Екінші бөлім Ғазали ғибыраттары


Жауы – жасық, Жақыны – енжар



бет2/17
Дата18.04.2016
өлшемі3.19 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Жауы – жасық,

Жақыны – енжар

Ер сорлы.

Өйткенi қайратын орнын тауып жұмсамаған соң, жiгерi - құм, еңбегi еш кетiп, еңсесi көтерiлмейдi.


Ерi – сөзшең,

Қатыны – бөзшең



Ел сорлы.

Өйткенi: еркектерi сөз аңдып, ұрғашылары бөз аңдып,

Көздерi – етекте,

Көңiлдерi – өсекте –

болып, елдiктi ойлауға мұршалары келмейдi.

Ерiн – етекбасты,


Елiн – өсекбасты

еткен ұлттан сорлы не бар десеңшi?!

Азық

Тәнiң – жаныңның азығы,


Жаның – тәнiңнiң азығы.

Екеуi бiрiн – бiрi емiзiп күнелтедi.

Айырмашылығы:

Тәннiң көрегi – дәм,

Жанның көрегi – дем.

Ұқсастығы:

Тәнiң қиналғанда – тер басады,

Жаның қиналғанда – шер басады.

Қорытынды:

Тән – тыныштығын торқалы төрден табады,

Жан – тыныштығын топырақты көрден табады.

Бiреуi – фәнидiң, бiреуi – бақидың еншiсi.

Демек, екеуi де бiр бiрiне қонақ екен. Сонда әлгi «жалған дүниең» осы емес пе?

Ендеше қазақтың:«Өзiңдi-өзiң өз жаныңды жеп жүрiп асырайсың» - дегенi шындық болып шықты ғой.

Ал бiз ғой, осындай қарапайым ақиқатқа көз жеткiзу үшiн биiк философия iздеп босқа адасатынымыз не? Ол сандалыс - қай сандалыс?!!

Құшыр
Бiрiн-бiрi көргенде құрышы қозатын хайуани түйсiк пен бiрiн-бiрi көргенде бiрiн-бiрi талап ететiн тән құштарлығынан оянған махаббат қана мәңгiлiк өмiр сүредi. Өйткенi: бiрiңдi-бiрiң көргенде әлгi хауани түйсiктер бiрiңе-бiрiңдi құмар қылады. Құмарың қанбаса – жалықпайсың. Жалықпаған соң төсегiң суымайды. Ерлi-зайыптының арасындағы татулықтың көпiрi де сол төсек пен көзге көрiнбейтiн түйсiк!

Иә, махаббаттың да өз өткелi бар.

Сұлу әйелге, келiстi ерекекке таза ақылмен ғашық болып қосылу дегенiңiз – Дәуiт пен Венераның жалаңаш мүсiнiн бiр бөлмеге қатар қою ғана.

Ессiз құштарлық пен құшыр болмаса, суық ақыл мен салқын сұлулықтан махаббат шығып жарытпайды.

Тiптi соның өзi қорлық.

Әуелi осыны махаббат деуге келе ме өзi?!. Тек қана мазақ қой, тәйiрi.


Кілт
Қазақтың: «көңiлдес» - деген сөзi еркек пен әйелдiң арасындағы осы үйлесiмдi бiлдiрмей ме екен? Әлгi айтқандардың өзi де көңiлдiң түкпiрiнде әлде неден дәметiп жатқан тiлеу емес пе. Және:

Көз сүзген көрiнгенге – көңiл арсыз,-

Деуі де сол мағынаға ымдап, қасын солай қарай керiп тұр емес пе?

Сонда, махаббаттың мәңгiлiгi мен татулығына – арсыздық кепiлдiк ететiн болды ғой!

О, сұм дүние! Кiлтiңдi кiмнiң қолына тапсырғансың?!
Әлділетсіздік
Ақыл – адамның бойындағы ең қатал, қатыгез, суық әрi өзiмшiл ұста. Жаныңа – жаны ашымайды, тәнiңе - қуат бермейдi, сезiмiңе - сезiм қоспайды, тамырыңа - ыстық қан құймайды. Дүниенiң ләззатiн не өзi көрмейдi, не өзге мүшелердiң ессiз құмарын қандыруға мүмкiндiк бермейдi. Дегенiне иiп көндiредi де, балта мен төстiң ортасына қойып соғады да отырады. Өзге түйсiктердi еркiне жiбермей, мүләйiмсiтедi де қояды. Байғұстардың көрген күнi құрысын. Жә!

Жан – тәннiң көрiгi.

Тән – жанның көмiрi.

Қан - ауа,

Нәпсi – дауа.

Сезiм – от.

Ақыл – ұста – дейiк.

Қош! Сонымен:

Жаның – балқытады,

Тәнiң – балқиды.

Қаның - қызады,

Нәпсiң - қозады.

Сезiмiң – ысытады,

Ал ақыл ...суытады!

- Тiфу! Мынаны қараңызшы:

Қандай қатыгездiк!

Неткен өзiмшiлдiк!!!

Оған мүндай құқықты кiм берiп жүр өзi!!!

Мынасы барып тұрған әдiлетсiздiк қой!!! –

деп айғай салғың келгенде:

- Жә, жiгiттер сабыр етелiк!

- Иә, қызбаланып кетiппiз!

- Ғафу өтiнем! – деп бiреулер басу айта бастайды.

- Тоқта! Тоқтат! – дейсiң шаптығып,- тоқтат!


Тағы да сол баяғы әнiмiзге қайтып оралдық па?


Тфу! Ақыл,ақыл! - дегенге мастанып, әбден басынып-ақ алыпты-ау, бәтшағар!

Қайран, ессіз күндерім!



Намыс
Пайғамбардың хадисі намыстың үш түрін ерекше қасиетті санайды. Олар:

Бiрiншi – Иман намысы,

Екiншi – Отбасыны - әйелiңнiң, бала-шағаңның намысы,

Үшiншi – Отан намысы.

Осы үшеуiнiң жолында өлiп кетсең – шейітсiң.

Егер: иман намысын, үй-iшiңнiң намысын, отан намысын қорғай алмасаң – мұсылман емессiң!

Ал ер-жiгiттiң өз намысы қайда қалады? Әлде, ол жоғарыдағы үшеуiнiң iшiне кiре ме?

Шындығында да бұдан артық қандай қасиетттi намыс болуы мүмкiн?!.



Сор

Дауасыз дерт – дененiң соры.

Кесiрлi келiн – ененiң соры.

Тоят
Сүйiктiңнiң сөлiн сорып алып,

Шығар-шықпастай ғып

Жанын ғана қалдырсаң!

Пах, шiркiн!

Тоят деп, әне, соны айт!
Көзтүрткі
Бақыт – төрт құбылаңның түгелдігі мен тыныштығы, айналаңның амандығы, тілегіңнің қабыл болғандығы.

Егер осы үшеуі қалпында тұрған жағдайда өмір сүрген қоғамыңа сыймасаң, онда сен – бақытсыз тұлға болғаның. Жұбанышың – ойыңды бөлісетін ортаң, сырласатын досың, жаныңды түсінетін жарың, үмітіңді жалғайтын балаң бар.

Егер, жоғарыдағы үш жағдай қалпында тұрып, қоғамыңмен ымыраға келіп, ой бөлісетін орта таппасаң, онда сен - бақытсыз тағдырдың иесісің. Жұбанышың – ымырамен өмір сүретін қоғамың, жаныңды түсінетін жарың, мейріңді төгетін балаң бар.

Егерде, төрт құбылаң түгел әрі тыныш, айналаң аман, тілегің қабыл, қоғамың – қормал, ортаң – толысып тұрса да, отбасыңа симасаң, сиғызбаса, сүйкімің кетіп, көзтүрткі болсаң, шипаң бітті деп есепте. Онда сен нағыз бақытсыз сорлының өзі болғаның!

Оған жұбаныш табылмайды!

Өйткені: отырсаң – опақсың, тұрсаң – сопақсың, жатсаң – жайылсың, жүрсең – жүгірмексің, сыртқа шықсаң – сұғанақсың, үйге кірсең - өмеқапсың, көптің ішіндегі қорысың, қысқасын айтқанда, үй–ішіңнің құтылмайтын сорысың.

Себебі, оларға: күлкің – кекесін, мейірің – мекерлік, ақылың – мазақ, іздегенің – азап, түрің – маймыл, тегің – неғайбыл, тілің – мүкіс, белің – бүкіс, табысың – тапшы, ашуың – апшы, ішкенің – ірің, жегенің – желім, демің – сасық, денің – пасық, дұрысың – бұрыс, бұрысың – дұрыс, оңын – теріс, терісің – оң, кеңесің – керіс, өкпең – ұрыс, қайырымың – қастандық, достығың – дұшпандық, құрметің – қорлау, алғауың – алдау, қатының – күндесің, балаң – бақасың, өзің – жексұрын, сөзің жиіркенішті боп көрінеді.

Демек: үйге де, түзге де, қоғамға да сыймағаның, сыйғызбағаны, сия алмағаның және сыймайсың, сыйғызбайды, сия да алмайсың!

Өйткені сен – көзтүрткісің!

Сені, өзінің отбасына сүйкімі кеткен мына сені, өз отбасың – қатының мен балаң - өз ағайындарың мен өзіңнің ымырашыл қоғамыңның ортасына таланға тастап отыр. Ал олар сені талайды! Сөзсіз талайды! Талағанда қандай!

Сенбесең: ешкімнің тобына қосылмай, көп жиылған жерге жоламай, олардан бойыңды аулақ салып, өз бетіңмен кетіп бара жатып, кілт бұрылшы. Сонда: сұқ саусағын шошайтып сені нұсқап тұрған қолды, сығырая сұғын қадаған көзді, жымсиған жымысқы ерінді көресің:«Ана жексұрынды қарашы! Түк білмегенсіп кетіп бара жатқанын. Бұл пәле ішіне бір қулық сақтап, әдейі қыр көрсету үшін жон арқасын көрсетіп барады!» - деген күңкілді естіп қаласың. Бетіңді беріп тура қарай қалсаң – сөз сап тиылады. Шошайған саусақ түседі. Көздері мүләйім, өздері мүттәйім бола қалады. Бетіңді теріс бұрып әкетсең болды – сұқ саусақ қайта шошаяды, көз – сұққа, сөз – сыбырға айналады.

Жиылған топтың ішінде елеусіздеу жерге отырсаң:«Қасақана бой тасалады. Жымысқысын қара!» - дейді.

Топ пен тобырға қосылмасаң: «Қатын-баласына сүйкімі жоқ саяқ неме! Кісімсуін қарашы. Оны кім сағынып отыр екен!» - дейді.

Сонымен, сен енді үйіңде де, түзде де, қоғамда да: отырсаң – опақсын, тұрсаң – сопақсың... Тағысын тағылар. Неге?

Себебі: қоғамның қалауымен, ағайынның алғауымен, қатын-балаңның тілеуімен тағдырдың



Көзтүрткі

атану қарғысы саған бұйырды!

Құтты болсын!

Өйткені сен: «Көзтүрткі» болу арқылы бақытқа бөлендің!

Өйткені: отбасың, айналаң, қоғамың өзін бақытты сезіну үшін оларға Бір сүйкімсіз, Бір Жексұрын, Бір Көзтүрткі керек еді. Әйтпесе, олар кімді келеке етеді, кімді күндейді, жаным-ау, өзінің бойыңдағы кемшілік пен күнәні кімнен көреді, кімге жаласын артады, кімді күнәға батырады!

Әрине, сені!

Өйткені сенің – үйден де, түзден де, заманнан да табатын жұбанышың жоқ!

Үйде де, түзде де, қоғамда да қорғанышың жоқ!

Ерінбегеннің тепкісінің астында өмірің - өмір емес, ит тірлікпен өтеді солай!

Көнсең де – сол, көнбесең де – сол бір тепкі!

Бақытсыздық – төрт құбылаң түгел әрі тыныш, ағайының аман, тілеуің қабыл бола тұрып, өз отбасыңа сыймағаның, сыйғызбағаны, сия алмағандығың!

Алла, оның бетін аулақ қылсын де!


Тілеу

Ей, Алла;

Ағайынның аласынан,

Қатынның табасынан,

Баланың бақасынан сақта!
Кімбіз?
Немістердің қалғып кеткен намысын оятып, дүниені дүр сілкіндіріп, екінші рейхты құрған «темір канцлер» Отто Бисмарк:

«Революцияны данышпандар даярлайды, фанатиктер жүзеге асырады, қызығын азғындар көреді», – деген екен!

«Қасиетті Рим империясының» алманиялық рейхы – кеңесі арилік – германдық идеяны дүниеге әкелді. Бисмарк араға 5 ғасыр салып барып оны жүзеге асырды. Ал, Гитлер мен Муссолини «қасиетті одақ» құрып, «одақ - фашизм» - деген италян сөзін жексұрын ұғымға айналдырды. Рейхтың қызығын шыжық етті.

Ал бізде ғой «Алаш» идеясын Кенесары – Абай тұсындағы «зар заман» ақындары дайындады. «Алашорда» үкіметі мен кеңесін Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Б.Құлманов, Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев, М.Шоқай, Х.Ғаббасов, Е.Омаров, Т.Шонанов, М.Жұмабаев, А.Бірімжанов сияқты ұлт көсемдері құрды, ұлттық автономия алды.

Автономияның қызығын кеше «коммунист - колонизаторлар» (С.Сәдуақасов), бүгін сіз бен біз көріп отырмыз.

Сонда біз кімбіз?



Өтініш
«Адам бол!» - деме! Әуелі өзің адам болып көрші! Қалған ақылды содан кейін барып айтарсың.

Шама

Сенің шамаңды өзгелер біледі-ау, бірақ, өзіңнің шамаңды өзің білмейсін- ау деп қауіптенемін.



Сәт

Өзіңнен басқаның бәрін өзіңнен кем санасаң – онда нағыз хайуанның өзі болғаның.

Ал өзіңді өзгелерден кем санасаң - адам болудан әлі де үмітіңнің болғаны.

Егер өзіңді өзгелермен тең санасаң – хайуандықтан кетіп, адамдыққа жеткенің, онда жеріңе – тұтқа, еліңе – тұлға болуға толық мүмкіндігің бар!

Сәтін салсын!

Түйсік

Сүйкіміңнің кеткенін білу - өте ауыр жағдай, ал сүйкімсіздігіңді сезбеу – қасірет!


Тілек

«Жасасын!» - деп жүрiп келешегiмiздi «жасай алмайтындарға» жасаттық, ендi жасай алатындар жасасын дейдi. Е, жасасын! – деймiз. Жасасын!

Деп «жасасындатып-ақ!» - жатырмыз. Жасаймыз ба, жоқ па? Жасата ма, жоқ па? Жасай ма, жоқ па, кiм бiледi?

Әйтеуiр, игi тiлеу ғой: «Жасасын!» - дейiк! Жасасын! Бiрақ: «жасасындатпаса!» екен!


Мінездеме
Сөзi ұсақтың өзi де ұсақ.

Күдер
Iстi бастауын бастап алып, оның аяқталуына көзi жетпеген адамнан күдерiңдi үз, бәрiбiр, түбiнде одан бәтуа шықпайды. Оған iстеген жақсылығың - құмға құйған сумен тең. Өйткенi, iсiңде еш нәтиже жоқ. Ал, iстiң нәтижесiн көңiлiмен көрiп, бiрақ қалай бастауын бiлмеген адамға – көмектес, ол түбi мұхитқа барып құятын бұлақтың көзiн ашқанмен тең. Себебi, оның алдында мақсат бар.
Үлгi
Даналардың – өзi үлгi емес, сөзi – үлгi. Өйткенi, данышпандар ешкiмге бағынбайды, ешкiммен есептеспейдi, өзiнiң дегенiмен өмiр сүредi. Олар тек ақиқатқа ғана жүгiнедi. Сондықтанда олар қоғамның пiкiрiмен санаспайды, айналасымен үйлесiп тiршiлiк етпейдi. Сезiмiне билетедi, нәпсiсiне тыйым салмайды. Бойын да күтпейдi. Оны түсiну қиынға соғады, ал ол түсiнiктi болуға тырыспайды да. Ойына не келсе – соны iстейдi. Гете де, Толстой да, Абай да, Ганди де солай. Ал, олардың өмiрiнде былайғы жұрт үлгi тұтпақ түгiлi, дауыстап айтуға именетiн қаншама түсiнiксiз, жұмбақ оқиғалар өттi десеңiзшi?!.

Ұлылардың өзi үлгi, сөзi үлгi емес. Себебi: даналар – болмыстың нысанасының (высокая идеяның), тағдырдың және түпкi сөздiң иесi. Ұлылар – сол сөздiң мағынасын түсiндiрушiлер, уақытына қарай үйлестiрушiлер, заманына сай жаңғыртып, оны өмiрге бейiмдеушiлер.

Даналардың ғұмыры – мұқым бiр дәуiрмен (эпоха), ұлылардың өмiрi – уақытпен, ғасырмен, кезеңмен (период) өлшенедi. Дананың жұмбағын шешкенi үшiн де ұлы! Сол үшiн қаншама ақыл-ой, зейiн, еңбек жұмсады десеңшi! Дәуiр мен дәуiрдi, дана мен дананы салыстырып барып шешiмiн адамзаттың игiлiгiне жаратты! Сондықтан да ол – ұлы! Пушкиндi түсiнген – Лермонтов, Толстойды түсiнген – Достоевский, Абайды түсiнген – Әуезов, Гандидi түсiнген – Неру ұлы!

Ұлылардың – даналыққа құштарлығы мен құрметi, соларды түсiнуге ұмтылған құштарлығы үлгi.

Ал ұлыларды түсiнгендер мен түсiндiргендердi – тұлға деу лайық.

Даналарға – табынасың! Сөзсiз табынасың және табындырады! Әйтпесе, ол – дана емес.

Ұлыларға – тағзым етесiң! Тағзым! Тағы да тағзым!

Тұлғаларды – мойындайсың! Мойындамағансуға да болады, бiрақ, түбiнде еңбегi мойындатады. Олардың артында қалатын да сол еңбегi!

Дана – тағдырдың өзi!

Ұлы – тағдырдың жазымшысы!

Тұлға - қызметкер!
Сыбаға
Сенiм – даналардың,

Күдiк – ұлылардың,

Шындық - тұлғалардың сыбағасы.


Тірі өлік
Байлығыңды жоғалттың ба – ол тек қана орынсыз жұмсаған шығының! Арыңнан айрылдың ба – онда бәрiнен жұрдай болғаның! Намысыңды жоғалттың ба – онда ештеңенi iздеп, еш нәрсеге өкiнiп әуре болма! Өйткенi сен ендi тiрi өлiксiң!
Ескерту
Сен - қусың, бiрақ сенен де өткен қудың қуы барын ұмытпа!
Жөн сілтеу
Дос iздеме, досыңды iзде!

Өлшем
Жомарт – аз бергенi үшiн қиналады,

Сараң – көп алмағаны үшiн қиналады.


Өзгеріс
Астафир – алла! Мынаның бетi де қарын боп кетiптi-ау!
Тілеу
Тiле! Тiле де iске кiрiс. Тiлеуiңе жетесiң!

Тiле және тiле! Тағы да тiле! Бiрақ iске кiрiспесең – тiлеуiң кесiледi.


Құдірет
Махаббаттың құдiретi - құштарлықта.

Емеурін
Ойшыл боп көрiнгенше, әуелi ойлап көрсеңшi.

Мүдде

Тарих оқулығының мұқабасына: «Мұнда шындық жоқ, тек мүдде ғана бар» - деп жазар едiм.

Өйткенi: «Тарихтың бетiне: «Ештеңе жасырып қалмаймын» - деп жазар едiм» - деген Толстойдың мүддесi түгел болатын. Барлық тарих тек қана сол заманның мүддесiмен ғана жазылады.
Мәңгілік ғайып
Өткен – өттi, ендi қолға түспейдi, келешек – алда, оның дидары бiзге елес қана, бүгiнгiмiз – өзiмiзге де белгiсiз. Сонда дүниенiң шын келбетiн қашан көремiз осы?!.

Орындалмайтын өсиет
Шын өнер адамды боламын десең, оның үш қағидасын бұлжытпай орында: бiрiншi: айтарың болса да – үндеме; екiншi: айтарыңды айтқың келсе де – үндеме; үшiншi: айтар ақиқатың ашындырып, iшқұста етсе де – үндеме. Егер осы үш шартқа шыдасаң, өнердiң бойыңа қонғаны шын болса, буып тұрған құдiреттi бiр тылсым күш сенiң еркiңсiз-ақ жанартудай атылып шығады. Ол ешқандай қағидаға да, ақылға да, тыйымға да қарамайды. Сенiң өзiңе де бағынбайды. Тек, қуат-күшiңдi шашып, төкпей орнымен жұмсап, бағыттап отыр. Бiрақ, үндеме!

Өнердi құртатын – сөз!



Ауысқан ағза
Ол қарынымен тыңдап, қимасымен қорытады.
Қашықтық
Ең ұзақ әрi ең мағыналы, ең қиын және ең оңай сөз - «Иә» мен «Жоқ» деген сөздер. Кейде осы сөздi есту үшiн өмiр бойы жол жүруiңе тура келедi.
Орындалмайтын мойындау
Қателiгiмдi көзiңше айтып, сынаған адам – әкеммен тең; жақсылығымды сыртымнан айтқан адам – досыммен тең; қателiгiмдi сыртымнан айтып, көзiмше мақтаған кiсi – дұшпаным.
Сатқындық
Қабiлетiң мен талантыңның мүмкiндiгiн пайдаланбау – азаматтық сатқындық.

Мәселенки...
Ала аяққа екi өмiр берiлсе – екеуiн де аталап бiтiрер едi.

Ақымаққа екi өмiр берiлсе – бiрiнен-бiрiн сорақы етiп өткiзер едi.

Ақылдыға екi өмiр берiлсе – сөзсiз бiреуiнен бас тартқан болар едi.
Қысыр сөз


  • Осы сенiң ақылың бар ма?

  • Бар.

  • Әй, қайдам, соған күдiгiм бар.

  • Неге?

  • Өтiрiк айтып тұрғаныңды бiрден түсiнуiң керек едi ғой.


Ырыздық
Ұлылық - көпке,

Даналық - жалғызға бұйырған.



Сұғанақ
Бақытыңды өзгемен бөлiсе жүрiп бақытқа жетуiң мүмкiн, ал өзгенiң бақытына қол сала жүрiп бақыт таба алмайсың.
Деңгей
Таланттың бақыты – талантсыздардың ортасында өмiр сүргендiгiнде. Өйткенi талант иесi:

  • өзiнiң талантсыздардан биiк екенiн, артық жаратылғанын, оларға тәуелдi емес екендiгiн үнемi сезiнiп, емiн-еркiн қаймықпай, кеудесiн тiк ұстап жүредi;

  • талантсыздардың күйкi тiрлiгiн көрiп, сондай төмен, пасық күйге түспеуге тырысады, ол шектен аттамайды;

  • тек өзi тектес таланттылармен ғана бәсекеге түседi.

Ал талантсыздардың соры – таланттылардың қасында күн кешуге мәжбүр болатындығында. Олар:

  • үнемi таланттылардың алдында жасқанып, бүгежектеп, кiрiптар күйде қысылып-қымтырылып жүредi;

  • қалайда таланттылардың дәрежесiне жетуге тырысып, сұрқайы, деңгейлi ортаны қалыптастыруға ұмтылады;

  • сол үшiн өзi құралыптас тыраштар мен пысықтарды жиып, тобыр құрады және олар тез тiл табысады.

Жалпыға ортақ сұрқайы деңгейге жеткен талантсыздар – бақытты әрi қауiптi.

Ал таланттылардың талантсыздардың шырқау деңгейiне дейiн құлдырауы - қасiрет!

Одан да үндемегенi дұрыс, сөйтiп ол өзiне де, қоғамға да, келешек үшiн де үлкен құрмет көрсетедi.
Тәрбиесіз

Талант – тәрбиемен келмейдi.



Төзім
Еңбекқор, ұқыпты, табанды, бiрақ талантсыз адамдар – жегiн атпен тең. Олар ауыздығымен арпалыспайды, дәртенi теппейдi, жаңа жол да салмайды, ескi тақтақ жолмен аяңдап отырып-ақ жетер жерiне жетiп тынады.

О – о! Қандай iш пыстырарлық өмiр десешi!


Күйдіргі

Күйбең тiршiлiктен – күйкi ой туады.


Фәни мен бақидың жолы

Өмiр – салбурын.



Балалық шақ - түлеуiң: баулыған, жаратылған, үйретiлген, яғни, тәрбиеленген шағың. Көресiң. Көңiлге түйесiң. Дәмiн аласың.

Қансонар түнiң – бозбала шағың: ертең қансонар, ертең салбурын, ертең сенi әлi iз түспеген аппақ өмiр күтiп тұр. Бәрi – жұмбақ, бәрi – тамаша, бәрi - қызық. Таң қараңғысында салбурынға аттанасың!

Қағушы – жалғанның түлкiсiн қуған жастық шағың. Ол - қашады, сен қуасың. Шабыттың буы бойыңды шым-шымдап жайлап, буып әкетiп барады. Аңғалсың. Жомартсың. Бозбастаусың. Сондықтан: - үйiрiмен үш тоғыз!, - деп олжаны үлестiрiп жатқандарға мәзсiң! Өзiм олжасыз қаламын дегендi қаперiңе алмайсың! Сөйтiп жүрiп ауызданасың!

Қызылдау түнiнде - қырдың қызыл түлкiсiне де, ойдың ор түлкiсiне де, таудың тарғыл тағысына да қырғидай тиiп, алып та жығып, iлiп те түсiп, қағып та түсiп, ешқайсысын талғамай, таңдамай бәрiн бауырыңа басасың! Етек-жеңiн сағал-сағал, қызыл ала қан! Сені ешкiм де сөкпейдi! «Үйiрiмен үш тоғыз!» - деп өзiң қуанып, әуелi өзiң аласың! Бұл - қызылшыл жiгiт шағың.

Қайран, жиырма бестоят түнiң - қырдың қызыл түлкiсi де, ойдың ор түлкiсi де таң емес, таңдағаныңды қалаған сәтте жайымен барып аласың, жан – жағыңа қалауыңша: «Үйiрiмен үш тоғыз!» - деп олжаңды жөнiмен бөлiп бересiң. Тек ендiгi жерiк олжаң – көкжал! Көңiлiң арыстан мен жолбарыста. Анда-санда оның да қапысын табасың! Көңiлiң тоят тауып, риялы бiр күй кешесiң. Тоятың толық, құмарың емiн-еркiн қанған жiгiт шағың. «Қанды көз, май жеп алғыш» (Бiржан) кезiң!

Тоят - қырдың қызыл, ойдың ор, таудың тарғыл түлкiсiне қағушыларды жұмсап, көңiлiң байырқалағанда бүркiттi бiрде үлкенге, бiрде кiшiге ұстатып – олжа салып, көкжал мен жолбарыс аулағанда ғана кезегiңдi алып, өзгелердi иiрiп, олжаны: «үйiрiмен үш тоғыз!» - деп үлестiрiп берiп, әркiмнiң құсын мақтап-сынап, әр нәрсенi еске түсiрiп, анда-санда өзiң де қызылдап қоятын жiгiт ағасы шағың бұл!

«Үйiрiмен үш тоғыз!» - деп олжаны өзгеден бұрын өз қанжығаңа байлайтын өзiмшiл шағың - түлкiнiң ым-жымын, көкжалдың – апанын, жолбарыстың қамыс-қопасын, қоянның жымын, бүркiттiң - бабын, жiгiттiң әуселесi мен дәмесiн – бәрiн, бәрiн бiлесiң. Тоят басылған, бiрақ ләпсiң мен нәпсiңнiң қызуы басылмаған, саятшылсың, бiрақ, өзiң аң қақпайсың, сен – ақыл иесiсiң, айлашылсың. Олар сондықтан олжаларын алдыңа әкеп тастайды. Сен: «Үйiрiмен үш тоғыз!» - деп әуелi өз қанжығаңа байлайсың, содан соң тоятшыға байлайсың, одан қызылшыға, одан қағушыға, одан қансонарға, одан тастүлекке – деп олжа үлестiресiң.

Қос иесi – сенiң тiлеуiң – аңшыларда, ошақтың үш бұтын ұстап, түтiн түтетiп, қазаныңды қайнатып қоста отырасың. Сыбағаң – саятшылардан. Арқар ма, тау ешкi ме, қоян ба, кiм бiлсiн. Саятшылар дуылдасып келедi. Сен қазаныңды қайнатып отыра бересiң. Сен үшiн оның бәрi таң емес. Бәрi де бастан өткен. Есiне түскенде есiркеп, қызылшы мен тоятшы не үш тоғыз – әуелде қызығып, артынан одан да қызылына кезiгiп, басы артық боп қалған ақшулаң тисе – сен үшін олжаның үлкенi сол! Одан арғыға өзiңнiң де қауқарың жоқ!

Бөктергi – сен үшiн салбурын бiттi, ендi олжаңды - қу жаныңды бөктерiп, батыс жақтағы төбенiң басына шығып, қоржын-қопсыңды дайындап қоясың. Қай күнi не төмпешiк боп, не төрт құлағың тiкiрейтiп шыға келедi екен, кiм бiлсiн. Артыңа бұрылып қарайсың: сол өзiң өткен салбурын жолы көрiнедi...

Әне, қансонардың таңы атып келедi.

Әне, тастүлектер талпынып, қағушыларды шығарып салып жүр. Олар қызылшылардың соңына ердi. Қызылшылар... тоятшылардың соңынан ердi. Тоятшылар...

Үштоғызға сәлем беруге төбеге шығып барады. Үштоғыз...

Қос иесiне беттедi. Қос иесi...

Бөктергiге, бұған беттеп келедi.

Бұл – еңiске қарай жүрдi. Мәңгiлiк түнектiң көлеңкесi етегiне үйiрiлдi.

Әне... Фанидiң таңы атып, бақидың күнi батып барады.

Салбурын – тiршiлiк те осымен аяқталады.
Нүкте
ХХ ғасырдағы «адасқан ақылдың» алыбы Виктор Шкловский: «Молада өлгендер ғана жатады деп кiм айтты?» - деп таңдана шамырқанады.

Шынында да, ол молада өмiр мен тағдыр жатыр емес пе? Мола - өмiрдiң ұясы, адамның жер бетiндегi әрекетiне қойылған соңғы нүкте.


Шүйке
Жүйелi сөз – жүйесiн табады,

Жүйесiз сөз – иесiн табады.

Дұрыс айтылған сөз.

Адамның ойы да шүйке жүн сияқты. Тыйымсыз түте берсең түтесi шығып, түкке айналып, iске алғысыз боп, иiруге жарамай қалады.

Ұршығын тапқан ой – есiледi, ширайды.

Ұшығын тапқан ой – байланады.

Жүйелi ой – жүйесiн табады,

Жүйесiз ой – иесiн табады.

Яғни, Абай айтқан: «Ұлып жұртқа қайтқан ойдың» өзi болып шығады. Дулат ақын:

«Бұзауы өлген сиырдай,

Мөңiреп жұртқа қайтқан ой», -

деп бейнелеп айтқан «ой» да осы.


Қылтыңбас

«Егер онда мидың бар екенi рас болса, сәскеге жетпей-ақ ерiп кетер едi» (Сервантес).

Әй, Дон-Кихот-ай! Сен миыңның аздығынан мазақ болып жүрген жоқсың, сол құрғырыңның мүлдем кеуiп қалғанынан рахат тауып жүрсiң-ау!

Ал қауағының iшi бос екенiн бiле тұра, топ арасынан басын қылтыңдатып шығарып, мойнын соза беретiндер неден дәметедi екен дешi?!.


Шадыр

«Аң шадырын оқ қағар!» - дейдi. Ал адамның шадырын не күтiп тұр?

Мысалы, мына менi?..

Қадыр түнгi ой
Адамның iшкi жан дүниесiнiң қылын басып, «өң мен түстiң» арасындағы көңiл-күйiн «сана сандырағы» (поток сознания) арқылы берген Хх ғасырдың «ақыл ой иесi» деп аталып жүрген жазушылардың – Стринбергтiң, Прусттың, Кафканың, Джойстың, Камюдiң, Сартрдың көркемдiк түйсiк жолы мен өмiр жолын саралап, салыстырып, суық ақылмен пайымдап шықтым. Түсiнген емес, түйсiнгенiм мынау:

І. Бұлардың барлығы да балалық, жастық, жiгiттiк шағында тағдырдың талқысына немесе жүйке шалығына ұшырағандар екен. Өмiрге өш боп туған. Өмiрдi азап деп түсiнген. Рухани жетiмсiреп өскен. Үй-iшiнде, жеке басында не қоршаған ортасында психологиялық қағажау көрген. Өздерiн өзгеден кем санаған, қорланған. Мәселен:

«Сана сандырағының» бастаушысы және кейiнгiлерге үлгi болған швед жазушысы Август Стринберг (22.1.1849 – 14.V.1912) – бiлiмге сонша құмар болған, онысы кейде орынсыз тыраштанған дәрменсiздiң бейшаралығын елестеткен. Өзiне түкке қажетi болмаса да қытай тiлiн үйренуге тырысқан, пәленбай тiл меңгерген. Жан дүниесiндегi кiлтипан – әкесi аристократ, шешесi - үй қызметшiсi болған. Шешесi үшiн бала кезiнен «қорланып», еркектердi – әйелдерден, ақсүйектердi – қарасүйектерден жоғары қойып, көзге түскiсi келген. Шешесiн кемсiтiп «Қызметшi» деген роман жазған. Өмiрлiк нысанасы:

1. Өмiрдiң, еркектердiң жауы – әйел.

2.Дүниенi билейтiн - «қаракөктердiң» тұқымы, өзгелер – масылдар.

3.Әйел ол үшiн: «өзiн – өзi танымайтын безерлер», «түйсiгiнен түлен түрткен қылмыстылар, не iстегенiн өзi де түсiнбейтiн зәлiм жәндiктер» - «не сознающие себе негодницы, инстинктивные преступницы, злобные твари, не ведающие что творят» («Слова безумца в свою защиту»).

Негiзiнен пьеса жазған. Көзiне жастайынан қос көрiнiп өскен (Мания преследования. Мания величия. Галлюцинация). Тырысқақ. Ұрысқақ. Әйелiмен (актриса) өмiр бойы жанжалдасып өткен. Сана сандырағын, «сана ағымын» алғаш рет шығармасында қолданған. Шығармалары: «Қызметшiнiң баласы» (1886-87), «Әке» (1887), «Дамаскiге барар жолда» (1898), «Қияли ойын» (1902), «Елестер әуенi» (1907), «Жалғыз» (1903).

Осыған елiктегендерден екiестi шығармалар туған. Соның бiрi...

Пруст Марсель (1897-1922) – шала туған. Шешесi бай еврейдiң қызы. Өзi он жасынан демiкпеге ұшыраған. Тәнiнiң мүгедектiгi – жан мүгедектiгiне ауысқан. Үйкүшiк боп өсiп, кiтап оқумен өткен. Дүниенiң қимыл қызығын еркiн көрмеген. Демек, кiтаби өмiр мен қияли өмiр сүрген. Тәркi дүниеге ұрынуы да сондықтан.

Шығармалары: «Жұбану мен күндер» (1896), «Сенбевқа қарсы уәж» (1907), «Жоғалған уақытты iздеу» (1908-1922). 1922 жылы көктемде қызметшiсi Селестр Альберенi шақырып алып:«Бүгiнгi түнде ұлы оқиға болды... Бұл – ұлы жаңалық. Мен бүгiн «аяқтадым» деген сөздi жаздым. Ендi өле беруге болады» - деген екен. Айтқанындай, 1922 жылы 18 қараша күнi суық тиiп өлген. Өзiнiң өлгiсi келген.

Әдеби нысанасы - «iшкi жан дүниемнiң менi» - «внутреннее «я». Оқиға да, ой да, баяндау да, диалог та соған құрылған.

Кафка Франц (1883-1924) – австралиялық еврей, Прагада тұрған. Шешесi бай еврейдiң қызы. Кейiн кедейленген. Өзi «Талмудтың» ықпалымен өмiр сүрген. Барлық еврейлер үшiн қатты күйiнген. «Шық тимес Шығайбайдың» өзi болған. Жүйкесi бала кезiнен тозған. Бөлмеде өзiн-өзi кемiре берген. Бiр де бiр шығармасын аяқтамаған. Құрдымға кеткен қайғының ұшынан ұстап, соңынан ерген.

Әдеби нысанасы – абсурдтан ақиқат iздеу, «сайқымазақ мазмұн», «кейiпкердiң сана сабылысын авторлық түсiндiрусiз жалаң бейнелеу», өмiрде болмаған және болмайтын аксиоманы болды деп қарапайым суреттеу.

Джойс Джеймс (1889-1941) – ирландияның ұлт-азаттық көтерлiсi буырқанып, патриоттардың өзi бiрiне-бiрi саяси қысым жасап, өлтiрiп, протестанттар мен католиктер өзара қырқысып жатқан кезде туған. Дiни қайшылық Джеймстiң от басында өшiге өршiген. Әкесi мен шешесi (католик) қырғи қабақ болғандықтан да дiни ерегес Джеймске әсер еткен. Әке-шешелерiнiң әрқайсысы өз дiнiне тартуға тырысқан. Ақыры бәрiнен безiп, шет елге кетедi. Сол қырысты балалық көңiлiне өшпейтiн көлеңке түсiрген. Үнемi өзiн-өзi жегiдей жейдi, оқырманның да миын кемiредi. «Улисс» те әйелiмен қырғи қабақ жүрген Блумдi жас жазушы Стивен өкiл әке ретiнде қабылдайды. Басынан сипағанды жаны жақсы көредi. Жазғандарының барлығы да – балалық, жастық шағындағы жүйкенi егеген көрiнiстер. Көзi нашар көрген. Кейiн су қараңғы болып қалған.

Әдеби нысанасы – тартыс және өмiр, сананың тартысы, екi түрлi ойды қатар, сөз ауыстырып, сөйлемдердi кезектестiрiп, ойды ашып айтпай, тыныс белгiсiз тiзбектей беру.

Камю Альбер (1913-1960) – француз, шешесi испан қызы. Әкесi бiр жасқа толғанда өлген. Шешесi Алжирде күтушi болып iстеген. Өзi туберкулезге шалдыққан. Өмiрден өзiн-өзi шеттетiп өскен. Кафкаға елiктеп жазған. Мұнда «сана ағымынан» көрi жазмыштың зауалы деген жүйе басым. Кафканың рухын, стилiн алған. Өзгелерге қарағанда бұл түсiнiктiрек. «Оба», «Жат» атты туындылары символ (емеуiрiн) арқылы адамзатқа төнiп келе жатқан қатердi бейнелеген. Философтар бұған ерекше назар аударады. Жалғыздың ақылы, ақылдың адасуы деген терминмен түсiндiредi. Автомобиль апатынан қаза тапқан.

Сарт Жан-Поль (1905-1980) – бай отбасынан шыққан. Адамның сана ағымын пәлсафалық тұрғыдан зерттеген философ. Елiктеуден барып Пруст пен Кафканың тезiне түскен. Ұстағаны – тәркi дүние. Стринбергтi ең ұлы ұстаз деп санаған. Алайда «Сөз» (1964) атты повесiнде өзiнiң өмiрлiк жүйесiнен айныған. Бас тартқан. Нобель сыйлығын берсе де алмаған.

Әдеби – пәлсафалық нысанасы «болмыс менiң iшiмде», «болмыс мен үшiн», «болмыс – менен тыс». «Жалғыз ғана шындық - менiң өзiмнiң ғана өмiр сүруiм», «еркiн болу дегенiмiз – өзгеруге еш тыйымның болмауы», «бiз еркiн өсудi таңдап алмаймыз, бiз еркiндiк үшiн туғанбыз».

Ал ендi осы бесеуiнiң негiзiнде дүниеге келген әдебиет – ерiккендердiң әдебиетi ме? Ақыл азабы ма? Талант қырсығы ма? Жоқ, жаңа ойлау жүйесiне салынған жол ма?

Бәрi де бар.


Астарлы аударма
Н.В.Гогогльдің «Өлі жандарындағы» мына тіркестерді астарлап:

«...Начннуть гладью, а кончат гадью» дегенді – «...қылымсып бастап, қылмыспен аяқтайды».

«Много разное значит у русского народа почесывание в затылке» дегенді – «желкесін қасыған орыстың ойында жетпіс жеті айла бар»- деп аударуға да, солай түсінуге де болады.
Абырой
Абай: «Ойнасшыл қатын болса қар, аңдыған ерде қала ма ар», - дейдi. Егерде күйеуi қаза тапқан қатын болса ше? Сонда әлгi салдақыға тыйым салуға тырысқан дос-жараннан да ар кете ме? Солай-ау, тәрiзi. Аңдымайтын жердi аңдып абырой тапқан азаматты көргем жоқ.

Мысалы менің өзімнің бүгінгі һалім тура соны дәлелдеп отыр емес пе?


Тылсым
Бұл бес ай уақыт ішім өртеніп, рухым жасып, өзімді-өзім кемірумен өтті. Түңілдіретін ешқандай сыртқы, ішкі әсер болған жоқ. Тіпті, жүрегімді кеміре-кеміре тауысып, тамырыма тіс салғандаймын. Ақылдың өзі ашып, қайрат-жігер дәрменсіз тартып, ішкі қуат суалғандай. Менің – дүниеде, дүниенің – менде қатысы жоқтай. Белгісіз түңіліс пен шарасыздық, мағынасыздық пен қажетсіздік, өзіңді барлық жерде артық және керексіз сезіну, үйіңе, досыңа, туысыңа, дұшпаныңа, күндесіңе, әріптесіңе, сұлулыққа, қылыққа, қатыгездікке, қайырымға бейқам сары уайым (глубокая тоска) билеп алған.

Бұл не?


Торығу ма?

Оның себебі не?

Тылсым тыныштық адамды тұншықтыратын құрдым емес пе, осы. Тылсым деген сөздің өзі ауасыз кеңістік қой. Ендеше сол тылсымға түсіп кеткенім ғой. Ал, сонда оған Ақыл, Тән, Рух неге қарсылық жасамайды? Мен мұны табиғи үйлесімділік, әлгі үшеуі де қажыған – мүжілген – тозған, жалыққан, мәйегі мен күресу мүмкіндігі таусылған екен деп түйсіндім.

Түйсіктің маған сездіргені сол ғана.

Тылсым құрдымның түбінен де тітіркенбедім, арттағы фәни жалғанның жарығына да өкінбедім, тек торыққан көңілдің тұңғиығына жайлап қана еш өкінішсіз, тіпті жұбаныш тапқан күйде бата бердім.

Кайф!


Иә, алғашқы үш айда жеңіл шараптан бойы балқып, сызылып қана ақырын естілген қоңыр әуенді тыңдап, кеудеңді құмыққан сағыныш қана сыздатқан қалыпта сары уайымның түбіне қарай қалықтай шома бердім.

Түйсік – тітіркендірмеді. Ақыл да ес жоқ. Тән – дел-сал. Қайрат – қарсылықсыз. Бірақ мұқым ғалам – сенің миыңның ішінде, санаңда, кеудеңде. Сен соның ішінде ұшып жүрсің. Алланың ауылын аралап жүрген сияқтысың. Сен үшін оның Тоқсан тоғыз сипатының бәрі анық. Дидарын кейде елестетесің, кейде тура соған бет алып бара жатасың, кейде дидарын алыстан көріп қаласың. Мұндайда құрдымның бетіне – жалғанға қарай кері көтерілгендей, Алладан алыстағандай боласың! Көзіңді ашып алсаң – мәссәған – алдыңда-

Мына! Дүние!!! Тұр!

Ал сен бұл дүниенің түбін көріп қойған, түңілген, мағынасыздығын баяғыда (!) түсініп қойған пендесің ғой. Жаратушының бұл дүниеге жіберген қонағы едің ғой. Дәм таусылып, ризалық бітіп, тек Алланың нұрынан сусындау үшін Мәңгілік Мекеніңе – Мәңгілік Тыныштыққа бет бұрмап па едің? Әлде қабылдамай қойды ма? Демек, күнәһар болғаның ғой!

«Қай қылығы татиды сұм өмірдің», татуды – араз, жақынды – жат қылырға?!! (Абай).

Тоқта!


Сонда бұл сарынды торығуды Абай да басынан кешкен екен ғой! О, жарықтық!

Осы ой басыңа келгенде – кайф та бітеді.

Түйсік – тітіркендіреді. Ақылға – саңлау, қайратыңа - қимыл кіреді. Тәнің еріксіз тіріледі.

О, о!


Әлгі Торығу – Торығу ма, әлгі Шарасыздық – Шарасыздық па, әлгі Мағынасыздық – Мағынасыздық па! Бағана бір бағытта қалыппен ғана тылсымның құрдымына батып бара жатсаң – енді жаныға батасың! Оңға да, солға да, жоғары да, төмен де жанталасасың!

Не артта қалған Фәни – Жалғанның,

Не алдағы Бақи – Мәңгілік Дүниенің

не:


Атаңды Анаң азғырып,

Әкелді Сені Кейіске, - деп Абай айтқан:

Мына Кейіс – Дүниенің (ит тіршіліктің) бейнесі мен белгісін көрмейсің!

Қайдан келдің, есінде жоқ!

Қайдасың? Білмейсің.

Қайда барасың?

Белгісіз.

Бағанағы түйсіну мен сезіну, елестің бәрі ғайып болған.

Сен ешкім де емессің, түсінесің бе, ешкімде!

Әне, құрт екеш қылғұрт та - өзінің қылқұрт екенін, боқтықты күресінді іздеп бара жатқанын, без терумен күні өтетінін біледі. Ол сол боқтықтың өзінен мағына іздейді.

Ал сен ше?

Бұлдайтын, бұлданатын, бұлдандыратын қандай күйінді ісің бар өзі.

Мына дүниеге келуіңе сенің ешқандай үлесің жоқ. Немене сонда, Омар Һаям айтқандай: «Белдегі сұйық едік бірер тамшы, жаралдық ләззат оты болып қамшы», -дегің келе ме? Әлде, Алланың шапағаты демексің бе? Неғып аяқ астынан Алла аузыңа түсті. «Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек» - деп Абай айтқандай, тіршілігіңде бір өсиетін орындап, есіңе алып көрмеген Алла – Тағаланы ауызыңа алма. Қыздың, қызықтың, қымыздың дәмі татыған соң ғана Алла есіңе түсіп тұр-ау, бәтшағар!

Алланың атын атама! Бұрынғы күнәң аздай, тағы бір күнәға батқың келе ме!

Дүниеге не іздеп келдің? Иман ба іздегенің? Ей, саған түсіп қалған қайдағы иман?! Иманмен жаратылсаң да имансыз боп өмір сүрдің емес пе. Әлде, Тәубәңа енді келдің бе? Қой, сенің Тәубәң - Тәбетіңде екенін ұмыттың ба? Сырт айнала беріп, сылқылдатайын деп тұрсың ғой.

Ашпа араныңды: енді ашатын болсаң – құм құйылады өңешіңе!

Не қалдырдың соңыңа. Жұбанышың не өзі? Сөз дейсің бе. Пәлі, «Сөз өнері - дерт» демеп пе еді Абай. Ендеше, мына фәни – жалғанға, тыныш жүрмей, дерт таратып кеттім десеңші! О, қумүйіз!

Алланың ақ сөзіне араласпа және Жаратқанның жарлығына исінбеген пенденің кеуіп қалған көнін сен жібітемін деп отырсың ба? Үй – и, қырт сол.

Артың да – тұйық, алдың да – тұйық, асты-үстің де - тұйық. Сен Шарасыздықтың тұңғиығындасың! Өйткені сен –

Ешкім емессің!

Түк емессің дедім ғой, миғұла, түк емессің!

Ғайыптан келдің. Ғайыптың шарасыз белгісі боп өмір сүрдің. Ғайыпқа кетесің!

Кеткенде де тыныш кетпей, мына дүниені:

Көрдік қой дүние дейтін иттің көтін,

Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.

Ойлы адамға дүниеде түк қызық жоқ,

Көбінің сырты – бүтін, іші – түтін, - деп қарғап кетесің ғой.

Тоқта! Торығу мен Шарасыздықтың осы сатысынан Абай да өткен. Бұған қарсы – Түйсігің де, Ақылың да, Қайратың да, Тәнің де күресуге дәрменсіз.

Егерде, табиғат маусымы екі рет ауысқанда өзіңе өзің келе алмасаң, Шарасыздық көңіл-күйден арылмасаң, Тәнің – жер, «Ақылың – кермек, Ойың – у», Қайратың – көмір татып тұрса, сергімесе – Онда... Онда ма, онда... Ендігі ырыздығың

- У -

ғана. Сананың уы ма, тәніңнің уы ма, өмірдің уы ма, үміттің уы ма, бәрі бір. Алдыңда:

«Мен келмеске кетермін түк өндірмей!» - дейтін «Абай жолы» ғана қалады!

Ал ондай шарасыздыққа Абай сияқты ақылдың азабын шеккен даналар ғана шыдайды. Ал сен сияқты дәрменсіз пенденің пешенесіне Лау – хул – маһ – фузда жазылғаны –



Каталог: repository -> history
history -> Методика диагностики основных параметров психического состояния тестом люшера
history -> Тұрсын Жұртбай: Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді
history -> Ііі том: талқЫ Үшін пайдаланылған әдебиеттер тізімі
history -> Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор
history -> Байғали Досымжанов
history -> Қазақстанды қуатты мемлекет ету барысында бүгінгі қазақ зиялысының да арқасында ауыр жүк тұрғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі интеллигенция өзінің мойнына жүктелген ұлт сенімін қаншалықты ақтай алып отыр?
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Абай мектетебі
history -> Файл: Абай жолы «Абай жолына» 70 жыл
history -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет