Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты



жүктеу 2.07 Mb.
бет5/7
Дата02.05.2016
өлшемі2.07 Mb.
1   2   3   4   5   6   7
: ebook -> umm
umm -> Типовая учебная программа по предмету «Музыка» для 1-4 классов уровня начального образования
umm -> -
umm -> Зертханалық ЖҰмыс тақырыбы: «Кестелік процессор ms excel. Мәліметтерді енгізу және редакциялау. Ұяшықтың адресі» Мақсаты
umm -> «Экономикалық теория негіздері» пәні бойынша экономикалық емес мамандықтары үшін
umm -> Ғылымның эмпирикалық деңгейінің негізгі тәсілдері қандай?
umm -> Семинар сабақтары Студенттердің өздік жұмысы
umm -> История взрыва 1
umm -> Асенова Б. К. Ребезов М. Б

2.2 Лексикалық ерекшеліктері
Эпистолярлық жазбалар тілінің лексикалық ерекшеліктеріне ең алдымен эпистолярлық стильге тән стандарт сөздер мен тұлғалардың болғандығын және тұрақталып, қазіргі эпистолярлық жанрда қолданылатындығын айтуымызға болады. Мысалы, хаттың сыпайыгершілік қаратпа сөздермен басталуы, көне әдеби тілдік формалардың сақталуы, т.б.

Қазақ тіл білімінде араб-парсы тілдерінің өте көп қолданылуы, әдеби тіл нормасына сай келмейтін лексика, фонетика, грамматикалық ерекшеліктер, көне тілдік қолданыстардың жұмсалуы «кітаби тіл» деп аталатындығы белгілі. Хаттар тілінде кітаби тіл үлгісі сақталып, араб-парсы, иран, татар тілдерінің элементтерін қолданылғандығы көрінеді. Бұл құбылыс туралы ғалым С.Исаев: «Бұл – бірлі-жарым ғана кездесетін кездейсоқ құбылыс емес, қазақтың жазба әдеби тілі тарихынан белгілі орын алған Қазан төңкерісіне дейін төл әдеби тілмен қатар өмір сүрген тілдік құбылыс» [80, 207-б] ,-дейді.

Жазба әдеби тіл көрінісі ретінде орыс сөздерінің көбірек қолданылатынын атауға болады. Ол сөздер жоғары лауазымдарды атайтын стандарттар: патша хазратлары (Его Величество), генерал-губернатор хазратлары; әр алуан ресми атаулар-терминдер ретінде келген маһкама (учреждение), хизмет (служба), міндетлі хизмет, хизмат даптары (список служебный), бұйрық қағазы (приговоры), халық (общества, которые выбирает должность волостного управителя), жария бұйрық (приказ опубликованный, обнародованный), уалайат (территория по определенному административному делению) арз (прошение, продаваемое на имя лиц), тартиб~тәртіп (порядок, распоряжение), қазына (государственная казна, собственность), низам (положение).

XIX ғасырдың II жартысындағы хат мәтініде орыс сөздері : пригауар (приговор), сбор, выборный, аулнай, жалованье, раскладка, знак, статья, (заңның, ереженің статьясы), содья, списка, аренда, полиция т.б. қолданылған. Олардың бірқатары орыс тіліндегі сын есім мен зат есім тіркесі күйінде өзгертілмей қолданылады. Мысалы, Областное правление, увольнительный приговор, уездный начальник, волостной управитель, аулнай старшианлар, Внутрених дел Министр, Степной генерал-губернатор, военный губернатор, Оренбургский Ново-линия районы, государственный совет, податной инспектор, казенная палата, докладной лист т.б

Эпистолярлық жазбаларға жататын қазақтың хан, сұлтан, болыс, билерінің орыс империясының әкімшілік орындарына жазған хаттары мен белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушы, оқыған азаматтарының хаттарының тілінде әр кезеңге байланысты кірме сөздердің (араб-парсы, орыс тілінен енген) белсенді қолданысқа түскендігін байқаймыз.

М.П. Вяткин хат тілінде кітаби шағатай тілінің элементтерінің жиі кездесу құбылысын хатты жазушы адамдардың татар молдалары немесе патша үкіметінің өкілдері екендігі жайлы: «Орта Азия тілдеріне тән архаизмдер мен арабизмдер араласқан татар тілі хандар канцеляриясы практикасында ұзақ уақыт берік сақталып, ресми хат-хабарлардың барлығында қолданылады. Бұл тіл қазақ халқының көпшілік бұқарасына мүлде түсініксіз болды» [17, 341-б] ,-дейді. Бұл топқа жататын материалдар тілдік жағынан біркелкі емес, олардың бірінде араб, парсы сөздер өте көп жұмсалып, оқуды мейілінше қиындатса, екіншісінде орыс тілінен енген сөздер, терминдер жиі қолданысқа түскен.



Жүмле пәндешідік илән сіз ғали нәсіплү саятлыны граф хазратларымыза ғарыз қылұп жүмле мархаматлұ уа ғынаятлұ падышаһ агзам хазратларының ғали дәргәһләрінің тапұғына жүмле бәндә гәне ғарыз қылұп уағдаларын, тәкід уа тақрыр қылдұрмақыңызы бән хан һәм барша жамағатлар жүмле ыхласлы пәндешілүгіміз илә иланмас қыламыз. Сіз ғали нәсіплү саятлыны граф хазратларымызның сұрамақлықыңызны падышаһ ағзам…

Айшуақ ханның қатынас қағазы эпитеттер арқылы «Жүмле мархаматлұ уа ғинаятлұ» - барлық шапағатты және мейірімді деген қаратпа сөздер арқылы басқа эпистолярлық жанр түрлеріндегідей басталады. Қарата айтылған сыпайыгершілік сөздері қолданылған. Аса, зор, асқар, жоғары ұғымын туғызатын араб сөзі – ғали, падышаһ агзам немесе Ғали хазратларымыз – ұлы мәртебелілігіңіз т.б. қолданылған.



Жүмле, жүмла – барлық, жалпы, бүтін деген мағынада жұмсалған.

Мархаматлұ- рақымды, шапағатты деген мәнді білдіретін қаратпа сөз.

Хат тіліндегі кейбір араб сөздері бастапқы қалпына өзгеше таңбаланып жазылған. Оның себебін араб әріптерімен таңбаланған сөздердегі дауысты дыбыстардың (а,е,ы,і) оқылуына байланысты деп санаймыз. Мысалы, Т.Қордабаевтың «Қазақ жазбалары тілінің синтаксисі» атты еңбекте берілген хат мәтінінде кейбір араб сөздерінің оқылуы осы дауысты дыбыстарға байланысты араб тіліндегіден өзгеше таңбаланған. Мәтіннен араб сөздерінің мәнін анықтауға болады.

Аталған еңбектегі хатта аслахқа, астрахатқа деп берілген сөздерді араб тілінің ислахқареформа, өзгеріс; истрахатқа – демалыс, үзіліс [81,120-б] деген мағынада жұмсалған лексемалар екендігін мәтіннен түсінуге болады.
Мұхлас арабтың мұхлис – шын, адал деген мәнде (мұхлас пәнде Айшуақ хан).

«Кенд мөһөрімді басдым» - «мөһөрім» – парсы тілінен енген сөз, бүгінгі қазақ әдеби тілімізде «мөр» болып өзгеріске ұшырап қолданылады.

Ілік септігі жалғауымен келген «Дәргәһләрінің» деген сөз - парсы тілінен енген сөз. Бұл сөздің беретін мағынасы – мәртебелі, аса құрметті дегенді білдіреді.

«Жүмле, іждаһадлы, хысабайлымын, хүкмым» т.б. араб тілінен енген сөздер, сол бастапқы күйін сақтап жазылған.



Фаһымлары лексемасы – ақыл, ой, түсінік [81, 221-б] - деген мәнде жұмсалған.

Рузгәр деген сөздің құрамындағы гәр – сөз жасайтын жұрнақ. Ал рузмезгіл, уақыт, шақ деген сөз.

Мысалы, тәкід сөзі арабтың тәкид сөзі. Оның қазақша баламасы - растау, қолдау [81, 209-б].



Сондай-ақ – шылауы «шондаиоқ» түрінде келеді.

Айшуақ ханның хатының тілінде араб-парсы элементтерінің жұмсалуы басым болса, Мархаматұлы сұлтанға Сұлтан Шұға Нұрғали ұғлының хатының тілін салыстырар болсақ, екінші хатта араб-парсы тілінен енген сөздер азырақ. Бұл хаттың да ерекшелігі бар. Бөкей ордасы сұлтандары мен старшындарының сұлтан Шөке Нұрғали ұлына жазған хаттарының тілінде кейбір фонетикалық және грамматикалық өзгешеліктері болғанмен, Айшуақ ханның хатына қарағанда лексикалық ерекшеліктерінде айтарлықтай жаттылық жоқ. Дегенмен, біраз ерекшеліктерді атап көрсетуге болады.

Мысалы, Нешүкдұр кім деген сұрау мәнінде жұмсалады. Мархаматлұ – мархабат; сұлтанұм – сұлтаным; мағлұм – мәлім; һөнүз – күндіз; инабатлұ – инабатты араб-парсы сөздері.

Мысалы, тәкід сөзі арабтың тәкид сөзі. Оның қазақша баламасы - растау, қолдау[81, 156-б].



Офат – өлді, қайтыс болды[81, 163-б].

Мирасыға – өсиетке; кәміл яш – кәмілет жас; тахқиқ – орындалу, тексеру; мақбул – қабылданған, құпталған; шариғ қануыға муафиқ – шарихат заңына сәйкес т.б. шығыс тілінен енген сөздер орын алған.

Сонымен бірге орыс сөздері қолданылған: генерал майор Павел Семенович Попов; войсвокой старшина уа һәм ковалер Филипович Скворцов. Орыс сөздері сол кездегі әскери шен атаулары. Орыс сөздері қазақ тіліне бейімделмеген, яғни дыбыстық өзгеріске түспеген күйінде жұмсалған. Хат жазылған кезеңде, қазақ жерінің Ресей империясына бағынуына байланысты орыс сөздерінің ене бастауын танытады.

Хат таза қазақша, түсінікті түрде жазылған. Сол дәуірдегі сөйлеу тіліне жақын. Сөз болып отырған хат мәтіні тілінің әр түрлі лексикалық ерекшелікке ие болуы оны жазған адамның (хатшының) ұлтына, қай тілде сауат ашқандығына, оқығандығына байланысты. Осы кезеңдердегі хаттардың тіліне қарасақ, бірінде оғыз тілдерінің элементтері басым болса, екінші бірінде қыпшақ тілдер элементі басым болып келеді.

Қайып хан елшілерінің қазақтардың Ресеймен тату тілегі туралы мәлімдемесінің тіліне үңілер болсақ, лексикасында орыс есімдері қолданылған. Араб тілінен енген сөздер кездеседі: хан, әмір, әзір, әскер т.б. Орыс тілінен енген сөздер: губернатор, князь, Тобольск деген жер атауы т.б. сөздерге назар аударуға болады. Орыс тілінен енген лексемалар өзгеріске ұшырамаған күйінде жұмсалады.

Көнерген сөздер: хан, қоңтайшы, патша, мырза, орда, бұхаралық, т.б. Бұл көнерген сөздердің өзін ішін ара бөліп қарауға болады. Қазіргі кезде түсінікті, қолданыстан шығып қалған сөздер, (хан, қоңтайшы, патша т.б.). Қазіргі таңда қолданылатын, бірақ мағынасы ол кезеңдегіден сәл өзгерген сөздер: мырза, жарлық т.б. сөзі қолданылған.

Екінші құжатта, яғни Қайыпханның жоңғарларға қарсы бірлесіп аттану үшін әскер жіберу туралы өтініш жасап император І Петрге жазған хатында (1718 жыл 10 желтоқсан) басқа эпистолярлық стильдердегідей эпитетті қаратпа сөздермен басталады. Яғни, сол замандағы эпистолярлық жазбалардың жазу мәнеріне сай жазылған. Мысалы, «Және де ұлы мәртебелі патша Сізден өтінемін, Сіздің жауыңыз қоңтайшыға аттанғым келеді және қазір одан басқа ешкіммен соғысқым жоқ. Ал егер ұлы мәртебелі Сіз, әмір берсеңіз, бізге рұқсат етсеңіз, Сіз өзіңіз оған, қоңтайшыға қарсы және бізге көмек етіп әскери адамдар жіберуге нұсқау берсеңіз және ол әскери адамдардың қандай уақытта жіберілетіні туралы бізге тездетіп ведомость жіберсеңіз, сол мерзімде бізде бәрін алып шығамыз және ондай жауды, құдайдың рахымымен, тас-талқан еткіміз келеді»

Сонымен XVIII ғасырдағы хат жанрында төмендегідей лексикалық ерекшеліктерімен көрінеді:


  • араб-парсы сөздерінің мейілінше мол жұмсалуы (аслахқа, астрахатқа);

  • терминдердің ішін ара кездесуі (ведомость);

  • орыстың әскери шен атаулары (генерал майор, войсвокой старшина, ковалер);

  • сол кезеңге тән әлеуметтік лексемалар (хан, әмір, әзір, әскер) жиі жұмсалған.

ХІХ ғасырдағы хаттар тілінің лексикасына қатысты осындай тұжырымдарды айтуға болады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы хаттар тіліндегі кейбір өзгешеліктер ғалым Р.Сыздықтың еңбектерінде талданады. Р.Сыздық стильдік ерекшеліктерінің бір белгісі құрметті, жоғары мәртебелі, мейірімді, т.б. сол сияқты құрмет көрсете, сый білдіре арнаған сөздердің татар, түркі жазба әдеби дәстүрінде қалыптасқан жазу мәнеріне сәйкес екендігін айтады. Ондай бірден көзге түсерлік ерекшеліктерінің бірі ғизатлу, хурматлу, мархабатлу, сағадатлу, биік мартабалу, ғинайтлу, құдратлу, шафағатлу тәрізді болып қаратпа сөздер арқылы басталатындығында деп көрсетеді. Және бұл құжаттар тілінде қолданған сөздердің басым көпшілігі қазақ тіліне тән емес, ортаазиялық әдеби тіл мен татар тілдерінікі деген тұжырым жасайды [15, 230-б]. Хат мәтініндегі құдретлу, шафағатлу, мархабатлу, ғизатлу, хұрметлу деген сөздердің барлығы дерлік араб сөздеріне түркі тілдеріне ортақ сын есім тудырушы -лу; -лү жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалған. Демек, мұнан шығатын қорытынды, түркі жазба әдеби дәстүрінде қалыптасқан хат жазу мәнері болған. Онда ең әуелі, өзге тілдердегі сияқты, хат иесінің адресатқа құрмет көрсете, сый білдіре арнаған қаратпа сөздері келеді. Бұл қаратпада қайткенде де эпитеттер болуы керек (хурматлу, ғизатлу, сүйүклү, меһрбанлу т.т.): хурматлу батырлар … (Махамбет хатынан), хурматлу улұғ мансаблу атамызға, меһрбанлу анамызға; Сізге улұғ хурматлу уа сүйуклу атамызға (Шоқанның хаттарынан), зияда хурметтілеріміз Григорий Николаевич, осындай ардақты ханымымыз Александраға (С.Шомановтың хаттарынан); ғизатлу уа хурматлу болғучы баламыз Халлиолаға… (Құнанбайдың хатынан); Сізге ғизатлу уа хурматлу азиз мұқарам ініміз Халиолла мырзаға… (Абайдың хатынан); зияда ғизатлу уа хурматлуШыңғыс Уали уғлына (Ладыженскийдің хатынан); айналайын шырағым сүйікті Сәмреке (Н.И.Ильминскийдің хатынан).

ХІХ ғасырдағы қазақ тілінде жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттары санаулы ғана. Солардың ішінде бізге жеткендерінің бірі атақты жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлының 1839 жылы жазған хаты. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның батыс өлкесіндегі халық өмірінде болған елеулі оқиға – Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі. Бұл көтеріліс көркем әдебиетте ғана емес, іс-қағаздар тарихында да өз ізін қалдырғанын көреміз. Олардың қатарында Махамбет Өтемісұлының М.Ладыженскийге, Жәңгір ханның Исатай Тайманұлына жазған хаттарынан көре аламыз.

Қарастырылып отырған кезеңдегі іс қағаздарының тілі мен ауызекі тіл арасында да жоғарыдағыдай елеулі өзгешеліктер бірден көзге түседі. Қазіргі қазақ әдеби тілінде қолданылмайтын көне түркілік элементтер басым. Мысалы, академик Р.Сыздықова: «Өлеңдері таза қазақша Махамбет «Хурматлу батырларға» жазған хатында уа, уа һәм, бірлән, білән деген шылаулардың, бек, нечүк деген үстеулер мен есімдіктерді қолданады»[15, 231-б],-деп атап көрсетеді. Хат тіліне назар аударсақ,



«Әгәр орыс-қазақтан қысаңлық болса, бері қарап көшіңіз. Бір малыңызға назар халқы ғайри уәлият тия қылмас. Һәрнешік орыс турәгә хор болмаңыз. Һәм бүгінде Ғайбала ханның қолында біраз әскер бар. Адай, Табынның тинтәкләрін тиып, зәкәтләрін алатұрғанһәд де узләріңіз біліп тұрғансыз. Һәм де бұ йыл барған алашалар молла Жарылғас білән Ошырты бинің барған иліндән Аллақұли хан бажы һәм зәкәт бірісін де алмады. Һәм ошан күз алашадан алпыш икі үйні қырғыз Хиуадан батырлар шауып кетіп еді, шол малларын да Аллақұли кісі жұмсап, алдыруға ниетленген ирді һәмтілеу халықлары да малының алдын алып келіп берді. Орыстан шығып барған халық хадірсіз ирмәс. һәм сіз халқының да біздің бірлән бір болғаныңызны да Аллақұлихан бек хош уақ болды. Бутән ғайри не язайын? Язғушы ініңіз Мұхамед Утәміш ұғлы дейур біләсіз – Мухамет».

Араб, парсы сөздері жиі қолданылады.

Мысалы, уәлият – (араб) ескі (уилайет). Сөздікте мағынасы былай түсіндіріледі. «Облыс, өлке, аймақ, орталықтан алыс жердегі әкімшілік орын, түкпірдегі ел провинция, губерния» [82,177-б].

«Бажы» –(парсы) (бадж) Шекарадан өтетін товарға, малға салынатын алым-салық. (пошлина, налог, дань) [82,40-б].



«Зәкәт» – (араб) діни. (Зәкат) Ислам дінінің шариғаты бойынша қожа мен молда, хан мен ишандардың пайдасына халықтың мал-мүлкінен жыл сайын алатын алым-салық үлесі т.б.[82,79-б].

Бұл ерекшелік тек Махамбеттің хатында ғана кездеспейді. Сол кезеңдердегі эпистолярлық стиль үлгілеріне жататын құндылықтардан да байқалады.

Абылай сұлтанның Сібір губернаторы Сухаревқа 1745 жылғы жазған хатына талдау жасау барысында лексикалық жағынан даралықтар бар екендігін байқадық.

Хаттың тілі қарапайым және қазіргі оқушыға да толық түсінікті, стилі жартылай ресми ойы айқын, сол дәуірдегі ресми құжаттарға тән шұбалаңқы, күрделі тіркестер кездеспейді, адресатқа арналған ғизатлу, хүрметлу, меруертлу, даулетлу, шәукетлу, барчаға рахмлы тәрізді мадақтау эпитеттерден кейінгі нақты жұмысын баяндауға көшеді. Яғни, мұндағы ең алдымен көзге түсетін хат мәтініне тән ерекшелік – хаттың Ғизатлу хүрмеилу уа меруетлу уа шәукетлу уа барчаға рахымлы улуғ падшаһ хазіретлерінің ғасподин деген сыпайылықты білдіретін мақтау сөздермен басталуы.

Ал Шыңғыстың хаты көбіне жауап түрінде келеді. Хат мәтінінің тіліндегі лексикалық ерекшеліктерге келетін болсақ, Шыңғыс жауап хаттарында орыс сөздерін еркін қолданады. Мысалы, ай аттары орысша берілген. Июль, апрель, май, февраль, сияқты ай аттары, сонымен қатар, адъютант, полковник, портрет, губернатор, блогородное собрание, музыканттар, князь, т.б. орыс сөздері тұнып тұр. Кірме сөздер, орыс тілінен енген, орыс тілі арқылы өзге батыс тілдерінен енген сөздер сол күйінде, қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарының әсерінен өзгеріске түспеген қалпында жұмсалған.

Хат мәтінінде шығыс тілінен енген сөздер мен көне түркілік элементтер де басым. Мысалы, хат мәтінінде шад олдық, көп сәлем айтадұр, бек ыхласты, һеш шама жоқ шад, білан таныстым, жаһаттанып жүр, т.б. түркіше, шағатайша сөздер қазіргі тілімізден өзгеше екендігі бірден көзге түседі. «Жырақ жерден жақын көңіл», «Хұда ғұмыр берсе», «Хұда тағала алды-артын бақытты қылып, хайырын берсін», «Хұда есендік берсе», «Хұда бұйырса», «әмір Алланікі дүр», т.б. мақал, тұрақты тіркестер кездеседі. Р.Сыздықова бұл жөнінде зерттеу еңбегінде айтып өтеді: «Ал Шыңғыстың хаттары әлдеқайда «түркіше». Мұнда көне ұйғыр жазба тілінен келе жатқан кейбір тұлғалар қолданған: мысалы, бол етістігінің орнына ол варианты: олдың (шад олдық) қыпшақтың ған жұрнақты есімшесінің орнына –мыш аффиксті түрі: ерміш (екен), жазмыш (апрельдің 14 жазмыш хатыңыз) «шағатайлық» ерсал айладық (сәлемдерімізді ерсал айладық) т.б. шағатайшалап жіберуді жатсынбайды» [15, 232-б] дейді.

Шыңғыстың хаты тілек мәнді сөздермен аяқталады. «Дәю, әрдайым хұдадан есендіктеріңізді тілеп жазғұш атаң сұлтан» түрінде жұмсалған.

Шыңғыстың хатында ай аттары орыс тілінде беріліп, кей кезде өзгертіліп, яғни қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына сәйкес жазылады. Мысалы, «Сіздің апрельдің 14-інде жазмұш мұбәрак сәлем хатыңызды майдың 27-жолығып, бәршаларымыз шад олдық» Немесе «Бұ күнде жанарал – губернатор Алматы – Қапалда, үйілдің аяғында қайтпақ».

Хатта төмендегідей ерекшеліктер көзге түседі:

- Ғизатлу уа хұрматлу қаратпа сөздер арқылы басталуы;

- қазіргі әдеби тілімізде қолданыста жоқ көне түркілік һәм шылауының қолданылуы;

- қайтсын, көрсін етістіктеріндегі сын тұлғасының – (қайтсүн, көрсүн) сүн түрінде берілуі ( ерін үндестігіне сәйкес);

- отыз сан есімінің отүз түрінде қолданылуы ;

- осы, бұл есімдіктерінің орнына үшбу сөзінің келуі;



«Алхамды лилла, үшбу күнде сау-сәлеметлерміз, өзің көрген жанлар һәммасы»деген қолданыстардың, яғни араб тілінің көрініс беруі.т.б.

Бұл хат алдында келтірілген хатқа қарағанда ұғынықты болу себебі қазақ тілінде көне жазба дәстүрді сақтай отырып жазылғандығында.

Шоқан Уәлиханов, оның әкесі Шыңғыстың, Садуақастардың хаттарында «Алхамдилла, иншалла сияқты арабша қыстырмалар, ләкин, һәм, уа ғайыры, аның үчүн(өйткені), жоғса (әйтпесе), емді (енді) сөздері қолданылған. Сондай-ақ, хұдадан есендіктеріңізді тілеп; хұда ғұмыр берсе; хұдай тағала алды-артын бақытты қылып, хайырын берсін; алхамдилла, ахырының хайырын берсін; хұда есендік берсе; хұда бұйырса т.б. тұрақты тіркестер қолданылады. Бұл - ауызекі сөйлеу стиліне тән құбылыс, діни ұғымға байланысты фразеологизмдер.

Ыбырай мен Шоқан хаттарының соңында төмендегідей бағыныштылықты білдіретін сөйлемдер, сөздер жазылған. Сол кездегі патшаға жолданған хаттардың бәрінде кездеседі деуге болады. Мысалы, Садуақас Шормановтың хатында: «Сізді дайым хұрметте қалаушы (қазіргі әдеби тілде сізді үнемі құрмет тұтушы болуы керек), Қош, сізді, һам жамағатыңызды құрметтеуші» түрінде келеді.



Ф. М. Достоевскийдің Шоқан Уәлихановқа жазған хатының тіліне үңілер болсақ, қазіргі әдеби тілден лексикалық ерекшеліктерді байқаймыз.

«Құрметті досым, сіздің хатыңызды маған Александр Николаевич әкеліп тапсырды. Сіз сондай сүйкімді, жылы сөзбен жазыпсыз, хатыңызды оқығанда өзіңізді көргендей болдым. Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ендеше мен туралап-ақ айтайын, мен сізді жанымдай жақсы көремін. Мен Сізді жақсы көргендей ешуақытта да, ешкімді де, керек десе туған аға- інімді де жақсы көрген емеспін, мұның себебін құдай білсін. Бұл жерде бұған өте көп дәлелдер келтіруге болар еді, бірақ сізді несіне мақтай берейін! Ал, енді, Сіз, қымбатты Уәлиханым, менің ниетімнің таза екендігіне, тегі, ешқандай дәлелсіз- ақ сенетін боларсыз, егер де бұл туралы мен он кітап жазсам да көңілдегінің бәрін түгел жазып тауыса алмас едім, өйткені сезім, тәтті көңіл дегендер түсіндіруге болмайтын нәрселер ғой. Сізбен арбада тұрып қош айтысып айырылысқаннан кейін бәріміз де күні бойы көңілсіз болдық. Біз бүкіл жол бойы Сізді аузымыздан тастамай, білгенімізше мақтай бердік. Япырмай, Сіз бізбен бірге жүрген болсаңыз, қандай жақсы болған болар еді! Сіз Баянауылда көзге түсіп, үлкен әсер еткен болар едіңіз. Кузнецкіде (мұнда мен өзім ғана болдым. И.В. Бұл құпия)- мен өзім досым деп жүргенбір ақылды, сүйкімді, адамгершілігі күшті әйелге Сіз жайында көп- көп әңгімелер айттым. Менің Сізді оған мақтағаным сонша, тіпті ол Сізді, ешуақытта көрмеген болса да, менің сөзіме қарап, өте жаратты, оның себебін, Сіз оны өте тамаша суреттеп жібердіңіз деп маған өзі түсіндірді. Мүмкін бұл тамаша әйелді Сіз бір кезде көріп те қаларсыз және оның достарының да бірі боларсыз, мен де соған тілектеспін. Бұл туралы жазып отырған себебімде осы. Барнауылда мен болып та жарығаным жоқ. Дегенмен бір балда болып, керек адамымның бәрімен дерлік таныстым. Мен көбіне (бес күн) Кузнецкіде тұрдым. Онан соң Змиевада және Локте тұрдым. Демчинский әдеттегісіндей ылғи сықақпен жүрді. Мен оны осы жолы бұрынғыдан да жақсырақ байқадым. Сізге көп нәрселер жазуға болар еді, бірақ оның бәрін хатқа сыйғызуға мүмкін емес. Бір кездерде бұл жөніндегі кейбір сырларды өзіңізде естіп білерсіз, ал, қазір, қапелімде (күтпеген жерден) менің басыма маған дүниенің бәрінен де қымбат болып көрінетін бір нәрсе туралы сонша қайғы, сонша қорқыныш түскен кезде, қазір жалғыз өзімнен басқа ешкім болмай қалған кезде (ал әрекет жасау керек) – мен Сізге өзімнің басты ойымды, көздеген мақсатымды, және екі жылдан аса уақыт жүрегімді өлердей елжіретіп жүрген бір мәселенің бәрін Сізге ашып айтпағаныма өкініп жүрмін! Солай етсем мен бақытты болған болар едім. Қымбатты досым, сүйікті Шоқан Шыңғысұлы, мен Сізге жұмбақ жазып отырмын. Ол жұмбақты шешем демей-ақ қойыңыз, тек менің жолым болуын тілеңіз. Мүмкін осының бәрін жуық арада менің өзімнен- ақ естіп қаларсыз. Мүмкіншілік болса біздікіне тезірек келіңіз, ал апрельден қалушы болмаңыз. Бізге келемін деген ойыңызды өзгертіп қойып жүрмеңіз. Сізді көруге асықпын, ал өзіңіз де зеріге қоймассыз…» И. В. сізге сәлем деді; Омбыға қалайша оны қызықтырып, шақырғаныңызды айтты. Ол Сізді жадынан шығармай, Сіз туралы ылғи құрастырып отырады [83,-305-б] .

1. Хатта ауызекі тіл, тұрмыстық лексика көбірек қолданылады;

2. Хат мәтінінде автор баяндаған қоршаған ортада, болмыста жүзеге асатын құбылыс, оқиға, фактілер ойдан шығарылмайды, шынайы түрде беріледі.

3. Белгілі қарым-қатынас хат мәтінінде тікелей жүзеге асады. Ш.Уәлиханов Ф.М.Достоевскийге хат жолдап, содан кейін Ф.М.Достоевский хатына жауап жазады. Арасында белгілі бір қарым-қатынас, яғни, хат жазудағы байланыс бар.



«…Сіз Омбыда зерігіп деп жазыпсыз,- әрине, зерігесіз! Сіз менен өзіңіздің қызметіңіз жөнінде ақыл сұрапсыз…»

4. Көркем мәтінде уақыт “көркем уақыт” деп аталып, жай уақытқа қарама-қарсы қойылса, яғни, көркем шығармада жай уақыттың иллюзиясы көрініс тапса, хат мәтінінде жай уақыт және уақыт хат жазылып отырған сәтпен байланысты белгіленеді.



( Ф.М.Достоевскийдің Шоқан Уәлихановқа жауап жазған уақыты- Семей қаласы, 14 декабрь,1856 жыл)

5. Хаттың адресаты, адресанты нақты, белгілі адамдар Ш.Уәлиханов пен Ф.М.Достоевский бір- бірімен таныс адамдар. Ал көркем шығармада, көбінесе, автор құбылыс пен фактілерді, оқиға болған жерді нақты айтпай, ойдан шығаруы мүмкін.

6. Хаттағы хабар адресантпен байланысты, оған қатысты хабар.

7. Егер көркем шығармада автор тұтас шығармадағы шындыққа бір ғана, өзіндік көзқараспен қараса, хатта қатаң бір авторлық идея жоқ.

8. Көркем шығармада суреттеу көп қолданса, хат мәтінінде суреттеу өте сирек кездеседі. Суреттеу субъективті авторлық баяндаудан бөлінбей, бірге өмір сүреді, жеке абзацқа мүшеленбейді. Бұл, әсіресе, жеке хаттарға тән. Белгілі бір сапарды баяндап отырушы хат болса,онда қысқа пейзаждық суреттеулер көрініс табады. Пейзаждық суреттеулер үнемі баяндаулармен араласып жүреді және жеке тақырып құрамайды. Эпистолярлық портрет сыртқы келбетті суреттеу кезінде қолданылады.

9. Хат мәтінінің соңғы бөлімдерінде адресантқа тілек айтылады немесе кеңес беріледі. Кейбір кездері адресат ақыл сұрап, оған жауап жазылады.



«Сіз менен өзіңіздің қызметіңіз жөнінде және жалпы жағдай жөнінде ақыл сұрапсыз. Менің ойымша: істеп жүрген жұмыстарыңызды тастай көрмеңіз. Сіздің материалдарыңыз көп. Қазақ даласы жайында мақала жазыңыз. Қазақ даласының тұрмысы жөнінде, өзіңіздің жастық шағыңыз және тағы сондайлар жөнінде өзіңіздің запискаларыңыз түрінде бірдеңе жазып бере алсаңыз бәрінен де жақсы болған болар еді».

«Европаша толық білім алған ең бірінші қазақ екеніңіз есіңізде болсын. Оның үстіне тағдыр Сізді тамаша адам етіп шығарды. Сондықтан, Сізге артта қалуға болмайды; алған бетіңізден қайтпаңыз, алға ұмтыла беріңіз…». «Менің сізге беретін тағы бір (жалпы) кеңесім: аз ойланып, аз толғанып көбірек істеңіз; өзіңіздің келешек қызметіңіздің өрісін кеңейту үшін неден бастасаңызда іске кірісе бастаңыз. Тек құдай жар болсын».

10 Хат мәтінінде қысқартылған, қыстырма сөздер көп кездеседі (ал әрекет жасау керек). Сонымен қатар қысқартылған сөздер хат жолдаушы мен хат алушыға ғана түсінікті болуы мүмкін. И.В. деп кісінің есімі құпия болғандықтан қысқартылған.

11 Хаттан автордың өзіндік стилімен бірге басқа хат мәтініне ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі көрінеді.

12 Хаттар бір тақырыпты, көп тақырыпты қамтуы мүмкін. Хатта әр абзац жаңа тақырыпқа құралады.

13) Хаттың бір ерекшелігі автор айтайын деген ойын еш бүкпесіз еркін жеткізе алады.

Хатта алдыңғы мәтіндерге қарағанда фонетикалық даралықтардың көп кездеспеуі хаттың түп нұсқасы орыс тілінде жазылып аударма болғандығының әсері. Сондықтан лексикасында да қазіргі тілімізден дараланатын өзгешеліктер байқалмайды.

Ұлы ағартушы Ш.Уәлихановқа орыстың хат жазысу мәдениеті ерекше ықпал еткендіктен, хаттарын кімге арнап жазуына орай көтерген мәселені, стилін, композициялық құрылысын құбылтып, өзгертіп отырады. Үлкен парасат, азаматтық болмыс, мәдени-ағарту мәселелері – Шоқан Уәлиханов хаттарының алтын діңгегі. Тұрмыстық белгілер ата-анасымен жазысқан хаттардан көрініс береді. Шоқан Уәлиханов хаттарында эпистолярлық жанр табиғатына қатысты түрлі ой түюге жетелейтін ерекшеліктер баршылық.

Ал Ыбырай Алтынсарин хаттары - негізінен, ағартушылық көзқарас жемісі. Б.Әбілқасымов өзінің «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» атты кітабында қазақ тіліндегі «Ресми іс- қағаздары» стиліне шартты түрде белгілі қоғам қайраткерлерінің хаттарын да жатқызуға болады деп көрсетеді. Ол хаттарды екі топқа бөліп қарастырады. Жанұялық, жартылай ресми мәселелерге арналады. Екінші топтағы хаттардың стилінде де ресми құжаттарға тән белгі, заңдылық, дәстүр қатаң сақталады деп көрсетеді [24,186-б].

ХІХ ғасыр аяғында жазылған Ы.Алтынсаринның хаттарына талдау жасасақ, орыс сөздерінің жиі қолданылғандығын байқаймыз. Хаттарда ай аттары орысша аталуынша беріледі. Бұған қарағанда ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қазақ жазба тілінде ай аттарының көне қазақша немесе арабша атауларын орыс календары ығыстырғаны байқалады. Бұл да, сірә, орыс мәдениетінің қазақ даласына күшті әсер ете бастағанының бір куәсі тәрізді. Орыс сөздері жұмсала бастайды: школ, учител.

Араб сөзі үмид – сенім, тілек деген мағынаны береді, сол арабша жазылуын сақтап қолданады [82,179-б]. Қазақша жазылуы – үміт.

Н.И.Ильминскийге жазған хатына үңілсек:

«Қыстыгүні рапорт жазғанмын, бірақ оған не дегендерін білмеймін, соны қалай білер екенмін?» рапорт сөзі жұмсалған. Хаттарда төмендегідей орыс сөздері қолданылған:

әлеуметтік: писарь, министр, уезд начальнигі, комиссия, семинария директоры , попечитель т.б.

тұрмыстық зат атаулары: скамья,

әскери терминдер: офицер, майор,

Хат мәтінінде образ тудырушы, көріктеуіш құралдар мен фразеологизмдер «кәрін тігіп тұр», т.б. Хат соңында тұрақты тіркестер кездеседі. Ыбырайдың хаттарының барлығына дерлік төмендегідей тұрақты тіркестер арқылы аяқталады. Мысалы, «Сізге мәңгі берілген қызметшіңіз», «Сізге шын берілген қызметшіңіз», «Сізге шын көңілмен берілген қызметшіңіз», «Сіздің қызметшіңіз», «Сізге шын берілген Ы.Алтынсариніңіз», «Сізге мәңгі берілген қызметшіңі», «бағынышты қызметшіңіз», “Сіздің ұлы мәртебеңіздің бағынышты пендесі”, “сізді шын құрмет тұтатын, мейілінше берілген қызметшіңіз” деген тұрақты бағынышты сөздермен аяқталып отырады.

Ы.Алтынсариннің төмендегі хатына назар аударсақ,

Бағдұнде алхамдиллә бармыз. Бұл жақтың қары жұқа, малы семіз, бірақ малда да, адамда да сырхау бар. Адам ауруы қарасан, малда сығыр бірлә түйе өліп жатыр.

Мұның бағдұнда жаңа арада учитіл Мазахинден хат жолықтым. Моллалар Бақтұбайның тұрған үйінден қуамын деп машақатланұбдұр. Биұл школда болған уақұтымда Бақтұбай жамағатым бірлә тұрамын деген соң, мен айтұб едүм сол Бақтұбайның осы тұрған фәтерінде тұрұр, оның үчүн учитіл болған адамлар жақын жерде тұрмаса, күн-түн қатынамағы боран-чашын болғанда мүшкіл болса керек деб және осы Бақтұбайның тұрған үйі түбінде школға керек болады деп былтыр школ ачқан уақытында да ауыз (ча) нече рет өзіңізгеде айтұлған сөз еді. Һәр нечік әуелде школының медіресе жайларында болмақына рұқсат берулері рас болса школның өзіне кереклі орынларын алұб дайындалмасқа түбінде де мүмкін емес. Бұл рәуішлі һәр 1 молла һәм ғайри қазақлар күнде біреуі келүб учитіллерге азар берүб жәбірлей берселер, школының да күн көрүб тұрмағы қиұн болса керек.

Соның үчүн хәзірәтүңізден көб өтінемін бұл тығынлықларын кім етүб жүрсе де қойдұрсаңыз еді. Моллалар айтадұмыс шәкірд балалар оқұытуға керек деп сұраб ұарасаұ, медіресеге оқимын деп келген де бір шәкірд жоқ. Мұндан көрінердүр тек школыңа тығызлық беруінің талабы бар екеннігі. Егер бұ тұғрыда сізнің мәслихатұңызңа тоқтамасалар, өтінемін маған тез арада хабар берсеңіз еді. Тиүшілі хакімлерге мұндай кісі басына хакімлік етүб учитіллерге абида беруден құтқарсаңыз еді деб жазұб өтінем екім үчүн кәзірде сізден 1 ақыл сұрамай һәм хабарұңызға еріштірмей бөтен кішілерке білдіруші лайық көрмеген үчүн сәзні бимазалап хат йаздым.

Н.И.Ильминский белгілі себептермен 1858-60 жылдары Орынбор қаласында тұрып, шекара комиссиясы мекемесінде қызмет еткені мәлім. Сол жылдары Н.И.Ильминский қазақ тілін үйренуде үлкен табыстарға жеткен. Соның бір айғағы оның қазақ достарына, оның ішінде Ш.Уәлихановқа жазған хаттары болып табылады. Н.И.Ильминский хаттарында сол тұстағы жазба құжаттарда жиі кездесетін түркі әдеби грамматикалық формалар мен араб- парсы сөздері некен-саяқ ұшырайды. Араб-парсы сөздері: мектеб, кітаб, хәріф, міскін, әкім тәрізді қазақ арасына кең тараған, жалпы халыққа түсінікті сөздер. Татар тіліндегі сөз тіркестерін пайдаланған. Мысалы, «көкірегіме тамырын салұб», « көңілдерін салұб» деген сөз тіркестері қазақ тілінде «көкірегіме тамырын жайып», «көңілдерін қойып» деген мағынаны әсірелеп жеткізу үшін пайдаланған.

Қазақ ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастырушы, ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың хаттарынан да қазіргі әдеби тілімізбен салыстырғанда елеулі өзгешеліктер байқалады. Мысалы, Абайдың Халиуллаға жазған хатында:

Сізге ғизатлу уа хұрматлу ғазиз мүкаррам ініміз Халиулла мырзаға бізки ағаңыз Ибраһимнен дұғай сәлем! Уа һәм барша ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көптен-көп дұғай сәлемлер йолладық. Алхамды лилла, үшбу күнде сау-сәлеметлерміз, өзің көрген жанлар һәммасы…

Алхамды лилла, үшбу деген сөздер араб тілінен (дінге қатысты) енген сөз болса, соңғысы бүгінгі қазақ тілінде қолданылмайды. Хатты ақын сол өзі өмір сүрген кезеңдегі хат жазу мәнерін сақтап жазған.

Мысалы, хат мәтіні эпитеттермен келетін қаратпа сөздермен басталатындығы, мәтін ішінде алхамдилла, иншалла, ма бағда, уа филь-ахир сияқты араб тілінен енген қыстырма сөздердің жұмсалуы.

Хаттың аяқталуы да стандарттық үлгіге сай келеді. Мысалы, «язғучы пәленше» түрінде келуі, сонымен қатар хат соңында кейбір адамдарға сәлем жолдануы. Мысалы Абай хатында «Хамритдин молдаға көптен-көп сәлем дегейсіз» десе, Шоқанның хаттарында: «Н.М.Ядринцевке менен поклон айтыңыз; Нұрида екеумізден Александра Викторовнаға поклон айтыңыз; Жақып жанға сәлем» деп аяқталуы сол кезеңдегі эпистолярлық стильдің сипатын танытады.

Абайдың хатында: Алхамды лилла (Әлхамду лилаһ) - Аллаға мадақ, һәммасы – барлығы, фарыз ғайын – парыз, міндет көздері (ораза тұту, садақа сияқты міндеттер), білім бұлағы деген мағынада қолданылған. Хусусындан – турасында, әсіресе деген мәндегі сөз [81, 213-б].

Профессор Ғ.Қалиев, доцент Г.Боранбаеваның «Қазақ әдеби тілінің тарихы» деген оқу құралында Абай хатының мәтіні берілген. Хат мәтіні соңындағы Ибраһим Құнанбай ұғли даиу білесіз – деген сөйлемдегі даиу сөзі деп деген мағынаны білдіреді.

Дінқарындашылық – дін туысқандық, діні бір - көне түркілік элемент.

Тауфиықты – бақытты, сәтті деген мәнінде.

Сонымен, XVIII ғасырдағы хаттар тілін талдай отырып, лексикалық ерекшелігіне байланысты төмендегідей тұжырым жасауға болады:

- араб-парсы элементтерінің өте көп кездеседі (ғарыз, ғарыз нама, ахуал, ғарыз хал, мәктәбә, күтабтү, кәтаб т.б.);

- Ресейге бағынуына байланысты орыс сөздерінің қолданыла бастайды (генерал, жанарал, гинерал түрінде, кавалер сөзі кауалер, куалер);

- тұрақты эпитеттермен басталады (құдретлу, шафағатлу, мархабатлу, ғизатлу, хұрметлу немесе аса мәртебелі, қымбатты, т.б.);

ХІХ ғасырдың І жартысындағы хаттар тілі лексикасының өзіндік айырмашылығы болды:

- хан, ханзада, ханым, ханша, төре, сұлтан, би, болыс, ақсүйек, кедей, т.б. сөздер жиі қолданылады, алаш сөзі де жиі жұмсалды;

- сөздері түсінікті, осы кезеңге дейінгі талданған хаттар тілімен салыстырғанда қазақ сөздері басым, яғни жалпы халықтық қазақ тілінің лексикасында жазылған;

- араб-парсы сөздері қолданылды;

- орыс сөздері қоғамдағы өзгерістерді танытады;

- осы тұста қазақ қоғамының әлеуметтік және әкімшілік құрылысына байланысты жаңа сөздер әдеби тілімізден орын алды;

-эпистолярлық нұсқалар «кітаби» тілінде жазылды.

Ал ХХ ғасыр басындағы хат мәтінінің тіліне келсек, онда да «кітаби шағатай тілінде» жазылған хаттар да болды. Зиялы қауымның көпшілігі өзіне дейінгі эпистолярлық стильге тән жазу үлгісін қолданды.

Лексикалық құрамында араб, парсы, шағатай және бүгінгі түркі тілінің элементі болды. Мысалы, үшбу, бек, офат, бегірек, һәммәсі, һәр т.б. Орыс сөздері де жұмсалды. Мысалы, средняя школа – орта школ, государственная дума – дәулет думасы түрінде кездеседі.

Аталған кезеңдердегі эпистолярлық нұсқаларда «кітаби тіл» элементтерінің қолданысы басым болды. «Кітаби тіл» табиғаты Ә.Құрышжановтың ғылыми еңбегінде қарастырылады. Ғалым: «Кітаби тіл» деген белгілі бір ізден шалыс баспайтын, өз арнасынан ауытқымай, әрдайым жүйелі түрде қолданылатын тіл емес. Ол жыл өткен сайын жаңарып, ішін ара өзгеріске ұшырап отырған. ХХ ғасырдың басындағы «кітаби тіл» о бастағы қалпынан, қала берді тіпті ХІХ ғасырдың ортасында қолданылған түрінен едәуір өзгеше болған сияқты» [84,15] ,- деген тұжырым айтады.

Сол дәуірдегі көркем шығармалардан «кітаби шағатай тілі» көрініс береді. «Кітаби тілдің» эпистолярлық туындыларға ғана емес көркем әдебиетімізге де, әдеби тілімізге де елеулі із қалдырғандығы жөнінде ғалымдарымыз атап өтеді: «Ескі кітаби тіл дәстүрі қазақ әдеби тілінің барлық кезеңдеріне де әсерін тигізген. Оны қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерінен де, XV-XIX ғасырлардағы әдеби тілден де, жаңа жазба әдеби тілдің негізін салған Абай, Ыбырай шығармаларынан да, тіпті ХХ ғасыр басындағы әдеби тілінен де байқауға болады» [85, 175-б].

Демек, хат мәтініндегі кірме сөздердің молдығы «кітаби тілдің» әсері. Бұл көрініс барлық эпистолярлық нұсқалардың барлығында бірдей емес. Бұл жөнінде академик Р.Сыздықова: «Бір ескеретін нәрсе – қазақша хаттардың тілінің бұл көрсетілген стильдік және лексикалық-граматикалық ерекшеліктері барлығында да бірдей емес: біреулерінде «түркіше» элементтер басым, екіншілері біршама қазақша жазылған деуге болады, үшіншілерінде тіпті орыс сөздері мен обороттары жиірек кездеседі»[15, 233-б], -деп көрсетеді.

ХХ ғасыр басындағы хат тілінің тағы бір ерекшелігі - таза қазақ тілінде жазыла бастауы, орыс сөздерінің аз қолданылуы, кейбір интернационалдық терминдердің де қазақшаға аударылып берілуі т.б. Оның себебі қазақ әдеби тілінде көптеген шығармалардың жазылуы, жазба әдеби тіліміздің негізін салушы Абай, Ыбырай шығармаларының кеңінен таралуы, прозаның тууы, публицистика саласының дамуы т.б. эпистолярлық жанрға да өз әсерін тигізбей қоймады.

Ал кеңестік дәуір кезіндегі хат мәтіні тілінің лексикалық ерекшелігін талдайтын болсақ, кірме сөздердің жиілігі, орыс тілінен енген, орыс тілі арқылы басқа тілден енген сөздер, терминдердің молдығымен ерекшеленеді.

Ресми хаттарда терминдер, орыс сөздері, ғылым мен техниканың дамуына байланысты енген сөздер молынан ұшырасады. Мысалы, Камал Смаилов Олжас Сүлейменовке жазған хатында: «Строниций- 90 мен цезий бөлініп шығатын плутон ядросы жарылады екен. Олар да бар, басқа да біраз нәрселер бар құрамында. Бірақ олардың бәрі де сол жер астында жарылған жерінде қалады, сол жерде өзіне-өзі бұғалық салып тұншықтырады. Заряд 600 метрдей тереңдікте жартасты- гранитті қыртыс қабатында жарылады да, сол тас қатпарларының арасында қалады, соларға сіңіп жоғалады. Бұл жарылыстың коэффициенті. Бірге тең демек барлық ядролар түгел тізбекті реакцияға түсіп, бәрі де ыдырап кетеді».



«...Егер осы қозғалыс болмаса, Курчатов қаласының қақпасы қазақтарға ашылар ма еді, Абыралы ауданы қайта құрылар ма еді, ең бастысы жыл бойына полигон мелшиіп, жарылыстар тоқталар ма еді? Көргендер, түсінгендер мұны біледі, бағалайды.», «Әрі әлемдік деңгейде қоғамдық қызмет атқару, жер шарын аралап дамыл таппау, әрі ақындық шабытқа ие болу, ірі ғылыми еңбекпен шұғылданумұның бәрі бір адамға аз сыбаға, аз міндет емес. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. Бірақ, табиғат сені солай туды да, тағдыр солай ұйғарды. Көтергейсің, шыдайсың...» [42,-184-б]-деп хатты аяқтайды. Хатта ғылыми информация айтылса да, хатқа тән коммуникация үзілмейді. Эпистолярлық стильдің мәнеріне сәйкес хаттың соңында алғыс, тілек айтылады. Хатта Камал Смаилов Олжас Сүлейменовке «Невада – Семей» қозғалысын жүргізгеніне алғысын айтып, ризашылығын білдіреді. Дегенмен, хатта көркем мәтінге тән қолданыстар да кездеседі. Мысалы, «өзіне-өзі бұғалық салып тұншықтырады»; «Курчатов қаласының қақпасы»; «полигон мелшиіп»; «Көргендер, түсінгендер»; «ақындық шабыт».

Қорыта айтсақ, эпистолярлық стильге жататын хат мәтіні тіліндегі лексикалық өзгешеліктер әр кезең тілінен хабар береді. Эпистолярлық ескерткіштер тіліндегі лексикалық ерекшеліктерге араб-парсы сөздерінің жиі жұмсалуын, қазақ жерінің Ресей империясына бағынуына байланысты орыс сөздерінің қолданыла бастауын, тұрақты эпитеттердің жұмсалуын т.б. жатқызуға болады.





1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет