Екінші тарау: «бостандықТЫҢ аятты жасыл туын тіккен »



бет1/9
Дата01.05.2016
өлшемі1.41 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9
ЕКІНШІ ТАРАУ: «БОСТАНДЫҚТЫҢ АЯТТЫ ЖАСЫЛ ТУЫН ТІККЕН...»

(Халел Досмұхамедов және Жаһанша Досмұхамедов және...)

1.

Троцкийдің: «Сталин қазақтың жауапты қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, қидаластыру арқылы бұл халықты зиялылардан айырды», – дегенге саятын пікірі ақиқат. Бұрын бұл жазалау саясатының көп қитұрқысының бір тәсілі ретінде қаралатын. Құпия құжаттармен дендеп танысқан сайын мұның нақты және ең аяр саясат екені деректі дәлелмен ашыла бастады. Және Каширин, Якубовский, Альшанский сияқты кәнігі арандатушыларды олардың соңына тұрақты түрде салып қойды. Олар, бірінші кітапта айтылғанындай, үш айда, жарты жылда, жыл аяғында Мәскеуге есеп беріп, арандатудың жаңа тәсілдерін алдын-ала қарастырып, жансыздарды дер кезінде «сіңіріп» отырды.



Сонымен қатар «ескі көздер» мен «жаңа көздердің» жазбаларын, мұрағаттарын, құпия күнделіктерін, өзара жазысқан хаттарын тіміскілікпен де, сұғанақтықпен де пайдаланды. Тіпті ерлі-зайыптылардың екеуара «жүрекжардысы» да тергеудің кәдесіне жаратылды. Сондай қатерден сақтанған алаш қайраткерлері өзінің жеке мұрағаттарын құпия сақтады немесе үнемі көзін жойып отырды. «Алашорда» туралы жинақ құрастырғанда өздерінің тек құпия тыңшылар мен жандармереяның жасырын мәліметтеріне сүйенген Брайнин мен Шафиро:

«Осымен қатар басқа бір мәселені қозғай кеткім келеді. Айтушылар бізді: тек қана жандарм мекемесінің құжаттарын пайдаланды – деп айыптайды, мұның да жөні бар. Мәселе: бұл құжаттарды пайдалануға бола ма, жоқ па, – деп қойылып отырған жоқ, мәселе – бұл құжаттарды қалай пайдалануда», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 73-бет) қысылып-қымтырылмастан ашық мойындады.

Ал қандай құжатты, қай кезде, кімге қарсы және қалай пайдалануды кеңестік күркілдер білетін. Сондықтан да негізінен жандармерея мен ОГПУ тергеушілері жинақтаған тыңшылық құжаттардан құрастырылған «Алашорда» туралы мұрахаттардың тек қана айыптау бағытындағы әшкерелеуші дерек ретінде қызмет еткені түсінікті.

Өкiнiшке орай, уәжге құлақ аспайтын, оған пәрменi де жетпейтiн, пәйнегi де шыдамайтын, тергеушiлердiң ықпалында кеткен, ақыры өзi де арандап тынған жалақорлар мен жалтақтар да әдiлетсiздiктiң үстемдiк құруына септiгiн тигiздi. Түрме iшiне жiберiлген тыңшылар жауапқа тартылғандардың әрбiр сөзiн қағыс қалдырмай қожайындарына жеткiзiп отырды. Солардың сыпсыма өсектерiнiң негiзiнде айып қорытындысы әзiрленiп, сұрақ қойылды. Тiкелей «Алашорда» үкiметiне қатысы жоқ, жай ғана желеумен жауапқа тартылғандардың арасында «салпаңқұлақтардың» кiрiп кетуi әбден мүмкiн. Тергеуге жетпiстен астам адамның алынуы да күдiк келтiредi. Олар бiр-бiрiн жақсы да тани бермейтiн.

Сондай-ақ, «үштiктiң» қарамағына көшкендерге қинаудың қандай да болсын түрлерiн қолдануға еркiндiк берiлген арнайы жарлық та бар болатын. Сол үшiн әрбiр түрменiң iшiнен ыстық, суық камералар жасақталды. Мұны «ұлы құрбандықтарға» да қолданғаны күдiк тудырмайды. Оған ОГПУ-дiң Мәскеудегi Шығыс бөлiмiнiң бастығы Дьяковқа Орта Азия бөлiмiнiң бастығы Каруцкий мен Шығыс бөлiмшесiнiң бастығы Круковскийдiң:



«… Қазақ интеллигенттерiн қинауды күшейту туралы сiздiң жарлығыңыз басшылыққа алынды және интеллигенттердiң сөздерiн жеткiзiп отыру үшiн әзiрше үш тыңшы - «Қалам» («Перо»), «Нияз», «Дальше» - олардың арасына кiргiзiлдi. Өзге тыңшыларды тартуға дайындықтар жүргiзiлiп жатыр.

Ескерте кетерiмiз, «Шағыр» Шымкенттегi тұрақты қызмет орынына жүрiп кеттi, тазарту кезiнде партия қатарынан шығарылды», - деген мәлiметi толық дәлел.

Бұдан «ұлы құрбандарға» қарсы ұрып-соғу, қинау, арандату әрекеттерiнiң барынша кеңiнен әрi қаталдықпен қолданылғаны анық байқалады. Мұның егжей-тегжейiн баяндау дербес тақырыптың арқауы. Қармаққа кiм iлiндi, қандай қиянатқа жол берiлдi, «Қалам» мен «Нияз», «Дальше» дегендер кiмдер едi, «үндеместердiң» мағлұматы тергеу барысына қалай әсер еттi? Бұл – жауапсыз қалатын сұрақтар емес. Жауап берiледi де. Тек адамгершiлiктен аттамас үшiн, кiнәсiз ұрпақтардың бетiне шiркеу түсiрмеу мақсатында әзiрше бұл мәселенi қалтарыста қалдыра тұруды санадық. Сенiммен, кепiлдiк бере айтылатын бiр сөз – алаштың ардагерлерi:

Қинамайды түрмесiне жапқаны,

Қинамайды атқаны,

Қинайды тек өз итiмнiң,

Балағымнан қапқаны, -


деп Ақаң – Ахмет Байтұрсынов айтқандай, түрменi де, қинауды да, ату жазасын да салқындылықпен қабылдап, қасқайып қарсы тұрып, рухын тiк ұстады.

Тергеушiлердiң қитұрқы арандатуларын олардың емеурiнiнен – ақ түсiнiп, мысқылмиен жауап берiп, мысын құртқан. «Бұл мәселенi анау жақсы бiлдi» деп көсемдерге сiлтеме жасап, келесi сұрақты қойдырмай, алдын орап отырған. Тергеушiлердiң өздерi де тiксiнiп арандап қалудан сезiктенiп, арнайы дайындықпен келген. Бiрақ та қанша жаныққанымен де «Алашордада» үкiметiнiң Төрағасы Әлихан Бөкейхановты тұтқындауға дәрменi жетпедi. Сондықтан да тергеушi Балдаев (қолы анық танылмады, сондықтан өзгеше болуы да мүмкiн – Т. Ж.) Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың бастығыының орынбасары Альшанскийге берген есебiнде:



«Қолдағы деректердiң жеткiлiксiздiгiнен Бөкейхановты табан астында шұғыл түрде тұтқындауға мүмкiндiк болмады, сондықтанда бiз тергеу жұмысын мынандай тәсілiмен, егерде тағылған айыптауларды мойындамай, терiске шығарса оны тұтқындамай босатып жiберуге мүмкiндiк алатындай есеппен жүргiздiк», - деп жазды.

«Алашорда» Үкiметiнiң Төрағасы әр сөзiн шегелеп, дәлелдеп, бұрынғы және бүгiнгi Ресей өкiметiнiң әрбiр әрекетiн қысқа ғана талдап, «қызылдарға қарсы болған себебiм мынау, оған кеңес өкiметiне былай қарады», - деп түйiп-түйiп айтып, тұқырта түйiндеп отырды. Әлекеңнiң мысы басқаны сондай: «Кеңес өкiметi жер мен аз ұлттар туралы қаулы шығарардың қарсаңында менi тұтқындап, ақыр соңында Бутыркадан – Кремльдiң төрiне бiрақ - ақ шығарушы едi. Бұл жол қайтесiңдер» - деп кекетуден де жасқанбады. Өзiн-өзi ұстай бiлген ұлт көсемiн ОГПУ – тергеушiлерi ақыры тұтқындауға бата алмады. Әлиханның еркiндiкте жүруi түрмедегi Ахмет, Мiржақып, Жүсiпбек, Мағжан, Мұхамеджан, Мұхтар Әлiмхан iспеттi достары мен бауырларының да рухын көтердi. Сталиннiң өзi жеке қалып сөйлеуден именетiн Әлекең – Әлихан Бөкейханов бостандықта жүрсе – өздерiне араша түсетiндерiне сендi. Ол сенгiмдерi ақталды да.

Осының ішінде алаштық және кеңестік қазақ зиялыларын шетінен «жапон имперализмінің шпионы» етіп көрсетіп, оларды баудай қырып түсіруге ту басында себепкер болған деректің бірі де, бірегейі де тұрлауы толық анықталмаған тұлғалар – М.Тұңғашин мен мен Б.Қаратаевтің жеке архив құжаттары еді.

Қарт күрескерлер, патша мен кеңес өкіметі тұсында қазақ мүддесін қузаған, екі өкіметтің де тізгінін кезек қағып, «қамшыгер» атанған М.Тұңғашин мен Б.Қаратаев өздерінің «тиянақты түрде жиыстырып», құпия түрде сақтаған деректердің барлығын (С.Меңдешевтің кеңесімен өткізуі де мүмкін – ?) большевиктердің архивіне өткізді. Егерде «Алашорданың» ұйымдастыру құрылтайында М.Тұңғашин мен Бақытжан Қаратаевті «жандармереяның жансызы» деп жариялап, жиыннан шығарып жібергенін еске алсақ, бұл оқиғаны мына «тиянақтылықпен» салыстырып, оның астары мен залалын таразыласақ, санада «қарт күрескерлердің» бейнесі емес, көмескі тартқан ақ шашты сүлдерлері ғана қалады. Тікелей «Алашорда» үкіметінің құрамына кірмесе де, олардың хаттамалары мен шешімдері, бұйрықтары мен нұсқаулары тіркелген құжаттарға, сол құжаттардағы оқиғаларға қарсы пікір білдіргендердің жазбалары мен куәліктерінің түпнұсқасына немесе көшірмелеріне тиісті түсінік беріп, түптеп отырғандары ұқыптылық па, жоқ, ұрымталдық па? Жоқ, «аурулары қалса да, әдеттері қалмай», қашан да билеуші үкіметтің көңілін тауып, екібетті қалыптарын сақтап қалғаны ма? Әйтеуір, тергеушілерді – сүйіндіріп, тергелушілерді – күйіндірген бұл құжаттар алашордашыларға да, большевиктерге де «жапон шпионы» деген қарғыбау ілді.

Қазақ зиялыларына қарғыбау болып тағылған осынау қарғыс атқан формулировканың шығуына негіз қалаған тарихи оқиға туралы Заки Валиди өзінің «Естелігінде»:

«1918 жылы 15 мамыр күні Астыртын жағдайда «Алашорда» өкілдерімен ақылдаса отырып Қостанайда жасырын кеңес өткізді, онда: Қазақстанның, Башқұртстанның, Түркістанның саяси жағдайы туралы мәлімдеме жазылып, оны бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жеткізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Жапонияның таңдап алынуы, бұл ел Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы халықаралық үрдісті сақтауды көзделді. Алайда 27 мамыр күні Чехословак корпусы Челябі – Омбы арасындағы темір жол желісін басып алды... Кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін башқұрттарға дем беріп, 7 маусым күні ұлыттық үкімет құрылды. Онда З.Валидов әскери министр міндетін атқарды. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды. Башқұрт әскері жеңістен жеңіске жетіп, Қазақстан мен Түркістанға бет алды. «Кеңес өкіметіне қарсы башқұрттармен қазақтардың бірігіп күресуі (большевиктердің) өшпенділігін өршіте түсті. «Колчактік Сібір үкіметінің жоғары командованиесі өткізетін 18-21 шілде аралығындағы құрылтайға ұсыну үшін Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын ұсынысы Семейде талқыланды. Оған Башқұртстаннан – Сеитгерей Мағазов, «Алашордадан» – Әлихан Бөкейханов, Түркістан – Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысты», – деген мағлұмат береді.

Міне, Жапония үкіметіне қатысты осы құжаттар 1922-1953 жылдардың арасында қазақ зиялыларына «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы» – деген айып тағуға мүмкіндік берді. Ал ол құжаттар Сібір үкіметінің құрылтайынан:



«... кейін екі жылдан соң (1920) астрахандық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған хаттама және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті... Кеңес өкіметінің саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім», – дейді З.Валидов (249 бет)

Ашығын айтсақ, мұндай «сұрқия пиғылдағы сүйкетпелерді» назарға ілмес едік. Бірақ оны пайдалануға мынадай бір кілтипан еріксіз мәжбүр етті. Б.Қаратаевтің қорында сақталған ол хатты 1928 жылы С.Меңдешев өлкелік комитеттің бөлімдері мен мұрағатының құзырына ұсынған. Ал онда түскен құжаттардың барлығымен ең бірінші құпия тыңшылар танысып, мәліметтерді іріктеп, тиісті орындарға хабарлап барып, мұрағаттың қорына қосатын бұлжымайтын кеңселік тәртіп бар. Оның үстіне тура сол кезде «Алашордаға» қарсы құпия мәліметтер жинақталып, Өлкелік комитетте тексеріліп, кімге қандай айып тағу керектігі туралы тергеушілерге нұсқау беріліп жатқан. Бұл ретте қарт күрескер Б.Қаратаевтің құжаттары олар үшін аса құнды еді. Сол «құнды құжаттардың» бірі «халық мұғалімі С.Тұрынтаевтің хатының» негізінде, Х.Досмұхамедов бастатқан «Ойыл уәлаяты» үкіметінің қайраткерлері түгелдей тұтқындалып, барса-келмеске жіберілді. Хат «халықтық мұғалімнің» жат пиғылына орай:



«Бұдан кейін тиісті өкім шығаруыңыз үшін Сіздің құзырыңызға Орал облысының арғы бетіндегі тұрғындардың (қазақтар мен қоныстанушылардың) тағдырын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған (вершителей судеб) Халел Досмұхамедовтің (бұрынғы Ойыл аудандық аткомының, Орал облаткомының, Орал жер басқармасының төрағасы және «Алашорданың» батыс бөлімінің, тағы басқалардың да мүшесі) қимыл-әрекеттері туралы баяндауды өзімнің парызым деп есептеймін. Халел Досмұхамедов төңкеріске дейін 8 жыл дәрігерлік етті, ол кезде қоғамдық қозғалысқа ешқандай да ынтасы байқалған жоқ», – деген әшкерелеуші екпінмен басталады.

Зады Салық мұғалім Х.Досмұхамедовтің 1904 жылы Қазан қаласындағы Ветеринар институтының студенті, досы Ғұбайдолла Бердиевке ел қамын ойлап жазған хатынан кейін жандармереяның бақылауына алынғанынан, әрине, бимағлұм болса керек. Оған халықтық мұрағаттанушы Болат Нәсеновтің Мәскеудің Әскери-тарихи архивінен тапқан төмендегі дерегі дәлел. Хаттың шекесіне:



«Әскери-медицина Академиясының студенті Досмұхамедов Халел Досмұхамедұлы туралы. Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бөлімі, 4 сөре. 23 қазан, 1904 ж. № 15081. Полиция департаментінің осы жылғы 16 қазандағы № 12065 ұсынысына орай мынаны хабарлаймын:

Қазан қаласының Ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке 1904 жылы 7 қазанда Санкт-Петербургтен жазылған «Сенің Халелің» деп басталатын хаттың авторы Әскери-медицина академиясының студенті Досмұхамедов Халел Досмұхамедұлы, Даманский көшесіндегі № 46 үйде турады. Осыған дейін бұл адам туралы саяси сенімсіздік көрсететіндей мәліметтер түскен жоқ», – деген ескерту жазылған.

Демек, Халел сол күннен бастап тіміскінің аңдуына ілінген. Хат иесіне жетпей, жандармереяның құпия тартпасында қалғаны түсінікті.

Ондағы: «1904 жыл, 7 қазан. С-Петербургтен Қазан қаласындағы Ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке.

Қаладағы ұзақ мерзімге созылған қапырық өмірден кейін шалқар даланың кеңдігі менің бойымды билеп алды. Өзіме таныс кигіз үйдің көрінісі, аса қымбатты ауылыма келуім, туыстармен кездесуім, сырт адамдардың құрметі – осының бәрі таңқаларлықтай әсер етті. Бұл қыр елінің өркениеттілерден жоғары тұрғандығының белгісі. Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтың жоғарғы дәрежелі білім алып жатқанын ойыңа алсаң, сол кезде: бұл халық та еңбекке, алға басуға қабылетті екен, – деп есептейсің. Бұл: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады», – деген сөз.

Мұндай елдің ақ сайтандардың қол астында үнемі бола беруі мүмкін емес. Өзін-өзі тұншықтырған, әрі өзінің озбыр билігіне шек қоя алмайтын, тіпті жерасты дүмпуіне қарсы тұра алмайтын бұл жұрт өзінің өшін ешқандай кінәсі жоқ шет аймақтағы халықтардан алмақшы. Осылайша, әзірше қарсыласуға шамасы жоқ біздің халқымызды тықсыруда, жаншуда. Олардың жерін тартып алуда. Бұл жерді халқымыз қанын төгіп татар, башқұрт, қалмақтардан қорғап қалған еді. Мыңдаған адамды құрбан етіп, олардың жерін ұрыларына, тонаушыларына, біздің халықты «үйретушілерге» бөліп берді. Олар біздің халыққа темекі тарту, арақ ішу, өтірік айту, ұрлық, зорлық зомбылық арқылы қайыршы болуды үйретіп, соның жемісі ретінде бүкіл халықты құрып кету кезеңіне жеткізбекші. Біздің халық өмір сүру үшін жанталасуы қажет. Біздің дала әкімшілігіндегілер де дәл осындай жолмен жүрмекші. Бірін-бірі жамандауды, пәлеқорлықты, дау-жанжал туғызуды және партияға, жікке бөлініп жауласуды өршітуде.

Міне, бірнеше жылдан бері бақытсыз заманның кеселінен қатыгез, адамгершілігі жоқ, халқына деген жүрегі таза емес, аяушылықты білмейтін, тонаушылар, қасиетті діни сезімді аяққа басушылар ел басқарып келеді. Мысалы, «Қызыл крестке» жанашырлық жәрдем көрсету» дегенді сылтаулап, бастықтар «бұйрықпен» байлардан бір-бір қойдан, ал кедейлерден бір сомнан жинауға пәрмен берді. Бұл адам айтқысыз көп соманың 100 сомы басқармаға қалдырылады. Біздің бақытсыз халқымызға Жұлдызовтың (Юлдузовтың) компаниясының жасаған жамандығын есептеп шығару үшін бірнеше адамды отырғызу керек.

Сайлау кезінде де солай. Оған ешнәрсені қарсы қоя алмайсыз. Бүкіл халықты қорқытып қойған. Олар үндемейді. Ең өкініштісі сол, осыны көре тұрып сенің қолыңнан ешнәрсе келмейді. Біз халыққа көмектесеміз деп қиялдаймыз. Қашан? Осының барлығы жүректі ауыртады. Тек сен ғана мені түсінесің, маған жаның ашиды. Ойланшы. Болыстыққа Адай Өжекті (19 шар алған) немесе Жылсүйімбетті (11 шар алған) сайлауға болмас па екен? Әйтпесе, болыстыққа Гадучевтердің компаниясынан сұмырай Жұмағұлды сайлауы мүмкін. Онда тағы да халық оның қанауынан қан қақсайды», – деп өршіл де намысты қаламмен жазылған осынау хаттың астарынан оянып келе жатқан күрескер рухтың тегеуіріні анық танылады.

Бұл тауралы Халелдің өзі:



«1906 жылы қырдағы ауылдарды аралап жүргенімде полицияның көзіне іліктім де, саяси жұмыс жүргізуіме тыйым салынды», – деп жазды.

Мүмкін, Халелдің мұндай елдік мінезін біліп тұрып, білместікке салды ма, кім білсін.

Егерде «қоғамдық қозғалысқа еш қатысы болмаса», онда Х. Досмұхамедов «Батыс Алашорда» үкіметінің мақсаты мен міндеті туралы 1918 жылы сәуірде Ленин мен Сталинге ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық қозғалыс туралы:

«Таптық және тектік (сословиелік) алауыздық пен бөлінудің жоқтығы тұрмыс пен шаруашылықтың бір формасы қазақ халқын біріктіре түсті, сана-сезімі ояна бастаған халық жалпыұлттық мұрат-мүдделерді талдауға ұмтылды. Жалпыұлттық мәселердің ішіндегі ең маңыздысы ұлттық мемлекеттік дербестік мәселесі еді. Бұл мәселенің күн тәртібіне өткір қойылуына ықпал еткен мына жағдайлар болатын:

1. Қазақ халқы өзінің ұлттық тәуелсіздігі мен дербестігін әлі ұмыта қойған жоқ еді, қазақтардың орыс бодандығына толық өтуі өткен ғасырдың 80-жылдарында, яғни, бұдан 50 жылдай бұрын ғана аяқталды.

2. Бастан кешіріп отырған патша өкіметі отарлау саясатының қорлығы мен езгісі.

Міне, сондықтан да 1905-1906 жылдардағы революция кезінде, қазіргі кезде де қазақ халқы ең алдымен ұлттық дербестік пен тәуелсіздікті талап етті, дербестік Қазақ өлкесін автономиялық жолмен басқару арқылы көрінуі керек.

Революцияның басында қазақ халқы ұлттық автономияны Құрылтай жиналысы арқылы да алмақ болды, бірақ, кейінгі Октябрь ревоюциясы мен елдегі азамат соғысы қазақтардың көзін ашты. Бостандықтың құны қымбат, сондықтан да билік басындағылар бостандықты оңай бере қоймайды. Тәуелсіздік пен бостандыққа тек ұйымдасқан күрес арқылы ғана жетуге болады. Күрес нәтижелі болу үшін қоршаған қоғамдық ортадағы әртүрлі саяси ағымдарға бейімделе білудің және күрес жолында сенімді одақтастарды таңдай білудің де үлкен маңызы бар.

Осы алғы шарттарды айта отырып, қазақтардың саяси ұйымдармен, қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күрестегі партия ұйымдарының міндетімен, күрес әдістерімен таныстыруды мақсат еттік»,– деп баға бермес еді.

Назар салыңыз, әңгіме, «сенімді одақтас таңдай білу» туралы болып отыр. Мұндай формулировка саяси күресте тәжірибе жинақтамаған кез-келген дәрігердің қаламының ұшына іліне бермейді.



Ал «халық мұғалімінің орындалған парызының» мәтініндегі саяси «формулировкалар» кейінгі жылдардағы «Алашорданың» батыс бөлімі туралы «кеңестік үкімдерде» сол күйінше қайталанады. Демек, «сауатсыз халық» атанған жұрттың сауатты өкілдерінің арызындағы қолданыстар кеңестік тарихышалар мен идеологтардың өзіне де үлгі болған. Архив пен тергеу құжаттарымен таныса отырып, таң қалған бір жайым – сол жылдардағы жазылған арыздардың сауаттылығы. Оның әр жолы соттың үкіміне пара-пар. Сондай «таланттардың» басқа қыры ашылмай, «дүлейдің» түйдегінде кеткені өкінішті. Сонымен, халық мұғалімі өзінің бұқара алдындағы, дәлірек айтқанда, С.Меңдешевтің алдындағы «парызын»:

«Алайда ақпан төңкерісі басталған тұста ол өзін демократиялық қоғамдық қозғалыстың көсемі ретінде көлегейлеп көрсеткенімен де, іштей монархиялық құрылымның жақтаушысы, асқан атаққұмар, өзімшіл және материалист (құдайсыз деген мағынада Т.Ж.) күйінде қалып қойды. Өзінің осындай қасиеттерін қанағаттандыру үшін ол туған халқын құрбандыққа шалуға да бейімді еді. Монархиялық жүйе құлаған соң Х.Досмұхамедов аталған аудандар мен Татарстандағы монархиялық құрылымды жақтайтын партия мүшелерінің көмегіне сүйеніп, Х.Досмұхамедовтің кандидатурасына қарсы күрескен Ойылдағы демократиялық бағыттағы орыс тұрғындары мен мұғалім Сүбіханов бастатқан қазақтардан басым түсіп, Ойыл аудандық аткомының төрағалығына өтіп кетті. 1917 жылы көкектегі Оралда өткен қазақтардың облыстық құрылтайына Х.Досмұхамедов өкіл боп қатысты. Ол мұнда мінбеге жиі шығып сөйлеп, өзін демократиялық қозғалыстың нағыз қайраткері, сөзұстар шешені ретінде көрсетті. Өкінішке орай ол мұны дегеніне жету үшін істепті, оның деген мақсаты облаткомның төрағалығына өту екен, ал Х.Досмұхамедовті бұрын білмейтін құрылтай мүшелері оған сеніп қалыпты. Сонымен қатар, өзінің таныс өкілдеріне, егерде мұны төрағалыққа өткізбеген жағдайда, құрылтай жұмысын тараттырып жіберетінін айтыпты, ал құрылтайдың басты мақсаты барлық демократиялық бағыттағы зиялыларды біріктіру болғандықтан да, оны көрсетілген қызметке сайлауға мәжбүр болды. Содан бастап өзінің құзырлы қызмет бабын пайдаланған Досмұхамедовтің контрреволюциялық іс-әрекеті үдей түсті. Айтылған құрылтайға өкіл ретінде мен де қатыстым. Оның құрылтайды таратып жіберетіні жөніндегі жоғарыда айтылған сөзін естіп, 2 күннен кейін оның төрағалығымен өткен облаткомның отырысында уездік комиссардың орынбасарлығына атақты алаяқ Шәріп Сейкетовті тағайындағанда ғана Х.Досмұхамедовтің оңбағандығына көзім анық жетті», – деп («Алашорда қозғалысы», 3-том, 2-кітап 272-273 беттер) Халел Досмұхамедовке мінездеме беру арқылы өтеді.

Сондай орнықтылықпен хатқа түсірілген бұл жолдардың аранды астары «атақты алаяқ Шәріп Сейкетовтің» орынбасарлыққа тағайындалуын «оңбағандық» деп бағалаған тұста бір-ақ ашылады. Қазақ зиялысының бір ұлттық ерекшелігі, ол дұшпанының осы дүниедегі барлық қылмысын кешіруге, оны ұмытуға бар, тек ру тартысы мен сайлау тұсындағы бақталастықты кешірмейді де, ұмытпайды да. С.Тұрынтаев қазақы екі майданда да Х.Досмұхамедовтің қарсыласы С.Меңдешевтің тобынан табылған адам сияқты. Өйткені Халел Досмұхамедовтің ұлт үшін қолданған шараларының бір де біреуі оған жақпады әрі дұшпандық боп көрінді (Біз бұл көрсетінділерге тек өмірлік дерек ретінде ғана қарап, тергеу ісіне қатысты мағлұматтарды ғана тілге тиек еттік).
Ал осындай «құпия құжаттарды ұсынған қарт күрескер Қаратаевті» С.Меңдешев саяси науқан тұсында арашалауға тырысып:

«Иә, Қаратаев патшалық құрылымды тас-талқан ете алған жоқ, сонда да, Мемлекеттік Думада «артық жер жоқ» деп сөйледі. Қандай батыл пікір... Егер Қаратаевтің Думадағы жоғарыдағы сөзін баяндамашы теріс түсіндіріп: артық жер бар деп айтты деп тұр. Бұл мүлдем қате», деп пікір білдіргенімен де оның бұл сөзі қаперге ілінбеді.

«Өтелден өткенше қызын алып, өткелден өткен соң қызын талақ етіп» әдеттенген большевиктер 1933 жылы желтоқсан айында «Алашорда» қозғалысы туралы пікір алысуды тыңдауға келген Бақытжан Қаратаевтің қызын да жиналыстан амалын тауып аластап шығарды. Аса «саяси көрегендік» жасаған І.Құрамысов бұл жөнінде партия мүшелерінің алдында:

«Бір нәрсенің басын ашып алайық. Мен пікір таласы басталмас бұрын сіздерге түсініксіздеу көрінген, яғни, партияда жоқтардың мәжілістен шығып кетуін өтінуімнің себебін түсіндіре кетейін. Мәселе мынада, осында жиналған тыңдаушылардың қатарында бір топ әйелдер де отырды, олардың қатарында Телжан Шонановтың әйелі, Қаратаевтің қызы да болды. Оларды шығарып жіберу үшін сондай оқыс шара қолдануға тура келді, оным түсінікті ғой деймін, көлденең куәнің қажеті қанша...», – деп ақталды.

Шындығына келгенде, Бақытжан Қаратаевтің енді оларға кедергіден басқа керегі шамалы-тын. Сондықтан да оның өзі түгілі, оның қызын да қоғамнан тыс қалдырды. Әйтпесе, әкесінің тағдыры талқыға түскенде оны білуге туған төлінің қақысы толық бар болатын. Жақыннан – жау іздеп, жаттан – таптық бауыр тапқан сұм заманның ойын шарты солай болатын.


Ол тұста мұндай құрыққа түспеген қайраткер жоқтың қасы. Сәкен сияқты «ақындардың аққуы» да өзін-өзі ақтау орайында сондай қадамдарға барғаны және ондай мәліметтерді саяси науқандардың қарсаңында 1925 жылы 19 сәуірде, 1937 жылдың басында жазған. Алғашқысы Голощекиннің келуінің, ал екіншісі үлкен «ғарасат майданының» қарсаңы. Біз соның ішінде Д.Әділевтің көрсетіндісінде айтылатын бір оқиғаға ғана тоқталамыз. Үкімет төрағасының орнынан түскеннен кейінгі С.Сейфуллиннің Сталинге жазған хатында:

«...Айналып келгенде, Қазақстанды оңшыл элементтер билеп алды, ал «Алашордашылар» қол шапалақтап отыр. Дәйек үшін үлкен мәні бар елеусіз бір оқиғаны келтірейін. Бүкіл Қазақстан тұтастыққа ие боп, Жетісу мен Сырдария облыстары қосылғаннан кейін өткен Ақмешіт (Перовскі) қаласындағы Ү жалпықазақ құрылтайына үлкен маңыз берілді. Құрылтайдың ашылғанына екі-үш күн өткен соң менің бір жолдасым: мәжіліс өтіп жатқан залдың төріндегі қызыл тудың жанына «Құраннан» алынған аят жазылған Досмұхамедов басқарған Батыс алашорданың туы қойылыпты – деді. Мен сенбедім. Бірақ та қызыл тулардың ортасында жасыл тудың тұрғанын есіме алдым. Кейбір жолдастар реніштерін білдірді. «Алашорданың» туы орынынан алынды. Кейін:«Бір орыс қызметкері білместікпен іліп қойыпты»,– деп түсінік берілді. Құрылтайдың техникалық жағын жоғары білімді адамдар басқарды емес пе», – деп мағлұмат берді.

Ал «мәжіліс өтіп жатқан залдың төріндегі қызыл тудың жанына «Құраннан» алынған аят жазылған» Алаш туының орналасуы және оның Халел Досмұхамедовтің есімімен байланыстырылуында тарихи нысан жатыр еді. Өйткені «Алаш Алаш болғалы, Алаша хан болғалы», «Керегеміз – Ағаш, Ұранымыз Алаш!» болғалы қазақтың тәуелсіздігін тұңғыш нысана еткен Ту осы болатын.

Өйткені: 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында өткен Орал қазақтарының І құрылтайында Халел Досмұхамедов:


Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абайдың шәкірттері туралы. 1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай туралы Ә. Бөкейханов,
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Сонымен, 1951 жыл. Жиырма үшінші ақпан. Жазушылар жиналысы. Бұл жолы сөздің кезегі бірінші болып өмірінде бірінші рет Сәбит Мұқановтан бұрын Мұхтар Әуезовке берілді
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Ііі том. 93 бет. 6 түптеме
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> МҰхтар әуезов пен сәбит мұҚанов
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Стенграмма: Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ. Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет