Екінші бөлім Ғазали ғибыраттары



бет7/17
Дата18.04.2016
өлшемі3.19 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17

24.07.07 ж.

Бұдан әрі майжол – асфальт. Екі күнгі «әншілікті» қойып, қалғып кетіппін. Қалғып емес, қалың ұйқыға басыппын. Көзімді ашсам... Айнала көк жасыл, жусанның иісі бұрқырайды. Таң сібірлей атып келеді. Екі жолаушы (монғолша жүргізушіні солай атайды) анадайда көк шөптің үстінде көсіліп тұрып ұйықтап жатыр. Үш күнгі жолдан, шөлейттен, құмнан кейін мынау салқын бел, жасыл жер, самал жел жұмақ сияқты көрінді маған. Сөйтсек, бұл Қаңғай үстіртінің нағыз өзі екен. Қарақорым, Ордабалық, Күлтегін мен Білге қағанның ескерткіші тұрған Хошо – Цайдам, Орхон өзені – Түркінің жер ұйығы - Өтүкен қойнауының өкпе тұсы екен. Сексен шақырым бұрылсақ іздеген Жиделібайсынға жетеді екенбіз. Амал жоқ, беталыс – Ұланбатыр. Алда екі жүз елу шақырым жол бар.

Түркінің кіндігі кесілді-міс дейтін- Тулу – Толы өзеніне келдік. Аялдама жасадық. Мыңғырған мал. Бес жүз метрде бір қора қой, ешкі, үйірлі жылқы, тіпті доңыз да қорсылдап Толыға бас қойып жатыр. Судың өзінен малдың шайыр иісі шығады. Бет аузыңды жууға дәтің жетпейді. Суретке түсумен шектелдік.

Көрер қызығымыз бен шыжығымыз алда екен. Луңнан – Толыдан – Ұланбатырға дейінгі жолды жөндеп жатыр екен. Жиек жолдардың шаңы жол көрсетпейді. Аспан да, жер де, көкжиек те шаңның астында қалған. Салып жатқан қытайлар екен. Ұланбатырға дейінгі көпірлердің бәріне бұзып, жаңғыртып отырыпты. Асфальтты қырып тастапты. Ал май төсеу Луңнын маңында, сонда жүз елу – екі жүз шақырым жолға кіріп шығып, шаңнын астында жүргенің... Ғарышкер Гуррагчаның ауылы жол шетінде, еңселі екен. Халық батырын сыйлағандарының белгісі. Тулы – Толы өзені тауды оңтүстікке қарай орағытып өтіп, Ұланбатырдың ортасынан өтеді екен.

Кешкі алты мөлшерінде (үш – төрт сағатта жетеміз деген жерге) қалаға келдік. Тілеуіңді бергір Қаржаубай «Өргөө» қонақ үйінен орын алып қойыпты. Кіре сала себезгіге жүгірдік.

Мұнда – Қырымбек Алтынбекұлы, Зейнолла Самашев жүр екен. Арқа-жарқа амандастық. Ертеңінде сағат екіде Орхонға жүріп кететін болып келістік, жеке көлік жалдау мәселесін Қаржаубай шешті.

Кешке Қаржау, Қырым, Сеңгіл, Нұргүл, Әминә бәріміз бірге ас іштік. Үшеуіміз біраз қалжыңдасып, қужыңдасып алдық. Қырымның ата-бабасын (төре), Қаржаубайдың отыз жыл өмірі өткен қаласындағы ойдағысы мен қырдағысын түгендеп, олар да менің түп-тұқиянымды қазып, Таян ханның алтын шаңырағына (шындығында да бар екен) қондырмақшы болып талай жерге барып қайттық.

Ұланбатыр - Боғда тауының ортасында, Тулу – Толы өзенінің бойында, ұзынынан-ұзақ созылған бір көшенің екі жағына орналасқан қала екен. Миллион адам тұрады-мыс. Маған Семейге жете қабыл «қатын» - қала сияқты көрінді. Енді ғана етегін жиып, бойын тіктеп келеді екен. Салынып жатқан құрылыстың дені қытайдікі сияқты. Ал өздері қытай десе көздері бақжаң ете қалады. Әбден жүрегіне тиіп, зәтте болған. Монғолдардың «совет одағын сағынып қарсы алуы да» сол қытайдың құрсауынан құтылудың амалы болса керек. Орыстың қолтығына тығылғаны да, әлі де тығыла бергісі келетіні сол сияқты.


25.07.2007 ж.

Ұланбаторға түнеп шықтық. Жақсы тынықтық. Батмунх атты «жолшыны» таңдадық. Жиырма екі жасар бала. Алғашқы сапары. Шақырымына төрт жүз түгірік, бұл шақырымы төрт жүз теңгеге тең. Жолдың қиындығын есептесек, арзан (Тоныкөк ескерткішіне барғанда шақырымына екі жүз елу түгіріктен төледік). Әминә (біздің қосағымыз да Қаржаубайдың қарық қыламын дегеніне сеніп қап, бізбен бірге қосақталып жүрген еді) ақша ауыстырды, фотопленканы, камераның таспасын көшірді. Мен тарих институтының лабараториясына барып, Ел- Етмш қағанның жазу тасын, Сақсайда мұздан қазылған ағаш үйдің бөренелерін, қазба заттарын көрдім. Сағат екіде шықтық. Бірден дүкендерді аралап, карта іздедім. Біреуін емес, екеуін алдым. Оның қызығын Иркутскіге жеткенше көрдік. Жерді, жолды айыруға үлкен көмегі тиді. Жазуға да серігі тиері сөзсіз. Әсірессе, өзің жүрген жердің нобайы мен жер аттарын білуге септігі зор. Жолдың жөнін білетін бір кісіні алмастырады.

Қала сыртында З.Самашевті ұзақ күттік. Кеш қарая шығып, Тулу - Толы өзенінің бойында қондық.

26.07.2007 ж.

Ұланбатыр – Қарақорым – Ордабалық – Хотын – Рашан (Арасан) – Цаған-сұм (Ақмешіт) – Хошо Цайдам – Онгии – Бұлғын - Дашилен – Ұланбатыр.

Бұл күні археолог Зейнолла Самашевтің қазақ–монғол археологиялық экспедициясымен бірге Қарақорымға бет алдық. Ұланбатырдан шыққандағы 180 шақырым жолды қайта жөндеп жатқандықтан да, Толы (Тула) өзенінің жағасына қондық. Өзен лай, лас, бас-аяғында түгел малшылар отырғандықтан да суы ішуге, не жуынуға келмеді. Судан шуаш иісі шығып тұрады екен.

Сағат таңғы 6-да тұрып шай ішіп, 7-де жолға шығып, түскі сағат 11 шамасында Көген (Когмен - ?) тауының айрығындағы Тарнын гы - өзенінің қырқасындағы қорымдағы Қаған тасты көрдік. Басы жоқ. Жоны, жағасы, арқасы тұтастай ою-өрнек. Әрине, қорым қазылған. Негізгі атрибуттары – тағантасы, қосымша балбалдар, мүсіндерден түк те жоқ. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Байыр (Баяр) Довдойдың айтуынша қорымның тасының жартысын тас жолға төсепті. Бұрын төбенің үстіндегі төбе сияқты боп үйіліп жатады екен. Әр топ өз мүддесі бойынша жұмыс жасады: суретке түсірді, өлшеді, жер бағдарын сызды. Мұндай өрнекті қағантас ешқайда жоқ екен. Тілші ғалым Нәпіл Бәзілхан маған: Көген, Көген тауы анау – деді батыс солтүстікті нұсқап. Мен: Көгман тауы осы емес пе?- деп Байырға қарадым. Ол үндемеді. Ал соның арғы шетінде Арғынаты қыраты көгеріп көрініп тұр. Қалайда жері құйқалы, қарағанды, бұталы.

Осы арадан жол екіге айырылды. Оңтүстікке бұрылғаны баяғы Арпакерге-Авайкерге тартады. Жүрегіміз зырқ ете қалды. Екіншісі Өрқанғайға апарады. Тал түсте Қарақорымға келдік. Қаланы сырттай көрдік. Ең ұлы мақсатымыз - көк түріктің астанасы Ордабалық болғандықтан да, топ жетекшісі Зейнолла ағамыз сонда барып тоқтап, шатыр тігіп, қоныс тебуді ұйғарды. Кешкі 4,30-да Ордабалыққа келдік. Алдымызда – Өрқанғай – ұлы Өтүкен тауы. Ортадағы Орхон жазығында – Ордабалық. Шығыс солтүстігі – Орхон өзені. Қарсы беттегі Қошо-Цайдамнан (жергілікті карта бойынша Тарбағатайдан) Күлтегін мен Білге қағанның ескерткіші бізге қарап тұр екен. Тек Орхоннан өткел тауып өтсек болғаны.

Қала аумағы 5+5 шаршы шақырымдай. Ұлы Орхон жазығының ортасына орналасқан. 843 жылы қырғыз бен ойғырлардың бірлескен қағанаты талқандаған. Қаланы соңғы қорғаған жауынгер – Құла Шор. Айқасқа жеті рет кіріп, ақыры жетінші атымен бірге ат тұяғына тапталып өлген.Құла Шордың сөзін тыңдамаған Тоныкөктің қызы Бүбібегім тұтқынға түсіп, Шиань қаласына күңдікке емес, күндікке жіберіліп, құсалықпен өмір өткізген. Сөйтіп, Көк түрік қағанатының құлаған, күйреген жері осы Ордабалық. Қорғанның шығыс бетінде 500 метрдей жерде биіктігі 4 метрлік құлпытас тұр. Ойғыр ханның өзіне қойдырған тасы. Түрік, ойғыр, қытай әліпбиінде «Тәңір текті Тәңірге болмыш...» деп басталатын эпитафиясын жаздырыпты. Нәпіл Бәзілхан мен түрколог Ораз Сапашев мәтінді оқыды. Жастар Орхонның жағасына шатыр тігуге кетті. Біз – «қарттар» Зейнолла, Байыр үшеуіміз қаланың орынын араладық. Серік Аман мен Мәулен Бекенов қаланың картографиясын түсіруге кірісті. Археолог Аман Оңғар да «көр көруге» кірісіп кетті. Өз істерін жатық білгендіктен де ешкімде жұмысы жоқ, бірден камералары мен өлшеуіш құралдарын, қағаз-қарындашын ала жүгіреді. З.Самашевтің экспедициясының бұл жолғы жүгінің негізгі салмағы да соларда сияқты.

Біз де қаланың үйіндісіне шығып, әр төбені бір шолып, өткен дәуірдің белгісін іздедік. Бұрын да орыс археологі Киселев қазба жұмысын жүргізіпті. Енді ол тізгінді немістер қолға алыпты. Зекеңнің - Зейнолланың жанталасып жүріп жапондар мен немістердің алдын орап шолу жұмыстарын жүргізуінің бір себебі осы екен. Мынадай алып қорғанды толық зерттеу 30-40 жылдың жұмысы, сондықтан да біріккен халықаралық ғылыми экспедиция құруға монғолдарды көндіру мақсатына шындап кіріскен жайы бар. Тікелей тарихына қатысты болғандықтан да Қазақстанның да ғылыми мүддесі қорғалуы тиіс – деген талап қойыпты.

Қаланың орыны Отырарды елестеткенімен де, мұндағы бұрынғы ғимараттардың сілемі анық байқалады. Қазына, жасауыл, бақауыл, тосқауыл, күзетші, шеру алаңы, елші қабылдау ғимараты, қағанның тақ орыны, мінәжатхана, қорғанның артындағы бегімдер қалашығы, әскер жиналатын алаң, бәр-бәрі де менмұндалап тұр. Төрдегі саздан құйылған дыңның ғана мазмұн-міндеті толық ашылмапты. Қаланың сырты – күре арықпен қоршалған. Оның сырты әскери қорған. Мұнаралардың орыны да бедерленіп тұр. Жиырма шақырым айналасы тегіс қорған төбелер. Тас балбалдар, тиірмен тастары, қабырғалардың, іргетастардың өрнектелген сынықтары аттап басқан сайын шәркейіңнің тұмсығын қағады. Сол сынтастардың қадасы көкжиекке дейін көзіңді сүріндіреді. Бұл арадан дүниенің төрт бұрышы түгел көрінеді екен. Қас дұшпанның қалай қапыда қалдырғанына таңқаласың. Бірақ, таңқалатын да ештеңесі жоқ, оны біз жақсы білеміз, баяғы сол ішкі алауыздық. Қырғыз бен ойғырдың ойран әскері қамалап тұрғанда да Бүбібегім күндестігін жасап, Білге қағанның басқа әйелден туған балаларын қорғанды қорғауға жеткізбей, желкесін қиған. Ашынған Құла Шор абыз жауға жалғыз аттанып...ажалын тапқан.

О, сорлы тағдыр! О, арманда кеткен көк түріктер! О, менің қасиетті ата-бабам!

Жұмыр жердің төрі – кешегі Өтүкен, бүгінгі Өр Қанғай екен екенсің. Жасынның әбілһаят суы – Орхон (Өр қон) өзені екенін білген екенсің. Дүниенің тура ортасы – жер кіндігі Орхон жазығы екенін білгенсің сен. Кейін ұрпақтарың Жерұйық, Жиделібайсын деп іздейтін «құтты қойнаудың» Орхон жазығы екенін де білдің. Сондықтан да сол араға Ордабалықты Орхонның жағасына салдың. Қорғаның да, қағаның да, қолбасың да мықты, жауынгерің жаугер еді. Оны да біліп, тасқа қашап жаздырдың сен. Сонда, сонда деймін-ау, арытыңның бірлігін сақтауды неге ғана білмей қалдың екен?! Деп қорғантөбенің басында назаланып тұрып...

Өтүкеннің батыс шоқысына иегін тосып, батып бара жатқан күнді көріп...таңғажайып құбылысты жаңалық аштым. Мынау шынында да ғажап қой. Қанғай-Өтүкен Азиядағы ең биік және ұланғайыр үстірт. Өр Қанғай - Өр Өтүкен соның кеуде төстігі. Орхон жазығы - өр қоныс. Күн Өтүкеннің тұмсығынан – Қарақорымнан көтеріліп шығады да, күнұзақ Өтүкеннің тақ төбесінен төніп, оныкүншуаққа малып, кешке Өтүкеннің екінші тұмсығынан - Онгин көлі тұсынан батады екен. Көлбемей, көлденеңдемей, тура жарты шаңырақты бойлап өтеді. Түнгі Ай да тура солай жарты шеңбер жасайды. Күн мен Айдың атысы мен батысын көне түріктер – көк түріктер киіз үйде отырып көз қиығымен қарсы алып, көз қиығымен ұзатып салған екен. Шығысы – Қарақорым. Оңтүстігі - Өтүкен. Батысы – Онгин көлі, солтүстігі, яғни, қарсы алды – Тарбағатай тауы - Қошо Цайдам. Қала төрт бұрыш. Оның сырты су. Оның сырты – қорым. Ол қорғанның сырты 1+1 шақырымдай тағы үлкен қорған. Үлкен қақпасы шығысқа қараған. Қыш құмыра, қыш шатыр, өрнекті тас діңгегтердің шағындылары шашылып жатыр (Әлқисса, Ордабалықтың орынын көре тұрып, оның осыдан он-он бес жылғы бұрын түсірілге суреттеріне қарағанда қатты бұзылып, қабырғалары жермен жексен тартып, биік мініжәтхананың соншама тез мүжіліп кеткеніне таң қалғамын. Оны қорған маңындағы үйездеген жылқы мен үйелеген қойлардан көріп, ішім ашыған. Бірақ күні кеше қытайлар түсірген «Шыңғысхан» фильмін көріп отырып, көне қаланың неге соншама шұғыл жермен-жексен татқанын білдім. Фильмнің бір бөлімі осы қаланың ішінде түсіріліпті. Мұнараның басына құрылыстар салыныпты. Қаланы қалың әскер шаңдатып жүр...Тарихи шындықты көрсету ниеті дұрыс, бірақ мың үш жүз жыл уақыт үкіміне шыдаған қала, миллиардтың салмағын көтере алмапты. Көз алдымызда көне қала күлтөбеге солай айналыпты. Оған кімнің қабырғасы қайысар деші?!).

Кешке көк түріктердің әруағына бағыштап қой сойғызып, қымыз сатып алып, экспедиция мүшелеріне ілтипат білдірдім. Нәпіл батасын жасап, Нұргүл қандыжап жасап, Әмина етін мүшелеп, басын Байырға тарттық. Ол монғолша өз рәсімін жасап күміс тостағаннан архи ішті.

Айлы түн. Салқын самал. Көк майса. Тынып ағатын Орхон өзенінің ағысының сырылы. Шеменденген талдардың жапырақ сыбдыры. Сарыала қаздың сұңқылы, Үйректің қиқуы. Дөңгеленіп туған Айдың төбеден себезгілеп құйылған ақ сәулесі. Қолмен басқан мөр сияқты дөп-дөңгелек көкжиек. Қанғай да, Тарбағатай да дөңгелене қалыпты. Ұйқыңды силайтын-ақ түн. Шатырдағылар тынықты. Кеудеңе үріп тартып сиғызып алатын емес. Көзіңді жұмсаң көрген түсің ғайып болатындай. Ауасын жұта-жұта, мынау ғажайыпқа сенер-сенбесіңді білмей ...ұйқыға жұтыласың.

27.07.2007 ж.

Таңсәрінің сұлуы-ай десеңші. Қарақорымнан сарғайып көтеріліп, Қанғайдың - Өтүкеннің иығына басын сүйеген ерке күн сұлу. Тағы да сарыала қаздың ссыңқылы, үйректің қанат сусылы. Жылқының дүбірі... Әуелі ақ балтырлы аспұзыл монғол келіншегі, содан кейін Зейнолла ағамыз оянды. Таңғы 8-де экспедициясымен бірге Ордабалықты тағы да көріп, суретке, бейнелі таспаға түсірдік. Әмина Зейнолла ағамыздан сұқбат жазып алды. Олар қала мен айналасын зерттеуге кірісті, біз Қарақорымға кеттік. Жолдағы ескерткіштерге таң қалдық. Біз кеше бұл араның барлығын адымдап өлшеп шыққанбыз. Снда да түгел аңғармаппыз. Шығыс қақпаның алды – майдан. Мұнара – тұтастай саз балшықтан, арасына бөрене салып құйылған. Бір қатар сары саз балшық, екінші қатар қиыршық құм балшық. Бір қабырғаның үш жерінде үлкен үш қуыс бар. Астында не бары белгісіз. З.Самашев пен Байыр профессор рәсімдік ғибадатхана дейді. Осыншама үлкен мұнараны (биіктігі мен ені 15-20 метрдей) тұтастай балшықтан құйып шығудың мәнісі не? Астында қуыс көрінеді, онда қандай да бір рәсім өтуі мүмкін. Бетбақ даладағы мәйітті уақытша сақтайтын сағаналар сияқты міндетті атқарған жоқ па екен? Мысалы, Күлтегін мен Білге қағанның денесі қашан қойылғанша (Тәңірге бергенше) мәйіті 40 күннен артық сақталды емес пе. Бұл, әрине, долбар, ебепке себеп іздегендік.

Қарақорымға бардық. Бүкіл Еуро-Азия ғалымдары орнын іздеп, қиялдаған жер. Қанғайдың - Өтүкеннің тұмсығында. Орхон өзенінің шығыс жағасы. Мұнда көне Қарақорымның үстіне ХҮІ ғасырда салынған пұтханалар сақталыпты. Қағандар соның сыртында тұрған делінеді. Зады, қытайлардың бір түннің ішінде жаппай бауыздауынан аман қайтқан,бағы тайған хандардың мүттайым тұсында тақуалар сарайдың орнына пұтхана салса керек. Бұл да жер де төртбұрыштанып салынған. Көне қала күлтөбеге айналған. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары пұтханалардың дені бұзыпты. Біразы ғана сақталыпты. Будда рәсімханасын көрдік. Суреттер мен мүсіндерден Мықан ағашы, үш өлшемді әлем, үш өмір туралы мол мағлұмат алдық. Ортасындағы хан сарайының орынына немістер қазба жұмысын жүргізіп жатыр екен. Қазіргі көзге көрінгені жәй үйінді ғана. Пұтхананың сыртында мәңгілік биліктің нысаны - үлкен тасбақа мүсіні сақталыпты. Хан ордасының орнына тағы да сол немістер қазба жұмысын жүргізіп жатыр.Енді оларға жапондар қосылмақ.

Түсте шатырға қайтып келдік. Түстен кейін Қатын тауды аралап, көне қорымдар мен тастағы иероглифтерді көрдік. Мен де қағыс қалған арқардың суретін «тауып», «ешкілі боп» олжаланып қалдым. Ескерткіш бүкіл Орхон жазығында шашылып жатыр. Әсіресе, диірмен тас көп. Бір Бұғытас көрдік. Зейнолла Самашев пен Нәпіл Базылхан, Ораз бетінде жазуы бар, әбден өшіп кеткен екен деді. Байыр үндемеді. Қаржаубай білмейтін бұл неғылған жазу? Өз басым таңбасы қайсы, жазуы қайсы, ажырата алмадым. Мүмкін, кәсіби сауатсыздық шығар..

Түнде тағы да сол Орхонның жағасындағы шатырға қондық.

Міне, барша түрік қауымының түсіне кіретін Өтүкен тауы. Өтүкен қойнауы, Өтүкен – Орхон жазығы. Енді таңертең Орхон өзені бұлақтанып басталып, Жарғантай мен Орхон боп екі шатқа бөлініп кеткен Сат (Шат) ауылына барып, көне қала Цаған (Шаған) сұмды – Ақмешітті көрмекпіз.

Тағы да сол Орхонның айлы түні, дөңгеленген дүние, көгерген көкжиек. Ұлы тыныштық. Маған монғолдардың жылқысы пысқырынбайтын - кісінемейтін, сиыры ыңыранбайтын – мөңіремейтін, қойы күйіс қайырып - маңырамайтын, иті үрмейтін сияқты көрінді. Әйтпесе, Орхонды бойлай 500 метр сайын бір-бір отар қой, үйірлі жылқы жүр. Түнде солардың бір тосын дыбысы шалынбады. Өздері де, малдары да қалың ұйқыны кәсіп еткендей.

28.07.2007 ж.

Таңертең 6.30 да жолға шығып, Қатын сұмына келдік. Орталықта ескерткіш тас тұр. Нәпіл мен Ораз оқып еді, бұл мәнжұрлар билеген тұста жазылған жазу екен. Онда Жарғантай өзенінің аты бар.

Байыр мен жас моңғол ғалымы Мунхтулга Ринчинхорал Жарғантай өзенін өрлеп, Қанғайдың ішіне бастады. Тебінге айналған Орхон жазығы барған сайын жасаңданып, жоталар мен қыраттар орманданып, күн көңілденіп сала берді. Әр бес жүз метр сайын үйірлі киіз үй, үйір-үйір жылқы, отар-отар ешкісі аралас қой. Бір кезде шоқының басынан нысаналы Мықан ағашы көрінді. Шыңдағы қарағай. Өзінен басқа айналасында ештеңе жоқ. Өзгесін кесіп әкетті дейін десең – томар, түбір жоқ. Суретке түсірдік. Ал келесі күнгей бетінен қалың орман басталды.

Жарғантай – кең аңғарлы өзен екен, екі таудың ортасы 2-3 шақырымдай өзек. Бір кезде оң-сол жақтағы биік шоқылардан мұнаралар сияқты менмұндалап қорған төбелер көрінді. Екі жақтан жарыса қарауылдайды. Зейнолла ағамыз түсе қалып, суретке түсіріп, дүрбімен қарап жатыр.

... Бұл қорымдар ұлы қорымдар. Хундар, көк түріктер ата-бабасын биік таудың басындағы қорымға жерлеген. Мүмкін, Күлтегін мен Білге қағанның сүйегі де солардың арасында жатқан шығар.

Қанғайды бойлай 90 шақырым ішке кіріп, Сат (Шат) ауылына, Рашан (Арасан) демалыс орыны орналасқан елді мекенге келдік. Орхон – сол жақтағы шатқалдан басталып, шығысқа қарай оратыла ағады екен. Оң жақтағы аңғардан Жарғантай өзеншесі басталады..

Мұқым алқап ақ шаңқан ақбоз кигіз үйлерге толы. Мыңғырған мал.

Біз жылқылар үйездеп, қодастар «құлағында ойнап» жүрген үлкен ескі қаланың орнына келдік. Цаған Цумға (Шағанға) – Ақмешітке (Қаржаубайша), Аққорымға келдік. Ордабалықтан көлемі сәл шағын. Бірақ құрылымы жағынан ұқсас. Төрт бұрышты қорған. Байыр профессор пұтхана болған дейді. Тәңірге табынғандардың рәсітханасы. Жан-жағы орманды тау, көгалды жазық. Оң жағында – Жарғантай, сол жағында - Орхон бұлағы.

Тәңірдің нұры тұнса тұнғандай жер. Гоби Алтай мен Қарақорымнын ыстығынан соң мынау жұмақтың өзіндей көрінді.

Біз таңдана, тамсана жүріп, Қазақстанның туын желбіретіп тұрып экспедициямен қоштастық. Олар «сөз қазатын емес, көр қазатын» зерттеу жұмысын жүргізбек.

Ендігі беталыс - Қарақорым арқылы Қоша-Цайдамға, Күлтегін мен Білге қағанның ескеркіші. Қасиетті, аңсарлы ұстын.

Сағат түскі 2-де аңсарлы Білге қаған мен Күлтегіннің жазба ескерткішіне келдік. Майжолды түріктер салып жатыр екен. Жолдың қос қапталын қуалаған құмды құйындар алдыңа түсіп ап есіле борайды. Қарағанды, бүргенді құмдауыт жер екен. Шығыстан батысқа қарай Қаңғай – Отүен тауы созылып жатыр, ортада Орхан өзені мен Орхон жазығы, күнбатыста Онгин көлі, Тарбағатай тауы, ол арадан Бұлғын аймағы басталады. Жолдың сол жақ шетіндегі салынып жатқан аңғарға тоқтадық.

Біз өмір бойы тік тұрған қүйінде елестетіп келген аңсарлы ескерткіш тастарымыз алдымызда сұлап жатқанын көргенде өне бойымыз суып кетті. Сөйтсек, түріктер Білге қаған мен Күлтегін жазуынан көшірме жасағанда химиялық заттарды пайдаланыпты.Улы қосынды заттар тастағы жазуды қопсытып, қабыршақтап кетіпті. Содан монғол – түрік арасында біраз ырғасу болып, ақыры түріктер аңғар салып, тас ескерткіштерді соған көшіріп, орнына көшірме тастар қоймақ екен. Барлық ескерткіш тастарды жиып, шатырдың астына қойыпты. Қытайдың жасанды шатырын күн жеп,жел қағып, быт-шытын шығарыпты. Желмен қоса дар-дар айырылып жаты. Қыштарды қапқа сап әкеп, үйіп тастапты. Моңғол құрлысшылар жүр. Николай атты орыс прораб бар екен. Украйнадан. Оны мұнда қай құдай айдап әкелді екен. Әрине, ақша құдайы. Бірақ мына тас жазулардың қадір-қасиетін ол шіркін біле ме екен?!

Балбал тастар мен тасбақаның сынықтарын, кигізге ораулы Күлтегіннің ұстынының бетін ашқызып, суретке түсірдік. Жанында күлдібадамдау, дөрекілеу помалатылған, гипстен жасалған көшірмесі жатыр. Екеуіне кезек-кезек қарадым. Екеуінің де жағдайы мүшкіл екен. Бірақ Күлтегіннің ұстынын ұстап көргенде-ақ ұлы бір қуат, күш бойыма құйылды. Сезгенім тастың салмағы. Сом тас. Ауыр тас. «Қасиетті» сын тас. Дүниенің барлық салмағын салмақтап, түркінің тағдырлы жүгін көтеріп, сұлап түсіп жатыр... Жат. Бірақ тастың бетіндегі жазулар, Мәңгілік өшпе! – дедік іштей. Білге қағанның ұстыны аңғар ішіне енгізіліп, тік төрт бұрыш тағанға қойылыпты. Қасына Күлтегінге орын дайындапты. Тасбақасыз. Шаршы, ортасы ойық тумба. Қыркүйекте сонда қойылмақ. Орындарын барып көрдік. Суретке түстік. Орхонның жазығындай емес, бұл арадағы жер ыңғайы батысқа сұлай жамбастайды екен. Балбал тастар қатарын тізіп барып батыс беткейдегі Онгин көліне тіреледі екен. Орхон жазығынан қарағанда күннің бататын тұсы да сол Онгин көлі. Көк түріктер өмірін де, өлімін де Күнмен өлшеген. Күлтегіннің де өмір күні батты деген емеуірін бұл. Ал балбал тастар оның өмір жолындағы басынан кешкен батырлық дәуренінің белгісі. Бұзылған көңіліміз солай болды ма, жоқ, шындығында да табиғат солай ұйғарды ма, білмеймін, Күн де қабағын түйіп, түнере берді. Өкініштісі видеоның майы да сол араға келгенде бітіп қалды. Қырсық!

Сонша аңсарлы көңіл ауанымен келгенде, қасиетті ұстындардың жайрап жатқаны өкінішті. Бірақ амалы бар ма?

(Жалпы Қошо-Цайдам мен Ақ оттағы көне жазба ескерткіштерді түріктер иемденіп алыпты. Айыбы үшін – аңғар, жазасы үшін - жол салыпты. Түптеп келсек бұл жазулар түріктен гөрі бізге жақын еді ғой. Кезінде сұрау неге салмадық? Көшірмесін көріп көкірегімізді кергенмен, өшпейтінді өшіріп жатса, ол мақтанымыз қай мақтан?!. Несіне жетісеміз осы біз? Тоныкөктің басында да сол жағдай. Тасты түріктердің өзі қашап орнатқандай, басына жарнамасын жасап, туының қадасын қағыпты. Тоныкөктің де мүсінтастарын аңғарға жиып, үйіп тастапты. Бұл сақтау ма, жоқ, сандырақ па? Әйтеуір өзім түсінбеген бір жай болды. Сонда біз қайдамыз? Көшірмесіне қарап мөңірей бергеніміз бе? Мұндай ұлы жазбасын орыстар әскермен де, саясатпен де, ғылыммен де қорғайды. Партия боп бөлініп, алашапқын сайлаудан-ақ шабылып, ұлттың мәйегін ірітіп, тұқымымыз титықтап бітетін болды-ау).

Мұнда Қаржаубай Сартқожаұлы мен Зейнолла Самашевтің, БайырДовгөйдің, Қырым Алтынбектің ғылми экспедициялары бізден кейін келмек. Олардың қолынан не келеді?

Қош, Күлтегін! Көріскенше. Енді келгенде орныңнан тік тұрғаныңды көрейін! Біз де батысқа бет алдық. Онгин қөлі арқылы Бұлғын аймағына өттік. Осы көлдің маңында 4 шақырым жерде Шілің хото- Шилі қыстақ деген көне түркі қаласы бар. Екі-үш күннен кейін З.Самашев сонда қос тігіп, зерттеу жасамақ.

Көк түрік өркениеттің шоқтығы әрі күлтөбесі болған, Орхон жазығы, қош!

Дашилен – Баяннұр арқылы Тулаға-Толыға жетіп, әлденіп, көз көрген бұралаңмен Ұланбатырға қыр жолымен жеттік. Моңғолдың мінезін білдіретін бір қызық жәйтты жаза кетейін. Тула-Толыдан шыққан соң қыр жолына түстік. Батмунх бір машинаның «жолаушысымен» сөйлесіп, артыңнан еріп отырайын деді. 10 шақырым жүрдік. Күре жол қиыс қалды. Батмунх қуып жетіп, тағы да жолдың жөнін сұрады. Жүре тоқтап, жүре тоқтап, кенет алдыңғы орындықтағы сақалды мені көрді де, баж ете қалып, кілт қырға бұрылды. Батмунх та бұрылды. Қайта жолға түсіп, кері Тула-Толыға тартты. Шаң лестірер емес. Батмунх біраз қуып, кері қайттық. Күлдік те, күдіктендік те. Не себеп, неден қорықты, алдыға кетпей кері неге қашты?

Сол түсініксіз күйінде қалды. Есесіне біз оңды қыр жолымен жүріп жол қысқарттық.

Отыр ма екен Қаржаубай,

Жатыр ма екен Қаржаубай.

Қабағымыз қатулы,

Жаңбыр жаумай, қар жаумай,-

деп Ұланбатырға таңғы сағат 4-те жеттік.

«Өргоодегі» орынға біреулер түнеп шықты. Ертеңінде қайтадан №10 бөлмеге кіріп, жуынып-шайынып, жан шақырдық.

29.07.2007 ж.

Күндіз археология институтының лаборатория–музейіне тағы да барып, Ел-Етмиш қағанның жазуын, Сақсайдағы қорғаннан табылған ағаш үйді суретке, видеоға түсірдік. Астана мен Алматыдағы балалармен сөйлестік. Сұңқармен сөйлесіп тұрып, оны туған күнімен құттықтауды ұмытып кетіппіз.

Түстен кейін ақша ауыстырдық. «Монғол» қонақ үйіне бардық. Хан сарайы – Қарақорымның үлгісімен салыныпты. Керейдің, Найманның, Қоңыраттың атаулы ордасы бар екен. Таян ханның ордасына кіріп, суретке түстік. Баян-Өлгидің кигіз үйі тігіулі тұр. Әнші қыз жасапты. Бәрі де бизнес. Есік алдында бүркіт тұр. Үйдің жасауы да келісті. Жұмыс істейтін студент жігіттер. Әр нәрсенің нарқын айтып тақ-тақ етеді.

Кешке Бүбібегімнің үйінде қонақта болдық. Келін Салтанаттың «қою қызыл, ыстық шайын тегін» қана іштік.

Ертең Тоныкөкке жүреміз.

30.07.2007 ж.

Тоныкөкке жаңбырлатып жеттік. Ұланбатырдан 70 шақырым, шығыс оңтүстікте. Боғда тауының ту сыртында. Жолда Шыңғысханға соғылып жатқан ескерткішті бұрылып барып көрдік. Шығыс солтүстікке қарап, қамшысын қолына ұстап тұр. Биіктігі алты қабат үймен тең. Ғажап! Неге шығыс солтүстікке қарап тұр? –дегенімізде, сол тұстағы тау ішіндегі демалыс үйін нұсқап тұр-мыс деді. Біз сенген болдық, олар сендірген болды. Бірақ өтірігімізді екі жақтьың іші де сезіп тұрды.

Содан енді Тоныкөкке бет алдық. Майжолдан 15 шақырымдай жазықта орналасыпты. Орналасқан жері де жасаң. Төскей. Айналасы ашық жазық. Бібен қатарласа ағылшындар да келді. Екі жазуы да тікесінен тік тұр. Тура, «Егер мен болмасам!..»- деп кеудесін соққан Тоныкөктің өзі сияқты өр, мысы айналасын басып тұр. Ескерткіштің алдынан тізілген балбал тастар да ұзыннан ұзақ созылып, қарсы алдындағы жатаған қыраттан асып жатыр.

... Тоныкөктің өзі қалай жылап жыр жазса, күн де солай жылап тұрды. Тастағы жазулардың арасынан су тамшылары жылғалай тамады, ол да жылағандай. Біз де жылап тұрдық. Екеулесіп жыладық. Кеудемде өксік те жоқ, өкініш те жоқ, бірақ көзімнен жас тиылмады. Жаңбыр жауып тұрғандықтан да көз жасы мен жаңбыр тамшысы қосылып, жанымдағылар аңғармай қалды. «Сүсеіңзші тасты. Құшақтап сүйіңіз!» - дейді Нұргүл қарындасымыз. Оған да жүрек, дәт керек екен. Тек алақаныммен сипай бердім де, іштей жазудағы сөздлі жатқа күбірлей бердім». Егер сен – Тоныкөк болмасаң, егер сенің қағаның болмаса... түркі жұрты болар ма еді, жоқ па! Сол үшін қара теріңді төктің, қызыл қаныңды ағыздың! Сол үшін де Тағзым саған, Тоныкөк ата! Бұл бір ұлы әсер болды.

Жазудың алдыңғы жота - Баян цаң, ал оңтүстік беті – Ақот аталады екен. Ақ от – ақ бетегелі, жайсаң жазық. Міне, мың екі жүз елу жылдан бері жердің сол атауы әлі сақталып келеді. Ғажап! Көк отта (Хохотта) түркі елінің туын тіккен Тоныкөк Ақ отта өсиетін тасқа бәдіздетіпті.

Жанында ескерткіш тастар жиналған, түріктер салған аңғар бар екен. Жүрек шым ете қалды.

Көрсеткіште: монғол, түрік және түріктің «Тика» фирмасының туы салынған. Сонда: Біз қайдамыз?! Қырғызстан мен Грузияға, Ресейге «достық көмек ұсынған» біздің алпауыт көпестеріміз қайда – деген сұрақ тағы көкейге тығылды. Жаңбырлатып қайттық. Қош, абыз баба!


Каталог: repository -> history
history -> Методика диагностики основных параметров психического состояния тестом люшера
history -> Тұрсын Жұртбай: Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді
history -> Ііі том: талқЫ Үшін пайдаланылған әдебиеттер тізімі
history -> Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор
history -> Байғали Досымжанов
history -> Қазақстанды қуатты мемлекет ету барысында бүгінгі қазақ зиялысының да арқасында ауыр жүк тұрғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі интеллигенция өзінің мойнына жүктелген ұлт сенімін қаншалықты ақтай алып отыр?
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Абай мектетебі
history -> Файл: Абай жолы «Абай жолына» 70 жыл
history -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет