Әбілдина салтанат қуатқызы қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы мен дамуы



бет1/4
Дата18.04.2016
өлшемі0.71 Mb.
түріДиссертация
  1   2   3   4
ӘОЖ 373.1.013:39 (574) Қолжазба құқығында





ӘБІЛДИНА САЛТАНАТ ҚУАТҚЫЗЫ
Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы
мен дамуы

13.00.01. – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика

Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның

авторефераты

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2010

Жұмыс академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде орындалды



Ғылыми кеңесшілері: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Кенесарина З.У.


педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Наурызбай Ж.Ж.




Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының докторы

Нұрғалиева А.Қ.
педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Иманбаева С.Т.


педагогика ғылымдарының докторы

Ыбыраимжанов Қ.Т.


Жетекші ұйым: Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университеті

Диссертация 2010 жылы «____» ___________ сағат ___ Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғау жөніндегі БД 14.50.05 біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, Ғылыми кеңестің мәжіліс залы).
Диссертациямен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады (Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28).
Автореферат 2010 жылы «____» ___________ таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы Н.Ә. Мыңжанов

Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі қазіргі Қазақстан жағдайында қалыптасқан мәдени-тарихи үдерістерден туындайды.

Қазақстан Республикасында 120-дан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұрады. Бұл өз кезегінде, әр ұлт өкілінің төл мәдениетін, ана тілін сақтап, ұлттық салт-дәстүріне қызығушылығын арттыру, оларды игеруге ұмтылысын күшейту қажеттілігін туындатады. Сонымен қатар, өз мәдениетімен қоса ортақ Отанға, мемлекеттік тілге құрметті арттыру, халықтың этностық-мәдени мүдделерін іске асыру – білім беру саласындағы аса маңызды міндеттердің бірі екендігі сөзсіз.

Бүгінгі таңда этномәдени тұрғыда толыққанды дамыған, көпмәдениетті ортаға бейімделген, шығармашылық қабілеті жоғары, нарықтық бәсекелестік жағдайында өмір сүруге дайындалған, өзіндік ұлттық бет-бейнесі анықталған этнос субъектісін қалыптастыру күн тәртібінде тұр. Мұның барлығы қазіргі таңда этномәдени білім берудің зәру тақырып екендігін айқындай түспек.

«Қазақстанның ел бірлігі доктринасында» ұлт бірлігінің үшінші негізгі қағидаты – «біріктіруші және бекітуші ретінде Ұлт Рухын нығайту және дамыту» көрсетілген, оның халықтың өзіндік санасының бір бөлігі болып табылатын мыңдаған жылдық дәстүрге, құндылықтар мен мәдениетке, тілге сүйенетіндігі айтылған. Сондықтан да доктринада мемлекет алдына оларды жаңғырту мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту міндеті қойылады, мемлекеттің, әр азаматтың, қоғамның жауапкершілігі айқындалады.

Қазақстан Республикасында этномәдени білім беру жүйесін реттеу мен дамытудың басты принциптері еліміздің негізгі заңнамалық құжаттарында көрініс тапқан. Олар: Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңы (1997), Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңы (2007), Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес бекіткен бірнеше Тұжырымдамалар: Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы (1994), Қазақстан Республикасында білім беру саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы (1995), Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени білім тұжырымдамасы (1996) және т.б. Оларда барлық құндылықтарды сақтай отырып, білім беру жүйесін Қазақстан Республикасы халықтарының ұлттық-мәдени және мәдени-тарихи дәстүрлерін ескере отырып қайта қарау қажеттілігі айтылған.

Зерттеу тақырыбы елімізде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен қабылданған «Қазақстанның ел бірлігі» Доктринасымен, «Тілдердің үштұғырлылығы» ұлттық мәдени жобамен және «Мәдени мұра» бағдарламасымен де үндесіп жатыр. «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында қазақтың төл тарихы мен этномәдениеті жан-жақты зерттеліп, оның негізгі нәтижелері ғылымның әлемдік деңгейінде жарық көріп отыр. Сондықтан, қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихының әлі де шешілмей жатқан мәселелерін қарастыруда Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің тарихын зерттеу жұмыстарының ғылыми маңызы зор.

ХХ ғасырдың аяғында әлемдік білім беру жүйесінде ұлттық білім беру жүйелерінің интеграциясы негізінде тарихи-педагогикалық мұраларды жаһандандыру үрдістері қарастырыла бастады. Жалпы адамзаттық құндылықтар ұлттық дәстүр, мәдениет, тәрбиелік-білімдік жүйелердің өзара әрекеті мен сан түрлілігінде дамиды және молығады.

«Тарихымызды білмей тұрып алға жылжудың қиын екені белгілі. Сондықтан, бүгінде өткенімізді ой елегінен өткізіп, барымызды екшеп, жоғымызды іздеп жатқан жайымыз бар», – деген академик М.Қ.Қозыбаевтың пікірі зерттеу тақырыбымыздың көкейкестілігін айқындай түседі. Олай дейтініміз, бүгінгі таңда этномәдени білім беруді нәтижелі жүзеге асыру үшін ел тарихында қалыптасқан игілікті тәжірибелерді саралап, қорыту және оның даму үрдістерін айқындау – кезек күттірмейтін мәселе. Сонымен, Қазақстандағы этномәдени білім беру идеяларының, теориясы мен практикасының қалыптасуы мен даму тарихын зерделеудің көкейкестілігі арта түсуде.

«Этномәдени білім беру» ұғымын біз қалыптасқан ғылыми көзқарастан кеңірек қарап, бұл мәселеленің ауқымы халық педагогикасы құндылықтарын, этнопедагогика, этнопсихология, этномәдениеттану ғылымдарының мазмұнын қамтитынын ескердік. Зерттеу жұмысында «этномәдениет», «этномәдени білім», «этномәдени білім беру» терминдерін қолдану, біздіңше, Қазақстанда ұлттық-мәдени білім беру ісінің қалыптасуы мен даму кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді әрі қазіргі күнгі толерантты жаңа ғылыми және этносаяси бағыттарға сәйкес келеді.

Біз этностық мәдениетті ел тарихында ғасырлар бойы халқымыздың еркін және ерікті шығармашылығы процесінде жасалған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар ретінде қарастырамыз. Этностық-мәдени білім – осы ұлттық құндылықтарымызды, түркі әлемінің ортақ мәдени мұраларын, қазақстандық этностар мен этностық топтардың рухани-адамгершілік әлеуетін, жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген ұлттық қазына. Этностық-мәдени білім беруді осы баға жетпес байлықты сақтаушы, дамытушы және келесі ұрпаққа жеткізуші бірден бір құрал деп есептейміз. Осы тұрғыдан келгенде, тақырыбымызға қатысты мәселелер бірқатар зерттелгенін атап өту керек.

ХІХғ.-ХХғ. басында ұлттық білім беру проблемалары Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, С.И.Гессен, М.Жұмабаев, Н.И.Ильминский, П.Ф.Каптерев, В.В.Розанов, К.Д.Ушинский, Ш.Уәлиханов және т.б. еңбектерінде қарастырылды.

ХХ-ХХІ ғ.ғ. педагогикалық теория мен практикада этнопедагогика ғылымы қанат жайып, этномәдени білім беру қайта жаңғыртылып, дамытылды. Бұл М.В.Богуславский, Л.Н.Беленчук, Қ.Бөлеев, Г.Н.Волков, Р.Қ.Дюсембинова, Ш.И.Джанзакова, Б.А.Жетпісбаева, С.Т.Иманбаева, С.Қалиев, К.Ж.Қожахметова, Ш.М.Мұхтарова, Ж.Ж.Наурызбай, Ә.Қ.Нұрғалиева, Ә.Табылдиев, С.А.Ұзақбаева, В.К.Шаповалов және т.б. зерттеулерінде кеңінен көрініс тапты.

Қазақстандағы ағарту ісінің және педагогикалық ойлардың даму тарихына, Қазақстандағы халыққа білім беру ісіне, еліміздің мектептеріндегі оқыту әдістері мен тәрбие мазмұны туралы мәселелерге К.М. Арынгазин, Қ.Б.Бержанов, Ш.К.Беркімбаева, И.Я. Гармс, Қ.Б.Жарықбаев, Е.Жұматаева, К.Құнантаева, С.Мусин, Ә. Омаров, Т.С.Сабыров, Н.Сабитов, Қ.Б.Сейталиев, Г.М.Храпченков, Қ.Ыбыраимжанов және т.б еңбектерінде талдау жасалды.

Тұтас педагогикалық процесс жағдайында тұлғаны тәрбие объектісінен субъектісіне айналдыру, әлеуметтендіру, ізгілендіру проблемаларын А.А.Бейсенбаева, З.У.Кенесарина, Б.И.Мұқанова, Р.К.Төлеубекова, Г.А.Уманов, Н.Д.Хмель және т.б. қарастырса, оқушылар мен болашақ мамандар тұлғасын тәрбиелеу теориясын дамытуға Ш.А.Абдраман, Қ.Ж.Аганина, Е.И.Бурдина, К.К.Жампейісова, С.Т.Каргин, Қ.М.Кертаева, Г.Ж. Меңлібекова, Н.А.Минжанов, Г.О.Тажигулова, Ә.Ә.Усманов, Л.А.Шкутина және т.б.үлес қосқан.

Қазақстанда тарихи-педагогикалық зерттеулердің ғылыми дәстүрі біраз ғылыми мектептерді, зерттеу бағыттарын қамтиды. Атап айтсақ, қазақстандық ғалымдар Т.М.Әлсатов, Ж.Есекеев, А.Ильясова, К.Ж.Ибраева, А.К.Игибаева, А.Көбесов, Ә.Н.Көшербаева, Е.Омарұлы, Ә.Сембаев, Қ.А.Сарбасова, Т.Тәжібаев, В.Г.Храпченков, Қ.Қ. Шалғынбаева және т.б. зерттеулерінде елімізде білім беру жүйесінің қалыптасу және даму тарихы, педагогикалық ойлардың дамуы бойынша құнды материалдар қамтылған.

Жұмысымызды құнды ғылыми деректермен дәлелдеуде республикамызға белгілі тарихшылардың (Ж.Артықбаев, М.Қ.Қозыбаев, Ә.Х.Марғұлан және т.б.), саясаттанушылардың (Қ.Е.Көшербаев, К.Нұрпейісов, М.М.Тәжин және т.б.), философтардың (Ғ.Есім, Д.Кішібеков, Ә.Нысанбаев және т.б.), әдебиеттанушылардың (М.Әуезов, М.Ғабдуллин, М.Жолдасбеков, Н.Келімбетов, А.Сейдімбек және т.б.), психологтардың (Н.Елікбаев, Қ.Жүкеш және т.б.) зерттеу еңбектерінің көмегі зор болды.

Біздің жұмысымыз үшін әлеуметтік-мәдени, антропология, этнопсихология, этносоциология саласындағы зерттеулер де құнды болды (Д.Г.Брагина, Ю.В.Бромлей, Н.Жандильдин, Қ.Б.Жарықбаев, М.Ю.Мартынова, Г.А. Пестова және т.б.).

Мәдениеттану тұрғысында (М.Х.Балтабаев, Ж.Ж.Наурызбай, В.В.Краевский, И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин, А.Сейдімбек, т.б.) тұлғаны жалпыадамзаттық мәдениетті меңгеруге бейімдеу, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық мәдениет жиынтығының тұлға бойында көрініс беруі, мәдениет аясында жеке тұлғаның өзін-өзі іске асыруы қарастырылған.

Зерттеуіміз Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беруге арналғандықтан, жалпы білім беретін мектептер және ондағы оқу-тәрбие үдерісінің түрлі аспектілерін қарастырған еңбектер де назардан тыс қалған жоқ. Республикада бастауыш, жетіжылдық және сегізжылдық оқытуды жүзеге асыру проблемасына арналған біраз зерттеулер де баршылық: Р.Д.Когай, Ұ.Қыяқбаева, К.Т.Омарова, А.К.Тлебалдиева және т.б.

Дегенмен, ресми құжаттарға, іргелі ғылыми еңбектерге, мектеп практикасына жасалған талдау Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру тарихы арнайы зерттелмегенін көрсетті.

Сонымен:

- Қазақстан Республикасының қазіргі кездегі даму жағдайында оқушыларға этномәдени білім берудің жаңа мазмұнға ие болуы мен бүгінгі күнге дейін қалыптасқан этномәдени білім беру идеялары, теориялары және практикасы жинақталып қорытылмауы арасында;

- этномәдени білім берудің даму тенденцияларының айқындалмауы және олардың этномәдени білім беруді теориялық негіздеуге қажеттілігі арасында;

- этномәдени білім беру тәжірибесінде жинақталған жетістіктер мен кемшіліктердің анықталмауы және олардың жалпы білім беретін орта мектеп практикасында ескерілмеуі арасында қайшылықтар бар екендігі анықталды.



Осы қарама-қайшылықтардың шешімін іздестіру бізге зерттеу проблемамызды анықтауға және тақырыпты «Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы мен дамуы» деп таңдауымызға себеп болды.

Зерттеу мақсаты: Қазақстанда этномәдени білім берудің қалыптасуы мен дамуын тұжырымдамалық тұрғыдан зерттеп, анықтау және оны білім беру жүйесінде пайдалану мүмкіндіктерін ашу.

Зерттеу нысаны: оқушыларға этномәдени білім беру.

Зерттеу пәні: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру эволюциясы.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасу және даму тарихы жүйеленіп, оның ғылыми-педагогикалық негіздері зерттелсе, онда этномәдени білім беру теориясы мен практикасын жетілдіруге байланысты жаңа педагогикалық идеяларды одан әрі дамытуға мүмкіндік болады, өйткені, этномәдени білім берудің даму тенденциялары, ерекшеліктері, динамикасы анықталады және перспективасы болжанады.

Зерттеудің міндеттері:

    1. Оқушыларға этномәдени білім берудің әдіснамалық және теориялық қағидаларына талдау жасап, ғылыми тұрғыдан негіздеу.

    2. Қазақстанда этномәдени білім беру идеяларының даму генезисін анықтау.

    3. Қазақстанда этномәдени білім берудің қалыптасуының тарихи-педагогикалық алғышарттарын анықтау.

    4. Оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы мен даму кезеңдерін айқындаудың тұжырымдамалық тұғырларын анықтап, Қазақстанда этномәдени білім берудің негізгі кезеңдерін ашып көрсету.

    5. Қазақстанда этномәдени білім беру теориясы дамуының негізгі тенденцияларын ашып көрсету.

    6. Қазақстанда этномәдени білім беру практикасының даму ерекшеліктері мен динамикасын көрсету.

    7. Қазақстан Республикасы орта мектептерінде этномәдени білім беру процесін жетілдіру бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасау.

Зерттеудің жетекші идеясы: бүгінгі күн талабынан туындап отырған этникалық толерантты тұлғаны қалыптастыруды біртұтас үздіксіз тарихи - педагогикалық процесс ретінде қарастыру Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы мен дамуын ретроспективтік тұрғыдан талдауға, бағалауға, пайдалану мүмкіндіктерін анықтауға және даму перспективасын көрсетуге мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері: жалпы таным теориясы, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың диалектикалық өзара бірлігіне байланысты тарихи, философиялық, әлеуметтік және мәдени ілімдер, тарихи-педагогикалық құбылыстарды зерттеуге аксиологиялық және жүйелілік қатынас теориясы, этнос теориялары, этнопедагогика, этнопсихология тұжырымдары, білім беру философиясы туралы ілім, тарихи, ғылыми шынайылылық және тарихи шындықты анықтау қағидалары, тарихи құбылыстар мен процестерді, фактілер мен оқиғаларды талдау мен педагогикалық ой-пікірлердің қалыптасуы мен дамуын зерделеуге қатысты ғалымдардың тұжырымдамалық зерттеулері.

Теориялық негіздері: Гуманистік парадигманы этномәдени білім берудің теориясы мен практикасының жетекші негіздемесі ретінде қарастырушылар (Е.В.Бондаревская, Р.А.Валеева, И.А.Колесникова, И.Б.Котова, В.А.Сластенин, Е.Н.Шиянов және т.б.);



Қазақстанда этномәдени білім беру генезисін тарихи және әлеуметтік мәдениет тұрғысынан зерттеушілер (Қ.Б.Жарықбаев, С.Қалиев, Ж.Ж.Наурызбай және т.б.);

Білім беруде мәдениеттанушылық тұғырнаманы ұсынушылар (М.С.Каган, Е.В.Бондаревская және т.б.);

Этностық дамудың теориясы мен тарихын зерттеушілер (С.А.Арутюнов, Л.Н.Гумилев, Ю.В.Бромлей және т.б.);

Білім беру, халықтық педагогика мен этнопедагогиканың этномәдени негіздерін жасаушылар (Г.Н.Волков, К.Ж.Қожахметова, Ш.М. Мухтарова, Ж.Ж.Наурызбай, С.А.Ұзақбаева, Г.Ф.Хасанова, және т.б.);

Білім беру мен педагогикалық ойлардың даму тарихы әдіснамасын ұсынушылар (М.В.Богоуславский, Қ.Б.Жарықбаев, А.Н.Ильясова, С.Қалиев, З.И.Равкин және т.б.) еңбектері.

Зерттеу әдістері: жалпығылыми (логикалық, жүйелі-құрылымдық, индуктивтік, дедуктивтік т.б.); тарихи (тарихи-салыстырмалы, тарихи-генетикалық, тарихи-типологиялық, тарихи-жүйелілік, ретроспективалық т.б.); тарихи талдау әдістері (тарихи-философиялық, тарихи-генетикалық, тарихи-жүйелілік, мәдениеттану, тарихи-салыстырмалы, ретроспективті және т.б.); салыстырмалы-педагогикалық зерттеу әдістері (жүйелілік-құрылымдық, жүйелілік-талдау, құрылымдық-функциональдық, ғылыми зерттеулерді және мұрағат материалдарын оқып-танысу және теориялық талдау, жұмыс нәтижелерін болжау т.б.).

Зерттеу көздері:

  • ғылыми басылымдар (монографиялар, диссертациялар мен мерзімді баспа материалдары): білім беру философиясы, психология, педагогикалық прогностика мен этнопедагогика бойынша еңбектер, қазақстандық және шетелдік, оның ішінде, ресейлік ғалымдардың жарияланымдары;

  • анықтамалық басылымдар: педагогикалық, философиялық, мәдениеттану энциклопедиялары, сөздіктер мен библиографиялық тізімдер;

  • құқықтық - нормативтік және нормативті реттеуші құжаттар: Қазақстан Республикасының Конституциясы, ҚР «Білім туралы» заңы, ҚР «Мәдениет туралы», «Тілдер туралы» заңдары және т.б.

  • ресми-ұйымдастырушылық, ғылыми педагогикалық құжаттар: Қазақстан Республикасында этникалық-мәдени білім тұжырымдамасы, Тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы, Жалпы білім беретін мектептер тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2002-2010 жылдарға арналған бағдарламасы, «Білім» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы т.б.;

  • мұрағат материалдары: Қазақстан Республикасы Орталық мұрағат материалдары, Қарағанды облыстық мұрағат материалдары;

  • статистикалық материалдар.

Зерттеудің негізгі кезеңдері:

Бірінші кезеңде (2000-2002 жж.) зерттеу проблемасы анықталып, ғылыми аппарат құрастырылды. Зерттеу мәселесі бойынша материалдар жинақталып, сұрыпталды. Тақырып бойынша тарихи, тарихи-педагогикалық, философиялық, психологиялық, әдебиеттану саласындағы әдебиеттерге талдау жасалып, библиографиялық материалдар жинақталды. Ғылыми мақалалар мен оқу құралдары жарық көрді. Қолданылған әдістер: тарихи-генетикалық, салыстырмалы, ретроспективтік, жүйелілік-құрылымдық.

Екінші кезеңде (2003-2006 ж.ж.) жинақталған деректер қазіргі педагогика ғылымының теориялық қисындары тұрғысынан талданды. Этномәдени білім беру теориясының даму тенденциялары белгіленіп, өзіндік ұстанымдары анықталынды.

Қолданылған әдістер: талдау, жинақтау, тарихи-салыстырмалы, тарихи- генетикалық, құрылымдық-функциональдық. Жоғары оқу орны студенттері мен магистранттарға арналып «Қазақстанда этнопедагогикалық ойлардың даму тенденциялары», «Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру тарихы» арнайы курстар бағдарламалары жасалды.



Үшінші кезеңде (2007-2010жж.) зерттеу материалдары құрылым бойынша жүйеге келтірілді, нәтижелері нақтыланды. Электронды оқу құралдары мен оқу құралдары дайындалды. Қолданылған әдістер: материалды теориялық жағынан өңдеу, жүйелеу. Пайдаланылған әдебиеттер жүйеге келтіріліп, диссертация ресімделді.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:

  1. Педагогикалық білімдегі жаңа бағыт – оқушыларға этномәдени білім берудің теориялық-әдіснамалық қағидалары мен тұжырымдары талданды, оның тарихи-мазмұндық жағы толықтырылды. Педагогикалық теория мен практикада қалыптасқан этномәдени білім берудің ұғымдық-категориялық сипаттамасы берілді.

  2. Қазақстанда этномәдени білім беру идеяларының даму генезисі анықталынды.

  3. Қазақстанда этномәдени білім берудің қалыптасуының тарихи-педагогикалық алғышарттары анықталды.

  4. Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің эволюциялық дамуының тұжырымдамалық тұғырлары анықталып, негізгі кезеңдері ашып көрсетілді.

  5. Қазақстанда этномәдени білім беру теориясы дамуының негізгі тенденциялары анықталды.

  6. Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру практикасының даму ерекшеліктері мен динамикасы айқындалды.

  7. Қазақстан Республикасы орта мектептерінде этномәдени білім беру процесін жетілдіру бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасалды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі: зерттеу нәтижелері «Қазақстанда этнопедагогикалық ойлардың даму тенденциялары», «Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру тарихы» атты арнайы курстар бағдарламаларының, жарық көрген оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдар негізіне алынды.

Оқу үдерісіне:



  • «Педагогика тарихы» оқу құралы;

  • «Педагогика тарихы бойынша атлас» оқу құралы;

  • «Қазақстанда этнопедагогикалық ойлардың даму тенденциясы» электронды оқу құралы;

  • «Алаш арыстарының педагогикалық мұралары» электронды оқу құралы;

  • «Халық даналығы» автоматтандырылған оқу бағдарламасы;

  • «Шағын комплектілі бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту технологиясы» оқу құралы;

  • «Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту теориясы және технологиясы» оқу құралы;

  • «Халық қазынасының тәлімдік тағылымы» оқу құралы;

  • «Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру тарихы» оқу құралы әзірленіп енгізілді.

Оқушыларға этномәдени білім беру мәселелері бойынша жинақталып, қорытылған тарихи-педагогикалық материалдарды жоғары оқу орындарында, ЖОО-дан кейінгі білім беру жүйесінде және біліктілікті арттыру жүйесінде, педагогикалық циклдегі пәндердің мазмұнын жетілдіру ісінде пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

  1. Тарихи-педагогикалық талдау көрсеткендей, этномәдени білім берудің теориялық-әдіснамалық тұжырымдары мен қағидаларының негізгі мәні мынада:

  • мемлекеттің ғылыми негізделген ұлттық саясатының негізінде білім беру саласында этностар мен этностық топтардың тілдік және ұлттық-мәдени мүдделерін барынша іске асыруға бағытталған мәдениет пен білім беру интеграциясы;

  • қоғам өміріндегі этностық және жалпы адамзаттық құндылықтардың өзара қатынасын, жеке тұлға, ұлттар мен ұлыстардың өркениет пен мәдениет әлеміне жеке дара этностық-мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып енуін, ұрпақтардың мәдени сабақтастық байланыстарын қамтамасыз ететін дәстүрлер парадигмасы;

  • этномәдени білім беру жүйесінің күрделі функциональдық жан-жақтылығы, көп қырлылығы, әлеуметтік бағыттылығы.

2 Қазақстандағы этномәдени білім беру теориясы мен практикасы генезисіндегі қайнар көздерге халықтың көне тарихи-тәрбиелік тәжірибесі жатады.

3 Қазақстанда этномәдени білім беру қалыптасуының тарихи-педагогикалық алғышарттары ретінде сақ дәуіріндегі рухани құндылықтар, Орхон-Енисей ескерткіштері, ортағасырлық Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тәлімдік ой-пікірлері және т.б ұсынылады.

4 Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің пайда болуы, қалыптасуы мен дамуын кезеңдерге бөлудің тұжырымдамалық тұғырлары анықталды. Этномәдени білім берудің эволюциясын шартты түрде басты үш кезеңге бөліп сипаттауға болады:

1 кезең: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің пайда болу кезеңі (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХғ. басы);

2 кезең: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы (ХХ ғасырдың 20-90 жылдары);

3 кезең: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің дамуы (1991 жылдан бері).

5 Қазақстанда этномәдени білім беру идеяларының, теориясы мен әдіснамасы дамуының негізгі тенденциялары мынада:

- этномәдени білім берудің мазмұны мен эволюциясы жалпыадамзаттық, ұлтаралық және ұлттық қатынастың диалектикасы арқылы анықталады;

- этномәдени білім беру қоғамның сол кездегі әлеуметтік дамуына тәуелді болғандықтан, әр тарихи кезеңде этномәдени білім беру өзегін сол қоғамда басым болған этностық мәдениет анықтайды;

- этномәдени білім беру базалық, ең алдымен, ұлттық-мәдени және тілдік құндылықтар жүйесіне негізделеді;

- халық педагогикасы мен ұлттық тәлім-тәрбие – этномәдени білім берудің тарихи-мәдени және педагогикалық негіздері болып табылады.

6 Қазақстан Республикасы орта мектептерінде этномәдени білім беру практикасының даму ерекшеліктері мен динамикасы өзінің бастауын алғашқы мұсылман мектептері мен медреселерден алып, орыс-қазақ, алғашқы қазақ мектептері, кеңестік дәуірдегі мектептерден кейін егемендікке қол жеткізгеннен бергі кезеңде өрлей дами түсті.

7 Қазақстан Республикасында оқушыларға этномәдени білім беруді жетілдіру бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жүйесі.



Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: педагогикалық зерттеудің ғылыми-әдіснамалық негізімен, диссертациялық жұмыс ғылыми аппаратының зерттеу мазмұнына сәйкестілігімен, алынған нәтижелер мен тұжырымдардың жоғары оқу орындарына енгізілуімен, тарихи-педагогикалық, мұрағаттық деректердің ғылыми-теориялық тұрғыдан талдануымен, оларды қазіргі жалпы білім беретін мектеп мазмұнын жетілдіру мақсатында пайдалану туралы ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасалуымен және диссертанттың көп жылғы педагогикалық іс-тәжірибесін тірек етуімен қамтамасыз етіледі.

Каталог: files -> AutoReferats
AutoReferats -> Асылбекова мәрзия пәзілқызы халық педагогикасы негізінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің тұлғасын қалыптастыру
AutoReferats -> Мейрманов асылбек бекболатович
AutoReferats -> Сарбасова қарлығаш амангелдіқызы қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидің, М.Қашқаридің
AutoReferats -> Қазақтың ұлттық қолданбалы қолөнері негізінде болашақ мұғалімдердің кәсіби-көркемдік құзыреттілігін қалыптастыру
AutoReferats -> Физико-химические основы каталитическо-кавитационного воздействия на органическую массу первичной каменноугольной смолы 02. 00. 04 Физическая химия
AutoReferats -> ҚАсымова сәуле сүйіндікқызы сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі
AutoReferats -> ЖҰмабеков жамбыл азмуханұлы ұлытау өңірінің тарихи географиясы
AutoReferats -> Диссертация 2009 жылы күні сағат
AutoReferats -> Қазіргі әлеуметтік-мәдени жағдайдағы жалпы білім беретін қазақ мектебін басқаруды жетілдіру
AutoReferats -> Мұқатаев Айдос Ағдарбекұлы Қазақстан инновациялық мектептерінде қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет