Әдiлдiк жолы адастырмайды



жүктеу 195.67 Kb.
Дата01.05.2016
өлшемі195.67 Kb.
: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9 -> 36bd38376319e6d2462572de0014f174 -> $FILE
$FILE -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы
тұлға
Танымал заңгер, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттар әкiмшiлiгi жөнiндегi комитет төрағасының орынбасары

Ирак Қасымұлы ЕЛЕКЕЕВ

60 дейтiн асқарлы жасқа

толып отыр. Осынау мерейлi мерейтойдың қарсаңында журнал тiлшiсi ол кiсiмен

жолығып сұхбаттасқан едi.
ӘДIЛДIК ЖОЛЫ АДАСТЫРМАЙДЫ
Ирак Қасымұлы, Сiздiң есiмiңiз қазақта өте сирек кездесетiн есiмдердiң бiрi. Бұлай деп кiм қойды екен? Мұның қандай да бiр қызықты сыры мен себебi бар ма?

– Мен дүние есiгiн ашқанда ата-анам әлде көз тимесiн дедi ме, жоқ әлде менiң алдымда бала тұрақтамағасын өздерiнше ырым жасағаны ма, әйтеуiр бiраз уақытқа дейiн ат қоймапты. Жақындарымыздың әрқайсысы әрқалай, өз қалауынша атап жүрiптi. Мен туған өңiр – бұрынғы Гурьев облысының түкпiрiндегi Қаныш-кен (Ганюшкино) деген жерде сол заманда қарапайым ауыл тұрғындары негiзiнен балық аулауды күнкөрiс кәсiбi етiп тiршiлiк қылған. Ағайындарымыз қайықтарын сайлап алып, балық аулау үшiн үш-төрт айға сапарға аттанады екен. Сондай бiр сапарда туысқан ағамыз суға кетiп, оралмапты. Менi бесiкке салып жатқанда сол ағамыз Ираннан табылыпты деген қуанышты хабар жеткен көрiнедi. Сол жақсы хабарға байланыстырып туған-туыстар менiң есiмiмдi Иран деп қойған екен. Кейiн хал актiлерiн тiркеу орнында құжат толтырылғанда, есiмiмдегi «н» әрпi «к» болып жазылып кетiп, бiр орыстiлдi қызметкердiң кемшiлiгiнен құжат бойынша Иран емес, Ирак болып шығыппын.

Есiмiме байланысты әңгiме туындай қалса, менiң есiме әркез мына бiр жүрегiме ерекше ыстық оқиға түседi. Студент кезiмде белгiлi жазушы Сапарғали Бегалин ағамыздың үйiне барып дәм татқаным бар. Мен ол кiсiнiң немересiмен бiрге оқыған едiм. Ақкөңiл, ашық мiнез қазақы қалыппен отағасы «қай бала боласың, қайдансың, аты-жөнiң қалай?» деген дәстүрлi сұрақтарды қойды. Атымды естiген соң, неге олай қойылғанын сұрады. Неге екенiн қайдам, сол жолы ол кiсiге жарытымды жауап бермедiм. Сiрә, бұл аса қажет бола қоймас деп ойласам керек. Жазушы ағамыздың мен кеткен соң көп ойланып, кiтаптарды, газет-журналдарды ақтарып, парақтап, мұндай есiмдi сонша iздейтiнiн бiлсемшi. Бiрде Сапарғали ағаның үйiне тағы да бара қалдым. Сонда ағамыз менiң есiмiмдi еш жерден кездестiрмегенiн, қаншама кiтаптарды қарап, iздесе де таппағанын айтты. «Сенiң есiмiң Иран, не Бағдад, тiптi Тегеран болса да таңданбас едiм. Бiрақ, Ирак болуы мүмкiн емес сияқты» – деп iштегi ойын бүкпесiз айтып салды. Сол жолы емiн-жарқын әңгiмелесiп отырып, ағамызға есiмiмнiң бұлай болу себебiн ағымнан жарыла айтып бердiм. Ол кiсi өзiн қызықтырған жәйттiң сыр-себебiне қанығып, көңiлi жайланғандай түр танытты. «Кiсiнi таң қалдыратын қызықты жағдайлардың артында әркез адамның тағдыры, оның өмiрiнiң өзiндiк айшықтары тұрады. Сенiң есiмiң жайлы сұрай бергенiм де сондықтан» – деген-дi сонда Сап-ағаң, ерекше ойлы кейiппен.

Қазiргi күнi бұрынғыдай емес, заман талабына сай, ұлттық салт-сананың қайта жаңғыруына байланысты азаматтар өздерiнiң тегiн өзгертiп, қалыптасқан «ов», «ова» аффикстерiн алып тастауға, аты-жөнiндегi қателердi түзетуге мүмкiндiк алып, ден қойды. Алайда, мұның да өз қиыншылықтары бар. Қаншама уақыт бiр атпен, фамилиямен жүрiп, оны кенеттен өзгертуге бел бусаң, жан-жақты ойланып, ойыңды сарапқа салғаның жөн. Өйткенi, мұндай жағдайда бұрын басқа адам болғандай әсерге енесiң. Мұнымен қоса, тек қана төлқұжаттағы аты-жөнiң өзгередi. Ал, мектептi бiтiрген аттестатың, жоғары оқу орнын тәмамдаған дипломың, т.б құжаттарың ше? Осы жайында көп ойлана келе мен Ирак Қасымұлы Елекеев болып қалуды жөн көрдiм...

Өмiрбаяныңызбен танысып қарасақ, мектеп бiтiргеннен кейiн бiраз жыл өндiрiсте электршi, темiр ұстасы болып жұмыс iстеп, есейiп барып оқуға түсiпсiз. Соған қарағанда заңгерлiк мамандықты кездейсоқ емес, ойланып, толғанып барып таңдаған болсаңыз керек?

– Әркiмнiң өмiрi әр қилы болып келедi ғой. Менiң үлкен ағам Кәрiм Харьковтағы жоғары әскери училищенi үздiк тәмамдап, елге оралған соң Атырауда, Ақтөбеде, Жамбылда әскери қызметтер атқарды. Офицер болғандықтан да үнемi көшiп-қонып жүруiне тура келетiн. Сол ағам анам екеумiздi қызмет атқарған жерлерiне көшiрiп алып жүрдi. Жамбыл облысының Мойынқұм деген ауданының Ақсүйек деген жерiне қоныс тепкенде, ол ауылда қазақ мектебi болмай, тоғызыншы сыныпты кешкi мектепте орысша жалғастыруға мәжбүр болдым. Ал, күндiз жұмыс iстеймiн. Осылайша он алтыға толмай еңбекке араластым. Ақсүйек ауыл кентiндегi жұмысшыларды қамтамасыз ету басқармасында қатардағы жұмысшы болдым. Одан соң ГРП-да крановщик, кейiн электр жөндеушi болып iстедiм. Сол уақыттарда қолыма Мәскеуден шығатын басылымдар жиi тиетiн. Оларды оқи жүрiп, шетел мемлекеттерiнiң көбiнiң басшыларының заңгер екендiгiнен хабардар болдым. Олардың газеттердегi өздерiне сенiмдi, еркiн, ширақ бейнелерiн көрiп қызығып, «шiркiн, осындай заңгер болсам» деген ой менi жиi мазалайтын.

Жалпы, адам баласының өсiп-өнуi, қандай да бiр өмiрлiк белестердi бастан өткеруi сол ғұмыр кешкен заманының өзiндiк ерекшелiктерiмен қатар өрбитiнi белгiлi. Мысалы, бiздiң жас шағымызда қазiргiдей толып жатқан университеттер, олардағы заң, құқық факультеттерi болған емес. Жалғыз Қазақ Мемлекеттiк университетiндегi заң факультетiне түсу – көзi қарақты, ойлы, жiгерлi деген кез келген жастың арманы едi. Бұл менiң де қол жетпестей арманым болды. Олай деуiмнiң бiр себебi, заң факультетiне түсу үшiн бiр орынға – жиырма бала бақ сынасатын. Екiншiден, сол арман еткен заңгерлiк факультетке мен қатарынан бес жыл барып, түсе алмап едiм. Жылына үш рет – көктемгi, күндiзгi, және күзгi сырттай бөлiмге барып, емтихан тапсырып, құлап жүрдiм. «Жығылған күреске тоймайды» дегендей, мұндай қатаң iрiктеуге мойымай, жыл сайын бара бердiм. Өйткенi, бар арманым, көкейдегi мақсатым – заңгер болу, қайткен күнде де осы мамандықты игеру болатын.

Бiр күнi амалым таусылып, Қазақстан Компартиясының бiрiншi хатшысы Д. А. Қонаев ағамыздың атына, одан соң Мәскеуге, Жоғары, орта бiлiм министрлiгiне хат жазып, жағдайымды толықтай баяндадым. Заңгерлiкке бес жыл қатарынан тапсырып, түсе алмай жүргенiмдi, бiрақ, алған бетiмнен қайтпай, бәрiбiр түсуге тырысатынымды жеткiзiп, ақыл-кеңес, бағыт-бағдар берулерiн сұрадым. Бұл 1969 жыл болатын. Көп ұзамай Мәскеуден хабар жеттi. Онда келесi жылдан бастап мен секiлдi қатарынан бiрнеше жыл жолы болмай, оқуға түсе алмай жүрген жастарға жоғары оқу орнының дайындық курстарына емтихан тапсыруға арнайы жолдама берiлетiндiгi, ол үшiн екi жыл қара жұмыс iстеуi керектiгi айтылған. Мен ол кезде Алматыдағы Совет (қазiргi Алмалы) ауданындағы кiрпiш зауытында қатардағы жұмысшымын. Дайындық курсы ашылғаннан кейiн оған құжаттарымды тапсырайын десем, қабылдамайды. Себебiн сұрасам, хатта көрсетiлген қара жұмыстың да сұрауы бар екен. Ол жәй, ақша табу үшiн немесе еңбек стажын жинау мақсатында орналаса салған қара жұмыс емес, ол бойынша арнайы бiлiмiң болуы керек. Не iстерiмдi бiлмей, көп ойландым. Мен өзiм жұмыс iстеп жүрген кiрпiш зауытының комсомол жастар ұйымының хатшысы едiм. Сондықтан да бұл саладағы көп кiсiлермен таныс болып, тығыз жұмыс iстедiм. Ақыры, ойланып, толғанып, сол кездегi Қазақстан комсомол комитетiнiң хатшысы Н. Б. Абаева апайымызға барып, көмек сұрадым. Менi тыңдап болған соң Никара апай Қазақ университетiнiң ректоры Ө. Жолдасбековке телефон шалды. «Өмеке, мына жiгiттiң 9 жыл стажы бар екен. Армандаған оқуына бiрнеше жылдан берi түсе алмай жүр. Өз ұйымындағы еңбекқор, нағыз табанды жастың өзi. Қолдан келгенше көмектесiңiз» – дедi. Өмiрбек ағамыз да: «Ондай азаматтарға қол ұшын беруден аянбаймыз. Шамамыз жеткенше қолдау мен көмек көрсетемiз. Келсiн», – дедi сөзге келiп жатпастан. Сол кезде университеттiң химия факультетiнiң ғимараты ендi салынып жатқан едi. Мен соның құрылысын салуға қабылданып, бригадир болып шыға келдiм. Әрi қарай дайындық курсына түсiп оқып, 1972 жылы талай жылғы арманыма қол жеткiзiп, заң факультетiне оқуға түстiм. Курстастарым әзiлдеп «ардагер студент» деушi едi.

Университеттi бiтiргеннен кейiн Сiздi жолдамамен жаңадан ашылған Маңғыстау облысына жiберiптi, алдымен стажер, кейiн судья болыпсыз. Сонау түбектегi облысқа романтика қуып бардыңыз ба? Әлде қызметтiк мансап баспалдағын жаңа жерден бастап, өзiңiздi сынап көрейiн дедiңiз бе? Сол бiр күндерiңiздi бүгiнде сағынышпен және қимастықпен еске алатын шығарсыз? Ол жақтан жалпы не үйрендiңiз? Қандай тағылым алдыңыз?

– Университеттi ойдағыдай тәмамдап, өзiм бiлiмiмен сусындап, тағылымын көрген ұлағатты ұстазым, белгiлi заңгер, бiрегей ғалым ағамыз Салық Зимановтың кеңес беруiмен Маңғыстау облыстық сотына жолдама алдым. Алдымен тәлiмгер, одан соң облыстық соттың мүшесi болып заңгерлiк еңбек жолымды бастадым. Алғашқы еңбек еткен жылдары судья ретiнде қалыптасып, шынығып, шындалуыма ұйытқы болған облыстық сот төрағасы айтулы азамат, бiлiктi заңгер Қуанышбай Мәмбетов ағамыз едi. Облыстық сотқа қызметке жаңадан келiп бiршама жүрексiнген менi ол кiсiнiң ерекше ықыласы, қамқор көңiлi баурап, әжептәуiр ширатып тастады. «Иракжан, сен еш алаңсыз, қиналмай жұмыс iстесiн деп екi бөлмелi пәтер бөлдiк. Қалғанының бәрi ендi өзiңе байланысты»– деген-тiн. Қуанышбай Тәлiмжанұлы ұжымдағы қызметкерлердiң психологиясын, мiнез-құлқын, қабiлет-қарымын жазбай танитын ерекше жан. Ол үшiн әрқашан әр нәрсенiң өз орны болатын. Қажет кезiнде қатал да бола бiлдi.

Романтика демекшi, өзiммен бес жыл бiрге оқыған Ғалияға көптен берi сөз айтып, iштегi ыстық сезiмiмдi бiлдiргiм келiп жүретiн. Соның орайлы сәтi туғандай болды. Өйткенi, оқу бiтiрiп, жұмыс iстей бастағасын, оның үстiне жаңа пәтерге қоныс тепкеннен кейiн, ендi неге үйленiп, үй болмасқа?- деген ой келдi. Сөйтiп, мен Ғалияға көңiлiмдi бiлдiрiп, хат жаздым. Үйленетiн болып келiскен соң, қалыңдықты алып келуге төраға Қуанышбай Тәлiмжанұлынан үш күн рұқсат сұрап, Семей жаққа жол тарттым. Алайда, үш күнiм бiр аптаға созылды. Қазақта үш күннiң iшiнде түкпiрдегi бiр аймақтан қыз әкелу мүмкiн емес екенiн ойласамшы. Қалыңдықты көндiру, құда түсу, ата-ананың алдынан өту, жөн-жоралғы деген бар... Бәрiн өткiзiп болып, жұмысқа оралғанымда Қуанышбай Тәлiмжанұлы ашулы кейiппен қарсы алды. «Иә, сөйле, – дедi ол кiсi, – үш күнге ұлықсат сұрап бiр апта жоғалғаның қалай?». «– Айыптымын, ағасы. Жағдай осылай болып қалды. Келiнiңiз туған төркiнiн қимай отырып алды. Оның үстiне ол жақтың салт-дәстүрi де өзгешелеу екен... Қызды ала сап қашқандай болмайын деп...» – деп мiңгiрлеймiн. «Мұның барып тұрған өзiмшiлдiк!– дедi, Қуанышбай Тәлiмжанұлы, – Сенiң мойныңда қаралатын қылмыстық, азаматтық iстер жатыр. Олар созылмай уақытында қаралуы тиiс. Олардың шешiмiн күтiп қамауда адам отыр. Ол жазықты болмауы да мүмкiн. Сен сол адамның жағдайын ойладың ба?» – дедi ол қатты ашуланып. Қысқасы мен кәсiподақ жиналысына салынып, қатаң сөгiс алдым. Осы оқиға менiң қызметтiк өмiрiмдегi ең үлкен сабақ болып қалды. Жиналысқа өзiммен бiр бөлмеде отыратын қазiргi Жоғарғы Сот судьялары Н.Т. Суханова мен Т. С. Беркалиевалар қатысқан-ды. Әрiптестерiммен кездесiп қалғанда үнемi осы оқиғаны еске аламыз. Қуанышбай ағамыз осындай қатал да әдiл азамат болатын. Сол жолғы сөгiстен кейiн мен қандай жағдайда болмасын тәртiп сақталуы қажеттiгiн жадымда берiк ұстайтын болдым. Көп нәрсенiң астарына бойламайтын алақұйын жастықтың буын ересек, тоқтамды түйсiк басты.

Қуанышбай Тәлiмжанұлы жас мамандарды кәсiби заңгерлiкке баулудан еш жалыққан емес. Судья ең алдымен iс қағаздарын дұрыс жаза бiлуi керектiгiн, судья қызметте бiр саты, яғни аудандық соттың судьялығынан облыстық сот судьялығына жоғарылаған сайын, оның жазғандарының мазмұны, сапасы сол сатыға сай болуы қажеттiгiн үнемi қайталап айтып отыратын. Мұнымен қоса, ол кiсi iс қарауда ең алдымен ұқыптылыққа, жинақылыққа үйреттi.

Судья бола жүрiп, бұл саланың нағыз майталмандарымен бiрге жұмыс iстедiм. Облыстық сот төрағасының орынбасары болған Марат Нұрбеков, кешегi судья, бүгiнгi сенатор Нұрлығайым Жолдасбаева, Жоғарғы Соттың судьялары Назым Суханова, Тұрғын Беркалиевалар үлкен өмiр мектебiнен өткен бiлгiр де бiлiктi, жан-жақты шындалған азаматтар.

Өмiрiмнiң осы белесiнен, судьялық кезеңнен ұғынып, түйсiнгенiм, судья болу дегенiңiз тек заңды жете бiлiп, iс бойынша тиiстi шешiм шығару ғана емес, бұл – өмiрлiк сын, ар тазалығының өлшемi, адамдық болмысыңның көрсеткiшi. Менiң қызметтiк тәжiрибемде қылмыс жасаушыны өлiм жазасына кеспеуiмдi жалынып сұрап, қомақты пара ұсынғандар да кездестi. Бiрақ, менiң оны алуға дәтiм бармады, ар-ұятым жiбермедi. Өйткенi, пара алған адамның жүзi қара. Ол өзгелер сынды еркiн, жайбарақат өмiр сүре алмайды, iшкен асы батпайды, ұйқыдан қалады. Сондықтан судья болған азамат алдымен өзiнiң iшкi табиғатын, адамдық деңгейiн сарапқа салғаны жөн деп ойлаймын.

Судьялықтан кейiн Маңғыстау, Атырау облыстарында әдiлет басқармаларын басқардыңыз. Бұл да Сiз үшiн өмiрiңiздегi бiр белес, мектеп болды ғой?

– Сот саласында қызмет iстеген бiрнеше жылдан кейiн бiр күнi Маңғыстау облыстық халық депутаттары облыстық атқару комитетiнiң басшылығы шақырып, облыстық атқару комитетiнiң әдiлет бөлiмi бастығының орынбасары етiп тағайындады. Кейiн бұл бөлiмнiң бастығы болдым. Ол уақытта әдiлет органдары мен сот жүйесi тұтас бiр сала болып жұмыс iстедi.

Кеңес заманы тұсында әдiлет саласында жолға қойылып, атқарылмай жатқан шаруалар жетiп артылатын. Кеңес үкiметiнiң, партия кеңес органдарының, Әдiлет министрлiгiнiң әрбiр қаулысын, қарарын, нұсқаулықтарын мұқият оқып, танысып отыру, оларды iс жүзiнде атқаруға ұйытқы болу мiндет болатын. Есiмде, сол 80-жылдары мемлекеттiк қызметкерлердiң жалақысын өсiру туралы Орталық комитеттiң нұсқаулық қаулысы түстi. Осы орайда мен атқару комитетiнiң төрағасына кiрiп, жоғары бiлiмдi нотариустардың жалақысы небәрi 70-75 сом екендiгiн, ал, кеңседегi барлық жұмысты олар өздерi iстейтiнiн, тiптi машинкаға дейiн өздерi басатындығын айттым. Егер олардың жұмысын жеңiлдету үшiн нотариалдық кеңселерге хатшылар бөлiп, белгiлi бiр мөлшерде табыс түсiретiн тариф бекiтiп берсек, мүмкiн бұл саланың жұмысы жақсарып, оңтайланар деген пiкiрiмдi бiлдiрдiм. Бұл пiкiрiм қолдау тауып, тарифтiк кесте жобасы бекiтiлдi. Осы жоба бойынша iстелген жұмыс бiршама уақыттан кейiн өз нәтижесiн бере бастады. Дегенмен, нотариустардың жалақсы сол деңгейде қалып, онда орта бiлiммен келген хатшылар 250 сомға дейiн алатын болды. Оларды шаруашылық есепке көшiрiп, құжаттарын заңдастырып, қосымша қызметтен түскен табысты теңдей бөлу әдiсi арқылы жағдай едәуiр түзелдi. Нотариустарымыз 200 сомнан аса айлық алатын болды. Жұмыстары да жеңiлдеп, салада кадрлардың тұрақтануы, бос орындарға заңгерлердiң қызығушылық тудыруы аңғарыла бастады. Бiздiң бұл бағыттағы iс-тәжiрибемiз бұған дейiн тiптi Одақ көлемiнде қолға алынбап едi. Жетiстiктерiмiз Мәскеуге дейiн жетiп, Әдiлет министрлiгiнен келген арнайы комиссия шаруашылық есептегi нотариалдық кеңселерiмiздi көрiп, таңданыстарын байқатты.

Одан кейiн, Атырау облысында әдiлет басқармасын басқарған кезiмде де көңiл көншiтпейтiн кеңселердi осы шаруашылық есепке көшiру мәселесiн қолға алдым. Бұл жолы жалақылары төмен, материалдық-техникалық жабдықтары нашар АХАЖ кеңселерiнiң жағдайын анағұрлым жақсарттық. Сөйтiп, атыраулықтардың бастамасымен шаруашылық есепке көшiру мәселесi республика бойынша қолдау тауып, кең тарады.

1991 жылы тұңғыш Президент сайлауында Атырау облысы бойынша сайлау комиссиясының төрағасы болдым. Мұндай жауапкершiлiгi мол тапсырманы орындау ұйымдастырушылық қабiлеттi, көпшiлiк алдында жүйелi де қисынды сөз айта бiлетiн тапқырлық пен табандылықты қажет ететiнi белгiлi. Мұны мен терең түсiнiп, кездесуге барынша дайындалдым. Елбасы сайлау алдындағы кездесулерiн Атырау өңiрiнен бастады. Жол бойы Нұрсұлтан Әбiшұлы жергiлiктi халықтың хал-ахуалын, жұмыстардың ұйымдастырылу барысын, тағы басқа әр түрлi бағыттағы әңгiмелердi қозғап, менiмен көп әңгiмелестi. Жылойда болған халықпен кездесуде төрағалық етiп отырған мен сөздi мұнайшымен, мұғалiммен, дәрiгерлермен, ардагерлермен қатар судьяға да бердiм. Жас судья Гүлнәр Қарабалина үш билiктiң бiрi ретiнде сот билiгiнiң өзiндiк рөлiне, қызметiне тоқтала келе, саланың сол кездегi тыныс-тiршiлiгi, материалдық-техникалық жағдайы, судьялардың жалақысы туралы өзектi ойлар айтып, оған жиналғандар да, Елбасы да дән риза болды. Сол кездесулерден кейiн Президент бiздiң қандай тiлегiмiз бар екендiгiн сұрады. Мен: «Әдiл сот төрелiгiн жүргiзетiн сот мүшелерi заман талабына сай әдемi, ыңғайлы ғимараттарға көшiп, жұмысын қиындық-кедергiсiз атқарса...» деген өтiнiш айттым. Нұрсұлтан Әбiшұлы облыстың бiрiншi хатшысы Ғазиз Алдамжаровқа ең таңдаулы деген партия комитеттерiнiң ғимараттарын аудандық, қалалық соттардың иелiгiне өткiзу жөнiнде тапсырма бердi. Бұл елiмiзде сот билiгiнiң тәуелсiздiгiнiң, сот реформаларының қалыптасуы кезеңiнiң басы болатын.

1995-99 жылдары Сiз Атырау облысынан ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты болдыңыз. Депутат және оның iшiнде заң және сот-құқықтық реформа бойынша комитеттiң мүшесi ретiнде қоғамның, елдiң мүддесi үшiн қандай жұмыстар атқардым деп айта аласыз? Сол кездерде сот-құқықтық саланың қандай маңызды мәселелерiн көтерiп, оның дамуына қандай үлес қостым деп ойлайсыз?

– Мен Парламент депутаты болып тұрған сол кезде оның құрамында үш-ақ заңгер болдық. Заңдар және құқықтық реформа бойынша комитетiне мүше болумен қатар, мен Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжiкстан мемлекеттерiнiң Парламентаралық Ассамблеясының құқықтық мәселелер бойынша комиссиясының төрағалығын да атқардым. Соған байланысты ай сайын аталған мемлекеттерге барып жұмыс iстеп, сот-құқықтық реформалардың халықаралық дәрежедегi озық үлгiлерiне сүйенiп, тәжiрибе жинақтаудың мүмкiндiгi туды. Бұл дегенiңiз көптеген пайдалы iс-шаралардың басында болып, заң шығарушылық жұмыстарға белсене араласуды талап ететiн қат-қабат жұмыс-тын. Сол кезде Азаматтық iс жүргiзу, Қылмыстық iс жүргiзу кодекстерiн, ұлттық қауiпсiздiк, мемлекеттiк қызметтер туралы заңдарды қабылдауға тiкелей атсалыстым.

Өзiм депутат болып сайланған өңiрдегi халықтың тұрмысын, мұң-мұқтажын көзбен көрiп, шешiмiн таппай жүрген мәселелердi ортақ талқылауға салып, өзiме сенiм артқан жерлестерiмнiң әркез жанынан табылуға тырыстым. Депутат ретiнде маған Құрманғазы ауданындағы Капустин яр, Жылойдағы Тайсойған полигондарын жабуға атсалысуға, сол бiр халық айлап жалақы, зейнетақы ала алмай жүрген күрмеуi қиын жылдарда Парламентте мұнайлы аймақтың мүддесiн көтеруге, Парламентте халық қалаулыларын облыстың бюджетiн талқылауға шақыруға зор мүмкiндiк туды. Сол кезеңдерде Қаратай Тұрысов, Өмiрбек Жолдасбеков, Марат Оспанов сынды ел сыйлаған ардақты азаматтармен үзеңгiлес жұмыс iстедiк. Олар көтерiлген маңызды мәселенi зор ықыласпен тыңдап қана қоймай, оларды шешудiң тиiмдi жолдарын дұрыс қарастыра бiлетiн пайым-парасаты мол тұлғалар едi. Парламент қабырғасында шығармашылық жағымнан шындалып, өсе түсуiме осы кiсiлердiң тигiзген ықпалы зор болды.

1999 жылы Үкiмет басшысы Балғымбаевтың кезiнде жергiлiктi әкiмдердi ынталандыру, олардың қолына бюджет беру мәселелерi қозғалды. Осыған байланысты салықтан бюджетке түскен ақшаны дұрыс бөлу мәселелерiн де көтердiк. Мен қай облыс салықты көп түсiрсе, сол облысқа қаражат көбiрек бөлiнуi керектiгi жөнiнде пiкiрiмдi бiлдiрдiм. Сондай күрделi талқылаулар iс жүзiне енiп, Атырау облысының бюджетi 2000 жылы 45 миллиардқа дейiн көтерiлдi. Қазiр байқап отырсам, 2007 жылы бұрынғыдан үш есе артық көтерiлу мүмкiндiгi тұрғанда, облыс бюджетi 57 миллиардқа ғана көтерiлiп отыр.

Қызмет сатысымен жоғарылап, бiрер жыл Әдiлет министрiнiң орынбасары да болыпсыз. Осы кезең жайында да әңгiмелеп берсеңiз.

– Мен өзiмдi қазiрде де әдiлет саласының қызметкерiмiн деп есептеймiн. Әдiлет вице-министрi болып тұрған кезде соттар осы саланың құрамында едi. Әдiлет басқармасының басшылығы қызметiне облыстық, аудандық сот төрағалары тағайындалатын. Олар сот саласының ыстық-суығын бастан өткерген тәжiрибелi судьялар болғанымен, құқықтық насихат жұмыстарын жүргiзуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн түсiндiру мәселелерiне аса назар аудара қоймады. Осындай кезеңдерде тамаша тұлға, бiлгiр де мақсаткер азамат Нағашыбай Шайкенов салаға iрi өзгерiстер ала келдi. Тың ой иесi, бастамашыл басшы атқарылар жаңа да серпiндi жұмыстардың жоспарын үнемi ортаға салатын. Сондай мақсатты ойдан туған жұмыстарымыз сәтiмен iске асып жататын. Әдiлет бiрiншi вице-министрi Боран Рахымбековпен бiрге құқықтық реформаны насихаттауды кең көлемде жүргiздiк. Реформаларды дамыту мақсатында заң жобаларын дайындадық.

Сол уақыттарда өлiм жазасына мораторий жариялаудың науқандық жұмысы басталған-ды. Осынау маңызды шара бойынша бiз бiрiншi рет «Хабар» телеарнасында «Қазақстанда өлiм жазасына мораторий жариялау» атты бағдарлама жасадық. Бiр жарым сағаттық тiкелей эфирде осы өзектi мәселенi талдап-талқылауға әр саланың маманы тартылып, бұқара халықпен тiкелей ой жарыстырылды. Телефон арқылы 28 000 - ға жуық сұрақ келiп түсiп, өлiм жазасына мораторий жариялауға байланысты республика халқының отыз пайыздан астамы оны қолдайтындығын жеткiздi. Сол уақыттарда АҚШ-та, Германияда, Францияда, Ресейде халықаралық конференцияларда болып аталмыш тақырып бойынша баяндамалар жасадым.

Ирак Қасымұлы, Сот әкiмшiлiгi жөнiндегi комитет төрағасының орынбасары ретiнде атқару өндiрiсiнiң бүгiнгi күндегi ең өзектi проблемасы не деп ойлайсыз? Сiздiң ойыңызша сот шешiмдерiнiң орындалуын қалай жақсартуға болады?

– Сот билiгi – үшiншi билiк. Бұл билiктi құрметтеу ол шығарған шешiмдердi орындаумен де тығыз байланысты. Азаматтар, заңды тұлғалар осы жауапкершiлiктi жете сезiнуi қажет. Мұнымен қоса, сот орындаушылары мемлекеттiк маңызы бар жұмысты атқарады. Бiр ғана 2006 жылы сот орындаушыларының мемлекеттiк бюджетке 10,2 миллиард теңге айыппұл өндiрiп түсiруi осының дәлелi. Көршiлес Ресейдi алып қарар болсақ, оларда сот орындаушыларға барлық жағдайлар жасала тұра, сот шешiмдерiнiң 50 пайызы ғана орындалады екен. Бiздiң республикамыздағы сот орындаушыларының сот шешiмдерiн орындатуға ешбiр мүмкiндiгi болмаса да, сот шешiмдерi 72-74 пайызға дейiн орындалуда. Бiрақ, сот орындаушыларының жұмыстарында көп iлгерiлеу байқалады десек те, бұл салада атқарылар iстер әлi де баршылық. Ең алдымен сот орындаушыларының жұмысын жандандыру үшiн көптеген ұйымдастыру шараларын жүргiзу, заңға өзгерiстер енгiзу қажет. Мысалы, «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңның талаптарын ескерер болсақ, елiмiзде сот орындаушылар саны судьялар санымен бiрдей болуы тиiс. Бiзде бұлай болмай отырған себебi, сот орындаушыларының мәртебесi, материалдық-техникалық жағдайы әлi түзелмей келедi. Соның нәтижесiнде олардың басқа табысы көбiрек жұмыстарға кетiп қалуы жиi кездеседi. Бұл мәселенi шешудiң жолы мен әдiстерi талай рет көтерiлiп, айтылып жүр. Мұның бiр жолы олардың айлық жалақысын көбейту немесе сот шешiмдерiн орындау көрсеткiшiне сәйкес қосымша сыйақы төлеу де, екiншiсi, шетелдiк тәжiрибенiң тиiмдi әдiстерiн таңдау, яғни, жеке сот орындаушылары институтын енгiзу. Сот орындаушысының еңбегiне қарай сыйақы төлеу оның өз жұмысына деген жауапкершiлiгi мен ынтасын арттырары сөзсiз. Мұндай ынталандыру тәсiлi Германия, Франция, Польша сынды бiрқатар мемлекеттерде жақсы жолға қойылған. Бұл мемлекеттердiң атқару өндiрiсi бойынша жеткен табыстарын зерттеп, байқаған ТМД-ның да бiрнеше елдерi бұған батыл түрде көшуде.

Сот орындаушыларын қаржылай ынталандыру механизмiнiң екi түрi, франциялық және германиялық тәсiлдерiнiң өзiндiк ерекшелiктерi бар. Франциялық тәсiл либералдық жүйе деп аталынады. Бұл бойынша жұмыс атқаратын сот орындаушылары мемлекеттiк лицензияға ие болады. Олардың айлықтары, сыйақылары, үстемақылары берешек адамдар, берешек мемлекеттiк емес ұйымдар есебiнен төленедi. Германиялық тәсiл бойынша мемлекеттен бекiтiлген айлық жалақыға қосымша берешектер есебiнен сыйақы өнiдiрлген соманың тұрақты тарифi бойынша сыйақы берiледi.

Осындай алғышарттарды сараптай келе, бiз елiмiзде сот орындаушыларының мәртебесiн көтерiп, жағдайларын жақсарту мақсатындағы ұсыныстарымызды Парламентке, Үкiмет қарауына тапсырдық. Бұл ұсыныстарымыз нақты шешiмiн табады деген үмiттемiз.

Жеке сот орындаушылары институтына тағайындалатын сот орындаушысы жоғары бiлiмдi, арнайы емтихан тапсырған, екi жылдық жұмыс өтiлi бар азамат болуы шарт. Емтиханнан өткен сот орындаушысына арнайы лицензия берiледi, сондай-ақ жергiлiктi жерлердiң сот орындаушысы қызметiн iстей алады. Өз бетiмен әрекет жасауға жол бермеудi ескере отырып, әрбiр жергiлiктi аумақтарға байланысты ашылады.

Жалпы бұл мәселе бойынша заң шығару жұмыстары жөнiндегi ведомствоаралық комиссия мүшелерiнiң, ғылыми зерттеушiлер мен сарапшылардың қатысуымен өткен отырыста концепция толық талданып, Ұлттық Қауiпсiздiк Комитетiнен басқа барлық мемлекеттiк органдар тарапынан толық қолдауын тапты. Жеке сот орындаушылар институты өмiрге енсе, өзiн-өзi ақтай алуға толық мүмкiндiгi бар. Өндiрушi сот актiсiн қолына алғаннан кейiн мемлекеттiк сот орындаушысына немесе жеке сот орындаушылар институтының сот орындаушысына жүгiне алады.

Бiрқатар шет мемлекеттерде сот та, прокуратура да әдiлет министрлiгiнiң құрамына кiредi. Бiзде әрқайсысы бөлек-бөлек мекеме. Бұлай болғанның тиiмдiлiгi мен пайдалы жақтары бар ма?

– Сот, құқық, әдiлет саласында реформаларды жандандырып, оңтайлы өзгерiстерге қол жеткiзу үшiн бiзге қандай да бiр елдiң үлгiсiн көшiрiп алу шарт емес. Бiздiң бiр кемшiлiгiмiз, тәжiрибе алмасу мақсатымен барып, көрiп келген кез келген елдегi ерекшелiктердi, артықшылықтарды жыр ғып айта бастаймыз. Менiңше, бұл бағытта арнайы комиссия құрылып, ол шынында қай елдiң үлгiсi бiздiң Конституциямызға, қоғамымызға сай келетiндiгiн сараптап, нақты жұмыстар атқарумен айналысуы қажет. Рас, кей мемлекеттерде прокуратура әдiлет министрлiгiне бағынады, не болмаса, прокуратура соттың жанында жұмыс iстейдi. Ал бiзге соның қандайы тиiмдi екендiгiн жан-жақты зерттеп, болжап, нақты бiр қорытынды жасауымыз керек. Бүгiнде сот-құқықтық реформалардың дұрыс бағытпен жүрiп жатқандығы туралы жиi айтылады. Әйткенмен де, бұл бағытта жетiлдiрудi қажет ететiн тұстар баршылық. Мәселен, қазiргi прокуратура жанындағы статистика бойынша комитеттi мемлекеттiк статистикалық орындарға берген оңтайлы болар едi. Сол секiлдi Iшкi iстер министрлiгi де елеулi өзгерiстерге сұранып тұрғаны шындық. Министрлiкте жергiлiктi муниципалдық милиция мен аса ауыр қылмыстық iстердi жүргiзетiн республикалық деңгейдегi органның жұмыс iстегенi ұтымдырақ. Ал, прокуратура мен сотқа келсек, менiңше прокуратура соттың жанында болғаны дұрыс. Бұрын сот жүйесiнде хаттамалық форма болатын. Ол бойынша қылмыстық әрекет он күннiң iшiнде сотқа жiберiлуi керек-тiн. Осыны қайта енгiзу қай жағынан алсақ та тиiмдi. Өйткенi, айыпкердi түрмеде бiрнеше ай бойы ұстап отыру мемлекетке де тиiмсiз, ол адамның денсаулығына да зиян. Ендеше осындай iстердi те арада сот арқылы шешетiн болсақ, уақыт та созылмайды, адамды да қамауда ұстамаудың мүмкiндiгi туады. Сондықтан билiктi көбiрек сотқа беру қажет деген ойдамын. Бұл менiң азамат ретiндегi жеке пiкiрлерiм.

Бiреулерге «бос уақытта немен айналысасыз?» десең, «бос уақытым болмайды» деп ренжидi. Сондықтан сiзден негiзгi жұмыстан басқа қосымша өнерiңiз не ермегiңiз бар ма? – деп сұрағымыз келедi.

– Бос уақытымды тарихи шығармалар, газет-журналдар оқуға арнаймын. Салауатты өмiр салтын ұстанып, ой мен дене шынықтыру мақсатында спорт түрлерiмен айналысқанды терiс көрмеймiн. Жас кезiмде күреспен айналыстым, футбол, шахмат, дойбы, ойнағанды ұнаттым. Содан да болар, жүрген жерiмде, жұмыс iстеген салада әрдайым спортты насихаттап жүремiн. Кезiнде Парламент пен Үкiмет арасында күрес бойынша сайыс ұйымдастырдық. Парламент қабырғасында кик-боксингтен үлкен жарыс өткiзiп, Парламент жүлдесiн тағайындадық. Жарыстың соңы ғажайып концерттiк шоуға ұласып, жиналғандардың ерекше әсерде қалғаны есiмде. Спортты сондай-ақ, өсiп келе жатқан жас жеткiншектер арасында да насихаттап, оларға өз тарапымнан бiр ағалық қамқорлық жасағым келiп тұрады. Спортқа әуес 180 баланың басын қосып, жер көрсiн, тәжiрибе жинасын деген ниетпен Грецияға апарғаным бар.

Әдiлдiктi айтамын, шындықты жақтаймын деп бiреулерден қысым мен қудалау көрген кезiңiз болды ма? Немесе өзiңiз де кезiнде бiреулерге қиянат жасадым-ау деп өкiнесiз бе?

– Әдiлдiктiң, шындықтың жақтаушысы ретiнде соншалықты бiр қудалау көрдiм деп айта алмаймын. Әйтсе де шындықты бетке айтатын бiрбеткей мiнез жұрттың бәрiне бiрдей ұнай бермейдi. Сондай мiнезiмнен ептеп қиыншылық көрген кездер болып тұрды. Мысалы, Колбиннiң бiрiншi хатшы боп тұрған кезiнде бiр жиында мiнбеге шығып, бiрiншi басшының бiздi ешбiр нәтижесiз тоқсан сайын жинайтынын бетiне айтып салдым. Сол әрекетiмнiң «арқасында» дереу «нысанаға» iлiгiп, Атырау облысының әдiлет басқармасының басшысы қызметiне бекiтiлер кезiмде әжептәуiр сергелдеңге түстiм. Осындай мiнезiмнен таяқ жеген кездер баршылық. Ал, өзiм жан-жағымдағыларға қиянат жасамақ былай тұрсын, қолдан келгенше көмек беруге тырысамын.

Ирак Қасымұлы, өмiрде не нәрсенi бiрiншi орынға қоясыз?

– Өмiр деген қым-қиғаш. Оның жақсылығы мен қиындығы қатар жүредi. Адам болғасын ащысы мен тұщысын бiрдей татасың. Сондықтан қандай да бiр сәттер тумасын, адам адамшылығын жоғалтпауы керек деп ойлаймын. Әдiлдiкке ұмтылу, бiрбеткейлiк – қанымда бар нәрсе. Бұдан белгiлi бiр қиындықтар көрген де шығармын. Әйтсе де бұл қасиеттердiң өмiрде адастырмайтынын жақсы бiлемiн.



Әңгiмеңiзге көп рахмет!
Астана.
Өмiрдерек
1947 жылдың 20 мамырында Атырау (сол кездегi Гурьев) облысы Құрманғазы ауданына қарасты Ганюшкино селосында дүниеге келген. Еңбек жолын 1963 жылдан қарапайым жұмысшы болып бастаған. Электр жөндеушi, электршi, темiр ұстасы болған. 1977 жылы Қазақ Мемлекеттiк университетiн заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша бiтiрген. Сол жылдан бастап Маңғышлақ облыстық сотында стажер, одан соң судья болып қызмет еткен. Кейiн 1988 жылға дейiн Маңғышлақ облысының әдiлет бөлiмi бастығының орынбасары болған. 1988-1995 жылдары – Гурьев облыстық әдiлет басқармасының бастығы. 1996-1999 жылдары – ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты, Заңдар және сот-құқықтық реформа бойынша комитет мүшесi. 1999 жылдан ҚР Парламент Мәжiлiсi аппаратының жетекшiсi. 2002-2003 жылдары – ҚР Әдiлет вице-министрi. 2003-2004 жылдар аралығында Парламент Мәжiлiсi төрағасының кеңесшiсi. 2004 жылдан – ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкiмшiлiгi жөнiндегi комитет төрағасының орынбасары. ҚР еңбегi сiңген заңгерi.
ҚР Судьялар Одағы және «Заңгер» журналының редакциясы Ирак Қасымұлын 60 жылдық мерейтойымен тiлектес көңiлден қуана құттықтайды. Ол кiсiге әлi де ұзақ өмiр, мықты денсаулық, қызметiнде толағай табыс пен жетiстiктер тiлейдi.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет