Елдік пен еркіндік жаршысы, дуалы ауызды Дулат ақын.



жүктеу 90.48 Kb.
Дата03.04.2016
өлшемі90.48 Kb.
: docs
docs -> Стандартные требования на бесшовные трубы из среднеуглеродистой стали для котлов и пароперегревателей 1
docs -> Техническая характеристика ао «нак «Казатомпром»
docs -> Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 24 қарашадағы №764 бұйрығы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»
docs -> Бұрын белгісіз болған оқиға жөніндегі кез келген мәлімет аталады



Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы Ұлттық әдебиет өлкетану бөлімінің аға кітапханашысы Камалиева Қ.Қ.

Елдік пен еркіндік жаршысы, дуалы ауызды Дулат ақын.

(Дулат Бабатайұлының 210 жылдығына)
«Дулат жырларының күш – құдіреті оның көркемдік

қуаты, мазмұн байлығымен қатар, замана келбетін

бар бедерімен көрсете білген шыншылдығында»

(М. Мағауин)
Дулат ақынның өмірі жайлы мәлімет өте аз. Туған елінің тарихи бір кезеңін өз болмысымен жырлап өткен ақынның шығармашылығы туралы ұсынылып отырған мәліметтер оқырмандарымыздың қажетіне жарап, рухани айнасына айналар деген ойдамын.

Халық ақыны Шәкір Әбеновтің және ел аузынан жиыстырған мәліметтерге қарағанда, ол 1802 жылы Семей облысы, Аягөз ауданында туған, руы Найман, оның ішінде Қаракерей. Дулат жасынан – ақ өнер қуған адам деседі. Шығармаларына қарағанда, мұсылманша хат білген, түркі таныған, молдалар арқылы сол кездегі қазақ даласына тараған діни көзқарастардың шеңберінде дін туралы да біршама түсінігі бары байқалады.

Дулат жырларының негізгі тақырыптары - әлеуметтік және тәрбиелік мәні зор мәселелер: қазақ халқының бір алуан руларының оңтүстіктен Арқаға қоныс аудару, патша өкіметінің отарлау саясаты, заман ағымы, қазақ даласындағы өз кезіндегі ел басқарудағы, тұрмыс салттарындағы өзгерістер, жастарға тәлім – тәрбие беру мәселелері, т. б. сөз болады.

Дулат жырау - өзінен бұрынғы және өзінен кейінгі (Абайды санамағанда) ақындардан көп жайттарда өзінше ерекшелігі бар, идеялық қайшылықтары да көп, бірақ өз дәрежесінде өмір мәселелерін терең толғап шешуге тырысқан ақын. Поэзиямыз тілін байыту жағынан да Дулат өзіне дейінгі ақындарға қарағанда көп еңбек сіңірді. Сондықтан да оның әдебиет тарихында тиісті өз орны бар.

Дулаттың өзіне ғана тән ерекшелігі – поэзияда бірінші рет қазақ жұртын тұтас алып қарай отырып, оны езушіге, езілушіге жіктеп, ел басшысынан бұқара халықты айыра бөліп алып сөз етуі.

Осы айыра қарауы Дулатты, екіншіден, патша өкіметінің отыршылдық езгісін қоса сынау дәрежесіне дейін көтере алды. Болмаса отаршылдықтың салқынын Бұқар да көріп, бұл жөнінде ол да сөз айтты. Бірақ ол қазақ хандарына дәл Дулатша көзқараспен қарай алған жоқ.

Дулатқа тән үшінші ерекшелік – ол сыпыра жамандап, түңілудің ақыны емес әрі көзсіз дақпыртпен мадақтауға да жоқ.

Дулат қазақтың сол кездегі үстем тап өкілдеріне олардың отыршылыққа көзқарасы тұрғысынан келіп баға берді әрі жоғарғы тап өкілдерінің бұқара халықты езушілігін де олардың осы көзқарасы тұрғысынан келіп сынады. Бірақ Кеңесбай бастаған аға сұлтан, төре, билерді, батыралар мен бектерді сынағанда, Дулат сендер халықты жат жұртқа талаттың, жат жұртпен қосыла таладың, ездің деп сынады.

Ал Дулатта жер басып, тірі жүрген үстем тап өкілдерін мақтау жоқтың қасы. Ол осы кезде өзі бүйрек бұрған Кенесары тағдырына қатысты болған оқиғаны объективті баяндау тұрғысынан ғана келіп, бірде:

Хан сарқыты Кене хан

Хан жорық боп қаңғырды, - десе, бірде, «Кене хан келіп мертінен» деген бір – ақ жол – еске алу жолын арнайды. Тіпті соның өзінде де Дулат Кенесарыға сынай сөз айтқан.

Жалпы, қазақ әдебиетінде Кенесарының әрекет – пиғылын көтерілістен бөліп алып, айыра қараған кісі – Дулат жырау. Қазақ ауыз әдебиетінде қазақ руларының өзара ұрыс – төбелесінде я қазақ – қалмақ, т. б. бөтен жұртпен ұрыс – соғысында мерт болған батырдың жұбайы я анасы, қарындасы аузымен айтылатын жоқтау жырларда осы ұрыс басында болған я сол ұрыстың себепкері болған ел басшыларын мінеу, соларды қарғау сияқты жолдар бар. Бұл сияқты өлең жолдарын жеке адамның мүддесі айтқызған.

Ал сол өз кезіндегі қоғамдық ойдың жеткен биігінен келіп, сол кездегі тарихи жағдайдан, тарихи жағдайдың талаптары тұрғысынан топшылай келіп, ел басы, жұрт басы деген Кене ханды, оның әрекетін өз кезінде Дулат қана сөз ете алды. Қоғамдық пікір келесінде, әдебиетте Кене ханды бірінші рет тілге тиек еткен Дулат болды...

Дулатқа тән төртінші ерекшелік – ол бұқара халықты, езгідегі момын жұртты көріп, солардың мұңын мұңдап, жыртысын жыртты. Жылауды көпшілікті танып, солардың тұрмысын сөз етті.

Міне, осы төрт ерекшелік Дулатты өзіне дейінгі ақындардан өте жоғары биікке көтерді. Басқа емес, дәл осы ірі – ірі төрт тақырып арқылы қазақ поэзиясы прфессионал әдебиеттерге тән сипатқа ие болды.

Абай дәуіріне дейінгі қазақ поэзиясын мазмұн, тақырып, түр және көркемдік тәсілдері жағынан байытып, жаңа биікке көтерген Дулат Бабатайұлы. Ол – патшаның отарлау саясатын қазақ елінің шырқын бұзған, қазақ қоғамының өзіндік дамуына кесір – кесапатын тигізген құбылыс деп ешкімнен жалтақтап – жасқанбай сындарлы пікір айтқан ғұлама. Бұл кезең бізде хандық дәуірдің жойылып, орыс отаршылары ойлап тапқан «Жаңа низам» бойынша ел билеу құқы аға сұлтандардың қолына көшкен кез еді. Орыс ұлықтары мен билеп – төстеушілері «бөліп ал да, билей бер» деп ойына келген заң – зәкүндерін жасап бақты. «Сібір қазақтары туралы» деген жаңа заң жүйесі шықты, сауда – саттық күшейді. Орыс саудагерлері қазақтың малын отар – отарымен сатып алып, Ресей жәрмеңкелеріне өткізетін болды. Ақша айналымы күшейді, көшпелі халық өкіметке алым – салық төлейтін болды, жарлы – жақыбайлар басыбайлы шаруа күйіне түсті. Отарлау саясаты халқымыздың ғасырлар бойына қалыптасықан салт – сана, әдет – ғұрып, психологиясына да кері әсер етті. Сәбидей жаны таза, ақкөңіл, пейілі кең дала тұрғындарының арасынан жарамсақтар, жалтақтар, арызқой, пысық атқамінерлер мен жылпостар шыға бастады. Қазақтың небір игі жақсылары (бай, мырзалар, т. б.) патша жандайшаптарының алдында құрдай жорғалай бастады. Діні үшін емес, күні үшін «тіршілік» етуді мақсат тұтқан елпекбайлар көбейді.

Дулат міне осы бір жаңа тарихи кезеңнің жыршысы, елдің еркіндігін шектеген отаршылдықтың сыншысы, елдіктің, қолдан шығып бара жатқан еркіндіктің жоқшысы, жаршысы болды. Дулаттың ұлылығы да осында еді.

Еркіндігі шектелген, азайған халықтың елдігі, бірлігі де кемитінін, берекелі бола алмайтынын Дулат терең түсіне алды. Ақынның:

Елдігің кетіп ыдырап,

Бәйгені өсек – сыбыр ап.

Алтын жағаң сөгіліп,

Абыройың төгіліп,

Барыңнан да жақсы еді

Жоқ болғаның мұнан да, - деп налитыны сондықтан.

Ел басына күн туған мұндай қиын жағдай кең сахарада еркін өмір кешкен көшпелі халықтың қамсыздығынан, бейқамдығынан да болды деген ойын Дулат бүкпелемей тура айтады:

Күн батысқа көз салмай,

Күн шығысты еске алмай,

Бізді алатын жау жоқ деп,

Бізден мықты дәу жоқ деп,

Алды – артыңды байқамай,

Маған не бар дескенсің, - дейді ақын.

Ал енді елдің билігі өз қолынан кете бастағанда қазақты басқаратын болыс – билер патшаның ұлық – оязына бағынышты болып, не ісінде, не сөзінде береке жоқ бишаралық күй кешкенін қатты сынап – мінейді:

Елін сатып шен алған,

Өлекседен жем алғын.

Кебеже қарын, кең өңеш,

Өлексе көрсе үңілген,

Күшігеннен кем емес

Шенділердің қылығы.

Шен – шекпенге құмартқан ел билеушілердің дәрменсіздігі халықтың соры болды деп ашынады:

Бай малына сүйеніп,

Нашарға түсті салмағы.

Иен далаңды шаңдады,

Еліңді езіп қанады,

Сырғалыңа сұқтанды,

Жеріңе орнап нықтанды.

Тағы бірде:

Сауыр жерден айрылып,

Қазақ елі жұқарды.

Сауыр емес, шап болды,

Заманға сай адамы –

Қу заманда сұм басшы

Сорымызға тап болды, - дейді.

Дулаттың өлең – жырларындағы осындай ең түйінді, өте маңызды ой – толғамдар, идеялар тек оның поэзиясына тән емес, сол дәуірдегі қазақ поэзиясын түгелдей алғанда, көктей өтіп жатқан желілі, арналы, ауқымды сарындар.

Ақын шығармашылығының алтын арқауы – туған халқының ата қонысы, сұлу табиғаты, халқының тәуелсіздігі, ел – жұртының береке – бірлігі, өнімді еңбекке толы тірлігі, ақжарқын адал ниет, көңіл – күйі. Ел, жер азаттығы үшін жан аямай күреске шақыру идеялары. Туған жерін, елін шын жүрегінен сүйе білген ақынның әрбір өлең жолдары халқы үшін қымбат.

Жоның жайлау кең алаң,

Атам қонған ен далам.

Мендей сені қызғанар,

Бауырыңда өскен қай балаң?

Көл қорыған қызғыштай,

Сен десе салам байбалам.

Жайлауыңды көргенде,

Жадыраймын, жайланам.

Өксігіңді ойласам –

Ұйқы беріп, қайғы алам.

Келтірілген өлең шумағын Дулаттың ақындық кредосы деуге тұрарлық. Ел – жер тағдыры, ата – қоныс жайы, халқының тәуелсіз – дербес өмірі, дәулетіне сәулеті сай тұрмыс – тіршілігі – ақынның жатса – тұрса есінен еш шықпайтын асыл арманы. Сондықтан да ол халқының үміт артар ақылшысы, бойын жазып, көңілін сергітер өркениет ақпа ақыны, мәңгі өшпес көркемсөз нөсерін ақтара жыр толғаған рухани жетекшісі болып қалады.

Дулаттың өлеңдері ойлы, сұлу суретті. Нысанасына дәл тиерлік өткір. Шығармалары белгілі бір мәселелерді қозғап, әлеуметтік ой түйеді. Ел арасында кездесетін жат мінезділер тобы сыналады.

Елде етек алып бара жатқан арамзалардың жұғымсыз бейнелерін суреттеп, олардан қалың елді сақтандырады. Жастарға үлгі болар адал жанды ер азаматтарды, кең пейіл жомарттарды көргенде тәрбиелі, ойлы, өнерлі, озат адамдарды ардақтайды.

Дулат ақындық өнеді, сөз кестесін төге білген шешендерді, табан асты сөз табар жүйріктерді жоғары бағалайды. Ойлы – сырлы өнер адамдарын, олардың ерекше қабілеттерін ардақ тұтады.

Шашудай болыып шашылар,

Меруерттей асыл сөз деген.

Жыршылардың шайыры

Асыл сөзді езбеген.

Нысананы дәл басып,

Қалаған жерден көздеген.

Қамқа бірдей бола ма

Қалам мата бөзбенен.

Қосылып алтын қоымас

Мырыш пен мыс, жезбенен.

Көркем сөздің құдірет – күшіне, рухани тәлімдік мәніне терең түсініп, жоғары талаптар қоя білумен қабат Дулат өзінің төл туындыларын сол талаптар тұрғысынан шығаруға күш салған, өзіндік ақындық мақсаттарын айқындап, оның әсерлілігін, көркемдік құнын арттырған. Егер Дулаттың өз сөзімен айтсақ, ол өлеңдерін сусағандарға сусын, шаршағандарға қуат берер күшті сөздерден құраған. Қамыққан халқының көңілін көтеріп, жадау тартқан жүрегіне жылы қан құйып, бойын жылытар күш беруге тырысқан. Өлең сөздің қадір қасиетін, тәлімдік мәнін терең түсінген.

Ақын өлең техникасына да жетік сияқты. Оның өлеңдерінің тармақ - шумақтары, сөз тіркестері жүйелі. Олпы – солпы тұрған, оғаш ұғым туғызар, орынсыз тіркестер кезікпейді. Әр сөз белгілі ұғымға сай жымдасады. Көп жолдары бір әріптерден басталып, өлеңнің дыбыс қуатын күшейтеді. Әсірелеулері – поэтик тілдері өте мәнді, нәрлі, айқын, көркемдік күші жоғары. Көбінше, оқушысына танық, сөз бояулары қанық. Халықтық байырғы әсірелеулерді жаңғырта – жасарта пайдалануы, өзіндік тіл ұстартқыштық қабілеттеріне куә болғандай. Тіл бейнелілігінің бір көрінісін оның шендестірулерінен де айқын көреміз.

Дулат шығармаларының ең биік белесі – оның «Еспембет» дастаны. Бұл – ерлік эпос стиліндегі сюжетті туынды. Арнау, толғаулардан көлемді, көркем шығарма жазуға дейін көтерілгендіктің куәсіндей маңызды еңбек. Дастанның маңызы жинақы, шындыққа сай баяндалып, оқиға желісі негізгі қаһарманның әрекеттеріне құралған.

Бастан – аяқ халқына берілген ер тұлғасы сомдалады. Елінің тәуелсіздігі ұшін жан аямай күресе алатын нағыз намыскер батыр Еспембет ерліктерін үлгі етеді. Дастанның көркемдік жетістіктері де ақынның суреткерлігіне, шеберлігіне куә бола алады. Бұл – намысын жоғары қоя білер ақылды, арлы жас батырлар ұрпағына табыстырар кезіндегі қазақ әдебиетіне қосылған шынайы шығарма. Дастанның бейнелілігі оның тілінен де, суреткерлігінен де көрінеді. Батырлардың тұлғасын, олар мінген тұлпарларын, Ақбөртедей арғымақтың шабысын суреттеулері ақын шабытын ғана танытып қоймайды, тамаша тіл шешендігін де танытады.

Дулат поэзиясының тағы бір өзгешелігі, оның қазақ поэзиясы тарихында алғаш мысал жанрына қалам тартқандығы. Адамгершілік пікірлеріне қазық болған мысал іспеттес өлеңдер ақынның үлгі, өнеге, тәлім – тәрбие беру ниетіндегі қадір – қасиетін жоймаған шығармалар. Адамдар бойына лайық абзал қасиеттерді – кішіпейілдік, әділеттілік, қанағаттылық, еңбексүйгіштік жақталып, керісінше, мансапқорлық, менмендік, мақтаншақтық, опасыздық, нысапсыздық, қайырымсыздық, алдампаздық сияқты ұнамсыз мінездер сыналады. Бірінен үлгі десе, екіншісінен сақтандырады. Олар: «Шымшық пен бөдене», «Сары шымшық», «Қара қарға мен сауысқан» сияқты шығармалары.

Ал оның «Нысапсыз бір патша», «Шаштараз» толғаулары аңыздар сюжетінен жазылған, өзі тойса да көзі тоймайтын нысапсыз патшаның мансапқорлығы мен шаштараздай ант бұзған, аузына иелігі жоқтар сыналып, адамгершіл ақылдар ұсынылады.

Дулат қазақтың елін, жерін, оны қорғаған адал ұлдарын ерекше қадір тұтқан. Өзінің бойына біткен талантын соларды жеріне жеткізе жырлауға арнап, жатпай – тұрмай сөз майын тамызып өткен адал жанды азамат ақын. Өзі туған өлкенің сұлу табиғаты, Сарыарқаның самал желі, оның мал – жанға жайлы құнарлығы, ол өлкелерге деген ақынның құмарлығы жетімді жыр кестесіне оралыған. Қазақ жерінің табиғаты өзінің барлық сұлулығымен суреттелген.

Қорыта айтқанда, Дулат Бабатайұлы ХІХ ғасырдың 70 – жылдарына дейінгі өз дәуірінің ұраншысы, қазақ елінің болашақ тағдырының жаршысы болған ақын. Ұлттық өркениет қорына елеулі үлес қосқан ақылмандарымыздың бірі, артына тамаша сөз образдарын қалдырған ақынды дана демей кім демекпіз.


Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы

Ұлттық әдебиет өлкетану бөлімінің аға кітапханашысы Камалиева Қ.Қ.








©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет