Әлеуметтану магистрі Қазақстан Республикасының білім жүйесіндегі несиелендіру



Дата03.05.2016
өлшемі71.67 Kb.
Накипбаева Жанар Абдуакановна Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Әлеуметтану кафедрасының оқытушысы,

әлеуметтану магистрі
Қазақстан Республикасының білім жүйесіндегі несиелендіру:

мәселелері және болашағы

Қазақстан Республикасындағы білім беруді несиелендіру саясаты, несиелендірудің шетелдік және отандық тәжірибесі, бүгінгі таңдағы өзгеріске ұшыраған сипаты, несиелендіруші қаржы орталықтарының қызметі, қайтарылым мәселесі, болашақ ұрпақ үшін несиелендірудің рөлі, пайдасы және салдары, оның болашағы сияқты мәселелері аса өзекті.

Біздің мақсатымыз Қазақстан қоғамы үшін жаңа сипатқа ие болып отырған білім беруді несиелендіруді жан-жақты зерттей отырып социологиялық талдау жасау.

Егеменді ел мәртебесіне ие болғалы Қазақстан Республикасы даму тарихында көптеген институттық өзгерістерді бастан кешіріп отыр. Бұл өзгерістерді экономикалық, саяси және әлеуметтік саланың модернизациялануынан көре аламыз. Осы күрделі институттық өзгерістерді білім институтынан да байқаймыз. Оған дәлел - 1991 жылдан басталған білім беру жүйесін реттеуші заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының үшінші бабында көрсетілгендей білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың бірінші принципі - баршаның сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өзі қалаған мамандық бойынша кез келген білім ордасында мемлекеттік грант немесе ақылы түрде білім алуға құқылы.

Бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастыруда сапалы білім ең құнды капитал болмақ. Сәйкесінше, 90-шы жылдардағы басталған білімді реформалау саясатының да мақсаты әр Қазақстан Республикасы азаматы үшін сапалы білім алудың ыңғайлы жолын ұйымдастыру болатын.

Ел азаматтарының білімге қолжетімділігін арттыру мақсатында білім беру гранттарымен қатар білімді несиелендіру саясаты да қолданыла бастады.

Білім беруді несиелендірудің негізгі мақсаты – оқу ақысын төлей алмайтын талапкерлер үшін көмек көрсету.

Білім беруді несиелендіру Қазақстан үшін әлі де даму үстіндегі процесс болса, әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып отыр. Мысалы, АҚШ, Германия, Швеция, Австралия, Латвия, Эстония елдері үшін білім беруді несиелендіру реттелген процесс ретінде қолданыста десек қате болмас. Әрине, әр елдің білім беру саласындағы мемлекеттік саясатына байланысты несиелендіру жүйесінде де ерекшеліктер бар. Мысалы, АҚШ-та Үкімет қолдауымен алынатын білім беру несиесімен қатар, жеке несиелендіру шарттары да қарастырылған. Германияда білім беру несиесі көп жағдайда әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан талапкерлерге басым көңіл бөледі. Ал, Швецияда студент оқу мерзімінде өтейтін шығындарын жабу үшін несие алу мүмкіндігіне ие [1].

Жоғарыда аталған елдер арасында білім беруді несиелендіру саясаты әртүрлі жолмен жүргізілгенімен де, олардың арасында несиені қайтару мерзімі, сонымен қатар кепілдемелік мерзім беру секілді ұқсастықтар да бар.

Қазақстан үшін білім беруді несиелендіру жаңа саясат емес. 1999 – 2005 жылдар арасында білім саласында ең алғашқы рет жастарды тегін білім берумен қамтамасыз ету үшін білім беруді несиелендіру жүргізіле бастады. Білім беруді несиелендірудің алғашқы шарттары 1999 жылы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» № 389-I Заңының 4 бабында көрсетілген. Еліміздегі осы білім беруді несиелендіру қызметін атқаратын қаржы орталығы туралы алғашқы құжат ҚР Үкіметінің 2000 жылы мемлекеттік мекеме «Қаржы орталығын» құру туралы қаулысымен бекітілген болатын [2].

Мемлекеттік грант, несие немесе ақылы түрде білім алу еліміздегі жастарға барлық уақытта білім алуға мүмкіндік берген. Әрине, кез – келген жаңа идея әр уақытта жетілдіруді талап ететін анық. Білімді жетілдірулер нәтижесінде реформалау басталған кезеңдегі білімді несиелендіру мен қазіргі таңдағы несиелендірудің мәні өзгермегенімен, шарттары елеулі өзгерістерге ұшырады.

1999–2005 жылдар аралығындағы жүргізілген жастарды білім беру несиесімен қамту саясаты бойынша несие де білім гранты секілді мемлекеттік тапсырыс бойынша жүргізілетін және бөлінетін несие көлемі шектеулі болды. Несиелендірудің негізгі принципі бойынша мемлекеттік конкурстан грант иелене алмаған талапкерлер несие алу конкурсына да грант конкурсы секілді қатысып, тегін білім алу құқығына ие болып отырды.

2005 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңаруының (модернизацияның) жедел даму жолында» Қазақстан халқына жолдауына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік білім беру несиесімен оқытылатын студенттерді мемлекеттік грантқа ауыстыру туралы №648 Бұйрығымен күндізгі мемлекеттік несие арқылы оқытылып отырған жоғарғы оқу орнының барлық студенттері мемлекеттік грантқа ауыстырыла бастады [3].

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 маусымдағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру туралы № 541 қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» мемлекеттік мекемесі «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамына ауысуы арқылы қайта құрылды. Осы қаулыға сәйкес білім беруді несиелендіру саясатын да қайта қарастырылды. Яғни, білімге несие алу осы уақыттағы сипатынан өзгере бастады, енді әр талапкер өз қалауымен білім алуға несие рәсімдеу құқығына ие болды [4].

Қазіргі «Қаржы орталығы» АҚ жарғысына сәйкес екі бағытта жұмыс атқарады: 1)студенттерге екінші деңгейлі банктер беретін несиелер бойынша кепілдіктерді беру; 2)Білім және ғылым министрлігінің жаңа бұйрығына дейін берілген мемлекеттік білім беру және студенттік несиелердің қайтарылуын қамтамасыз ету.

Заманауи сипатқа ие болып отырған несиелеудің бұл формасы үш жақты келісіммен, яғни «талапкер», «екінші деңгейлі банк», «қаржы орталығы» арқылы жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Бұл процесті төмендегі кесте бойынша көрсетсек болады:


Талапкер: несие алу үшін құжаттар пакетін банкке тапсырады



Екінші деңгейлік банк: несие бойынша кепілдің беру жөніндегі өтінімін Қаржы орталығына жібереді










Қаржы орталығы: өтінімді қарастырып, банкке кепілдік міндеттемесін береді

Екінші деңгейлік банк: қаржыны рәсімдейді және қарызгерге тапсырады



Елімізде білім беру несиелерін рәсімдеуші қызметті белсенді атқарушы екінші деңгейлі банктер қатарына «Қазақстан халық банкі» АҚ, «Тұран Әлем банкі» АҚ, «Альянс Банк» АҚ және «Сбербанк России» АҚ жатқызуымызға болады. Бұл банктердің қарызгерге қояр талабы көп жағдайда бірдей болғанымен, пайыздық үстемелері әртүрлі. Пайыздық үстемелер 9% - дан басталып, 15% - ға дейін келтірілген.

Жоғарыда көрсетілген несиелендіруші банктердің ішінде талапкердің әлеуметтік жағдайына да мән беретін банктер бар. Мысалы, «Альянс банк» АҚ отбасылық жағдайы нашар, мүгедектігі бар, ата-анасының қарауынсыз қалған және көпбалалы отбасынан шыққан балалардың білім беру несиесіне өтініш бере алатындығын өз талаптарында көрсеткен.

Сөзімізді қорытындылай келе білім беруді несиелендіру саясатының жастарға берер пайдасы туралы айтатын болсақ:


  • Талапкердің өз қалауы бойынша жоғары оқу орнын таңдау мүмкіндігі. Қазіргі мәртебелі жоғары оқу орындарындағы оқу құнының жоғары болуы көптеген талапкерлерді таңдау мүмкіндігінен айырады. Осы жағдайда талапкерде білім беру несиесін рәсімдеу арқылы оқу ақысын өз жауапкершілігіне алып, қалаған мамандығына және жоғары оқу орнында оқу мүмкіндігі бар. Әрине, студенттің жоғары оқу орнын таңдауында ұлттық біріңғай тестілеу барысында жинаған жалпы үлгерімі де рөл атқарады. Талапкер оқу орнын және мамандық таңдау барысында ең алдымен өз үлгеріміне сәйкес таңдау жасайды. Егер талапкер ҰБТ барысында жоғары үлгерімге ие болған болса, онда жоғары оқу орнын және мамандықты таңдау студенттің өз қолында. Ал, талапкердің ҰБТ-дан жинаған балы төмен болатындай болса, біріншіден банктердің, екіншіден, жоғары оқу орнының талабына сәйкес келмегендігінен таңдау мүмкіндігі шектелуі мүмкін. Мысалы, елдегі білім беруді несиелендірумен айналысатын екінші деңгейлі банктердің талабы бойынша талапкердің ҰБТ-да көрсеткен үлгерімі 50 баллдан 65 баллға дейін болуы тиіс.

  • Отбасылық жағдайдан тәуелсіз білім алу. Күтушісіз қалған балалардың, ата-анасы мүгедек, ата-анасы зейнетақы жасындағы, көпбалалы, толық емес отбасында тәрбиеленген талапкерлердің енді отбасы мүмкіншілігіне қарамастан білім алуы.

  • Несиені өтеудің икемділігі. Несиені қайтару мерзімінің ұзақтығы республикамыздағы несиелендіруші банктерінде 17 жылға дейін. Сонымен қатар, несиені өтеу барысында жеңілдіктер мерзімдері де қарастырылған. Мысалы, негізгі қарызды өтеу оқу орнын бітіргеннен кейін алты айдан соң басталады. «Альянс банк» АҚ студенттерге қосымша жеңілдіктер ретінде мерзімін ұзарту шарттарын да қарастырған. Егер, студент әскери қызметке шақырылатын болса, бала босану және күтімі бойынша демалысқа шыққан жағдайда студенттің несиені қайтару мерзімі қайта қарастырылады және созылады.

Білім беруді несиелендірудің артықшылықтары басым түскенімен де, әлі де болса жетілдіруді талап ететін сұрақтардың бар екені айта кеткен жөн. Қазақстандық банктер жүйесі үшін қазір кең талқыға түсіп отырған мәселе - алынған несиелердің қайтарылуы. Әрине, білім беруді несиелендіруде бұл мәселе әлі тәжірибеде байқалып отырған жоқ. Бірақ, банктердің басқа да несиелік қызмет көрсету түрлерінде бұл сұрақ ауқымды мәселе екендігін осы жылғы Ұлттық банк құрып отырған мәселелі несиемен жұмыс жасаушы Фондтың ашылуынан байқауымызға болады.

Қазіргі жас ұрпақ – мол мүмкіндіктерге ие ұрпақ. Бәсекеге қабілетті, білімді болуға, сапалы өмір сүруге ұмтылу әр адамның өз қолында, өз талабында. Жастардың еліміздің кез – келген жоғары оқу орнында білім алуы үшін мемлекет тарапынан мемлекеттік грант қаржысынан бөлек, білім беру несиесін қарастыру бұл – үлкен жетістік.



Пайдаланылған деректемелер тізімі



  1. Сумарокова Е.В.  Финансирование высшего образования: зарубежная и отечественная практика // Высшее образование сегодня. 2003. № 4. С. 33-39.

  2. Закон Республики Казахстан от 7 июня 1999 года № 389-I «Об образовании».

  3. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2005 жылғы №648 «Мемлекеттік білім беру несиесімен оқытылатын студенттерді мемлекеттік грантқа ауыстыру туралы» Бұйрығы.

  4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 маусымдағы №541 «Қаржы орталығы» мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру туралы» қаулысы.

  5. «Қаржы орталығы» АҚ ресми сайты http://fincenter.kz/

Каталог: repository -> repository2013
repository2013 -> Материалдары
repository2013 -> Ақылбеков Ә. Т. Кривобоков В. П. Даулетбекова А. К. Радиациялық және плазмалық технологиялар Орысша-қазақша терминология анықтамалығы астана-2012 +544 (038) ббк 24. 5 Я 2 а 38
repository2013 -> Л. Н. Гумилев: этногенез теориясы
repository2013 -> Қазақстан Республикасының ұлттық құқығы мен халықаралық құқықтың арақатынасы (басымдылықтың қалыптасу мәселелері). Астана: ЕҰу рбб, 2010. 300 б
repository2013 -> Ііі дәріс сабақтарының қысқаша конспектілері 1- 2 дәрістер. Программалау технологиясы. Негізгі түсініктер мен ұстанымдар. Программалау технологиясының даму кезеңдері
repository2013 -> [Введите текст]
repository2013 -> Развитие инновационной экономики: теория и практика
repository2013 -> Программалауда қазіргі қолданылып жүрген технологиялар. Объектіге бағдарланған программалаудың негізгі қағидалары
repository2013 -> Н. гумилева ministry of education and science of kazakhstan
repository2013 -> Определение степени поражения различными болезнями ячменя и пшеницы на территории аккайынского района северо-казахстанской области


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет