Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор



Дата03.05.2016
өлшемі126.03 Kb.
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2, 2012

А.У.ИЩАНОВ

экономика ғылымдарының кандидаты, профессор


М.К.МАМБЕТКУЛОВА

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің магистранты


ЕРКІН ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ КЕЙБІР

ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
В данной статье рассматриваются создание и перспективы развития свободных экономических зон в Республике Казахстан, которые способствуют развитию национальной экономики и ее интеграции в мировую экономику.
This article focuses on the development and prospects for development of SEZ in Kazakhstan which allow to carry out economic reforms in the regions and promote to develop national economy and  to integrate into the global economy more closely.
Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикалық дамуы, экономикалық-қаржылық мүмкіншіліктері, ресурстық қамтамасыз етілу деңгейі, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымының даму жағдайы тұрғысынан бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл факторлар аталмыш өңірлердің әрбірі үшін мемлекттің басым бағыттағы салаларын дамыту және еліміздің жалпы мүдделерін ескере отырып, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін стратегиялық реформалармен таңдалып бекітіледі. Сондықтан, мемлекет өңірлердің даму міндеттері мен жетістіктерін айқындауда белсенді рөл атқара отырып, қолдағы бар экономикалық мүмкіншіліктерді пайдалану, экспортқа бағдарлы және импорт алмастырушы жаңа өнім түрлерінің өндірісін игеру, инвестицияларды қарқынды тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту негізінде өңірлік дамудағы үйлесімсіздік пен тепе-теңсіздікті жоюға бағытталған реформаларды іске асыру керек.

Еркін экономикалық аймақтар (ЕЭА) ресурстық қорларды қолдану тиімділігін арттыру және өңірлердің экономикасын көтеру факторларының бірі болып табылады. ЕЭА құрылуы жергілікті және шетелдік капиталды тартуға, экспортты кеңейтуге, валюталық кірістерді көбейтуге, жаңа технологияларға қолжетімділікті арттыруға, төлем балансының жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр, жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде ұлттық экономиканың дамуына және оның әлемдік экономикаға интеграциялануына алып келеді.

ЕЭА-ны құру және дамыту қазіргі таңдағы аса өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Біз бұл ұғымның заңнамалық, экономикалық және ұйымдық қамтамасыз етілу тұрғысынан өте күрделі даму жолынан кейін, сондай-ақ оның жалпы республиканың және жекелеген өңірлерінің экономикасын қайта құру мен дамытуда ерекше рөл атқаратынын білеміз.

1973 жылы 18 мамырда Киото қаласында қабылданған «Кедендік рәсімдерді оңайлату және үйлесімді ету туралы» Халықаралық конвенция құжаттарындағы анықтамаға сәйкес еркін аймақ (немесе «франко-аймақ» – бұл тауарларды ұлттық кедендік аумақтан тыс орналасқан объектілер ретінде қарастырған, бақылауға және салық салудан босатылған, ел аумағының бір бөлігі болып табылады. Басқаша айтқанда, ЕЭА – ерекше заңды тәртібі бар арнайы аймақ. ЕЭА-дағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметін реттейтін арнайы заңнамалар бар, олар кедендік реттеу, салық салу, лицензиялау, визалық рәсімдеу, банк қызметі, мүліктік және кепілдік қарым-қатынастар (оның ішінде жерге меншік құқығына қатысты қатынастар), концессиялар ұсыну, еркін аймақты басқару секілді маңызды мәселелер жан-жақты қарастыралады 1.

ЕЭА қызметі, әлемнің көптеген елдеріндегідей, шетелдік инвестицияларды тартудың тиімді тәсілдерінің бірі және сыртқы экономикалық байланыстарды нығайту мен біртұтас экономиканы дамыту катализаторы болып табылады. Ендеше, кез келген елдің дамуы тұрғысынан ЕЭА-ға шынайы қажеттілік туындайды.

Еркін аймақтың басты міндеті өз аумағындағы өнеркәсіптің дамуына жаңа серпініс беру екені белгілі. Олар экономикалық жағынан артта қалған аймақтарды жандандыруға немесе олардың экономикасын бірден көркейтуге елеулі ықпал етеді. Сонымен қатар, еркін экономикалық аймақтар мемлекеттік капитал салымдарындағы ұзаққа созылған дағдарысты жағдайларды түзетуге немесе жергілікті деңгейдегі қиыншылықтарды жеңуге мүмкіндік береді.

Еркін аймақтар халықаралық тәжірибеде, әсіресе дамушы елдердегі ауыртпалы ахуалдардың тиімді шешімін табуда кеңінен қолданылады.

ЕЭА құру 2-3 жыл ішінде құрылып жұмыс жасай алмайды, белгілі бір жылдарды талап етеді. Себебі, мұнда жаңа өндірістік қатынастарды құруға басты мән беріледі. ЕЭА құру кезінде келесі шарттардың сақталғаны жөн:

- аймақтық салық салу жүйесін, лизенциялау процедурасын, банк ісін, кепілдік қатынастарды, еңбек шарттарын және әлеуметтік тәртіпті реттейтін жергілікті және мемлекеттік деңгейдегі арнайы аумақтық заңдарды шығару, өңдеу және жетілдіру;

- ЕЭА-ға мемлекеттен қандай нақты міндеттің (міндеттердің) жүктелетіні және бұған қанша мөлшерде мемлекеттік капиталды салымдар мен субсидиялар бөлінетіні көрсетілген және мемлекеттік органдар тарапынан бекітілген аймақтық даму бағдарламалары бар болу;

- бекітілген бағдарламаны орындауға және осы аймақты құруға материалдық тұрғыдан жауап беретін және бұл үшін жеткілікті қаражатқа ие болатын ұйымдық-экономикалық құрылым жұмыс істеу;

- еркін аймақты дамыту және оның бюджетін қалыптастыру жөніндегі мәселелерді шешуге қажетті көлемде инвестиция тартуға көмектесетін арнайы қаржы институттарын құру;

- бюджеттік және несиелік қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын бақылау және оның мемлекеттік бюджетпен өзара байланысын қадағалау;

- әсіресе, шаруашылық-экономикалық және қаржылық қызметтер саласындағы заңдарды бекіту секілді жоғары тұрған басқару органдарының бірқатар құқықтарын аймақтық және өңірлік басшылыққа, жекелеген кәсіпорындарға, қызмет түрлеріне немесе жалпы аймаққа беру.

ЕЭА-да материалды өндіріс пен қызмет салалары нысандарының ең кемі 60-70% жекешелендіру және акционерлендіру арқылы еңбек құралы мен заттарына меншік түрінің өзгеруі аймақта жаңа өндірістік қатынастардың қалыптасуына жағдай жасайтын басты фактор рөлін атқаруда. Акционерлендіруден кейін жер үлестері, табиғи қазбалар, қоймалардағы тауар-материал қорлары, қаржылық және валюталық ресурстар акционерлік қоғамның немесе кепіл-сақтандыру қорының иелігіне берілу керек.

ЕЭА-ның дамуы экономика үшін үлкен мәнге ие. Әлемдік тәжірибе ЕЭА-ның экономиканы дамытудағы жоғары тиімділігін растады. Бүгінгі күні әлемнің 120 елінде 1200 ЕЭА жұмыс істейді. Осы ЕЭА-да өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 350 млрд. долларды, ал жұмыс орын саны – 60 млн. көрсетіп отыр.

Әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, ЕЭА-тар дұрыс құрылған жағдайда өндірістік дағдарыс пен құлдыраудан шығудың, шетелдік және отандық инвестицияларды тарту арқылы экономикалық тұрақтандырудың тиімді жолдарының бірі екенін көрсетеді. Бұл аймақтарда кедендік реттеудің, салық салудың, баға белгілеудің, қаржыландырудың және валюта бағамының ерекше тәртібі мен механизмдерін орнату, қаржылық, материалдық, техникалық және еңбек ресурстарын іске қосады. Нәтижесінде экономикалық әлеует тезірек дамиды, валюталық түсімдер көбейеді, ішкі нарық бәсекеге қабілетті тауарлармен және қызметтерге байи түседі, экспорт өседі.

Қазақстандағы алғашқы ЕЭА 1991 ж. пайда болды. Олар – Жезқазған облысындағы Жәйрем-Атасу, Талдықорған облысындағы Жаркент және Алакөл, Қостанай облысындағы Лисаков, Ақмола облысындағы Ақмола және Қызылорда облысындағы Қызылорда еркін экономикалық аймақтары, Талдықорған қаласындағы “Талдықорғанвнештранс” кәсіпорны негізінде құрылған субаймақ және Алматы қаласындағы “Атакент” еркін сауда аймағы. Сондай-ақ, бірнеше облыс (Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау) ЕЭА болып жарияланды. Алайда алғашқы тәжірибе қызмет етудің құқықтық және ұйымдық механизмінің жетілмеуі салдарынан көзделген мақсатқа жетпеді, оларға қаржылық, салықтық және басқа да мәселелерді шешуде қажетті деңгейде дербестік берілмеді.

Қазақстанда ЕЭА-ға бар мүмкіндіктерін толық пайдалануға мүмкіндік бермей жатқан бірқатар қиыншылықтар бар екені мәлім. Бұларға бюджеттік шығыстардың төмен деңгейде бөлінуі, реттеу және басқару ұйымдарының тиімсіз іске асырылуында, инвесторларды тарту құралының қолданылмауын, аймақтарға тән өзіндік ерекшеліктердің ескерілмеуін, қатысушыларды тіркеу рәсімдерінің ұзаққа созылуын және ЕЭА басшылығы мен өкілетті ұйымдар арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін заңдар мен салық заңнамасының тұрақсыздығын жатқызуға болады. Еркін экономикалық аймақтар туралы заңның іс жүзінде орындалуы олардың мақсатын, жұмыс істеу қағидаларын және міндеттерін белгілеуде концептуалдық тұрғыдан кемшіліктердің жіберілгенін байқатты. Осыдан қол жеткізілген тәжірибені қайта саралап, оны шетелдік тәжірибемен салыстыруға және нормативті құқықтық базаны жетілдіруге қажеттілік туындады. Аймақтар мен өңірлердің өкілеттіктерін шектеу қажеттігі бірінші кезекті міндетке айналды.

Құрылып жатқан кез келген ЕЭА сыртқы экономикалық жүйеге ашық болатын және онымен әр түрлі арналар арқылы байланысатын жүйе ретінде қарастырылу керек. Мұнда соңғы нәтижеге жету үшін қажетті жеңілдіктерді ұсынудың бастапқы тәртібі барынша тұрақты болуы және сыртқы ортаның ықпалынан әсерленбеуі қажет.

Лисаков қаласы еркін экономикалық аймақ шарттарында (1992-1996 жж.) жұмыс істеген кезде бұл қаланың дамуында оң өзгерістер байқалып, дотациялық емес аймаққа айналды. Оның кіріс бөлігі 1993 жылы 101,4 %, 1995 ж. 118,3% және 1996 жылдың алғашқы сегіз айында 107,5% орындалды. Бұл жағдай бұрын облыстық бюджетке иек артқан жеті мекеменің енді осы аймақ тарапынан қаржыландырылуына алып келді. Оларға 1995 жылы 21,3 млн. теңге қаражат бөлінді. Сонымен қоса, облыстық бағдарламаларды орындауға ЕЭА тарапынан 45 млн. теңгеден аса қаржы бағытталды 2.

Қызылорда ЕЭА экологиялық жағынан қолайсыз қаладағы әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерді шешу үшін құрылды. Бұл үшін оны республикалық және халықаралық еңбек бөлінісі жүйесіне интеграцияландыру және әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне ендіру қажет. Қызылорда қаласына арнайы экономикалық аймақ мәртебесінің берілуі көптен бері жұмыссыз тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта қалпына келтіру, жаңа өндірістерді игеру, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету, инвестиция тарту бойынша ауқымды шараларды атқаруға мүмкіндік берді. Бүгінде облыс аумағында нарықтық инфрақұрылымның негіздері қалыптасып, екі тауар биржасы жұмыс істеуде, аудиторлық, консалтингтік, сақтандыру фирмалары, маркетинг орталықтары және кәсіпкерлік бірлестіктер құрылуда, банк мекемелері желісі нығайтылуда.

Жәйрем-Атасу еркін экономикалық аймағы жұмыс істеген уақытта (1993-1996 жж.) аймақ экономикасында оң өзгерістер орын алып, өңірде әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізілді, өнеркәсіп өндірісінің әлеуеті мен инженерлік-техникалық мамандардың басым бөлігі сақталып қалды.

Қазақстанда еркін экономикалық аймақтарды құру үрдісі экономиканы жаңғырту және шетелдік инвестицияларды тарту құралына айналуға тиіс. Бүгінде Қазақстан Республикасында 7 ЕЭА жұмыс істейді. Олар – «Астана – жаңа қала», «Ақтау теңіз порты», «Инновациялық технологиялар паркі», «Оңтүстік», «Ұлттық индустриялық мұнай-химия техникалық паркі», «Бурабай» және «Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймақтары.

«Астана – жаңа қала» АЭА Қазақстанның бас қаласы – Астананың Есіл өзенінің солтүстік жағалауында орналасқан бөлігін жедел дамыту мақсатында құрылды. Бастапқыда 1053 га болған аумағы кеңінен 5440 га-ға дейін кеңейтілді. 2001-2006 жж. «Астана – жаңа қала» АЭА аумағындағы инвестиция көлемі 718 млрд. теңгеден асты, оның ең кемі 60% жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етілді. Жапондық мамандардың есептеулері бойынша инвестициялық салымдар рентабельділігінің ішкі мөлшері 10-11% құрады, әрине бұл халықаралық қаржы институттары, оның ішінде ЕҚҚБ және АДБ тарапынан бекітілген тиімділік шегіне сәйкес келеді. Жалпы осы аймақта қарастырылған жеңілдіктер мен артықшылықтар объект құрылысының өзіндік құнын кәдімгі режимде салынған ұқсас объектілердің құнынан 15-20% төмен болуына септігін тигізеді. «Астана – жаңа қала» АЭА 2015 жылға дейін жұмыс істейді.

«Ақтау теңіз порты» АЭА теңіз сауда портының аумағында және Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласының әкімшілік-аумақтық шеңберіндегі территория бөлігінде орналасқан. Бұл АЭА-ның міндеті ел экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне енуін жылдамдату, жоғары тиімді, оның ішінде жоғары технологиялық және экспортқа бағдарлы өндірістерді құру, жаңа өнім түрлерінің өндірісін игеру, инвестицияларды тарту, нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын жетілдіру, басқару мен шаруашылық жүргізудің осы заманғы әдістерін енгізу және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін өңірді жедел дамытуға бағытталады.  

Бастапқыда АЭА аумағы 227 га. құрады, кейіннен 982,3 га. дейін кеңейтілді. «Ақтау теңіз порты» АЭА төрт арнайы құрылымға бөлінген:

▪ Aktau Industries индустриалдық қаласы;

▪ Каспий қайраңы инфрақұрылымын меңгеру бойынша орталық;

▪ Aktau Free Trade шекаралық сауда орталығы;

▪ «Мультимодельді көліктік-логистикалық орталық».

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы Қазақстан Республикасының Оңтүстік Қазақстан облысында мақта-тоқыма кластерін құру және осы өңірдің перспективалы тоқыма секторына инвесторларды тарту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында құрылды. Арнайы экономикалық аймақ тоқыма өнеркәсібін қайта құрылымдастыру және жаңғырту, дайын тоқыма өнімдерін өндіру үшін әлемдік брендтерді тарту, өнім сапасын жақсарту және түрлерін көбейту арқылы өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндіріс шығындарын азайту, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейту және оның әлемдік экономикаға интеграциялануын жылдамдату есебінен тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуді мақсат тұтады. Бұл аймақ 2015 жылға дейін жұмыс істейді деп бекітілген. Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы экономикалық аймақ құру және оның инфрақұрылымын дамыту үшін Сайрам ауданынан 200 га жер телімі бөлінген.

«Ақпараттар технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы Жарлығымен құрылып, жұмыс істеу мерзімі 2013 жылға дейін созылған. Алматы қаласының Медеу ауданының Алатау кентіндегі 342,9 га аумақта орналасқан бұл аймақ жоғары ақпараттық технологиялардың жоғары тиімді, оның ішінде жоғары технологиялық және экспортқа бағдарлы түрлерінің өндірісін құруға, ақпараттық технологиялардың жаңа өнім түрлерінің өндірісін игеруге, инвестицияларды тартуға бағытталған.

«Бурабай» арнайы экономикалық аймағы Ақмола облысының Бурабай қаласы аумағында орналасып, 370 га ауданды алып жатыр. Жұмыс істеу мерзімі 2017 жылға дейін деп белгіленген. «Бурабай» арнайы экономикалық аймағы мына мақсаттарда құрылған:

▪ осы өңірге келетін қазақстандық және шетелдік туристердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және қанағаттандыруға мүмкіндігі бар, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды құру;

▪ инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы инвестициялық ортаны қалыптастыру және отандық һәм шетелдік инвестицияларды тарту.

«Ұлттық индустриялық мұнай-химия техникалық паркі» 2007 жылы Атырау облысында көмірсутекті шикізаттарды терең өңдеу бойынша әлемдік деңгейдегі мұнай-химия өндірістерін дамыту және қосымша құны жоғары әрі бәсекеге қабілетті мұнай-химия өнімдерін өндіру мақсатында құрылды. Бұл парктің құрылуы бір-бірімен байланысты мұнай-химия өндірістерінің кешенін салу және дамыту, Қазақстан экономикасы үшін мұнай-химия саласының серпінді дамуын қамтамасыз ету қажеттілігінен туындады. 3475,9 га аумақты алып жатқан және 2032 жылдың 31 желтоқсанына дейін жұмыс істейтін осы арнайы экономикалық аймақтың мәртебесі мен құрылымы инвестицияларды тартуға және тиімді игеруге қажетті шарттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді 3.

«Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы Алматы облысының аумағында орналасқан. АЭА аумағы 5740 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.

АЭА:

1) Қазақстан Республикасының сауда-экспорт қызметінің және транзиттік әлеуетін іске асырудың мүддесін қамтамасыз ететін, сондай-ақ шектес мемлекеттермен экономикалық және мәдени алмасуды дамытуға ықпал ететін тиімді көліктік-логистикалық және индустриялық орталық құру;



2) қазақстандық өнімнің жалпыәлемдік өндіріс пен өткізу жүйесіне кірігуін жүзеге асыру, халықаралық стандарттарға сәйкес инновациялық, бәсекеге қабілетті отандық өнім жасау;

3) инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы инвестициялық климат жасау және отандық әрі шетелдік инвестицияларды тарту;

4) республика экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне кіруін жандандыру үшін өңірді жедел дамыту;

5) нарықтық қатынастардың құқықтық нормаларын жетілдіру, басқару мен шаруашылық жүргізудің қазіргі заманғы әдістерін енгізу;

6) халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту мақсатында құрылады.

Бүгінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Түркіменстанмен шекаралас аумақта тағы бір еркін экономикалық аймақ құру мүмкіндігін қарастыруда. Десек те, елдегі заңнама инвесторларды ынталандыру тұрғысынан әлі де болса дәрменсіз қалуда. Бұл аймақты құрудағы негізгі мақсат, сөзсіз, Иранның теңіз порттарына шығатын Узень – Гызылгая – Берекет – Этрек – Горган бағыты бойынша теміржол құрылысынан туындап отыр.

Сондай-ақ, Түркістан қаласында ЕЭА құру және оған «айрықша» қала мәртебесін беру мүмкіндігін де қарастыру керектігін айта кеткен жөн. Себебі, Түркістан қаласы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан, ежелден мәдени-тарихи, ағарту, сауда және рухани орталық болып табылады. Сонымен қатар, отандық және шетелдік туризм орталығына һәм дүние жүзіндегі мұсылмандардың зиярат ету орнына айналған бұл шаһарға немесе оның белгілі бір аумағына еркін экономикалық аймақ мәртебесінің берілуі рухани, мәдени және ұлттық мұраларды сақтауға және дамытуға елеулі мүмкіндік туғызады.

Сонымен, Қазақстанда еркін экономикалық аймақтардың құрылуы және қалыптасуы өңірлік экономикалық реформаларды іске асыруға, өнеркәсіптік тауарлардың өндірісін дамытуға, инвестицияларды тартуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және халықты жұмыспен қамтуға, ішкі нарықты өндірістік және өндірістік емес сипаттағы, бәсекеге қабілетті тауарлармен және қызметтермен толықтыруға септігін тигізеді. Сондықтан, артықшылықтар мен жеңілдіктерді белгілі бір кәсіпорындар, салалар немесе аумақтар арасында таратуға емес, керісінше оларды шаруашылық жүргізудің жаңа түрлерін ынталандыру және өңірдің технологиялық серпілісін күшейтетін сыртқы экономикалық қатынастарды дамыту мақсатында пайдалануға қолайлы шарттарды қалыптастыру аса маңызды болып табылады. Сондай-ақ, еркін экономикалық аймақтар ел экономикасының бүкіләлемдік байланыстар жүйесіне интеграциялануын жеделдетуге және қомақты мөлшерде тауарлар мен капиталдарды тартуға жағдай жасайды. Ендеше, оларды құру саясаты жан-жақты ойластырылып, жүйелі түрде жүзеге асырылу керек.


ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Абраменков А.В. Совместные свободные экономические зоны //Российский внешнеэкономический вестник. – 2010. -№8. –14-23 с.

  2. Рау А.П. Лисаковская. СЭЗ: опыт и проблемы развития. –А., 1998. –63 с.

  3. Мухамеджанова Д.Ш. Мировая практика создания СЭЗ и перспективы их развития в РК. –А., 1999.



Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет