маңында болыпты. Бұл ненің көрсеткіші? Бұл өздерін Республика азаматымыз деп санамайтын адамдардың да бар екендігінің және аз емес екендігінің көрсеткіші болатын. Расында, егеменді ел үшін бұл көп мөлшер еді. Мұнша азаматы өздерін Қазақстан деген мемлекеттің болашағы үшін жұмысқа жекпесе, осы елдің ертеңіне қызмет етпесе – келешек күмәнді еді.

Басқа ұлт өкілдері өз елдеріне кетіп жатты. Көштің басын немістер бастады. Көшетіндерге жол болсын дедік. Ал қалатындардың қатарында жүрегі жұрт деп соқпайтындар да аз еді. Олар бөтен емес, өзіміздің қазақтардан да шығып жатты. Ескіні аңсады. Ауыздарыңды аққа жеткізеді деген жекешелендіру, нарықтық қатынас басталғалы көрген жоқшылығы мен тапшылығы оларды сол ойға еріксіз итермеледі.

Мұндай жағдайда не істеу керек? Елді өзіміз құрғалы отырған мемлекеттің ертеңіне сендіру үшін, бірлігімізді бұзып-жарып алмай, болашақ көшіне бірге ілесу керектігін қалай ұғындырсақ болады?

Осындай сұрақтар самсап тұрған шақта қалам ұстарлар қызу жұмысқа кірісті де кетті. Олар қалам күшінің қарудан да қуатты екендігін көрсете білді. Елді айрандай ұйытатын ой айтты. Бізге сан ғасырдан бері тарих ел болу үшін беріп тұрған жалғыз мүмкіндігі осы екендігін жүректерге жеткізіп бақты. Осы тұста Нұртөре Жүсіп де қалыс қалмады. Қалыс қалмағандығы сол – өзекті деген осы тақырып төңірегінде жоталы-жоталы туындыларын тудырды.

"Құс құрлы жоқпыз ба?" атты мақаласы соның жарқын мысалы.

– Біз тарихи таңдаудың алдында тұрмыз: Қазақстан өркендеген мемлекетке айнала ала ма, бытырап жүрген қазақтың басы біріге ме? Қазақ мемлекеті қалыптасып дами ма, жоқ әлде ырың-жырың болып, жер бетінен жойылып кете ме? [1.4-б.].

Бұл мақаланың басындағы бас сауал. Біздің де айтып өткен дүдәмәлдықтың бір нұсқасы.

Бірақ бізге сол сәтте сенімімізді селдірететін әңгімеден гөрі сетінеген сезімдердің жібін жалғайтын, торықтыратын емес, толықтыратын әңгімені сөз ету парыз еді. Қайтсек те ел болудың қамына мықтап кірісу керек еді.

– Тарих халыққа мұндай мүмкіндікті – яғни, ел болу, мемлекет болу, сөйтіп адамзат баласынан қалып қоймай, дербес даму мүмкіндігін жәйден-жәй ұсына салмайды; бұл дегеніңіз күнде бола бермейді, бұған қазақ халқының сан ғасырлық тарихы куә. Қолда бар мүмкіндікті, қолайлы жағдайды пайдалана алмасақ өзімізге сын. Өзара сыйласуымыз кейде қиын да болуы мүмкін: біреу кісілік көрсетеді, біреу кішілік көрсетеді. Қазақ болған соң бір-бірімізге өкпе артып, наз көрсетпей де жүре алмаймыз. Бірақ осының бәрі Қазақ мемлекеті деген ұғымға тірелгенде қалуы керек. Мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігі үшін, ертеңгі тағдыры мен бүгінгі жай-күйі үшін біз бәріне де дайын болмасақ, тас түйін болып бірікпесек, онда көп нәрсенің көбесі сөгіледі [1.4-б.].

Бұл мән-жайды жалпы сипатта түсіндіргені. Ол үшін не істеу керектігін мына жолдарда айтады.

– Қазақ бір-бірін өкпеге қиса да өлімге қимайды. Осы бауыры бүтін бауырмалдық барған сайын күшейе түсуі қажет. Былайша айтқанда, бүгінгі күннің ұраны қазақ, болыссаң қазаққа болыс! Жәрдемдессең – қазаққа жәрдемдес. Бір-біріңді қолтықтан деме. Қиындық көрсең – бірге көр. Шыдасң – бірге шыда. Ниетіңді тарылтпа. Көп мәселе осы ниетте жатыр. Әуелі ағайынның, сосын ел жұрттың бір-біріне деген ықыласы суымаса, ниеті тарылмаса бүгінгі қиындық деп жүргеніміздің көбісі әншейін нәрсе екендігіне көз жетеді.

Ойланшы: қайтқан құстар неге сүйірленіп ұшады? Аспан – кең. Ал құстар бірігіп ұшады. Қазақтың басы бірікпейді дегенге сенбеймін. Біз немене құс құрлы жоқпыз ба?!.

Біліп қойыңыз: Қазақстан – құт мекен!

Құстың өзі Қазақстанға келіп жұмыртқалайды! [1.4-б.].

"Мен Қазақстанның болашағына сенемін, өйткені Қазақстан өте бай республика",–деп еді кезінде Дінмұхаммед Қонаев. Еліміз егемендік алмай тұрып айтылған сөздің салмағын қараңыз. Ал еркіндік деген есікке енді-енді кіргелі тұрған шағымызда еңсемізді тіктегеннің орнына "өзімді одақ азаматымын деп санаймын" дейтіндерге не дерсіз. Соларға құсты мысал етіп, бірлікке шақырады. Бір Отан астында ұюға шақырады.

Н.Жүсіптің «Елдің рухын көтеретін не нәрсе?» атты мақаласы алдыңғы тақырыптың мазмұндық жалғасы бола алмаса да екеуі бірлік деген бір ұғымның қос тармағы іспетті. Әуелі бірліктің болуы, кейін бірлікшіл қоғамның жоғары рухы болуы – ол сол қауымның басты жеңісі. Осындай қоғам құруды мақсат тұтқан Елбасы елдің зиялы қауымымен кездеседі. Олармен бүкпесіз әңгіме қозғайды. Бүкпесіз деген сөзді: «Кейбіреулер не десе о десін, мен мемлекет құрып жатырмын, бұл жолдан қайтсем де бас тартпаймын. Халық бәрін кешіреді, бірақ біз тәуелсіздікті қолдан шығарып алсақ, бізді ешкім кешірмейді!»–деп, ағынан жарылғадығы үшін айтып отырмыз. Ашық әңгімеде келешекті керемет етудің жолдары талқыланып, тоқ етері, қазақтың ауызбіршілігін арттыруға шақырыпты.

Бұдан халықтың ауызбіршілігін арттыру жолында билік тарапынан да үлкен қадамдар жасалғандығын аңғарамыз.

Ауызбіршілік ғана емес, әр жүректе осы ел аяғынан тік тұрып кетсе екен деген тілек болуы керек болды. Ол да елге сүйіспеншілік жалпылық сипат алған жағдай да ғана орын алатыны белгілі. 30 пайызы Одақты аңсап жүргенде ондай сипат қайдан табылсын. Осындай келеңсіз көріністерден тыюды мақсат еткен мақалалардың бірі «Қазақстанды сақтай гөр...» деп аталады.

– Орыс теледидары Горькийдің өмірінен түсірілген кино көрсетіп жатты. Сонда «қызылдар» Горькийдің итінің терісін сылып, етін асып жеп қоятын жері бар. Атақты Федор Шаляпин сол оқиғаны естігенде біз құсап «ой, сұмдық-ай» деген жоқ, «О, Боже, спаси и сохрани Россию» деді. Орыстың атақты әншісі ғана емес, кез-келген мұжығы қиналған шағында Ресейдің амандығын тілейді. Орыстың ұлылығы – сонда!

Осындай қасиетінің арқасында ұлы империяға айналды орыс. Әлде ұлы империялығынан қалған ең ұлы қасиеті ме екен? Не де болса, бұл қызғанарлық құбылыс еді.

Дәл осы сезім бізде әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Бірақ Нұртөре Жүсіп дәл сол ұлты үшін тілек тілейтін құлшылыққа қатты қызығады, жақсы мағынасында «қызғанады».

– Бас азат, шаруа дербес болуы үшін – әрбір Қазақстан азаматы ұйқыға кетер алдында «елімді көбейтіп, көгерте гөр» деп тілек тілеп, ұйқыдан тұрғанда сол тілекті тірек қылып жұмыс істесе бәрі де болады[1.25-26-бб.]- дейді.

«Менің мемлекетім» деген мақаласында елі үшін тілек тілеудің аз болатындығын паш еткендей елім деп, менің мемлекетім деп әрбір азаматтың көкірегіндегі жұдырықтай жүрегі дүрсіл қағуы керектігін дәлелдейді.

Біз бүгін менің мемлекетім дегенде Қазақстан республикасы – тәуелсіз еліміздің айтылып тұрғандығын анық білеміз. Ол кездегі сана басқа еді. Одақтан бөлініп шыққанына аз ғана болған елдің адамдарының санасына менің мемлекетім дегенде Кеңестер Одағы еріксіз сап ете қалатын болған ғой. Оны да түсінуге болады. Көзін ашқаннан көргені сол болса, көсегемізді көгертетін сол деп сенген болса, 70 жыл миына езіп құйып, шырт ұйқыдан оятып сұраса да Менің Отаным КСРО деп жаттап өскен болса, не үшін кіналайсыз. Бірақ бір кезде қалай миын кері айналдырса, солай енді бері айналдыру керек болды. Ондай идеологияны жүргізетін ұлттық мектеп болмаған соң, оның қызметін публицисттер жүргізді деп баға берсек теріс айтқанымыз емес. Нұртөре Жүсіп баппен ғана осы әңгімені былай бастайды.

– Қазақстанның өз қарулы күштері мен Жеңіс күніне қатысты айтар болсақ, қаперге алар бір жайт бар. Бұрын КСРО дейтін алып мемлекеттің қолтығының астына тығылдық, бір ел болдық. Мемлекет десе кең байтақ Кеңестер Одағы көз алдымызға келетін. Қазір біз Ұлы Отан соғысы деп жүрген кешегі қанды қырғында қаншама қазақтың ғұмыры қыршынынан қиылды. Не үшін? Талайлар Отан үшін деп өлді. Кеңестер үкіметі билеп тұрғанда бұл ұғымға күмән туғызу күпірлік болатын. Енді ше? Отан дейтін баяғы Отан жоқ. Ол басқа мемлекеттің Отаны. Сол Отанды қазақтар да қорғасып еді ғой деп жатқан біреулер бар ма осы күнде? Тіпті соғыс туралы түсірілген талай кинода бірде-бір қазақ солдатының болмауын немен түсіндіруге болады? Ұлы Отан соғысы деген тіркестің өзі құлаққа түрпідей тиеді. Кешегі Ұлы Отан бүгін бізге Отан емес. Сонда қанша қазақ босқа соғысқан, босқа қырылған болып шықпай ма? Бұл сөзге кеудесіндегі орден-медальдарын сыңғырлатып, барған сайын сиреп бара жатқан соғыс ардагерлері машдануы да мүмкін. Біз соғыссақ, фашизмді құрту үшін соғыстық деуі де ғажап емес. Бірақ шындықтың бетіне тура қарайықшы: ана жақта Гитлер қырды Ғайсаның жұртын, мына жақта Сталин қырды Мұсаның ұлдарын, «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деген болды да шықты. «Бірің өліп, бірің қал» деп қарап отырмадық, өй, қазақ батыр халық дегенге еліріп, көзсіз, тура ажал отына қойып кеттік» [2.328-б.].

Ол кезде бұндай әңгімені қабыл көре қоятын халық аз. Қалай болса да ол біздің Отанымыз деп сазырайып тұрып алатыны болса таң қалмайсыз. Ол Отаны орыс деген елдің Отаны болды да шыға келді. Бұл тастанды бала секілді білгені болмаса қасына барып, баурына еніп кете алмайды. Бірақ өзінің тарихи Отанын да Отан деп мойындап үлгермеген. Тіпті Қазақстан Республикасының әнұранын да білмей біраз жүрді ғой кейбірі.

Қазақ ұзақ уақыт кемсітудің қорлығын бір кісідей тартты. Осыған орай Н.Жүсіптің «Біз кімнен кембіз?» деген мақаласынан мысал келтірейін.

– ...Қазақтың жалпы табиғаты мен қабілет-қарымында соншалық түңілетіндей, соншалық күңіренетіндей мін жоқ. Қазақ құдайдан жаратылғанда қор болып жаратылмаған, қайта зор болып жаратылған. Осы күні қазақ деген кержалқау деген пікір өрістеп жүр. Бірен-саран жалқау әр ұлтта бар. Оған бола бүкіл бір халықты жалқау деуге болмайды. Бұл – күпірлік. Тумасынан жалқау болса осыншама ұлан-байтақ жерге қазақ қалай ие болып отыр? Ел басына күн туғанда, кең-байтақ жерді қорғағанда "Менің мазам болмай тұр, сен баршы" деп бірін-бірі итеріп салған жоқ қой. Шалқайып, не талтайып жатып алса құлан жортпас құба белге – ұлан-ғайыр жерге ие болар ма еді? Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен Алтайдан – Алатауға, Алатудан – Атырауға дейінгі, тіпті одан да әрі аймаққа қолы жетіп, мың-мыңдап мал өргізіп, Арқаның алты ай қысы мен оңтүстіктің аптап ыстығына шыдас беріп, аттан түспеген, халық деп қызмет істеген қазақты жалқау деуге ауыз бара ма? Айтқан кісінің аузына жара шықсын, қазақ жалқау емес!–деп филисофиялық түйін түюі бекерден-бекер емес [2.330-б.].

Бұл жолдар, біздің қазақ ежелден жалқау екен ғой, ата-бабамыздан осындай болған екенбіз ғой деп жүрген талайдың санасында сең жүргізсе керек. Оятса керек. Бірақ мәселені бір жақты толық қараудың қандай кесапат тудыратынын ол да біледі. Біз деген керемет екенбіз деп елді шалқытып жіберсе кемшіліктерімізді кім түземек? Сондықтан:

– ...Біз ешкімнен кем емеспіз. Бірақ өзімізді-өзіміз тұсап, көтенге көсеу жүгіртіп, көрінгенге көзтүрткі болып жүргеніміз жасырын емес,–деп тағы бір қайырып қояды. Мұндай дерттен құтылу үшін тағы не қажет? Не істеуіміз керек?

– Ұлт еңсесін тіктеп, жоғарыдағы кеселінен арылуы, айығуы үшін тазару қажет. Адыраспанмен аластаған үйге жын-шайтан жоламайды. Біз кімбіз, біз қандаймыз деген сұрақты өзімізге жиі қойып, ұлт мақтанышы болатын арыстарды өгене тұтып, ұрпақ бойына ұлттық мақтаныш ұрығын себуіміз керек. Келешек жастардың кеудесін көбіне-көп мақтаныш сезімі кернеуі керек. Сіз түңілсеңіз, біз түңілсек, олар түңілсе не болады? Көкірек көзі бітеліп, саналарға түнек орнайды. Келер келешекте Қазақстан мүлдем жаңа ел болуы тиіс. Бұл үшін ұлт бойындағы кінарат кемшіліктерді санамалап, өзімізді өзіміз аяусыз теперіштей беру қажетсіз. Қазақтың құдай берген жақсы қасиеттерін көбірек үлгі ету керек. Жұрттың ойы жаңармай, қоғам жетілмейді!

Бұл рухани тәрбиелену жолындағы айқын бағытымыз. Жаңарған қоғамқа жетуді, жаңарған санамен өмір сүруді бұған дейінгі Алаш зиялылары да арман еткен болатын. Жүсіпбек Аймауытов сол жаңарған қоғамда ұлт басшылары неден қашық неге асық болуы керектігін 1918 жылы 2 қазанда жарық көрген "Абай" журналында "Ұлтты сүю" деген мақаласында былай деп жазады.

– Орыстың білімін алуға, өнерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу - дұрыс та, кәпірлігін, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл «суық» шенеуніктігін еліктеу, ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй ішін жат түрге салып, қазақтан қашыртуға еліктеу - үлкен мін, кемшілік. Бұ жағынан оқығандар арына төрелетіп, сақ болуы керек. Осындай әдетті күшейтуге себеп болатын күншығыс халқының табиғатында тағы бір мінез бар. Ол: антқұмар, зиннатқұмар, әйелшілдік, адымын алыстатпайтын ұсақтық, қайратсыздық, жалқаулық. Көңілдегісі болмаса, біздің тұқымдар тез табаны қайтып, қажып қалады. Мақсатының жолына құрбан болуға шыдамайды. Бұ да есте болсын.

Ол ол ма? "Ұлтты сүюдің" ең рухты тұсы мынау.

–Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы - мемлекеттің керегі, қызметкері.

Алашпен рухтас Нұртөре Жүсіп мақалаларында Абайдың қара сөздерін тілге тиек етіп, Алаш ұранын көтере сөйлеп жүретіні бар. Алашты ауызға алудан қорқатын адам көп заманда онысына да оқырман бір риза болып қалады. "Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!" атты мақаласы алдыңғы сөзіміздің айғағы.

Бұл мақалада қазақ көрген қанды қырғын жіпке тізіледі. Азаттық үшін ашық айқаста құрбан болған арыстар аты аталады. Ол да бір тағзым іспетті.

– Абай, Шоқан, Ыбырай дәуірі қылыштан гөрі қаламның қуатты екендігін дәлелдеді. XIX ғасырдың соңын XX ғасырдың басын ала бере тарих сахнасына қазақ оқығандары шықты. Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Мұстафа, Смағұлдар, Алаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды. Сұлтанмахмұттың «Өлер жерден кеттік біз, Бұл заманға жеттік біз» деп жаһанға жар салатын кезінде ұлт зиялылары «Не істеу керек, қайтеміз, қалай ел боламыз» деп ойын он саққа, қиялын қырық саққа жүгіртіп еді. Сонда Әлихан Бөкейхан «Автономия, бізге керегі Автономия!» деп қайта-қайта шырылдап, телеграмма салумен болды. Сондағы ойы «Мемлекет құрып алайық, мемлекетіміз болса, қалғанының бәрі болады» деген асыл арман-ды. Қазақ автономиясын жариялағанда Алаштың арыстары «міне, ел болдық, еркіндік ө қолымызға тиді» деп бөркін аспанға атты. Алайда, бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақтың еркіндігінен қорыққан қызыл империя көсемдері Алаш туы астында біріккендердің бәрін біртіндеп құртты. Ең алдымен Жүсіпбек Аймауытовты атты. Қалғандарын қияндағы Шәкәрімнен бастап қаладағы қазақ оқығандарын түгел қырды. Мұстафа Шоқай шетел асты... Алашорда партиясына мүше болғандардан жалғыз Мұхтар Әуезов қана аман қалды... [2.337-б.].

Мұны оқып отырып орыстың бодандығына кіргелі бергі ел боламыз деген алғашқы талпынысымыздың қандай қайғыға ұласқандығын білеміз. Бұл зобалаң осымен біте қойған жоқ. Ары қарайғы деректерге көз салыңыз.

– ...32-33-тің ашаршылығы қолдан жасалды.

...36-37-нің қырғыны әдейі істелді.

...41-45-те ең көп қырылған қазақ еді...

...54-55-жылдары Тыңды игеру желеуімен бос қалуға қараған қазақ жеріне кілең "түрмешікті" әдейі топырлатты...

...70-80-жылдары тілді тұқыртты, салт-дәстүрді быт-шыт қылды.

...86-жылы қазақ рухын таза құрпақшы болып, тас төбеден ұрды...

Осыншама нәубеттің ең сұмдығы – 1949 жылдан қазақ халқы Атом полигондарының сынағына тасталды. Қазақ қоян құрлы болған жоқ...[2.337-338-бб.].

Бір ел үшін бұл аз зобалаң ба? Біз өзі құрып кетпей қайтіп жеткенбіз осы күнге? Осындай сұрақтар еріксіз туады. Неде болса, жеткен соң болды деген емеурін байқалады. Ары қарайғы жолды баяғы әдетінше Нұртөре Жүсіп тағы өзі айтады.

–Атом сынағынан аман өттік. Бұл заманға да жеттік. Міне, XXI ғасыр келді. Үшінші мыңжылдық басталды. «Біз қай жолмен жүреміз, қайда барамыз, қалай ел боламыз?» деген сұрақ күн сайын алдымыздан шығады. Хиросима мен Нагасаки қирап қалғанда қалың жапон жылап тұрып, ел болуға, көркеюге серт берді.

Олар Білім мен Білік жолын таңдады.

XX ғасырдың басында қазақ оқығандары да осы жолды таңдап еді.

XXI ғасырда қазақтың қасіреті аз болғай, қуанышы көп болғай! Таяудағы жүзжылдық, әрідегі мыңжылдықтарда қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін Хақ-тағала баянды еткей! [2.338-б.].

Адамның шығармашылығы – оның жанының айнасы. Осы сөздің өзінің мағынасына мән берсеңіз шығарма дегеніміздің өзі жаннан бөліп алу, яғни бөліп шығару деген ұғымға саяды. Ал жүректің лүпілінің астында жасырынған жан өзіне ұқсамайтын дүние шығара алмайды. Негізге қалайда кіндігін байлап туады ол. Сондықтан мына мақалада жазылған тілек Жүсіп Нұртөренің күбірін тыңдаған адам болса күнде естуі ғажап емес – дұға.

"Менің мемлекетім", "Қазақстанды сақтай гөр" сынды бір қарағанда тақырыбымен-ақ баурап алатын мақалаларының бірі "Бір орыс келіншек базарда бесік іздеп жүр..." деп аталады. Қазақтың бесігі. Батырды да, ақынды да, данышпанды да тербеткен қара бесік. Бір кезде орыстар бізді безіндірмек болған бесік. Енді сол ұлттың бір өкілі неге бесік ізейді базардан? Оқырман тақырыпты оқи сала осыншама сұрақтың қайдан туғанын білмей таң қалған болар. Әңгімені журналист өзі бастасын. Берейік сөз кезегін.

– Бесік. Қазақтың коляскасы да, манежі де осы. Әрі таза, әрі жайлы. Кезінде «баланы бесікке бөлеу – рахит ауруына шалдықтырады»,– деген де шолақ пікір болған. Талай дәрігер бесіктің денсаулыққа «зияндығын» дәлелдеп баққан. Бесікке бөлеген баланың бұты «талтақ» болады» деген де жаңсақ пікір қоғамдық санаға таңылған. Бесіктен бездіру, бесіктен безіндіру саясаты жүрді.

Бесікті лақтырып жіберген...

Бесікті өртеген...

Бесікті балтамен шапқан... да қазақтар болды.

Біз бесіктен безіну арқылы өзімізден – өз мәдениетіміз бен дәстүрімізден..,

қазақтық қалпымыз бен ата-салтымыздан..,

ұлттық рухымыз бен ұлттық сипатымыздан..,

өз жөргегімізден безінгенімізді білмей қалыппыз [2.344-б.].

Отаршы ел осыншама терең саясат жүргізгендігін бүгін тарих растап жатыр. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары "300 жыл Романовтар әулетінің жасай алмағанын мен 3 жылда жасадым" деп Н.С.Хрущевтің орталыққа рапорт бергендігі, 80-жылдары "бүкіл совет халқы тек бір-ақ тілде, орыс тілінде сөйлейді" деп жар салғандығы соның дәлелі.

Сол күннен қалған рухани жара аз ба? Мұны журналист Нұртөре Жүсіп де тізіп береді.

– Бірінші ана тілін айналыстан, қолданыстан шығару мақсат болды. Бұл үшін – қазақтың қыздарын шошаңдатып, орысша тәрбие беріп, тілін бұрау мақсаты қолға алынды.

Екінші – қазақты бесіктен айыру. Бесіктен безіндіру қажет болды...

Бесікке бөленбеген балалар билікке келді. Бесіктен безінген будан буын бұ қазақтың бесігін түзеуші ма еді?! Қайтіп түзейді, қалай түземек?

Бесігін бағаламаған елдің есігін кім-көрінген теуіп ашады.

Бесігін жоғалтқан ел – есімін жоғалтқан ел. [31.345-б.]

"Ел боламын десең бесігіңді түзе, бесігіңді түзеймін десең, әуелі әйелдің халін түзе",– деген Алашордашылардың ең соңғы тұяғы Мұхтар Әуезов.

Ұлт болып жаһанданудың жымысқы шабуылына төтеп береміз десек ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық мұрамызды, мәдениемізді жоғалтпауымыз керек екені айтпаса да аян. Бірақ 70 жылға жуық бодандықта болғандығымыздың кесірінен әуелі әлемді әлдилеген аналарымыз бесігіндегі бөбегіне әлди айта алмай жатқан да кез болған рас. Солардың зарарлы қылықтарын бұрынғы бабаларымыз салып кеткен мектепті қайта жаңғырту арқылы тыю керектігін түйсінген журналист ұлттық-рухани тақырыпта осылай түрлі мақалалар тудырады. "Кеңкелес ұрпақ көбейді", "Кіндігіңді көрсетпе көрінгенге", "Құлдан құл туады", "Жұрт жұмысы мен ұлт намысы "деген сияқты тағы да көптеген мақалалары осы сарындас – ұлт қамы үшін жазылған құнды туындылар.
Әдебиеттер

1. Жүсіп Н. Біз кімнен кембіз? Алматы. Шартарап, 2001ж.

2. Жүсіп Н. Елес пен Белес. Алматы: "arna-b", 2006ж.



1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет