Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыру ережесін бекіту туралы



жүктеу 57.13 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі57.13 Kb.

rect1





Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыру ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 13 шілдедегі N 598 Қаулысы


      Ескерту. Атауға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2305 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңының 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыру ережесі бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2305 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа
енгізіледі.
      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2007 жылғы 13 шілдедегі
598 қаулысымен   
бекітілген    
Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың
интернет-ресурстарына орналастыру ережесі
      Ескерту. Тақырыбындағы және мәтін бойынша «веб-сайттарына» «веб-сайтына», «веб-сайттарында», «веб-сайттарының» деген сөздер «интернет-ресурстарына», «интернет-ресурсына», «интернет-ресурстарында», «интернет-ресурстарының», «интернет-ресурсына», «интернет-ресурстарында», «интернет-ресурстарының» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2305 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
1. Жалпы ережелер
      1. Осы Ереже "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыру тәртібін айқындайды.
      1-1. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар, серпінді және статикалық ақпаратты қамтитындар болып бөлінеді.
      Ескерту. Ереже 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.05.29 № 698 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      2. Осы Ережеде мынадай негізгі терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:
      1) атрибут – HTML тілінің түрлеріне, алаңдарына, әдістеріне, ерекшеліктеріне және басқа да кейбір құрылымына жазылатын қосымша ақпарат;
      2) балама мәтін – тек мәтінді көрсететін құрылғыларды пайдаланған кезде мәтіндік емес веб-контенттің мазмұнын және функциясын түсінуге мүмкіндік беретін мәтін;
      3) веб-контент – электрондық ақпараттық ресурстың мәтіндік, мәтіндік емес немесе медиа мазмұны;
      4) интернет-ресурс – ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде жұмыс істеп тұрған электрондық ақпараттық ресурс, оны жүргізу және (немесе) пайдалану технологиясы, сондай-ақ ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылым;
      5) серпінді ақпарат – бұл мемлекеттік органның ағымдағы қызметін көрсететін уақытша сипаттағы ақпарат (перспективалық даму, өзекті оқиғалар, басым бағыттар және басқалары);
      6) статикалық ақпарат - мемлекеттік органның ішкі және сыртқы қызметін бейнелейтін, тұрақты (анықтамалық) сипатқа ие ақпарат (нормативтік құқықтық актілер, халықаралық шарттар, мемлекеттік органның құрылымы, ережесі және басқалар);
      7) тегі – интернет-ресурстың веб-бетіндегі мәтіннің көрінісін өзгертетін HTML тілінің элементі;
      8) Web Content Accessibility Guidelines (WCAG.2.0) – әртүрлі пайдаланушылардың барынша қалың тобы үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді веб-контентті құрудың заманауи ережелері мен қағидаттарын сипаттайтын веб-контентке қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі нұсқалық.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.29 № 698 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 29.12.2014 № 1386 қаулысымен.
2. Электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың
интернет-ресурстарына орналастыру тәртібі
      3. Мемлекеттік органның дербес құрылымдық бөлімшелері электрондық ақпараттық ресурстар дайындайды және оларды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыруға аппарат басшысымен, жауапты  хатшымен, жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған лауазымды тұлғамен келіседі.
      4. Келісілгеннен кейін электрондық ақпараттық ресурстар оларды мемлекеттік органның интернет-ресурсына орналастыру үшін жауапты құрылымдық бөлімшеге жібереді.
      5. Серпінді ақпарат жаңа ақпараттың түсу шамасына қарай, бірақ аптасына кемінде бір рет жаңартылады.
      6. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы статикалық ақпарат қажеттілігіне қарай жаңартылады.
      Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылатын электрондық ақпараттық ресурстар:
      1) Word, Ехсеl, НТМL және басқа мәтіндік форматтарда;
      2) JPG, GІF және басқа форматтардағы графиктік файлдар түрінде беріледі.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.05.29 № 698 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      6-1. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына электрондық ақпараттық ресурстарды орналастыру WCAG.2.0 сәйкес жүргізіледі:
      1) безендіру мақсатында пайдаланылатын мәтіндік емес веб-контенттен басқа мәтіндік емес және медиа веб-контенттер баламалы мәтінмен сүйемелденіп, бағдарламалық кодта тиісті атрибуттармен белгіленуге тиіс;
      2) веб-бетте бейнеленген, мағынасы оның түсіне байланысты болатын мәтіндік емес және мәтіндік веб-контент мағыналық жүктемесі дәл сондай баламалы мәтінді қамтуы тиіс;
      3) нысанында, мөлшерінде және орналасуында мағыналық жүктеме бар веб-контент элементтері тиісті мәтіндік анықтамамен сүйемелденуі тиіс;
      4) медиа веб-контент титрлермен немесе транскрипттермен сүйемелденуі тиіс;
      5) егер веб-контентті оқудың дұрыс дәйектілігі оның мағынасын анықтаса, онда ол бағдарламалы түрде анықталуы тиіс;
      6) үш секундтан аса автоматты түрде ойналатын аудио веб-контент үшін тоқтау, үзіліс немесе дыбысты ажырату механизмдерін беру қажет;
      7) интернет-ресурста орналастырылған веб-контент пернетақта арқылы басқарылуы тиіс;
      8) уақыт бойынша шектелетін бет немесе қосымша тоқтататын, икемдейтін немесе шектеу мерзімін ұзартатын механизмді қамтуы тиіс;
      9) секундына үш реттен астам жарқылдауды қамтитын, автоматты түрде қозғалатын, жыпылықтайтын, айналатын веб-контентті құру ұсынылмайды, қолданылған жағдайда осы веб-контентті тоқтату жөніндегі механизмді беру қажет;
      10) үлкен көлемді графикалық элементтері немесе навигациялық сілтемелері бар веб-бетте көрнекі бөлігінде веб-контенттің негізгі бөлігіне өту үшін сілтеме жасау қажет;
      11) әрбір веб-бетте беттің мақсаты мен тақырыбын сипаттайтын, тиісті тегте көрсетілетін ақпаратты тақырып болуы тиіс;
      12) сілтеменің мақсаты сілтеменің өз мәтінінен не сілтеме мәтіні мен оның бағдарламалы анықталған контекстінен түсінікті болуы тиіс;
      13) веб-бетте негізгі қолданылатын тіл тиісті атрибуттың көмегімен бағдарламалық кодта анықталуы тиіс;
      14) пайдаланушының ақпаратты енгізген кезіндегі анықталған кез келген қате мәтіндік хабарлама түрінде ұсынылуы қажет.
      Ескерту. Ереже 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.05.29 № 698 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      7. Мемлекеттік құпияларды құрайтын, жариялануы шектеулі, сондай-ақ басылымдық жариялануы Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған өзге де мәліметтер электрондық ақпараттық ресурстарды мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастыруға рұқсат етілмейді.
3. Ақпараттық қамтамасыз ету
      8. Мемлекеттік органның интернет-ресурстарының ақпараттық көздері:
      тиісті мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері;
      тиісті мемлекеттік органның ведомстволары;
      тиісті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері;
      тиісті мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдары;
      басқа ұйымдар берген мәліметтерді құрайды.


© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК


©netref.ru 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет